Өлең, жыр, ақындар

Гекльберри Финнің басынан кешкендері

хикаят

Орыс тілінен аударған Фариза Оңғарсынова

Ескерту

Осы әңгіменің себебін түсінуге тырысқан адамдар сотқа тартылады; бұл әңгімеден мораль іздегендер айдалады; сюжет табуға тырысқандар атылады.

Автордың бұйрығы бойынша.

Генерал-губернатор.

Артиллерия басқармасының бастығы.

ТҮСІНІКТЕМЕ

Бұл кітапта бірнеше диалект пайдаланылған, атап айтқанда: Миссури штатындағы негрлердің диалектісі, ең түкпірде жатқан Марк-Каунти диалектісінің нағыз көне түрі, сондай-ақ осы соңғы топқа қарайтын диалектінің жеңілдеу төрт түрі. Жергілікті тілдердің түрлері жай алынған жоқ, керісінше, өте таңдалып, менің бұл сөздермен таныстығым арқылы басшылығыммен пайдаланылды.

Менің бұл түсініктемені беріп отырған себебім, олар болмаса көптеген оқырмандар менің кейіпкерлерім бір-бірінің сөзіне еліктейді және ұқсата алмаған деп ойлар еді.

Автор.

МОИСЕЙ ҚАМЫС АРАСЫНДА

Егер сіз Том Сойердің басынан кешкендері атты кітапты оқымаған болсаңыз, мен туралы ештеңе де білмейсіз, бірақ бұл ештеңе емес. Ол кітапты Марк Твен деген мырза жазған және өтірікті онша көп қоспаған. Бірдеңелерді ойдан шығарыпты, әрине; ал жалпы алғанда, өтірігі онша көп емес. Бұл ештеңе емес, мен Полли апай мен жесір әйелден өзге өтірік айтпайтын адамды өмірімде көрмеппін, әлгі екеуіне Мериді қосуға болады. Полли апай туралы — ол Том Сойердің тәтесі — Мери мен жесір әйел Дуглас туралы сол кітапта айтылған және көбісі шындық, тек әр жерінде ғана өтірік қосып жіберген — мен бұл туралы әлгінде айттым.

Кітап былай аяқталады: біз Том екеуміз тонаушылардың үңгірге көмген ақшасын тауып алдық, байыдық. Әрқайсымыз алты мың доллардан алдық — бәрі алтынмен. Ақшаның көптігі сонша — қараудың өзі қорқынышты! Бірақ Тэчер сот ақшаны алып банкке салды, біз құдайдың құтты күні бір доллардан пайда көретін болдық және жыл бойы солай-мұндай қыруар ақшаны кім жұмсап жоятынын білмеймін. Жесір әйел Дуглас мені бала қылып алды және тәрбиелеймін деп уәде берді; тек оның үйінде мен нашар тұрдым: ол түрлі шарттарымен, әдеп-тәртібімен есімді шығарды, тіпті шыдау мүмкін болмады. Ақырында мен қаштым да кеттім, өзімнің жалба-жұлба киімімді қайта кидім, қанттан босаған баяғы бөшкенің ішіне қайта кіріп, еркіндігіме қуанып отырмын. Алайда Том Сойер мені іздеп тауып алды, тонаушылардың тобын құрып жатқанын айтты. Егер мен жесір әйелдің үйіне оралсам, мені де қабылдайды. Мен оралдым.

Жесір әйел маған жылап, адасқан қозы деп және басқа сөздерді айтып қарсы алды; әрине, оның ойында мені ренжітейін деген ештеңе жоқ. Ол тағы да маған ылғи жаңа киім кигізді, содан мен күні бойы тұлабойымды шырмағандай сезініп, терлеп жүрдім. Тағы да бәрі бұрынғыша болды. Кешкі асқа жесір әйел қоңырауын шылдыратты, оған кешігуге болмайды — уақытында келу керек. Ал үстел басына отырған бойда бірден тамақ жеуге тағы болмайды. Жесір әйел басын еңкейтіп бірдеңелерді айтып болғанша отырасың, ал тамақ жаман емес; бір нәрсе ғана жаман — әр тағам бөлек-бөлек пісіріледі. Мүжілген бірдеңелер! Оларды жақсылап араластырсаң, шырындары бір-біріне сіңіп тәттірек болады.

Жесір әйел мен келген алғашқы күні-ақ кешкі астан соң қап-қалың бір кітапты алып, Моисей дегеннің қамыс арасындағы өмірі туралы оқи бастады, ал қызыққаннан менің есім шыға жаздады — немен аяқталатынын білгім келді; кенет жесір әйел Моисей деген атам заманда өліп қалған деді, енді маған қызық болмай қалды-өлгендерге түкіргім де келмейді.

Содан кейін темекі тартқым келді, мен жесір әйелден рұқсат сұрадым. Бірақ ол рұқсат бермеді: бұл оңбаған әдет, маған одан құтылу керек деді. Осындай да адамдар болады екен! Өздері білмейтін нәрсеге жармаса кетеді. Мына жесір әйел де солай: Моисей деген біреуді аузынан тастамайды, ол тым құрыса туысқаны болса екен — жо-оқ! Кімге керек сол Моисей, өзі баяғыда өліп қалған болса. Маған ұрсады темекі тартқаным үшін, ал өзі темекіні иіскейді — ештеңе емес, оған болады. Оның апасы Уотсон — көзілдірікті қатып-семген кәрі қыз — дәл сол кезде жесір әйелдің үйіне көшіп келді және бірден әліппені алып маған жармаса кетті. Бір сағат бойы ол мені әуреледі, бірақ жесір әйел менің тыныштығымды бұзба деді. Менің өзім де одан әрі төзбеген болар едім. Содан кейін бір сағаттай ішім пысып, орындықта айналып отырдым. Ал Уотсон ханым: "Аяғыңды орындыққа қойма, Гекльберри!", "Сықырлатпа, Гекльберри, дұрыс отыр!", "Есінеме және керілме, Гекльберри, өзіңді дұрыс ұста!" — деп қақылдауын қоймайды. Одан соң тозақ туралы әңгіме соқты, мен сонда соған барар едім дедім. Ол күйіп-пісіп ашуланды, ал мен жаман бірдеңе ойлаған емеспін, есіл-дертім қайда болса да қашып кеткім келді, олардың жанында сондай зеріктім. Уотсон ханым бұл менің тарапымнан өте жаман қылық, ол өзі жұмаққа бару үшін күнәлі болғысы келмейтінін айтып қоймайды. Ал мен болсам, оның барған жеріне барғым жоқ және барам деп оған ұқсап талпынбаймын да. Бірақ бұл ойымды айтпадым — бәрібір бос әурешілік, ылғи бір көңілсіз оқиғалар.

Сол жерде ол жұмақ жайлы әңгіме бастады — әйда кетті дейсің. Ол жерде ештеңе істеудің қажеті жоқ — қолыңа арфаны алып күні бойы әндетіп қыдыр да жүр және ғасыр аяқталғанша. Маған бұл онша ұнаған жоқ. Бірақ бұл ойымды тағы да жасырып қалдым.

"Ол қалай ойлайды, Том Сойер жұмаққа бара ала ма?" "Жоқ, ол қандай түрге енсе де бара алмайды!" — деді. Мен қатты қуандым, себебі бірге болғым келеді.

Уотсон ханым маған тыным бермеді, ақырында мені әбден жалықтырды, тіпті зерігіп кеттім. Кешікпей бөлмеге негрлерді шақырды, бәрі намаз оқи бастады, болғасын ұйқыға кетті. Мен майшамның қалғанын алып жоғары — өзіме көтерілдім де, шамды үстелге қойып, терезенің алдына барып отырдым, көңілді бір жайлар туралы ойланып көріп ем, ештеңе шықпады: күңгірт ой, өлердей көңілсіз күй. Жұлдыздар жарқырап, орманда жапырақтар мұңайып сыбдырлады; алыс бір жақтардан үкінің уһілегені естіледі. Яғни біреу өлді; ит ұлып, ешкіемер айқайлады, бұл — жақында болатын біреудің өлімінің белгісі. Ал жел бірдеңе деп сыбырлайды, сонда арқамнан құмырсқа жорғалап өткендей болды.

Сосын орманда біреудің ыңқылдағаны естілді, кәдімгі елестің бірнәрсе айтқысы келіп, түсіндіре алмағасын молада тыныш жата алмағандағы дыбысы секілді: сондықтан түні бойы жер бетін кезіп, сағыныштан сандалады. Мен қорқып кеттім, біреу қасымда болса деп күрсіндім. Төбеден бір қоңыз иығыма түсті. Мен оны қағып қалып ем шамға түсті, мен есімді жиып үлгергенше, жиырылып қалды! Мұның жақсылыққа емес екенін білетін едім, жаным башпайыма барғандай әбден зәрем ұшты. Мен ұшып тұра келіп, үш рет өкшеммен айналдым да, үш рет шоқындым. Сосын кішкене жіп алып шашымның бір бөлігін будым — бұл шайтандарды қуу үшін — сонда да тынышталмадым. Бұл ырым мынандай жағдайда қолданылады: мысалы, тауып алған тағаны есіктің маңдайшасына қақпастан бұрын жоғалтып алса; бірақ мен қоңызды өлтірсең, барлық пәле-жаладан құтыласың дегенді естіген емеспін.

Тұлабойым қалтырап кетті. Мен отырып трубкамды алдым; үйде тым-тырыс, табыттың ішіндей тыныштық, яғни жесір әйел білмейді. Көп уақыт өтті; алыста қаладағы сағат "бум-бум!" деп он екіні соқты, одан кейін тағы тыныштық басталды. Кешікпей қараңғы ағаштардың арасында бұтақ сынды — бірдеңе қозғалды. Мен қозғалмай отырып тың тыңдадым. Кенет біреудің "Мя-у! Мя-у" дегені естілді. Міне, керемет! Мен де дыбысымды әрең шығарып, "Мяу! Мяу!" дедім, сосын майшамды сөндіріп, терезеден қораның төбесіне шықтым. Ол жерден жерге түстім де, ағаштардың астына жасырындым. Қарасам, алдымда Том Сойер мені күтіп тұр!

Екінші тарау

БІЗДІҢ ТОПТЫҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ АНТЫ

Біз аяғымыздың ұшымен басып бұталар басымызға тимеу үшін ағаштардың арасындағы жалғыз аяқ жолмен бақтың соңғы жағына қарай жүрдік. Ac үйдің жанынан өте бере мен тамырға сүрініп, шу шығардым. Біз тіземізге сүйеніп отыра қалдық та, үн шығармадық. Уотсон ханымның дәу негрі ас үйдің есігінің алдында отыр — есімі Джим — біз оны айқын көріп отырмыз, өйткені оның арқа жағында майшам жанып тұр. Ол атып тұрып, мойнын созып, бір минуттай тың тыңдады, сосын:

— Кім бар мұнда? — деді.

Ол тағы тыңдап, аяғының ұшымен басып, екеуміздің ортамызға тоқтады: саусағымыз тиетін жерде тұр. Шамасы біраз уақыт өткен болу керек және ештеңе естілмейді, ал біз болсақ, бір-бірімізге тиіп кетердей жердеміз. Кенет менің сирағым қышып қоя бергені, ал қасуға қорқып барам; сосын құлағым қышыды, одан жауырынымның ортасы.

Егер қасымасам, өліп кететін сияқтымын. Мен мұны кейін бірнеше рет байқадым; егер сен бір үйде қонақта отырсаң немесе біреуді жерлеуге қатысып тұрсаң, болмаса ұйқың келіп барады, ал ұйықтау мүмкін емес — жалпы қасынуға болмайтын кезде міндетті түрде сенің барлық жерін қышиды.

Джим айтты:

— Тыңдаңыз, бұл кім өзі? Қайдасыз? Мен бәрін естідім ғой, не деген тоқшылық? Жарайды, мен не істеуді білемін: отырамын да, тағы бір дыбысты естігенше қозғалмаймын.

Ол және нағыз Том екеуміздің ортамызға отыра кетіп, аяғын созып еді, менің аяғыма тиюге титтей қалды. Менің мұрным қышып кетті. Қышығаны сондай көзімнен жас сорғалады, ал мұрнымды қасуға қорықтым. Одан мұрнымның іші қышысын. Орнымда қалай отырарға білмедім. Осылай алты не жеті минут жаным шыға жаздады, ал өзіме осы уақыт тым ұзақ көрінді. Бұдан соң денемнің он екі жері бірден қышыды. Енді шыдауым мүмкін емес деп шештім, бірақ төзуге тура келді: шыдап көрейін дедім. Дәл сол сәтте Джим демалысы жиілеп, сосын қорылдап қоя берді, сонда менің қышыған жерлерімнің бәрі қоя қойды. Том ернін шүйіріп маған белгі берді, екеуміз тоңқаңдап әрі қарай кеттік. Біз он шақты қадам ұзаған кезде Том маған сыбырлап, Джимді ағашқа байлап кеткісі келетінін айтты. "Жоқ, — дедім мен, — ол оянып кетеді де даланы басына көтереді, сосын менің үйде жоқ екенімді біліп қояды", Том өзінің майшамдары аз екенін және ас үйге кіріп, көбірек майшам алуы керектігін айтты. Мен оны тоқтатып, Джим оянып кетсе, ас үйге кіруі мүмкін дедім. Бірақ Том тәуекелге бел буғысы келді; біз ішке кіріп үш майшам алдық және Том бес цент ақысын үстелдің үстіне қалдырып кетті. Сосын біз шықтық; мен осы жерден кетуге асық болдым, ал Том болса тоңқаңдап барып Джимге бір ойын көрсеткісі келді. Мен оны күттім, ұзақ күткен секілдімін — айналаның бәрі қаңыраған үнсіздік.

Том келген бойда біз бақты айналып жүгірдік те, үйдің екінші жағындағы таудың басына тез шықтық. Том Джимнің басындағы қалпағын алып, оның төбесінде тұрған бұтаға іліп кеткенін, Джим аздап қозғалғанмен оянбағанын айтты. Ертеңіне Джим жезтырнақтар оның басын айналдырып ұйықтатып, сосын оны ат қылып бүкіл штатты айналғандарын, болғаннан кейін оны қайтадан ағаштың түбіне отырғызып, қалпағын бұл кімнің шаруасы екенін білсін деп бұтаға іліп кетіпті деп соқты. Енді бір жолы Джим олар бұған мініп Жаңа Орлеанға дейін барды деп әңгіме айтты; одан кейін мұндай сапар алыстай берді, аяғында жезтырнақтар бүкіл дүниежүзін аралап қайтқандарын, мұны өлгенше әбден азаптап, арқасы жауыр болғанын айтты. Джим осыдан кейін тіпті мақтанып, басқа негрлердің төбесінен қарайтынды шығарды. Негрлер бірнеше миль жерден келіп, Джимнің әңгімесін тыңдайтын болды, біздің жақта бірде-бір негр Джимдей сабырға ие болған емес.

Джимді кездестірген кезде негрлер ғажайып бір нәрсені көргендей таңданатын. Қараңғы түсе негрлер ас үйге оттың маңына жиналады да, жезтырнақтар жайлы әңгімелеседі; олар жайлы біреуі айта бастаса, Джим араласып: "Сен жезтырнақтар жайлы не білесің!" дегенде, әлгі негр үн шығармай отыра қалады. Бес тиындық мәнетті жіпке іліп, Джим ылғи мойнына байлап жүреді; бұл тұмарды оған шайтанның өзі сыйлаған, мұнымен барлық ауруды емдеуге болады және керек болғанда жезтырнақтарды шақыруға болады, мысалы, монетке күбірлеп айтса болды; алайда Джим монетке сыбырлап бірдеме айтамын деген емес. Негрлер жан-жақтан әлгі монетке бір қарау үшін келіп, Джимге қолдарында барын беретін; бірақ олар мәнетті өліп кетсе де ұстамайды, себебі оны шайтан қолымен ұстаған. Қызметші ретінде Джим тіпті нашар — шайтанды көрдім, жезтырнақтарды арқама мінгізіп дүниені кездім деп құр мақтанатын болды.

Ал енді Том екеуміз құлама жарға жақындағасын төменге — қалаға қарап едік, онда үшеу ме болмаса төртеу ме от көрінді — сырқат адамдары бар үйлер болар; біздің төбемізде жұлдыздар жылтылдап тұр, ал қаладан төменіректе ені тұтас мильдей өзен салтанатпен баяу ағып жатыр. Таудан төмен түстік, Джо Гарпер мен Бен Роджерсті және тағы екі-үш баланы таптық; олар ескі тері зауытында жасырынып отыр екен. Біз қайықты шешіп, өзеннің төменгі жағына қарай жүздік, үлкен құламаның маңына келгесін жағаға шықтық.

Біз бұталарға таянғанда, Том Сойер бізге құпияны ешкімге айтпаймыз деп ант бергізді, сосын үңгірге баратын жолды көрсетті — бұталардың қалың өскен жері. Біз майшамдарды жағып, еңбектеп үңгірге беттедік. Шамамен екі жүз қадамдай еңбектегенде, алдымызда үңгір жатты. Том жерді түрткілеп жүрді де бір қабырғаның астына сүңгіп кетті — ол жерде жүретін жол бар деп сіз ешқашан ойламайсыз. Сол тар тесіктен өткенде бөлме сияқты, өзі ылғалды әрі салқын үңгірге келіп тоқтадық.

Том:

— Біз тонаушылардың шайқасын жинаймыз, оны "Том Сойердің шайқасы" деп атаймыз. Ал бізбен бірге тонауға бел шешкен адам ант береді және өзінің қанымен қол қоюы керек, — деді.

Бәрі келісті. Том анттың сөзі жазылған парақ қағаз алып, оқып берді. Ол ант барлық балаларды шайка үшін бір кісідей тату болуға, оның құпияларын ешкімге ашпауға шақырады; ал егер біреу біздің шайканың баласын ренжітсе, ренжіткен адамды, оның туғандарын өлтіру кімге жүктелсе, сол адамға қашан бәрін өлтіріп, олардың кеудесіне біздің шайканың белгісі — кресті ойып салмай тұрып, ұйықтауға, тіпті тамақ ішуге де болмайды. Тек шайканың мүшелері ғана ол белгіні қоя алады; егер басқа біреу қойса, шайка оны сотқа береді; егер ол тағы белгі қойса, оны өлтіреді. Егер шайка мүшелерінің біреуі біздің құпиямызды жария етсе, онда оны бауыздайды, содан соң денесін өртеп, күлін желге ұшырып жібереді, оның атын тізімнен қанмен сызып тастайды, содан кейін оны еске алмайды, қарғыс айтып, оны мәңгі ұмытады.

Бәрі ант тамаша жазылған деп баға берісті, сосын өзің ойладың ба, басқа біреу ме деп Томнан сұрады. Кейбір жеріне өзі бірдеңелер қосып, басқасын теңіз қарақшылары мен тонаушылар жайлы жазылған кітаптардан алған болып шықты — кез келген шайканың осындай анты болады.

Кейбіреулер құпияны айтып қойған баланың туғандарын өлтірген жақсы болар еді деп ойлады. Том бұл ойды дұрыс деп қарындашпен жазып қойды.

Сол жерде:

— Ал Гек Финнде ешқандай туған-туысқан жоқ; оны не істейміз? — деді Бен Роджерс.

— Несі бар, оның әкесі тірі ғой, — деді Том Сойер.

— Иә, әкесі тірі, бірақ оны қайдан іздеп табасың?

Ол тері илейтін зауытта шошқалардың арасында жататын еді, ылғи мас, бірақ бір жылдан асып кетті оның біздің жақта көрінбегеніне.

Олар өзара кеңесіп, тіпті мені сызып тастауға шақ қалды, өйткені әрбір баланың туғандары, тым болмаса өлтіруге болатын біреуі болу керек, әйтпесе басқалар ренжиді деседі. Ешкім ештеңе ойлап таба алмай тұйыққа тіреліп үнсіз қалды. Мен әуелі жылап жібере жаздадым, сосын есіме түсе кетті: Уотсон ханымды ұсындым, мейлі өлтіргілері келсе, соны өлтірсін. Бәрі келісті.

— Несі бар, ол әйел жарайды. Енді бәрі дұрыс болды. Гекті қабылдауға болады.

Сол жерде түйреуішпен саусақтарын тесе бастады және қанмен қолдарын қойды және мен де өзімнің белгісымағымды қағазға түсірдім.

— Ал бұл шайка немен айналысатын болды? — деп сұрады Бен Роджерс.

— Ештеңемен, тек тонаумен, өлтірумен.

— Біз сонда нені тонаймыз? Үйлерді ме, болмаса малды, әлде...

— Бос сөз! Малды айдап кету немесе сол секілді әрекеттер, тонау емес, ол — ұрлық, — дейді Том Сойер. — Біз ұры емеспіз. Ұрлықта кісі қызығатын ештеңе жоқ. Біз тонаушылармыз. Маска киеміз, үлкен жолдардың бойындағы пәуескелерді, күймелерді тоқтатып, адамдарды өлтіреміз, сағаттары мен ақшаларын аламыз.

— Міндетті түрде өлтіру керек пе?

— Енді қалай деп едің?! Ең кереметі сол. Кейбір беделділер басқаша ойлайды, бірақ ең бастысы кісі өлтіру болып есептеледі, ал біз біреулерін тірілей осы үңгірге әкеліп, оларды сатып алғанша осында ұстаймыз.

— Сатып алу деген не?

— Білмеймін. Солай айтылады әдетте. Мен бұл туралы кітаптардан оқыдым, әрине, бізге солай жасауға тура келеді.

— Егер оның не екенін білмесек, қалай жасаймыз?

— Бірдеңе етіп жасауға тура келеді. Барлық кітаптарда солай жазылған деп айтылды ғой саған, немене, саңыраусың ба? Әлде сен кітаптағы жазылғаннан басқа, өзіңше бірдеңе істегің келе ме? Біз әбден шатассын дейсің бе?

— Сен айтқанда жақсысың, Том Сойер, ал егер біз оның қалай жасалатынын білмесек, оларды қалай, кім сатып алады? Ал сен өзің қалай ойлайсың, бұл не өзі?

— Мұны білмеймін. Олар құнын төлегенше ұстау керек деп жазылған. Мүмкін олар өлгенше тұтқында ұстау керек шығар. Бұл ыңғайға келеді!

Сен неге ертерек айтпадың? Олар о дүниелік болғанға дейін қамауда ұстаймыз. Машақаты да көп шығар — тамақ бер, қашып кетпеулері үшін олардан көзіңді тайдырма.

— Сен не деп тұрсың, Бен Роджерс? Егер жаныңда қарауыл тұрса, олар қалай қашып кетеді? Олар қозғалса болды, қарауыл атып тастайды.

— Қарауыл? Бұл керемет! Яғни оларды күзету үшін біреуге түнімен көз ілмей отыруға тура келеді? Меніңше, бұл ақымақтық. Ал, неге шоқпар алып, бастарына бір қойып, бірден сатып алмасқа?

— Өйткені кітаптарда жазылмаған — сондықтан болмайды. Бен Роджерс, әңгіме былай: сен дұрыстап іс істегің келе ме, жоқ істегің келмей ме? Сен қалай — кітап жазатын адамдар қалай болатынын білмейді деп ойлайсың ба? Оларды үйреткің келе ме? Армандама! Жоқ, мырза, біз оларды нағыз ережелер бойынша сатамыз.

— Жарайды, жарайды. Маған бәрібір! Менің айтайын дегенім бәрібір ақымақтық. Әйелдерді де өлтіреміз бе сонда?

— Бен Роджерс егер, топас біреу болсам, мен үндемес едім. Әйелдерді өлтіру! Кітаптарда бұл жайлы жазылмаса, қалай өлтіреміз? Оларды үңгірге әкелесің, мейлінше олармен кәдімгідей мәдениетті сөйлесесің, ал олар біртіндеп саған ғашық бола бастайды. Содан кейін өздері-ақ үйлеріне қайтқысы келмейді.

— Олай болатын болса, мен келісемін, бірақ осыдан не пайда бар екенін көрмей тұрмын. Кешікпей біздің үңгірде аяқ басатын жер болмайды: сонша әйел және басқалар жиналады және олардың бәрі сатылатын кезегін күтеді, ал тонаушыларға баратын жер қалмайды. Несі бар, жалғастыра бер, мен ештеңе айтпаймын.

Кішкентай Томми Бернс ұйықтап үлгерді, сосын оны оятқан кезде қорқып кетті, көзінен жас сорғалап анама барам, енді ешқашан тонаушы болмаймын деді.

Бәрі оны күлкі етіп, жылауық деп ат қойды, ал ол болса, қазір барып құпияларыңды айтам деп аузын бұлтитты. Алайда Том оның үндемеуі үшін бес цент беріп, қазір бәріміз үйге барамыз, ал келесі аптада жиналамыз да біреуді тонаймыз және өлтіреміз деді. Бен Роджерс жексенбі күндері болмаса, үйден жиі кете алмайтынын, келесі жексенбіде бастасақ қайтеді деген-ді, бірақ балалардың бәрі жексенбіде кісі өлтіру, тонау — күнә, сондықтан бұл туралы әңгіме қозғауға болмайды деді. Біз тағы кездесіп тезірек күнін белгілейміз деп тоқтадық, сосын Том Сойерді шайканың атаманы, ал Джо Гарперді көмекшісі етіп сайладық та, үйді-үйімізге тарастық.

Мен қораның төбесіне шығып, одан терезеден таң алдында түстім. Менің су жаңа көйлегім майшамның түтінінен күйе-күйе болып, балшыққа былғанды, ал өзім болсам, әбден сілем қатып шаршадым.

Үшінші тарау

АРАБТАРҒА ТОСҚАУЫЛ ЖАСАЛДЫ

Таңертең Уотсон ханым ластанған киімім үшін сыбағамды берді! Есесіне жесір әйел ұрыспады, тек шамның майын, балшықты тазалады және соншалықты мұңды жүргенін көргенде, мен қолымнан келсе, өзімді дұрыс ұстаймын деп шештім. Сосын Уотсон мені шоланға алып барды да намаз оқи бастады, бірақ мұнысынан ештеңе шықпады. Ол күнде намаз оқу керек деп бұйырды. Мен оқып көрдім. Бір рет қармақ сұрап едім, таяғы мен жібін алдым, бірақ басындағы қармағы жоқ. Қармақсыз не істеймін, оның маған керегі қанша. Үш-төрт рет сұрадым — неге екені белгісіз ештеңе шықпады. Жақында мен Уотсон ханымнан менің орныма Құдайға құлдық ұрып сұрауын өтініп едім, ал ол маған ақымақ деп ат қойды. Не үшін екенін айтпады. Мен түсінбедім.

Мен бір рет орманда ұзақ отырып, осы жайлы ойладым. Егер адам өзіне керектің бәрін жалбарынып сұрап алатын болса, онда Дьякон Уинн өзінің шошқаның етін сатып алғандағы желініп қалған ақшасын неге қайтарып алмады?

Жесір әйел ұрланған шақшасын неге сұрап алмады? Уотсон ханым өзінің толысуын сұрап неге намаз оқымайды? Жоқ, мұнда басқа бір жай бар деймін өзіме өзім. Жесір әйелден сұрап едім, "рухани" байлықты ғана сұрау керек деді ол. Мен мұны түсінбедім; ол маған түсіндіріп бақты: бұл деген — менің басқаларға олар үшін қолымнан келгеннің бәрін жасап, басқаларды үнемі қамқорлап және өзім жайлы тіпті ойламауым керек. Уотсон ханым да басқаларға қамқорлық жасайды — мен солай түсіндім.

Мен орманға барып, ақылым жеткенше былай да, олай да ойлап көрдім, бірақ намаз оқып жалбарынудан өзіңе қандай пайда, тек жұртқа болмаса, ақырында бұған бас қатырмау керек, мүмкін, онсыз да бір реті болар деп шештім. Кейде жесір әйел мені өзі қолға алып, құдай жайлы әңгіме айта бастайды, айтқанда қандай — менің аузымнан сілекейім ағып тыңдаймын; ертесіне Уотсон ханым айтатынын нығырлап, тағы басымды қатыра бастайды, сөйтіп менің тағы миымды шірітеді. Менің түсінгенім, құдай екеу: жесірдің құдайымен бейшара күнәкар үйтіп-бүйтіп тіл табысуына болады, ал егер Уотсон ханымның құдайының тырнағына түссе, онда ешқандай жақсылық күтпе.

Осының бәрін ойлап, әуелі жесірдің құдайының қарамағына барып көрейін, егер ол қабылдай қойса, алайда менің оған қандай керегім бар және менен оған қандай қосымша пайда түседі: мен ештеңе білмеймін, жүріс-тұрысым да онша емес, шыққан тегім өте қарапайым.

Менің әкемді жыл бойы біздің қалада ешкім көрген емес, содан менің жаным да жай тапты; мен оны көргім де келмейтін. Сол күйінде де ол мені қолына түсе қалсам сабайтын, мен оның жақын маңда жүргенін көре қалсам, ылғи орманға қашып кететінмін. Дәл сол кезде қаладан оншақты миль жоғарыда өзеннен әкемді тауып алыпты — мен өзгелерден естідім. Жұрт оны менің әкем деп ойлаған: бойы сол шамалас, үстіндегі киімі алба-жұлба, шашы ұзын болғанда ұзын; осының бәрі әкеме ұқсас белгілер, тек бетін ажырату мүмкін емес: өлік суда көп болғаннан беті ісіп кеткен көрінеді. Суда бетін жоғары қаратып жатқан екен. Оны судан шығарып, жағаға көміпті. Алайда менің қуанышым ұзақ болмады, себебі бір жай есіме түсті. Суға кеткен еркек бетін суға қаратып жататынын білуші едім. Сондықтан мен ол өліктің менің әкем емес, еркекше киінген әйел екенін аңғардым. Мен тағы мазалана бастадым. Шал аяқ астынан келе қалады деп ылғи қауіптене күтіп жүрдім, ал мен оның келгенін қаламаймын.

Біз бір ай бойы тонаушылар болып ойнадық, сосын мен оны тастадым. Балалардың барлығы да сөйтті. Біз ешкімді тонамадық та өлтірмедік — тек ақымақтық жасадық. Орманнан жүгіріп шығып шошқаларды айдаушыларға, базарға көкөніс, жеміс-жидек алып бара жатқан әйелдерге шабуыл жасаған болдық, бірақ ешқайсысына тиіскен емеспіз. Том Сойер шошқаларды "алтын", ал көкөністерді "қымбат бұйымдар" деп атады. Үңгірге оралғасын, біз пәлен адамды өлтірдік, жараладық деп мақтандық.

Бірақ мен осыдан бізге қандай пайда түсіп жатқанын көрген емеспін. Бірде Том бір баланы қала көшелерімен қолына жанған таяқ алып жүгіруге жұмсады (бұл - біздің шайканың поролі, яғни жиналу керек деген белгі. Сосын ол бізге өзінің барлаушыларынан құпия хабар алғанын, онда ертең үңгірдің маңына бай арабтардың керуені, испандық саудагерлердің екі жүз піл мен алты жүз түйеге алмаз секілді қымбат бұйымдар артқан көші тоқтайды, оларды бар болғаны төрт жүз солдат күзетеді екен, біз тосқауыл жасап, олардың тас-талқанын шығарамыз да, дүниелерін аламыз деді. Том біздің қылыштарды қайрап, мылтықты тазалап дайын отыруымызды бұйырды, біздің қару-жарақ деп жүргеніміз жай таяқтар мен шөткелердің сабы, оларды қайрадың не, қайрамадың не — бәрібір ештеңе шықпайды. Соншалықты көп арабтар мен испандықтарды қырып-жою біздің қолымыздан келетініне мен сене қоймадым, тек түйелер мен пілдерді көргім келеді; сондықтан ертесіне, сенбі күні, мен қозғалмастан басқалармен бірге тосқауылда отырдым; белгі берілуі мұң екен, біз бұталардың түбінен атып шығып, таудан төмен қарай сырғанай жөнелдік. Алайда ешқандай испандықтар да, арабтар да ол жерде жоқ болып шықты; түйелер мен пілдердің де өздері түгілі іздері жоқ. Бар болғаны жексенбілік мектептің саяхаты екен, онда да тек бірінші класс. Біз оларға шабуыл жасап, балаларды тау аңғарына жапатармағай қудық. Бірақ аздаған пірәндік, жеміс тоспасынан басқа қолымызға түскен олжа болмады.

Бен Роджерс шүберектен тіккен қуыршақ, ал Джо Гарпер намаз кітабын және жаныңды құтқаратын кітапша алыпты, мұғалім әйел артымыздан қуып еді, біз бәрін тастай салып, қаша жөнелдік. Ешқандай алмаз көрген емеспіз, мен Том Сойерге солай деп айттым. Ал ол онда бәрі болды: тау-тау алмаз да, арабтар мен пілдер де болды деп жеңістік бермеді.

— Онда біз неге көрмедік? — деп сұрадым.

Ал ол:

— Егер сен бірдеме білсең, ең болмағанда "Дон Кихот" деп аталатын кітапты оқыған болсаң, сен мұндай сұрақ қоймаған болар едің, — дейді. — Барлық мәселе сиқырлауда.

Ал, шынында, ол жерде жүздеген солдат та, пілдер де, қазына да, басқасы да болды, тек онда біздің жауларымыз бар екен — сиқыршылар — Том солай деп атады — солар бізді шатастыру үшін әдейі сиқырлап, жексенбілік мектепке айналдырып жіберген дейді Том.

— Жарайды, онда біз әлгі сиқыршыларға шабуыл жасауымыз керек, — дедім мен.

Бірақ Том Сойер мені мылжыңсың деп масқаралады.

— Сен немене, білмейсің бе?! — дейді Том. — Сиқыршылар рухтардың әскерін шақыра алмайды, олар сені кескілеп тастайды, анаңды ауызға ала алмай қаласың. Олар деген биіктігі теректей, жуандығы шіркеудей ғой.

— Ал онда біз де рухтарды көмекке шақырсақ, біз оларды талқандай аламыз ба, жоқ па? — дедім.

— Сен оларды қалай шақырасың?

— Білмеймін. Ал олар қалай шақырады?

— Қалай? Ескі қалайы шамды немесе темір сақинаны ысқыласа, жан-жақтан рухтар жиналады, күн күркірейді, найзағай жарқылдап, түтін шығады, рухтар сосын бәрін өздері жасайды. Үлкен мұнараны жұлып алып, онымен жексенбілік мектептің директорының басынан, не кімнің болса да басынан бір қою оларға түкке тұрмайды.

— Олар кім үшін жанталасып қызмет істейді?

— Шамды немесе сақинаны кім ысқыласа, соған қызмет етеді. Шамды не сақинаны ысқылаған адам не бұйырса, олар соны орындайды. Егер ұзындығы қырық миль гауһар тастан салынған сарай десе, төбесіне дейін сағызбен толтыр десе немесе қытай императорының қызын ұрлап әкел десе, бір түнде, таң атып күн шыққанша бәрін жасап қояды. Олар сол сарайды арқалап, елді айналып өт десең немесе қайда барғың келсе, сонда апарады. Түсінесің бе?

— Меніңше, егер олар сарайды реті келіп тұрғанда өздеріне қалдырмай ақымақ болып жүрсе, олар есектер. Ол да аз: егер мен pyx болсам, шамды ысқылағанды жердің түбіне жіберер едім. Ол қайдағы бірдеңені ысқылайды екен деп жұмысымнан қалып оған баруым керек пе сонда?!

— Сен де айтады екенсің, Гек Финн! Ол шамды ысқылаған кезде қалайсың ба, қаламайсың ба — сен келуің керек.

— Не? Бойым теректей, жуандығым шіркеудей болса да ма? Ал, мен оған келдім дейік; мен оны сол маңда кездесетін ең биік ағашқа қуып шығарамын!

— Сені қойшы, Гек Финн, сенімен сөйлескеннен пайда жоқ. Сен нағыз ақымаққа ұқсап түкке түсінбейсің.

Екі не үш күн бойы бұл туралы ойладым, сосын қандай да болса шындықтың жұқанасы бар ма деп өзім тексеруді шештім. Ескі шам мен темір сақина тауып алып, орманның ішіне барып ойда ысқыладым келіп, ысқыладым келіп, үнділік секілді қара терге түстім. Ойлағаным: алтыннан сарай тұрғызып, сатам; бірақ түк те болмады — ешқандай рухтар келмеді. Меніңше, түкке тұрмайтын бос нәрсені Том Сойердің әдеттегідей ойдан шығарғаны. Байқауымша, арабтарға да, пілдерге де өзі сенетін сияқты, ал менің жөнім бөлек: бұл көріністің бәрі — жексенбілік мектеп қана.

Төртінші тарау

ШАР БОЙЫНША БОЛЖАУ

Осылайша үш-төрт ай өтті, қыс та баяғыда түскен. Мен күн сайын мектепке барып жүрмін, аздап оқып және жаза алатын болдым, сөздерді талдауды үйреніп қалдым, көбейту кестесін жаттап алдым, ал одан әрмен қарай, менің ойымша, жүз жыл оқысам да манди алатын түрім жоқ. Жалпы менің есепке құлқым жоқ.

Әуелгі кезде мектеп дегенді көргім келмей, өте жек көрдім, сосын бойым үйрене бастады. Мектептен әбден зерігіп кеткенде, сабақтан қашып кетем, келесі күні мұғалім сазайымды тарттырады; бұл маған пайдалы — кәдімгідей сергітіп тастайды. Мектепке көбірек барған сайын, маған жеңіл болды. Жесір әйелдің үйіндегі тәртіп пен талапқа да ептеп үйрене бастадым — әйтеуір шыдап жүрдім. Ең қиыны үйде тұру мен кереуетке ұйықтау болды; дегенмен салқын түскенге дейін кейде еркіндікке зытып отырамын да, орманда ұйықтаймын және бұл маған демалыс секілді. Бұрынғы ескі тұрағым маған ұнаңқырайды, әрине, дегенмен жаңа жерге де үйрене бастадым, ол тіпті маған ұнайтынды шығарды. Жесір әйел менің бірте-бірте дұрысталып келе жатқанымды, өзімді бұрынғыдай өте жаман ұстамай жүргенімді айтып қояды. Мен үшін ендігі жерде қызармайтынын да жасырмайды.

Бір күні таңғы тамақтың үстінде тұз сауытты құлатып алмасым бар ма? Мен тездетіп бір шөкім тұзды ала беріп едім, Уотсон ханым аяқ астынан араласып, мені тоқтатып тастады. Менің ойым тұз сауытты төңкеріп алу — пәле жақын деген белгі, ал ол пәлені қайтару үшін бір шөкім тұзды сол жағыңа шашып жібересің, сонда жамандық жоламайды. Ал Уотсон ханым: "Қолыңды тарт, Гекльберри! Отырған жеріңді ылғи төгіп-шашып, ластап отырасың!" — деді. Жесір әйел мені қорғады, бірақ кеш қалып қойды: пәленің бетін енді қайтара алмайсың, мұны жақсы білем.

Мен өзімді өте нашар сезінген күйімде үйден шықтым, менің басыма келгелі тұрған қандай пәле деп ойлап-ойлап басымды қатырдым. Кей жағдайда пәленің бетін қайтаруға болады, бірақ ол басқа оқиғаларға байланысты — мен бірдеңе жасап көрейін дедім, жай, қалада басым ауған жаққа қаңғып жүріп, пәлені күттім.

Мен баққа шықтым да биік шарбақтан секіріп түстім. Жерде қалыңдығы бір дюймдей жаңа жауған үлпілдек қар жатыр, қар бетінен іздерді көрдім: белгісіз біреу тас оятын жақтан келіп, шарбақтан түсетін жердің алдында біраз тұрып, әрі қарай кетіпті. Шарбақтың жанында сонша тұрып, баққа бұрылмағаны түсініксіз. Неге екенін мен түсіне алмадым. Әйтеуір қызық... Ізге түсейін деп әуелі еңкейіп қарап едім, бірден ештеңе байқалмады. Сосын көрдім: сол жақ өкшесінде үлкен шегелерден крест жапсырып алған. Бұл — жын-шайтанды жолатпауға жасалған белгі. Мен бір минуттың ішінде домалап жерге түстім. Оқтын-оқтын жан-жағыма қарадым, бірақ ешкім көрінбейді. Мен Тэчер сотқа жүгірдім.

— Айналайын, сен тіпті ентігіп қалыпсың ғой,  — деді ол. — Сен пайызыңды алуға келдің ғой?

— Жоқ, мырза, — дедім. — Маған тие жақ бірдеме бар ма?

— Иә, кеше кешкісін мен жартыжылдық пайызы жүз елуден артық доллар алдым. Сен үшін біраз байлық. Мен оны алты мың долларға қосып салып қояйын, саған берсем, бәрін жұмсап қоясың ғой.

— Жоқ, мырза, — дедім мен, — мен жойғым келмейді. Маған ол ақшаның тіпті керегі жоқ — алты мыңның да, басқасының да. Түп-түгел сіздің алғаныңызды қалаймын.

Ол таңданып, не болғанын түсінбей қалды ғой деймін:

— Қалайша? Не айтқың келіп тұр өзіңнің? — деп сұрады.

— Менен ешнәрсе жайлы сұрамаңыз. Өтінемін, сіз алыңызшы. Аласыз ғой?

— Шынында, саған не айтуды білмей тұрмын... Не болды?

— Өтінемін, алыңыз сол ақшаларды, — деймін мен, — және менен ешнәрсе сұрамаңыз — сонда маған өтірік айтуға болмайды.

Сот сәл ойланып қалды да:

— О-о! Түсінген сияқтымын. Сен өзіңнің байлығыңды маған сыйлағың келмейді, сатқың келеді ғой. Бұл өте дұрыс! — деді.

Сосын қағазға бірдеңе жазып, өзі оқыды да:

— Miне, көрдің бе, мұнда былай жазылған: "сыйлық үшін". Бұл — сенің ақшаңды мен сатып алдым деген сөз. Міне, саған доллар. Енді қол қой.

Мен қол қойдым да, кеттім.

Уотсон ханымның негрі Джимнің үлкендігі жұдырықтай жүндес шары бар; негр оны өгіздің жүнінен жасаған, ол енді сол шармен адамның тағдыры жайлы бал ашып болжам айтатын болды. Джим шардың ішінде pyx отыр және ол бәрін біледі дейді. Кешкісін мен Джимге барып, әкемнің осында келгенін, қардың бетінен оның ізін көргенімді айттым. Мен оның не істегісі келіп жүргенін, осында қалғысы келе ме, жоқ па — соны білгім келеді. Джим шарды алып, бірдеңе деп оған сыбырлады да, жоғарыға лақтырып жіберді. Шар домаланып жерге түсті де, бір дюймге жетер-жетпес жерге серпілді. Джим қайта-қайта шарды сөйлетіп көргенмен, ештеңе шықпады; ол шар сөйлегісі келмейді деді. Шар кейде ақшасыз сөйлемейді деп қояды. Мен оған доллардың төрт бөлігіндей ескі мәнетім бар, бірақ ештеңеге пайдаға аспайды, өзі мыстан жасалған деп қойдым (мен сот берген доллар жайлы айтқым келмеді). Мен монет өте ескі, бірақ шар мүмкін оны алар, себебі оған бәрібір емес пе дедім. Джим оны иіскеп көрді, сосын тістеді, ысқылады, ақыры шар оны шын доллар деп қабылдайтын болды деді. Ол шикі картопты ортасынан қақ бөліп, мәнетті салып қоямын, ертесіне мыс көрінбейді, жылтырап шын мәнет секілді болады, сосын оны кез келген кісі қуана-қуана алады, ол жүннен жасалған шар емес қой деді. Осындайда картоптың көмектесетінін мен де естігем, тек есімнен шығып кетіпті.

Джим мәнетті шардың астына салды да, өзі жата қалып тағы тыңдады. Бұл жолы бәрі ойдағыдай болды. Егер мен қаласам, шар менің алдағы бүкіл өмірімді айтып береді деді ол. "Қане, тыңдайын" дедім. Шар Джимге сыбырлап, ал Джим оның айтқандарын маған жеткізді.

— Сіздің әкеңіз не істеу керек екенін өзі білмейді. Біресе кетем деп ойлайды, енді бірде қалғысы келеді. Ең дұрысы, шалдың өзі қайда болатынын шешкенше мазаланбаңыз. Оның жанында екі періште бар. Біреуі ақ, кәдімгідей жарқырап тұр, ал екіншісі қап-қара. Ақ періште оған дұрысын үйретеді, сосын қара келеді де бәрін бүлдіреді. Ақырында қайсысы күш аларын айтуға болмайды. Сіздің өміріңізде көп қайғы-қасірет болады және қуаныш та жеткілікті. Кейде жеңілесіз, ауырасыз, бірақ түбінде бәрі жақсы болады. Өміріңізде сізге екі әйел кездеседі. Бірі ақ, екіншісі қоңыр түсті. Біреуі бай да, екіншісі кедей. Сіз әуелі кедейіне үйленіңіз, сосын бай әйелмен көңіл қосасыз. Судан алыс жүріңіз, бір жамандық болмас үшін, өйткені түбінде өміріңіз дар ағашымен бітетіні сіздің маңдайыңызға жазылған.

Мен кешкісін үйге келіп, майшамды жақтым, сосын өзімнің бөлмеме кірсем, әкем отыр!

Бесінші тарау

ӘКЕМ ЖАҢА ӨМІР БАСТАЙДЫ

Мен соңымнан есікті жауып, бұрылсам, төрде әкем отыр! Одан ылғи қорқатынмын — ол мені үнемі сойып салатын. Осы жолы да қорқып кеткендей болдым, қателескенімді сосын түсіндім, әрине, әуелі қорыққаным сондай — дем ала алмай қалдым — ол күтпеген жерден келе қалды, бірақ есімді тез жиып, өзімнің онша қорқып тұрмағанымды сездім.

Әкем елулер шамасында, сырт қарағанда одан жасамыс секілді. Шашы жалбыраған ұзын, өмірде тарақ көрмеген шаштар сабалақ-сабалақ, кір-кір болып бет-аузын жауып тұрды, көздері бұталардың арасынан көрінгендей жылтырайды. Шашы қап-қара, бір талы да ағармаған; жағындағы бакенбарды да қара. Жоғарыдан, жан-жағынан салбыраған шаштан әрең көрінетін бетінде қан-сөл жоқ боп-боз; боп-боз болғанда өзгелердей емес, қарағың келмейді — балықтың, болмаса бақаның қарны сияқты бірдеңе. Ал үстіндегі киімі жалба-жұлба, көретін жері жоқ. Бір аяғының тізесін жырып алыпты, дәл ол аяғындағы етік те басынан жарылып, екі башпайы шығып тұр және әкем оларды мезгіл-мезгіл қозғап қояды. Қалпағы еденде жатыр — ескі, қара, төбесі ішіне кіріп кеткен, қақпақты кәстірөл секілді.

Мен тұрып оған қарадым, ал ол орындықта сол теңселіп отырған күйі менен көзін алмады.

Майшамды еденге қойдым. Байқағаным — терезе ашық тұр: яғни ол алдымен қораның үстіне шығып, сосын терезеден бөлмеге кірген. Ол басымнан аяғыма дейін қарады да:

— Қарай гөр, қалай тыраштанып кеткенін! Шамасы өзіңді мықтымын деп тұрсың ғой, солай ма?! — деді.

— Мүмкін, солай ойлап тұрмын, мүмкін басқаша, — дедім.

— Қарап қой сен, аспанға қарама, — деді ол — Мен жоқта адам болып қалыпсың ғой, тіпті! Мен сенің жаныңды көзіңе келтіріп, көкірегіңдегі көбікті сығып алам! Сені оқымысты болып кетті деп жүр ғой — жазып, оқи алатын көрінесің. Әкең оқымағандықтан сенің қолыңа су құюға жарамайды дейсің ғой? Көрсетемін саған жарамағанды! Ақымақтық мәдениеттілікті кім саған үйретіп жүрген? Айт, қане, кім бұйырды?

— Жесір әйел бұйырады.

— Жесір әйел? Солай ма! Ал ол жесір әйелге біреудің шаруасына мұрын сұғуды кім үйретіп жүр?

— Ешкім де.

— Жарайды, мен сұрамаған жерге қалай мұрын сұғу керек екенін көрсетейін оған. Ал сен мектебіңді таста — естідің бе? Міне, мен оларға көрсетемін! Туған әкесіне мұрын шүйіруді үйретіп тастағандарын көрдің бе, маңғазданып әлдеқандай болуды! Ал, егер сол мектеп дегеніңнің маңынан сені көрсем, онда біттім дей бер! Сенің шешең оқи да, жаза да алмайтын, қараңғы күйінде өлді. Сенің барлық туысқандарың әріп танымастан өлген. Мен оқуды да, жазуды білмеймін, ал мұны қара, ғалым бола қалғанын! Мұның бәріне төзетін адам мен емеспін, естіп тұрмысың? Ал, қане, оқы, мен тыңдайын!

Мен кітапты алып генерал Вашингтон жайлы, соғыс жайлы бірдеңелерді оқи бастадым. Жарты минут өтпей ол кітапты жұлып алып лақтырғанда, кітап бөлмені аралап шықты.

— Дұрыс. Оқи аласың. Ал мен саған онша сенбеп едім. Сен байқа, оқу дегеніңді қой, мен мұныңа төзе алмаймын! Соныңнан бағып жүремін, егер сол мектептің маңайынан көрсем, теріңді тірідей сыпырамын! Қалай емдейтінімді көресің — есіңді жинай алмай қаласың! Ұл керемет, айтатыны жоқ!

Ол көк және сары бояумен боялған сиырларды баққан бала салынған суретті қолына алып:

— Мынау не тағы? — деп сұрады.

— Менің жақсы оқығаным үшін берілген.

Ол суретті қақ бөліп жыртты да:

— Мен де саған бір нәрсе беремін — жақсы белбеу берем!

Ол тағы бірдеңелерді күбірлеп отырды да:

— Қарай көр, нәзік бола қалғанын! Кереуеті бар, жаймалары қандай аппақ, айнасы тағы бар, еденде кілем, ал туған әкесі тері илейтін зауыттың балшығында шошқалармен бірге жатыр! Бала керемет, айтатыны жоқ! Иә, мен сенің жаныңды шығарамын. Кеудеңдегі көбікті де шығарамын. Жұрт сені байыды деп жүр ғой? А? Қалай байыдың?

— Жұрт өтірік айтады.

— Сен тыңда, қалай сөйлесесің менімен? Мен шыдаудай шыдадым, бірақ төзімім таусылды, сен тіліңді сумаңдатпа! Қалада екі-ақ күн болдым, естігенім — сенің байлығың туралы. Өзеннің төменгі жағынан да естігем. Келген себебім де сол. Сен сол ақшаларды әкел, маған керек, ертеңге дейін.

— Менде ешқандай да ақша жоқ.

— Өтірік айтасың! Ақшаң Тэчер сотта. Сен оны ал, маған керек.

— Менде ешқандай ақша жоқ деп тұрмын ғой! Сот Тэчерден өзіңіз сұраңыз, ол бәрін айтады.

— Жарайды, одан сұраймын... Оны айтуға мәжбүр етемін. Ол маған ақшаны жайып салады, әйтпесе мен оған көрсетемін! Қане, қалтаңда қанша? Маған ақша керек.

— Бір ғана доллар бар, ол өзіме қажет.

— Саған қажет пе, жоқ па — шаруам қанша! Әкел бері!

Ол монетті алып, жалған емес пе деп тістеп көрді, сосын қалаға барып виски алам, күні бойы нәр татқаным жоқ деді. Қораның төбесіне терезеден секіріп түсті де, басын терезеге сұғып, мені тағы жерден алып, жерге салып ұрса бастады: әкесін танығысы келмейді, мен шектен шыққан көргенсізбін. Содан кейін оны біржола кеткен шығар деп едім, жоқ, терезеге қайта басын сұғып, маған мектепті таста деп бұйырды, олай болмаған күнде мені аңдып, талқанымды шығаратынын айтты.

Ертесіне әкем тойып ішіп алған, Тэчер сотқа барып, оның дымын қалдырмай ұрсып, менің ақшамды беруін талап етті, алайда мұнысынан ештеңе шықпады; әкем сосын сотқа сот арқылы шығатынын айтып қоқан-лоқы көрсетті.

Жесір әйел мен сот Тэчер сотқа арыз беріп, мені екеуінің біріне тәрбиелеуге беруін, әкемнен біржола бөлуді талап етті; бірақ сотымыз жаңадан келген, менің әкемді білмейтін адам еді. Ол соттың отбасы мәселелеріне араласуға құқы жоқ, баланы туғандарынан ажыратуға болмайды деп шешті. Жесір әйел мен сот Тэчер бұл мәселені жапты. Әкемнің шыға қуанғаны сондай, оны тоқтату мүмкін болмады. Ол мен ақшаны алып оған бермесем дымымды қалдырмайтынына, белбеумен есімнен танғанша сабайтынына уәде етті. Мен соттан үш доллар қарызға алып, жолға беріп ем, ол аузына келгенін айтып, бүкіл қаланы басына көтерді, айқайлап, табанын барабан етіп тарсылдатып, ақыры оны кілттеп қойды да, ертесіне сотқа берді. Сот тағы бір аптаға қамауда ұстауға шешім шығарды. Алайда ол өзіне риза екенін, ұлының қожасы екенін оған, қайда қыстайтынын айта алатынын айтты.

Ол түрмеден шыққасын жаңа сот оны адам етем деп жариялады. Ол шалды үйіне әкеліп, бастан-аяқ киіндірді — бәрі су жаңа киім — оны отбасымен бірге үстелге отырғызып, ертеңгі, түскі, кешкі тамақты бірге ішкізіп, бір сөзбен айтқанда туған бауырындай күтті. Кешкі астан кейін сот ішімдіктің кесірі және басқа жайлар туралы әңгіме қозғады, ал шал болса жылап-сықтап, қаншама жыл ол өзінің ақымақ болғанын, ендігі жерде ешкім де онымен таныстығына ұялмайтын болады және сот оған көмектеседі деп үміттенетінін айтты. Сот мына сөздері үшін оны құшақтауға әзір екенін айтып, тіпті көзіне жас алды; соттың әйелі де көз жасына ерік берді; әкем осы кезге дейін оның қандай адам екенін ешкім түсінбегенін мұңая айтты; сот оған әбден сенетінін жеткізді. Шал болса, өмірде жолы болмаған адам жанашырлыққа зәру деп әңгімеледі. Сот бұл пікірдің шындық екенін айтты, содан екеуі де көздеріне жас алды. Уақыт ұйықтауға жақындағанда шал орнынан тұрып қолын сотқа созды.

— Мына қолға қараңыздар, мырзалар мен ханымдар! Оны алақандарыңа алып көріңдер. Бұл қол бұрын кір-кір шошқаның қолы еді, енді басқаша; енді бұл қол өмірін қайта бастағысы келген адал адамның қолы, бұрынғы өмірімді қайталаса, өлетін болады! Менің сөзіме құлақ салыңыздар және не айтқанымды ұмытпаңыздар! Бұл енді таза қол. Қолымды қысуға қорықпаңыздар!

Осыдан кейін бәрі орындарынан тұрып көз жастарын тыя алмай бірінен кейін бірі оның қолын қысты. Ал соттың әйелі тіпті оның қолынан сүйді. Сосын әкем енді ішпеймін деп қолхат берді, оған крест түрінде қол қойған болды. Сот бұл тарихи сәт деп хабарлады. Осындай бірдеңе айтты әйтеуір. Шалды қонаққа арналған ең тәуір бөлмеге ұйықтауға апарысты. Ал түнде оның өлердей арақ ішкісі келіп терезеден төбеге, одан бағанадан сырғанап есік алдына түсіп, одан үстіндегі жап-жаңа бешпетті қырық градустық шөлмекке ауыстырып, бөлмеге қайта оралып, сайранды салмасы бар ма: ал таң ата тағы терезеге удай мас күйінде жармасып, төбеден сырғанаймын дегенде жерге құлап, сол қолын екі жерден сындырды және үсіп өле жаздаған жерінен біреу көріп құтқарыпты. Қонақ бөлмеде не болғанын көру үшін үй иелері барса, шылқып жатқан ылғалға тіпті жүзуге болатындай.

Сот қатты ренжіді. Бұл шалды мылтықтың жақсы оғымен ғана түзетуге болатын шығар, одан басқа әдіс көріп тұрғаным жоқ деді ол.

Алтыншы тарау

ӘКЕМ ӨЛІМ ПЕРІШТЕСІМЕН КҮРЕСУДЕ

Ал, енді, осыдан кейін менің қартым жазылды, менің ақшамды оған бермегені үшін ол Тэчер сотты сотқа берді, сосын мен мектепті тастамағаным үшін мені қолына алды. Екі рет мені ұстап алып жазамды берді, мен сонда да мектепке бара бердім және ылғи одан жасырынып не қашып кетіп жүрдім. Бұрын оқу деген маған онша ұнамайтын, енді әкеме ерегесіп қалай да мектепке барып жүремін деп шештім. Соттың отырысын кейінге жылжыта берді; шамасы ешқашан болмайтын шығар, өйткені мен Тэчер соттан әкемнің таяғынан құтылу үшін оған беруге анда-санда екі-үш доллар алып жүрдім. Ақшаны алған күні ол ылғи удай мас болады; ылғи көше кезіп, айқайлап, әркімге ұрынады; мас болған сайын оны түрмеге отырғызады. Ол мұндай тірлігіне дән риза, жанына жағатын секілді.

Әкем жесір әйелдің үйінің айналасынан шықпайтын болды, ал Дуглас апай егер ол мұнысын қоймаса, оған басқаша әдіс қолданатынын айтып қорқытқан болды. Сонда әкемнің жынданғанын көрсеңіз!

Гек Финнің қожасы кім екенін көрсетемін деп уәде берді әкем.

Көктемнің бір күнінде ол мені соңымнан аңдып ұстап алды да, қайықпен өзеннің жоғарғы жағына үш мильдей жерге алып кетті, сосын арғы бетке шығып, орманы қалың жағаға тоқтады. Бұл жерде ескі ағаш үйден басқа адам бас сұғатын күрке де жоқ және оны табу мүмкін емес.

Ол мені бір минутқа да босатпайды, қашып кететін де мүмкіндік жоқ. Біз сол шіріп тұрған үйді паналадық, ал әкем түнде есікті құлыптап, кілтті өзінің басының астына салып жатады. Оның мылтығы бар — бір жерден ұрлап алған болса керек — екеуміз аңға шығамыз; балық аулаймыз; сонымен тамақ асыраймыз. Ол мені жиі-жиі сыртымнан кілттеп кетеді де, үш мильдей жердегі дүкенге барып, балық пен құсты вискиге айырбастап үйге әкеледі, ішіп алып ән салады, сосын келіп мені сабайды.

Жесір әйел менің қайда жүргенімді тауып, мені құтқаруға бір адамды жіберіпті, бірақ әкем мылтығын алып оны қуып жіберді. Көп кешікпей өзім де осы өмірге үйреніп алдым, белбеумен сабаудан басқасы маған ұнайды.

Тірлік өтіп жатты — күні бойы ештеңе істеме, балық аула, шылым шек; кітап оқу, сабақ деген жоқ.

Осылай екі ай өтті, мүмкін одан да көбірек; менің үсті-басымның алба-жұлбасы шықты, кір-кір болып жүрдім, жесір әйелдің үйіндегі күнде жуынып, таранып, тәрелкеден тамақ ішіп, бір мезгілде жатып, бір мезгілде тұру, ылғи кітаптан бас алмай пысылдап отыратыным, оның үстіне Уотсон ханымның үнемі қыр соңымнан қалмай жасайтын ескертпелері — осының бәріне қалай көніп жүргеніме таңғаламын. Енді ол үйге барғым келмейтін болды. Жесір әйел жек көретін болғандықтан, мен ол үйде ұрсысуды мүлде қойғанмын, енді менің қартымның қарсылығы болмағасын, қайта бастадым. Жалпы айтқанда, біз орманда жаман тұрған жоқпыз.

Алайда шал маған оқтын-оқтын таяқ жұмсауын қоймады, ал бұған мен төзе алмадым. Тұлабойым толған жарақат.

Ол енді үйде отырмайтынды шығарды: өзі кетеді, мені сыртымнан кілттеп қояды. Бір рет мені кілттеп өзі кетті де, үш күн бойы оралмады. Сондай қапа болдым! Мен ол суға батып кеткен болар, мен осы жерден ешқашан шыға алмаспын деп ойладым. Қорқынышты ойлар келді, қалай да қашу керек деп шештім. Мен бұл үйден кеткім келіп, бірнеше рет әуреленіп көрдім, бірақ шығатын саңылау таба алмадым. Терезесіне мен түгіл ит те сыймайды. Тұрбаның бойымен көтерілу тіпті мүмкін емес — өте тар. Есік жуан, мықты емен тақтайдан жасалған. Әкем кеткенде пышақ немесе басқа да темір атаулыны үйде қалдырмауға тырысады; мен жүз рет айналаны кезіп іздеген шығармын, бұдан басқа істейтін шаруа да жоқ. Алайда осы жолы бірдеңе тапқан сияқтымын, сабы жоқ ескі араны тауып алдым. Мен оны майладым да іске кірістім. Үйдің бір бұрышында, үстелдің артында жел үрлеп майшамды сөндірмес үшін жарға шегемен қағылған ескі атжабу бар. Үстелдің астына кіріп атжабуды көтердім де, төмендегі жуан бөренені арамен кесе бастадым — өзім сыятын тесік жасау үшін.

Бұл шаруа көп уақытымды алды, дегенмен ойдағыдай болып келе жатыр еді, кенет орман ішінен әкемнің мылтығынан атылған оқтың дауысын естідім. Мен тездетіп істеген ісімнің ізін жоқ қылдым, атжабуды түсіріп, араны тығып тастадым, кешікпей әкем де келді.

Ол әдеттегіше тым көңілсіз екен. Қалада болғанын, онда не істеліп жатқанын шайтан ғана білетінін баяндады. Қорғаушы оған егер істі сотқа жіберсе, ұтып ақшаны алып беретінін, бірақ істі талқылауды кейінге қалдыратын әдіс көп және солай ету Тэчер соттың қолынан келетінін түсіндіріпті. Және мені әкемнен алып, жесір әйелдің тәрбиесіне беру және бұл жолы істі олар ұтатыны жайлы қалада гу-гу әңгіме екен. Мен сондай ренжідім, өйткені мені тықсырып, оларша айтқанда, тәрбиелегендерін жақтырмаймын. Қарт сосын боқтай бастады және аузына түскен адамның бәрін, тіпті атын білмейтін жандарды да қосып, дымдарын қалдырмады.

Ол жесір әйел мені қалай алатынын, егер бұл баланы көзінен таса қылмаса, олар оңбағандық жасайтын болса, бұл осыдан алты миль жерге апарып жасырып қоятынын, ол жерден жүз жыл іздесе де тірі адам таба алмайтынын айтып айқайлады. Бұл хабар мені тағы ренжітті, бірақ ұзаққа емес. Ол мені басқа жаққа алып кеткенше мен де қашан әкетеді деп күтіп қарап отырмаймын деп ойладым.

Қарт әкелген заттарын алып келуге қайыққа жұмсады: жүгері, бір қап ұн, елу фунттай, ыстаған төс еттің үлкен бөлігі, бір виски, ескі кітап пен екі газет.

Мен бәрін жағаға шығардым да өзім қайықтың тұмсығына демалу үшін отырдым. Үйден қашып кеткенде мылтық пен қармақты орманға алып кетем деп шештім. Бір жерде отырмаймын, бүкіл елді аралап қаңғырамын — тек түнде; тамағым аулаған балық пен жабайы құс болады; сондай алысқа кетемін, қарт та жесір әйел де ешқашан таба алмайды. Мен осы түнде бөренені арамен кесіп, қашып кетуге бел байладым, егер шал ішімдікке тойып алса, ол, әрине, тойып ішеді! Мен ойланып отырып уақыттың өткенін байқамаппын, қарт ұйықтап қалдың ба, жоқ суға батып кеттің бе деп айқайлағанша отырыппын.

Мен заттарды үйге тасып болғанша қараңғы түсіп кетті. Кешкі тамақты пісіре бастадым, ал қарт болса бөтелкеден бірер ұрттап алды; көңілі көтерілейін деді, сосын тағы айқайға басты. Ол ішуді қалада бастап, түнімен жырада жатқан, оған қарасаң, құсқың келеді. Кез келген ішуден кейін ол үкіметті балағаттап, дымын қоймайтын әдеті. Бұл жолы да сол:

— Үкімет деп атайды! Қарашы неге ұқсайды бұл үкімет, міне, бұлардың заңы! Туған ұлын әкесінен айырады — ал ол әке оны өсіреді, қамқорлық жасады, тәрбиеледі, оған қанша ақша жойды! Иә-иә! Ұлды өсіріп, енді демалатын да уақыт болды, ендігі жерде бала жұмыс жасайды, әкесіне көмек көрсетеді деп үміттенесің — міне саған үміт, шап беріп заңды алдыңа тосады! Бұл үкімет деп аталады! Ол аз болғандай, заң Тэчер секілді сотқа көмектеседі — менің ақшамды тартып алуға! Міне, заңның түрі осы: алты мың доллары бар адамды абақтыға қамайды, абақты болғанда мынау секілді күркедей бірдеңеге, қарауға шошқа ұялатын жалба-жұлба киім киюге мәжбүр етеді. Сонысына қарамай, үкімет деп аталады! Мұндай үкімет тұрғанда адам өзінің құқын пайдалана алмайды. Не деген масқара! Кейде ойлайсың, осы елден біржола кетемін деп. Иә, мен солай деп айттым да, Тэчер шалдың көзіне тура қарап айттым. Көп адам естіді. Мен екі цент үшін бұл қарғыс атқан елді тастап, сосын ешқашан қайта көрмес едім дедім! Осы сөздерді айтқам. Менің қалпағыма қараңдаршы — осы қалпақ па дедім оларға. Төбесі қалқиғанмен, төменгі жағы иегіме дейін түсіп, басым пештің тұрбасының ішінде қалғандай. Қараңдар, осындай қалпақ киюге мәжбүрмін, ал мен болсам, қаладағы байлардың бірімін, тек өзімнің құқымды пайдаланғызбай отырсыңдар дедім. Иә, біздің үкімет айтатыны жоқ керемет! Сен тек тыңдап көр. Онда бір азат негр болды, өзі Огайодан — будан, кәдімгі ақ адамдар секілді түсі ақ. Көйлегі қарадан да ақ, киімі керемет, бүкіл қалада ондай киім киген ешкім жоқ: алтын баулы сағат, қолында күміс жалатқан таяғы бар — айтатыны жоқ тұлға! Сен қалай ойлар едің? Өзі бір колледжде мұғалім, бірнеше тілде сөйлей біледі деседі. Өзінің елінде тіпті дауыс бере алады дейді! Ал бұған мен төзе алмадым. Біз қайда бара жатырмыз осы? Дауыс беретін күн еді, көбірек ішпегенде өзім де дауыс бергім келген, ал Америкада әлгідей негр дауыс бере алатын штат бар дегенде, мен ерегесіп дауыс бермей қойдым. Ешқашан дауыс бермеймін дедім. Осылай айтқанымды бәрі естіді. Бүкіл ел құрып кетсін — мен енді бәрібір дауыс бермеймін! Ол негрдің қалай талтаңдағанын көрсең: егер мен оны теуіп жібермесем, маған жол беретін емес. Бұл негрді неге аукционда салып сатып жібермейді? Мен соны білгім келеді! Сонда маған қалай деп жауап бергендерін естісең ғой. Осы штатта жарты жыл тұрған негрді сатуға болады, ал оның тұрғанына көп болған жоқ.

Міне, саған өнеге. Азат жүрген негрді алты ай тұрғанша сата алмайтын болса, ол неғылған үкімет?

Үкіметпіз деп дардай болады, егер жарты жылға дейін оңбаған ұры, қаңғыбас негрді орнынан қозғай алмаса, қандай үкімет ол!?

Әкемнің мас болғаны сондай, тіпті аяғының өзін қайда апара жатқанын білмеді, ал аяқтары оны тыңдамай, шошқаның еті салынған шағын бөшкеге сүрініп, аяғы аспаннан келді, тізесін жаралап, аузына келген боқтықтың бәрін төкті-ай келіп; негр де, үкімет те, оны сүріндірген бөшке де — бәрі сыбағаларын жақсылап алды.

Ол біраз уақыт бөлме ішінде жалғыз аяқпен секіріп жүрді, бір кезде кінәлі бөшкені бар күшімен теуіп келіп жібергені! Онысы бекер болды, өйткені сол тепкен аяғындағы етіктің жырық тұмсығынан екі башпайы шығып тұратын; әкемнің ойбай салып сарнағанын естіген адамның төбе шашы тік тұрар еді, ол бөшкеге соғылған екі башпайын ұстап лас еденде домалады-ай дейсің, бағанағы боқтық боқтық па, енді оның көкесіндей былапыттар аузынан ақтарылды. Кейін өзі Соуберри Хэгган шалдың боқтығын кезінде көп тыңдап едім, енді жаман сөз айтудан ол шалдан да асып түсемін деп қояды.

Кешкі тамақтан кейін әкем шөлмекті алып, виски екі рет сайрандауға және бір рет жындануға жетеді деді. Бұл үйреншікті мәтелі. Бірер сағаттан кейін ақыл-есін білмей мас болады да ұйықтап қалады, мен сосын кілтті ұрлап аламын, болмаса бөренені кесіп, сыртқа шығамын, не былай, не олай. Ол ішіп отыр, ішіп отыр, бір кезде көрпесіне жатты-ау әйтеуір. Бірақ менің жолым болмады. Ол қатты ұйықтаған жоқ, дөңбекшіп, ыңқылдады: осылай ұзақ жатты. Ақырында мені де ұйқы басып көздерім өзінен-өзі жұмыла берді де, есімді жиюға әлім келмей қатып ұйықтап қалыппын, ал майшам жағулы қалпында қалды.

Қанша ұйықтағаным есімде жоқ, бір мезгілде шыңғырған айқайдан оянып кетіп атып тұрдым. Әкем жанталасып, жан-жаққа сенделіп, есі ауысқан адамдай "Жылан-жылан!" деп айқайлайды. Ол аяғымда жыландар жорғалап жүр дейді, сосын секіріп шыңғырды -бетімді шақты деп қоймайды, бірақ мен ешқандай жылан көрмедім. Әкем бөлме ішінде жүгіре бастады, шырқ айналып жүгірді, ал өзі: "Түсірші ананы! Түсір! Ол менің тамағымды шағып алды!" — деп айқайлайды. Мен адам баласынан мынандай тағы көздерді бұрын көрген емеспін. Кешікпей ол әлі құрып, жерге құлады, өзі ентігіп жатыр; сосын заттарды жан-жаққа лақтырып, жұдырығымен ауаны соққылап, шайтандар мені ұстап алды деп айқайлады, сарнады. Әрі-беріден соң сәл тынышталып, біраз жатты, ыңқылдады. Содан соң мүлде үнсіз қалды, тіпті дыбысын шығарған жоқ. Мен алыста орман ішінде айқайлаған үкінің дауысын, қасқырлардың ұлығанын естідім және сол дыбыстардан айналадағы тыныштық одан сайын қорқынышты болды. Әкем бұрышта жатыр. Кенет ол шынтағына сүйеніп басын көтерді, әлденеге құлағын салып, басын еңкейткен күйі отырды да:

— Топ-топ-топ... бұлар өліктер... топ-топ-топ... олар маған келе жатыр, бірақ мен олармен бармаймын. Оһ, міне, олар! Мені қозғамаңдар, тиіспеңдер маған! Қолдарыңды тартыңдар — олар мұздай! Жіберіңдер! Оһ, бақытсыз мен бейбақтың мазасын алмаңдар! — деп сандырақтады.

Содан ол төрт аяқтап тұрды да өліктерден тиіспеулерін өтінді; көрпеге оранып, үстелдің астына тығылды, өзі сұрап жатыр, сосын өкіріп жыласын! Тіпті көрпенің астынан естілді.

Бір уақытта көрпені лақтырып тастап, атып тұрды, ақылы ауысқан адам секілді, кенет мені көрді де, тұра жүгіріп мені қусын! Бөлменің ішінде қуып жүр, қолында шаппа пышақ, мені өлімнің періштесі деп қояды, өлтірем, сосын сен келмейтін боласың дейді. Мен одан тынышталуын өтіндім, бұл менмін — Гекпін дедім; ал ол қарқылдап күледі, күлкісінің өзі қорқынышты!

Боқтап, айқайлап соңымнан жүгіре берді. Бір рет қолының астынан зып етіп шыға беріп ем, ол күртешемнен ұстап алды, мен енді біттім деп ойладым, алайда күртешеден найзағайдай жылдамдықпен сытылып шығып құтылдым. Кешікпей шал әбден сілесі қатты; арқасын есікке сүйеп еденге отырды, демалып алып мені өлтіретінін айтты. Пышақты құйрығының астына салып, әуелі ұйықтап күш жиып алатынын, сосын бұл жерде кім бар екенін қарайтынын ескертті.

Тез көзі ілініп кетті. Мен сол бойда ескі сынық орындықты алып, дыбыс шығармауға тырысып үстіне шықтым, қабырғада ілулі тұрған мылтықты алдым.

Оғының бар-жоғын білу үшін шомполды тықтым, сосын мылтықты бөшкенің үстіне қойдым да, өзім арт жағына отырып әкемді көздедім, оның оянуын күттім. Өтіп болмайтын не деген уақыт!

Жетінші тарау

ӘКЕМНЕН ҚАШЫП КЕТЕМІН

— Тұр! Не істеуді ойладың?

Мен көзімді ашып, қайда жатқанымды білгім келіп жан-жағыма қарадым. Күн шығыпты -яғни мен көп ұйықтамаппын, үстіме төніп әкем тұр; беті іскен, жүзі күзгі бұлттай салқын.

— Мылтықпен не істейін дедің? — деп сұрады.

Түндегі жасағандарынан есінде ештеңе жоқ екенін сезіп:

— Біреу есіктен кіргісі келді, сосын мен күзетіп отырдым.

— Ал мені неге оятпадың?

— Оятып көріп едім, ештеңе шықпады: сіз оянбадыңыз.

— Жарайды, тіліңді сүйреңдетпе! Бар, қармаққа таңғы асқа ештеңе түскен жоқ па екен, қарап кел. Мен қазір келемін.

Ол есікті ашты, мен өзенге жүгірдім. Менің байқағаным — ағыстың бойымен төмен қарай зулаған жапырақ, шөп-шалам, ағаштың қабығы: демек, өзеннің суы көтеріле бастаған. Қалада болсам, рақат өмір сүрер едім-ау деп ойладым. Маусымда су көтерілгенде өзен бойымен отын ағаштары, бума-бума тақтайлар, тіпті әрқайсысында он-он екіден бөрене бар жүктерді аулап алып ағаш сақтайтын қамбаларға, ағаш кесетін жерлерге сатуға болады.

Мен жағамен келе жатып көзімнің қиығын әкем жаққа саламын, екінші көзіммен әлгіндей пайда түсірер бірдеңе әкеле ме деп өзен бетіне қараймын. Кенет бір қайық келе жатыр! Қайық болғанда қандай — көзіңді тойдырады: ұзындығы он үш — он төрт футтай; өзімен өзі қалқып келе жатыр. Мен бақалар сияқты басыммен сүңги жөнелдім, киімім үстімде, қайыққа жеттім. Ішінде біреу жатыр ма деп бақыладым — бізде әзіл үшін қайықта көрінбей жатады да, бөтен біреу жақын келгенде ұшып тұра келіп, әлгі кісіні күлкі етеді. Бірақ бұл жолы басқаша болып шықты. Қайық, шынында да, бос екен, мен үстіне шығып жағаға әкелдім. Шал қуанатын шығар көргенде деп ойладым: мұндай тауар он доллардан кем тұрмайды!

Мен жағаға келгенде, әкем әлі көрінбеді; жағадағы жүзім және бұталар тығыз өскен жерге қайықты жасырдым; маған басқа ой келді: орманға қашудың орнына елу мильдей өзенмен төмен барып жаяу қаңғырғанша, бір орында ешкімге тәуелсіз өмір сүрмеймін бе!

Біз тұрған үйден онша қашық емес жерге, әкем келіп қалғандай сезінгенмен, әйтеуір жасырып үлгердім; сосын бұталардың арасынан қарасам, әкем жалғыз аяқ жолмен өзенге қарай келеді екен, мылтығын бір құсқа кезейді. Яғни, ол ештеңе көрген жоқ.

Ол келгенде мен ағаштарды шығарған болып, қатты жұмыс істеп жатыр едім. Неге сонша кібіртіктеп жүрсің деп ол ұрысты; суға құлап кетіп, содан кідіріп қалдым деп өтірікті соғуға тура келді. Мен онсыз да білемін: үсті-басымның малмандай болып тұрғанын көргесін, ол міндетті түрде сұрай бастайды. Қармақтан бес жайын алып үйге қайттық.

Таңғы астан кейін екеуміз де маужырап көз іліндіріп алуға жаттық, мен жесір әйел мен әкем мені іздемеу үшін оларды алдайтын амал табуды ойладым. Әйтпесе, олар іздеп жүргенде алысқа қалай қашып кетесің! Мен көпке дейін ештеңе ойлап таба алмадым, бір кезде әкем су ішуге тұрып:

— Егер тағы біреу үйдің айналасында торуылдап жүрсе, мені оят, естіп жатырсың ба? Кешегі кісі тектен-тек келіп жүрген жоқ. Мен оны атып тастаймын. Егер ол тағы келсе, мені оят, естимісің? — деді.

Ол аунап түсіп, тағы да ұйқыға кетті; есесіне оның сөздері менің не істеуім керек екені туралы маған ой салды. Мен солай жасаймын, сонда мені іздеу ешкімнің де басына кірмейді деп ойладым.

Сағат он екілерде біз тұрып жағаға бардық. Өзен тез көтеріле бастапты және бетінде неше түрлі ағаштар қалқып барады. Сол жерде бірге байланған тоғыз бөрене келе жатыр! Біз оларды жағаға шығардық. Сосын түскі тамақты іштік. Басқа біреу болса, кешке дейін жағада отырып, аулап көбірек пайда табар еді, бірақ ол әкемнің әдетінде жоқ.

Тоғыз бөрене бір рет араққа тоюға жетеді: қалаға барып сатуға құлшынды. Мені сыртымнан құлыптап қайықты алды да, бөренелерді тіркеп қалаға тартты. Мен бүгін түнде ол оралмайды деп ойладым, әрегірек кетсін деп күттім, сосын араны суырып алып, баяғы бөренені қайтадан аралауға кірістім. Әкем арғы бетке өтіп болмай-ақ мен бостандыққа шықтым; бөренелер бумасын сүйреткен әкемнің қайығы алыста су бетіндегі кішкене нүкте секілді.

Мен бір қап жүгері ұнын алып, өзім жасырған қайыққа апардым да, бұталарды ысырып, қапты қайыққа салдым; сосын шошқаның төсін және бөтелке вискиді де апардым. Қанттың бәрін, кофені, оқ-дәріні де қайыққа салдым; сондай-ақ шелекті, асқабақтан жасаған ыдысты, қаңылтыр бақыраш пен өзімнің ескі арамды, екі көрпе мен кофе қайнататын алдым. Қармақтар мен шырпыны, әйтеуір ұсақ-түйекке дейін қалдырмадым. Маған балта керек еді, бірақ отындық ағаштың арасында жатқан балтадан басқа жоқ, ал ол балтаны қалдыру керек екенін мен білемін. Мен мылтықты шығардым, енді бәрі дайын болды. Сыртқа шығатын тесікті ойғанда және заттарды шығарғанда мен қабырғаны әбден жырып қойыппын. Ол жырықтарды тегістедім, топырақпен майладым. Арамен кескен бөрененің бөлшегін орнына салып, астына екі кірпішті, жанына тағы бір кірпіш қойдым. Әдейілеп қарап шұқыған біреу болмаса, бөрененің кесілгенін, қабырғаның кейбір жері тесілгенін байқай қою қиын.

Қайыққа шөптің үстімен жүріп бардым, яғни із қалдырмадым. Мен жағада тұрып, өзен бетінде не болып жатқанын бақыладым. Бәрі тыныш. Сосын мен мылтықты алып орман ішіне кеттім — құс атып алғым келіп еді, сосын тағы торай көрдім: бұл жақта фермалардан кездейсоқ адасып қалған шошқалар тез арада жабайы болып кетеді. Мен әлгі торайды өлтіріп, үйге алып келдім.

Балтаны алып есікті бұздым, бұзғанда кәдімгідей тас-талқан етіп сындыруға тырыстым: торайды әкеліп үстелдің жанына тастадым, тамағынан бауыздадым да қаны ақсын деп жерге қойдым ("жерге" деп отырғаным — біздің үйіміздің едені ағаштан емес, кәдімгі қатты тапталған жер). Сосын ескі қапты алып, ішін үлкен-үлкен тастармен толтырдым да торайдың жанынан есікке қарай, одан орманның арасымен өзенге сүйреп апардым да, суға тастадым; қап бірден батып кетті. Бұл жерден бір нәрсенің сүйрелгені бірден көрінеді. Осы арада Том Сойердің болғанын тілер едім: мұндай істе оның таңғаларлық бірдеңені ойлап табудың шебері екенін білемін. Мұндай шаруада Том Сойерден артық ешкім жоқ.

Ең соңында бір уыс шашымды жұлып алдым, балтаға жақсылап қанды жағып шашымды балтаның жүзіне жапсырдым да, бұрышқа тастай салдым.

Сосын торайды алып, қан тамбасын деп күртешеме орап, үйден біраз қашықтыққа барғасын өзенге ағызып жібердім. Сол жерде менің басымда тағы бір ой жылт етті. Қайықтан ұн салған қап пен ескі араны алып үйге апардым. Қапты бұрынғы орнына қойып, төменгі жағын арамен тестім, өйткені бізде не пышақ, шанышқы жоқ — әкем мәселенің бәрін шаппасымен бітіретін. Содан кейін қапты шөптің үстімен жүз қадамдай жерге сүйреп үйдің шығыс жағындағы қамыс өскен тайыз көлге апардым — ол жерде күз кезінде үйрек көп болады. Екінші жағындағы сазды жырадан көлдің суы бір жаққа ағып кетеді, әйтеуір өзенге құймайды. Ұн жол бойы төгіліп көлге дейін ақ сызық пайда болды. Әкемнің қайрағын жолға тастай салдым, біреу байқамай түсіріп алған деп ойласын дегенім. Қаптың тесігін төгілмес үшін жіппен байладым да ара мен қапты қайыққа апарып салдым.

Бұл кезде қараңғы да түсіп қалды. Мен қайықты өзенге түсіріп, сәмбі талдың бұталары су бетіне салбырап тұрған жерге апардым да, ай туғанша осында отыра тұрайын деп шештім. Қайықты талға жақсылап байлап, өзім аздап тамақтанған болдым да, трубкамды тартып, алдағы жоспарымды ойластыру үшін қайыққа жата кеттім. Мен өзіме өзім: олар тас салған қаптың ізімен өзенге барып, менің өлі денемді судан іздейді. Ал ұнның ізі оларды көлге апарады, одан мені өлтіріп, заттарды алып кеткен тонаушыларды көлден ағып жатқан өзеншеден іздейді. Өзеннен менің өлі денемнен басқа іздейтін ештеңе жоқ. Кешікпей олар жалығады, сосын мені мүлдем ұмытып кетеді. Джексон аралы — мен үшін ең қолайлы жер, мен ол аралды жақсы білемін, онда ешқашан ешкім болмайды. Ал түнде қалаға қайықпен барып қайтуға болады; қаңғуылдап жүремін, өзіме қажет нәрселерді аламын. Нағыз қолайлы жер Джексон аралы дедім. Менің шаршағаным сондай, қалай ұйықтап кеткенім есімде жоқ. Оянғанда әуелі қайда жатқанымды білмедім. Отырып жан-жағыма қарадым, тіпті қорқып кеттім. Сосын есіме түсті. Өзен өте үлкен, ені бірнеше мильдей жалпақ көрінді. Ай жарқырап тұр, көлдің бетінде қанша бөрене, қанша тақтай ағып бара жатқанын санауға болатындай. Айнала өлі тыныштық, шамасы түннің біраз мезгілі екені сезіліп тұр. Түсінесіздер ме, менің не айтқалы тұрғанымды... Сөзбен қалай жеткізсем екен.

Жақсылап керіліп алдым, есінедім, ілгері жүрейін деп қайықты шеше беріп ем, кенет шулаған дыбыс естілді.

Құлағымды тостым, кешікпей не екенін түсіне қойдым: бұл — ескектердің тыныш түнде жақсы естілетін бір сарынды суға тиген дыбысы. Сәмбіталдың бұталарының арасынан қарап едім, айтқанындай алыста жағаға жақын жерде бір қайық келе жатыр. Үстінде неше адам бар екенін анық көре алмадым. Қайық бірте-бірте жақындап келеді, менің қатарыма келгенде онда бір адам отырғанын көрдім. Оны күтпесем де әкем емес пе екен деп ойлап қалдым. Ол менің төменгі жағыма ағынмен түсіп, сосын дәл менің жанымнан жағаға қарай өткенде, мылтығымның дүмімен оны түртіп қалуға болатын еді. Бұл, шынында да, әкем екен және ескекпен еркін жұмыс істеп отырғанына қарағанда, кәдімгідей caп-cay.

Мен уақыт өткізбей, келесі минутта-ақ ағыстың бойымен және жағаны тасаланып, дыбыс шығармауға тырысып, тез-тез төмен қарай зуладым. Екі жарым мильдей жүргесін өзеннің ортасына қарай бұрылдым, өйткені кешікпей кемежай көрінеді, ал ондағы адамдар мені көріп, шақырулары мүмкін. Мен қалқып келе жатқан бөренелердің арасымен жүруге тырыстым, сосын өзім қайықтың түбіне жаттым да, қайықты ағыс бойымен жібердім. Мен трубкамды тартып, аспанға қарап демалып жатырмын. Ай жарық болғанда шалқаңнан жатып қарасаң, аспан өте көгілдір болып көрінеді екен; мұны бұрын білмейтін едім. Және осындай түнде тіпті алыстағы дыбыс та ап-анық естіледі! Кемежайдағы адамдардың әңгімелескенін естідім. Тіпті әрбір сөздеріне дейін естідім. Біреуі енді күн ұзарып, түн қысқа болады деді. Басқа біреу бұл түн, оның ойынша, қысқа болатын түрі жоқ деп жауап беріп еді — сол жерде бәрі жамырай күлді; ол сөзін қайталады — аналар тағы күлді; үшінші біреуді оятты да, оған әлгінің әңгімесін жеткізді; бірақ ол күлген жоқ, бірдеме деп күңк етті де, мазамды алмаңдар деді. Бірінші кісі мұны өзінің кемпіріне айтатынын айтып, оған ұнайтын шығар деп қойды; бұл деген әншейін жай нәрсе ғой, бұрын әзіл әңгіменің көкесін айтатын едім деді. Олардың біреуі қазір сағат үштің кезі, таң бір апта кідірмейтініне сенемін деді. Осыдан кейін дауыстар бірте-бірте алыстай берді, сөздері анық естілмей, тек күңгір-күңгір дыбыс пен күлкілері алыстан естілді.

Енді мен кемежайдан біраз төмен кеттім. Екі жарым мильдей төмен түскесін Джексон аралын көрдім: жан-жағының бәрі орман, өзі өзеннің ортасында үлкен, қап-қара боп көрінеді, осы түрімен ол оттары жоқ пароходқа ұқсайды. Аралдың жоғарғы жағындағы жердің бәрін су басып кетіпті.

Аралға жарты сағатта жетіп бардым. Жоғарғы ағыс тұсынан оқтай зулап өттім де тымық жеріне келіп, Иллинойс жағалауына жақын тұсына тоқтадым. Өзім бұрыннан білетін жіңішке бұғазға бұрылдым; оған жету үшін сәмбіталдың бұтақтарын қайыруға тура келді; қайықты байлап, сыртынан қарап едім, ештеңе білінбейді.

Жағаға шығып, аралдың жоғарғы жағындағы бір ағашқа отырдым, жалпақ өзенге қарап, қалқып бара жатқан бөренелерді көрдім, осы жерден үш мильдей қашықтықта жатқан қалаға қарадым. Үлкен сал өзен бойымен қалқып барады; салдың ортасында фонарь жанып тұр, ол маған жақындай бергенде біреудің айқайы естілді: "Ей, оңға қарай бұр!" Бұл сөздерді анық естігенім сондай, тіпті дәл менің қасымда тұрғандай.

Аспан бірте-бірте ашыла бастады; мен орманға барып, ертеңгі астың алдында көз шырымын алайын дедім.

Сегізінші тарау

ДЖИМ УОТСОН ХАНЫМНЫҢ НЕГРІ

Оянсам, күн көтеріліп қалған екен, шамасы сағат сегізден асқан. Мен көк шөптің үстінде, қоңырсалқын көлеңкеде неше түрлі ой ойлап жатырмын, өзімді кәдімгідей жақсы сезіндім, өйткені жақсы демалыппын.

Жапырақтардың арасынан күн көрінеді, бірақ мұнда ылғи үлкен ағаштар өсіп кеткен, олардың түбі өте қараңғы. Жапырақтың арасынан түскен күн сәулесінен жердің беті секпілге толып кеткен секілді, ол сәл қозғалып тұрғандай, яғни жоғарғы жақта жел бар. Екі тиін бұтаның үстіне отырып алып, маған қарайды, бір мезгілде екеуі қосылып бірдеңе деп былдырлады.

Мен жалқауланып жата бердім, рақаттанып жатқаным сондай, тіпті таңғы асты дайындағым келмеді. Тағы көзім іліне беріп еді, кенет құлағыма өзен бетінен "бум" деген дыбыс келгендей болды. Оянып, шынтағыма сүйеніп тың тыңдап едім, әлгі дыбыс тағы естілді. Мен атып тұрып жағаға қарай жүгірдім, жапырақтар арасынан көз салсам, су үстінде кемежай жақта алыста түтін будақтап жатыр. Ал өзеннен төмен қарай адам толы шағын пароход кетіп барады. Енді бәрін түсіндім. Бум!

Ақ түтін пароходтың түтіні екен. Су түбіндегі менің өлі денем бетіне шықсын деп пушкадан оқ атып жүрген солар екен.

Өлердей қарным ашты, бірақ от жақсам, түтінді көріп мені тауып алады. Оқ-дәрінің түтініне қарап дыбысын тыңдаймын. Бұл жерде өзен өте жалпақ, ені бір мильдей шығар, жазғы таңда су бетіне қарағанның өзі рақат, жейтін тамағым болса, мен де айдынның бетіне қарап, менің өлігімді іздеп жүргендерді бақылар едім. Нанның қабығына сынап құйып суға жіберсе, ол жүзіп отырып, суға кеткен адамның өлігі жатқан жерге тоқтайтыны есіме түсті. Дұрыстап қарау керек деймін ішімнен, егер нанның қабығы көрінсе, қапы қалмау керек. Мен аралдың Иллинойс жағына шығып, мүмкін жолым болар деп қоямын. Қателеспеппін: қарасам, нанның үлкен қабығы қалқып келеді, мен ұзын таяқпен ұстай жаздадым, аяғым тайып кетті де қабық жанымнан өте шықты. Бірнеше минуттан кейін тағы да бір қабық келе қалды, бұл жолы қапы қалмадым. Ішіндегі сынапты лақтырып тастап, нанға ауызды салдым. Ақ нан екен, кәдімгі байлар жейтін, әлгі қарапайымдар жейтін жүгері нан емес.

Мен жапырақтары қалың ыңғайлы жерді таңдап алып, ағашқа отырдым да, нанды күйсеп қойып бағанағы шағын пароходқа қарадым. Кенет менің зәрем кетті. Асылы жесір әйел немесе пастор және тағы біреулер құдайға жалбарынып, жаңағы нанның мені табуын сұраған шығар деймін өзіме өзім. Солай болып шықты да. Яғни, дұрыс: жесір әйел немесе пастор сияқты адамдардың намазда сұрағаны болады; ал менің өтінішімнің әсері жоқ; шамасы діндарлардың намазы ғана құдайға жететін болар.

Мен трубкамды тартып ұзақ отырдым, өзен бетіндегі өмірге қарадым. Шағын пароход ағыстың бойымен төменге қарай кетіп барады, егер ол мен отырған жерге жақынырақ келсе, үстіндегілердің кімдер екенін көруге болады.

Ол жақындағанда трубкамды өшіріп, жүгіріп ашық жерге шығып, ағаштың тасасына жата қалып қарадым.

Кешікпей пароход менің қатарыма келді; ол аралға жақын келгені сондай, үстіндегілер жағаға шыға алар еді. Үстінде мен білетіндердің бәрі бар екен: әкем, Тэчер сот, Бекки Тэчер, Джо Гарпер, Том Сойер, оның жанында Полли апай, Сид пен Мери, басқа да толған халық. Әңгімелері кісі өлімі жайлы. Капитан әңгімеге араласты.

— Енді дұрыстап қараңдар! Бұл жерде ағыс жағаға өте жақын барады: денені жағаға шығарып тастауы мүмкін, сосын ол судың маңындағы бұталарға ілініп қалуы да ғажап емес.

Ал мен болсам, тіпті басқаша ойлағам. Бәрі пароходтың бортына топталып, баспалдақ таянышына сүйеніп, көздерін менің жүзіме қадап барады. Мен олардың бәрін ап-анық көріп жатырмын, олар көрген жоқ. Сосын капитан команда берді: "Борттан кейін!" -пушканың оғы дәл менің маңыма түскенде даусынан құлағым бітіп, оқтың түтінінен көзім көрмей қалды: біткен жерім осы екен дедім. Егер пушканы ядромен оқтаған болса, іздеп жүрген өлі дененің үстінен түсетін еді. Есімді жиып қарасам, ештеңем кетпепті, саумын, құдайға шүкір. Пароход жанымнан өтіп, кешікпей көзден таса болды. Мезгіл-мезгіл атылған оқ дауыстарын естідім, дегенмен олар бірте-бірте алыстай берді; ал бір сағаттай уақыт өткенде ешқандай дыбыс естілмеді. Аралдың ұзындығы үш мильдей. Іздеушілер аралдың соңына дейін барып, сосын бұл іске қолдарын бір сілтеген болар деген шешімге келдім. Алайда әзір олай болмай шықты. Олар аралды айналып өтіп, Миссури қолтығына қарай оқтын-оқтын пушкадан оқ атып жоғары көтерілді. Аралдың жоғарғы жақтағы мүйісіне барғасын атуды тоқтатып, Миссури жағалауына бұрылды, одан әрі қалаға бет алды.

Енді тынышталатынымды түсіндім: бұдан былай мені ешкім де іздемейді. Мен қайықтан заттарымды шығарып, орман ішінде өзіме ыңғайлы тұратын орын дайындадым. Жамылғылардан шатыр секілді бірдеңе жасадым, әйтеуір жаңбырдан қорғайды. Жайынның баласын ұстап алып, ішін арамен жардым да, от жағып кешкі тамақ іштім.

Сосын ертеңгі асқа балық аулайын деп қармақ салдым.

Қараңғы түскесін трубкамды алып алаудың жанына отырдым, әуелі тәп-тәуір сезініп ем, содан соң ішім пысып, көңілсіздік басты да, жағаға бардым. Өзен қалай шалпылдайтынын естідім, жұлдыздарды, ағып келе жатқан бөренелер мен салдарды санадым, сосын ұйқыға жаттым. Ішің пысқанда ұйқыдан артық ештеңе жоқ: ұйықтап оянғанда көңілсіз күйдің қайда кеткенін білмейсің.

Осылайша үш күн, үш түн өтті. Ешқандай өзгеріс не жаңалық жоқ — бір қалыпты тірлік. Есесіне төртінші күні аралды түгел айналып шықтым, ұзынынан да, көлденеңінен де зерттеп шықтым.

Мен осы жердің иесімін, арал түгелдей менің меншігімде — олай болса оны бес саусағындай білуің керек, ал ең бастысы уақытты өткізу еді. Ірі қойбүлдірген деген тұнып тұр, әбден піскендері де бар екен, жасыл жүзім, жасыл таңқурай да көп-ақ, ал қара бүлдірген енді-енді тамыр жая бастапты. "Мұның бәрі алдағы уақытта өте қажет болады", — деп ойладым.

Орман ішімен сандалып жүріп, аралдың төменгі мүйісіне жеттім деп ойладым. Мылтығым бар, бірақ ештеңені атқаным жоқ. Оны тек қорғану үшін алғанмын, ал құсты тұрағыма жақын маңнан атып алам деп шештім! Сол жерде дәл жыланды басып кете жаздадым, ол менен қашып, шөптің арасына ирелеңдеп кіріп кетті, мен атқым келіп соңынан қуып бердім; жүгіріп келе жатып бықсып жатқан алаудың үстінен шықтым.

Жүрегім тарсылдай жөнелді. Жан-жағыма қарайтын жай жоқ, жаймен басып бұрылдым да келген жағыма қарай зыттым. Оқтын-оқтын жапырақтың қалың жеріне тоқтап тың тыңдаған болам, бірақ ырсылдап демалғаннан ештеңе де ести алмадым. Әрмен қарай жасырынып, тағы құлақ түрдім; сосын тағы тағы. Көзіме ағаштың түбірі көрінсе, оны адам екен деп қалам; егер аяғымның астындағы бұта сықыр етіп сынып кетсе, біреу менің тынысымды тарылтқандай сезінем.

Тұрағыма жеткен кезде өзіме өзім келе алмай, жаным көзіме көрінді. "Дегенмен, қазір ақымақтық жасайтын кез емес", — деп қоям. Киім-кешек, заттарымды жинап, ешкім көрмесін деп қайыққа апардым, отты сөндіріп, күлін жан-жаққа шашып тастадым, ойым -өткен жылғы алаудың орны секілді болсын, ал өзім ағашқа шықтым.

Шамасы мен екі сағаттай ағаштың басында отырдым ғой деймін, бірақ ештеңені көре де, ешбір дыбысты ести де алмадым — өзім бір нәрселерді көріп, естіп отырғандай сезіндім. Ғасыр бойы ағаштың басында отырмайсың ғой! Ақыры аяғында алдым да, ағаштан түстім, жерге отырдым және ылғи қауіптенуден құтылмадым. Таңғы астан қалған-құтқан бірдеңелерді, сосын жеміс-жидекті жедім.

Күн де кешкіре бастады, асқазаным азан-қазан, жанымды шығара жаздады. Әбден қараңғылық түскенде, жаймен өзенге бардым, ай туғанша Иллинойс жағалауына — ол деген аралдан төрт мильдей жерде — бардым. Сондағы орман ішінде өзіме кешкі тамақ пісірдім, енді осында түнеп шығайын деп шешіп едім, кенет "цок-цок, цок-цок" деген дыбыс естідім, жылқы болар деп ойладым, сосын дауыстар құлағыма келді. Мен тездетіп бәрін қайыққа салдым да, өзім жасырынып орман ішін аралауға кеттім — бірдеңе кездесер деген оймен. Онша ұзай қойғаным жоқ еді, кенет дауыс шықты:

— Осы жерге тоқтағанымыз дұрыс, егер ыңғайлы орын тапсақ; аттар жүре алатын емес. Қане, қарайық.

Мен жағадан жаймен кері қарай шығып, арғы бетке өттім. Қайықты бұрынғы жерге байлап, өзім сонда түнеу керек деп шештім.

Дұрыс ұйықтай да алмадым: әр нәрсені ойладым. Оянып кетсем болды, біреу менің жағамнан алып жатқан секілді. Сөйтіп ұйқы маған пайда әкелмеді. Ақыры аяғында: "Жоқ, бұлай болмайды: менімен бірге аралда кім бар екенін білу керек. Жарылып кетсем де соны анықтаймын!" — дедім. Осыдан кейін біртүрлі жеңілденіп қалған сияқты болдым.

Ескекті алып, екі қадамдай кері шегініп, жағаны бойлап тасамен жүріп отырдым. Ай туды; көлеңке болар ештеңе жоқ, жер күндізгідей жап-жарық. Бір сағаттай қайықты есіп келем; айналаның бәрі тып-тыныш, түгел ұйқыда. Мен аралдың соңына жетіп қалдым. Өзеннің толқындарына жан бітіріп салқын самал соқты — яғни түн ауып барады. Ескекті қозғап, қайықтың тұмсығын жағаға бұрдым, сосын жерге түстім де, жасырынып орман ішіндегі алаңқайға беттедім. Сол жерде бөренеге отырып жапырақтың арасынан айналаға қарадым. Айдың түнгі күзеті аяқталып, демалуға кетті де, өзеннің үстін қараңғылық жапты; содан соң ағаштардың басы сәулеге малынғандай болды — қазір-ақ таң ататынын түсіне қойдым. Мылтықты қолыма алып, бағанағы алаудың күлін басқан жерімді іздедім. Жолым болмады; ол жерді таба алмадым. Ағаштардың арасынан жылтыраған от көрінді. Мен жайлап, аса сақтықпен жасырынып жақындадым; қарасам, жерде бір кісі жатыр. Қорыққаннан өле жаздадым. Басын бүркеп алыпты, мұрны алауға тым жақын. Мен алты-жеті футтай жерде отырып, одан көзімді алмадым. Таң атты. Кешікпей әлгі кісі есінеді, керілді, жамылғысын лақтырып тастады. Тани кеттім — бұл Уотсон ханымның негрі Джим! Ой, қуанып кеттім!

— Амансың ба, Джим! — дедім бұталардың арасынан шығып.

Ол орнынан атып тұрды да, көздері шарасынан шығып маған қарады! Сосын менің тіземе жармасып өтіне бастады:

— Маған тиме, тиме! Мен ешқашан өліктерді өкпелеткен емеспін. Оларды мен жақсы көретінмін, олар үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Өзенге бар, өзіңнің келген жеріңе, қарт Джимге тиісе көрме, ол сенімен ылғи дос еді ғой... 

Мен оған өлік емес екенімді түсіндірдім. Өзім Джиммен кездескеніме қуандым. Енді маған онша көңілсіз емес. Ол біреуге қайда тығылып жүргенімді айтып қояды деп қорықпаймын — солай деп оған түсіндірдім.

Мен ауыз жаппай айтып отырмын, ол маған қарап үнсіз отыр. Ақырында мен:

— Енді таң атты. Тамақ ішейік. Алауды жақсылап жақ, — дедім.

— Оны жаққаннан не пайда, пісіретін ештеңе жоқ болса... қойбүлдірген мен түкке тұрғысыз бірдеңелер. Сенің мылтығың бар ғой? Демек, қойбүлдіргеннен дұрысырақ бір нәрсе табуға болады.

— Қойбүлдірген және ұсақ-түйек бірдеңелер, — деймін мен. — Сен сонда тек осыны жедің бе?

— Басқа ештеңе таба алмадым, — деді ол.

— Сен қашаннан бері аралдасың, Джим?

— Сені өлтірген күннен бері.

— Содан бері ме?

— Иә, иә.

— Мынадан басқа түк таппадың ба?

— Иә, мырза, түк тапқаным жоқ.

— Сен онда аштан өлесің ғой?

— Бір жылқыны тұтасымен жеп қояр едім! Рас айтам. Сен қашаннан бері аралдасың?

— Мені өлтірген түннен бері.

— Қойшы-ей! Не жедің сен? Ә, иә, сенде мылтық бар ғой! Иә, иә, мылтық. Бұл жақсы. Мен от жағайын, сен бірдеңені атып әкел.

Екеуміз менің қайығым тұрған жерге бардық, ол ағаштардың астындағы жасыл алаңқайда от жаққанша, мен ұн, ет, кофе, кофе қайнататын ыдыс, таба, қант, қалайы кружкелер әкелгенде, Джим таңғалғаннан қалшиып тұрып қалды: мұның бәрі сиқырлық деп ойлады. Мен әжептәуір үлкен жайын ұстадым. Джим өзінің пышағымен ішін жарып, отқа қақтады.

Таңғы ас әзір болғасын біз шөптің үстінде жатып алып, оттан шыққан күйінде жеп алдық. Джим әбден ашыққан екен, оның күйсеген дыбысынан құлағым бітіп қалды. Тойып алғасын, демалуға жаттық. Әрі беріден соң Джим сөз бастады:

— Айтшы, Гек, анау үйде кімді өлтірген сонда, егер сені болмаса?

Сол жерде мен оған бәрін айтып бердім, ол сосын келісті жасағансың, Том Сойердің де қолынан келмес еді деп қояды.

Мен:

— Ал сен қалай келдің, Джим, не болды? — деп сұрадым.

Ол кібіртіктеп, бір минуттай үндемеді; сосын:

— Мүмкін, айтпағаным дұрыс болар... — деді.

— Неге, Джим?

— Неге дерің бар ма... Тек сен мені ұстап бермейсің ғой? Рас па, Гек?

— Егер сені ұстап беретін болсам, жерге кіріп кетейін!

— Жарайды, мен саған сенем, Гек. Мен... мен қашып кеттім.

— Джим!

— Сен ұстап бермеймін деп уәде бердің ғой! Есіңде ме уәдең, Гек?

— Жарайды.Уәде бердім — орындаймын.Үнділік ақ сөзім — ұстап бермеймін! Мейлі, мені оңбаған аболиционисші деп атасын жұрт, мейлі жек көрсін бәрі, сол үшін түкірдім! Мен ешкімге айтпаймын және мен енді ол жаққа қайта оралмаймын. Айта бер әрі қарай.

— Әңгіме былай болды. Кәрі қожайыным — Уотсон ханымды айтам — маған күн бермейді, ал ол Орлеанға ешқашан сатпаймын деп уәде берген. Соңғы кезде бір құл сатушы үйдің маңынан кетпейді, мен қауіптене бастадым. Бір күні кешкілік мен жартылай ашық тұрған есікке жасырынып жақындадым, кәрі ханым жесір әйелге мені оңтүстік жаққа, Орлеанға сатам, сатқым келмеп еді, бірақ оған сегіз жүз доллар беріп тұр, ал мұндай қыруар ақшаны алмай қалай шыдайсың! Жесір әйел мені сатпа деп оны үгіттеді. Мен аяғының немен тынатынына қарамай, тартып отырдым.

Таудан төмен түстім; бір қайық қолыма түссе деп келем. Ел әлі ұйықтаған жоқ, жағадағы бөшке жасайтын ескі орынға жұрт тарағанша тығылып отырдым. Осылай түнімен отырдым. Жақын маңда қайыққа мінгендер бірінен соң бірі қаңғырып жүрді. Таңғы алтының шамасында жанымнан қайықтар өте бастады, ал сегіз-тоғыздарда әрбір қайықтағылардың әңгімесі сен туралы болды: әкең қалаға келіп, сені біреулер өлтіріп кетіпті деп хабарлапты. Қайықтардағы ханымдар мен мырзалар сол жерді көруге бара жатқанға ұқсайды.

Кейде қайықтар демалуға жағаға тоқтайды. Осы әңгімелерден сенің өлгеніңді естідім. Менің жаным қатты ашыды, Гек... Ал қазір жаным ашып отырған жоқ.

Күні бойы сол жерде жаттым. Қарным ашты, қорыққаным да жоқ: жесір әйел кәрі кемпірмен таңғы астан кейін шіркеуге намазға барады да, күні бойы сонда болады, ал мені ертемен мал жаюға кетті деп ойлады — менің жоқ екенімді тек қараңғы түскесін біледі. Қалған қызметшілер де мені жоқтамайды, мен білем: кемпірлер үйде жоқта олар қыдыруға кетеді.

Жарайды. Қараңғы түсісімен мен орнымнан шығып, ағысқа қарсы жағада жүрдім; екі мильдей жүрдім-ау деймін, тіпті одан да көп пе — ешқандай үй жоқ. Не істеуім керек екенін сонда шештім. Түсінесің бе, егер мен жаяу кетсем, иттер соңымнан ерер еді; қайықты ұрлап, арғы бетке шықсам, қайықты іздейді де, менің ізімді табады.

Сол бойда бұрылыстан от көрінді. Өзенге қойып кеттім де, жүзе бердім, қолыммен бөренені итеріп келем. Сөйтіп өзеннің ортасына жеттім, қалқып келе жатқан бөренелердің арасына жасырындым, басымды төмен салып, ағысқа қарсы жүзіп келемін — сал келеді деп күттім. Сосын салға отырдым, бұлттар жөңкіліп, тіпті қараңғы болып кетті, мен салдың үстіне жатып алдым. Адамдар салдың ортасында, фонарға жақын жерде. Өзен көтеріліп, ағыс күшейе бастады, сағат төртке қарай бұлармен жиырма бес мильдей жүріп өзеннің төменгі жағына жетем деп жорамалдадым, сосын таң алдында суға түсемін де, жағаға дейін жүзіп барамын, әрмен қарай Иллинойс жағындағы орманға кетемін.

Бірақ менің жолым болмады. Аралдың жанынан өте бергенде, салдың үстімен фонарь ұстап біреу келе жатыр. Суға секірдім де аралға жүзіп жеттім. Кез келген жерден шығам ғой деп едім, қайдағы?! Тік жарқабақ. Аралдың төменгі жағына қарай жүзуге тура келді. Сол жерде жағаға шығып, орманға жасырындым. Үстінде әрлі-берлі фонарьмен жүретін болса, ендігәрі салға жоламаспын деп шештім. Трубка, темекі, шырпы - бәрі бөркімнің ішінде еді, әйтеуір су тимепті.

— Яғни, сен содан бері нан да, ет те жемедің бе? Неге тасбақаны ұстап алмадың?

— Қалай ұстаймын оны? Оны шап беріп ұстай алмайсың, таспен ұрғанға ол мыңқ етпейді-қалай өлтіресің? Сосын түнде оларды қалай аулайсың? Күндіз мен жағаға шықпадым.

— Иә, дұрыс. Әрине, саған үнемі орманда отыруға тура келді. Пушкадан қалай атқандарын естідің бе?

— Естігенде қандай! Сені іздеп жүргендерін білдім. Олардың жанымнан өтіп бара жатқандарын көрдім, бұталардың арасынан қарап отырдым.

Бір кішкентай құстар ұшып, екі қадам жерге қонады, сосын қайта ұшады. Жаңбырдың алдында құстар сүйтеді деді Джим. Мынандай белгі бар: егер тауықтың балапандары бір жерден екінші жерге ұшып-қонса, жаңбыр жауады; яғни құстың балапандары да солай шығар. Мен бірнешеуін ұстап алайын деп едім, Джим рұқсат етпеді. Олай істеген өлімге көрінеді деді. Оның әкесі қатты ауырыпты; балаларының бірі бір құсты ұстап алған екен, кемпір әжесі әкең өледі депті, ақыры солай болып шығыпты.

Джим тағы мынаны айтты: түскі асқа қанша тамақ жасалып жатқанын санамау керек — ол жақсылыққа көрінбейді. Күн батқаннан кейін дастарқанды қағып-сілку де дұрыс емес. Егер ара ұстайтын кісі өлсе, бұл туралы ертеңіне күн шықпай тұрып араларға айту керек, олай етпесе, бәрі қырылып қалады. Джим аралар ақымақтарды шақпайды дейді, тек мен бұған сенбеймін: мен қанша араны ұстадым, бірде-біреуі шаққан емес.

Кейбіреулерін бұрын да естігенмін, бірақ бәрін емес. Джим көп белгі, ырымды біледі, өзі бәрін білемін дейді. Оның айтуынша, белгілер жамандықты меңзейді, мен жақсылықтың белгілері бар ма деп сұрадым.

— Өте аз, онда да пайдасы жоқ. Жақын арада саған бақыт келетінін біліп не керек саған? Келтірмеу үшін бе?

Ол тағы мынаны айтты:

— Егер сенің кеудең, қолың қаптаған жүн болса, сенің бай болатыныңның белгісі. Ал мұндай белгіден қашуға болмайды, әйтеуір бір кезде байлық келеді. Түсінесің бе, мүмкін сен көпке дейін кедей болып жүрерсің, оған шыдамай, қайғыдан асылып өлуің мүмкін, егер түбінде байитыныңды білмесең.

— Сенің қолдарыңда, кеудеңде жүн бар ма, Джим?

— Көріп тұрған жоқсың ба жүндес екенімді? Несіне сұрайсың?

— Сен байсың ба сонда?

— Жоқ. Бір рет бай болғанмын, тағы да бір кезде байимын. Бір рет менде он төрт доллар болды, мен сауда жасап, айырылып қалдым.

— Қандай сауда жасадың, Джим?

— Сауда-саттық қой... жай...

— Ол не?

— Мысалы, мал саттым. Он долларға сиыр сатып алдым. Бірақ енді өзімнің ақшамды оңды-солды жұмсамаймын. Ал, ол сиыр алды да өліп қалды.

— Яғни сен долларды жоғалттың?

— Жоқ, бәрін жоғалтқан жоқпын. Тоғыз доллардай жоғалттым — терісі мен майын бір доллар он центке саттым.

— Сонда сенде бес доллар он цент қалды. Тағы да айналымға салдың ба ақшаңды?

— Әрине! Жалғыз аяқты негрді білесің бе, оның қожасы қарт Брэдим мырза? Міне, сол негр банк ұйымдастырды, кімде-кім бір доллар салса, ол бір жылдан кейін бір долларға төрт доллар алады деді. Негрдің бәрі ақшаларын салды, бірақ оларда ақша тым аз екен. Жалғыз менде ғана көп болды. Төрт доллардың үстіне тағы алғым келіп, үстеме ақша бермесе, мен өзім банк ашамын дедім оған. Әрине, ол негрге тағы бір банктың ашылғаны ұнамайды — екі бірдей банкке салатын ақша қайдан болсын негрлерде; егер мен бес доллар салсам, жылдың соңында ол маған отыз бес доллар берем деп уәде берді.

Мен солай істедім. Отыз бес долларды айналымға саламын, босқа жатқаннан не пайда деп ойладым. Боб деген негр үлкен қайықты ұстап алыпты, ал оның қожасы бұл туралы білмейді: мен жылдың аяғында отыз бес доллар беремін деп қайықты сатып алдым; сол күні түнде қайықты ұрлап кетті, ал келесі күні жалғыз аяқ негр банктің шаруасы бітті деп хабарлады. Сөйтіп, біздің ешқайсымыз ақша ала алмадық.

— Ал сен он центті қайда жібердің, Джим?

— Әуелі соны жойғым келіп еді, сосын түс көрдім, түсімде бір дауыс ақшаңды Валаам атты негрге бер деді. Ол бір ақымақ, саған айтайын. Дауыс айтты: "Валаам сол он центті өнімге салсын, ал түскен пайданы саған берсін!" Валаам, әрине, ақшаны алды, сосын шіркеуде уағыз айтушыдан кім кедейге берсе, құдай есесін оған береді дегенді естиді де, бір пақырға ақшаны беріп, өзі бұдан кейін не болар екен деп күтеді.

— Ал, шынында да, содан не шықты, Джим?

— Ештеңе де болған жоқ. Мен ақшамды кері ала алмадым және Валаам да түк алған жоқ. Енді ешкімге де қарызға ақша бермеймін, тек кепілге болмаса. Ал уағызшы жүз есе көп аласың деп қояды! Өзімнің он центімді қайтарып алсам да қуанар едім.

— Джим, бұл пәле емес, сен бір кезде байитын болсаң.

— Иә, қазір де байимын, ойлап отырсам. Өзіме өзім қожамын, ал мен үшін біреулер сегіз жүз доллар береді. Сол ақшаны маған берсе, артық сұрамас едім.

Тоғызыншы тарау

СУ ҮСТІНДЕ ЖҮЗГЕН ҮЙ

Аралды аралағанда орта тұсынан көзіме түскен бір жерді көргім келді; міне, Джим екеуміз кешікпей сонда бардық, өйткені аралдың ұзындығы үш миль де, ені мильдің төрттен бір бөлігі ғана.

Бұл әжептәуір ұзын, тік жарлы төбе немесе шағын тау, биіктігі қырық футтай. Біз әрең-әрең шыңына шықтық — онда тіп-тік жар, адам өте алмайтын бұталар бар екен. Біз шағын таудың барлық жерін аралап, ақыры ең жоғарысынан кең үңгір таптық, ол Иллинойсқа жақын жақта болып шықты. Үңгір екі-үш бөлме үй секілді, Джим еңкеймей тұра алады. Үңгірдің іші салқын екен. Джим заттарымызды осында қазір әкелейік деп шешті, бірақ мен үнемі биікке өрмелеп, одан төмен түсіп жүреміз бе дедім.

Егер біз қайықты дұрыс жерге жасырып, заттарымызды үңгірге тасып алсақ, осы жер жасырынуға әбден қолайлы, біреу аралға қайықпен келіп итпен іздемесе, бізді таба алмайды. Оған қоса, балапандар жауын болатынын тектен-тек айтқан жоқ, мен барлық затымыз жаңбырдың астында қалсын деп тұрмын ба?

Біз кері қайтып, қайықты алдық, үңгірге жақын жерге жүзіп келдік, затымыздың бәрін осында әкелдік. Содан соң қайықты жасыратын жер іздеп, ақыры сәмбітал жиі өскен жерге орналастырдық та, өзіміз қармаққа түскен балықтарды алып, түскі тамақты дайындауға кірістік.

Үңгірге кіретін жер кәдімгідей кең, бөшкені домалатып кіргізуге болады; еденнің бір жағы биіктеу екен және от жағуға қолайлы, тегіс. Сол жерге от жағып, түскі асымызды пісірдік.

Жамылатын көрпелерімізді жерге жайып отырдық та жайғасып тамақ іштік. Қалған заттарымызды қолымыздың астына, алуға ыңғайлы болсын деп үңгірдің түбіне жинадық. Кешікпей қараңғы түсті, найзағай ойнап, күн күркірей бастады: яғни құстардың болжамы дұрыс болды. Соның арасынша жаңбыр құйып кетті, кәдімгідей шелектеп жауды, жел көтерілді, мен мұндай қатты желді ешқашан көрген емеспін. Бұл нағыз жазғы найзағайлы нөсер. Қап-қараңғы болып кетті, сырттай қарағанда айналаның бәрі қаракөк бояумен боялғандай соншалықты әдемі; жаңбыр қатты жауды, тіпті ағаштар өрмектің арғы жағынан көрініп тұрған сияқты; кенет құтырған құйын ағаштарды майыстырып, жапырақтардың астын үстіне шығарды, сосын жел көтерілгенде ағаштардың жапырақтары желкілдеп, жын қаққандай әсер берді; қараңғылық қоюлана түсті, кенет найзағайдың жарқылынан күндізгідей жарық болып, жүз қадамдай жерге дейін ап-айқын көрінді, сол сәтте қайтадан көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық түсіп, күннің күркілі күшейіп, баспалдақтан домаланған бос бөшкелер секілді дыбыс естіледі.

— Қандай керемет, Джим! — дедім мен. — Мен осы жерден ешқайда кетпес едім. Маған балық пен ыстық нан берші.

— Көрдің бе, міне, Джим болмаса бұл жерге келмес едің. Орманда қарның шұрқырап, үсті-басың су-су болып жаурар едің. Иә, иә, балақайым! Тауықтар қашан жаңбыр жауатынын біледі, ормандағы құстар да...

Он-он екі күн бойына өзен көтерілді, ақыры тасып жағадан шықты. Аралдың жан-жағын су алып кетті, Иллинойс жақты да. Миссури жақтағы жағалауда биік-биік жартастар көп және өзеннің ені ол бетте жіңішке.

Күндіз қайықпен аралды араладық. Орман іші өте салқын әрі көлеңке, күннің көзі күйдіріп тұрса да орманда тоңасың. Ағаштардың арасымен біз әрең жүрдік, жабайы жүзім аяғыңды шырмап жүргізбейді, бізге кері шегініп басқа жол іздеуге тура келді. Ал құлап жатқан әрбір ағаштың үстінде қояндар, жыландар және басқа тірі жәндіктер толып отыр; су қайтпай тұрып алған екі-үш күнде әлгі бейшаралардың жуасығаны сондай, тіпті қастарына келіп, қолыңмен ұстауыңа болады; жыландар мен тасбақаларға жақындай алмадық — олар суға секіріп кетеді. Таудың басындағы біздің үңгіріміздің маңында олар толып жүр. Егер біз көңіліміз соқса, неше түрлі жәндіктерді қолға үйретуімізге болар еді.

Бірде кешкісін біз қалқыған салдан тәп-тәуір қарағай тақтайлар алдық. Тақтайлардың бумасының ені он екі фут, ұзындығы он бес-он алты фут, судың бетіне алты-жеті дюйм шығып тұр. Кейде біз күндіз өзен бетінде қалқыған бөренелерді көретінбіз, тек оларды ұстаған емеспіз: күндіз біз үңгірден шықпаймыз.

Басқа бір күні таң алдында біз аралдың жоғарғы жағына қарай қайықпен бара жатыр едік, кенет — батыс жақтан бір үй жүзіп келеді.

Үй екі қабатты, бір жағына қисайып келеді. Біз жүзіп барып, үстіне шықтық та, екінші қабаттың терезесінен ішіне кірдік. Бірақ тас қараңғы екен, түк көрінбейді; сосын қайықты байлап, таңның атуын күттік.

Біз аралдың төменгі жағына жете бергенде, жарық түсе бастады. Терезеге қарадық. Кереует, үстел, екі ескі орындық және еденде басқа заттар жатыр, ал қабырғада киім ілулі тұр. Түкпіріндегі бұрышта адам секілді бірдеңе жатыр. Джим дауыстады:

— Ей, сен!

Бірақ анау қозғалмады. Сосын мен де дауыстадым. Ал Джим:

— Ол ұйықтап жатқан жоқ — ол өліп қалған. Сен барма, мен өзім барып қарайын, — деді.

Ол терезеден түсті, жатқан адамға жақындап еңкейді.

— Бұл — өлік. Өзі тыр жалаңаш. Оны арт жағынан атыпты. Шамамен екі не үш күн болған өлгеніне. Мында кел, Гек, тек бетіне қарама — өте қорқынышты.

Мен оған қарамадым. Джим оны ескі шүберекпен жапты, бірақ жауып керегі жоқ еді: мен оған қарағым да келмеді. Еденде май тамған ескі карта, вискиден босаған бөтелкелер және қара матадан тігілген екі маска, ал қабырға толы жаман сөздер көмірмен жазылған. Қабырғада көне екі шыт көйлек, шетен қалпақ, юбкалар, ер адамның көйлектері және басқа киімдер ілулі тұр. Біраз заттарды қайыққа салып алдық, қажет болуы ықтимал. Еденде балалар киетін қалпақ жатыр; мен оны да салып алдым. Бұдан басқа сәби соратын шүберекпен оралған сүт құятын бөтелке де еденде жатыр. Біз бөтелкені де алдық, бірақ ол сынық екен. Сондай-ақ жырым-жырым ескі сандық, терімен қапталған шамадан екеуі де ашық, ішінде ештеңе жоқ. Заттардың шашылып жатқанына қарағанда, шамасы иелері асығыс қашып кеткен болар, сондықтан заттарын алуға да мұршалары келмеген секілді.

Біздің қолымызға түскені: ескі қаңылтыр фонарь, сабы жоқ үлкен пышақ, су жаңа қалтаға салатын атақты Барлоу фирмасының шаппасы (мұндай шаппаны ешқандай ләпкеден жарты доллардан кем бағаға таба алмайсың), көптеген майшам, қалайы күрешке, жыртық-жыртық мақта көрпе, инелер, түйреуіштер, жіптер салынған әйелдің кішкене сөмкесі, тағы-тағы ұсақ-түйек заттар. Мысалы: иттің мойын қарғысы, тағы дәрі құйған шөлмектер. Біз кеткелі жиналып жатқанда мен тырнауыш тауып алдым, ал Джим скрипканың ысқышын және ағаш аяқ тапты. Екінші аяқты қанша іздесек те таба алмадық.

Дегенмен пайдамыз жаман болмады.

Біз үйден кетуге бағытталғанда таң атып қалып еді. Аралдан төрт мильдей төменде келеміз; мен Джимге қайықтың түбіне жат дедім де, оны мақта көрпемен жауып қойдым, себебі ол отырса негр екенін алыстағы адамдар да көріп қояды. Иллинойс жағалауына қарай қайықты есіп келемін, ағыс бізді тағы да жарты мильдей төменге түсірді. Аралға аман-есен көлденең оқиғаға кездеспей жеттік.

Оныншы тарау

ЖЫЛАН ТЕРІСІ

Таңғы астан кейін менің өлік жайлы және оны қалай өлтіргені жайлы әңгімелескім келіп кетті, тек Джим көнбей қойды. Мұнымен өзімізге пәле шақырамыз, сондай-ақ өлген адам түнде бізге келуі ғажап емес, көрге көмілмеген адам кез келген жерде жүре береді, ал қара жерден өзінің мәңгілік орнын тапқан адам тыныш жатады деді Джим. Шынында да осынысы дұрыс болу керек, мен онымен тайталаспадым, тек ол кісіні кім неге өлтірді екен деп ойладым.

Біз қолымызға түскен киімдерді қарадық, ескі пальтоның астарына тігілген сегіз күміс доллар таптық. Ол адамдар пальтоны ұрлап алған болар, әйтпесе тігілген ақшаны бұлай қалдырмас еді. Мен шынында пальтоның иесін өлтірген болар дедім, тек Джим бұл жайлы әңгімелескісі келмеді.

Мен оған айттым:

— Міне, сен мұның бәрі жақсылыққа емес дейсің. Мен бұрнағы күні таудан тапқан жылан терісін әкелгенімде сен не дедің? Жыланның терісін қолға ұстаудан асқан жаман ырым жоқ дедің ғой сен. Ал, қандай жамандық болды? Біз қанша дүниені алдық, оның үстіне сегіз доллар! Осындай жамандық күнде болып тұрғанын қалар едім, Джим!

— Бұл ештеңе емес, балам, ештеңе емес. Сен өте әрі кетпе. Пәле алдымызда әлі. Менің сөзімді есіңе сақта: әлі алдымызда.

Солай болып шықты. Бұл әңгіме сейсенбі күні болған, ал жұма күні түскі астан кейін құлама жардың қасында көгалда жатқанбыз: біздің темекіміз таусылып қалды да, мен алып келе қояйын деп үңгірге кеттім. Сол жерде дәу жыланға тап болдым! Мен оны өлтіріп, сақинадай орап Джимнің көрпесіне салып қойдым: кешке Джим өзінің төсегінен жылан тапқанда қызық болады. Бірақ кешке қарай мен ұмытып кеттім. Мен от жағып жатқанымда, Джим көрпеге жата кетті, ал онда өлген жыланның көңілдесі жатыр екен, Джимді шағып алыпты.

Джим атып тұрып, айқайға басты! Біздің бірден көргеніміз ол у жылан екен: сақинадай дөңгеленіп Джимге тағы шабуыл жасағалы тұр. Мен оны бір минутта таяқпен соғып қатыра қойдым, ал Джим әкемнің шөлмегіндегі арақты қылғытып жатыр.

Ол жалаңаяқ еді, жылан оның табанынан шағыпты. Мұның бәрі мен ақымақтың есім шығып кеткенінен болды: егер бір жерде өлген жыланды қалдырса, оның ұрғашысы міндетті түрде жорғалап келіп, оны орап алады. Джим маған жыланның басын кесіп лақтыр, сосын жыланның терісін сыпырып, бір кесек етін қуырып бер деп бұйырды. Мен солай істедім. Ол жеп алды да, осы жазатын шығар деп қойды. Және ол маған сылдырмақтарын алып қолыма байла деді. Сосын мен жайлап үңгірден шықтым да, екі жыланды әрегірек бұталардың арасына тастадым: бәрі менің кесірімнен болғанын Джим білмесе екен деп ойладым.

Джим шөлмектен жұтып отыр, жұтып отыр: мезгіл-мезгіл біртүрлі болып шырқ айналып, ессіз адамдай айқайлап қояды да, есі кіргесін тағы шөлмекке жармасады.

Табаны үлкен болып ісіп кетті, табанының жоғарғы жағы да ісік: сосын арақ ептеп әсер ете бастады.

Енді жазылатын шығар деп ойладым. Мен үшін әкемнің арағынан жыланның уы жақсы.

Джим төрт күн, төрт түн жатты. Содан кейін ісік тарқады да, ол аман-сау жазылды. Ешқандай нанның қабығы үшін жыланға да, оның қабығына да жоламаспын деп шештім. Келесі жолы сен маған сенетін шығарсың деді Джим: жыланның қабығын қолға ұстау — жаман ырым, мүмкін әлі соңғысы емес шығар. Жаңа туған айды сол иығың арқылы көру, жыланның қабығын ұстаудан жүз есе артық деді Джим. Мен өзім де солай ойлай бастадым, бірақ осыған дейін сол иығың арқылы жаңа туған айға қараудан асқан ақымақтық жоқ дейтін едім. Хэик Банкер қария осылай жаңа айға қарап, соған өзі мақтанып еді, сосын не болды деңіз! Екі жыл өтпей ол удай мас мұнарадан құлап, тас-талқаны шықты, оны табыттың орнына екі есіктің ортасына салып көміпті; мен өзім көргенім жоқ, әкемнен естідім. Әрине, бұл оның сол иығы арқылы жаңа туған айға қарағанында болды.

Осылайша күн артынан күндер өте берді, өзен де өз арнасына түсті. Біз терісі сыпырылған қоянды үлкен қармаққа іліп, өзенге тастап едік, үлкендігі кісі бойындай жайын ұстадық: ұзындығы алты футтан артық, ал салмағы екі жүз фунттай. Біз оны судан шығара алмадық: ол бізді Иллинойсқа лақтырып жіберер еді. Біз жай оның әбден сілесі қатқанша бұлқынып тыпырлағанына қарап отырдық.Оның қарнынан жез ілгек, дөңгелек шар және басқа да бірдеңелер таптық.

Біз шарды балтамен шауып қақ бөліп едік, оның ішінен катушка шықты. Асылы балықтың қарнында өте көп уақыт жатқан болар, әйтпесе осынша үлкейіп шарға айналмас еді деді Джим. Меніңше, Миссисипиде мынадан үлкен балықты ешқашан ауламаған болар. Джим де мұндай ірі балықты бірінші рет көріп тұрмын деді. Қалада бұны жақсы бағаға сатуға болар еді. Мұндай балықты базарда фунтқа сатады және жұрттың көбі алады: жайынның еті ақ болады, ол қуыруға жақсы.

Ертеңіне менің көңілім құлазып ішім пыса бастады да, алаңдайтын бір нәрсе істегім келді. Мен Джимге өзеннің арғы бетіне барып не болып жатқанын біліп келейін дедім. Джимге бұл ұсыныс ұнады; тек қараңғы түскенше күт, қалада құлағың түрік жүрсін деді.

Ол тағы ойланып отырды да — ескі-құсқының арасынан тауып, қыз болып киінсең қайтеді деді. Бұл да жақсы идея. Шыт көйлектердің біреуін қысқарттық, мен шалбарды тіземе дейін түріп алдым да кидім. Джим арт жағындағы ілмектерді бекітті, сонда өзі шап-шақ болды. Шетен қалпақты киіп, иегімнің астынан лентасын байладым, сонда менің бетіме қараудың өзі оңай болмады — пештің тұрбасына қарағандай. Сені енді тапа талтүсте де ешкім тани қоймас деді Джим. Мен күні бойы көйлекті киіп тәжірибе жасадым, ептеп үйреніп, өзімді еркін сезіне бастадым. Тек Джим қыздардың жүрісі басқаша болады және көйлегіңді көтере берме, сосын қолыңды қалтаңа салуды қой деді. Мен бәрін есіме ұстадым, іс оңға басқан секілді.

Қараңғы түсе бастағанда мен қайықпен жоғары қарай ағыстың бойымен Иллинойс жағалауынан ұзамай жолға шықтым.

Қалаға келіп, кемежайдан төменірек, шетке тоқтадым. Қайықты байлап, мен жағамен жүрдім. Бұрын ешкім тұрмайтын ескі кішкене үйде шам жанып тұр, менің онда кім тұратынын білгім келіп кетті. Жасырынып жақын келдім де терезеден қарадым. Қырық жастардағы әйел майшамның жарығымен қарағай үстелдің жанында бір нәрсе тоқып отыр. Түсі таныс емес: шамасы қалаға жақында келген болуы керек, әйтпесе мен қала тұрғындарының бәрін танимын. Бұл жолы ісім оңға басты, себебі мен осында неменеге келдім деп қорқа бастадым. Мені дауысымнан бәрі танып қояды ғой. Ал, мына әйел осында келгеніне тіпті екі күн болса да керек хабардың бәрін маған айтып береді. Есікті қақтым, қыз екенімді ұмытпаймын деп өзіме уәде бердім.

Он бірінші тарау

БІЗДІ ҚУЫП КЕЛЕДІ!

— Кіріңіз, — деді әйел, мен кірдім. — Отыр.

Отырдым. Ол жылтыраған кішкене көздерімен менің басымнан аяғыма дейін қарады.

— Атың кім? — деп сұрады.

— Сара Вильямс.

— Қайда тұрасың? Жақын жерде ме?

— Жоқ, Гукервилде тұрам, бұл жерден жеті миль, өзеннің төменгі жағында. Жаяу келдім, өте шаршап кеттім.

— Қарның да ашқан болар деп ойлаймын. Қазір бірдеңе іздеп көрейін.

— Жоқ, керек емес. Қарным ашқасын, осы жерден екі миль қашықтықтағы фермаға кіргенмін, қазір тамақ ішкім келмейді. Сондықтан кеш келгенім. Анам ауру, жатады, ақшамыз жоқ, ештеңеміз де жоқ; ағам Абнер Мурға бара жатыр едім. Анам айтқан ол осы қаланың арғы шетінде тұрады деп. Мен бұл жерде болмап едім. Сіз оны білмейсіз бе?

— Жоқ, мен әзір бәрін білмеймін. Біздің мұнда тұрғанымызға екі апта да болған жоқ. Қаланың ол шетіне дейін онша жақын емес. Бізде қон. Қалпағыңды шешіп қойсайшы.

— Жоқ, мен сәл демалып алайын, — дедім мен, — сосын ілгері жүрем. Мен қараңғыда қорықпаймын.

Ол мені жалғыз жібермеймін, сағат жарымнан кейін күйеуім келеді, сол апарып салады дейді. Сосын ол өзінің күйеуі жайлы, өзеннің жоғарғы жағында, сосын төменгі жағында тұратын туған-туысқандары жайлы әңгімелей бастады, өздері күйеуі екеуі бұл қалаға бекер келгендерін, бұрын жақсы тұрғандарын және басқа жағдайларын айтты; мен мына әйелден қаладағы әңгімелерді естимін деп бекер келген екенмін деген ой келе бергенде оның әңгімесі әйтеуір әкеме жетті-ау, сосын мені қалай өлтіргендерін де білетін болып шықты; мейлі айта берсін деп мен отырмын. Ол біз Том Сойер екеуміздің он екі мың (оның сөзі бойынша жиырма мың болып шықты) доллар тауып алғанымыз, менің әкем жайлы, ол оңбайтын, әбден біткен адам, мен де сондаймын, ақырында менің өлімім жайлы айтып берді. Мен:

— Оны кім өлтіріпті? Біз де Гукервилде естігенбіз осындай бір әңгімені, бірақ Гек Финнді кім өлтіргенін білмейміз, — деп сұрадым.

— Оны кім өлтіргенін білгісі келетіндер осында да жетерлік. Кейбіреулер Финнді шалдың өзі өлтірген деп ойлайды.

— Не дейсіз...

— Әуелі жұрттың бәрі солай ойлады. Ал жұрттың оны тірідей сойғысы келгенін шалдың өзі білмейді. Тек кешке қарай ел пікірлерін өзгертіп, Гекті өлтірген Джим атты қашқын негр деп шешті.

— Ол деген...

Мен тоқтай қалдым. Одан да үндемей отырайын деп шештім. Ал ол болса сөйлей берді, сөйлей берді, тіпті менің бірдеңе айтқым келгенін де естімеді.

— Ол негр Гек Финнді өлтірген түнде қашып кеткен. Оны ұстаған адам үш жүз доллармен марапатталады. Шал Финн үшін де екі жүз доллар береді. Көріп тұрсың ба, ол қалаға таңертең келді, ұлының өлімі жайлы айтты, жұртпен бірге өлікті іздеді, содан кейін жоқ болып кетті. Сол кеште оны жазалаулары керек еді, ол қашып құтылды. Ертесіне негрдің де қашып кеткені белгілі болды: оны сол күнгі кешкі тоғыздан кейін ешкім көрмепті, бұл да Гекті өлтірген түн, сондықтан жұрт негр өлтірді деп шешті. Ал келесі күні бүкіл қала ол жайлы ауыз жаппай жүргенде, кенет, Финн шал келеді, бірден Тэчер соттың алдына барып шу көтереді: сот оған ақша беруін және әлгі негрді ұстау үшін бүкіл Иллинойс бойын әскермен аралап тексеруді талап етеді. Сот оған ақша беріпті, шал сол кеште мас болып, түн ортасына дейін бір белгісіз адамдармен көшеде жүрді, сосын олармен бірге кетті. Содан бері оралған жоқ, бізде жұрт бәрі ұмытылғанша ол келмейді деседі. Өзі өлтіріп, тонаушылардың ісі деп көрсетуге тырысқан; сосын Гектің ақшасын алады, соттан сот қоймай кезудің қажеті болмайды сосын. Бірақ біреулер: "Оның қолынан кісі өлтіру келмейді!" — деп қояды. Менің ойымша, ол арам! Егер ол бір жыл бойы көрінбесе, оған ештеңе де болмайды. Дәлелдейтін ештеңе жоқ қой: сосын бәрі тынышталады, ол Гектің ақшасын алғасын.

— Солай шығар. Кім оған кесел келтіреді! Яғни Гекті негр өлтірді деп қазір ешкім ойламай ма?

— Жоқ, ойлайды әлі. Жұрттың көбі дегенмен сол негр өлтірді деген пікірде. Негрді кешікпей ұстайды, сонда шындық ашылатын шығар.

— Қалай, оны әлі іздеп жүр ме?

— Сен ештеңе түсінбейді екенсің! Үш жүз доллар жолда жатқан жоқ қой. Кейбіреулер негр осы маңайда, қашықта емес деп ойлайды. Мен де солай ойлаймын, бірақ айтпаймын. Жақында біздің іргеміздегі ағаш сарайда тұратын кемпір-шалмен сөйлесіп едім, олар айтады анау — Джексон аралы деп аталатын жерде ешқашан ешкім болмайды деп.

— Онда ешкім тұрмай ма? — деп сұрадым.

— Тұрмайды дейді. Мен оларға ештеңе дегенім жоқ, бірақ ойланып қалдым. Осыдан бір-екі күн бұрын мен аралдың жоғарғы биігінен түтін көргендей болдым; әлгі негр сонда тығылып жүрген болар деп ойладым; қалай болғанда да аралды түгел сүзіп шығу керек. Содан бері түтінді көрмедім, соған қарағанда негр бір жаққа зытқан болар, егер сол болса. Күйеуім бір көршімізбен екеуі барады, жақында өзеннің жоғарғы жағына кеткен, осыдан екі сағат бұрын келді, мен оған бәрін айттым.

Менің қобалжығаным сондай, тіпті орнымда отыра алмадым. Қолымды қайда қоярымды білмедім: үстелдің үстінен ине алып, жіпті сабақтай бастадым. Қолдарым дірілдеп, сабақтай алмадым. Әйел, үндемей қалды, мен оған қарап едім: ол біртүрлі менен көзін алмай, сәл күлімсіреп отыр екен. Мен ине-жіпті орнына қойып, оның әңгімесін қызыға тыңдағандай болдым да:

— Үш жүз доллар — үлкен байлық қой. Менің анамның қолына тисе ғой сол ақша! Сіздің күйеуіңіз аралға бүгін түнде бара ма? — дедім.

— Әрине, енді қалай! Ол мен айтқан көршімен қалаға кеткен, қайық және тағы бір мылтық табылса. Олар түн ауғасын барады.

— Мүмкін таңға дейін кідірген дұрыс шығар.

— Негр түн ауғасын ұйықтап қалады, сол кезде олар қараңғыда орманда тығылады да, негр от жақса, бірден көреді.

— Мен ол туралы ойламаппын.

Әйел тағы да маған бір түрлі күдікпен қарағандай болды. Сосын:

— Сенің есімің кім дедің? — деп сұрады.

— М-Мери Вильямс.

Мен бірінші рет "Мери" демеген сияқтымын.

Басқаша айтқан сияқтымын, мен оған қарай алмадым; Сара дедім-ау деймін. Ол мені тығырыққа тіреді, сондықтан мен оған қарай алмадым.

Ол тағы да бір жайлар туралы әңгіме айтса екен деп отырмын: ол үндемеген сайын мен өзімді нашар сезіндім.

Кенет ол:

— Сен әуелі Сара деген сияқты едің үйге кіргенде.

— Иә, дұрыс: Сара Мери Вильямс. Менің алғашқы атым Сара болатын. Біреулер мені Сара дейді, кейбіреулер Мери деп атайды.

— Ә, солай ма?!

— Иә, мэм!

Мен аздап тынышталғандай болдым, дегенмен тұра қашқым келіп әрең отырмын. Оған қарауға батылым бармады.

Ол енді қазір заман өзгерді, күн көру қиындап барады, күйеуі екеуінің тұрмыс-күйлері нашар, тышқандар да құтырып үйдің ішінде асыр салады деп тұрмыстық әңгімеге көшті, тұла бойым жеңілденіп қоя берді. Тышқандар жайлы айтып отырғаны рас.

Біреуі бұрыштағы тесіктен қайта-қайта тұмсығын шығарып тыным бермеді. Әйел айналасына ұсақ-түйек заттарды тышқандарға лақтыру үшін ұстайтынын, үйде жалғыз қалғанда тіпті тыным бермейтінін жыр қылып айтты. Ол маған қорғасын құйған жуан жіпті көрсетіп, жақында осыны лақтырам деп қолын шығарып алғанын, енді лақтыра ала ма, алмай ма — білмейтінін айтты. Ол аңдып отырды да, тышқанға жіберіп қалып еді -тимеді, тимегеніне қиналып қалды. Егер тышқан тағы көрінсе, сен лақтырып көр деп маған берді. Мен әлгі қорғасын құйған ауыр затты алып, тышқан көрінгенде көздеп лақтырып қалдым — егер тышқан отырған болса, сау кете алмайтын еді. Әйел лақтырғаның өте жақсы, екінші ретте тигізесің деп қояды. Ол орнынан тұрып, әлгі қорғасынды маған әкеліп берді де, өзі бума жіпті алып, тарқатуға көмектес деді. Мен қолымды ұстадым, ол жіпті соған керді де, өзінің шаруасы жайлы әңгімесін жалғастыра берді. Кенет әңгімесін үзіп:

— Сен тышқандарды қарап қой. Қорғасынды тізеңе қой, алуға оңай болсын.

Қорғасынды маған тастады; мен қағып алдым. Ал ол менің қолымнан жіпті алды да, көзіме тура қарап бір түрлі еркелетіп сөйледі:

— Ал сенің атың кім, шын атыңды айтам?

— Қ-қалай сонда?

— Сенің атың кім? Билл, Том немесе Боб, әлде басқа ма?

Тұла бойым қалтырап кетті, не істерімді білмедім. Дегенмен айттым:

— Өтінемін, бейшара қызды келеке етпеңіз! Егер мен кесел келтіріп отырсам, кетейін...

— Жоқ, жоқ. Орныңа отыр. Мен сені ренжітпеймін және сен туралы ешкімге айтпаймын. Сен маған сен, құпия сырыңды айт. Мен ұстап бермеймін: ол аз болса, мен саған көмектесемін. Менің шалым да көмек етеді, қажет болса. Сен қашып жүрген шебердің көмекшісісің ғой, болғаны сол. Онда тұрған не бар екен! Саған күн көрсетпеді, сосын қашып кеттің. Құдай жәрдем берсін, мен сен жайлы тірі жанға айтпаймын. Ал енді айта бер, ақылды бол.

Мен енді жасырмай, бәрін сол күйінде айтатын боламын, тек ол әйел де сөзінде тұрсын деп жауап бердім. Әке-шешем қайтыс болған, сосын мен ауылда тұратын бір сараң шаруаға тәрбиеге берді, өзеннен отыз мильдей жерде. Ол маған өте жаман қарайды, мен біраз шыдадым, ақырында ол бір-екі күнге бір жаққа кетті, мен оның кеткенін пайдаланып, қызының ескі көйлегін ұрлап алдым да қаштым, отыз миль жерден үш күнде әрең жеттім. Түнде жүрдім де, күндіз тығылып ұйықтадым; қолымда қапқа салған нан, ет бар, оларды үйден алып шыққам, жол бойы соларды жедім. Менің ағайым Абнер Мур мені қамқорлығына алатын болар, міне, сондықтан мен осында, Гошенге келдім.

— Гошенге дедің бе, балам? Бұл Гошен емес, бұл Санкт-Петербург. Гошен өзеннің жоғарғы жағында он миль жерде. Саған кім айтты бұл Гошен деп?

— Бір кісі айтты: мен бүгін ертемен ұйықтап алайын деп орманға бұрыла беріп едім, әлгі адамға тап болдым. Жолдың қиылысынан оңға бұрылу керек, сонда бес мильден кейін Гошен болады деді.

— Мас адам шығар. Ол саған керісінше айтыпты.

— Ол өзі де мас секілді көрінді. Жарайды, енді бәрібір ғой. Кету керек. Таң ата Гошенде боламын.

— Кішкене кідіре тұр. Мен саған тамақ берейін, қарның ашқан шығар.

Ол мені тамақтандырып, сосын сұрады:

— Қане, маған айтшы: егер сиыр жатса, тұрғанда жерден қалай көтеріледі - алдымен бе, артымен бе?

— Артымен.

— Жарайды. Ал, жылқы ше?

— Жылқы алдымен.

— Ағаштың қай жағына мүк өседі?

— Солтүстік жағына.

— Егер тау беткейінде он бес сиыр жайылып жүрсе, олардың нешеуі бір жаққа қарайды?

— Он бесі де.

— Сен шынында да ауылда тұрған екенсің. Мені алдап отыр деп ойлап едім. Шын атың кім болды сонымен?

— Джордж Питерс, ханым.

— Сен мұны ұмытып қалма, Джордж. Болмаса, атым Александер дерсің, мен сені ұстап алсам, сен Джордж Александермін деп бұлқынарсың. Әйелдерге мына көйлекпен көрінбе. Қыз болған рөлің онша емес, ал еркектерді қатыруың мүмкін. Құдайым-ай, инені осылай сабақтай ма? Сен жіпті қозғамай ұстап, инені оған жақындатасың, ал инені қозғалтпай ұстау керек те жіпті өткізу керек. Әйелдер әрқашан да солай істейді, ал ылғи керісінше. Тышқанға немесе басқа бірдеңеге таяқ лақтырғанда, аяғыңды ұшынан басып, қолыңды басыңнан жоғары көтер және осының бәрі онша ұқыпты шыққан-шықпағанын қадағала, сосын бес немесе алты қадамдай жерден лақтырғаның алыс түссін. Қолыңды мейлінше жоғары созып лақтыр, қыздардың бәрі солай істейді;ал балалар сол иығын алға қойып, шынтағы мен қолдың басқы буынымен лақтырады; қыздарға бір нәрсе лақтырғанда олар ер балалар секілді екі бұтын қоспайды, керісінше аяқтарын талтайтады. Сенің ер бала екеніңді ине сабақтаған кезіңде-ақ байқағам, ал басқасының бәрін тек тексеру үшін істедім. Ал, енді, Сара Мери Вильямс Джордж Александер Питерс, ағайыңа бар, ал егер қиындыққа ұшырап қалсаң, Джудит Лофтес ханымға, яғни маған хабар бер, ал мен сені құтқаруға тырысамын. Ылғи жағамен жүр, ал келесі жолы қашқан кезде, қысқа шұлық пен аяқ киім алып жүр. Жағаның жолы тасты болады — аяғыңды жарақаттайсың, Гошенге жеткенше деп ойлаймын, абайлап жүр.

Мен жағамен жүз қадамдай жүрдім де, сосын кері бұрылып, қайығым тұрған жаққа зымырадым — әлгі үйден едәуір қашықта, өзеннің төменгі жағында болатын. Қайыққа секіріп міндім де, ағыстың бойымен өзеннің жоғарғы жағына тарттым, сосын аралдың қатарына келгенде, көлденең жүруге тура келді, өзеннің ортасына жеткенде сағаттың он бірді соққанын естідім, мен тоқтай қалып тыңдадым, өзеннің үстінде анық естілмегенмен, зейін салып құлақ түрсең ақырын болса да естіледі. Аралдың жоғарғы мүйісіне жеткенде демалып отырмадым, әбден сілем қатып шаршасам да менің бұрынғы тұрған жеріме — орман ішіне — жүгірдім, сондағы биіктеу құрғақ алаңқайға жақсылап алау жақтым. Сосын жан ұшырып қайыққа жеттім де, бір жарым миль төмендегі біздің тұрағымызға қарай бар күшімді салып естім. Жағаға қайықты байлай салып бұталардың арасымен тауға өрмелеп, ентігімді баса алмаған күйімде үңгірімізге кірдім. Джим жерде қатты ұйықтап жатыр екен. Оны ояттым.

— Тезірек тұр да жинал, Джим! Бір минутты да жоғалтуға болмайды! Бізді іздеп жүр. Артымыздан қуып келеді! — дедім. Джим ештеңе айтпастан, еш нәрсені сұрамастан жинала бастады, оның әр қимылынан соншалықты қорқып кеткені көрініп тұрды. Сағат жарым өткенде біз дүние-мүлкімізді салдың үстіне жинадық та, салды бұталардың арасына тығып қойған жерімізден шығаруға кірістік. Ең алдымен біз үңгірдегі алауды өшірдік, содан кейін тіпті майшамды да жақпадық.

Мен қайықпен жағадан ұзап шықтым да жан-жағыма қарадым: бірақ ештеңе көре алмадым, егер жақын бір жерде қайық болса, мен оны көрмес едім, өйткені жұлдызды түннің қараңғылығында ажырата қою қиын. Сонан соң салды қойған жерімізден шығарып, жағалаудың көлеңкесімен жай ғана жылжып, аралдың төменгі мүйісіне қарай бет алдық, — бір-бірімізге тіл қатпадық.

Он екінші тарау

"ОНЫ ҚОЗҒАМАҒАН ДҰРЫС"

Шамамен түнгі бірдің шамасында біз әйтеуір аралды артқа тастадық; бізге сал тым жай жылжып келе жатқандай көрінді. Егер алдымыздан қайық кездесе қалса, біз қайығымызға отырып, Иллинойс жағалауына кетер едік; бірде-бір қайықтың кездеспегені жақсы болды, себебі қайыққа мылтық та, қармақ та, жейтін ештеңе де салмаппыз. Біздің асыққанымыз сонша, жаңағыларды ойлауға да мұршамыз келмеді. Ал барлық затты салдың үстінде қалдыру, әрине, ақылдылық емес.

Егер әлгі адамдар Джимді іздеп аралға барса, ол жақта мен жаққан алаудың маңында түнімен оны күткен шығар. Қалай болғанда да, біз ешкімді көрмедік, егер мен жаққан от оларды алдай алмаса, мен кінәлі емеспін. Мен оларды алдау үшін әйтеуір бар күшімді салғаным рас еді.

Күннің алғашқы белгілері көріне бастасымен, біз Иллинойс жағалауына тоқтап, көсенің шетіне қайықтарды байладық та, балтамен көк бұтақтарды шауып, шөппен тал басып кеткен шұңқырға ұқсас болсын деп салды жаптық. Көсе деген — бұталар тым тығыз өскен құмды жер.

Миссури жағалауында тұтасып жатқан тау жоталары да, ал Иллинойс жақта биік өскен қалың орман бар, сондықтан біз біреу-міреу үстімізден шығады деп қорықпадық. Біз Миссури жағалауы жақта ағыстың бойымен қалқып бара жатқан салдар мен пароходтарға, өзеннің жоғарғы жағына бет алған пароходтардың қарсы ағыспен алысып бара жатқанына қарап, күні бойы соны Джимге жеткізіп ем, ол шайтан алғыр әйел біздің соңымызға түссе, түнімен алауға қарап отырмас еді деді, — "жоқ, мырза, ол өзімен бірге итті алып жүрер еді". "Ендеше ол күйеуіне итті ала кет деп бұйырмады", — дедім. Бұл оның ойына еркектер өзеннің арғы жағына кеткесін түскен болар: олар сосын итті алу үшін қалаға барып, көп кешіккен шығар, ал, олай болмағанда біз бұл көседе — қаладан он бес-он алты миль жерде отырмас едік, — "жоқ, отырмас едік, біз тағы сол қаладан шығар едік". Мен: "Олардың бізді ұстай алмағандығы емес, ең бастысы — ұстамағаны," — дедім.

Қалай қараңғы түсе бастады біз бұтақтардың арасынан басымызды қылтитып, өзеннің төменгі және жоғарғы жақтарына көз салдық, сосын арғы бетке қарадық, бірақ қауіптенетіндей ештеңе көрінбеді; сосын Джим салдың үстінен бірнеше тақтайды алып, кәдімгідей шалаш жасады: ыстықта баспана болатындай, жаңбыр жауса заттарымыз су болмайды.

Джим тақтайдан биік етіп еден жасады, енді өзеннен пароходтар жүріп өткенде біздің көрпе, тағы басқа дүниелерімізді толқын шаймайды. Шалаштың ортасына қалыңдығы алты-жеті дюйм саз балшық салды, балшық жайылып кетпесін деп жан-жағын бекіттік, бұл ылғалды, салқын күндері үстіне от жағу үшін, шалаштың ішіндегі от сыртқа көрінбейді. Біз қосымша ескек жасадық, себебі бұрынғы ескегіміз судағы ағаш түбірлеріне, тастарға соғылып мүжілуі, сосын сынып қалуы әбден мүмкін. Содан соң салға қысқа таяқ бекіттік те, оған ескі шамды ілдік, өйткені өзеннің төменгі жағына келе жатқан пароход бізді соғып кетпеуі үшін шам жағу керек: ал өзеннің жоғарғы жағына бара жатқан пароходтар үшін шам жағудың қажеті шамалы; әрине, егер өзеннің суы кемерінен асып жатса, жағалау су астында қалады да, ағысқа қарсы жоғары бара жатқан кемелер ағынның аздау жерін іздеп, жағаға жақын жүреді, сонда шам жағу керек.

Екінші түні біз жеті ме, сегіз бе сағат, ағыс қатты болғасын сағатына төрт мильден аса жылдамдықпен жүрдік. Балыққа қармақ салдық, ұйқы қысқанда суға сүңгіп аламыз. Кең де тыныш өзеннің бетінде шалқаңнан жатып аспандағы жұлдыздарға қараған қандай керемет!

Тіпті дауысымызды шығарып әңгімелескіміз де келмеді, күлкіміз де жай әрі сирек күлеміз. Жалпы алғанда, ауа райы ылғи жайлы, күн ашық болып тұрды, біз ешқандай көлденең кеселге ұрынғанымыз жоқ — сол түні, келесі түнде де, одан арғы түндерде де.

Әр түн сайын біз қалалардың жанынан өттік; олардың біразы биік те қараңғы жағалауда, тек тізілген оттардың тізбегі ғана көрінеді — бірде-бір үй не басқа нәрсе көрінбейді. Бесінші түні біз Сен-Луидің жанынан өттік; оның үсті жарқыраған сәулеге малынып тұрды. Бізде, Санкт-Петербургте, Сен-Луиде жиырма, тіпті отыз мың адам тұрады дейтін, бірақ мен бұған сенбейтінмін, ал түнгі екіде мынандай сансыз оттардың сәулесіне оранып тұрғанын көргенде, сенбеске болмады. Түн тып-тыныш, қала жақтан дыбыс естілмейді: бәрі ұйқыда.

Кеш сайын мен сағат он шамасында жағаға шығып шағын ауылдардан он-он бес центке үн, ысталған төс ет және басқа ұсақ-түйектерді сатып аламын; бірде жұмыртқасын басудан жалығып, шығып кеткен тауықты ұстап алдым. Әкем айтатын: "Егер қолыңа тауық түсе қалса, оны ал, себебі өзіңе керек болмаса, басқа біреуге бересің, ал қайырымды іс ешқашан ұмытылмайды", — бұл - оның мәтелі. Бірақ мен әкемнің тауық керек емес дегенін естіген емеспін.

Таңертең ертемен мен далаға шығып қарбыз, не қауын немесе асқабақ, болмаса жас жүгері секілді тағамдарды қарызға алам. Әкем қарызға алғанның айыбы жоқ, егер бір кездері қайтаратын болсаң дейтін; ал жесір әйелден естігенім: қарызға алу да — ұрлықтың бір түрі, тек басқаша аталады, Джим болса әкемнің айтқаны да, жесір әйелдің айтқаны да түгелімен болмаса да, жартылай дұрыс, сондықтан тізімнен екі-үш затты алып тастасақ, басқаларын қарызға алған күнә емес деді. Біз сал үстінде түнімен отырып, қайсыларын тастаймыз: қауынды ма, қарбызды ма немесе басқасын ба деп шешуге тырыстық. Таң ата біз мәселені келістіріп, орман алмасын, құрманы алмаймыз деп шештік. Бұрын біз өзімізді онша жақсы сезінбеп едік, енді біраз жеңілденіп қалдық. Менің қуанғаным — орман алмасы деген дәмі жоқ бірдеңе, ал құрма болса, әлі екі-үш айсыз піспейді.

Кейде біз ерте оянған немесе түнгі жатағына өте кеш оралған үйректі атып алып жүрдік. Жалпы алғанда, біздің жағдайымыз жаман емес.

Бесінші түні Сен-Луидің төменгі жағында біз күн күркіреп, шелектеп құйған жаңбырдың астында қалдық. Екеуміз шалашқа тығылып, салды өз бетімен қоя бердік. Найзағай жарқылдаған кезде біз түп-түзу кең өзен арнасын, екі жақ жағалаудағы биік тік жартастарды көреміз.

Кенет мен:

— Ей, Джим, ана жаққа қарашы! — дедім.

Алдымызда жартасқа соғылып қираған пароход тұр. Ағыс бізді тура соған қарай алып барады. Найзағайдың жарығы пароходты анық көрсетті. Бір жағына жамбастай қисайған; жоғарғы палубаның бөлігі судың бетінде шошайып жатыр, найзағай жарқылдаған сайын түгел көрінді, үлкен қоңыраудың жанындағы орындықта ескі қалпақ ілулі тұр.

Түн жым-жырт әрі қараңғы, айналаның бәрі құпияға толы әлем; мен (менің орнымда басқа балалар да сондай күйде болар еді) өзеннің ортасында жападан-жалғыз қарайып тұрған пароходты көргенде, үстіне секіріп шығып, ішінде не болып жатқанын көргім келді.

— Қане, Джим, соған байлайық, — дедім мен.

Джим әуелі ат-тонын ала қашты. Ол айтты:

— Қираған пароходта не бар екенін мен көрмеппін бе? Бізге осы салымыз да жаман емес; оған тиіспей-ақ қойғанымыз артық. Онда күзетші бар шығар бәлкім.

— Өзің күзетші! — дедім мен. — Оның ішінде лоцманның отыратын будкасы мен карталардан басқа күзететін түк те жоқ: лоцманның будкасы мен карталар үшін суға батайын деп тұрған пароходта осындай түнде өмірін қатерге ұшыратуға дайын біреу бар деп ойлаудан саумысың?

Джим бұған ештеңе айта алмады, тіпті айтқысы да келмеді.

— Одан басқа, — деймін мен, — капитанның картасынан бірдеңелерді алуға болар еді. Сигарлар бар шығар — бір талын бес центке сатуға болатын. Пароходтардың капитандары әрқашан да шіріген бай болады, айына алпыс доллар алады, зат қанша тұрса да, олар бағасына түкірмейді де — олар сатып алады, тек ұнаса болғаны... Майшамды қалтаңа сал, Джим: пароходты түгел тінтпейінше, мен бәрібір тыным таппаймын. Том Сойер мұндай сәтті бос жіберер еді деп ойлайсың ба. Жоқ, ешқандай кесек нан үшін де көнбес еді! Ол мұны "бастан кешкен оқиға" деп атар еді! Өліп кетсе де ол қираған пароходқа кірер еді. Ол осының бәрін керемет етіп жасап, тағы бір "оқиғаларды" ойдан қосар еді. Христофор Колумбтың өзіндей аспан патшалығын ашар еді. Том Сойердің бізбен бірге болмағаны өкінішті!

Джим әрі-бері күңкілдегенмен, ақыры көнді. Өте аз және жай сөйлеу керек деді Джим. Найзағай пароходты бізге уақытында және анық көрсетті: біз жүк салатын тұстың оң жағынан жақындап, салды байладық.

Палуба әбден қисайып кетіпті және тым тайғанақ екен. Қараңғыда біз аяғымызды абайлап басып, қолымызбен сипалап жүріп, әрең дегенде сол жақ бортқа жеттік, өйткені көзге түртсе көрінбейтін түнек. Кешікпей жарық түсетін люкке жетіп, әрі қарай кеттік; енді бір қадам — алдымызда шалқасынан ашық есік, — міне, нағыз шын сөзім! — Салонның түп жағында жарық және сол сәтте дауыстар естілді.

Джим біртүрлі болып тұрмын, бұл жерден кетейік деп сыбырлады. Мен: "Жарайды" — деп салға қарай бұрыла беріп ем, біреудің ыңқылдаған дауысын естідім, сосын әлгі дауыс:

— Маған тимеңдерші, балалар! Құдай куә, мен ешкімге айтпаймын, — деді.

Басқа дауыс оған қатқыл жауап берді:

— Өтірік айтасың, Джим Тернер! Біз сені білеміз. Саған қашанда басқалардан көп керек, сен ылғи қанша алғың келсе, сонша аласың, әйтпесе, маған бермесеңдер, сендерді көрсетемін дейсің. Енді жетеді. Бүкіл елде сенен асқан сатқын, сенен асқан ит жоқ!

Бұл уақытта Джим салға жетіп үлгерді. Мен болсам, қызыққаннан жарыла жаздадым: Том Сойер болса, өлсе де бұл жерден кетпес еді, ендеше мен де осында қаламын — мұнда не болып жатқанын көремін, — дедім. Мен тоңқаңдап жіңішке дәлізбен артына қарай қозғалдым, — салон мен ортамызда бір ғана каюта қалды. Салонның еденінде бір адам қол-аяғы байлаулы жатыр, ал екі адам оның үстіне төніп тұр; біреуінің қолында жарығы нашар фонарь бар, ал екіншісі пистолетін жердегі кісіге көздеп:

— Қолым қышып тұр! Сен оңбағанды атып тастау керек еді! — дейді.

Жердегі тітіркеніп, қайта-қайта:

— Атпашы, Билл, мен, құдай ақы, ешкімге айтпаймын, — деп жалынады.

Фонарь ұстаған күле сөйлеп жауап береді:

— Рас, сатпайсың! Сен шыныңды айтасың, бұған сенуге болады!

Ал бір рет ол:

— Қарай гөр, қалай-қалай жалынады! Егер біз оны байлап тастамағанда, ол екеумізді де өлтіретін еді. Не үшін сонда? Жайдан-жай, себепсіз. Біз өзімізге тиесілі заңды үлесімізді бергіміз келмейді — міне, сол үшін! Бірақ енді сен, менің байқауымша, ешкімге жаулық жасамайсың, Джим Тернер... Пистолетіңді былай ал, Билл! — деді.

Бил айтты:

— Алмаймын, Джейк Паккард. Мен өлтіремін.Оның өзіне сол керек! Хэтфилд шалды өлтірген осының өзі емес пе?

— Иә, мен мұны өлтіргім келмейді: неге екенін өзім білмеймін.

— Рақмет саған мына сөздерің үшін, Джейк Паккард! Мен бұл сөзіңді өлгенімше ұмытпаймын, — деді еденде жатқан адам, жылап жібергендей болды.

Паккард оған көңіл аудармастан фонарын қабырғаға ілді де дәл мен жатқан қараңғы жаққа қарай жүрді, сосын Биллге белгі беріп шақырды. Мен тәлтіректеп екі қадам кейін шегіндім, палуба бір жағына қисайып кеткен — үлгере алмадым, үстімнен шықпас үшін олар әлгінде тұрған жердегі каютаға зып бердім. Анау екіншісі қараңғыда жарды сипалап жүріп ілгері барады, ал Паккард менің каютама жеткенде, екіншісі:

— Мында! Мында кір, — деді.

Өзі кірді, Билл соңында келеді. Олар кіргенше мен жоғарғы кереуетке сүңгідім, бұрышқа тығылып отырып, осында қалғаныма өкіндім; олар қолдарымен кереуеттің шетінен ұстап тұрып, әңгімелесті.

Мен оларды көргенім жоқ, бірақ қай жерде тұрғандарын біліп жатырмын, өйткені олар виски ішіп тұр және екеуінен спирттің иісі шығады. Мен ештеңе ішпегеніме қуандым; бірақ одан көрген пайдам шамалы: олар бәрібір мені сезбес еді, себебі мен тіпті демалмай жаттым. Қорыққаным сондай, мынандай әңгімені естіп тұрса, кім болса да демалмас еді. Олар жай сөйлесіп тұр. Билл Тернерді өлтіргісі келеді.

— Ол бізді көрсететінін айтты, міндетті түрде солай істейді. Тіпті біз екеуміз оған өзіміздің үлесімізді берсек те, онымен болған ұрыстан кейін және сыбағасын жақсылап бердік қой. Ол бізді көрсетеді, рас айтам. Меніңше, одан құтылғанымыз жақсы, — деді Билл.

— Мен де солай ойлаймын, — Паккард өте байсалды түрде айтты.

— Сені шайтан алсын, мен сені қарсы екен деп қалдым ғой! Ендеше бәрі дұрыс. Кеттік, шаруасын бітірейік.

— Сәл тоқтай тұр, мен әлі айтып болғаным жоқ. Тыңда. Атқан жақсы, бірақ айқай-шусыз-ақ, керек болса, шаруаны бітіруге болады. Мен саған мынаны айтайын: адамның мойнына қыл арқан салып не керек, басқаша да үйлестіруге болатын болса. Рас қой?

— Рас болғанда қандай! Қалай істеуге болады сонда?

— Менің ойым былай: біз каюталардың бәрін қарап шығамыз, қандай заттар бар — аламыз, сосын жағаға тартамыз да жасырып тастаймыз заттарды. Сонан соң күте тұрамыз. Екі сағатқа жетпей пароход қирайды да су түбіне кетеді. Ұқтың ба? Тернер де кетеді және бұл жерде ешкім күнә арқаламайды. Меніңше, өлтіргеннен гөрі осы дұрыс. Онсыз да ажал аузында тұрған адамды өлтіріп не керек? Өлтіру ақымақтық әрі күнә. Қалай, айтып тұрғаным дұрыс па?

— Иә, дұрыс секілді... Егер пароход су түбіне кетпесе ше?

— Онда бір-екі сағат күте тұрамыз — сосын көреміз... Солай емес пе?

— Жарайды, кеттік.

Олар кетті, қара терге малшынып мен де түстім, артқы жағына қарай еңбектедім. Ол жерде тас қараңғы, мен қарлыққан дауыспен "Джим" деп сыбырлауым мұң екен, ол шынтағымның тұсынан "оһ" деп қалды, ал мен оған:

— Тезірек, Джим, ақымақтарша аһылап-уһілеуге уақыт жоқ! Пароходта бір топ кісі өлтірушілер, біз олардың қайығын тауып өзеннен төмен кетуіміз керек, түсініп тұрсың ба, олар пароходтан түспеу үшін. Олай болмаса, екі топтың бірі құриды. Ал біз қайықты тапсақ, олардың шаруасы бітеді — шериф оларды ұстайды. Тезірек бұрыл! Мен сол жақ бортты, сен оң жақты. Салдан баста және...

— Ой, құдайым, құдайым! Салдан? Сал жоқ енді, ол шешіліп ығып кетті! Ал біз мұнда қалдық!

Он үшінші тарау

"ВАЛЬТЕР СКОТТАН" ТАПҚАН ПАЙДА

Менің тынысым тарылып, аяқтарым дірілдеп кетті. Мына қарақшы топпен қираған пароходта қалу! Алайда мұрныңды сүрте алмай отыруға уақыт жоқ. Енді қалай болғанда да әлгілердің қайығын табу керек — ол өзімізге қажет. Екеуміз қалтырап-дірілдеп оң жақ бортқа қарай жылжыдық — әрең-әрең пароходтың артқы жағына жеттік; жеткенше бір апта өткендей болды маған. Қайықтың ізі жоқ. Джим әрі қарай жүре алмайтын секілдімін деді: оның қорқыныштан әлсірегені сонша, қимылдауға халі жоқ. Бәрібір бізге жүру керек, егер осында қалсақ, онда жағдайымыз жақсы болмайтын шығар дедім. Сөйтіп екеуміз алға жылжи бердік. Біз пароходтың құйрық жағын жағаладық, сосын жарық түсіретін люкке жетіп, есікке жақындап едік, қарасақ — қайық алдымызда тұр! Мен қараңғыда оны әрең көрдім. Ой, қуанғаным-ай! Бір секундта үстіне шығып алар едім, дәл сол сәтте есік ашылмасы бар ма! Қарақшылардың біреуі басын шығарып менен дәл екі қадам жерде тұр, менің шаруам бітті деп ойлап едім, ол басын ішке бұрып:

— Шайтан алғыр, фонарьды әрегірек ілші, Билл, көрініп қалмасын! — деді.

Ол қайыққа зат толы қапты лақтырды да, өзі де мінді. Бұл Паккард еді. Сосын Билл шығып, ол да қайыққа жайғасты. Паккард жайлап:

— Әзірміз, босат қайықты! — деді сыбырға жақын үнмен. Мен әп-сәтте өлім құрып, өзімді әрең ұстап қалдым. Сол жерде Билл айтты:

— Тоқта, сен оны тінтіп қарадың ба?

— Жоқ. Сен ше?

— Мен де қарағаным жоқ. Яғни оның үлесі өзінде қалды.

— Ендеше барайық; көр жерді алып, ақшаны тастау деген!..

— Ал ол біздің ойымызды сезіп қалмай ма?

— Мүмкін, сезер. Бірақ бізге ақшаны алу керек қой. Кеттік!

Олар қайықтан шығып, қайтадан каютаға кірді.

Есік тарс етіп жабылды, өйткені жел осы жақтан болатын. Қас қағымда қайықта отырдым, Джим де менің соңымнан сырғанап келеді. Мен пышақты алып жіпті кесіп жібердім, біз жүзіп жүре бердік.

Ескекті қолымызға алған жоқпыз, бір-бірімізге тіл қатпадық, тіпті демалуға да қорықтық. Өлі тыныштықта ағыстың бойымен қалқып барамыз, пароходтың құйрық жағынан алыстадық; бірер секундта қираған пароходтан жүз қадамдай жерге жеттік; пароходты қараңғы түнек жұтып қойды, ештеңені көру мүмкін емес. Енді біз қауіп-қатерден құтылдық және мұны өзіміз білеміз.

Біз ағыстың бойымен үш жүз-төрт жүз қадамдай пароходтан алыстағанда үстіндегі есіктерден фонардың жылт еткенін байқадық, азаптаушылар қайықтың жоқ екенін біліп жанталасып жатқанын және оларға да Тернер секілді қиын болатынын түсіндік.

Джим ескекті алды, біз өзіміздің салдың соңынан қууға шықтық. Мен енді ғана әлгі оңбағандарды аяп кеттім, бұған дейін ойыма да кірмеген, шамасы, оған мұршам болмаған шығар. Тіпті кісі өлтірушілерге де мынандай жағдайда қалу қорқынышты болар деп ойладым. Кім біледі, бір кездері мен де кісі өлтіруші болармын — маған мұндай тағдыр тіпті де ұнамайды. Сосын Джимге айттым:

— Жылтыраған от көрінсе болды — сол бойда жағаға тоқтаймыз, жүз қадамдай жоғарғы не төменгі жаққа және қайықты жасырамыз, ал мен бір нәрсе ойлап табамын: ана оңбаған топты ұстайтын, құтқаратындарын құтқаратын адамдарды іздеймін.

Бірақ бұдан ештеңе шықпады. Кешікпей тағы аспанды бұлт жауып, жаңбыр құйды дейсің! Ештеңе көрінбейді — бәрі ұйқыда шығар. Біз төмен қарай зымырап келеміз, қарағанмен ешқандай от көрінбейді, біздің салымыздың қарасы да жоқ. Біраз уақыттан кейін жаңбыр басылды, бірақ бұлт тараған жоқ, найзағай да әр жақтан жарқылдайды; найзағай бір жарқ еткенде алдымызда су үстінде қарайған бірдеңені көзіміз шалды; біз соған ұмтылдық.

Бұл біздің салымыз болып шықты. Оның үстіне шыққандағы біздің қуанышымызды айтып жеткізу мүмкін емес! Міне, алдымыздағы оң жақ жағалаудан от көрінді. Мен қазір сонда барамын дедім. Қайықтың жартысы әлгі сұрқия қарақшылардың пароходтан ұрлаған заттарына толы. Біз олардың бәрін орап, салдың үстіне лақтырдық, мен Джимге алға жайлап есуді, фонарьды жағып екі мильдей жүргесін мен келгенше отты өшірмеуді бұйырдым; сосын ескекті өзім алып от жанып тұрған жаққа кеттім. Мен жақындаған кезде таудың жоғарғы жағынан тағы үш-төрт от көрінді. Бұл шағын қала екен. Ескекті қойып, ағынмен төмен жылжыдым. Алғаш көрінген от үлкен паромдағы фонарь болып шықты. Паромды айналып өтіп, күзетшінің қайда ұйықтап жатқанын іздедім: ол битенгтің үстінде басын тізесіне қойып ұйықтап отыр екен. Мен екі-үш рет иығынан түртіп едім — оянбады, сосын дауысымды шығарып жылай бастадым.

Ол атып тұрды, мені көріп, жақсылап керіліп алды, сосын есінеді:

— Не болып қалды? Жылама, балақай... — деді.

— Папа, мама, апайым... — деп қорсылдай бердім.

— Жарайды, жетеді енді... Неге сонша жылайсың? Жұрттың бәрінде де қиындық болады, сосын ұмытылады. Оларға не болды?

— Олар... олар... — деп өксідім. — Паромның күзетшісі сіз бе?

— Иә, мен, — деді мақтанышты үнмен. — Капитан да, иесі де, бірінші көмекшісі, лоцман, күзетші, аға моторс — бәрі өзіммін; ал кейде жүк те, жолаушы да өзім боламын. Мен Джим Хорнбэк шалдай бай емеспін және мен ол секілді ақшаны оңды-солды көлденең көк аттыға шашпаймын; бірақ мен оған сенің орныңда болмас едім деп талай айттым; Матростың өмірі маған ұнайды, ал айналаңда тіл қататын тірі жан, не басқа қызық жоқ, қаладан екі миль қашықта бүкіл байлығын берсе де мен тұрғым жоқ... Мен айтамын...

Сол жерде мен оның сөзін бөлдім.

— Олар үлкен қатерге ұшырады...

— Кімдер?

— Иә, олар: әкем, анам, апайым және Гукер ханым. Егер сіз өзіңіздің паромыңызбен сонда барсаңыз...

— Сонда деген қайда? Олар қай жерде?

— Қираған пароходта.

— Қай пароход?

— Ол біреу, пароходты айтам.

— Қалай, "Вальтер Скотта" ма сонда?

— Иә.

— Құдай-ай! Олар қалай ол пароходқа тап болды, айтшы?

— Әдейі емес, өзінен өзі солай болды.

— Егер олар тез арада шығып үлгермесе, тірі қалмайды ғой, құдайым-ай! Қалай олар пароходта қалды?

— Жәй. Гукер ханым қалада қонақта болып еді...

— Ә, Бутс-Лендингте! Ал сосын?

— Ол сонда қонаққа барды, кешке қарай өзінің қызметші негр әйелмен дос әйелдің үйіне кетті... аты кім еді?.. Фамилиясын ұмыттым, олар ескекті жоғалтып алып, ағынмен паром ығып, ақыры қираған пароходқа тап болған, негр әйел мен паромды жүргізуші суға кеткен, ал Гукер ханым пароходқа шығып үлгеріпті. Күн батқасын бір сағаттан кейін біз де өзіміздің салымызбен келе жатып, қираған пароходтың үстінен шықтық, сондай қараңғы болды, — біз тіпті алдымызда не тұрғанын көре алмадық. Билл Уипплдан басқамыз аман қалдық... Сондай жақсы бала болатын!Оның орнына менің суға кеткенім дұрыс еді, шын айтам...

— Құдайым-ай, өмірімде мұндай сұмдықты естімеп едім! Ал сосын сендер не істедіңдер?

— Біз айқайладық, айқайладық, өзен өте жалпақ — ешкім естімеді. Сосын әкем біреуіміз жағаға жетіп, бізге көмек қажет екенін хабарлауымыз керек деді. Олардың ішінде тек мен ғана жүзе білем, сондықтан өзенге қойып кеттім, ал Гукер ханым айтты: егер мен тезірек ешкімді таба алмасам, осында оның ағасы бар екен — ол бәрін ұқсатады. Мен жағаға шығып, кездескендердің көмектесуін сұрап едім, олар: "Осындай қараңғыда қандай көмек? Ағыс та қатты. Сен одан да паромға бар", — десті. Егер сіз қазір барсаңыз...

— Мен барар едім, шынында да бару керек-ау... Ал маған кім ақша төлейді? Қалай ойлайсың? Мүмкін сенің әкең төлер?

— Уайымдамаңыз, Гукер ханым өзінің ағасы Хонбэк...

— Шайтан алсын, ол оның ағасы ма? Тыңда мені, сен анау от жанып тұрған жерге бар да, солға бұрыл — біраз жүргесін алдыңда тамақ ішетін асхана тұрғанын көресің: оларға айт сені тезірек Джим Хорнбэкке апарсын, ол бәрін төлейді. Сен ештеңе қалдырмай айт оған не болғанын. Мен оның қарындасын ол қалаға жеткенше құтқарамын; ал мен өзімдегі механикті оятуға кеттім.

Мен отқа қарай жүрдім де, капитан бұрыштан өтіп көзден таса болғанда, кері бұрылдым да, қайыққа отырып өзеннің жоғарғы жағына ағыстың бойымен алты жүз қадамдай жағадан ұзап, отын жиналған баржалардың арасына тығылдым: паром орнынан қозғалып, кемежайдан жырақтағанда ғана жүрегім орнына түсті. Дегенмен, жалпы алғанда, кісі өлтірушілер жайлы менің шаруа жасап жүргеніме өзім риза болдым, оларды құтқаруға жүгіретін адам жоқ қой. Жесір әйел менің осы қылығымды естісе деп тіледім. Ол менің оңбаған азғындарға көмектескенімді білсе, мақтаныш етер еді, себебі жесір апай және барлық қайырымды адамдар ылғи бір нашар адамдарға көмектескенді жақсы көреді.

Кенет қарасам — қараңғы өзеннің үстінде қираған пароход келе жатыр. Әуелі үстімнен салқын тер сорғалағандай болды, сосын пароходқа қарай қайығымды естім. Ол әбден суға батыпты, оның ішінде аман қалған кісі жоқ шығар деп ойладым. Мен пароходты айналып жүрдім, айқайлаған болдым, бірақ ешкім маған тіл қатпады — моладағыдай үнсіздік. Әлгі қарақшыларды аздап та болса аяп кеттім; егер өздері ешкімді аямаса, менің де оларға жаным ашымайды деп ойладым.

Сосын паром көрінді; мен ағыстың бойымен төмен, өзеннің ортасына қарай ығыстым; паромдағы адамдар мені көрмейтіндей болғасын, ескегімді қойып, артыма қарадым: көріп тұрмын — олар пароходтың жанында Гукер ханымның сүйегін іздеп жүр — капитан Хорнбэк ағаның қарындасының сүйегін талап ететінін жақсы біледі! Кешікпей іздеу тоқтады, паром жағаға бет алды, ал мен ескектің үстіне жатып алып өзеннің төменгі жағына қарай оқтай зуладым.

Джимнің салындағы фонарь көрінгенше көп уақыт өтті: ал ол көрінген кезде маған мың миль қашықтықта бара жатқандай болды. Мен салға жеткенде шығыстан таң біліне бастады: біз аралға келіп, салды жақсылап жасырдық, қайықты суға батырдық, сосын өзіміз өлген адамдай ұйықтап қалдық.

Он төртінші тарау

СҮЛЕЙМЕН ДАНА БОЛҒАН БА?

Оянысымен біз қаныпезер топтың қираған пароходтан ұрлаған заттарын қарадық; онда етік те, жамылғы көрпе мен көйлек, тағы басқа дүниелер, сосын көп кітап, алыстағыны көретін тұрба және үш жәшік сигара бар екен. Джим екеуміз өмірде мұндай бай болып көрмеппіз. Сигарлар бірінші сорт. Кешке дейін орманда аунап жатып, әңгіме соқтық; мен кітаптарды оқыдым, жалпы уақытты жақсы өткіздік. Мен пароходта және паромда не болғанын Джимге түгел айтып бердім және мұның бәрі бастан кешкен оқиғалар деп аталатынын хабарладым; ал ол мұндай оқиғаны бұдан былай басынан кешіргісі келмейтінін айтты. Джим мен пароходтың үстіне шыққанда өзінің салға қарай жүргенін, сосын оның жоқ екенін көргенде қорыққаннан өліп кете жаздағанын әңгімеледі: бұл оқиға қалай аяқталса да, Джимнің шаруасы бітеді; егер оны біреу құтқармаса, ол суға кетеді; ал біреу құтқара қалған күнде оны Уотсон ханымның үйіне апарады, ол мұны Оңтүстікке сатып жібереді. Ол дұрыс айтып отыр; ол ылғи дұрысын айтады, басқа негрлерге қарағанда, мұның басы күшті істейді.

Мен Джимге корольдар мен герцогтар, графтар жайлы, олардың әдемі де қымбат киімдері, қандай керемет үйлерде тұратындары, бір-бірін мырза деудің орнына ұлы мәртебелім деп атайтыны жайлы көп оқып бердім. Джим көзін бақырайтып үндемей отырды — осының бәрі оған қызық көрінді білем. — Мен олардың мұншалықты көп екенін білмеуші едім. Олардың бірде-біреуі туралы естіген емеспін, тек Сүлеймен патша жайлы естігем, сосын ойын картасындағы корольдар болмаса, егер олар есепке алынса. Корольдың жалақысы қанша?

— Қанша алады? — дедім мен. — Иә, ол алғысы келсе, мың доллар да алады. Қанша алғысы келсе, сонша алады — болды, бітті.

— Міне, керемет! Ол не істейді, Гек?

— Ештеңе де! Айтады екенсің! Тақта отырады — болды.

— Жоқ, рас па?

— Рас болғанда қандай! Тақта жай отырады... Мүмкін, егер соғыс бола қалса, соғысқа барады. Басқа уақытта ештеңе істемейді; немесе аңға шығады және... Естіп отырсың ба? Не қылған айқай-шу?

Біз атып тұрып, көрейік деп жүгірдік, бірақ ештеңе көрінбеді — мүйістің арғы жағындағы пароходтың дөңгелегі, — сосын бұрынғы орнымызға келіп отырдық.

— Иә, — деймін мен, — ал басқа уақытта, егер олардың іштері пысса, парламентпен төбелеске шығады; егер өздерінің ойлағанындай болмаса, король бәрінің бастарын алуды бұйырады. Содан соң гаремде салқындап ұзақ отырады.

— Қайда салқындайды дейсің?

— Гаремде.

— Ол не, гарем деген?

— Бұл — корольдың әйелдерін ұстайтын жер. Сен қалайша гарем туралы естімедің? Сүлейменде де гарем болған; ал оның әйелдері миллионға жақын болыпты.

— Иә, рас, мен ұмытып қалыппын. Гарем деген меніңше пансион секілді бір нәрсе ғой деймін. Олардың балалар бөлмесінде айқай-шу шығар. Оның үстіне әлгі әйелдер ылғи ұрсыса беретін болу керек, ал бұдан айқай-шу көбейе түседі. Ал Сүлеймен әлемдегі ең тұңғыш данышпан деседі! Мен бұған тіпті сенбеймін. Неге дейсің ғой. Керемет ақылды адам әлгіндей у-шудың ішінде өмір сүре ме! Жоқ, олай болмайды. Данышпан адам алады да зауыт салады, ал көңілі тыныштықты қаласа, алады да әлгі зауытты жаба салады.

— Дегенмен ол ең бірінші дана кісі болған, мен мұны жесір әйелдің өзінен естігем.

— Жесір әйелдің не айтқанында менің шаруам жоқ. Оның дана кісі болғанына мен сенбеймін. Ол кейде нағыз ақымақтарша іс қылған. Есіңде ме, кішкене сәбиді ортасынан қақ бөлуді бұйырғаны?

— Иә, жесір әйел айтқан.

— Міне, міне! Бұдан асқан ақымақтық бола ма! Өзің ойлап көрші: мына ағаштың тұқылы бір әйел дейік, сен екінші әйелсің, ал мен Сүлейменмін, мына доллар — кішкене сәби болсын. Сендер, екеуің де сәби менікі дейсіңдер. Мен не істеймін?

Мен көршілерден сұрауым керек бұл кімнің доллары екенін және нағыз иесіне аман-есен тапсыруым керек — ақылды адам осылай істер еді — жоқ: мен долларды алып ортасынан бөлемін; бір жартысын саған, екіншісін — анау әйелге беремін. Сенің данышпан Сүлейменің сәбиге не істеді! Мен сенен сұрап отырмын: жарты долларды қалай пайдаға асыруға болады? Оған ештеңе сатып ала алмайсың ғой. Ал, сәбидің жартысы не болады? Мен миллион жарты берсе де алмас едім.

— Джим, сен бұл әңгіменің мағынасын тіпті түсінбепсің ғой! Шын айтамын, түсінбепсің.

— Кім? Мен бе түсінбеген? Немене сен маған қайдағы бір мағына туралы айта бересің? Мағынасы бар нәрсе болса, мен көрер едім, ал мұнда ешқандай мағына жоқ. Олар жарты туралы, кәдімгі тірі сәбиге таласқан ғой; ал, егер адам сәбиді екіге бөліп дауды шешетін болса, оның басында бір тамшы да ми жоқ. Сен маған Сүлейменің туралы айта берме, Гек, мен оны сенсіз де білемін.

— Мағынасын түсінбей отырсың деп айтылды ғой.

— Қойшы сол мағынаңды! Мен білетінімді білемін.

Меніңше, нағыз мағынаны әріден іздеу керек. Мағына Сүлеймен дегеннің қандай адам екендігінде. Мысалы, бір кісінің жалғыз немесе екі баласы бар дейік, — сол адам қалайша балаларын оңды-солды лақтырады? Жоқ, ол бұлай істей алмайды. Ол балаларды қадірлеу керек екенін біледі. Ал, оның бес миллион баласы болса, олар үйде асыр салып жүгіріп жүрсе, әрине, жағдай басқаша. Мысықтың баласын екіге бөле ме, жоқ, өзінің баласын ба — оған бәрібір. Себебі баласының көбі қалада ғой. Бір сәбидің кемі не, артығы не, Сүлейменнің ештеңесі кетпейді.

Мұндай негрді бірінші рет көріп тұрмын. Егер оның басына бірдеңе келсе, оны еш нәрсемен шығара алмайсың. Сүлеймен бұдан басқа бір де бір негрден осындай сөз естімеген шығар.

Сосын мен Сүлейменді өз жайына қалдырып, әңгімені басқа корольдарға бұрдым. Людовик XVI туралы, кейін оның басын Францияда шауып, оның түбі король болатын кішкентай мұрагер ұлын түрмеге қамап, сонда өлгені жайлы Джимге айтып бердім.

— Бейшара!

— Ал, біреулер ол түрмеден қашып құтылыпты. Америкаға кеткен деседі.

— Міне, бұл жақсы! Тек мұнда ол ешкіммен таныса алмайды — бізде корольдер жоқ қой. Солай емес пе, Гек?

— Жоқ.

— Демек, оған мұнда жұмыс істейтін жер жоқ. Ол не істейді мұнда?

— Мен қайдан білем! Олардың кейбіреулері жұмысқа полицияға кіреді, ал бірқатары адамдарға француз тілін оқытады.

— Сен не, Гек, француздар бізше сөйлей алмай ма?

— Иә, Джим, олардың айтқандарынан сен түк түсінбейсің, бір сөзді де!

— Мына қара! Неліктен бұлай сонда?

— Неліктен екенін білмеймін, бірақ солай екені анық. Ал мен олардың тілі жайлы кітаптан оқыдым. Егер саған бір адам жақын келіп: "Парле ву франсе?" — десе, сен не айтасың немесе не ойлайсың?

— Ештеңе ойламаймын, аламын да басынан бір қоямын, — егер ол ақ нәсілді болмаса. Мен негрге өзімді ұрыстырып қоям ба?

— Қайдағы? Бұл ұрыс емес! "Сіз французша сөйлейсіз бе?" — деп сұрап тұр.

— Гек, ол неге кәдімгі адамша сұрамайды?

— Ол адамша сұрап тұр, тек французша.

— Күлкі етесің бе сен, немене? Мен сені енді тыңдағым да келмейді.

— Джим, тыңдашы, ал мысық бізше сөйлей ала ма?

— Жоқ, сөйлей алмайды.

— Ал, сиыр ше?

— Сиыр да сөйлемейді.

— Ал, мысық сиырша сөйлей ме немесе сиыр мысықты түсіне ме?

— Жоқ, сөйлемейді олар.

— Өзінен өзі түсінікті — олар әpтүрлі сөйлейді, дұрыс қой?

— Әрине, дұрыс.

— Мысық пен сиырдың бізше сөйлемейтіні түсінікті ғой?

— Түсінікті, әрине!

— Француздың бізден басқаша сөйлеуіне неге болмайды? Міне, сен маған осыны айтшы?

— Мысық адам ба?

— Жоқ, Джим.

— Мысыққа адамша сөйлесу неменеге керек? Ал сиыр адам ба? Немесе ол мысық па?

— Жоқ, әрине.

— Сиырға адамша не мысықша сөйлеудің қажеті қанша? Ал француз — адам ба?

— Адам.

— Көрдің бе, міне! Шайтан алсын оны, неге ол адамша сөйлемейді? Сен осыны айт маған!

Осы жерде негрге бостан бос бірдеңе түсіндірем деу ақымақтық екенін ұқтым — бәрібір оған дұрыс бірдеңе үйрету мүмкін емес. Сосын жерге түкірдім.

Он бесінші тарау

ДЖИМ БАЙҒҰСТЫҢ БАСЫ ҚАТТЫ

Біз үш түн жүріп, Иллинойс штатының шекарасындағы Огайоның Миссисипиге құятын жерінде тұрған Кейроға жетеміз деп ойлағанбыз — бар арманымыз осы болатын. Салды сатамыз, пароходқа отырып Огайомен жоғары жүреміз: онда еркін штаттар бар, ештеңеден қорықпай жүруге әбден болады.

Екінші түні тұман түсті де, біз бұталары қалың өскен шағын аралға тоқтадық — мынадай тұманда қалай ілгері жүресің! Алайда жіпті дайындап, қайықпен бұталарға таяп едім, қарасам — салды байлайтын ештеңе жоқ: бұталардың бәрі қылдырықтай бірдеңе болып шықты. Суға жақын бір топ бұталарды жіппен орадым, бірақ бұл жерде ағыс өте қатты екен, бұталарды тамырымен суырып, сал әрі қарай жылжып барады. Тұман бірте-бірте қоюланып бара жатқанын байқадым, маған бұл жағдайдың қатты әсер еткені сондай, тіпті бір сәт қозғала алмай қалдым, ал сал болса көрінбей кетті: жиырма қадамнан әрі қарай ештеңені көру мүмкін емес. Мен қайыққа секіріп мініп, құйрығына қарай жүгірдім, ескекті алып есе бастағаныммен, қайық қозғалмайды. Менің асыққаным сондай, қайықты байлаған жіпті шешуді ұмытып кетіппін. Мен атып тұрып жіпті шеше бастадым, қатты қобалжығаннан қолдарым қалтырап көпке дейін өзіме өзім келе алмадым. 

Қайықты босатып, шағын аралды бойлап, салдың соңынан қуып бердім. Арал аяқталғанға дейін бәрі дұрыс келе жатты, бірақ тіпті шағын — ұзындығы алпыс қадамдай ғана, сосын мен аппақ қалың тұманға тап болдым да, кешікпей қайда тұрғанымды білмей қалдым.

Есудің қажеті жоқ деп ойладым: қайраңға немесе жағаға ұрынуым мүмкін; тосамын, мейлі мені ағыс көтеріп итере берсін; ал қол қусырып отырудан да ештеңе шықпайды. Мен айқайладым да, сосын тың тыңдадым. Алыс бір жақтан әрең естілетін айқай шыққан, мен қуанып, бірден көңілденіп кеттім. Мен оқша зулап солай қарай ұштым, өзім тағы естілер ме екен деп құлағымды тігемін. Айқайды қайта естідім, шамасы мен тіпті басқа жаққа кетіп барады екенмін, оңға кетіппін. Сәлден кейін қарасам, солға бұрылып, біресе оңға, біресе солға бұрылып айналып жүрмін, ал айқай менің алдымнан шығатын сияқты.

Ойлайтыным: анау ақымақ тым болмаса табаны соғып тарсылдаса ғой; бірақ бұл оның ойына келмеді, ал айқайдың аралығындағы үнсіздік мені әбден шатастырды. Мен қайықты есіп келем, есіп келем — кенет айқайды арт жағымнан естідім. Енді не істерге білмедім. Немесе әлде басқа біреу айқайлады ма, болмаса мен артқы жаққа айналып кеттім бе.

Мен ескекті тастадым. Естимін, тағы артқы жағымнан айқайлады, тек басқа жерде және айқай жиілей берді, орнын өзгерте берді, ал, мен де дауыстай бердім, бір кезде айқай алдыңғы жағымнан шықты; қайық ағынның бойымен төмен кетіп барады, ендеше егер айқайлаған басқа бір салдың иелері емес, Джим болса, бәрі дұрыс болғаны. Тұман кезінде мен дауысты ажырата алмаймын, өйткені тұманда ештеңе көрінбейді, ештеңе естілмейді бәрі басқаша болып көрінеді, дауыс та басқаша естіледі.

Айқай толастамады, бірер минутта қайығым биік ағаштары тұманда будақтаған түтінге ұқсас жарқабақты жағаға шығып кетті; мені солға лақтырып жіберді де, су бұрқылдап жатқан алдыма итерді — ол жердегі ағыс сондай жылдам екен.

Әп-сәтте мен тағы да қою, ақ тұманға тап болдым; айнала тып-тыныш. Енді мен жүрегімнің қалай соғып тұрғанын тыңдап, қимылдамай отырдым және ол жүз рет соғып болғанша дем алмаған сияқтымын.

Кенет не болғанын түсіндім де, қолымды бәріне бір-ақ сілтедім. Мына тік жарқабақ арал екен, ал Джим оның екінші жағында қалған. Бұл он минутта айналып өте шығатын өткел емес. Аралда нағыз қалың орман өсіп тұр, ал аралдың ұзындығы бес-алты миль, ені жарты мильден асады.

Мен үн-түнсіз құлағымды түріп шамамен он бес минуттай отырған шығармын. Ағыс мені өзінен өзі төменге қарай сағатына төрт-бес миль жылдамдықпен әкетіп барады, бірақ әдетте мұны байқамайсың — керісінше, қайық суда қимылсыз тұрғандай сезіледі: ал, егер ағаштың түбірі көрініп кетсе, түбір қалай зымырап барады деп таңданасың. Ал, сонда өзіңнің зымырап бара жатқаның басыңа кіріп-шықпайды.

Егер түнде өзеннің бетінде айналаңда қалың тұманнан өзге ештеңе жоқ кезде қорқынышсыз деп ойласаңыз, ең болмаса, бір рет өзіңіз бастан кешіріңіз, сонда ғана байқайсыз.

Жарты сағаттай дамылсыз айқайладым: ақыры аяғында алыс бір жақтан жауап естігендей болдым; мен дауысқа қарай жүрген болғаныммен, ештеңе шықпады; шамасы кішкене аралдардың ұясына тап болған болуым керек, өйткені қайықтың екі жағынан да олардың сұлбасын көрдім — екі аралдың арасындағы жіңішке өткел байқалды, айқын ештеңе көрінбесе де, қайраңның жақын екенін білдім, себебі судың жағаға жабысқан қоқыс шөп-шаламға соғылып шылпылдаған дыбысы естілді. Қайраңның арасында мен жолымнан жаңылдым және айқайды естімедім; әуелі оның соңынан қуып жеткім келіп еді, алайда бұл әр жерден біресе ана жерден, біресе мына жерден жылтыраған отты қуғаннан да қиын болды. Дыбыстың мұншалықты тез орнын ауыстырғанын мен бұрын-соңды көрген емеспін.

Жағадан алысырақ жүруге тырыстым, шағын аралдарға шығып, жағадан қайықты итеріп, кетпеу үшін мен бес-алты рет бар күшімді салып жағадан кетуге тура келді; сал да жиі-жиі жағаға тіреліп жүрген шығар деп ойладым, өйтпегенде әлдеқашан алға ұзап кеткен болар еді де, айқай естілмес еді: ағын қайыққа қарағанда салды тезірек жылжытады.

Көп уақыт өтпей мен тағы да ашық суға шықтым, енді ешқандай да айқайды еш жақтан естімедім. Джим түбірлерге ұрынып шаруасы біткен шығар деп ойладым. Өзім әбден шаршадым, қайықтың түбіне жатып ештеңе жайлы ойламауға тырыстым. Әрине, ұйықтауға болмайтынын білемін, алайда ұйқым келгені сонша, көздерім өзінен өзі жұмыла берді; бір минут қалғып алайын дедім өзіме өзім.

Шамасы, мен бір минут емес, біраз тынығып алған сияқтымын, себебі оянғанда жұлдыздар жарқырап, тұман ашылыпты, қайығым өзеннің ортасына қарай зымырап барады. Әуелі қайда екенімді түсінбедім; түсім екен деп ойладым; сосын есімді жиғасын да өткен аптада бастан кешкен оқиғадай көмескі бірдеңелер ойыма келді.

Бұл жерде өзен өте жалпақ екен, екі жақ жағалауда ит тұмсығы өтпейтін әрі қалың, әрі биік ағаштар, жұлдыздың жарығымен көргенім екі жағым да биік үйдің қабырғасы секілді.

Ағыстың төменгі жағына көз салып едім, су бетінен бір қара ноқат көрдім. Оның соңынан қуып едім, қарасам, қосақталған екі бөрене екен. Сосын тағы қарайған бір нәрсе көрдім, зуылдап отырып оған да жеттім, соңғы қарайған сал болып шықты.

Салға жеткенімде, Джим басын тізесіне қойып отырған күйі ұйықтап оң қолын ескектің үстіне қойыпты. Екінші ескек сынып қалған, салдың үстін түгелімен балдыр мен жапырақтар басып қалыпты. Яғни, Джимге де оңай болмаған.

Мен қайықты байлап, салдың үстіне дәл Джимнің тұмсығының астына жата кеттім, есінеп, керілдім де:

— Ей, Джим, мен ұйықтап кеттім бе? Сен неге мені оятпадың? — дедім.

— Құдайым, сақтай гөр! Бұл сенбісің, Гек? Сен өлген жоқсың ба, суға батып кетпедің бе — сен осындамысың? Сенейін бе, сенбейін бе, балам-ау! Қане, саған қарайын, ұстап көрейінші өзіңді. Жоқ, шынында да сен өлмеген екенсің! Денің сау, аман оралдың ғой, дәл бұрынғыдайсың, Аллаға шүкір!

— Саған не болған, Джим? Ішіп алғансың ба?

— Ішіп? Мен бе ішіп алған? Қашан ішіп едім мен?

— Ендеше не деп мылжыңдап отырсың?

— Қалай мылжыңдап?

— Қалай! Бұл жерде мен болмағандай, бір жақтан қазір келгендей сөйлеп тұрсың ғой?

— Гек... Гек Финн, сен менің көзіме қарашы... Қара! Сен ешқайда барған жоқсың ба?

— Мен бе бір жаққа барған? Не деп тұрсың өзің? Ешқайда барғаным жоқ. Қайда барушы едім мен?

— Тыңдашы, Гек, иә, иә, бір жағдай болған секілді!

— Мүмкін, мен емес шығармын?

— Меніңше, сен осындасың, бәрі түсінікті, ал сенің миың бір жағына қисайып кеткен, кәрі ақымақ!

— Кімнің — менің бе?Жоқ сен маған жауап бер: сен қайықпен барып, салды қайраңдағы бұталарға байламадың ба?

— Жоқ, барған жоқпын. Қандай бұталар? Ешқандай бұталарды көрген емеспін.

— Сен не, қайраңдағы бұталарды көрмедің бе? Қалайша, жіп үзіліп кетіп, салды толқын айдап кетті емес пе? Ал, сен қайықтың үстінде қалдың да, тұманға батып кеттің...

— Қандай тұманда?

— Қандай тұман? Түнімен болған тұман ше! Сен айқайладың, мен де айқайладым, сосын біз шағын аралдарда адастық, екеуміздің біреуіміз жолдың бағытын жоғалтып алдық, екіншісі қайда тұрғанын білмегесін адасты, — солай болған жоқ па? Ал, мен сол шағын аралдардың ұясына тап болдым да, батып кете жаздап әрең шықтым! Солай болды емес пе, балам? Ал, осыны айтшы маған!

— Джим, мен ештеңе түсінбедім. Ешқандай тұманды да, аралдарды да көрген емеспін, жалпы ешқандай адасу, басы айналу — түк те болған емес! Біз сен екеуміз түнімен отырып әңгіме соқтық, сен ұйықтағалы бар-жоғы он минут өтті, мен де сонша көз ілдірген болуым керек. Осы уақыт ішінде ішімдік ішетіндей болған жоқсың — яғни осының бәрі сенің түсіңде көргенің.

— Сонда қалай, он минут ішінде осындай түс көрдім бе мен?

— Дегенмен ештеңе болмағаны рас қой, ендеше түсіңде көргенсің.

— Қалайша, Гек, мұның бәрі ап-айқын менің есімде...

— Айқын ба, айқын емес пе — бәрібір ғой.

Сенің айтқаныңның ешқайсысы болған жоқ. Мен бәрін білемін, өйткені барлық уақытта мен осы жерде болдым.

Джим бес минуттай үндемеді — шамасы ойланды ғой деймін. Сосын:

— Жарайды, Гек, мүмкін бұл менің түсім шығар, тек құдай жанымды алса да, айтайын мұндай ғажайып түсті ешқашан көрген емеспін! Және дәл осы жолғыдай түсімде шаршаған емеспін.

— Онда тұрған не бар! Түсіңде де шаршайтын кездерің болады. Тек бұл нағыз көріпкелдің түсі болды... Ал, маған рет-ретімен бәрін айтшы, Джим.

Джим айтуға кірісті, бәрін түгел айтты, тек көбірек қосыңқырап әдеміледі. Сосын енді түсті жориық деді, себебі ол бізді қауіп-қатерден сақтандырған түс болуы керек. Бірінші қайраң — бізге көмектескісі келетін мейірімді адам, ал алғыс — бізді ол адамнан алыстатқысы келетін кісі. Айқайлар — жоғарыдан бізге сақтаныңдар деген белгі, ал егер біз оларды түсінуге тырыспасақ, олар көмектесудің орнына бізге бақытсыздық әкеледі. Шағын аралдар тобы — егер біз жаман адамдармен байланыссақ, бізді қорқытатын қиындықтар; бірақ біз өзімізге қатысы жоқ нәрсеге кіріспей, олармен ұрсыспай жүрсек, онда біз тұманнан беті жап-жарық, кең өзенге шығамыз, яғни еркін штаттарға барамыз. Сонда бізге ешқандай жамандық болмайды.

Мен салдың үстіне шыққанда айнала тас қараңғы болатын, бірақ қазір аспан ашылып жарқырап кетті.

— Жарайды, Джим, сен мұның бәрін жақсы жорыдың, — дедім мен, — ал мынау не сонда?

Мен оған салдың үстіндегі қоқыс пен ағаш жапырақтарын және сынған ескекті көрсеттім. Олардың бәрі ап-анық көрініп жатыр.

Джим қоқысқа қарады, сосын маған, тағы қоқысқа қарады. Көріпкелдік түс басына мықтап орнады, соны қалай шығарарын білмеді және не болғанын түсінбеді. Сосын ол түсінген кезде, маған тесіле қарады, күлімдеген жүзінен ашу көрінді.

— Бұл немене өзі? Мен саған айтайын. Мен салды естіп және сені айқайлап шақырып сілем қатты, жүрегім жыртыла жаздады, себебі сен жоғалып кеттің, ал өзімнің енді не істейтінімді, салды қайда жіберем — мұның бәрі миыма кіріп шықпады. Ал, мен оянып қасымнан сенің аман, сау екеніңді көргенде қуанғаным сондай, жылап жіберуге шақ қалдым және алдыңа тізерлеп тұрып, сенің аяғыңды сүюге дайын едім. Ал, сен болсаң, өтірікті соғып, кәрі Джимнің басын қатырасың! Мынаның бәрі қоқыс, қажетсіз нәрселер; өзінің достарының басына лас құйып, күлкі ететіндер де оңбаған қажетсіз адамдар.

Ол орнынан тұрып шалашқа қарай ілбіп бара жатты, ішіне кірді де, содан кейін менімен сөйлеспей қойды. Бірақ осының өзі-ақ жеткілікті болды. Мен өзімді барып тұрған оңбаған алаяқ сезіндім және ол әлгі сөздерін кейін алса, сол сәтте оның аяғын сүюге әзір едім.

Шамамен он бес минуттай өткенде өзімді өзім жеңіп, негрдің алдында кешірім сұрауға арланбадым; бірақ мұныма ешқашан титтей де өкінген емеспін. Бұдан кейін мен онымен қалжыңдасқан жоқпын, егер оның осынша ренжитінін білсем, оның басын қатырмаған болар едім.

Он алтыншы тарау

ЖЫЛАННЫҢ ТЕРІСІ ӨЗ ДЕГЕНІН ЖАСАДЫ

Біз күні бойы ұйықтап, жолға кештетіп шықтық, әуелі ұп-ұзын салды алдымызға жібердік, ол ылғи жанымызда кісі жерлеуге бара жатқан топ секілді қатарласып қалмай қойды. Солардың әрбір бұрышында төрт-төрттен ескек бар; бұл — салда отыз адамдай жолаушы болды деген белгі. Оның үстінде бір-бірінен алшақ бес шалам бар, ортада алау жанып тұр. Сосын бас жағында және құйрық жағында жалау байланған биік таяқ.

Сондай әдемі көрінеді. Мұндай салдың айдаушысы болу оңай шаруа емес!

Бізді ағын айдап өзеннің ортасына апарды, жан-жақтан бұлттар шыға келді де, ауа тарылғандай тыншу басталды. Бұл жерде өзен теңіз секілді жалпақ, екі жағалауда қалың да биік ағаштар үйдің қабырғасына ұқсайды; су бетінде қимыл жоқ, от та көрінбейді. Біз Кейро жайлы әңгімелестік; оған жеткен кезде біз оны танимыз ба. Танымайтын шығармыз дедім мен; онда бар болғаны оншақты үй бар деседі, ал егер оттары сөніп тұрса, қаланың жанынан өтіп бара жатқанымызды қайдан білеміз? Ол жерде екі үлкен өзен қиылысады, сондықтан көреміз деді Джим. Аралдың жанынан өтіп бара жатқан секілді көруіміз мүмкін, онда тағы сол өзенге тап боламыз деп едім, бұл ойым Джимнің мазасын кетіргендей абыржып қалды. Мен де сондай күйдемін. Енді не істеу керек деген сұрақ туды. Жағалауда от көрінсе болды, салды байлайық та, мен барып әкем салдың үстінде қалды, бұрын ол өзенмен жүріп көрмеген, Кейро қанша жерде екенін біліп кел деп мені жұмсады дейін деп ұсыныс айттым. Джим бұл пікір дұрыс деген баға берді, сосын екеуміз бір-бір трубканы сорып, күте бастадық.

Қала қашан көрінеді деп алға қараудан басқа шаруа жоқ, қаланы байқамай қалмайық деген ойдамыз. Джим байқамауым мүмкін емес, өйткені Кейро көрінсе болды, сол минутта мен еркін адам боламын деді; егер байқамай қалса, онда қайтадан құл ұстайтын штаттардан бір-ақ шығады, ал онда, еркіндік, қош бол! Әр минут сайын ол атып тұрып:

— Міне, мынау Кейро! — деп айқайлады. Бірақ Кейро болмай шығады. Бұл оттар қаланікі емес, әншейін әр жерден көрінген сәулелер, сонда Джим тағы да Кейроны күзетуге отырады. Тез арада азат адам боламын деген ойдан Джим біресе тоңып, біресе ыстықтап кеттім дейді.

Сіздерге шынымды айтайын, біресе тоңып, біресе ысып, мен де негрдің күйін кештім: шынында да ол қазір-ақ еркін адам болады, ал оған кім кінәлі екенін енді түсіндім. Мен ғой кінәлі! Арым таза емес, сондықтан тынши алмадым. Менің өзімді өзім азаптағаным сондай, тыныш таба алмадым, тіпті отыра да алмадым. Осыған дейін мен не жасап жүргенімді ойламап ем.

Не істегенімді енді түсініп, бір минут ұмыта алмадым — өн бойымды өрт алғандай күйдіріп барады. Өзімше кінәлі емеспін деп өзіме басу айтамын: Джимді заңды иесінен алып кеткен мен емес қой. Бірақ бұл да көмектеспеді, арым: "Сен оның қашқын екенін білдің ғой: қайықпен жағаға шығып, біреу-міреуге айтуыңа болатын еді", — деп жанымды жеп барады. Шыны сол еді, менде бұрылатын не дәлел айтатын жай жоқ. Мәселе сонда! Арым маған: "Байғұс Уотсон ханым саған не жамандық жасап еді? Сен ғой оның негрі қашып бара жатқанын көрдің және бұл туралы ешкімге бір сөз айтпадың. Байғұс кемпірді осынша ренжіткендей, ол саған не жасап еді? Ол саған оқуды, жазуды үйретті, қалай жүріп-тұруды үйретті, саған өзінің мейірімін төкті. Саған ешбір жамандық жасаған жоқ," — деп қоймады.

Мен ұяттан не істерге білмедім, тіпті өле жаздадым. Салдың үстіне ерсілі-қарсылы жүріп, өзіме өзім ұрсамын келіп, Джим салдың үстінде ерсілі-қарсылы жанымда қатарласып жүр. Біз отыра алмадық. Ол: "Міне, мынау Кейро!" — деп айқайлаған сайын мені оқпен атқандай болып, шынында Кейро болса, мен сол сәтте-ақ ұяттан өліп кетер едім.

Мен ойланғанша, Джим үнемі айқайлап сөйлей берді.Оның айтатыны құл ұстамайтын еркін штаттарда тұрғанда ол алдымен ақша жинайды, бір центті де босқа жұмсамайды; керек қаржыны жинағасын Уотсон тұратын жерден өзінің әйелін сатып алады, сосын екеуі жұмыс істеп, екі баласын да құлдықтан құтқарады; ал, қожасы балаларды сатқысы келмесе, бұл біреумен сөйлесіп, оларды ұрлап алғызады.

Осындай әңгімелерден мен арқамнан жылан жорғалағандай күйге түстім. Бұрын ол бұлай сөйлесуге батылы бармайтын. Қарап қойыңыз — азаттық алам деген жалғыз ойдан оның қалай өзгергенін көрдіңіз бе?! "Негрге саусағыңды берсең, ол қолыңды алып қояды," -деген мәтел бекер айтылмаған екен. Ойланбай істелген іс осылай аяқталады деп түйдім. Мына негр, оның қашып кетуіне өзім көмектескен Джим, кенеттен батыл да, батыр да бола қалып, балаларымды ұрлап әкетем деп кісімсиді, ал мен болсам, олардың қожасының кім екенін де білмеймін, одан ешқандай жаманшылық та көрген емеспін.

Осындай сөздерді Джимнен есту маған сондай ауыр болды — оның тарапынан барып тұрған оңбағандық! Арым мені бұрынғыдан бетер азаптады, ақыры оған айттым: "Мені жайыма қалдыр сен! Әлі кеш емес қой, от көрінсе болды, жағаға барамын да, айтамын". Мен бірден тынышталып, тіпті көңілденіп кеттім, жан дүнием жеңілденіп қалды. Барлық реніш, өкініштерімді қолмен сыпырып тастағандай болдым. Мен от көрінбес пе екен деп алдыңғы жаққа қарап тіпті ыңылдап өлең айта бастадым. Ақыры бір от көрінді, Джим айқайлап жіберді:

— Біз аман қалдық, Гек, аман! Секір, биле қуаныштан! Бұл мейірімді Кейро ғой, кәрі Кейро, мен білемін ғой!

Мен:

— Қайықпен барып, әуелі бақылап келемін. Білесің бе, Джим, бұл Кейро болмауы да мүмкін, — дедім.

Ол ұшып тұрып, қайықты әзірледі, маған отыруға жайлы болсын деп түбіне өзінің ескі күртешесін жайды, ескекті берді, мен жағадан жылжи бергенде айқайлады:

— Кешікпей мен қуанғаннан билеймін, осының бәріне жеткізген Гек деп айқайлаймын! Мен енді ешкімнің құлы емес, еркін адаммын! Егер Гек болмаса, мен азаттыққа жете алар ма едім? Мұның бәрін Гек жасады! Джим сені ешқашан ұмытпайды, Гек! Сендей дос Джимде ешқашан болған емес! Енді сен Джим шалдың жан дегенде жалғыз досысың!

Ал, мен болсам, оны ұстап берейін деп қайықпен зулап барамын! Ол осыны айтқанда қолым байланып қалғандай болды. Әрең-әрең есіп келемін және кетіп бара жатқаныма қуандым ба, жоқ, ренжідім бе — өзім де білмеймін. Мен елу қадамдай жерге барғанда Джим айқайлады:

— Әнеки, адал дос Гек келе жатыр! Джим шалды алдамаған жалғыз ақ нәсілді мырза!

Мен тіпті өзімді жаман сезіндім. Алайда бір нәрсе істеу керек қой! Жалтаруға болмайды. Сол сәтте қайық көрінді, үстінде қарулары бар екі адам отыр; олар тоқтады. Мен де тоқтадым. Олардың біреуі:

— Ана жердегі не? — деп сұрады.

— Сал, — дедім.

— Сен сол салдансың ба?

— Иә, мырза.

— Еркектер бар ма онда?

— Біреу.

— Өткен түнде бес негр қашып кеткен, әне анау жақтан. Кім онда-ақ па, қара ма?

Мен бірден жауап бермедім. Айтқым келгенмен, аузымнан сөз шықпады. Әуелі күшімді жиып, оларға бәрін айтқым келді, бірақ батылдығым жетпеді — қояннан да қорқақ болдым. Сосын ештеңе шығара алмайтынымды сездім де бәріне қолымды бір сілтедім:

— Ақ, — дедім.

— Біз өзіміз барып көрейік.

— Әрине, әрине, — дедім, — онда менің әкем. Маған көмектесіңізші — салды буксирге алып, жағадағы от жанып тұрған жерге дейін жеткізсеңіз. Әкем ауырады, анам да, Мери Энн де.

— Шайтан алғыр екенсің өзің! Біздің уақытымыз жоқ... Әрине, көмектесу керек деп ойлаймын. Ескегіңмен ілесіп жүр — кеттік.

Мен ілестім, олар ескектердің үстіне жатты. Олар бір-екі рет ескекпен ескенде, мен айттым.

— Әкем сіздерге алғыс айтады. Салды жағаға дейін жеткіз десек, бәрі кетіп қалады. Менің күшім жетпейді.

— Оңбағандық қой! Жоқ, бәрібір түсініксіз... Бала, әкеңнің ауруы қандай?

— Ол ма... онша қауіпті емес.

Олар есуді тоқтатты. Біздің салға дейін жақын қалды. Бірінші кісі айтты:

— Бала, сен өтірікті соғып тұрсың! Әкеңнің ауруы не? Шыныңды айтсаң, өзіңе жақсы.

— Мен шындықты айтайын, мырза. Рас айтам, тек бізді, құдай үшін, тастамаңызшы... оның ауруы... оның... Сіздерге салға өте жақындаудың қажеті жоқ қой, сіздер тек бізді сүйретесіздер. Мен сіздерге жіп тастаймын.

— Кері бұрыл, Жон, тезірек кері кетейік! — деді біреуі.

Олар кері бұрылды.

— Бала, сен әрегірек, желге қарсы жүр. Шайтан алғыр ауру желмен бізге жете ме деп қорқамын! Сенің әкең қара шешекпен ауырады — сен бала, мұны жақсы білесің. Неге бірден айтпадың бізге? Біздің бәрімізге жұқсын дедің бе?

— Жоқ, — деймін мен жыламсырап. — Мен бұрын солай айтқанмын, бәрі бізді тастап кетіп қалды.

— Бейшара, рас қой айтып тұрғаның. Біздің жанымыз ашып-ақ тұр саған, тек... Түсінесің бе, біздің шешекпен ауырғымыз келмейді. Сен тыңда, не істеу керек екенін айтайын саған. Сен өзің жағаға байлама, бәрін қиратып тастайсың. Осыдан төмен қарай жиырма мильдей жүресің, сонда сол жақ жағалауда қала болады. Онда жеткенше жарық түседі; сендерге көмек сұрағанда, әкем қатты қызулап, біресе тоңып ауырады де. Ақымақ болма, әйтпесе олар да сезіп қалады. Біз саған жақсы болсын дейміз, сондықтан сен төменгі жаққа жиырма мильдей жүр. Анау шам жанып тұрған жерге барудың керегі жоқ, ол орман ағаштарын жинайтын қойма. Сенің әкең кедей адам шығар, әрине, оның жолы болмаған. Мен жиырма алтын долларды анау тақтайдың үстіне қоямын, соны жақындап келіп аларсың. Әрине, сені осылай тастап кеткеніміз оңбағандық, ал шешек ауруымен ойнау да оңай емес, өзің білесің ғой.

— Тоқташы, Паркер, — деді екіншісі. — Тағы да жиырма долларды менің атымнан тақтайға қойшы. Қош бол, балақай! Паркер мырзаның айтқанындай істесең, бәрі жақсы болады.

— Иә, иә, балақай, дұрыс! Жарайды, аман бол! Егер қашқын негрді көрсең, көмекке шақыр да оны ұста — саған ақша береді.

— Қош болыңыз, мырза, — дедім мен. — Ал қашқын негрлерді жібермеуге тырысамын.

Олар ілгері кетті, ал мен өте нашар сезініп салға отырдым; істеген ісімнің жаман екенін өзім біліп тұрмын және бұлай істемеу керектігін ешқашан үйрене алмайтын шығармын; егер адам бала күнінен дағдыланбаса, қажет екенін білсе де, ештеңе шығара алмайды. Сосын мен бір минуттай ойланып: тоқтай тұр дедім өзіме өзім, қалай істеу керек екенін біліп тұрып, Джимді ұстап берген болсам, жақсы болар ма еді? Жоқ, деймін, бәрібір жаман болар еді; сондай жағдайда да мен дәл осы сәттегідей қиналар едім. Өзіңе мазасыздықтан басқа ештеңе әкелмейтін нәрсеге жаныңды салғаннан не пайда, ал, керісінше жасасаң, ешқандай мазасыздық болмайды, бірақ марапат бәрібір біреу.

Мен тығырыққа тығылып, жауап таба алмадым. Енді не де болса басымды қатырмаймын, қолдан келгеніне қарай қимылдайтын болам. Мен шалаштың ішіне қарадым. Онда Джим жоқ. Салдың үстін түгел қарап шықтым — ол еш жерде жоқ. Мен айқайладым:

— Джим!

— Мен мұндамын, Гек. Олар көрінбей ме? Жайлап сөйле.

Ол қайықтың құйрық жағында судың ішінде отыр, тек мұрны ғана көрінеді.

Мен оған ешкім жоқ екенін айттым, ол сонда ғана судан шығып, салға отырды.

— Мен бәрін естідім ғой жылжып суға түстім; егер олар салға қайықты байласа жағаға қарай жүзу керек. Сосын олар кетіп көзден таса болғанда, қайта жүзіп келемін деп ойладым. Ал, Гек, сен оларды әбден қатырдың! Өте мықты шықты. Мен саған мынаны айтамын, балам: Джим шалды құтқардың. Джим мұныңды ешқашан ұмытпайды, көгершінім!

Сосын біз ақша жайлы әңгімелестік. Табысымыз жаман болмады: әрқайсымызға жиырма доллардан. Джим біз енді пароходпен палубадағы жолаушылармен бірге жүруімізге болады, негрлерге азаттық берген штаттарға жеткенше ақшамыз жетеді, салға жиырма миль деген түк емес, тек тезірек сонда жетсек екен дейді.

Таң ата біз жағаға салды байладық, Джим салды жақсылап жасыруға тырысты. Ол содан күні бойы біздің заттарымызды буып-түйіп, салмен біржола қоштасуға дайындалуда.

Кешкі онның шамасында сол жақтан біз бір қаланың оттарын көрдік.

Мен қайықпен қандай қала екенін білуге кеттім. Сол бойда маған қайықтың үстінде балық аулап отырған кісі кездесті. Мен жақынырақ барып:

— Айтыңызшы, мырза, бұл Кейро ма? — дедім.

— Кейро? Жоқ! Немене ақылың ауысты ма?

— Сонда бұл қай қала?

— Егер білгің келсе, бар да сұра. Бұл жерде айналсоқтап мазаны ала берсең, байқа -көрсетемін саған!

Мен бұрылып салға қарай кеттім. Джим қатты ренжіді, мен оған келесі қала Кейро болар дедім.

Таң алдында бізге тағы бір қала кездесті, мен тағы да барлауға барғым келіп еді, бұл жердегі жаға өте биік тік жар екен. Джим Кейро жазық жағалауда деп еді. Мен оны ұмытып кетіппін. Күндіз демалу үшін біз бұталар қалың өскен шағын аралды таңдадық та, сол жағалауға жақын тоқтадық. Мен бір нәрсені түсіне бастағандай болдым. Джим де солай секілді.

— Мүмкін біз Кейродан өтіп кеткен шығармыз ана жолғы тұманда? — дедім.

Джим:

— Бұл туралы айтпай-ақ қояйық, Гек, — деді. — Негр байғұстардың әйтеуір жолы болмайды. Жыланның терісі өзінің күшін әлі де көрсетеді деп ойлағанмын.

— Соны көрмегенім жақсы еді, Джим! Маған сол құрғыр кездеспегенде, бәрі басқаша болар еді.

— Сен кінәлі емессің, Гек. Сен білген жоқсың ғой. Ол үшін өзіңді кінәлама.

Жерге жарық түскесін бәрі түсінікті болды: жағаға жақын жерде Огайо өзенінің мөлдір суы, ал әрегіректе өзеннің орта жерінде Миссисипидің лай суы ағып жатыр. Сонымен Кейроның мәселесі аяқталды.

Енді не істейміз деп біраз талқыладық. Жағаға шығып көрінудің қажеті жоқ; салды ағысқа қарсы жүргізе алмаймыз. Ендігі қалғаны — қараңғы түскенін күтіп, не болса ол болсын, қайықпен кері қарай жүру.

Біз күш жинайық деп күні бойы бұталардың арасында ұйықтадық, іңір қараңғылығы түскенде салға келсек, қайық ұшты-күйлі жоқ!

Біз көпке дейін үнсіз қалдық. Айтатын ештеңе де жоқ еді. Біз екеуміз де жылан терісінің кесірі екенін жақсы білеміз, оны әңгіме еткеннен енді не пайда? Бұл аз болғандай тағы бір кеселге тап болармыз, тісімізден шығармауды үйренгенше бірінен соң біріне ұрынуымыз мүмкін. Содан соң енді не істеуіміз керек екенін талқыладық та, қайық сатып алып, сонымен кері жүру сәті түскенше салмен төмен қарай жүзе береміз деп шештік. Менің әкем айналасында ешкім болмаса, біреудің қайығын алып жүре берер еді, бірақ біз соңымызға қуғыншы түспесін деп олай істемедік. Қараңғы түскесін салмен төмен қарай жылжыдық.

Жыланның терісін қолға ұстау өте қауіпті екеніне сенбейтін адам да оның бізге жасаған азабынан кейін бұл хикаяны әрі қарай оқыса, сенетін болады.

Қайықтарды әдетте жағада тұрған салдардың иелері сатады. Алайда ондай салдар бізге кездеспеді, біз шамамен үш сағаттан аса төмен жүре бердік. Қараңғылық бір түрлі сұр түсті, әрі қою, тіпті тұманнан да жаман: өзеннің жағаларының қандай екенін де біле алмайсың, одан әрі немесе алдыңғы жағың да көрінбейді.Түннің бір уағы болды, айнала тып-тыныш; кенет өзеннің жоғарғы жағынан пароход келе жатқанын естідік. Пароходтағылар көретін шығар деп біз фонарьды жағып қойдық. Әдетте кәдімгі пароходтар төмен қарай бізге жақындамай өтетін; олар ағыннан жалтарып қайраңдарды айналып өтеді де, жарқабақты жағадан ағынсыз суға тоқтайды; бірақ мұндай түндерде ағынға қарсы жүреді.

Біз пароходтың даусын естідік, бірақ қасымызға келгенше, көре алмадық. Ол тура бізге қарай келе жатыр. Пароходтар салды қақпай өту үшін әдетте осылай жүреді, кейде доңғалақ ескектің соңғы жағын қажап жеп қояды, сосын лоцман басын қылтитып қарқылдап күледі — міне, ол қандай епті! Пароход бізге жақын жерден өтеді ғой деп едік, бірақ ол салымыздың үстіне шығатындай тура келе жатыр.

Ол қара бұлт секілді жылдам әрі өте үлкен, жан-жағында оттар жылтырайды; кенет ол біздің салдың үстіне шығып алды, таудай тұмсығы үстімізге төніп зәремізді ұшырады. Бізге ақырып айқайлап жатыр, қоңырауын соғып, ұрысқан дауыстар естілді, машинаны тоқтат деп бұйырды біреу, Джим суға қойып кетті, мен екінші жақтан секірдім, пароход сатырлатып салдың үстінен өтті.

Мен сүңгіп барам, сүңгіп барам, түбіне жетейін деймін, өйткені отыз фут доңғалақ үстімнен өткенде басымды жарып жібереді ғой. Әншейінде мен бір минуттай су астында тұра алатынмын, ал бұл жолы минут жарымдай сүңгіген секілдімін. Сосын жоғары көтерілдім, соның өзінде тұншыға жаздадым. Қолтығыма дейін судан шығып, аузымдағы суды түкірініп, пысқырынып жатырмын.

Бұл жерде ағын өте қатты, пароход сондықтан әрең қозғалып жүріп кетті, әдетте олар салшыларға пысқырмайды; енді ол өзеннің жоғарғы жағында бара жатыр, қараңғыда оны көргенім жоқ, бірақ оның тырылдаған дауысын естідім.

Мен жиырма шақты рет Джимді шақырып айқайладым, бірақ жауап болмады; сосын қолыма түскен бір тақтайға жармасып, оны қолыммен итеріп жағаға қарай жүздім. Кешікпей мен ағынның сол жақ жағалау бағытында екенін байқадым да, мен де солға бұрылдым.

Бұл жердегі ағыс көлденеңдеп екі мильдей жерге созылды, сондықтан мен өте ұзақ жүздім. Әйтеуір аман-есен жағаға шықтым. Алдыңғы жақта ештеңе көрінбейді, мен сонда да жолсызбен тура тартып едім, төрт мильдей жүргесін бөренеден қиып жасалған үлкен бір үйге тап болдым. Жанынан жаймен өтіп кетейін деп едім, сол жерде иттер шулап қоя берді, ұлып, үргенмен, жармасқан жоқ, мен де орнымнан қозғалмай тұра бердім.

Он жетінші тарау

ГРЕНДЖЕРФОРДТАР МЕНІ ӨЗДЕРІНЕ АЛДЫ

Бір минуттай уақыт өткенде терезеден басын шығармай біреу айқайлады:

— Тынышталыңдар! Бұл кім? Мен айттым:

— Бұл мен.

— Мен деген кім?

— Джордж Джексен, мырза.

— Сізге не керек?

— Маған ештеңе керек емес, мырза, тек осы жерден өтіп кетейін деп едім, иттер жібермейді.

— Сен неменеге түннің бір уағында сандалып жүрсің?

— Мен сандалғаным жоқ, мырза, мен пароходтан құлап қалдым.

— А, солай ма, құлап кеттім? Қане біреуің от жақындатшы... Есімім кім дедің?

— Джордж Джексон, мырза, мен әлі баламын.

— Сен тыңда, егер айтып тұрғаның рас болса, ештеңеден қорықпа: саған ешкім тимейді. Тек қозғалма, тұрған жеріңнен тырп етпе... Боб пен Томды оятыңдар және мылтықты әкеліңдер... Джордж Джексон, қасыңда біреу бар ма?

— Ешкім жоқ, мырза.

Үй ішінде адамдар жүгіріп, шам жағылды. Әлгі кісі айқайлады:

— Әкет майшамды, Бетси, кәрі ақымақ, есің дұрыс па? Есіктің арт жағына еденге қой... Боб, егер Том екеуің дайын болсаңдар, өз орындарыңа тұрыңдар!

— Біз әзірміз.

— Ал, Джордж Джексон, сен Шепердсондарды білесің бе?

— Жоқ, мырза, олар туралы ешқашан естіген емеспін.

— Мүмкін бұл рас не өтірік шығар. Ал бәрі дайын. Кір, Джордж Джексон. Байқа, асықпа — жаймен жүр. Егер қасыңда біреу болса, сол жерде қалсын; егер ол көрінсе, оны атып тастайды. Енді жақында. Жаймен жақын кел, есікті өзің аш — өзің сыятындай етіп аш, естимісің?

Мен асыққан жоқпын, асыққым келсе де, оған еш мүмкіндік жоқ еді. Мен еппен, ақырын ғана есікке жақындадым; жүрегімнің соққаны ғана естіледі — мен солай сезіндім. Иттерде үн жоқ, бірақ тірсектеп соңымнан еріп келеді. Бөренеден жасалған үш баспалдақты есіктің алдына жеткенімде, үйдің есігін ашып жатқанын естідім. Есіктің тұтқасын ұстадым, біреу "Жарайды енді, басыңды сұқ", — дегенше тұтқаны еппен бастым. Басымды сұғуын сұқтым-ау, ал өзім: қазір шауып тастайды деп ойладым.

Майшам еденде тұр, бәрі қоршай тұрып он бес-жиырма секундтай маған қарады, мен оларға қарадым.

Ересек үш адам маған мылтықтарын кезеп тұрды, шынымды айтсам, мен көзімді жұмдым; ең кәрісі, алпыстардағы, ақ шашты кісі, қалған екеуі отыз-қырықтың шамасындағы адамдар — үшеуі де көрікті, сұлу, бұлардан басқа өте сүйкімді бурыл шашты кемпір, оның артында тұрған екі жас әйелді дұрыс көре алмадым.

Шал айтты:

— Менің ойымша, бәрі дұрыс. Kip!

Мен есіктен кірген бойда шал есікті өзі жауып кілттеді және қарулы жастарға бөлмелеріңе барыңдар деп бұйырды; бәрі еденде кілем жайылған үлкен бөлмеге кетті де, алдыңғы жақтағы терезеден көрінбеу үшін бұрышқа жиналды — көлденең қабырғада терезе жоқ екен. Майшамды жоғары көтеріп, бәрі маған қарап: "Жоқ, ол Шепердсондардың тұқымынан емес, оның бойында Шепердсондардың ешқандай белгісі жоқ," — десті.

Сосын шал мұны тінтсек ренжімейтін шығар деді де, ол мені ренжіткісі келмейтінін, тек қаруы жоқ па деп білгісі келетінін айтты. Ол қалталарыма қол салған жоқ, тек киімімнің сыртынан басып қарады да, бәрі дұрыс деді. Менің ұялмауымды, өз үйімде жүргендей сезінуімді, сосын кім екенімді айтпауымды бұйырды; сол жерде сөзге кемпір араласты.

— Құдай жарылқасын, Саул! Бейшара бала суға малшынып тұр, мүмкін аш шығар. Сен қалай ойлайсың?

— Дұрыс айтасың, Речел, мен ойламаппын.

Кемпір:

— Бетси (бұл негр әйел!) Жүгіріп барып, бейшара балаға жейтін бірдеңе әкелші тезірек! Ал қыздар, сендер барып Бакты оятып айтыңдар оған... А, өзі де осында екен... Бак, мына бөтен баланың су көйлегін шеш те, өзіңнің киіміңнен құрғақ біреуін бер, — деді.

Бак сырт қарағанда жасы мен шамалас он төрт-он бестегі бала секілді, бірақ бойы менен ұзындау. Ол түнде киетін көйлегімен, шашы қобырап тұр. Ол есінеп, жұдырығымен көзін уқалап, екінші қолымен мылтығын сүйретіп шықты.

— Шепердсондар болған жоқ па мұнда? — деп сұрады ол.

Оған болған жоқ, қауіптенгеніміз бекер болып шықты деп жауап берісті.

— Жарайды, — деді ол, — егер олар келе қалса, мен ең болмағанда біреуін атқан болар едім.

Бәрі күлді, Боб:

— Қайда саған, Бак! Сен ұйқыдан оянғанша, олар біздің басымызды өлшеп үлгерер еді, — деді.

— Әрине, ешкім менің соңымнан келген жоқ, бұл барып тұрған шошқалық! Ылғи мені артқа қалдырасыңдар — мен ешқашан өзімді көрсете алмаймын.

— Ештеңе етпейді, Бак, — деді шал, — әлі өзіңді көрсетесің! Бәрінің де уақыты келеді, қиналма. Ал, енді бар, анаңның айтқанын орында.

Біз Бак екеуміз жоғарыдағы оның бөлмесіне көтерілдік, ол маған өзінің көйлегі мен шалбарын берді, мен бәрін киіп алдым. Мен киініп жатқанда, ол менің атымды сұрады, мен жауап бергенше ол өзі орманнан алдыңғы күні ұстап алған қоян туралы әңгімесін бастап кетті, сосын майшам сөнгенде Моисей қайда болды деп сұрады. Мен білмеймін және ешқашан ол жайлы естіген емеспін дедім.

— Ендеше тауып көр, — дейді.

— Қалай табам, — деймін, — егер бірінші рет естіп тұрсам?

— Ал сен ойланып көруді білмейсің бе? Тіпті оңай ғой.

— Қандай майшам? — дедім.

— Қандай болса да, бәрібір емес пе, — дейді ол.

— Оның қайда екенін білмеймін, — дедім. — Айтсайшы, қайда?

— Қараңғыда!

— Ал егер сен білсең, менен неге сұрайсың?

— Бұл деген жұмбақ қой, түсінбейсің бе? Айтшы, сен бізде қонақта көп боласың ба?

Біржола қалсайшы. Екеуіміз көңілді жүреміз, қазір сабақ жоқ... Сенің итің бар ма? Менде бар; суға ағаштың сынығын тастасаң, ол барып алып келеді. Сосын жексенбі сайын шашыңды тарағанды жақсы көресің бе? Мен жек көремін, тек анам зорлап таратады. Мына шалбар дегенді шайтан алсын! Кию керек, ал менің кигім келмейді — өте ыстық. Сен әзірсің бе? Жарайды, кеттік, шал!

Салқын жүгері нан, май, салқын ет — олар мені төменде тамақтандырды, өмірімде мұндай дәмді тамақты ішіп көрмеп едім. Бак, оның анасы және екі жас қыз бен негр әйелден басқасы тұрбаларды тартты. Негр әйел кетіп қалды. Бәрі шылым шегіп, әңгіме соқты, мен де тамақ жеп, әңгімеге араласып отырдым. Екі қыз көрпеге оранып, шаштары жалбыраған күйде отыр. Бәрі менен ананы-мынаны сұрай береді, ал мен оларға әкем екеуіміз бүкіл отбасымызбен Арканзастың алыстағы бір шағын фермасында тұрғанымызды, сосын әпкем Мери Энн үйден қашып кетіп тұрмысқа шыққанын және содан кейін одан із-түзсіз хабар жоқ екенін, ал Билл оны іздеп кетіп еді, ол да хабар-ошарсыз, Том мен Морт қайтыс болды, ақырында әкем екеумізден басқа ешкім қалмады, әкем де қайғы мен бейнеттен көпке шыдамады; ол өлгесін мен қалған ол-пұл заттарымызды жиып (ферма біздікі емес еді), өзеннің жоғарғы жағына пароходтағы жолаушылармен кетіп ем, сосын одан өзенге құлап кеттім, сөйтіп сіздерге тап болдым деп соғып жатырмын. Олар қанша тұрғың келсе, сонша тұра бер десті. Сонан соң таң біліне бастады да, бәрі бөлмелеріне кетті, мен де Бакпен ұйықтауға кеттім, таңертең тұрғанда, кешегі айтқан атымды ұмытып қалыппын. Бір сағаттай ойланып жаттым, Бак оянғасын оған:

— Сен жаза аласың ба, Бак? — дедім.

— Жазамын.

— Менің атымның қалай жазылатынын білмейтін шығарсың!

— Сенен артық білмеймін, — деді.

— Жарайды, — деймін, — жазшы.

— Дж-о-р-д-ж, Ж-е-к-с-он  — міне, саған!  — деді.

— Дұрыс, біледі екенсің,  — деймін,  — сені білмейді деп ойлап едім. Бұл кез келген адам жаза алатын ат емес, алдымен жаттап алуы керек.

Мен өзім де еппен жаздым; кенет атың қалай жазылады деп сұрап қалса, еш қиындықсыз жаза салатын адамдай көріну үшін. 

Бұл отбасы өте жақсы екен, үйлері де керемет. Мен ауылдық жерлерде мұндай әдемі әрі бай жабдықталған үйді көрген емеспін. Сыртқы есік темірмен де, ағашпен де қапталған және сыртындағы жез домалақты қаладағы үйлердегідей қозғап қалу керек. Қонақ бөлмеде кереует жоқ, ал қала үйлерінің біразында кереует болады.

Камин үлкен, төменгі жағын қызыл кірпішпен өрген; кірпіштер үнемі таза және қызыл болып тұруы үшін оларды сумен жуып, басқа кірпішпен ысып тазалайды; кейде оларды қала үйлеріндегідей "испандық қоңыр түс" деген бояумен бояйды. Мосы мыстан жасалған әрі үлкен, үстіне бөрене қойсаң да сынатын емес. Каминнің үстіндегі тақтаның ортасында әйнектің арғы жағында сағат, төменгі бөлігінде күннің орнына дөңгелек жасалған қаланың суреті бар. Сағаттың тықылдағаны құлаққа жағымды естіледі; кейде көше кезіп жүретін сағат жөндеушілер келіп, сағатты тазалап реттейді, сонда оның дауысы әдемі естілетін сияқты. Үй иелері бұл сағатты ешқандай ақшаға айырбастамас еді.

Сағаттың оң жағында және сол жағында теңіз попугайлары тұр, бор секілді тастан қашалған, ала-құла етіп бояп қойған. Бір попугайдың жанында саздан жасалған мысық, екіншісінің қасында саздан жасалған ит, егер оларды ұстап қыссаң, шырылдап дыбыс шығарады; олардың ауыздары ашылмайды, бет-ауыздары қозғалмайды. Дыбыс шығаратын олардың төменгі жағы. Осылардың бәрінің артқы жағында жабайы индюк қанатының қауырсынынан жасалған желпуіш қыстырылған. Бөлменің ортасындағы үстел үстінде апельсин, алма, шабдалы, жүзім толы себет тұр, анықтап байқаған кісіге гипстен бе, бордан ба жасалып, әр түске боялғаны көрініп тұр.

Үстелде қызыл және көк бояумен салған сұңқардың суреті бар, айналасы өрнектелген әдемі клеенкамен жауып қойыпты. Бұл клеенка Филадельфияның өзінен әкелінген десті маған. Үстелдің төрт бұрышына топ-топ кітап қойылған. Олардың біреуі отбасылық үлкен Тәурат, ішінде суреттер көп. Екінші кітап — "Қажының жолы", ол бір адамның бала-шағасын тастап кеткені жайлы, бірақ себебі айтылмаған. Мен бірнеше рет сол кітапты оқиын деп ұмтылдым. Қызғылықты жазылған, бірақ түсініксіздеу. Онда тағы да "Достықтың сыйы" деген кітап бар, бірнеше қызық әңгімелерден, өлеңдерден тұрады, бірақ мен өлеңдерді оқыдым. Генри Клейдің "Сөздері" және доктор Ганның "Үй емдеушісі" болды; бұл кітаптан егер біреу үйде ауырса, не өлсе, не істеу керек екенін білуге болады. Дұғалар кітапшасы және басқа да дүниелер бар.

Сол бөлмеде өте мықты әрі әдемі өрілген орындықтар - ескі себет секілді тесіліп-мүжіліп, жермен-жексен болған емес — тұр.

Қабырғада суреттер ілінген — көбі Вашингтондар және Лафайеттер, түрлі соғыстар, Шотландияның королевасы Мария Стюарт, ал енді бір сурет "Декларацияға қол қойылу"деп аталады. Өздері "Пастель" деп атайтын тағы да суреттер бар; оларды қыздарының біреуі он бес жасында салыпты; ол қайтыс болған көрінеді. Мұндай суреттерді мен еш жерден көрген емеспін — ылғи қара бояумен салған. Бір суретте тар қара көйлек киген әйел, қолтығының төменгі жағын белбеумен буып қойған, жеңдері қырыққабаттың басы секілді, үлкен қара қалпақ, қара вуаль, қара көйлектің ішіндегі аппақ аяқтарында тұмсығы жіңішке қара туфли. Ол жылауық ағаштың жанында зираттың ескерткішіне ойлана оң қолының шынтағын сүйеген, ал, сол қолында ақ орамал, суреттің астында: "Ah, мен енді сені көре алмаймын ба?" деген жазу бар. Келесі суретте жас қыз, шашын төбесіне түйген, шашына тарақ түйреген, орамалмен көзін сүртіп жылап тұр, ал қолында құстың өлген балапаны, суреттің астында: "Мен енді ешқашан сенің көңілді үніңді ести алмаймын!" деген жазу. Тағы бір сурет бар: жас қыз терезенің жанында айға қарап тұр, ал көзінен жас сорғалайды, қолында ашылған қара мөр басылған конверт, екінші қолымен мойнындағы медальонды ерніне тақап тұр, ал суреттің астында: "Сен енді жоқсың ба! Иә, өкінішті, енді сен жоқсың!" деп жазылған. Суреттер жақсы екен, бірақ олар маған онша ұнамады, себебі өзің көңілсіз болсаң, бұлар онан сайын мұңайтады. Мына қыздың өліміне бәрі жандары ашып, қайғырады, өйткені ол тағы бір суретті бастаған екен, салған суреттерін көргенде, қыздың ата-анасы талантты перзентін жоғалтқанын сезуге болады. Ал менің ойымша, оның мінезімен өмір сүргеннен гөрі зиратта жатқаны тыныш болар. Ауырмастан бұрын ол бір суретті бастаған екен — ең тамаша туындысын деседі — күндіз-түні құдайға сиынып, соны бітіргенше өлмесем деп жалбарыныпты, алайда оның тілегі орындалмай — суретін бітірмей өліп кетіпті.

Ол суретте ұзын көйлек киген жас әйел көпірден секіруге әзірленіп тұр; шашын жайып жіберген, көзінен жас сорғалаған күйі екі қолын кеудесіне қойған, тағы екі қолды алдыңғы жағына жайып тұр, енді екі қолын аспандағы айға созып тұр.

Суретші қыз әуелі қалай еткенде әдемі шығатынын қарап алғысы келген де, сосын қолдарды сүртіп тастауды ойлаған, алайда үлгере алмай өліп кеткен, ал туғандары бұл суретті оның кереуетінің үстіне іліп қойыпты, оның туған күнінде айналасына гүл шоқтарын қояды екен. Ал басқа күндерде суреттің бетін кішкене жапқышпен көлеңкелеп қояды. Суреттегі жас әйелдің бет әлпеті сүйкімді көрінеді, бірақ қолдары көп болғасын қоңызға ұқсайды.

Ол қыз тірі кезінде өзіне альбом алып, оның беттеріне "Пресвитериан газетінен" жерлеу, қайғылы оқиғалар, жайлы түрлі хабарларды альбомға жапсырып, өзі солар туралы өлеңдер жазыпты. Өлеңдері жақсы. Стивен Даулинг Ботс деген құдыққа құлап батып кеткен бала туралы мына өлеңді жазыпты:

Стивен Даулинг Ботстың өліміне

Өмір бітіп алдағы,
Сәуле сөнді жанардан.
Ата-анасы зарлады,
Ауру емес оны алған.
Қызылша да, оспа да
Қинамады баланы
Тірілтуге жоқ шама,
Қайғы орады ананы.
Сүю-күю дегендер
Кірген емес түсіне
Шикі сәбіз жегеннен
Ауырмаған іші де.
Емес еді бұзық та,
Ботс — үлгі еді жастарға,
Құлап кетіп құдыққа,
Ұшты жаны аспанға.
Шығарды оны, бірақ та
Таппады ешбір амалын
О дүниеге — жұмаққа
Жаны кетті баланың.

Егер Эммелина Грэнджерфорд он төрт жасқа толмаған кезінде осындай өлең жазса, өскенде қандай ақын болар еді! Оған өлең шығару оп-оңай болатын дейді Бак, ол өлең шығарарда тіпті ойланбайтын. Бір жолды ойлайды, егер оған ұйқас таба алмаса, оны сызып тастап, басқа жолды жазады, сосын ұйқастырып жаза беретін. Ол онша талдап, оқиғаға мән беріп жатпайды, өлең жаза береді, әсіресе көңілсіз, мұңды жағдай болса, соған әуес еді. Еркек пе, әйел ме, сәби ме — әйтеуір біреу өлсе болды, ол адамның денесі суығанша Эммелина өлең жазып қоятын. Бұл өлеңдеріне "Қайтыс болған адамға сыйлық" деген тақырып қояды. Көршілер, бірінші келген дәрігер, сосын Эммелина, содан соң барып табыт жасаушы; табыт жасаушы бір рет Эммелинадан бұрын келді, ал Эммелина өлген Уистлер деген кісіге ұйқас таба алмай кеш келген. Осы соққыдан ол оңала алмады, содан соң азғана өмір сүрді. Бейшара, мен қанша рет оның бөлмесіне кірдім.Оның суреттері жүйкеме тиген, мен оған ашуланатынмын, сосын оның ескі альбомын алып оқи бастайтынмын.

Маған бұл отбасы кереметтей ұнайды, өлгендері де, тірілері де олардың ешқайсысымен де ұрсысқым келмейді. Эммелина тірі кезінде өлген адамдардың бәріне өлең шығаратын, ал өлгесін оған арнап ешкімнің өлең шығармайтыны өкінішті; мен өлең шығарғым келіп байқап көріп едім, ештеңе шықпады.

Эммелинаның бөлмесін барлық уақытта тазалап жинайтын, заттардың бәрін өзінің тірісіндегідей етіп қояды, ешкім ол бөлмеде ұйықтамайды.

Үйде жұмыс істейтін негрлер көп болғанымен, бұл бөлмені кемпір ғана реттейді және сол бөлмеде іс тігеді, Тәуратты да сонда оқып отырады.

Мінеки, мен қонақ бөлме жайлы айттым; оның терезелерінде суреттері бар аппақ жапқыштар: суретте байлардың қымбат үйлері, судың жағасында жайылып жүрген мал. Бөлмеде ескі пианино тұр, қыздар "Біз қоштастық", "Прага түбіндегі ұрысты" айтқанда мен рахаттанып қаламын. Бөлмелердің бәрінің қабырғалары әктелген, барлық еденде кілемдер жатыр, ал үйдің сырты тегіс сыланған. Үй екі флигельден тұрады, ал олардың арасында еден, төбесі жабық, кейде сол жерде үстел қойып, түскі тамаққа жиналады, бұл жер салқын әрі жайлы. Бұдан артық ештеңе жоқ секілді! Тамақты сондай дәмді дайындайды және дастарқан үстіне таудай үйіп қояды.

Он сегізінші тарау

ГАРНИ ҚАЛПАҒЫН ҚУДЫ

Полковник Гренджерфорд нағыз ақсүйек мырза, басынан аяғына дейін және бүкіл отбасы да сондай керемет адамдар. Нағыз текті тұқымнан екені көрініп тұрады, ал бұл деген жылқы үшін де, адам үшін де өте маңызды; мен мұны жесір әйел Дугластан естігем, ал ол әйел біздің қаладағы алғашқы ақсүйектердің бірі болатын жәнебұл жайлы ешкім дауласқан емес; менің әкем өзі текті иттің тұқымы болмаса да, жесір Дугластың ақсүйектігі жайлы айтып отыратын.

Полковник ұзын бойлы, өте арық, қараторы, бірақ бетінде қызғылт рең жоқ боп-боз; әр таң сайын бетін түгел қырады; еріндері жұқа, жіңішке құс тұмсығы, қалың қасы және үңгірден сізге қарап тұрғандай қап-қара көздері өзіне сондай жарасымды. Маңдайы кере қарыс, ал бурыл шашы ұзын иығына түсіп тұрады. Қолдары арық, саусақтары ұп-ұзын, күнде жаңа көйлек пен қарасаң, ақтығы көзіңді қаритын жұқа бешпент-шалбар киеді. Ал жексенбіде ілгектері жез көк бешпет киеді. Қолына ағаштан жасалған күміс бедерлі таяқ ұстайды. Әзілдескенді жек көреді және өте жай сөйлейді. Ал мейірімділігі деген — айтып жеткізе алмайсың, кездескен адамның бәрі бұл қасиетін бірден түсінеді де, ойланбастан оған сенім артады.

Өте сирек күлімсірейді, сол сәтте ол сондай әдемі көрінеді. Алайда егер ол оқтаудай тік тұрып, қою қастарының астындағы отты жанардан найзағай атқылағанда адам ағаштың астына тығылып, сосын барып не болғанына құлақ салар еді. Ол ешкімді де орынсыз ренжіткен емес: оның алдында жұрттың бәрі өздерін жақсы ұстауға тырысады. Полковник көңілді кезде басқалар оның маңында болғанды ұнатады; ол отырған жерде күннің нұрына оранғандай боласың. Ал ол күзгі бұлттай түнеріп қабағын түйсе, ол тек жарты минутқа ғана созылады — бірақ соның өзі жұрттың бәрін бір апта бойы жым-жырт жүргізуге үйретеді.

Ол таңертең өзінің кемпірімен асханаға кіргенде балаларының бәрі орындықтарынан тұрып амандасып, сосын ол екеуі жайғасқанша отырмайды. Содан соң Том мен Боб графин тұрған буфетке барып бір стақан вискиді сумен араластырып, әкесіне ұсынады, ал ол қолына стақанын алып, ана екеуі өздеріне құйғанша күтіп отырады; Бұдан кейін екі ұл: "Сіздің денсаулығыңыз үшін, мырза! Сіздің денсаулығыңыз үшін, ханым!" дейді, ал ана екеуі бастарын сәл иіп рахмет айтады. Сосын үшеуі ішеді. Содан соң Боб пен Том бір түйір қантқа бір қасық сумен бір тамшы вискиді өз стақандарының түбіне тамызып, Бак екеумізге береді, біз де үлкендердің денсаулығы үшін деп ұрттаймыз:

Боб үлкені, ал Том — екіншісі, екеуі де ұзын бойлы, күнге тотыққан, ұзын қара шашты, көздері қап-қара жігіттер. Олар бастан аяқ полковник секілді ақ киім киеді, бастарында үлкен қалпақ.

Бұлардан басқа Шарлотта (жиырма бестер шамасында) бар: ұзын бойлы, тәкаппар, бірақ оны ашуландырмасаң, одан асқан мейірімді, одан асқан жақсы кісі жоқ. Ал ол ашулана қалса, әкесіне ұқсап бір қарағаны жаныңды жәһанамға жібереді. Өзі нағыз сұлу.

Оның сіңлісі София, ол да әдемі, бірақ апасынан мүлде басқа: момын, көгершін секілді үнсіз; ол бар болғаны жиырма жаста.

Олардың әрқайсысында қызметші негр бар, Бакта да бар. Менің негріме істейтін шаруа жоқ, өйткені маған біреу ешқашан қызмет істеген емес, оның есесіне Бактың негрінің құйрығы жер иіскемейді.

Міне, олардың отбасынан қалғандары осылар, ал бұрын бұлардан басқа үш ұлдары болған — үшеуін де өлтірген; және қайтыс болған Эммелина болыпты.

Шалдың көптеген фермалары және жүзге тарта негрлері бар. Кейде он, он бес миль жерден атпен топ-топ болып қонақтар келеді, бес-алты күн қонақ болып сайрандайды, өзенде қайықпен серуен құрып, күндіз орманда тамақ ішеді, кешкісін үйде билейді. Бұлардың көбі өздерінің туысқандары. Ер адамдар қонаққа барғанда мылтықтарын ала жүреді. Олардың бәрін салиқалы адамдар деп айтуға болады.

Осы маңда тағы бір ақсүйек әулет бар, олар бес пе, алты ма отбасынан тұрады — бәрінің фамилиясы Шепердсон. Олар да Гренджерфордтар секілді тәрбиелі, бай, атақты адамдар. Шепердсондар мен Гренджерфордтар біз тұрған үйден екі мильдей жоғары кемежайды бірдей пайдаланады, біздің адамдармен бірге кемелер тұратын жерге барғанда әдемі аттар мінген Шепердсондарды мен де көргенмін.

Бірде Бак екеуміз аң аулауға орманға барып едік, кенет ат тұяғының дүбірі естілді. Біз жолдан өте бергенбіз, Бак айқай салды:

— Тезірек! Орманға қаш!

Біз жүгірдік, сосын бұталардың арасына жасырынып жолға қарадық. Кешікпей ат үстіндегі әдемі жас жігіт көрінді, әскери адамға ұқсайды: жол бойымен желіп келеді, тізгінін бос жіберген.

Ердің үстіне көлденең қойған мылтығы бар. Мен оны бұрын көргенмін. Бұл жас жігіт -Гарни Шепердсон. Кенет Бактың мылтығының оғы құлағымды жанап тарс етіп еді, Гарнидің басындағы қалпағы ұшып кетті. Ол да мылтығына жармасып, біз тығылып жатқан жерге қарай шауып келеді. Бірақ біз оны тосып отырмадық, орманның арасымен қаша жөнелдік. Орман қалың емес, мен оқтан бұлтару үшін әлсін-әлсін арт жағыма қарап келемін; Гарнидің Бакты көздегенін екі рет көрдім, сосын ол бұрылып, келген жағына кетті — шамасы, қалпағын іздеуге кетті-ау деймін; бұл менің ойым ғана, әйтпесе көрген емеспін. Біз тоқтамастан үйге жеткенше жүгірдік.

Кәрі мырзаның көзінде от ойнап — менің ойыма, қуаныштан болар — содан соң бетіндегі әжімдер жайылып:

— Бұтаға тығылып атысу деген маған ұнамайды, сен неге жолға шықпадың, балам? — деп жылы жүзбен еркелете сөйледі.

— Шепердсондар ылғи көрінбей атысады, әке. Олар ыңғайлы жағдайдың бәрін пайдаланады.

Шарлотта сұлу патшаның қалыңдығына ұқсап басын көтерді, Бактың әңгімесін тыңдағанда танауы желпілдеп көзі жайнап кетті. Жастар қабағын шытқанмен, ешқайсысы үндемеді. София сұлу шошып кеткендей түсі бозарып, сосын Гарнидің жеті мүшесі сау екенін естігесін, қайтадан бет-жүзі қызғылт тартып қалпына келді.

Ағаштардың астында тамақ ішуге Бакты шақыруға келгенімде, екеуміз оңаша қалдық.

— Сен, шынында да, оны өлтіргің келді ме, Бак? — деп сұрадым.

— Енді қалай деп едің?

— Ол саған не істеп еді?

— Ол? Ештеңе де жасаған жоқ маған.

— Оны не үшін өлтіргің келді?

— Жай, әншейін — арамызда қанды кек болғандықтан.

— Ол не — "қанды кек" деген?

— Сені неменеге үйреткен өзі? Шынымен қанды кек дегеннің не екенін білмеймісің?

— Бірінші рет естіп тұрмын. Қане, айтшы!

— Қанды кек деген — ол мынау: бір адам екінші біреумен дауласып, сосын оны өлтіреді, ал сол өлген адамның ағасы не інісі алады да, өлтірген кісіні өлтіреді, сосын ол екеуінің ағалары не бауырлары жауласып, бірін бірі өлтіреді, одан кейін екі жақтағы немере ағалар мен інілер кіріседі, ал бір-бірлерін осылай өлтіргеннен соң жауласу аяқталады. Бұл тек өте ұзақ тарих — көп уақыт кетеді.

— Ал сендердің жауласуларыңның басталғанына көп болды ма?

— Көп болғанда қандай! Отыз жыл ма, әйтеуір соған жақын. Екі адамның арасында бір нәрсеге келіспеушілік болып дауласады, сосын сотқа барады: сотта жеңілген кісі жеңген адамды барады да атып тастайды — осылай басталған, әрине. Оның орнындағы кез келген адам солай істер еді.

— Дау неден басталған, Бак? Жер дауы ма?

— Мен білмеймін. Мүмкін.

— Ал, бірінші атқан кім? Грэнджерфорд па, Шепердсон ба?

— Құдайым-ай, мен қайдан білейін! Бұл деген атам заманда болған оқиға емес пе.

— Ешкім білмей ме?

— Әкем біледі деп ойлаймын, сосын қарттардың арасында білетіндері бар болар; бірақ олар да алғашқы дау-дамай неден басталғанын білмейді.

— Өлгендер көп болды ма, Бак?

— Иә! Біреуді жерлеп жатады әйтеуір. Бірақ бәрін өлтірмейді. Әкемнің иығында үлкен жарақат бар, алайда ол көңіл бөлмейді, ол туралы ойламайды. Бобты да пышақпен жаралаған, ал Том екі рет жараланды.

— Ал биыл біреу-міреуді өлтірді ме, Бак?

— Иә, бізден біреуді, олардан да біреуді... Осыдан үш айдай бұрын менің немере ағам Бад өзеннің арғы бетінде орманмен келе жатады, мылтық алмаған екен — ақымақтық — кенет айналада ешкім жоқ бір жерде соңынан келе жатқан ат тұяғының дүбірін естиді; артына қараса, қолындағы мылтығын кезеніп Шепердсон шал шауып келеді екен, аппақ шашы желмен желпілдейді. Бад аттан секіріп түсіп, бұталардың арасына тығылуы керек еді, ал ол болса, шал жете алмайды деп ойлап, екеуі бес мильдей шауып, ақыры шалдың қалатын түрі жоқ болғасын, Бад істің насырға шабатынын байқап, атының тізгінін тартады да, оқ жауырынымнан тимесін деп шалға бетін беріп бұрылады, ал шал болса жақын келіп бір оқпен өлтірген. Бірақ оның қуанышы ұзаққа бармады: бір апта өтпей-ақ біздікілер шалдың шаруасын бітірді.

— Меніңше, ол шал қорқақ болған ғой, Бак.

— Меніңше, жоқ! Шепердсондардың ішінде бірде-бір қорқағы жоқ! Грэнджерфордтар да қорқуды білмейді. Бірде әлгі шал Грэнджерфордтардың үшеуімен жалғыз төбелесіп, үшеуін де жеңіпті. Біздің үш жігіт те ат үстінде, ал шал атынан секіріп түсіп бұталардың тасасына тығылып, атын алдына қойған — оқтан қорғану үшін, Грэнджерфордтар аттарынан түспеген, бәрі ат үстінде ойқастап шалдың айналасында жүріп оқ атқан, ол да қарап отырмаған, әрине. Шал да, оның аты да қанға боялып үйіне оралған, ал оның есесіне Грэнджерфордтар бірінің өлігін, арқалап, екіншісі ауыр жаралы күйінде үйлеріне келіп, келесі күні жаралы туыстары да өлген. Жоқ, мырза, егер біреулерге қорқақтар қажет болса, Шепердсондар арасынан іздеп уақыт кетіру қажет емес — олардың ішінде қорқақтар мүлде жоқ!

Келесі жексенбіде біз бәріміз үш миль жердегі шіркеуге баруға жолға шықтық. Еркектер қаруларын қолға алуға ыңғайлы болсын деп тізелерінің ортасына қойды. Шепердсондар да солай істеді. Уағыз қарапайым бұрынғы айтылып жүрген туысқандық махаббат және сол секілді өсиеттер, тіпті ішіңді пыстырады. Уағыз жақсы болды деп үйге қайтып келе жатқанда бәрі әңгіме етті: дін туралы, қайырымды істер, тағы-тағы сол секілді пікірлер, ал мен өмірімде мұндай қызықсыз өткен жексенбілікті көрмеппін.

Түскі астан кейінгі бір сағатта бәрі қалғып-мүлгіп ұйқыға кетті — біреу креслода, біреулері өздерінің бөлмелерінде — енді тіпті көңілсіз болды. Бак өзінің итін қасына алып көк шөптің үстінде жатып еді, күн шуағына балқып, ол да ұйқыға кетті. Өзіміздің бөлмемізге кетіп, мен де көз іліндіріп алайын деп едім. Жан-жағыма қарасам, үндемейтін, жәй мінезді София өз бөлмесінің алдында тұр екен: ол мені шақырып бөлмесіне кіргізді де, жайлап есікті жапты; сосын сен мені жақсы көресің бе деп сұрады, мен жақсы көретінімді айттым; бір өтініш айтсам, ол туралы ешкімге айтпай, орындайсың ба деп сұрады, орындаймын дедім. Ол сосын өзінің Тәуратын шіркеуге қалдырғанын, орындықтың үстіндегі екі кітаптың арасына қойғанын және Тәуратты ешкімге айтпай, ешкімге көрсетпей әкеліп беруімді сұрады. Әкелемін дедім де, жайлап үйден шықтым, жолға түсіп зымырадым; қарасам, шіркеуде адам жоқ, бір-екі шошқадан басқа: шіркеудің есігі жабылмайды, ал шошқалар жаздыгүні шіркеудің салқын еденіне жатқанды жақсы көреді. Егер сіз байқаған болсаңыз, адамдардың көбі шіркеуге қажеттігіне қарай барады, ал, шошқалар — олардың шаруасы басқа.

Мұнда бір сыр бар-ау деп ойладым. Ол тек діни кітап туралы осынша мазасыздануы мүмкін емес деймін. Кітапты сілкіп қалып едім — арасынан кішкене қағаз түсті, онда: "Сағат екі жарымда" деген жазу бар. Тағы бірдеңе бар ма деп қарап едім — ештеңе таба алмадым. Мен ештеңеге түсінген жоқпын, қағазды кітаптың арасына салып үйге келдім де, жоғары көтерілдім, София бойжеткен өз бөлмесінің есігін ашып, мені күтіп тұр екен.

Ол мені тартқылап бөлмесіне кіргізіп, есікті жапты да, Тәураттың беттерін ақтара бастады, қағазды алып оқып, өте қуанып кетті; мен есімді жиып үлгергенше, ол менің иығымды құшақтап, дүниедегі ең жақсы бала сенсің, тек ешкімге айтпа деді. Көздері жарқылдап, өзі қызарып, әдеттегісінен де сұлу болып кетті. Мен бұл не құпия екенін білгім келіп, қағазда не жайлы жазылған дедім; ол менің оны оқыған-оқымағанымды сұрап еді, мен оқымадым дедім. Содан соң ол оқи аласың ба деп сұрады, мен кітаптың әріптерімен жазылғанды ғана оқи аламын дедім, ол сосын бұл қағазда ештеңе жазылмаған, жәй кітаптың бетіне салған қағаз, ал сен барып ойнай бер деді.

Мен өзенге қарай жүріп, бұл не болды екен деп өзімше ойға кетіп ем, кенет байқасам, артымнан негр келе жатыр. Біз терезеден қарағанда көрінбейтін жерге жеткенде, әлгі негр жан-жағына қарады да ешкім жоқ екенін байқап, менің жаныма жүгіріп келді.

— Джордж мырза, менімен бірге сонау сазды жерге бармайсыз ба? Мен сізге үйіліп жатқан су жыландарын көрсетер едім, — деді.

Таза нәрсе емес-ау деп ойладым. Кеше де ол осылай деген. Артынан жүгіретіндей су жыланы кімге керек! Мынау соны білмей ме? Не ойлағаны бар мұның...

— Жарайды, баста, — дедім сосын оған.

Жарты мильдей оның соңынан ердім, сосын ол көлденеңдеп тобығынан келетін сазды суды кешкен күйі тағы жарты мильдей жүрді. Кешікпей біз жері құрғақ, қалың ағаш, шөп өскен шағын аралға келдік. Негр айтты:

— Сіз алға барыңыз, болғаны екі қадам — олар сол жерде. Мен оларды бұрын да талай көргем, маған керегі қанша!

Ол осыны айтып артына бұрылды да, шалшық суды шалпылдатып, ағаштардың тасасына қарай көрінбей кетті. Мен тура жүре беріп едім, бір бөлменің аумағындай алаңқайда шөп кілемдей көк қалың өскен екен, кенет қарасам, жерде біреу ұйықтап жатыр және шын айтам, ол менің Джимім болып шықты!

Мен оны ояттым, оятып жатып қазір мені көргенде таң-тамаша қалады ғой деп ойладым. Бірақ бәрі басқаша болды. Ол маған қуанғаны сондай, жылап жібере жаздады, бірақ таңданған жоқ.

Сол түні ол менің соңымнан жүзіп отырған, менің айқайымды да естіген, алайда дауыстауға ұстап алып құлдыққа сатып жібереді деп қорыққан екен.

— Мен, — деді, — аздап жарақат алдым да, тез жүзе алмадым. Ақырында сен тіпті ұзап кеттің; сен жағаға шыққасын айқайламай қуып жетем ғой деп едім, анау үйді көргесін, асықпай, жай жүрдім.

Мен әлі әрегіректе болғандықтан, олардың саған не айтқанын ести алмадым және иттерден мен де қорықтым; бәрі тынышталғасын, сенің үйге кіргеніңді түсіндім де, өзім таң атқанша күтейін деп орманға кеттім. Ертеңіне негрлер таң атпай далаға жұмысқа бара жатты, олар мені де ерте кетіп осы жерді көрсетті — мұнда су және иттер иісіңді сезе алмайды; олар кеш сайын жейтін бірдеңе әкеледі және сенің қалай тұрып жатқаныңды айтады.

— Сен осы жерге алып кел деп неге менің Джек деген негріме ертерек айтпадың?

— Сені күні бұрын мазалап қайтем, Гек! Ал енді бізде бәрі әзір. Мен тіпті реті келгесін кастрюль, табалар сатып алдым, түні бойы салды жөндеймін...

— Қайдағы сал, Джим?

— Өзіміздің ескі салды.

— Пароход оның тас-талқанын шығарған жоқ па еді?

— Жоқ, қиратқан жоқ. Оны жақсылап жарақаттағаны рас — бір жағы жұлынып кеткен. Дегенмен құралақан емеспіз, тек біздің заттарымыздың бәрі суға кетті. Біз салды көрген болар едік сонда, егер тым тереңге сүңгімесек, оның үстіне сол түн өте қараңғы болмағанда; сен екеуміз, шынын айтқанда, зәреміз ұшып, ақылдан адасып қалдық емес пе! Мұның бәрі ештеңе емес, ол қайтадан су жаңа сал болды, жаңа дүниелеріміз де жетерлік, суға кеткен заттардың орнын толтырамыз.

— Сал қайдан пайда болды, Джим? Сен оны ұстап алдың ба?

— Мен оны мына орманның ішінде қалай ұстаймын? Жоқ, оны негрлер тауып алды — осы маңдағы ағаштың түбіне ілініп қалған екен, сосын су жағасындағы теректердің арасына жасырып қойыпты, содан кейін бәрі шулап, салды қайсымыз аламыз деп таласқан, кешікпей бұл әңгіме маған жетті де, мен нүкте қойдым — ол сендердің ешқайсыңа тимейді, өйткені бұл сал сен екеуміздікі дедім. Ақ нәсілді мырзаның меншікті дүниесіне қол салып, жазасын тартқыларың келе ме деп сұрадым. Сосын әр негрге он центтен бердім, олар естері шығып қуанды, осындай салдар жиі-жиі келіп тұрса, біз байыр едік деп қояды. Олардың бәрі мені құрметтейді, маған бір нәрсе керек болса, екі айтқызбай әкеліп береді, балам. Анау Джек — жақсы негр, ақымақ емес.

— Иә, ақымақ емес. Ол маған сенің осында екеніңді айтпады ғой, су жыландарын көрсетем деп алып келді. Егер бір жағдай бола қалса, ол біз екеуміздің бірге отырғанымызды көрмедім дейді және онысы шындық болады.

Ертеңіне не болғанын айтқым келмейді. Қысқартып айтуға тырысайын. Мен таң ата оянып, екінші жағыма аударылып, тағы да ұйықтай тұрайын деп едім, кенет үйде тым-тырыс екенін байқадым — ешкім көрінбейді және дыбыс жоқ. Бұған дейін бұлай болған емес.

Сосын байқағаным — Бак та шығып кетіпті. Мен де тұрдым, не ойларымды білмеймін; төменге түстім — ешкім жоқ, бар жерде тышқанның ініндегідей тыныштық. Есік алдында да сондай тыныштық. Не болды екен деп ойлап тұрмын. Отқа жағатын ағаштардың жанынан өзімнің негрім Джекті кездестіріп сұрадым:

— Не болды?

— Джордж мырза, сіз естімедіңіз бе? — дейді ол.

— Жоқ, — деймін, — білмеймін.

— София бойжеткен қашып кетті! Құдай ақы, өтірік айтып тұрғаным жоқ. Түн ортасында қашып кеткен, ешкім қай сағатта екенін білмейді. Некеге тұрайын деп қашып кетіпті, білесіз бе, жас Гарри Шепердсонмен некелесуге — жұрттың бәрі солай ойлайды. Ата-анасы жарты сағат бұрын ғана естіді... Мүмкін одан сәл көбірек... шынын айтқанда, уақытты босқа өткізбеді.Көзді ашып-жұмғанша мылтықтарын алып, бәрі атқа қонды. Әйелдер туысқандарды тұрғызуға жүгірісті, ал шал балаларымен өзенге қарай шауып кетті, ойлары — жолда жас жігітті ұстап алып өлтіру, София екеуі арғы бетке өтіп кетпеуі керек.

Үлкен қақтығыс болады...

— Бак мені оятпай кетіп қалғаны ма?

— О не дегеніңіз! Олар сізді бұл іске араластырғысы келмеді. Бак мырза мылтығын оқтап, жарылып кетсем де, Шепердсондардың біреуін атып өлтірем дейді. Олар көп болады деп ойлаймын мен — біреуін ататыны сөзсіз.

Мен бір сәт тоқтамастан өзенге қарай жүгірдім. Сол сәтте мылтық атылғаны естілді. Кемежайдың қасындағы ағаш кесінділері мен шағын күркені көре сала бұтақтар мен ағаштардың арасынан ыңғайлы орын тапқанша жүре бердім, құлаған көктеректің жалпақ бұталарына тығылдым да — ол жерге оқ жетпейді — қарап отырдым. Көктеректің алдыңғы жағында биіктігі төрт футтай кесілген ағаштар үйіліпті, әуелі соның тасасына тығылайын деп едім, бірақ ол жерге бармағаным жақсы болды. Шағын үйшіктің алдындағы ашық жерде айқайлап бірін-бірі боқтап төрт-бес аттылы ойқастап, кемежайдың қасындағы алаңда отырған екі жас Грэнджерфордты көздеп жүр, бірақ оларға оқ тие қоймады. Үйілген ағаштардың тасасынан аттылы шыға қалса, оған сол бойда оқ атылады. Балалар арқаларын түйістіріп, екі жақты да жақсы көріп отыр.

Кешікпей аттылар ойқастап айқайлауды қойды. Олар шағын үйшікке жақындады; осы кезде екі баланың біреуі ұшып тұра келіп, ағаштардың тасасынан жақсылап көздеді де, атып қалып еді, Шепердсондар жақтан біреу аттан ұшып түсті. Аттылар аттарынан түсе-түсе қалып, жаралыны көтеріп, үйшікке кіргізді, екі бала тұра қашты. Олар мен отырған ағашқа жүгірген кезде қарсы жақ көріп қалды. Еркектер екі баланы көре сала аттарына секіріп мініп, олардың соңынан қуды. Жетуге жақын қалып еді, бірақ ештеңе шықпады: балалар жүгіріп отырып мен отырған ағаштың алдындағы ағаш үйіндісіне тасаланып үлгерді, демек, олар Шепердсондарды ұтты деген сөз. Балалардың бірі Бак, екіншісі — тыриған арық бала, жас шамасы он тоғыздарда болар.

Аттылар айналып жүрді де, бір жаққа шаба жөнелді. Олар көзден таса болған кезде мен Бакқа айқайладым. Ол әуелі түк түсінбеді, менің ағаш арасынан шыққан дауысымды естігенде, таң-тамаша қалды. Бак маған аттыларды мұқият қарап отыр және бізге айт, олар тағы бірдеңе шығаруы мүмкін, ұзаққа кетпеген болар деді. Ағаштың басынан кеткім келіп еді, бірақ түсуге қорықтым.

Бак жылай бастады және Джо (ол қасындағы бала, оның немере туысы) екеуі бұл күннің өшін аламыз әлі деп ызаланды.

Ол әкесі мен екі ағасының қаза тапқанын, Шепердсондар жағынан да екі-үш адам өлгенін айтты.

Шепердсондар бұларды аңдып, әдістерін асырған. Бак әкесі мен ағалары басқа да туыстарын күте тұрулары керек еді, ал Шепердсондар өте көп болды. Мен Гарни мен София не болды деп сұрап едім, ол екеуі аман-есен арғы бетке өтіп үлгеріпті, қазір қауіпсіз жерде деді. Сосын Бак өткен жолы орманда кездескенде Гарниді өлтіре алмағанына ызаланып, неше түрлі жаман сөздермен балағаттады — мен бұрын мұндай ауыр сөздерді естімеппін!

Кенет — бах! Бах! Бах! — үш пе, төрт пе атыс естілді: Шепердсондар орман арқылы айналып өтіп, арт жағымызға тығылды. Балалар өзенге жүгірді — екеуі де жаралы екен — ағыспен төмен қарай жүзіп барады, ал Шепердсондар жағамен жарыса жүгіріп: "Өлім оларға, өлім!" деп айқай салып жүр. Мен өзімді жаман сезінгенім сондай, ағаштан құлап кетуге шақ қалдым. Бәрін айтпай-ақ қояйын, айтсам тағы да жаман сезінемін. Мұндайды көргенше, о баста осы жағаға шықпағаным жақсы еді. Сол оқиға әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді, тіпті бірнеше рет түсіме кірді. Мен қараңғы түскенше ағашта отырдым. Түсуге қорқып отырмын. Оқтын-оқтын алыстан, орман ішінен мылтық дауысы шығады, ал екі рет шағын аттылы отрядтар кемежайдың жанынан шауып өткенін көріп, оқиғаның әлі аяқталмағанын түсінгендей болдым. Мен көңілім түсіп, уайымдап, енді ол үйге жақындамаймын деп шештім, себебі, меніңше, қалай болғанда да, осының бәрі менің кесірімнен болды ғой. Тәурат беттерінің арасына салынған қағаз, шамасы София бойжеткен бір жерде екі жарымда Гарнимен кездесу туралы уәделесіп және Софияның сондағы қылығы туралы қыздың әкесіне айтуым керек еді, сонда ол мүмкін оны бөлмеге кілттеп қояр еді де, мына бақытсыздық болмас еді.

Мен ағаштан түстім, жайлап өзеннің бойымен алға жүріп ем, жағаға жақын жердегі екі өлікті көрдім; оларды құмға шығарайын деп әбден әурелендім, сосын беттерін жауып, өзім тездетіп әрі қарай кеттім. Бактың бетін жапқанда, жылап жібердім — ол менімен дос болды ғой және маған мейіріммен қарайтын.

Енді қараңғылық әбден түсті. Үйге жақындамадым, орман ішімен айналып, сазды жаққа жүгірдім. Шағын аралда Джим көрінбеді, сосын сазды суды кешіп, өзен жаққа беттедім; тезірек салға отырып, мына қорқынышты жерден кетуге асықтым. Сал жоқ!

Сондағы қорыққаным-ай! Тынысым тарылып кетті. Сосын әйда айқайладым! Менен жиырма қадамдай жерден:

— Құдайым-ай, бұл сенбісің, балам? Тек айқайлама, — деген дауыс естілді.

Бұл Джимнің дауысы еді — мен өмірімде бұдан артық қуанып көрген емеспін. Жағамен жүгіріп келдім де, салдың үстіне секіріп шықтым, ал Джим әйда мені құшақтап айырылмады — қуанғаннан оның да есі шықты.

— Құдайға шүкір, ұлым, сені тағы өліп қалған екен деп ойладым. Джек осында келіп, үйге оралған жоқ, шамасы оны да өлтіріп тастаған болар деді сен туралы; мен сол бойда салды суға түсіруге әзірлеп, Джек тағы да келіп сенің шынымен өлгеніңді айтса, салмен кетуге дайын тұр едім. Құдайым-ай, сенің аман келгеніңе шексіз қуаныштымын, ұлым!

Мен айттым:

— Жарайды, мұның бәрі жақсы. Олар мені таба алмайды, сосын аналар өлтірген де, денесі ағынмен ығып кеткен болар деп ойлайды. Ал Джим, уақыт өткізбе — салды тезірек үлкен айдынға шығар!

Сал кемежайдан екі мильдей ұзап, Миссисипидің ортасына жеткенше мен тыныштала алмадым.

Сол біз белгі беретін фонарьды іліп қойып, өзіміз тағы да қауіп-қатерсіз тірлікте, азаттықтың ләззатына рахаттана шомылғандай күй кештік. Кешеден бері мен нәр татқан емеспін: Джим жүгері нандарын, қырыққабатпен қуырылған шошқаның етін, көкөністерді шығарды — мен үшін бұдан артық дәмді тағам жоқ секілді, тамақ ішіп болғанша әңгіме соқтық және екеуміз де қуаныш құшағында едік. Мен қанды кекшілдерден, ал Джим саз балшықты жерден құтылғанымызға мәзбіз. Өзіміздің салымыздан артық үй жоқ деп қоямыз. Барлық жерде демің тарылатын секілді де, салдың үстінде рахат. Салдың үстінде өзіңді әрі еркін, әрі жеңіл, ыңғайлы сезінесің.

Он тоғызыншы тарау

ГЕРЦОГ ПЕН ДОФИН

Екі-үш күн, сонша түн өтті; олар жылжып өтті деп айтуға болатын секілді — тыныш, өте жай, сондай жақсы өтті деуге болады. Біз осылай өткіздік уақытты. Бұл жақта өзен теңіз секілді, ені деген бір жарым мильдей. Түнде жүреміз де, күндіз жұртқа көрінбеу үшін дем аламыз. Кейде түн аяқтала бастаған кезде-ақ тоқтап, салды ағыны жоқ жарқабақты жағаға байлаймыз да, көктеректің, қарағаштың бұталарын кесіп, салды жабамыз. Бұдан кейін суға қармақ тастаймыз да, өзіміз сергу үшін суға сүңгіп аламыз, сосын су тізеден келетін түбі құм жерге отырып, таңның атқанын қараймыз. Еш дыбыс жоқ, айнала тым-тырыс дүние түгел ұйқыға кеткен секілді, анда-санда әлдеқайдан, бақаның бақылдағаны естіледі. Егер өзеннің бетімен алысқа қарасаң, бірінші көретінің қара жолақ — өзеннің арғы бетіндегі орман, әуелі басқа ештеңені байқамайсың; сосын аспанның етегінен таң келе жатқанын көресің, таң сәулесі бірте-бірте жайыла бастағанда алысқа қарасаң, өзен бағанағыдай қап-қара емес, сұрғылт болып көрінеді; оның бетінде алыс-алысқа бара жатқан шағын қара нүктелер — бұл түрлі ірілі-ұсақты кеме, қайықтар, ал ұзын қара жолақтар — үлкен салдар; кейде ескектің сықырлағаны немесе жай адамдардың сөйлескені күңгірт естіледі — дүние түгел тыныш болған кезде дыбыс судың бетінен алысқа жетеді; су үстінде жыбырлаған толқын көріне бастағанда, бұл жерде су астындағы ағаш түбірлеріне соғылған қатты ағыс кішкене толқындарға айналады, сосын өзен үстінде тұман түйдектеле бастағанын, шығыс жақта аспан қызғылттанып, өзен де қызара бастағанын көресің, алыс жақтар да көрінеді, арғы беттегі орман алаңында бөренеден жасалған шағын үй, шамасы орман қоймасын қарауылдайтындарға арналған болу керек, үй қалай болса солай құрастырылған, әp жеріндегі қиюласпаған тесіктерден мысық кіріп-шығатындай; сосын жұмсақ самал есіп, бетіңді аймалайды, түрлі гүлдер мен орманның иісін ала келеді, ал кейде жағада шіріп жатқан балық бар екенін "хабарлайды"; міне, шуақты күн, айналаның бәрі күлімсіреп тұрғандай — күн шықты, әнші құстар сайрай жөнелді.

Енді алаудың жеңіл түтіні де байқалмайды, сосын біз қармаққа түскен балықты алып, таңертеңгі ыстық тамақты дайындаймыз. Одан кейін демалып, өзеннің кеңдігіне сүйсініп жатамыз: демалып-демалып ұйықтап кетеміз. Соңынан тұрған кезде, бізді не оятты екен деп қараймыз. Кейде пароходтың пысылдап ағынға қарсы келе жатқанын байқайсың, ол да алыста, қарсы жақтағы жағада; бұдан соң тым-тырыс тыныштық орнайды және ештеңе көрінбейді: айнала су даласы ғана, содан соң өзен үстінде алыста сал келе жатқанын көресің және оның үстіндегі бір ашықауыз отқа жағатын ағашты жарып жатыр — салдың үстінде ылғи да ағаш жарған — балта жоғары көтерілген кезде жарқ ете түседі, осылай алыстан су үстімен түрлі дыбыстар жетеді. Міне, біз осылай шалғын шөптің үстінде жатып, тыныштықты тыңдаймыз. Бір рет қою тұман түсті де, пароходтың және қайықтардың үстіндегілер табаны тарсылдатып соғып, келе жатқандарын хабарлайды, әйтпесе жолдағы сал, қайықтарға соқтығысуы мүмкін.

Сал ма, шаланда ма біреуі біздің дәл жанымыздан өткенде, біз әңгімелерін, күлкі, тіпті жаман сөздеріне дейін естідік, бірақ өздерін көре алмадық, үстімізді аяз қарығандай болды; адамдар емес, олардың рухтары сөйлескен секілді. Джим бұлар шынында рухтар сөйлесіп барады деді, мен онымен келіспедім:

— Жоқ "шайтан алсын мына тұманды" деп рухтар айтпайды ғой, — дедім.

Қараңғы түскен бойда, біз де салды босатамыз, ол болса ағынмен сырғанай бастайды. Сосын бір-бір трубканы тартып, аяғымызды суға салбыратып қоямыз да, әңгіме соғамыз. Біз ылғи жалаңаш жүреміз, түнде де, күндіз де, тек маса, шіркейлер тыным бермейді; Бактың ата-анасы берген жап-жаңа киіммен бір түрлі ыңғайсыз сезінемін, себебі оның бәрі өте жақсы ине-жіптен жаңа шыққан, ал, менің әдеміленіп жүргенді жаным жақтырмайды.

Өзенде бізден басқа тірі жан жоқ кездер болады. Алыста, сонау жағада қайраңдар мен шағын аралдар көрінеді, кейде әр жерден от жылтырайды — әлде бір күркенің майшамы болу керек, ал салдың немесе қайықтың жарқ еткен оты көрінеді, кейде ән салып, скрипка тартқандарды естисің. Салдың үстінде біз рахат өмір сүрдік! Төбемізде жұлдызға толы аспан тұрады, ал біз шалқамыздан жатып алып қараймыз да дауласамыз: оларды біреу жасаған ба, жоқ өздері солай жаратылған ба? Джим жасаған дейді, мен олар осылай туған деймін; осынша жұлдызды жасау үшін қаншама уақыт керек. Джим, мүмкін ол жұлдыздарды ай туған шығар, мысалы, бақаның уылдырық шашатынындай дейді, бұл шынында да шындыққа жанасады, мен онымен таласпадым: мен бақаның уылдырығы көп болатынын көргенмін, сондықтан солай болуы да мүмкін.

Біз аққан жұлдыздарды бақыладық, олар аспанның бетін сызып төмен қарай ұшады. Джим ол жұлдыздар бұзылған, сондықтан оларды ұядан лақтырып жатыр дейді.

Бір немесе екі рет біз түнде жанымыздан өтіп бара жатқан пароходтың тұрбасынан от ұшқындары сорғалап, жаңбыр секілді өзенге құйылғанын көрдік, өте әдемі көрінеді: содан соң оттары жарқылдады да, пароход бұрылыстан көрінбей кетті, өзен бетінде тыныштық орнады; сосын пароход сызған толқындар біраздан кейін бізге жетіп, салымызды шайқайды, одан соң көпке дейін бақаның әнінен басқа ештеңе естілмейді.

Түн ортасы ауғасын жағадағы үйлердің тұрғындары ұйқыға жиналады, содан соң екі-үш сағат мүлде қараңғылық басады — шағын үйлердің терезелерінен от көрінбейді. Ол оттар бізге уақытты білдіретін сағат секілді: алғашқы от жанғанда таң жақын екенін білеміз, сонда біз жасырынатын және салымызды байлайтын жер іздей бастаймыз.

Бір күні таңертең мен бос қайық тауып алдым, сонымен жағаға шықтым — жаға аралдан бар болғаны екі жүз ярдтай ғана — жоғары көтерілдім де, кипарис өскен орманмен жүріп жеміс-жидек жинайын деп ойладым. Қарасам, сиыр жүретін өткелдің бойымен екі адам жүгіріп келеді. Шаруам бітті деп ойладым; біреудің соңынан басқалардың қуғанын көрсем, олар не мені, не Джимді қуып келе жатқандай көрінеді. Мен олардан қашып кеткім келіп еді, бірақ әлгілер менімен қатарласып, мені шақырды да, бізді құтқар деп жалына бастады; біз ештеңе жасаған жоқпыз, бірақ соңымыздан итпен қуып келе жатыр дейді. Олар менің қайығыма секіріп мінгелі жатыр еді, мен: — Тоқтаңыздар, секірмеңіздер!- дедім. — Аттың дүбірін, иттердің үргенін естіп тұрғаным жоқ; бұталардың арасымен өзеннің жоғарғы жағына барып суға түсіңіздер, сосын өткелмен келіп қайыққа мініңіздер, сонда иттер иістен де, ізден де адасып қалады.

Олар солай істеді; менің қайығыма мінулері мұң екен, мен өзіміздің аралға қарай зымырадым, ал бес-он минуттан кейін біз алыстан айқай-шу, иттің абалап үргенін естідік. Қуғыншылардың өзенге келгенін естідік, бірақ көрген жоқпыз: олар шамасы жағада топталып әлгілерді іздеген болу керек, содан соң дауыстар нашар естілді - ал біздер алыстай бердік; сосын орман артта қалған кезде, тыныштық орнады, біз үлкен өзенге шықтық та, шағын аралға келіп көктеректердің арасына жасырындық, осылай қауіп-қатерден құтылдық.

Қаңғыбастардың біреуі жетпістер шамасында, тіпті одан да көбірек болуы мүмкін; ол қасқа бас, бакенбардын ақ қырау шалған. Басында әбден ескірген жыртық қалпақ, жүн матадан тігілген кip-кip көк көйлек, балағы қыстырылған кенеп шалбар, шалбарды көтеретін белдік қолдан тоқылған, жоқ, өтірік айтып кеттім... ол біреу. Шалдың қолында әбден ескірген көк матадан тігілген етегі ұзын киім, екеуінің де қолында іші толы кілемнен жасалған сөмке бар.

Екінші қаңғыбастың жас шамасы отыздарда, оның да киімі оңып тұрған жоқ. Таңғы астан кейін бәріміз демалуға жаттық және олардың өзара әңгімесінен бұл екеуі бірін бірі білмейтін адамдар болып шықты.

— Сендердегі дүрбелең неден басталды?  — деп сұрады қасқабас жас жолдасынан.

— Мен бір қолдан жасалған дәрі сатып едім тіс тазалайтын, тістегі тастарды тазалайды — тазалауын тазалайды, бірақ тістің эмалі таспен ілесіп түсіп қалады, мен кешігіп қалдым да, зытып отырайын дегенім сол еді — қаланың шетінен сізді кездестірдім және сіз соңыңызда қуғыншы бар екенін айтып, көмектесуімді сұрадыңыз. Ал менің де соңымда қуушылар бар екенін айттым да, бірге қашайық деп ұсыныс жасадым. Менің бар тарихым осы. Ал сізде не болды?

— Мен осы жерде бір аптадай арақ-шараптың зияны жайлы уағыздадым, әйелдердің бәрі — кемпірлер де, жас келіншектер де — мені мақтап естері шықты, себебі ішкіштердің сыйын бердім деп айта аламын; әр кеш сайын бес доллардан, кейде алты доллардан табыс тауып жүрдім, балалар мен негрлер әншейін — осылай ісім оңға басып жүр едім, кеше кешкісін біреу өсек таратыпты: бұның өзі жасырып бөтелкеден қылғытады деп. Бір негр ертемен мені оятып, осындағы жұрт жиналып жатыр, қазір келеді, біреулері аттылы, ерткен иттері бар, бұл жерден жарты сағатта кетуіңізді талап етеді, сосын өздері соңыңыздан қуады; егер ұстап алса, қара майға, құстың жүніне аунатып таяқпен домалатады. Таңғы асты күтпестен — тәбетім де жоғалып кетті...

— Қария, — деді жас жігіт, — біз екеуміз бірлескеніміз дұрыс-ау деймін. Сіз қалай ойлайсыз?

— Мен кет әрі емеспін. Сіздің басты кәсібіңіз қандай?

— Кәсібім... әріп терушімін; кейде рұқсат берілген дәрілерді сататыным бар, сахнада да ойнай аламын — мен, білсеңіз трагедиялық кейіпкерді ойнаймын; реті келген жерде көзбояушылықпен айналысатыным бар, әннен, жағырапиядан сабақ та бере аламын; қажет болса, түрлі тақырыпқа лекция да оқимын — әлі біразы бар! Жұмыс істемеу үшін кез келгеннің бәрін істеуге дайынмын. Ал, сіз не істейсіз?

— Кезінде мен ем-доммен көп айналыстым. Сал ауруына шалдыққандарды қолыммен сипап емдейтінмін, рак ісіктерді де емдеп жүрдім — осыларды кәдімгідей кәсіпке айналдырғанмын; егер басқа біреуден естіп алсам, көріпкелдікті меңгеріп алғандай айтатынмын.

Үгіт-насихат айтамын, христиан дінін уағыздаймын; уағыз айтатын жиындар да менің еншімде.

Екеуі біразға дейін үнсіз қалды, сосын жас жігіт:

— Қолдан келмейді, — деп күрсінді.

— Не туралы айтып жатырсыз? — деді қасқабас.

— Ойлап қарасам, мен өзімді осындай деңгейге өзім жеткіздім, осындай төмен қауыммен бірге болу!.. — Ол шүберекпен көзінің шетін ысқылады.

— Айтыңызшы, бұл қауым сізге жаман болып тұр ма? — деді қасқабас менсінбеген әрі көңіліне келген күдігі бар адамдай үнмен.

— Иә, мен үшін жақсы, бұдан артыққа өзім де лайық емеспін; соншалық биіктен төменге құлағаныма өзім ғана кінәлімін! Менен басқа ешкім де кінәлі емес. Мен сіздерді кінәламаймын, мырзалар; ешкімді де. Мен осындай хәлге жетуге лайықтымын. Адамға немқұрайды қарайтын мына дүние мейлі менің түбіме жетсін: бір нәрсені білемін — бір жерден өзіме мола табамын. Мейлі дүние ойлағанын істесін, мейлі менің барымды сыпырып алсын — менің жақындарымды, жиған-тергенімді, бәрін-бәрін, бірақ мынаны ала алмайды! Бір кезде мен молаға жатамын, бәрін ұмытамын, сосын шаршаған менің байғұс жүрегім ақыры тынышталады.

Ал өзі әлі шүберекпен көзін сүртіп жатыр.

— Шаршаған жүрегіңізбен барып тұрыңыз! — дейді қасқабас. — Неменеге жаралы жүрегіңізді тұмсығымызға тақай бересіз? Онда біздің қандай шаруамыз бар?

— Иә, мен сіздердің түк те қатыстарыңыз жоқ екенін білемін.

Мен сіздерді кінәламаймын, өзім осылай төмендедім. Маған әлі аз бұл, әділетін айтсақ, мен әлі де азап көруім керек, мен шағым айтып жатқаным жоқ.

— Сіз қандай биіктен құладыңыз? Яғни құлайтын жағдай болған ғой?

— Сіз маған сенбейсіз... адамдар маған ешқашан сенбейді... жарайды, жетер енді! Менің дүниеге келуімнің сыры...

— Дүниеге келуімнің сыры? Сіз не жайлы айтып жатырсыз?

— Мырзалар, — жас жігіт салтанатты түрде бастады, — мен сіздерге жұмбақ сырымды ашайын, сіздерге сеніп отырмын! Менің тегіме келсек, мен герцогпын!

Мұны естігенде Джимнің көздері бақырайып кетті; менде де солай болды ғой деймін. Ал қасқабас:

— Не айтып тұрсыз? Мүмкін емес! — деді.

— Иә, иә! Мен арғы атам герцог Бриджотерскийдің үлкен ұлы, өткен ғасырдың аяғында Америкаға қашып кеткен. Азаматтықтың таза ауасымен дем алу үшін. Ол жақта үйленіп, бір ұлды болған, сосын қайтыс болды. Герцог өлгесін екінші ұлы үй-жайын, атағын қолына алған да, ал шын мұрагер бала ұмыт қалған. Мен сол баланың тұқымымын, герцог Бриджоутерскийдің тікелей ұрпағы — мен, нағыз герцогпін; міне, мен осында бәрінен жұрдай болып жападан жалғыз, адамдардың қуғындауына ұшырап, салқын қоғамға жеккөрінішті болып, шаршап-шалдыққан, жүрегім жаралы күйде қайдағы бір жүліктермен салдың үстіне жатуға мәжбүрмін.

Джим оны әбден аяп кетті, мен де сол. Біз оны жұбата бастап едік, ол жұбату мүмкін емес деді, егер біз оны герцог деп қабылдасақ, содан асқан сый-құрмет жоқ. Біз келістік, бірақ біздің не істеуіміз керек екенін үйретуін сұрадық. Біз оған ылғи иіліп, "мәртебелі мырза", "милорд" деп амандасуымыз керек, егер оны жәй "Бриджуотер" деп атасақ та, ол ренжімейді, өйткені бұл атақ фамилия емес; және біздің біреуіміз дастарқан басында оның тамағын алдына қойып, тағы басқа қажеттеріне әзір тұруымыз керек.

Мұның бәрі онша қиын емес, біз келістік. Түскі ас кезінде Джим түрегеліп тұрды, оның тамағын алып беріп, оқтын-оқтын: "Мәртебелі мырзаға тағы бір нәрсе керек пе?" — деп қояды, бұл герцогке өте ұнайтын секілді. Оның есесіне шал бұлқан-талқан болып, тіпті әңгімелесуден қалды, герцогтің айналасындағы біздің жүгірісіміз оған тіпті де жақпайтынын сезуге болады, әйтеуір бірдеңеге ренжулі. Кейінірек, түскі тамақтан кейін:

— Тыңдаңызшы, герцог, — деді ол, — әрине, менің сізге жаным ашиды, алайда мұндай бақытсыздыққа тап болған сіз ғана емессіз.

— Иә?

— Иә, сіз жалғыз емессіз. Тағдыр сіздің ғана бөркіңізден жақсылап ұрған жоқ.

— Амал қанша!

— Иә, өмірге келудің құпия сыры тек сізде ғана емес.

Осы жерде шал да еңіреп қоя берді, шын айтам!

— Тоқтаңызшы! Немене сіз?

— Герцог, сіз менің құпиямды жасыра аласыз ба? — деді де шал тағы өксіп жылады.

— Молаға барғанша сақтаймын! — Герцог шалдың қолын алып қысты да: — Өміріңіздің құпиясын маған айтыңызшы! — деді.

— Мәртебелі мырза, мен өлген дофинмін!

Осы жерде Джим екеуміздің көздеріміз шарасынан шыға жаздады. Ал герцог айтты:

— Сіз... сіз кімсіз?

— Иә, достым, рас айтамын — сіз алдыңыздағы бақытсыз бейшараны, жоғалып кеткен Людовик Он жетіншінің, Мария-Антуанетта мен Людовик Он алтыншының ұлының дофинін көріп отырсыз.

— Сіз! Сіздің жасыңызда! Жо-оқ! Сіз, шынында, Ұлы Карл болсаңыз, сіздің жасыңыз ең аз дегенде алты жүз-жеті жүзде болады.

— Мұның бәрі бақытсыздықтан, герцог, бақытсыздықтан! Бақытсыздық шашымды ағартты, бетімді мыжғылады. Иә, мырзалар, сіздердің алдарыңызда Францияның заңды королі; көк кенеп киіп, кедейліктен азып-тозған, қуғын көрген жұрттың бәріне жеккөрінішті болған!

Осы жерде ол тағы өкіріп жылағанда, біз Джим екеуміз не істерге білмедік, оған соншалық жанымыз ашыды. Бұдан бұрын герцогті жұбатқанымыздай шалға да жұбату айта бастап едік, ол бірақ бұның бәрі ештеңе емес, тек өлім ғана нүкте қойып тыныштандырады, дегенмен кейде оған "Ұлы мәртебелі" деп тізерлеп сәлемдессе, оның алдында үстелге отырмай бұл рұқсат еткенше тік тұрса, бір түрлі көңілі сәл де болса көтеріліп қалатын секілді.

Міне, енді Джим екеуміз оны "тақсыр" деп атап, оның тамақтарын беріп, ол рұқсат еткенше отырмайтын болдық. Бұл оған өте көмектесті — кешікпей ол тіпті көңілденіп, кәдімгідей жақсы болып қалды.

Енді оған герцог ренжи бастады, істің мұндай бағыт алғанына ол тіпті риза емес, бірақ король онымен дос ретінде әңгімелесті және оның король — әкесі герцогтің атасы туралы ылғи жақсы пікір айтатынын жеткізді және герцог Бриджуотерскилермен қонаққа шақырысып, корольдің сарайында талай бірге болғандарын айтты; алайда ақырында корольдің сөзін тыңдағанда герцог aшy үстінде отырды.

— Осы салдың үстінде біз бірге ұзақ өмір сүретін сияқтымыз, герцог мырза, неменеге ренжісеміз? Мен герцог болып тумағаныма кінәлі емеспін ғой, король болып тумағаныңызға сіз де кінәлі емессіз — не үшін арамызда кикілжің туғызамыз? Әрқашан да ретіне қарай жақсы тұруға тырысу керек — менің өмірлік ережем осы айтқанымдай. Осында тап болғанымыз қандай жақсы — тамақ көп, өмір рахат! Жетер енді, герцог, қолыңызды беріңіз — татуласайық! — деді король.

Кешікпей мен бұл екі қаңғыбастың король де, герцог те емес екенін түсіндім, жай әншейін алдауыштар мен нағыз оңбаған сұрқиялар.

Бірақ оларға ештеңе айтпадым, айтпақ түгілі тіпті — ойымды сездірмедім, үндемедім — болды. Ең дұрысы осы — жау тауып қайтемін. Өздерінше біз оларды король, герцог деп атағанымызды қалайды, жарайды, тек ұрыс-керіссіз тыныш болса болғаны; Джимге де ештеңе айтпадым.

Егер мен әкемнен бір нәрсе үйренсем, ол өзі сияқтылармен тіл табысу: ең бастысы — оларға тиіспеу, мейлі не істегілері келсе, соны істесін.

Жиырмасыншы тарау

ГЕРЦОГ ПЕН ДОФИН ПОКВИЛДІ ҚАЛАЙ КӨНДІРДІ

Олар бізге түрлі сұрақтар қоя бастады — біз неге алға жүрудің орнына салды күндіз жасырамыз, мүмкін Джим қашқын болар?

Мен оларға айттым:

— Құдай сақтасын! Қашып жүрген негр Оңтүстікке бара ма?

Олар Оңтүстікке қашпайды дегенге келісті. Мен бірдеме етіп сытылып шығуға тырыстым да, әңгіме айта бастадым.

— Менің ата-анам Поик аймағында Миссури штатында өмір сүрді, мен сол жерде тұрдым, тек менен және әкем мен ағам Айкодан басқасының бәрі қайтыс болды. Әкем бәрін тастап Бену ағайымызға барам деп шешті, оның Жаңа Орлеанға қырық мильдей жерде шағын фермасы бар еді. Әкем болса әбден кедейленді, борышқа белшесінен батып, қарыздарын өтеп болғанда әкемде бар болғаны он алты доллар мен біздің негріміз Джим қалды. Мұндай қаражатпен мың төрт жүз миль қашықтықтағы Орлеанға жету мүмкін емес. Өзен суы көтерілгенде, әкем салды ұстап алып қуандық және осымен Орлеанға жетеміз деп шешкенбіз. Тек әкемнің жолы болмады — бір күні түнде пароход салымыздың алдыңғы жағына шығып кетті де бәріміз суға секірдік, біз Джим екеуміз аман шықтық, — ал әкем мас еді, інім Айко бар болғаны төрт жаста болатын, екеуі де суға кетті. Келесі екі күнде шаруа көп болды, себебі адамдар біздің салға қайықпен келіп Джимді қашып жүрген негр болар деп менен алып кеткілері келді. Сосын біз күндіз көбіне тұрып, ешкім тиіспейтін болғасын түнде жүруді ұйғардық.

Герцог айтты:

— Бұл мәселені мен ұқсатамын — бір лажын табамын, сосын біз, қажет болса, күндіз жүретін боламыз. Қалай істеу керек екенін ойластырайын. Бүгін бәрі бұрынғыша қала берсін; әрине, біз қалалардың жанынан күндіз өтпейміз — егер олай істесек, сау қалмауымыз мүмкін.

Кешке қарай аспанды бұлт торлады: жаңбыр жауатын секілді, аспанның етегінен оқта-текте от жылтылдап, жапырақтар дірілдей бастады — күн күркіреп жаңбыр келе жатқаны белгілі болды.

Герцог пен король тексеру жүргізу үшін шалашқа кірді — ондағы төсек-орындар қандай. Менің өзіме салған төсегім Джимдікінен тәуір еді, оныкі арасында сояудай қамыстары бүйіріңді тесіп, қозғалсаң мазаңды кетіреді, әрі сықырлап оятып жібереді. Герцог менің төсегімді алғысы келіп еді, король қарсы болды.

— Менің ойымша, сіз өзіңіз менің мәртебемнің жоғары екенін айтқызбай-ақ білуіңіз керек еді, сондықтан мына жұмсақ төсек менікі. Мәртебелі мырза анау екінші төсекті алсын, -деді.

Біз Джим екеуміз кенет мыналар тағы ұрсысады екен деп қорқып кеттік. Герцог:

— Менің тағдырым зұлымдықтың темір табанымен балшыққа бататыны тек бүгін! Менің бір кездегі тәкаппар рухымды бақытсыздық қиратты: мен берілемін — менің тағдырым осылай. Дүниеде мен, жалғыз мен азаптан құтыла алмаймын; қайтемін, мұны да көтерермін, — дегенде Джим екеуміз қуанып кеттік.

Әбден қараңғы түскесін біз алға жылжыдық.

Король бізге өзеннің орта тұсына жақын жүріңдер, қаланың жанынан өткенше фонарьды жақпаңдар деп бұйырды. Кешікпей бір топ шағын оттар көрінді, бұл қала болатын — қараңғылықты жамылып ол жерден аман-есен өттік. Тағы да үш мильдей жүргесін белгі беретін фонарьды жақтық, ал сағат түнгі онға қарай жел көтерілді, жаңбыр құйды, күн күркіреп, найзағай жарқылдады; король жаңбыр басылғанша біз екеумізге вахтада тұруды бұйырды. Сосын олар герцог екеуі шалашқа кіріп алып, ұйқыны басты. Мен түн ортасы ауғасын күзетуге тиіспін, бірақ бәрібір жатпас едім, тіпті төсек-орным болған күнде де, өйткені мынандай жаңбыр, найзағайды күн сайын көре алмайсың.

Құдайым-ай, желдің соққанын көрсеңіз! Және минут сайын найзағайдың жарқылынан жарты мильдей жердегі толқындардың аппақ жалдары ап-анық көрінеді және қатты жауынның тамшылары кәдімгі сүзгі сияқты, олардың арасынан шағын аралдар, желден бастары жерге жетіп иілген ағаштар... Сосын, күннің күркілі мылтықтың дауысындай: бум! бум! бах! тра-та-та- та-та, тағы найзағай, тағы күркіл.

Салдың үстіндегі мені бірнеше рет толқын шайды, сосын киімімді сыпырып тастадым да, жалаңаш отырдым, енді мен үшін бәрібір. Өзендегі ағаш түбірлерінен қорқудың керегі жоқ — минут сайын жарқылдаған найзағай айналаның бәрін көрсетіп тұр, сондықтан біз салды тез бұрып, оларды айналып өтуге үлгеріп келеміз.

Менің күзетке тұру кезегім түнде болатын, бірақ мен ұйқым келіп өліп барамын, Джим түннің бірінші жартысында сенің орныңа күзетке тұрайын деді: бұл жөнінде ол, айтатыны жоқ, нағыз азамат. Мен еңбектеп шалашқа кірсем, герцог пен король тырайып аяқтарын талтайтып ұйқыны соғып жатыр, құйрығыңды қоятын жер жоқ, ақыры шалаштың алдына қисая кеттім — жаңбырға көңіл аудармадым, өйткені күн жылы, толқындар да бағанағыдай биік емес. Сағат екілердің шамасында жел қайта көтерілді, Джим мені оятқысы келгенмен оятпады: оған толқындар тыныш болған секілді болып көрінді де, пәлендей жамандық бола қоймас деп ойлады; алайда ол қателесті, өйткені кенет зәулім толқын соқты да, мені салдың ернеуінен ұшырып түсіре жаздады. Джим күлкіден шек-сілесі қатты. Ол өте күлегеш, мұндай негрді көрген емеспін.

Мен күзетке тұрдым, ал Джим жатты да, бірден қор ете түсті. Кешікпей күркіл басылып, бұлттар көшіп кетті, жағадағы үйлердің алғашқы оттары көрінгенде, мен Джимді ояттым да, екеуміз күндегіше салды көрінбейтін жерге жасырдық.

Таңертеңгі тамақтан кейін король қолына мыж-мыж болған ескі картты алып, герцог екеуі бес центтен ақша салып покер ойнай бастады. Карттан жалыққасын олар "компанияның жоспарын жасаймыз" деп іске кірісті — өздері осылай атайды. Герцог өзінің сөмкесіне қолын сүңгітіп, бір топ шағын хабарландыру алып шықты да бізге дауыстап оқи бастады. Бір хабарландыруда: "Парижден келген атақты доктор Арман де Монтальбан "Френология ғылымы туралы" пәлен деген жерде лекция оқиды, пәлен айдың пәлені күні; кіруі он цент — және жиырма бес центке адамның мінезін, қабілетін анықтап береді" деп жазылған. Герцог сол доктор менің өзіммін деді. Енді бір хабарландыруда ол "Дүние жүзіне белгілі атақты актер трагедиялық кейіпкерлерді ойнайды, мысалы, Шекспир пьесаларындағы, Лондонның Друри-Лэйн театрының артисі Кіші Гаррик" делініпті.

Ал қалған хабарландыруларда ол басқа фамилияларды алып, түрлі қызықты нәрселерді жасайды, мысалы, алтынды, суды жаңғақтың көмегімен іздеп табады, дуаланғандардың ауруын жазады. Ақырында ол айтты:

— Дегенмен қайғылы дүниелер маған өте ұнайды. Ұлы мәртебелім, сіз сахнаға шығып көрмедіңіз бе?

— Жоқ, — деді король.

— Онда, баяғыдағы ұлы мәртебелім, әрі кетсе үш күннен кейін сіз де сахнаға шығасыз, — деді герцог. — Бірінші кездескен ыңғайлы қалада біз үлкен залды аламыз, сосын "III-Ричардтан" жекпе-жекті, және "Ромео мен Джульеттадан" балкондағы көріністі көрсетеміз. Сізге бұл ұнай ма?

— Мен, әрине, әрбір пайда түсетін тиімді істі қоштаймын, бірақ актерлік ойын менің миыма кіріп-шықпайды және мен актер дегендерді көрген емеспін. Әкем қонақ шақырғанда, мен өте кішкентай болдым. Ал, мені үйрету сіздің қолыңыздан келе ме?

— Келгенде қандай! Одан оңай нәрсе жоқ.

— Онда, жарайды. Менің көптен бері жаңа бір нәрсе бастауға қолым қышып жүр. Қазір бастайық.

Сол жерде герцог оған бәрін түсіндірді. Ромео деген кім, Джульетта кім, сосын өзім ылғи Ромеоны ойнаймын деп қойды, демек король Джульетта болуы керек.

Егер Джульетта өте жас болса, оның төбесіндегі шашсыз тайғанақ, жағындағы ақ бурыл жүн ерсі көрінбей ме?

— О, не дегеніңіз! Қысылмаңыз — ауылдың ашық ауыздары күмәндануды білмейді де. Сосын сіз үстіңізге басқа киім киесіз ғой: Джульетта ұйықтар алдында айға қарап тамашалайын деп балконға шықты, түнде киетін көйлек, басында айналасы бүрмеленген телпек. Міне, мынау соған лайықты киімдер.

Ол терезе жапқыш тігетін шыттан істелген екі-үш костюмді шығарып, мыналар үшінші Ричард пен оның қарсыластарының киімдері деді және ақ кіләңкөрден тігілген түнде киетін көйлек пен әлгіндегідей айналасы бүрмеленген бас киім. Король тынышталды. Сосын герцог өзінің кітабын алып, салтанатты да сенімді дауыспен әр кейіпкердің сөзін оқи бастады; еденге секіріп қалай ойнау керектігін көрсетті; содан кейін кітапты корольға беріп, оның сөздерді жаттауы керек екенін айтып, бұйрық берді.

Үш мильдей төменгі жақта бір кішкене қалашық тұр, түскі астан кейін герцог бір нәрсе ойлап таптым деді, енді біз Джим үшін қорықпай күндіз жүре беруімізге болады; тек қалаға барып, бәрін әзірлеу керек деді. Король да бірге барамын деген шешімге келді, қарап көріп, ыңғайлы бірдеңе тап болса дегендей. Біздің кофеміз таусылып еді, Джим менің де барып кофе сатып әкелуімді айтты.

Біз қалаға жетіп қарасақ, тірі адам көрінбейді, өлі қала секілді. Көшелерде дым жоқ, жексенбі күн секілді тым-тырыс. Күнге қыздырынып жатқан бір ауру негрді тауып ауру-сырқаулардан басқа тұрғындардың бәрі екі миль жердегі орманға құдайға сиынатын жиынға кеткенін білдік. Король ол жаққа қалай барады деп сұрады, ол жиыннан бәрін сығып алуға тырысатынын айтты және маған да баруға рұқсат етті.

Герцог типографияға барамын деді. Ол ағаш ұстасының шеберханасының астында екен; барлық шеберлер, әріп теретіндер — бәрі орманға кетіпті, тіпті есіктерін де жаппаған.

Үй лас, неше түрлі қоқыстар үйілген; жардың бәрінде сияның ізі және қашқын негрлер мен сатылатын аттар туралы хабарламалар. Герцог бешпетін шешті де, маған басқа ештеңе де керек емес деді. Біз король екеуіміз жиынға тарттық.

Сағат жарым жүріп, үсті-басымыздан тер тамшылап әрең жеттік, күн өте ыстық екен. Ол жерде осы аймақтан келген мыңнан аз емес адам жиналыпты, көпшілігі жиырма мильдей жерден келіпті.

Орманда жылқы көп екен, олардың біразы арбаға жегілген, кейбіреулерін кез келген жерге байлап қойыпты; олар сұлыны шайнап, шыбын-шіркейді құйрықтарымен қағып қояды. Таяқтарды шаншып, жапырақтармен жапқан көлеңкелердің астында тау-тау үйілген қарбыз, жас жүгері, сусындар, тәтті пірәндіктер және басқа көкөністер сатып жатыр.

Уағыздарды тыңдап осындай көлеңкенің астында тұрған адам деген өте көп. Орындықтарды бүкір ағаштардан өздері жасап алыпты: орындықтың аяқтарының орнына бүкір ағашты тесіп, таяқтарды кіргізіпті. Орындықтардың арқасы жоқ. Ал, уағыз айтушылар үшін әр көлеңкенің астында биік орындық орнатқан.

Әйелдер сабан қалпақ киіпті, кейбіреулерінде жүн матадан тігілген көйлек, жастар жағы шыт көйлекпен жүр. Кейбір бозбалалар жалаңаяқ келіпті. Ал, балалар жағы кенеп көйлек киген. Кемпірлер тоқып отыр, жастар бір-біріне көздерін қысып қояды.

Біз жақындаған алғашқы көлеңке астында уағыздаушы намаз оқып тұр. Ол екі жолды оқығанда, қалғандары хормен қайталайды; өте салтанатты шықты — халық сонша көп және бәрі ерекше шабытпен ән салды; сонан соң уағызшы тағы екі жол оқиды, хор оны қайталайды, осылай жалғасады. Құдайдан жақсылық күткендер бірте-бірте дауыстарын қаттырақ шығарып әндетеді, тіпті ең ақырында біреулері ыңыранып, енді бірқатары жылап жіберді. Уағызшы тағы да уағызын жалғастырды, қалай болса, солай емес, кәдімгідей қызуланып, біресе оң жағына, біресе сол жағына қисаяды, одан алға еңкейіп, қолын сермелеп сөйледі, дауысы бұрынғыдан қатты шықты. Оқтын-оқтын алдындағы ашық жатқан Тәуратты жоғары көтеріп, тағы да кітапты ұстаған қолын сермелеп: "Міне, жез жылан жатыр шөл далада! Соған қараңдар да сауығыңдар!" — дейді, қалған жұрт: "Даңқың артсын, жаратушы! Әмин!" — деп қоштайды.

Содан соң ол әрі қарай уағызын жалғастырды, ал тыңдаушылар болса, біразы жылап-сықтап, енді біреулері еңкілдеп, бірқатары "Әмин" деп айқайлады. — Келіңдер орындыққа, өкінгендер! Келіңдер, күнәдан қарайғандар! (Әмин!). Келіңдер, ауру-сырқаулы адамдар! (Әмин!) Соқырлар, ақсақтар, мүгедектер, келіңдер! (Әмин!) Келіңдер, ұятқа малынғандар! (Әмин!) Шаршап, азып-тозғандар, өкпелілер, келіңдер! (Әмин!) Рухы әлсірегендер, келіңдер! Күнәларын жумағандар, келіңдер! Жәннаттың есігі ашылды сендердің алдарыңнан! Кіріңдер, тынышталыңдар! (Әми-и-н!) Аллилуйя, аллилуйя, құдайым, даңқың арта берсін!

Осылай жалғаса береді.

Айқай мен жылаудың шуылынан уағызшының не айтып тұрғаны естілмейді. Ана жерден, мына жерден көздерінен жас сорғалаған, күнәларын кешіруді сұрап жалбарынғандар отырған орындыққа жақындағылары келеді, бірақ өту мүмкін емес; жалбарынғандардың бәрі алдыңғы жаққа барып, ән сала бастады, біреулері айқайлап, сабанның үстіне құлайды, бейне ақылынан ауысқан адам секілді.

Мен есімді жиып үлгергенше, король да әлгілердің қатарына қосылып, жұрттың бәрінен қатты айқайға басып, уағызшы тұрған биік тақтайға шығып алды.

Уағызшы оның халықпен сөйлесуін сұрады, король оған келісе кетті. Ол өзінің бір кезде қарақшы болғанын, отыз жыл бойы Үнді мұхитында жүзгенін, алайда осы көктемде мұның қарақшы тобын тас-талқан қылып ұстаған, бұл өзінің отанына келіп, жаңа адамдарды жинау мақсатында осында жүр, құдайға шүкір, кеше түнде оны тонап қалтасында бір цент жоқ, пароходқа мінгізіп жіберіпті және бұл осыған өте қуанышты; себебі, ол енді басқа адам, бақытты адам болады және өмірінде бірінші рет осылай сезінгенін айтты. Ол кедей болғанмен, қалайда Үнді мұхитына жетіп, өзінің бүкіл өмірін қарақшыларды ақиқат жолына түсіруге арнайтынын; бұл оған өте жеңіл, өйткені Үнді мұхитындағы қарақшылар топтарының бәрін ол бес саусағындай біледі; ақшасыз онда жету оңай емес, ал жеткесін әрбір түзу жолға түскен қарақшыға: "Маған алғыс айтпа, мен емес, мұның бәрін жасаған Поквиллдің тұрғындары, адамзаттың адал бауырлары, әрбір қарақшының шын досы", — деп жариялады.

Осыны айтып еңіреп жылап жіберді, оған қосылып бәрі жылады. Сосын біреу айқайлады:

— Ол үшін ақша жинайық!

Оншақты кісі орындарынан атып тұрып еді, бірақ:

— Ол өзі қалпағын алып қасымыздан өтсін! — деген біреудің дауысы шықты.

Бәрі келісті, уағызшы да қостады.

Енді король қалпағын жайып жұртты айналып өте бастады, көзінің жасын сүртіп, ақша бергендердің бәріне алғыс айтып, осынша қайырымдылықтары үшін мақтап, алыстағы мұхитта жүрген қарақшылардың атынан алғысын жаудырды; әп-әдемі жас қыздар әр жерден тұрып, оның бетінен сүюге рұқсат сұрап жатыр — жәй, тек естелікке, ал ол бәріне келісіп, кейбіреулерін құшақтап сүйді, жұрттың бәрі дерлік оны үйлеріне қонаққа шақырып, тағы да осында бір апта болуын, егер ол келіссе, тұрғындар үшін үлкен мәртебе екенін айтып өтінуде, бірақ король оларға ешқандай пайдасы тимейтінін және Үнді мұхитына тезірек жетіп, қарақшыларды құдай жолына салуға асығатынын баяндады.

Біз салға жеткесін король өзінің табысын есептей бастады. Сексен жеті доллар жетпіс бес цент болып шықты. Жолда келе жатып үлкен бөтелке виски алған.

Король осылардың бәрін есептесек, мен бір күнде мұндай табысты уағыз айтып ешқашан тапқан емеспін; бұлар қарақшылармен теңесе алмайды, әсіресе осындай намазға жиналған кезде деді.

Король келгенше, герцог жақсы табыс таптым деп еді, енді ол пікірін өзгертті. Ол баспаханада жылқы сатылатыны туралы шағын екі хабарландыруды бастырып беріп, ол үшін төрт доллар алыпты. Бұдан басқа тағы да он долларға газетке беретін хабарландыруларды басу үшін алдын-ала төрт доллардан алатынын жариялады, жұрт оған келісті.

Газетке бір жылға жазылу екі доллар тұрады, ал ол жазылушылардан доллар жарымнан алды, алдын ала төлегендері үшін; газетке жазылушылар бұрынғыдай отынмен, пиязбен есептескілері келіп еді, герцог баспахананы жақында ғана сатып алдым, қызмет құнын арзандаттым, енді тек қолма-қол ақшаға жұмыс істеймін деді. Ол өзі шығарған үш шумақ өлеңді терді, өте мұңды, жүрегіңді шымырлататын шумақтар, олар былай басталады: "Салқын сәуле, жылуы жоқ, мықты емін, онсыз да ауру жүрегімді жырт менің" — осыларды терді де, басуға дайын күйінде тастап кетті, ақысына ештеңе алмады. Бүгінгі баспаханадағы жұмыстары үшін ол тоғыз жарым доллар алыпты, сосын өзі осы үшін күні бойы терледім деді.

Содан кейін ол бізге шағын хабарландыруды көрсетті, ол үшін ештеңе де алмапты, себебі оны біз үшін жасаған екен. Суретте басына дорба ілінген, таяғын иығына салған қашқын негр, астында: "200 доллар сыйлық" деп жазылған. Әрі қарай Джим туралы жазылған, оның белгілері көрсетіліпті. Онда Джим өткен қыста Сент-Жак плантациясынан қашып кеткен, ол плантация Жаңа Орлеаннан қырық мильдей жерде, шамасы Солтүстікке қашқан секілді, кім ұстап, бұрынғы жерге әкелсе, сол кісі сыйлық алады, басқа шығындары да төленеді депті.

— Мінеки, — деді герцог, — енді, қажет болса, біз күндіз де жүзе беруімізге болады. Біреудің бізге жақындағанын сезсек не көрсек, сол бойда Джимді жіппен қол-аяғын байлаймыз да шалашқа саламыз сосын мына хабарландыруды көрсетеміз және бұл негрді өзеннің жоғарғы жағынан ұстап алдық, ал пароходқа отыруға ақшамыз жоқ болғасын мына салды таныстықпен қарызға алып, сыйлығымызды алуға бара жатырмыз. Джимнің қол-аяғын темір шынжырмен байласақ, керемет болар еді, бірақ кедейліктен оны пайдалана алмаймыз. Ал жіп деген жалпы стильді сақтау үшін керек.

Біз бәріміз герцогтың ойлап тапқаны тамаша екен деп мәз болдық: енді ештеңеден қорықпай күндіз жүре береміз. Осы түні біраз жерге жетеміз, герцогтың баспаханадағы жұмысынан кейін бұл қалада міндетті түрде айқай-шу шығады, сондықтан алысырақ кету керек; содан соң көңіліміз соқса жасырынбай-ақ жүретін боламыз.

Біз жасырынып бір жерде кешкі онға дейін отырдық, сосын жаймен салды босатып, өзеннің ортасына қарай қаладан алысырақ кеттік, фонарьды да ілген жоқпыз.

Сағат таңғы төрттің шамасында Джим мені оятып:

— Гек, сен қалай ойлайсың, бізге тағы да жол бойында корольдар кездесе ме? — деп сұрады.

— Жоқ... Кездесе қоймас деп ойлаймын.

— Онда ештеңе емес, — деді ол — Бір-екеуі де жетерлік, біздің король ылғи мас, есін білмейді, герцог те жақсы...

Джим корольға французша бірдеңе айтыңызшы десе, анау оған мен Америкада баяғыдан тұрамын және талай бақытсыздықты бастан кешіріп, француз тілін ұмытып қалыппын депті.

Жиырма бірінші тарау

АРКАНЗАСТАҒЫ ОҚИҒА

Күн біраз көтерілді, бірақ біз тоқтамастан жүре бердік.

Кешікпей король мен герцог те тұрды, кешегі ішкеннен қабақтары түйіліп, көңіл күйлері жоқ еді, алайда суға бір-бір сүңгіп алғасын, кәдімгідей жадырап қалды.

Таңертеңгі астан кейін король салдың жиегіне отырып, шалбарын тізесіне дейін түрінді, аяқтарын суға түсіріп салқындатты да, темекісін тартып "Ромео мен Джульеттаны" жаттауға кірісті. Содан соң өзінің сөздерін оқып алғасын, герцог екеуі бірге әзірлік жасады. Герцог корольға үйретіп, әр сөзді қайталатты, күрсініп қолын жүрегіне қою керектігін айтып көрсетті, ақырында жаман емес дегенді айтты.

— Тек, — деді герцог, — сіз бұқаға ұқсап өкіретініңіз келіспейді: "Ромео!" — міне, осылай айтыңыз; сіз нәзік сезіммен: "Ро-о-мео!" деуіңіз керек. Джульетта нәзік те ибалы, сүйкімді қыз ғой және өзі жас сәби секілді, ол есекке ұқсап айқайламайды.

Сосын олар Герцог емен тақтайдан жонып жасалған екі ұзын қылышты алып, екеуі жаттыға бастады; герцог мен "Ричард боламын" деді. Салдың үстінде аяқтарын тепкілеп тарсылдатқан олардың бір-біріне тап-тап бергенін көрудің өзі қызық.

Көп кешікпей корольдың аяғы тайып кетіп, суға күмп беріп құлады; бұдан кейін олар демалып, бір-біріне осы өзеннің бойында қанша оқиғаларды бастарынан кешіргендерін әңгіме етті.

Түскі астан кейін герцог:

— Ал, Капетбіздің сахналық көрінісіміз өте тамаша болуға тиіс, сондықтан оған тағы бір нәрсе қосу керек-ау деп ойлаймын. Қалай болғанда да көрермендер бис-бис деп шақыруы үшін бір нәрсе әзірлеген дұрыс деді.

— Ол не, бис дегенің немене өзі?

Герцог оған түсіндіріп, сосын:

— Мен биске шотландтардың немесе матростардың биін билеп беремін, ал сіз... Тоқтай тұрыңыз, ойлау керек... Иә-иә, міне! Сіз Гамлеттің сөзін жатқа айта аласыз ба? — сұрады.

— Ол кім Гамлет?

— Гамлеттің монологы! Қалайша білмейсіз, Шекспирдің ең бір даңқты дүниесі! Ғажайып шығарма! Көрермендерге өте ұнады. Кітабымда ол жері жоқ — менде бір ғана томы бар, — мен есіме түсіріп көрейін. Салдың үстінде жүріп ойланайын, ол жолдарды еске түсіру мүмкін бе екен...

Ол салдың үстімен ерсілі-қарсылы жүріп, қабағын түйеді, біресе аспанға қарайды, біресе қолымен маңдайын ұстайды, бір мезгілде көзінен жас сорғалап, күрсінді.

Оған қарап отырудың өзі қызық.

Ақырында ол бәрін есіне түсіріп, бізді тыңдауға шақырды. Ол бір аяғын алға созып, қолдарын жоғары көтерді де, басын кейін қарай сілкіп аспанға қарады, ұлыды, кеудесін соққылап, денесімен сөйледі — мен көрген актерлердің бәрі мұның қолына су құя алмайтындай.

Міне, әлгі монолог:
Бос тірлікке мастанып,
Өмір сүріп жүргенше,
Біз күресті басталық,
Әркімге еріп күлгенше.
Озбырлығын күшінің
Кешірмейді санамыз.
Үстемдігін, мысқылын
Табанға енді саламыз.
Ұясы не қайғының —
Талқандайық мәңгілік.
Көрсетіп ер айбынын,
Өлгені артық әр жігіт,
Офилия сұлуым,
Қосылмадық — жол бұрыс,
Шіркеуге бар — сол дұрыс.

Шалға бұл өте ұнап қалды, тіпті тез арада жаттап алды, бізге қарап жатқа айтқаны ғажап болды. Ол осы үшін туғандай, әрі-бері жаттығып алғасын, тіпті көсіліп кетті, ол кейіпкер болып сөйлегенде, қолдарын сермелеп әбден есі шықты, біз оның сахна тілін тез үйреніп алғанына сүйсіндік.

Кез келген ыңғайлы уақытта герцог театр хабарландыруын, яғни афишаны жасайды, содан соң екі күндей салдың үсті астан-кестең болады: қылыштасу, герцогтің тілімен айтқанда, әйтеуір алыс-жұлыс.

Бір күні таңертең Арканзас штатының бір шетінде кенет шамалылау шағын қала көрінді. Біз оған жетпей, үш мильдей қалғанда, салымызды бір кішкене өзен жағасына жасырдық, айналасында қалың өскен кипарис бар екен, кәдімгі жер астының жолы секілді. Джимнен басқамыз қайыққа отырып қалаға тарттық — мұнда сахналық көрініс қоюға болмас па екен.

Біздің жолымыз болды: бүгін қалада күндіз цирк ойынын көрсетеді екен, ауылдардан халық келе бастады, кейбіреулері атпен, енді біреулер арбамен. Цирк кешке қарай кетуі керек, демек біздің театрымыз табысты болуы мүмкін. Герцог сот мекемесінің залын алды, біз хабарландыруларды жапсыруға кеттік. Оларда былай деп жазылған:

Шекспирдің қайта келуі!!!
Ғажайып көрініс!
Тек бір рет болады!
Атақты актерлар

Лондондағы Друри — Лэйн театрынан Кіші Девид Гаррик және король театрынан үлкен Эдмунд Кин, Уайтчепел, Пуддинг — Лэйн, Пикадилли, Лондон және Еуропадағы король театрларынан Шекспирдің "Ромео және Джульеттасынан" балкондағы көрініс.

Ромео — Гаррик мырза

Джульетта — Кин мырза

Труппа түгел қатысады!

Жаңа костюмдер, жаңа суреттер, жаңа қойылым!

Сондай-ақ "III Ричардтан" адамның арқасын шымырлататын, қорқынышты жекпе-жек қылыштасу

III Ричард — Гаррик мырза

Ричмонд — Кин мырза

Сонымен қатар көрермендердің сұрауымен

Гамлеттің өшпес сөзі!!!

Атақты Киннің орындауында!

Парижде 300 рет қойылған!

Бір рет болады!

Еуропаға гастрольге кетуге байланысты!

Кіру — 25 цент, балалар мен қызметшілер үшін 10 цент.

Біз қалаға қаңғуылдауға шықтық. Бұл жердегі үйлер де, дүкендер де атам замандағы сырлары кеуіп қалған ескі екен; бәрі де құлағалы әрең тұр. Үйлер жерден үш, кейбіреулері төрт фут биікке салыныпты, шамасы өзен тасыған кезде су басып кетуден сақтанғандары болу керек. Үйлердің айналасында бақтар бар, бірақ ештеңе өспеген тек әр жерде күнбағыс көрінеді; күл-қоқыста жыртық етіктер, кебістер, сынған шөлмектер, майысқан қаңылтыр, әйтеуір керексіз заттың бәрі сонда үйіліп жатыр. Ұзынды-қысқалы ағаштардан жасалған шарбақтар жан-жаққа қисайып, қақпалары ескірген жалғыз теріге ілініп әрең тұр. Кейбір жерлерде бір кездері әктелгені байқалады, герцог айтқандай, Колумбтың кезінде шығар. Бақтардың ішінде шошқалар тіміскілеп, оларды үй иелері қуып жүр.

Қаланың шағын дүкендері бір көшенің бойында қатарласа сап түзеп тұр. Олардың үстіңгі жағына матадан көлеңке жасап, оларды жіңішке соқалармен бекітіпті, ауылдардан көлікпен келгендер аттарын осы соқаларға байлап қояды. Көлеңкелердің астында заттардан босаған жәшіктердің үстінде ертеден кешке дейін осы жердің жалқаулары отырып алып, шаппа пышақтарымен Барлоу фирмасының таяқшаларын жонып жасайды, ауыздарына насыбай салып, есінейді, біраз шаруа бітіргендей керіліп-созылады — шынын айтқанда, бұлар түкке тұрмайтын халық. Олардың бәрі бастарына сары сабаннан тоқылған күнқағары жалпақ қалпақ киіпті, үстерінде бешпет — ештеңе жоқ, бірін-бірі: Бил, Бак, Хэнк, Джо, Энди деп атай салады екен және сөйлегенде созып, сөздерін бөліп-бөліп айтады, оның үстіне боғауызсыз сөз айтпайды. Әр соқаның түбінде бір-бірден шалбардың қалтасына салған қолын тек бір жерін қосу үшін, болмаса біреуге насыбай беруге ғана шығарады. Олардың маңайына жақындасаң:

— Хэнк, қарызға темекіңнен берші! — дегенді естисің.

— Бере алмаймын, өзімде бір атым ғана қалды. Биллден сұра.

Мүмкін Билл оған беретін шығар, ал бермеуі де мүмкін, менде жоқ деп өтірік айта салады. Жалқаулардың ішінде де жалқауы болады екен: қалтасында бір цент жоқ немесе бір түйір темекісі жоқ. Мұндайлар әркімнен қарызға деп алып күн көреді, әйтпесе темекінің қиқымын да көрмес еді. Әдетте жалқау адам қасындағыға:

— Қарызға маған темекі берсең, Джек, өзімнің соңғы темекімді Бен Томпсонға беріп едім, — дейді.

Және ылғи өтірікті соғады: білмейтін бөтен адам оның қармағына түсуі мүмкін, бірақ осы жердегі Джек басқаша жауап береді:

— Сен оған темекі бердің бе? Рас па? Берген сен емес, мысықтың әжесі берді оған. Онда менен алғаныңды қайтар, Лейф Бакнер, мен саған екі тонна беремін және қолхат алмаймын.

— Мен саған бір рет қарызымды қайтарып едім ғой!

— Иә, қайтарғансың — алты насыбай. Қарызға деп алғаның жақсы темекі болатын, бергенің қолдан жасаған бірдеңе.

— Қолдан жасаған темекі деген — әбден ұнтақталған, кәдімгі қытайдың шәйі секілді етіп, тақтайдай қатырған, бірақ бұл жігіттердің шайнайтыны темекінің жапырағы секілді түрі, тек резеңкемен ораған. Бұлар қарызға темекі алғанда пышақпен кеспейді, темекіні тұтастай алады да ауыздарына салып тістейді және қолдарымен ортасынан бөлінгенше тартады; сонда әлгі темекінің иесі жартысы қолына тигенде:

— Сен ана шайнайтын жағын өзіме қалдыр да, мына мендегі бөлікті тұтастай сен ал, — деп кекете мысқылдай сөйлейді.

Қаладағы барлық көшелер, бұрыштар — бәрі лас-лас; былыққан ластан басқа, арбаның қара майы секілді қап-қара бірдеңе тереңдігі бір футтан кем емес, мүмкін екі-үш дюйм болатын шығар. Барлық жерде әлгі қара сұйыққа аунаған шошқалардың қорсылынан құлағың тұнады. Қарасаң, үсті-басы кір-қожалақ шошқа өзінің торайларымен көшенің ортасындағы балшыққа аунай кетеді, сондықтан адамдарға айналып өтуге тура келеді, ал шошқа болса көздерін жұмған күйі құлағын жыбырлатып жатады, торайлары оның төсіне жармасып емеді, сонда оның ұсқынын көрсеңіз ғой — осы жатысы үшін оған жалақы төлейтіндей рақаттана көлбейді. Ал жалқау сол жерде:

— Ей, Қойбағар, бар, қап ана шошқаны! — деп елді басына көтеріп айқайлайды.

Шошқа бейшара ыңырана ұшып тұра келеді, бір-екі ит оның құлағына жармасып қалмайды, соңынан үш-төрт ит қуады; сол кезде жалқау маубастардың бәрі орындарынан атып тұрып, бір таңғаларлық көрініс көргендей, иттер мен шошқа көзден таса болғанша арттарынан қарап тұрады; оларға осындай айқай-шудың болғаны қызық. Сосын олар орындарына қайта отырып, тағы бір топ ит таласқанша тұрмайды. Иттердің қақтығысынан басқа оларды ешнәрсе қозғай алмайды, қаңғыбас иттердің бірінің үстіне скипидар жағып өртеу немесе оның құйрығына қаңылтыр байлап, қашан есінен танып қалғанша шапқылағаны — олардың басты кәсібі.

Өзеннің жағасындағы кейбір үйлер жардың үстінде әрең тұр, қисайып, бүйірлері майысып — көзді ашып-жұмғанша суға құлауға әзір. Олардың иелері баяғыда кетіп қалған. Тік жар құлағанда біраз үйлер суға кеткен де, олардың бұрыштары қалқиып ауаға сүйеніп қалғандай. Ал, адамдар соларда тұрып жатыр, бірақ анандай үйде тұру өте қауіпті: кейде аяқ астынан жердің бөлегі жылжып үйді түгел алып кетеді.

Жағалау шетінен мүжіліп мильдің төрттен біріндей жер бара-бара жаздыгүні түгелімен суға құлайды. Мұндай қала ылғи шегінуге мәжбүр болады. Әйтпесе өзен суы басып қалуы мүмкін.

Түске қарай көшеде аттылы, арбалылар қаптап кетеді, үй-ішімен түгел келгендер арбаның үстінде әкелген тамақтарымен түскі астарын ішеді. Виски де көп ішіледі және мен үш төбелесті өз көзіммен көрдім. Кенет біреу:

— Богс шал келе жатыр, әне! Күш көрсету үшін тағы ауылдан келіп тұр. Әне, әне, жігіттер! — деп айқай салды.

Жалқаулардың бәрі қуанып кетті; шамасы олар Богс дегенді күлкі етіп үйренген-ау деп ойладым. Сонда біреуі:

— Ол бұл жолы кімді сабап, кімнің талқанын шығаруға келе жатыр екен, ә? Егер ол соңғы жиырма жыл бойына өзі сабағысы келген адамдардың бәрін талқандаса, атағы шығар еді! — деді.

Басқа біреуі тұрып:

— Богс шал мені қорқытса қандай жақсы болар еді — сонда мен әлі мың жыл өмір сүретінімді білер едім, — деді.

Сонда әлгі Богс деген біздің жанымыздан жабайы үндістерге ұқсап айқайлап атпен шауып өтті:

— Кетіңдер жолдан! Мен соғыс жолында келемін, жақында табыт қымбаттайды.

Өзі кәдімгідей ішіп алған, ердің үстінде әрең отыр; сырт қарағанда елулер шамасындағы кісі және оның беті қып-қызыл. Жұрттың бәрі оған күліп, соңынан айқайлап, оны әбден мазақ етті, ал ол боқтап, сендердің де кезектерің келеді, сонда көрсетемін, ал қазір қолым бос емес деп айқайлады. Ол қалаға полковник Шерборнды өлтіру үшін келген және оның ұраны мынандай: "Алдымен іс, ұсақ-түйектер сосын".

Мені көріп ол қасыма келді де:

— Сен қайдансың, жігітім! Өлімге дайындалдың ба, жоқ па?

Сосын ілгері қарай кетті. Мен қорқа бастап едім, бірақ бір кісі:

— Ол жай айтқаны ғой; ішіп алғанда ол солай сөйлейді. Бүкіл Арканзастағы бірінші ақымақ, алайда ол қаныпезер емес: мас күйінде де, сау күйінде де шыбын өлтірмейді, — деді.

Богс қаланың ең үлкен дүкеніне келіп еңкейіп, көлеңкенің астына қарады да айқай салды:

— Шық бері, Шерборн! Шық та, өзің алдап кеткен адамның көзіне қара. Мен сенімен есептесуге келіп тұрмын, иттің баласы, мен кетпеймін, міне, солай!

Айтып жатыр, айтып жатыр: Шерборнның дымын қоймады, аузына түскен неше түрлі жаман сөз, боқтықпен сыбауда, ал көшедегі қалың тобыр оны тыңдап, күлкіге батып, одан сайын шалды қоштап қояды. Дүкеннен жасы елу бестердегі, кеудесін тіп-тік ұстайтын, үстіндегі киімі бүкіл қала тұрғындарының бәрінен қымбат кісі шықты; қоршап тұрған тобыр жарылып жол берді. Ол Богске қарап жай, салмақпен:

— Мені әбден мезі қылып бітті осы әңгіме, түскі сағат бірге дейін төземін. Бірге дейін — біліп қойыңыз, одан әрі басқаша болады. Егер сіз осыдан кейін бір рет маған ұрсатын болсаңыз, мен сізді қай жерде отырсаңыз да тауып аламын, — деді.

Содан соң бұрылып, дүкенге кіріп кетті. Тобыр бірден тыныштала қалды, ешкім қимылдамады, күлкі де сап тыйылды. Богс көшемен кетті, Шерборнды әлі ұрсып барады, кешікпей кері бұрылды да, дүкеннің алдына келіп, атының тізгінін тартты, ал өзі ұрсуын қоятын емес.Оның айналасына жиналған жұрт басу айтып көріп еді, бірақ ол тыныштала қоймады; сағат бірге жақындап қалды, тезірек үйіңізге барыңыз деп ақыл бергендер болды. Бірақ бұдан ештеңе шықпады. Ол бәрібір бұрынғыша балағаттай берді, басындағы қалпағын көшедегі балшыққа лақтырып, өзі атымен үстінен жүріп өтті, сосын атына қамшы басып көшемен шапқылай жөнелді, селеу шашы желмен жалпылдап барады. Адамдар оны атынан түсіріп, мастығы кеткенше кілттеп қойғылары келді. Бірақ бұдан да ештеңе шықпады, ол атпен олай-былай шапқылап, Шерборнды балағаттаумен болды. Содан кейін біреу айтты:

— Оның қызын алып келіңдер. Барып айтыңдар. Ол кейде қызын тыңдайды. Егер біреу оған сөзін тыңдата алса, тек сол қызы ғана.

Біреу жүгіріп кетті. Мен көшемен біраз жүрдім де, тоқтадым. Бес не он минуттан кейін Богс тағы келе жатыр, бірақ атсыз, жаяу. Көше бойымен жалаңбас қисалаңдап келеді, ал екі жолдасы оны қолтықтап алыпты. Ол бағанағыдай емес, жуасып қалыпты, ұсқыны да қобалжулы; жанындағыларына сүйсініп келе жатқан жоқ, керісінше, өзін өзі итеріп келеді. Кенет біреу айқайлады: "Богс!"

Мен кім екен деп бұрылып едім, ол бағанағы полковник Шерборн екен. Ол көшенің ортасында тапжылмай тұр, қолында екі пистолеті бар, шүріппесін басқалы тұрған секілді — ол көздеп тұрған жоқ, пистолеттің аузын жоғары қаратып ұстапты. Сол сәтте бір жап-жас қыз жүгіріп келе жатты, оның соңынан екі ер адам. Богс пен оның екі жолдасы шақырып тұрған кім екен деп қарап еді, пистолетті көргенде, зәрелері ұшып, жолдың екінші жағына қарай тұра қашты, ал пистолет төмен түсіп, ұңғылары Богске бағытталды. Богс қолын жоғары созып айқайлады.

— Құдайым-ай! Атпаңдаршы!

Бах! Бірінші атыс естілді және Богс тәлтіректеп, қолдарымен ауа қармады да, жерге құлап түсті. Жас қыз шыңғырып, әкесіне жүгірді де, оның денесінің үстіне бақырып жылап құлай кетті:

— Ол өлтірді, өлтірді!

Адамдар оларды қоршай топтасты; олар бір-бірін итеріп, мойындарын созып, не болғанын анығырақ көруге тырысады, ал шеңбердің ішкі жағында Богс пен оның қызына жақын тұрғандар ентелеген жұртты кері итеріп айқайлады:

— Кейін! Кейін! Ығысыңдар, демі жетпей жатыр!

Полковник Шерборн пистолетін жерге лақтырып тастады да, бұрылып кете барды.

Богсты көтеріп, жақын жердегі дәріханаға апарысты; адамдар әлі де тарамай айнала топтасып тұр, бүкіл қала оның соңында деуге болады; мен де жұрттың арасымен өтіп, алдыңғы жақтан — терезенің астынан жақсы орын тауып жайғастым, сол жерден Богсты анық көремін. Оны еденге жатқызып, басының астына Тәурат кітабын салды, екінші кітаптың бетін ашып, оның кеудесінің үстіне қойды; әуелі оның көйлегінің ілгегін ағытқанда, мен бір оқтың қай жеріне тигенін көрдім. Ол оншақты рет демалды, сонда ауаны жұтқан кезде кітап жоғары көтеріліп, демін шығарғанда төмен түседі, сосын тынышталды — өлді. Қызын одан ажыратты — ол бақырып жылады — сосын алып кетісті. Жасы он алтылар шамасындағы ибалы, жуас қыз екен, тек қорыққаннан беті аппақ болып кетіпті.

Сосын осы жерге бүкіл қала жиналды, өлген адамның денесін көру үшін бірін бірі итермелеп, терезеге үңілді, алдыңғы жақта тұрғандар кейінгілерге жол берудің орнына қозғалмайды. Артта тұрғандар:

— Тыңдаңыздар, сіздер көрдіңіздер ғой, жетер енді. Бұл әділетсіздік. Шынында да, сіздер бағанадан тұрсыздар және басқалар да көру үшін жол бермейсіздер! Басқалар да сіздер секілді қарағысы келеді.

Олар ұрсыса бастады, ал мен бір пәлесі тиіп кетер деп зытып отырдым. Көшелерде адам деген құмырсқадай қаптап жүр, бәрі де өте-мөте мазасыз секілді. Полковниктің қалай атқанын, оқиғаның қалай болғанын көргендер айтып жатыр; әрбір куәгердің жанында топ-топ тыңдаушылар, тарайтын емес. Серейген ұзын бойлы, тарамысы шыққан желкесіне ысырған бөркінің астынан ұзын шашы салбыраған, арық біреу қолындағы таяғымен жерді сызып, Богстың және полковниктің тұрған жерлерін көрсетті, басқа жұрт оның соңынан еріп, түсінгендей бастарын изеп қояды. Әлгі ұзын бойлы кісі бір кезде Шерборнның тұрған жеріне тікесінен тұрды да, басындағы бөркін көзіне дейін түсіріп айқай салды: "Богс!" Сосын қолындағы таяғын мылтық етіп кезенді де: "Бах!" — деді теңселе беріп тағы "Бах!" — деді де шалқасынан құлады. Оқиғаның қалай болғанын көргендер айна-қатесіз осылай болды десті. Оншақты адам вискилерін алып, әлгіге қошемет көрсетті.

Сол жерде біреу Шерборнды жазалау керек деп айқай салды. Сәлден кейін бәрі қосылып жаңағы кісінің сөзін қайталады, бүкіл халық айқайға басып алға ұмтылды, жолдағы үйлердің кір жаятын жіптерін кесіп алды, полковникті дарға асамыз деп шуласып бара жатты.

Жиырма екінші тарау

ДАРҒА АСУ НЕГЕ ТОҚТАДЫ

Олар жабайы үндістерге ұқсап айқай-ұйқаймен жолда көлденең кездескен біреулер болса аяқтарымен таптап, нан қылып илейтіндей екпінмен Шерборнның үйіне келді. Бала біткеннің бәрі бірдеңе болса жолдан бұрылып кету үшін үлкендердің алдыңғы шебінде зымырап барады, терезелердің бәрінен әйелдердің бастары көрінді, ағаштардың басына негр балалар отырып алыпты; шарбақтардың арғы жағынан қарап тұрған жігіттер мен қыздар тобырлар жақындағанда әрқайсысы әр жаққа бастарын ала қашты. Әйелдер мен қыздардың көбі зәрелері ұшқаннан қалтырап-дірілдеп жылай береді.

Шерборнның шарбағының алдына келгенде тобырлар айқай-шудан өздерінің даусын өзі ести алмайтындай. Есіктің алды онша үлкен емес, жиырма футтай ғана.

Біреу айқайлады:

— Сындырыңдар шарбақты! Сындырыңдар шарбақты!

Сатыр-сұтыр, шиқылдаған, сықырлаған ағаштар шарбақ құлады, алдыңғы қатарда тұрғандар толқындай лап беріп есіктің алдына өтті.

Сол жерде Шерборн қосауыз мылтығымен шағын веранданың төбесіне шықты, тіл қатпастан, байсалды тұрды. Айқай басылды, тобыр кері қарай ығысты.

Шерборн әлі бір сөз айтпастан төменге қарап тұр. Тыныштық өте қорқынышты, адамның зәресін ұшырып жіберетіндей. Шерборн төменде тұрған тобырға көзін салып, сүзіп өтті, сол көзқарас кімге тоқтаса да, сол адам қорыққаннан оған тура қарауға батылы бармай, көзін тайдырып төмен қарайды. Қаншама батылсынғанмен бірде-бір тұрғын оған қарай алмады. Сонда Шерборн күлді, бірақ ол күлкі қуаныш әкелетін күлкі емес, оны естіген адамның біртүрлі жаны түршігетіндей, нанға құм қосып жеген адамның күйін кешті.

Сосын Шерборн жыны келіп кіжіне сөйледі:

— Сендер біреуді дарға аса аласыңдар ма?! Қарай гөр бұларды! Тауықтар да мазақ етіп күлердей оқиға. Еркекті дарға асуға сендердің шамаларың жетеді деген ойды қайдан шығардыңдар? Көшедегі қаңғыбас төбетті құстың жүніне құлатуға батылдықтарыңның жеткеніне мәз болып, еркекке шабуыл жасай аламыз деп ойладыңдар ма? Нағыз еркек сендер секілділердің он мыңынан да қорықпайды, жарықта оның арт жағына тығыла алмайсыңдар. Мен сендерді білмеймін бе? Бес саусағымдай білемін. Мен Оңтүстікте туып, сонда өстім, Солтүстікте өмір сүрдім, яғни мен орташа адамдарды жатқа білемін. Орташа адамдардың бәрі қорқақ. Солтүстікте ол кез келгеннің илеуіне көніп жүре береді де, үйіне келгесін маған төзім бере гөр деп құдайға жалбарынады. Оңтүстікте бір кісі талтүсте жолаушылар аузы-мұрнынан шығып келе жатқан күймені жалғыз өзі тоқтатып, дымдарын қалдырмай тонап кеткен. Сендердің газеттерің өздеріңді батыр да батыл деп жиі жазып жатады, сондықтан сендер басқалардан асқан батырмыз деп ойлайсыңдар ма — нағыз сужүректер сендерсіңдер ғой. Сендердің соттарың кісі өлтірген адамдарды неге дарға аспайды? Себебі, өлген адамның дос-жарандары артымыздан келіп атып кетеді деп зәрелері ұшады — иә, солай болады да.

Міне, сондықтан кісі өлтіргенді ылғи ақтап, босатып жібереді, сосын нағыз еркек түнде шығып, оңбағанды дарға асады, ал оған жүздеген қорқақтар көмектеседі. Сендердің қателіктерің — өздеріңмен бірге нағыз батыр кісі жоқ, бұл — бір қателіктерің, ал екінші қателіктерің, сендер жүздеріңді жасырмай талтүсте келдіңдер. Өздеріңмен бірге жартылай адамды ертіп келдіңдер — ол анау Бак Гаркнес — егер ол сендерді қоздырып, қолпаштамаса, сендер шулап-шулап тарап кетер едіңдер.

Сендердің жүргілерің келмеді. Орташа адам қауіп-қатерді жек көреді. Міне, сендер жек көресіңдер.

Бірақ қандай да бір Бак Гаркнес секілді жарым-жарты адамсымақ: "Дарға асу керек оны!" деп айқайласа, сонда сендер кейін қайтуға біреулер қорқақсыңдар деп айта ма деп, иттей ұлып, улап-шулап сол жарты адамның соңынан еріп осылай қарай жүгіресіңдер, керемет ерліктер жасаймыз деп серт бересіңдер.

Дүниедегі ең оңбаған бейшаралар — бұл сендер секілді тобырлар; әскер деген де осындай тобыр: адамдар ұрысқа батыл бола қалғаннан емес — оларға батылдық беретін біз көппіз және бізді басқарушылар бар деген ой. Алайда тобыр деген басқаратын адамсыз түк те емес. Енді сендерге құйрықтарыңды қысып, үйлеріңе барып, бұрышта бүрісіп отыру ғана қалды. Егер дарға асу болса, ол Оңтүстіктің заңы бойынша түнде болуы керек; топ беттерін бүркеп келеді де, жазаланушыны өздерімен алып кетеді. Енді жоғалыңдар бұл жерден және жарымжан адамдарыңды алып кетіңдер!

Осы сөздерді айтып қосауызын оқтап, саусағын шүріппесіне апарды.

Жұрт бірден кері қарай шегініп, әркім әр жаққа бытырай қашты және Бак Гаркнес те өзгелердің соңынан ілбіп бара жатты, байғұстың ұсқыны кетіп қалыпты. Менің сол жерде қалуыма болатын еді, бірақ көңілім соқпады.

Мен цирк жаққа барып, айналасында қаңғуылдап жүрдім де, қарауылшы әрмен қарай айнала бергенде брезенттің астына зып беріп ішке кірдім. Менің жиырма доллар тұратын алтын мәнетім және басқа да ақшам бар еді, бірақ оларды сақтағым келді, ақша деген әрқашан да керек болады ғой, үйден жырақта, әсіресе өңкей жат адамдардың арасында жүргенде. Сақ болып жүру қашан да керек. Әрине әшейін кіруге болмайтын кезде мен ақшаны циркке жоюға қарсы емеспін, ал ақшаны босқа шаша беруге тіпті болмайды.

Цирк керемет екен. Олардың бәрі атпен — еркектер, әйелдер қос-қос болып қатарласып алаңға шыққандағы сұлулық деген — көруге көз керек! Еркектер кольсон киіп, ішкі көйлекпен жеп-жеңіл отырып бүйірлерін таянған күйі, әрқайсысының жанында қызыл шырайлы, нағыз ханымдар секілді гауһар тастары жарқ-жұрқ еткен әдемі көйлек киген шеттерінен сұлу әйелдер (әрқайсысының көйлегінің өзі миллион тұратын шығар) қатарласып алаңға шыққанда, таңданып-сүйсінгеннен есің шыға жаздайды. Мен бұдан асқан сұлулықты бұрын-соңды көрген емеспін. Сосын олардың бәрі секіріп атқа мініп және ердің үстінде тік тұрып цирк алаңын айналып өтті де, ат шапқан кезде жігіттердің бастары төбеге тиіп кете жаздады, ал әйелдердің көйлегі сыбдырлап және күнқағарға ұқсап тұрды.

Сонан соң олар алаңның шетімен айналып, тез-тез шабысқа көшті және ердің үстінде отырып тамаша биледі: біресе бір аяғын ауаға көтеріп біресе екінші аяғын; ал оларды басқарып жүрген кісі алаңның ортасында олай-былай жүріп ұзын қамшысын сермеп қояды да: "Гип, гип!" деп ақырады; ал клоун оның артында тұрып әзіл-қалжың айтады; сосын олардың бәрі тізгінді босатып, әйелдер саусақтарымен мықындарын таянып, еркектер қолдарын кеуделеріне қойды, ал олардың аттары әдемі жүріп келе жатып тізелерін бүгіп, көрермендерге сәлем етеді. Содан соң олар бәрі бірінен кейін бірі құмға секіріп түсті де, кереметтей әдемі иіліп, сосын шымылдықтың арғы жағына шауып кетті, көрермендер болса алақандарын соғып, айқайлап, цирк шатырын бастарына көтерді.

Міне, осылай көріністің аяғына дейін олар неше түрлі ойындарды көрсетті, ал клоун жұртты күлдіргені сонша, жұрттың шегі қатып өле жаздады. Басқарушы не айтса да, клоун көзді ашып-жұмғанша сөз тауып, жауап берді, жауап бергенде жәй ғана жауап емес — күлдіретін сөз табады; оның сөздері соншалықты күлкілі, соншалықты үйлесімді болып қайдан шығып жатыр, түк түсінсем бұйырмасын. Сосын қайдағы бір мас кісі цирк алаңына шығып алып, мен атпен шауып өткім келеді, мыналардан кем емеспін — атқа отырам деп тұрып алсын. Оған адамдар олай айтты, былай айтты, түсіндірді, ол ешкімді тыңдағысы да келмейді, ақыры үзіліс жасауға тура келді. Сол жерде көрермендер оған айқайлап ұрсып, оны күлкі ете бастап еді, ол ашуланып, дау шығара бастады; жұрт шыдай алмай, әркім әр жерден орындықтарынан атып тұрып, ортаға жүгірді; көпшілігі: "Жақсылап ұрыңдаршы өзін! Далаға лақтырып тастаңдар!" деп айқайлады. Бір-екі әйел шыңғырып жіберді. Сол кезде басқарушы сөйлеп, ешқандай қолайсыз жағдай болмайды деп сенемін, тек мына мырза өзін дұрыс ұстайтынына уәде берсін, егер өзі атқа отыра алса, біз мінгіземіз деді. Халық ду күліп келісеміз деп айқайлады, ал әлгі мас атқа жармасты.Оның отырғаны сол еді — ат аспанға атылып, алдыңғы екі аяғын көтерді, одан жерді тарпыды, цирктің екі қызметкері жүгенге жармасып, екі жағынан ұстап жүр; әлгі мас атты мойнынан құшақтап, ат секірген сайын аяқтары жоғары көтеріледі. Залда отырған көрермендердің бәрі орындарынан тұрып айқайлады, көздерінен жас аққанша күліп жатыр. Бірақ ақыр аяғында цирк қызметкерлері қанша тырысқанмен, ат олардан жұлқынып шығып, алаңды айнала шапқыласын, ал ана маскүнем аттың мойнына жатып алып, ат секіргенде біресе оң аяғы, біресе сол аяғы жерге тие жаздап салпаңдайды. Жұрттың естері шықты. Маған күлкілі ештеңе жоқ секілді, қайта ана кісіге бірдеңе бола ма деп қорқып дірілдеп кеттім. Дегенмен ол былай қозғалып, олай қозғалып, ақыры атқа мінді, тізгінді қолына алды, ал өзі біресе бір жағына, біресе екінші жағына қисалаңдап әрең отыр; соның арасында ол аттың үстіне тікесінен тұрды. Ал ат болса шауып бара жатыр. Ол ердің үстінде тіп-тік болып тұрды, тіпті мас кісіге ұқсамайды; сосын қарасам, ол үстіндегі киімдерін бірінен соң бірін шешіп, құмның үстіне лақтырып жатыр, лақтырып жатыр — тез-тез шешкені сондай, он жеті костюмнің әрқайсысы көз ілеспей ұшып жатыр, ал өзі сұңғақ бойлы, сұлу жігіт жарқыраған әдемі костюмімен ат үстінде тұр. Сосын атқа қамшы басып еді, ат секіріп құмның үстіне шықты да тізесін бүгіп сәлем етті, сонан соң шымылдықтың тасасына қарай шаба жөнелді, ал көрермендердің бәрі таңданып-сүйсінгеннен қол соғып айқайлап жатыр.

Сол жерде басқарушы өзін алдағанын біліп, ашуланды ғой деймін. Әлгі жігіт осы цирктің артисі екен. Ол ешкімге ештеңе айтпай, бәрін өзі ойлап жасапты. Маған да оның бұл қылығы онша ұнаған жоқ, дегенмен мен мың доллар берсе де басқарушының орнында болғым келмейді. Білмеймін... мүмкін басқа бір жақта бұдан да жақсы цирк бар шығар, бірақ мен көрген емеспін. Меніңше, осы цирк бәрінен қызық, бәрінен жақсы, егер тағы бір жерде осы цирк болса, мен міндетті түрде барамын.

Кешкісін біздің де қойылымымыз болды, бірақ халық көп келмеді, бар болғаны жиырма шақты кісі шығынымызды жабуға әрең жетті. Көрермендер ылғи күліп отырды, ал герцог ашуланып, не істерге білмеді, ол ол ма, сосын театр бос қалды — бәрі тұрып шығып кетті, тек бір ғана бала қалыпты, ол да ұйықтап жатыр екен. Герцог мына Арканзастың миғұлалары Шекспирді түсіну үшін әлі де жетілулері керек, бұларға тек түкке тұрғысыз комедия қажет деп бұлқан-талқан болып жүр, мен бұлардың деңгейін білем ғой деп қояды. Ертеңіне ол зат орайтын қағаз бен қара бояу алып, хабарландырулар жасады да, бүкіл қалаға жапсырды. Ол хабарландыруларда міне мынандай сөздер бар:

Сот залында!

Болғаны үш қойылым!

Әлемге белгілі трагедиялық артистер

Кіші Дэвид Гаррик және үлкен Эдмунд Кин!

Лондонның және Еуропа театрларынан шым-шытырық оқиғалы "Корольдың керігі" немесе патшаның жетілуі.

Кіруі 50 цент.

Ал төменгі жағында ірі әріптермен:

Әйелдер мен балаларға кіруге болмайды.

деп жазылған.

— Енді, міне, — деді герцог, — егер олар осы хабарландыруға келмесе, мен онда Арканзасты білмеймін!

Жиырма үшінші тарау

КОРОЛЬДАРДЫҢ БӘРІ ОҢБАҒАН

Бұл күні олар король екеуі титтей тыныш таппады: сахна жасады, шымылдықты ілді, театрдың үлкен шамының орнына майшамдарды толтырып бекітті, ал кешкісін біз көзімізді ашып-жұмғанша зал аузы-мұрнынан шығып еркектерге толды. Залда бір адамға да енді орын болмаған кезде, герцог билеттерді тексеруді қойып, үйді бір айналып өтті де, сахнаға шықты. Шымылдықтың алдына тұрып, қысқаша сөз сөйледі: әуелі барлық шығармалардың ішіндегі ең тартымдысы деп қойылымды мақтады, одан әрі қарай трагедия және басты рөлде ойнайтын үлкен Эдмунд Кин туралы айтты; көрермендердің бәрінің көздері жайнап, қойылымды көруге асықты, герцог шымылдықты ашқанда, король тыр жалаңаш күйде тоңқаңдап шымылдықтың арғы жағынан шыға келді; тұлабойы түрлі бояу сызықтарымен боялған кемпірқосақ секілді. Ал, қалғандары жайлы айтудың қажеті жоқ — түкке тұрмайтын бірдеңе, дегенмен жұрт күлкіге батып, шектері үзілгенше мәз болды. Ал, король секіріп-секіріп, шымылдықтың тасасына тоңқаңдап кеткенде, жұрт алақандарын шапалақтап, айқайлап мәз болысты, ол қайтадан шығып, тағы бірдеңелерді көрсеткенше, елдің күлкісі басылмады, тіпті бұдан кейін де бәрін қайталауды сұрады. Біздің кәрі ақымақтың әзілдеріне адам түгілі, сиыр да күлер еді.

Содан соң герцог шымылдықты түсіріп, еңкейіп сәлем етті де, бұл керемет трагедия тек екі рет қана қойылады, себебі Лондонда "Друри — Лэйн" театрында жақында болатын спектакльдерге билеттің бәрі сатылып кеткен, егер құрметті көрермендер бұл көріністі тартымды, қызықты деп тапса, таныстардың бәріне айтып, олардың да көргенін қалайтынын айтты.

Жиырмашақты кісі жамырай айқайлады:

— Қалай, осымен біте ме? Неге мұнша аз?

Герцог осымен бітті деді. Сол жерде ұрыс басталды. Көрермендер: "Алдадыңдар!" — деп айқай шығарды. Бәрі жынданып, орындарынан атып тұрып сахнаны сындырып, актерлерді сабаймыз деді. Бірақ та ұзын бойлы толық келген бір кісі орындыққа қарғып шығып:

— Тоқтаңдар! Бір сөз айтамын, мырзалар! — деп айқайлады.

Жұрт тоқтай қалды.

— Бізді алдап соқты бұлар! Алайда біз бүкіл елдің алдында күлкі болғымыз келмейді, олар бізді өмір бойы келемеж етеді. Менің айтарым мынау: бәріміз бұл жерден тыныш кетейік, көрген қойылымды мақтайық, сөйтіп басқаларды алдаймыз. Сонда біз бәріміз бірдей боламыз. Солай ма, жоқ па?

— Әрине, солай! Сот мырза, дұрыс айтасыз! — деп бәрі бір ауыздан қоштады.

— Жарайды, ендеше бұлардың бізді алдағандары жайлы ешкім аузын ашпайды. Бәрің бір кісідей театр қойылымына барыңдар деп ақыл айтыңдар.

Ертеңіне бүкіл қаланың аузында біздің керемет қойылым туралы әңгіме. Зал тағы лық толы болды және біз бұлардың да ауыздарын ашырдық. Біз герцог, король — бәріміз салға келіп, бірге отырып тамақ іштік, сосын олар Джим екеумізге салды өзеннің ортасына шығарып, қаладан екі мильдей төмен барып, салды жасырыңдар деді.

Үшінші кеште зал тағы аузы-мұрнынан шыға толды және бұл жолғы көрермендердің бәрі бұрынғы екі қойылымға келгендер, бірде-бір жаңа адамдар жоқ.

Мен герцогпен бірге есік алдында тұрып едім, келген адамдардың бәрінің қалталары немесе киімдерінің етегі торсиып тұрғанын байқадым; бұл торсиып тұрғандар ешқандай иіссу не иісмай емес, керісінше жақсы заттар емес екенін түсіндім. Шіріген жұмыртқаның иісі мүңкиді, шіріген капуста саси ма — әйтеуір иістен басым айнала жаздады; мен шіріген мысықтың иісінің қандай болатынын білемін, ал олардың алпыс төртін алып, менің жанымнан өткендерін білдім. Екі минуттай олай-былай жүргім келіп еді иістің мүңкігені сонша, әрі қарай тұра алмадым. Жұрттың бәрі кіріп болғасын, герцог бір жас жігітке жиырма бес цент беріп, әзірше есік алдында тұруын бұйырды да, өзі артқа, сахнаға қарай жүрген болып, мен соңынан ердім, бұрыштан айнала бергенде қараңғы жерге тап болдық.

— Тезірек бар енді, үйлерден алысырақ кеткесін, жүгіріп салға жет, артыңнан шайтан қуып келе жатқандай жүгір! — деді.

Мен солай істедім, ол да жүгіріп келеді. Біз салға бір мезгілде келдік, екі секундтан кейін ағынмен төмен қарай зуладық. Үн-түнсіз қараңғы тыныштықта бір-бірімізге тіл қатпастан өзеннің ортасына жеттік. Мен король бейшара оңбайтын болды-ау деп ойлап едім, жоқ, жағдайы жақсы екен, кешікпей ол шалаштан еңбектеп шығып келеді.

— Қалай, герцог, бүгін қанша ақша күредік? — деп сұрады.

Ол тіпті қалада болмаған екен.

Біз фонарьды ілмей, қаладан он шақты миль алыстадық. Сосын шам жағып, кешкі тамаққа отырдық, король мен герцог көрермендерді өздерінің қалай жер соқтырып алдағандарын еске алып, күлкіге батты. Герцог айтты:

— Маубастар мен нақұрыстар! Мен бірінші келген көрермендердің екінші топ та алданып сандарын соқсын деп оларға ештеңе айтпайтындарын және үшінші рет келгенде олардың енді бұлардың өзін масқаралаймыз деп бір сюрприз ойластыратынын баяғыда білгенмін. Бірақ солар бұдан қандай пайда көретінін білу үшін барымды берер едім. Осы оқиғаны олардың қалай пайдаланатынын білсем ғой, — деп мәз өзінше.

Бұл екі алаяқ сол үш кештен төрт жүз алпыс бес доллар тапты. Мұндай әдіспен күреп ақша тапқанды өмірімде көрген емеспін.

Әлгі екеуі ұйқыға кетіп қорылға басқасын біраздан соң Джим:

— Гек, корольдың осындай істеріне сен таңғалмайсың ба? — деп сұрады.

— Жоқ, — дедім, — таңғалмаймын.

— Сен неліктен таңғалмайсың, Гек?

— Өйткені олар осындай тұқымнан, корольдардың бәрі бірдей осылар секілді деп ойлаймын.

— Гек, мына біздің корольдарымыз барып тұрған оңбаған адамдар ғой! Кәдімгі оңбағандар!

— Мен саған не айтып отырмын: король атаулының бәрі оңбаған сужұқпастар, белгілі ғой.

— Қойшы, ей?

— Сен олар туралы жазылған кітаптарды оқып көр, міне, сонда білетін боласың. Сегізінші Генрихты алып қарашы; біздің жексенбілік мектептің директоры да оған қарсы.

Ал Екінші Карлды, Он төртінші Людовикті, Он бесінші Людовикті, Екінші Яковты, Екінші Эдуардты, Үшінші Ричардты және осылардай қырық корольды алыңыз; ескі замандарда да корольдар болған — саксондар, нормандар, солардың бәрі тонау мен шабуыл жасаумен айналысқан. Сен Генрих шалды жас кезінде көрсең ғой! Міне, піскен жеміс! Күн сайын жаңа әйелге үйленеді де, ертесіне оның басын шауып тастауға бұйырады және бұл іске жұмыртқаны жарғандай қарап, мән бермейді. "Маған Нелл Гвиннді әкеліңдер!" — дейді. Әкеледі. Ал ертең таңертең: "Басын шабыңдар!" — дейді. Шабады. "Джейн Шорды әкеліңдер!" — дейді. Ол келеді. Ал, ертеңіне; "Басын алыңдар мынаның!" — деп бұйырады. Басын шауып түсіреді. "Розамунда сұлуды шақырыңдар!" Розамунда сұлу келеді. Ертеңіне оның да басын шабады. Ол барлық әйелдеріне түні бойы ертегі айтқызатын болған, бәрі бір мың бір ертегі болғанда, солардың барлығын жинап, "Қорқынышты сот кітабы" деген атпен шығарған. Кітаптың аты да лайықты. Сен корольдарды білмейсің, Джим, есесіне мен білемін оларды; дегенмен мына біздің қаңғыбас король тарихтан мен оқыған корольдардың көбінен тәуір. Мысалы, Генрихтың басына Америкамен жауласу туралы ой келді. Ол қалай бастады? Америкаға ескертті ме? Оның әзірленуіне мүмкіндік берді ме? Жоқ! Былай да жоқ, олай да жоқ, бүкіл шәйдің бәрін Бостон кемежайына шашып-шашып тастады, сосын Тәуелсіздік Декларациясын жариялады, ал соғысыңдар енді дейді. Ол ылғи осылай, тамағыңнан алып қылғындырады. Оның өзінің әкесі туралы күдігі болған, герцог Веллингтонды айтам. Ал ол не істеді? Бәрін сұрап анығын білді ме? Жоқ, алды да бір бөшке мальвазияға батырып өлтірді мысыққа ұқсатып. Ашық ауыз біреу ұмытып ақшасын тастап кетті ме, оны әлгі Генрих король көрсетпей қалтасына сүңгітеді. Бір нәрсе жасаймын деп ақша алып біреуге уәде қыла ма, қасында бағып отырмаса, ол бәрін керісінше жасайды. Және айтқанының бәрі өтірік. Міне, қандай оңбаған доңыз болған Генрих. Өтірікші. Міне, егер бізбен бірге мыналардың орнында ол болса, кешегі қаланы әбден тазалап, масқарасын шығарар еді. Мен біздің корольдар кінәсіз қозылар деп отырғаным жоқ; бұлар да, ойланып қарасақ, оңып тұрған жоқ, дегенмен біздердікі Генрих шал жасаған күнәкарлықты жасай алмайды. Мен айтайын: король деген — король, одан не сұрайсың! Жалпы олардың бәрі түкке тұрғысыз бірдеңелер. Солай тәрбиеленген.

— Біздікінің үстінен спирт иісі мүңкіп тұр, Гек.

— Несі бар, олардың барлығы солай. Корольдардың бәрінен сасыған иіс шығады, бұған ештеңе жасай алмайсың, тарихта осылай айтылған.

— Ал герцог ондай емес секілді, кәдімгідей дұрыс адам.

— Иә, герцогтың жөні бөлек. Бірақ екеуінің айырмашылығы шамалы. Герцог болғанмен, ол да оңып тұрған жоқ. Ішіп алғанда оның корольдан айырмашылығын көрмейсің, алыстағыны нашар көретін болмасаң.

— Маған мұндайлардың қажеті жоқ, Гек! Бұларға әрең төзіп жүрмін.

— Мен де солай, Джим. Бірақ, егер олар біздің мойнымызға отырып алса, олар кім соншалық — мұны ұмытпау керек және есте ұстаған дұрыс. Әрине дүние жүзінде корольдары ауып кеткен ел бар ма, соны біліп алу керек еді.

Бұл екі алаяқтың король де, герцог те емес екенін Джимге айтқаннан не шығады? Бұдан ештеңе шықпайтыны белгілі, ал одан басқа бұл екеуі де шын корольдан, герцогтен айырмашылықтары жоқ деп мен айтып қойдым ғой.

Мен ұйықтауға жаттым, түнде менің кезегім келсе де, Джим мені оятпады. Ол жиі-жиі осылай істейді. Мен таң ата оянсам, ол басын тізесіне қойып ыңырсып жылап отыр екен. Әдетте мұндай жағдайда мен оған көңіл аудармаймын және көрмегендей жүре беремін. Мен не жағдай екенін білемін. Ол әйелі, балалары есіне түсіп, үйін сағынып отыр, өйткені осыған дейін отбасынан ажырап көрген емес; ал балалары мен әйелін Джим меніңше кәдімгі кез келген ақ адам секілді, тіпті одан күштірек сүйеді. Бұл біртүрлі көрінуі мүмкін, бірақ осылай болды. Түндерде ол мен ұйықтаған болып жатқанда ыңқылдайды, жылайды, өзімен өзі сөйлейді:

"Бейшара Лизабет, байғұс Джонни! Ой, қандай қасірет! Сендерді ендігі көре алмайтын шығармын!" Бұл Джим деген — ең жақсы негр!

Бірақ мен бұл жолы онымен әйелі, балалары жайлы әңгімелестім, ол былай деді:

— Неліктен қазір менің қайығым жүрегімді сыздатады; жаңа ғана бір нәрсенің шолп етіп суға түскенін естідім, сол бойда менің бір рет кішкентай қызым Лизабетті ренжіткенім есіме түсті. Ол төрт жаста еді, сосын ол қызамық жұқтырып, өте қатты ауырып қалды, сосын тәуір болды әйтеуір; бір күні ол менің қасымда тұрған, мен оған: "Есікті жап!" — дедім.

Ол қасымнан кетпей тұрып алды және есікті жаппайды, оның үстіне маған қарап күліп қояды. Бұл менің жынымды келтірді; мен тағы айттым оған, қатты айттым: "Естімейсің бе, немене? Жап есікті!".

Ол қозғалмайды және күлімсірейді. Әбден ашуландым және айқайлап жібердім: "Саған есікті жаптырамын!".

Оның басынан шапалақпен салып жіберіп едім, еденге ұшып түсті. Сосын өзім басқа бөлмеге кетіп, оншақты минуттан кейін қайтып келіп қарасам, есік әлі ашық, қызым есіктің алдында басын салбыратып жылап тұр екен. Мен оған ашуланып едім, дәл сол кезде есік сыртқа қарай ашылды да, желмен тарс етіп жабылып кетті, қызым арқа тұсынан тарсылдағанына қарамай,қозғалмады. Мен сол жерде өзімді қалай сезінгенімді саған айтып жеткізе алмаймын. Өзім аяғымның ұшымен басып қасына жақындадым — ашық есіктен басымды шығарып бар даусыммен айқайладым! Ол қозғалмады! Сонда, Гек, өзім жылап жібердім! Оны құшақтап: "Oh, менің кішкентай байғұсым! Құдайым, алжыған Джимді кешір, ал мен өзімді ешқашан кешірмеймін!" — дедім.

Ол қызамықтан кейін, Гек, тіпті тас саңырау болып қалған екен, ал мен оны сондай ренжіттім!

Жиырма төртінші тарау

КОРОЛЬ УАҒЫЗШЫҒА АЙНАЛДЫ

Келесі күні кешке қарай біз өзеннің орта тұсындағы тал басып кеткен шағын аралға тоқтадық, ал өзеннің екі жақ жағалауында да қалашықтар көрінеді, герцог пен король оларды қалай тонасақ екен деп миларын шірітуде. Джим герцогқа қалада ұзақ болмайтын шығарсыңдар, күні бойы жалғыздан жалғыз арқанмен буылып шалашта жату әбден жалықтырды деді.

Білесіңдер ме, бәрібір Джимді ол жалғыз қалғанда жіппен байлап тастауға тура келді: егер біреу-міреу оған келе қалса және жанында ешкім жоқ, аяқ-қолы бос екенін көргенде қашқын негр екеніне сенбес еді. Герцог та күні бойы байлаулы жатудың оңай емес екенін, басқа бір амалын ойлап табатынын айтты.

Оның, біздің герцогтың, басы қатты істейді, ол сол бойда не істеу керек екенін ойлап тапты. Джимге Король Лирдің костюмін кигізді: терезе жапқыш жасайтын шыттан тігілген ұзын халат, ақ бурыл жалған шаш және жылқының қылынан сақал; сосын өзінің театрға пайдаланып жүрген бояуларын алып, Джимнің бетін, тамағын, құлағын, қолын қоп-қою көк бояумен бояп тастады, бояудың түсі сондай келіссіз, Джим бір апта бұрын суға батқан өлік секілді болды. Жерге кіріп кетейін, мынандай ұсқынсыз бейнені өмірімде көрсем көзім шықсын! Сосын герцог тақтайды алды да, былай деп жазды:

Жынды араб. Дұрыс кезінде — Адамдарға тиіспейді.

Осы тақтайды таяққа қағып, шалаштың алдына төрт қадамдай жерге қойды. Джим риза болып қалды. Ол күн ұзаққа байлаулы, бір жақтан бір дыбыс шықса, қорқыныштан дірілдеп жатқаннан мынау рақат қой деп қояды. Герцог оған ұялмай, өзіңді еркін ұста деп ақыл берді; ал егер біреу-міреу басқаның шаруасына мұрнын сұғатын болса, Джим шалаштан атып шығып, кішкене билейді, тіпті бір-екі рет тағы аңдардай ұлып жібереді — сонда әлгі тез табанын жалтыратады да, оған сосын жоламайды.

Жалпы бұл жолы ол дұрыс ойлап тапты; бірақ Джим ұлығанша ешкім де күтіп тұрмас еді. Егер ол өлген адамға ұқсас болса, бір сәрі — ал мына түрі одан да жаман!

Бұл алаяқтар тағы да "Керікті" іске қосқылары келді — өте пайдалы болды ғой — бірақ олар бұл жаққа өздері жайлы сыбыс жетіп қалған жоқ па екен деп қорықты. Бұдан басқа бастарына ештеңе келе қоймады, ақырында герцог бір-екі сағат жатып Арканзастың бұл қаласын қалай алдап соғуға болатынын ойлаймын деді; ал король екінші жағалаудағы қаланы көруге ешқандай жоспарсыз, мүмкін пайда түсіп қалар деген оймен кетті.

Өткен жолы тоқтаған жерімізде бәріміз жаңа көйлек сатып алғанбыз; король сол жаңа киімін киді, маған да киін деп бұйырды. Мен, әрине, киіндім. Корольдың үстінде ылғи қара түсті киім, сондықтан сапқа тұрғандай салтанатты көрінді. Мен бұған дейін киім адамды сондай өзгертетінін білмейтін едім. Король бұрын өзінің маскүнем бейнесіне ұқсайтын еді, енді ақ қалпағын қолына алып, басын иіп күлімсіреп сәлемдескенде кемесінен жаңа шығып келе жатқан кәдімгі Нұх пайғамбардың өзі секілді салиқалы, байсалды, көз тартатын көрікті бола қалыпты.

Джим қайықты жуды, мен ескекті ұстап оған отырдым. Жағада қаладан үш мильдей жерде үлкен пароход тұр; оның тұрғанына екі сағаттай болды, жүк тиеп жатыр. Король айтты: — Менің үстімдегі мынандай костюммен Сен-Луиден немесе Цинциннатидан, болмаса басқа бір үлкен қаладан келдім дегенім дұрыс шығар. Пароходқа қарай ес қайықты, Гекльберри: біз сонымен қалаға жетеміз.

Ол пароходпен менің серуендеуімді сұрап жалынған жоқ. Мен қаладан жарты мильдей жердегі жағаға келдім де, қайықты тік жарқабақты жағалаудың бойымен жайлап естім. Кешікпей ауыл бозбаласына ұқсайтын қарапайым жас жігітке тап болдық, ол маңдайының терін сүртіп, бөрененің үстінде отыр екен. Күн кереметтей ыссы еді; оның қасында кілемнен тіккен екі саквояж жатыр.

— Қайықты жағаға қарай бұршы, — деді король (мен бұрдым), — сіз қайда барғалы отырсыз, жігітім?

— Орлеанға. Пароход күтіп отырмын.

— Маған отырыңыз, — деді король. — Менің қызметшім заттарыңды салуға көмектеседі... Түс, мырзаға көмектес, Адольфус! (Байқауымша, маған айтып тұр.)

Мен көмектесіп, сосын үшеуміз әрі қарай кеттік. Жас жігіт шексіз алғыс айтып, мынандай ыссы күнде заттарымды арқалап жүруден әбден қалжырап отыр едім деді. Сосын ол корольдың қай жаққа баратынын сұрады, анау өзеннің төменгі жағымен біраз жүріп едім, енді жоғарғы жаққа барып өзінің фермада бірге істеген ескі танысымен кездесетінін айтты.

Жас жігіт:

— Сізді көрген бойда мен бірден бұл Уилкс мырза болар деп ойладым, ол кішкене кешігіп қалды. Тағы ойладым: бұл кісі Уилкс емес — ол өзеннің жоғарғы жағына неменеге барады? Сіз ол емессіз ғой, а? — деді.

— Жоқ, мен Блоджетпін, Александр Блоджет; айтуым керек шығар — Александр Блоджет, мен Құдайдың қызметшісімін ғой. Бірақ, қалай болғанда да, Уилкс мырза кешігіп қалғаннан бір нәрседен құр қалып жапа шеккенін есту маған да уайым болады. Әйтеуір ондай ештеңе болған жоқ қой?

— Жоқ, ақшалай шығынданған жоқ. Өзіне тиесілі мұраны алады бәрібір, ал өзінің ағасы Питерді тірісінде көре алмайды. Ол үшін мүмкін, қайғырмайтын да шығар кім біледі, ал ағасы өлер алдында онымен кездесу үшін бәрін беруге дайын еді: соңғы үш апта бойы әңгімесі сол болды. Олар бала кездерінен бері бірін-бірі көрмеген, ал Вильям ағасымен — ол сақау, саңырау — тіпті кездеспепті. Вильям отыз-отыз бестерде. Мұнда тек Питер мен Джордж келді; Джордж үйленген еді, өзі былтыр қайтыс болды, әйелі де. Тірі қалғандары Гарви мен Вильям ғана, әлгінде айттым ғой, олар келе алмайды — кешігіп қалды.

— Ал оларға біреу жазып па еді?

— Енді қалай, жазды бір не екі ай шамасында, Питер алғаш ауыра бастағанда, — бұл жолы жазылмайтын шығармын деп өзі бірден айтты. Өзі әбден қартайды, ал Джордждың қыздары тым жас, онымен әңгіме-дүкен құра алмайды, тек Мери Джейн болмаса — ол ана сары қыз; Джордж бен оның әйелі өлгеннен кейін қария да өмір сүргісі келмеді. Гавриді көрсем деп өте асықты, Вильямды да, әрине; ол өсиет жазуға құлқы жоқ кісі еді — сондай адамдар болады ғой. Гарвиге хат жазып қалдырды. Сол хатында ол ақшасын қайда жасырғанын, қалған дүние-мүлікті қалай бөлісу керек екенін, Джордждың қыздары ештеңеге мұқтаж болмасын — Джордждың өзі ештеңе де қалдырған жоқ қой. Осы хаттан басқа ол түк те жазбады — ешкім оны зорлай алмады.

— Гаври уақытында келмегені қалай сонда, сіз қалай ойлайсыз?

Ол қайда тұрады?

— О, ол Англияда, Шеффилде тұрады, ол онда уағыздаушы және бұрын Америкада болып көрмеген. Мүмкін, жиналып үлгермеген болар, ал, мүмкін хатты алмаған болар, қайдан білейік!

— Байғұстың өлер алдында інілерімен кездесе алмағаны өкінішті! Яғни сіз Орлеанға барасыз ғой?

— Иә, бірақ тағы бір жағдай бар. Сәрсенбі күні мен Рио-де-Жанейроға кетемін, онда ағайым тұрады.

— Ұзақ, өте ұзақ сапар! Есесіне қандай қызықты сапар! Сіздің орныңызда мен болсам ғой... Ал, Мери Джейн үлкені ме? Басқалары неше жаста?

— Мери Джейн он тоғызда, Сюзанна он бесте, ал Джонни әлі он төртке толған жоқ — оның ерні жырық, яғни қоян ерін, ол өзін қайырымдылық іске арнаған.

— Байғұстар! Өмірде ата-анасыз қалу деген...

— Жоқ, бұдан да жаман болуы мүмкін еді. Питер қарияның достары бар болатын, олар қыздарды ешкімге ренжіткізбейді. Гобсон — баптистердің уағызшысы, Лот Хови — дьякон және Бен Рэкер, Эбнер Шеклфорд, адвокат Леви Белл, дәрігер Робинсон және олардың әйелдері, жесір Бартли... ой, әлі көп-ақ, Питер қария осылармен жақын болатын және олар жайлы отанына хат жазатын, сондықтан Гарви мұнда келгенде достарды қайдан табуды біледі.

Шал — біздің корольды айтам — сұрап отыр, сұрап отыр, жас жігіттен барлық жағдайды түгел біліп алды. Ол осы қалашық туралы, Уилкстер жайлы, Питердің кәсібі теріші, Джордж — ағаш шебері, Гарви бір діни Сектаның уағызшысы екенін, әйтеуір не керек бәрін бес саусағындай білген секілді.

— Сіз неге пароходқа дейін жаяу жүрдіңіз? — деді король.

— Өйткені ол орлеандық үлкен пароход, мен ол бұл жерге тоқтамайды деп қорықтым. Егер пароход тереңде тұрса, ол тоқта дегеніңе тоқтамайды. Цинциннатидан келе жатқандар тоқтайды, ал мынау Сен-Луидан келе жатыр.

— Немене, Питер Уилкс бай адам болып па еді?

— Иә, өте: оның үйлері, жері болған; артында әлгі байлықтардан басқа үш-төрт мың ақшалай қалды деседі, бір жерде тығулы жатқан...

— Ол қашан қайтыс болды дедіңіз?

— Мен ол жайлы айтқан емеспін, ол кеше түнде қайтыс болды.

— Жерлеуі ертең ғой?

— Иә, түс ауғасын.

— Ім! Мұның бәрі қайғылы... бірақ не істеуге болады, біздің бәрімізге ерте ме, кеш пе өлуге тура келеді. Сондықтан сол соңғы сағатқа бәріміз де әзірленуіміз керек: біз сонда ғана тынышталамыз.

— Иә, мырза, бәрінен дұрысы сол. Менің анам да ылғи осылай деп отыратын.

Біз пароходқа қайығымызды байлағанда, жүк те тиеліп бітті, пароход сол бойда кете барды. Пароходқа көтерілу жайлы король үн қатпады; пароходқа мініп сайрандау маған бұйырмады. Пароход кеткесін, король тағы бір миль жүруге бұйырды, сосын ол ешкім жоқ жағалауға түсіп қалды да:

— Тезірек кейін бар да, герцогты осында алып кел, жаңа шабадандарды да ала келіңдер. Егер герцог болмаса, ана жағалауға барып, қалай да тауып ал.Жақсы киініп келсін де. Ал, бар енді! — деді маған.

Оның бір нәрсе жасайтын ойы бар екенін мен біле қойдым, бірақ оған бұл жайлы ештеңе айтпадым.

Герцогты алып келгесін біз қайықты жақсылап жасырдық, сосын екеуі бөрененің үстіне отырып, король анаған жас жігіттің айтқандарын үтір-нүктесіне дейін айтып берді. Айтқан кезде ол өзінше нағыз ағылшын мырзадай сөйлеуге тырысып бақты, бұл секілді оқудың не екенін білмейтін, кітаптың бетін ашып көрмеген көкмилығына қарағанда, ол үшін әп-әсем сөйледі. Мен бұлай сөйлей алмас едім, тіпті сөйлеп көргім де келмейді, ал ол кәдімгідей жақсы сөйлеп отыр. Сосын ол:

— Сіз сақау-саңыраулармен сөйлесуге қалайсыз, мырза? — деп сұрады.

Герцог бұл жағынан қам жемеуге болады: театр сахналарында мылқау болып талай ойнағанмын деді. Сосын олар пароходты күтті.

Түске жақын екі шағын пароход өтті, екеуі де өзеннің жоғарғы жағынан келе жатқан жоқ, сосын үлкен пароход келді, король мен герцог оны тоқтатты. Бізге қайық жіберді, сосын біз жоғары көтерілдік; пароход Цинциннати жақтан келеді екен, капитан біздің үш-төрт мильден кейін түсетінімізді естігенде, бұлқан-талқан болып ашуланып, ұрса бастады және сендерді түсіру үшін тоқтамаймын деп байбалам салды. Бірақ король сасқан жоқ:

— Егер бұл мырзалардың әрқайсысы бір миль үшін бір доллардан төлей алатын болса, пароход неге тоқтамайды? — деді. Сосын капитан тынышталып, жарайды, апарып салам деді, біз қаланың тұсына жеткенде, қайықты суға түсіріп, бізді жағаға жеткізді. Қайықты көріп жиырмашақты кісі жүгіріп келді. "Питер Уилькстың қайда тұратынын айтатын араларыңда кісі бар ма, мырзалар?" — деді король. Бәрі бір-біріне қарап: "Мен сендерге не айттым?" дегендей бастарын изесті. Сосын олардың біреуі:

— Мырза, өте өкінішті, бірақ біз оның кеше кешке дейін қайда тұрғанын көрсете аламыз, — деді өте жұмсақ дауыспен.

Ешкім ештеңе айтып үлгермей, біздің шал әбден ұсқыны бұзылып, жаңағы кісіні құшақтап, иегін оның иығына салып, көзінің жасымен әлгінің жауырынын жумасы бар ма?

— Қайран ағамыз! Дүниеден өтіп кетіпті, біз онымен жүздесе де алмадық! Қандай ауыр қайғы, қандай ауыр!

Сосын кейін бұрылып, герцогқа ақымақтардың ойынындай белгілерді ымдады, саусақтарымен де көрсетеді; анау шабаданын жерге қоя салып, әйдә, жыласын, шын айтам құдайақы! Мұндай алаяқтар өмірімде көрген емеспін, егер бұлар нағыз барып тұрған алдауыштар болмаса, тонаушылардың қандай болатынын білмеймін.

Жұрттың бәрі екеуін қоршап, жандары ашып, көңіл айтып жатыр, біреулері жұбатып жылы сөздермен көңіл білдіруде, олардың шабадандарын тауға қарай көтерісіп барады; корольға оның ағасының соңғы минуттары жайлы айтады, ол саусақтарын қимылдатып герцогқа түсіндірген болады, екеуі терішінің өліміне ботадай боздап, дүние қараң қалғандай қайғыруда. Бұрын-соңды мұндайды көрсем, негр болып кетейін! Адам баласының барлығы үшін ұят болды.

Жиырма бесінші тарау

АҒЫЛ-ТЕГІЛ КӨЗ ЖАСЫ

Екі минутта жаңалық хабар бүкіл қаланы аралап шықты және жан-жақтың бәрінен кісілер жүгіріп келіп жатыр; кейбіреулері асығыс күртелерінің бір жеңін киіп, екінші жеңін киіп үлгермепті. Кешікпей біз жиналған қалың жұрттың ортасында қалдық, айнала айқай-шу, тасыр-тұсыр аяқтың дыбысы дәл бір әскер қаптап келе жатқандай. Терезелер мен есіктерден адамдардың бастары қылтияды, минут сайын шарбақтың арғы жағынан бастарын сұғып:

— Бұлар солар ма? — деп сұрайды.

Көптің ішінен біреуі жауап береді:

— Солар, солар!

Біз Уилкстің үйіне жақындағанда оның есігінің алдында жиналғандардың есебі жоқ, ал есік жанында үш қыз тұр. Мери Джейн шынында да, сап-сары екен, бірақ онысы ештеңе емес: ол әдемі екен, беті-көздері қуаныштан нұр шашып тұрғандай, ағаларымыз әйтеуір келді-ау деп тұрған шығар.

Король құшағын жайып еді, Мери Джейн оның мойнынан құшақтай кетті, ал қоян ерін герцогқа жармасты. Соншалық қуаныш болды!

Жұрттың бәрі — әсіресе әйелдер жағы — қыздар ақырында туысқандарымен кездесті, бұл соншалықты қуанышты оқиға деп көздеріне жас алып тұрды.

Сонан соң король жаймен герцогты түртті — мен бірден байқадым — жан-жағына қарап бұрышта екі орындықтың үстінде тұрған табытты көрді; сол жерде герцог екеуі құшақтасып, бірі-бірінің иығынан ұстап, бос қолдарымен көздерінің жасын сүртті, жай басып табытқа қарай жүрді, жұрт жол беріп қақ жарылды; әңгіме, күбір-сыбырдың бәрі тыйылды, жұрт бір-біріне "Тс-с-с!" деп белгі берді, еркектер қалпақтарын алып, бастарын төмен түсіріп тұр; шыбынның ызыңы ғана естіледі. Ал екеуі табытқа барып ішіне үңіліп қарады; бір рет қарады да, сосын екеуі өкіріп жылады, дауыстары Жаңа Орлеанға да естілген болар; сосын екеуі құшақтасып, иектерін бір-бірінің иығына салып, үш-төрт минут жастарын төкті, төккенде қандай! Мен еркектердің осылай жылағанын көрген емеспін. Оларға қарап тұрғандардың бәрі еңіресін! Бөлменің іші ылғал тартып кетті, мұндайды менің бірінші рет көруім. Содан соң король мен герцог екеуі табыттың екі жағына тұрып алып тізерлеп отырып, маңдайларын табытқа тигізді де дауыстарын шығармай іштерінен құдайға жалбарынған кейіп көрсетті. Мұны көрген ел көз жастарын тыя алмай еңіреп жылады, бейшара қыздар да; әрбір әйел қыздардың жанына келіп, қолымен бастарынан сипап, сосын орамалмен өзінің көз жасын сүртіп, шетке барып жылауын жалғастырды, ал оның орнына басқа әйел барды. Мұндай жексұрындықты көргім келмей кетті.

Кішкенеден соң король тұрып, жұрттың алдына шықты да, өзінше бар күш-қуатын жиып, сөз сөйледі, былайша айтқанда, жас аралас былжырақтаған бірдеңе — төрт мың миль жерден келіп, ағамен көрісе алмағандары өте ауыр қайғы, бірақ осынша халықтың жанашырлығын, бізбен бірге жас төккендерін көргенде, біз ініміз екеуіміз, тағдырдың бұл сынағын көтерердей қуат алдық, сіздерге шын жүрегімізден ініміз екеуміз алғыс айтамыз, алғысымызды сөзбен жеткізу де қиын, өйткені сөздер салқын, әрмен қарай тіпті былжырақтап кетті, сосын көз жасына қақалып бірдеңелерді айтқанда, оны тыңдаған менің әбден жүрегім айнып кетті, ақыры "әмин" дегенді айтты да, оның жаны денесінен ажырағандай бақырып жылады.

Ол "әминді" айтып еді, топтың ішінен біреу шіркеудің әнін бастады, қалғандары оған қосылып еді, бөлмеде көңілдірек болды, тіпті шіркеуден шыққан кездегі көтеріңкі көңіл күй секілді. Музыка деген керемет нәрсе! Әлгі бос мылжыңдардан кейін шырқалған ән тымырсық кеште жаныңды жадыратар самал сияқты әсер етті.

Сонан соң король немере қыздарымен бірге бұл әулеттің достары да бұлардың үйінде кешкі тамақты ішсе деп көңіл білдірді: егер табытта жатқан ағасы сөйлей алатындай тірі болса, өзінің сыйлас достарын атар еді, олар туралы өзінің хаттарында сан рет жазған болатын, мысалы: уағызшы Гобсон мырза, дьякон Лот Хови, Бен Рэкер мырза, Эбнер Шексфорд, Леви Белл, дәрігер Робинсон, олардың жұбайлары және жесір Бертли ханым...

Уағызшы Гобсон мырза мен дәрігер Робинсон бұл кезде қаланың екінші жағында екеуі аң аулап жүр, яғни менің айтайын дегенім дәрігер сырқатты о дүниеге аттандырып, ал уағызшы оған жол көрсетуде. Адвокат Билл жұмыс бабымен Луисвиллге кетіпті. Оның есесіне басқаларының бәрі осында, олар корольға бірінен соң бірі келіп қолын қысып, алғыстарын айтты, әңгімелесті, сосын герцогтың қолын алып, оған күлімсірей қарап, әрине, әңгімелескен жоқ, ал ол болса қолымен бірдеңелерді көрсетіп, тілі шықпаған сәбиге ұқсап былдырлады. 

Ал король мылжыңдап, соңында қаланың иттерінің қайда екеніне дейін сұрай бастады; қалада болған түрлі оқиғаларды және Джордждың үйінде, сосын Питер ағасының үйінде не болғанын есіне алды. Мұның бәрін Питер хат арқылы хабарлағанын да қосып қойды. Мұның бәрі басынан аяғына шейін өтірік, біз пароходқа жеткізген ақымақтан сұрап білгендері.

Бұдан кейін Мери Джейн хат әкеліп берді, Питер ағасының қалдырғаны екен. Король оны дауыстап оқып, тағы гөй-гөй жылады. Бұл хат бойынша тұрғын үй мен үш мың доллар қыздарға тиесілі, ал жақсы пайда беріп тұрған тері зауыты және басқа үйлер жерлерімен қоса (барлығы жеті мың доллар шамасында) және үш мың алтын доллар — Гарви мен Вильямға, хатта бұл алты мың жертөлеге көмілген деп жазылған.

Екі оңбаған қазір барып ақшаны аламыз да, бәрімізге тең бөлеміз деді, маған майшамды алып жүр деп бұйырды. Біз жертөленің ішінен кілттеп алдық, аналар қапты тауып, ақшаны еденге төкті, осынша сап-сары болып жалтыраған ақшаға қарағанның өзі рахат екен. Ой, сондағы корольдың көзін көрсеңіз ғой — жайнап кетті.

Ол герцогты иығынан қағып:

— Міне, керемет! Жоқ, бұл ептілік болды! "Керіктен" гөрі тазарақ болды ғой, ә, құрметті мырза! — деп қояды.

Герцог мұның таза болатынына келісті. Олар қолдарымен алтынды уыстап, саусақтарының арасынан өткізгенде сыңғырлап жерге түсіп жатыр; сосын король айтты:

— Ал, осындай жағдай туғасын, әңгімені көп созбайық! Біз ендігі жерде өлген байдың бауырларымыз және оның тірі мұрагерлерінің өкілдеріміз. Құдайдың беретініне сену деген, міне, осы! Ең жақсы шаруа болды бұл. Мен өмір бойы талай істің басын қайырдым, бірақ бұдан артық бір нәрсе болуы мүмкін емес.

Бұлардың орнында басқа біреу болса да, мынандай дорба-дорба алтын ақшаны санамай-ақ салып алар еді. Жоқ, бұларға міндетті түрде санап алу керек! Есептеп көріп еді — төрт жүз он бес доллар жетпейтін болып шықты. Король айтты:

— Шайтан алсын оны! Ол төрт жүз он бес долларды қай жаққа жіберді екен?

Олар қамығып, қайғырып, сосын іздей бастады, айналаның бәрін қопарып шықты. Сосын герцог айтты:

— Жарайды, өзі ауру адам, есептегенде жаңылысып кетуі де мүмкін ғой. Ең дұрысы — осылай қала берсін, бұл туралы айтпаймыз. Біз сол төрт жүз долларсыз да өмір сүрерміз.

— Түк емес! Әрине, өмір сүреміз! Түкірдім мен, ал жетіспегенді қалай есептейміз — бөлеміз ғой. Мен осыны ойлап тұрмын! Біз бұл жерде адал, ұқыпты болуымыз керек. Мына ақшаларды жоғарыға шығару керек, сосын бәрінің көзінше есептеуіміз керек басқалар секем алмауы үшін. Бірақ егер қайтыс болған кісі мұнда алты мың десе, қалай етеміз...

— Тоқтаңыз! — деді герцог. — Қане, жетіспегеннің орнын толтырайық, — қалтасынан алтын ақшаларды шығарып жатыр.

— Тамаша болды, герцог! Басыңыз істейді сіздің! — деп қояды король. Ал, құдай куә, бізге тағы да керік көмектесті ғой! — деп король де қалтасынан төкті. Бұл оларды әбден кедейлендірді, бірақ ақша енді түгелденді.

— Тыңдаңызшы, — деді герцог, — менде тағы бір ой бар. Жоғары көтерілейік те, ақшаны есептеп, сосын бәрін қыздарға сыйлайық!

— Жоқ, мәртебелі герцог, сізді құшақтауға рұқсат етіңіз! Керемет ақыл мұныңыз! Ешкім мұны ойлап таппас еді! Сіздің басыңыз деген — толып тұрған ақыл! Мұндай бас басқа ешкімде де жоқ. Ештеңе айта алмайсың, өте тамаша! Мейлі, енді бізге ешкім күдіктене қарамайды — бұл ауыздарын жабады.

Жоғары шығулары мұң екен, бәрі үстелді қоршап тұра қалды, ал король ақшаны санап, әр жерге бірінің үстіне бірін қойып бағана сияқты етіп жинады, әрқайсысында үш жүз доллардан жиырма бағана. Жұрттың бәрі аш көздерін ақшаға қадап, сілекейлерін жұтып қояды; байқаймын король тағы да сөз сөйлегісі келіп тұр.

— Достар, мына табытта жатқан менің бейшара ағайым артында қалғандарға жиған-терген байлығын аямай қалдырыпты. Ол ата-анасыз қалған, өзі тірісінде өте жақсы көрген қозыларға мырзалықпен мұра қалдырыпты. Иә! Біздер оны баяғыдан жақсы білетін едік және білеміз, бұларға мұнан да көбірек қалдырар еді, егер інісі мына Вильямды, мына мені ренжітемін деп ойламаса. Рас емес пе? Әрине, мен өзім бұл туралы тіпті де күмәнданбаймын. Егер біз оның жоспарына осы кезде көлденең тұрсақ, онда қандай ағалы-інілі туыстармыз? Егер ағамыз жақсы көрген бұл сәбилердің үлесін қымқырып өзіміз алсақ, біз қандай аға болғанымыз? Вильямды мен білемін ол.. Дегенмен қазір өзінен сұрайын.

Ол герцогқа бұрылып, қолымен, саусағымен бір белгілерді жасады, ал герцог сол кезде ақымаққа ұқсап корольға қарады да, түсінгеннен кейін оны жиырма рет құшақтап есі шықты. Король:

— Мен білдім ғой. Менің ойымша, бұл мәселе жөнінде оның ойы қандай екенін кез келген адам түсініп тұр. Міне, Мери Джейн, Сюзанна, Джоанна, алыңдар мына ақшаларды, бәрін алыңдар! Бұл мына табытта сезімсіз, бірақ қуанышқа оранып жатқан аталарыңның сыйы! Мери Джейн оны бас салып құшақтады. Сюзанна мен қоян ерін герцогқа жармасты, тағы да құшақтасу, сүйісу басталды. Мұндайды көрмеген мен аң-таңмын. Ал қалған кісілер оларды қоршап, көздерінің жасын сүртіп:

— Аһ, не деген мейірім! Қандай керемет! Бірақ сіздер қалай? — деп жатыр.

Сосын бәрі қайтыс болған кісі жайлы әңгіме соқты — ол қандай қайырымды адам еді, орны толмас қаза және осыған ұқсас көл-көсір сөздер, кешікпей сырттан жақ сүйегі төрт бұрыш секілді ұзын бойлы біреу жұртты итермелей ішке кіріп, үндемей тұрып қалды және оған ешкім тіл қатпады, өйткені король сөйлеп, қалғандары оны тыңдап тұрған. Корольдың әңгімені неден бастағаны есімде жоқ, әйтеуір ортасына келгенде: — ... олар қайтыс болған ағамыздың достары ғой. Бүгін кешке осында келіп тамақ ішуге оларды неге шақырып отырмыз; ал ертең барлығыңыз келулеріңізді сұраймыз, ешкім қалып қоймасын; ол қаладағы жұрттың бәрін сыйлады, барлығын жақсы көрді, сондықтан оның жерлеу тойында қала түгел болуы керек. Әрі қарай тағы бірдеңелерді айта берді, өйткені ол әрқашан өзін-өзі тыңдағанды сүйетін, ақыры герцогтың шыдамы таусылып, қағазға жазып берді:

"Сіз кәрі ақымақсыз, "тойы" несі, жерлеуге арналған дастарқан басында деңіз!"

— Бейшара Вильям, өзінің жағдайы қандай болса да, оның жүрегі басқаларды ойлап жүреді. Жұрттың бәрін шақыр деп жазыпты. Бекер мазасызданып жүр, мен өзім де елді түгел шақырамын деп айтқалы тұр едім.

Жаңағы "жерлеу тойы" деген сөзді қайталады да. — Мен "тойы" дегенім, әдетте, әрине, бұлай демейді, жұрт "жерлеу" дейді, "тойы" деген дұрысырақ. Англияда осылай дейді. Бұл сөз грек сөзінен шыққан, "ашық" деген, ескі еврей тілінде "жерлеу".

"Жерлеу тойы" деген — ашық жерлеу, оған жұрттың бәрі қатынасады деген ұғымды білдіреді.

Бағана сырттан кірген жағы төрт бұрышты ұзын кісі корольдың бетіне қарап күлді. Біреулердің сыбыры естілді:

— Дәрігер, мұныңыз не?

Ал Эбнер Шексфорд:

— Сізге не болды, Робинсон, сіз білмейсіз бе? Бұл Гарви Уилкс қой, — деді.

Король қуана күлімсіреді, өзінің алақанымен оны сипап:

— Менің ағамды емдеген емші және адал дос сіз бе едіңіз?! Мен...

— Тартыңыз қолыңызды әрі қарай! — деді дәрігер. — Сіз бе ағылшынмын деп тұрған? Бұдан асқан оңбағандық болмайды. Сіз Питер Уилкстың інісісіз бе? Сіз барып тұрған алаяқсыз, білдіңіз бе!

Ой, сол жерде бәрі улап-шулап кетті! Дәрігерді қоршап алып, біреулер оны азғырып, біреулер Гарви өзінің шынында да Гарви екенін жүз рет дәлелдеді, сосын ол жұрттың бәрінің аты-жөнін біледі, тіпті иттердің атына дейін айтты ғой деп үгіттеді, дәрігердің енді сөз айтпауын өтінді, өйткені Гарви де, қыздар да ренжіп қалды деп қауіптенеді. Алайда бұдан ештеңе шықпады: дәрігер ешкімді, ешқандай дәлелді тыңдамады: өзін ағылшынмын деп тұрған мынау нағыз өтірікші, алаяқ, тіпті ағылшынша дұрыс сөйлей де алмайды деді дәрігер. Байғұс қыздар корольдың қасынан кетпей жылап тұрып алды; дәрігер бұрылып оларға қарады:

— Мен сендердің әкелеріңнің досы болдым және сендерге де доспын, өздеріңе көмектескісі келетін адал адам ретінде сендер қауіп-қатерге түсіп қалмаңдар: мына оңбаған алаяқтан аулақ болыңдар, мұнымен ешқандай ортақ істерің болмасын, бұл — қаңғыбас, оқымаған миғұла, өзі грекше, еврей тілінде былжырақтап бірдеңе айтқан болады! Біреуден әркімнің атын сұрап алған, кейбір нәрселерді айтқан болады, ал, шынында, ол жұрттың бәрін және сендерді алдап, пайда тапқысы келіп жүрген қаңғыбас; ал сендер бәрің осының айтқандарын дәлел деп қабылдап тұрсыңдар; сендердің сенімсіз доссымақтарың мұндайлардан өздеріңді қорғаудың орнына, алдаудың шырмауына салып тұр. Мери Джейн Уилкс, менің сендерге адал дос екенімді білесіз ғой. Ендеше мені тыңдаңдар: қуыңдар мына оңбаған алаяқты, өтінемін сіздерден! Келісесіңдер ме?

Мери Джейн бойын жазып тік тұрды — қандай сұлу десеңізші — сосын:

— Менің жауабым мынау! — деп ақша толы қапты алды да корольдың қолына ұстатты. — Мына алты мыңды алыңыз, біз үшеуміз үшін қалаған жеріңізге салыңыз және ешқандай қолхат керек емес.

Сосын ол корольды құшақтады, Сюзанна мен қоян ерін екінші жағынан келіп олар да құшақтады. Бәрі мәз болып, қолдарын шапалақтап, аяқтарымен еденді тепкілегенде, үйдің ішінде дауыл тұрғандай болды, сонда король басын жоғары көтеріп, мақтанышпен күлімдеді. Дәрігер:

— Жақсы, онда менің қолым таза. Алайда бәріне ескертемін: осы күнді еске алғанда жүректерің айнитын кез келеді, — деді де шығып кетті.

— Жақсы, дәрігер мырза, — деп король оны мазақ еткендей болды. — Ол кезде біз сізге хабарлау үшін кісі жіберерміз!

Бәрі мәз болып күлді, сосын дәрігердің жақсылап емін бергенін айтысты.

Жиырма алтыншы тарау

МЕН КОРОЛЬДЫҢ ОЛЖАСЫН ҰРЛАДЫМ

Жұрттың бәрі тарағаннан кейін король Мери Джейннен бұлар үшін бос бөлме бар ма деп сұрады, қыз бір бос бөлме бар деді, ол Вильям ағаға лайықты, ал Гарви ағайға өзінің бөлмесін босатып, өзі сіңлілерінің бөлмесіне жатып, сондағы кереуетке ұйықтайтынын айтты; және шарбақта сабаннан жасалған төсегі бар шолан бар деп еді, король онда менің қызметшім жатсын деді — ол мені айтып тұр.

Мери Джейн бізді жоғарыға бастап апарды, ағаларына олардың бөлмелерін көрсетті, шағын қарапайым, бірақ ыңғайлы екен. Сосын ол егер Гарви ағайға ыңғайсыз болса, өзінің көйлектерін және басқа заттарын алатынын айтып еді, бірақ Гаври ештеңе етпейді деді. Көйлектері еденге жетіп жабылған шыт шымылдықтың астына ілініпті. Бір бұрышта ескі сандықша, екінші бұрышта гитара сүйеулі тұр және басқа да ұсақ-түйек жылтырақтар, әдетте қыздар жақсы көретін дүниелер. Король бұл заттар тұрғанда бөлме әрі әдемі, әрі жайлы көрінеді, сондықтан оларды қозғау керек емес деді. Герцогтың бөлмесі де, мен жататын шолан да ыңғайлы, жақсы екен. Кешке оларда үлкен дастарқан жайылды, таңертеңгі кісілер тағы келді, мен король мен герцогқа қызмет етіп артқы жағында тұрмын, ал басқа қонақтарға негрлер қызмет етіп жүр. Мери Джейн үй иесінің орнында Сюзаннамен қатар отыр және тәттілер дұрыс шықпапты, тұздалған салаттар да түкке тұрғысыз, тауық еті де шала піскен — қатты деп әдетте үй иесі әйелдердің мақтау сөз естігілері келгенде айтатын ескертпелерін айтып отырды; ал, қонақтар барлық тамақтың өте дәмді болғанын айтып: "Печеньенің бетін қандай әдемі пісіргенсіздер!" немесе: "Құдай ақына, айтыңызшы, керемет дәмді пикульді қайдан аласыздар?" — деп мақтап қояды, әшейінде кешкі тамаққа тойғасын жұрттың әдеті емес пе осылай мылжың әңгімемен басты ауыртатын.

Осының бәрі біткесін біз, қоян ерін екеуміз ас үйде қалған-құтқан тамақтарды жедік. Қоян ерін менен Англия жайлы сұрай бастады, мен минут сайын зәрем ұшып, бір жерде сүрініп қаламын ба деп қорқып, әрең отырмын.

— Сен корольды көрдің бе? — деп сұрады ол.

— Қай корольды айтасың? Төртінші Вильгельмді ме? Әрине! Ол біздің шіркеуге келеді.

Мен оның атам заманда өлгенін білемін ғой, бірақ қызға айтқаным жоқ, одан кейін мен шіркеуге келеді дегесін, ол тағы сұрады:

— Қалай? Үнемі келіп жүре ме?

— Иә, үнемі. Оның отыратын орындығы кафедраның екінші жағында, дәл бізге қарама-қарсы.

— Мен оны Лондонда тұрады деп ойлаушы едім.

— Иә, әрине, Лондонда тұрады. Басқа қайда тұрушы еді?

— Ал, сен Шеффилдте тұрмайсың ба?

Ой, сүрінген жерім осы болды! Әуелі ойланып алатын уақыт керек, уақытты ұту үшін жеп отырған тауық етінің сүйегіне қақалып қалғандай болып жөтеліп, аузымды басып, теріс айналдым. Сосын:

— Менің айтқаным, ол Шеффилдке келгенде ылғи біздің шіркеуге барады. Ал король тек жаздыгүні теңіз суынан ванна алуға келеді.

— Не деп отырсың өзің, Шеффилд деген теңіздің жағасында емес қой!

— Саған теңіз жағасында деп кім айтты?

— Сен өзің айттың.

— Айтпақ түгілі, ойлағаным да жоқ.

— Жоқ, айттың!

— Жоқ, айтқаным жоқ!

— Айттың!

— Ондай ештеңе айтпадым.

— Ал, сен не айттың?

— Ол теңіз суынан ванна алуға келеді дедім.

— Ол жерде теңіз болмаса, қалай ванна алады?

— Тыңда, — дедім мен, — сен ағылшын сырасын көргенің бар ма?

— Көрдім.

— Оны көру үшін Англияға бару керек пе?

— Жоқ, керек емес.

— Міне, төртінші Вильгельмге ванна алу үшін теңізге барудың керегі жоқ.

— Ал теңіз суын қайдан алады сонда?

— Адамдар сыраны қайдан алады: бөшкеден. Шеффильде үлкен қазандар бар, корольға теңіз суын сонда қыздырады. Ал, теңіздің ұшы-қиыры жоқ, суын жылыту мүмкін емес.

— Мен енді түсіндім! Сен неге бірден осылай айтпадың, босқа уақыт алдың.

Осы жерде өзімнің өрмекшінің өрмегінен әрең шыққанымды ұқтым, содан кәдімгідей көңілденіп, тұла бойым жеңілденіп қалды. Ал мына қыз тағы жармасты:

— Сен шіркеуге барасың ба?

— Әрине, үнемі барамын.

— Сен онда қай жерде отырасың?

— Қалай — қай жерде? Біздің орындықта.

— Кімнің орындығында?

— Біздің — сенің ағаң Гарвидің орындығында.

— Оның орындығында ма? Оған орындық неге керек?

— Отыру үшін. Сен қалай ойлап едің?

— Кафедрада тұрады деп ойладым ғой мен!

Ой, оның уағызшы екенін ұмытып кетіппін. Байқаймын, тағы шатастым; тағы тауықтың сүйегіне қақалуға тура келді. Сосын айттым:

— Сенің ойыңша, шіркеуде жалғыз ғана уағызшы бола ма?

— Ал басқасы неге керек?

— Қалай? Корольға уағыз айту үшін. Білесің бе, мен сендей адамды ешқашан көрген емеспін. Олардың саны он жетіден кем болмайды.

— Он жеті уағызшы! Құдайым-ай! Мен жанымды сақтап қалу үшін болса да сонша мезгіл отырмас едім. Олардың бәрін бір апта бойы тыңдау керек шығар.

— Қателесесің, олардың бәрі бір күнде уағыз айтпайды, әp күні кезектеседі.

— Ал басқалары не істейді сонда?

— Ештеңе істемейді. Отырады, демалады, қолдарына күрешке алып жүреді — шаруа табылады ғой. Ештеңе де істемейтін кездері болады.

— Ендеше олар неменеге керек?

— Қалай неменеге? Жұртқа көріну үшін. Сен соны да білмейсің бе?

— Мұндай ақымақты білгім де келмейді. Ал Англияда үй қызметшілеріне қалай қарайды? Мысалы, негрлермен қарым-қатынастары біздегіден жақсы ма?

— Қайдағы! Қызметшіні адам деп есептемейді. Олардан гөрі итті сыйлайды.

— Ал мейрамдарда оларды біздегідей үйлеріне жібермей ме — мысалы, Христостың туған күні, жаңа жыл, төртінші шілде дегендей.

— Сен де айтады екенсің! Сенің Англияда болмағаның бірден көрініп тұр. Иә, сен білесің бе, қоян... білесің бе, Джонна, оларда мейрам деген тіпті болмайды, ол бейшараларды жыл бойы ешқайда аттап бастырмайды: циркке, театрға, негрлердің кешіне — тіпті ешқайда жібермейді!

— Шіркеуге де ме?

— Шіркеуге де жібермейді.

— Ал сен шіркеуге барасың ғой?

Мен тағы шатастым! Мен шалдың қызметшісі екенімді ұмытып кетіппін. Бірақ келесі минутта-ақ есімді жидым да, оған түсіндіре бастадым: көмекші қызметшіден басқа, ол шіркеуге баруы керек, тіпті барғысы келмесе де, өзінің қожаларымен бірге отыруы керек. Дегенмен менің әңгімем онша келісті шықпады; түсіндіріп болдым, байқауымша, ол маған сеніп отырған жоқ.

— Айтшы, — дейді, — "үнділік шын сөзіңді" — маған өтірік айтып отырған жоқсың ба?

— Таза үнділік сөзім, өтірік емес, — деймін мен.

— Ештеңе қосып айтпадың ба?

— Ештеңе! Бір сөз де қосқаным жоқ.

— Қолыңды мына кітаптың үстіне қой да, қайтала жаңағы айтқандарыңды.

Көріп тұрмын, кітабы — жай бір сөздік, сосын қолымды қойдым да, айттым. Ол сенген сияқты болды.

— Жарайды, — деді сосын, — кейбір айтқаның рас та шығар, дегенмен мені кешір, айтқаныңның біріне сене алмаймын.

— Сен неменеге сенбейсің, Джо? — деді есіктен кірген Мери Джейн, жанында Сюзанна бар.

— Онымен бұлай сөйлесуің дұрыс емес. Ол бұл жерде бөтен адам, туғандарынан алыста. Егер сенімен осылай сөйлессе, саған ұнар ма еді?

— Міне, сен ылғи осылай жақ боласың, Мери, оны ренжітуді ешкім де ойлаған емес. Мен оған түк те жасаған жоқпын. Ол маған өтірікті соқты, меніңше, ал мен бәріне сенуге міндетті емеспін дедім. Бар болғаны осы, артық ештеңе айтқаным жоқ. Ол ұсақ-түйек бос әңгімеге шыдайды деп ойлаймын?

— Бәрібір, ұсақ-түйек пе, басқа ма — ол біздің үйдің қонағы, сенің бұлай сөйлеуің ұят. Егер сен оның орнында болсаң, ұялар едің; ендеше адам ұялатындай сөз айтпаған дұрыс.

— Сен немене, Мери, ол айтты...

— Ол не айтса да, әңгіме онда емес. Басты мәселе — сенің онымен ашық жарқын болуың, балаға әртүрлі әңгіме айтсаң, ол бұл жерде өзін бөтен адам сезініп, туған-туысқандарының алыста қалғаны көңілін түсіруі мүмкін.

Ал, мен ішімнен ойлап отырмын: "Осындай қызды ана кәрі қолтырауынға тонатып қоямын ба!"

Сол жерде Сюзанна да сөзге араласты: қоян ерінге емін берді, мың рахмет оған!

Мен тағы ойлаймын: "Мұны да тонатып қоямын ба!"

Сосын Мери Джейн онымен басқаша сөйлесе бастады, әдеттегідей еркелетіп, жаймен айтып еді, бейшара қоян ерін судан тыныш, шөптен аласа бола қалды да, көзінің жасын төкті.

— Міне, жақсы, — деді оған апалары, — енді одан кешірім сұра.

Ол кешірім сұрады және қандай кішіпейіл! Нәзік сөйлегені сондай — тіпті тыңдай бергің келеді. Ол тағы кешірім сұрауы үшін қайтадан өтірікті соқсам ба екен... Ойладым: "Мұны да тонатқызып қоямын ба!" Бұдан соң олар үшеуі мен өз үйімдегідей сезінуім үшін мені қамқорлап, бабымды табуға тырысты. Ал мен өзімді ең оңбаған, барып тұрған сұмпайы сезіндім де, сосын бір шешімге келдім: осылар үшін ақшаны ұрлаймын, әрі қарай не болса, ол болсын.

Мен ұйықтауға кеткен болдым, ал өзім ойлаймын: әзір жатпайын. Жалғыз отырдым да бұл істі қалай етем деп бас қатыра бастадым. Ана дәрігерге барып, менің алаяқтарымды әшкерелесем бе? Жоқ, бұл болмайды, одан кім айтты деп сұрайды. Мери Джейнге сыбырлап айтсам ба екен? Жоқ, айтпаған дұрыс. Оның бет-аузынан бәрі білініп қалады, әрине; алтын салған қап оларда — олар ойлап жатпайды, алады да зытып отырады. Ал, Мери Джейн біреуді көмекке шақырса, мені де бұл іске қосып қояды! Жоқ, жалғыз дұрыс жол бар: мен қалай да ақшаны ұрлауым керек, ұрлағанда, ешкім мен деп ойламайтындай, король мен герцогтың ісі пайдалы: олар жетімдерді және бүкіл қаланы тонап болмай бұл жерден кетпейді, сондықтан ыңғайлы уақытты табуға мүмкіндігім бар. Ақшаны ұрлаймын да, тығып тастаймын, сосын өзеннің төменгі жағына кеткесін Мери Джейнге ақшаны қай жерге жасырғанымды айтып хат жазамын. Ал, ең дұрысы, бүгін түнде ұрлау керек, өйткені дәрігер білетінінің бәрін айтпаған болар, ол ана екі алаяқты үркітіп жіберуі мүмкін.

Барып аналардың бөлмелерін тінтейін. Жоғарыда бөлмелердің есіктерінің алды қараңғы, алайда герцогтың бөлмесін таптым, бәрін қолыммен сипап шықтым, сосын король ақшаны біреудің қолына бере қояр ма екен деп ойладым, бұл корольға ұқсамайды. Корольдің бөлмесіне кіріп, бәрін шарлап шықтым. Майшамсыз ештеңе шығатын емес, шам жағуға қорқамын. Сосын мен басқаша істейін деп шештім: оларды күзетіп, әңгімелерін тыңдап аламын. Дәл осы сәтте келе жатқандарын естідім!

Кереуеттің астына тығылайын деп басымды сұқсам, кереует ол жерде емес екен; есесіне Мери Джейннің көйлектерін жапқан шымылдық қолыма ілікті; ішіне сүңгідім, көйлектердің арасына кіріп, демалмай тұрмын.

Герцог пен король кірді, есікті жапты және герцог бірден кереуеттің астына еңкейді, қарады. Кереуетті таба алмағаным қандай жақсы болды деп қуанғаным-ай! Жасырын ісің болып кереует астына үңілсең, сонда өзінен-өзі шаруаң бітетін сияқты.

Екеуі отырды, король айтты:

— Не, немене болып қалды? Тек қысқаша айт — біз тезірек төмен баруымыз керек, жұртпен қосылып жылауымыз керек, әйтпесе аналар біз туралы өсек айта бастауы мүмкін.

— Әңгіме былай, Капет. Мен қорқып тұрмын: әне бір дәрігер ұнамайды маған, басымнан шықпайды! Сіздің жоспарыңыз қандай — білгім келіп еді. Менің бір ұсынысым бар, жаман емес сияқты.

— Қандай ұсыныс, герцог?

— Осы жерден ертерек кетіп қалсақ деп едім, таңғы үштерде қолымыздағы барымызбен өзеннің төменгі жағына зытып отырсақ. Бізге оңай түсті ғой олжа, әйтпесе біз ұрлаймыз деп ойлап едік. Мен тезірек қарамызды батырайық деймін.

Мен не істерге білмей қалдым. Осыдан бір-екі сағат бұрын басқаша еді, енді мені көңілсіздік басты. Король боқтап, сосын:

— Не? Ал қалған қарайған дүние-мүлікті сатпаймыз ба? Қолдары қышып жүрген біреулерге кеткелі жатқан сегіз-тоғыз мың байлықты тастап, ақымақтарға ұқсап кетеміз бе? Қандай өтімді дүниелер! — деді.

Герцог міңгірлеп, бір қап алтын аз болып тұра ма, бұдан әрі бара алмайтынын, жетімдердің дүниелерін алғысы келмейтінін айтты.

— Сіз қайдағыны ойлап отырсыз? — дейді король. — Біз мына ақшадан басқа олардың ештеңесін алмаймыз. Жапа шегетін сатып алушылар ғой; біз кеткен бойда бұл заттардың біздікі емес екенін біледі, сосын ол дүниелерді иесіне, яғни қыздарға қайтарады. Біздің жетімдер үйді қайта алады, ой, жарайды, олар жас, дендері сау, оларға жұмыс істеу деген түкке тұрмайды, сөйтіп нан тауып жейді! Олар ешқандай қорлық көрмейді. Құдай біледі, олар шағымданатындай ештеңе жоқ!

Король осылай деп сайрағасын, герцог та көнді:

— Қалай болғанда да қалада қалу ақымақтық, ана дәрігер көзге шыққан сүйелдей осында тұрғанда!

Ал король:

— Ол дәрігерге түкірдік! Біздің ондағы шаруамыз қанша? Қаладағы барлық ақымақтар біздің жағымызда ғой!

Сөйтіп олар төменге түсуге жиналды. Герцог айтты:

— Білмеймін, ақшаны біз дұрыс жасырдық па! Тыққан жеріміз өте сенімсіз.

— Неге олай? — деді король.

— Өйткені Мери Джейн енді қаралы киім киіп жүретін болады; ол қызметші негр әйелге бөлмені жина, анау-мынау шүберектердің бәрін әрегірек бір сандыққа салып таста десе, ал ол ақшаға көзі түспей ме?

— Сіздің басыңыз тағы істеп кетті, — деді оған король, сосын мен тұрған жерден екі қадам ғана жердегі шымылдықтың артын қопарып қарап жатыр.

Мен қабырғаға сүйеніп қаттым да қалдым және өзім дірілдеп тұрмын, егер мені ұстап алса, олар не айтады! Бірдеңе ойлап табу керек, егер ұстап алса. Бұл ойымды аяқтап үлгермей-ақ, король ақша салған қапты тапты; менің тұрғаным оның миына да кіріп-шықпады. Сосын олар қапты алды да, сабан салған төсектің тесігіне сүңгітті, негр әйелдер оны қопармайды, себебі ондай төсекті жылына бір-екі рет қана қозғайды.

Бірақ мен олардың қателесіп тұрғанын білдім. Король мен герцог төменге түсер-түспесте мен қапты суырып алдым, өзімнің жататын шоланыма сипалап жүріп жеттім де, ақшаны сонда жасырдым, басқа жерге жасыратын жағдай туғанша осы жерде болсын дедім. Ақшаны есік алдына бір жерге жасыру керек деп шештім, себебі ана екеуі ақшаның жоқ екенін білгесін, үйдің бәрін тінтеді. Мұны мен жақсы білемін. Сосын шешінбестен жата кеттім, бірақ ұйықтай алатын емеспін — осы шаруаны аяғына дейін жеткізсем деймін. Кешікпей король мен герцогтің баспалдақпен көтеріліп келе жатқанын естідім, мен төсегімнен домаланып түсіп, төбеге шығатын баспалдақтың үстіне шықтым - әрі қарай не болар екен, күтемін. Бірақ ештеңе болмады.

Мен түнгі тыныштықты күтіп отырдым, сосын таң алдында жаймен ең төменгі қабатқа түстім.

Жиырма жетінші тарау

АЛТЫН ТАБЫТТЫҢ ІШІНДЕ

Әуелі мен есікке тығылып тұрып, тың тыңдадым: екеуі де қорылды соғып ұйықтап жатыр. Сосын аяғымның ұшымен әрі қарай кеттім және аман-есен төмен түстім. Еш жерден дыбыс естілмейді. Есіктің сызатынан сығалап аспанға қарадым, табыттың жанындағылардың орындықтарда ұйықтап отырғанын көрдім. Өлік жатқан қонақ бөлменің есігі ашық және екі бөлмеде де бір-бірден майшам жанып тұр. Мен ашық тұрған есіктің қасынан өттім: қонақ бөлмеде өлген Питерден басқа ешкім жоқ; әрі қарай жүрдім, қонақ бөлменің негізгі үлкен есігі жабық екен, ашқышын біреу суырып алыпты. Сол жерде менің желке жағымда баспалдақтан біреу келе жатқанын естідім. Қонақ бөлмеге зыттым; жан-жағыма қараймын — ақша салынған қапты табыттан басқа жасыратын жер жоқ. Қақпағы сәл ашылыпты, өліктің сулы шүберекпен жабылған беті көрініп жатыр. Ақша толы қапты табытқа сүңгіттім, кеудесінде айқасқан қолдарының төменгі жағына, қолы мұздай екен — арқамнан құмырсқа жүгіргендей болып кеттім де, бөлмеден атып шығып, есіктің артына тығылдым.

Бұл келген Мери Джейн екен. Ол жайлап табытқа жақындады, тізесін бүгіп отырды да, өлікке қарады; сосын көзіне орамалын апарды, оның жылап отырғанын содан байқадым, бірақ бақырып-өкірген дауыс естілмеді, ал өзі маған арқасын беріп тұрды. Мен есіктің тасасынан шығып, ас бөлменің жанынан өтіп бара жаттым да, табытты күзетушілерден біреу-міреу мені көріп қойған жоқ па деп есіктің сызатынан сығаладым, қарасам — бәрі тыныш. Біреуі де қозғалған жоқ.

Мен жоғарыға зыттым да, кереуетке жата кеттім, осынша еткен еңбегімнің ақыры өзім ойлағандай болып шықпағанына көңілім толмай өзімді нашар сезініп жатырмын. Егер ақша менің салған жерімде жатса, ештеңе емес; біз осы жерден өзен бойымен жүз мильдей ұзатасың, Мери Джейнге хат жазамын; ол сосын көрді қазып, ақшаны алады; бірақ бұлай болмайды-ау, табыттың қақпағын шегелегенде ақшаны тауып алулары мүмкін. Сосын ақша қайтадан корольдың қолына тиеді. Ал, бұдан кейін алтын салынған қапты маған ұрлап алуға ол мүмкіндік бере қоймас. Менің төменге түсіп, табыттан ақшаны алғым келді, бірақ оған батылым бармады; минут сайын есік алдына жарық түсе бастады. Кешікпей табытты күзеткендер жыбырлай бастайды, сосын мені ұстап алады — және алты мың алтынмен ұстайды, ал бұл ақшалардың қамын жеуді маған ешкім де тапсырған жоқ қой. Жоқ, мені іске қатысы бар адамдай шатастырмасын деймін өзіме-өзім.

Таңертең төменге түскенімде қонақ бөлменің есігі жабық екен, бөтен адамдардың бәрі кетіп қалыпты. Үйдің адамдары, жесір ханым Бартли, сосын біздің компания.

Мен жұрттың бетіне қарап, бірдеме болса байқайын деймін, бірақ ештеңені ажырата алмадым.

Түс кезінде табытшы келді қасында көмекшілері бар; олар табытты бөлменің ортасына екі орындыққа қойды да, басқа орындықтарды қатарластырып қойды, көршілерден де орындықтар алды, сонымен қонақ бөлмеде, асханада, кіре берістегі бөлмеде — бәрінде орындықтар жеткілікті қойылды. Байқаймын, табыттың қақпағы кешегісіндей, бірақ қарай алмадым: айнала толы халық.

Сосын шақырылғандар келе бастады және екі алаяқ қыздармен бірге алдыңғы қатарға — табыттың бас жағына отырды; жарты сағат бойы келгендер тізбектеліп табыттың жанынан өтті және бәрі өліктің бетіне қарайды, кейбіреулері көздеріне жас алып өтіп жатыр; бәрі тыныш, әрі салтанатты, тек қыздар мен екі алаяқ орамалдарын көзіне апарып, бастарын салбыратып, жаймен өксиді. Еденге тиген аяқтардың сартылы мен әркімдердің мұрнын тартқан дыбысынан өзге ештеңе естілмейді; қайтыс болған кісіні жерлеу кезінде шіркеуден басқа қай жерде болса да мұрындарын жиі тартады.

Үйдің ішінде адамдар толған кезде, табытшы қолында қара қолғап, өзі жұрттың бәрін көзімен шолып, дыбыс шығармай мысыққа ұқсап еппен аяғын басып, соңғы рет, бәрін ретке келтірді. Ол ештеңе айтқан жоқ: қонақтарды орындарына отырғызып, кешігіп келгендерді де ептеп сыйыстырып, бір де сөз айтпай, ыммен, қолымен белгі беріп жүр. Сонан соң ол қабырғаның жанындағы өз орнына барып тұрды.

Мен өзім туғаннан бері дәл осындай елеусіз, өте жай жүріп, жай қимылдайтын, күлу түгілі күлімсіремейтін кісіні алғаш көріп тұрмын.

Олар бірден фисгармония сұрап алыпты, ақырында бәрі дайын болғасын бір жас әйел отырып, әлгі аспапта ойнады; қорсылдаған, үздігіп жылаған дыбыстар, сосын бәрі қосылып ән шырқады — осының бәрінен тек Питерге жақсы болды-ау деймін. Сосын мәртебелі уағызшы Гобсон мырза іске кірісті — жай салтанатты түрде сөз сөйледі; ол сөзін бастаған бойда жертөледен адам естімеген қорқынышты дыбыс шықты; бұл бар болғаны иттің ұлығаны болатын, бірақ ол соншалық шу көтеріп, қоймастан үргенде табыттың жанындағы пастордың өзі сөзін тоқтатуға тура келді — себебі біреудің сөзі түгілі өзіңнің ойыңнан жаңыласың. Біртүрлі ыңғайсыз болды, не істеуге болатынын ешкім білмейді. Алайда ұзынтұра табытшы есін жиып, пастор Гобсонға бас изеп: "Қобалжымаңыз, қазір бәрін жайғастырамын" дегендей болды. Ол қабырғаны жағалап бүкшиіп еңкейген күйі шығатын есікке беттеді. Ал, ол барғанша жаңағы айқай-шу мен иттің үргені онан сайын өршеленіп, тіпті қатты шықты; ақыры табытшы жертөлеге кірді. Екі секундтан кейін қатты соққының дыбысы, сосын иттің қыңсылағаны естілді де, содан соң өлі тыныштық орнады, пастор бағанағы тоқтаған жерінен сөзін жалғастырды. Бірер минуттан кейін табытшы оралып, қабырғаға жабысқан күйі адамдардың артымен әрең өтіп пасторға келіп: "Ит тышқан ұстап алыпты!" деп хабарлады. Сосын тағы да еңкейіп өз орнына барды.Оның хабары жұрттың бәрінің көңілінен шықты ғой деймін, себебі жиналғандар әлгі дыбыстардың не екенін білгілері келіп-ақ тұрған. Мұндай түкке тұрмайтын ұсақ-түйектің адамға пайдасы жоқ, оның есесіне ондай ұсақ-түйек арқылы көпшіліктің сыйы, махаббаты оянады. Сол жерде мына табытшыдан басқа ешкімді жақсы көріп тұрған ешкім жоқ.

Өлген адам туралы сөз жалпы жаман болмады, бірақ әрі ұзақ, әрі адамның ішін пыстыратын болады; сосын ол жерге король шықты, сөз айтты, аузына келгенін соғып тынды; одан кейін қолына бұранданы бекітетін кілтін алып, табытшы жақындады. Құйрығыма ине кіргендей болып мен отырмын, екі көзім табыт пен табытшыда. Ал ол тіпті табытқа қараған да жоқ; табыттың қақпағын дыбыссыз ысырды да, жауып, бұранда шегелермен адам ашпайтындай етіп бекітті. Мен осылай аман қалдым. Бірақ ақша оның ішінде бар ма, жоқ па — оны біле алмадым. Егер біреу жаймен бәрін алып кетсе ше деп ойлап қоямын. Мери Джейнге хат жазу керек пе, жазбау керек пе? Кенет ол көрді қопарып қазып, табытта ақша жоқ болса, мен туралы не ойлайды? Менің соңымнан қуғыншы жіберіп, түрмеге жапса қайтемін; бәрінен жақсысы — аузыма берік болайын, оған ешқандай хат жазбаймын; енді бәрі шатасып кетті; мен жақсылық жасаймын деп жүргенде, жүз есе жаман болып шықты. Осы іске кіріскенім бекер болды.

Питерді жерледік, үйге оралдық; мен тағы айналама қарап, жүздерінен бір нәрсе байқаймын ба деп қоям. Өзімнен өзім мазаланып, тыныштық таба алмай, әрі ойымнан шығара алмай есім кетті; ешқайсысының бет-жүзінен ештеңе сезілмейді.

Кешкісін король қонақтарға барып, жұртты жұбатып, достығын тықпалап жүр; дегенмен оның үй-жайы Англияда екенін сөз арасында білдіріп, асығыс елге қайтуы керектігін, осындағы дүние-мүлікті жайғастыра сала үйіне қайтатынын айтып қояды. Және ол осынша тез қайтатынына кешірім сұрайды, басқа жұрт оның осында ұзағырақ болуын қалайды, бірақ мұнда көп тұруға болмайтынын аналар көріп өкініп отыр; қыздар дұрыс орналасатын болды деп жергілікті ел қуануда; қыздар да қуанып, өздерінің қайғысы жайлы ұмытып кетті; бәрінің аузында бір ғана пікір: король тезірек бәрін сатып бітірсе болды; қыздар жолға дайындала береді.

Байғұс қыздар сондай риза да бақытты, оларға қарап жүрегім жарыла жаздады, екі алаяқтың оларды алдап, бастарын айналдырғанына қараудың өзі қасірет, бірақ бұған араласып арашалап алатын еш мүмкіндік көре алмаймын.

Жерлеуден кейін екі күн өткенде король үйді де, қызметші негрлерді де сатуға аукционға қойды! Бірақ алғысы келген адам аукционға қатыспай-ақ ертерек сатып алуына болады. Жерлеу рәсімін өткізгеннің ертеңіне түс әлетінде қыздардың қуанышына бірінші рет тұман түсті. Екі саудагер келіп еді, король оған негрлерді жақсы бағаға сатып жіберді, негрдің екі баласын өзеннің жоғарғы жағына Мемфиске алып кетті де, олардың анасын өзеннің төменгі жағына Жаңа Орлеанға әкетті. Бейшара қыздар мен негрлердің қайғыдан жүректері жарылып өлетін шығар деп ойладым: олар құшақтасып, бірі-бірінен айырылмай жылағанда, оларға қарап тұрып өзім жылап жібердім. Қыздар ешқашан отбасы мүшелерін бөліп сатады деген түстеріне де енбеген жай деп жылайды. Қыздар мен негрлердің құшақтасып жылағаны көз алдымда тұр; мен бұл сатудың заңсыз екенін, сондықтан негрлер бір-екі аптадан кейін қайтып келетінін білмесем, шыдай алмай, біздің қылмысты топты бірден-ақ көрсеткен болар едім.

Бұл сату қалада айтарлықтай айқай-шу туғызды; елдің көпшілігі қарсы болды: баланы анасынан айыру өліммен бірдей десті. Бұл оқиға біздің алаяқтардың абыройын айрандай төкті, бірақ кәрі ақымақ герцогты тыңдамай өзінің ойын іске асырды, ал герцог болса, өте қауіптенгені көрініп тұрды.

Келесі күні аукцион басталды. Таңертең, жарық түсісімен король мен герцог мен жатқан шоланға келді, мен шаруалары оңбай қалғанын бірден сездім. Король сұрады:

— Сен бұрнағы күні менің бөлмемде болдың ба?

— Жоқ, жоғары мәртебелім. (Мен бөтен ешкім болмаса оны ылғи осылай атаймын).

— Ал кеше кешке болдың ба?

— Жоқ, жоғары мәртебелім.

— Тек шын сөзіңді айт — өтірік айтпа!

— Шын сөзім, жоғары мәртебелім. Мен сізге шын айтып тұрмын. Мери Джейн бойжеткен бөлмені сізге және герцогқа көрсеткен кезден кейін сіздің бөлмеңізге жақындаған емеспін.

Герцог сұрады:

— Ал сен біреудің кіргенін көрдің бе, жоқ па?

— Жоқ, мәртебелі мырза, есімде жоқ.

— Ендеше ойла, есіңе түсір!

Мен ойланған болып, реті келген жер осы деп:

— Иә, мен негрлердің кіргенін бірнеше рет көрдім, — дедім.

Екеуі орындарынан атылып кетті және жүздерінен олар мұндай жауапты күтпегендері көрініп тұрды, сосын осы жауапты күткендей кейіп білдірді. Герцог сұрады:

— Қалай? Бәрі бірден кірді ме?

— Жоқ, бәрі бірден емес... олардың бәрі топтасып шыққандарын көрмеген секілдімін, тек бір рет қана...

— Иә, иә? Бұл қашан болды?

— Жерлеу күні. Таңертең. Бірақ өте ерте емес, себебі мен ол күні ұйықтап қалып, кеш тұрдым. Баспалдақпен төмен түскелі тұрғанымда оларды көрдім.

— Иә, әрі қарай, әрі қарай! Олар не істеді? Өздерін қалай ұстады?

— Ештеңе істеген жоқ. Меніңше, өздерін ерекше ұстағандарын көрмедім. Олар бөлмеден аяқтарының ұшымен шықты: жоғары мәртебелімнің бөлмесін жинауға немесе тағы бір нәрсеге барған болу керек, сізді тұрып кетті деп ойлап, сіздің ұйықтап жатқаныңызды көріп, күнәдан аулақ болайық, оятып жібереміз деген шығар.

— Аһ, шайтан, міне, қалай! — деді король және герцог екеуі де не істерге білмегендей, ақымақ болып көрінді.

Бір минуттай екеуі ойланып, бастарын қосып тұрды, сосын герцог күліп: 

— Жоқ, мына негрлердің ойынға ептілігін, комедия! Бұл жерден кеткілері келмей өтінгендей болды! Оларды шын өкініп қимай тұр деп мен де сенген едім. Олардың артистік таланты жоқ деп осыдан кейін маған айтпаңыздар! Бұлар кімнің болса да басын айналдыра алады екен! Меніңше, біз оларды арзанға саттық. Менің ақшам және театрым болса, мен басқа актерлерді іздемес едім, ал біз болсақ оларды тиынға тегін саттық! Және ол тиындарды да әлі алғанымыз жоқ қой. Тыңдаңызшы, қайда әлгі тиындар, чек дегені қайда? - деді.

— Банкте жатыр, уақытын күтуде. Басқа қайда болады?

— Е, онда бәрі дұрыс екен, құдайға шүкір!

Мен ыңғайсызданғандай болып:

— Бірдеңе болды ма? — деп сұрадым.

Король маған бас салды:

— Сенің шаруаң емес! Үніңді шығарма, өзіңнің шаруаларыңды біл! Сенің есіңде болсын, осы қалада жүргенде — естідің бе?

Сосын герцогқа қарап:

— Ештеңе жасай алмайсың, төзе тұру керек; аузымызды кілттеп, үн шығармаймыз, бітті, болды.

Олар баспалдақпен төмен түсе бастады, сол жерде герцог тағы күлді:

— Тез саттық, бірақ ештеңе қалтаға түспеді! Пайдалы сауда болды, айтатыны жоқ!

Король оған тісін қайрап:

— Мен барымша тырыстым, тезірек сату керек деп ойладым! Егер ешқандай пайда түспесе және шығын көп болса, соңында — ноль болады. Онда менің сізден артық кінәм жоқ.

— Иә, менің ақылымды тыңдасаңыз, негрлер үйде қалған болар еді де, біз баяғыда табанымызды жалтыратқан болар едік.

Король боқтаған болды, бірақ онша қатты кетпей, қауіптенді ғой деймін. Сосын ашуын маған бұрды: мен оған негрлердің аяқтарының ұшымен бөлмеден шыққанын айтпаппын — менің орнымда болса, кез келген ақымақ артының былығы бар іс екенін түсінер еді. Ал сосын ол өзіне өзі ұрса бастады; мұның бәрі өзінің сол күні таң атпай оянғанынан, тіпті ұйқысы қанбай тұрып кеткенінен болды, бұдан былай ерте тұрсам, мені қарғыс атсын деп қояды. Сосын екеуі керілдесіп, әйтеуір кетті, ал мен барлық кінәны негрлерге аудара салғаныма қуандым және сондай ептілікпен және бұным негрлерге ешбір зиян келтірмеді.

Жиырма сегізінші тарау

ЖАЗАСЫН АЛҒАН ДҮНИЕҚОҢЫЗДЫҚ

Қараймын — тұратын мезгіл болып қалыпты. Мен шарбақтан түсіп, төменге жүре беріп едім; қыздардың бөлмесінің жанынан өткенде есіктің ашық тұрғанын, Мери Джейннің өзінің сандығына заттарын салып, Англияға кетуге дайындалып жатқанын көрдім. Ол сол сәтте заттарын алдына алғаны болмаса, әлі салған жоқ, өзі бетін басып жылап отыр екен. Мен де оны көріп қайғырып кеттім. Менің орнымда басқа біреу болса да шыдай алмас еді. Мен оның жанына келіп:

— Мери Джейн бойжеткен, адамдардың бақытсыз сәтін көргенде сіз де қайғырасыз, мен де солай, шыдай алмай кетем. Айтыңызшы, не болды?

Ол айтты. Әрине, негрлер уайым болды, оны өзім де біліп тұрмын. Енді Англияға сапардың қуанышы да ол үшін мәнін жойды: ана балаларын ешқашан көре алмайтынын біліп тұрып, ол жақта қалай қуанып жүреді! Сосын ол бұрынғыдан бетер жылады, қолымен жасын сүртіп:

— Құдайым-ай! Олардың енді ешқашан бірін-бірі көре алмайтынын ойласам... — деді.

— Көріседі, екі апта өтпей-ақ қайта кездеседі — мен мұны білемін!

Мәссаған! Аузымнан шығып кетті — ойлап үлгермедім! Және қимылдағанымша ол мойнымнан құшақтап:

— Қайталап айтшы, тағы, тағы, тағы! — деді.

Байқаймын, мен асығыс айттым және артықтау болды, ал енді не дерімді білмеймін. Мен одан ойлануыма сәл уақыт беруін сұрадым; ол шыдай алмай отыр — әдемі, қобалжулы, қуанышты, риза көңілмен, ауру тісін жұлдырғандай мәз. Мен ойландым. Меніңше, адамды жарға тыққанда ол шындықты айтып қойса, қауіпті: әрине, өзім мұндайды басымнан кешірген емеспін; дегенмен дәл осы бойда шындықты айтқан дұрыс секілді және ол өтірік айтқаннан қауіпті емес. Мұны есте сақтау керек және еркін отырып ойластырған жөн: бір түрлі өте қиын, барлық ережелерге қарсы сияқты, не болса, о болсын: аламын да шындықты айтамын бұл жолы; әрине, бұл оқ-дәрі салулы бөшкенің үстінде отырып оны жарып жіберсең, қай жаққа ұшасың? Сосын мен айттым:

— Мери Джейн бойжеткен, сізде қаланың сыртында тұратын танысыңыз жоқ па, үш-төрт күн сонда барып қонақ болып, демалып қайтсаңыз?

— Иә, Лотроп мырза бар. Неге?

— Әзірше неге екені маңызды емес. Ал егер мен негрлердің өздерінің анасымен кездесетінін, мысалы, бір-екі аптадан кейін осы үйде болатынын қайдан білетінімді айтсам, сіз Лотроп мырзаға төрт күнге қонақ болуға барасыз ба?

— Төрт күнге! — деді ол — Бір жыл бола аламын онда!

— Жақсы, — деймін мен, — сіздің сөзіңізден басқа маған керек емес. Басқа біреу болса, Тәуратты алып сөз берер еді — сонда да мен оған сіздің бір ауыз сөзіңізге сенгендей сенбес едім.

Ол күлімсіреді және сондай сұлуланып кетті, ал мен:

— Сіздің рұқсатыңызбен мен есікті жауып кілттеймін, — дедім.

Сосын қайта келіп тағы жанына отырдым.

— Тек айқайламаңыз. Үндемей отырыңыз да мені тыңдаңыз ер адамға ұқсап. Мен сізге шындықты айтуға тиістімін, ал сіз өзіңізге берік болыңыз, Мери бойжеткен, себебі бұл шындық өте жағымсыз және оны тыңдау да ауыр, бірақ ештеңе істей алмайсың. Анау сіздің ағаларыңыз ешқандай аға емес, алаяқтар, нағыз қаңғыбастар... Міне, бұдан жаман ештеңе болмайды, қалғанын тыңдау сізге жеңілірек.

Әрине, бұл оның есін шығарды; тек мен малтығып-малтығып, ақыры тура тарттым да, бәрін сол күйінде айтып бердім, оның көздері жарқылдап тыңдады; бәрін айттым: әне бір жас ақымақ жігітті кездестіргенімізден бастадым, оның пароходқа асығып бара жатқанын, ең ақырында бұлардың есік алдында бізді күтіп, сосын Меридің корольді құшақтағанын, ал кәрі алаяқтың жиырма рет мұны сүйгеніне дейін баяндадым — ол қызарып, жүзі батып бара жатқан күнге ұқсап кетті де, орнынан атып тұрып:

— Аһ, ол хайуан! Сен енді бір минутыңды да босқа жіберме, минут емес — секундыңды — оларды қара маймен сылап, құстың жүніне аунатып, сосын өзенге лақтыру керек! — деді.

— Әрине! — деймін мен. — Тек сіз мұны қашан жасағыңыз келіп тұр: Лотропқа кеткенше ме, немесе...

— Ah... — деп ол отыра кетті, — мен не туралы ойлап тұрмын! Мені тыңдама, өтінемін... жақсы ма? — Ол өзінің жібектей жұп-жұмсақ қолымен менің қолымды ұстап, еркелеткен кейіппен маған қараған кезде, тұла бойым балқығандай болды да, келісе кеттім. — Мен ойланбадым және сондай толқыдым, — деді ол, — ал, енді әрі қарай айта бер, мен енді олай етпеймін. Сен айтшы не істеуім керек, сен қалай айтсаң, мен солай істеймін.

— Ендеше былай, — деймін мен, — олар, әрине, барып тұрған жөліктер, екеуі де алаяқтың алаяғы, бірақ маған олармен бірге тағы жол жүруіме тура келеді, олармен бірге болғым келсін, келмесін — неге екенін сұрамаңыз; ал егер сіз олар жайлы айтсаңыз, әрине, олардың шынжырынан мені құтқарады — және маған жақсы, әрине, бірақ тағы бір адам бар — сіз ол жайлы білмейсіз — міне, сол адам үлкен қайғыға ұшырайды.

Ал маған оны құтқару керек, дұрыс па? Ал аналар туралы ештеңе айтпаймыз.

Сол жерде менің басыма бір жақсы ой келе қалды. Біз Джим екеуміз, мына алаяқтардан тек бір жолмен құтылар едік: бұларды осында түрмеге отырғызып, өзіміз қашып кетсек. Тек менің салдың үстінде жалғыз қалғым келмейді, күндіз жұрттың бәрі кімсің. қайдансың деп маған тиіспес үшін мен кешке дейін күту керек деп шештім, сонда қараңғы түседі.

— Мери Джейн бойжеткен, мен сізге не істеу керек екенін айтайын, мүмкін Лотроп мырзада ұзақ болудың қажеті болмас. Ол бұл жерден қашық па?

— Төрт мильге де жетпейді, өзеннің осы бетінде, тиіп тұр деуге болады.

— Онда дұрыс болды. Сіз енді сонда барыңыз да, кешкі тоғызға дейін мамыражай отырыңыз, тіпті тоғыз жарымға дейін, сосын үйге апарып салыңыз деңіз, бір нәрсем қалып қойыпты дегендей. Егер сіз түнгі он бірге дейін келсеңіз, осы терезенің алдына майшам жағып қойыңыз, егер содан кейін мен келмесем, мені аман-есен кетті деп есептеңіз. Сосын сіз іске кірісіңіз, білгеніңіздің бәрін айтыңыз, мейлі ол жүліктерді түрмеге жапсын.

— Жақсы, — дейді ол, — дәл солай істеймін.

— Ал мен кете алмай қалып, мені де аналармен бірге ұстаса, мені қорғаңыз, осының бәрін менің айтқанымды айтыңыз.

— Қорғау? Әрине, қорғаймын! Ешкім сені саусағының ұшымен де түртпейді! — дейді Мери Джейн, көздері жайнап, танауы желбіреп тұрғанын көрдім.

— Егер мен мұнда болмасам, — деймін, — бұл жөліктердің сіздерге туысқан емес екенін дәлелдей алмаған болар едім. Мен олардың алаяқ, қаңғыбастар екенін айтып ант берер де едім — бұл да, әрине, қандай да болса, пайдалы дәлел болады, бірақ бар болғаны сол. Ешкім сенімсіз қарамайтын адамдар болады. Мен оларды қайдан табуға болатынын айтам. Маған қағаз бен қарындаш беріңізші. Міне, "Корольдің керігі", "Бриксвилл". Бұл қағазды тығып қойыңыз, жоғалтып алмаңыз. Сотқа бұлардың кімдер екенін білу керек болғанда, Бриксвиллге кісі жіберіп, "Корольдің керігі" спектаклін қойған актерлерді ұстап алғандарын және куәгерлерді жіберсін десе — бүкіл қала, Мери бойжеткен, жетіп келеді.

Біз барлық мәселе жайлы келістік, мен әрі қарай жалғастырдым:

— Мейлі аукцион жүре берсін, сіз мазаланбаңыз. Сатып алған заттың ақысын сол күні төлеуге сатып алушы міндетті емес, ал ана екі алаяқ ақшаның бәрін алып болмай кететін түрлері жоқ, біз бәрін, мысалы, дүниелердің сатылғаны заңсыз және олар ешқандай ақша алмайтынын айттық. Негрлермен де солай: сату заңсыз болып шығады және олар кешікпей үйге оралады. Негрлер үшін де олар ештеңе алмайды. Міне, олар осылай шырмалады, Мери бойжеткен, бұдан масқара ештеңе болмайды олар үшін!

— Жарайды, — дейді ол, — мен қазір таңертеңгі тамақты ішемін де, сол жерден Лотроп мырзаға кетемін.

— Жоқ, бұлай болмайды, Мери Джейн бойжеткен, — дедім, — таңғы асқа дейін кетіп қалыңыз.

— Неге?

— Ал сіз қалай ойлайсыз, Мери бойжеткен, мен неліктен сіздің кеткеніңізді қаладым?

— Мен ол туралы ойлағаным жоқ; бәрібір білмеймін Ал неге?

— Сіз кейбіреулердей көнтері біреу емессіз ғой. Сіздің бетіңізден бәрі көрініп тұрады — кітап оқығандай боласың. Кім болса да түсініп қояды. Және сіз ағаларыңызбен кездесем деп ойлайсыз ба? Олар сізге қайырлы таң деп, бетіңізден сүйеді, ал сіз...

— Болды, болды! Енді керек емес! Ac ішпей-ақ кетемін, қуана кетемін. Олардың қасына сіңлілерімді қалай қалдырып кетемін?

— Ештеңе емес, мазаланбаңыз. Оларға шыдай тұруға тура келеді. Егер сіздер бәріңіз кетіп қалсаңыздар, аналар сезіктенуі мүмкін. Олармен де, сіңлілеріңізбен де кездесудің қажеті жоқ, тіпті қалада ешкіммен де кездеспеңіз; егер көрші әйел бүгін сізден ағаларыңыз қалай деп сұраса, сіздің бетіңізден бәрі көрініп тұрады. Жоқ, сіз қазір кетіңіз, Мери Джейн бойжеткен, ал мен мұндағылармен бірдеме етіп шаруаны бітірермін. Мен Сюзанна бойжеткенге ағаларыңызға сіздің үлкен сәлеміңізді жеткізуін және сіздің аз уақытқа демалуға немесе дос қызыңызбен кездесуге кеткеніңізді, кешке қарай не ертең таңертең келетініңізді айтамын.

— Дос қызыммен кездесу деген дұрыс, ал оларға менің атымнан бас июге қарсымын.

— Қарсы болсаңыз, керегі жоқ.

Неменеге ол сәлем деген сөзді айтпайды, онда тұрған ештеңе жоқ. Мұндай ұсақ-түйектерді айту да, жасау да түкке тұрмайды, ал оның пайдасы көп, бейнеті аз, сондықтан өмірде көбіне солар көмектеседі; Мери Джейн тыныш болады, ал маған бұл түкке тұрмайды. Сосын мен:

— Тағы бір шаруа бар; ол — ақша салған қап, — дедім.

— Иә, ол енді аналарда ғой; мен олардың қолына ақшаның қалай түскенін ойласам, өзімді ақымақ сезінемін.

— Жоқ, сіз қателесесіз. Қап оларда емес.

— Қалай? Енді кімде?

— Иә, мен енді өзім де қайда екенін білмеймін. Қап менде болды, себебі мен оны олардан ұрлап алдым сізге берейін деп; және қапты қайда жасырғанымды да білмеймін, қорқатыным — сол жерде жоқ па деймін. Мен сондай өкінемін, Мери Джейн бойжеткен, сізге айта алмай тұрмын. Мен жақсы болсын деп тырыстым, шын айтам! Мені ұстап ала жаздады, сондықтан қапты көрген жерге тастай салуға мәжбүр болдым, сонша ыңғайлы емес жерге...

— Өзіңді кінәлауды қой, керек емес, мен саған рұқсат етпеймін — сенің басқа мүмкіндігің болмады ғой; яғни, сен кінәлі емессің. Сен оны қайда жасырдың?

Ол өзін кінәлі санап, тағы уайымдасын деп айтуға аузым бармады. Егер басынан айтсам, ол өлікті көз алдына елестетеді, сосын оның қарнының үстінде қап жатыр деп ойлайды. Мен бір минуттай үндемедім де, сосын:

— Рұқсат етсеңіз, қайда жасырғанымды, Мери Джейн бойжеткен, айтқым келмей тұр. Одан да мен қағазға жазып берейін, сіз жолда кетіп бара жатып оқыңыз. Қалай, келісесіз бе?

— Иә, келісемін.

Мен жаздым: "Мен оны табытқа салдым. Сіз табыттың жанында түннің бір уағында жылап отырдыңыз, мен қапты табытқа салып, сосын сіз келгенде есіктің артында тығылып тұрғам. Сізге сонда кереметтей жаным ашып кетті".

Түннің ортасында табыттың жанында жалғыздан-жалғыз жылап отырғаны есіме түскенде, өзім де жылап жібере жаздадым; ал ана екі алаяқ соның үйінде ұйықтап жатыр және оны тонағылары келеді! Сосын хатымды бүктеп оған бердім, қараймын — оның көзінен жас шықты. Ол менің қолымды қатты-қатты қысып:

— Барлық жақсылықтарды тілеймін! Мен сенің айтқаныңның бәрін жасаймын, ал егер екеуміз енді кездеспесек, мен сені ешқашан ұмытпаймын, жиі-жиі сені еске алатын боламын және сенің аман жүруіңді құдайдан ылғи сұраймын, — деді. Сосын кетті.

Мен үшін жасағанға жалбарыну! Егер ол мені жақсы білсе, бұдан гөрі жеңілірек жүкті мойнына алар еді. Бірақ бәрібір, шамасы, ол мен үшін құдайдан сұраған секілді — міне, ол қандай қыз! Ол көңілі соқса, Иуда үшін де жалбарынуға рухы жетеді — ешнәрседен тайсалмайды! Не десеңдер де оның мінезі өзге қыздардан басқарақ. Ол нағыз шақпақтас секілді деп ойладым.

Бұл біртүрлі құр мадақтау секілді көрінуі мүмкін, бірақ бір тамшы да жай мақтау жоқ. Ал сұлулығы мен мейірімділігіне келсек, өзгелердің ішінде оған тең келері жоқ! Ол әне бір есіктен шықты, мен содан бері оны бір де бір рет көрген емеспін. Ал ол туралы көп-көп есіме алдым, миллион рет!Оның мен туралы құдайдан жалбарыну деген уәдесі де естен шықпайды; егер менің жалбарынуымнан сәл де болса оған пайда келсе, мен де жалбарынар едім!

Мери Джейн шығып кетті, шамасы жасырын есіктен болар, өйткені ешкім көрмепті. Мен Сюзанна мен қоян ерінге кездескен бойда олардан сұрадым.

— Өзеннің арғы жағындағы сіздер ылғи қонаққа баратын таныстарыңыздың аты кім?

— Онда біздің таныстарымыз көп, ал біз көбіне Прокторларға барамыз, — деді олар.

— Сол фамилия, — дедім мен, — мен ұмыта жаздадым. Мери бойжеткен сіздерге айт деп тапсырып еді: ол соларға кетті және өте асығыс жиналды — оларда біреу ауырып қалыпты...

— Кім екен ол?

— Білмеймін, ұмытып қалдым; бірақ...

— Құдай-ай, Ханна емес пе?

— Сіздерді ренжіткім келмейді, бірақ дәл соның өзі.

— Өткен аптада ғана ол сап-сау еді ғой! Қауіпті ме екен?

— Тіпті айтуға болмайды — міне, қандай ауру! Мери Джейн бойжеткен оның туғандары түнімен күзетіп отырды деді, бір күн де өмір сүрмейді-ау деп қорқады.

— Сонда қандай ауру болды екен?

Мен бірден дұрыс бірдеңе айта алмадым, сосын барып:

— Тамақтың без ауруы, — дедім.

— Сенің өзің безсің! Егер ол ауру болса, түнімен күзетпес еді ғой!

— Отырмас еді? Айтады екенсіңдер! Мұндай ауруды міндетті түрде күзетеді. Түндерде. Бұл бездің басқа түрі Мери Джейн бойжеткен жаңа бір түрі деген.

— Сонда қандай түрі?

— Әйтеуір жаңа түрі, соңы күрделі.

— Қалай күрделі?

— Мысалы: қызылша, көкжөтел, сары ауру, мидың қабынуы аз ба, бұдан басқалары да!

— Құдай-ай! Сонда бәрі без деп атала ма?

— Мери Джейн бойжеткен солай деді.

— Неліктен ол ауру без деп аталады?

— Өйткені ол безге түскен ауру. Бәрі содан басталады.

— Түкке түсінсем бұйырмасын! Мысалы, кісі саусағын жарақаттап алды, сосын уланды, сосын құдыққа құлап мойнын сындырды, біреу келіп оның неден өлгенін сұрағанда, бір ақымақ: "Саусағын жарақаттап алғаннан" дейді. Осында бір мағына бар ма? Ешқандай. Ал мынада да солай, ол жұқпалы ма?

— Жұқпалы? Бұл ауру қараңғыда жанынан өтсең — міндетті түрде ілінесің. Бұл свинка да солай, тіпті одан да жаман. Бір ілінесің, көпке дейін айыға алмайсың.

— Масқара ғой мынау! — дейді қоян ерін. — Мен қазір Гарви атайыма барамын да...

— Сенің орныңда болсам, мен де барар едім. Бір минутты да жоғалтпас ем.

— Неге бармасқа?

— Ойла, мүмкін өзің түсінерсің. Сенің аталарыңа тезірек Англияға кету керек қой. Ал қалай ойлайсың, олар мынандай оңбағандық жасай ала ма — сендерсіз өздері кете ме? Сосын сендер оларсыз Англияға бара аласыңдар ма? Олардың сендерді күтетінін өзің білесің ғой. Енді әрі қарай. Сенің атайың Гарви — шіркеудің уағызшысы. Өте жақсы. Уағызшы неліктен пароходтың уәкілін алдайды? Ал неліктен уәкілді олар Мери бойжеткенді пароходқа мінгізу үшін алдайды? Ал ол не істейді? Айтады: "Өте өкінішті, бірақ шіркеудің шаруасы менсіз-ақ жүре берер, себебі менің қарындасым осындай ауруды жұқтырды. Менің міндетім үш ай бойы осында отыру — ауыра ма, жоқ па". Бірақ сен менің айтқаныма қарама, сенше, бәрі дұрыс болса, Гарви ағайыңа айту керек...

— Айтқан екенсің! Сосын біз Мери ауыра ма, жоқ па деп ақымақтарға ұқсап осында отырамыз ба? Оның есесіне бәріміз Англияға барып көңілденбейміз бе? Ақымақ бірдеңені айтады екенсің!

— Ал, мүмкін, көршілердің біреуіне айтқан дұрыс болар?

— Мұндай ақымақты көрсем, көзім шықсын! Олар барады да, бәріне айтады, сен соны да түсінбейсің бе?

Ешкімге ештеңе айтпау керек!

— Сен дұрыс айтасың. Солай істеу керек.

— Дегенмен аз уақытқа барып келуге кетті деп айтқан дұрыс, өйткені Гарви ағай мазасызданады ғой.

— Иә, Мери бойжеткен сіздің оған айтқаныңызды сұраған. Сіңлілеріме айт, — дейді, — Гарви және Вильям ағайларға менің сәлемімді жеткізіп, беттерінен сүйсін және менің өзеннің арғы жағына... Мырзаның..." Әлгі байлардың аты-жөні кім еді сіздердің Питер ағаңыз сыйласатын? Мен солар жайлы...

— Сен Апторпов туралы айтып тұрған шығарсың?

— Міне, міне, дұрыс... Оларды, аты-жөндерін деймін, қапелімде есіңе түсіру қиын! Ол Апторповтарға кеткенімді айтсын — аукционға тезірек келіп сіздердің үйіңізді сатып алсын, Питер ағай бұл үйді басқа біреулер алғанша солардың алғанын жақсы көріп еді; олар келісім бергенше, кетпеймін, егер шаршасам, таңертең келем деген. Ол Проктороптар айтсын деген — рас айтам, өйткені ол үйді сату туралы оларға да соғып айтады; маған солай деді.

— Жарайды, жақсы! — деп қыздар ағаларына сәлемді және басқа тапсырмаларды жеткізуге жүгіріп кетті.

Енді бәрі орнына келді. Қыздар ештеңе айтпайды, себебі олар Англияға кеткілері келеді; ал король мен герцог Мери Джейннің аукцион жайлы кеткеніне әбден риза болады, Робинсон дәрігердің маңайында қалып қоймағанына қуанады. Мен өзім де рахаттана қуанып тұрмын. "Міне, шаруаны ұқыпты да епті шештім, — деп ойлаймын. — Тіпті Том Сойердің өзі де дәл осылай үйлестіре алмас еді. Ол, әрине, бір нәрселер қосуы мүмкін, бірақ мен ол жағына жоқпын, тәрбием басқа".

Кешке қарай қаланың орталық алаңы аукционға жиналғандарға толды және сауда ұзаққа созылды, ал біздің шал айналақтап аукционный қасында Тәураттан ба, әйтеуір діни сөздерді айтқан болып жүр, герцог та сақауланып, жұрттың бәріне жақсы көрінуге тырысады.

Уақыт жайлап өтіп жатыр, сауда созылып-созылып, ақырында бәрі сатылып бітті, тек зират жанындағы шағын жер ғана қалды. Екі саудагер, король мен герцогты айтам, ол жерді де сатып жібергілері келіп жан ұшырады. Сол кезде пароход келіп жетті, ал бірер минуттан кейін қарасам, кемежай жақтан улап-шулаған топ адам келе жатыр, айқайлайды:

— Міне, сендерге бәсекелес керек болса! Питер Уилкстың тағы да екі мұрагері! Қане, ақша төлеңдер, қайсылары ұнайды, өздерің таңдаңдар!

Жиырма тоғызыншы тарау

ЖАҢБЫР АСТЫНДАҒЫ ҚАШҚЫНДАР

Олар сырт көзге келісті қария және әдемі келген жас жігіт, өзі бір қолын байлап алыпты, Питердің інілері ретінде келіп тұр. Құдай сақтасын, қасындағылардың қарқылдаған күлкісі мен айқайын көрсеңіз! Жалпы бәрі айтарлықтай көңілденіп, сырт қарағанда өте жаман болды. Мен бұл жерде ешқандай күлкілі нәрсе көрмедім, король мен герцогте де мәз болатындай ештеңе жоқ секілді; мен олар қорқады деп ойлап едім, бірақ қорқу ойларында жоқ. Герцог түк естімеген, түк білмеген адамдай көңілді, бәріне риза болып жүрген кейіп көрсетеді; ал король аналарға қайғырып жаны ашығандай қарап қояды, дүниеде солардай оңбағандардың бар екенін көргенде қайғыдан жүрегі қанға толып кеткендей. Ол бұл рөлді керемет ойнап тұр. Тәуір деген кісілердің бәрі корольдың жанында, соны жақтайтын адамдардай қаумалауда. Жаңа келген қария не істерін білмей тұрғаны байқалды. Сосын ол сөйлей бастап еді, мен оның таза ағылшынша сөйлейтінін естідім, корольдың сөздеріне ұқсамайды, дегенмен король да өзінше ағылшынға жақын сөйлейтін секілді еді.Оның сөйлеу мәнерін мен келтіре де алмаймын. Ол тұрған халыққа бұрылып, шамамен былай деп сөйледі:

— Мен мұндай күтпеген жағдай болады деп ойламаппын және турасын айтқанда осы тәрізді кездесулерге дайын емес едім, өйткені ініміз екеуміздің жолымыз болмады. Інім жолда қолын сындырып алды, ал жүгімізді түнде қателесіп басқа қалаға қалдырып кетіпті. Мен Питер Уилкстың інісі Гарвимін, ал мынау екінші інісі Вильям мылқау; ол сөйлей алмайды; түк естімейді, қолын сындырып алғасын белгімен де түсіндіре алмайды. Біз кімбіз десек, солармыз; ертең-бүрсігүні заттарымыз келеді, сонда бәрін дәлелдеймін. Ал оған дейін ештеңе айтпаймын, қонақүйге барып, сонда күтемін.

Олар екеуі кетті, король қарқылдап келіп күлді және оны келемеж ете бастады:

— Ah, ол қолын сындырып алыпты! Шындыққа ұқсайды, а, дұрыс қой? Мылқаудың әліппесін білмесе, алдаушы емей кім болады? Заттары жоғалыпты олардың? Өте жақсы! Өте епті, мұндай жағдайда ептілік керек!

Король тағы күлді және төрт-бес адамнан басқалары оған қосыла күлді. Күлмегендердің біреуі өткендегі дәрігер, ал екіншісі көзі жылмыңдаған, қолында кілемнен тіккен баяғы заманның шабаданы бар мырза; ол пароходтан жаңа ғана түсті; ол дәрігермен дауыстарын онша шығармай сөйлесті, екеуі де оқтын-оқтын корольға қарап қояды, бастарын шұлғып әңгімелеседі; бұл қорғаушы Леви Белл, ол шаруаларымен Луисвилл жаққа барыпты; үшінші адам топ-толық, екі иығына екі кісі мінердей жас, ол жақын келіп, бағанағы қарияның айтқанын тыңдап алды, енді корольдың сөзіне құлақ салып тұр.

Король үндемей қалғанда, әлгі жас:

— Тыңдаңызшы, егер сіз Гарви Уилкс болсаңыз, мұнда қашан келдіңіз, осы қалаға? — деді.

— Жерлеудің алдында келдім, достым, — деді король.

— Қай мезгілде келдіңіз?

— Кешкісін, күн батуға бір-екі сағат қалғанда.

— Немен келдіңіз?

— Мен "Сьюзен Пауэлмен" Цинциннатиден келдім.

— Ал таңертең — сол күні — мүйістің жанында қайықта қалай болдыңыз?

— Мен болған жоқпын мүйісте.

— Өтірікші!

Бірнеше адам әлгі жігітке жүгіріп келіп, қарт кісімен бұлай сөйлесуге болмайды, оның үстіне ол діни адам, уағызшы деп ақыл айта бастады.

— Қайдағы уағызшы? Шайтан алғыр! Ол алаяқ, айтып тұрғанының бәрі өтірік! Ол сол күні таңертең мүйісте болды. Мен сол жерде тұрамын, білесіздер ме? Яғни, мен сол жерде болдым, ол да болды. Мен оны көрдім. Ол қайыққа мініп, Тимм Коллинспен бірге келді және тағы бір бала болды.

Сол жерде дәрігер сол баланы көрсеңіз таныр ма едіңіз, Хайнс, егер тағы бір көрсеңіз деді.

— Танимын деп ойлаймын, бірақ онша сенімді де емеспін. Е, міне, тұр, мен оны бірден таныдым, — деп ол мені көрсетті.

Дәрігер айтты:

— Ал, достар, алаяқтар жаңағы келгендер ме, жоқ па — мен білмеймін, бірақ мына екеуі алаяқ болмаса, мені есалаң деп біліңдер, міне, болды! Меніңше бұлардың соңынан қарап, бақылау керек, біз тексеріп анықтағанша, бұлар қашып кетуі мүмкін. Хайнс, жүр, жүріңдер бәрің де. Мына мырзаларды қонақүйге апарып, ана екеуімен бетпе-бет жолықтырайық. Бізге ұзақ тексеру қажет болмас деп ойлаймын — істің мәні бірден-ақ көрінеді.

Тұрған тобырға бұл ұсыныс ұнай кетті, корольдың достары, мүмкін, онша риза болмаған шығар.

Мезгіл екіндіге таяп қалды. Дәрігер мені жетелеп алды және қолымды босатпағанмен менімен жылы сөйлесті.

Қонақүйде бәріміз үлкен бөлмеге кірдік, майшамдарды жағып, әлгі жаңадан келгендерді шақырдық.

Алдымен дәрігер айтты:

— Мен мына екеуіне өте қатал қарағым келмейді, бірақ бұлар өздерін өздері Гарви, Вильям деп өтірік атап жүргендер деп ойлаймын және мүмкін бұлардың тағы да біз білмейтін себептері бар шығар. Ал егер бар болса, олар Питер Уилкстен қалған алтын толы қапты алып зытып отырмай ма? Солай болуы әбден мүмкін. Ал егер бұлар алаяқтар болмаса, ақшаны алып келуге жұмсасын да, әкеліп бізге сақтай тұруға берсін, өздерінің кімдер екендігі анықталғанша, дұрыс па?

Бәрі келісті. Олар бірден біздің компанияға қыл бұрауды салып, істі бірден турасынан қойды деп ойлап тұрмын. Бірақ король мұңды кейіппен оларға қарап:

— Мырзалар, ақша осында болса, мен де өте қуанар едім, өйткені адал да таза, ашық та негізді зерттеуге кесел келтіргім келмейді, бірақ, өкінішке орай, сол ақшалар енді жоқ: егер сенбесеңіздер, кісі жіберіп тексеріңіздер.

— Олар қайда сонда?

— Менің немере қарындасым алтынды сақтауға маған бергесін, мен алдым да өзім жатқан кереуеттің сабан көрпесінің ішіне тыға салғам; банкке аз күнге салғым келмеді; әзір біз осында тұрғанда кереует ең сенімді жер деп ойлағанмын, өйткені біз негрлерге үйренбеген халықпыз, олар біздің Англиядағы қызметшілеріміз секілді адал адамдар деп ойладым. Ал негрлер сол күні таңертең мен төменге түсіп кеткенде ақшаны алыпты; мен негрлерді сатқан кезде ол ақшаның бар-жоғын қараған да жоқпын — олар өздерімен алып кеткен. Менің қызметшім де осыны айтады, мырзалар.

Дәрігер және біреу: "Мылжың!" Басқалар да онша сеніп тұрған жоқ қой деймін. Біреуі менен негрлердің ұрлағанын көрдің бе деп сұрады. Мен айттым: "Жоқ, көрген жоқпын. Олардың аяқтарының ұшымен басып бөлмеден тез-тез шығып бара жатқандарын көрдім; мен ештеңе ойлағаным жоқ, тек менің қожамды оятып жібермейін деген шығар, қожам оянып оларға ұрыспас бұрын кетейік деді деп ойладым". Менен басқа ештеңе сұрамады.

Сол жерде дәрігер маған тап берді:

— Сен де ағылшынсың ба?

Мен иә деп жауап беріп едім, ол да, басқалар да:

— Өтірік! — деп күлді.

Сосын олар әлгі тексеру дегенге кірісті, сол жерде сұрақтың астына алу басталды дейсің! Уақыт өтіп жатыр, өтіп жатыр — кешкі тамақ туралы біреуі аузын ашпайды — ұмытты ғой деймін. Олар тексеріп жатыр, тексеріп жатыр, ақыры аяғында бәрі өрмекшінің өрмегіндей шатасты. Олар корольды біраз азаптап бәрін айтқызды; сосын соңынан келген қария баяндады; миғұла біреу болмаса, соңғы қарияның сөзі шындық екенін, ал біздің шалдың өтірікті соғып тұрғанын көруге болады. Ал, сосын олар бәрін айт деп маған бұйырды. Король маған ала көзімен қарады, мен тартынуым керек екенін ұқтым. Мен өзімше Шеффилд жайлы және онда қалай тұрғанымыз, ағылшын Уилкстар туралы, тағы бірдеңелерді айтып жатыр едім, дәрігер қарқылдап күлді, ал қорғаушы Леви Белл мені тоқтатып:

— Отыр, балақай, сенің орныңда мен болсам, осынша тырыспас едім. Шамасы сен өтірік айтып үйренбегенсің ғой — сенің әңгімең онша үйлесіп тұрған жоқ; тәжірибең жетпей тұр ма... Өтірікті үйлестіре алмай тұрсың.

Мұндай мақтау маған ұнаған жоқ, бірақ маған тиіспей қалдырғандары үшін қуанышымда шек болмады. Дәрігер бірдеңе айтқысы келіп бұрылды да, сөзін бастады:

— Егер сіз, Леви Белл, осы оқиғаның басынан қалада болған болсаңыз... — дей бергенде, король оның сөзін бөліп, Леви Беллге қолын ұсынды:

— Менің бейшара ағамның маған көп жазған ескі досы сіз бе едіңіз?

Олар қорғаушы екеуі қол алысты және қорғаушы күлімсіреді, онысы қуанғанның белгісіндей болып көрінді; олар әңгімелесті, содан соң шеткерірек шығып, сыбырласып сөйлесе бастады; ал ең соңында қорғаушы:

— Солай істейміз. Мен сіздің чегіңізді аламын да, ағаңыздың чегімен қосып жіберемін, сосын олар бәрі дұрыс екенін түсінеді.

Оларға қағаз бен қалам әкелді; король үстел жанына отырып, басын бір жағына қисайтып, ернін тістелеп отырып, бірдеңе жазды, сосын қаламды герцогқа берді, ал ол бірінші рет сасып қалғандай болды. Бірақ қаламды алып жаза бастады. Содан кейін қорғаушы жаңа келген қарияға бұрылды:

— Бір-екі жол жазсаңыздар сіз және ініңіз, сосын қол қойсаңыздар, — деді.

Қария бірдеңе жазып еді, оның жазуына ешкім түсінбеді. Қорғаушы таңданып:

— Түк түсінбедім! — деді.

Қалтасынан ескі хаттардың бір тобын шығарды, әуелі хаттарды қарап шықты, сосын әлгі қарияның жазғанын, одан әрі тағы хаттарға үңілді.

— Міне, Гарви Уилкстан келген хаттар, ал, міне екі қағаз, хаттарды басқа адам жазғаны көрініп тұр (король мен герцог қорғаушының оларды әшкерегелі тұрғанын түсініп, ұсқындары бұзылып кетті, екеуі де ақымақтай абдырады да қалды), ал мына мырзаның жазуын кім болса да түсінеді, ал бұл хаттарды жазған да ол емес, мынадай шатпақты жазу деп айтудың өзі қиын. Ал, мына хат...

Осы жерде жаңа қария:

— Маған түсіндіруге рұқсат етіңіздер, өтінемін, — деді. — Менің жазуымды менің інімнен басқа ешкім түсінбейді, ол ылғи менің хаттарымды көшіріп жазатын. Сіздер менің емес, оның жазуын көрдіңіздер.

— Иә-ә! — деді қорғаушы. — Міне, тапсырма! Менде Вильямның жазған хаттары да бар; бір-екі жол жазып көрсінші, біз салыстырар едік.

— Сол қолымен жаза алмайды, — деді қария. — Егер ол оң қолымен жазса, сіздер оның менің хаттарымды да, өзінің хаттарын да жазғанын көрер едіңіздер. Қараңыздаршы, өтінемін, хаттарды салыстырып көрсеңіздер, бір қолмен жазылған.

Қорғаушы қарады да:

— Бұл рас деп ойлаймын; ал егер олай болмаса, ұқсастығы көбірек. Мен дұрыс жолмен бастадық деп ойлап ем, енді қарасам, тағы адасыппыз. Бірақ бір шындық дәлелденді: бұл екеуі — Уилкстер емес, — деп король мен герцогқа қарап иек қақты.

Қалай болды деңіз. Бұл кәрі есек берілгісі келмейді.

Мұндай тексеру дұрыс емес деді. Оның інісі Вильям дүниедегі бірінші әзілқой адам, ол дұрыс жазғысы келмеді; Вильямның қағазға бір нәрсені сызған болып әзілдегісі келгенін ол түсінді. Өтірікті соғып-соғып король өзіне-өзі сене бастады, бірақ келген қария оның сөзін бөліп:

— Менің басыма бір ой келді. Мұнда менің өлген ағам Питерді жуып, киіндіріп көмектескен кісі бар ма? — деді.

— Иә, бар, — деді біреу, — біз Эб Тернер екеуміз көмектестік. Екеуміз де осындамыз.

Сонда қария корольға қарап:

— Мына мырза Питердің кеудесінде қандай белгілер бар екенін маған айтса, — деді.

Король тездетіп бірдеңені ойлап табуы керек еді, қандай ор қазып қойды — кім болса да оған құлауы әбден мүмкін. Ол бозарып кетті, бозармасқа болмайтын оқиға. Ал бөлмеде тым-тырыс тыныштық орнады, жұрттың бәрі алға ұмтылып, корольға қарады. Ол енді шындықты айтып, кешірім сұрар деп ойлап едім. Қисая бергеннен не шығады. Не істеді дейсіз ғой. Сену қиын тіпті — жоқ, ойлаған да жоқ. Ол жұрттың бәрін шаршатып жеңем деп ойлаған секілді.

Жұрттың бәрі шаршап-шалдығып, шет-шетінен тарай бастағанда, король мен герцог зытып отырамыз деген ойда болса керек. Ол үндемей отырып-отырып, сосын күлімдеп:

— Гм, бұл қиын сұрақ болды, қиын болғанда қандай! Иә, мырза! Мен оның кеудесінде не болғанын айтамын. Кішкене ғана көк сызық, дұрыс қарамаса, оны адам байқамауы да мүмкін. Ал, енді не айтасыз, ә?

Жоқ, мен ешқашан, ешқандай жерден мына кәрі алаяқтай ұятсызды көрген емеспін. Жаңа қария Эб Тернерге тез бұрылды, көзі жарқырап, осы жолы корольды ұстағандай кейіппен сұрады:

— Сіздер естідіңіздер ме оның айтқанын? Питер Уилкстің кеудесінде бұлар айтқандай белгі болды ма?

Екеуі қосыла жауап берді:

— Біз ондай белгіні көрмедік.

— Өте жақсы! — деді кәрі мырза. — Ал оның кеудесінде онша анық емес П және Б, сосын У және олардың ортасында сызықша, міне, былай: П — Б — У.

Ол осының бәрін қағазға жазып көрсетті.

— Сіздер осындай белгілерді көрдіңіздер ме?

Екеуі тағы қосарлана жауап берді:

— Жоқ, біз ондайды көрген жоқпыз. Біз ешқандай белгіні байқамадық.

Сол жерде жұрттың бәрі шыдай алмай айқайға басты:

— Бұлардың бәрі де алаяқтар, бәрі сыбайластар! Өзенге лақтыру керек!

Барлығы дуылдап, шу көтерді! Бірақ қорғаушы орнынан атып тұрып үстелге шықты:

— Мырзалар! Мырзалар! Маған бір сөз айтуға рұқсат етіңіздерші, өтінемін! Қазір бәріміз барып, моланы қазып өлікті көрейік. Жалғыз дұрыс жол — осы! — деді.

Бұл жұртқа ұнады.

Бәрі "ура" деп айқайлап, жолға шығуға бет алып еді, дәрігер мен қорғаушы оларды тоқтатты.

— Тоқтаңыздар, тоқтаңыздар! Мына төртеуін және ана баланы өзімізбен бірге ала кетеміз.

— Солай істейміз! — деп айқайлады бәрі. — Егер ешқандай белгіні таппасақ, онда бұл тобырды дарға асамыз!

Ой, менің зәрем зәр түбіне кетті, шынымды айтсам! Өздеріңіз түсінесіздер, қашуға еш мүмкіндік жоқ. Олар біздің бәрімізді ұстап алып, молаға тартты, ал қауым бір жарым мильдей өзеннің төменгі жағында.

Бүкіл қала соңымыздан еріп келеді, себебі біздің айқай-шуымыз елдің бәрін дүрліктірді; ал уақыт көп емес — кешкі сағат онның шамасы.

Біздің үйдің жанынан өтіп бара жатқанда, мен Мериді қаладан жібергеніме өкіндім, өйткені мен оған белгі берсем болды, ол жүгіріп шығып, мені құтқарар еді де, алаяқтарды әшкерелер еді.

Біз, сансыз тобыр, өзеннің жағасымен жүгіріп, айқайлап, жабайы мысықтарға ұқсап кетіп барамыз. Кенет аспанды бұлт торлап, қараңғылық түсті және көтерілген желден жапырақтар сыбдырлап, найзағай жарқылдап, салқындық адамның терісін шымшылап барады.

Дәл мұндай қорқынышты жағдай ешқашан менде болып көрген жоқ; мен есімнен адасқандай болдым; бәрі менің ойлағанымнан тіпті басқаша шықты: осы күлкілі оқиғаға сыртынан қарап сүйсініп отырудың орнына немесе Мери Джейннің қамқорлығымен құтылудың орнына өлген адамның кеудесіндегі жалғыз белгі ғана мені өлімнен құтқаруы мүмкін. Ал, ол белгілерді таба алмаса...

Онда не болатынын ойлағым да келмеді; басқа ештеңені де ойлай алмадым. Бірте-бірте қараңғылық қоюлана берді, қашып кетуге болатын сәт осы, бірақ әлгі дәу Хайнс қолымнан ұстап алып дірдектетіп келеді, мынандай дәуден құтылып көр! Ол мені сүйрегендей болып келеді, өзі ашулы, оның соңынан қалмау үшін жүгіріп келемін. Қорымның басына келгесін, тобыр молаға жабыла кетті, олар тасыған судай қабірді жайпап барады. Күрек адамнан көп екен, ал фонарь алу ешкімнің ойына келмепті. Сонда да найзағайдың жарқылын пайдаланып, қазып жатыр, фонарь әкелу үшін бұдан жарты миль жердегі үйге кісі жіберді.

Олар қазып жатыр, қазып жатыр, айнала тасқараңғы, жаңбыр жауа бастады, жел бұрынғыдан да күшейе түсті, күн күркіреп, найзағай жиі жарқылдап тұр. Найзағай жарқ еткенде, адамдардың бет-жүздері, күрекпен лақтырылған топырақ анық көрініп қалады, сосын қайта қараңғылық басады.

Ақыры олар табытты алып шықты, шегелерін алып, қақпағын ашуға кірісті, сол жерде тағы бәрі топырлап, табытқа үңілуге тырысты — ойламаған оқиға ғой!

Қараңғыда бірін бірі итермелеп жатқан адамдарды көргенде, қорқыныш құрсаулайды екен. Хайнс қолымды қысып тартқанда, жаным шыға жаздады, бірақ мен бар екен деп жатқан ол жоқ, танауы пысылдап алға сүйрей береді.

Кенет найзағай жарқ етіп, айналаның бәрі сәулеге орағанда, біреу айқайлап жіберді:

— Міне, алтын толы қап оның кеудесінде жатыр!

Хайнс басқа тобырмен қоса дауыстап, менің қолымды босатып жіберді де, бар күшімен алға ұмтылды — жұрт топырлап алтынды көруге жүгіріп жатыр; ал, мен одан қалай құтылғанымды, жолға қалай шыққанымды өзім де білмеймін.

Жолда ешкім болған жоқ, мен екі өкпемді қолыма алып жүгіре бердім; айналаның бәрі қараңғылыққа малынып тұр, тек оқта-текте жарқылдаған найзағай, жаңбырдың шуылы, желдің ысқырығы, аспан жақтан естіліп зәреңді алатын күркіл ғана; менің қалай жан ұшыра жүгіргенімді елестете беріңіз!

Қалаға дейін жүгірдім, қарасам — көшеде тірі жан жоқ, жаңбырдан тығылып отырған шығар, мен шағын көшелермен жүріп тығылған жоқпын, үлкен көшемен тура тарттым; біздің үйімізге жақындадым — бір от жоқ, тым-тырыс және тас қараңғы; көңілім түсіп ренжіп кеттім, неге екенін білмеймін салым суға кеткендей тұнжырадым да қалдым. Бірақ үйдің жанынан зымырап өте бергенімде Мери Джейннің терезесінен от көрінді, сонда жүрегім дүрсілдеп, аузымнан шығып кете жаздады; сол сәтте үй де, басқа да қараңғылыққа көміліп, соңымда қалды, енді ешқашан оны көрмейтінімді сездім. Ол жұрттың бәрінен жақсы, мінезі де басқа қыздарға ұқсамайды.

Қаланың сыртына шыққан бойда, шағын аралға жету жайлы ойлауға болатын еді, мен қайықты қайдан алсам екен деп іздей бастадым; найзағайдың жарқылы бір қайықты көрсетті, кілттеусіз екен, секіріп міндім де, жағадан ұзай бердім. Қалай болса солай жіппен байлай салған қайық екен. Арал онша алыс емес, өзеннің ортасында еді, мен уақытымды босқа жібергенім жоқ; ақыры салға жеткен кезде әбден қалжырап біткенімді сездім, сол мүмкіндігім болса, жата кетіп демалар едім. Бірақ жату қайда. Салға секіріп міндім де:

— Джим, тезірек салды шеш! Құдайға тәубе, біз олардан құтылдық! — дедім.

Джим шалаштан жүгіріп шығып, мені құшақтағысы келіп қолдарын жайды — ол менің оралғаныма қуанғандағысы; оның есесіне найзағайдың жарқылымен Джимді көргенде, сүрініп кетіп, салдың үстінен өзенге күмп бердім, себебі, оның король Лир, суға кеткен араб болып ойнайтыны есімнен шығып кетіпті, ал оны көргенде қорыққаннан өле жаздадым.

Әйтеуір Джим судан шығарып алды, сосын құшақтағысы келіп, маған алғыс айта бастап еді, мен:

— Қазір қоя тұр, Джим, таңертеңгі асқа қалдырайық! Тезірек салды босатып, жағадан кетейік! — дедім. Екі секундтан кейін өзеннің төменгі жағына жылжи бердік. Еркіндікке қайтадан жеткеніміз қандай жақсы болды, жалпақ өзенде емін-еркін өзің жүзіп бара жатырсың, енді ешкімнің қолы жетпейді! Қуанғаннан мен секіріп, тіпті аздап билеп көрдім — өзімді-өзім ұстай алмадым; өкшемді өкшеме тигізіп үшінші рет билей бергенімде, өте таныс дыбыс естілді: демімді ішіме тартып, тыңдай қалдым: найзағай жарқылдағанда қарасам — аналар жүзіп келе жатыр! Салға секіріп мінгенде сындыра жаздады! Бұлар король мен герцог еді.

Мен салға құлай кеттім, жылап жібергім келіп, өзімді әрең тоқтаттым.

Отызыншы тарау

АЛАЯҚТАРДЫ АЛТЫН ҚҰТҚАРДЫ

Олардың салға аяқтары ілінуі мұң екен, король бірден маған бас салды, жағамнан алып:

— Бізден қашып кеткің келді, оңбаған күшік! Біздің бірге болғанымыздан шаршап кеттің, ә? — дейді.

— Жоқ, жоғары мәртебелім, біз олай ойламадық... Жіберіңізші, жоғары мәртебелім! — дедім.

— Тезірек айт, сенің басыңа қандай ой келді, әйтпесе жаныңды шығарамын!

— Шын айтам, мен сізге бәрін айтамын қалай болғанын, жоғары мәртебелім. Анау, әлгі мені ұстаған кісі, маған сондай жылы қарады. Өзінің менің жасымдағы ұлы өткен жылы қайтыс болған екен, маған жаны ашып, жұрт алтынды көріп бәрі бассалғанда, ол менің қолымды босатып сыбырлады: "Тезірек жүгір, әйтпесе сені дарға асады!" — деді. Мен зыттым. Ол жерде қалғаннан ешқандай пайда болмас деп ойладым: қолымнан ештеңе келмейді, мені дарға асқандарын күтіп отырам ба, одан да қашайын дедім. Қайықты көргенше жүгіре бердім, тоқтағаным да жоқ; салға жеткенде, Джимге тез кетейік дедім, әйтпесе олар мені қуып жетіп, дарға асады дедім: сосын Джимге король мен герцог ендігі тірі емес шығар дедім, Джим екеуміздің сіздерге жанымыз ашып, жүрегіміз ауырып еді, сіздерді көргенде сондай қуанып кеттік. Мына Джимнен сұраңыз — мен шын айтып тұрмын, — дедім.

Джим бәрі солай болды деп құптай кетіп еді, король оған аузыңды жап деп бұйырды.

— Иә, айтады екенсің! Өтірікті соқпа! — деді маған.

Бірақ герцог сөзге араласты:

— Жіберіңіз баланы, кәрі ақымақ! Сіз өзіңізді басқаша ұстадыңыз ба? Еркіндікке шығып алғасын бұл бала туралы ойладыңыз ба? Менің есімде жоқ.

Сосын король мені босатты, қаланы, оның бүкіл тұрғындарын боқтай бастады. Бірақ герцог айтты:

— Одан да сіз өзіңізді боқтаңыз — оларды емес, сізді сабау керек қой. Сіз басынан бастап оңған ештеңе жасаған жоқсыз, тек саспай әлгі көк сызық туралы айтқаныңыз болмаса, соныңыз өте дұрыс болды! Бізді құтқарған сол ғана. Ал ол болмағанда, бізді жауып тастар еді, ағылшындардың жүгі келгенше, сосын түрмеге отырғызған болар еді! Сіздің сол сызығыңызды анықтау үшін бәрі молаға жүгірді, ал онда алтын бізге қызмет етті: егер жын қаққан ақымақтар табытқа омақасып жүгірмегенде, біз бүгін шынжыр галстук тағып ұйықтаған болар едік.

Олар бір минуттай үнсіз қалды — ойланды. Сосын король мен герцог жайбарақат:

— Гм! Ал біз оны негрлер ұрлады деп ойладық.

Мен тұла бойым құрысып қалғандай күйде отырмын.

— Иә, — деді герцог мысқылды кескінмен, — біз ойладық.

Енді жарты минут өткенде король:

— Мен солай ойладым, — деді.

Герцог оған:

— Керісінше, сіз емес — мен ойлағам, — деп жауап берді.

Король ашуланып:

— Тыңдаңыз, жоғары мәртебелім, сіз нені меңзеп отырсыз? — деді.

Герцог сәл көңілденіп оған жауап берді:

— Әңгімені бұлай бұрсаңыз, сізге сұрақ қоюға рұқсат етіңіз — сіз нені меңзеп едіңіз?

— Әбден шектен шығып барасыз, — деді король түсі бұзылып, — мен білмеймін ғой. — Мүмкін, сіз түсіңізде көрген шығарсыз, не істегеніңізді білмеуіңізге қарағанда.

Герцог:

— Былжырақ әңгімені қой сен! Сен мені ақымақ деп тұрсың ба? Сеніңше, ақшаны табытқа тыққан кім екенін мені білмейді ғой деймісің?

— Иә, мырза! Сіздің білетініңізді мен білемін ғой, өйткені сіз өзіңіз тыққансыз!

— Бұл — өтірік! — Герцог корольға жармаса кетті.

Анау айқай салды:

— Тарт қолыңды! Тамағымды босатыңыз! Сөзімді қайтып алдым!

Герцог жауап берді:

— Жарайды, тек алдымен мойындаңыз, ақшаны өзіңіздің тыққаныңызды, сосын менен қашып кеткіңіз келді, қайта оралып ақшаны қазып алып, өзіңіз жаратқыңыз келді.

— Бір минут тоқтай тұрыңыз, герцог! Бір ғана сұраққа адал, шын жауап беріңізші: егер ақшаны сіз жасырмаған болсаңыз, солай деп айтыңыз. Мен сізге сонда сенетін боламын және сөзімді қайтып аламын.

— А, кәрі алаяқ! Менің ештеңе жасырмағанымды сен білесің ғой. Міне, саған!

— Жарайды, мен сізге сенемін. Тағы бір сұраққа жауап беріңіз: тек жынданбаңыз: сізде мынандай ой жоқ па — ақшаны алып тығып тастау туралы?

Герцог біразға дейін үндемеді, сосын:

— Несі бар, ой болса болған шығар — бірақ мен ештеңе жасағаным жоқ қой. Ал сізде ой болып қойған жоқ, сіз алдыңыз да тыға салдыңыз.

— Осы жерде қата қалайын, герцог, мен алған жоқпын және бұл — нағыз шындық! Алғым келгені рас, бірақ сіз... яғни басқа біреулер менің алдыма түсіп кетті.

— Бұл — өтірік! Сіз өзіңіз ұрладыңыз және мойындауға тиістісіз ұрлағаныңызды, әйтпесе...

Король ентіге бастады, сосын дауысы қырылдап әрең сөйледі:

— Жетті енді! Мойындадым!

Мен мұны естігенде сондай қуанып кеттім, өзімді жеңіл сезіндім. Ал герцог оны босатып, былай деді:

— Егер сіз тағы жалтақтай берсеңіз, мен сізді суға батырам. Отырып алып кішкене сәби сияқты қыңсылау, ыңырсу, сізге өте үйлеседі осындай мінезден кейін. Түйеқұс секілді бәрін қылғыта беруге әзір. Мен мұндайларды көрген емеспін, ал мен бұған туған әкемдей көріп сендім! Сіз ұялмайсыз ба? Тұрып алып тыңдайды, бар кінәні байғұс негрлерге лақтырып тастап, тым болмаса оларға жаны ашып бір сөз айтса ғой!

Менің өзіме күлкім келеді: осындай ақымаққа сену үшін ақымақтың ақымағы болу керек. Шайтан алсын сізді, сізге жетпестіктің орнын толтыру неге қажет болғанын енді түсініп тұрмын. Керіктен мен түсірген ақшаны қалтаңызға салып алуға тырыстыңыз, тағы да қалтаның бәрін бірден алғыңыз келді!

Король әлі де қорсылдаған күйі жайлап айтты:

— Немене сіз, герцог! Оны мен айтқаным жоқ. Сіз өзіңіз дефициттің орнын толтыру керек дедіңіз.

— Үніңізді шығармаңыз! Мен енді сізден ештеңе естігім келмейді! — деді герцог. — Енді көріп тұрсыз ғой неге қол жеткізгеніңізді? Олар барлық ақшаны өздері қайтарып алды, бір не екі доллардан басқа біздің жиған-тергеніміз қоса кетті. Ұйықтауға кетіңіз, бұдан былай бұл туралы сөз естімейін, әйтпесе мен сізге "дефициттің" кереметін көрсетем — есіңізден кетпейтін!

Король кібіртіктеп шалашқа кетті, қайғысын басу үшін бөтелкенің қасына жатты; және герцог та бөтелкеге жармасты, сосын бар-жоғы жарты сағат өткенде екеуі айырылмас достардай болды, ішімдікті көбірек ішкен сайын, бір-біріне қимастықпен қарайтындай көрінеді, ең соңында, екеуі құшақтасып жатып қорылға басты. Олар бір-бірін түйреп сөздер айтты, дегенмен король алтынды алмадым деп айтпады. Маған сонысы жақсы: содан менің көңілім көтеріліп, кәдімгідей жеңілденіп қалдым. Ана екеуі қорылға басқасын, Джим екеуміз әңгіме соғып, ішімізді тарқаттық және мен Джимге бәрін айтып бердім.

Отыз бірінші тарау

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚПАҒАН НАМАЗ

Біз қатарынан көп күн жүрдік, бірақ қалаларға тоқтауға қорықтық, өзеннің төменгі жағына жүзіп келеміз, жүзіп келеміз. Енді біз оңтүстіктеміз, бұл жақта күн жылы екен, тек үйден өте алыстамыз. Жолда келе жатқанда ұп-ұзын ақсақалға ұқсайтын, үстін Испанияда өсетін мүк жапқан ағаштар кездесті. Мұндай ағаштарды менің бірінші көруім, сондай ағаш өскен орман қап-қара әрі қорқынышты көрінеді екен. Біздің жүліктер енді қорқатын ештеңе жоқ деп, кездескен қалалардағы халықты алдап-тонауға кірісті.

Алдымен арақ-шарап ішпеу туралы лекция оқыған болды, бірақ одан тапқандары өздеріне ішімдік алуға жетпеді. Сонда олар басқа бір қалада би мектебін ашамыз деп шешті, ал олардың өздерінен кенгуру жақсы билейтін еді; олар тізелерін бүккенде-ақ көрермендер оларды қаладан қуып жіберді. Енді бір жерде олар халықты шешендік өнерге үйретуге кірісіп еді, бірақ бұл да ұзаққа бармады: тыңдаушылар шыдай алмай, естерін тандырып ұрып, қаладан кетуге бұйырды. Олар уағызшы, емдеу, бал ашу, ойды оқу секілді өнердің бәрін істеп көрді, бірақ бастаған істері оңбай қойды. Ақыры аяғында қалталарын қаққан олар күні бойы шалаштың ішінде жатып, амал ойлады, тіпті бір-бірімен сөйлесуді де қойды: қабақтары ашылмай, ашудан арылмады.

Сосын кенет екеуі қанат біткендей қозғалақтап, шалаштың ішінде бізден жасырын ақылдаса бастады, екі сағат, үш сағат бойы сыбырласатынды шығарды. Біз Джим екеуміз мазасыздана бастадық. Бұл қылықтары бізге тіпті ұнамады. Бұлар тағы бір бұрынғылардан өткен қылмыс жасауды ұйғарды деп ойладық. Біз басымызды қатырып көп ойландық, ең соңында олар біреудің үйін немесе дүкенді тонағылары келген болар, жоқ, әлде өтірік ақша жасай ма дейміз. Бұл жолы Джим екеуміз кәдімгідей қорқып кеттік те, былай келістік: біз олардың шаруасына араласпаймыз, егер сол мүмкіндік туса, бұлардан қашып кетеміз, оларды тастаймыз, мейлі өздері қалсын.

Бір күні таңертең ерте біз салды өзіміз тоқтаған Пайксвиоо деген қалашықтан екі мильдей төмен ыңғайлы жерге жасырдық, король жағаға тартты, ал бізге ол қаладан келгенше бастарыңды шығармаңдар деп бұйырды, оның білгісі келгені "Керік" жайлы сыбыстар бұл жаққа жетті ме, жоқ па. (Шамасы, тонағалы жүрсің ғой, — деп ойлаймын, — сосын осында келесің, сонда Джим екеумізді еске аларсың.) Ал ол егер түске қарай келмесе, онда бәрі дұрыс болғаны, сонда герцог екеуміз де қалаға баруымыз керек.

Біз салдың үстінде отырмыз. Герцог өзі-өзінен жынданып, не істерін білмей жүр. Көңілі нашар болса, біз кінәлі секілдіміз: сәл нәрсеге шарт етіп бізді балағаттайды. Байқаймыз, олар әйтеуір бір пәлені бастағалы жүр. Күн түс болды, ал король әлі жоқ, мен қуандым: ақыры бір өзгеріс болар деп ойлаймын. Біз герцог екеуміз қалаға кеттік, онда корольды іздедік, көп кешікпей сырахананың түкпіріндегі бөлмеде удай мас болып отыр; біреулер өздерінше оны келеке етіп, әбден ашуландырған; ол оларды балағаттап, күш көрсеткісі келеді, өзі аяғын әрең алып тұр. Герцог кәрі ақымақ деп ұрысты, король де қарап қалған жоқ — екеуі бір-бірінің жағасынан алып жатқанда, мен зытып отырдым — табанымды жалтыратып өзенге беттедім. Міне, сәті түсті деп ойлап барамын, енді олар Джим екеумізді жақын арада көре алмас. Ырсылдап өзенге жетіп, қуаныштан аяғымды сезбей айқайладым:

— Джим, салды босат, енді екеумізде бәрі жақсы болады!

Бірақ ешкім жауап бермейді, шалашта адам жоқ. Джим ұшты-күйлі жоғалып кетті! Айқайладым, екі рет, үш рет айқайладым; орманға жүгірдім, одан кері қарай, шақырдым — еш жауап жоқ; Джим қария жоғалды! Сосын мен отыра қалып жыладым — көзімнің жасын тыя алсамшы. Тек ұзақ отыра алмадым. Жол бойына шықтым. Келе жатырмын, басымда жалғыз ой: енді не істеу керек? Алдымнан бір бала кездесті; танымайтын бір негрді көрмедің бе деп сұрадым. Киімі мынандай, ал ол:

— Көрдім, — дейді.

— Қайда?

— Сайлас Фелпстің плантациясында, осы жерден екі мильдей. Ол қашқын негр екен, ұстап алды оны. Сен соны іздеп жүрсің бе?

— Қайдағы! Мен бір-екі сағат бұрын орманда кез болғам, ол егер сен айқайласаң, жаныңды шығарам, осы жерде отыр, тырп етпе деді. Отырдым, отырдым, қозғалуға қорқып.

— Енді сен қорқатын ештеңе жоқ, оны ұстағасын бітті ғой. Ол алыс бір жақтан қашқан, Оңтүстіктен ғой деймін.

— Оны ұстағандары жақсы болды.

— Әрине, жақсы! Ол үшін 200 доллар сыйлық береді. Даладан тауып алған ақша секілді ғой.

— Мен де сыйлық алуыма болатын еді, оны бірінші болып көрген мен ғой. Оны ұстап алған кім?

— Бір шал, жолаушы; ол тек өзіне тиесілі сыйды қырық долларға сатып жіберді, себебі өзі өзеннің жоғарғы жағына асығыс кетуі керек екен, күтуге шамасы жоқ. Ойлап қара! Мен болсам жеті жыл болса да күтер едім.

— Мен де, — дедім. — Мүмкін оған тиесілісі сол қырық доллар шығар, егер ол осынша арзанға бере салған болса? Мүмкін ол шалдың өзінің бір былығы бар шығар?

— Қалай былығы болады? Тап-таза. Хабарландыруды өз көзіммен көрдім. Онда ол туралы егжей-тегжейлі жазылған. Ол Жаңа Орлеандағы плантациядан қашып кеткен. Жоқ, онда маса мұрныңды шақпайды, бәрі дұрыс. Сен темекі бермейсің бе шайнауға?

Менде темекі жоқ еді, ол сосын ілгері кетті. Мен салға келіп отырып алып ойлана бастадым. Бірақ ешнәрсе ойлап таба алмадым. Әбден басым қатқанша ойландым, бәрібір бұл шырғалаңнан арылатын әдіс таппадым. Біз өзенмен қанша жол жүрдік, сол алаяқтарға қанша қызмет еттім, бәрі босқа! Джимге зұлымдық жасауға қалай ғана арлары барды екен: өмір бойы құлдыққа екінші рет сатып, құрып кеткір қырық долларға және қайдағы бөтен біреулерге!

Мен тіпті Джимнің өзінің елінде, бала-шағасының ортасында құл болып жүргені артық еді деп ойладым, әрине, оның маңдайына өмір бойы құл болу жазылған болса! Бұл туралы Том Сойерге хабарласам ба екен? Мейлі, ол Уотсон ханымға Джимнің қайда екенін айтсын. Бірақ кешікпей бұл ойымнан қайттым; неге дейсің ғой: Уотсон ханым Джимнің үн-түн жоқ қашып кеткен қылығы оңбағандық деп, оны тағы біреуге сатып жіберуі мүмкін. Ал сатпаған күнде де жақсылық күтуге болмайды: жақсылықты білмейтін мұндай негрді жұрттың бәрі жек көреді, оның өте нашар жексұрын екенін ылғи оған сездіріп жүреді. Ал менің жағдайым ше! Джимді құтқаруға көмектескен Гек Финн екенін жұрт біліп алады: егер біздің қаланың бір тұрғынымен кездесе қалсам, ұялғаннан жерге кіре жаздап, оның етігін жалауға дайын тұратын шығармын. Әрқашан осылай: адам жаманшылық жасайды, ал ол үшін жауап бергісі жоқ. Әзір ешкім мұнымды білмейді, сондықтан ұялатын ештеңе жоқ деп ойлайды. Міне, менің жағдайым дәл солай. Осы туралы ойлаған сайын, жанымды арым тырналап, өзімді дүниедегі ең оңбаған жексұрын сезіндім. Ақыры басым істей бастады: жеті қат көкте менің оңбаған істерімді, жаман мінезімді көріп, тізіп отырғанын, менің сол қылықтарым үшін жаратушының шапалағы жағымды жандырып жібергенін; маған ешбір жамандық жасамаған байғұс кемпірден менің негрді ұрлап кеткенім — ана жаққа бәрі белгілі екенін түсіндім. Осындай бәрін көріп отыратын көз бар екенін және арамдық мінезді кешіре алмайтынын, сөйтіп ондай адамның шаруасын бітіретінін, міне, маған көрсетіп отыр. Осыны түсінген бойда қорыққаным сондай, аяқтарым қисайып кеткендей болды. Дегенмен мен ақталуға тырысып, өзімше дәлел тапқым келеді; мені ешқандай жақсы қылыққа, жақсы іске ешкім үйреткен жоқ, олай болса мен соншалық кінәлі емеспін; бір-ақ нәрсе көңілімде тұрды: "Жексенбілік мектеп болды емес пе — сен онда неге барып жүрдің? Ол мектепте айтатын, егер кімде-кім негрдің қашып кетуіне көмектессе, сол адам мәңгі бақи дозаққа өртенеді".

Тұла бойым дірілдеп кетті. Сосын қазіргідей емес, жақсы бала болып түзелу үшін құдайға табынып, кемшіліктерімді түзейін деп шештім. Сөйттім де тізерлеп отырдым. Тек аузымнан намаздың сөздері шықпай қойды. Солай болмағанда ше? Құдайдан жасыруға тырысудың керегі жоқ еді. Өзіңнен жасыру да керексіз. Намаздың сөздерін айтуға неге тілім күрмеле беретінін өзім білемін. Себебі мен шын ниетіммен жалбарынып тұрғаным жоқ және адал іс істедім. Өзімше түзелгім келген болып көрінгенмен, ең басты күнәм үшін кешірім сұрап жалбарынған емеспін. Арымның тазалығы үшін жұмыс істеймін, әлгі негрдің иесіне оның қайда екенін айтып хат жазамын деп айтуын айтқанмен, ішкі жан-дүниемнің түкпірінде өтірік айтып жүргенімді өзім білемін, мұнымды құдай да біледі. Құдайға табынып, намаз оқығанда өтірік айтуға тіпті болмайды — мұны түсіндім.

Осылардың бәрін ойлап, әбден басым қатты, бұдан асқан қиындық болуы мүмкін емес, енді не істерге білмедім. Ақыры бір ой ойладым; қазір барып хат жазамын, сосын байқап көремін, намаз оқи аламын ба, жоқ па. Таңғаларлық жағдай: сол сәтте менің жан дүнием жеп-жеңіл болып кеткені, сонда бәрі маған түсінікті болды. Мен қағаз, қарындаш алып жаздым:

Уотсон ханым, қашып кеткен сіздің негріңіз Джим Пайксвилл қаласынан екі мильдей жерде Фелпс мырзаның қол астында, егер сіз сыйлық жіберсеңіз, Фелпс мырза Джимді өзіңізге береді.

Гек Финн.

Мен сосын өзімді кереметтей жақсы сезіндім, өмірімде бірінші рет күнәдан тазарып, енді намаз оқи алатын шығармын деп ойладым. Дегенмен намазды қоя тұрдым, ал өзім хатты ысырып қойып, ұзақ отырып ойландым: осылай жасағаным жақсы болды, әйтпесе мен жанымды жандырып, өртеніп жатқан дозаққа кетуге аз қалып едім. Сосын әрі қарай ойлай бердім. Өзен бойымен жүрген сапарымызды есіме алдым, ылғи Джимнің бейнесі көз алдымнан кетпей қойды — күндіз, түнде немесе айдың жарығында, жаңбырда екеуміздің салдың үстінде жүзгеніміз, әңгімені соғып, сосын ән салғанымыз, күлгеніміз — бәрі кәдімгі қазіргідей елестейді. Бірақ неге екенін білмеймін, әйтеуір Джимді жек көретіндей, оған қарсы болатындай еш нәрсе ойыма түспейді, қайта керісінше оның тек жақсылығы көз алдыма келеді: біресе өзінің кезегін өтегесін, мені ұйықтасын деп оятпай, менің орныма тұратыны; біресе қою тұманда мен салға оралғанда, сосын балшықта кездескенде оның қалай қуанғаны; оның мені ылғи "көгершінім", "ұлым" деп еркелететіні, мен үшін қолынан келгенінің бәрін жасайтыны, оның соншалықты мейірімділігі; ең соңында менің есіме түскені — оны тұтқыннан құтқарғаным, жұрттың бәріне біздің салда шешек ауруы шықты деп, ешкімді келтірмегенімді естігенде ол қандай қуанды, алғысын жаудырып, дүниеде менен артық досы жоқ екенін айтып риза болғаны...

Сол жерде көзім анадай жерде жатқан хатыма түсті. Қасымда жатыр. Оны қолыма алып, біраз отырдым. Сонда тұла бойым тағы дірілдеп кетті, себебі бір нәрсені таңдауға шешім қабылдауым қажет — мұны түсіндім. Бір минуттай ойладым, тіпті дем алмаған секілдімін сосын өзіме өзім айттым.

— Не істеуім керек, дозақта өртенуіме тура келеді.

Алдым да хатты жыртып тастадым.

Бұл туралы ойлау қорқынышты болды, мұндай сөздерді айту да қорқынышты, бірақ мен әйтеуір айттым.

Ал айтылған сөз айтылды, бұдан кейін мен түзелуім керек деп ойлаған да емеспін. Осылардың бәрін басымнан шығарып лақтырып тастадым; өзіме өзім бұрынғыша күнәға батыратын істерді бұрынғыша істей берем, ешкім мені жақсылыққа үйретпеген екен, яғни менің тағдырым бәрібір осылай болады.

Күнәкарлық ісімді Джимді ұрлап алып, құлдықтан босатудан бастаймын; ал егер бұдан да жаман ой келсе, оны да іске асырамын; қалай болғанда да мен бәрібір сүттен ақ, судан таза адам болмайды екем, ендеше ойға алғанымды істеп тынайын.

Бұл істі қалай жасауым керек деп әртүрлі әдістерді ойлай бастадым; ақыры ыңғайлы деген біреуіне тоқтадым. Орманда өскен бір аралды байқап едім, өзеннің төменгі жағында, қараңғы түскесін салды жасырған жерімізден шығарып, әлгі аралға беттедім, сол жерге жасырып, өзім ұйқыға бас қойдым. Түнімен ұйықтап, таң біліне тұрдым, тамақтанып алып, дүкеннен сатып алған жаңа киімдерді кидім, ал қалған киімдерді және тағы басқа ұсақ-түйек заттарды буып-түйіп алдым да, қайыққа отырып, жағаға бардым. Фелпстің плантациясы осы маңда шығар деп жорамалдап, ол жерден төменірекке қайығымды байладым, қолымдағы затымды орманға жасырып, қайықты таспен толтыруға жақындатып, ішіне су толтырдым, сосын орман кесетін жерден жарты мильден аздау жерге суға батырдым — қайық тағы керек болғанда оны тауып алу оңай болсын деген ой.

Осыдан соң жолға шығып, орман кесетін жерден өтіп бара жатып, "Фелпстің орман кесетін жері" деген жазуды көрдім, әрі қарай жүріп усадьбаға келгенімде  — ол екі жүз-үш жүз қадамдай жерде екен — күн жарық болса да ешкімді көре алмадым. Бірақ мен әзір ешкіммен сөйлескім келмеді — маған керегі олардың қай жерде несі бар екенін біліп алу. Менің жоспарым бойынша, мен өзен жақтан емес, қаладан келуім керек еді. Мен қарап алып, қалаға қарай тура тарттым. Мен кімді кезіктірдім, сіз қалай ойлайсыз? Бірінші кездескен адамым — герцог! Ол хабарландыру қағып жүр екен: "Корольдың керігі", тек үш қойылым — бәрі өткен жолғыдай. Бұл жүліктердің оңбағандығында шек жоқ! Мен оған ойламаған жерден тап болдым да көрінбей қашып кетуге үлгере алмадым. Ол таңданғандай болды да:

— О, сен қайдан келдің? — деді, сосын қуанған кейіппен, — ал сал қайда? Жақсылап жасырдың ба? — деп сұрады.

— Осы сұрақты сізден сұрайын деп едім, мәртебелі мырза.

Ол сол жерде қуанғанын қойып:

— Сен неге бұл жайлы менен сұрап тұрсың? — деді.

— Кеше мына сыраханадан корольды көргенде, ол есін жиып, мастығынан айыққанша қашан, оны салға қапелімде апара алмаспыз деп ойлағам; сосын қаланы аралап қаңғуылдап жүрдім — бірдеме етіп уақыт өткізу керек қой! Бір кісі өзеннің арғы бетіне өтіп, сол жерден қой әкелуге көмектесуді сұрады, сол үшін он цент беремін деп уәделесті, мен көмектестім; қайыққа салар жерде қойдың басын байлаған жіпті әлгі кісі маған ұстатты да, өзі артынан итерді, қой маған әл бермей қашып кетті, ал біз соңынан тұра қудық, қараңғы түскенше қудық, сосын қойды қалаға әкелдік, сосын мен салға кеттім. Келсем — сал жоқ! "Олар бір қиындыққа тап болған шығар да, менің негрімді алып қашып кетті-ау деп ойладым. Ал, ол негр жалғыз меншігім және өзім басқа елде жүрмін, содан басқа түгім де жоқ, нан тауып жейтін жұмыс та қолымнан келмейді". Отыра қалып бақырып жыладым. Орманда жаттым. Ал содан сал қайда кетті? Және Джим қайда? Байғұс Джим!

— Мен қайдан білем... салды айтам. Анау алжыған ақымақ шал бірдеңені сатып, қырық доллар алыпты, ал біз сыраханадан оны тапқанда, біреулер ақшасының бәрін дерлік сорып алған, қалғанына өзі ішкен. Ал мен оны түннің бір уағында әрең деп алып келсем, сал жоқ, біз сонда ойладық: "Ана шайтан бала, шамасы, біздің салымызды ұрлап, бізді тастап, өзеннің төменгі жағына кеткен".

— Мен негрімді қалай тастаймын? Ол менің жалғыз жеке меншігім ғой.

— Біз бұл туралы тіпті ұмытып кеттік. Ол біздің негріміз деп үйреніп кетіппіз, әңгіме қайда... оны өзіміздікі деп есептедік;онымен біраз әурелендік емес пе? Салдың жоқ екенін көргесін, біз тағы бір рет "Керікті" байқап көрейік деп шештік. Басқа ештеңе қалмады. Міне, таң атқалы аузыма нәр алғаным жоқ. Сенің әлгі он центің қайда? Әкел мында!

Менде біраз ақша бар еді, оған он центті бердім, тек тамаққа ғана жұмсауын және маған да жейтін аздап болса да беруін сұрадым, себебі кешеден бері аузыма ас алмадым дедім. Бұған герцог жауап қатқан жоқ, сосын маған бұрылып:

— Сеніңше қалай, негр бізді көрсетпес пе екен? Олай істейтін болса, біз оның терісін тірідей сыпырамыз.

— Ол қалай көрсетеді? Қашып кетті ғой!

— Жо-оқ! Әлгі кәрі мылжың негрді сатып жіберіпті, менімен ақылдаспастан, ақша солай босқа кетті.

— Сатты? — деп сұрадым да, жылай бастадым. — Қалай сонда... ол менің негрім ғой және ақша да менікі... Қайда ол? Менің негрімді өзіме беріңдер!

— Ешкім де саған негрді бермейді, шаруасы бітті, босқа қыңсылама. Тыңдашы, сен бізді көрсетуді ойлап тұрған жоқсың ба? Мен саған тіпті де сенбеймін. Олай істеп көр тек!

Ол үндемей қалды, көзі ашулы, мұндай сұсты көзқарасты мен бұрын-соңды көрмеппін.

Жылауымды қойғаным жоқ, бірақ:

— Ешкімді де көрсету ойымда жоқ және оған уақытым да жоқ, мен негрімді іздеп табуым керек, — дедім.

Бұл айтқаным оған ұнамағаны көрініп тұрды: ол ойланып тұрды, қолындағы хабарландыру желмен желпілдеп кетті; сосын қабағын шытып:

— Саған, міне, мынаны айтайын. Осында біз үш күн боламыз. Егер сен өзің біз туралы айтпауға уәде берсең және негрге де үндемеуді бұйырсаң, мен оның қайда екенін саған айтам...

Мен оған уәде бердім.

— Бір фермерде, ал оның аты Сайлас Фе... — Сосын үндемей қалды.

Түсінесіз бе, ол әуелі шындықты айтқысы келді, ал үндемей қалғанда, ойлана бастады да, сосын алғашқы ойынан танды. Шамасы, солай болған секілді. Не дегенмен ол маған сенбейді, сондықтан мен оларға кедергі болмауым үшін мені үш күнге бір жаққа жібергісі келіп тұр. Үндемей тұрды да:

— Оны сатып алған кісінің аты Абрам Фостер, Абрам Дж. Фостер, ал ол Лафайетке баратын жолдың бойында — ол қырық мильдей жер.

— Жақсы, — деймін, — үш күнде ол жерге жетем. Бүгін күндіз жолға шығамын.

— Жоқ, күндіз емес, қазір кет, уақыт оздырма және жол бойында аузыңа келгенді айтпа! Тіліңді тісіңнен шығарушы болма және жылдамырақ жүр, сонда саған біздің тарапымыздан ешқандай жамандық болмайды, түсіндің бе?

Міне, маған керегі де осы бұйрық еді. Мен іске кірісу үшін осылай аяқ-қолымды босатып алуым керек.

— Ал бар, — деді ол, — Фостер мырзаға айтқың келгеннің бәрін айтуыңа болады. Мүмкін ол Джимнің сенің негрің екеніне сенер — документтерді талап етпейтін ақымақтар болады; менің естуімше, бұл жақта, яғни Оңтүстікте, сондайлар бар. Ал сен жалған хабарландырулар, марапаттар жайлы оған айтқанда, дұрыстап түсіндір: ол неге керек болды, мүмкін ол сенер сенің айтқандарыңа. Енді табаныңды жалтырат, оған айтқың келгеніңнің бәрін айт, тек баратын жеріңе жеткенше жол бойы аузыңды ашпа!

Мен өзен жақтан бұрылып, артыма қарамастан жүре бердім; оның мені бақылап тұрғанын онсыз да сезіп барамын. Бәрібір кешікпей, бақылаудан оның мезі болатынын білемін. Осы бағытта тоқтамастан бір мильдей жүрдім; сосын орманнан айналып Фелпстің усадьбасына келдім. Ана малғұндар кетпестен бұрын Джим бәрін айтып қоймауы үшін мен істі не де болса бірден бастайын деп шештім.

Әйтпесе ана ағамыздан талай жамандыққа жолығуымыз мүмкін. Мен оларға, олардың істеріне әбден тойдым және ендігі жерде оларды көргім де келмейді.

Отыз екінші тарау

МАҒАН ЖАҢА ЕСІМ БЕРІЛДІ

Мен усадьбаға жеткенде айнала тып-тыныш, дәл жексенбі күн секілді, күн шақырайып тұр, ыстық-ақ; жұрттың бәрі жұмысқа, далаға кеткен; ауаны торлаған қоңыздар мен шыбынның ызыңынан айналаның бәрінде тіршілік тынысы тоқтағандай, адамды соншалықты көңілсіздік басады; егер самал желпіген жапырақтар сыбдырласа, жаның шығардай қорқынышты: баяғыда өлген адамдардың рухы сен жайлы айтып, түрлі елестер сыбырласып тұрғандай.

Жалпы, осындайдан әрқашан өзің де өліп кеткің келеді, бәрі тезірек бітсе екен деп ойлайсың!

Фелпстің мақта егістігі шағын көлемдегі бірінен-бірі аумайтын егістіктердің бірі екен. Есіктің алды екі акрдей, шарбақпен қоршалған, ал шарбақтан секіруге және әйелдердің атқа мінуіне оңай болуы үшін шарбаққа тақап бөренелердің кесінділерін қойған — олар биіктіктері әртүрлі кішкене бөшкелер секілді; есік алдындағы кейбір жерде сиректеу шөп өскен, кей жерлер сыры кеткен қалпақтай жылтырайды; ақ адамдардың үлкен үйі сүргіленген бөренелерден жасалып, арасындағы сызықтар ақ балшықпен бітелген, сыртынан әктеліпті, бірақ ұзақ мерзімнен бері үйдің сыртына ешкімнің қолы тимегені көрініп тұр; ас үй де бөренелерден қиып жасалған да, үлкен үймен екі ара жалпақ, әрі ұзын етіп көлеңкеленген; ас үйдің сыртында бөренеден жасалған ет сүрлейтін үй бар; оның қарсысында аласа үш жертөле — негрлердің тұрағы; бір шағын ғана жататын үй есік алдынан шарбаққа тақалып бөлектеу тұр, екінші жақта түрлі жұмысқа арналған үйшіктер; жаңағы бөлек тұрған үйдің жанында төгілген күл үйіліп жатыр, жанында сабын қайнататын үлкен қазан; ас үйдің алдындағы орындықта су құйылған шелек және асқабақтың қабығынан ойылған ыдыс; сол жерде күнге қыздырынып ұйқыға кеткен ит жатыр; арғы жағында тағы да иттер; есік алдының бұрышында көлеңкелі үш ағаш өсіпті, шарбаққа жақын қарақат, шарбақтың сыртында қауын-қарбыз өсетін бақша; арғы жағында мақта өсетін плантация да, одан әpi — орман.

Мен үйді айналып шықтым да, бөрене кесінділері арқылы шарбақтың басқа жағынан үйіліп жатқан күлдің қасына түстім. Сәл жүрген соң өрмектің гуілдеген жылауық дыбысын естідім; ол біресе кәдімгідей қатты шығады, сосын бәсеңдейді; мен сол жерде шынымен өлгім келді, себебі әлгі соншалық мұңды, адам шыдай алмайтын дыбыс еді.

Мен тура алға қарай жүрдім, ештеңе ойлағаным да жоқ, тек құдайға сиындым — адамға қиын сәт туғанда ол не айту керек екенін меңзеп жәрдемдеседі; құдай маған сөз айтатын кезде үнемі көмектескенін, әрине, өзім қателік жібермесем, мен байқайтынмын.

Есік алдындағы шағын алаңның ортасына жете беріп ем, қарасам — әуелі бір ит мені қарсы алғалы тұр, сосын екіншісі көрінді, ал мен, әрине, тапжылмай оларға қарап тұра қалдым. Ой, бәрі қосылып үріп, айналаны бастарына көтергенін көрсеңіз!

Бірнеше секунд өткенде иттер мені қоршап алды, шамамен он бес шақты ит тұмсықтарын маған созып біреулері ұлып, екіншілері үріп, тағы басқалары да арғы жақтан шапқылап келіп қосылып жатыр; қарап тұрмын — шарбақтан қарғып, бұрыштардан шабуылдап, жан-жақтың бәрінен иттердің әскері келе жатқандай.

Ac үйден негр әйел қолында оқтауы бар жүгіре шығып: "Кет әрмен, Барыс! Жоғал әрі, Мушка!" — деп айқай салып, екі иттің кезек-кезек емін берді, екеуі қыңсылап зыта жөнелді де, олардың соңынан қалғандары да қашты; бір минут өтпей-ақ иттердің жартысы тағы менің жаныма келіп, құйрықтарын былғаңдатып, еркелей бастады. Ит ешқашан жамандықты еске сақтамайды және өкпелемейді.

Ал негр әйелдің соңынан үш негр бала тұра жүгірді — қыз және екі ұл — үстерінде жалғыз ғана кенеп көйлектері бар; олар аналарының етегіне жармасып, ұялшақтап маған қарайды. Үлкен бір ақ нәсілді әйел жүгіріп келеді, жасы қырық бес-елудің шамасында, жалаңбас, қолында өрмектің қылышы бар; артынан оның ақ балалары жүгіріп келеді, дәл негр балалар секілді анасына тығылды. Әлгі әйел қуаныштан жарылардай күлімдеп:

— Бұл сенбісің, әйтеуір келдің бе! — деді.

— Иә, апай, — деген сөздер аузымнан қалай шығып кеткенін өзім де білмей қалдым.

Ал ол мені иығымнан ұстап құшақтады, сосын екі қолымды алып қысып жатыр, көзінен жас сорғалайды; әлі мені босатпай, қолымды қысқан күйі:

— Сен анаңа тіпті де тартпапсың, мен ойлап едім... Ой, мен не деп тұрмын, құдайым-ай! Бәрібір емес пе! Сені көргеніме қандай қуаныштымын! Жеп қойғым келді! Балалар, мынау сендердің немере ағаларың Том! Барыңдар, амандасыңдар! — деді.

Бірақ балалар бастары салбырап, саусақтарын ауыздарына салған күйі аналарының артынан шықпады. Ал апай болса, зыр жүгіріп:

— Лиза, қазба, таста, бұған ыстық тамақ бер! Сен мүмкін пароходта тамақтанған шығарсың?

Мен тамақтандым дедім. Ол сосын мені жетектеп алып үйге жүгірді және балалар да біздің соңымыздан жүгіріп келеді. Үйде мені отыратын жері астына қарай түсіңкіреген орындыққа отырғызды, ал өзі менің қарсы жағымдағы аласа орындыққа отырып, менің екі қолымды алақанымен сипалап:

— Міне, мен енді саған жақсылап қарап алуыма болады. Құдайым-ай, осы сәтті қанша жыл армандадым, ақыры сен осындасың! Біз сені күткелі екі, жоқ, тіпті одан да көп күн болды. Сен қалай осынша кешіктің? Пароход тайызға отырып қалды ма?

— Иә, апай, ол...

— "Апай" деме, "Салли тәте" де... Ол пароход қай жерде отырды?

Мен не деп жауап берерімді білмедім, себебі пароходтың қай жақтан  жоғарыдан ба, жоқ, төменнен бе — келетіні маған белгісіз. Бірақ мен үнемі өзімнің ішкі сезімімді тыңдаймын; сол сезім маған пароход төменгі жақтан — Орлеаннан келеді дегендей болды. Ал бұл жолы ол маған көмектесіп жарытпады: төменгі жақта қайраңды қалай атайтынын мен білмеймін ғой. Қайраңның атын ұмытып қалғандай болуым қажет болды немесе... Кенет мен:

— Қайраң емес, біз аз ғана тоқтап қалдық. Цилиндрдің басы жарылып кетті, — деп соқтым.

— Жарылқай гөр, жасаған! Біреуді жарақаттаған жоқ па?

— Жоқ, ешкімді де. Тек бір негр өлді.

— Сендердің жолдарың болған екен; кейде ондай жағдайда жолаушылар жарақаттанатыны болады. Алдыңғы жылы Христостың туған күні мейрамында сенің Сайлас ағаң "Лалли Рук" пароходымен Жаңа Орлеаннан келе жатқанда ескі пароходта цилиндрдің басы жарылып кетіп, бір кісіні әбден жарақаттаған, сол кейін өлді ғой деймін. Бір баптист. Сенің Сайлас ағаң Батон-Руждағы бір отбасын білетін еді, олар әлгі кісінің туыстары болатын. Енді ойыма түсті — ол кісі, шынында да, өлді. Денесінің жаны кетіп, сосын бір аяғын кескен. Ол да көмектеспеген. Иә, жаны кетіп, тұла бойының бәрі көгеріп, адам қарауға қорқатын болған... Ол содан жұмаққа жаным кіреді деген үмітпен өліпті. Ал сенің ағаң сені қарсы алу үшін күнде қалаға барады. Бүгін де кетті, бір сағаттай болды; қазір келіп қалар. Сен жолда кездесуің керек еді... Көрген жоқсың ба? Біраз жасқа келген егде адам...

— Жоқ, мен ешкімді көрмедім, Салли тәте. Пароход өте ерте, таң ата келді; заттарымды кемежайға тастап, өзім қаланы көруге кеттім, сосын уақытты өлтірейін деп аздап қыдырдым, мен жол бойымен жүргенім жоқ.

— Заттарыңды кімге бердің?

— Ешкімге де.

— Оның не, балақай, ұрлап кетеді ғой!

— Жоқ, мен жақсылап жасырдым, ол жерден ұрламайды, — дедім.

— Сен қалай осынша ерте пароходта тамақтандың?

Бұл қауіпті сұрақ, бүлдіріп аламын ба деп, сосын:

— Капитан палубада мені көріп, жағаға шыққанша тамақтанып ал деп салонға апарып, өзінің үстеліне отырғызды — содан тойып алдым, — дедім.

Мен өз-өзімнен қысылып, тіпті оның не айтқанын дұрыс тыңдамадым. Менің басымда бір ғана ой — балаларды оңаша шығарып, өзімнің кім екенімді білу. Алайда ешқандай мүмкіндік жоқ: Фелпс ханым бас жоқ, аяқ жоқ тоқтамай сөйлей берді, сөйлей берді. Ол енді:

— Ой, мен қай-қайдағыны соғып мылжыңдай беріппін ғой, ал сен маған менің әпкем және басқалар жайлы бір сөз айтпадың. Енді мен аузымды жабайын, сен сөйле. Олар туралы айт, кім не істеп жүр, тұрмыстары қалай, маған қандай сәлем айтты... бәрін-бәрін, ойыңа түскенін қалдырмай айт, — дегенде, кенет арқамда аралар жорғалағандай күй кештім.

Торға түскен жерім осы болды, тор болғанда қандай!

Осыған дейін құдай маған қалай болса да көмектесіп келді, бұл рас, оның есесіне енді мен қайраңға батқан кемедей малтықтым да қалдым. Бұлталаңдағанмен ештеңе шықпайтынын көріп тұрмын — ойыннан шығуға тура келеді. Барлық шындықты айтпасам болмайтынын көріп тұрмын. Аузымды аша беріп ем, Салли тәте мені ұстап, кереуеттің артына төбемнен төмен итеріп:

— Міне, ол келе жатыр! Басыңды төменірек бүк, солай... енді дұрыс болды. Дыбысыңды шығармай отыр. Мен онымен әзілдесейін... Балалар, сендер де үндемеңдер, — деп бұйырды.

Мен тағы бір оқиғаға тап болдым деп ойладым. Бірақ мазасызданып қажет емес: ештеңе істей алмайсың, тек дыбысыңды шығармай отырып, найзағай ойнайтын сәтті күт.

Мен шал үйге кірген кезде ғана оны байқап қалдым, сосын кереуеттің тасасына отырғанымнан ол көрінбеді. Фелпс ханым оған қарсы жүріп:

— Ол келді ме? — деп сұрады.

— Жоқ, — деп жауап берді күйеуі.

— Жарылқай гөр, жасаған! — деді ол. — Оған не болды екен?

— Не ойларымды білмей тұрмын, — дейді шал. — Шынымды айтсам, өзім де өте мазасызданып тұрмын.

— Сен мазасызданасың, ә! — деді ханым. — Ал мен есімнен танып тұрмын! Ол, шамасы, келген шығар да сен жол бойында байқамаған боларсың. Солай, солай, мен сезіп тұрмын.

— Не деп тұрсың, Салли, мен оны қалай көрмеймін, өзің білсең ғой.

— Ой, құдайым-ай, құдайым-ай, апай енді не ойлайды.

Ол келген болар! Тек сен оны байқамадың. Ол...

— Менің мазамды алмашы, онсыз да не істерге білмей тұрмын.

Не ойларымды да білмеймін. Шынымды айтсам, ойым онғабөлініп, тіпті қорқып тұрғаным. Ол келді деп сенуге болмайды,өйткені мен оны көрген болар едім. Салли, масқара болдық: пароходқа бірдеме болды ма деп зәрем жоқ.

— Ой, Сайлас! Сен ана жол жаққа қарашы; біреу келе жатқан секілді ме?

Шал терезеге үңілді, Фелпс ханымға керегі де сол еді. Ол тездетіп кереуеттің артына еңкейіп, мені итерді, мен шықтым. Шал терезеден бұрылғанда, Салли апай тіке тұрып үлгерді және өзіне риза болғандай күлімдеп, жүзінен шуақ төгіледі, ал оның жанында қара терге түсіп мен тұрмын. Шал маған көз салып:

— Бұл кім? — деді.

— Сенше кім, айтшы ал!

— Миыма кіріп-шықпайды. Кім бұл?

— Том Сойер — міне, кім!

Мен жердің тесігі болса кіріп кетердей күйдемін! Бірақ ойланып-толғануға мүмкіндік жоқ; шал қолымды алып қысып жатыр; ал оның әйелі бұл кезде бізді шырқ айналып секіреді және өзі әрі жылап, әрі күліп мәз болып жүр; сосын екеуі қосылып мені сұрақтың астына алсын — Сид қандай болды, Мери қалай және барлық туысқандар жайлы.

Олардың қуанышында шек жоқ секілді, бірақ менің қуанышыммен салыстырғанда олардікі түк емес; мен дәл жаңа туғандаймын — өзімнің кім екенімді біліп қуандым-ай. Олар екі сағат бойы маған шабуыл жасады, ал мен тілім аузыма сыймағанша айтып жатырмын; және оларға өзімнің отбасым жайлы да — яғни Сойерлердің отбасы — қалдырмай айттым. Оған қоса Уайт-Риверде цилиндріміз жарылып, оны үш күн бойы жөндегенімізді де қалдырмадым. Мұның бәрі үйлесімді шықты және жақсы әсер қалдырды, себебі олар бұл мәселелер туралы көп ештеңе білмейді, түсінгендері — жөндеуге үш күн кеткені. Егер болттың басы жарылды десем де, олардың сенетініне күмән жоқ.

Енді өзім бір жағынан жақсы сезіндім, оның есесіне екінші жағынан — көңілімнен бір зіл кетпеді. Том Сойер болған әрі жеңіл, әрі жақсы және бәрі ойдағыдай келе жатыр еді, кенет пароходтың тарс-тұрс дыбысы естілді және ол жоғарғы жақтан келеді. Оның ішінде Том Сойердің өзі келе жатса қайтем деген ой басыма сарт етті. Кенет ол қазір бөлмеге кіріп келіп, менің атымды атаса не істеймін, оған көзімді қысып та үлгермеймін ғой?

Бұлай болғызбауым керек. Одан да жолға шығып, оның алдынан тосайын деп ойладым. Оларға қалаға барып затымды алып келемін дедім. Шал менімен барғысы келіп еді, бірақ атты өзім айдай аламын дедім.

Отыз үшінші тарау

КОРОЛЬ МЕН ГЕРЦОГТІ ЖАЗАЛАУ

Мен қалаға ат арбамен кеттім, жарты жолға келгенде қарасам, маған қарсы біреу келе жатыр, дәл өзі: Том Сойер! Мен тоқтай қалып, оның жақынырақ келуін күттім. "Тоқта!" -дедім. Арба тоқтай қалды, ал Том ашылған аузын жаба алмай, тамағы кеуіп қалғандай екі-үш рет жұтынып алды да:

— Мен саған ешқандай жамандық жасаған емеспін. Өзің білесің. Ендеше о дүниеден неге келіп тұрсың? Менен саған не керек? — деді.

Мен айттым:

— Мен о дүниеден келгенім жоқ, мен өлгенім жоқ.

Ол менің дауысымды естіп, аздап өзіне өзі келгендей болды, дегенмен әлі де онша тыныштала қоймады.

— Сен маған тиіспе, мен саған ештеңе жасаған жоқпын ғой. Ал, сен, шынында да, елес емессің бе, үнділік сөзіңді айтшы? — деді.

— Үнділік сөзім, жоқ, елес емеспін!

— Олай болса... мен, әрине... ендеше сөз айтудың қажеті жоқ. Бірақ мен түкке түсінбедім, ештеңе! Қалай сонда... сені өлтірген жоқ па еді?

— Ешкім мені өлтіруді ойлаған да емес, бәрін істеген мен өзім болатынмын. Кел, маған жақындап ұстап көр мені, шынымен сенбей тұрсаң.

Ол мені ұстап көріп, сосын тынышталды және мені көргенде қуанғаны сондай, тіпті не істерін білмеді. Оның менің басымнан кешкендерімді сол бойда басынан бастап білгісі келді, өйткені менің өмірімнің өзі жұмбақ болып кетті ғой; оны қызықтырған сол. Бірақ мен оған арбаны тоқтата тұр, дәл қазір әңгіме соғуға болмайды дедім. Сосын екеуміз менің ат-арбамды шеткері шығарып, мен Томға қандай тарихи оқиғаға тап болғанымды айттым да, енді қалай еткеніміз дұрыс деп сұрадым. Ол өзіне ойлануға мұрша беруімді сұрады, ойланып-ойланып кенет:

— Бәрі дұрыс. Ойлап таптым. Менің сандығымды сен алып өзіңнің арбаңа сал, жүгім осы еді; көлігіңді кері қарай бұр және жайлап жүр, үйге тездетіп жетіп бармау үшін; ал мен қалаға кетемін де, сенен кейін жарты сағаттан соң келемін; ал сен байқа, мені білетініңді сездірме! — деді.

— Жарайды, тек сәл кідіре тұршы, — дедім. — Тағы бір үлкен шаруа бар, оны менен басқа ешкім білмейді: мен бір негрді ұрлап, құлдықтан босатқым келеді, оның есімі Джим — Уотсон ханымның негрі.

Том:

— Қалай, Джим деген...

Ол осыны айтып тоқтады да, ойланып қалды.

— Сенің не айтқалы тұрғаныңды білемін, — дедім оған. — Сен бұл оңбағандық, барып тұрған сорақылық дейсің. Не істеймін мен оңбағанмын, оны ұрлаймын, ал сен үндеме, мені көрсетпе. Келісесің бе?

Томның көзі жайнап кетті:

— Мен оны ұрлауға саған көмектесемін! — деді.

Сол жерде есімнен айырыла жаздадым. Мұндай күтпеген жағдайды өмірімде бірінші рет естіп тұрмын, сізге шынымды айтайын, Том Сойер менің алдымда абыройын айрандай төкті — осыдан кейін мен оны бұрынғыдай сыйламайтын болдым. Тек мен оған сене қоймадым: Том Сойер — және ол кенет негрлерді ұрлайды!

— Өтірігіңе жол болсын, — дедім. — Не, әзілдеп тұрсың ба?

— Әзілдеу жайлы ойлап та тұрғаным жоқ.

— Жарайды, — деймін, — әзілің бе, жоқ па, ал егер қашқан негр туралы біреу-міреуден ести қалсаң, байқа, сен ештеңе білмейсің, мен де ол жайлы түк білмеймін.

Сосын екеуміз сандықты алып менің арбама салдық, сосын Том бір жаққа, мен екінші жаққа кеттік.Тек мен қуанғаннан және түрлі ойлардан үйге жай бару керек екенін есімнен шығарып алыппын және өте тез оралдым. Шал есік алдына шығып:

— Таңғаларлық жағдай! Менің бием осынша тез жүреді деп кім ойлаған! Уақытқа қарау керек еді. Өзі тіпті терлемепті де — бір тамшы тер жоқ! Таңғаларлық! Енді мен мұны жүз долларға да бермеймін, адал сөзім! Ал, мен он бес долларға сатқым келіп еді — одан артық болмайды деп ойлағам, — деп сөйлеп жүр.

Бұдан басқа ештеңе айтпады. Нағыз ақкөңіл, періштедей пәк кісі екен бұл қария және сондай мейірімді өзі. Бұған таңдануға болмайды; ол фермер ғана емес, оған қоса уағызшы екен; плантациясының жанында бөренеден салған шағын шіркеуі бар (оны өз қаражатына салдырған), шіркеу мен мектеп бірге, ал уағыз айтқаны үшін ол ақы алмайды, тегін айтады. Оңтүстікте мұндай фермер-уағызшылар көп екен, олардың бәрі шіркеуде тегін уағыз айтады.

Жарты сағаттан кейін, әйтеуір соған жақын мезгілде Том арбасымен шарбаққа тақалды; Салли тәте оны терезеден көріп, себебі шарбақ бар болғаны жүз қадам жерде:

— Қараңдар, біреу келді! — деді. — Бұл кім болды екен? Меніңше, бөтен біреу ғой деймін... Джимми (бұл — балалардың бірі), жүгір, Лизаға айтшы үстелге тағы бір тәрелке қойсын.

Бәрі есікке қарай жүгірді; танымайтын бөтен адам мұнда жыл сайын келмейді, егер келе қалса, сары аурумен ауырғандай үй иелері жанталасады. Том кесілген бөренелердің үстінен аттап шарбақтан түсті де, үйге қарай аяңдады, арба кері — қалаға қарай жылжыды, ал біз бәріміз есік алдына топырладық. Томның үстінде су жаңа костюм, тыңдаушылар алдында тұр — оған басқа ештеңе керек емес, ол үшін бұл керемет деген тәтті пірәндіктен де артық. Мұндай жағдайда ол жақсы көрінуге тырысады — бұған келгенде ол шебердің шебері.

Ол есік алдындағы алаңқайда жан-жағына қарап тұрмайды, салиқалы, салмақты адамдай нық басып келе жатыр. Бізге жақындай бере қалпағын сәл көтеріп, асықпай, өзін салтанатты түрде ұстап сәлем етті де:

— Арчибальди Никольс мырза, егер қателеспесем? — деді.

— Жоқ, балам, — деп жауап берді шал, — өкінішке орай, арбашы сізді алдады: Никольстің үйі осыдан үш мильдей жерде. Кіріңіз, кіріңіз!

Том бұрылып, иығының үстінен қарады да:

— Кеш болып кетті, ол кетіп қалды ғой, — деді.

— Иә, ол кетіп қалды, балам, ал сіз кіріңіз, бізбен тамақ ішіңіз; сосын біз ат жегеміз де сізді Никольстердің үйіне жеткізіп саламыз.

— Сіздерді мазалау маған ыңғайсыз, қалай болады ол! Мен жаяу-ақ бара саламын, мен үшін миль деген түк емес.

— Иә, біз оған көнбейміз және жаяу жібермейміз — сонда біздің оңтүстіктің қонақжайлылығы қайда қалады?! Кіріңіз, болды, бітті!

— Иә, иә, өтінеміз, — деді Салли тәтей, — бұл біз үшін қиындық емес, ешқандай да! Қалыңыз осында. Алыс жолдан келдіңіз, шаң басқан болар — жоқ, біз сізді жаяу жібермейміз! Оның үстіне, мен үстелге сізге арнап тәрелке қойыңыз дегенмін, сіздің келе жатқаныңызды көре сала, бізді ренжітпеңіз. Өз үйіңіздей көріңіз.

Том оларға ең әсерлі сөздермен алғыс айтты және ақырында айтқандарына көнген болып үйге кірді; үйге кірісімен ол Огайо штатының Хиксвилла қаласынан келген жолаушы, есімі Вильям Томсон деп тағы бір рет басын иді.

Ол әңгімені соғып отыр, соғып отыр, әйтеуір басына келгеннің бәрін әңгіме етеді: Хиксвилл жайлы, оның барлық тұрғындары жайлы; мен ептеп мазасыздана бастадым; мұның бәрі менің қиын жағдайдан шығуыма қалай көмектеседі? Кенет ол әңгімесін тоқтатпастан орнынан тұрды да, Салли тәтейдің тура ернінен сүйіп алмасы бар ма! Сосын тағы орнына отырып, әңгімесін жалғастыра берді; тәтей орнынан ұшып тұрып, қолымен ернін сүртті.

— Әй, сен көргенсіз күшік! — деді.

Ал Том өкпелеген кейіппен:

— Сіз мені таңдандырдыңыз, ханым! — деді.

— Ә, мен оны таңдандырдым, айтыңызшы! Сіз мені кім деп тұрсыз? Міне, мен қазір аламын да... Жоқ, мені сүю сіздің басыңызға қалай келді деймін?

Ол бір түрлі ұялғандай болып:

— Ешқайдан келген жоқ. Мен сізді ренжітемін деп ойлаған емеспін. Мен... мен ойладым, сізге ұнайтын шығар деп.

— Жоқ, бұл барып тұрған ақымақ! — Тәтей өрмектің қылышын алды, Томның басына шыдамай салып жіберетіндей көрінді. — Бұл маған ұнайды дегенді қайдан шығардыңыз?

— Өзім де білмеймін. Маған... маған бәрі айтқан, сізге ұнайды деп.

— Ә-ә, бәрі айтыпты! Егер солай айтқан болса, олар да есуас болғаны. Мен өмірімде мұндайды естіген емеспін. Кім айтты?

— Бәрі. Олардың бәрі осылай деді.

Салли тәтей өзін әрең ұстап тұр; көздері ұшқын атып саусақтары дірілдейді; Томға бас салатын секілді.

— "Бәрі" деген кімдер? Жаныңның барында айт, олардың аты-жөні қалай, әйтпесе жер бетіндегі есуастардың біреуін құртамын!

Ол ренжігендей кейіппен орнынан тұрып, қолындағы қалпағын сипалады:

— Кешіріңіз, мен бұлай боларын күтпеп едім... Маған солай айтқасын. Бәрі айтып еді... оны сүйіп алсаң, өте қуанады деді. Бәрі солай деді. Кешіріңіз, мен енді олай істемеймін... шын айтам, істемеймін!

— Ә, сіз бұдан былай істемейсіз, қарай гөр! Мүмкін, тағы сүйіп көрерсіз?

— Ханым, сізге адал сөзімді айтып тұрмын: енді ешқашан сізді сүймеймін, қашан өзіңіз сұрағанша.

— Өзім сұрағанша! Жоқ, мен ешқашан мұндай сұрқиялықты естіген емеспін! Тым болмаса сіз Мафусаилдың жағынан келгенде адам болсаңыз да, ешқашан мұндай болмайды! Керек еді маған осындай шіріктер!

— Білесіз бе, — деді Том, — бұл мені өте таңғалдырып тұр. Түк түсінсем бұйырмасын... Сүйген сізге ұнайды деп маған айтты және өзім де солай ойладым. Бірақ... — Осы жерде ол жұрттың бәрін көзімен шолып қарады, біреу болмаса біреу достық, жанашырлық ниет көрсетер деген үмітпен; сосын шалға тоқталып: — Мырза, сіз де ол мені қуана сүйіп алады деп ойладыңыз ба?

— Жоқ-ә, неге... мен олай ойламадым.

Том көздерімен іздеп мені тауып алды:

— Том, Салли тәтей мені құшақтап: "Сид Сойер..." деп айтады ғой деп сен ойламадың ба? — демесі бар ма...

— Құдайым-ай! — Тәтей Томның сөзін аяқтатпай, оған құшағын жая жүгірді. — Ұятсыз күшік, осылай кісінің басын қатыра ма екен!

Томды құшақтайын деп еді, бірақ ол оны итеріп:

— Жоқ-жоқ, әуелі менен рұқсат сұраңыз, — деді.

Тәтей уақыт жібермей, сол бойда рұқсат сұрап, оны құшақтап, сүйіп жатыр, сосын ағайға қарай итерді, ол да құшағына алды. Бұдан кейін олар сәл үзіліс жасағасын, Салли тәтей:

— Ой, құдайым-ай, нағыз сюрприз деген осы! Біз сені тіпті күтпеген едік. Жалғыз Томды күткенбіз. Апайым тағы біреу келеді деп жазған емес.

— Себебі бізден Томнан басқа ешкім мұнда келуге жиналған жоқ, — деді Том. — Тек мен ғана қоярда қоймай сұрағасын ең соңғы минутта ол мені де жіберді: ал Том екеуміз пароходта келе жатып, сюрприз жасайық деп ойладық: ол алдымен, соңынан мен келуге уәделестік және мен бөтен адам боламын дедім. Бірақ біз бекер бұл ойынды ойлаппыз, Салли тәте! Бөтендерді мұнда жаман қабылдайды екен.

— Иә, Сид, сендей тентектерді. Сенің жағыңды біраз қызартуым керек еді; дәл осындай ашуланғаным есімде жоқ. Бәрібір сендер не істесеңдер де, қандай фокус көрсетсеңдер де, тек осында болсаңдар екен. Ойлаңдаршы, театр көрінісін жасадыңдар! Шынымды айтсам, сен сүйіп алғанда, мен қаттым да қалдым...

Біз үй мен ас үйдің арасындағы кең көлеңке жерде отырып түскі тамақ іштік; үстелдің үстіндегі тамақтың көптігі сондай, тіпті он отбасына жетерлік және кешегіден қалған-құтқан емес, бәрі жаңа ғана оттан шыққан; жертөледе мұз болып қатып жатқан етті таңертең берсе, оны адам жейтіндер ғана болмаса, жай кісі жей алмайды ғой.

Сайлас ағай ас алдында ұзақ дұға оқыды; дұға ұзақ болғанмен ешкімнің тәбетіне зиян келтірмеді; рас, асығып-үсігіп жатқанда, адамның тамаққа қарағысы келмейтінін талай көргем.

Түскі астан кейін көп әңгімелер айтылды, біз, Том екеуміз, аңысын аңдып елеңдеп отырмыз, бірақ бәрі бос — қашқын негр жайлы олар жұмған ауыздарын ашпады, ал біз бірдеңе айтуға қорықтық. Алайда кешкі тамақтың үстінде балалардың біреуі:

— Пап, Том, Сидпен бірге театр көріністеріне баруға бола ма? — деп сұрады.

— Жоқ, болмайды, — деді шал — Ешқандай көрініс болмайды деп ойлаймын, ал қалай болғанда да, сендер бармайсыңдар. Ана қашқын негр Бертон екеумізге қандай оңбаған көрініс екенін айтып берді және Бертон қала тұрғындарына айтады: ол екі алаяқты ендігі қаладан қуып жіберген де болар.

Міне, әңгіме қайда! Дегенмен мен кінәлі емеспін.

Біз, Том екеуміз, бір бөлмеде, бір кереуетте жататын болдық; біз ұзақ жолдан шаршадық, сондықтан бәріне қайырлы түн айтып, кешкі тамақтан соң бірден ұйықтауға кеттік; онда терезеден шығып найзағайды қайтаратын тұрбадан жерге түстік те, қалаға қарай жүгірдік. Король мен герцогқа ешкім де ештеңе айтпайды деген ойдамын; егер мен оларға ескертуге кеш қалсам, олар қиындыққа ұшырайды, әрине.

Жолшыбай Том маған жұрттың мені өлтіріп кетті, әкесі де ұшты-күйлі жоғалды деп жүргендерін және Джим қашып кеткенде қалай аласапыран болғанын айтты; мен оған біздің жүліктер жайлы және "Керік" туралы, біздің салмен жасаған сапарымыз жайлы үлгергенімше айтып бердім; ал біз қаланың ортасына жете бергенімізде — өте ерте емес, сегіз жарым шамасында — қарасақ, алдымызда қолдарына шырақ ұстаған тобыр айқайлап, шулап, табаларды темірмен соққылап, ысқырып келе жатыр; біз жолдың бір жағына шығып, оларға жол бердік; қарасам: әлгі тобыр король мен герцогты ағаш атқа мінгізіп -мен сол екеуі деп ойладым, ал, оларға қарап кім екенін білу мүмкін емес, үсті-бастарына қарамай жатып құстың жүніне аунатқан екеуінің де адам ұсқыны жоқ, жай екі дәу бірдеңе. Оларға қарап өзім біртүрлі болып кеттім және бақытсыз екі жүлікке жаным ашып кетті; бұл екеуі туралы ешқашан да олардың жамандықтарын еске алмаймын деп ойладым. Оларға қараудың өзі қорқынышты болды. Адамдар деген бір-біріне өте қатал болады екен.

Біз кешігіп қалғанымызды көріп тұрмыз — енді ешқандай көмек бере алмайсың. Соңғы жағында келе жатқандардан сұрап едік, олар қала тұрғындары ештеңе білмейтіндей қалмастан театрлық қойылымға барды, бейшара король сахнада секіре бастағанша үн-түнсіз отырды; сол кезде біреу белгі берді — көрермендер орындарынан атып тұрып, оларды ұстап алды.

Біз үйге қарай аяңдадық, менің көңіл күйім бұрынғыдай емес, бір түрлі құлазып, көңілсіз келемін; мен ештеңе істемесем де кінәлі адамдай сезінетін сияқтымын. Бірақ ылғи солай болады, сен кінәлісің бе, жоқ па — арың онымен есептеспейді, бәрібір сені ішіңнен мүжиді. Менің арыма ұқсаған тынымсыз итім болса, у беріп өлтіріп тастар едім. Ішімдегілердің бәрінен оның көлемі үлкен, бірақ түк пайдасы жоқ. Том Сойер де осыны айтады.

Отыз төртінші тарау

БІЗ ДЖИМДІ ҚОЛДАЙМЫЗ

Біз әңгімелесуді қойдық та ойлануға кірістік. Кенет Том айтты:

— Тыңда, Гек, біздің ойымызға ертерек келмепті, не деген ақымақпыз! Джимнің қайда отырғанын мен білем ғой.

— Не деп тұрсың сен! Қайда?

— Үйіліп жатқан күлдің жанындағы сарайда. Ойлап қарашы. Біз тамақ ішіп отырғанда бір негрдің сонда тамақ апарғанын сен көрмедің бе?

— Көрдім.

— Сен қалай ойладың, ол тамақ кімге?

— Итке.

— Мен де солай ойлағам. Ал, ол тіпті де итке емес.

— Неге?

— Өйткені онда қарбыз болды.

— Дұрыс, болды, мен байқадым. Иттердің қарбыз жемейтіні қалай ойыма келмеді? Бұнымыз тіпті ұят болды!

Міне, өмірде кейде қалай: қарап отырсаң да, ештеңені көрмейсің.

— Міне, былай: әлгі негр ілулі кілтті ашты, сосын ішке кірді; ал, шыққаннан кейін, қайта кілттеді. Біз үстел басынан тұрып жатқанымызда кілтті ағайға әкеліп берді, сол кілт болу керек. Қарбыз — яғни адам жейді; кілт — яғни онда біреу қамалған; осындай мейірімді тамаша халқы бар шағын плантацияда екі адам кілттеніп отыруы мүмкін емес. Онда отырған Джим. Жарайды, мұны өзіміз сезгенімізге де мың шүкіршілік деп қуанып отырмын, кәдімгі із кесушілер сияқтымыз; бұдан басқа әдіс үшін соқыр тиын да бермес едім. Енді сен миыңды қозғап, жоспар ойлап тап, Джимді қалай ұрлаймыз, мен де өз жоспарымды ойлаймын, сосын қайсысы жақсы болса, соны таңдаймыз.

Том Сойердің басы үлкен адамдардай істейді!

Маған салса, герцог не капитанның көмекшісі, болмаса циркте клоун болғанша, осындай басың болғаны артық. Мен бірдеңені ойлаған болдым, тек арым таза болуы үшін: өзім алдын ала біліп отырмын кім жақсы жоспар ойлайтынын.

Әрі-беріден соң Том айтты:

— Сенде дайын ба?

— Иә, — деймін.

— Жарайды, айта бер.

— Жоспар былай, — деймін. — Джим отыр ма онда немесе басқа біреу ме — білу қиын емес. Ертең түнде біз менің қайығыммен барып, салды аралдан бері әкелеміз. Сосын түнгі қараңғыда ол ұйықтап жатқанда шалдың қалтасынан кілтті ұрлап аламыз да, Джиммен бірге салмен өзеннің төменгі жағына кетеміз; күндіз тығылып, түнде жүземіз, бұрын Джим екеуміз солай жүрдік. Мұндай жоспар жарай ма?

— Жарай ма? Неге жарамайды, өте жақсы жоспар! Бірақ тым қарапайым, ешқандай кісі қызығарлық ештеңе жоқ. Егер адамды қинамайтын болса, қауіп-қатерге ұрындырмайтын болса, ол не жоспар? Емшектегі бала да жасай алады. Айқай-шу жоқ, жұртты таңдандыратын әңгіме де жоқ, сабын қайнататын зауыттағы ұрлық секілді.

Мен онымен таласпадым, себебі бұдан өзге әңгімені күткенім жоқ болатын, есесіне оның жоспарының қарапайым болмайтынын алдын ала біліп отырмын.

Солай болып шықты. Ол өз жоспарының мәнін түсіндіре бастады, сонда мен оның жоспары менікінен он бес есе артық екенін бірден түсіндім: біз Джимді бәрібір құтқарамыз, оның есесіне машақаты жетерлік болады, тіпті бізді атып тастаулары мүмкін — Томның жоспары осылай. Маған өте ұнады. Қане, деймін мен, осылай қимылдайық. Оның жоспары қандай екенін қазір айтудың қажеті жоқ: мен біліп отырмын әлі талай өзгерістер енгізіледі.Том іске кіріскенімізде әлі жиырма рет былай да, олай да өзгертетінін біліп отырмын, ыңғай келген жерде жаңа бірдеңелерді қоса қояды. Шынында осылай болып шықты.

Бір нәрсе дұрыс болды: Том Сойер іске шындап кірісті және негрді құлдықтан босатқысы келеді. Міне, мен осыны түсінбей-ақ қойдым. Бұл қалай сонда? Жақсы отбасынан шыққан бала, тәрбиелі, өзінің абыройын қадірлейді және ата-анасы да ұятқа қалғысы келмейтін шығар; баланың басы істейді, көкми емес; қалай болса да оқыды, әріпті таяқ деп білмейтін емес, мейірімді, мұны қасақана жасамайды; енді, міне, керек болса — тәкаппарлығын, өзін аяққа бастырмайтын намысын ұмытып, мынандай шаруаға кіріседі, өзін масқара етіп, ата-анасын бүкіл Америкаға шулату деген барып тұрған қылмыс. Осыны түсіне алмадым. Ұят болғанда... айтатыны жоқ. Не де болса оған көзбе-көз айтуым керек екенін мен білемін, әйтпесе мен қандай доспын! Әзір жария болмай тұрғанда бәрін тастасын. Мен осылай айтқым келіп бастай беріп ем, ол менің сөзімді бөліп:

— Сен не, мен не істегім келетінін өзім білмейді деп ойлайсың ба? Мұндай жағдай басымнан өткенін көріп пе едің? — деп дүрсе қоя берді.

— Жоқ, ешқашан.

— Сол негрді ұрлауға саған көмектесем деп мен айтпап па едім?

— Айттың.

— Жарайды, ендеше.

Осыдан басқа ол ештеңе айтпады, мен де аузымды жаптым. Енді бұл жайлы сөйлесудің мәні қалмады: ол бір нәрсені ойына алса, ақырына дейін соны істемей қоймайды. Оның неге осы іске бас сұққанын түсіне алмадым, бірақ онымен дауласпадым, тіпті бұл жайлы әңгіме айтуды қойдым. Пышаққа өзі түскен екен, мен не істеуім керек!

Біз келгенде үйде қараңғы және тып-тыныш екен, сосын біз есік алдындағы алаңның соңына қарай жүрдік — әлгі күлдің жанындағы кішкене үйшікті зерттеуіміз керек. Біз алаңды түгел айналып өттік — иттер қалай қарсы алатынын байқап алуымыз керек. Олар бізді танып, шу көтермей, әдеттегі ауыл иттерінің түнде өтіп бара жатқан адамдарға көрсететін құрмет сәлемдерін білдірді де тыныштала қалды. Үйшікке жеткесін біз оны алдынан, артынан, жанынан қарап, солтүстік жағындағы қабырғада бұрын мен көрмеген терезе бар екенін анықтадық; жерден біраз биікте, өзі төртбұрышты, мықты тақтаймен бекітіп тастапты.

— Міне, жақсы! Тесігі едәуір үлкен екен, Джим оған сыяды, тек тақтайды жұлып алу керек, — дедім.

— Бұл "бір-екі — күшіміз бар, шүкірлік, үш-төрт — шаруаны бітірдік" дегеннен де оңай, сабақ оқымағаннан да жеңіл. Меніңше, біз бұдан гөрі күрделірек әдіс таба алатын секілдіміз, Гек Фин.

— Жарайды, — дедім мен. — Ал егер қабырғаны аралап кесіп алсақ қайтеді, мені өлтіргенде солай істегем.

— Бұл бірдеңеге ұқсайды, — дейді ол, — бұл әрі жұмбақ, әрі жұмысы ауыр және бәрі жақсы, дегенмен әлі де көбірек әрекеттенуіміз үшін бір қиындау әдіс табуымыз керек. Асығып жатқанымыз жоқ, әлі байқай тұрайық.

Үйшік пен шарбақтың ортасында, солтүстік жағында қосымша салынған үй тұр, биіктігі үйдің төбесіне дейін жетеді, өзі тақтайдан жасалған. Оның ұзындығы әлгі үйшікпен бірдей де, көлденеңі алты футтай. Есігі оңтүстік жақта және ілінетін кілтпен бекітілген. Том сабын қайнататын қазанға қарай кетті, сол жерден іздеп бір темір тауып әкелді, ол қазанның қақпағын көтеретін темір болу керек; ол темірді алды да есіктің жақтауын жұлып алды. Шынжыр жерге түсті, біз есікті ашып ішке кірдік, шырпы жағып қарасақ, бұл әлгі үйшікке қосымша салынған бөлме екен, ортасында есік жоқ, едені де жоқ, жалпы таттанған күрек, тырнауыш, сынған орақтан басқа ештеңе көрінбейді. Шырпымыз сөнді, біз есіктің босағасын орнына қойып, кетіп қалдық, сырттай қарағанда есік жабық тұрған секілді.

Том қуанып:

— Енді бәрі жақсы! — деді. — Біз ол үшін жерді қазамыз, бұл бір аптадай уақыт алады.

Содан кейін үйге келдік; мен үйге жасырын есіктен кірдім — олар бұл жақтағы есікті жаппайтынын біліп алғам, тек теріден жасалған ілгіштен тарту керек — бұл Томға лайық емес, тым жеңіл таңғаларлық ештеңе жоқ, оған міндетті түрде найзағай тартатын тұрбадан түсу керек.

Ол үш рет ортасына дейін барып, үшеуінде де жерге құлап түсті, ақырында басын жаруға сәл қалды. Ол бұл шаруаны тастау керек деп ойлады, демалып алған соң тағы бір рет шығып көрем деп шешті — ақыры шықты!

Таңертең біз өте ерте тұрып, негрлер тұратын үйшіктерге бардық, ойымыз — иттерді өзімізге үйрету және әлгі Джимге тамақ таситын негрмен жақынырақ танысу. Негрлер тамақ ішіп, егістікке баруға жиналып жатыр екен, ал Джимнің негрі тәрелкеге нан, ет және басқа тағамдарды салып жатыр, басқалары кеткен кезде, үлкен үйден әлгі негрге кілт беріп жіберді.

Бұл негрдің бет-жүзі мейірімді және ақымақтау, шашын түрлі жіптермен түйін-түйін етіп байлап қойыпты, себебі содан мыстандар қашады екен. Ол түнде мыстандар келіп, өзін әбден шаршататынын айтты, содан бұған неше түрлі дауыстар естіліп, көзіне әртүрлі көріністер көрінеді екен, ешқашан мұндай малғұндар бұрын осындай ұзақ мезгіл жабысып көрмепті.

Ол өзінің бақытсыздығы жайлы әңгімелегені сондай, тіпті өзінің негізгі жұмысын ұмытып кетті.

— Сен тамақты кімге апарасың? Иттерге бересің бе? — деп сұрады Том.

Негр күлімсірегені сонша, бетінің бәріне күлкі жайылды.

— Иә, Сид мырза, итке. Ол қызық ит! Көргіңіз келмей ме? — деді.

— Көргім келеді.

Мен Томды түртіп қалдым да, сыбырладым:

— Сен не, оған күндіз барайын деп тұрсың ба? Жоспар бойынша олай емес қой?

— Бұрын олай емес еді, енді солай.

Біз жүрдік — ол жерге кіріп кетсе игі еді — тек бұл маған өте ұнамады. Кірдік, түк көрінбейді — сондай қараңғы, ал Джим, шынында да, сонда отыр, ол бізді көріп қуанып кетті:

— Иә, мынау Гек қой! Жасаған, жарылқай гөр, Том мырза да осында келген бе?

Осылай болатынын мен білгенмін, күткенім де осы еді. Енді не істеу керек, миыма ештеңе кірмеді, тіпті бір жақсы ой келсе де ештеңе жасай алмаған болар ем, себебі әлгі негр сол жерде сөзге араласты:

— Құдайым-ай, анау сендерді тани ма?

Енді біз бір-бірімізге қарадық, үйдің іші де жақсы көрінді. Том негрге тесіле қарап, таңданған адамдай сұрады:

— Бізді кім таниды?

— Мына қашқын негр.

— Біледі деп ойламаймын, сенің басыңа қалай келді бұл ой?

— Қалай келді? Ол қазір ғана сіздерді білемін деп айқайлады ғой.

Том түкке түсінбеген адамдай:

— Сенің мұның біртүрлі түсініксіз. Кім айқайлады? Қашан айқайлады? Не деп айқайлады?

— Сосын маған бұрылды. — Сен бірдеңе естідің бе?

Әрине, бұл сұраққа бір ғана жауап айту керек, мен:

— Жоқ, дым естіген жоқпын, ешкім ештеңе айтқан жоқ, — дедім.

Том сосын өмірінде бірінші рет көріп тұрған адамдай Джимге қарап:

— Сен бірдеңе дедің бе? — деп сұрады.

— Жоқ, мырза, — деді Джим. — Мен ештеңе айтпадым.

— Бір сөз де?

— Жоқ, мырза, бір сөз де айтқаным жоқ.

— Ал сен бұрын бізді көрдің бе?

— Жоқ, мырза, көрген емеспін.

Том жаңағы негрге бұрылды, ал анау не істерін білмей, көздері бақырайып кетті, сосын қатқыл үнмен:

— Саған не көрініп тұр өзі? Сен неге олай айқайлады дедің? — деді.

— Ой, мырза, мұның бәрі қарғыс атқыр мыстандардың кесірі. Өліп кете жаздайсың! Мұның бәрін солар, мырза, олар мені ылғи қорқытып, түбі табытқа салатын шығар! Бұл туралы ешкімге айта көрмеңізші, мырза, әйтпесе Сайлас мырза ұрсады, ол ешқандай мыстан дегендер жоқ дейді.Оның осында болмағаны өкінішті — болғанда не айтар еді! Бұл жолы ол бұрыла алмас еді. Міне, ылғи осылай болады: кім ішкіш болса, оны қойғыза алмайсың, өздері ештеңе көрмейді және не екенін айыра алмайды, ал сен көресің, айтасың оларға, олар сенбейді де.

Том оған он цент берді, сосын ешкімге айтпаймыз, мынаған шашыңды түю үшін жіп сатып ал деп бұйырды оған, сосын Джимге қарап:

— Сайлас ағай мына негрді дарға аса ма, жоқ па? — деді, — егер мен қашқан негрді ұстап алсам, мен оны ешқайда бермей, дарға асар едім!

Әлгі негр есік алдына барып ақша жалған емес пе деп тістеп тексеріп тұрғанда, Том Джимге сыбырлады:

— Бізді білетініңді сездірме. Егер түнде жер қазып жатқан дыбыс естісең, үрейленбе, біз Гек екеуміз сені құтқарғымыз келеді.

Джим біздің қолымызды ұстап қыса бергенде негр келді. Біз оған ертсе, тағы да осында келетінімізді айттық; негр неге ертпеймін, әсіресе қараңғы түндерде мыстандар жармаса береді, бірге жүргендерің тіпті жақсы деп қуанып кетті.

Отыз бесінші тарау

ЖАСЫРЫН ЖОСПАРЛАР

Таңғы тамаққа дейін шамасы бір сағаттай бар, біз орманға кеттік. Том жарықта қазу керек, ал фонардың жарығы өте анық көрсетеді — қолға түсіп қалуымыз мүмкін; одан да шіріген топырақты көбірек алып, қараңғы жерге тастасақ, олар жарық береді деді.

Шіріген топырақты біраз алып, шөптің арасына жасырдық та, өзіміз демалуға отырдық. Том көңілі толмай күңкілдеп қояды:

— Осының бәрі сәбидің ойыны сияқты әрі жеңіл, әрі қарапайым, тіпті жасағың келмейді! Сондықтан қиынырақ жоспар ойлау да қиын. Күзетіп тұрған адам жоқ, тым болмаса оған басын айналдыратын сусын ішкізер едік — күзетші міндетті түрде болу керек! Ең болмаса ұйықтататын сусын беретін тым құрыса ит те жоқ. Джимнің бір аяғындағы шынжырының ұзындығы он фут, ол кереуеттің аяғына бекітілген; кереуетті көтеріп, шынжырды босату — бар шаруа осы. Сайлас ағай бәріне сене береді: кілтті бір мисыз негрге беріп қойған, ал ол негр не істеп жүр — ешкім тексермейді. Джим бұдан бұрын да терезеден шығуына болатын еді, бірақ он футтық шынжырмен қалай жүреді, алысқа кете алмайсың. Өте өкінішті, тек бұдан асқан ақымақтық болмайды! Барлық қиындықты өзің ойлап табуың керек. Не істейсің енді, басқа амал жоқ! Бірдеме ойлап табуға, қолдағы барды пайдалануға тура келеді. Сонда да бұл жерде біз үшін ұтымды бір жай бар: біз Джимді түрлі қауіп-қатер, қиындықпен ұрласақ, біз үшін абырой-атақ сол болады және оның үстіне ол қиындықтарды өзіміз басымызбен ойлап тапсақ, әрине, бұл біздің міндетіміз емес. Мәселен, фонарьды алайық. Егер тура айтатын болсақ, фонарьмен жұмыс істеу қауіпті деген пікір туғызуымыз керек. Сол жерде факелден парад жасасаң да, ешкім қыбыр етпейді деп ойлаймын. Менің басыма бір ой келді: әуелі ара жасайтын бір нәрсе табу керек.

— Бізге араның керегі қанша?

— Қалай керегі қанша? Шынжырды алу үшін кереуеттің аяғын кесу керек қой!

— Кереуеттің аяғын көтерсе болды, шынжыр алынады деп өзің айтпап па едің?

— Бұл саған ұқсайды, Гек Финн! Қалай да сәбидің әдісін таңдайсың. Сен немене, ешқандай кітап оқымағанбысың? Барон Трэнке туралы, Казанова туралы, тіпті Бенвенуто Челлини туралы кітаптардың біреуін де оқымадың ба? Ал Генрих Наваррский ше?

Мұндай атақтылар аз ба? Қамауда отырған адамдарды осындай түкке тұрмайтын әдіспен босату деген қашан, қайдан естіліп еді? Жоқ, барлық атақтылар аяқты екі рет аралап солай қалдыру керек дейді, ал ағаш ұнтағын жұтып қою керек, сонда ешкім білмейді, ал аяқты балшықпен және малдың майымен сылап тастайды, сосын ең қырағы түрме күзетуші де аяғы бүтін екен дейді. Содан кейін сен қашуға әбден дайын болған кезде теуіп қаласың, аяғы ұшып кетеді, шынжырды аласың — бәрі осымен бітеді. Сосын жасайтын ештеңе жоқ, жіптен жасалған баспалдақты лақтырасың да,сырғанап орға түсесің, аяғың сынады, өйткені баспалдақ өте қысқа — он тоғыз фут жетіспейді — ал сол жерде сені аттар күтіп тұрады, сенімді уәзірлер сені қағып алады да, ерге көлденең салады, сосын сені өзің туған Лангедокқа алып жүреді немесе Наварраға, болмаса тағы басқа бір жаққа. Міне, мен осылай түсінемін, Гек! Егер үйшіктің жанында op болса ғой! Егер уақыт жетсе, біз қашатын түні оны жақсылап қазамыз.

— Бізге ордың қажеті қанша — біз Джимді үйдің іргесінен қазып шығармаймыз ба? — дедім мен.

Ал ол мені тіпті тыңдап отырған жоқ. Мені де, дүниедегі басқаны да ұмытып, қолымен жағын сүйеп қойып ойланып отыр, сосын терең дем алды да басын шайқап күрсінді:

— Жоқ, бұлай істеудің қажеті жоқ, — деді.

— Не туралы айтып отырсың, — деп сұрадым.

— Иә, Джимнің аяғын арамен кесуді айтам.

— Құдай сақтасын! — деймін. — Әрине, оның қандай қажеттілігі бар?Оның аяғын кесу керек деген ойды сен қайдан шығардың?

— Көптеген атақтылар солай істеген. Олар шынжырды шығара алмай қолдарын кесіп қашқан. Аяғын кескен дұрыс болар еді. Бірақ біз онсыз жасаймыз. Бізге пәлендей қажеті жоқ, бұдан басқа Джим — негр, ол неге жасағанымызды түсінбейді, Еуропада осылай жасайды деп оған түсіндіре алмайсың. Жоқ, бұл әдісті қою керек! Ал жіптен баспалдақ жасау — бұл болады: біз өзіміздің төсегіміздегі жаймаларды жыртып, көзді ашып-жұмғанша Джимге жіптен баспалдақ жасап береміз. Ал оны оған нанның арасына салып беруге болады — ылғи осылай жасалады. Мен одан жаман нанды да жегенмін.

— Сен не деп отырсың, Том Сойер? — деймін мен. — Джимге ешқандай жіп баспалдақ керек емес.

— Жоқ, керек. Сен өзің не деп міңгірлеп отырсың! Осы іс жайлы түк білмейсің ғой! Жіп баспалдақ оған керек, жұрттың бәрі солай жасайды.

— Ал жіп баспалдақпен не істейді?

— Не істейді? Ештеңе жасай алмай көрпеге тығып тастай ма? Бәрі солай жасайды екен, яғни ол да жасауы керек. Гек, сен ереже бойынша ештеңе істегің келмейтін сияқты ғой, ылғи жаңа бірдеме ойлап табасың. Егер жіп баспалдақ оған керексіз болса, қашып кеткеннен кейін көрпесінде қала ма? Бұл деген айғақ қой. Айғақ қажет емес деп ойлайсың ба сен? Керек болғанда қандай! Ал сен ешқандай белгі қалмасын дейсің бе? Міне, бұл жақсы іс болар еді, айтатыны жоқ! Мен мұндайды өмірімде естіген емеспін. 

— Егер ереже бойынша онда баспалдақ болуы керек болса, жарайды, болсын мейлі, мен ережеге қарсы жүргім келмейді. Бір ғана нәрсе, Том Сойер: егер біз жаймаларды жыртып Джимге баспалдақ жасасақ, біз Салли тәтеймен келіспей қаламыз. Мен осылай ойлаймын: баспалдақты жаңғақ ағашының қабығынан жасау түкке тұрмайды, ол үшін дүниені бүлдірудің қажеті жоқ, ал нанның арасына салып пісіруге әбден болады, көрпеге жасыру да оңай. Джим бұл жағдайларды түсіне бермейді, оған бәрібір.

— Ой, қайдағыны соғып отырсың, Гек Финн! Егер мен сен секілді ақымақ болсам, дыбысымды шығармай отырар едім. Мемлекеттік қылмыскер жаңғақ ағашының қабығынан жасалған баспалдақпен түсіп қашыпты деген не? Елге күлкі болатын жағдай.

— Жарайды, Том, қалай істеймін дейсің — өзің білесің, дегенмен, егер менің ақылымды алсаң, жайманы жіптен алғанымыз дұрыс.

Ол бұлай істеуге болады деді. Сол жерде оған тағы бір ой келді:

— Онда көйлекті алу керек, — деді.

— Көйлек неменеге керек бізге, Том?

— Джимге күнделік жазуға.

— Қайдағы күнделік? Джим жазу білмейді ғой!

— Мейлі, білмесе, бірақ егер біз оған темір қасықтан немесе бөшкенің құрсауынан қалам жасап берсек, ол бір белгілер салады ғой?

— Сен не, Том! Қаламды қаздың қанатынан жұлып алуға болады ғой — жақсы және тез.

— Ей, шақша басым-ай, қамаудағылар отырған қараңғы абақтыда қаздар жүгіріп жүрмейді. Олар қаламды ылғи қатты заттан істейді, мысалы, мыстан жасалған майшамның сынығынан, қолдарына түскен нәрседен. Бұған олардың көп уақыты кетеді — апта, кейде айлар өтеді, себебі қаламды қабырғаға ысқылап ұштайды. Қаздың қауырсынымен олар жаз десең де жазбайды. Бұл олардың әдеті бойынша болмайды.

— Ал жарайды, сонда сияны неден жасаймыз?

— Көбісі тасқа көздің жасын тамызып жазады, оны әйелдер жағы солай істейді, ал атақтылар өздерінің қанымен жазады. Джим де солай істеуіне болады, ал егер ол өзінің қамауда отырғанын бүкіл әлемге білдіргісі келіп, құпия хабар терезеден жіберсе, қалайы тәрелкеге шанышқымен сызып жазып, терезеден лақтырып жіберуіне болады. Темір маска үнемі солай істеді және бұл өте жақсы әдіс.

— Джимде қалайы тәрелке жоқ. Оған жай ыдыспен тамақ береді.

— Ол ештеңе емес, біз оған тауып береміз.

— Бәрібір ешкім ештеңе түсінбейді.

— Ол тіпті ештеңе емес, Гек Финн. Оның шаруасы жазу және тәрелкені терезеден лақтыру. Ал оны оқудың керегі жоқ саған. Бәрібір жартысын түсінбейміз — олар тәрелкеге жаза ма, жоқ басқаға ма.

— Онда тәрелкені шимайлап не керек?

— Мәссаған, оның тәрелкелері емес қой!

— Онікі болмағанмен, біреудікі ғой, солай емес пе?

— Қамаудағы адамның кімнің тәрелкелері екенінде шаруасы қанша...

Ол сөзін аяқтаған жоқ — таңертеңгі тамаққа шақырған қоңырау дауысын естіп, үйге кеттік.

Бұл күні ертемен маған жіптен жайманы және ақ көйлекті қарызға алу мүмкіндігі туды, сосын ескі қап таптым да әлгілерді соған салдым, сосын шіріген топырақты да сол қапқа сүңгіттік. Мен "қарызға" деймін. Себебі менің әкем ылғи осылай дейтін, бірақ Том бұл — "қарыз" емес, бұл ұрлық дейді. Ол біз тұтқынға көмектесіп жүрміз, ал ол заттар қалай алынды — тұтқынға бәрібір, бұл үшін ешкім жазаланбайды. Егер тұтқын өзі қашып құтылуы үшін бір нәрсені ұрласа, бұл қылмыс емес, бұған оның құқы бар; тұтқын үшін бұл үйден бәрін ұрлауға біздің толық құқымыз бар, әрине, оны қамаудан құтқару үшін ғана ұрланған заттарды пайдаланатын болсақ. Егер біз тұтқын болмасақ, онда, әрине, әңгіме басқа, егер өзі тұтқын емес, бірақ біреуден зат ұрласа, ол ең оңбаған адам. Сондықтан біз қолымызға түскеннің бәрін ұрлаймыз деп шештік деді Том.

Осыдан кейін, жақында мен негрлерден қарбыз ұрлап әкеліп едім бақшадан. Том негрлерге барып он цент бер, не үшін екенін айтпа деп маған бұйырды. Ол өте қажет нәрсені ғана ұрлауға болады дейді. "Несі бар, — деймін мен, — маған қарбыз қажет болды". Қарбыз саған түрмеден қашу үшін керек болған жоқ, міне, әңгіме қайда дейді ол "Егер сен тұтқынға ол түрмешіні өлтіруі үшін қарбыздың ішіне пышақ салсаң, онда бәрі дұрыс болған болар еді", — дейді. Мен онымен дауласпадым, бірақ тұтқын үшін миымды шірітіп ойлап не шаруам бар, одан да, орайы келгенде, қарызды ала қоймаймын ба.

Міне, біз сол күні таңертең жұрттың бәрі әркім өз шаруасымен кетуін күтіп тұрғанымызды мен айттым, есік алдында ешкім қалмаған, Том қапты үйшіктің жанына салынған қосымша үйге апарды. Мен сол есік алдында күзетте тұрдым. Том кешікпей ол жақтан шықты, сосын екеуміз әңгімелесу үшін бөренелердің үстіне шығып отырдық.

— Енді бәрі дайын болды, тек құрал-сайманнан басқасы, — деді ол.

— Құрал-сайманнан?

— Иә.

— Құрал-сайман неменеге керек?

— Қалай неменеге? Қазу үшін. Жерді тісімізбен қазамыз ба?

— Ана үйшіктің жанына салынған қосымша үйдегі тырма күректер жарамай ма? — деп сұраймын.

Ол маған бұрылып, сондай өкінішті жүзбен бетіме тесіле қарағанда, жылап жіберуге шақ қалдым.

— Гек Финн, тұтқындарда күрек, тырма секілді жер қазатын жаңа заманның саймандары болады дегенді қайдан естідің? Мен сенен сұраймын: егер бірдеме сенің миыңа кіретін болса, ол басқаша қалай даңқын шығарады? Онда қолына кілт бер, сонда шаруа бітеді. Тырма, күректер! Тағы бірдеңелер! Әй, оларды тіпті корольдарға да бермейді!

— Жарайды онда, — деймін, — егер бізге тырма, күрек қажет болмаса, онда не керек?

— Ас үйдегі пышақтар.

— Үйдің астын қопару үшін бе?

— Әрине!

— Қойшы, Том, мынауың ақымақтық!

— Ақымақтық па, жоқ па — бәрібір солай, бұл нағыз дұрыс әдіс. Және бұдан басқа әдіс жоқ, мен қаншама кітап оқыдым бұл туралы, бірақ мен айтқаннан басқа әдіс бар дегенді естімедім. Барлық тұтқындар пышақпен қазады, жерді емес, әрине, — оларда ылғи қатты жартас. Және оны айтып шығуға қанша уақыт кетеді, апта артынан апта... ал олар қаза береді, қаза береді! Мәселен, Марсель кемежайындағы Диф түрмесінен қазып-қазып, ақыры қашып шыққан. Ол қанша мезгіл қазды деп ойлайсың?

— Мен қайдан білем?

— Жоқ, сен тап!

— Білмеймін... ай жарым шығар?

— Отыз жеті жыл! Жердің астынан Қытайдан шыққан. Міне, өмірде қандай оқиғалар болады! Біздегі түрменің жартаста тұрмағаны өкінішті!

— Джимнің Қытайда ешқандай танысы жоқ.

— Таныстың қажеті қанша? Сол тұтқынның да таныстары болған емес. Сен ылғи бір бүйірден шығып отырасың. Іске қатысы бар бірдеңе айтсаң ғой.

— Жарайды, ол қай тесіктен шықса да, маған бәрібір, тек шықса болды, Джимге де бәрібір деп ойлаймын. Тек бір мәселе бар: оны пышақпен қазып шығаратындай Джим жас емес. Ондай уақыт өткенше ол өліп қалады.

— Жоқ, өлмейді. Біз отыз жеті жыл қазамыз деп ойлайсың ба? Біз жұмсақ жерді қазамыз ғой!

— Ал қанша уақыт керек, Том?

— Бізге онша ұзақ қазуға болмайды, Сайлас атайға жаңа орман жақтан жазып жүрулері мүмкін. Джимнің ол жақтан емес екенін ағай біліп қалып жүрсе. Онда бұл да бірдеңе жазуы мүмкін — Джим туралы хабарландыру ма, қайдан білейін... Яғни біз соншама уақыт жер қаза алмаймыз. Ереже бойынша екі жыл қазу керек деп ойлаймын, бірақ бізге бұлай істеуге тіпті де болмайды. Әрі қарай не болатыны белгісіз, сондықтан мынандай ақыл беремін, кәдімгідей шындап қазу керек және тездетіп, ал сосын отыз жеті жыл қаздық деп ойлауымыз керек. Сонда ұрлау оп-оңай болады, сосын дабыл басталған кезде алып кету керек. Ең дұрысы осы деп ойлаймын.

— Мұнда әйтеуір мән бар, — деймін. — Ойлау ештеңе емес, сосын ешқандай машақаты жоқ, егер қажет болса, мен жүз жыл жарым қаздық деп ойлай аламын. Бұл маған түк те қиын емес, тек біраз үйрену керек... Онда мен қазір жүгіріп барып екі пышақ алып келе қояйын.

— Үшеу ал, — деді ол, — біреуінен ара жасаймыз.

— Том, егер мынадай ұсыныс ережеге немесе дінге қарсы болмаса, — дедім мен, — әне, ана жерде, көлеңкенің астында тат басқан ара бар.

Ол өкінішті жүзбен маған қарады да:

— Сені ешқандай жөні түзу нәрсеге үйрету мүмкін емес. Гек, жүгір, пышақтарды әкел — үшеуін!

Мен жүгіре жөнелдім.

Отыз алтыншы тарау

ДЖИМГЕ КӨМЕКТЕСУГЕ ТЫРЫСУ

Сол күні түнде жұрттың бәрі ұйқыға кеткесін, біз найзағай тартқыш тұрбамен есік алдына түстік те, қосымша салынған үйшікке барып, шіріген топырақты жерге төгіп жұмысқа кірістік. Өзімізге бес-алты фут жерді ең төменгі бөренеге дейін тазалап алдық. Том бұл Джимнің кереуетінің артқы жағы, сосын астын қазып, сыртқа шығатын тесік жасаймыз, жұмысты бітіргенде ешкім ол жерде тесік барын білмейді, себебі Джимнің жамылғысы жерге тиіп тұр, әрине, оны әдейі көтеріп кереуеттің астын қараса ғана көрінеді, — деді.

Біз пышақпен түннің бір уағына дейін қазып-қазып әбден қалжырадық, алақанымыз күлдіреп, суланып қалды, бірақ бұдан ештеңе шықпады. Сонан соң мен айттым:

— Білесің бе, Том Сойер, бұл жұмыс отыз жеті емес, отыз сегіз жылға жететін болар.

Ол ештеңе демейді, тек күрсінді де, кішкенеден кейін қазуды қойды. Байқап тұрмын, ол ойланып қалды да сосын:

— Тырыспау керек, Гек, бәрібір ештеңе шықпайды. Егер біз тұтқындар болсақ, онда бір жөн, себебі олардың уақыты көп, ешқайда асықпайды, күзетшілер ауысып жатқанда бес минут қана қазады, одан тұтқындардың алақаны да күлдіремес еді, біз де жылдар бойы қазар едік және ол ережеге сай келер еді. Ал бізге енді ақымақтардай бас қатыру керек емес — оған уақыт жоқ, тездету керек. Егер біз осылай енді бір түн қазсақ, қолымыздың күлдірегені кеткенше бір апта жұмысты тастай тұруға тура келеді — одан ерте қолымызға пышақ ұстай алмаймыз.

— Сонда бізге не істеу керек, Том?

— Мен саған айтамын не істеу керек екенін. Бұл әрі дұрыс емес, әрі адамгершілікке жатпайды және мұны біреулер білмесе деймін, алайда бұдан басқа әдіс жоқ, біз тырмамен, күрекпен қазамыз, бірақ пышақпен қазып жатырмыз деп ойлаймыз, — деді.

— Міне, бұл дұрыс! — деймін мен. — Том Сойер, бұрын да сенің басың қатты істеуші еді, енді одан да жақсы істеп кетті. Тырма — бұл кәдуілгідей құрал, ал дұрыс емес, адамгершілікке қарсы дегенге мен түкірмеймін де. Мен негрді ұрлағым келсе немесе қарбызды, болмаса жексенбілік мектептен кітап ұрлағым келсе, бұл ережеге сай келе ме, келмей ме — оны анықтап жатпаймын, әйтеуір жасасам болды. Ол негр ме, қарбыз ба, жоқ оқулық па — маған бәрібір, әйтеуір тырмамен болса да негрді шығарсам болды, ал сенің атақтыларың мейлі не ойлағысы келсе, ойлай берсін, мен олар үшін өлген тышқанды да бермеймін.

— Мұндай істе бір нәрсені қиялдауға және тырманы да іске қосуға болады, — деді ол — Егер осы жағдай болмаса, мен өзім де қарсы болар едім, ережеге сай келмейтін шаруаны істеуге өзіме тыйым салар едім, егер қалай істеу керек екенін білетін кісіге қалай болса солай қимылдауға болмайды. Сенің Джимді тырмамен қазып, қиялдамай-ақ шығаруыңа болады, себебі сен түк білмейсің, ал маған болмайды, өйткені мен бәрін білемін. Пышақты әкел мында!

Оның өзінің пышағы бар болатын, сонда да мен өзімдікін бердім. Ол оны жерге лақтырып жіберді де:

— Әкел бері пышақты! — деді.

Мен әуелі не істерге білмедім, сосын барып түсіндім. Ескі-құсқы үйілген қоқыстың арасынан қайла тауып алып, оған бердім, ол жұлып алып, бір сөз де айтпай қаза берді.

Ол ылғи сондай, бәрін біледі. Ол ылғи ережемен жүреді. Сосын мен күректі алып, екеуміз біресе қайламен, біресе күрекпен ойда қаздық, жан-жаққа топырақ шашылып жатыр. Біз шамамен жарты сағаттай қаздық қой деймін — одан әрі қаза алмадық, өте шаршадық, соның өзінде едәуір тесік пайда болды. Мен жоғарыға өзімнің бөлмеме көтерілдім де, терезеге жақындап едім Томның найзағайды қайтаратын тұрбамен түскелі жатқанын көрдім, бірақ онысынан ештеңе шықпады: күлдіреген алақанымен тұрбадан ұстау мүмкін емес. Ақыры ол:

— Ештеңе шықпайды, шыға алмаймын. Сеніңше қалай, мен не істеуім керек? Мүмкін бірдеңе ойлап табарсың? — деді маған.

— Иә, — дедім мен, — бірақ ол ережеге қарсы. Баспалдақпен шық, сосын тұрбамен шықтым деп ойла.

Ол солай істеді.

Келесі күні Том үйден темір қасық, жезден жасалған майшам ұрлап алды, бұлардан Джимге қалам жасаймыз дейді және шошқа майынан жасалған алты майшам, ал мен негрлердің күркелерінің маңында ыңғайлы сәтті күтіп жүрмін, ақыры үш қалайы тәрелкені жымқырдым. Бұл аз деді Том, бәрібір осы тәрелкелерді ешкім көрмейді, себебі оларды Джим лақтырғанда, қалың шөптің арасына түседі — біз тауып аламыз да, тағы Джимге береміз деймін мен. Том тынышталды.

— Енді Джимге заттарын қалай беру жағын ойлау керек, — деді ол.

— Қазып болғаннан кейін тесікке апарамыз.

Ол көзінің аласымен маған қарап, мұндай ақымақтықты туғаннан бері көрген емеспін деді де, тағы ойлана бастады. Және ақырында екі-үш әдіс ойладым, бірақ олардың бәріне тоқтаудың дәл қазір қажеті жоқ деді де, әуелі Джиммен ақылдасқан дұрыс деп қойды.

Сол кеште біз найзағай тұрбасымен сырғанап түстік, он бірлерде болу керек, бір майшам алдық, Джимнің терезесінің тұсына келсек, ол қорылдап ұйқыны соғып жатыр екен, біз майшамды терезеге лақтырып едік, ол ояна қоймады. Қайламен, күрекпен қаза бастадық, екі жарым сағатта жұмыс бітті. Біз Джимнің кереуетінің астынан шықтық, одан әрі үйшікке кіріп қарап шықтық, майшам тауып алдық, оны жағып Джимнің қасына тұрдық, ұйықтап жатыр, сырт қарағанда дені сау, мықты көрінеді, сосын оны жаймен оята бастадық. Оның бізді көріп қуанғаны сондай, жылауға сәл қалды, бізді "көгершіндерім" және басқа да еркелететін сөздермен атады, сосын ол біз қазір атауыз әкеліп шынжырды оның аяғынан алып тастап, сол бойда бірге қашайық дедік. Бірақ Том бұл ережеге сай емес деп, оның кереуетіне отырды да, біздің жоспарымызды түсіндіре бастады, біздің бәрін ойдағыдай жасайтынымызды айтып, Джимге ештеңеден қорқып, қауіптену керек емес деді — біз міндетті түрде оны босатамыз.

Джим бұған келісіп, жарайды, мейлі солай болсын деді. Біз оның жанында көп отырдық, әуелі бұрынғы өткен жылдар туралы әңгіме соқтық, ал соңынан Том Сайлас атайдың бұған күнде келіп, онымен бірге намаз оқитынын, ал Салли тәтейдің мезгіл-мезгіл жүгіріп келіп, ол аш емес пе, жағдайы қалай екенін сұрайтынын — бұдан асқан мейірім бола ма — естігенде:

— Ендеше мен қалай істеу керек екенін білмеймін. Біз саған солар арқылы бір нәрселер беріп жіберетін боламыз, — деді.

Мен айттым:

— Мынауың бекер, мен мұндай ақымақтықты туғалы естіген емеспін.

Бірақ ол менің сөзіме көңіл аудармай, әңгімесін әрмен қарай жалғастыра берді. Ол ылғи да осылай, бірдеңе ойласа болды — қоймайды. Ол Джимге біз ішіне ет салған нан және баспалдақ, басқа да ірі заттарды Нат арқылы — Джимге тамақ таситын негр — береміз, тек сен көзіңе қара және ештеңеге таңданба, сосын Нат сенің заттарды қалай, қайдан алатыныңды білмесін деп түсіндірді. Ал ұсақ нәрселерді біз ағайдың қалтасына саламыз, ағайға білдірмей Джимнің еппен оларды алуына тура келеді, сосын кейбіреулерін тәтейдің алжапқышы көмкерілген өрілген жіпке байлаймыз немесе оның қалтасына саламыз, әрине, мүмкін болса. Том оған қандай заттар және олар не үшін қажет екенін айтты. Бұған қоса Том Джимге оның көйлегіне қалай күнделік жазу керек екенін үйретті. Оған әйтеуір бәрін айтты. Джим осының бәрі неменеге керек екенін түсіне алмады, бірақ ақ нәсілді бұлар бәрін біледі деп шешті, жалпы ол риза болып, Томның айтқанының бәрін істеймін деді.

Джимде темекі және маистан істелген трубкалары көп екен, біз онымен бірге рақаттанып отырдық. Сосын тесіктен шығып, ұйықтауға кеттік, тек біздің қолдарымыз сыдырылып, жара-жара болып қалды. Том өте қуанып, ешқандай мұндай көңілді ойынды ойнап көрмеген-тін және оның бұл ақылына ақыл қосқанын айтты және егер ол қалай істеуді білсе, өмір бойы осы ойынды ойнар еді, ал сосын біздің балаларымызға Джимді құтқаруды өсиет етіп қалдырар еді, себебі әрине, Джим уақыт өте келе тұтқын болуға үйренеді, күн өткен сайын оған осылай отыру ұнайтын болады.Оның айтуынша, осы істі сексен жылға дейін ұзартуға, сөйтіп рекорд жасауға әбден болады. Сонда бұл іске қатысы бар адамдардың бәрі даңққа бөленеді, біз де даңқты адамдар боламыз.

Ертесіне таңертең біз қатар-қатар жиылған кесілген ағаштарға барып майшамның тұғырын бірнеше бөлікке бөлдік, Том оларды қасықпен бірге қалтасына салып алды. Сосын негрлердің күркелеріне бардық, негрдің көзін ала бере, Том майшам тұғырының бір бөлігін табананның арасына сұғып жіберді, Джимге арналған бұл нан тәрелкеде еді, ал одан кейін біз Натты Джимге шығарып салдық, ойымыз — қалай болатынын көру. Ойдағыдай болды. Джим табананды тістеп қалғанда, тісін сындыруға шақ қалды. Том Сойердің өзі Джимге солай айтқан. Джим сыр бермеді, нанның ішіне тас па, бірдеңе түскен ғой, ондай-ондай болады деді, бұдан соң ол бірден ештеңені тістемей, әуелі үш-төрт жерден шанышқыны сұғып байқап алатын болды.

Міне, біз қараңғы жерде тұрмыз, кенет Джимнің кереуетінің астынан секіріп екі ит шыға келді, олардан кейін тағы-тағы, барлығы он бір, бізге бұрылатын жер қалмады. Біз қосымша үйдің есігін жабуды ұмытып кетіппіз. Ал негр Нат: "Мыстандар!" деп айқайлап жіберді де, еденге — иттердің арасына құлай кетіп, дәл өлейін деп жатқандай ыңқылдап, ыңыранды. Том есікті шалқасынан ашып, Джимнің тәрелкесінен бір бөлек етті алып, далаға лақтырды, иттер етке қарай жапырлай жөнелді, ал Том бір секундта сыртқа жүгіріп шығып, сол бойда қайта кірді және есік тарс етіп жабылды, оның сарайдың есігін жауып үлгергенін мен түсіне қойдым. Том сосын негрді айналдыра бастады — оны үгіттеді, сосын оған ештеңе көрініп елестеген жоқ па деп сұрады. Негр орнынан тұрып, көзін жыпылықтатып:

— Сид мырза, сіз мені ақымақ дейтін шығарсыз; егер мен осы жерде миллион итті немесе соншама шайтандарды көрмесем, осы жерде өліп кетейін! Құдайақы көрдім! Сид мырза, мен оларды сезіндім, иә, мырза! Олар менің үстімнен жүгіріп өтті. Сол мыстандардың біреуі менің қолыма түссін тек, ең болмаса бір-ақ рет мен оған көрсетер едім. Ең дұрысы, солар менің мазамды алмаса болды, басқа ештеңе сұрамас едім!

— Жарайды, мен өзімнің ойымды айтайын. Неге олар үнемі осында қашқын негр таңғы тамағын ішіп жатқанда келеді? Өйткені олар да тамақ ішкілері келеді, міне, сондықтан! Сен оларға дұғаланған нан пісір — саған соны істеу керек! — деді Том.

— Құдай-ай, Сид мырза, ондай нанды қалай пісіремін? Мен пісіруді білмеймін. Тіпті өмірімде ондай болады дегенді естіген емеспін.

— Онда менің пісіріп беруіме тура келеді.

— Пісіресіз бе, көгершінім? Пісіріңіз! Мен ол үшін сіздің аяғыңызға жығылуға әзірмін, міне, солай!

— Жарайды, сіз үшін пісірейін! Сен бізге жақсы қарадың, қашқын негрді көрсеттің. Алайда, өте сақ бол. Біз келген кезде сен бізге арқаңды беріп тұр, тәрелкеге не салғанымызды көрсең, онда сені құдай сақтасын! Джим табананды алған кезде де қарама, не боларын мен қайдан білейін! Ең бастысы, дұғаланған нәрсені қозғап жүрме.

— Қозғама? Сид мырза, сізді құдай сақтасын! Маған алтын берсең де еш нәрсеге тиіспеймін!

Отыз жетінші тарау

ДЖИМ ҒАЖАЙЫП ТАБАНАНДЫ АЛАДЫ

Бұл шаруаны біз бітірдік; сосын үйшіктің сырт жағындағы алаңға бардық, ол жердегі ескі етіктер, сынған шыны бөтелкелер, тесілген кәстірөлдер, аяқ-табақ сүртетін сүрткіштер және басқа да ескі-құсқы заттар жатқан үйіндіден қалайы табақ тауып алып, нан пісіру үшін оның тесіктерін жақсылап бітедік, сосын жертөлеге түсіп табақты толтырып ұн алдық, сол жерден таңғы тамаққа бірден кеттік. Жолда екі үлкен шеге жатыр екен, Том олар тұтқынға қабырғаны сызып атын жазу үшін керек болады деді, бір шегені Салли тәтейдің алжапқышының қалтасына білдірмей сүңгітіп жібердік, алжапқыш орындықтың арқалығында ілініп тұр екен, екіншісін шағын үстелдің үстінде жатқан Салли ағайдың қалпағының лентасына жасырдық: әкесі мен шешесі қашқын негрге бүгін таңертең барады деп балалардан естіп қалғанбыз. Сосын үстел басына отырдық және Том қалайы қасықты ағайдың қалтасына салып жіберді. Тек Салли тәтей әлі жоқ, соны күтуге тура келеді. Ал ол қып-қызыл болып ашуланып келді және намаздың соңына әрең шыдады, бір қолымен кофе құйды, екінші қолымен ылғи жыбырлап отыратын баласының басынан ұрып жіберді.

— Мен іздеп-іздеп, үйді қопарып шықтым, қайда кеткенін білмеймін, сенің екінші көйлегің жоқ, — деді.

Жүрегім тарсылдап, ішіме барып дөңбекшігендей болды, бір кесек нан тамағыма көлденең тұрып қалды, жөтеліп едім, әлгі кесек нан аузымнан атып шығып, үстелдің арғы жағында отырған балалардың біреуінің көзіне тиді, ол бала үйді басына көтере шыңғырып, қармаққа түскен балықтай домаланып жатыр. Том қорыққанынан көкпеңбек болып кетті. Жарты минуттың жартысындай уақыт бізде күй болмады, мен сол сәтте өзіме тиесілі сыбағамды алушы табылса, жарты бағасына бере салар едім. Бірақ кешікпей тынышталдық — күтпеген жағдай болғандықтан, біз жолдан шығып кеткен арбадай күй кештік.

Сайлас ағай:

— Таңғаларлық жағдай, мен өзім де ештеңеге түсінбей отырмын. Көйлекті қолыма алғаным есімде. Себебі...

— Себебі сенің үстіңде екі көйлек емес, бір көйлек! Тыңдаңдаршы не деп отырғанын! Мен шынында сенің алғаныңды білемін, кеше жіпте жаюлы тұрғанын өз көзіммен көрдім! Енді көйлек жоқ, міне, саған керек болса! Бұдан былай қызыл күртеше киетін боласың, мен қолым екі жылда саған осымен үшінші көйлек тіккелі отыр. Сенің үстіңде өртеніп кете ме осы? Тіпті түсінбеймін — сен көйлектеріңмен не істейсің, басқа шаруаны қойып, тек саған көйлек тігіп отыру керек! Сенің жасыңда заттарыңа ие болуды үйрену қажет емес пе?

— Білемін, Салли, мүмкіндігінше сақтауға тырысамын. Осы жолы мен кінәлімін — сен білесің ғой, мен киімді тек үстіме кигенде ғана көремін, өзімнің үстімдегі көйлекті жоғалтуым мүмкін емес қой!

— Бұл сенің кінәң емес, Сайлас, мүмкін болса, сен жоғалтпас едің деп ойлаймын. Жоғалып кеткен жалғыз көйлек емес қой. Қасық та жоқ болып кетті, бұрын он қасық еді, енді тоғызы қалыпты. Көйлекті бұзау жеп қойған болар, ал қасықты ол жұта алмайды ғой.

— Тағы не жоғалды, Салли?

— Майшамдардың тең жартысы жоқ — міне, қалай! Мүмкін тышқандар жеп қойды ма екен? Егер тышқандар болса, неге бүкіл үйді мүжімейді деп ойлаймын. Сен тесіктің бәрін бітеймін дегелі қашан, әлі қолың тимейді, олар қулау болса, сенің басыңда ұйықтар еді, ал сен ештеңе сезбес едің. Бірақ қасықты жеп қойған тышқандар емес, мұны білемін мен!

— Жарайды, Салли, кінәлімін, мойныма аламын — менің қателігім. Ертең міндетті түрде барлық тесікті бітеймін!

— Неге асығасың, келесі жылы да бітеуге болады... Матильда Энджемина Араминта Фелпс!

Трах! Оймақ қойып қалды, қыз қант салған ыдыстан қолын тартып ала қойды да, орнында тіп-тік отырды. Кенет негр әйел жүгіріп келді:

— Салли ханым, бізде бір жайма жоқ!

— Жайма? Ой, құдайым-ай!

— Мен тесіктерді бүгін бітеймін, — дейді Сайлас ағай, ал өзі ренжіген секілді.

— Сен үндеме, өтінемін! Тышқандар деп пе едің жайманы әкеткен?.. Қалай жоғалды, Лиза?

— Құдайақы білмеймін, Салли ханым. Кеше жіпте тұрған, енді жоқ.

— Шамасы, ақырзаман басталғалы жатқан болу керек. Қанша өмір сүріп келемін, мұндайды көрген емеспін! Көйлек, жайма, қасық, қаншама майшам...

— Ханым, — деді жүгіріп кірген аралас қанды әйел, — майшамның жез тұғыры жоқ болып кетті!

— Жоғал бұл жерден, оңбаған! Әйтпесе кофе құйған ыдысты жіберіп қаламын!..

Салли тәтейдің әбден зығырданы қайнады. Көріп отырмын — сол мүмкіндік болса, зыту керек, жайлап шығамын да орманға барып, жауын басылғанша отырамын деп ойладым. Салли тәтей соғыстағы солдаттай ашудан булығып отыр, басқалары тым-тырыс үнсіз, жуасып қалды; кенет Сайлас ағай қалтасына қолын салып, әлгі қасықты алып шықсын және жүзі ақымақ адам секілді. Салли тәтей қолын сермеді де, аузын ашқанмен, үнсіз қалды, ал менің алыс бір жаққа кеткім келді, бірақ ұзақ уақытқа емес, себебі тәтей айтты:

— Өзім де ойлап едім! Яғни бұл қасық ылғи сенің қалтаңда болған, басқа заттардың бәрі де сонда шығар. Онда қалай пайда болды?

— Расын айтсам, білмеймін, Салли, — деді Сайлас ағай біртүрлі ақталған кейіппен, — әйтпесе саған айтар ем ғой. Таңғы тамақтың алдында мен "Пайғамбардың қызметін" оқып отырдым, он жетінші тарауды, шамасы, байқамай қалтама Тәураттың орнына қасық салғаным ғой. Себебі қалтамда Тәурат жоқ. Қазір барып қараймын: егер Тәурат орнында болса, яғни мен оны үстелге қойып, қалтама қасықты салғаным ғой соңынан...

— Құдай үшін, үндемеші! Маған тыныштық беріңдерші! Кетіңдер бәрін, ешкім қалмасын, мен тынышталғанша жаныма біреуің жақындамаңдар!

Ол осынша айқайламай-ақ ішінен сөйлесе, ал мен егер өліп жатсам да тыңдар едім. Біз қонақ бөлмеден өтіп бара жатқанда, Сайлас ағай жол қалпағын ала беріп еді, шеге тарс етіп еденге түсті, ол шегені алды да пештің үстіне қойып, өзі шығып кетті — тіпті ештеңе айтпады. Том соның бәрін көріп, қасықты есіне алып:

— Жоқ, онымен ештеңені жіберуге болмайды, ол сенімсіз, — деді, сосын: — Дегенмен, ол бізге өте үлкен көмек жасады. Әрине, өзі білген жоқ, біз де оған көмектесеміз және бұл жолы да ол біздің көмегімізді білмейтін болады: қане, біз тышқанның індерін бітеп тастайық! — деді.

Үйдің астыңғы бөлігінде тышқанның іні деген көп! Біз бір сағат бойы әурелендік, есесіне бәрін тастай етіп бітедік. Сосын баспалдақпен көтеріліп келе жатқан дыбысты естідік — біз майшамды өшіріп, өзіміз тығылып қалдық. Қарасақ, келе жатқан өзіміздің шал екен, бір қолында майшам, екінші қолында толған бірдеңелер, өзі түс көрген адамдай селқос келе жатыр. Әуелі бір інді қарады, сосын басқаларын тексеріп шықты. Сосын ойланып біраз тұрды, шамамен бес минуттай; сәлден соң бұрылып, баспалдаққа қарай жүрді, аяғын әрең-әрең басады, өзі: "Өлтірсе де есімде жоқ, бұл індерді қашан бітедім! Оған айту керек еді, тышқандар үшін маған бекер ұрысты. Жарайды, мейлі! Бәрібір бұдан пайда жоқ, — деп баспалдақпен көтеріліп барады және өзі бірдеңе деп күбірлейді.Оның соңынан біз де кеттік. Өте жақсы қария! Ол қазір де сондай.

Қасықты не істейміз деп Том әбден мазасызданды және онсыз біз ештеңе жасай алмаймыз деп ойлады. Ойланып-ойланып, сосын маған не істеу керек екенін айтты. Міне, біз қасықтар салынған себеттің жанында олай да, былай да жүрдік, қарасақ, Салли тәтей келе жатыр; сонда Том қасықтарды санай бастады да, себеттің жанына қойды. Мен бір қасықты жеңіме жасырдым. Ал Том:

— Салли тәте, білесіз бе, дегенмен қасық тоғыз екен, — деді.

— Бар, ойна, маған тиісе берме! Мен өзім санағанмын, менен артық білмейсіңдер.

— Мен де екі рет санап шықтым, тәте, қасықтың саны тек тоғыз.

Шамасы, тәтейдің ашуы басылмаған, бірақ қасықты санай бастады.

— Құдай біледі мұның қалай екенін! Шынында да тоғыз! — деді, — құрып кеткірлерді қайта санауға тура келеді!

Мен әлгі жасырған қасықты қоса қойдым, ол санап:

— Бұл не керемет — қасықтың саны он! — деді тәтей. Өзі әлі ашуланып тұр және не істерге білмейді.

— Жоқ, тәте, он болуы мүмкін емес, — деді Том.

— Сен неменеге мылжыңдайсың, қалай санағанымды көрмедің бе?

— Көрдім, тек...

— Жарайды, тағы санайын.

Мен қасықтың біреуін тағы жымқырдым, сосын олардың саны тағы тоғыз болды. Ал тәтей қалтырап-дірілдеп, әбден жынданды. Ал өзі қайта-қайта санаудан қателесіп кетті, енді қасықтарға қосып себетті де санады. Сондықтан үш рет санағаны дұрыс шықты, енді үш рет санағанда басқаша болды. Сол жерден ол себетті алып бұрышқа қарай лақтырғанда, мысықты өлтіруге шақ қалды. Содан соң кетіңдер деп бұйырды, егер түске дейін көзіне көрінсек, жонымызды жосадай ететінін ашумен айтты. Біз әлгі қасықты алып, қалтамызға салдық, тәтей жер-жебірімізге жетіп ұрсып жатқанда, Джим қасық пен шегені алып үлгерді. Біз өзіміздің ісімізге риза болып, көңілденіп қалдық, Том мұндай шаруаны бітіру үшін еңбектенуге болады, өйткені тәтей енді қасықтың санын дұрыс шығара алмай, шатаса береді, дұрыс есептесе, өзіне сенбейді, осылай бір-екі күн қасықтарды санайды, санайды, сосын әбден басы айналып, есептеуді қояды деді.

Кешкісін біз ұрланған жаймамызды қайтадан кір жаятын жіпке іліп қойдық та, Салли тәтейдің шкафынан басқа жайманы алдық, екі күн қатарынан осымен айналыстық, біресе іліп, біресе тағы ұрлап, әйтеуір ақырында ол есептен жаңылып, қанша жайма бар екеніне түкірдім дегенше ісімізді жалғастыра бердік. Енді өліп кетсе де санамайды.

Сөйтіп көйлек, жайма, қасық, майшамдар жайлы мазаланбауымызға болады — бәрі дұрыс болды, бізге бұзау да көмектесті, тышқандар да, есеп-қисап мәселесі де, ал майшамдар туралы да бір есебін табармыз, ол онша маңызды емес. Оның есесіне табананмен әуреленуге тура келді, әбден есіміз шықты. Нанды орманға апарып иледік және сонда пісірдік, ақырында бәрін жақсылап бітірдік, бірақ бір күнде емес; біз үш шылапшын ұнды апарып иледік, оны илеп, одан пісіргенше қолымыз да күйді, түтіннен көзімізді аша алмадық, бізге нанның қабығы керек еді, соны пісіре алмай әбден әлекке қалдық, қабығы жоқ нан бөлініп қала береді. Алайда ең соңында әйтеуір бір амалын тапқандай болдық: нанға баспалдақты салып, солай пісірдік. Келесі күнгі түнде Джим екеуміз отырып алып, жайманы жіңішкелеп жыртып, сосын шираттық, таң атқанша кәдімгідей жіп жасап үлгердік, тіпті адамды асуға да болатын жіп болды. Біз оны тоғыз ай жасадық деп ойладық.

Ал түскі астың алдында біз жіпті орманға апардық, бірақ ол жібіміз нанға сыймады. Егер қажет болса, бұл жіп қырық табананның ішіне салуға жетер еді, себебі біз оны тұтас жаймадан есіп жасадық қой, табанан ғана емес, кеспеге, колбасаға, тағы басқаларына қалған болар еді. Тіпті түскі тамақ әзірлеуге болады. Бірақ оның бізге қажеті жоқ. Жіптің нанға сыйғанын алдық та, қалғанын тастадық. Қол жуатын шылапшынға салып нан пісіре алмадық: дәнекері еріп кетеді деп қорықтық, бірақ Сайлас ағайдың ұзын ағаш сабы бар жез табасы бар екен — ол оны кереметтей қадірлеп ұстайды екен, себебі қадірлі бабаларының бірі Англиядан әкеліпті, ол Вильгельм жаулаушымен бірте "Мэйфлауэрмен" бе, жоқ басқа алғашқы корабльдердің бірімен бе келіп, басқа заттармен бірге әлгі табаны үйдің төбесіне тығып қойыпты. Ол заттардың қымбаттығынан емес, қымбат ескерткіш ретінде сақтаған, біз оны еппен ұрлап алып орманға апардық, әуелі оның ішіне салып нан пісіре алмадық, соңынан үйрендік. Біз табаны алып, ішіне иленген ұнды жақтық та, шоққа қойдық, жіпті ішіне салып, үстіне тағы қамыр салдық, қақпағын жауып, шоқпен жаптық, өзіміз табаның сабын ұстап төрт-бес қадамдай жерде тұрдық, біраздан кейін шамамен жиырма минутта нан піседі. Нан болғанда қандай — көруге көз керек. Тек мұны жейтін адам тіс шұқитынның бірнеше жүз шақты қорабын алуы керек, әйтпесе жіп оны жеген тұтқынның ішін бүріп, жанын шығара жаздайды. Одан кейін ол адамның тамақ сұрауы қиын — мен бұл жағын жақсы білемін.

Нат біздің дұғалы табананды Джимге беретін тәрелкеге салғанымызға қарамады, нанның ең астына үш қалайы тәрелке салдық және оларды Джим алып үлгерді, жалғыз қалғасын Джим нанды сындырып, жіп баспалдақты жастығына жасырып қойды, сосын тәрелкеге бірдеңелерді жазып терезеден лақтырды.

Отыз сегізінші тарау

"ТҰТҚЫННЫҢ ЖҮРЕГІ ОСЫ ЖЕРДЕ ЖАРЫЛДЫ"

Әлгі қауырсындарды жасау деген бізге бір азап болды, ара жасау да оңайға түспеді, ал Джим қабырғаға жазу ең қиын шаруа деп зәресі ұшты. Бәрібір жазу керек — Том онсыз болмайды деп кесіп айтты, мемлекеттік қылмыскердің абақтыда отырып, қабырғаға өзінің гербін және қолтаңбасын қалдырмауы бүкіл тарихта болған емес деді.

— Ең болмаса, Джейн Грей ханымды алайық, — деді Том, — немесе Гилфорд Дэдлиді, тым болмаса Нортумберленд қарияны алайық! Әрине, Гек, мұның машақаты көп, бірақ не істейсің! Басқаша қалай болады? Мұнымыз болмайды. Бәрібір Джим солай жасайды.

— Сіз не, Том мырза! Менде ешқандай герб жоқ, мына ескі көйлектен басқа менде ештеңе жоқ, ал бұл көйлекке күнделік жазуым керек, өзіңіз білесіз...

— Сен ештеңеге түсінбейсің, Джим, герб бұл басқа нәрсе.

— Дегенмен Джим расын айтып отыр, — деймін мен, — онда герб жоқ, шынында да, онда қайдан герб болады?

— Мұны мен де білемін, — дейді Том, — тек онда герб міндетті түрде қашудың алдында болады, қашады екенсің, барлығы ережеге сай болуы керек!

Джим екеуміз қаламдарды кірпішке қайрап отырғанда — Джим жезді, мен қаңылтыр қасықты — Том оған герб ойлап тапты. Ең соңында ол неше түрлі керемет гербтер өзінің есіне түскенін, сондықтан қайсысын таңдарын білмей отырып-отырып ақыры біреуіне тоқтады.

— Батырдың қалқанында алтын белбеу болады, оң жағында төменде — қисайта салған крест және байлайтын мата, оған жатқан ит салынады - яғни бұл қауіп-қатер, ол иттің алдыңғы аяқтарының астында шынжыр және оның тістері бар, бұл — құлдық, жасыл мата, жоғарғы жағында иілген үш сызық, ортасында — герб, жоғарғы жағында қашқын негр иығында дорбасы бар, төменгі жақта екі тіреу, бұл біз екеуміз қалқанды ұстап тұрамыз, Ұран — "тек жүрсең, тоқ жүресің", мен мұны бір кітаптан алдым.

— Керемет! — дедім — Ал қалғандары нені көрсетеді?

— Мұнымен айналысуға бізде уақыт жоқ, — деді Том, — біз тезірек бітіруіміз керек те, тез кетуіміз керек.

— Бірдеме айтсаңшы тым болмаса, "таңу" деген не?

— Оның не екенін білудің саған қажеті жоқ. Мен саған қажет болғанда қалай жасалатынын көрсетемін.

— Адамға айтуыңа болатын еді ғой, ұялмайсың ба! "Сол жағындағы қара сызық" деген не?

— Мен қайдан білемін! Тек Джимге онсыз болмайды. Барлық мықтыларда бар.

Міне, Том ылғи осылай. Егер ол бір нәрсені түсіндіргісі келмесе, алтын берсең де айтпайды.

Гербтің шаруасын бітіргесін, ол қалған жұмысқа кірісті. Сөзді қалай жазу керектігін ойлай бастады. Джимге сөз міндетті түрде керек дейді, барлық тұтқындарда болады. Ол көптеген түрлі-түрлі сөздерді ойлады, қағазға жазып, бізге рет-ретімен оқып берді:

1. Осы жерде тұтқынның жүрегі жарылды.

2. Дүниеден баз кешкен, достары тастап кеткен бейшара тұтқын осында қайғымен өмір өткізді.

3. Жалғыз жүрек жарылып, шаршаған рух отыз жеті жыл абақтыда отырғаннан кейін осы жерде келмеске сапар шекті.

4. Туған-туысқансыз және достарсыз отыз жеті жыл осында отырған белгісіз жан, Он төртінші Людовиктің некеден тыс туған ұлы қаза болды.

Бізге оқыған кезде Томның дауысы дірілдеп, жылауға шақ қалды. Осыдан соң Джимге қай жазуды таңдау керектігін білмеді — бәрі де жақсы, ақыры осы сөздердің бәрін Джим қабырғаға жазуы керек деп шешті. Джим олай болса бір жыл отыратын шығармын, не деген бос сөздер, оның бәрін шегемен бөренеге шатпақтау, оның үстіне әріпті білмейтін адам не істей алады деді, Том өзім үйретемін, көрсетемін, сосын ол жазбай-ақ, менің көрсеткенімнің айналасын сызса болды деді. Сосын ол әрлі-берлі ойланып отырды да:

— Жоқ, қараңғы абақтылардың қабырғасы бөрене болмайды. Біз тасқа қашап жазуымыз керек әріптерді. Қайтеміз, тас табамыз, — деді.

Джим тасқа қашау бөренеге жазғаннан да қиын, оған өте көп уақыт кетеді, оның бәрін жазатын болсам, өмір бойы абақтыда қаламын ғой деді. Том оған Гек көмектеседі деді де, біз қаламды қалай жасап жатқанымызды тексерді. Бұл өте іш пыстырып, адамды жалықтыратын шаруа екен. Менің алақаным күлдіреп, ішіне су толған бөрткендер жазылмай қойды және жұмысымыз нашар жүріп жатқан.

— Мен бұл шаруаны қалай істеуді білемін, — деді Том, — бізге герб жасайтын, сосын қайғылы сөздерді жазатын тас бәрібір керек, міне, біз екі қоянды бір оқпен атып аламыз. Орман кесетін жерде дөңбектей көк тас жатыр, біз соны сүйреп әкеліп жасаймыз және араны да, қаламды да соған егеп жасай саламыз.

Бұл ой, әрине, жаман емес және көк тас дегені де дұрыс, бірақ біз бірдеме етіп бітірерміз деп жұмысты бұрынғыша жалғастыра бердік. Әлі түн ортасы болған жоқ, біз орман кесетін алаңға тарттық, ал Джимді жұмыс істе деп отырғызып кеттік. Біз әлгі тасты алдық та, үйге қарай домалаттық. Бірақ онымен жұмыс істеу деген дозаққа түскенмен бірдей! Қанша тырыссақ та, жамбастап жатып алды, тіпті өзімізді езіп жібере жаздады. Біз мұны үйге жеткізгенше біреуді басып қалатын шығар дейді Том. Жарты жолға келгенде, әбден есіміз шықты: ағыл-тегіл терлеп, ентігіп, әрі қарай итеруге шамамыз келмеді. Біз екеуміз бұдан нәтиже шығара алатын емеспіз, сосын алдық та Джимге бардық. Ол өзінің кереуетін көтеріп жіберіп, оған ілініп тұрған шынжырды алды да, мойнына орады, сосын біз қазған жолымызбен қосымша үйімізге кірдік, сонда Джим екеуміз тасты домалатып жатырмыз, ал Том бұйырып отырды. Ол баяғыдан бұйрық беруге шебер, басқа балаларды онымен салыстыруға болмайды. Ол ненің қалай болатынын, қалай жасалатынын бәрін біледі.

Біз қазған тесік едәуір үлкен еді, бірақ тас сыймады, сосын Джим кетпенді алды да тесікті кеңейтті. Том тасқа шегемен сөздерді сызып жазды, сосын Джимді жұмысқа жекті, шегемен, болтпен тасты майшам сөнгенше сызып жаза бер, ал одан кейін тасты төсегіңнің астына жасырып, соның үстіне ұйықта деді. Біз шынжырды кереуеттің аяғына ілуге көмектестік, өзіміз де ұйықтауға кетейік деп шештік. Кенет Том ойына бір нәрсе түсті ме:

— Джим, сенде қоңыздар бар ма? — деді.

— Жоқ, мырза! Құдайға шүкір, жоқ, Том мырза.

— Жарайды, біз саған тауып әкелеміз.

— Құдай жарылқасын, көгершінім, олардың маған қажеті қанша? Мен олардан өлердей қорқамын. Одан да маған сұр жылан жібергенің артық.

Том ойланып қалды да, бір минуттан кейін:

— Дұрыс мынауың! Ертеде де солай жасаған сияқты. Әрине, солай. Тамаша! Ойыңды айтам! Сен ол сұр жыланды қайда ұстайсың?

— Нені қайда ұстаймын, Том мырза?

— Сұр жыланды.

— Құдайым-ай, Том мырза! Егер мұнда сұр жылан кірсе, мен мына қабырғаны басыммен қиратып қашып кетемін!

— Сен не, Джим, сен оған үйренесің, сосын қорқуды қоясың. Сен оны қолға үйрет.

— "Үйрет!"

— Онда не тұр? Кез келген тірі жәндік, жануар — бәрі еркелегенді жақсы көреді, еркелеткен адамды тіпті тістемейді де. Барлық кітапта солай жазылған. Сен солай істеп көр — сенен басқа нәрсе сұрамаймын, бір-екі күн солай істеп көр. Сен оны қолға үйрете аласың, ол кешікпей сені жақсы көріп кетеді, сенің қасыңа жатып ұйықтайтын болады, сосын сенен бір минут та айырылмайды, ол сенің мойныңды орап, басын сенің аузыңа салып жатады.

— Ой, Том мырза, айта көрмеңіз құдай үшін! Естігім де келмейді! Ол жылан менің аузыма басын сұға ма? Қарай гөр! Керек еді ол маған! Жоқ, мен одан бірдеңе сұрауым үшін оның көп уақыт күтуіне тура келеді. Және онымен бір төсекте ұйықтағым келмейді.

— Джим, ақымақ болма! Тұтқын қолға үйретілген жануарларды ұстауға міндетті, ал жыланды үйретсең, сен бірінші тұтқын боласың, жылан үйреткен және даңқың жер жаратын болады.

— Жоқ. Том мырза, маған ондай даңқтың қажеті жоқ. Ол жылан иегімді шағып алса, сонда даңқ кімге керек? Жоқ, мырза, мұндайдың маған қажеті жоқ.

— Түу, өзің де... ең болмаса, үйретіп көрмейсің бе? Сен әуелі көр, ештеңе шықпаса, лақтырып, лақтырып тастайсың.

— Мен оны үйреткенше ол мені шағып алады, сосын бәрі кеш болады. Том мырза, мен бәріне келісемін, бір нәрсе жасау керек пе — жасаймын, бірақ Гек екеуің осында сұр жыланды әкелсеңіздер, мен бұл жерден қашып кетемін, рас айтамын.

— Жарайды, сен осынша қисық екенсің. Біз саған жай жылан әкелейік, сен оның құйрығына ілгектерді байлап, бұл сұр жылан деп ойла — осылай болады.

— Том мырза, бұл аздап дұрыстау, бірақ, шынымды айтсам, маған қай-қайсысының да қажеті шамалы. Тұтқын болудың мұндай соншалық қиын болатынын ойламаппын.

— Енді қалай, әрқашан осылай болады, әрине, ережеге сай істелсе... Сенде тышқандар бар ма?

— Жоқ, мырза, біреуін де көрген емеспін.

— Онда саған тышқандарды әкелеміз.

— Неге, Том мырза? Тышқандар керек емес маған. Тышқаннан асқан жаман нәрсе болмайды, олар адамға тыныштық бермейді, үстіңнен жүгіріп, аяғыңды тістеп ұйқы бермейді. Жоқ, мырза, одан да маған жай жыланды жіберіңдер, оларсыз болмайтын болса, ал ешқандай тышқанның маған қажеті жоқ, құрып кетсін бәрі!

— Жоқ, Джим, саған тышқансыз болмайды, тұтқынның бәрінде бар. Сен қисая берме! Тұтқындар тышқандарды тәрбиелейді, қолға үйретеді, түрлі фокустар жасатады, тышқандар оларға үйреніп, шыбынға ұқсап жармасады. Оларды музыкамен шақырған дұрыс. Сенде ойнайтын музыкалық аспап бар ма?

— Ондай ештеңе жоқ, қарағым, сосын ауызбен үретін гармошка бар, оларға онша қызық емес болар.

— Неге қызық болмасын! Қандай аспапта ойнасаң да оларға бәрібір, тек музыка болса болды. Барлық жануарлар музыканы сүйеді, түрмеде онсыз өмір сүре алмайды. Әсіресе мұңды әуен болса, ауыз гормошкада тек сондай әуендер жақсы ойналады. Оларға тыңдаған қызық, бастарын шығарып қарайды. Не болып жатыр дегендей. Ал енді сенде бәрі дұрыс болады. Кешкілік ұйықтар алдында төсегіңе отырып ойна, таңертең де сөйт. "Біз мәңгіге қоштастықты" тарт, бұл тышқандарға ұнауға тиіс. Бір-екі минут ойнағасын өзің көресің — тышқандар, жыландар, қоңыздар және басқа жәндік атаулы өріп шыға келеді. Осылай бәрі саған жармасып, үстінде жүгіріп аунап-қунайды... Көресің — оларға сондай көңілді болады!

— Әрине, оларға көңілді, Том мырза, ал маған ше? Мен бұдан еш жақсылық көріп тұрғаным жоқ. Егер осылай жасау керек болса, амал қанша... Тышқандарды ойната бастаймын, тек сендермен ұрсысып қалмасам болды.

Том біраз тұрды, ойланғасын:

— Иә, тағы бір затты ұмыта жаздадым. Сен гүл өсіре аласың ба осында, қалай сеніңше? — деді Джимнен.

— Білмеймін... Мүмкін өсірермін, Том мырза, тек бұл жерде өте қараңғы және маған гүлдің қандай қажеті бар, оның машақаты қанша.

— Жоқ, дегенмен өсіріп көр. Басқа тұтқындар өсірген.

— Сабағы ұзын ошаған болмаса, шыбық секілді, Том мырза, өсуі мүмкін, оны өсірем деп мазалану қажет пе...

— Сен ол жайлы ойлама. Біз саған өте кішкентайын әкелеміз, сен оны анау бұрышқа өcip, оны — деме, "Пиччиола" деп ата — солай болу керек, көзіңнің жасымен суар.

— Менде құдықтың суы жеткілікті, Том мырза.

— Құдық суының саған қажеті жоқ, сен гүлді көзіңнің жасымен суаруың керек, әрқашан осылай болған.

— Том мырза, көрерсіз, сумен суарғанда керемет болып өседі ол.

— Міндетті түрде көздің жасымен суару керек.

— Онда гүл солып қалады, Том мырза, құдайақы солады және мен ешқашан жыламаймын ғой!

Тіпті Томның өзі де бұған не айтарын білмеді. Дегенмен ол ойланып-ойланып, ақыры жауап тапты: қалай болғанда да тырысу керек, ең болмаса, жуамен болса да көзді сүртіп жас шығару қажет деді. Сосын ол ертең негрлердің күркесінен пияз алып, Джимнің кофе қайнататын ыдысына саламын деп уәде берді. Джим оған кофе қайнататын ыдысыма одан да темекі салғаным артық деді және ол ештеңе де істегісі келмей, жақтырмаған кейіппен күңкілдеп, тышқандарға гармошка тартқысы келмеді, гүл өсіруге де құлқы жоқ, жыландарды арбау да қолымнан келмейді, қоңыз, тағы сондай жәндіктерге көңілі соқпайтынын айтты. Бұлар қалам жасау, сөзді қашап жазу, күнделік, тағы сондайлардан басқа. Тұтқын болу — барып тұрған қияметтің қыл көпірінен өткендей жұмыс, ең жаманы осы кезге дейін бәрін жасады және бәріне жауап беру керек. Том тіпті оған ашуланды және ең соңында даңқты болу жолында дәл мұндай мүмкіндіктер бола бермейді, ешбір тұтқынның осындай мүмкіндікке қолы жеткен емес, ал бұл бағаламайды, бәрі босқа... деді. Джим сол жерде өкініп, бұдан былай дауласпайтынын айтты. Сосын Том екеуміз ұйықтауға кеттік.

Отыз тоғызыншы тарау

ТОМ АТЫН КӨРСЕТПЕЙ ХАТТАР ЖАЗАДЫ

Ертесіне таңертең біз қалаға бардық, тышқан ұстайтын қақпан сатып алдық, үйге әкеліп ашып қарадық та, ең үлкенін інге құрып едік, бір сағаттың ішінде он бес тышқан түсті, тышқан болғанда қандай — кішігірім баланың басындай әрқайсысы! Біз қақпанды алып, сенімді жерге — Салли тәтейдің кереуетінің астына қойдық. Бірақ біз қоңыз аулап жүрген кезде кішкентай Томас Франклин, Бенджамен Джефферсон, Александер Фелпс қақпанды тауып алып, есікті ашыпты, тышқандар шыға ма деп қараған, олар, әрине, шығады, дәл сол сәтте Салли тәтей кіріп келеді, ал біз келгенде тәтей кереуеттің үстінде және бар дауысымен ызыңдап тұр екен, ал тышқандар болса, тәтейге көңілсіз болмау үшін бар өнерлерін көрсетіп бағуда, тәтейдің қолында жаңғақ ағашынан шыбық және онымен бізді әйда шықпыртсын, шаңымызды қақты, ал сосын біз екі сағатта тағы он бес тышқан ұстадық — анау боқмұрын бала, жерге кіріп кеткір, жүрмейтін жері жоқ! Бұл жолы түскен тышқандар онша емес, ылғи арық-тұрық екен, өйткені мықтыларының бәрі бірінші аулағанда түсіп еді. Мен бірінші түскен ірі тышқандарды өмірімде алғаш көргенім осы.

Біз ең үлкен деген қоңыздарды, басқаларды, қара қоңыз және басқа жәндіктерді ауладық, араның ұясын тұтас әкелейік дедік те, сосын оны қойдық, үй иелері үйде көріп қалса, үлкен айқай болуы ғажап емес. Біз бұл шаруаны бірден тастай салған жоқпыз, отырдық, шыдамымыз жеткенше күттік: мүмкін, біз оларды жеңеміз деп жүрсек, олар бізді өлтіре жаздады. Мүсәтір тауып, жәндіктердің шаққан жерлерін сүртіп едік, әйтеуір бәрі дерлік кетті, тек біз отыра алмадық. Сонан соң біз жылан аулауды бастадық, жиырма шақты сужылан, сұржылан ұстадық, оларды қапқа салып, сосын өзіміздің бөлмемізге әкелдік, осы уақытта кешкі тамақты ішетін мезгіл болды, сол күні қыруар шаруа істедік, қарнымыз ашып, ішіміз айқай салып дегендей, әйтеуір, не керек кешкі тамаққа да жеттік-ау. Астан кейін бөлмемізге келсек, қаптың ішінде бірде-бір жылан жоқ: шамасы біз қаптың аузын дұрыс байламаған болуымыз керек, сосын олар амалын тауып шыққан да, біреуі қалмастан жорғалап зытыпты. Бірақ бұл ештеңе емес, себебі олар осында, бөлмелерде шығар, бәрін де қайта аулап ұстап аламыз деп ойладық. Алайда осыдан кейін үйдің ішінде жылан қаптап кетті. Олар біресе төбеден, біресе тағы бір жерлерден түсе кетеді, кейде тіпті тәрелкенің ішінде жатады. Олар сондай әдемі, жолақ-жолақ және зияны жоқ, бірақ Салли тәтей бұл жағынан ештеңе білмейді де, түсінбейді де: ол жыланның қандай түрі болса да, қасына жақындауға емес, тіпті қарауға үйрене алмай-ақ қойды, біз қаншама айтып түсіндіргенімізбен болмады. Салли тәтейдің үстіне жоғарыдан не тағы бір жақтан салпаң етіп жылан түсе қалса болды, ол қандай тығыз шаруамен айналысып жатса да, тастай салып, бөлмеден шығып үлгереді. Мен дәл мұндай қорқақ әйелді өмірімде көрген емеспін. Оның зарлаған айқайының ащылығы сондай, тіпті Иерихонға да естілетін шығар. Оны қолындағы қысқаш не басқа нәрсемен жыланды түрте де алмайсың. Ал өзінің төсегінен жылан көре қалса, атып тұрып, үйді өрт алып жатқандай айқайға басады. Тәтей қарияны әбден шаршатқаны сондай, ол құдай жылан атаулыны жаратпай-ақ қойғаны дұрыс еді деп қынжылды. Үйде бірде-бір жылан қалған жоқ және одан кейін бір апта өтті, бірақ Салли тәтей бұрынғысынша қорқып-үркуін қоятын емес, ылғи мазасы кетіп, қай жағымнан жылан келіп қалады дегендей жалтақтап отырғаны. Қайдағы тыныштық! Тәтей бір нәрсе есіне түскендей ойланып отырады, сол кезде қауырсынның ұшымен тамағын сәл түртіп қалсаң, орнынан атып тұрады. Сондағы оның ұсқынын көрсеңіз! Күлкіден өлесің! Бірақ әйелдердің бәрі сондай дейді Том. Олар солай жаратылған, ал неге екенін ешкім білмейді деп Том пәлсафа соғады.

Салли тәтейдің көзіне үйдің ішінде біздің жыландарымыздың бірі түсе қалса болды, бізді шыбыртқымен дүрелейді және егер біз үйдің ішін жыланға тағы да толтыратын болсақ, мұның көкесіндей жазалаймын деп қорқытады тәтей. Мен оған өкпелеген емеспін, себебі ол шыбыртқымен онша қатты соқпайды, оның соққысынан кейін онша ауырмайды, өкініштісі — жыландарды аулап зықың шығады. Дегенмен біз жыландарды және басқа да жаны бар жәндіктерді ауладық, сонда Джимнің абақтысында қызық басталды: ол аспапта ойнай бастаса болды, әлгілердің бәрі оған қарай жүгіреді. Джим қоңыздарды жақтырмайды, қоңыздардың да оны жақсы көрмейтіні белгілі болды. Ол жыландар мен қоңыздардан, тышқандардан маған жататын орын ауыспайды, оның үстіне төсегімнің астында дөңбектей тас жатыр, ал егер тіпті орын болғанда да ұйықтай алмайсың — сендер көрсеңдер ғой, ол жерде не болатынын, өйткені бұл оңбаған жәндіктер кезекпен ұйықтайды антұрғандар: жыландар ұйықтаған кезде тышқандар шығады, тышқандар ұйықтаса, жыландар жұмыстарын бастайды, біреулері менің қойныма тығылып жатады — қалай ұйықтайсың жамбасыңа жабысып жәндік жатса, басқалары үстіңнен секіріп, цирктің ойыншылары секілді, егер ол азаттық алып босана қалған жағдайда, соншалықты көп еңбекақы төлесе де, тұтқын болмаймын дейді.

Міне, осылайша үш апта бойы біздің шаруамыз айтарлықтай оңға басты және былайша айтқанда ірімшікке май қондырғандай жүріп жатты. Оған беретін көйлекті де табананның арасына салып, баяғыда беріп қойғанбыз, тышқан оны тістелеген сайын Джим төсегінен тұрып, сия кеппей тұрғанда күнделігіне бірер жол жазады, қаламдары да әзір болатын, сөздер және басқа белгілерді Том тасқа сұлбасын жазып қойған — тек әріптерді қайта үстінен бастыру ғана қалған, кереуеттің аяғын біз аралап кесіп қойғанбыз, ал кескен ағаштың ұнтақтарын өзіміз жеп қойып едік, содан ішіміз ауырып, әбден азаптады. Өлетін шығармыз деп ойлап едік, әйтеуір өлмей қалдық. Ағаштың үгіндісінен жаман еш нәрсе болмайтын шығар, Том да солай дейді. Мен біздің ойға алған жұмыстарымыздың бәрін ақыры бітірдік дедім, алайда біз әбден шаршап, азаптандық, әсіресе Джим. Сайлас ағай екі рет Жаңа Орлеан маңындағы плантацияға хат жазып, олар келіп қашқын негрді алып кетулерін сұраған, бірақ ешқандай жауап болмады, себебі ондай плантация жалпы болған емес, ол бұдан кейін Джим туралы Жаңа Орлеан және Сен-Луидің газеттеріне хабарландыру жазамын деп шешті. Сайлас ағай Сен-Луиді атағанда менің арқамнан жылан жорғалап бара жатқандай болды, уақыт өткізбеу керек екенін сездім. Жазған кісінің атын айтпай хаттар жазатын уақыт келді деді Том.

— Ол не хат? — деп сұрадым мен.

— Бұл адамдарға қатер төніп тұрғанын ескертетін хат, бірақ жазған адамның аты көрсетілмейді. Кейде осылай, ал кейде басқаша жасайды. Жалпы әрқашан біреу қылмыскерді бақылап жүреді де, абақтының комендантына хабардар етіп айтып отырады. Он алтыншы Людовик Тюильри жақтан хабар аламын дегенде, қызметші бір әйел аңдып жүріп біліп қойған. Өте жақсы әдіс. Жазған адамы белгісіз хат та — дұрыс әдістердің бірі. Біз олай да, бұлай да жұмыс жасаймыз. Ал мынандай жағдай да болады: тұтқынның анасы ұлымен киімін ауыстырады: анасы қалады, ал тұтқын анасының көйлегін киіп қашады. Біз де дәл солай жасап көреміз.

— Тыңдашы, Том, оларға ескертудің бізге керегі қанша? Мейлі, өздері білсін, алдын ала сезсін, олардың өздерінің шаруасы ғой.

— Иә, мен білемін, тек оларға сенуге болмайды. Ең басынан бастап бәрін екеуміз жасауға тура келді. Ал олар сондай сенгіш, ештеңені болжауды білмейтін адамдар, еш нәрсені байқамайды. Егер біз оларға ескертпесек, бізге ешкім кедергі келтірмейді, біздің қыруар еңбегімізден кейін бұл тұтқынның қашқаны еш қиындық болмағандай болады да, қызықсыз, жай күнделікті шаруа секілді өте шығады.

— Міне, бұл дәл маған лайық іс, Том, маған ұнайды.

— Ой, сен қойшы! — деді, ал өзі ашуланып тұрды. Сонда мен:

— Жарайды, мен шағынудан аулақпын. Саған ұнаса, маған да жат емес. Ал қызметші әйелді не істейміз?

— Сен қызметші әйел боласың. Түн ортасында жасырын барасың да анау аралас қанды әйелдің көйлегін жымқырасың.

— Сен не деп тұрсың, Том! Таңертең айқай-шу басталады ғой — оның үстіндегісінен басқа көйлегі де жоқ шығар.

— Білемін, бірақ ол көйлек саған тек жарты сағаттың жартысына ғана қажет болады. Қажет болғанда былай: көйлекті киесің де жазған адам көрсетілмеген хатты есіктің астына қыстырасың, осымен бітті.

— Ендеше, жарайды, апарамын; тек... өз киіміммен де апара салар едім.

— Онда сен қызметші әйелге ұқсамай қаласың ғой, дұрыс па?

— Ұқсамасам ұқсамай-ақ қояйын, бәрібір мені ешкім көрмейді ғой.

— Мұның біздің негізгі ісімізге қатынасы жоқ. Бізге өзіміздің парызымызды орындау керек, біреу көре ме — бұл туралы мазасызданудың қажеті жоқ. Немене, сенде ешқандай принцип жоқ па!

— Жарайды, ендеше айтпаймын: мейлі, қызметші әйел болайын мен. Ал Джимнің анасы кім болады?

— Оның анасы мен. Салли тәтейдің көйлегін алып кетемін.

— Яғни біз Джим екеуміз қашып кеткенде, саған сарайда қалуға тура келеді ғой, солай ма?

— Айтады екенсің! Мен Джимнің көйлегінің ішін сабанмен толтырамын да, оның төсегіне жатқызамын. Джимнің анасы ретінде, Джим менің үстімдегі көйлекті киеді, біз бәріміз бірге қашқынның ізін кесіп қуамыз. Ақ нәсілді адам тұтқыннан қашса, әрқашан ол туралы қашқынның ізін кесіп қуалады дейді. Король қашқан кезде де, мысалы, осылай дейді. Корольдың ұлы — ол заңды перзенті ме, жоқ заңсыз баласы ма — бәрібір солай деп аталады. Том кімнен екені белгісіз хат жазуға кірісті, ал мен сол түні аралас қанды әйелдің көйлегін ұрлап үлгердім, үстіме сол көйлекті киіп, хатты үлкен есіктің астына сүңгіттім, бәрін Томның айтқанындай етіп істедім. Хат мынандай еді:

"Сақтаныңыздар! Сіздерге қатер төніп тұр. Сақ болыңыздар. Белгісіз дос. "

Келесі түнде біз есікке Томның қанға батырып салған суретін іліп қойдық: онда адамның қураған бас сүйегінің қаңқасы және бір-біріне айқастырылған екі сүйек, ал одан келесі түні тағы бір суретті — табыт — ас үйдің есігіне жабыстырдық. Адамдардың суреттерден қорыққанын айтып жеткізе алмайсың мен бұндай қорыққанды көрген емеспін. Біздің адамдардың бәрінің зәрелері ұшып, есіктің артында, кереуеттің астында немесе үйдің ішіндегі ауада бірдеңелер жүргендей қорықты. Егер біреу-міреу есікті қаттырақ жапса, Салли тәтей селк етіп және оған қоса аһылап-уһілейді. Егер арасында оған сәл қолың тиіп кетсе, ол тағы айқайлайды, ол қай жаққа қараса да, арт жағында біреу тұрғандай сезініп, аһылай бастайды, ол тіпті төсекке жатуға да қорықты, ал түні бойы ұйықтамаған да қорқынышты ғой. Осылайша белгісіз адамның хаты керемет әсер етті, бұл — Томның сөзі. Ол бұдан асқан ғажап шаруа болуы мүмкін емес дейді. Біздің өте дұрыс жасағанымыз осыдан-ақ белгілі деп қояды. Том найзағай тартатын тұрбамен төменге түсіп бақылады, жасырын есіктің жанында негр ұйықтап жатыр екен, хатты оның ышқырына сұға салып қайтып келді. Хатта былай жазылған:

"Мені көрсетпеңіздер, мен сіздердің досыңызбын. Үнді жерінен нағыз қаныпезерлердің бір тобы сіздердің қашқын негріңізді бүгін түнде ұрлайды, олар сіздер оларға кедергі келтірмей үйде отырсын деп қорқытты. Мен де сол топтанмын, бірақ мен құдайға сенем және бұл кәсіпті тастағым келеді, адал адам болсам деймін, міне, сондықтан сіздерге олардың жауыз ойларын жеткізіп отырмын. Олар солтүстік жақтан жасырын, шарбақтың бойымен жағалап, түн ортасы кезінде келеді: оларда қашқын негрдің отырған жерінің қолдан жасалған кілті бар. Егер оларға қауіп-қатер төнсе, мен сыбызғы тартын белгі беруім керек, бірақ мен сыбызғы тартпаймын, оның орнына қой болып маңыраймын, олар сарайға кіргенде. Олар негрдің шынжырын алғанша, сіздер жасырын келіп, бәрін кілттеп тастаңыздар, сонда сіздер оларды оп-оңай өлтіре аласыздар. Менің айтқанымды істеңіздер, басқа ештеңе керек емес, әйтпесе олар сезіп қалып, астан-кестеңдеріңізді шығарады. Мен ешқандай сыйлық-марапатты қажет етпеймін, адал қызмет еткенімнің өзі маған жеткілікті.

Белгісіз дос.

Қырқыншы тарау

ЖАНТАЛАС ЖӘНЕ БАҚЫТТЫ АЗАТТЫҚ

Таңғы астан кейін өте жақсы көңіл күймен менің қайығымды алып, өзеннің арғы бетінен балық аулауға кеттік және түскі тамағымызды өзімізбен ала жүрдік. Уақытты сондай жақсы өткіздік, салға барып, оны өзіміз қалдырған күйде аман-есен тұрғанын көрдік және үйге дәл кешкі тамаққа оралдық. Қарасақ, үйдегілердің бәрі әлденеден зәрелері ұшып, ешқайсысында маза жоқ, тіпті естері шығып жүр, бізге тамақ ішкен бойда ұйықтаңдар деп бұйырды, бірақ неге екенін ешкім айтпайды, соңғы хат жайлы да бір сөз жоқ, оны ойымызға алған біз жоқ, онсыз да өзіміз бәрін олардан артық білеміз, біз екінші қабатқа көтерілгеніміз сол еді, Салли тәтей бізге жауырынын беріп бұрылғанда, біз үйдің астындағы жертөлеге зып бердік, шкафтағы тамақтардан түскі асқа жететіндей етіп толтырып алдық та, бәрін өзіміздің бөлмемізге әкеліп, ұйқыға жаттық, ал он бір жарымда тағы тұрдық. Том Салли тәтейден ұрлап алған көйлекті киді және тамақтың бәрін алып жүруге ыңғайлана беріп:

— Ал май қайда? — деді.

— Мен бір бөлігін майстан пісірген нанға салдым, — дедім.

— Яғни сен оны сонда тастап кеткенсің — мұнда май жоқ.

— Майсыз-ақ лаждармыз, — дедім мен.

— Маймен жеген тәтті ғой, — дейді Том. — Сен жертөлеге бар да, майды алып кел. Сосын найзағай тартатын тұрбамен түс те, тез жет. Мен сабанмен Джимнің көйлегін толтырамын — оның анасы ретінде — ал сен келген бойда мен қой болып маңыраймын, сосын бәріміз қашамыз.

Ол осыны айтты да кетіп қалды, мен жертөлеге түстім. Үлкен адамның жұдырығындай май менің қойған жерімде жатыр екен, табананмен қоса майды алдым да, майшамды сөндіріп, еппен басып баспалдақпен жоғары көтерілдім. Аман-есен жоғары жеттім, қарасам, қолына майшам ұстап Салли тәтей келе жатыр, мен тездетіп майды қалпағымның ішіне сүңгіттім де басыма киіп алдым, сол жерде тәтей мені көріп:

— Сен жертөледе болдың ба? — деп сұрады.

— Иә, тәтей.

— Онда не істедің?

— Ештеңе.

— Қалай ештеңе?

— Иә, жай... ештеңе.

— Түннің бір уағында онда неменеге бардың?

— Білмеймін, тәтей.

— Білмейсің? Сен маған бұлай жауап берме. Том, сенің онда не істегеніңді мен білуім керек!

— Мен онда ештеңе де жасаған жоқпын, Салли тәтей, міне, құдайақы, ештеңе жасағаным жоқ!

Ол мені енді жіберетін шығар деп ойладым, ал жай күндердің бірі болса, жібере салар еді, тек біздің үйімізде неше түрлі түсініксіз оқиғалар бірінен соң бірі болып жатқандықтан, тәтей сәл түсініксіз нәрсе болса, тіпті ұсақ-түйек бірдеңе болса да, өзі секем алатын болып жүр.

— Тез қонақ бөлмеге барып отыр, мен қазір келемін. Сен бірдеңе бүлдірген сияқтысың! Сен мазаланба, бәрібір саған шыныңды айтқызамын.

Ол кетіп қалды, ал мен есікті ашып, қонақ бөлмеге кірдім. Ой, онда толған адамдар екен! Он бес фермер — және бәрі мылтықтарын кезеп, атуға әзір отыр.

Мен бір түрлі жаман сезіндім, орындыққа жалп етіп отыра кеттім. Отырғандар бөлменің ішін түгел жайлап алғандай және сыбырлай сөйлесіп, бәрі әлденеге әзір отырғандай үртелектеніп отыр, бірақ оны көрсеткілері келмейді, мен бәрін сезіп отырмын, себебі олар біресе қалпақтарын алып, біресе киіп, біресе желкелерін қасып, бір орыннан екінші орынға көшіп, ілгектерін санайды. Мен де не істерге білмей отырмын, бірақ қалпағымды қолыма алғаным жоқ.

Салли тәтей тезірек келіп сыбағамды берсе екен деп отырмын — мені ұрып-соққаны дұрыс — сонда мен Томға барып, біз тым асыра сілтеп жібердік: мынадай араның ұясын үркіттік! Енді ақымақтық істеп қажеті жоқ, мына жас перілер бізді қарудың астына алмай тұрып, Джиммен бірге тезірек табанымызды жалтыратуымыз керек дегім келді.

Ақыры тәтей келді де әйда мені сұрақтың астына алды, алайда мен бір сұраққа дұрыс жауап бере алмадым, не дерімді білмедім, себебі фермерлер қатты толқып ашулы отыр: біреулері бандиттерге қазір қарсы шығайық, түн ортасына бірнеше минут қана қалды дейді. Ал енді біреулері бандит қой болып маңырағанша күте тұрайық деп аналарды үгіттейді; бір жағынан Салли тәтей сұрақтарын жаудырып қояр емес, ал мен болсам қорыққаннан қалтырап-дірілдеп әрең тұрмын. Бөлме іші бірте-бірте ып-ыстық болып барады және қалпағымның астындағы май ери бастады да бетіме, мойныма сорғалады, фермерлердің біреуі "үйшікке қазір бару керек те, сонда отырып, олар келген кезде бірден бас салу керек" дегенде мен құлап қала жаздадым, сол жерде май маңдайымнан сорғаласын кеп! Салли тәтей көре сала, төсектің бетіне жабатын жайма секілді аппақ болып кетті де:

— Құдайым, сақтай гөр! Мына балаға не болды? Миына суық тиген шығар, міне сорғалап ағып жатыр! деді.

Бәрі менің жаныма келіп қарап жатыр, тәтей қалпағымды жұлып алып еді, басымнан нан емес, майдың қалғаны еденге түсті, сол жерде тәтей мені құшақтап:

— Ой, әбден зәремді ұшырдың ғой! Құдайға шүкір, аман болғаныңа қуанып тұрмын, соңғы кезде біздің жолымыз болмай жүр — бірінен соң бірі, әйтеуір бір кеселге ұшырайтын болдық. Ал мен мынаны көргенде, сені бұл дүниенің адамы емес деп ойладым, сорғалап жатқан қоймалжың сұйықтықтың түсі кәдімгі ми секілді. Құдайым-ай, сен жертөлеге неге барғаныңды маған айтпағаның не, сонда мен мұнша қорықпас едім ғой! Ал енді бар ұйықта, мен сені таң атқанша көрмейтін болайын!

Мен көзді ашып-жұмғанша жоғарыға ұштым, сосын найзағай тартқыштан жерге түсіп, қараңғыда сүрініп-қабынып сарайға жүгірдім. Менің мазасызданғаным сонша, тіпті сөйлей алмадым, дегенмен тез кету керек, үй толы адам, қолдарында бір-бір мылтық деп Томға жеткіздім.

Томның көзі жарқылдап:

— Қойшы! Мүмкін емес! Міне, бұл керемет! Гек, егер мен бәрін қайта бастайтын болсам, екі жүзден астам адам жинар едім. Аз ғана уақыт кідіру керек еді!

— Тезірек, — деймін мен, — тезірек! Джим қайда?

— Міне, қасыңда тұр, қолыңды созсаң, оған жетесің. Ол киініп алған, бәрі әзір. Енді осы жерден шығып қой болып маңыраймыз.

Сол жерде тасыр-тұсыр аяқ дыбысы естілді. Фермерлер есікке жақындады, біреуі кілтті ұстап тарсылдатты, ал енді бірі:

— Мен айттым ғой шығуға әлі ерте деп, олар әлі жоқ, көріп тұрсыңдар кілт есікте, жабық. Былай істейміз: мен сіздерді сырттарыңнан жабамын, ал сендер қараңғы жерде отырыңдар, олар келгенде бәрін атып тастаңдар, ал қалғандарың бөлініп-бөлініп бақылап тұрыңдар.

Бірнеше адам ішке кірді, тек әйтеуір қараңғы болғасын бізді көрмеді, үстімізге шығып кете жаздады. Кереуеттің астына тығылып жанымыз қалды. Біз аман-есен үңгірге кірдік, әуелі Джим, оның соңынан мен, менен кейін — Том, ол өзі осылай бұйырды. Біз енді қосымша салынған үйшікке жеттік, олардың бізге жап-жақын есік алдында топырлап жүгіргендері естіліп тұр. Біз жаймен, дыбысымызды шығармай есікке келдік, Том бізді тоқтатып, есіктің саңылауынан сығалады, бірақ қараңғыда ештеңе көре алмады, ол тыңдап тұрамын, аяқ дыбысы басылғанда сендерді түртемін, сонда әуелі Джим, сосын сен, ең соңында өзім шығамын деп сыбырлады. Ол құлағын есіктің саңылауына жабыстыра тың тыңдап тұр — айнала жүгірген кісілер, ақыры бір кезде ол шынтағымен түртті, біз үйшіктен атып шығып, бұқпантайлап, демімізді шығармай шарбаққа жақындадық, бірімізден соң біріміз кәдімгі үндістерге ұқсап шарбаққа жеткесін, Джим екеуміз арғы жағына түстік, ал Томның шалбары шарбақтың жоғарысындағы көлденең ағашқа ілініп қалды, қуғындар жақындап қалды, ол бұлқынып қалғанда ағаш шарт етіп сынып кетті де, Том секіріп түсіп, соңымыздан жүгірді.

— Кім бұл? Жауап бер, әйтпесе атамын! — деп біреу айқай салды.

Бірақ біз жауап бермедік, табанымыз жерге тимей жанталаса жүгірдік. Олар қуып келеді, трах-трах деп атып жатыр, оқтары басымыздан асып зулайды.

— Әне, олар! Өзенге қарай жүгіріп барады! Жігіттер, қуыңдар соңдарынан иттерді жіберіңдер! — деген дауыстар естіледі.

Соңымыздан қуып келе жатқандарын естіп барамыз. Бізге бәрі естіліп тұр, себебі олардың аяқтарында етік және айқайласып келеді, ал біз жалаңаяқпыз және үн шығармаймыз. Біз орман кесетін жаққа жүгірдік, олар бізді қуып жетті-ау дегенде, бұталардың арасына тығылдық; ал олар жанымыздан жүгіріп өтіп кетті, сосын біз де олардың соңынан жүгірдік. Олар әуелі бандиттерді үркітіп алмайық деп иттерді қамап қойды, енді біреу оларды босатып жіберді; иттер де соңымыздан қуып келеді, дыбыстарына қарағанда миллион ит секілді. Бірақ олардың бәрі өзіміздің иттер ғой, бізді таниды; біз кідіріп, оларды күттік, иттер бізді таныды да, құйрықтарын бұлғаңдатып, сосын айқай-шу, тарс-тұрс аяқ дыбысы шыққан жаққа шапқылап кетті; ал, біз олардың соңынан орман кесетін жерге дейін жүгірдік те, бұталардың арасымен менің қайығым тұрған жерге жетіп, секіріп мініп, күшіміз жеткенше өзеннің орта тұсына қарай, тек үн шығармауға тырысып, есе жөнелдік. Содан соң менің салымды қалдырған аралға бұрылдық; ұзақ уақытқа дейін иттердің бір-біріне абалап үргені, жағада шапқылап жүргендері естіліп тұрды; бірақ біз алыстаған кезде дыбыстар да азайып, бірте-бірте мүлде тынышталды Ал біздің табанымыз салға тигесін, мен:

— Ал, Джим, сен қайтадан азат адамсың, енді ешқашан құл болмайсың! — дедім.

— Иә, бәрі ойдағыдай шыққаны қандай жақсы болды, Гек! Жоспар да жақсы еді, орындалуы одан да артық — басқа ешкімнің басына кірмейтін іс істелді, сондай тамаша!

Біз үшеуміздің қуанышымызда шек болмады, әсіресе есі шыға қуанған Том болды, себебі оның аяғына оқ тиген екен.

Джим екеуміз мұны естігенде, көңіліміз су сепкендей басылды. Томның аяғы өте қатты ауырып, қан сорғалап жатыр; біз оны шалашқа жатқыздық, герцогтың көйлегін жыртып, оның аяғын байлайық деп едік, бірақ ол:

— Шүберектерді маған беріңдерші; мұны өзім де жасай аламын. Кідірмеңдер, ақымақтық істейтін уақыт жоқ. Қашуды тамаша ұйымдастырған болсақ, тездетіп салды шешіңдер де, ескекті алыңдар! Балалар, біз қашуды өте керемет ойластырдық, тіпті айтатыны жоқ! Он алтыншы Людовик біздің қолымызға түссе ғой, сонда оның өмірбаянында "Киелі Людовиктің тұқымы көкке бара жатыр!" деп жазылмас еді. Жоқ, мырза, біз оны шет елге жөнелтер едік — міне, біз солай істер едік! Ескектерді алыңдар, ескектерді алыңдар! — деп бұйырды.

Бірақ біз Джим екеуміз ақылдасып, ойлай бастадық. Бір минуттай ойландық та содан соң мен:

— Сен айт, Джим, — дедім.

— Менің ойымша, былай болады. Егер бұл Том мырза болса және біз оны құтқарсақ, сосын біздің біреуімізге оқ тиіп жаралансақ, ол: "Мені құтқарыңдар, барлық дәрігер дегендерге түкіріңдер!" деп айтар ма еді? Сонда ол Том Сойерге ұқсай ма? Ол солай айта ма? Ешқашан айтпас еді! Ал, Джим солай дер ме еді? Жоқ, мырза, осы жерге дәрігер келгенше, мен орнымнан қозғалмаймын, тіпті қырық жыл отырсам да тырп етпеймін!

Мен оның жаны таза екенін баяғыдан білетінмін, ол осылай айтады деп күткенмін; енді бәрі дұрыс болды, мен дәрігерге барамын деп Томға айттым. Ол осы үшін айқай-шу көтерді, бірақ біз Джим екеуміз айтқанымыздан қайтпай қасарып тұрып алдық. Том өзі еңбектеп салды босатқысы келді, бірақ біз оны жібермедік. Сонда ол бізбен ұрсыса бастады, алайда онысынан ештеңе шықпады.

— Ал жарайды, егер сенің шынымен барғың келіп тұрса, қалаға барғасын не істеу керек екенін саған айтайын. Есігін жап та дәрігердің қол-аяғын байла, көзін де танып таста, сосын ол ешкімге ештеңе айтпаймын деп ант етсін, содан кейін оның қолына алтын толы дорбаны ұстат, ал оны түзу жолмен емес, түн қараңғысында үй-үйдің арасымен жетекте; ал, мұнда тек қайықпен жеткізесің ғой, онда да бірден жетіп келме, шағын аралдарға соғып адасып жүргендей әсер қалдыр; оны жақсылап тінтіп ал, қалтасында бірдеңе бар болса ал — кейін қалаға апарғанда бересің, әйтпесе ол бормен белгі салса, біздің салды тауып алып жүрер. Әрқашан осылай істейді.

Оның айтқанының бәрін істеймін дедім мен, содан соң қайықпен кеттім, ал Джимге дәрігерді көрген бойда орманға тығыл, дәрігер кеткенше сол жерден қозғалма дедім.

Қырық бірінші тарау

ШАМАСЫ РУХТАР БОЛАР!

Дәрігерді оятқанда көргенім өзі әп-әдемі, көзінен мейірім төгілген қарт адам екен. Мен оған інім екеуміз кеше Испан аралынан аң аулап едік, сол жерден сал таптық та, соның үстіне қондық, түн ортасы кезінде інім ұйқысырап па, әйтеуір мылтықты қозғап жіберсе керек — ол атылып кетті, ал оқ оның аяғына тиді; біз дәрігердің сонда баруын және бұл оқиға жайлы ешкімге айтпауын сұраймыз, себебі біз бүгін кешке үйге жетуіміз керек, ал біздің туғандарымыз әлі ештеңе білмейді.

— Туғандарыңыз кімдер? — деп сұрады ол.

— Фелпстер, олар қаланың сыртында тұрады.

— Ә, солай ма! — деді дәрігер. Сосын сәл үнсіздіктен кейін:

— Сонда ініңді қалай жаралады дейсің? — деп сұрады.

— Ол түс көрді ғой деймін, — дедім мен. — Мылтық атылып кетті.

— Қызық түс екен, — деді дәрігер.

Ол фонарьды жағып, қажетті заттарын сөмкеге сала бастады, сосын жолға шықтық. Менің қайығымды көргенде, дәрігер оны ұнатпады: бір адам болса жарап қалар, ал екі кісіні мына қайығың көтермейді деп қойды.

— Сіз қорықпаңыз, мырза, ол біздің үшеумізді де жақсы көтерген дедім.

— Қалай үшеуіңізді?

— Мені, Сидті және ... Сосын мылтықты — үшеуміз дегенім сол еді.

— Ә, солай ма! — деді ол.

Ол аяғын қайықтың ернеуіне салып байқап көрді, сосын басын шайқап, бұдан гөрі дұрыстауын іздеп көрейін деді. Басқа қайықтардың бәрі шынжырмен бекітіп кілттенген екен, ақыры ол менің қайығымды алып, маған осы жерде мен келгенше күт деді немесе басқа қайық тап, болмаса үйіңе барғың келсе және туғандарыңа айтып түсіндіруіңе болады деді. Мен оған ешқайда бармайтынымды айттым, сосын салды қалай табу керек екенін түсіндірдім.

Сол жерде менің басыма бір ой сарт етті. Бұл Томды бірден, былайша айтқанда, ешкі құйрығын көтергенше жаза ала ма? Ал оған үш-төрт күн керек шығар? Олай болған күнде мен істеймін? Ол шал жұрттың бәріне жайғанша, осында отыра беруім керек пе? Жоқ, мырза! Не істеуді білмеймін. Оны күте тұрамын, ал ол келіп, Томға тағы да барып қарауым керек десе, мен де онымен бірге барамын — тіпті жүзіп бара аламын; ал онда барғасын біз оны байлап тастаймыз, ол салдың үстінде жатады, біз өзенмен кете барамыз; Том әбден жазылып, дәрігер керек болмаған кезде, біз барымызды береміз де, оны жағаға шығарып жібереміз.

Мен бөренелердің үстіне шығып, ұйқыға бастым; оянсам, күн тас төбеме шығып алыпты, мен атып тұрып, дәрігердің үйіне жүгірдім, бірақ оның үйіндегілер кеше бір ауруға кеткен, содан әлі оралған жоқ деседі. Келе жатырмын, яғни Томның жағдайы нашар болғаны, тезірек арғы бетке аралға шығуым керек деп ойлап келемін. Дәрігердің үйінен шығып, бұрыла беріп едім, Сайлас ағаның қарнын басыммен жарып жібере жаздадым.

— Том, бұл сенбісің? Осы уақытқа шейін қайда болдың, сен бала? — деді ол.

— Ешқайда болғаным жоқ, — деймін, — біз Сид екеуміз қашқын негрді ауладық.

— Дегенмен сендер қайда жоғалып кеттіңдер? — деді ол — Сенің тәтеңнің зәресі қалмады.

— Тәтей бекер мазаланған, — деймін, — біз ешнәрсеге ұрынған жоқпыз. Өзенге қарай жүгірген кісілер мен иттердің соңынан біз де жүгірдік, тек олар бізден озып кетті де, біз олардан адасып қалдық, сосын олар арғы бетке шығып кеткен секілді болды; біз қайықты алдық та арғы бетке шықтық, бірақ ешкім болмады; біз ағынға қарсы жүріп, әбден шаршадық та, қайықты байлап ұйықтадық; бір сағат бұрын тұрдық та, осында жүзіп келдік. Сид поштаға кетті хабар-ошар жоқ па екен деп, мен жейтін бірдеме болар ма деп келе жатыр едім, сосын үйге келеміз.

Біз, Сайлас ағай екеуміз, Сидті іздеп поштаға соқтық, бірақ мен ойлағандай онда Сид болмады; қария бір хат алды; сонан соң Сидті күтіп біз біраз тұрдық, бірақ ол келмеді; сосын қария: "Үйге барайық, Сид қаңғырып жүруден жалыққанда, өзі жаяу не қайықпен келер, ал біз атпен кетеміз", — деді. Менің Сидті күтейін дегеніме ағай құлақ аспады, оны күтудің қажеті жоқ, тезірек үйге жетейік — Салли тәтей аман-сау екенімізді көрсін деді.

Біз үйге келгенде, Салли тәтейдің қуанғанын көрсеңіз — біресе жылап, біресе күліп, мені қайта-қайта құшақтап, арасында мені ұрған болады, бірақ ауыртпайды; Сидке де ол келгесін сыбағасын беремін деп уәде береді.

Ал үй толы қонақ: фермерлердің барлығы жұбайларымен келіпті, бәрі түскі тамақты осыннан ішіпті, мынандай бөлмеден аузы-мұрнынан шыққан адамды көрген де, естіген де емеспін. 

Бәрінен жаманы Гочкис деген кемпір: аузына келгенін айтып, қоймайды.

— Фелпс сіңлім, — деп қояды Салли тәтейге, — сендердің сарайларыңды көрдім мен, анау негр жартыақыл деп ойлаймын. Демрел сіңліме айттым... а, оған не айтып едім? Ол жартыақыл ғой — осылай дедім, дәл осы сөздерді айттым; сендер бәрің мені естідіңдер ғой — оның есуас екені көрініп тұр дедім. Мысалы, анау қайрақ тасты алайық — маған басқа еш нәрсе айтпаңдар! Есі дұрыс адам қайдағы бір сөздерді қайрақ тасқа шатпақтап жаза ма? Мұнысы несі деймін. Бұл жерде пәлен деген біреудің жүрегі жарылды, бұл жерде тағы біреу отыз жеті жыл тұтқында отырды, тағы бірдеңелер, Людовик дегеннің некеден тумаған ұлы... атын ұмыттым... барып тұрған сандырақ. Әбден есі ауысып кеткен біреу деймін. Мен бірден айтқам, сосын да айттым, қазір де, келешекте де айтамын: ол негр жарымес, таза Навуходоносордың өзі...

— Ал шүберектен жасалған баспалдақ ше, Гочкис апай! — деп әлгінің сөзін Демлер кемпір бөлді. — Ол неменеге қажет болды, айтыңызшы?

— Міне, мен соны әлгінде ғана Оттербек сіңліме айтып едім, ол қазір растайды. "Шүберек баспалдақ ше?" дейді. Мен айтамын: "Шынында да, ол неменеге керек негрге?" деймін. Ал Оттербек апай айтады...

Дегенмен әлгі қайрақ тас онда қалай пайда болды? Және үңгірді кім қазған? Және...

— Міне, мен осыны айтып отырмын ғой, Пенрод аға! Жаңа ғана айттым... маған патока салынған ыдысты беріп жіберіңізші... Әлгінде ғана Демлер сіңліме айттым! "Қалай олар қайрақ тасты ол жерге әкелген? — дедім, — және ешкімнің көмегінсіз, байқайсыз ба, ешкім көмектеспеген. Міне, әңгіме қайда!" Сіз немене деймін, көмексіз қалай әкелген деймін, яғни біреу-міреу көмектескен және бір адам ғана емес; ол негрге жиырма шақты адам көмек көрсеткен деймін; мен болсам, негрлердің бәрін сояр едім, біреуін қалдырмай, сосын кім жасағанын білер едім; ол да аз...

— Сіз жиырма адам дейсіз! Жиырма емес, қырық адамның да қолынан келмес еді. Сіз қараңызшы: аралар жасалған пышақтардан және басқа құралдар, олардың бәрін жасауға қанша уақыт кетеді! Сондай арамен кереуеттің аяғын кесу деген... он адам болса да бір апта жасар еді... Ал кереуеттің үстіндегі негрді көрдіңдер ме? Сабаннан жасалған. Ал көрдіңдер ме...

— Айтпай-ақ қойыңыз, Хайтауэр інім! Мен осы қазір ғана Фелпс ініме айтып едім осыны. Ол: "Сіз қалай ойлайсыз, Гочкис апай?" — деді. "Не туралы айтып тұрсың?" — дедім. "Кереуеттің аяғын айтамын: сонда қалай аралаған?" — дейді. Кереуеттің аяғы өзінен-өзі сынып кеткен жоқ қой деймін, әйтеуір біреу арамен кескен. Міне, менің пікірім осы, арғы жағын өздерің қалай ойласаңдар да, ойлай беріңдер, ал басқа біреу басқаша ойласа, мейлі ойлай берсін. Демлер сіңліме айттым: "Міне, қалай ойлаймын..."

— Иә, негрлер деген шамасы үй толы болар және олардың бәрі жабылғанда да бір ай бойы түнімен жұмыс істесе ғана тұтқын негр отырған жердегі жұмысты бітірулері мүмкін, Фелпс сіңлім. Мәселен, мына көйлекті алайық — Африкалықтардың жұмбақ әріптерімен бірдеңелер жазылған және ең соңғы нүктесіне дейін қанмен жазылған! Бір топ шайка қызмет еткен болуы керек және көп мезгіл істеген. Мен екі долларымды да алмас едім, егер осының бәрін маған түсіндіріп оқып берсе; ал жазған негрлерді мен жақсылап тұрып шыбықтар едім...

— Сіз оған біреулер көмектесті деп ойлайсыз ба, Маплз ағай? Егер біздің үйде біраз күн тұрсаңыз, өзіңіз көрген болар едіңіз. Ой, олар қанша нәрсені ұрлап әкетті — қолдарына түскеннің бәрін! Және біз ылғи күзетіп жүрдік. Мына көйлекті жіпке жаюлы тұрған жерінен әкетті! Ал анау жайманы, шүберек баспалдақ жасағанды айтам, олар қанша рет ұрлағандары есімде жоқ. Ал ұнды, майшамды, қасықтар, ескі таба — оның бәрі қайдан есімде тұрсын! Ал менің жаңа шыт көйлегім! Және біз, Сайлас екеуміз, Том мен Сид күндіз-түні бақтық, мен сіздерге айттым ғой, бәрібір ештеңе шығара алмадық. Кенет ең соңғы минутта — міне, сендерге дегендей — танауымыздың астынан өтіп, бізді отырғызып кетті емес пе және тек бізді ғана емес, Үнді елі жақтан келген бір топ бандитті де отырғызып, әлгі негрмен зытып отырды емес пе — ал олардың соңынан он алты адам, жиырма екі ит қуып жете алмады ғой! Мұндай ептілік шайтандардың да қолынан келе қоймас... Меніңше, олар, шынында да, шайтандар болар; сіздер біздің иттерімізді білесіздер ғой — өте жақсы иттер, мұндай иттер басқа ешкімде жоқ — солардың өздері ізге түсе алмады ғой, тіпті бір рет те! Міне, маған біреулеріңіз түсіндіріңіздерші, егер мүмкін болса!

— Иә, бұл, білесіз бе...

— Құдайым-ай, ешқашан...

— Жарылқай гөр, жасаған ием, мен...

— Үйдің ұрылары және...

— Мен мұндай үйде тұруға қорқар едім! Мен өзім де қорықтым — ұйықтауға жатсам, тұруға қорқам, отыра да алмаймын, Риджуэй апай! Олар қалай ұрламағанын... Сіздер білсеңіздер ғой, кеше түн ортасына жақындағанда қорқыныштан қалтырап кеттім! Құдай куә, мен балаларды ұрлап кете ме деп қорықтым. Міне, мен ең соңғы ақыл-есімнен тана жаздадым. Қазір күндіз ғой, мұның бәрі ақымақтық секілді болып көрінеді, ал түнде менің бауырларым Том мен Сид жоғарыда екеуден-екеу қалай жатыр екен бөлмеде деп ойладым. Құдай куә, қорыққаным сондай, жаймен жоғарыға көтеріліп, олардың есігін кілттеп қойдым. Алдым да кілттедім. Менің орнымда кім болса да солай істер еді. Өйткені сіздер білесіздер, осылай қорыққанда, сағат сайын үрей күшейе береді, басың айналып, неше түрлі жаман ой келеді, сосын неше түрлі ақымақтыққа барасың! Егер мен бала болсам, бөлмеде жалғыз отырғанда, есік ашық болса... деп ойлайсың.

Тәте кенет үндемей қалды, ойланғандай болды да, сосын маған қарай бұрылды, маған тура қарады — мен сол жерде орнымнан тұрдым да, қыдырып қайтайын деп далаға шықтым.

Мен ішімнен өзіме өзім егер шеткерірек шығып оңаша ойлансам, таңертең біздің төсегімізде болмаған себебімізді түсіндіретін шығармын дедім. Солай істедім де. Алысқа кете алмадым, себебі тәтей соңымнан біреуді жіберіп жүрер деп қорықтым. Кейін қонақтар кеткесін, оның жанына келіп, "Сид екеуміз мылтықтың дауысы және айқай-шудан оянып кеттік те, не болып жатқанын көргіміз келіп, есік кілттеулі тұрғасын, найзағай тартатын тұрбамен сырғанап түскенде, екеуміз де жарақат алдық; ендігәрі ешқашан бұлай істемейміз деп соқтым. Ал сосын Сайлас ағайға айтқанымды тәтейге де қайталадым; ол "кешіремін, мүмкін кешіретіндей ештеңе болмаған шығар — ер балалардың бәрі, оның білуінше, еркелеу, әйтеуір бірдеңе істеуге үйір келеді; ешқандай жаманшылық жасалмаса, оларға ренжудің немесе мазасызданудың қажеті жоқ, қайта бәріміздің аман-сау тірі қалғанымызға құдайға алғыс айтқанымыз дұрыс" деді. Осыны айтып тәтей менің бетімнен сүйді, басымнан сипады, сосын әлденеге ойланып қалды және біртүрлі сүйкімсіз болып кетті.

— Құдайым, сақтай гөр, қараңғы түсіп кетті, ал Сид болса әлі жоқ! Ол қайда кетуі мүмкін? — деді.

Ыңғайлы сәт туған секілді — мен орнымнан атып тұрып:

— Мен жүгіріп қалаға барып келе қояйын, Сидті тауып алам, — дедім.

— Жоқ, айналайын, — деді, — отырған жеріңнен қозғалма. Біреуіңнің жоғалғаның да жетер. Егер ол кешкі тамаққа келмесе, қалаға ағайың барады!

Әрине, кешкі тамаққа ол келмеді, ағай тамақ ішіп бола салысымен қалаға кетті.

Сағат онға таман ағай оралды, бірақ түрінен мазасыз күйі сезіліп тұр — Томның ізін де таба алмаған. Салли тәтей өте ренжіп қалды, ал ағай оған қайғыруға әлі ерте деді. "Ер баланың аты — ер бала; көрерсің әлі, оның ертең ертемен дені сау, тірі келіп тұрғанын". Тәтей осыны естігенде сәл де болса тынышталғандай болды. Сонда да ол ұйықтамайтынын, оның келуін күтетінін және ол келген кезде жарық болып тұру үшін майшамды сөндірмейтінін айтты.

Сонан соң мен жатуға кеткенімде, тәтей қолына майшам алып менімен бірге көтерілді де, дәл бір туған анамдай мені қымтап жауып, мен ұялғаннан оның көзіне тура қарай алмадым; ал ол менің кереуетіме отырып, менімен ұзақ сөйлесті — біздің Сид қандай жақсы бала деп әбден мақтап, арасында менің ол туралы не ойлайтынымды сұрайды, адасып кетпеді ме екен, жараланып бір жерде жатыр ма, болмаса өліп қалды ма, әлде суға батып кетті ме, белгісіз бір жерде ес-түсін білмей жатыр ма, тәтесі болса, ештеңе білмей отырғаны мынау деп қояды. Осыны айтқанда көзінен жас сорғалап кетті, ал мен болсам Сидке ештеңе болған жоқ, таңға жақын келіп қалар деп қайта-қайта айтамын; тәтей біресе қолымды сипайды немесе сүйеді, сосын жаңағы айтқандарымды тағы айтуымды сұрай береді, себебі соны естігенде сәл де болса жеңілденіп қалатын секілді — сондай қиналып отыр. Менің қасымнан кетерде көзіме тура қарап:

— Мен есікті жаппаймын, Том. Әрине, терезе бар, найзағай тартатын тұрба бар, бірақ сен кетпейсің ғой? Мен үшін! — деп күлімсіреп еркелете сөйледі.

— Ал менің Томның жағдайы не болып жатқанын білу үшін осы сәтте-ақ тура жүгіргім келді, алайда тәтейдің әлгі сөздерінен кейін алтын берсе де кетпестей болдым.

Салли тәтей де, Том да басымнан шықпай қойды. Сондықтан ба, өте нашар ұйықтадым. Түнде екі рет найзағай тартатын тұрбамен төменге түстім, үйді айналып едім, тәтей терезенің алдында жолға қарап жылап отыр, жанында майшам тұр; осыны көрген кезде ол үшін бір жақсылық жасағым келіп кетті, бірақ не жасауға болады; енді ешқашан оны ренжітпеймін деп ант берсем бе... Үшінші рет таң ата оянып төменге түстім, қарасам Салли тәтей әлі отыр, жанындағы майшам сөнуге жақындапты, ал тәтей бурыл тартқан басын қолына сүйеп ұйықтап отыр екен.

Қырық екінші тарау

ДЖИМДІ НЕГЕ ДАРҒА АСПАДЫ

Таңғы тамақты ішпестен шал тағы да қалаға барып келді, бірақ Томды таба алмады; екеуі де дастарқан басында үнсіз ойланып отыр, жүздері мұңды және еш тамақ батпады, ыдыстағы кофелері де суып қалды. Кенет шал:

— Мен саған хат беріп пе едім? — деді.

— Қайдағы хат?

— Кеше мен поштадан алған хатты айтамын?

— Жоқ, сен маған ешқандай хат көрсеткен емессің.

— Ұмытып кеткенім ғой.

Мен шалбарымның қалталарын қопара бастадым да, кенет ағайдың кеше қайда қойғаны есіме түсті, барып әкелдім де, тәтейге бердім.

— Мына хат Санкт-Петербургтен, апайымнан ғой, — деді.

Мен тағы далаға шығып қыдырғаным пайдалы-ау деп шештім, бірақ орнымнан қозғала алмай қалдым. Кенет... хатты ашып үлгерместен тәтей оны тастай салды да, бөлмеден жүгіріп шыға жөнелді — бірдеңе көрді. Мен де көрдім: нәселкеде жатқан Том Сойер, дәрігер, үстінде баяғы шыт көйлек және екі қолын артына байлаған Джим, сосын тағы да толған адамдар. Хатты тездетіп қолыма түскен заттың астына сұға салып, мен де жүгірдім. Салли тәтей Томға бас салып, жылап жатыр.

— Ол өлген ғой, өлген, мен білемін, өлген! — деп қояды. Ал Том басын сәл бұрып, бірдеңе деп күбірлейді; сандырақтап жатқаны бірден белгілі болды; тәтей қолын сермелеп:

— Ол тірі екен, құдайға шүкір! Осының өзіне де рахмет! — деп қояды.

Томды сүйіп алды да, тәтей төсек дайындайын деп үйге жүгірді — аяғын басқан сайын негрлерге де, басқаларға да бұйрық береді және сондай тез, сондай шапшаң қимылдайды.

Мен топтың артынан еріп келемін — Джимді не істер екен деп қоямын, ал дәрігер шал мен Салли ағай Томның артынан бөлмеге кірді. Фермерлердің бәрі Джимге ашуларын төгіп, тіпті кейбіреулері осы маңдағы негрлердің бәріне көрсетіп, Джим секілді қашып-пысып, елдің тыныштығын бұзып, бүкіл бір отбасының әлек-шәлегін шығарғаны үшін дарға асу керек деп қояды. Ал өзгелері дарға асудың қажеті жоқ, себебі ол біздің негр емес; кенеттен оның иесі келіп, құнын төлеңдер деп жүрсе қалай болады десті. Бұл пікір дау-шардың қызуын басқандай болды: негрді дарға асқылары келгендер құнын төлеу туралы естігенде жым бола қойды.

Олар Джимге ұрсып жатыр, тіпті екі-үш peт таяқтап та жіберді, ал Джимде үн жоқ, ол тіпті мені танитынын да сездірмеді; аналар оны бұрынғы сарайға апарып, ескі киімдерін киюге бұйырды және оның қол-аяғына тағы кісен салды, оны кереуетке емес, қабырғадағы бөренеге бекітілген темір дөңгелекке кілттесті, сосын мұның иесі келгенше тек қара су мен қара нан ғана беріңдер дегенді айтты; ал иесі келмеген күнде аукционнан сатқанша солай ұстау керек деп, біздің үңгірімізді топырақпен бітеп тастады да, түнде екі фермер мылтықтарымен күзететін болсын, ал күндіз сарайдың алдына ит қою керек деп келіскеннен кейін де әлгілер қарап тұрғанша дейтін болулары керек — Джимді жерден алып, жерге салып, ұрыстарын тоқтатпап еді. Сол кезде үйден қарт дәрігер шығып:

— Бұған өте қатал болмаңдар, ол негр жақсы адам: мен баланың жатқан жеріне келгенімде оның аяғындағы оқты біреудің көмегінсіз ала алмадым, кетіп біреуді алып келуге баланың халі нашар болды; сандырақтай бастады, тіпті мені жанына жақындатпады, егер мен бормен қайыққа, салға белгі салсам, өлтіремін деп қояды; көмектесетін адам жоқ, не істерге білмей тұрғанымда, мына негр шығып келе жатыр, сізге көмектесемін дейді, жақсы көмек етті, қолы да епті екен. Мен, әрине, мұның қашқын негр екенін білдім, ал мен сол жерде бір күн, бір түн болдым; қалада екі сырқат бар еді, кетіп қалайын десем, мынау қашып кетсе, сол үшін мені соттайды ғой, өзен бетінде бір қайық көрінбейді, шақырып алатын ешкім маңайда жоқ. Осылайша бүгінгі таңға дейін аралда тұруға тура келді, негрдің ауру адамды ықыласпен күткенін бұған дейін көрген емеспін және мені ұстап алады деп қорықпай, азаттығын айырбастағандай болды және қатты шаршады — оның өте ауыр қызмет атқарғанын көрдім. Маған өте ұнады. Мен сендерге айтайын, мырзалар: мұндай негр үшін мың долларды төлеуге болады, онымен мейірімді болыңдар. Ол жерде үйдегіден гөрі балаға жақсы, тыныш еді. Бірақ мен осылар үшін сонда таңға дейін отыруға тура келді — екеуі де менің қолымда ғой, сосын қарасам, қайықпен біреулер келе жатыр екен, бақытымызға қарай, негр басын тізесіне қойып ұйықтап отыр еді; мен аналарға белгі бердім, олар келіп негрді ұстап, байлап тастады, бұл кезде бала да ұйықтап жатқан, біз ескектерді шүберекпен орап, салды қайыққа тіркедік те, жайлап қалаға қарай жүздік; ал негр қарсыласқан жоқ, тіпті тіл қатқан жоқ; ол о бастан өзін өте тәртіпті ұстады. Ол жақсы негр, мырзалар!

Біреу айтты:

— Иә, мойындау керек — жамандық жоқ екен, дәрігер.

Сосын басқалары да жыли бастады, ал мен дәрігерге Джимге жақсы қызмет көрсеткені үшін өте риза болдым; дәрігердің Джим жайлы ойлары менің ойымдай екенін естігенде әбден қуандым; мен Джиммен алғаш танысқанда-ақ оның жүрегі мейірімге толы және өзі жақсы адам екенін бірден байқаған едім. Оның мінез-құлқы көңіл аударатындай, тіпті марапаттайтындай екеніне бәрі келісті. Сол жерде бәрі ендігі жерде оған ұрыспауға уәде берді.

Сосын бәрі сарайдан шықты да, Джимді кілттеп кетті. Олар оның аяғынан не қолынан кісеннің бірін босататын шығар деп ойлағам, өйткені кісеннің салмағы ауыр және тек қара нан мен қара су емес, оған ет, жеміс-жидек секілді тамақтар беру керек деп айтар едім, бірақ олардың ешқайсысының басына бұл келмеді, сосын бұл жерге қол сұқпай, Салли тәтейге дәрігердің әңгімесін айтып берейін дедім, ал біз қайықпен қашқын негрді қуғанымызда Сид жараланғанын айтсам...

Салли тәтей күндіз де, түнде де аурудың бөлмесінен шықпай қойды, ал мен Сайлас ағайды көрсем болды, зытып отыратын болдым.

Ертеңіне таңертең Том тәуір, Салли тәтей демалуға кетті деп естіп қалдым. Мен зып беріп аурудың бөлмесіне кірдім; егер ол ұйықтап жатпаса, туысқандарға қалай деп істерімізді жұмсартып айтуға болатынын ойлауымыз керек деген пікірдемін. Бірақ ол ұйықтап жатыр екен, беті қуқылданып қалыпты, кеше оны үйге әкелгенде бет-жүзі оттай жанып қызарып жатқан еді. Мен отырып оның оянуын күттім. Шамамен жарты сағат өткенде бөлмеге еппен басып Салли тәтей кіріп келді — мен тағы қолға түстім! Ол отыра бер деген белгі беріп, өзі қасыма отырды, сосын біз бәріміз қуануға тиістіміз, себебі ол біраздан бері осылай тыныш ұйықтап жатыр, оянғанда есін жинап оянады деп сыбырлады.

Екеуміз оны күзетіп отырдық, бір кезде ол қозғалып, көзін ашты, әдеттегісінше жан-жағына қарап:

— Е, мен үйде екенмін ғой! Қалай болды өзі? Сал қайда? — деді.

— Сал орнында, бәрі дұрыс, — дедім.

— Ал Джим ше?

— Ол да, — деймін батылсыздау.

Ол ештеңені байқаған жоқ.

— Өте жақсы! Керемет! Яғни бәрі дұрыс аяқталды! Сен тәтеме айттың ба?

Мен "иә" дейін деп жатыр едім, тәтей:

— Не туралы айту керек, Сид? — деді.

— Осының бәрін қалай жасағанымызды.

— Ненің бәрін?

— Иә, бәрін: Біз Том екеуміз қашқын негрді қалай құтқарғанымызды.

— Құдайым-ай! Құтқардық... сен не туралы айтып жатырсың, айналайын? Тағы сандырақтап жатыр...

— Жоқ, сандырақтап жатқаным жоқ, не жайлы айтқанымды өзім білемін. Біз оны құтқардық, Том екеуміз. Осылай істейміз дедік — істедік. Істегенде қалай істедік!

Том басынан бастап айтып жатыр, айтып жатыр, ал тәтей оны тоқтатпады, тыңдап отыр және оған көзі шарасынан шыға қарап қояды, дәл осы жерде менің араласуымның қажеті жоқ екенін байқадым.

— Тәтей, ой, біз қанша қиналдық! Бірнеше апта бойы, әр түн сайын дамылсыз жұмыс істедік, сіздер бәріңіз ұйықтап жатқанда. Майшамдарды, жаймаларды, ер адамның және сіздің көйлегіңізді, сосын қасықтарды да, қалайы тәрелкелерді де, бірнеше пышақты және табаны, қайрақ тасты, ұнды — бәрін айтып тауыса алмаймын — бізге осылардың барлығын ұрлауға тура келді! Ара жасау үшін қанша қиналғанымызды сіз елестете де алмаймыз, тәте! Қауырсын қалам, қайрақ тасқа жазу және басқалар — қандай рақат болды десеңізші! Ал сосын табыттың, адам қаңқаларының суреттерін салу, аты айтылмаған біреудің хаттарын жазу, найзағай түсетін тұрбадан түсу, одан қайта түсу, жердің астынан үңгір қазу, шүберектен баспалдақ жасау және табананның ішіне салып, Джимге беру, сіздің қалтаңызға бізге жұмысқа қажетті қасықтарды салу...

— Құдай, сақтай көр!

— Джим жалғызсырамасын деп сарайға жыландар мен қоңыздарды, тышқандарды жіберу; сосын сіз Томды ұзақ ұстадыңыз, оның басындағы қалпағына салған май еріп кетті, сүйтіп сіз біздің ісімізге кесел келтіре жаздадыңыз: біз кетіп үлгерген жоқ едік, фермерлер сарайға кіріп жатыр; біз тездетіп үңгірге кіріп үлгердік те қаштық, олар біздің дыбысымызды естіп, қуа бастады, сол жерде маған олардың оғы тиді; содан соң жолдан бұрылып, олар асып кетсін дедік, иттер бізге келгенде еркелеп тұрды да, сосын кеткендердің соңынан шаба жөнелісті; ал біз қайыққа отырып, аман-есен аралда тұрған салға жеттік; Джим енді азат адам және осының бәрін өзіміз жасадық — керемет емес пе, тәтежан!

— Мен мұндай әңгімені естіген емеспін, тіпті өмір бойы естімедім! Өй, тентектер, бізді қорқытып өлтіре жаздаған, есімізді шығарған сендер екенсіңдер ғой! Дәл қазір сендерді шыбыртқымен жондарыңды жосып, іштеріңдегі сайтанды шығарғым келіп тұр! Мен болсам, жылап-еңіреп, ұйықтамай, уайымнан қалжырадым емес пе! Міне, шайтан бала, қалай жазыласың, мен сені өз қолыма аламын, екеуіңнің де емдеріңді беремін!

Алайда Том көзі жайнап, рақаттанып жатыр, мақтанып сөйлей береді, ал тәтей оның сөзін бөліп, біресе ашуланады, біресе ұрсады, екеуі бір-біріне сөз бермей бөлмені бастарына көтеріп, үйдің шатырына шығып алып ырылдасатын мысықтар секілді...

— Жарайды, қуана бер, бірақ екіншілей оған бас сұқсаң!..

— Кімге? — деді Том, күлкісін тыя қойып, таңғалғаны көрініп тұр.

— Қалай кімге? Әрине, қашқын негрге, енді кімге деп едің?

Том маған ашулы жүзбен жалт қарады:

— Том, сен әлгінде ғана Джим қауіпсіз жерде деп едің ғой? Ол қашып кеткен жоқ па?

— Кім? — деді Салли тәтей. — Қашқын негр ме? Ол ешқайда қашқан жоқ. Оны қайтадан ұстап алды, тірі, дені сау және бұрынғы сарайда отыр, кісендеулі, нан мен су ғана тиеді, егер иесі келмесе, оны сатып жібереді.

Том төсегіне отырды — көзі жайнап, танауы желпілдеп кетті:

— Олардың құқы жоқ оны жауып қоятын! Жүгір! Бір минутты да босқа жіберме! Босатыңдар оны, ол құл емес, жер бетіндегі барлық адамдар секілді азат адам?

— Мына бала не деп ойдан шығарып отыр!

— Ештеңені де ойдан шығарып жатқаным жоқ! Айтқанымның бәрі шындық, Салли тәтей! Егер оған ешқайсың бармасаңдар, өзім барамын! Мен Джимді өмір бойы білемін, Том да солай. Қария Уотсон ханым осыдан екі ай бұрын қайтыс болды. Ол кісі бір кезде Джимді өзеннің төменгі жағына сатып жібергісі келгеніне сондай ұялды, өзі солай деді; өзінің өсиет хатында Джимге азаттық берді.

— Ендеше құтқарам деп жүргенің не?

— Тек әйел ғана осындай ақымақ сұрақ қояды!

Бастан кешкен оқиғалар ше? Иә, мен мұндай оқиғаларды басымнан өткізу үшін тобықтан қан кешсем де тайынбас едім.

— Құдайым-ай, Полли тәтей!

Егер ол тәтей босағада тұрмаған болса, мен жерге кіріп кетейін, ұяң да мейірімді, сүтке тойған қозыдай болып Полли тәтей тұр!

Салли тәтей ұшып тұра келіп, оны құшақтап жылап жатыр, құшағына алып, тіпті басын жұлып тастай жаздады; бұл жердегі мен үшін ең қауіпсіз орын — кереуеттің асты екенін бірден түсіндім: біздің төбемізде найзағай ойнағалы тұрғанға ұқсайды. Мен қарап жатырмын: Полли тәтей құшақтан босап, көзәйнегінің үстінен Томға қарап тұр — қарағанда оны жерге кіргізіп жіберер сұспен. Содан соң:

— Иә, теріс қара, теріс қара, Том! Сенің орныңда мен болсам, мен де теріс қарар едім, — деді.

— Құдайым-ай! — дейді Салли тәтей. — Ол сондай өзгеріп кетті ме? Бұл Том емес, Сид қой! Ал Том... Том, сен қайдасың? Ол қазір осы жерде болған.

— Сен Гек Финн қайда дегің келіп тұр ма — солай дегің келді ғой, а? Мына тентек Томды өсіргеніме талай жыл болды — оны қалай танымайын! Қане, Гек Финн, кереуеттің астынан шық жаның барда!

Мен шықтым, тек жуасып қалдым. Салли тәтей әбден сасып қалды. Одан бетер сасып, есінен айырылғандай болған Сайлас ағай болды: ол қаладан келгесін әңгіменің бәрін естіді, сосын мас адам секілді күні бойы жүрді, кешкісін уағыздық кезінде оның не айтқанын дүниедегі ең бірінші данышпанның өзі де түсіне қоймас еді. Ал Полли тәтей оларға менің кім екенімді, қайдан шыққанымды айтып берді, мен Фелпс ханым мені Том деп қарсы алғанда, не істерімді білмегенімді (осы жерде Салли тәтей: "Сен мені бұрынғыша Салли тәте дей бер", деді) айтып түсіндіруіме тура келді. Басқа амалым жоқ болатын, Томның бұған ренжімейтінін білдім — керісінше, ол қуанады, себебі жұмбақ оқиғаның бәрі оны қызықтырады, ол тіпті қуануы мүмкін. Солай болды да. Ол өзін Сидпін деп таныстырды және мені құтқарды.

Ал Полли тәтей Томның айтқаны рас — қарт Уотсон ханым өлер алдындағы өсиетінде оған азаттық берді: яғни Том Сойер азат негрді құтқару үшін түрлі оқиғаларды бастан кешірген! Мен дәл осы минутқа дейін тәрбиелі отбасынан шыққан Томның негрге азаттық әперем дегеніне қайран қалған едім.

Полли тәтей Салли тәтей өзінің хатында Том мен Сид аман-есен келді деп жазғасын, ол: "Міне, дәл солай! Оны жалғыз жібергесін оған қарайтын ешкім жоқ — бірдеңе шығаруы сөзсіз" деп ойлапты.

— Міне, енді жалғыз өзім осынша қашыққа пароходпен — мың шақырым ғой — азып-тозып жеткенім осы, оңбаған баланың бірдеңені бүлдіргенін сездім, сен Салли, хатыма жауап та бермедің ғой.

— Мен сенен хат алған жоқпын, — деді Салли тәтей.

— Мүмкін емес! Мен саған екі рет хат жаздым, Сид осында дегенің қалай деп сұрадым — бұл не сонда?

— Мен бір де хат алмадым.

Полли тәтей жаймен бұрылып:

— Том? — деді қатқыл үнмен.

— Немене? — дейді ол аузын бұлтитып.

— Не дегенді қой, қайда, шығар хаттарды!

— Қандай хаттарды?

— Қандай деген не! Сені қолға алмаса болмайды екен!

— Олар ана кішкене сандықшада жатыр. Оларға ешкім тиіскен жоқ, мен поштадан алған күйінде. Ол хаттардың біраз шу көтеретінін сездім, сіздің келуіңізге асығыс жоқ қой деп ойладым.

— Шыбықтап соғу керек еді сені! Мен келейін деп жатырмын деген тағы бір хат жазып едім ғой. Ол да...

— Жоқ, ол хат тек кеше ғана келді, мен әлі оқығаным жоқ, менде жатыр.

Мен ол хаттың Салли тәтей қойған жерде жатпағанына екі долларға дауласайын деп ойладым да, сосын аш құлақтан тыныш құлақ деп шештім. Сонымен ештеңе айтпадым.

Соңғы тарау

ЕНДІ ЖАЗАТЫН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ

Мен бірінші рет Том бөлмеде жалғыз қалғанда, қашу туралы тарихты неменеге бастадық және ол негр баяғыдан азат екенін біле тұра оны құтқарам деп неге қызмет қылдың, ал құтқарған күнде не істемек едің деп сұрадым. Ал Том бұған егер біз Джимді аман-есен алып кетсек, үшеуміз өзеннің төменгі жағында салмен сайран салып біраз жүрер едік, содан кейін Том Джимге оның азат адам екенін айтып, содан соң оған уақыты кеткені үшін ақша берер едік, алдымен хат жазып, келе жатқанымызды хабарлап, негрлердің бәрін музыкамен, факельмен қарсы алуын айтып, ал үшеуміз пароходпен қалаға барар едік. Бұдан соң Джим батыр болып шығар еді және біз екеуміз де, дегенмен олай болмаса да, жаман аяқталған жоқ деп жауап берді.

Біз бір минутта Джимді кісендерінен босаттық, Сайлас ағай, Салли және Полли тәтейлер Джимнің дәрігерге жақсы көмектескенін, жаралы Томның жанынан кетпей күткенін естігенде естері шығып, оны күтіп-баптауға кірісті: тамақтың неше түрін беріп, оның көңілсіз болмауын, ештеңе істемеуін айтып әбектеді. Біз Джимді жақсылап әңгімелесу үшін аурудың бөлмесіне шақырдық; Том оған қырық доллар берді, оның барлық қиындыққа көнгені және тұтқын кезінде өзін өте жақсы ұстағаны үшін. Ал Джим қуанып әңгімені соға бастады.

— Міне, Гек, саған айтпап па едім? Джексон аралында саған не дедім? Менің кеудем жүндес, ал бұл ненің белгісі, мен бір рет бай болғам, алдағы уақытта тағы бай боламын дедім ғой; міне, айтқаным келді! Белгі деген — белгі ғой. Жүндес кеуделі адам бай болады деседі, менің сөзімді есіңе сақта!

Бұдан кейін Том тағы өзінің әдетіне басып әңгіме соқты: үшеуміз қашып кетейік те, киімдерімізді өзгертіп, түрлі оқиғалар іздеп үнділіктерге, солардың жеріне өтіп кетейік, екі не үш аптаға деді. Мен оған жарайды, бұл онша қиын шаруа емес, үнділіктердің костюмін алатын ақша жоқ менде, ал үйдегі ақшадан ештеңе қалмаған шығар, себебі әкем келсе, Тэчер соттан менің ақшамды алып ішіп бітірген шығар дедім.

— Жоқ, ішкен жоқ, — деді Том, — ол ақша түгел — алты мың. Сенің әкең әйтеуір мен осылай қарай кеткенше қалаға келген жоқ.

Ал Джим салтанатты түрде:

— Ол енді ешқашан оралмайды, Гек! — деді.

— Неге оралмайды, Джим? — дедім.

— Неге болса да, әйтеуір ол енді келмейді, Гек.

Бірақ мен одан қалмадым, ақырында ол:

— Есіңде ме, өзеннің төменгі жағына қарай қалқып бара жатқан үй? Ішінде бір адам жатты, үстіне көрпе жауып тастаған, ал мен оның бетін ашып қарадым да, сені олай қарай жібермедім ғой? Міне, ақшаңды түгелімен өзің аласың керек болғанда, себебі әлгі адам сенің әкең екен.

Том әлдеқашан жазылды, аяғынан алынған оқты сағаттың бауына байлап, мойнына тағып жүр, сағат қанша болды деп әлсін-әлсін оққа қарап қояды; енді жазатын ештеңе жоқ және мен соған өте қуаныштымын, себебі мен кітап жазу дегеннің осыншама азап екенін бұрын білген болсам, қолыма қалам алмаған болар едім, бұдан былай ешқашан жазбаймын. Дегенмен мен үнділіктерге Том мен Джимнен бұрын кететін шығармын, өйткені Салли тәтей мені бала қылып, тәрбиелегісі келеді, ал мен тәрбиеге шыдай алмаймын. Оны да көрдім ғой.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер