«Ауыл жаққа бір барып қайтпасам» деп біраз жылдан бері ойлап жүрсек те, реті болмады. Ақыры шалқадан түсіп қиялдамасқа, ләж болсын ба, қиялға ерік бересің. Туған жердің шөбі де, шөңгесі де өлең болып, қурайы құбылған қу заманды сыбызғыдай сызылта жөнеледі. Көкірегің қобыздай күңіреніп, «бақсының моласындай жалғыздығыңды» еске салғанымен, «ескі заңымен жүрген еліңді» тау қозғалса, қозғалмас ұлы махаббатпен жақсы көретініңді сезінгеніңе де сансыз шүкір айтасың...
«Қамзаның баласы...»
Шағанғол деп аталатын ауыл орталығынан бес-алты шақырым, Кекжек тауының етегіндегі шағын қыстақ — туып-өскен топырағым. Көк дөненнен жүйрік көңіл қанат қаққанда, бұрын қалай жүріп өткеніңді сезбей де қалатын жолдың белі жазылды. Мың күннің бір күніне ғана жазылатын жалғыз Жаратушыны жүрекпен сезіне алатын, жан рахатына бөлейтін ғайып мезгіл де осы. Дәл осы. Қиялдап жатырмын дегеннен гөрі, қалқып жүрмін деген дұрыс шығар. Қара жолдың батыс жағында сарқырап ағып, жалаңаш Шағанғол жатыр. «Баяғыда осы өзеннің бойы ит тұмсығы өтпейтін жыныс орман болатын, «Мәдениет төңкерісінде» «шпион жасырынады» деп «белсенділер» түгел отап тастады». Үлкендер осылай айтатын. Сол зобалаңның куәсі болып, аспанға бой созған жалғыз терек біздің ауылда. Жұрт бір бұтағына да тиіспейді, «Киелі ағаш» атайды. Қажеті жетіп, қажыға барған тіркіс шал — Төкеннің үйі жалғыз теректің қасында. Біраз баланың сауатын ашқан мұғалім Нәсіпқан осы кісінің баласы. Одан кейінгі үй — Әусәпидікі. Емші, оташы, құсбегі. Үйінен алыс-жақыннан шұбырған кісі үзілмейді. Мертіккен, дертіне шипа таппаған бейбақтың бәрі осы үйден табылатын. Ескіше хат таныған, дәрігерлік мамандығы болмаса да, жазбайтын ауруы жоқ. Қисық біткен, күл-талқаны шыққан сүйекті саусағымен санап, орын-орынына салатын. Қазақ «Жіңішке ауру», «Құрт ауру», т.б атайтын дерт-дербездің бәрі жазылатын. Қаланың дәрігерлері: «Шанхайға апарып көрсетпесеңдер, басқа жер емдей алмайды», — деген науқасы да Әуеңнен жазылған-тұғын. Әйтпесе, Шанхай қайда, қазақ қайда? Шанхайды қойып, аудан орталығын жылына көрсе көрді, көрмесе ол да ертегідей елестейтін қарапайым шаруаның қалтасының жайын айтсаңшы. Әуең шал көрсеткен қызметі үшін ешқашан ешкімнен ақы дәметпейтін. Жұрт өзі разылығымен сый-сияпатын жасап жатады. Кейін сол жарықтық сексенге келгенде: «Е, Құдай! Осынша жасқа келгенде келін-кешектің жалаңаш тәнін көрсетпей, тезірек алсаң екен», — деп дұға қылып отыратын еді. Сол сексенінде кетті. Ауруы жанға батып келген қыз-келіншекті шарасыз емдегенімен, іштей ұяттан өртенетін көрінеді... Ал, анау ауылдың қақ ортасындағы шатыры биік, еңселі үй — Қасаңбай ақсақалдыкі. Қасекең кезінде Оспан батырдың сенімді серігі, оққағары болған, жаужүрек батыр кісі деп естіп өстік. Тілінің мүкісі бар. Қара темірді қайысша илейтін ұста. Ашуланғанда үлкенге де, кішіге де «Ошпаннан жайныңың айтық па» дейтін жалғыз-ақ сөзі бар. Мүкіс тілімен Оспан батыр туралы талай әңгіменің басын қайырған. Атақ, медаль құмар заманның ұрпағы болған соң ба, соған қатысты айтқан хикаясы жадымнан өшпейді. «Оспан батырды алдап-сулап, кеудесіне медаль тағып, өз ырқына көндірмекші болғандарға баһадүр: «Мен кеудесіне әлпеншек-сәлпеншек тағатын қатын ғой деп пе ең! Құрыңдар, түге! Ұлтымның азаттығын атақ-абыройыңа сататын сатқының мен емес!», — деп жауар бұлттай түнерді батыр», — дейтін Қасекең. Өзі Тарым түрмесіне отырып келді. Банды атанып, жиырма жылға жазасы кесілген жарықтық мерзімінен бұрын босатылыпты. Қара қытайдың күні түсіпті. Құм арасындағы түрмені тексеруге келген қытайдың жоғары шенді әскери басшысы мінген көлік бұзылып, айдалада қалады. Машинаның алдыңғы екі доңғалағын ұстап тұрған оқ темір майысып, мысы құрыған шенді-шекпенді амал таппайды. Қасаңбайдың ұсталығын білетін біреуі: «Ана сақауды алып келіңдер. Әгәрәки мына машинаны жөндей алса, мерзімінен бұрын босатамыз», — деп уәдесін берсе керек. Қолында ешқандай құрал-жабдығы жоқ Қасекең оқ темірді шешкізіп алып, астына лаулатып от жағады. Темір әбден қызарып, балқиын дегенде екі-үш жігіт теп-тегіс қып жайып қойған құмның үстіне салмақтап тастай салғанда, қисық темірдің қырысы жазылады. Ауыздары ашылып, аңқиып қалған қытайлар уәдесі бойынша Қасаңбайды мерзімінен бұрын босатады...
Тарым түрмесіне менің атам да жиырма жыл отырып келді. Қол-аяғын кісен қиған сол жарықтықтың бейнесі де еміс-еміс есімде. «Құдай салды, құл көнді» деген тәубесінен жаңылып, көрген қорлығын шағынған сәті жоқ еді. Дәрет алып, «Үш қиссаны» оқып отыратын. Пайғамбарымыз дәуірінен сыр шертетін ол аңыз-әңгімелер бізге де аса қызық. Дауыстап оқытып, жалықпай тыңдаймыз. Ол кісінің түрмеден шығып, үйге келгенін де ешкім білмей қалыпты. «Бөрінің бөлтіріктері» ауыр жұмысқа жегіліп, хат-хабарсыз, «үнсіздікке» шатылған. Айлап, жылдап ауылға жақындаған жарықтық атқа мініп, алдынан өтіп бара жатқан жас жігітті: «Әй, сен Қамзаның баласы емессің бе, бұрыла кетші», — деп тоқтатады. Үсті-басы алба-жұлба бейтаныс шалдың өзін шырамытып тұрғанына таң қалған бозбала: «Иә, Қамзаның баласымын. Қайдан білдіңіз ақсақал? Сіз өзіңіз кім боласыз?», — деп таңданысын жасыра алмапты. «Мен Нұрсал деген боламын. Тарымнан келе жатырмын. Атқа отырысың, әкең Қамзаға ұқсайды екен», — деп жайбарақат тіл қатады. Аттан секіріп түскен жас жігіт көлігін көлденең тартып, өзі алақайлап ауылға жүгіре жөнеледі...
Тәтті қиялдың шырқы бұзылатын тұсы осы. Қара жолды бойлап қайқайып бара жатқан қиял құсы кілт тоқтайды. Япыр-ай, жүргіншісі саябырламайтын сол жолдың бойынан сонша жат, сонша суық мен және менің сапарластарым өрлі-қырлы өтіп бара жатыр. Салқын бас изесіп, самарқау сәлемдескеніміз болмаса, жүректе көз. Әттең!..
«...Алла акбар дейтіндер ме?»
Ертеректе Алтайдың түкпіріндегі Шағанғолға киім-кешек сатып, сомка көтерген қытайлар келе бастады. Жабайы адам көргендей артынан тас лақтырып, ит қосамыз. Кейде кеш түсе бастағанда жаңағы саудагер қытай амалсыз ауылға бас сұғады. Шешелеріміз біздің қылығымызды жақтырмай: «Қытай да болса адамның баласы ғой. Қойыңдар, болды бейшараның мазасын алмай», — деп қалған-құтқан тамақты беріп, сыртқа төсек салып беретін. Ал ертесі төсек-көрпені жуып-шайып, апталап күнге жаяды. Тамақ ішкен ыдысын күлмен жуып, оны да күн түсетін жерге қояды. Былғанған ыдысты сырттан келген біреудің қолынан таппасаң, одан кейін ешкім де, «адамзаттың бәрін сүйген» шешең де сылтауын тауып, сыртынан итереді. Кейін құжынаған қытайлары көп қалада оқып жүргенде ауылдан үлкен кісілер іздеп келіп қалады. «Бөрі арығын білдірмей» қазақ, ұйғыр немесе дұңған ашқан дәмханаларға апарсаң да: «Әй, мыналарың мал сойғанда Алла акпар дейтіндер ме? Жоқ, әлде, харам асты қылғыта беретін немелер ме?», — деп берген асыңның егжей-тегжейін сұрай бастайды. Қанша түсіндірсең де түшіркеніп ас ішпей, аш қайтады. Тамақтың табылғанына қуанып, жалмаң қағатын бізге ұзақ тесіліп қарайды... «Ауылда біреу арақ ішіпті» десе «адам өлтіріпті» дегендей, жұрт үрке қарайтын кез де сол шақ еді-ау!.. Қарын тойып болмаса қызара бөртіп отырып Отан, ұлт туралы әңгіме бола қалғанда байқамай лепіріп сөз айтып алып, артынша осының бәрі еске түскенде... ұят, ұят! Тұтас ағзаны тап-таза ұстайтын талғамды, көзге көрінбейтін қорған мен қоршауды сақтап қала алмай, ұзын-ұзын сөзге үйір сүрепет мынау...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі