Осыдан дәл бір ғасыр бұрын «Айқап» журналында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ өкпесі» деген мақаласы жарияланған еді. Бұл жерде ол мақаланың мазмұнына емес, тақырыбына шұқшиып отырмыз. Мақаланың көтерген жүгі әркімге мағлұм болар. Тақырыпты айтыңызшы, «Қазақ өкпесі» деп, жауына да өзімсініп өкпелейтін қазақтың ақын жанды, аңқаулығы мінеледі. Өнер білім қумайтындығы, жалқаулығы сыналады. Өкпелейтін өкпесі бар қазақ барда өмір сүрген Ахаңдар бақытты екен. Біз өкпелей алмайтын ұрпақпыз. Жанарымыздан кек ұшқыны шашырап, жер-дүниені жалмайтындай көңіл-күймен өмір сүруге дағдыланғамыз...
Алтайдың салбурын құруға табылмайтын күндерінің бірінде, ауылымызда бүркіт салып, тазы жүгіртетін сері шалы үйге келіп әкемізге қолқа салды. «Үйде жата бересің бе? Қасқа жүйрігіңе ер сал. Құдай бұйыртса қырмызы қызыл түлкіні қанжығаңа байлап қайтасың». Сөз сол боды. Қағушы-мағушысы бар, ұзын саны алты-жеті адам қансонарда тауға сіңіп кеткен...
Кешкі апақ-сапақта шешеміздің кеспесін үрлеп ішіп, мұрнымыз терши бастағанда үсті-басы ақ қырау әкеміз есік ашты. Өңі түтігіп, бір түрлі боп кеткен. Қалың киімдерін шешіп, белін босатқанша жуынатын жылы суын дайындап, құмған мен тегешті алдына апардым. Шешем де мына сүрепеттен тым оңды іс болмағанын сезіп, сұрап-ақ жатыр. «Әй, әкесі, айтпайсың ба? Мына түрің не? Не болған тегі?». Үйдің жылымығы жанын сергітті-ау, шалекеңе сәл де болса жан кірді. Айтып жатыр. «Халық айтса қалт айтпайды деушеді бұл ел. Ана Төке шалды түлкі дейтін жұрттың бағасы қағыс айтылмаған екен. Түлкі десе түлкі екен. Рулы елден өзге жан таппағандай астымдағы атымды пайдаланып, алдап соқты. Түс қайта түлкінің ізін кесіп, қасқамен қайырып ем, қыранның шеңгелінен құтылмады. Қызыл дүниені көзі қимайтын дүниеқоңыздығын қайтейін, жол-жоралғыны ұмытып өз қанжығасына өзі бөктеріп кетті, кәрит!». Төке шалдың әділетсіздігі ауылда біраз сөз болды. Әкеміз де көпке дейін өкпелеп жүрді. Торқалы той, топырақты өлімде бәрін ұмытатын қазақ емеспіз бе? Сондай Ұлы дүбірдің бірі әкеміздің өкпесін есінен шығарды. Төке шалмен баяғысынша араласып кетті. Сөйтсек сол кісілер бәрібір бірін-бірі жақсы көреді екен. Ары кетсе өкпелейді, бірақ кектеспейді. Ыстық қайратпен өмір сүріп, жүрегін қарайтатын кекке бой алдырудан қатты сақтанады екен...
Алтайдың күнгей бетін қара қытай қара құртша басып, атажұртқа бір жола қоныс аударуға қам жасап жатқанымызда күніге үйге келетін Төке шалдың құлазыған, қамыққан түрі еміс-еміс есіме түсетіні бар. Сонда да баяғы қылығы ойыма оралып, суқаным сүймеуші еді. Қоныс аударуға құжатымыз тас-түйін дайын болып, машинаға жүк-бүгімізді тиеп енді қозғала бастағанымызда, байғұс шал тақымынан тастамайтын торы атымен артымыздан қалмай далбақтап біраз ерді де, бұлдырап қала берген...
Араға біраз уақыт салып, Алтайға ат басын бұрдым. Аттай желген он жылдың жүзі болыпты. Көп нәрсе өзгеріп кеткендей күй кештім. Бәлкім мен өзгеріп кеткен шығармын деп те ойладым. Алыс жолдан шалдығып жеткенде, ауылдағы қатынас бекетінде бір сыныпта оқыған, бала күнгі досым күтіп алды. Алтайдың аязы сорған жүзі түтігіп, шаршаңқы кейіпке енгені мүсіркейтіндей сезім тудырса да, сездірмеуге тырысып, жалпылдап амандасып жатырмын. Ол да жігі-жапар. Екі-үш күн тынығып, туыс-туғандардың қуанышына құтты босын айтып, о дүниелік болғандарына иман тілеп досым екеуміз кіріп шықтық. Баяғы ауыл. Ауыл сыртындағы қорымның көбейгені сонша, қыстақпен тақаса түсіпті. Ескі құржаның біз шаңын аспанға шығарып ойнайтын көшелерінде адамға аңтарылып қарайтын бөгде жүргіншілер де көбейген. «Мынау кім» дегендей сыңай танытады. Досым аузы дамыл таппай сөйлеп келеді. «Сендер көшіп кеткен соң бұл ауыл өзгеріп кетті. Арттарыңнан іле-шала шекара асқандар да көп. Біразы аудан орталығына қоныс аударды. Көшкен елдің үйі мен жерін бұрын тау арасын мекендейтін малшылар мен қытайлар сатып ап жатыр. Қытай деген пәлені аудан орталығынан көрмесек, Алтайдың бұл қиырынан жолықтырмаушы едік. Енді қоңсы қонып жатырмыз. Аз жылда берекесі қашқан «Ламабұлақтың» (ауыл солай аталатын) жайы осылай, Дос! Қимылдауға шамасы жоқ, шабан-шалаңдар, әйтеу өлместің күнін көріп жүріп жатырмыз. «Есі барда елін тапқан» сендердікі де дұрыс бопты. Бізді айтшы, күніміз не боларын ойлауға да қорқасың. Өзіміз білім алған жалғыз қазақ мектебі өткен жылы жабылып қалды. Қараңғы қалдыратын емес, амалсыз балаларымызды сонда оқытып жатырмыз. Менің бір ауыз қытайша білмей өскенімді білесің, балам соның керісі. Тіл деген пәле оңай сынады екен. Ауылымыз шүлдір-шүлдір кеңесетін боп алды. Бұны айтып кімге өкпелейсің?..». Он-онбес күн тұрып аттанып кеттім. Ештеңеге зауқым соқпайды. Жатсам-тұрсам бұрын өзім демалыстарда сағынып жететін сол ауылдың мына сиқы жанымды жүдетіп-ақ жібереді. Ауылдың не жазығы бар? Еске алсам азапқа түсетін табиғатымды, тарпаң мінезді жылқы ғұрлы көрсете алмайтын дәрменсіздігіме не дейін? Манағы әкемнің қарақасқасы туысқан жігітке қалыңдық айттырғанда Алтайдан Боғдаға құдалықтың құрбаны боп кете барған. Барған жерін жерсінбей жем жеп, су ішпеген соң пышаққа ілініпті. Хайуан болса да қатты өкпелеген шығар. Өкпелеуге тұрмайтын пенденің опасыз мінезін қайдан білсін жануар?..
Бұл жолғы сапар тым көңілді болмады. Баяғы салбурын күнгі әкейдің көңіл күйі еске түсті ме, уақыттың тапшылығынан ба төсек тартып жатқан Төке шалдың үйіне бара алмай кеттім. Менің келіп кеткенімді елден естіп, шал байғұс қатты өкпелепті. Естуімше өзі науқас адам өңі қуарып-сазарып тіптен қиналған көрінеді. Мүмкін өзінің де пенделігі есіне түсіп, өкінген шығар. Әкем де сол шалға сәлем беріп қайтпағаным үшін «сыбағамды» берді. Қайта-қайта айтып болмаған соң «Сізді ит қылған шал еді ғой, несіне көңіл ауыртып отырсыз» деп қалғаным сол еді, отқа май тамды. «Ой, енеңді ұрайын жүгірмек! Қырық жылдың алдындағыны қоңырсытып не айтып отырсың? Жоқ, сендерге солай өмір сүру ұнай ма? Маңайының бәрін жау санап адам қалай тірлік кешеді осы? Ауыр ғой. Онсызда қысқа өмірдің құтын қашырып. «Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» ағайындық бізбен кетсе, қазақ біткен екен...».
Несін жасырайын қайран шал-ау! Біз өкпелей алмайтын, тек кеудесі кекке толы мейірімсіз ұрпақпыз. Қауқарсыз құр ашуды бойға жинап болдырған, бордай тозып бара жатқан буынбыз. Өкпелеудің өзі зор махаббат екен. Махаббаттың екінші беті «өкпе» десек те болатындай. Пайғампарымыздың хадисінде айтылатын «махаббат жоқ жерде ұрпақ азады» деген жолдар есіме түскенде алқымыма ащы өксік тығылатын боп алды. Кімнің азған заманның адамы болғысы келеді? Қан уыстап туған Шыңғыс Ханның кекшілдігі әдірам қалсын. Азу тісіміз ақсиғанда адам баласына тән көп қасиеттерді жерлеп тынғанымызды сезінуден қалдық. «Битке өкпелеп тоныңды отқа тастама» дейтін қазақ даналығы бәрін меңзеп-ақ тұр. Бит екеш битке де өкпелеген дархан қазақ болған-ау шамасы жер бетінде. Не деген асыл сезімдер деші. Бірін бірі иттің етінен жек көретін, өкпелей алмайтын қоғамда өмір сүргеніңді сезінудің өзі зор қасірет екен. Құлың болайын, маған өкпелеңізші!..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі