Өлең, жыр, ақындар

Біз неге нашар дамудамыз

Американың қайырымды «Джарт Қорынан» тегін көмек алған американдық бір топ экономистер алыс сапарларға аттанды. Көрнекті экономистер нашар дамыған елдерде болып, олардың неге нашар дамығанын зерттеп білмекші ниетте. Ә дегенде: «артта қалған елдерді зерттеуге шықтың» десті олар. Одан соң, «артта қалған» деген сөзді «нашар дамыған» деп өзгерте қойды. «Артта қалған» дегеніміз халықаралық сыпайыгершілікке сай келмей жүрер және дамып келе жатқан елдердің намысына тиіп жүрер деп пайымдады.

Қордың тапсырмасымен Түркияға экономика профессоры Чарльз Уити мырза жүріп кетті. Оның жұмысын жеңілдету үшін Түркияда кімнен, қандай мағлұмат алу керектігін оған күні бұрын айтып берілді.

Чарльз мырза барған бетте экономика саласының саңлағы Сытқы баймен сұхбаттасуға тиіс болды.

Джарт Қорының тапсырмасын арқалап нашар дамыған елдерге кеткен мамандар мен профессорлар екі-үш айдың ішінде барлық жұмыстарын бітірді де, Америкаға аман-есен қайтып оралды. Тек профессор Чарльз Уити ғана Түркиясынан оралмады,— не өлі, не тірі екенінен ешқандай хабар жоқ.

Профессордың денсаулығы онша еместігін білетін Джарт Қоры Түркияның ресми өкімет орындарымен хабарласып, оның адресін сұрап алды да, 26 апрель күні профессорға хат жазды, Чарльз мырза ол хатқа дереу жауап қайтарды. Одан соң Джарт қоры екінші рет хат жазды, Чарльз мырза оған да жауапты тез қайтарды. Жиыны үш том болған ол хаттар жақында жарық көрмек және, білгірлердің айтуынша, Америкаға ғана емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі жинақ болмақ.

Үш томдықты шығаратын американ менің досым еді, сол досым пікіріңді айтарсың деп қолжазбаны маған жіберіпті. Ал мен, ары ойланып, бері ойланып, қайсыбір хаттарды жариялауды жөн көрдім.

Мінеки, оқып көріңіздер:

24 апрель, 1958 ж.

Қымбатты Чарльз Уити мырза!

Нашар дамыған елдерді зерттеген комиссияның мүшелері ортамызға түп-түгел оралды. Сіздің төрт ай бойы хабар-ошарсыз жатқаныңызға алаңдаулымыз. Жауап беріңіз.

Құрметпен...

28 апрель 1958 ж.

Мырзалар!

24 апрельде жазған хаттарыңыз үшін баршаңызға дән ризамын. Бүгінге дейін сіздерге ештеңені хабарлай алмағаныма қатты өкінудемін. Бұл жақта мейрам болып, әлгі тиісті мағлұматтарды беретін кісілермен, міне, төрт ай бойы жолыға алмай жүрмін.

Джарт Қоры жүктеген тапсырмаларды орындамайынша елге қайтуға хақым жоқ деп білдім де, Түркияда қала бердім. Сытқы баймен, оның қызметтестерімен енді бірер күнде кездесетін шығармын деген үмітім бар.

1 май, 1958 ж.

Сіздердің... Чарльз Уити!

Сіздің той турасындағыңыз кәдімгі қалжың болар деп сенеміз. Біздіңше, әлі ешбір елде ешқандай той ешқашан торт айға созылып көрген жоқ, Сіз осы май айында Сытқы баймен де, оның әріптестерімен де қалайда кездесесіз, Түркияның неге нашар дамығаны жайындағы зерттеулеріңізді тамамдап, баяндамаңызды тұжырымдап, тез арада қайтып ораларсыз деп үміттенеміз.

Сіздің...

5 май 1958 ж

Құрметті мырзалар!

Сіздер хат жазған бірінші май күні мен Сытқы байды күні бойы іздедім. Бірінші май Түркияда көктем мейрамы өткізілетін күн болғандықтан, баймен кездесудің сәті түспеді. Алайда менің тауым шағылған жоқ. Мейрам болмайтын күндердің бірінде онымен қалайда жүздесетін шығармын.

Мұның алдындағы хатымда мен мұнда қатарынан төрт ай мейрам болды деп жазған емеспін. Мейрам болғандығы себепті Сытқы баймен кездесе алмай жүргеніме төрт ай болды дегенмін. Екі ұғымның арасындағы кереғарлыққа назар аударуларыңызды көптен-көп өтінемін. Мен үмітімді үзген жоқпын,— Сытқы баймен, оның әріптестерімен 6 майда жолығатын шығармын.

Сіздердің Чарльз Уитилеріңіз.

18 май 1958 ж

Қымбатты Чарльз Уити!

Сіздің Сытқы баймен 6 майда жолығармын деген хабарыңызға қатты қуанып қалып едік, бірақ содан бері тым-тырыс жатқаныңызға абыржып жүрміз. Жауабыңызды тағатсыз күтудеміз.

Джарт Қоры

2 июнь 1958 ж.

Құрметті мырзалар!

Сытқы баймен 6 майда жолығып қалармын дегенім рас. Бірақ ол күні оны еш жерден таба алмадым. 6 майда Түркияда Ілияс пайғамбардың туған күнін тойлады, яғни, ол күні ешкімді не үйінен, не қызметінен іздеп табу мүмкін емес. Мен оған визит карточкамды қалдырдым да, 15 май, күні келетінімді жазып кеттім. Ал Сытқы бай ертеңінде маған телефон соғып, кездесуді кейінге қалдыратынын, өйткені 15 май күні «Қаза тапқан қаһарман ұшқыштар күні» екенін, сол күні салтанатты сөз сөйлейтінін айтты. Мен оған 19 майда таңертең телефон соғып едім, 19 май— «Спорт және жастар мейрамы» деп тағы келіспеді. Сіздер маған сеніңіздер, мен міндетіме селқос қараудан аулақпын; Сытқы байдың қыр соңына түсіп-ақ жүрмін. Осы июнь айының мейрам болмайтын күндерінің бірінде онымен жолығармын-ақ деп үміттенемін.

Сіздердің Чарльз Уитилеріңіз.

27 июнь 1958 ж.

Қымбатты Уити мырза!

Сіздің Сытқы баймен июнь айында жолығармын-ақ деген хатыңызды алып қуанып қалып едік, бірақ июнь де аяқталып, Сізден де хабар-ошар болмай, бәріміздің еңсеміз тағы түсіп кетті. Сытқы баймен жүздесу мүлде мүмкін болмаса, онда басқа мамандармен жолығуыңызды, қажет мағлұматтарды солардан алуыңызды барлық әріптестеріңіз болып қатты өтінеміз. Жауабыңызды күтеміз.

Құрметпен...

18 июль 1958 ж

Мырзалар!

Сіздерді әне қуантамын, міне қуантамын деп жүріп жауап хатымды кешіктіріп алдым. Таяудағы күндерде ешқандай мүмкіндік болмағанның өзінде Сытқы баймен қалайда кездесуге тырысып бағатыныма кәміл сеніңіздер. Кеше, 17 июльде, мен оған тағы да бардым, бірақ тағы да жолым болмады, себебі 14 июльде «Жер мейрамы» өткізілді. Алдыңғы күні «Құрбан айты» басталды. Бұл мейрам төрт күнге созылып, 20 июльде аяқталады, ал бұл күндерде Сытқы байдың мазасын алу әдепсіздік болады. Сіздердің хаттарыңыз келген 1 июль күні мен онымен жолығып қала жаздадым, бірақ өкінішке қарай, кездесудің сәті түспеді, өйткені, 1 июль — «Теңізде жүзу мейрамы» күні. Мені кездесу өткізуге құлықсыз екен дей көрмеңіздер. Кеше оны тағы да іздеп бардым. Алайда 17 июльде «ашура» дейтін діни мейрамдары өткізілетіндіктен, оны мазалауға дәтім бармады.

Сіздер Сытқы баймен, оның әріптестерімен кездесуімнің реті келмеген жағдайда мағлұматты басқалардан алуға ақыл беріпсіздер. Ол өзімнің де ойымда болған. Бірақ Сытқы байдың соңына түскеніме сегіз ай болды ғой, бұлардың мейрамы түгел дерлік өткен тұста кездесуден бас тартсам, қаншама еңбегім зая кетпей ме! Басқаларды іздеуіме тағы сонша уақытым кетуі мүмкін екені естеріңізде болсын. Сондықтан мен алдағы мейрам емес күндердің бірінде Сытқы баймен тіпті өлсем де кездесуге тырысамын. Сіздерге осы айдың аяғына дейін бір қуанышты хабар берермін деп үміттенемін.

Чарльз Уити

2 сентябрь 1958

Чарльз Уити мырза!

Июль де өтті, август та өтті, ал Сізден әлі хабар жоқ. Хатыңызды күтеміз.

10 сентябрь 1958

Жігіттер!

Өткен екі айда не істегенімді Сіздерге қысқаша мәлім етейін. Мұның алдындағы хатымда жазғандай, мен 23 июльде Сытқы байды іздеп бардым, 23 июль — бірінші конституциялары жарияланған күн болды да, Сытқы байды түске дейін таба алмадым. Уақытымды босқа өткізбейін дедім де, түстен кейін оған телефон соқтым. 24 июль күні Лозанна Күні атап өтілуге тиіс, ол соның салтанатына кетті десті. Мен үмітімді үзбедім, оны енді үйінде орнынан басайын деген шешіммен августың алғашқы аптасында кешке үйіне бардым. Бірақ ол «Пісте кешіне» кетіп қалыпты. Сытқы байдың елі пісте өсіреді екен де, жылына бір рет «пісте кешін» өткізеді екен. Біз келесі күні де дидарласа алмадық, ол күні Сытқы байдың бәйбішесі өзінің мүшел тойын жасады. Мен үмітсіздікке салынған жоқпын, үш күннен кейін тағы іздеп бардым. Біз ол жолы да әңгімелесе алмадың, себебі: Сытқы бай мешітке кеткелі киініп жатыр екен, мешітте оның марқұм әкесіне арналып құран-хатым өткерілмек көрінеді. Сонымен 30 август туды. Жеңіс күні оны кездестіре алмағаным өзінен-өзі түсінікті ғой. Кеше тағы іздеп барып едім, Сытқы бай Измир азат етілген 9 сентябрь күнгі мейрамға қатысу үшін жол жүріп кетті десті. Ол Измирден келген күні-ақ қайтсем де оған жолықпай қоймаймын. Одан бір күн де көз жазбайтыныма уәде беремін.

Құрметпен Чарльз Уити

8 октябрь 1958 ж

Уити мырза!

Джарт Қоры Сіз жүрген елдің неге нашар дамығанын зерттеуден бас тартуды ұйғарды. Күш-жігер жұмсағаныңыз үшін Сізге алғыс айтамыз. Отанға қайтып оралуыңызды, өзіңіздің байырғы қызметіңізге кірісуіңізді өтінеміз.

Джарт Қоры.

16 октябрь 1958 ж

Жігіттер!

Сіздердің соңғы хаттарыңыздан Джарт Қоры мен жүрген елді зерттеуге қаржы бөлуді тоқтатқанын ұқтым. Менің жыл бойғы еңбегім еш болмауы үшін бұдан былай жұмсалатын шығынды өз мойныма алуды және Сытқы баймен, оның әріптестерімен кездесу үшін қасық қаным қалғанша күрес жүргізуді ұйғардым. Бұл елдің неге нашар дамығанын білуге мен о бастан-ақ өлердей құмар болатынмын, енді оны қайтсем де анықтауым керек.

Ал енді, Сіздердің соңғы хаттарыңызға қарамастан істеген жұмысым туралы қысқаша есеп беруге рұқсат етіңіздер, өйткені мен мұнда қол қусырып бекер жүрген жоқпын ғой. 15 сентябрьде Барбароса күні аталып өтілуіне орай мен Сытқы баймен ұшыраса алмасам да, 27 сентябрь күні оның қызметте болатынын анықтап білдім. Бірақ 27 сентябрь — Түрік тілі мейрамы өткізілетін күн екен. Ақыры октябрь айын асыға күтуге тура келді. Біз 6 октябрьде де кездесе алмадың, себебі Стамбулдың азаттық мүшел тойы болды. Үш күннен кейін іздеп барғанымда Сытқы бай некелескенінің мүшел тойын тойлап жатқанының үстінен шықтым.

28 сентябрьден бастап үш күн бойы Республика Күні мейрамдалды, ал ондай ұлы той кезінде кімнің де болсын мазасын алу, әрине, миғұлалыққа жатар еді. Сонымен, ноябрь айын тоспасқа лажым қалмады. Енді алдағы мейрамдардың бір аралығында Сытқы байды қолға түсіремін де, олардың неге нашар дамып келе жатқандарын бүге-шігесіне дейін біліп аламын.

Құрметпен...

2 декабрь 1958

Қымбатты Уити мырза!

Джарт Қоры нашар дамыған елдерді зерттеуге қаржы бөлуді баяғыда тоқтатқанымен, Сіз жүрген елдің неге соншама нашар дамығанын білуге әлі күнге ынтықпыз. Егер Сіз өз зерттеулеріңіздің нәтижесін бізге хабарлай жүрсеңіз, біз Сізге мың да бір алғыс айтар едік.

Құрметпен...

18 декабрь 1958 ж

Мырзалар!

Мен тындырып жүрген жұмыстардың қысқаша нобайы мынадай: 10 ноябрь — мұнда Ұлттық аза күні, Аза аяқталсын деп үш күн тостым да, 13 ноябрьде Сытқыны іздеп бардым. Ол астананың Анкараға көшірілгенінің мүшел тойына аттанып кетіпті. Ол бір аптадан кейін ғана келді. Бірақ онымен тағы да жолыға алмадым,— Сытқы бай матчқа кетіп қалыпты. Содан кейін адам правосын қорғау жөніндегі дүниежүзілік декларация күні мейрамдалды. Одан соң шыбынға қарсы күрес айлығы басталды. Сөйтіп, 1958 жылдың программасы тамамдалды. Алда туар Жаңа жылды зор үмітпен қарсы алмаңпын. Ол жыл қалай болғанда да, не мейрам, не мүшел той, не салтанатты жиын, не матч жоқ бір күні мен Сытқы байды бәрібір ұстап аламын да, оның елінің неге нашар дамығанын бәрібір анықтаймын!

Сіздердің Чарльз Уитиіңіз.

28 февраль 1959 ж

Құрметті Ч. Уити мырза!

Біздің ынтамызды еселеген соңғы хатыңыздан кейін Сізден ешқандай хабар ала алмай жүрміз. Үнсіз жатқаныңызға алаңдаудамыз.

Джарт Қоры.

10 март 1959 ж

Құрметті мырзалар!

Менің 1959 жылдан күтерім кеп. Алла қосса, бұл жылы Сытқы баймен дидарласатын-ақ шығармын. Менің үмітіме Сіздер де ортақсыздар деп білем. 1 январь Жаңа жыл күні болған соң оны іздеп әуре болмадым. Одан кейін пайғамбар жаратылған күн мейрамдалды да, ол күні Сытқы байды мазалаудың жөні болмады. Одан соң Инею түбегіндегі жеңіс күні тойланды. Ондай күндерде Сытқы байды мазалағаным жараспас деп ойладым да, февральды тостым. 4 февральда Пайғамбар пайда болған күн аталып өтілетіндіктен Сытқы бай насихат сапарына аттанып кетті. Сонсоң мен календарьды мұқият зерттеп, 16 февраль күні бір де бір мейрам жоғын біліп, кәдімгідей бір серпіліп қалдым. Бірақ ол күні Сытқы бай өзі бітірген мектепке палау жеуге шақырылып кетті. 22 февральда Мұхаммед пайғамбар балиғатқа толған түн тойланды. Сытқы байға енді ертең барармын деп отырсам, 11 март күні ораза басталады екен... Қалған хабарды содан кейін жазармын.

Чарльз Уити.

24 апрель 1959 ж.

Құрметті мырзалар!

Сытқы баймен, оның әріптестерімен әңгімелесу үшін екі жылдың ішінде мен мейрам болмаған бірде бір күнді көрмедім. Ораза 12 апрельде аяқталды. Одан кейін айт күндері басталды. Сытқы бай айызы қанғанша айтшылап алсыншы деп бірнеше күн тостым да, оған 23 апрельде барсам, ол күні балалардың мейрамы екен... Енді ертең елге қайтпасам болатын емес.

Чарльз Уити

* * *

Экономика профессоры Чарльз Уити Америкаға қайтып оралды. Джарт Қоры одан көрген-білгені жайлы лекция оқуды сұрады. Оған Чарльз Уити мырза:

— Мырзалар, мен күш-жігерімді, уақытымды аямай-ақ жұмсадым. Алайда таусылмайтын мейрамдар маған бөгет болып, тірі жанмен жолықтырмады; мен сол елдің неге нашар дамып келе жатқанын біле алмай кеттім. Бұл тұрғыда ешқандай мағлұмат берер шамам жоқ. Бар-жоқ айтарым: сол елдің нашар даму себептерін білуге өзім де өлердей құштармын! — деп жауап қайтарды.

Ескерту: мен өздеріңіз үзіндісін оқыған қолжазбаны игі ниетпен жіберген баспа иесіне хат жазып, қолжазбаны жеке жинақ етіп тезірек шығаруын өтіндім. Құрметті баспа иесі менің ол өтінішімді қабыл алар-алмасын көре жатармыз.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер