Өлең, жыр, ақындар

Қойын дәптерлері

РИГА ДӘПТЕРІ

19 август. Будриға серуендедік. Өзен жағасына шығып пароход көрдік.

15 август (жексенбі). Күн жылынды, ашық болды. Дубултыдағы кинотеатрдан Африка картинасының І-сериясын көрдік.

Киноның аяқталуы ұнады. Африкадағы ең биікке, 6000 метр тауға шығып Чех тігіп қайтумен бітуі әсерлі, мәнді...

16 август. Күн бүгін әдемі, тіпті ыстық деуге болады. Бұлт жоқ шағырмақ.

Сағат он екіден бастап, күн көзін бозғыл бұлт басты. Батыста қара бұлт көрінеді. Көк жиекте бозғыл бұлт, үстінде қара бұлт.

Біз теңіз жағасына шығып, құм үстіне аунап жатырмыз. Жағада адам жыртылып айырылады.

Мен таңертеңгі астан кейін майорға барып, аккредитивке ақша әкелдім.

Ертең Латвияның Швейцариясына-Сигулдаға серуенге бармақпыз, жазылып қойдық.

Теңіз беті бүгін тыныш, тек таңдайланып жай ғана қыбырлап жатыр. Сағат екіге жақындағанда қара бұлт лезде ашылып кетті. Қалай жаумай барады? Жұмбақ ғажап.

Бүгін татар жазушысы Башировпен таныстық. Сөзге жоқ тұйық адам. Киім киісі де жұпыны, өзін елеусіз ұстауға тырысатын, тіпті тым қарапайым адам болып көрінді маған.

17август.

Сонымен таңертеңгі астан кейін, 10 с.35 минутта бір топ адам атақты Сигулдаға тартып кеттік.

Міне, Рига қаласы. Сол жағымызда ескі қамал қалып барады. Автобус Ригадағы үлкен дүкенге келді де, Ленин көшесіне өтті. Ленин көшесі-ең бір ұзын көше екен. Ол Псков жолына қарай созылып жатыр. Қаладан шыққан соң да бұл кеше созыла береді. Номері 500-ге таяп барып бітеді.

Ригадан 50 км. жерде Латвияның Швейцариясы басталады. Машина үлкен жолдан сол қолға бұрылады, Әдемі, шағын үйлері бар поселок, мұнда мейманхана бар. Келгендер сонда тұруға болады.

Біз гүлді алаңдардан өтіп келіп сол бүйіріне шықтық. Айнала ағаш кең алаңқайға келіп машина тоқтады. Басқа да машиналар тұр. Қолдан жонылған таяқ ұстап сатушылар тұр.

Біз оңға беттеп, қалың орман ішімен барып, бір-екі жүз метрден кейін жағаға жеттік. Алдымыз ғажап. Біз дөң басында екенбіз, ойда бұйраланып көк алқап жатыр. Көк алқапта ирелеңдей аққан өзен-Гауия.

Сигулда таулары осы. Тас жоқ, орманды көк төбелер, ойы иректелген алқаптар. Ол орала береді де, бөлек-бөлек көк тау жасап отырады. Сол таулардың басында екі-үш жерде ескі қамалдардың қираған жұрты бар. Бұл кейін баяндалады.

Біз айналаға тау басынан көз жіберіп, автобусқа қайтып келдік. Келген бетте аңғармаған екенбіз, соңымызда гүлді алаң жатты. Қасына келдім «Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан батырлардың даңқы арта берсін!» деген сөздер ойылып жазылған ескерткішке тап болдым. Ескерткіш айналасы қоршалған шағын бақша. Ескерткіштен гүлді аллеялар басталады. Бұл аллеялардың екі жақтарына шағын-шағын плиткалар қойып, қаза тапқан батырлардың екі-екіден фамилиясы жазылған, солардың ішінен әкесінің аты жоқ, мынандай шығыс халқының да фамилиясы ұшырасты:

к-ц Сискаев 9/Х-1944 г.

к-ц Шахметов 9/Х-1944 г.

к-ц Шарков Нұрам 9/Х-1944 г.

Машина тез жүріп бара жатқандықтан көбін оқуға үлгермедім. Машина көк тауды бөктерлеп, ойға құлдилады. Ол оралып келіп бір төскейге тоқтады. Бұл арада Куропаткин қамалы тұр. Оның жанында көк таудың басында ғажайып замоктың орнына келдік. Бір-екі мұнараның ғана қабырғасы қалған, басқасы құлап, біткен. Қорғанның орындары ғана қалған.

Бұл бұдан 8 ғасырдай бұрын салынған. Ойлы, алқапты үлкен көпір, төменде қызыл сулы өзен (Гауия) шымырлап ағып жатыр. Ақпайды, қайнап жатыр деуге болады. Әр жері үйіріліп шымыр-шымыр етеді. Көпірден еткен соң қарсы жағалауда қасиетті үңгір тұр. Сонда келдік.

Бұл үңгір Пешера Гутмана деп аталады.

Үңгір көк таудың нағыз іргесінде, аузы бізге қарап үңірейіп тұр. Қазақтың үлкен кигіз үйлері сияқты, түбі кішірейеді. Сол түптен су шығып ірге қуып, жылап ағып жатыр. Мұны, «Слезы неверной жены» (опасыз әйелдің көз жасы) немесе «Источник неверной жены» (опасыз әйелдің бұлағы) деп атайды. Үңгірдің ішіне әр кезде келгендер өздерінің аты-жөнін жазып кеткен. Солардың ішінде ең ерте жазылғанынан қалғаны: 1677 жылы жазылған бір жазу:

Анна Магдалена. 1677 жыл

Екінші бір есте қалатын жазу: 1862 жылы Александр II қонаққа келіп осы үңгірді көргенде гербының таңбасын қалдырған. Оң қол жақ маңдайда самұрықтың кеудесі езіліп, қанаттары ғана қалған.

Жазулар көп, жазулардың сақталмауы, үңгірдің маңдайшасы, барлық қабырғасы құм, үксең түсіп қалады. Бет жағы өзінен-өзі байланып қап-қатты боп тұрады, ұстай қалсаң үгілмейді. Үңгірдің сол жақ босағасында екі шағын үйшік (отау) бар, оның үстіңгісі шынайы махаббатқа байланысты тарихы бар деседі.

Үңгірдің екі жағында тауға өрлейтін баспалдақ бар. Ағаш көрсеткіш тұр. Сол жағындағы көрсеткіште былай деп жазылған.

«К РАЗВАЛИНАМ КРИМУЛДСКОГО ЗАМКА»

Үңгір туралы аңыз.

Бұл әртүрлі. Біреулер айтады:

Гутман деген адам болған, мынау үңгір қасиетті деп есептеліп, ол соған келген дейді.

«ОПАСЫЗ ӘЙЕЛ БҰЛАҒЫ»

Рыцарь яки қарт (әртүрлі айтылады) болыпты. Ол соғысқа кетіпті. Әйелі оны күте-күте жалығып, көзіне шөп салыпты. Ері қайтып келгеннен соң жаман хабарды естіпті де, әйелін тірідей осы үңгірге көміпті. Әйел өзінің күнәсіне өкініп жылапты, үңгір түбінен ағып жатқан су соның көз жасы екен дейді. Ол әлі де жылап тұрса керек...

Біз үңгірдің оң жағындағы басқышпен жоғары өрледік. Жоғары біраз жүріп барып, қалың ағаштан өтіп, оңға орала огород егілген жеке үйі бар тау басына, жалаңаш алаңға шықтық. Доғаша оңға бұрыла отырып, екінші бір белге көтерілдік. Алдымызда қаптаған адам. Бәрі де үлкен бәйтеректің (липа ағашы) түбіне төніп тұр.

Жуан діңгегі бір-екі метрдей көтеріле беріп екі айыр болып көкке бойлаған кәрі ағаш тұр. Түбінде қып-қызыл гүл өскен.

Бұл розаның моласы. Мынадай жазу бар: (жазу плиткаға ойылған:

Мұны 20 жылдары Латвияның белгілі жазушы әйелі жаздыртып орнатыпты.

Гүлді жыл сайын жұрт отырғызып тұратын көрінеді.

«РОЗА ТУРАЛЫ АҢЫЗ»

Тағы да оңға бұрылып көк таудың басындағы ескі қамалдың орнына келдік.

Бұл алғашқы замок сияқты айналасы құламаға орнатылған. Бірақ бұл қызыл кірпіштен салынған. Бірер мұнара әлі күнге құламай сау тұр. Әрине, төбе жағы құлап қалған кіре берісте мынандай жазу бар: Памятник архитектуры Руины Турайдского замка 1214 (бұл латыш тілінде, «сад богов» деген сөз көрінеді).

Міне содан бері сегіз ғасырдай уақыт өткен... Талай соғыста бекініс ретінде қызмет еткен. 1776 жылға дейін адам мекендеген. Үлкен мұнараның биіктігі 27 метр, іргесінің қалыңдығы 2,5 метр көрінеді. Төменгі қабатта азық-түлік, екіншіде қызметшілер, үшіншісінде рыцарьлар тұратын болған.

XIII ғасырда немістер осы бекіністі жаулап алған. Кейін соғыста қираған.

Тіпті Отан соғысында да немістер осында бекініп алып соғысқан. Партизандар оларға қарсы күрес жүргізген.

Енді біз қорған үстінде тұрып артымызға қарадық. Ойда манағы өзіміз өткен көпір жатыр. Кең көк алқап. Онда қанды су Гауия.

Бұл көк алқап «Долина бойни» (қырғын алқабы)-деп аталады екен. Оның бұлайша қырғын алқап болып аталу себебі: мұнда талай рет қырғын соғыстар болыпты. Отан соғысында да шайқастар өткен. Қып-қызыл боп, қорқынышты түрде ағып жатқан Гауия талай төгілген қанның куәсі көрінеді. Оның жағалауына жазылған: «Түсуге болмайды. Қауіпті!» деген сөздер көп ұшырасады.

Біз басқышпен ойға түстік, сол мен оңға оралып, орнымызға қайтып келдік.

Мұндай тамаша сұлулық табиғатта сирек болар, неткен тамашасың, Сигулда!.. Жырың да, сырың да көп екен! Көрінісің сәнді екен, тарихың зарлы екен!..

Бүгін күн қандай әдемі болды! Кешкі жетіден асқанда Дубултыға қайтып оралдық.

Ұмытылмас табиғаттың сұлулығы көңілде қалды.

Біздің Рустик те аяғын ботинка қажағанын білмейді. Ол да көңілді, машина үстінде ұйқы соғып қайтты.

Г. Башировпен үңгір тұрған көк тауды арқаға алып суретке түстік.

— Табиғат сұлулығы басқа нәрсенің араласуын қаламайды, көтермейді, — деп еді Баширов. Бірақ суретші болмаған соң, бір жеңіл машина суретке қосылып кетті.

Татар жазушысы дұрыс айтады:

— Табиғат сұлулығына басқаның араласуы келіспейді.

Біз балалармен үңгір аузында да суретке түстік.

Ленин көшесі басталатын алаңда көкке бойлаған үлкен ескерткіш тұр.

Бұл — Площадь свободы (Азаттық алаңы) деп аталады. Ескерткіште әйелді бейнелейді.

Төменгі іргесіне, төменгі қабатына неше түрлі адамның суреті бейнеленген (әскердің, әйелдің, батырдың т.б.) Мұнара барған сайын биіктеп, ақсұр мрамор сүйірлене бітеді де, қап-қара әйел суреті бейнеленеді. Әйел мүсіні өте биік, бірнеше метр.

Әйел екі қолын жоғары созып, бес тармақты үш жұлдызды көтеріп тұр. Ескерткішке латыш тілінде мынадай сөз ойылған:

ЗООПАРК

Зоопаркті көрдік, вокзал маңынан 2-трамвайға отырдық. Ең соңғы аялдамадан барып, әрі қарай азғантай жаяу жүрдік те, ІІ-троллейбусқа отырып, паркке бардық. Бұл соңғы аялдамадан бір аялдама бері екен. Мәдениет және демалыс паркі мен зоопарк қатар тұр. Бір қызығы демалыс паркі қоршалмаған кең дала орман іші, зоопаркке билетпен кіреді.

27 август, 1954 жыл.

Бүгін «Музей народного быта» (халық салты музейі) аталатын латыштың халықтық музейіне экскурсия жасадық. Тағы да Ленин көшесімен жүріп отырып, қаладан шығысымен оң қол жаққа бұрылдық. Орман іші музей.

Бұл музей 1924 жылы ұйымдастырылған, негізінен латыштың төрт ауданындағы тұрмыс осында көшірілген. Үйлер сол қалпында орнатылған.

Музейге кіре берісте сол қол жақта төбесі қамыспен жабылған, аласа үлкен қара үй тұр. Бұл-корчма. Бұл 1780 ж. салынған.

Корчма ішінде халықтың тұрмысын, өнерін көрсетіп неше түрлі заттар, ыдыстар, төсек орындар, төргі бөлмеде ақын Аусеклис (Микелс Крогземис, 1850-1879) суреті ілінген.

Бұл — орыс әдебиетін таныстырушы, Пушкиннің «Русалкасын» аударған адам. Ол Синой хуторында тұрған.

Одан әрі бір төбенің басында 1704 жылы салынған шіркеу. Ол кезде хрестьян шіркеуін неміс барондары салдырған. Сөйтіп, латыш шаруаларын езген.

Бұл шіркеу ауданнан көшіріліпті. Шіркеудің алдында екі сұмдық тұр.

Бірінші: Масқаралау бағанасы-онда мойынға салатын тұзақ (кісен) темір бар. Шаруаларды осында жексенбі күндері бұғаулап қойып, жұрт алдында масқаралап жазалайтын болған.

Екіншісі: Масқаралау талқысы-бұл ауыр жазалылар үшін. Бірінің үстіне бірін қиюластырып орнатқан тақтайлар араларында әртүрлі тесік бар. Қол сыятын, мойын сыятын тесіктер. Жазасына қарай осында не қолдан, не аяғынан кіргізіп қоятын болған.

Тәртібі-үстіңгі тақтайды жоғары көтеріп тесікке иә басты, иә қолды салып, қайта жаба салады екен.

Бұлай жазалау XVI ғасырда кең тараған.

Жұрт көретін жер болғандықтан бұлар шіркеудің алдында орнатылған екен.

Шіркеу үйі Құлдуг ауданынан көшірілген. Бұл сүргіленбей, балтамен шауып салынған ағаш үй.

Мұның өзі үй жағынан архитектурасы бір стильді көрсетеді.

«Я нахожусь» деп көрсетілген схемада осындай 43 түрлі ескерткіш бар.

Музейдің оң қол жақ іргесі — көл.

Бұл бауға табиғи түрде бір жағынан қорған болып тұр.

Кейбір қызметкерлер болады. Ол қоғам мүддесін ойламайды, онда үлкен арман жоқ. Ол — пұлмен күнін көрсе болғаны. Сонымен мәз боп жүре береді.

Осындайлардың арасына жаңа адам, ойлы, іс адамы келе қалса қозғау салмай отыра алмайды. Әлгілер ұйқыдан оянып бас көтереді. Бірақ іске құлшынбайды, көбіне «тынышын» алған беймаза әлгі адамға қарсы күреске шығады. Мұнын жолын табуға ол барын салады, табады. Арыз кетеді. Неше түрлі пәлелер табады. Сонымен әлгі адамды араларынан кетіргенше дамыл көрмейді.

Ал мұндайда пәле қууға олар іскер-ақ!

СЕРКЕ МЕН БІР ДРАМАТУРГ

Халық артисі Серке Қожамқұловқа бір драматург келеді.

— Сераға, бір пьеса жазып едім, сізге оқысам деймін.

— Оқы, шырағым, — дейді Серке, зор ниет қойып.

Драматург барлық нәшіне сала шығармасын оқып шығады.

— Иә, қалай екен? — деп ол Серкеден пікір күтеді.

Бұлтарысты, екі айтуды білмейтін, турашыл Серке:

— Шырағым, пьесаң нашар, — дейді, шындықты дүңк еткізіп.

Содан кейін неге нашар екенін дәлелдей бастайды. Бірақ драматург онша мойындамай, ренжіген пішінде кетіп отырады.

Артынан театрға барып оқиды. Артистер бірінен соң бірі шығып алып, пьесаны іске алғысыз етіп, сынайды. Сын соққысына жығылған, өзінің еңбегінен көңілі қалған драматург торығып, еңбегін отқа жақпаққа ұйғарады.

— Сәтсіздік ұлы жазушыларда да болады. Бұл менің сәтсіздігім, — дейді өзін-өзі жұбатып, — демек, Гоголь сияқты жағамын да жіберемін.

О, ғажап! Маздап тұрған пешке пьесасын атып ұрса да жанбайды. Отқа олай аунатып, бұлай аунатып көрсе де ештеңе өнбейді. Ол салып ұрып Серкеге келеді.

— Мен — сізге керемет айтқалы келдім, дейді ол, екі танауы делдиіп. Содан кейін болған оқиғаны баяндайды.

— Тегінде пьесам қанша жамандасаңыздар да киелі ме деймін, — деп түйеді ол бір жағынан мақтанышын да жасырмай.

— Мен сені ақылың бар жігіт пе деп ойлаушы едім, түу, өзің әлі бала екенсің ғой, — дейді Серке кішкентай көздерін сығырайта жымиып, — әрине, жанбайды...

— Неге, неге деймін, — деп ежіктейді драматург.

— Тым құрыса, бетінде жылан қара да жоқ, кілең көлкіген су болса, қайтіп жанбақ?!.

Драматург мойнын салбыратып, төмен салып жіберіп, үнсіз отырып қалды.

ҚҰРМАНБЕК-БЕКЕЖАН

«Қыз Жібек» спектаклін көргендердің есінен Құрманбек Жандарбеков ойнаған Бекежан образы кетпек емес. Бұл дарынды актердің жасаған бейнесі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп қалмақ, ұлы актер бұл образда көркемөнердің шыңына шықты.

Осы ғажайып образды жасаушы жайында бір жылдан кейін халық арасында мынадай аңыз тарады:

— Бұрынғы Бекежан-Бекежан ба, Құрманбек жаңадан тағы да бір ғажап құбылыстар ойлап тауыпты.

Бұл рас та еді. Бекежанның Төлегенді опасыздықпен өлтіріп келіп, Қыз Жібекке естіртетін жерінде, шынында, актер образға үлкен жаңалықтар енгізген-ді.

...Ғашығын сарғая күткен Жібек жаман түстер көрген, үрейлі. Осы көңілсіз минуттарда жыландай сумаң етіп Бекежан кіріп келді де:

«Дегенде ар ма, Жібек, ар ма, Жібек»... — деп ойнақы, асқақ әнге басты.

Бұрын бұл әнді айтқанда қарақшылыққа тән сиқырлылық, жаманат Жібекке қалай әсер етер екен деген бір жағынан сақтық, барлаушылық сонымен қатар көңілі тасыған мемендік, тұрпайылыққа ұласқан тасырлық Бекежан-Құрманбектің әр сөзінен, әр қимылынан айқын көрініп тұратын-ды. Бұл жолы актер одан да әрі кеткен... Төлегенді өлтірдім деген тұста ол ариясын лекіте, құйылта тұрып, соңында кенет сақ-сақ күліп-күліп алып, музыкаға қайта жалғасады.

Бұл күлкі қарақшының тұрпайылығымен қатар, Жібекті табалаған, басынған, мақтаншақ, ожар мінезді сыртқа алып шығады.

«Дегенім болды. Енді алдыма тәкаппар басыңды амалсыз иесін» — деп қыз тағдырын анайы мысқылмен қорлап, өр көкіректікке салып тұр бұл күлкі.

Ал осы күлкі музыкалық жағынан да жарасып, арияға жаңа он, жана тұр беріп, құлпыртып жіберді.

Бұл жаңалықты Құрманбек бір жылдан кейін неге қосты. Алдымен қалай тапты? Мұның тарихын естісеңіз, күлер едіңіз.

1936 жыл. Москвада Үлкен театр сахнасында «Қыз Жібек» спектаклі жүріп жатыр.

Артистер жанын сала ойнады. Манарбек Шегенің термесімен театрды шайқалтып жібергендей болды. Күләш бұлбұл боп сайрады. Дауысты үнемдеу деген ұмытылды. Ойынға қатысушы әр актер өз өнерлерін асырған үстіне асырмақ болып, барын салды.

Бекежан-Құрманбектің бойынан ән де, би де, әрекет, қимыл да бірге өрбіп, өнер атаулы бір басына табысқандай боп кетті.

Сүрінбейтін жүйрік бар ма. Кенет, актер мүдірді... жоқ, жоқ мүдірген жоқ мүдірудің қаупі туды, образдың нағыз шыңына жеткен жерде дауыс енді одан әрі көтеруге жетпей, актер үні бітіп бара жатқанын сезді. Бір сәт, бір секунд... дауыс көтерілер белесіне жете алмай, үзілмек, ария бүлінбек, оркестр өзінше даңғырап қалмақ, бүтін спектакль құламақ және қандай жағдайда құламақ десеңші, Құрманбектің маңдайынан суық тер бұрқ етті. Көзді ашып-жұмғанша, осы қысылшаң кезеңде табиғат берген тапқырлық құлағалы тұрған ордан актерді сүйреп алып кетті. Дауыс өз биігіне тіреле берген мезетте актер тосыннан ғажайып бір сиқырлы күлкіге басты да, тыныстап алып, ән асқарына қайтадан көтеріп әкетті. Зал жаңғырып кетті. Сартылдаған шапалақтар көпке дейін басылмады.

— Драмалық-музыкалық дарыны бірге ұшталған не деген талант, — деп таңданды отырғандар. Оның бұл күлкісі декадаға барған өзінің өнерлес достарын да таңдандырды.

ҚАПАН-ОТЕЛЛО

Өнер иесі дегеннен шығады. Қапан Бадыровты ғой бәріңіз де білесіздер. Оның сахнада сүрінген шағы болған емес қой. Оның ойынын көріп отырғаныңызда тығыршықтай шомбал денесінен өнер шыға беретіндей сезіледі. Осы артистің де қысылып, қымтылып, мүдіретін кезі бола ма екен? деген ойға қаласың.

Ал, шынына келсек, осы түпсіз терең дарынды артистің үлкен бір кемшілігі бар:

Ол сөз жаттауға олақ. Спектакльде өз ролінің сөзін ұмытып қалатын кездері көп болады. Сөз ұмытылады. Бірақ Қапан саспайды. Ойын үстінде араға ешбір пауза салмай, ұмытқан сөзін қасындағы актерден білдірмей сұрап алады. Не образды іштей ашуға көмектесетін паузалар жасап яки басқа бір қиын әрекеттер етіп, ұмытқан сөзін сол мезеттерде, есіне түсіреді. Қысқасы, оның сөз ұмытқанының өзі-ойын.

«Отеллоның» кезекті спектаклінің бірі өтіп жатқан шақ. Алдыңғы қатарда пьесаны қазақшаға аударған Мұхтар Әуезов және басқа театр қайраткерлері әр актердің ойынына сын көздерімен қарап, жіті бақылап отыр.

Отелло-Қапан мен Яго-Камал көрерменді ұйытып, оқиға насырға шауып тереңдеп барады. Бұрынғы әдетінше Отелло-Қапан Яго-Камалды әйелім жөніндегі сезігіңді айт деп арыстандай тап беріп, қаусыра құшақтап көтеріп алды. Қызғаныш, күмән өрбіп, көзіне қан тола бастаған Отеллоның мынасын көргенде Ягоны езіп өлтіріп тастар ма екен дегендей көрушілер демін ішіне тартып, қатып қалды.

Жоқ, Отелло-Қапан кенет өзгерді. Уысындағы залым Ягоны лақтырып жіберіп, сахнаның сыртына, теңізге қарай жүгіре жөнелді. Актердің мұнысы көрушілерге қатты ұнап кетті. Ұзақ жыл солдаттық өмір кешкен, әскерімен өз жанын бірге санаған, жатса да, тұрса да теңіз бетіне үңілген, қауіпті де, жаңалықты да теңізден, кемелерден күткен қолбасы жеке басына күн туып, ланға түскенде де әскери борышын ұмыта алмай, жағада әлде не болып қалды ма деп білуге асыққанын яки біреуге асығыс тапсырма беру ойына түсіп кеткені көңілге сондай қонып кетті.

«Қапан-Отеллоның қолбасылығын бұрынғыдан да тереңдете бейнелей түскен» — деп күңк етті алдыңғы қатардан біреу.

— Өте жақсы, маған да ұнап отыр, — деп Мұхтар да бір қозғалып қойды.

«Теңіз» жағасындағы тыныштықты көзімен көріп келді ме, әлде біреуге шұғыл тапсырма беріп қайтты ма, әйтеуір, Отелло-Қапан көңілі жайғасқандай, келе Ягоны қайтадан қолға ала бастады.

Ал осының шындығы қалай еді дейсіз ғой. Ягоны көтеріп алған сәтте айтатын сөзін Қапан ұмытып қалған-ды. Әшейінде оның сөзін жатқа білетін Камалдың да қас қылғандай бұл жердегі сөзін айтып жіберейін десе де ауызына түспей қалады. Жағдай қиындап бара жатқанын көрген Қапан сахна сыртындағылардың бірінен сұрап алуға жөнелген еді.

Қапанның қысылшаң сәтте осылай тауып кеткені бар. Бұндай қалған жәйттерді әңгіме етіп өзі айта беретін-ді. Кейін бір кездескенде «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ» деген емес пе. Мұндай жағдай әрбір творчество адамының бойында болмақ, — деп Қапекең бір тынды да, бұл кемшілік әр актердің басында кездеседі ғой, бірақ олар да білдірмей ол жердегі сөздерді аттап өтіп әрмен қарай жүре береді. Өзіңіз ойлаңызшы деді маған Қапекең қан майданда оғым таусылып қалды, сендер атпай қоя тұрыңдар деуге бола ма? Сондай-ақ, әлеумет, сөзімнен жаңылдым, аз тұра тұрыңдар деуге бола ма? Жан қысылғанда жалт етіп сыр бермеу өте қажет... Қазақтың мемлекеттік Академиялық драма театрында «Менің махаббатым» пьесасы қойылғанда Қапан Төкебай ролін жақсы ойнағанын түрлі дәлелдер келтіріп мен мақтау айттым. Сонда Қапан, менің пікіріме өте риза болып үлкен рахмет айтты да былай деді:

— «Абай» романының I томына жазып берген Мұхтар Әуезовтің мақтау сөздері мен үшін зор баға. Ал, Мұқан, сен мені қанша мақтасаң да Әуезов айтқан сол пікірге аздап жете алман жатырсың-ау, — деп күле сөйледі. Мен: «Мұхаң сөзін тыңдалық, айтыңызшы», — деп өтіндім. «Үлкен-үлкен сындарды өнімі мен өнері көп, бергені бекем болса да, әлі талай берері көп. Сенімді күш иесі, ойлы, жақсы Қапанға шын тілектес көңілмен», — М.Әуезов, — дегенде мені: «Ой, Қапеке-ау, шынында да Мұхаң өте тамаша айтқан екен. Қосыламын осы пікірге», — деп қолын қос қолдап қатты қыстым.

ҚАНТ

Менің бір танысым болды. Ол берірек келген соң жазушы болуға талпынды. Күн демей, түн демей сарыла отырып жазуға кірісті.

— Иә, хал қалай? — деймін мен оған кездескен сайын.

— Достым, несін айтасың, бір романды еңсеріп тастадым. Оның үстіне бір комедияны қолға алдым, — дейді ол жымыңдап.

Ол ұзақ жыл жазды. Біз оның шығармаларын ұзақ жыл күттік. Бірақ зарықтырған еңбек дүниеге келмеді.

— Бұл шығарма жазу деген итің қиын екен ғой. Өзімді әбден шаршатты, — деуді шығарды танысым.

— Еңсердім демеуші ме едің?

— Еңсеруін еңсерген едім. Бірақ жаңа пікірлер қосып, көлемін шалқитып жібердім. Бұл енді эпопея болады.

— Ал, әлгі пьесаң қайда, не болды?

— Оны да жазып жатырмын. Басыма бір тамаша трагедияның сюжеті келіп, қазір сонымен айналысып кеттім. Әлі-ақ көрерсің ғажап болып шығады...

Осы танысымның денсаулығы темірдей мықты еді, соған қарамастан кейінгі жылдарда ыңқыл-сыңқылды шығарды.

Жасында бір мектепте оқыған дәрігер досы бар еді, ол соған қаралуға келді.

Дәрігер досы «ой жұмысымен көп шұғылданғандықтан әбден шаршағансың, демалу қажет» деп кеңес береді.

Біраз күн өткеннен кейін дәрігер досына ол қайта келеді. Сенің тіліңді алып, біраз демалып та көрдім. Бірақ одан тапқан пайдам аз болды. Сен маған одан да бір нәрсенің емін айтшы: Қанша толғансам да, қаламым жүрмейді. Басым қатып, кей күндері не жазғанымды білмей, шатасамын. Кәне, осыған не айла бар? Медицинаның құдіреті осыған жетпей ме?

— Айттым ғой, көп ойланғандықтан әбден шаршағансың деп.

— Ойпыр-ой, қызық екенсің-деп кейіді досы, — шаршағанымды өзім де білемін. Сол шаршағанды басатын, басқа жұмыс істететін дәрін бар ма деп келдім ғой мен саған!

— Ондай дәрі әзірге жоқ, — деп күлді дәрігер... — жалпы, қантты көбірек жегейсің.

— Қантты дейсің бе? — жазушымыздың көзі ежірейіп кетті. — Оның басқа қандай қатысы бар?

— Қант-ми азығы демей ме дәрігерлер. Адамның ойлау қабілетін арттырады, мидың жұмысын күшейтеді.

Екі күннен кейін жазушымыз дәрігер досына қайтып келді. Келгенде, мүлде өңі қашып, екі көзі шүңірейіп, жүдеп келді.

— Бал болсын сенің қантың, — деді ол, — бүлдірді.

— Е не қылды?

— Сенің тілінді алып, аямай-ақ жеп бағып ем, маған түк те себі тимеді. Итің бастан шықпады.

Дәрігер досы қарқылдап тұрып күлді. Ол содан кейін көзі күлімсірей, қуақылана, досының басын сұқ қолымен түрткілеп:

— Қант егер мұнда ақыл болса ғана бастан шығады. Ал онда ештеңе болмаса, әрине... — деді.

БІР ТҮРЛІ

Бір актрисаға күйеу құтаймайды. Бірнеше жылда бірнеше күйеуден айырылысады. Бір күні театрға келіп: «Мен тұрмысқа шықтым» дегенді айтады. Бұл сөзді талай естісе де, жұрт сыпайыгершілік сақтап, «құтты болсын» айтып, актрисаны «жаңа бақытпен» құттықтайды. Тек Серке ғана томсарған күйінде қалады.

— Сераға, сіз мені неге құттықтамайсыз? — дейді әйел назданып.

— Сені құттықтай-құттықтай тіліміз жауыр болды ғой. Тіл байғұсты қашанғы қинай бермекпіз, — дейді Серке.

— Сіз бар ғой, бір түрлі адамсыз, — дейді актриса ренжіп.

— Оның рас, бір түрлі адаммын. Бірнеше түрлі болу қолымнан да келмейді. Сондықтан да баяғы өзің көрген жеңгеймен әлі келем өзгермей, — деп Серке күлімсірей, көзінің астымен актрисаға қарайды.

ЖАЛҒЫЗ ШАПҚАН... ЖҮЙРІК

Әдебиет жайында Әбділда Тәжібаевпен әңгімелесіп отырған жас ақындардың біреуі бір сөздің ретінде оған мынадай сұрақ қойыпты:

— Әбеке, сіз бізге мынаны айтыңызшы: осы әлгі бәленше деген белгілі ақын өзінен басқа жазушының бәрін жан демейді. Тіпті классиктердің өзіне шәк келтіре қарайды. Неге бұлай?

Әбділда жымиып күліпті де:

— Жалғыз шапқан ат жүйрік демей ме қазақ.

Ол ақын өз өлеңдерінен басқа ешкімнің шығармасын өмірі оқымайды. Сондықтан да ол өзінен асқан жүйрік бар деп білмейді, — деп жауап беріпті.

* * *

Досым дейді! Достық оңай болып па екен! Достық деген асыл сөзді әуелі ұғып алса, жарар еді. Қасиетті ұғымды босқа кірлетпесе екен осы бір бейбақтар.

Достық, достық! Армансың ғой сен маған! Шын ұғысып, достаса білуден артық не қызық бар! Ондай достықты басымнан мен бір-ақ рет кешірдім. Дос өлді, қызық та сөнді! Қайран, Баубек, сөнгені емес пе, мен аңсаймын, сағынамын, ойлап күйінемін. Ал бірақ одан ешқандай ыстық сезім келмейді. Ол өлі, оның сезімі де өлі. Ол меңіреу тыныштықта, мен әбігер ойдамын. Достықтың сөнгені осы да.

Мінезі қандай болса да, адам адал болса екен. Көзіңе құбылып, сыртыңнан балағаттап жүргендерден жиренем. Екі жүзділіктен ашық дұшпандық артық.

Ар, ұждан! Менің тәңірім сенсің! Сені кірлетпесем болғаны! Арсыз боп өмір сүргенше, ажалдың құшағына кірген артық.

СҮЙІСПЕНШІЛІК

Жігіт хат жазып тыңға қызын шақырады. Мақтайды. Екеуі бір қаладан, соның мақтауымен досы тыңға келеді. Жұрттың бәрі осылай хат жазып, қыздарын шақырады. Жастық өмір, махаббат баяндалады.

Қызға келген соң тың ұнамайды, үй жоқ, суық, кино жоқ. Алдап шақырған сияқтанады. Жігітке ұнаған оған ұнамайды. Жігіт қысылады. Өтірік айтқандай болады. Қыз кетем дейді. Переживание. Күзгі түн. Екеуі сөйлесіп отыр.

— Кетпе!

— Кетем.

Үлкен күйзелісте қалдырып, қыз кетеді. Жігіт не істерге білмейді.

Қыздар:

— Неге күйзелесің? Сен тамаша өмірді айттың шындықты айттың. Ол түсінбеді. Ондай саған бәрібір қиын күнде жолдас бола алмайды.

— Сенімен бірге отқа түсіп, су кеше алмаған адам дос бола алмайды.

Осыдан кейін жігіттің көңілі орныққандай болды.

Болашақ әңгіменің жоспары іспеттес (P.P.)

Бұл әңгіме мен жолығудан басталуға тиіс. Мен осы бақытсыз оқиғаның үстінен шығамын. Онымен әңгімелеспек боламын. Жолдастарым жігітпен бүгін жолықпа дейді. Оны аяйды.

Мен болмай кездесем, алдымда алып денелі жігіт соны суреттеуден бастаймын.

АДАМНЫҢ КӨҢІЛ КҮЙІ ЖАЙЫНДА

Ұзақ өмір сүрген, тату ерлі-зайыптарда бір ыстық достықтар болады. Ол өмірі суымайды, көбейе береді. Кейде бұл достық суынған сияқтанып, салқындап бара жатқандай да сезілуі мүмкін. Мұның бәрі саяздан қайырылатын сезім. Шын сезім тереңде.

Егер осындай адамдар аз күнге айрылысса, жаңағы терең достық жарқ етіп, тереңнен шығады да барлық әсерімен қатты сезіле бастайды. Мұның сезілуі көбіне мынадай болады.

Оның көз алдында жастық шақ тұрады. Оның бір кездегі жас жары елестейді. Бұл ылғи солай болады. Күлімсіреп көзі жаутаңдап, аңғал мінезімен көз алдына жас жар келеді. Қартайып қалған әйелі еш уақытта оған сол сағынышты тәтті жастық қалпын бұзбайды, өзгермейді. Ылғи да сол бір алғашқы алған әсер сағыныш сағатында барлық сезімді, әсерді барлық құбылысты жеңіп, бұлт астынан шыға келген күндей жарқырап шыға келеді.

Біздің геройымызға өзінің ескі жолдастары тыңға, сағыныш үстінде дәл осылай елестеген еді. Жылдар өткен, шашқа ақ кірген, өмір өзгерген... Бірақ білімсіз сол бір жастық шақтағы достық шақтағы достық жүректі қозғаған қылығы, бала қылығы өзгермей қалған достықпен жалғаса өмір сүрген.

ТЫҢНАН ХАТ

Тыңнан қыз досына хат жазады, ол бұрын жазған хатында:

«Тұрмыс қалай, көңілді ме, жақсы жігіт бар ма, барсақ іш пыспай ма» деген тұспалмен жазған. Бұл соған жауап жазады.

Тыңға кел! Бірақ қызық іздеп келме! Сенің Алматыдағы жағдайың мұнда жоқ. Бұл демалыс үйі емес. Бұл күрес майданы. Мұнда солдат қана өмір сүре алады...

АЛҒЬІРЛЫҚ

Герой алғашқы келгенде жұмыс жайын әркімнен сұрай берді. Өндіріс мәжілісінде жұмысты тыңдай отырып, ақылданды. Жұрт пікірі өз ойына түрткі салып, ол өзіндік түйін тоқып ала қоюшы еді. Күні бойы жұрттан сұрап отырғаны да осының өз басынан ештеңе шығар ма екен деген ой келіп қалушы еді, жиын аяғында әр адам ол туралы жаңа оймен тарайтын.

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТЫҚ СЫРЫ

— Өмірде мұндай болмайды, — дейді кейбіреулер. Мен мұны білемін. Әр түрлі адам бар. Әр түрлі ұғым бар. Оқушы әр түрлі, әркім өз жанының тереңінен дүниеге үңіледі. Жаны саяз, сүю дегенді білмейтін, асқақ сезімі жоқ, саяз тіршілік етіп өмір сүрген өз басынан басқаны ойлап көрмеген адам үлкен жанды түсінбейді. Түсінбейді де өз ұғымын тықпалайды: «Бұған мен нанбаймын» — дейді.

Сен кімсің? Бүкіл оқушы атынан сөйлеуге қандай қақың бар?

Мейлі, бұл жастың ісі, олар үшін жазылмайды. Бұл советтік жастық өз сырластары үшін жазылады. Олар мұның жанын тез түсінеді. Өмірде мұндай болады дейді.

Үлкен жүректі, шынайы сезімді жанның сырын-қораш ойлы, өзімшілдер оқымай-ақ қойсын. Бұл олар үшін жазылмайды.

МІНЕЗ, ПОРТРЕТ (образға)

Мінезі дүңк-дүңк сөйлейтін адам. Өз орнына ылғи да риза екендігі сезіледі. Көп күйіне де бермейтін адам. Кісіге биязылап жатпайды. Жұрттың бәріне өзі қожа адамша өктем сөйлейді. Істеген жақсылығын да дөрекі бейнелейді. Сөйлесуші адам кім, оған сын таға ма, ол туралы не ойлап тұр? Онда жұмысы болмайды. Киім киіп, галстук байласы да әлде нендей дөрекілікті аңғартып тұрады. Тегінде, адам аудандық жерде, шаруашылық орында бастық болып дікіңдеп қалған адам.

Төре болғысы да келеді. Бірақ онысы бойына қонбайды.

Міне облыстық драмтеатрда алдыңғы 2-қатарда 14-орында отырмын. Оған жақсылап үңілдім.

Облыс мұғалімдеріне орден тапсыруға арналған жиылыс өтіп жатыр.

Маңдайы екі-ақ елі, қалың қасы мен кейін қарай қайырылған тәртіпсіз қатты шашының арасы сондай жақын. Көздері сығырайып көрінеді. Майлы жалпақ мұрты жұп-жұмыр. Тұрпайы бетінің ұшынан май шығып тұрғандай сезіледі.

Жоғары қарай күлімсіреп қарағанда көзі бір түрлі сығырайып кетеді. Күлгенсіп тыныш отырмайды. Мұнда да өзін қожа сезінеді.

Сұлулықта мансап сияқты, кей адамды паңдандырып жібереді. Бұл әйел қауымында осылай. Кейбір сұлу әйелдер болады өзінің осы қасиетін мейлінше кәдірлеп, керемет наздық пайда болады. Осының бірін демалыс үйінде көрдім.

Ол лекцияда отырды. Бірақ тыңдау үшін келген жоқ. Есіктің алдында отырып алып, қолын жағына таянып, кірген-шыққанға паңдана, ерінішпен көз тастап томсарып отырды да қойды. Жұрттың лектор сөзіне күлгенінде де жұмысы болмады. Соғылған қолдарды да қостамады. Дүние патшалығы өзі сезініп отырды да қойды.

ЖЕЛКЕ

Мен таяуда литиздаттың алдында бір ғажайып желке көрдім.

Адамның бетінде неше түрлі сырлар жататынын, кейбіреулердің ішкі дүниесі оның бет пішінінен көрініп тұратынын сан рет көргенім бар еді. Ал бірақ желкеден мұндай қасиетті кім аңғарған! Есік алдында тап-тапал біреу көшеге бетін беріп екі-үш адаммен сөйлесіп тұрды.

Біз жаңағы жуантық тапалдың сырт жағынан келдік. Бір кезде әлгі сақылдап тұрып күлді кеп. Міне ғажап, әлгінің желкесі ісініп шоқтық пайда болды. Селкілдей жөнелмесі бар ма? Желке шығыршық ата қозғалып, күледі. Беті адамның беті сияқты. Бет болғанда, ботқа бет, дүлейлік, топастық, әлі қулық-пасықтық аңқып шығатын бет сияқты. Қызық, желкенің күлгенін кім көрген.

* * *

Бүгін «Каменское плато» курортына келдім. Күні қоңыр салқын. Палатадан орын берілді. Бір қазақ.

— Қай жердікісің?

— Руың кім?

— Шыққан тегің кім? — деп әбден мазамды алды. Ру, жерді сұрау деген менің ашуыма тиеді. Құдай-ау, осы қазақ осы пәледен қашан арылады? Жеріне, руына қарай жақындаспай, адамына, оның жанына үңіліп неге дос болмайды. Жерлестік жақындығын ұсынған адамды жаным жаратпайды

* * *

Курортқа Н. келді. Бұл қызық жігіт. Ісін бақыласаң шегің қатады.

Мұнда бір ғана арман бар. Ол — әйелмен танысу. Бұл оның ойы, арманы ғана, бірақ өмірі іске асқанын көрген емеспін. Отырып та, тұрып та әңгімесі әйел болады.

Ал әйелге жуып кетсе, бүлдіреді.

— Девушка, как тебя зовут? Қыз бетіне қараса, «ег-е» деп қарқ-қарқ күліп бұрылып кетеді.

Міне, аулада отырмыз. Бір әйел корпустан шығып бері келе жатты.

— Әй, мынау неге жалғыз жүреді? Тегін емес қой, ә, еге-ге...

Ол уһлеп отырады. Әйелдерге қарайды.

— Бұл әйел дегендер жұртты мучить етпей, өздері ашық неге айтпайды екен. Бәрінің де менің ойымдай ойы бар ғой, — деп тағы да қарқ-қарқ күледі.

— Япырай, ә, мынау әйелге қалай қарайсың?

Н. тәтті «арманымен» көңілді жүреді де, бір сәт картаға кіріседі. Мұңайған көңілсіз пішінде көресің.

— Не болды?

Бес сом ұтылып қалдым.

— Сол-ақ па?

Қайта-қайта пысқырынып, көңілсіз жүреді де, әйелдердің өтіп бара жатқанына қарап тағы да жүдеу көңілі толады.

— Ә, жақсы екен, ә?

— Таныспаймысың?

— Бірден болмайды. Әуелі разведка жасау керек...

* * *

Музыка адамның жан дүниесін жаңғыртады, әсемділік сезімін құяды.

ПОРТРЕТ

Көзінде көзілдірік, ештеңені бейнелемейтін, адамға қарағанда қыңырлықты аңғартатын бітік көзі, сақалын алған-алмағаны аңғарылмайтын, өне бойы көк тұқыл болып тұратын жүзі жексұрын. Оның үстіне бауыры ауру адамдай түрі көкшіл, қансыз, сазарып тұрады. Көзілдіріктің астындағы танауының екі иінді ұшы қолмен қысып ұстап, созып жібергендей сәл салпыңқы тұрады.

Маңдайы қызық. Дөңес. Әдетте, тыжырыншақ адамның екі көзінің арасына төмен қарай қос сызық тартылады. Мұныкі басқа. Кейде күлгенде (күлкісі де ұнамсыз) оң көзінің үстіне ойыса жуан сызық, сызық емес-ау шұңқыр сай пайда болады.

Сөйлегенде, күлгенде көбіне тістері көріне бермейді, ерні де қалың емес, үстіңгі ерні сезілмейді, астыңғы ерні көнтиген, бірақ кемік емес. Бұл да өзгешелік береді. Анда-санда тістерін көріп қаласың алдыңғы астыңғы-үстіңгі тістері түгелдей қолдан салынған ақ темір.

Әлде қалай «Сіз» дегенін де естіп қалуға болады. Мұны ол өмірі дұрыс айтпайды. Сіздің дегенді «сізің» деп сөйлейді екен. Көбіне осы адамның аузынан булығып шығатын сөздерді ылғи «с» дан басталатындай сезіледі де тұрады.

РҮСТЕМНІҢ ТҮСІ

Рустик жатарда конфетті көп жеді. Шешесінен сұрап та, стол үстінде тұрған конфеттен өзі алып та жеді.

— Сен көп жеме конфетті. Ішің ауырады. Жаман түс көресің, — деді мамасы.

Рүстем дегенмен жеуді азайтты.

Таңертең Рүстем көзін жалт еткізіп ашып алып, айқай сап түрегелді.

— А, сендер мені неге алдайсыңдар? Мен жақсы түс көрдім, салют көрдім...

Дау айтуға болмады. Әрине салют жақсы түс. Адам достықты арман ету керек. Жақсы досың болмай адам ретінде жетіле алмайсың, өз бойыңның мінін көре алмайсың. Ондай мінді өнегелі достың өмірі, тіршілігі аңғартады саған.

Жаңа дос тапсаң, ескі достарыңның да бойын айқын аңғарасың. Саған бір кезде адал көрінген досыңның міні сонда барып көзіне түседі. Жақсы досқа деген арман арта түседі сол шақ.

Олай болмағанда күйкі достықтың, әшейін үйреніскен жақындықтың көлеңкесінде қалып қоюың да ықтимал.

Достыққа ұмтыл, жақсы досқа қол соз.

* * *

Өлімсіреп жүретін бір жуастар бар, былайша ешкімге зияны жоқ сияқты. Сайып келсең, дүниенің пысығы сол, былжырап жүріп өз пайдасын тындыра береді.

Өлең қолынан келмеген бір талапкер, сұрағандарға:

— Өлеңді қойғалы қашан. Онымен ақырғы рет «СҚ» — да ажырасқанбыз, — депті. Сонда тыңдап отырған жігіт.

— Разводты қайсың бердіңдер? Сен бе? Әлде өлең бе? — деген екен...

* * *

Бізде кітапханашы ауысып кітапты жаңа келген адам қабылдап жатыр. Үйіне алып оқығандардың тізімі тексеріліп, кейбіреудің мойнына мініп қалды. Сонда кітап оқымайтын бір жігіт, ештеңе алмағанын мақтан етіп:

— Мұндайда кітап оқымаған озады, — деп күлімсірейді.

Адамның басындағы сыр асқар таудың басындағы бұлт тәріздес. Жан дүниең биік болса ғана басына бұлт оралады. Ал аласа болса, не бұлт қонбайды, не күн түспейді, — әрдайым бір күйде, бір қалпында көңілсіз, құбылыссыз, салқын тартып тұрады да қояды.

Сезім-ыстық шоқ. Өте қызып алаулы жалынға айналады, не лаулап жана алмай, бықсып, қара көмір боп сенеді... Қайтсе де бірқалыпта қала алмайды.

Сөнбеуін тілесең, шоқты үрлей біл. Ал сөнуін тілесең-бүркеп тұншықтыра бер, сонда біртіндеп өзінен-өзі елеусіз өшіп қалады.

Мен білетін тыштаңдаған доп-домалақ, пысықша бір жігіт бар. Осының бір бастыққа орынбасар болғанын көргенім бар.

Ол іле өзгерді. Амандасуы да, сөйлесуі де азайды. Тіпті асханаларда тамақ ішіп отырып та: «уақытым жоқ еді» деп сызданатынды да шығарды.

Жүрісі қандай оның! Құртымдай бойына қарамастан, маңғаздана аяқ басысынан жер ойылып кететіндей ыңыранады-ау ол!

Осы «мықты» таяуда өзінің қарсысындағы көршілес, мекемеге талай араласып, талай телефон соғып, күні түсіп жүрген мекемеге (телефон соғуды ойлағанда, номерін ұмытып) әрине, мұны есінде сақтаса лауазымына нұқсан келетіндей көрінген ғой. Хатшы әйелді сол мекемеге жіберіп, телефон номерін алдырғанын көрді. Справочникке қарай салуға ол арланған. Адамды жұмсау, әмір ету, ұмытшақтықты аңғарту-арманы.

Бұл не деген мансапқор сорлы!..

* * *

Біздің бір ақын өлеңдер жинағы қалай өтіп жатыр екен деп кітап магазиніне барыпты. «Бәлен деген кітапша қалай өтіп жатыр» — деп сұрайды ол.

— Ешкім алмайды, — деп қынжылады сатушы.

Ақын үйіне келіп «өтпеген жинақ» деген өлең жазып, ертеңіне өзінің таныс редакторына алып келіпті. Редактор жолдасы өлеңді оқып отырып, былай деп күліпті:

— Саған шара жоқ, ақын, ең аяғы кітабыңның өтпегеніне дейін жазып ақы аласың.

* * *

Поезд үстінде біреу бала туралы мынадай әңгіме айтты.

— Менің көршімде Сережа деген төрт жасар бала бар. Өзі жұп-жуан, зор бала. Үйіме келеді.

— Сенде не бар! — дейді.

— Ал, саған не керек еді?

— Конфет.

— Бар, — деймін де, вазамен әкеліп, алдына қоямын. Ол столға төніп келеді. Қолды салады да, уыстап алып, оң қалтасына толтырады. Қолды тағы салады. Оны сол қалтасына толтырады. Ал вазаның түбінде әлі де конфеттің қалып бара жатқанын көріп, ол қипақтайды. Қалдырғысы келмейді. Қалталары толған, екі қолына уыстап алады. Конфет әлі де бар. Енді де кетпейді.

Сол шақ аузын ашады да:

— Аузыма сал, — дейді. Аузына толтырасын, кетеді.

Міне, осыны баланың шешесіне айтса, күліп мақтанады:

— Біздің Сережа аштан өлмейді!

— Осы баланың мынадай бір қызығы және бар. Бір күні маған келіп алып:

— Біздің үйде конфет те бар, печенье де бар, — деп мақтана аласың ба, дегенге дейін әңгімені икемдеді. Бұл неғып жомарт болып кетті деп таңдандым. Сөйтсек табақ астында тұрған қарбызды көріп қойған екен ғой.

Бір кезде:

— Сен маған арбуз берсең, мен соларды берейін дегені ғой. Не деген қулық?! Төрт жасар балаға бұл қайдан келген қулық, арамдық? Таң қаламын!

ФАМИЛИЯ ЖАЗУ

— Фамилиясын қалай жазайын? — деп сұрадым.

— Паспортында қалай жазылса, солай жаз, — деп берді тіл маманы.

— Аманкелдінің паспортын қайдан табамын және паспортына үңіліп жүремін.

— Паспортын іздеме, өзі қалай жазса солай жаз.

— Әркімнің өз грамматикасы болды ғой. Көкем-ау, бір грамматика болады.

ОБРАЗҒА

Көңілді, ақжарқын қызды көргенде бір жігіт:

— Әй, мынау құйындатқан қызың кім? — деуі мүмкін.

Адам деген қызық-ау. Мен бүгін ежелгі кәрі жолдасым асқазанымның дерті мазалап көңілсіз келемін.

Саратовтан өттік. Бір кез радио Робсонның орындауында концерт береміз деді. Қуанып кеттім. Менің Робсонның орындауы дегенге құлайтын әдетім. Көп әнді түсіне бермеймін, ал Робсон айтса, маған ұғылады. Қызық! Робсон әнге басты. Совет әндерін де айтты. Не деуге болады? Сүйікті әншім мені қозғай алмады. Маған көңілсіз айтып тұрған сияқтана береді. Әсіресе, Захаровтың «И кто его знает...» әнін тіпті сезімсіз айтқан тәрізді. Ән құбылмайды, ойнамайды, әнші берілмейді, ән рухын ұғынбайтын тәрізді деуге болады. Көңілсіздікте әшейінде рахаттандыратын әншің де көңілсіз болып жүре береді екен.

Мүмкін, ол орыс әнін айта алмай ма екен? Білмеймін, әйтеуір маған дәл қазір әсері аз болды.

* * *

Менің бір жақсы көретін жігітім болушы еді. Таяуда көңілім қалды.

Бұл өзі биыл бастық болды. Бірақ алыс кеткен үлкен де, сесті де қызмет емес. Біз сияқтылармен тірнек-тіршілігі бір ортан қолды қызмет.

Осы жігіттің таяуда мекемесіне келуші біреулерді қабылдағанын көрдім. Менің де көңілім, міне, осында қалды. Келген адам да онымен оқу орнында бірге оқитын, екеуі бірін-бірі жақсы танитын, «сен», «мен» деп жүрген жандар болатын. Мен болсам, күнбе-күн аралас-құралас дегендей болып жүрген адаммын.

Әлгі жігіт үлкен үмітпен ескі танысқа адал құшағын жая, жайнай кірді. Бірақ бастықтың қарсы алуы оны тез бұқтырды, келген беттен «сіз», «отырыңыз» деген сияқты сөздер естілді. Бұл сөздер сыртқа шыққысы келмегендей, жігіттің көмейінде кідіріп, біреу сырттан ілмекшекпен тартын алып тұрғандай, сыздап әрең-әрең шығады.

Менің көзім бастық танысымның бет пішініне қимыл-қозғалысына түсті. Әсіресе, екі қолы алдына сыймай стол үстіндегі заттарды орнынан әрлі-берлі қозғап, біресе қаламды ұстап, қайтадан орнына шаншып әуреленді. Мұның бәрін асығыс түрде емес, өте бір маңғаз қалыппен өзіне ойлана отырған адамның пішінін беріп, момын еріншек қимылмен қозғалады.

Жүзін де жайдары ұстаған болып көзіне күлкі әкелді. Бірақ арт жағында зілдей боп бір маңғаздық жатқандықтан, көзі күлкі жия алмайды, жүзі жылымайды.

Былай қараған адамға ол жаман қабылдап отырған жоқ. Сыпайы бипаз. Бірақ осы бипаздық жүрегіңді тырнап, қанша жылытып, әңгімеңді орайластырайын десең де, жуыстырмайды, маңғаздықпен кейін соғып тұрғандай.

Неге бұлай? Ол сені өзінше жылы шыраймен қабылдап отырған жоқ па?

Жоқ, бұл аз еді. Ең керектісі, ең тілеп отырғанын, табылмайды-искренность (адалдық) жоқ. Бипаздық та, сыпайылық та, «сіз» де-бәрі жасанды. «Мен кеңседемін. Мен бастықпын. Менімен мұнда ресми кел» дегендік баппен, сыздай айтылған әр сөзінен аңқиды.

Мен үлкен қызметтерде болмаған адаммын. Бірақ өзімді рухани қанағаттандыратын кішкентай қызметтерде жүріп те, қызмет пен достық қарым-қатынасты атқаруды үйренген сияқты сезінемін де тұрамын. Сондықтан кеңсені үй деп түсінген емеспін. Жұмыс бабы өз күйін шертетіні сол отырған жігіттен маған түсініктірек болса керек.

Ол мынаны ұқпайды. Сен жұмыспен келдің. Сенің жұмысың-ортақ мүдде. Ал ортақ мүдде сенің ресми қатысыңмен шешіле салмайды. Бұған екі жақтан да жылылық ортақ мүдделілік керек, жүректің оты керек. Ал жүрек оты сыздап отырғанда жанбайды. Жануға мүмкіндік те қалмайды. Ол шын қуанғанда, шын қадірленгенде, шын ниетпен ортақ мүддені ойлағанда ғана жанады.

Ендеше сенің бастықтық орыныңды көрсетіп, шіренуің творчествоны өлтіреді, көңіл қалдырады.

Кірген жігіт ескі танысының алдынан осындай жүні жығылып шықты.

Бұлай мәдениетті қабылдауды бастық жолдасымыз тапқырлық деп ойлайтын да шығар. Жоқ, менімше бұл да бюрократизм. Ең жаман, қауіпті бюрократизм! Мұндай сырт көзге шалынбайтын, үнсіз, шусыз, сыпайы төрешілдік ізін байқатпайды. Асқына-асқына сол адамды шыншыл өмір сүруден, досқа-жолдасқа жалған қарым-қатынасты қалыптастыруға, өзінен жоғарылар алдында жорғалауға, төменгілерге қарамауға апарады.

Бұл жігітімізге мұндай әдет, қайдан пайда болды екен? Мен осы ойға келдім.

Бұл меніңше мансапқұмар адам болды. Ал жас адамды мансап оңай бұзады.

Москва, Москва! Саған талай рет келіп жүрсем де, ақырғы түнде, өзіңе жетер алдындағы түнде тыншығып ұйықтай алған жан емеспін. Сен есіме түсесің. Шырт ұйқыда жатып оянамын, қайтып көз жұма алмаймын.

Өткен жылы кіші балам ауырып, соның салдарынан Москваны ұйқысыз қарсы алдым ба деп ойлап едім. Жоқ бұл жолы да түнгі үште мен оянып кеттім. Содан неше түрлі ойлар, қиялдар жайлап көп ұйықтай алмай, алтыда тұрып кеттім. Ұйқың қашса-ақ, ой жайлайды... Жақсы көретін жігітім жөніндегі оқиға да және соған байланысты көп жай да сонда есіме қайта түскені бар емес пе?

Мазалап болмаған соң, жазып қойдым.

Міне, енді 2-3 сағатта Москваға кіреміз...

Москваға жете берістегі станция-Раменское, келген сағатымыз 8-55. 12/ІУ-1955.

Бүгін Ленин мавзолейінде болдым. Ұлы адамның жүзін көрдім. Толқытып жіберді.

Кешіне МХАТ-та «Анна Каренинаны» көрдім. Қандай ғажап. Жоқ, бұл театр емес, мұнда ойнайтындар артист емес, бұл нағыз өмір, мұндағылар нағыз адам, қандай керемет! 741-рет қойылуына бардым.

Н. мен сөйлесіп отырып, менің ойыма бір ақынның ісі түрткі салды.

Өмірде құбылу, өзін бір ерекше адам етіп көрсетуге ұмтылу біздің кейбір ақынсымақтардың әдетіне айналып кеткен.

Кешкі уақыт. Шалқар көл. Желсіз түнде мөлдіреп қыбырсыз жатыр. Күн неше түрлі нұр түсіріп барып батады. Қайықта отырған ақын осыған көз тастап, табиғатты қызықтап отырып, кенет «қиял» құшағына берілді. «Айналадағы сұлулық кетпесе ғой, шіркін өле қалсам-ау, шіркін! О, шіркін неткен әсемдік, өле қалсам, өле қалсам!».

Бұл оның табиғатты шын сүйсінген сезімі емес, өзін сезімтал, ерекше адам, сырлы адам ғып көрсетуге тырысқан фокусы еді.

Ал мұндай әдеттерге ол өзін әдейі тәрбиелейтін. Кей минутта соған өзі де елігіп, тіпті шым толғанып та қалатын кездері болатын.

Н-нің әйелі маған мынандай әсер етті.

Бұл жастай еңбекке үйренген. Жалған мәдениетті кейбір әйелдерде болатын өтірік қылымсу, өзінің мәдениетін көрсетуге әрекеттену мұнда жоқ сияқты.

Ал ерінің өнерін қандай жоғары бағалайды!

Адам туралы болмашы бір құбылыстарды ұстап алып, содан түйін жасайтын да бір әдеті бар екен. Менің екі-үш сөзімді іштей ұнатпай, болмашы бір болымсыз мысқыл күлкімен бейнелегенін аңғардым.

Менің әдебиет газетін жазушылар шығара алмайды деген пікірім оған ерсі көрінді де, бір мырс етіп, өзінше мен туралы әлде не байлау жасады. Мұны менен басқа ешкім сезе алған жоқ еді.

Әдебиеттік мамандық жайында да менің пікірімді ұшқары санады.

Н-нің көп көзқарастары бұған да тән екен. Өмір туралы бұлар көп жағдайда бір ұғымның адамдары.

Алғашқы көргенде мен аңғарғандар осылар. Маған қоштасқаны ұнамады. Амандасқанда басқашалау сияқты еді. Онда қол берісінде әлдене пысықтықтың, сыйлаудың сілемі сезілгендей болған еді.

Ал қоштасудағы қол берісі өте ыңғайсыз болды. Қолын әшейін өлеусіретіп, жансыз нәрсені былқ еткізіп ұсына салды. Бұл ұсыныста адамға деген ілтипат атымен жоқ еді.

Неге бұлай? Әлде қол беруді білмей ме? Әлде көңілсіздік пе? Әлде өзінше немқұрайды қарағаны ма?

Мұның қайсысы болса да, жақсы емес. Мәдениетті адам қандай күйде тұрса да, өз қарым-қатынасын бұлай бейнелеуге тиіс емес.

Әдетте, бізде, қол алысып амандасуда үлкен кемшілік бар: кейбіреулер ешбір сезімсіз қолын саған әкеп, қолыңа сүйей салады. Жансыз колға қолың тигенде сондай сүйкімсіз-ақ!

Мұның өзі сайып келгенде сезімсіздіктен, адамға сын көзбен, не ықыласпен қарай білмейтіндіктен, дүниеге сергегірек қарамайтындықтан ғой деймін. Бір ғана қол ұсынудың өзінен адамды қаншалықты қадірлейтінің көрініп тұрады.

* * *

Біздің кейбір жігіттер қызық... Өзіңмен дәрежелес кезінде сенімен жақсы. Ойнап-күліп, халіңді сұрап, жарқылдап жүреді. Сәлемдесуді де, тіпті ондай-мұндай ұсақ кәделерді де ұмытпайды.

Өстіп жүрген сабазыңа мансап тисе, өзгеріп жүре береді. Баяғы «сен», «мен» қалады. Елгезектік жойылады, амандасуы суиды. Көшеде аңғармайды. Кейде «сіз», «біз» деп сызылып қалады... Бойында мәдениеті аз, іші сана, қуыс кеуделер мәдениетсісе, адамның жүрегі айнитыны қандай, маңына қайтып жуымай, сен де алыстайсың. Осындайларды мен көп көрдім...

* * *

Вагон-ресторанда екеу отыр. Істік мұрын, шашын жарып қайырған, түрі сиықсыз, қатып қалған сұры қайта-қайта жұтынып қойын, алдына әкеп қойған 250 грамм араққа қарайды.

— Ішпейміз бе? — дейді жанындағы жолдасы.

— Жоқ, мынаумен ішпеймін, — дейді істік мұрын жағы су алып рюмканы итеріп.

Ол ас тасушы әйелді күтуге төзімі жетпей, өзі орнынан атып тұрып, бір стакан алып келді. Графинді қолға ұстады, әрлі-берлі дөңгелетіп қарап шықты:

— 250 грамм дейді о, аз емес пе?..

Жолдасы үндемеді.

Екі көзі өлімсіреп, енді болмаса, үзіліп кететін адамдай жұтына, графинді тағы бір ауната:

— Сен азырақ дедің бе? — деп жолдасына күңкілдеді. Жолдасы үнсіз жымиды да қойды.

Бұл жолдасының рюмкасына құюға кірісті. Қолы дір-дір етеді. Бір тамызады да, рюмкаға қарайды-әлі орта. Тағы да тамыза бастады. Графиннен әлде бір асыл зат кетіп жатқандай немесе өзінің қанын амалсыздан тамызып тұрғандай, қайта-қайта жалтақтап, рюмкаға үңіліп, әрең-әрең сыздатады.

— Сен азырақ дедің ғой, ә! Ақыры рюмканы толтырмады. Өңі сұрланып, жап-жаңа ғана ғажайып қазына тауып, соны шашып алып, амалы құрығандай ұсқынсыз өлеусіреп кетті.

Кезек өзіне келді. Үлкен жұқа стаканға асыға лық еткізіп құйып, асып төгіліп қалар дегендей., кілт тоқтап стаканға үңілді. Стакан толмаған еді. Жалма-жан қайта құйды. Бірақ графин түбінде ештеңе қалмаған еді.

— Мынау толмады ғой...

Графиннің түбінде құйылмай тұрып қалды ма дегендей қолы дір-дір ете отырып сілкіп құйды. Бірер тамды. Одан сайын еңкейтіп, сілке бастады. Графин түбі әбден, құрғағанша осылай сілкіп болып, стакан әлде қайда қашып кететіндей немесе біреу алып қалатындай құшырлана ұстап жұтып салды.

Стакан босап, аузынан қайта берген кезде ыржиып күлген сияқтанды. Бұл ыржиюы көрушіге көңілді емес еді. Айуанда болатын құныққан сезімді бейнелейтін жиренішті, обырлықты аңғартар жексұрын құбылыс еді.

Не деген мүсәпір жан! Оның осы кездегі ұсқынын көрген адамның құсқысы келер еді.

* * *

13/IV-1956. Менің төсек тартып жатқаныма бір айдай уақыт болыпты. Оның ар жағында аяғыммен жүріп, қаншама күн ыңқыл-сыңқылды бастан кешірдім. Шынын айтқанда, жыл басынан сау күнім жоқ. Құрысын бүйткен денсаулық!

Мен көңілсізбін. Бүгін ыстығым болмаса да, төсектен тұрғым келмейді. Әсіресе қазір бойымды зіл басып кетті! Неге бұлай? Күннің құрысып, қабағын жазбауы мен пақырды езетіні ме?

Көңілсізбін, сағат екі жарымға Морозов шақырған. Барғым келмейді....

Ал Р...я болса, барып қайтуды тілейді-ақ қайтсін!

Көңіл күйім қазір мүлде өзге. Маған онда барғаннан рахат жоқ. Танымайтын біраз адамдардың ортасына түсем. Демек ешбір ләззат жоқ. Іштей жабырқап, әбден қалжырап, кешке өлмеші болып үйге қайтамын. Бұл маған киын ғой... Осындайдан амалсыз эгоист боласың.

Эгоист дегеннен шығады, мен көп жағдайда өзіме-өзім ыза боламын. Өйткені өзімше адамды қадірлей білемін деп ойласам да, іс жүзінде қадірлей білмеймін, сөлекетпін, тұрпайымын.

Міне, Әзілханнан телеграмма жетті. Ол... «Хабарларыңды білдірмейсіңдер» деп мазасызданады. Сен үшін алаңдап, жайыңды білмек болып жар құлағым жастыққа тимейді. Ал сен оған кезінде телеграммасына жауап та бере салмайсың...

Әзілханның телеграммасы менің көңілімді одан сайын қапаландырды. Осы бір адал жанды, тамаша адамға мен тарапынан жеткілікті ілтифат болмай-ақ жүр. Ол мені жақсы көргендегідей мен оны жақсы көре алдым дей алмаймын, оның жүрегі менікінен әлдеқайда ыстық, әлдеқайда мазасыз екендігін әр хатынан, телеграммасынан айқын сеземін.

Жұмысты тастап, май мейрамында балаларының жанында өткізбестен, ол салып ұрып, менің көңілімді сұрауға Алматыға жетіп келгеніне не айтарсың? Осыны естіп те менің кейбір таныстарым таңданып иығын көтеріскен еді. Расында, танданатын жөні бар. Оныкі асқан өзгешелік. Қазіргі салтымызға кіргізген жаңалық сияқты еді.

Сол Әзілханды, телеграммасын оқып отырып есіме алдым да, өзіме тағы ренжідім.

Адам, оның ішінде ауру адам қызық қой. Ол болмашы нәрседен әсерленіп, лезде екінші күйге түседі. Басқаны білмеймін, менде осындай нәрселер көп болады.

Менің құрыстап жатқан бойым оңай жадырады. Бұл ең әуелі гүлден басталды. Разия менің қасымдағы кішкентай столға гүл шоғын әкеліп қойды. Көк, ақ, қызыл, қоңыр, сары, түсті, неше түрлі гүлдерге үңіліп жатып, бойым бір түрлі сергіп кетті. Мұрынға келген хош иісі де бір түрлі рахаттандырды.

Өстіп жатқанымда Серке келді. Бұл ұлы иә, иә, ұлы талантымен көптен таныс болсам да, бірінші рет шешіле сөйлескенім де, іштей жақын келгенім де осы болды.

Қандай жақсы адамсыз, Сераға! Сіздің жаныңызды мен бұдан үш-төрт жыл бұрын, театрда, пьесама даярлық үстінде білдім ғой. Оған кейін оралайын.

Иә, жеңгейді ертіп, Серағаң кірді. Жаңа отыра бергенде, Н. кіріп келді. Ол ертерек келіп қағып алған еді.

— Сен артист боп сахнада ойнайсың солай ма дейді. Н. ойына не түссе, соны айтып, өзінше артистікті менсінбей сөйледі.

— Сен, ақынмын деп өлең жазасын.! — Бұл да солай, — дейді Серке тағы да күлімсіреп.

— Сен неге бұнда келесің?

— Сен неге келесің?

Біраз «әңгімелерді» айтып болып Н. ауыз үйге шығып кетті.

— Отты сөздің иесі болған жан, — деді Серағаң.

— Сіздің есіңізді шығарды ғой, — дейді Рәзия.

— Оқа емес, мұның қазір зікір салған бақсы сияқты кезі ғой, — деп жымыңдайды Серке.

Әңгіме искусство жайына ойысты. Мен: — С-дан режиссер шықпады ма? — деп сұрадым.

— Бұлтқа желіндеп, мұзға бұзауладық қой, — деп Серағаң қысық көзін жұма қулана күлді. Осымен бәрін айтып берген еді. Көп үміттенгендерін, ақырында сенімнен түк шықпай, тақырға отырып қалғандарын қалай тамаша бейнелейді.

Мен одан Әміре жайын сұрадым.

— Біз Әміре екеуміз ол кезде көршілес тұрдық деуге болады. Екеуміз де қазіргі Ташкент көшесі маңында тұрдық. 1934 жылы драмтеатр екіге бөлінді, әншілер музтеатр болып өз алдына енші алды. Әміре, Иса, Құрманбек, Қанабек, Күләштар сонда кетті. Осы кезде Москвадан мынандай хабар келді:

Әншілердің әнін пластинкаға жазамыз. Соған дайындалыңдар. Комиссия құрылды. Мен де мүше болдым. Кімді жаздыртамыз деген міндетпен дайындыққа яғни сынауға кірістік. Жүсіпбекті тыңдадық, Әмірені тыңдадық.

Ғажап оқиға болды, бір жарым айдай ән айтпаған Әміре шырқап еді, бәріміз де жылап жібердік.

Серке осы жерге келді де сәл кідіріп қалды. Мен оған жалт қарап едім, кішкентай көзінің аясына жас іркіліп тұр екен, толқып кеттім. Бір-біріміздің сол минуттағы халімізді іштей ұғып, екеуміз де бетімізді теріс бұрып әкеттік.

— Ту, көптен айтпаған өнерімді сағынып қалыппын ғой, — деді Әміре маңдай терін сүртіп.

— Ойпырмай тамаша айттың, — дестік біз.

— Есебі, қалай десеңдер де Қашаубайдың баласының даусы өле-өлгенше сақталады, — деді Әміре күлімсірей, бетін сипап. «Есебі» деген оның сөзінің мәтелі еді. Екі сөзінің бірінде солай дейтін. Бұл ашу дегенді білмейтін. Адаммен өмірі жүз шайыспайтын. Пластинкаға жазатындар Ташкенттен бес-алты күнде келеді деп отырғанымызда, бір күні Әміренің әйелі кіріп келді.

— Әл үстінде жатыр, — деді ол аптығып.

Ұмытпасам ноябрь айының басы еді. Ол кезде Алматы көшесі қандай лас, батпақтап Әміреге келдім. Ес-түс жоқ.

Мен дәрігерге жүгірдім. / Пушкин көшесінде болатын /. Дәрігер көріп басын шайқады:

— Сіздерден жасырмайын, бірнеше сағаттан кейін өледі, екі өкпесі де қабынған, асқынып кеткен. Енді кеш, — деді.

...Қайран талант өнерін арттағыларға қалдыра алмай, қапылыста өліп кетті. Әндері жазылмай қалды. Қандай өкінішті, ә? — деп Серке маған қарады.

— Драмалық таланты да бар еді, Жапал қойшы болып ойнағанда жұрт қол соғып отырып алушы еді, — деп күрсінді Серағаң.

— Сераға, өзіңіз қалай актер болдыңыз?

Осы сұраққа Серке ұзақ отырып әңгіме қозғады.

— Сераға, Сіз постановкада ылғи бір керекті детальдарды тауып аласыз? Соны қайдан аласыз? Режиссер көрсете ме?

— Оны ешкім де көрсетпейді, — деп жымыңдады Серке.

— Өмірдің өзінен аламын. Адам айналасына үңіледі. Түрлі құбылысты көреді, адамның түрлі мінезіне кезігеді. Соларды көңілге тоқып жүріп, образдарға пайдалана қоямын. Біздің өнеріміз-Қалыбектің де, менің де өмірді қалпында беруге ұмтылушылық қой.

Сырт көзге қарапайым, аңғал көрінетін Серкенің өмірден бақылағыштығы, көп адамға аңғарыла бермейтін нәзік жайларды көргіштігі, тапқырлығы ғажайып қой. Бұл өнерге жаралған талант. Бұл нағыз реалист художник! Мынадай бір деталь айтты ол:

— «Абай» романы бойынша қойылған постановкада мен-Майбасар үйге кіріп келіп аяғымды қағып-қағып жібердім де, қолдарымды уқаладым. Зрительге жағдай бірден жетті. Қыс. Күн суық екені анықталды. Мен сахнаға суық ала кіргендей болдым.

Екінші постановкада актер. Н. / ол сахнаға менен бұрын шығатын /, кешегіні қайталамасы бар емес пе? Ал, жақсы, бұл детальді сен-ақ ал. Біз де бірдеңе табамыз деп ішке кіріп келдім де, оның иығына жалма-жан асыла салып, аяғымның «мұзын» қамшының сабымен ұрғыштап «түсіре» бастадым. Режиссер шыққанымда қолымды алып күліп жатыр.

Мен драмтеатрдың шалдарына қызығамын. Бәріміз де адамбыз ғой. Адамның кемшілігі болмай тұрмайды. Сондықтан қанша үлкен болса да мен өзім адамға табына бермеймін, олар да өзіміз сияқты. Таланты зор болар, басқа да қасиеті асып жатыр. Бірақ адам-адам. Сондықтан: «Шіркін-ай, бәленшедей болсам» деп армандауға онша салынуды да өнер тұтпаймын.

Бірақ, соған қарамастан драмтеатрдың шалдарына / Қалибекке, Серкеге, Елубайға.../ мен қызыға қараймын. Бұлардан үйренетін жақсылық көп сияқты. Бұлар нағыз өнер адамдары-адал адамдар. Бұлар өнер үшін өмір сүреді. Бірін-бірі күндеу, біреудің табысын көре алмау бұларда атымен жоқ деуге болады. Ал бұл жағынан олар жақсы көп қасиеттерге жаңашылдар. Жаңа постановка дайындалғанда немесе бір жас актер алғашқы рет жауапты роль алғанда бұлардан ұйқы қашады. Жұмысы жоқта да театрдан шықпайды. Постановкаға зрительге жеткенше өздерінің бойындағы өнерін, білгенін айналасына беріп болады.

Бүкіл коллективтің, бүкіл искусствоның қамын ойлауы ғажайып қасиет!

Қазақ әдебиетінде драмтеатрдағы үлкен жүректі шалдар болса біз бақытты болар едік.

Драманың шалдары жеке басының тіршілігімен де кейінгіге үлгі көрсетуге қандай ұмтылады!

«Менің махаббатым» қойылатын болған күнгі бір оқиға есіме түседі, Елубай, кассаға барды да, үш адамға билет алды.

— Оныңыз не? Тегін-ақ кірмейсіз бе, — дегендерге кейіп:

— Неге мен жай кіремін! Театрды алдымен өзіміз таласақ, не болмақ! Бәрің де семьяларыңа билет алыңдар!

Қызық қой бұл шалдардың өмірге көз қарасы!

* * *

Ойпырай, қандай ауыр бүгінгі күн!

А.Панаеваның «Естелігінің» бүгін-Добролюбов өлген тарауына келіп едім, көзімнен жас парлаумен болды. Неге жылаймын, білмеймін! Менің де жолым таусылып келе ме? Әлде үлкен адамгершілікке еріп кетті ме? Шіркін, Добролюбов! Сен адам деген ұғымнан биіксің-ау!

Ауырып жатып оқығаннан, осы кітап маған көп әсер етті. Көп нәрсені түсінген сияқтымын.

19/1Y-1956. Бүгін сағат күндізгі екі жарымда «Каменское плато» курортына келдім. Мен келісімен сағат үш жарымдарда жаңбыр құйды.

Дегенмен бүгін сергекпін. Ауырғалы бірінші рет көңілім жақсы. Бірақ курорт деген көңілсіз. Мен осыдан әбден жалығып болыппын.

Курортта «айлап жатар едім» деп аузынан суы құритындар көп. Соларға таңым бар. Маған курорт дегенің азап, өзімнен-өзім жалығып боламын. Осындағы адамдар да маған қызықсыз көрінеді де тұрады.

Рүстемнің бір сөзі ойыма түсіп күліп отырмын. Мамасы кеше таңертең базарға бара жатса:

— Қашан келесің, мама? — дейді ол.

— Бірде келемін, — дейді мамасы.

Мамасы кеткен соң, біраздан соң Рүстем әжесіне келеді.

— Әже, әже, сағатты бірге апаршы.

— Неге?

— Мама тез келсін.

Не дейсің ол тентекке?!

Кеше тағы да жаңбыр жауды. Кеше филармонияның артистері концерт берді. Ішінде Жүсіпбек бар. Ж. әнді көңілсіз айтты, қартайып қалғаны ма, әлде ауырды ма екен...

Ж-НІҢ ӘҢГІМЕСІ

— Мен таң алаңында жолдастармен отырдым. Екі қыз келіп ағаш түбінде билегендерге қарап тұрды.

— Бар, таныс, — деді еріккен жігіттер.

Әйел баласынан бетім қайтып көрмеген басым орынымнан ұшып тұрып, соларға келдім.

— Сәләматсыз ба, қарындастар?

Қыздар оның ішінде сұлуы / нысанаға алғаным / таңдана қарады да, сұлық амандасты.

Біраз бөгеліп қалдым да, сөз қозғадым.

— Қайда оқисыз, қарындас?

— Разве с этого начинают? — деді қыз бетіме көзінің астымен бір сүзіле қарап.

18-19 жастан аспаған, бала қыздан мұндай сөз естимін деген ойымда жоқтықтан ба, бөгеліп қалдым...

Сөйтіп тұрғанымда менің биші, жылпос, жайдары жолдасым А... келе қалды.

Адамды сүю үшін жүректе от болу керек. Отсыз жүрек сүюге қабілетті дегенге нанбаймын. Жалыны жоқ жүрек қайдан лауласын. Сүю деген-лаулай беру керек, лаулай беру керек.

ҚЫРЫМ ДӘПТЕРІ

/1956/

Кешеден бері күн желдетіп теңіз бетінің тыныштығын алып тұр. Әсіресе, кеше жел едәуір қатты болды. Теңіз толқындатып жағаны ұрып жатты. Қазір сағат сегіз жарым. Толқын бәсеңдеп келе жатқан сияқты. Жел тыншыды.

Менің байқауымша Қара теңіз тыныш теңіз. Беті қыбырсыз, тып тыныш болып жататын күндері жиі болады. Ал Балтықта толқынсыз күнді көру қиын. Ылғи дөңбекшіп жатқаны...

Қара теңіз бұл жағынан ғана емес, басқа жағынан да Балтықтан өзгешелігімен көзге түседі. Мұның беті өмірі бірқалыпта болмайды, түсі ылғи өзгеріп отырады.

Міне сағат 8-35 минут. Әр жері ақтаңдақтанып, буалдыр атып, бозарып жатыр. Бетінде болымсыз көтерілген шаң сияқты боз мұнар бар.

Бұл уақытша ғана, енді біраз уақыттан кейін, екінші көрініске, төртінші көрініске... кезігесің. Көрініс бірінен соң бірі алмасып, құбыла береді, құбыла береді.

Оңтүстік Қырымға келген адам оның толып жатқан тарихи мұралары мен ескерткіштерін көрумен қатар, теңіз бетіне де көзбен саяхат жасауы керек. Жағалауда отырып, күн ұзаққа, әр мезгілде бақыласаң, талай-талай ғажайып құбылысқа кенелесің...

Басқаны қайдам, маған теңіз беті керемет әсер етеді.

Енді бірер сағат өткеннен кейін қарасаң бозарыс күңгірттенетін, әр жерге қара қошқыл жолақ пайда болады. Бұл жолақ созылып, ұзарып, кейде қара өзенге немесе қара көлге ұқсайды: Күн түстікке қарай көтеріліп жылынған сайын қара көлдер көбейіп, үлкейіп, теңізге айналады. Бозғыл теңіз жоғалады. Енді біраз уақыт өткен соң (Мәселен ІІ-ЗО да), қоңыр көкшілдің әр жеріне бозғыл өзен пайда бола бастайды. Ол да үлкейе береді, үлкейе береді. 12-30 теңіз бозғыл көкке айналады. Барлық бозғылт сырғып, күнге елтіп, теңіздің күн астындағы батыс жағына ойысады.

Қара теңіз бетінде екі түрлі дүние жатыр. Шығыс жақта ақ тұман. Алыс, көрінбейді. Бергі жағы қара көк, ал теңіздің күн астындағы батыс жақ жартысы боз мұнар, аздаған күміс сәуле бар. Боз мұнар алыстаған сайын көтеріліп ақ тұманға айналады.

14-30 теңіз бетінің қарақошқылы тарап, сұрғылт түске енген. Өнсіз. Бұл кез күннің көзін болымсыз бұлт жауып тұр.

Осында келгелі әлі ауа райы бұзылған емес. Күн ашық, күндіз салқын қалыпта.

4. X. 56. Кеше күндізгі үш жарымда Серік келді. Жанында Аманшин. Солармен Алупканың орталығына бардық. Одан кейін Алупканың бағын аралап өтіп, төменгі жол деп аталатын жолдың машина тоқтайтын соңғы тұрағына шығарып салдым.

Бақ қалын, орман, ойда: күннің көзін көрмейсің, шұңқырда. Орталығында жолда отырғызылған бір ғажайып ағаш тұр. Чилиден әкелген ағаш драукария Чилийская деп аталады. Ағаш қоршалған (қарағай тұқымдас).

Серіктер Украина санаторийінде жатады екен. (Мисхорда). Қайтарда төменгі жолмен қайттым. Ол Воронцов М.С. сарайын (дворец Воронцова) жарып өтеді екен де, Алупканың батыс жақ шетіндегі автостанциядан шығатын көрінеді.

Бүгін таңертең жұқа бұлт болды. Бірақ жауын болған жоқ. Сәскеде күн көзі қайта шықты. Бұлтты мезгілде теңіз беті сол аспанға ұқсайды екен, түссіз, шаңыта мұнартып тұрды.

Біз жаяу жүріп миехорға келіп, «Русалка» ресторанынан түстік іштік.

«Русалка» рестораны теңіздің дәл жағасында. Бұл ара қулама жар емес, тегіс, пляж Қырымға путевкасыз келгендер осы араға көбірек жиналады, пляжы көпшілікке арналған. Жағалау толған тамақ будкалары, павильондар, ресторан, жеміс базары. Бәрі сіресіп тұр. Пляжда атақты аңыз: Арзы қыздың бұлағы мен русалка.

Арзы қыздың бұлағы жарлауытта, кішкентай, шөккен тас. Жартастың етегі ойпаң, содан қыз су алуға келген. Жартастың басында Алибаба ақырын жасырынып, қызды бас салғалы ойға қарап төніп, тасқа жабысып тұр. Адам денелері қолдан жасалған. Русалка теңіз ішінде. Оған үш-төрт метр суға түсіп бару қажет. Жартас тас үстінде баласын құшақтаған Русалка. Ол тасқа сұлай жатқан. Басы батыс жақта, аяқ жағы балықтың құйрығына айналып кетеді. Мұңда да дене қоладан жасалған.

Алибаба сұлуды ұстап алып, түріктің сұлтанына жөнелтіп жіберген соң барған жерінде пақыр Арзы екі қабат болады, туады. Одан баласын құшақтап елге қарай беттеп, Қара теңізге қойып кетеді. Содан ел жақ жағалаудан Русалка боп шыққан деседі аңыз.

Біз осы ескерткіштің жанында суретке түстік.

Осы арада катерға отырып алып Ялтаға қарай тартып: «Алтын пляж» барып түстік. Жолда «Қарлығаш ұясын». «Ласточкино гнездоны» көрдік. Ол кемемен шығысқа қарай жүргенде, сол қол жақта тұрады. «Ай, Тодор» мүйісінде теңізге кіріп тұрған шын мүйістің ұшар басында әдемі сарай тұр, қазір тозған, адам тұрмайды. Осы сарайдың астындағы шың соңғы 193... жылғы жер қозғалыста құлапты, үйдің теңіз жақ іргесі қазіргі кенерден әлде қайда бері шығып тұр. Шың екі жағынан да жіңішкеріп, біржола күйреуге қалған.

Бұл арада жақын құлап түскен шыңдар немесе қақ айырылып тұрған жар жастарды көресің. Енді бір кит етсе «Қарлығаш ұясы» жоқ болғалы тұрған сияқты. Беті сияқты, құмқайрақ.

«АЛТЫН ПЛЯЖ» ТУРАЛЬІ АҢЫЗ

Түріктің ең соңғы билеушісі Хаджи-Ахметаға, әйелі Ходжаева, ұлы Делибалта (жынды балта) Ялтада халықты сүліктей сорып күн көрсетпейді. 1771 жылы орыс әскері Қырым жарты аралына (түбегіне) кірген шақта қан ішер Ходжаева баласымен екеуі елді тонап алған қазынасын тиеп, кемемен кетуге жанталасады. Бірақ сұрқияларды теңіз бойына жуытпайды. Қатты дауыл соғып, кеменің талқанын шығарады, екеуінің денесін толқын далаға лақтырып, тасқа қалдырады. Жұрттан талап алған алтын, күміс теңіз жағасына шашылады. Сол шашылған жерге алтын пляж пайда болған екен дейді.

Мен көбіне, әсіресе жолға шыққанда, балалардан да көрі Разия үшін көбірек мазасызданамын. Мұнымды өзім ғана білемін, сездірудің өзін үлкен ыңғайсыз көремін.

Мазасызданбай да болмайды. Егер ол өліп қалар болса, балалар да, мен өзім де жетім қаламын. Ол біздің тірегіміз. Ол барда, біздің көңіліміз жай. Арқамыз кең, көңілді. Егер ол жоқ болса, ең алдымен менің тіршілік етуімнің өзі (балаларды былай қойғанда) қиынға соғып қалар еді.

Іштей мазасызданып көп ойлайтындықтан ба, Разия менің түсімнен шықпайды. Міне, өткен түнде тағы көрдім. Бір ғажабы «осы биыл ауырғаннан бері ол менің түсімде менен ылғи алыс жүреді, не екеуміз екі жаққа кетеміз, не мен кетіп, ол қалып ол кетіп мен қалып қойып жүреміз.

Түнде екеуміз ренжісіппіз. Ол да, мен де қайғылымын, ол көшемен жылап кетіп барады, мен соңында келемін. Бір кезде атты біреу оны (есімде жоқ, ат болса керек) көтеріп ала жөнелген екен. Мен қала бардым. Кенет, алдан біреу әлгі белгісізді қуа жөнеліпті. Бір кезде ол жеткен иә атты ма, білмеймін, қашқан бетімізде қуғыншы да, Разия да құлап түсті. Осы шақта оянып кетіппін...

Октябрьдің сегізіне қараған түнде жаңбыр жауды. Майда, ұсақ жауын таңертең де сеуіп тұрды. Түске қарай ашылды, түстен кейін тағы бұлттанды, бірақ жауын жоқ. Бұл мен келгелі көрген жауыным.

Теңіз беті аспанға қандай бағынышты! Жаңбыр кезінде сұрланып, барлық сұлулығынан айырылып, көлемі де кішірейіп, аласарып, сұрықсыз мұнарт басып тұнжырап қалды.

Қызық: күн күлсе, теңіз де күледі, күн қабағын түйсе, ол да тұнжырап, қалғып қалады.

Мен тағы да көңілсіздене бастадым. Тамақ ішуім де бүгін мақтарлық болмады.

Мен айтқан болар едім: адамды, адамның жайын жақсы білгің келсе, оның көп сыртқа шығара бермейтін кемшілігін яки шынайы қасиетін көргің келсе- курортта үңіл. Демек, адамды өндірісте, семьяда білу аз... Оның үстіне оған жолдастан, таныстан, семьядан, қызметтен тыс өмірде де үңілу қажет.

Кеше Никитин ботаникалық бағына экскурсияға бардық. Неше түрлі ағаштарды көрдік. Өсімдіктің патшалығы осында екен. Экскурсия кең гүл алаңынан оң қолға қарай басталады да, бірте-бірте теңізге қарай иіле береді. Ақыры доғаланып барып, баудың шығысынан шығасың. Онда тамаша ғажайыптар жабайы липа, бамбук,.. жемісі ба... осы жолда үш тоған көл кездеседі. Үшеуінде де балық. Әсіресе, алтын балықтар тамаша, соңғы шыға берістегі көлшікте тіпті үп-үлкен, бір қарыстай алтын балықтар жүр.

Машина осы арадан күтіп алды.

«КОШКА», «МОНАХ», «ДИВО»

Симиев бухтасында теңізге қарай төніп Кошка тауы жатыр. Бұл, шынында, мысыққа ұқсайды. Теңіз жақта басы, екі құлағы қалқияды. Құйрық жағы созылып Севастополь жолына дейін барады.

Осы «Кошканың алдында» «Нанса» жартасымен қатарлас құстың қанаты сияқты қайшыланып екі тас тұр. Оны «Аққу қанаты», (Лебединое крыло) деп атайды. Бұрын осы арада капюшон киген монахқа ұқсас жіңішке тас болған. Ол түрегеп, көкке аллаға сиынып тұрған монахтың келбетін елестетеді екен. (Биіктігі 43 метр) 1827 жылы жер қозғалғанда жарылып қиюы қашыпты да, 1871-1881 жылы қатты дауылда толқын монахты орнынан «қозғап» үшке жарып тастаған. Қазір мұның орнында судан шығып жатқан шағын ғана тас көрінеді.

Осының теңіз жағында үлкен шыңы «Диво» («Керемет») құзы тұр. Міне, осылар жөнінде жергілікті жұрт мынадай аңыз айтады.

Баяғыда бір монах болыпты. Ол күнәкар өмірден, у-шудан алыс тұрмақ үшін. Қара теңіздің жағасына жылы жерге Симеиз бұғазында мекендепті. Қара теңізден балық аулап күнелтеді. Бір күні сүйегіне бір ауыр нәрсе тиеді. Қараса әдемі қыз. Монах қызды кемесіне алып келеді, қызға жан кіреді. Аруға қызығады. Алла болса, алыста аспанда, маған оның көзі түсер деймісің, деп ойлайды да, қызбен тәтті өмір өткізуге бел байлайды.

Күнәкар монах балық ауласа да, аңға барса да, оның соңынан бір қара мысық қалмай, ізін бағады да жүреді. Бұл дьявол (ібіліс) еді. Ол монахтың күнәкар ісін құдайға хабарлайды. Күндерде бір күн құдай жерге үңіліп, Қара теңізге нұр аударыпты дейді. Сол шақ монахтың қасынан аруды көреді. Құдай ашуланып қаһарын тігеді де, монахты тас қып қатырып тастайды, дьявол (ібіліс) да мысық пішінінде монахты желкесінен бақылаған күйде тау боп қалады.

Монахтың желкесіне төнген жерде ғажайып шың пайда болады- бұл керемет болғандықтан «Диво» («Керемет») құзы деп аталыпты-мыс.

ХАОС

(аңыз)

Алупкада Воронцов сарайымен жалғас үлкен парк бар. Бұл парк Оңтүстік Қырымдағы ең бір жақсы, сәнді парк болып есептеледі. Онда неше түрлі ағаш өседі. Ауасы шипалы деп, дәрігерлер сонда көп болуға кеңес береді. Парк ойда, оның Ай-Петри тауы жағы биік дөң. Алупка жағы да биік- басқышпен түсесің. Сондықтан үлкен шұқырда, ойпатта желден, күннен өзінен-өзі қорғалап тұр. Осы паркте көкпеңбек қарасулар бар. Терең, бірақ мөлдірлігі сондай, түбі көрініп жатыр. Осы судың тау жағында өркеш-өркеш тастар, тәртіпсіз түрде, қимылсыз сіресіп жатыр. Бұл туралы мынадай аңыз бар.

Дьявол (ібіліс) құдайды алдай беріпті дейді. Бірдеңе тапсырса, оны орындаудың орнына өзінің әзәзілдігімен, арбау-алдауымен шұғылданып, ештеңе тындырмапты.

Ібілістің ызасы өтеді. Оның жексұрын ісі құдайға жетеді. Құдай ашуланып, оны жазаламақ болады. Ібіліс Алупкаға келіп, қазіргі парк тұрған жерде күнәкар іспен шұғылданады. Құдай Ай-Петридың басына шығып алып, ібілістің жатқан жерін көріп тау басынан үйдей тастарды боратады. Айлакер, алып күшке толы ібіліс құдайдың бұған атқан тасын қағып алып, айналасына сырғытып тастай береді. Құдай одан сайын ашуланып, тасты үсті-үстіне лақтырады. Ақырында ібіліс шаршайды, қалжырайды, дымы құриды, қимылдаудан қалады. Тас боран оның маңына үйіле береді, үйіле береді. Ақыры ібіліс сол тастардың астында қалады.

Жата- жата жалығып кеткенде ібіліс қозғалатын көрінеді. Сонда айналасы қопарылып, шайқалған екен. Қырымда жер қозғалудың себебі осындай екен,- дейді. Паркте жатқан міне осы тастар- мыс.

Біз жақ қатарда отырған әйел, менің оған қарауым мұң екен, көзі көзіммен бірден түйісе кетті. Әдетте, әйелмен жақын қарым-қатынаста болмауды қалайтын мен сияқты адамға, мұндай секунд өте қауіпті. Ол жүрекке от жағып кетуі ықтимал. Өйткені сүйкімді әйел көздерінде адамды еріксіз өзіне тартып алатын бір жұмбақ қасиеттер болады. Сен кейін өзіңе-өзің келіп, сабыр тапсаң да, жаңағы бір көзден жалт еткен ұшқын жүректе қалып қояды. Сондықтан мен мұндай құбылыстан да, әйелдің жүзіне көп қадала бермеймін. Себебі- жүрегімді, семьямды сүйген жүрегімді босқа мазалағым келмейді. Сөзімнен адам өлмейтінін, бөтен әйелмен сүйіспей-ақ өмір сүруге, көңілді дем алуға болатынын мен өмірімде көріп келемін. Талай рет курортқа, үлкен қалаларға бардым. Соның бәрін де романсыз өмірді бастан өткеріп келемін.

Менің мұныма кейбір жолдастар күле қарайды. Мені, әйел сүйе білмейтін тоғышар көреді, Сондықтан: «мұнымен жолға шығу көңілсіз» деп жүретіндер де аз емес. Ал, шындығында, менің сезімталдығым ешкімнен кем емес.

Ендеше мені не ұстайды? Неге мен өзгелер сияқты жігіттік құрмаймын? Қызықтау, көңіл көтеру дегеннің бәрі ұғым әдеттің ісі. Өзіңді өмірде неге әдеттендірсең, соған пендесің. Сен жасыңнан жігіттікке салынсаң- саған дүниеде одан қызық нәрсе жоқ. Қысқасы, өзіңді неге үйретсең соған бара-бара салынып, әбден құмар болып аласың. Бұл құмарлықты кейін тілесең де қоя алмайсың.

Мен жасымда жақсы тәрбие ала алмадым. Алған барлық тәрбием- адалдық қана болды. Осының өзі кейін маған көп пайдасын тигізді. Мен адал болдым, жолдасқа, қызға адал болдым. Алдау деген менің табиғатымда болмады.

Сөйлеуге, көңіл көтеруге қолайлы, түсінісетін, бірақ кейін өмірлік жолдас етуге жүрегім қаламаған, ыстық сүйіспеншілік оянбай ұнатудан туған «сүйкімді» қыздың талай ыстық минуттар үстінде сезіміне от тұтатқан емеспін.

Осының бәрі өзім үшін көп пайда келтірді өзімді әйел мәселесінде ұстай білуге семьяға адал болуға, рақат, қызық өмірді семьяны сүю деп ұғуыма әкелді. Бұл да ұғым. Осы ұғым мені қанағаттандырды. Неге десеңіз, жігітшілік өмірге салынған адам семьясын барлық жағынан сүйе алмайды. Әйеліне, балаларына деген махаббаты терең сезімнен тұтанбай, әшейін ері, әкесі болғандықтан табиғи сезімнен туады.

...Бәрі көзден шығып кетті-ау. Көз. Әйел көзі, қауыптысың- ау, сен. Көзден адам бойындағы барлық осалдық атаулы ғана көрініп қоймайды, бүкіл сезім, жақсы-жаман ниеттер, адамдық қасиеттер көрінеді...

Біз Ялтаға бір жарым сағаттай шамасында келдік. Ялтадан кейін Массандра бағының тұсына барып, кемеден түстік. Парк кең. Теңізге төнген бүкіл беткейді түгел алып жатыр. Бірақ әлі игерілмеген, тағы, жабағы қалыпта. Ән мейрамының орта тұсын ала үлгердік. Хор болып кетіпті, адам қара-құрым. Ештеңе көріп болмайды.

7/IX-1956 жыл, 7 октябрь. Бүгін жексенбі.

Мен клинический сағаттан кейін (жанымда Гурьев облысының бір колхозшы жігіті бар) Массандра бауында болатын «ән мейрамына» баруға шықтым.

Алупкадан катерге отырып алып, жүзіп келеміз. Теңіз беті бүгін де күндегідей көктеңбіл болып толқып жатыр. Оның қазіргі түсі Алматыдағы Есік көлін еске түсіреді. Аумайды.

Бүгін кәдімгідей толқын бар. Көбіне, тыныш жатып Қара теңіз дөңбекшиді. Мұқың толқындары қызық. Жағаға арыстан жалданып біп-биік болып келеді де бірден құлап түседі. Кейінгі толқындар да осылайша жағаға келіп жоқ болады.

Ялтаға қарай толқынмен ойнап, катер сырғып келеді. Ол ылғи толқынның өріне қарай жүзеді.

Міне, Мисхор пристаны, Арзы пақыр көзге еміс-еміс шалынады...

«Ласточкино гнездоға» жуықтап, ол тұрған шыңды орала ағызып келеміз. Іргесі бос қалған сарай, құлай- құлай жіңішкеріп біткен шың басында өзінің жоқ болар кезеңін күтіп, жартастай шойқайып тұр.

Бұл шыңды оралысымен оның тасасында тұрған, осы сияқты теңізге төнген екінші шың сахнаға шығады. Ол шыңның етегінде, теңіз ішінде үлкен жартас тұр. Мұны «Скала парус» деп атайды. Парустың желкесінде, жағалаудағы шыңның теңізге төне түскен бір құзында үлкен қарақұс отыр. Ол қарақұс қанатын қомдап ұшуға енді-енді көтеріле бергендей көрінеді. Бұл қолдан жасалған құс. Біздің заманымызда жасалыныпты. Кім жасаса да, өте аңғарғыштықпен жоғары сезіммен жасалған. Шыңмен жақсы үйлесіп ансамбль жасап тұр.

Әдетте, мен мұндайда айналадағы адамдарды бақылаймын. Кімнің қалай сезінгенін көру маған қызық.

Көп адамдар табиғат сұлулығын сезіне, түйсіне бермейді. Оларға жәй бір әдеттегі құбылыс көрінеді: Мен осындайда таң қаламын. Керемет көріністен әсер ала алмау адам жанының тым толқынсыздығын, қарапайым жабайы қалыптан аумай, бір күйде қала беретіндігін аңғартады.

Дәл осы қалыпты аңғардым. Бірен-саран адамдар ғана «Ласточкино гнездоға» шуласа үңілген болды да, артынша тез ұмытты. Ал «Парус» шыңына, оның шың басындағы қыранға ешкім көз де салған жоқ.

Бүгін күннің қабағы жөнді ашылмай қойды. Күн кішкене шығады да, қайта жабылады, таудан ұшпа бұлт әлсін-әлсін қылт етіп бүркіп- бүркіп етеді. Кешегіден, дегенмен бәсең. Кеше тіпті гулеп, есті шығарып еді. Түстен кейін едәуір жауды.

Мұның жауыны берекесіз. Алматыға бір жауса, шүмектеп, ететін әдет мұнда жоқ па деймін. Көбіне дүркін жауады, лезде күн көзі шыға келеді. ...Қысқасы сенім жоқ. Мен бесте тұрып, Симезиге барып едім. Жолда тау жоталарына қар түскенін көрдім. Кәдімгідей ағарып қалыпты. Температура таңертеңгі 7-де- 6,9 градус, күндіз- 11,1 градус.

20/Х- (сенбі). Бүгін төзе алмадым. Жатып қалдым. Температура сағат 1 де 39,3° болды...

Ғажап, осымен үшінші рет жығылам. Бәрі бір күнді қайталайды. Және тура үш айда қайталайды.

21/Х. Түнде палатаға жатып, әдейі терледім. Таңертең 37, 3° болды. Былайша сергіп қалған сияқтымын. Бүгін экскурсия- Мисхор, «Қарлығаш ұясы» алдын ала тізімге жазылып, мазасызданғандықтан бара алмай қалдым. Севастопольге де солай бола ма деп қорқамын.

Үйім ғой мені оңалып, емделіп жатыр деп қуанады. Қайдан білсін, менің тағы күпшегі тозған ағаш, арбадай қиралақтап қалғанымды. Дегенмен бүгін жөтел азайған сияқты.

25/X. Бұдан бірер күн бұрын зав. отделением қарап еді. Бүгін профессор қарады. Мұнда ауруға мазасыздану жақсы екен. Профессорына қанағаттанбадым. «Қозғалмай жату керек» дейді, оны білеміз ғой. Айнаға үңілсем көз жанарым бұзылып кетіпті. Әрине жақсылық емес. Тым құрыса, семьямды да көре алмай осында...

Тағдыр неткен ауыр! Кішкентай қуанышты да қия бермейді. Тәуекел, тағдыр басқа не салса соны көре бердік.

27/ІХ. Бүгін жақсы боп қалған сияқтымын 36,2.

Қырым облысында виноград өсіруді жаппай іске асыру ісі қазір қызып жатыр. Газет, радионың басты тақырыбы да осы.

28/ІХ. Таңертең тәуір сияқты болып тұрамын да сағат 1-2 бола бастағанда тоңамын, содан ыстығым көтеріледі.

29/ІХ. Бұл не? Бала-шағамнан, дос-жаранымнан алыста, мүсәпір болып жатырмын. Кеудең қимайды. Тұрып кетуге дәрмен жоқ. Қашанғы бұлай жата беремін. Әрі қажыдым, әрі зеріктім.

Көңіл — жетім күшік, қыңсылайды. Ұясын іздейді. Осындайда үйден хат келе қойса, ол да бір ғанибет екен ғой. Хат та жоқ. Неге жазбайды, білмеймін. Қорқамын, мазасызданамын. Балаларымның шешесінен мазасызданамын. Ол өліп қалса, қос көгершінімнің халі не болады?

31/ІХ. Үйден хат алдым- ау, әйтеуір. Бүгін тәуірмін бе деп ойлаймын, күнде күндізгі сағат бірдің кезінде қызуым болушы еді, әзір тыныш сияқтымын. Шифа! Шифа, табиғат!

Бүгін билет алынды. Кешкі 8-40-та Алматыға аттандым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар