Өлең, жыр, ақындар

Ыстық жүрек лүпілі

Ақындық, жазушылық — бұл "көш жүре түзеледімен" өзіңді жұбатып, олпы-солпы тұсыңды, керуен басын тартпастан, меңгере қояр іс емес. Ол адамға туа бітетін қабілет, талант. Олар үлкен өмірді, асыл адамгершілік қасиеттерді жырлауға жаралған жандар. Бірақ, сөйтем екен деп, олар өмірдегі жоқты-барды жырға қосып, хабар-ошарды естіген-білген, сәтті-сәтсіз оқиғаларын көш құлаш етіп, қағазға тізе бермейді. Оларды ақынның жүрегінен, ақыл-парасатынан елеп-екшеп өмір шындығынан туған бейнелерді өзіміз күнде араласып, жұмыстас, сырлас болып жүрген характерлерді алдыңа тосады. Сондай қабілет мүмкіндігін Гүлжауһар Сейітжан өзінің бұдан бұрын жарық көрген екі өлеңдер жинағында, "Жолайырық" атты коллективтік жинақта айқындап өткен-ді.

Енді, міне, жуырда "Жалын" баспасынан оның үшінші кітабы жеке жинақ болып жарық көрді. "Гүлайым" деген атпен жинаққа Гүлжауһардың соңғы жылдары жазған новеллалары, әңгімелері берілген.

Қай новелласын, әңгімесін оқысаңыз да Гүлжауһардың суреткерлік талғам талантын жаңа қырынан танығандай боласыз. Өлең жазу көбіне-көп сезімге жататын болса, прозалық шығарма ондаған адамның мінез-құлқын көкірек көзімен зерттеуді, сол арқылы жалпыға тән ортақ характер сомдауды қажет етеді. Әрине, әрбір кейіпкеріңнің бойында иненің жасуындай жасандылық байқалмауы, барлығы дәл өмірдегідей шынайылығымен баурап алу — басты шарт. Онсыз шығарманың шырайы келмейді. "Гүлайымның" алғашқы бетіне көз жүгіртсең болды, мөлдір бұлақтың салқын суына бас ұрғандай сарайың ашылып, ынтығасың. Өйткені, жас жазушы қазіргі советтік өмір шындығын, Маңғышлақ мұнайшыларының шаруаларының тұрмыс-тіршілігін, ой-армандарын әр шығармасының кәусар көзі етіп алған. Мысалға, "Рұқсат қағаз" новелласына зер салып көрелікші. Завод директорының қабылдау бөлмесі. Бастыққа кіруге кезек күтіп жас қыз отыр. Ақыры бастық қабылдамайтын сыңайлы ұғады да қыз кабинетке кіріп келеді. Қысқа қайырым амандасқан соң бастық өзі жинақталып жатқан күйі қыздың хабарын тыңдайды. "Мен Ғалияның қызымын, атым — Кәмшат". Мұны естіген бастық қызға жақындай түседі де:

— Өзім де солай ойлап едім. Шешеңнен аумай қалыпсың, — дейді. Кәмшаттың өзінің туған әкесімен бұған дейін жат боп келген әкесімен осылайша тұңғыш рет тілдесуі өзінің бүкіл драматизмімен берілген. Қыз өзінің санаулы күннен оқу бітіретінін айтқанда, директор қалбалаңдап, оның қай оқуға түскісі келетінін соған көмектесуге кімдерге телефон соғу керектігін қызынан сұрайды. Сонда Кәмшаттың бойына ерлік бітеді.

— Мен үшін ешкімге де қоңырау шалудың керегі жоқ.

— Керегі жоқ?.. Енді неге келдің? Әлде қаржы керек пе?

Кәмшат сонда былай дейді.

— Жоқ. Бізге ештеңе керек емес. Кәмелеттік аттестат алатын күнім жақын. Әлі паспортым да жоқ. Оларға сіздің емес, мамамның фамилиясымен жазылғым келіп еді.

Төрағасы есеңгіреп қалады. "Рұқсат қағазға келген екенсің ғой", дейді міңгірлей, — Келісем. Әрине, келісемін... — деп аяқтайды тастап кеткен әке.

Новеллада қаншама кереғар образдар сәтті штрихтармен өрілген.

Жалпы Гүлжауһар оқиғаны сырттай қызықтаудан бойын аулақ ұстайды. Оқиғалар мен бейбіт еңбектің бел ортасында жүрген жандардың жүрегінің терең қатпарларына үңілуге, өмірде айқын позиция ұстанғандар мен кез келгеннің жетегіне еріп жүре беретіндердің кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуға ұмтылатындардың, адалдық пасықтықтың түрлері мен формаларын ашып көрсетуге көбірек күш салады. Өмірде қарақан басының қамы үшін кейде тек екі жүзді емес, жеті жүзділікке ұрынатын жандардың кездесетінін нақты образдар арқылы даралауды мұрат тұтады. Гүлжауһар бұған өзіндік сүрлеумен, өзіндік соқпақпен келген. Және өзі жасаған, сомдаған әрбір кейіпкерін барынша құрметтейді, жанындай жақсы көреді. Кейіпкерлерінің мінез құлқындағы, дүниеге көзқарасындағы, адамдармен қатынасындағы кемшіліктерді боямасыз күйінде, былайша айтқанда қан-сөлін сорғалатып тұрып көрсетеді. "Махаббат" әңгімесі осындай ізденістің жемісі десе болғандай. Мұнда оқиға Жағыпар атты жас жігіттің келіншегінің бала үстінде қайтыс болуынан өзек тартады. Келіншегі болса, ата-анасының жалғызы. Жалғызы демекші, кітаптағы "Солмайтын гүл", "Жүректі" зәру сусының сияқты новеллаларының негізгі кейіпкерлері де бір ұялардың жалғызы болып келеді. Бұлар тек форма жағынан ептеп ұқсастық. Ал бірақ бұлардың барлығының айтар ойы, көтерер жүгі әр алуан. Сонымен, Жағыпар қапелімде келіншегінен көз жазып қалады. Бірақ оның әке-шешесінен қол үзбейді. Сөйтіп, жүріп екінші рет үйленеді. Бұрынғы келіншегінің әке-шешесі мұның үйіне келін түсірсе деп те тілейді. Алайда жағдай мүлдем керісінше болып шығады. Жағыпардың кейінгі қосағы Майра ол қарттармен қатынас жасамақ түгілі бұл отаудағы бұрынғы жасаудың барлығын ине жібіне дейін қалдырмай тиетіп жіберіп, тып-типыл етеді. Осының барлығы сүйенері де, алданышы жоқ қарттарға аяздай батады, жігерін құм қылады. Бұған Жағыпар да қиналады. Майра өз ортасымен араласа келіп, өзінің қателік жасағанын түсінеді, ерінің алдына келіп, кешірім сұрайды, қарттарға қатысып тұрғысы келетінін айтады.

— Кеш... Сен өзіңнің ең алғашқы "ерлігіңмен" жүректеріне найза бойлатып кеткеннен кейін-ақ Бағиланың достары оларды жалғыз қалдырған жоқ. Олар сенің қамқорлығыңа зәру де емес, — дейді Жағыпар.

Жүрегі өрекпіп, ұйқысы қашқан Майра терезеге бұрылады. Оның жалғасын әрбір оқырман өзінше жалғастырары сөзсіз.

"Сюрприз" новелласын оқып отырып, автордың көркем шығарма үшін объектіні алыстан іздеп жатпайтынын қарапайым еңбек адамдарының өмірін ала салатынын және мұның өзі оқырмандардың ынтасын арттыра түсетінін аңғарасыз. Оқиға желісі ерлі-зайыпты болғандарына он жылға таяп қалған Тоқтар мен Зейнеш атты қала тұрғындарының күнделікті өмірінен басталады. Жаңа жыл қарсаңында өзара әңгімелесе отырып, Зейнеш көптен айта алмай жүрген назын сарқады.

— Саған мазақ керек қой. Бірақ мен өзгеде бар дүние менде неге жоқ деп іштарлық жасамаймын. Осыны ұмытпа. Мәселе жарқыратып тағынатын асыл затта емес, көңілде. Мәселе сенің мені, күйеуінің әйелін ескеріп, ұмытпай жүруінде...

Сол әңгімеден кейін Тоқтар ойланып қалады. Өзінің расында да әйеліне онша көңіл бөлмей, сый-құрметті ұмытып кетіңкіреп жүргенін түсінеді. Содан жаңа жыл алдында 31 желтоқсанда ойда жоқта жора-жолдастарын қонаққа шақырады. Олардың келетінін бірер күн бұрын ғана Зейнешке ұқтырады. Оларды шақырған өзі болса да әйеліне "кімнің хозяйкасы тамақты дәмді әзірлесе соның үйіне қонаққа баралық деп келістік" деген уәж айтады. Қонақтар келген соң: "Бүгін сендердің үйлеріңде Жаңа жылмен бірге келе жатқан ерекше мереке бар дейді ғой. Ал енді айтыңдаршы, ол қандай қуаныш?" десіп, үй иесінің аузына қарайды. Сонда Тоқтар келіншегіне алғаш қалай кездескенін майын тамыза әңгімелейді де оны тұңғыш рет шығарып салғанына бүгін дәл он жыл толғанын шаттана жеткізеді. Мерекенің сыры да осы еді. Бұған достары шын жүректен қуанады.

Қысқа газет мақаласында мазмұнын түгел айтып шығу мүмкін де емес. Олардың әрқайсысы тек ыждағатты оқып шығуды тілейді. "Вадим" деп аталатын әңгімесін шолып өтелікші. Жастайынан ауруға шалдыққан қазақ қызын москвалық профессор әкелік қамқорлық танытып, емдеп шығарады. Қыз оны туған әкесінен кем көрмейді. Кейін тұрмысқа шығып ұлды болғанда оның есімін Вадим қояды. Арадан жылдар өтіп, қазақ баласы Вадим мен оның өкіл атасы орыс Вадимнің кездесулері қаншалықты тебірентерлік десеңші!

Гүлжауһардың жүрегі әрқашан адамдар достығы, туыстығы деп соғады. Автор жүрегінің сол бір лүпілі жинақтың әр шығармасынан туған жер әніңдей, дархан даланың керімсал ауасындай баурап, бауырмалдық құшағын аша түседі. Жинақтың эстетикалық құндылығы да осында.

Кітаптың тілі шұрайлы, жеңіл оқылады. Әріптесіміз Г.Сейітжанованың кезекті жинағымен танысқаннан алған әсеріміз осындай.

Тәжіназар Шадықұлов 1990 жыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз