Өлең, жыр, ақындар

Жұлқыласуға құмармыз-ақ

Біз бір-бірімізді неге үнемі қағып-соғып, жұлқып, теуіп, шалып жүреміз?

Төңірегіңізге көз салыңызшы. Әне, екі жақтан екі кісі келе жатыр. Сірә, жолдас-жоралар болса керек, араларында әлі де жүз метрдей жер жатса да, екеуі де: «О-о-о!» — деп даурығып, бір-біріне құшақ жайып шүйіліп келеді. Еркін күресте кездескен палуандарша екеуі қазір алқын-жұлқын ұстаса кететін сияқты.

Біздің бір-бірімізге қандай сыпайыгершілік көрсететінімізді байқағаныңыз бар ма? Біз бір-бірімізді әуелі беттен шапаттап, сонсоң құшақтаса кетеміз де, бірімізді біріміз көтеріп алуға тырысамыз... Құдды әлгі... кілемде алғаш кездескен палуандар тәріздіміз.

Ал біздің қалай қалжыңдасатынымызды өзіңіз де білетін шығарсыз! Бір-бірімізді бассалып ұстай аламыз да, ары-бері жұлқып-сілкіп, аяқтан шалып, шат-шәлекей боламыз.

Мен бірде баяғыда мектепте бірге оқыған кластас екі жолдастың отыз төрт жылдан кейін қалай жолыққандарын көрдім. Екеуі де егде тартқан, байсалды, салмақты кісілер. Жастары алпыстан асқан. Қалай жолықты дейсіз бе? Олар да бір-бірін тарпа бассалды. Бойларының жеткеніне қарай бірін-бірі бұрап, ішке түйгіштей бастады. Шалдарыңның шалдуарлығында шек жоқ: бірін бірі жұдырықтап, тепкілеп, шалып, тіпті мұрттай ұшыруға айналды... Кең залда дәл бір қырық пар палуан ұстаса кеткендей астаң-кестең етті. Егде тартқаны есіне түсіп кейде біреуі сәл кідіре қалады да, сонсоң қайтадан жағаласа кетеді, аяқ-қолдар тағы да айқасады...

Ал енді біздің қалай амандасатындығымызды еске алайық.

Достық ниетпен сәлемдескеннен кейін саусақтарыңыз аман-есен қалса, — құдайыңызға қой айтыңыз! Қолыңызды дер мезгілінде тартып ала қоймасаңыз, — аман-есен қалуы, әрине, екіталай! Өші бардай қысып-мыжып, сілкіп-жұлқып жөнелгенде қолыңды иығыңмен қоса жұлып ала жаздайды.

Немесе кассаның алдында билет алуға кезекте тұрғандарға қараңызшы: кәдімгі қып-қызыл төбелес! Бірін-бірі итеріп, бүйірлеп, түйгіштеп, ұрғылап, тепкілеп тұрған халық. Спорттық айқас-шайқастан кем бе? Сырнай-кернейі мен дәу барабаны ғана жетіспей тұрған жоқ па?!

Енді біздің қалай сөйлесетінімізге қараңыз. Біріміз үйдектеп-түйдектеп сөйлеп-сөйлеп аламыз да, екіншімізді ыңқ дегізіп түйіп қаламыз. Кілем үстінде бір-бірінің талмау жерін аңдысқан балуандар сияқтымыз!.. «Оу, жарандар, жарандар, біздің мына батырларға қараңдар!» — деген дауыс шыға қалса шарт-шұрт ұстаса кетуге дайын тұрамыз!..

Өмір бойы осылаймыз!.. Осылай сөйлесеміз, осылай қалжыңдасамыз, амандасамыз, қоштасамыз...

Сіз біздің неге бүйтетінімізді ойлап көрдіңіз бе?.. Мен көрдім, көрдім де мынадай тұжырым жасадым:

Бізде бәріне де тиым салынған. Айтқың келгенді айта алмайсың, жазғың келгенді жаза алмайсың, салғың келген суретті сала алмайсың, — оның бәрін айтып тауысу қиын!.. Ғашық болғың келген кісіңе ғашық та болғызбайды, барғың келген жаққа жібермейді... Ешқандай еркің жоқ, еркін күресте ғана еркін жүруіңе болады. Біз, түріктер, еркін күреске келгенде бүкіл әлемде тірі жанға дес бермейміз. Неге? Өйткені, біз шыр етіп жерге түскен күннен бастап сонымен шұғылданамыз.

Бізге еркін күресті берген құдайдан айналайын! Еркін күресіміз болмағанда еркіндіктен мүлде құралақан қалып, тотиып өтеді екенбіз.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз