Өлең, жыр, ақындар

Өзіңізге қарап алыңыз

Баяғыда ма, бертінде ме, алыста ма, жақында ма, жоғарыда ма, төменде ме, мен туғанға дейін бе, мен өлгеннен кейін бе, — сенсеңіз сеніңіз, сенбесеңіз тағы қойыңыз, — әйтеуір, жер бетінде бір қала болыпты, ол қалада бір үй болыпты.

Уа, менің оқырмандарым, тыңдаушыларым! Сіз қай кезде өмір сүрген болсаңыз да: он ғасыр бұрында ма, он ғасыр кейінде ме — бәрібір, сіз қай елде тұрсаңыз да: тамаша елде ме, керісінше ме — бәрібір, әйтеуір жаңағы қала сол кезде, сол елде болыпты. Сіз қай тілде сөйлесеңіз, ол қаладағылар да сол тілде сөйлепті.

Сонымен, әңгімемді бастайын.

Сол қалада бір үй болыпты, ол үйде бір Адам тұрыпты. Бір күні ол таңертең тәтті ұйқысынан оянып, езуі жеткенінше есінеп жатып қараса: дәл жанында, әйелінің жастығында, адам баласы көрмеген бір мақұлықтың басы жатыр! Бұқа көз, есек құлақ, шошқа тұмсық бір пәле! Көрпенің астынан үлкендігі қошқардың мүйізіндей тырнақ жуандығы жеңді білектей боп иттің құйрығы шығып жатыр. Адам іңірде ғана өзінің әйелімен жатқан еді. Іңірде ғана емес-ау, отыз жыл бойы бірге жатып келеді емес пе?!

Адам мақұлықты құшақтап жатқан қолың тартып алып, ірге жаққа қарай ығысып, бақырып қоя берді. Мақұлық шошып оянып:

— О не, жаным? — деді.

Мақұлық адамша сөйледі. Әйелінің дауысынан айнымайды. Тіпті бұрынғысынан да жұмсақ, нәзік естілді.

Күндегі ғадетінше ішкиімшең ғана жатқан Адам төсегінен ата жөнеліп, бұрышқа барып тығылды. Қызғылт ішкиім киген мақұлық орнынан тұрды. О, алла, неткен қорқынышты еді! Омырауында бос екі қапшық ілулі тұрғандай. Шашы ұп-ұзын, сояу-сояу. Мақұлық ілгері аттап:

— О не, жаным? Саған не болды? — деді. Мақұлықтың дауысы мұндай әсем болар ма! Адам оның сықпытын көрмес үшін бетін қолымен басып алып, бар пәрменімен бақырып балағаттады.

Сол сәтте есік ашылып, үш құбыжық кіріп келді. Үшеуі де — адам аяқты, жылтылдаған жұп-жұмыр жылан кеуделі. Ит құлақты. Шаштары шала таралған кендірдей, біреуінің шашы тіпті иығын жауып кеткен. Адамның көзі тас төбесіне шығып:

— Жоғал! — деп баж ете түсті.

Ұзын шаштысы оның жанына жетіп келіп:

— Әке! Әкетайым! — деп шырылдады. Үш құбыжықтың үшеуі де:

— Әке! Саған не болды? — деп шыр-шыр етті. Адамның есі ауып қала жаздады. Жылан, кісі, өгізден құрап-сұрап жаратқандай боп алдында тұрған үш құбыжықтың дауыстары оның балаларының дауыстарындай. Адам:

— А-а-па! — деп бақырып, есікке қарай қашты. Оның жасы сексенге келген шешесі бар еді. Қабырғалас бөлмеден сол шешесінің:

— О не, ұлым? — деген дауысы естілді.

Адам есікті ашып қалды да, шалқасынан түсе жаздады. Қарсы алдында — кісі басты қотыр сиыр тұр. Ол аузын арандай ашып:

— Ұлым, саған не болды? — деді. Тура шешесінің дауысы!

Адам асып-сасып киіне бастады. Бес құбыжық оны қаумалап тұра қалып, сұрақты қарша боратты:

— Не болды, жаным?

— Бізге неге мұнша шошып қарайсың? — деді бұқа көзді, есек құлақты құбыжық.

— Неге қалшылдап тұрсың? — деді кендір шаштылардың біреуі.

Адам:

— Жоғалыңдар! Кетіңдер! — деп бақырып, далаға ата жөнелді.

Бұ не сұмдық?! Көше толы арса-арса мақұлықтар. Адам да емес, аң да емес. Басы мүйізтұмсықтың басындай боп піл тұр. Шибөрі басты, жылан құйрықты буйвол келе жатыр. Маймыл әлпетті түйе жүр. Үлкендігі сиырдай бақаның басы құдды кісінің басы секілді. Жер бетіндегі аң атаулыны түгел жинаса да, дәл мұндай қорқынышты көрініс болмас. Бірақ мыналар аң да емес.

Адам алды-артына қарамай зытты. Қиқы-жиқы мақұлықтардың ара-арасынан атқақтап өтеді. Өзі қызмет істейтін кеңсенің есігіне жетіп бір-ақ аялдады. Басқышпен жүгіріп жоғары шықса, — онда да құбыжықтар толып жүр. Адам өз кабинетіне қойып кетті де, орнына барып отыра қалды. Дереу қоңырауының түймесін басып, хатшысын шақырды. Ит басты, кісі аяқты күркетауық кіріп келіп:

— Әміріңізге құлдық, әпендім, — деді.

— Мен... мен... жынданған шығармын!.. — деп бажылдады Адам.

— О не дегеніңіз? Бірдеңеге қатты ренжідіңіз бе? — деді күркетауық кәдімгі хатшысының әсем дауысымен.

Адам көзін тарс жұмып алып:

— Ф. бикешті шақырып келіңіз, — деді.

— Құп болады.

Ф. бикеш оның машинисткасы еді. Ғажап сұлу қыз. Адамның нақсүйері болатын.

Сәлден соң есік ашылды да, үстінің суы сорғалап түлен кіріп келді, — иттің аяғынан аумайтын төрт аяғы бар.

— Сен кімсің?! — деп Адам баж ете түсті.

— Сіз шақырған екенсіз... — деді түлен.

Есінен танып қалмай тұрып бастығын тауып алғысы келген Адам бас директордың кабинетіне қарай тұра жүгірді. Кіріп барса, — стол басында өңкиіп бір құбыжық отыр.

Адам:

— Мен ұйықтап жатқан шығармын, түс көріп жатқан шығармын, — деп күбірлеп, көшеге атып шықты.

Көше толы сол баяғы мақұлықтар; үйдей-үйдей өрмекшілер, пілдей-пілдей қарақұрттар, кісі әлпетті бүйілер, қазтабан крокодилдер...

Адам:

— Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! — деп бақырып, көше бойлап жүгіре жөнелді.

Оның дауысын естіп опыр-топыр жиналған мақұлықтар қуып жетпек боп соңынан ұмтылды. Адам шибөрінің аузына түсіп қала жаздады. Бір жерде оны қабан аяқтан шалып жалпасынан құлатты, бірақ Адам сонда да ұстатпай:

— Құтқарыңдар! Көмектесіңдер! — деп бақырып безе берді.

Мақұлықтар оны бірнеше сағат бойы қуалап, ақырында болдыртып апарып бір тұйыққа қамады.

— О, байғұс-ай, шын-ақ алжасқан екен, — десті қаумалап.

Оны бас салып ұстап алды да, байлап-матап тастады, сонсоң оларын місе тұтпай, аяқ-қолын кісендеп, бір жайдақ арбаға салып, «Жындыхана» деген жарнамасы бар бір үйге алып барды. «Бас дәрігер» деген жазуы бар бөлмеге кіргізді.

— Құтқарыңдар! Шынымен бір кісінің болмағаны ма?! Құтқара көріңдерші! — деп жалбарынды Адам.

Бөлмеге түйе аяқты шаян кіріп келді Үстінде ақ халаты.

— Босатыңдар! — деді шаян.

Адамды байлап-матаған жіптерді шешіп, аяқ-қолындағы кісенін алды. Адам өзін қоршалаған құбыжықтарды көрмеу үшін бетін тізесіне басып отыра қалды.

Ақ халатты шаян жұмсақ үнмен:

— Сізге не болды? — деп сұрады.

— Ештеңе де болған жоқ, — деді Адам, басын көтерместен.

— Онда жүзіңізді неге жасырасыз?

Адам күні бойы көргендерін айтып:

— Кісілер қайда? Олар қайда кеткен? — деп налыды.

Әлдекім мырс етіп күлді.

— Түсінікті. Сырқатыңыздан қазір-ақ айықтырамын.

Шаян сиырдай бақаға бұрылып:

— Қымбаттым, айнаны алып келіңізші, өзін-өзі көрсін, — деді.

Шошқа мен шибөріден туғандай екі құбыжық үлкен айна алып келді.

Айнаға көз салған Адам өзі әлі көрмеген бір сұмпайы құбыжықты көрді: бет әлпеті кісіге ұқсайды, бірақ кілкілдеп тұрған қан мен ірің. Екі езуінен дәл сойылдай екі тіс шығып тұр. Есек құлақ. Көзі табақтай. Басында — тармақ-тармақ мүйіз. Денесі кәдімгі кесірткенің денесіндей жап-жасыл, жұп-жұмыр, қабыршық-қабыршық.

Адам жан дауысы шыға шыңғырып, есінен танып қалды. Әлде заманда ғана есін жиып, аузы икемге әрең келіп:

— Мен қайда жатырмын? — деді.

Жанында тұрған ақ халатты дәрігер:

— Сіз ауруханадасыз. Жағдайыңыз қалай? — деп сұрады.

— Рақмет, дәрігер мырза, жағдайым өте жақсы, — деді Адам жымиып.

— Күндердің күнінде бүгінгідей сырқатқа ұшырай қалсаңыз, дереу айнаға қарай қойыңыз! — деді дәрігер.

Дәрігердің жанында әп-әдемі екі қыз көмекшісі тұр екен. Адам бәріне алғыс айтып, ауруханадан шықты.

Көшеде — ерсілі-қарсылы өтіп жатқан күндегі таныс-бейтаныс кісілер... Адам кеңсесіне барып қызметін істеп, кешке үйіне қайтты...

— Хал-жағдайың қалай, жаным? — деді ол әйеліне.

— Қайырлы таң! — деді әйелі. — Сен бүгін көп ұйықтадың ғой... Кофе дайын, тұр, тосып отырмыз.

Адам төсегінен тұрды, киінді, жуынып-шайынды, балаларын бетінен сүйіп еркелетті.

Қабырғалас бөлмеден:

— Ұлым, хал-жағдайың қалай? — деген дауыс естілді.

— Өте жақсы, апа. Өзің қалайсың? Қуаттымысың? — деді Адам.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар