1978 жылдың қара күзі. Кеме жерорта теңізімен жүзіп, Грекияның Пирей портына тоқтады. Мемлекет астансы Афинамен жалғасып жатқандай бұл қала. Иықтасып, иін тиісіп тұр. Туристер шағын топтарға бөлінді. Біөді егде тартқан орыс әйелі ертіп жүрді. Өзін: — Атым Анна, Еділ бойындағы Саратов қаласының қызымын. Грек жігітіне тұрмысқа шығып, отыз бес жылдан бері осында тұрамын, — деп таныстырды. Қараша айы болса да, күн жылы — біздегі маусымдай, табиғаты мейлінше сұлу. Бір жағы теңіз, екінші жағындағы таулы, қыратты алқап көк торғынға бөленген.
Жолай ежелгі грек тарихынан мәлімет беріп келеді. — Елмен танысуды алдымен Акропльден бастайық, — деді.
Акропль ансамблі салынғанына екі жарым мың жылдай уақыт өтіпті. Әсемдігі әлі талай ғасыр бойы адамзатты тамсандырып, қиялын тербетері даусыз. Түрлі ғибадатханалар, сарайлар, Промахос мүсіні, тағы да басқа терең мазмұнды сәулеттік туындылар көркемдігі жағынан бірінен-бірі өтеді. Сәулетшісі даңқты Фидий тарихшы Геродот пен философ Анаксагордың тұстасы екен. Әдебиеттегі комедия жанрының атасындай Аристофан, ұлы ақындар Эсхил, Софокл да Периклдің «Алтын заманының» перзенттері болғанын білдік. Кей жылдары егіннің бітік шығатынындай, дүниеге лек-легімен ұлылар әкелетін ғасырларға таң қаласың. Мың жылдап ұрпақтан-ұрпақтың мирасына айналған осы Акропль құл иеленушілік заманда бой көтерген. Бір қызығы, құл иелене отырып, бұл ел демократияның классикалық үлгісін орнықтырған. Жоғары үкімет, билік — халық жиналысының қолында. Мемлект басқарудың барлық саласы сол жиналысқа бағынған. Біздің қазіргі өлшеммен ақылға сыймайтын құбылыс.
«Небір ғасырлар өтіпті-ау, небір асылдар өтіпті-ау» — деп таңданамыз. Парфенон ғибадатханасының іргесінде алқа-қотан отырып, ел тарихынан біраз мағлұмат түйіп, әңгіме желісін осы заманға аудардық. Оған жақын маңға ұшақтың бұрқырата үнқағаздар шашып кетуі түрткі болды. Сайлау алдындағы айта беретін үгіт-насихат. Аннадан:
— Бұл сайлауда компартияның жеңістен үміттенетіндей мүмкіндіктері бар ма? — деп сұрадық. Күлді...
— Сіздер айтып отырған компартия әлемде үш топқа бөлініп кеткен жоқ па? Броз Титоның жолын ұстанатындар, Мәскеу бағыты және Мао-Цзэдун. Бөлінген соң не қауқар, не қуат, не береке қалады? Пәлендей көп дауыс жинайтынына сенбеймін. Әйтсе де әрекетсіз емес, тырбанулы сыңайлы, — деді. Орайы келіп қалған соң, Монолис Глезосты сұрадық. Оны оыдан бірер жыл бұрын қамағаны, социалистік елдер шерулер өткізіп, «Бостандық берілсін!» — деп ұрандатқаны есімізде.
— Жүр ғой көсемсіп, бұрынғысынша компартияның басшысы, — деді де, сәл кекесінмен жымиды. — Бүгінде семіріңкіреген, жекменшік дүкені де бар. Анна ханымның компартиға онша іштартпайтынын аңғардық. Жақтау тастан секіріп түсіп, бір қара мысық бізге қарай жақындай берді. Бәріміз аңтарыла қарап қалдық. Ешқайсымызға бұрылмай, тура Анна ханымға барды. Нақ бір өз үйінің асырандысындай. Анна оның басынан, арқасынан сипап, еркелетіп, сөмкесінен бір жапырақ нан мен ірімшік шығарды. Мысық мәужірей қарап, ризашылығын білдіргендей баяу мияулап, алдындағысын жеуге кірісті.
— Біз сияқты туристер күнде келеді. Олармен де бізбен әңгімелескендей әңгімелесетін шығарсыз. Сол сәтті мынау қара мысық қалт жібермеді-ау, шамасы. Ешқайсымызға бұрылмай, тура сізге барды ғой. Шыныңызды айтыңызшы, ескі танысыңыз ба? — дедім әзіл тастағандай сыңаймен.
— Ұзақ жыл ежелгі пәлсапашылар елінде тұрған соң, менің де көңіліме тоқыған өз пәлсапам, өмірге деген ұстанымым бар, — беп байсалды жауап бере бастады. — Адам белгілі бір қоғамда, табиғат аясында өмір сүреді. Жақсылық та, жамандық та пенде мен пенденің, табиғат пен адамзаттың арасындағы қатынастардан туындайды. Сол байланыс мағыналы, жағымды, үйлесімді болуы үшін, әркімнің бойынан барлық уақытта міндетті түрде екі нәрсе табылуы керек деп ойлаймын. Біріншісі- жүрегіңнен шығатын жылы сөз; екіншісі — бір жапырақ нан. Таңертең үйден шығарда сөмкеме бір жапырақ нан салуды еш ұмытпаймын. Өзіңнің қарның ашады. Кейде аш адамға кезігесің. Немесе қазіргідей аш мысық, бұралқы ит ұшырасады. Бір жапырақ нан беріп тұрып, титтей пайдаңның тигеніне кәдімгідей марқайып, көңілденіп қаласың. Ал, жылы сөз қашан да жанға рахат сыйлайды. Тілдескен кісінің кеудесіне шуақ түсіріп, нұрландырады, тасты балқытып, тас жүректі жібітетін де жылы сөз емес пе? — деді.
Япырай, ұлағат та, ұлылық та адамзатқа ортақ екен-ау. Біздің қазақта: «Жақсы сөз жан семіртеді жылы — жылы сөйлесең — жылан інінен шығады» — демей ме? Ілгеріде ақылман қария Ізтілеуов Тұрмағанбеттен «Жақсы сөз — жарым ырыс» — дейді халық. Сол рас па? — деп сұрапты. Сонда Тұрекең: «Оны айтқан адам далбасалапты. Жақсы сөз — жарым ырыс емес, бүтін ырыс», — деген екен.
Анна ханымның нан жәйлі айтқаны да біздің «Өзгеге жапқан шапаннан өз денең де жылынады» — деген екен пәлсапамызға келіңкіремей ме? Жалпы, нан мен сөзді қазақтан артық қадірлейтін ел бар ма? — деген ойға қалдым. Оның қарапайым пәлсапасы маған ұнады. Данагөй мұғалімнен дәріс алған шәкірттей болып отырғанымда, оң жағымдағы орта жастағы орыс әйел: — Қара мысық, бұл құрметке лайық емес. Осындай қара мысықтың кесірінен құлап та қалғаным бар. Биыл жазда жол кескен қара мысықтан қашамын деп,күйеуім машинасын аударып алды.Бұларды суқаным сүймейді. Сіз құрметтеп, нан беріп отырмыз, ал мен үшін жиіркенішті, — деп балпылдап, болымсыз бірдеңелерді тізбектеп, бықсыта жөнелді.
Есерге айтқан қайран есіл сөз-ай! Тәңірім кейде құлалқ бергенімен, сөзді миға жеткізетін жолын бөгеп тастай ма, қалай? Ұлағатты да ұлағатты жан ұғады екен-ау, — дедім ішімнен. Рақаттанған жан — дүнием бірден бұзылды. Есер әйелдің қасынан қалай тұрып кеткенімді білмедім.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі