Ерте заманда диірменде бір кәрі диірменші өмір сүріпті. Оның әйелі, бала-шағасы жоқ екен. Қоластында үш жұмысшысы бар екен. Үшеуі көп жыл бойы диірменшінің жұмысын адал істеп жүріпті. Күндердің бір күні диірменші оларды шақырып алып былай дейді:
— Мен қартайдым. Маған енді пештің үстіне шығып алып жатудан басқаға шамам келмес. Ал сендер енді жер дүниені шарлау үшін жолға шығыңдар. Маған осы әлемдегі ең жақсы атты тауып әкеліп берсе осы диірменді соған бермекпін. Сөйтіп осы диірменге ие болғаның маған өле-өлгенше қамқорлық жасайсың деген шартым бар.
Үшінші жұмысшы диірменге дән құюшы болып істейді екен. Оны басқалары қолынан түк келмейтін ақымақ деп санайтын еді. Сондықтан диірменге ол ие болуы мүмкін-ау деп ешкім ойлаған жоқ. Және Ганстің өзі де оған соншалықты ниетті емес еді. Сөйтіп үшеуі бірдей алыс жолға шығыпты. Бір ауылға таяп қалғанда ана екеуі ақымақ Ганске былай дейді:
— Сенің осында қалғаның дұрыс болар. Өмір бойы іздесең де қарғыс атқыр сол мәстекке қолың жетпейтіні айдан анық. Әуре болмай-ақ қой.
Бірақ Ганс оларға еш үн қатпастан еріп жүре береді. Ақыры күн батып, түн болған кезде үшеуі бір үңгірге келіп жетеді. Сол үңгірдің ішіне түнеп шықпақ болады. Екі ақылды Ганс ақымақтың ұйықтауын күтіп ояу отырады. Ақыры Ганс терең ұйқыға батқан кезде екеуі орнынан тұрады да, кете барады. Бұлар Гансті үіңгірде жалғыз қалдырып кетіп бара жатқан кезде бәрін де сәтімен жасадық деген ойда еді. Бірақ осы қылықтары үшін алда қандай уақиғалар болатыны олар қайдан білсін! Сөйтіп таң атып, күн көтерілген кезде Ганс ұйқысынан оянады. Терең үңгірде жалғыз жатыр екен. Жан жағына үрейлене қарап айқай салады:
— Құдайым-ау, мен қайда жатырмын? Қайдасыңдар?
Сөйтіп ол орнынан тұрып, үңгірдің сыртына шығады да орман ішімен алға қарай жүре береді. Жүріп келе жатып ол: «Ана екеуі мені жалғыз қалдырып кетіп қалды. Енді әлгі атты қалай табар екенмін?» — деп ойлаумен болады. Ол осылайша ауыр ойдың жетегінде, ілби басып кетіп бара жататы. Сөйтіп келе жатқанда алдынан бір кішкентай тарғыл мысық кездеседі. Әлгі тарғыл мысық жағымды үнмен тіл қатып, Гансті сөзге тартады:
— Иә, Ганс, қайда жол тартып бара жатырсың?
— Ой, бара жатқан мақсатымды айтсам сенен қандай қайыр-көмек болар дейсің!
— Мен сенің нені көксеп келе жатқаныңды жақсы білемін, — дейді сонда мысық, — сен әсем мүсінді атты тауып алсам келе жатқан жоқсың ба? Ендеше, менің соңымнан ер. Маған жеті жыл бойы адал қызмет көрсетіп жұмыс істесең, ақысына сол өзің мына өмірде әлі көрмеген сондай ғажап әсем тұлпарды тауып беретін боламын.
«Мынауың өзі дәу де болса сиқырлы мысық шығар, — деп ойлайды Ганс, — несі бар, мұның айтып тұрғаны өтірік пе, рас па дегенді неге тексеріп көрмеске». Сөйтіп ол мысықпен еріп жүреді. Жүріп отырып бір кіп-кішкентай сиқырлы үйшікке келіп жетеді. Мұнда тек қана мысықтар тұрады екен. Және осы мысықтардың барлығы да өз-өзіне дән риза, көтеріңкі көңіл күйде баспалдақпен абыр-жұбыр жоғары-төмен көтеріліп-түсіп, мына мысыққа қызмет етіп жүреді екен. Кешке таман бәрі үстел басына отырған кезде үш мысық музыкалық аспаптарын қолына алады: біреуі контрабасс, екіншісі скрипка тартып, ал үшіншісі кернейде бар күшімен үрлеп ойнайды екен.
Барлығы кешкі астарын ішкен соң үстел жиналады. Осы кезде мысық жігітке былай дейді:
— Ал, Ганс, енді екеуіміз билейтін боламыз!
— Жоқ, — дейді ол, — мен мысықпен билей алмайды екенмін. Мұны өмірімде жасап көрмеппін.
— Жарайды, ендеше оны жатын бөлмесіне алып барыңдар, — дейді тарғыл мысық өзге мысықтарға.
Жатын бөлмесіне ертіп апарған соң мысықтардың біреуі кереуеттің жанында шам жағады, екіншісі кебісін шешеді, ал үшіншісі шұлығын тартып, тағы біреуі жарықты сөндіреді. Бұлар таңертең ерте осылайша кіріп келеді де, Ганстің орнынан тұрып киінуіне көмектесе бастады: біреуі шұлығын кигізді, екіншісі кебісін жақындатып берді, үшіншісі бауын байлады, енді біреуі беті-қолын жуып берді, тағы бірі оны желпіп құрғатты. «Мұның бәрін еппен, баппен атқара біледі екен», — дегенді ойына түйіп үлгерді Ганс.
Бірақ Ганстің тарғыл мысық үшін терлеп жұмыс істеуіне тура келді. Ол күн сайын ұп-ұсақ қылып мол отын жарды. Отын жару үшін берген балтасы таза күмістен екен. Тіпті қаққан сынасы да, кесетін арасы да күмістен, ал су құятын астауы жезден жасалған екен. Осылайша ол отын жарумен күн өткізіп мысықтың үйінде тұрып жатты. Ішіп-жемі де ойдағыдай, тек тарғыл мысық пен оның көп қызметшілерінен өзге ешбір жан иесін көрмепті. Бір күні тарғыл мысық Ганске былай дейді:
— Бүгін менің үйімнің алдындағы шалғынды шабуға кіріс, шабылған шөп мал азығы болсын! Мысық осылай деп бұйырады да Ганске күміс шалғы ұстатады. Сөйтсе бұл шалғының қайрағы сом алтыннан екен. Осыларды қолына ұстатады да, жұмысты аяқтаған соң өзінен қалай алды, солай ақаусыз тапсыруды бұйырады. Ганс сөйтіп шөп шабуға шығады, өзіне қалай бұйырды, солайша толық істеп шығады. Жұмысын аяқтаған соң ол шалғы мен қайрақты үйге алып келеді. Келеді де мысықтан: «Осыған дейін атқарған жұмыстарым үшін ақы төлемейсің бе?» — деп сұрайды.
— Жоқ, — дейді мысық, — сен мен үшін әлі де біраз шаруаларды тындыруың керек. Сен анау жерде жиналған күміс шатыр тіреуіштері мен бөренелерді және ағаш шебердің балтасын, бұрыштық ұстатқыштар мен біріктіргіштерді — қысқасы, жұмысқа қажеттілердің барлығын пайдалан. Олардың бәрі таза күміс. Саған осылардан өзіме арнап кішкентай үйшік салдырып алсам ба деп едім.
Сөйтіп Ганс іске кіріседі. Мысыққа әлгі үйшігін салып береді де, бүгінге дейін өзіне тапсырылғанның бәрін толық орындағанын, бірақ өзіне уәде еткен атты әлі күнге дейін көрмегенін айтады. Осылайша жұмыс істеп жүргенде бейне жарты жылдай-ақ сияқтанып, уәделі жеті жыл да өте шыққан екен. Ақыры бір күні мысық Ганстен өзінің қорасындағы аттарды көргің келе ме, жоқ па деп сұрайды.
— Әрине, көргім келеді, — деп жауап береді Ганс. Мысық үйшіктің қақпасын ашып жіберген кезде қараса — Ганс алдында тұрған он екі атты көреді. Бұл тұлпарлар бірінен-бірі өткен әсем мүсінді, әдемі түктері жалт-жұлт еткенде жүректі еріксіз қуаныш кернейді екен!
Осыдан кейін тарғыл мысық Гансті жақсылап тойдырып тамақтандырған соң оған былай дейді:
— Ал, енді үйіңе қайт. Саған беретін атты қазір бере алмаймын. Оны өзім саған үш күннен кейін жеткізіп беремін.
Ганс сөйтіп алыс жолға дайындалады. Мысық оған диірменге апаратын жолдың бағытын нұсқап жібереді. Жолға шығарда оған жаңа киімдер бермеді. Осы жерге қалай кетті, дәл солай кетті. Яғни өзіңнің көнетоз, жыртық-жамау күртеңді киген қалпы оралуы керек дейді. Алайда осы арада жүрген жеті жылдың ішінде Ганстің киімдері денесіне тарайып, етек-жеңі шолтиып қалған екен. Ол сөйтіп осы қалпында диірменшінің үйіне келіп жетеді. Өзге екі жұмысшы да үйге оралған екен. Және екеуі де бір-бір ат жетектеп келіпті. Қараса, біреуінікі — соқыр, екіншісінікі — ақсақ екен. Анау екі жұмысшы бұдан:
— Ал, Ганс, сенің атың қайда? — деп сұрайды.
— Үш күннен соң келеді.
Олар мұның жауабына күліп, әбден мазақ етеді:
— Иә, Ганс, саған әкелетін ат бар ғой, ол сөзсіз керемет жақсы ат болары анық!
Ганс үндеместен өз бөлмесіне қарай беттейді. Бірақ диірменші оған үйге кіріп, өздерімен бірге үстел басына отыруға болмайтынын ескертеді. Себебі, үстіне алба-жұлба жыртық киім киген мұны сырттан кірген бөгде біреулер көрсе, ұят болады екен. Сөйтіп мұны аулада қалдырады, алдына аз-мұз тамақ әкеліп береді. Ал ұйықтайтын уақыт жеткен кезде, диірменші оған кереуетке жатуға рұқсат бермеді. Сондықтан да Ганстің қаздарды қамайтын үйшікке кіріп, астына сояудай қатты сабан төсенген қалпы ұйықтауына тура келді.
Ол таңертең үйшікте ұйқысынан оянады. Сөйтіп түнеп жүргенде үш күн өтеді. Дәл осы сәтте алты ат жеккен әдемі күйме зулаған қалпы диірменшінің ауласына келіп тоқтайды. Қандай жарқырап жайнаған, керемет аттар десеңізші, тіпті суреттеуге тіл жетпейді, сондай ғажап көрініс! Осы кезде қызметші жетінші атты жетектеп әкеледі. Бұл — әлгі диірменнен шыққан кедей жұмыскерге әдейі арнап алып келген ат екен. Сөйтіп бәрі таңданып тұрғанда әлгі күймеден айдай сұлу патшайым шығады да, диірменге келіп кіреді. Бұл патшайым — кедей Ганс жеті жыл бойы шыдамдылықпен қызмет еткен баяғы кішкентай тарғыл мысықтың дәл өзі болатын. Патшайым диірменшіден осындағы ең жас жұмыскер — дән құюшының қайда екендігін сұрайды. Диірменші оған былай деп жауап береді:
— Иә ол осында. Үсті-басы алба-жұлба жұпыны болғандықтан біз оны диірменге кіргізбейміз, ол анау қаз қамайтын қорада жатыр!
Патшайым оны дереу осында алып келуді бұйырады. Гансті мұнда ертіп әкеледі. Ол өзі бүркемелегісі келгенімен, жыртық-шоқпыт киімі денесін әрең-әрең жасырып тұрған еді. Сол сәтте қызметші қоржынынан сәнді киімдер шығарды. Олар жұмысшыны жуындырып-шайындырып, киіндірген кезде бұл жігіт кез келген корольден әдемі болып шыға келді. Осыдан кейін патшайым ана екі жұмыскердің тауып әкелген аттарын көрсетуді сұрады. Иә, олар әкелген аттардың біреуі соқыр, ал екіншісі ақсақ болатын. Бұларды көргеннен кейін ол өзінің жетінші атын мұнда алып келуге бұйырады. Бұл атты көрген диірменші мұндай ғажап сұлу жануардың өз ауласында ешқашанда болмағанын айтады.
— Міне, ат деп осыны айтады және бұл ат сенің жас жұмыскерің үшін жеткізілді, — дейді патшайым.
— Олай болса диірмен осы жігіттікі болады ғой, — дейді диірменші. Сонда патшайым бұл атты диірменшіге өзі сыйға тартатынын және диірмен де диірменшінің өзінде қала беретіндігін айтады. Осыны айтып ол өзінің сенімді досы Ганстің қолынан ұстап, оны күймеге құрметпен отырғызды. Сөйтіп бәрі аттанып жолға түсіп, зулап кете барды.
Олар ең алдымен баяғыда Ганс күміс балтасымен салып тұрғызған үйшікке келеді. Ганс көз салып қараса, кішкентай үйшік зәулім қамалға айналған екен. Және ішіндегі заттардың бәрі таза күміс пен алтыннан жасалыпты. Патшайым Ганске тұрмысқа шығады.
Жолы болған Ганс осылайша өміріне жетерліктей мол байлыққа ие болады. Ендеше, әу басында ақымақ аталған адамның мына өмірде ешқашан жолы болмайды деп санаудың өзі де бекер екен ғой.
Асылбек БАЙТАНҰЛЫ
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі