Ол кезде мен тым жас едім, қызметке жаңа орналасқан болатынмын. Кеңесіміздегілердің ең кішісімін. Кеңсемізді Әсім-бей басқаратын. Егде тартқан, мейірімді, ақжарқын адам еді. Қызметкерлер оны бейәпенді, Әсім-бей дейтін, жайшылықтағы әңгімелерде оны «Әсім — әлемді саған сыйлаймын» деп атайтын. Сол аттың оған ұнайтын-ұнамайтынын мен түсіне алмай-ақ қойдым.
Қалашықтағылар үлкен қалалардағыша өзара бейхабар тұрмайды, олар бір-бірлерін жақсы біледі. Сол себепті мен кеңселестерімнен жаңағы аттың қалай шыққанын сұрадым.
— Оның тарихын өзінен естігенің жөн, — деді біреуі.
— Оны өзінен артық етіп ешкім де айта алмайды, — деді екіншісі.
Мен Әсім-бейдің бір кезде Стамбулда ірі қызметте болғанын ғана біле алдым.
Бір жыл қызмет істеген соң үйленуді ұйғардым. Қыздың әке-шешесі екі тойды бір-ақ жасағылары келді. Кішкене қалашықта қыз бен жігіттің кездесе беруі қайдағы жоқ өсекке ұрындырады деп асықтырды олар мені. Шынтуайттап келгенде, біз бір-бірімізді жақсы біліп үлгірген де жоқ едік: мысалы, мен қыздың мінез-құлқының, жүріс-тұрысының қандай екенінен әлі де махрұммын.
Біздің той жасайтынымыз қалашыққа лезде тарап кетті. Бір күні әлдебір қағазға қол қойдырайын деп басқарушыға бара қалып едім, Әсім-бейдің:
— Сені үйленгелі жүр дей ме? — дегені ғой.
— Рас, бейәпенді.
Ол көзілдірігінің үстінен қарап қойды.
— Қандай шаңырақтың қызы?
— Сіз білмейтін боларсыз, бейәпенді, олар орташа ғана семья.
— Ә-ә-ә... — деп отырды да, кенет: — Сен бүгін кешке бос болсаң, екеуміз бірге тамақтанайық, — деді.
Мен оған ризалық алғысымды айттым. Екеуіміз ресторанға баратын болдың.
— Сен менің «Әсім — әлемді саған сыйлаймын» екенімді білетін шығарсың? — деді ол, арақтың алғашқы рюмкасын ішкен соң. — Жә, қызарақтама! Оның себебін өзім айтып беремін... Алдымен сен қызыңның қандай екенін айтшы!
Сұрақтың маған ауыр тигенін өздеріңіз сезіп те отырған шығарсыздар. Мен үндемедім. Жауапты Әсім-бейдің өзі берді:
— Оның семьясы онша бай емес... Қарапайым қыз... Сенің ұнататының сондықтан. Оның қолын бақытқа жеткізе алатыныңа сенесің. Солай ма?
— Солай, — дедім.
— Бәрекелді! — деді ол, риза болып. — Сендей кезімде мен де осылай ойлағанмын... Қалай болғанда да, кәне, сендердің бақыттарың үшін! — Ол рюмкаларға араң құйды. Ішіп салдың. — Ал енді, — деп, ол маған тік қарап қойды, — менің ақылымды жақсылап тыңдап ал: әйеліңе ол әкесінің үйінде қандай шұлық киіп жүрсе, дәл сондай шұлықты ғана әпер! Бағасы да, сапасы да бірдей сондайын әпер, басқасын сатып алушы болма! Оған бүкіл әлемді сыйлауға асықпа, өйтсең, — маған ұқсап сорлап қаласың... Менің сөзіме іштей күліп отырғаныңды сеземін. Әрине, әйеліңе қымбат шұлықты неге әпермеске?! Жо-жоқ, есіңде болсын: пәленің бәрі сол шұлықтан басталады! Өйткені: шұлыққа сай туфли алу керек, туфлиге сай — юбка, юбкаға сай — кеудеше керек... Сонымен бітеді дейсің бе? Біткені неткені... Бір күні әйелсіз қалғаныңды бір-ақ білесің.
Бір кезде мен де сендей қызметші болғанмын. Қызметтің аты ғана бар, жалақысы түкке тұрғысыз. Әйелімді асырай алмай жүрермін деп қорқып, талайға дейін сойдиып сүр бойдақ боп жүрдім... Содан ептеп қызметім де, жалақым ,да өсті. Жасым қырыққа жетіп қалғанда қуықтай бір пәтер сатып алдым. Қой, енді үйленейін дедім. Бір кедейдің қызын алайын, барымды қанағат етіп, қас-қабағыма қарап, риза боп жүрер деп ойладым.
Сабиханың жасы жиырма бірге қараған екен. Кедейдің қызы болса да, орта мектепті бітіріпті. Соншама сұлу болмағанмен сүйкімді-ақ... Мен оның дүние-мүлкі жоқтығына қуанып: ештеңе етпейді, мен саған әлі бүкіл әлемді сыйлаймын! — деймін. Бірақ ол көрсеқызар емес-ті: жаңа киім-кешек әперейін десем, — «Менде бар ғой, сол жетеді ғой!» дейді; опа-далап алмақ болсам: — «Әйел қуыршақ болмауы керек!» дейді; сырға сатып әпергім келсе: — «Құлағына сырға тағатындай мен қарақшы емеспін!» дейді. Менің Сабихам сондай еді, қойныма сыймас қуанышым еді ол.
Сөйтіп жүріп жарты жылды өткіздік. Бір күні сейілдеп келе жатқанымызда оған бір әдемі, қымбат шұлық сатып әпергім келді. «Керегі жоқ, менде екеуі бар!» деп болмайды. Екі пар жете ме екені Еркек менің өзімде он шұлық бар... Ақырында көндіріп, оған ең қымбат шұлықты алып бердім. Шіркін-ай, қандай қуанды десеңші! Оған қарап тұрып өзімнің де төбем көкке жетті.
Кәне, ішіп қоялық... Сенің денсаулығың үшін!
Содан кейін бір ай, екі ай өтті. Сабихам жаңа шұлығын киер емес. Бақсам: онымен киер туфлиі жоқ екен, келгендегі туфлиі тозып қалыпты... «Айтсаң болмай ма?» дедім. Ол: айтудың ретін таба алмадым, деп қызарақтады. Оны аяқ киім сатушыға сүйрегендей боп алып бардым да, қымбат туфлиді алып бердім. Бейбақ басым-ай десеңші, жаңа туфлиі үстіндегі ескі көйлегіне жараспайтынын сол жерде тіпті ойламаппын да. Ибадатты Сабихам оны бір аптадан соң сыбырлап әзер айтты. Сөйтіп, бірте-бірте оған: көйлек, кеудеше, костюм, қалпақ — бәрін түгел әпердім. Сабихамның киімді кие білу жөніндегі пайымдауларын естіген сайын оған енді немене керек екенін ұға қоятын болдым.
Бір күні қарасам, — әйелімнің қабағында кірбең бар. «Сәулем-ау, неге мұнша көңілсізсің?» — «Айтуға ұяламын, жаным... Маған ештеңе керек емес десем де... Қажеті жоқ дегеніме "қарамай бәрін өзің сатып әпердің де... Саған қалай түсіндірсем екен?.. «Сорпадан кейін су ішпе» деген мәтел барын білесің... Міне, қарашы, менің мына ішкиімім жаңа көйлегім мен жаңа туфлиіме жараса ма?»
Тәйір-ай, бар керегі сол ма? Жүзден қарап, мыңнан таңдап алған Сабихама бүкіл әлемді сыйлағалы жүргенімде, ішкиім деген не соншама? Оған ,қоса ол бұрын керек етпеген төс тартқышты да әпердім... Одан соң ол шашымен алысып есі шығып жүргенін айтты. Онысын сәндеу үшін әлде парик, әлде шиньон сатып алуым керек шығар деп шат-шәлекей бола бастағанымда, әйтеуір, өзі шаштаразға барып тыныш тапты.
Уақыт өтіп жатты. Бір кеште Сабиха тағы сөз бастады. «Жаным, мен керек емес десем де... Маған керек еместің бәрін өзің сатып әперіп жүрсің...» (Сол сәтте менің есіме сорпа-су жөніндегіден бұрын кедей — байға, бай — құдайға жетсем дейтіні жайындағы мәтел түсті). «О не дегенің, сәулетайым, саған не жетіспей жүр?» — «Жетіспей жүрің не?! Керегімнің бәрі бар ғой!.. Тек үйдің сиқын айтпасаң, қарашы, ылғи ескі-құсқы бірдеңе емес пе?!» Жағалай қарасам, рас екен, — біз жұртта қалыппыз, мебеліміз әйелімнің көркіне сай емес екен.
Мен лағып сөйлеп кеттім-ау, иә? Кел, достым, алып жіберелік! Одан арғысын екі-ақ сөзбен айтып берейін. Мебельден соң телевизорды көкседі. (Әкесінің үйінде радио да жоқ болатын!) Мен үшін алмашы деп қояды, әрине... Басқаларда бар емес пе! Жарасады емес пе! Өзің де сезіп отырған шығарсың, енді пәтер тар бола бастады. Шығынымыздың өскеніне қарай, әйтеуір, сол тұста менің қызметім де аздап жоғарылаған... Сән-салтанатпен тұратындардың кварталынан кең үй сатып алдық. Саған бүкіл әлемді сыйлаймын деп о баста берген уәдем болғандықтан, үйді әйелімнің атына жаздырдым. Одан кейін не болды? Ол маңда тұратындардың бәрінің жекеменшік машиналары бар екен. Алмай қойсақ, — ұят емес пе?! Мен де сатып алдым. Өзің де түсініп отырған шығарсың, оны да Сабиханың атына жаздырдым.
Ақыр аяғында, әйелімнің ажарын ашамын, көңілін өсіремін, талғамын толтырамын, тілегін орындаймын деп жүріп, өзімнің оған тең болмай, лайық болмай, керек болмай қалғанымды бір-ақ білдім.
Солай, қалқам! Бар пәле шұлықтан басталады!..
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі