Жастықтың жалыны ұрған, жарға ойнаған лақтай кезін еске алғанда, санаңды сарсаңға салып, көңілге мұң ұялай бастайтын кездері болып тұрады. Марк Твеннің «Менің Платон сынды ғашығымдағы» айынымай қайталанатын түстердің шырмауына шатылғандай, қашсаң құтылмас, қусаң жеткізбес беймазалық жаныңды жабырқатып, «ұмыту үшін еске алғаныңа» опық жейсің...
Әкем қытайда басталған «мәдениет төңкерісінінде» тауға қарап ұлыған бөрінің бөлтірігі саналып, оқудан шығарылып, жастайынан ауыр еңбекке жегіліпті. Көрген қорлығы мен шеккен азабын жыр қылып айтып отыратын. Ұшқан құс құтыла алмайтын құм арасындағы Тарым түрмесінде жиырма жыл өмірі өксіп келген атамыз (әкемнің әкесі) бұғаудан босап келген жылы мен туылыппын да, әулетімізге ырыс келген, құт келген жылдың құрметіне азан шақырылған Ырысбек деген есім пақырыңызға бұйырыпты. Түрменің азапты өмірі атамыздың жанына, тәніне салған жарасын аз жылдан соң ажалға айырбастапты. Қағаз бетіне атымызды қиқы-шойқы жазуға дәрежеміз жеткен шақта, мен аттас балаларға еліктеп есімімді Рысбек деп өрнектегенімде әкем қабағат ашуға басып: «кебенек киіп кеткен атаңның кебінге оралмай келгеніне ырымдап қойған атты дұрыс жазудан еріндің бе? Ырыс келді деп Ырысбек қойған жазған-ау»,- деп томсарып қалатын. Атадан қалған дәулеттің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткеніне де онша іш жимайтын. Бүкіл әулеттің бас көтерер азаматтарын түрмеге тоғытып, мал-мүлкін қытай олжалаған кезден бұрынғы бір оқиғаны ылғыи да айтатын. «Жүкей ауылы (ауылымыз солай аталатын көрінеді) жайлаудың сонысын жеп, күзеулікке көшер алдында құстар да тізбек-тізбек ауыл үстінен ұшып өтетін. Киіз үйде мылтығын майлап, оғын сайлап отырған атаңның сенімді серігі түстікке бет түзеген тырналар керуені шаңырақтың тұсына келгенде, не сайтан түртті екен, алдыңғысын көздеп масаны басып қалады. Бастаушысы қанаты далбырап жерге құлағанда, қаз-қатар қалықтап бара жатқан тырналар ұйма-жұйма, бірінің үстіне бірі құлайды. Бүкіл ауыл шу-шұрқан болып, құстың шуылы зәремізді алды. Үлкендер жағы имандарын үйіріп, мылтық кезеген тентектің жағасына жармасты. Ақыры мал айтып сойып, Тәңірге тасаттық беріп құстарды әзер ұзатып салдық. Сол жылы қар қалың жауды. Көктем шыға үдіре көшкен ауылдың алдынан қытай әскері лап қойып, көш кері бұрылды. Өмірдің біз ойлап көрмеген тарғалаң жолы басталды...». Әкеміз үнемі қайталап айтып отыратын осы әңгімені ести-ести есейген жүрек еді бұл. Шымырлап, сыздап қоятыны бар. Тым әсершіл. Құстарды жақсы көреді...
Ауылдағы күйбең тіршілікке жегілген әкейдің жұмыстарына қолғабыс тигізуге жараған шақта, елбектеп сол кісінің қасында жүруші едік. Жұмахан дейтін досы бар. Егістігіміз бір жерде. Темекіні шеккенде барлық дүние есінен көтеріліп кететін. Бірде «Жұмахан, сен осы темекіні қалай шегіп кеттің» деп әкем де құтқыуырлап қоймап еді, Жүкең темекісін ширатып, ұзақ әңгімесін бастап кетті. «Жайлауда отырғанымызда қар суымен кеткен біреудің қыл құйрығы біздің үйірге қосылып, көздің құртын оятты. Бір күні екі кештің арасында жануарды ақыры алып соқтым. Басын кесіп, жәркемдеп жатқаным сол еді, тасырлаған ат тұяғының дүбірі естілді де, суыт жүрісті ақ сақал қасыма келді. Сәлем беріп, атын ұстап үйге түсірдім. Ұрлығымның үстінен түскен қарияны не деп алдаусыратарымды білмей аңтарылып тұрып қалдым. Шал да жеңіл қимылдап, қонышынан кездігін суырып, көмектесуге ниет танытты. Ақыры бірге жәркемдедік жануарды. Бәйбішем де өрістен қайтқан малды жайғап болып, қазан көтерді. Тамақ піскенше шалдың жөн-жайымен таныстым. Жылқы жоғалтыпты. Бөгенайынан жаңағы өзі сойған қыл құйрық екендігін сезіп, қылпылдап отырмын. Шалым үндемейді, ештеме сезбегендей сыңай танытады. Сезбеді десем, жылқының басына, ен-таңбасына сұқтана қараған қырағы көзді қалай ұмытам. Төре табақ жал мен жая алдымзға келіп, ықылас білдіргенде де жүзінен титтей өзгешелік байқалмады. Қиялай турап, құмайдай соғады. Тас шайнағандай боп мен отырмын. Түні бойы асқазанымды түйреген мазасыздықтан арыла алмай, тұрып кеттім. Шал да оянып намазын оқып, аттануға қам жасады. Кетерінде аты-жөнін, тұратын ауылын тағы бір қайталап айтып, кете барды. Аңырып мен қалдым. Жанымды иектеген беймазалықтан арыла алмаған соң, бір жорғаны жетекке алып, шалдың ауылына тарттым. Жетекті белдеуге байлап, сәлем беріп үйге кірдім. Ақ сақал ширақ қимылдап, бәйек боп жатыр. Шай ішілді, әңгіме айтылды. Бірақ сойылған жылқы туралы мен де, шал да жақкірісін ашпадық. Аттанып кеттім. Жол бойы кеңсірігім ашып, өмірі шекпеген темекі деген пәле ойымды бөле берді. Тауып шектім. Ішім кеңігендей сезіндім. Сол күйі қалтадан тастамайтын болдық қой бұл боқты. Әй, сол шалдың кісілігі есіме түссе өзімнен өзім ұялам...». Осыны жазып отырған мен де темекі шегіп отырмын. Қашан, қайда, не үшін шеккенімді есіме түсіре алмадым. Біздікі сол асқынған нәпсінің желігі билеген жаман ғадетімізге тиым сала алмайтын әлсіздік екенін мойындауға мойнымыз жар бермейтін құлықсыздық қой. Ортам да солай. Несін жасырайын. Нәпсіні бағындыруға, кешірімге үйренбегенбіз. Шырылдаған қазақ жанының сұлулығы өмірге келіп-кеткенін ешкім сезбейтін қарапайым жандардың кеудесінде бұлқынып жүреді екен ғой. Мен оны атағы шыққан жазушы немесе ақын, басқа да тұлғаларда ғана болатын асыл қасиет шығар деп ойлайтынмын. Оңбай қателескенімді кейде сезем. Қазақтың тоң жүрмеген даласында бір-біріне қаламдарынан қарғыс жаудырып, кісілік танытуға жүректері дауаламайтын соларды қойшы дегің келеді. Олардікі де көркем шығармада ғана өмір сүретін, ойдан жасап алған әдемі кейіпкерлермен жұртты алдайтын сауатты қулық секілді.
Шалдан тізерлеп тұрып кешірім сұрағым келеді. Кешіре алса..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі