Өлең, жыр, ақындар

Ахмет бей мен өгіз

Ерте-ерте-ертеде, ешкі жүні бөртеде Ахмет-бей деген біреу болыпты. Арпа, жүгері, сабан сатады екен. Шылқыған бай екен. Бай болғанда, — битін сығып қанын жалайтын сараңның нағыз өзі екен. Бір күні әйелі оған:

— Ұлдың башмағы тозып бітті. Жаңасын әперейік, — депті.

Ахмет-бейдің астаң-кестеңі шығыпты:

— Бұл қай сандырағың?! Шешем маған екі-үш жылда бір башмақ әпергенде, әкем соған да ренжуші еді. «Біздің кезімізде бір башмақ бес-он жылға жететін. Ал қазір шіріген теріден тігеді түге!» деуші еді. Біздің ұл бір башмақты екі-ақ ай киеді. Сенде өзі... түйсік бар ма?!

— Менің жазығым не? Мен киіп тоздырған жоқпын ғой, — деді әйелі.

Шешесі барып ұлын қуырды:

— О, көгермегір көргенсіз! Сенің әкең бір башмақты екі жыл киеді. Мен де екі жылда бір-ақ туфли киемін... Ал бір башмақты екі-ақ ай кигенді сен қайдан шығардың?!

— Мен кінәлі емеспін, — деді ұлы. — Өздерің білесіңдер ғой, бұрын мен біреуін бір жыл киетінмін. Сонсоң жарты жыл киетін болдым, Қазір тіпті пәле болды... Башмағымның аяққа ілуге жарамай қалғанына мен кінәлі емеспін! Сатушыларда ұят деген қалмаған. Шіріген башмақтарды сататын солар.

Екеуі ары-бері тәжікелесіп, ақырында аяқ киім сатушыға барып, нашар башмақты неге сататынын сұрады.

— Мен кінәлі емеспін, — деді сатушы. — Ренжіп келген жалғыз сіздер ғана емессіздер. Тұтынушылардың бері ренішті. Мен де реніштімін. Бірақ қайтеміз — заман солай. Ешкімде ар-ұят деген жоқ. Етікшілердің бәрі шіріген аяқ киім тігеді.

Сатушы бұлқан-талқан боп ашуланып, етікшіге барып жер тепкіледі.

— Мен кінәлі емеспін, — деді етікші. — Қазір мен теріге бұрынғыдан әлдеқайда қымбат төлеймін. Ал тері түкке жарамайды. Бұрын кісілер ар-ұяттарына қараушы еді. Тек сапалы тері сататын. Қазір ұлтаны да — бір, қонышы да — бір, Шеге ұстамайды, шіріп кеткен.

Етікші ашуға булығып, тері сатушыға жетіп барды да, неге шіріген тері сатасың деп тебітті.

— Мен кінәлі емеспін, — деді тері сатушы. — Тұтынушыларымнан айрылып тотиып қалғым келеді дейсің бе мені? Қазір заман солай, бауырым. Халық қана бұзылған жоқ, өгіздің терісі де бұзылды. Егер мең сізге әзімнің терімді сатқан болсам, онда, әрине, маған ренжуіңізге әбден болады. Ал мен сізге өз терімді емес, өгіздің терісін сатып жүрмін. Маған құй — сеніңіз, құй — сенбеңіз, қазіргі кезде өгіздерде де ұят деген атымен жоқ. Мен кінәлі емеспін, өгіздер кінәлі.

Қаны қайнаған бақташы қасапханаға апарылмақшы өгізге барып әңгір-таяқ ойнатты.

— Сенде өзі ұят бар ма?! Мені масқаралап өлтіретін болдың! Сендердің терілерің неге түкке тұрғысыз боп кеткен осы?!

Өгіздің басы салбырап кетті:

— Біз мүлде кінәлі емеспіз, — деді ол. — Мысалға мен өзімді алайын. Қожайыныма жағуға тырысып жанталасып-ақ жүремін. Оған етімді де, мүйізімді де, жапамды да, терімді де беремін. Терімнің қалың болғанын өзім де жақсы көремін. Бірақ заман солай, біздің теріміз ата-бабамыздың терілеріндей қалың емес. Қожайыным топырақ араласқан арпа берсе, қайтемін?! Сабанның орнына шіріген шөп береді, оның ішінде өлшеп аз береді. Тамағым қандай болса, терім де сондай.

Терісінің түкке тұрғысыздығы елге жайылып кеткеніне жаны күйзелген байғұс өгіз қожайынына барып:

— Сен мені неге дұрыстап күтпейсің? Там-тұмдап беретін азығың тым құрыса таза болмайды. Сүйегім шыңылтырланып, терім жұқарып біттім. Бұл үшін жұрт мені кінәлап жүр, — деді.

Қожайыны дүңк етті:

— Сен дұрыс айттың, бірақ мен кінәлі емеспін. Менің егістігім шағын, арпа мен сабаным аз. Саудагер Ахмет-бейге жалынып-жалпайып жүріп жемді ірең аламын. Қазір заман солай боп кетті, өгізім. Ар-ұятын ойлайтын тірі жан қалмады. Ахмет-бей топырақ қосқан арпа мен сабанын маған удай етіп қымбатқа сатады. Сені жөндеп жемдей алмай жүргенімнің себебі осы.

Өгізінің алдында жер болған қожайыны Ахмет-Гюйге барды, жеміне қоқыр-соқырды неге қосатынын, неге қымбат сататынын сұрады.

Саудагер Ахмет-бей айтты:

— Сөзің жөн. Бірақ мен титтей де кінәлі емеспін. Қазір жұртта ар-ұят атымен жоқ. Бір кездерде менің ұлым бір башмақты бір жыл киюші еді. Ал қазіргі башмақтар екі айға әрең шыдайды. Оның үстіне қымбат. Киім-кешек те удай қымбат. Бала-шағамды асырап-сақтауым, киіндіруім керек, сол үшін мен басқалардың маған істегендерін өздеріне істеймін... Өйтпеске шарам жоғын түсінгейсің... Менде титтей де кінә жоқ.

Астан-кестең ашуланған саудагер Ахмет-бей етікшіге жетіп барды. Етікші — тері илейтін заводқа, завод иесі — жидашыға, жидашы — бақташыға, бақташы — өгізге, өгіз — қожайынына, өгіздің қожайыны — саудагер Ахмет-бейге жетіп барды. Бәрінің айтар жауабы біреу-ақ.

— Сен дұрыс айттың, бірақ мен титтей де кінәлі емеспін. Қазір заман солай. Жұртта ар да қалмады, ұят та қалмады... — дейді.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер