1
Көкшенің көп көлінің біреуінде отыратын Байтас аулы жылқыны кезектесіп бағатын еді.
Осы кезек бір күні Алтынсарыға келді. Алтынсары ауылдың ық жағында отыратын, бұрын бір сиыр, бір ат кейде бітіп, кейде бітпеген, соңғы кезде тай-тұяғымен бес-алты жылқысы бар шағын ғана отау шаруа еді.
Күн батар алдында ағытқан ауылдың биесі көлден су ішіп бытырай жайылған кезде, қысыр сауатын тайлы биесін мініп, қолына құрығын іліп, Алтынсары жылқыларды жинады да, Ақшоқы тауына қарай беттете жайды.
Ағытқаннан кейін сауын биенің оттампаз келетін әдеті. Және жылқы баласы терген гүлдей шөптің ең тәттісін шалып, жүре оттайды.
Мезгіл майдың орта кезі еді. Шалқардың қара қыртысы жарты кез құйқалы жеріне шыққан қалың бетеге мен селеуге жатқан құлын жасырынғандай.
Көкшетау жерінің жаздыгүнгі тымық кештерінде қойдың шарпы майындай селдіреген «маса бұлты» болады. Будақтаған түтіндей тұтаса ұшқан сары масаны жұрт осы «бұлттан» жауады деп ойлайды.
Алтынсары жылқысын жинап Ақшоқы тауына беттеткен кезде, «бұлттан жауған» сары маса атын да, өзін де булықтырып жүргізбеді. Былай да жүрдек жылқылар масалағаннан кейін пысқырынып, тыпыршып, өз құйрығымен өзін өзі айдап жортып жүріп оттайды. Астындағы атының ауыздығын алып аяңдай шалдырып келе жатқан Алтынсарының өзі де масадан қашып, желге қарсы ара-тұра жортып алды.
Малға да, жанға да мазасыз масаны жаратуы сықылды тентектігімен қатар, табиғаттың өз тентегін өзі тиятын мейірімі де мол. Оның осындай мейрімді мінезінің біреуі — мазасыз масаның қанатын дымдап жерге еріксіз қондыратын ышық түсіру.
Алтынсарыны да, оның астына мінген биесін де, алдағы жылқыларын да қалың сары маса булықтырып, іңірде тишын кетірді. Алтынсары масадан қорғанып, көзін ғана жылтыратты да, басын орамалымен шырмап байлап алды. Бірақ, жылқының бір елідей жая терісін тесіп өтетін масаның тұмсығына, оның жазғы кештік жеңіл киімі бөгет бола алған жоқ.
— Қап, ерегескенде күпі киіп алмаған екем! — деп өкінді Алтынсары.
Осы кезде, малды да, Алтынсарыны да есіркегендей, мейірімді табиғат жер бетін бусандыра ышығын қалың ғып төсеп еді, масаның әндеткен даусы жым-жырт бола қалды. Содан кейін тиышсызданып пысқыруын, желдей жортып кетуін жылқы да қойды; масаның тұмсығы тиіп қышыған жерімен арпалысуды Алтынсары да қойды. Жылқының аяғы бәсеңдеп жалқау жүріспен оттады. Тебініп, пысқырынып мазасын алған биесі дамыл тапқанынан кейін Алтынсары да дамыл тапты.
Түн ортасы жақындай аспан ашылды. Ол түні он төрт жаңасын жасаған ай суға қалқытқан алтын табақтай, жұлдызды мақбал қара түнді белуарлап жүзе бастады. Бұл — шала-шарпы күндізге беріспейтін түн.
Ақшоқы тауы нар түйедей дөңкиіп, қараған адамның қасында тұрған сықылды көрінгенмен, масалаған жылқысы іңірде одан ұзаңқырап кеткенін тауға көзін тіккен Алтынсары оймен шамалайды.
Ол араның ышықты түні, сағымды күндізге ұқсаңқырайды. Күндізгі сағым алыстағаны тартып, отыз шақырымнан артық жердегі Ақшоқыны, қырық шақырымдай жердегі Бурабайды мұнарландырып ауылдың іргесіне алып келгендей болса, ышықты, жалтаң түн де осындай. Түнде де ышыққа малшынған тау, теңізде жүзіп келе жатқан кемедей, қараған адамға бері келе жатқан сықылданады.
Сағымды күндізде де, ышықты түнде де Көкшетау тауларының ежелгі ағасы Көкше. Ішіне: Азат, Сырымбет, Жалғызтау, Айыртау, Имантау, Ақан, Сандықтау, Екіжыланды, Зеренді, Бұқпа, Шортан тауларын қосқанда, «Көкшетау» атты таулардың бар ұрпағына өз атын ие қылған Көкше «Мен ағамын» деп қашан да кеудесін көтеріңкі ұстайды. Осы тәкаппарлығынан ол сағымды күндіз де, ышықты түнде де жаңылмай, маңындағы қай тауға қарасаң да, төбесінен аса қарап, өз төбесін өзгеден бұрын көрсетеді.
Жылқысы Ақшоқының шығыс жақ бетіне жайылған Алтынсары, масадан мазасы кетуі басылған соң, ышық үстінде кемедей қалқыған Ақшоқыға қарап еді, «әуелі мені көрі» дегендей, аржағынан Көкше басын қылтита қойды. Оған мойынын соза қараған Алтынсары бар денесін тұтас көргісі келіп еді, «Менің де тау атым бар, белімді бастырып Көкшені неге түгел көрсетейін!» дегендей, Ақшоқы Алтынсарының көз алдына перде боп керіле кетті.
Бірақ, Ақшоқы перделегенмен, Көкшенің бар денесі, бар сұлулығы Алтынсарының жүрегінде жазулы. Көкшенің қай жерінде нендей тамаша барын ол өз алақанындай біледі.
Көкшенің өзін де, балапан тауларын да, балды бұлақ, барқынды көлдерін де түп-түгел көзімен көріп, көкірегіне ұмытпастай ғып жазып алған Алтынсарының ендігі құмары Көкшенің астын көру.
Оның ұғымында: Көкшенің асты шалқып жатқан алтын көл; бетінде ұшан-теңіз сексен көлі болса, астында да суы алтын сексен көлі бар!.. Олай деуіне өз аты куә.
— Атымды неге Алтынсары қойдыңдар? — деп сұрағанда, әке-шешесі оған:
— Сен туар жылы Көкшенің жерінен көп алтын тауып, ырымың жақсы бала болғасын Алтынсары қойғамыз, — деген.
Алтынсарының аулы Торайғыр тауының Бурабай жақ бетінде, таудың етегінде. Ауылдың маңы құлаған апандай үңірейген көп шұқыр. Алтынсары:
— Бұл не? — деп сұраса:
— Алтын жуған жер, — дейтін үлкендер.
Біреулер: «Таудан аққан бұлаққа бақыраш тосып ек, құмға аралас алтынның үгіндісі ақты» деген кеңесті айтады. Бұл кеңеске Алтынсарының қызыққаны сондай: бала кезінде тауды кезіп кетіп, талай бұлаққа бақыраш тосып алтын күтті. Оның еңбегі де еш болған жоқ: ұзақтың сары күні құм жуған оның бақырашына, алтынның үгіндісі кейде ілікпеген, кейде аздап ілекті. Мұндай ұнтақ табылғасын Алтынсары «Көкшенің астында алтын көл бар» дегенге бала кезі түгіл, жігіт болғасын да сенетін еді. Сондай көлдің біреуін қайткенде табуды жатса-тұрса арман ететін еді.
Жігіт бола, алтын іздеуге оның құмарлығы тіпті үдеді. Сол кезде «аққумен аспандағы ән қосатын» Біржан Салдың моласының қасынан ағатын «Біржан бұлағы» маңынан көп алтын шығыпты, ол алтынды алуға қазына кісі жіберіпті» деген сөз дүңк ете түсті. Бұл — 1915 жылы еді.
Алтын табуды, алтынның көлін табуды арман еткен Алтынсары «ата-бабаң істемеген кәсіп» деп әркім тоқтау айтқанмен, Біржан бұлағынан шыққан алтынды қазысуға кете барды.
Алтын қазушылармен ол екі жылға жақын шахтыда жұмыс істеді. Сонда оның ұққаны: Көкшенің астында алтын көбі, бәрін жинап ала алса көл болатыны рас. Бірақ, Көкше сараң... Бай алтынын ол «мә!» деп ұсына қоймайды. Ұсыну былай тұрсын: күлдей ғып үгіп, жеті қабат жер астындағы тасқа, балшыққа араластырып шашып жіберген. Ондағы ойы: «Ерінген қойсын, ерінбеген алсын!» Сол сараң Көкше: «Егер тым ұсақ үгіп оңайлықпен таптырмасам, алтынды іздеушінің көңілі қайтар» дегендей, кейде кесек алтынын да кездестіріп қояды. Алтынсарымен бірге істеген старательдер ондай кесектің талайын тапты...
Тапқанмен не керек!.. Жұмыс көп, ақы аз. Жұмыс үшін емес, алтын көл табу үшін старатель болған Алтынсары бір жылдан кейін өзі мен өзі есептесіп еді, еңбегіне шаққанда алған ақысы оннан емес-ау, жүзден біріне тұрмайтын сықылды. Сонда да алтынды сүйгендіктен ол тағы бір жыл істеді.
Алтын іздеу жолында жүргенде оның тағы бір алған сабағы: старательдің кейбіреуі тапқан алтын өзегін, егер заводшы бай ақшаны мол берсе айтады екен де, аз берсе жасырады екен.
Екі жыл старатель боп істегеннен кейін, сондай бай өзектің біреуі арман ғып жүрген Алтынсарыға да кездесті. Бұл кезде Алтынсары алтынды құм түгіл, тастан да айыра алатын болып еді.
Табиғаттың мінезі қызық: алтынды тасты ол тілген тақтайдай жап-жалпақ қып жасайды да, алтынын оңай суырып ала қоймасын дегендей, тақтай тастың бір басын жердің бетіне көлбей қойғанмен, екінші басын қалың қыртысына көсіп сүңгітіп жібереді. Бұндай тақтай тастың қалыңдығы жарты кезден, кезге жақын; жалпақтығы саржаннан, үш саржандай; ұзындығы кейде келте, ал кейде бес-алты шақырымға кетеді. Осындай ұзын қалақ тастардың бергі басы кісі бойы жерден табылса, екінші басы бес жүз метр жерге шейін тереңдеп кетуі мүмкін.
Алтынсарыға бұндай тас, алтын көлдің бетіне қатқан қабыршық — алтын мұзы сияқтанады. Сондай мұздың біреуін Алтынсары 1917 жылдың күзінде тауып, заводшының тамырын басып көріп еді, құнға тұрар еңбек бермеуі байқалды. Аз пұлға көп еңбегін сатқысы келмеген Алтынсары, пайдасыз еңбекте салпылдап жүре беруге жалығып, жұмыстан шықты да, ауылдағы үйіне қайтты.
Міне, оған аттай он жыл. Содан бері, жұмыстан кетерде тапқан тасы Алтынсарының оянса есінен, ұйықтаса түсінен кетпейді.
Жылқы күзетінде жүріп Көкшенің астын көруге құмартқан Алтынсарының есіне тапқан алтын тасы түсе қалды.
«Апырау, — деп ойлады ол — советке де алтын керек қой осы. Ол неге осы Көкшетауға көп алтынын ақтармайды!»
«Советтен кісі келсе жасырған алтын өзегін айтар ем! — деп ойлады ол — ...соның іздеп келгенін күтпей, өзім барып айтсам қайтеді?..»
«Қой сөйтейін, — деп бекінді ол, — сол араға алтын заводын салуға басшы болайын!.. Өзіміздің өкімет!.. Оған да, маған да пайдасы тисін!»
«Өзіміздің» деген сөзді ол өзімсініп шын көңілден айтты.
«Бұл өкіметтен бұрын, — деп ойлады Алтынсары өткенді еске түсіріп, — біздің ауылға, маған осындай мал бітіп пе еді? Қазір тамақ тоқ, көйлек көк. Бұрын жердің асты түгіл, үстіне ие емес ек. Жердің астындағы алтын түгіл, үстіндегі оты, суы аталықты, малы көп адамдікі еді. Жарлы жалғыз қарасына азық таба алмай соры қайнайтын еді. Жердің үсті біздікі, енді астын да иеленуіміз керек!..»
Таңды Алтынсары алтын ойымен атырды.
2
Камшаттың құндызымен жиектеген торғын шымылдықтай, айналасына жасыл қылшықты қарағай өскен, Көкшенің дария көлінің біреуін жағалап жайдақ тарантасқа жеккен атта екі кісі келе жатты: біреуі Алтынсары, біреуі оның құрдасы — Шауыпкел.
Бұлардың жүріп келе жатқан жолы — жалпақтығы бір ғана арба сиярлық ескі сүрлеу. Сүрлеудің бір жағында, егеp арба ауып кетсе көлге тура құлайтын биік жар, жардың астында жалтыраған көлдің екінші қабағы сағымданып әрең көрінеді. Сүрлеудің екінші жағы жерден тік қиылып шыққан шың. Шыңның текшеленген тастары адамның көзіне қатарланып жиналған әдемі кітаптардың этажеркасын елестетеді.
Сүрлеу жүрген сайын жоғарылай береді. Оның бір ұшы арқандай шұбатылып көлдің етегіне түсті, екінші ұшы жыландай иіріліп көл жағасындағы аласалау таудың беліне асылды.
Сүрлеу таудың тікшілдеу жерінен асуға айналғанда Алтынсары аттың басын тартты.
— Осы араға тоқтайсың ба? — деді Шауыпкел.
— Тоқтайық.
Алтынсары үйден шығарда Шауыпкелге «сол арада бүркіттің ұясын көрдім, балапанын алайық» деп алып шығып еді.
— Әй, — деді ол Шауыпкелге, таудың етегіне аттарын ағытқаннан кейін, — осы тауда алтын көп деген сөз бар, соны күрекпен шұқып қарасақ қайтеді?
— Бүркіт ше?
— Балапан қайда барар дейсің. Әуелі алтынды қарайық.
Алтынсары үйінен балапан үшін емес, алтын үшін шыққан еді. Оның баяғыда жасырып айтпаған алтын тасының тақтайы осы таудың етегінде. Бұл ойын ол Шауыпкелден жасырды.
— Уа, қойшы соны! — деді Шауыпкел — қайтесің алтынды!.. Осындай ыстықта қазып, азабым құрысын!.. Онсыз да ындыным кеуіп келеді. Сусын қайда?
Сусын ішіп отырып Алтынсары сөзін тағы қайталады.
— Рас айтам деймін, — деді ол, — іздейікші! Табылмаса қалсын. Бізден ешкім айып алмас.
— Керексіз іске құмарың-ай!..
Ол ертеде осы арадан алтынның тасын тапқанын Шауыпкелге айтуға бір оқталды да, тағы да «әуелі қойған белгімді байқап алайын, таба алмай ұят болар» деп ойлады.
Сол оймен, ерінген Шауыпкелді арба қасында қалдырып, өзі белгісін іздеп кетті. Бірақ, қанша шарлағанмен, белгі табыла қоймады.
— Қап, — деп өкінді ол арбасына қайтып келе жатып — бай өзек еді, табылғаны абырой еді!..
Арба астында, көлеңкеде тынығып жатқан Шауыпкел Алтынсарыны:
— Иә, Сарым! Неше бұт алтын әкелдің?.. — деп ажуалады.
— Күлме, құрдас, — деді Алтынсары, — асықпа!.. Үмітсіз сайтан деген.
— Күлгенім емес, сұрағаным: атың Алтын болғасын алтыншыл шығарсың деп ем, ақырында жезшіл де болмай қалмасаң не қылсын!..
— «Асықпа» дедім ғой, егер алтын табылса, сен де қаша қоймассың атыңа ұқсап шауып-ақ келерсің.
— Қашамын. Олда-білдә қашамын. Нанбасаң бір қапшық алтын тауып әкелші! Қызығар ма екем?
Алтынсары жеңілгендей болды.
— Саған ерегескесін алтынды таппай қоймаймын! — деді ол, арбадағы темір күрегін алып жөнеле беріп.
Алтыны бар жерді Алтынсары жер бетіне шыққан шөбінен де жобалайтын еді. Сол жобасына сүйеніп құмы есілген бір жерді ол шұқылап қаза бастады.
— Ә, іске сәт! — деді Шауыпкел, Алтынсары қазған шұқырды кіндік тұсына келтірген кезде қасына барып.
— Айтсын-ақ! — деді Алтынсары белін жазып, терін сүртіп, — осы арада алтын бары анық. Тез шығады. Нанбасаң қазып көрші.
Тыныққан Шауыпкелге алтыннан көрі ермек керек болды.
— Жарайды, шық бері! Бер күректі маған! Мен де біраз шұқиын, меселің қайт болмасын, — деді шұқырға түсуге оңтайланып.
Расында шаршаңқыраған Алтынсары күректі шұқырда қалдырып, өзі сыртқа шықты да, Шауыпкел ішіне түсіп қаза бастағанда шұқырдың жиегіне жүресінен отырды.
Тың тегеуірінмен Шауыпкел кезге жақын қазып тастап, ара-тұра, құм балшықты әдей Алтынсарыға лақтырып тұрды да, бір кезде қалшиып тұрағап, Алтынсарыға елеусіз көзбен бір қарап қойып, еңкейіп аяғының астынан бірдемені алды.
— Ол не? — деді елегзіген Алтынсары басын көтеріп. — Не алдың аяғыңның астынан?
— Ештеме де алғам жоқ.
— Жоқ, бірдеме алдың? — деді Алтынсары орнынан түрегеп.
— Немене, алтын тапты деп тұрмысың?
— Не де болса көрсет!
Шауыпкел қойнына бір нәрсені тыға қойғандай болды. Алтынсары қадалған сайын оның кескіні құбыла бастады.
— Кескінің неге құбыла қалды?! — деді Алтынсары шұқырға бір, Шауыпкелдінің кескініне бір үңіліп — қарау кәпір, бірдеме тауып, қызғанып тұрсың-ау деймін! Көрсет қойныңа тыққаныңды!
— Түк те тыққан жоқпын! — деді Шауыпкел күректі балшыққа қадап мықшыңдап — саған ерегіскесін кісі бойына шейін қазам осы шұқырды, бірдемесіне жетпей қоймаймын...
— Әуелі тапқаныңды көрсет. Көрсетпесең зорлап көрем.
Алтынсары Шауыпкелдіден күштірек еді. Сондықтан, алыса кетсе жеңілетінін білген Шауыпкел:
— Ал, тінтем! — деп Алтынсары шұқырға түсуге ыңғайланғанда:
— Сенбесең көр! — деп сыртқа шығуға ыңғайланды да, Алтынсарының көзін алдап, қойнындағыны сырғытып түсіріп жіберіп, аяғымен балшыққа араластыра қойды.
— Ал, тінт! — деді ол тысқа шыға ерленіп, омырауын ашып, — қашаннан бері маған мұндай күдіктенетін болып ең?
— Мен сені емес, шұқырды тінтем.
— Е, шұқырдың жазығы не? Тінткің келсе мені тінт!..
Алтынсары қазылған шұқырдың қасына барып түсейін деп жатыр еді, сыртынан кеп оны оң жағына аударып тастап Шауыпкелдің өзі түсе қалды да, Алтынсары тұрғанша аяқ астынан бірдемені алып қойнына тағы тыға қойды.
— Енді алып шық! — деді Алтынсары.
— Нені?
— Тапқан алтынды.
— Уа, тәйірі алсын сені! Өзің рас айтып тұрсың ба? О, не қылғаның! Сені әдей ерегістірейін деп түстім. Ал, кәне қарай ғой!
Шауыпкел шұқырдан шықты. Оның аяқ астынан алтынды алғанын көрмей қалған Алтынсары шұқырға бір түскелі тұрды да:
— Әй! — деді тағы, — Рас айтам, қойныңды көрсетші.
Шауыпкел ашуланған болды.
— Өзіңнің денің дұрыс па? — деді ол қабағын түйіп, — мазақ қылғың келе ме? Осы араның тауын көшіріп әкетсең, де еркің. Ал, мен кеттім арба жаққа!
Шауыпкелдінің кескін құбылысы Алтынсарының күдігін тағы күшейтті. Сондықтан ол ойнаған боп кеудесіне қол салайын деп еді, анау итермелеп маңайлатпады. Екеуі алыса кетті.
Олар ұзақ алысты. Шауыпкел де тірі жан, сондықтан Алтынсары қарулырақ болғанмен берісе қоймады. Екеуінің де киімдерінің пәрә-пәрәсі шықты. Екеуі де ентікті. Бұлардың бұл алыс-жұлысына: қиядағы күн, асқар тау, шалқар көл, қалың тоғайдан басқа, сол араның аңы мен құсы ғана куә болды.
Тиыш тоғайдың ішінде жапырақ жамылып жем іздеп шоқаңдап жүрген қоянның құлағына бұлардың ырсылдаған дауыстары шалынып, селк ете түскен қоян «не?!» дегендей құлағын қайшыландыра, алдыңғы аяғын көтере, тұрқын соза қарады да, алысқандарды көре салып, бетін бұтаққа остыра қалың шытырман арасына жып берді.
Қалқия қойған қоянды көзі шалған қарағай басындағы ителгі алысқандарға алданам деп жемінен айырылды.
Тауда екі жәндік таласса, біреуінен өзіне жем түсіп дағдыланған аш бүркіт бұлардың төбелерін торлай ұшып, аспанда шарықтап жүрді.
Күмістей сыңғырлаған даусы орман ішін сұлу үнге бөлеген бұлбұл да дауысынан жаңылды.
Ағаштың жапырағы мен көлдің жұқа бетін дірілдеткен әлсіз жел тына қалды. Дауысын бәсеңдетпеген жалғыз-ақ таудан аққан бұлақтың сылдыры.
Осылардың бәрінің тыңдағаны Алтынсары мен Шауыпкелдің алысы, алысқаннан алқынған өкпеден шыққан ырсылдаған демдері.
Адамның денесіндегі күш, мүшесінің бәрінде бір тегіс болмайтынына Алтынсарының көзі Шауыпкелмен алысқанда жетті. Алыса кеткен жерден алып ұруына қарағанда Шауыпкелді ол тез жеңе қоям ғой деп еді. Күш сынаса келе, Шауыпкелдің бар қаруы уысында екендігі байқалды. Оның денесін шопақ құрлы көрмей көтеріп алып, жерге оңай құлата салған Алтынсары, қанша қару жұмсағанмен, жұмған уысын жаза алмай қойды. Уысы винттеп тастаған темірден бір кем емес.
Шауыпкелдің алысуын басында ойын шығар деп ойлаған Алтынсары, шынға айналғанын көргесін, уысын жазуға әлі келмейтінін байқаған соң, басып жатқан Шауыпкелдің көзіне көзін оқтай қадады да:
— Әй, ақтық рет айтам, рас бермеймісің! — деді дікіленіп.
— Немді берейін! — деді Шауыпкел алқынып — түгім де жоқ беретін.
— Қолыңдағыны.
— Қолымда да түк жоқ.
— Ендеше неге жазбайсың? Кәне, жазшы, алақаныңды!
— Жазбаймын.
— Неге?
— Әдейі, ерегескесін!..
Алтынсары қабағынан қар жаудыра түсін суытып алды да, Шауыпкелді жерден көтеріп құшақтаған қалпымен, көлдің биік шыңды жарқабағына алып келді.
— Менің мінезімді білесің ғой! — деді ол Шауыпкелге қадалып — қолыңды жазбасаң, көлге лақтырам.
Алтынсарының құшағында өзін жоңқадай көрген Шауыпкел кескініне қарап еді, лақтыратыны рас сықылданып кетті. Сондықтан, Алтынсарының «өлгің келмесе әкел, жылдам!» деген сөзіне шыдай алмай:
— Мә, — деп уысындағыны сыртқа лақтырып жіберді де, — босат! — деді ақырын.
Алтынсары разы болғандай түсін жылытып Шауыпкелдіні жерге ақырын түсірді де, лақтырған затты алып көріп еді, айнала құм топырақ жабысқан, жұдырықтай тұтас тума алтын екен. Қуанып кеткен ол алақанымен салмақтап көріп еді, қолын жерге алып түсе жаздады.
— Қызғанғаның осы ма? — деді ол Шауыпкелге қарап күліп — сен қызғанба! Бұл алтынды мен өзім алмаймын.
— Енді қайтесің? — деді нанбаған Шауыпкел кекті кескінмен.
— Үкіметке берем.
— Үкімет саған несін береді?!.. — деді Шауыпкел кекеп.
— Екеуміздің еңбек ақымызды береді. Бұл алтын халық қазынасына түседі.
— Одан басқа пайдаң?
— Алтын іздеу кәсібіне қайта кірем, старатель артелін ұйымдастырам. «Алтынның шыққан жерін белден қаз» демей ме, аталарымыз. Осы араны тағы да қазып, тығылған алтындарын түгел аламыз? Сені де шақырам, бұл абыройлы іске.
— Оны кезінде көрерміз, — дей салды кесек алтыннан айырылуға іші күйген Шауыпкел.
Алтынды үлесу жайын Алтынсарыға айтпақ боп бір тұрды да, көнбесіне көзі жеткен соң үндемеді.
Алтынсары атқа кетті. Осы кезде арба қасына барған Шауыпкелдің ойына Алтынсарыны өлтірсем қайтеді деген жамандық ой тұтанды.
— «Қару қайда?»
Оның есіне арбаның кіндік темірі түсті. «Байқаусызда білектей темірмен қарақұстан персем, — деп ойлады ол — жаны тас деймісің!»
Осы ниетпен ол кіндік темірді суырып алып, Алтынсары атты әкелгенде ту сыртынан екі-үш рет айналды. Оның неге айналғанын Алтынсары сезген жоқ.
Ыңғайы келгенде қарақұстан кіндік темірмен салып жіберуге Шауыпкел қолын көтерді де тату өскен құрбысын қимады.
3
Олар қыстау жолымен қайтты. Үйден шығарда:
— Қайтарда егіншілерге соға кетейік, — деген еді Шауыпкел Алтынсарыға.
Ат Алтынсарыныкі еді. Шауыпкелдің сөзін есіне сақтаған ол, қыстау маңындағы егінге тура тартты.
— Неге тұнжырап келесің әй? — деді Алтынсары Шауыпкелге, даңғыл жолдан егіннің жіңішке жолына бұрылған шақта.
— Маған не қыл дейін деп ең? — деді Шауыпкел қабағын түйе қарап.
— Уа, тәйірі алсын сені, тәйірі алғыр! Оның не, қарап отырып араз боп? Алтын керек болса, мә!.. Ойын-күлкімнің садағасы!.. Осы жұдырықтай тас үшін, бұның әкесіндей тасқа бермейтін тату көңілден айырыламыз ба?
Алтынсары алтынды алдына тастап еді, Шауыпкел алмады.
— Сен қоңыраюды қой! — деді Алтынсары — бір жыл туған төл емеспіз бе, антұрған!.. Бұл алтын екеумізге пайдасын бірдей тигізеді... Сына осы сөзімді!..
— Көрсек көрерміз — дей салды Шауыпкел.
Егіншілерге жақындап қалғасын басқа сөз кеңеспей, Алтынсары алтынды қалтасына тықты.
— Іске сәт! — деді ол, соқа айдаған егіншілердің алдынан кеп тоқтап.
— Айтсын! — деді беттерін шаң басқан екі жігіт.
Ауылдың адамдары егінге төрт-бес үйден бірігіп шыққан еді. Бұл қоста Алтынсарының да, Шауыпкелдің де сыбағасы бар.
— Бес күннен бері жыртқандарың осы ма? — деп сұрады Алтынсары егінші жігіттен — қалай аз жыртқансыңдар? Тіфу!.. Осылай да жер жырта ма екен?.. Бұл не?.. Жердің бетін айғыздап тайыз айырып?.. Арасынан жыртпаған тың тастап отырыпсыңдар ғой!.. Егін шыға ма бұған?..
— Енді қайтейік. Әдейі солай жыртып жүрген жоқпыз. Көлік жүрмейді, соқа өтпейді, — деді егіншінің бірі кейіп.
— Өтпеуіне тағы бір себеп, — деді екінші жігіт, — әлгі көзі шыққыр Қирабай қаладан соқа ала барғанда, доңғалағын ауыстырып әкетіпті. Міне, көрші, біреуі үлкен, біреуі кішкене, бұл қалай түзу жүрсін!.. Құр көлік қинау!..
Алтынсары шегі қата күлді.
— Неге күлесін? — деді жігіт.
— Күлгенім... соқа осылай болмай қалай болушы еді?.. Оның доңғалақтары осылай ұлылы-кішілі болады.
Соқаға өгіз жегілген еді, — төрт пар өгіз... ауыздарынан көбігі бұрқырап, тілдері сала құлаш шыққан, бүйірін соққан егіздерге Алтынсары жақындап еді, мойындарын жарма соғып қан аққан қып-қызыл жара...
— Обал-ай. — деді Алтынсары, — көлік бүлінген екен.
Бұл ел бұрын егін салмайтын, салса: байлары орыс жалдап салғызып, кедейі кетпенмен егетін. Ол кезде кедейлер «әттең... қолымызға жер, көлік, соқа тисе! — деп кіжінетін.
Міне, қазір оның бәрі бар: жер түп-түгел кедейдікі, қанша ексе де еркі; бұрын кедейде көлік жоқ еді, совет өкіметі келгелі шаруасы көтерілген олар елбесіп-селбесіп жететін көлік те жасап алды. Бұрын кедейге соқа табылмайтын еді, қазір ауылшаруашылық кооперациясы арқылы оған да қолы жетті.
— Ендігі жетпейтін — Алтынсарының ойынша: «Егін жұмысына жаттықпағандық».
Ол егінші жігіттерге осы ойын айтып еді:
— Жаттықсаң да осы соқа, осы көлікпен көп егін сала алмайсың, — деді жігіттер.
— Сендерше не істеу керек?
— Егінді өзі жыртып, өзі егетін машина шығару керек.
— Асықпасаң ол да болар, — деді Алтынсары.
Осы кезде егіншілердің қосы жағынан жіңішке жолмен заулатқан бір пар атты көріне кетті. Ат-арбасы, сайманы бұл аранікі секілді емес.
Егіншілер жақындаған жолаушыларды қарсы алса, қалаша сәнді киінген қазақ жігіттері екен. Жөндерін сұраса, біреуі тау кенінің инженері, аты Таубай, екіншісінің аты Таспай, ол Таубайдың жәрдемшісі.
Амандасып тұрып, олар әзілдесіп қалды.
— Егінді нашар жыртады екенсіздер! — деді Таубай, соқа жүрген жерлерді көріп ап, — көлікті де айдай білмейді екенсіздер, өгіздеріңіздің мойнын алдырып тастапсыздар ғой!.. Обал-ай, жануарларға.
Жат жігіттің алдында егін жырта білмеу намысына өзі де ортақ болған Алтынсары, әзілден жығылғысы келмей:
— Жер жыртатын машина шығарып берсеңдер, біз сендерге қой деген жоқпыз, — деді.
— Бірақ, сол машинаны шығаратын біз емес, өздерің, — деді Таубай.
— Біз шығарамыз? — деді егінші жігіттің біреуі, Таубай қылжақ қылып тұр деп ойлап.
Әзіл сөзге шын жауап берген Таубай, қазір партия мен үкімет отанды ірі кәсіпті елге айналдыру саясатын жүргізгелі жатқанын, осы саясат егінге қажетті машиналарды мол өндіруге жағдай жасайтынын айтты.
— Бұның бәрі дұрыс, — деді Алтынсары, — сол істі өркендету үшін, мына біздің жәрдеміміз не болады?
— Алтын табысу болады! — деді Таубай.
Өз сырын ол енді ғана айтты: ол революция жылдары жабылып қалған Степняк алтын ошағын қайта ашу жабдығына шығыпты.
— Бұл жұмысты, — деді ол жігіттерге, — біз, тек, жергілікті халықтың жәрдемімен ғана іске асыра аламыз. Сол халыққа сіздер де жатасыздар.
Бұл сөздерді құлақ қоя тыңдаған Алтынсары да шынына көшіп:
— Өзіңе керегі алтын ба, құрбым? — деді Таубайға, — егер алтын болса, осы Көкшетау жерінің астында ол бұлақтай қайнап жатыр, қанша алсаң да таусылмайды.
— Көкшетаудың бойында алтын көп екенін білеміз, — деді Таубай, — бірақ, соны тауып беретін кісі керек қой.
— Өңгені білмеймін, — деді Алтынсары, — мен өзім сол алтынды іздесуге әзірмін. Менің, мына жолдасым Шауыпкел де әзір. Солай ма, достым? — деп ол құрдасына қарап еді, «меселі қайтпасын» дегендей, Шауыпкел басын изеді.
— Іздесіп қана қоймассыз, — деді Таубай күліп, — табысарсыз да.
— Таппайтын нәрсені іздеп қажеті не? — деді Алтынсары жымиып.
— Мүмкін, тауып та жүрген боларсыз? — деді Таубай, «осы жігіт ескі старательдің бірі болмағай» деп ойлап.
— Мүмкін! — деді Алтынсары сенімді дауыспен.
— Қоста дәм бар ма? — деп сұрады Алтынсары егінші жігіттерден.
— Әлгінде қымыз келген еді, — деді жігіттің бірі.
— Ендеше дәм татыңыздар! — деп қосқа алып барған Таубайға, Алтынсары бүгінгі тапқан олжасын айтып еді:
— Кәне, ол алтының? — деп қуанып кеткен Таубайдың екі көзі шарасынан шыға жаздады.
Табылған тума алтынды Таубайдың көзіне ғана көрсетіп, қолына ұстатпаған Алтынсары:
— Асықпа, құрбым, — деді Таубайға — бұл алтынды завод кеңсесінің есігі ашылған күні қолымнан апарып берем де, өзім бірінші старатель болып қызметіне кірем.
4
Электр сәулесінен іші ашық аспанды күндіздей жарқыратқан штректі бойлай, сыртында брезент сулығы, аяғында үлкен етігі бар Алтынсары келе жатты. Беті — инженердің кабинеті. Шахтының төбесіндегі порода тастардың жігінен шапшыған су оның жалбағайына кейде тырсылдап тамшылады, кейде фонтандай атқылады. Шахтаны бойлай салынған жіңішке темір жолдармен кен тасыған электр вагонеткалары зырылдап ерсіл-қарсыл өткенде Алтынсары ығысып жол береді де, тағы да ілгері жүреді.
Аяғын аттаған сайын оның көзіне ескі замандағы қараңғы шахта, тар шахта елестеді, сол қараңғы, тар шахтада қолына ұстаған кәрәсін лампасының әлсіз жарығынан алдындағы екі адым жер еркін көрінбейтіні есіне түсті. Міне, ендігі электрлі шахта, ертегілерде айтылатын, іші самаладай жарық кең алтын сарай сияқты...
Алтынсары білегіндегі сағатына қараса түскі үш екен. Үште шахтадағы кабинетіне оны инженер Таубай шақырыпты. Неге шақырғанын білмейді.
— Бүгінгі нормаң? — болды, Алтынсарыны кабинетінде қарсы алған Таубайдың бірінші сұрауы.
— 120. Кешке шейін 180 ге апарармын, деп ойлаймын.
— Жоқ, оны істей алмайсың! — деді Таубай күліп.
— Неге?! — деді Алтынсары таңданған кескінмен.
— Горкомнан звонить етті. Сен өз колхозың «Алтын таңға» сайлаушылар арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізуге барып қайтпақ болыпсың.
Степняк алтын өндірісі ашылған күннен бастап жұмысқа келген Алтынсары, алғашқы күндерден бастап сауатсыздар мектебіне түскен еді де, аз уақытта жаза, оқи білуге халы жеткен еді. Содан кейін іле партия қатарына өткен оны, қалалық партия комитеті үгітшілер тізіміне қосып қойған. Қазір жергілікті советтің сайлау науқаны жүріп жатыр. Осы жұмысқа Алтынсары да белсене қатынасып жүр. Лифтпен көтерілген Алтынсары тысқа шықса, «М — 1» тұр, шофері Шауыпкел.
— Қайда барамыз? — деді Шауыпкел оған.
— «Алтын таңға».
— Құп болады! — деп Шауыпкел айдай жөнелді.
Олар «Алтын таңға» ілезде келіп қалды. Колхоз таудың етегіндегі бұлақты жиектей салған алпыс шақты үй еді. Үйлердің бәрі де сұрыпталып қиылған жаңа қарағай. Кеңсе мен мектеп орталығында.
Кеңсеге келсе күзетші әйел ғана бар екен. Басқарма бастығын сұрап еді:
— Егін басында, — деді әйел.
— Мүшесінен кім бар?
— Олар да егін басында.
— Бәрі не алады егін басынан?
— Жиылыс бар деп кетті.
Алтынсары мен Шауыпкел таныс токтің басына келсе, тау-тау боп үйіліп жатқан бидай, бидайды жинау мен соғу жұмысында сапырылып жүрген көп адам...
Машинадан түскен Алтынсарыны, құрбылас жігіттері мен әйелдер «качайттаймыз» деп, тырмысуына қарамай қаңгөбелек ойнатып, көтеріп алды да кетті. Біраз қақмақылдап ентіктірген Алтынсарыны жерге түсірген соң:
— Кәне, айт! — деп шуласты олар, қоршаған Алтынсарыға, — алтын сенде көп пе, бізде көп пе?
— Сендерде де, бізде де көп, — деді демін алқына алған Алтынсары.
Олай демеуге болмайтын. Колхоз бастығының айтуынша, «Алтын таң» биыл еккен 1300 гектардың алдынан қырық артынан жиырма центнерден түсіп жатыр. Бұл шығым тек, егінді трактормен айдап, сеялкамен сеуіп, комбайнмен орудың арқасындағы ғана түсім.
— Алтын көбейсе, машина да көбейеді, — дейтін еді Алтынсары.
Сол айтқаны келді: дәл есебін айтпағанмен, Степняк отанға алтынды ай сайын қадақтап емес, бұттап беріп жатқан сияқты. Сонша мол алтын машинаны көбейтпей қоя ма!..
Отанда қазір алтын да, машина да көбейген түрі бар. Бұған байыған тіршіліктің бар саласы да куә. Осынша зор жетістіктің ауыр жүгін сүйреп, алдыңғы қатарда келе жатқан еңбек ерлерінің ішінде Алтынсары да бар. Ендеше, колхозшылар оны «хан көтеріп» качайттамағанда, кімді качайттайды?..
Ток басында, ішіне мыңдаған кісі сиярлық астық сарайы бар еді. Соған жиналған колхозшыларға, отанның ірі өндіріске ие болуынан тапқан пайдасы туралы Алтынсары баяндама жасап тұрғанда, босағаға сүйенген Шауыпкел ойлы кескінмен қадала қарады да тұрды. Алтынсарының туғаннан бергі өмірі оның алақанында: екеуі бір жылда туған төл, бірге өсті, біте қайнады...
Шауыпкел бала кезінде Алтынсарыдан пысық еді. Алтынсары сөзге нанғыш, уәдешіл, момын бала болатын. Өзін одан қу санайтын Шауыпкел бала кезінде де, жігіт кезінде де алдап, талай рет «тақыр мұзға отырғызған». Алтынсары оның біріне де ашуланбай көне беретін.
Ақырында, «бәрінен қой бағып қойыртпақ ішкен озар» дегендей, еңбек сүйгіш Алтынсары, Шауыпкелдің ұғымында шырқап аспанға кетті де, пысықсынған еңбексіз ол, жерде қалып қойды.
«Көкке шыққаны емей немене? — деп ойлады босағада тұрған Шауыпкел — пойызға да, автомобильге де, аэропланға да мінетін осы; Алматы, Мәскеуді аралайтын осы. Киім осында, тамақ осында,.. абырой, атақ осында!..»
Алтынсарының бұндай шат тұрмысын Шауыпкел бұрын күндейтін еді, бұл жолы, босағада сүйеніп тұрып, бірінші рет ол құрдасына сүйсінді.
«Дұрыс! — деді Шауыпкел ішінен, 1927 жылы туынды алтынға таласқанын есіне түсіріп, — сондағы мұның сөзі расқа шықты. Алтын көбейіп еді, машина да көбейді...»
Шауыпкелге де осы машиналардың бәрі Көкшетаудың алтынынан жасалып жатқан сияқтанды. Сол алтынды табушы да, қазушы да Алтынсары сияқтанды оған. Ендеше, ел бұны ардақтамағанда кімді ардақтайды?!.
«Егер мен де сол кезде белсене алтын қазсам, бұлай боп жүрмес едім!» деп өкінді Шауыпкел.
Олай дейтін себебі: колхоз жұмысына да жалқау ол, Степняк ашылған жылдарда ауылда жатты да, жалқаулық қарнын ашырғасын алтын қазудан шоферлікті жеңіл көріп машина руліне отырды. Қазір ол айына сегіз жүз сом алады. Оның көбін «бәрібір байымаймын» деген оймен ішіп қояды. Соңдықтан оның өзі де жүдеу, үй іші де жүдеу... Ал, Алтынсары ше... Оның шамалауында, бұрынғы байлар да мұндай тұрып көрген жоқ... Ендеше, жақсы тұрудың тетігі, тек еңбекте ғана...
Митинг біткен кезде ымырт жабылып, қас қарайды. Жиылысқа қатынасқандардың қартаң жағы грузовикке мініп, қалаға кетті де, жастар жағы ток басында ойын-сауық жасауға қалды. Олар Алтынсарыдан бірге болуын өтініп еді:
— Түнгі сменаға барушы едім, — деп босанды.
Заводқа қайтуға тысқа шыққан Алтынсары төңірегіне көз салып аз уақыт тұрды.
Түн айлы, жұлдызды жарық екен. Ол ара жан-жағы еркін көрінетін адырлау жер еді. Адырдан завод та айқын көрінеді екен. Завод қаласында жанған электр шамның жиылығы аспандағы жұлдыздан кем емес. Әлдеқайда, Шортан жақтан кетіп бара жатқан пойыз паровозының үні естіледі. Әне!.. Көкте екі қызыл жұлдыз ұшып барады. Ол жұлдыз емес... Қызылжардан Қарағандыны беттеп тартқан самолет!..
Алтынсарының көзіне айлы түнде аспанды белуарлаған Көкше түсті... Баяғыда, жылқының күзетіне барған түні Көкше туралы ойлаған ойы есіне түсіп кетті оның...
— Рас! — деді ол ішінен мұнартқан Көкшеге қадала қарап тұрып, — сенің сыртқы сұлулығың Грек, Рим көркемөнершілерінің ойланып қолдан жасаған шебер шығармаларынан да әлдеқайда сұлу!.. Жерден текшеленіп аспанға шаншыла шыққан сенің Оқжетпесіңді, сырлы тостағанға құйған қымыздай, құшағыңа алған суы меруерттей мөлдір көліңді, етегіңе ұстаған күміс оқадай дөңгелене сыртыңды айналып жатқан шабағыңды, сенің сұлулығыңды еліктей жаралған бытыранды ұрпақтарыңды;... солардың бәрін қаусыра құшақтап, қолын күзеткен батырдай, бәрінен басыңды асыра қарап, «бұлттың сүтін ішіп ержеткен» өзіңді,... қандай суретші осы қалпытарында сала алар еді?!.
Жоқ, сала алмайды ол!.. Шебер табиғат миллион жылдар бойы салған суретіңді жасы жүзге жетпейтін суретші қалай салмақ сенің?..
Сен Көкше, сыртың сұлу боп қана жаралған жоқсың. Сенің ішің де сұлу. Сенің «қақырығың қайыма алтын, түкірігің түйме алтын!.. Сен ертегіде айтылатын алтын сандықтың қабысын!.. Сенің астыңда алтын дария!.. Сенің сол алтын дарияңды ақтарып тапқан кім?.. Ол, тек, советтің ұлдары мен қыздары!..
— Жаса, советтің ұлдары мен қыздары! — деген даусы шығып кетті Алтынсарының.
Бір орында көп тұрып қалғаны сонда ғана есіне түскен ол, аяңдап машинасына келсе, Шауыпкел кабинада отыр екен.
— Әй, Алтынсары! — деді ол, қасына отыра берген құрдасына, — саған бір серт айтайын ба мен?
— Айт!
— Айтсам, алтын табу жұмысына мен де түсем де, өзгемен емес, сенімен жарысып, шамам келсе басып озам!..
— Оған мен тілектеспін, — деді Алтынсары, — бірақ, есіңде болсын, мен де саған оздырмауға тырысам.
— Әрине, — деді Шауыпкел, — озу-озбау тәуекелдің ісі ғой. Ол қалжыңым. Ал, шынымды айтсам, жалқаулықтың тақсіретін тартып болдым мен. Бұл албастыны үстімнен түсірем енді!..
— Расың ба, әй? — деді Алтынсары, Шауыпкелдінің сөзіне енді ғана мән беріп.
— Растығына әкел, қолыңды!
Екеуі қол алысты.
— Ала білген қолға Көкшенің байлығы жетеді, — деді Алтынсары, — біз екеуміз түгіл талай мыңдаған адам жүздеген жылдар қазып тауыса алмайды. — Бұның асты алтын дариясы екені рас. Бұл алтын аймақ!..
1934-1937 жылдар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі