Үш перделі пьеса
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Сәуле Қазыбекова — халық шаруашылық советі басшыларының бірі, техника ғылымының кандидаты.
Ноян Кемелов — өнертапқыш, көмір комбайнның машинисі.
Илья Миронович Батурин — техника ғылымының қандидаты.
Темір Сайдақов — шахта бастығы.
Дидар — Ноянның сүйген қызы, маркшейдер.
Сайран Шомбалов — шахта бастығы.
Сымбат — Темірдің әйелі, дәрігер.
Зүлфия— Темірдің қызы.
Сақатай Алдияров — халық шаруашылық советінде істейтін инженер.
Бірнеше жұмысшылар.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші сурет
Штрегі бейне метродай үлкен шахтаның іші. Сахна — штрих пен квершлагтің түйіскен жеріндегі мүйіс. Қақ ортада залға қарай төніңкіреп тұрған мүйістің екі жағынан екі желі" болып алысқа тартылған электр сәулесі самсап тұр. Қақ маңдайда «Аялдама алаңы № 5» деген таблица тұр, оның бетінде участке сандары мен трамвайдың жүретін тәртіптері көрсетілген, мұның бәрі электрдің қызыл, сары, жасыл — әртүрлі сәулесімен жазылған. Мысалы 5-аялдамада отырған адамдар, трамвайды бірінші яки жетінші учаскеде келе жатқанын сол таблицадағы электр көрсеткіштері арқылы біліп отырады. Перде ашылғанда сахна қап-қараңғы, тек әлдекімді аңсай күтіп, алысқа телміре қарап тұрған Дидардың көзіне ғана түскен сәуле бар. Ол біресе шаттана, біресе жабырқана қалады. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан жұмысшылар ала көлеңкеде елестейді. Бір кезде қараңғы түкпірден жалғыз ноқаттай кішкене сәуле көрінеді.
Дидар (қуанышты үнмен). Ноян! (Жаңағы көрінген сәуле екінші жаққа қарай өте бере жоқ болады. Дидар ойда.) Ноян! Ноян!.. Көрінгеннің бәрі — соның елесі, еститінімнің бәрі — соның үні. Бірақ ол жайында айтылған ащы сөздер де аз емес. Сол сөзді бүгін өзімнің туған әкемнен де, шешемнен де естідім. Туған ағаның сөзі онан да ауыр. Бәрінің де айтары: «Отаса алмай өміріңді өксітесің, без Нояннан! Тоқтат анау той деген жаназаңды!» Егер Ноянды өзім сүйер болсам онан қалай безбекпін? Неге тоқтатпақпын тойымды?! Бірақ әке-шешенің ризалығын алып алмай, неге асығамын осы? (Бір жұмысшы өте бере тоқтай қалады.) Ноян!
Жұмысшы. Дидаржан-ау! Ноянжанды дәл бүгін шахтадан күтуің обал емес пе?
Дидар (қуанып). Немене, келді ме? Қалай, комбайны қабылданып па?
Жұмысшы. Ол жағынан бейхабармын, бірақ жүмысшылардың барлығы Ноянның жеңіспен қайтатынына сенімді. Өзің білесің ,жұмысшылардың сенімі далаға кеткен емес қой, Дидаржан.
Дидар. Ондай үміт өзімде де жеткілікті. Бөгелмеңіз, Сәуле апай шахтаны аралап жүр, забойға тез жетіңіздер!
Жұмысшы. Сәуле! (Асығыс жөнеледі.)
Аздан соң келе жатқан электровоздың сыңғыры естіледі. Ол бірте-бірте жақындап келіп тоқтайды да, қайтадан жүйтки жөнеледі. Мұның бәрі музыка арқылы беріледі. Сол трамвай кеткен жақтан бір сәуле жер бауырлап келеді. Ол Ноянның белінде салбырай келе жатқан фонарының сәулесі.
Дидар (көңілді үнмен). Маңдайындағы жұлдызы жерге түсіп кеткен бұл кім болды екен?.. Ноян!.. Сен неге үндемейсің? Не болды? (Жақындап келіп, үңіле қарайды да, тіксіне қалады.) Немене, әлде құлап қайттың ба?
Ноян (бір нысанадан көз алмайды). Иә, құладым.
Дидар. Тағы да өз тіліңнен тапқан боларсың?
Ноян. Жоқ, осы сапар ең сыпаны сөйлеген мен болдым.
Дидар. Енді неден?
Ноян. Неден екенін өзім де біле алмай қалдым. Институттың ғылыми советі басталуға жарты сағат қалғанда совнархоздың Сәуле дейтін құдайы жазған бір бұйрық келіп жетті де, бар үмітімді талқан етті.
Дидар. Ол не депті?
Ноян. Ол — бұйрықты осындағы барлық ғылыми институттар мен завод басшыларына жазып: «Сіздер творчестволық ойға жол ашудың орнына, құлқыңның құлдарына есік ашын отырсыздар. Соның салдарынан құрғақ қиялдың тасқыны мемлекет қаржысын жүз мыңдап жұтып жатыр. Сондықтан, мұнан бұлай әрекет ете алатын моделі жоқ бірде-бір чертеж қабылданбасын»,— депті. Сондағы оның мысал етіп қатты шүйілгені — менің комбайным.
Дидар. Енді не істемексің?
Ноян. Білмеймін. Бар сүйенішім Илья Миронович еді, сырқатын емдету үшін ол Москваға кеткелі жатыр. Сең соққан балықтай мең-зең болып мен мұнда келдім. (Жол бойына үңіле қарайды.)
Дидар. Іздегенің кім?
Ноян. Обком секретары Глазнов. Ол осында кетіпті.
Дидар. Оны қайтесің?
Ноян. Бар үмітім сонда ғана қалды,
Дидар. Нояным-ай, бағың бір ашылмай-ақ қойды-ау сенің.
Ноян. Айтпа ондай сұм сөзді, мен әке-шешеден жетім болсам да, бақыттан жетім емеспін. Бүгін жеңілсем де ертең жеңемін, тек сен қасымда бол!
Дидар. Жұрттың Сәулені күшті әкім ғана емес, ғалым; ғалым ғана емес қара қылды қақ жаратын әділ дейтіні қайда?
Ноян. Ол — сен сияқты аңқаулар үшін тараған лақап.
Дидар. Әкемнің сенін, ақылыңды шалқыған теңізге, мінезіңді Бетпақтың шөліне теңеуі орынды-ау осы.
Ноян. Ақыл теңіз болса, мінездің бетпағы болмайды. Соны білмесе, әкең әлі бала екен.
Дидар (ақырын, күрсінеді). Сүтпен кірген мінездің шынымен-ақ сүйекпен кеткені ме?
Ноян. Қыс жақындаған сайын шөл даланың гүлі қурай түседі. Адам мінезі де сол гүл секілді екенін ойла да, менің мінезімнен үміт етпе.
Дидар. Менің көзіме сенің келешегіңнің қысы жоқтай көрінуші еді, қалай алдандым екен...
Ноян (тіксініп). Алдандым? Бұл сөзді сен қалай айттың? (Дидар оған телміре қадалады. Ноян оны құшақтап.) Өтінемін, ешуақытта маған есіркей қарамашы.
Дидар. Мен сені есіркеп тұрғаным жоқ.
Ноян. Сен сырыңды қанша бүксең де, жасыра алмайтын мөлдір жансың. Тек, ракетамыз айға жеткенімен, кейбіреулердің санасы әлі жерде жатқанын, соның бірі өзіңнің ағаң Ермек екенін, әке-шешеңді маған қарсы айдап салып отырған да сол екенін аңғармайсың. Мінезімнің мінін сен солардың көзімен ғана көріп, «алдандым» деген сөзді солардың ғана тілімен айтып отырсың.
Дидар. Мен қазір екі оттың ортасындамын, жанып кетсін демесең солармен өзің сөйлес, мен қажыдым.
Ноян. Ағаңмен еш уақытта сөйлеспеймін. Ал әкең мен шешеңді тойымызға қалай да келтіремін. Сонда сен мені бетімнен былай сүйесің. (Сүйеді.) Сүйесің!.. (Сүйеді.)
Сайран (сөйлей шығады.) Ей, кім болсаң да төртіншіге телефон соқшы, Сәуле мен Глазнов бері қарай шықты ма екен?
Дидар. Сайран аға, Глазнов жолдас көрші шахтаға жер астымен етіп кетті. Сәуле апай мен Сақатай Алдиярович шахтаны жаяу аралап келеді. Сіз екеумізге осы жерден тосыңдар деді,
Ноян. Сәлем, Сайран аға! Сәтті сапарыңызбен! (Қолын ұсына жақындайды.)
Сайран (фонарын кезей ұстап, сәулесін Ноянның бетіне түсіреді.) А, шахтамыздың болашақ академигі, өзімнің асыл досым, амансың ба? Бетіңнің күйесін балдай жуайын, әкелші. (Ноянның бетінен сүйеді де, Дидар мен екеуін екі қолымен құшақтап.) Біріншіден, тойларыңды менің келуіме қаратып отырғандарыңды естідім, рақмет! Тойларың тойға ұлассын, тілектеспін. Екіншіден, жүлдені ешкімге бермей шахтамыздың даңқын тағы да бір көтеріпсің, ол үшін мың мәртебе алғыс!
Ноян. Сол алғысты өзіңізге айтыңыз.
Сайран. Менің партия мен үкіметтен алған алғысым қалған өміріме жетеді. (Екеуін екі сүйеді де, отыра беріп.) Дидаржан! Ол дәулер қайда барар екен?
Дидар. Осы жерден трамвайға отырып, Ноянның учаскесіне бармақ.
Сайран (есіне әлдене кенет түскендей атып тұрады, түсі де суып кетеді.) Айтпақшы, мен бір жайсыз хабар естідім. Егер ол рас болса, аямаймын, жаңағы айтқан алғыстарымның барлығын қайтып аламын да, шахтадан қуамын.
Ноян. Өзім де енді ешкімнен жақсылық күте қоймаспын, тезірек қуғайсыз.
Сайран. Дидаржан, мынау қазақша айтса да, мен түсінбедім, сен переводтап жіберші, не деп тұр?
Дидар. Айтып тұрғаны — маған арнаған ашуы, оны сіз елемей-ақ қойыңыз.
Сайран (отыра бастап). Ашу — дұшпан; ақыл — дос. Ашуыңды оңды-солды сілтеймін деп менен басқа достарыңның бәрінен де айрылдың ба? Айрылдың. Сен соны сезесің бе?
Ноян. Маған-айтарыңызды тезірек айтсаңыз екен.
Дидар (тез Сайранға жабысып). Сайран аға, шынында сізден басқа досы қалған жоқ, тым болмаса сіз кешірімді бола көріңіз.
Сайран. Менің жарам жеңіл-ау, Дидаржан. Мұның мінін айтатын сен екеумізден басқа кім бар? Кімі бар?
Ноян. Сауда, тағы да сауда. (Жүріп кетеді.)
Сайран (Нояннан көзін алмастан Дидарға сөйлейді). Дидарым-ай, сенің күнің не болар екен? Бал дегенің у болып кетер ме екен, қайтер екен?
Дидар. Мен үшін қапа болмаңыз. (Аз уақыт бәрі де үнсіз.) Сіз Ноянға не айтпақшы едіңіз?
Сайран (Ноянға көз қырын суық, тастайды). Өзіне ор қазған адамға менің көр қазатынымды білмей, Сайдақтың Темірі кешегі партактивте біздің шахтаға ор қазыпты. Сонда өз шахтасы үшін намысқа шауып, оған тойтарыс берудің орнына, біздің мына батыр: «Темір аға! Сіз өз шахтаңыз емес, б^кіл Қарағандының болашағын жақсы сілтеп тұрсыз рақмет!»—деп айғай салыпты.
Дидар. Рас па, Ноян?
Сайран (бір ыңырсып қойып, Ноянға да қарамастан). Сен солай деп айғай салған кезде Сәуле менен Глазнов бар ма еді?
Ноян. Бар, екеуі де сүйсіне қол соқты.
Сайран. Е-һ-е... солай де, батырым, тіпті сүйсіне де...
Дидар. Сайран аға, осы келе жатқан солар. (Ноянға күбірлеп.) Жалынамын, жаным, ондай үлкен адамдармен үлкенше сөйлес.
Сайран. Қырсығың бізді ала кетеді, үн қатпа! (Қасында Сақатай бар, келе жатқан Сәулеге қарсы жүріп.) Жаңа басшымызға мың қайтара жалынды сәлем!
Сақатай. Маған қандай сәлем?
Сайран (сыбырлаңқырап). Тап өзіндей.
Сәуле (қол алыса бере). Кемірге сараң болғанмен, сәлемге бай екенсің, ә?
Сайран. Егер де біз сараң, шабан болсақ, алда болмас едік қой.
Сәуле. Ол рас, бірақ сендер көмірдің жартысынан жуығын, онда да нағыз асылын, тастап кету жағынан да алда екенсіңдер.
Сайран. Қарағандының қақ жарты көмірін беретін Марианна дейтін пласты бар ғой. Оның биіктігі сегіз метр. Ал ғалымдарымыздың жасаған комбайндары бір жарым метрден асатын түрі жоқ.
Ноян (шыдай алмай). Жолдас Шомбалов! Өмірді өз бойыңызбен өлшемеңіз.
Сақатай. Иә, иә, сіз біздің, ғалымдарымызды олай мысқылдамаңыз. Шахтаңыздың даңқын көтерген солар жасаған техниканың күші екенін ұмытпаңыз. А, телефондарың қайда? (Дидар нұсқайды. Сақатай кетеді.)
Сәуле. Жас жігіт, сен кім едің?
Ноян. Мен өз тіліне өзі сүрініп жүрген бір жанмын.
Сайран. Кешегі партактивте айғай салған Кемелов деген осы. (Ноянға.) Өзің күйіктен мүлдем өртенгелі тұрсың ғой?
Ноян (қол алыса тұрып Сайранға). Өртенгелі емес, жаныма жүз миллион тонна көмірдің шоғы түсіп, өртеніп тұрмын.
Сайран (ызбармен). Кемірді миллион тонналап тастап кететін бір ғана біздің шахта ма?
Ноян. Мен айтып тұрған жүз миллион тонна көмір — жеті жылдың ішінде ала алмай қалдырып кететін көміріміз.
Сайран. Онысы рас.
Ноян (Сәулеге). Ойлап қараңызшы! Қолайлы комбайнның жоқтығынан, бір ғана біздің . шахтаның жеті жылда ала алмай тастап кететін кемірді сегіз миллион тонна. Ал бүкіл Қазақстанның егін даласында жүрген барлық комбайн мен барлық трактордың темірін қорытуға кететін кемір үш жарым миллион тонна ғана. Сонда біз екі Қазақстанға жететін комбайн мен тракторды жоғалтқалы тұрмыз, бұған төзуге бола ма?
Сайран. Екі Қазақстан?
Сәуле. Бастығың таңданып тұр, ол үшін сен неліктен жеке дара күйінесің?
Ноян. Жеке дара күйінетін себебім, маңдай терім көз жасыма айналғандай жеке дара көрген зәбірім бар. Сол үшін күйінемін.
Сайран. «Арыстан айға шауып мерт болыпты». Коммунизмнің комбайнын Қарағандыға биыл орнатпақ болып, бұл жолдас сол ақымақ арыстанның кебін киіпті.
Сәуле. Зәбірді кімнен көріп жүрсің?
Ноян. Сізден.
Сәуле. Менен? (Ойланып.) Тоқтай қал! Бұл пласталар үшін алып комбайн жасамақ болған кісі бар деп естіген едім, сол сен бе едің?
Ноян. Алып дегеніміз сағым екен, сіз долы дауыл болып соғып едіңіз, ол сағым жоқ болып кетті.
Сәуле. Дауылдың арты жауын емес пе?
Ноян. Жауыны жоқ, тек жолыңдағыны жайпап ететін долы дауыл да болады.
Дидар. Ноян!
Сайран (зілденіп). Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды біл де, тіліңді теже!
Ноян. Менің тілім табан жалауға келмейтін тым жұқалау, ол үшін айып етпеңіз.
Дидар (Сәулені тез әкетпек болып). Осы келе жат» қан трамвай болар, бері жүріңіз.
Сәуле (Ноянға). Тілде сүйек болмағанмен, сөз сүйектен де өтеді ғой. Өз тілің өзіңе жау болып жүрген жоқ па екен, бауырым?
Сайран. Өзін танымасаңыз да, тілінің қандай екенін тамаша таптыңыз.
Ноян. Сіз ешбір дұшпаным айтпаған үкімді тілімнің дәмін татпастан-ақ айтқан жоқсыз ба?
Сәуле. Чертежіңнің әрбір сызығына дейін жатқа білсем, тіліңнің немене екенін білгенім емес пе?
Ноян. Сіз манағы үкімді менің чертежімді өз көзіңізбен көре тұра айтқан ба едіңіз?
Сәуле. Енді қалай деп едің?
Ноян. Онда адасқан менің қиялым емес, сіз екенсіз.
Дидар. Ноян!
Сәуле (Сайранға). Адамдарың қызық екен,
Сайран (ызалы). Қызық емес, бұзық.
Ноян (зілді салмақпен). Мен бұзық болып ешкімнің тұмсығын бұзған жоқпын.
Сайран (тұмсығын төсеп). Мә, бұз... бұз! Мұнан да бұзғаның жақсы. Мә...
Ноян. Өзіне тоқ, сезінері жоқ, мұндай тұмсықтар өзінен өзі бұзылатын, сақ болғайсыз.
Дидар (Күйіне күбірлейді). О, адасқан Дидар!
Сәуле (Ноянға). Жас жігіт...
Сайран (оның сөзін бөліп). Қайдағы жас жігіт, институтты алдақашан бітірген сүр жігіт емес пе?
Сәуле. Қайда оқып, қайда өскен едің?
Сайран (ызаланып). Мұны құтыртып жүрген... мұны құтыртып жүрген ана Сайдақтың Темірі мен ана Миронның Ильясы. Солар дарын-дарын деп дандайсытып жіберген, солар!
Ноян. Треске бастық боларсыз, әлі де, әлі бұлаңдай түсіңіз! (Трамвайдың даусы жақындайды.)
Дидар (Сәулені қолтықтап). Тәтетай, жүріңізші.
Сәуле (кете бере тоқтап). Жолдас Кемелов, сенімен кеңесу керек секілді, ертең маған келсең қайтеді?
Ноян. Сіз ендігі қайырымыңызды мансаптық қайырлыларына көрсетіңіз. Мен қайырымды әлі де, сол еш болған өз еңбегімнен күтемін.
Сәуле. Бүгінгі чертеждардың әрбір сызығы келешекті барлаудың жолы емес пе? Бар келешегің сол бір чертежбен бітетіндей неге сонша қазыла сөйлейсің.
Ноян. Салмағы жер шарынан да ауыр келешекті қаңбақтай жеңіл көретініңізді білемін, Сіздер сонау жасала сала музейдің шаңына барып тығылған комбайнды да келешек үшін жасағансыздар. Сондықтан...
Дидар (бөліп). Ноян! Олай деуге аузың қалай бар-ды? Бүгін музейде болғанымен кешегі соғыстың кезінде Қарағандының қуаты болған сол комбайн емес пе еді.
Ноян (ол да бөліп). Білем, бәрін де білем... (Сәулеге.) Сіз үшін болашақ сондай жеңіл, сондықтан мен сізбен емес, Нұрлан ағаның жете алмай кеткен арманымен кеңесермін.
Сәуле (жалт қарап). Не дедің? (Сақатай қайта келеді.)
Ноян. Нұрлан ағаның өзін жүрегіңізден өшірсеңіз де, бізге мирас етіп кеткен арманын өшірмеңіз.
Сақатай. Тоқтат Кемелов! Сен кімге не деп тұрғаныңды сезесің бе? Сәуле ме еді Нұрланды жүрегінен өшіретін? Сәуле ме еді, оның арманын аяққа басатын? Тезінен кешірім сұра.
Сәуле. Тілегенін, — жанбастан жатып сөну болса, ол маған қиын емес. (Кетеді. Ноянды көзімен бір атып Дидар да кетеді.)
Сақатай. Есінде болсын, шырақ. Отаны үшін құрбан болған аяулы досымыз Нұрланның қабырының басында тұрып айтқан антымыз бар.
Сайран. Иә, біздер Сәулеге Нұрланды жоқтатпасқа ант еткенбіз. Көзіңді ашып қара!
Сақатай. Ол — менің антым, ол — мына тұрған Сайранның анты. Ол — өзіңнің досың Илья Мироновичтің анты болатын. Кімде-кім сол антымызды бұзар болса, біздер оны аямаймыз, таптаймыз. (Кетеді.)
Сайран (тістене сөйлеп). Сол таптауды мен бастап, тап сені шахтадан бүгін қумасам, көмір. болып кетейін. (Кете берген кезде Дидар қайта жүгіріп келеді.)
Дидар. Сайран аға! Сізге не болды? (Сайран қолын бір сілтеп кетеді. Дидар Ноянға.) Ноян-ай, неткен масқара жан едің?!
Ноян. Немене, мен сенің көзіңе де бұзық көріндім бе?
Дидар. Жоқ, сен баяғы қалпыңдасың, менмін сенің кім екеніңді танымай масқара болған. Менмін өмірдің түпсіз теңіз екенін білмей, кемесіз кезіп түбіне батқан. Есімді жаңа жидым, сені жаңа ғана таныдым. Қош бол! (Кете береді.)
Ноян (оның алдына тұра қалып, аз уақыт үнсіз қалады.) Кімің бар? Осыны айтқан — Сайран, естіген Ноян: Жүрегіме қанжардай қадалса да, сол бір сөзде шындық бар. Шынында, менің сенен басқа кімім бар? Кімім ғана емес, сенен басқа нем бар? Басқа бақытым, басқа мақсатым қалды ма менің, ойланшы?!
Дидар. Мен кезбеген ой қалмапты, бар үмітіме қанат еткенім өзіңе деген махаббаттың жалыны еді, ол да сөнуге айналып ұйтқи бастады, босат жолды! (Кетуге ұмтылады.)
Ноян. Түсін, Дидар! Мен қайыршы емеспін аштан өлмеу үшін әркімге бір жалбарынатын. Мен мансапшы да емеспін, атақ үшін әр табанды бір жалайтын. Мен өмірімді күле кіріп, күңірене шығатын жәдігейлердің құшағынан гөрі, адал достарымның табанында өткізгенді артық көремін, егер де санамыздың ракетамыздай самғайтын мезгілі жеткенін білмей, жәдігөйлікпен жауласудың орнына мені оған жақындатпақ болсаң, осы бастан аулақ менен.
Дидар. Сенен қазірден бастап аулақпын. Тойыңды менсіз өткізе бер! (Екінші жаққа қарай кетеді.)
Шымылдық
Екінші сурет
Ильяның үйіндегі кабинеті. Жоба сызатын көлбеу стол тұр. Перде ашылғанда сахнада ешкім жоқ. Аздан соң, сырттан Илья келеді. Ол ауыр ойда.
Илья (ақырын дауыстайды). Муза! Сережа! (Қаттырақ.) Муза, қайдасың? (Сағатына қарайды да, ызалы күлкімен мырс етіп.) Ноянға тиген соққы мені есеңгіретіп тастаған ба, не деп тұрмын? Муза қызметінде, Сережа оқуында емес пе. (Қалпағын іледі де, көлбеу столға беттеп ойлана сөйлейді.) Иә, ол құлаған Ноян ғана емес, менің ай мен күндей егіз арманымның сыңары. (Жазу столына жақындап, костюмін орындықтың арқалығына іледі. Есік қоңырауы, естіледі. Илья дауыстап.) Есік ашық, келе беріңіз! (Сымбат келеді. Илья шошына кейін шегінеді.) Сымбат?!
Сымбат (Күле сөйлеп). Мұнша неден шошындыңыз? Әлде мен соншалықты қорқыныштымын ба?
Илья (Сымбаттың қолынан сүйеді.) Кешіріңіз! Жүрек шошыған кезде ақыл-естің барлығын ала қашатын әдеті ғой.
Сымбат (әзілмен). Муза мен Темір бар жерде өзі қымбат, өзі сымбат деп жабыса қалатын жүректің олар жоқ жерде ұша жөнелгені қалай?
Илья (оның көзінен көзін алмастан). Қорқамын, сүйікті Сымбат! (Сымбаттың қолынан тағы сүйіп.) Өте қорқамын!
Сымбат (Күлімсіреп). Неден?
Илья. Сізден! Сіздің соңғы кезде көбейіп кеткен осы қамқорлығыңыздан.
Сымбат. Қамқорлығыңыздан? Түсінбедім.
Илья. Ойлансаңыз бәріне де түсінесіз. Мен үшін қазіргі күннің әрбір сағаты өткен өмірімнің әрбір жылынан қымбат... Соны ескеріңіз де, келген шаруаңызды айтыңыз!
Сымбат. Уәде қайда? Сіздің емханаға барып жатуға келіскен күніңіз бүгін еді ғой?
Илья. Сүйікті Сымбат! Бір ай бойы арбасқанымыз да жетер, енді ашық айтайын, сіз менің енді жарты-ақ жыл өмірім қалғанын жақсы білесіз. Мені қинайтын өмірімнің соншалықты аз қалғаны емес, соны сіздің біліп қойғаныңыз.
Сымбат. Мен нені біле қалыппын?
Илья. Сіз менің өкпемдегі дерттің беріш сияқты жеңіл бірдеңе емес екенін білесіз. Біле тұра менен жасырмақсыз. Олай есіркегеніңізге рақмет, бірақ кеш қалдыңыз, мен оны осыдан екі ай бұрын білгенмін. Онанда сіз маған Темірді тез тауып беріңіз.
Сымбат. Сеніңіз, Илья Миронович, сіздің өкпеңіздегі кесел, мен айтқандай беріште емес, сіз ойлағандай жақ та емес. Сеніңіз маған.
Илья. Енді не?
Сымбат. Оң жақ өкпеңізде оқ бар.
Илья (тағы да сенбегендей қадалып). Сіздің сеніміңіз осындай арзан ба еді?! Әлде сіз оқ бар өкпемді былтыр өз қолыңызбен алып тастағыныңызды ұмыттыңыз ба?
Сымбат. Ондай ұмытшақ емеспін, мен сол өкпені алған операцияның үстінде сіздің екінші өкпеңізге тереңдеп кеткен тағы бір оқтың ізін байқағанмын. Сізге ауыр тиіп жүрген сол.
Илья (қуана түсіп, қайта құсады). Оны неге алмадыңыздар?
Сымбат. Бірден алу қауіпті болды.
Илья (қайта қатуланып). Бекер айтасың, сүйіктім. Оқ болса мен әлдеқашан сезінетін едім. Ол биыл ғана байқалып, күннен күнге ұлғайып келеді. Соған қарағанда, ол оқ емес, уытын жаңа ғана жайып келе жатқан...
Сымбат. Өте тамаша байқағансыз, Шынында, оқтың айналасы енді ғана бұзылып, өкпені енді ғана шіріте бастағаны рас. Біздер үшін өкпе түгілі жүрекке операция жасау да қиын емес, тек сіздің тезірек жатқаныңыз керек.
Илья. Кешіріңіз, мен бір нәрсеге алаңдап сіздің сөзіңізді жөнді тыңдай алмай отырмын. Ол жайында кешке Темір, Муза төртеуміз отырып кеңесейік. Сіз маған Темірді тезірек тауып беріңізші.
Сымбат. Дау-дамайдан аулақ болсаңыз ол кеңеске келісемін.
Илья. Мен жанжалмен жаны қас адаммын. Екіншіден, қалған өмірімді мына бір қағаз бетіне жаңа ғана түсіп жатқан мына бір арманымнан басқаға жұмсамақшы емеспін.
Сымбат. Ол арманыңыздың аты не?
Илья. Оның аты түтінсіз дүние.
Сымбат. Түтінсіз дүние?
Илья. Иә.
Сымбат. Ол қай кезде?
Илья. Атом бомбалары көмірдің орнына жұмсалатын кезде.
Сымбат. Бұл арманыңыз онша жақын емес екен.
Илья. Онша алыста болмас. Сіз кешігіп қалдыңыз.
Сымбат. Ә, уәде жаңағы болсын.
Илья. Болсын. (Сымбат кетеді. Илья чертежіне жақындайды.) Түтінсіз дүние, түтінсіз дүние... (Ол стол бетіндегі чертежге қарап тұрған кезде, қолында шиыршықтаған чертежі бар Дидар келеді.)
Дидар. Илья Миронович, ойыңызды бөлсем ғафу етіңіз.
Илья (енді ғана қарап). А, сүйіктім! Дидарым! Жақсы келдің.
Дидар. Сәлеметсіз бе? Сіздің Москваға жүргелі жатқаныңыз рас па?
Илья. Жүрмекші едім, енді уақытша тоқтап қалдым.
Дидар. Неге?
Илья. Сен Ноянға нендей соққы тигенін естідің бе?
Дидар. Естідім, сол үшін мен сізге екі түрлі тілекпен келдім.
Илья. Қандай?
Дидар. Біріншіден, сіз Ноянның еңбегіне досша, мінезіне қасша қараңыз.
Илья. Сенен тілемек тілегімнің өзі сол. Екіншісін айта бер,
Дидар. Екінші тілегім — сіз мені Глазнов жолдасқа ертіп барыңыз.
Илья. Не үшін?
Дидар. Мынаны апарып таныстырайық та, көмектесуін өтінейік.
Илья. Өте дұрыс. Иә, өте дұрыс. Ноян қайда?
Дидар. Білмеймін... Білгім де келмейді.
Илья. Немене, ол сенімен де араздасып қалды ма?
Дидар. Араздасудың, шегі сондай, қосылмастан ажырасуымыз мүмкін.
Илья (тіксіне қалып). Ажырасуымыз мүмкін? Жас бастарыңмен сондай ұят сөзді айтуға ауыздарың қалай барады?
Дидар. Өтінемін, Илья Миронович, бұл тақырыпта мұнан әрі сөйлеспейтін болайық.
Илья. Онда сенімен сөйлесер ешбір сөзім жоқ. Неткен балалық бұл. (Ызамен үйдің ішін кезіп кетеді.)
Дидар. Маркшейдерлердің сырын жақсы білесіз. Олар қай пластың қандай комбайнды тілейтінін ешкімнің көмегінсіз-ақ айтып бере алады.
Илья. О, сен оны ғана емес, жаралы жанды қалай қинауды да білетін көрінесің. Бар, қайда барсаң да менсіз бар! (Дидар әлденені айтпақ болып ілгері бір аттайды да, кенет ойланып жалт бұрыла жөнеледі. Аздан соң жүгіре басып қайта келеді.)
Дидар (есікті арқасын баса тұра қалып, асыға сөйлейді.) Илья Миронович! Ноян келе жатыр. Оған мені келді дей көрмеңіз, тіпті мен туралы түк айтпаңыз. (Есік қоңырауы оның сөзін бөледі.) Әне, келіп қалды, мен терезеден секірейінші. (Бір-ақ ырғып терезеге жетіп барады.)
Илья (есікке беттеп). Секір, сүйіктім, секір! Бірақ алдыңда өкініштің Нояны жатыр, тек соны ескер. (Илья орындық қойып оның секіруіне көмектеседі. Дидар Ильяның екі бетінен кезек сүйеді де, секіріп кетеді.)
Ноян (келе қалтасына қол салып). Мен сіз екеуміздің атымыздан обкомға мынадай хат жаздым, оқыңыз да, қолыңызды қойыңыз.
Илья (Ноян ұсынған қағазды ала бере, қайта тастайды). Ғафу ет, досым, мен мұндай хатқа қол қоя алмаймын.
Ноян. Неге? Егер ағат кеткен жерім болса аямаңыз, алып тастаңыз.
Илья. Ағат кеткен жерің хатыңда емес, мінезіңде.
Ноян. Қандай мінезім? (Сақатай келеді.)
Илья. Мен білмейтін қай мінезің бар еді. Мен бәрін де білемін, әсіресе бүгінгідей ашулы кезіңде сенен ақылды сөз шықпайтынын жақсы білемін.
Сақатай. Өте дұрыс айттыңыз, Илья Миронович, ете дұрыс. Сәлеметсіз бе! (Ильямен қол алысады.) Біздің бұл досымыз бүгін тіпті Сәулені де сыйлаған жоқ.
Илья. Солай ма? (Сақатайға.) Өтінемін, отырыңыз. Ноян, сен кетіп қалма?
Ноян верандаға шығып кетеді.
Сақатай. Хәліңіз қалай, Илья Миронович, маған басқасынан бұрын сырқатыңыздың жайын айтыңызшы.
Илья. Бүгін онша жақсы болмай тұр.
Сақатай. Онда сізді қажытпас үшін келген шаруама бірден көшейін. (Қолындағы чертежды жая бастайды.) Алдымен мынаны көріп жіберіңіз.
Илья. Бұл не?
Сақатай. Биік пластарға арнап біз де бір жаңа комбайн жасамақ екенімізді айтқан едім ғой, бұл соның чертежы. Талғампаз Сәуленің мақтауына қарағанда, мұның дүние жүзілік маңызы бар секілді.
Илья. Дүние жүзілік! Достым, ісіңіз семіз болсын десеңіз, арық сөйлегейсіз.
Сақатай. Ісіміздің семіз шығатындығына Күдігіңіз болмас үшін, ол кісінің сөзін сізге дәл жеткізейін. Мысалы, ол былай деді. (Қалта дәптерін алып бір жерін оқиды.) «Әрине, бұл бес жүз километр жерде жатқан Ертісті Арқаның өріндегі Қарағандыға сүйреп әкелу емес, бұл Тентектің асыл көмірін жүз километр жердегі Теміртауға тұрбамен тарту да емес, бірақ бұл комбайн мені солардан кем қуантқан жоқ»— деді.
Илья. Онда маған бекер келіпсіз.
Сақатай. Неге?
Илья. Сәуле сияқты құрметі де, құдіреті де мол адамның мұндай сөзінен кейін, менің сөзімде ешқандай құн жоқ.
Сақатай. Менің мақсатым — ең алдымен мұның әрекет ете алатын үлгісін жасау. Сол үлгіні сіздің қатысуыңызбен жасауды мақұл көрдім. Өйткені мұндай идеяны сіз де тапқан көрінесіз.
Илья. Мен нендей идеяны тапқан едім?
Сақатай. Кемеловтың иемденіп жүрген комбайнының идеясын тауып, жобасын жасаған сіз емей кім?
Илья. Сіздің балаңыз бар ма?
Сақатай. Бір балам бар.
Илья. Егерде біреу сол балаңызды, мысалы, сіздікі емес, Нояндікі десе қайтер едіңіз?
Сақатай. Сіз менің намысымды қорламаңыз.
Илья. Сол сөзді өзіңізге айтыңыз. Өйткені сіз Ноянның намысын қорлап тұрсыз.
Сақатай. Онда кешіріңіз. Бірақ сіздей білгір адамдар аспандағы Күн секілді баршаға ортақ емес пе? Олай болса сіз неге Кемелов екеуімізге бірдей болмайсыз?
Илья. Ештеңе шығара алмағанымыз болмаса, Нояннан бұрын сізге көмектескен жоқ па едім?
Сақатай. Амалсыздан бір қайғылы хабар айтайын, қанша көмектессеңіз де сіздің ол досыңыз бүгін құлапты.
Илья. Қапа болмаңыз, ол бүгін құлағанымен, ертең сізден озады. (Зілдірек үнмен). Ноян! Әкел хатыңды! (Ноян жетіп келеді. Илья ол ұсынған хатты алып кете бере.) Мен қазір келемін. Сен Сақатай Алдияровичпен әңгімелесіп қаныңды салқындата тұр. (Көрші бөлмеге кетеді.)
Сақатай (өзіне). Сәуленің сенімі қалтамда. Оның Кемелевпен арасын келмеске жібердім. Бірақ Илья Миронович шындап кіріссе Ильяның комбайны менің комбайнымнан бұрын жасалып кетуі мүмкін. Сонда қайттым?.. Әлде, бір қолымды Сәулеге, екінші қолымды (Ноянды мезеп.) мынаның өзіне артсам ба екен?
Ноян (өзіне). Осындай өмірде отырып мақсатыңа жете алмасаң, қалай қайнамассың?
Сақатай. Ноян! Сен талантты да, табанды да, қауіпті де жігітсің-ау. Қауіптілігің сол: қақ қасыңда отырған мені ұмытқандай, өзіңнен басқаның бірде-бірін көрмейсің. Сондықтан, техниканың жаңа түрін табуды көксеп жүрген бір ғана сен емес екеніңді білмейсің. Бірақ сол қылығыңнан басқалар безсе де, мен әрқашан да қасыңдамын.
Ноян. Мүмкін, маған көмектесуге де әзір шығарсыз?
Сақатай. Енді қалай деп едің? Керегіңе жарарым болса ал да, жұмсай бер, бірақ мен өз бойымнан биікке секіре алмайтын адаммын, тек соны ескер.
Ноян. Сізді биікке де сілтемеймін, қияға да салмаймын. Ескі комбайндардың үшеуінен құрастырып жасамақ болған шатпақтың чертежы екі жылдан бері сіздің жанбайтын жәшігіңізде жатыр ғой. Соған көрсетпек болған көмегіңізді осыған көрсетсеңіз болады, мен ризамын.
Сақатай. Мұнымен не айтпақсың, жаңа комбайныңа да қосалқы автор бол демексің бе? Жоқ, інішек, біткен іске ортақ болатын мансапшы емеспін.
Ноян. Сізге жетерлік жұмысы әлі де бар. Егер де біз Сәуле апайға жалына білмесек, бұл комбайнның жарық көретін түрі жоқ. Ал жалыну менің қолымнан келер емес.
Сақатай. Жасың болса кіші, дәрежең болса төмен, жалына салсаң нең кетеді?
Ноян. Жалынбасам нем кетеді? Мен мұның бүгін бұл қалада жасалмаса, ертең басқа қалада жасалатынын, бүгін мұны мазақ еткендердің ертең өздері мазақ болатынын білсем неге жалынамын? Мені қинайтын уақыт, уақыт! Түсінесіз бе, уақыт!
Сақатай. Егер обкомдағы жолдастар Сәулені қолдай қалса қайтесің, чертеждарыңды басқа жаққа апарып сатасыңдар ма?
Ноян. Біз ондай саудагер емеспіз. Егер обком Сәулені қолдай қалса, Илья Миронович екеуміз барлық жұмысты тастаймыз да, Алматы мен Москваның біріне ұшамыз. Қысқасы, алыспастан жығыла кетпейміз. Қашан жеңіп шыққанша алыса береміз, алыса береміз.
Сақатай. Алыса береміз, алыса береміз дегенше, Сәулеге мен үшін жалын да, келісімін алып бер десеңші.
Ноян (ойлана қарап). Ол қолыңыздан келе ме?
Сақатай. Қолдан келмеске аузымды ауыртпайтын адаммын.
Ноян ойда тұрып қалады.
Илья (сөйлей кіреді.) Аларым да, қосарымды да көп екен, ертеңге дейін сабыр ет! Мә. (Ноян оны естімейді. Илья оның ойда тұрғанын енді ғана аңғарады да, бір қолымен құшақтайды.) Қамықпа, досым! Сенің әлі де талай еңбектерің еш болар, бүгінгі достарыңның талайы ертең қас та болар, тіпті бүгінгі сүйген жарың да, ертең жат болып кетер. Сен соның бірде-біріне қайғырма да, қамықпа. Өйткені оның бәрі уақытша. (Қол алысып.) Қош!
Ноян. Қош болыңыздар! (Кетеді.)
Илья. (Ноян кеткен жаққа). Абзал досым. Халқың үшін істеген еңбектің еш болмайтынын білмей, босқа қиналасың.
Сақатай. Илья Миронович! Сіз мені ұмытып кетпеңіз.
Илья. Жоқ, мен сіздің де сол Нояндай аяулы до сым болуыңызды тілеп отырмын.
Сақатай. Мені Ноянмен өлшесеңіз рақмет.
Илья. Талап бар да, талант бар. Сіздің талабыңыз тапқан идеяның жақсы екенін білемін, бірақ талап тапқан идея қанша жақсы болғанымен, ол әлі қорытылмаған кен секілді. Енді сол кенді қайната алатын талант керек. Сізді әр кезде бір қинап, әркімге бір жалындыратын сол талант.
Сақатай. Менің мұнан бұрын сәтсіздікке талай ұшырағаным рас, бұл сапар өзімнің дарынсыздығымнан сізге жалынғалы келгенім жоқ. Meн бұл сапар әрі өзіме сенімдімін, әрі сізбен одақтасуды ұсынған — өзіңіздің досыңыз Сәуле Қазыбекова. Тағы бір құпия сырды айтайын, ол менің жанымдай керетін жалғыз қызымды қиған болашақ құдағиым. Сондықтан ол мұндай үлкен достықты маған ғана істейді.
Илья. Сонда қалай? Сіздер балаларыңызды он жылдықты бітірместен үйлендірмексіздер ме?
Сақатай. Өтінемін, тісіңізден шығара көрмеңіз. Үйлендіру емес, жай атастыру ғана,
Сәуле келеді.
Сәуле. Рұқсат па екен?
Илья. А, Сәуле! Рұқсат, рұқсат. (Сәуленің қолынан сүйеді.) Қарағандыға келгеніңізге айдан асты, сонан бері адаспай қалай келдіңіз?
Сәуле (үй ішіне көз жүгіртіп). Жас кезімде әкелеріміздің осы үйде дәл мына бір жерде отырып, бірі домбырадан Күй төксе, енді бірі баяулата әндеткенін талай көрген едім де, екеуін кезек-кезек талай сүйген едім. Сондықтан келу де ауыр, келмеу онан да ауыр болды.
Илья. Әкелеріміздің достығы да осы үйде туыпты ғой, оны да ұмытпағайсыз,
Сәуле. Бұл үй — менің мәңгі ұмытпайтын үйім. Өйткені жар қызығын түңғыш рет те, соңғы рет те осы үйде көргенмін. (Ауыр оймен жүріп келеді де, қайта оралады.) Сақатай Алдиярович! Мен бұл кісінің сырқат екенін білмей, сізді мұнда қате жіберіппін. Сіздің ол ісіңізге өзім көмектесермін, қайта беріңіз! Тек, мен курорттан келгенше кешегі айтылған жерлерін жөндеп қойыңыз.
Сақатай. Мен тіпті оның әрекет ете алатын моделін жасата берсем қайтеді?
Сәуле. Оған әлі ерте. Таң атпастан күнді Күтпес болар.
Сақатай. Көп рақмет. Cay болыңыз, Илья Миронович!
Илья. Қош болыңыз! (Сақтай кетеді.)
Илья. Сіздің көзіңізде жас бар секілді, бұл не?
Сәуле. Бекер болар, мен көзімнің соңғы жасын 43-жылы Украина жеріне түгел төккенмін.
Илья. Дегенмен, әлі де бірдеңелер бар-ау.
Сәуле. Иә, бірдеңелердің бары рас, Илья Миронович! Тағдыр дегеніңіз қатал екен. Ол мені біресе аспанға лақтырады, біресе жерге тығады. «Аямай-ақ қой, жалығу жоқ» деп қайыспастан келіп едім, қалжырай бастаппын.
Илья. Тағдырға бас иетін сіз емес едіңіз ғой, қамықпаңызшы.
Сәуле. Өмір бойы тоналып келемін, тоналып келемін, қалай қажымаймын? Бір анадан туған екеу ғана едік, жалғыз інімді соғыс жұтты. Екінші бір туысым болып жүрген Темір болса, ол бір кезде өзімді қалыңдыққа атастырған адам еді. Әкелеріміздің сәби жанымызды қалыңмалмен атастырған құдалықтарын бұзып, біздер біріміз аға, біріміз қарындас аталып кеткен едік. Темірге қарындас болуды қалап алғанда сүйгенім—өзіңіздің досыңыз Нұрлан еді, соғыс оны да жалмап кетті, оның арманын өміріме талшық етігі мен қалдым.
Илья. Арманын дейсіз бе?
Сәуле. Иә! Оның арманы — адам баласын жер астының ауыр бейнетінен құтқару еді. Соның сол арманын арман еткен адам маған жан досымдай көрінуші еді. Жаңағы Сақатайды сол үшін, Нұрланның арманын арман еткені үшін ең жақын досымдай көріп құрметтеуші едім. Жанымның осы бір Күйіне түсінбеген Кемелов дейтін біреу бүгін сол талшығымды таптап кетті.
Илья. Кемелев?
Сәуле. Иә, сіздің дарынды шәкіртіңіз, батыр досыңыз Кемелов Ноян.
Илья. Сіз кекетсеңіз де дұрысын айтып тұрсыз. Шынында, оның жүрегі адал, дарыны мол екені рас. Сондықтан мен оны ете сүйемін,
Сәуле. Мүмкін, сіз оны дөкірлігі үшін де сүйетін боларсыз.
Илья. Дөкірлік бар да, мейманы жоқ батылдықты дөкір көретін ескілік те бар ғой. Сондайлардың шақпақ сөзіне алданып қалмаңыз.
Сәуле. Батылдықтың адалдықтан туатынын білемін. Кемеловтің өзіме айтылған ауыр сөздеріне қанша қынжылсам да, оның қиялының ұшқырлығына, ойындағысын тайсалмастан айтып салатын батылдығына қатты қызықтым. Сондықтан оның жүрегі адал, ойы батыр дегеніңізге сенемін. Ал, дарыны мол деуіңіз, кешіріңіз, мүлдем қате.
Илья. Сондай ойда екеніңізді жалған ғалымсымақтарға шабуыл жасаған бүгінгі бұйрығыңыздан байқағанмын. Ол сіз ойлағандай дарынсыз да, жалған ғалымсымақ та емес. Жалғандықпен жаны қас Жұмысшы. Сіз оны жұмысшы екен деп те кемсінбеңіз. Оның жұмыс істейтін орны тереңдегі забой болғанымен, өмірдегі орны жоғары. Сондықтан да сіздің бұйрығыңыздағы келемеждің сарыны оның бойына дарымайды.
Сәуле. Ол — бір ғана менің ойымнан туып, бір ғана менің қолыммен жазылған бұйрық емес, совнархоздың советінде қаралып, қабылданған нұсқау бойынша жазылған бұйрық. Сол себептен оны жеке менің ғана пікірім деп жеңіл қарамағайсыз.
Илья. Сіз ол бұйрықтың совнархоздың нұсқауына сүйеніп жазғаныңызбен, Кемеловтің чертежінің тағдырын жалғыз шештіңіз ғой.
Сәуле. Ондай чертеждің тағдырын кім болса да жалғыз шеше алады.
Илья. Әрекет ете алатын моделі жоқ бірде-бір комбайнның чертежі қабылданбасын дегеніңіз дұрыс, солай деп мана өзіміздің институтта да айтқан едім, жаңа Глазнов жолдасқа айттым. Тағы да айтамын, оныңыз өте дұрыс, тек ол үшін Кемеловтің комбайнын құрбан етуіңіз үлкен қиянат.
Сәуле. Менің сізге таңым бар, Илья Миронович! Егерде оның чертежі өзіме ежелден белгілі ескі комбайндардың құрағы екенін білсем, біле тұра қалай бүркеймін? Достықтың да шегі бар емес пе, сіз неге бүркейсіз?
Илья. Мен нені бүркеппін?
Сәуле. Дәл сіздің сондай ескі құрақтан ештеңе шықпайтынын білмеуіңіз мүмкін емес, оны біле тұра жақтасаңыз — бүркегендік емес пе. Мен сізден соның себебін білгім келеді.
Илья. Онда сол чертежді совнархоздың советіне салыңыз, сонсоң бүркеудің бәрі де өзінен өзі ашылады.
Сәуле. Дәл Кемеловтің чертежі үшін жұмсайтын бір минут уақытым да, бір грамм темірім де жоқ.
Илья. Сонда қалай? Кемеловтің чертежі тіпті ешқайда қаралмастан қала ма?
Сәуле. Оны тіпті чертеж деп атауды мұнан бұлай қойсақ қайтеді? Бірдеңе шықса, Сақатай Алдияровичтің чертежінен шығады, онанда соны қолға алайықта...
Илья. Онда арамыз тым алшақ екен, әуре болмай, тек мына бір жайды есіңізге салайын. Рас, сіз менің әкеммен бірігіп ең тұңғыш комбайнды жасасқан тәжірибелі адамсыз. Сол бай тәжірибеңізді қанат етіп Алдияровты ұшырсаңыз да, Кемеловтің алдына шығара алмайсыз. Кемеловтің комбайны жасалмай қалмайды. Қайда, қалай жасалғанын кезінде көресіз.
Сәуле. Менің сізге айтқалы келген тілегімнің бірі — Алдияров жолдасқа көмектесуіңіз еді, мен білетін кездегідей емес, көмек өзіңізге де керек болып қалыпты, енді мұнан әрі барыспай әзірше қоштасқанымыз жөн болар.
Илья. Әзірше дегеніңіз дұрыс.
Сәуле. Қош болыңыз. (Кетеді. Илья ауыр ойда тұрып қалады.) «Мен білетін кездегідей емес, көмек өзіңізге де керек болып қалыпты» дейді! Сол сөзді өзіне айтқаны жөн болар еді-ау. Иә, иә! Сәуле бұрынғы Сәуле емес. (Сырттан Темір сөйлей кіреді.)
Темір. Мынандай шалқасынан жатқан есікті көрмей қайда жүр, әлгі ұры-қары дегендер?! (Келіп Ильямен қол алысады.)
Илья. Заңымыз жұмсарған соң олар да жуаси бастаған ғой. (Орын ұсынады.) Жақсы келдің, отыршы.
Темір (отыра беріп). Заң қатаймай, бұзықтық жойылмайды. Бұзықтық жойылмай, коммунизм орнамайды. Сондықтан ол үшін қуанбай-ақ қой.
Илья. Қуану емес, мен өзімді қатты қынжылдырған бір әділетсіздікті айтқалы шақырдым.
Темір. Ол не?
Илья. Бәріміз бірдей табынып жүрген Сәуленің бүгін Кемеловтың комбайны жөнінде қандай әділетсіздік істегенін естідің бе?
Темір. Мен дәрменсіздікті болмаса, әділетсіздікті естімедім.
Илья. Қандай дәрменсіздік?
Темір. Сендер өздеріңнің қолдарың жеткен іске Сәуленің көзін жеткізе алмай дәрменсіздік етіпсіңдер.
Илья. Егер Сәуленің бұл тақырыпта тіпті сөйлескісі келмесе, көзін қалай жеткіземіз.
Темір. Онда совнархоздың басқа басшылары қайда? Обком қайда?
Илья. Олар Сәулені комбайнның құдайы көретін секілді, Мысалы, мен Сәуленің бұйрығына өзімнің наразы екенімді айтып едім, совнархоздың бастығы мырс етіп «Наразы емес, разы шығарсыздар. Сол бұйрығы үшін Сәулеге алғыс айтыңыз»,— деді.
Теміp. Енді не істемексіңдер? Мені не үшін шақырдың?
Илья. Мен сенің орныңда болсам, комбайнның әрекет ете алатын үлгісін жасап, сартылдатып қояр едім де: «Кел, жолдас Қазыбекова, кел де көр, қандай қиял екенін»,— дер едім.
Темір. Түсіндім көмейіңді. Мен машина жасайтын заводтың директоры емеспін, онан хабарың бар шығар.
Илья. Бар, сенің автоматизацияға арнап ашқан лаборатория мастерскойың мұндайды ешбір заводтан кем жасамайды, онан да хабардармын.
Темір. Ал оның келесі жылға дейін бос бірде-бір минуты жоғынан хабарың бар ма?
Илья. Жеті жылдықты бес жылда орындау үшін барлық Күшіңді түгелдей автоматтандыруға жұмсап жатқаныңды білемін, біле тұра тілеймін.
Темір. Оны біле тұра мені бұлай қинама.
Илья. Егер сені қинаудан басқа амалым жоқ болса қайтемін? (Көрші бөлмеден телефон шылдыры естіледі.) Міні Кемеловтың сол чертежі, таныса бер. (Телефонға кетеді.)
Темір (чертежды ашып үңіле бастайды. Бірте-бірте қызыға қарап, ауық-ауық алысқа ой жібереді.) Мынаның түр-сипаты мүлдем кесек екен ә! Мүмкін болса мұны үйге ала кетіп, кеңірек танысқаным жөн болар.
Илья (қайта келеді.) Темір, телефонға.
Темір. Қайдан?
Илья. Обкомнан дейді, кім екенін сұрағаным жоқ. (Темір кетеді, Илья Күлімдеп.) Жігітсің, Дидар, жігітсің! Дер кезінде жетіпсің. Тоқта, тоқта... Глазнов жолдастың Темірді бұлай іздей қалуы манағы бетінен қайтқанын байқатады. Сірә, (чертежға көз тастайды.) Сені жарыққа тезірек шығарудың жолы енді табылған болар. (Темір қайта келеді.) Ол кім екен?
Темір. Жолдас Глазнов. (Ойына әлдене түскендей.) Осы сендер мені қоршауға алғаннан саусыңдар ма?
Илья. Біреулерге жалынып, енді біреулермен айтысып уақыт еткізгеннен гөрі сені қинап, тілекке тезірек жеткенді мақұл көрдім. Шынында, Сәуленің әрекет ете алатын үлгіні талап етуі заңды. Онымен сол үлгіні жасап алып айтысайық, сен осыны ал да, тез жаса. (Чертежды ұсынады.)
Шымылдық
ЕКІНШ ПЕРДЕ
ҮШІНІШ сурет
Терезесінен жасыл жапырағы мол, көк алмасы жамырай сығалаған бөлменің ішінде Темір жалғыз. Ол қолындағы екі жапырақ қағазға ойлана қарап, жазу столының басында отыр. Алдында Илья берген чертеж жаюлы жатыр.
Темір (ойлана сөйлеп). Ноян! Дидар! Сөзі достай жақын, сыры жаттай алыс, бұлар кім? О заман да, бұ заман, бейтанысын үйлену тойына шақыру болған ба? Жоқ болған да, болмақ та емес. Ендеше, бұл қалай? (Есік жаққа қарап дауыстайды) Зүлфия! Зүлфия! (Көзінде көзілдірігі бар, 16—17 жасар Зүлфия жорғалай басып жетіп келеді. Темір қолындағы билетті оған көрсетеді.) Мынаны әкелген қандай адам?
Зүлфия (көзілдірігін анда-санда бір қозғап қойып). Кәдімгідей өзінің екі аяғы, «Волгасының» төрт аяғы бар, ағылшын тіліне судай, кәдімгі шофер.
Темір. Ағылшын тіліне судай екенін сен қайдан білдің?
Зүлфия. Мен «Абай» романының ағылшын тіліндегісін оқып отыр едім, ол соны көріп ағылшын тілінде: «Папаң мен мамаңа сәлем айт, келмей қалса өкпелеймін»,— дейді.
Темір. Мамаңды шақыршы.
Зүлфия кетісімен бүйірдегі есіктен Сымбат күле сөйлеп кіреді.
Сымбат. Шалым-ау, жақындасам алыстағыдай көрмейсің, алыстасам іздей қаласың, бұл не сырқат?
Темір. Бұрын «жаным... жалыным» аталатын Темір енді «шалым» деліне бастады, ә?
Сымбат. Сол бес әріптің соңғы екеуіне де зар боласың әлі.
Темір. Ол екеуіне зар болу үшін тоқсанға жетуім керек. Қырық бес жыл бұрын сәуегейленбей мынаны айтшы. Бізді тойына шақырып отырған мына белгісіз достарымыз кім?
Сымбат. Меніңше, ол барып тұрған жағымпаз біреу.
Темір. Мына бір хатына қарасаң, олай деуге қимайсың.
Сымбат (хатты алып оқиды.) «Қымбатты Темір аға Meн сіздің өзіңізге мәлімсіз көп достарыңыздың бірімін. Екі рет келсем де бірде-біріңізді кездестіре алмай, билетті Зүлфия қарындасыма тапсырып кеттім. Адам өзін көрмейді емес, бірақ өзінің қандай екенін толық білген де емес қой. Мені білмеулеріңіз сондай-ақ болсын, жатсынбауыңызды өтінемін.
Сізді зор құрметтеуші ініңіз Ноян». (Сымбат хатты оқып болады да, ойлана сөйлейді.) «Адам өзін көрмейді емес, бірақ қандай екенін толық білген де емес». Тап осы сөзі үшін өзін көруге болар еді...
Темір. Кім болса да бара көрейік, сыйлығың мытым болсын.
Сымбат. Мен ондай азап артып жіберетін той-думанға мұнан былай бармаймын.
Темір. Азап артқаны қалай?
Сымбат. Соңғы кездегі той-думандар мені қатты шошытып жүр.
Темір. Неге?
Сымбат. Сондықтан ондай тойға өзім де бармаймын, сені де жібермеймін.
Теміp. Е, думан сайын менімен билей жөнелетін бикештерді осылай жазаламақ екенсің ғой. Онда үйден шықпай өзіңмен ғана билейін. (Сымбатты үйіре жөнеледі.)
Сымбат. Бикештерді емес, қайдағы бір жылмиған жылым-құрттарды сенің маңайыңнан көбірек көретін болып жүрмін, ал сен ондайлардан жиіркенудің орнына рақаттанып: «көрдің бе, байыңның қандай құдай екенін» Дегендей көзіңнің қиығын маған былай паңдана тастайсың.
Темір. Бекер! Тіптен бекер! Жұрт мені мақтаған кезде сенін, шаттанып, екі бетіңнің албырағанын талай көргенмін.
Сымбат. Иә, ұяттан бетімнің талай қызарғаны рас.
Теміp. Ұяттан?
Сымбат. Мен орынсыз мақтанғаннан, орынды ұрылғанды артық көремін де, жалғампаздар сенің алдыңда бұлаңдап тұрған кезде жерге кіре жаздаймын.
Темір. Солай де... Басқа әйелдер байының мақталып, мерейінің көтерілгеніне қуанса, сен қайғырамын де.
Сымбат. Орынсыз мақтау мерейді көтеру емес, құлату, сол себепті қайғыратыным рас.
Темір. Жоқ, ақылшым. Мен мың жыл қарға болғаннан бір Күн бүркіт болғанды артық көремін, бүркіт, бүркіт... (Күле сөйлеп Сымбаттың бетінен сүйеді.)
Сымбат (аңырып, сәл кідіреді де). Бір кезде бүкіл елді сүйіндірген қыран, бұл Күнде өзі өзіне арман.
Темір (бір қолымен құшақтап). Ақылдым менің, бірақ осы сапар ақылың аяғыңның басына түсіп кетті. Мен саған қарағанда: «Көрдің бе, байыңның қандай құдай екенін!»— деп емес...
Зүлфия (есіктен). Мама, бір қыз сені сұрайды.
Сымбат. Қайда.
Зүлфия. Менің бөлмемде
Сымбат. Жібер, осында келсін. (Зүлфия кетеді, аздан соң Дидар келеді. Ол кіре ернін жыбыр еткізеді, не дегені естілмейді. Сымбат оның жерден көтерілмей тұнжырағым көзінен әлденені ұққандай сұқтана қарайды.) Хош келдің, сіңлім! (Дидар басын сәл иеді де, үндемейді.)
Темір (орындық ұсынып). Шаршағандай түрің бар екен, отыршы, қалқам! (Дидарда әлі үн жоқ.)
Сымбат. Мен білсем, осы қыз мылқау.
Дидар. Иә, жеңеше! Келген осы келісім де, айтқалы келген тілегім де сіздерге мылқау көрінуі мүмкін, сол себепті алдын ала кешірім өтінемін. Әсіресе, сізден өтінемін, ардақты Темір аға! Сізден де өтінемін, аяулы Сымбат жеңге.
Сымбат. Жаралы жандай үні зарлы кім едің, жарқыным?
Дидар. Рас, тілеп, алған дертіне ем таппай, жаралы жүрген бір жанмын, тәтежан! Атым—Дидар, өмірімді өкініште қалдырған дертімнің аты — Ноян.
Темір (стол үстінде жатқан жаңағы билетті ала салып, оған бір, Дидарға бір қарайды). Кім дедің?
Дидар. Ноян дедім, ағажан! Кемелов Ноян дегенді естуіңіз бар болар.
Темір. Е... сол ма еді?.. Басқасынан бихабар болсақ та, өзімізді тойына шақырғанын білеміз. (Қол ұсынады.) Тойларың тойға ұласып, достарың молая берсін.
Дидар (қолын ұсына бере кейін тартып). Жоқ, ағажан, тебірендірген тілегіңізге рақмет. Бірақ... ғафу етіңіз, ол той жасалмастан тарқалған-ды.
Темір . Жасалмастан тарқалғаны қалай?
Дидар. Ол той жасалмайтын болған-ды.
Темір. Неге?
Сымбат. Оны несіне ежіктейсің? Бейтанысын тойға шақыру — есі саудың ісі емес екенін әлі сезбей тұрсың ба?
Дидар. Есіміз де, деніміз де сау, жеңеше. Сіз бен біз болмасақ Темір ағай ешкімге бейтаныс емес, баршамыздың жүрегімізде.
Сымбат (әзілмен). Мүмкін, ғашық та шығарсың?
Дидар. Ғашық болмасам жүректе екенін айтпас едім ғой.
Сымбат. Қашаннан бері?
Дидар. Соғыстың сонау ауыр жылдарынан бері. Ол кезде мен бірінші кластың оқушысы едім, қазір инженер-маркшейдермін, әлі ғашықпын. Бүгінгі біздер ғана емес, ертеңгі ұрпақтар да ғашық. Өйткені, халық махаббаты жас пен дәуірді талғамайды. Оған ие болған адам — бар ұрпақтың ғашығы, сүйікті замандасы.
Темір. Бекер айтасың, қарындасым! Халық махаббатын шын қадірлейтін адам—ең алдымен өз махаббатын қадірлейді. Өз махаббатын қадірлейтін адам — өз тойын өзі бұлай талқандамайды.
Дидар. Егер махаббатты көздің жасына тұншықтырсам, қадірлеген болар ма едім?
Темір. Шын махаббат теңізге де тұншықпайды. Бері таман кел де, мына бір жатқан чертежға көз салшы.
Дидар (жақындап келіп, көз жүгіртеді де, мырс етіп). Осындай өлмейтін еңбегі бар адамды қалай қиясың дейсіз ғой. Жоқ, ағажан, махаббат жоспарын. орындағандарға берілетін сыйлық емес.
Темір (Күлімсіреп). Сұрауды теріс ұқсаң да, жауабың ете ақылды.
Сымбат. Эх, қыздар! Қыздар! Өздеріңе де обал жоқ. Көре сала көз сүзісіп, таныса сала жабыса кетесіңдер, біріңді бірің бір жыл бойы сағына, зарыға жүріп сынасаңдар, қалған өмірлеріңнің тәтті ететінін білмейсіңдер.
Дидар. Өзіңіз қайткен едіңіз?
Сымбат. Мен өз тәжірибемді айтып отырмын.
Темір. Онысы рас, мен мұның бір жыл кандидаты болғанмын. (Телефон шылдырлайды.)
Сымбат (телефонда). Иә, мен! Муза! Амансыңдар ма? Илья Миронович қалай? Қайда? Әлі үйде ме? Кешегі уәдесі қайда? Қазір барамын, қазір. (Асығыс кетеді.)
Темір. Илья Миронович маған Ноянның досы бүгін аз, ертең ұшан-теңіз деп еді, мына еңбегімен таныса келе, сол ойға мен де бекіндім. Ондай адамды жоғалту— өзіңді жоғалту емес пе, қарындас?
Дидар. Мен өзімнен көрі сізге көбірек сеніп келдім. Оның келешегінің кілті сіздің қолыңызда. Егер сіз қолыңызға алмасаңыз, оның мына еңбегі де отқа жанғалы тұр. Осы еді менің сізге айтқалы келген тілегім.
Темір. Тілекке тілек. (Қол ұсынып.) Оның қанаты— екеуміздің өзіне деген достығымыз бен махаббатымыз болсын десем не дерсің? (Зүлфия келеді.)
Зүлфия (сыбырлай сөйлеп.) Папа! Батыр бастық келе жатыр.
Темір. Батыр бастығың кім? (Әзілдеп.) Мен бе?
Зүлфия. Жоқ сен кешегі батыр ұшқышсың, бүгінгі батыр — ана келе жатқан Сайран Шомбалович.
Темір (бір қолымен құшақтап қыса). Кешегі мен бүгінгі! Балам-ай, мына сөзің батып кетті-ау.
Зүлфия. Ауыр тисе кешір, папа (Әкесінің бетінен сүйеді.)
Темір. Сен өте ақылды сөз айттың, ақылды сөз қанша қатты айтылса Да ауыр тимейді. Шынында, мен жер астында аспандағыдай самғай алмай жүрмін-ау! (Қызының екі көзінен кезек сүйеді.) Бар, қонағыңды қабылда. (Зүлфия кетеді.) Сенімен сөзім біткен жоқ, кетіп қалма.
Дидар (есік көзіне жете бере тоқтап). Менің енді айтарым жоқ секілді. Қош болыңыз! (Кетеді.)
Темір. Өзін сүймесе де, еңбегін сүйеді, а? Бұл бір жаңа салт, жақсы нышан екен. (Маң-маң басып Сайран келеді. Омырауында алтын жұлдыз жарқырайды.) Шақырғанда найқалып, зорға келетін батыр-ау, сені мұнда айдап келген қандай құдай?
Сайран. Құдай көп, Сайран жалғыз, қайсысы жеңері белгісіз.
Темір (орын ұсынады). Отыр!
Сайран. Рақмет. Кешеден бері қайнай-қайнай қаным ұйып қалыпты, біраз салқындатып алмасам болатын емес.
Теміp. Бүгінгі демалысың жайсыз басталған ба, қалай өзі?
Сайран. Кешегі өзім асыраған текешіктер бүгін басыма ескіріп, төбеме ойнақтаса, көрде жайлы жата алмаспын.
Темір. Жаныңды сонша қинаған азаптың не екенін білуге бола ма?
Сайран (креслоға отыра бере). Өзің салған азапты өзің қалай білмейсің?
Темір (аңырып). Мен бе сені азапқа салған?
Сайран (сұрлана түсіп). Менің көлгірлікті сүймейтінімді білуші едің ғой.
Темір. Білемін, сол қасиетің үшін құрметтейтінмін. Ал сен менің ешқандай жалаға төзбейтінімді жақсы білетін шығарсың?
Сайран. Жала! Мен бе жалақорың?
Темір. Сені біреулер қатты шатастырған секілді, азырақ ойланғаның жөн болар.
Сайран. Қашанда жадыңда сақта! Сайранды шатастыра алатын адам дүниеге әлі келген жоқ!
Темір. Мына түріңе қарағанда, ондайлар дүниеге топ-тобымен келіп, сені алдақашан қоршап алғанға ұқсайды, ойлан!
Сайран. Рас, сенің маған қарсы құрған сондай жасырын жасақтарың барын, олардың мені қоршап алғанын аңғал басым кеше кештен бері ғана сездім.
Темір. Кеше кештен бері алжасудамын десең дұрысырақ болар.
Сайран. Түкірдім, ондай сәуегейлігіңе.
Темір. Сірә, сыйлаудың да шегі барын ескергенің жон болар.
Сайран. Сыйлағаның — бетімді тырнатып, аяғымнан шалдыру болса, құрт, жесін ондай құрметіңді.
Темір. Олай деуге дәлелің қандай?
Сайран. Өзіңнің партактивтегі сөзің өз алдына, Кемелдің Ноянын соңыма салып қойып, екі мың жұмысшының алдында намысымды кешегідей таптатқаның аз ба?
Темір (мырс етіп). Онда, сен мынаны айтшы: егер де мен Кемелов дегеннің кім екенін білмесем, өмірімде бірде-бір рет көрмесем, манадан бері жаққан күйеңді қалай кетірмексің?
Сайран (Темірдің өн бойына көз жүгіртіп). Осы тұрған, мына сен, мінезінің жамандығынан бұрнағы жылы көмір зерттеу институтынан қуылған Кемелов Ноянның кім екенін білмейсің ә?
Темір. Еліміздің сондай бір аяулы ұлы бар екенін жаңа ғана, осы сен келердің алдында ғана білдім. Ол — омырауындағы жалғыз жұлдызды жарты ғасыр бойы азық еткісі келетін кейбіреулердей емес, өзі болашақтың жұлдызы болатын адам секілді.
Терезеден Сәуленің даусы естіледі.
Дауыс. Темір аға, барсыз ба?
Темір (терезеге жетіп барады). А, Сәулеш! Көрінбейтін көршім, өзің барсың ба? (Қарсы алуға кетеді).
Сайран. О, аңқау басым! Мына екеуі әлі жақсы екен ғой.
Сәуле (сөйлей кіреді). Не істеп отырсыз?
Темір. Бір үлкен сайысқа әзірленіп жатырмын,
Сәуле. Кіммен сайыспақсыз?
Теміp. Сенімен.
Сәуле (Сайранға аңыра қарап). Сайран! Сені бұл үйден көргеніме қуансам ба екен, қайғырсам ба екен? (Қол алыса бере.) Қысылмай-ақ қой әзіл ғана менің айтып тұрғаным.
Сайран. Әрине, әзіл. Шын болса, менің кім болғаным.
Темір (Сәулеге). Жүдеп кетіпсің. Қарағанды ауырлау тиіп жүр ме?
Сәуле (отыра бере). Қарағандының қуантары да, қынжылтары да көп екен. Бүгінгісін өткендегісімен салыстырсаң — қуанасың да; келешегімен салыстырсаң — қынжыласың. Ол — ұзаққа кететін арпалыс, онан да өз хәліңізді айтыңыз.
Темір. Қиялымыз шындыққа айналды, арманымыз — алақанда, хәлдің қандай екенін сонан өзің байқай бер.
Сәуле. Қарағандыда ақылдан ақша Күштірек деуші едіңіз, қалтаңыз қалай, қалыңдады ма?
Темір. Шахтаның қайта құрылысы үшін сұралған отыз миллионнан отыз тиын тиген жоқ, қайдан қалыңдайды.
Сәуле, Отыз миллионға кеше қол қойдым, Сізге әрі соны айтып, әрі бір жұмыстар сансыра кеткелі келдім.
Темір.. Қайда кетпекші едің?
Сәуле. Курорттан бұрын Украинаға баратын болдым, бүтін жүремін.
Темір. Онда не бар?
Сәуле. Нұрланның басына орнатылған ескерткіштің ашылар салтанатына шақырыпты.
Сайран. Қайырлы болсын.
Темір. Онда отыз миллионыңа отыз миллион рақмет. Сапарың сәтті, демалысың тәтті болсын.
Сәуле (Сайранға). Біздің ағай тым тәттілеп жіберген жоқ па?
Сайран. Оның екі есебі — бір есеп. Жоғарыдағы сіздерге тәттілеп жіберсе, төмендегілерге ащылап жіберетін әдеті.
Сәуле. Сен Америкада жүргенде бұл әріптесің өз шахтасынан Америка ашты ғой, оны қалай дейсің?
Сайран. Америка? Нендей?
Сәуле. Аты — автоматтық лаборатория. Ісі — заводтың ісі. Келешекте өз шахтасына керекті техниканың барлығын сол өз мастерскойында өзі жасамақшы. Бұл қалай? Ащы ма, тәтті ме?
Сайран. Комбайнды ма?
Сәуле. Бәрін де.
Сайран. Қиялдың қиялы екен.
Сәуле. Қиял екен деп қапы қалма. Әріптесің жетіжылдықты төрт жыл төрт айда орындағалы отыр, артта қалып қойма.
Темір. Кемеловтың мына комбайны біткеннен кейін артымызда қалмаған бірде-бір шахта бола қоймас дүниеде.
Сайран. Кемеловтың комбайны дегені — сіз қабылдамай тастаған шатпақ.
Сәуле. Ол шатпақ емес, комбайн да емес. Музейде жатқан ондай ескі құрақты қанша шебер құрастырғанмен, болашаққа сай құрал бола алмайды.
Сайран (Темірге). Міне, бір сенен басқаның бәрінің де айтары.
Темір. Сайран, менің сенімен әңгімем бітті, сағат бестің кезінде де, қонақ асыңды жеп кет.
Сайран (шамданып). Келесі жылы келермін. (Сәулеге қол ұсынып.) Сау болыңыз. Жақсы дем алып, аман қайтуыңызға тілектеспін.
Сәуле. Өзің де cay бол! Саулықтың үлкені — қатардан қалмау болсын.
Сайран. Өзгеден қалсам да, дәл мына Темірден қала қоймаспын. Қош болыңыз! (Темірге.) Сен де қош бол, әріптесім! (Кетеді.)
Темір. Қош-қош!
Сәуле. Қадірлі аға! Қулағым сізде, менімен не үшін сайыспақ едіңіз?
Темір. Ағат айтсам кешірме, тек ашың айт. Кемеловтың комбайны жөніндегі үкімің әділдіктен неге алшақ?
Сәуле. Қандай алшақ?
Темір. Оның комбайны сен айтқандай емес қой.
Сәуле. Енді қандай?
Темір. Илья айтқандай.
Сәуле. Сіз оған табына бермеңіз.
Темір, Менің табынарым ол емес, сен едің, осы салар айнығалы турмын.
Сәуле. Еркіңіз! (Сағатына қарап.), Менің жүретін уақытым болып қалды. Сіз курортқа келеріңізде бүкіл комбинат бойынша жарты жылдықтың қорытындысын ала келіңізші.
Темір. Менің курортқа бармай қалуым да ғажап емес. Иә, ешқайда бармаймын.
Сәуле. Неге?
Темір. Мен өзіміздің шахтының мастерской-лабораториясында емделемін.
Сәуле. Түсінбедім.
Темір. Мен сенің жанағы бір сөзіңнен кейін өзімнен өзім қатты қорқып қалдым.
Сәуле. Қалайша?
Темір. Сонша қателесуіме қарағанда, есім сау емес секілді. Алдымен соны өзім тексеріп алғым келеді. Ол үшін сол комбайнның әрекет ете алатын үлгісін жасаймын да, егер ол сен айтқандай болып шықса, курортты қойып жындыханаға барамын.
Сәуле. Темір аға, сіз бір кезде жеті мың метр биіктіктен танылған едіңіз-ау жақындаған сайын бұлыңғырланып барасыз ба, қалайсыз?
Темір. Көне дүрбімен қарасаң ай мен Күн де бұлыңғыр көрінеді.
Сәуле, Бұлт басса, дүрбінің жадасымен де көру қиын ғой.
Темір (суық түспен). Мұндай құрметіңе рақмет, қарындасым.
Сәуле. Дұрыс түсіне көріңіз. Мен сізді қашан болса да жас көзіңіздей биіктен ғана көргім келеді.
Темір (қайта жадырап). Ол күндер алыстап барады-ау. Шіркін, сол бір шақ! Сенімен ең алғаш танысып, сыр ашысқан күндер! Ол кезде мен майданнан демалысқа келген жаралы ұшқыш едім де, сен институтты сол жылы бітіріп Москвадан келген жас инженер едің-ау, есіңде ме?
Сәуле. Бәрі, бәрі де есімде. Сіздің: «Өмір мен өлім айқасында, жеті мың метр биікте жүріп, жау самолетіне атқан түңғыш оғымды да, кек жүзінде жараланып жүріп жауға атқан соңғы оғымды да «Отаным үшін. Сәулем үшін!» деп атқанмын. Көктен құлап, естен танып жатқанда да «Сәуле, Сәуле» деп жатқанмын. Өткен өмірімнің өткеліне көз салсам, нелер асулардан асыппын, соның бәрінен ең алғаш алып ұшқан қанатым сен екенсің, ойласам. Енді қанатым қиылған болса, қайда барып құламақпын?»— деп зарлағаныңыз да есімде.
Темір. Рақмет. Сол бір айтылған жан сырын жиырма жыл бойы жадыңда сақтап келгеніңе рақмет. Ал, өзіңнің сол күні, сол сәтте менің алдыма тізеңді бүгіп: «Жандай жақын жары бар, жардай қымбат досы бар, бақытты бір жан болайын, өмір бойы құрмет тұтып, аға деп өтейін, беріңіз осы тілегімді»,— деп жалынғаның есіңде ме?
Сәуле. Есімде. Бәрі де есімде, Темір аға!
Темір. Рақмет, бауырым! Менің сенен естімегім осы еді. Сен сол күннен бастап жиырма жыл бойы мені аға деп келдің. Егер сол аға деуің алдау болмаса, бір сапар бұйрығыңды бұзуыма рұқсат ет. Самолеті оққа ұшып, өзі парашютпен жау жеріне түскен досымды ажалдан құтқару үшін қандай ұмтылсам, мына бейтаныс досым Кемеловке де сондай ұмтылып көрейін. Ол үшін жарты тиын ақша, жарты жапырақ атақ тілемеске уәде етейін.
Сәуле. А, сіз өткен күнді сол үшін елестетіп тұр ма едіңіз? (Сәл ойланып.) Жоқ, ағажан, қанша елжіресем де, есім орнында. Мақтанғаным емес, қандай чертеждан қандай жеміс шығатынын сізден көрі мен жақсы білемін, сондықтан ол үшін мені қинамаңыз. Өр кеудеңіз қанша күшті болғанымен, келешектің есігін аша алмайды, соны ойлаңыз да, өзіңізді де қинамаңыз.
Темip. Асқақ сөйдеп, кесіп айтады екенсің, қарындасым.
Сәуле. Мен саясатты азық етіп, әйел бостандығын мансапқа басқыш етіп жүрген әлдекім емеспін. Кесіп айтсам — білгендіктен айтамын, біліп айтқан сөзімді қайтып алған емеспін, әлі де сол: айтқаным айтқан, Кемеловтың комбайны — ескі қиялдың құрағы, оған әуре болмаңыз. Сіз өзгеге үлгі болар өте ізгі істер істеп жатқан адамсыз. Арзанға алданып, қымбаттыңызды қор етпеңіз! (Қол ұсынып.) Қош болыңыз!
Темір (қолын босатпастан). Қайсымыз екені әзір белгісіз, әйтеуір екеуміздің біріміз алданудамыз. Тіпті бүкпей-ақ айтайын, алданушы мен емеспін, сенсің, жан қарындасым. Мен сол Кемелов дегеннің жүзін әлі көргенім жоқ, танымаймын. Бірақ мына еңбегін таныдым. Сондықтан, мен бұл үшін кіммен болса да тамтығым қалғанша алысамын. Келешектің есігін сен айтқандай ор кеудемен емес, заманым берген өршіл өнеріммен ашамын.
Сәуле. Тілектеспін! (Кетеді. Телефон шылдырайды.)
Темір (телефонда). Темір ағаңның өзі тыңдап тұр. Бұл кім? А, Сақатай Алдиярович. Аманшылық па? Өте жақсы... Иә, Кемеловті ма? Естуім бар. Егер еңбегі ұнаса, өзінің ұнаған-ұнамағаны мен үшін сөз емес. Бекер айтасыз, жақсы еңбек жаман адамнан тумайды. Осының бәрі сізге не үшін керек? Жоқ, совнархоздың өзімен де, Сәулесімен де сол үлгіні жасап алып кездесемін. Мен сізден қашан көмек сұраған едім? Онда көмегіңізді сұраған Кемеловтың өзіне беріңіз! (Телефонды тастай салады.)
Аздан соң Ноян келеді. Оның жүзінде ұялудың азабы бар.
Ноян. Саламатсыз ба, Темір аға! Сіздің бейтаныс досыңыз Ноян Кемелов дейтін мен боламын.
Теміp. А, жұмбақ досым, хош келдің. (Орын ұсынып.) Отыр. Немене, тағы да тойға шақыра келдің бе?
Ноян (тізесін бүгеді де, қайта түрегеледі). Ол той менің кінәмнен кейінге жылжып кетті, сол үшін кешірім өтінгелі келдім.
Темір. Кешірім сұрамай-ақ қой, інішегім, мен сенің тойыңа бармайтын едім.
Ноян (кенет суып). Неге?
Темір (үнемі бар лай қарайды). Неге екенін ашық айтсам—саған ауыр; алдасам — өзіме ауыр, қайтсем екен?
Ноян. Темір аға! Мен сізге ашық айтайын, есіркесеңіз қорлағаныңыз. Ашық айтқанымды сөкет көрсеңіз — оған кінәлі өзіңіз, өйткені мен сізді үлгі етіп өскен адаммын. Мен де сіз секілді жастайымнан жетім қалып, әмірді екеумен бастасам да, Күресумен өткізін келемін, тек сіздей емес аңғалмын. Сол аңқаулығым—тойымды бұзып ұятқа қалдырған, Мен Дидар дейтін қызды өзімдей көріп, екеуімізді бір адамбыз деп білуші едім, олай болмай кетті. Мен үшін ең ауыр осы. Сондықтан қанша қатты айтсаңыз да көтере аламын, не болса да ашық айта беріңіз.
Темір. Алда аңқау батырым-ай, ә! Немене, Дидар сені алдап тастап біреумен кетіп қалды ма?
Ноян (қайсарланып). Темір аға, сіз мені бейшара достарыңыздың бірі көріп отырған жоқсыз ба? Ондайларға сіз өте байсыз ғой.
Темір. Иә, баймын. Солардың ішінде сенің мына шатпағыңды сынауға жарайтын біреуі жоқ.
Ноян. Шатпақ! Ол не? (Столға жақындап чертежды көре сала сұрланып кетеді.) Бұл сізге қалай келді?
Темір. Совнархоздың қаулысын әзірлеу үшін Сәуле апайың маған тастап кетті. Тойы да бара алмауымның негізгі себебі осы.
Ноян:. Ол қаулыны не деп алмақсыздар?
Темір. Не деп алынатыны Сәуленің бұрнағы күнгі хатынан белгілі болған жоқ па?
Ноян. Өзіңіз мұнымен таныстыңыз ба? Жоқ, әлде сол сұлу апайдың айтқанын заң көріп отырсыз ба?
Темір. Танысқанда қандай! Мен мұны Алдияровтар жасап жатқан комбайнның жобасымен де салыстырдым.
Ноян. Иә, ол қандай екен?
Темір. Оған қарағанда сенің мынауың түк емес.
Ноян (қатулана түсіп). Өзіңіз мұндайдан ештеңе білуші ме едіңіз?
Темір. Сен ғұрлы бірдеңе білемін.
Ноян. Қорламай сөйлесеңіз қайтеді?
Темір . Жарылып кетсең де сенен кеммін дей алмай.
Ноян. Найзағайдай жалт етесіз де. сөнесіз. Ол ненің оты? Неге жанды, жаңа сала неге сөнді? Түсіне алар емеспін, тезірек кеткенім жөн болар.
Темір (оны шамдандыра түскісі келіп). Кетсең де менің аяғымды құшақтап жалбарынып кет, әйтпесе мына комбайнын. қараң қалғалы тұр.
Ноян. Жалыну салтымда жоқ еді, сіз үшін анадан қайта туармын, соған дейін қош болыңыз! (Кете барады.)
Теміp. Келешектен келген қарлығаш екен десем, өзіңе мәз болып жарбақтаған жапалақ екенсің бара ғой.
Ноян. Кешіріңіз, мен адасып келіппін! (Ызалы кетеді.)
Темір (Күле сөйлеп). «Адасып келіппін» ха-ха... Еңбегіңді сүйе тұра, өз мінезіңді өзіңе жұмсадым, әзірше бара тұр, бауырым. Өзін. кімім болсаң ол бол! Сәуле ие істесе ол істесін, бәрібір мен сол комбайнның моделі емес, өзіңдей үлгісін жасармын, иә!
Шымылдық.
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Төртінші сурет
Заводтың кішігірім бір цехына ұқсас, әр жеріне әртүрлі станоктар қойылған кең зал. Сол залдың қақ. Ортасында комбайнның әрекет ете алатын үлкен үлгісі тұр. Алыстан станоктардың зырылы, балғалардың, гүрсілі естіледі.
Перде ашылғанда сахнада жан жоқ, бірақ комбайн өзінен өзі ілгері-кейінді жылжып тұр. Аздан соң комбайнға жалғасқан екі тармақ сымды саусақтарына орап Ноян келе жатады. Ол оралған сымды қалтасына салады да, комбайнға ойлана қарап тұрып қалады
Ноян. Алыстағы арманыңның бірі Дидар, екіншісі сен едің. Алыса-жұлыса жүріп саған жеттім. Дидарға қашан жетермін? (Кенет басқа ойға түсіп.) Бірақ Сақатайдың телефонмен айтқан жаңағы бір хабары мені сенен тағы да айырғалы тұр-ау. Ол маған: «Сәуле келе жатыр, қуана бер, ар жағын ішің білсін»,— дейді. Сонда қалай, мұның қабылданғанына мәз болып үндемеуім керек пе, не істесем. екен? (Дидар келе жатады. Ноян ұмтыла бере тоқтайды.) Дидарым-ай! Қиял көгін жалғыз кезіп, құлазыған күйде тұр едім, жақсы келдің-ау.
Дидар. Мен сенің көз алдыңнан ғана жоғалдым деп жүрсем, жүрегіңнен де қуылған ба едім?
Ноян. Сені қуса жүрегімнің тас болғаны да. Ондай тасты жұлып алып лақтырмай, кеудемде неге сақтаймын? Соны есіңе ал да, ашумен айтқан сөзімді кешір, кешір, жаным.
Дидар. Онда жаңағы айтқан жалғыздығың не? Әлде Илья Миронович пен Темір ағадан да айырылдың ба?
Ноян. Жоқ, қайда жүрсем де бірге болып, бүгінгі мына жеңіске менімен бірге жеткен де солар.
Дидар. Сен жеткен бұл күнге барлық налу, ауыр аңсауларды арқалаумен жеткендерді ұмытсаң да, Сақатайды қалай ұмыттың? Ол да сен қуансаң бірге қуанып, мені сағына қалсаң да бірге сағынып, тіпті мына комбайнды да бірге жасасқан жоқ па?
Ноян (ойлана сөйлеп). Дидар! Сенің мына сөзіңде бір кекесін бар секілді ғой.
Дидар. Кекесін ғана емес, кек бар. Өзің өмір бойы жауласып келген жәдігөйлікпен достасып кеткенің үшін саған да, сені адастырған Сақатайға да кектімін.
Ноян. Егер ондай кінәлі болсам өтінемін, аяма да, ешқандай кешірім жасама. Совнархоздың бүгін сағат төртте болатын советіне кел де, маған айтар барлық кекті сөзіңді жасырмастан сол жерде айта гөр.
Дидар. Ол советке шақырылмасам да келемін. Саған айта келген тілегім; әлдекімдердің, алдауына түсіп, достарыңның өзіңе деген махаббатын таптама. (Жүріп кетеді. Ноян ауыр ойда отырып қалады. Дидар аулақта, өзіне сөйлейді. Не радиомен беріледі.) Өзімді өзім қанша қинасам да, саған айтар сөзді табалатын емеспін, Ноян! Көзің қанша өткір, қиялым қанша ұшқыр болса да, менің жүрегімді әлі көре алған жоқсың. Бұл күйіңде көре де алмассың. Өйткені от жүрек сен білетін жүректерден гөрі басқарақ. Мен сенің жат мінездеріңмен қастаса жүріп, талантыңа, еліңді сүйген жүрегіңе табынған жанмын. Сондықтан ба, білмеймін, сенің мініңді қанша қатты айтсам да, өзімнің сол сөзіме өзім сене алмай қайран қаламын. Мен сені керместей болып безіп-ақ кеттім, бірақ көзімнің алдынан бірде-бір кетіре алмай, үнемі аңсаумен келемін. Сен соны сезесің бе? Жоқ, сезбейсің. Мен сені өте, өте сүйемін! Естисің бе, мен сені ете сүйемін. (Тез кетеді. Ноян әлі сол ауыр ойға түскен қалпында отыр.)
Ноян. Иә, таптау да, тапталу да жақсы емес. Осындай өмірде тұрып адамдарымыз атам заманғы қайла күректен әлі түгел құтылып болмаса, нағыз таптау сол емес пе?
Илья мен Темір келе жатады.
Илья (сөйлей шығады). Қалай, жүрегің кеудеңе бүгін сиятын ба?
Темір. Қорқарын да, қуанарын да білмей дел-сал. Ноян! Сен тым алысты кезіп кетіпсің ғой. Жайшылық па?
Ноян. Қанша алысты кезсем де, өрем сіз екеуіңіз ғана екенсіздер, сіздер рұқсат етсеңіздер мен осы комбайнды бүгінгі советке салдырмастан талқандағым келеді.
Темір (шошына). Талқандағалы?
Илья. Не үшін?
Ноян. Сіздер Сәуле апайдың осы үшін курортын тастап келе жатқанын естідіңіздер ме?
Темір. Осы үшін екені белгісіз, әйтеуір өткен түні келгені рас.
Илья. Ноян, мен бүгін сені тани алмай тұрмын.
Ноян. Онда бүгінгі советті сол басқаратын болар, сайысқа әзірлене беріңіздер.
Темір. Сен ше? Қашасың ба?
Ноян. Сіздер маған мынаны түсіндіріңіздерші? Егер ол біздің кеше өзі қарсы болған еңбегімізді бүгін өзі қабылдай қалса қайтеміз? Қошемет көрсетіп, қол соғуымыз керек пе?
Темір. Енді қалай?
Ноян. Кешіріңіз, мен ондай құрметпен өзімізді қорлай алмаймын.
Темір. Бұл не сөз
Ноян. Адал еңбекті олай арамдағым келмейді.
Темір. Арамдағаны қалай?
Ноян. Өзінің құдіретімен емес, әлдекімдердің қолдауымен ғана қабылдаған еңбектің қандай адалдығы бар? Атап айтқанда, біздің мына еңбегімізді осыдан бірақ ай бұрын өзі барынша қарсы болған Сәуле, бүгін Сақатайдың ықпалымен қабылдай қалса, мұны қалай адал демекпіз?
Илья. Тоқта, тоқта! Сенін мына бір ойың жаңа бір салттың бастамасы екен.
Темір. Жол-жөнекей тауып алған досың Сақатайдың бір ай бойы берген құрғақ кеңесі сенің екі жылғы еңбегіңнен қымбат болып шықса жаман ба?
Ноян. Кекесінді қойып, маған түзу кеңес беріңізші. Сәуленің өзі қарсы болған істі өзі қабылдауы мүмкін бе?
Темір. Мен білетін Сәуле болса, алған бетінен қайтпайды. Ол мұны қабылдамайды да, бұйрығын бұзғаным үшін мені айыптайды.
Илья. Бекер! Бекер айтасың, досым! Ноянды қанша жек көрсе де, Сәуленің дәл мұндай еңбекті қабылдамауы мүмкін емес. (Ноянға). Тек, сен тілінде ие бол да, бүгінгі айтысты Темір екеумізге сыйла. (Сайран келе жатады.)
Темір (Сайранға). Ay, сені кім шақырды?
Сайран (қол алыса жүріп сөйлейді). Сәуле жолдас тезінен осы шахтаға жет деп еді, өзі әлі келмеген бе?
Темір. Ноян! Сәуленің келе бұлай топ жинауы — бетін көрсеткені. Сен чертеждың бір данасын дайында! (Ноян ішке кетеді.)
Сайран. Достым, жылтырағанның бәрі бірдей Күміс емес те, жаңаның бәрі жақсы емес, соны ойла да, арындама! Оны қорғаймын деп өзің сорларсың.
Темір. Рас, рас, жылтырағанның бәрі бірдей күміс емес те, жаңаның бәрі жақсы емес. Сол сиқты, ауызға түскеннің бәрі бірдей сөз емес.
Сайран. Сенің неге меңзеп тұрғаныңды сеземін.
Темір. Мансап басыңды айналдырыпты, оны мен де сеземін. Жас кезінде қандай алғыр, оқуың аз болса да, қандай білгір едің. Енді мынау, ертеңгіге таң болып атар шапағың жоқ болса, бүгінгі алда деген атағың— мас кедейдің байлығыңдай бірдеңе екенін ойламай, көрінгенге жалбақтап жүргенің. Егер де сен бұрынғы Сайран болсаң еліміздің игілігі боларлық мұндай еңбекті қорғаудың өзі адамшылық екенін білер едің...
Сайран (Ильяға). Сіз естіп тұрсыз ба?
Илья. Естіп те тұрмын, сіздің осы Қарағандыда тәуір көретін бірде-бір досыңыз жоқ екенін де көріп тұрмын.
Сайран. Жоқ емес, толып жатыр.
Илья. Онда солар жайында жақсы лебіздің аузыңыздан шықпауы қалай? Сіз екеуміз талай қеңестік, кеңескен сайын жамандайтыныңыз — өзіңіздің достарыңыз, бұл қалай?
Темір. Ол бір ғана Сайранның басындағы сырқат болса ештеңе емес-ay, Илья Миронович. Бізде егіз туғандай дарындылар қанша болса, күншілдер де сонша.
Сайран. Мен өзімнің ұжданымнан басқаның құлы емеспін. Ол не бұйырса соны, айтуға қай жерде, кімнің алдында болса да әзірмін. Тек, сіз адамның жан сарайы бір көргеннен бары көзге түсе кететін шахтаның лавасы емес екенін ескергейсіз. Мен соны сізден қатты өтінемін. Өйткені, сіз қазірдің өзінде үлкен аңғалдық жасап арандағалы тұрсыз.
Илья. Не жөнінде?
Сайран. Осы комбайн жөнінде. Совнархоз бір рет қабылдамай тастаған мынадай бірдеңені сүйретіп келген сіз... Сіз...
Илья. Иә, менмін. Ол үшін мен мақтанамын.
Сайран. Сақтаныңыз, совнархоздың бүгінгі советі сізге ауыр соққы болып тигелі тұр. Ол — ол ма...
Илья (оның сөзін бөліп). Кешіріңіз, оңашада жұрттың бәрі батыр, сондықтан бұл жерде емес, соңыра совнархоздың советінде айтыңыз. Мен бүгін сол советте сіздермен Ноянның ұстазы ғана емес, өзі болып та шайқасамын, қапы қалмаңыз.
Сақатай. (көңілді үнмен сөйлей кірді). Темір аға! Сәлемімді қабыл алыңыз да, қуана беріңіз. Мына комбайнды Сәуленің өзі қарап, өзінің қабылдайтын түрі бар. Ноян қайда?
Теміp. Бұл үмітің су бетінен қаймақ жалағандай екен. Жүр, сол қаймағыңмен Ноянды қуант.
Сақатай. Тоқтаңыз, әне Сәуле келе жатыр.
Сәуле (анадайдан). Баршаңызға бір сәлем! (Жаралай қол алысады.)
Илья. Хош келдіңіз, құрметтім!
Сәуле (Ильяның қолын босатпастан). Ажарыңыз жақсы екен, сырқатыңыз қалай?
Илья. Әзірше бұрынғы қалпы.
Темір. Қарындасым-ау, ерте қайтқаның қалай?
Сәуле (көзін комбайннан алмастан сөйлейді.) Мынаны мұнан үш күн бұрын обком секретарьлары мен совнархоз басшылары келіп кергенін, олардың бүгінгі күні совнархоздың советіне салатын болғанын Кавказда жатып, сол күні Глазнов жолдастан естіген едім. Сол сәттен бастап жаным жай таппады. Жасыратыны жоқ, Темір аға, сізге деген ызаны Кавказға сыйғыза алмай келдім.
Темір. Соншама мен не жазыппын?
Сәуле. Сіздің ескі егесіңіз қалмапты. Сізсіз маған ерегісемін деп жұрттың миын Кемеловтың шатпағымен лайлап жүрген.
Темір (ашулы). Лайлап!?
Сәуле. Иә! Мұнан әрі мені сөйлетпеңіз.
Темір. Мен өзімді-өзім әлі де тежеп көрейін. Сіз де мені мұнан әрі сөйлетпеңіз, алданып адасса да маған аяулы көрінетін, қарындасым. Көңілім сенді, қолым істеді. Енді оның бар салмағын көтеруге мойным әзір. Бұл айыбым үшін айтар үкіміңізді үйде жатып-ақ ести аламын. Сау болыңыз! (Кете береді.)
Сайран. Сайысқа түспей қайда қашып барасың?
Темір. Мен үшін сендермен комбайнның өзі-ақ сайыса алады. Кешіріңіздер! (Кетеді.)
Сәуле комбайнға жақындай берген кезде Дидар жүгіріп келеді.
Дидар (ентіге сөйлеп). Сәуле, тәте! Сәлеметсіз бе?
Сәуле (таңдана қарап). Саған не болды, біреу қуып келе ме?
Дидар. Жоқ, мен сізді қуып келемін. (Бір қағазды ұсынады.)
Сәуле. Бұл не? (Ішінен оқи бастайды.)
Дидар. Осындағы қарт шахтерлердің сізге жазған хаты.
Сәуле (оқып болып). Мұнда келгенімді білсеңіздер, комбайнды көрмей кетпейтінімді қалай білмедіңіздер?
Дидар. Көзбен көру бар да, көңілмен көру бар ғой. Мұның қадір-қасиетін керу үшін үңіле қарап, көре білетін көңіл көзі керек. Жұмысшылардың сізге қояр тілегі — көре білу ғана емес, мынаны тезірек жасатып беру.
Сәуле. Бірдің көзі теңіздің бетіндегі толқынына жаңа жетсе, көптің көзі тереңіндегі меруертіне де жетеді. Сол себепті бір менің ғана емес, кептің көзімен қарайтын болайық. Бәріңіз де бері жақындаңыздар. Сақатай Алдиярович, кәне,, әлгі кереметтеріңді көрсетіңдерші. (Сақатай комбайнның бетін ашып жібереді. Сәуле аңырып қарап.) Бұл не? Менің кермегім — Кемеловтың біз қабылдамай тастаған чертежы бойынша жасалған үлгі.
Илья. Анықтап қарасаңыз, сол чертеж бойынша жасалған үлгі осы екенін көресіз.
Сәуле. Сіз мені олай шатастырмаңыз. Мынау онан мүлдем басқа. (Қолындағы чертежға қарай бастайды.)
Сақатай. Бізге керегі қағаз бетіндегі шимайлар емес, комбайн ғой. Бүкіл дүние жүзіндегі комбайндардың сіз білмейтін біреуі жоқ. Соның бәрін көзіңіздің алдына келтіріңіз де, мына Дидаржан айтқандай, үңіле бір қараңызшы. Солардың бұған тең келетін қайсысы бар, ешқайсысы жоқ. Ендеше, мұны ешқандай дау-дамайсыз қабылдауымыз керек.
Сәуле. Маған қазіргі керегі — комбайн емес, шындық. Түсінесіздер ме, шындық. Бұл — мен білетін чертеж бойынша жасалмаған, мұның чертежы басқа, қайда сол чертеж? Кім оның авторы? Мен соны білгім келеді.
Сақатай. Темір Сайдақович біраз өзгерістер кіргізген-ді, мүмкін, соны байқамай тұрған боларсыз.
Сәуле. Бір айдың ішінде мұнша өзгерістің кіруі мүмкін емес.
Илья. Кемеловтың чертежына кірген ешқандай өзгеріс жоқ. Сақатай Алдиярович әр нәрсені ұсынған еді, оны біздер қабылдай алмадық.
Сәуле. Маған бірдеңе болған шығар. (Қолындағы чертежды комбайнның үстіне жая бастайды.)
Сайран. Қорықпай-ақ қойыңыз, мен жақсы білемін, ол чертеж ескі комбайндардың құрағы екенін, қанша шебер құралса да ескінің заманымызға сай құрал болмайтынын бұл жолдастар білместен лағып тұр.
Сәуле. Сен менің сөзімді өзіме айтып лағып тұрсың. Маған керегі — мынаның чертежы.
Ноян чертежді әкеліп Ильяға береді.
Илья (Ноянның қолындағы чертежды жуылып алып, Сәуленің алдына апарып жаяды). Міне, сол іздеген чертежыңыз.
Сәуле (екі чертежға кезек аңыра қарап алып). Бұл қалай? Әлде мен алдандым ба? Жоқ, ол мүмкін емес, Сақатай Алдиярович! Тағы да қайталаймын, бұл комбайнның біз қабылдамай тастаған жобасынан мүлдем басқаша болып шығуы қалай?
Сақатай. Оны Темір Сайдақовичтен сұрағаныңыз жөн болар,
Сәуле. Менің сізден сұрағым келіп тұр. Есіңізде ме, маған ол чертежды берген сіз едіңіз ғой?
Сақатай. Иә, менмін.
Сәуле. Онда бері жақындаңыз. (Өзі ала келген чертежды комбайнның үстіне жая бастайды.) Мынау кімнің чертежы? Сіздің маған «Кемеловтың шатпағы» деп бергеніңіз осы еді ғой?
Сақатай (үңіле қарап басын шайқайды.) Есімде жоқ.
Сәуле. Ойланыңыз!
Сақатай. Ойланбастан-ақ айта аламын, менің сізге ондай сөзді айтуым тіпті мүмкін емес.
Сәуле (қадалады). Сонда қалай? Мен сізге жала жауып турмын ба?
Сақатай. Жала емес, жай жаңылып тұрсыз, менің сізге берген чертежым бұл емес, мұндай шатпақты мен көрген де емеспін.
Сәуле. Сіз мені де, өзіңізді де аямай турсыз. Өтінемін, адаспаңыз! (Сақатай үндемейді. Сәуле Ноянға қарап). Жолдас Кемелов! Сен кеңеспек болған Нұрланның аруағы менмін, кел бері... (Алдында жатқан чертежды нұсқап.) Танисың ба?
Ноян (чертежға қарап). Бұл қайдан қаңғып жүр?
Сәуле. Бұл кімдікі?
Ноян. Мен бір кезде ескі комбайндардың үшеуінен де Құрап бір үлкен комбайн жасамақшы болғанмын, бұл соның чертежы.
Сәуле. Ол чертежың қайда?
Ноян. Бірі архивте, екіншісі Алдияров жолдаста...
Сәуле. Оған не үшін бердің?
Ноян. Бірлесіп бірдеңе шығарамыз деген соң берген едім.
Сақатай. Ноян, сен шатаспа, ол бұл емес.
Сәуле. Онда менің буған қатал үкім айтуым заңды екен ғой.
Ноян (аңырып). Сіз түнеугі үкімді осы чертеж бойынша айтқан ба едіңіз?
Сәуле. Иә, осы бойынша.
Ноян. Онда мұны тезірек өртеңіз.
Сәуле (Сақатайға). Енді не дейсіз? Кемелов мынаны сізге бердім дейді, мен сізден алдым деймін. Екеуміз бірдей жаңылуымыз мүмкін бе? Ар-инабатыңызбен айтыңызшы менің мұндай еңбекті қабылдамауым мүмкін бе?
Сайран. Бауырларым-ау, достарым-ау, мына дүние не болып барады? Сіздер маған Сақатайдың айыбын анығырақ айтып беріңіздерші? Кемеловтың чертежын пайдаланды демексіздер ме?
Сәуле. Жоқ, ол өзінің мансабы үшін, елінің мақсатын сатқаны үшін айыпты.
Сақатай. Өтінемін, елінің мақсатын сатты деген сөзіңізді тезінен қайтып алыңыз!
Сәуле. Кемеловтың комбайны адам баласының бұл күнге дейін жете алмай келген армандарының бірі болса, ол бұрын жасала қалса, өзіңіздің комбайнсымағыңыздың жарық көрместен қалатынын сезіп, мұны осылай жоймақ болсаңыз, сөзімді қалай қайтып алмақпын? Егер де сіз өзіңізге көрсетілген құрмет пен сенімді, достық пен жолдастықты осылай қорласаңыз, сізді мен қалай құрметтемекпін?
Сақатай. Егер де мен мұны құлатқым келсе, көмектесер ме едім, сіз оны неге ойламайсыз?
Сәуле. Сіз тірліктің күші бірлікте екенін білмей, көмектесуден бұрын мұны менің қолыммен көмбекші болдыңыз ғой, оны неге ұмытасыз? Дәрменсіздігіңізді кеш сезіп, ізіңізді жалған достықпен осылай бүркемек болғаныңызды неге жасырасыз? (Сақатай үнсіз қадалады, Сәуле оның көзінен көз алмай.) Көзіңіз тіліңізден жақсырақ сөйлеп тұр. Осындай өмірде мансап қуып тірі жүргеннен өлгеніңіз артық. Барыңыз!
Сақатай. Сіз мені емес, өзіңізді құлаттыңыз, құрметім.
Сәуле. Мен сенімімді ұрлаған сіз түгілі, достарымның үніне құлақ салмаған өзімді де аямаймын. Жоғалыңыз! (Сақатай кете береді.)
Ноян. Алдияров! Қанша тыпырласаңыз да тірі емес шығарсыз, дегенмен аз кідіріңіз. (Сәулеге.) Маған бір ауыз сөз беріңізші. (Сақатай шыға жөнеледі.)
Сәуле. Сен қанша қаһарлансаң да, маған айтылар үкімді өзімнен қатты айта алмайсың, әуре болма. (Кете береді.)
Ноян. Өзіміз араз болсақ та, арманымыз дос екен, сол ғана еді сізге айтпағым, Сәуле апа!
Сәуле. Мені олай есіркемей-ақ қой, бауырым. Сен мені Сақатайға алданып чертежіңді қабылдамағаным үшін кінәлі екен деп те ойлама! Менің күнәм — онан гөрі ауырлау. Жасыратыны жоқ, мен даңққа масаттаныппын да, зұлымдықтың ендігі ұясы өз бойымыздағы мен-мендік екенін білмей, асқақтап жүріп құлаппын. Ол үшін енді ешкімнен кешірім де сұрамаймын. Обкомға барамын да, тартар жазамды өзім айтамын. (Кетеді.)
Ноян. Иә, сіз оны да айталатыны жансыз, Сәуле апа! (Илья мен Дидарды екі қолымен құшақтап.) Келіңдерші, асыл армандастарым! Арманы бірдің келешегі де бір, ендеше сол келешекке қарай қанатты қатар қағайық! Алданбай, асқақтамай қағатын болайық, армандастар!
Шымылдық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі