Өлең, жыр, ақындар

Ақмаралдың өтініші

Екінді кезі еді. Ақбота әлдекімнен қорқып қашқандай артына алақтап, екінші қабатқа жүгіріп шықты. Аптыға кеп есік тұтқасына жармаса бергенде, мектепке бара жатқан апасына қарсы ұшырасты.

— Ақмарал... Ақмарал! — деді көзі жыпылықтап. Артына бір қарап алды: — Дина сұраса, мені жоқ деші.

— Неге?

— Мен онымен ойнағым келмейді

— Жоқ деп өтірік айта алмаймын. Мен пионермін, — деген апасы мектебіне кетіп қалды. Ішке кірген соң столда сабағына дайындалып отырған ағасына кеп жалынды. — Әнуар... Әнуар! — деді столға асылып.

— Әрі тұр. Қолымды бұзасың, — деп ағасы қабақ түйді.

— Дина келсе, мені жоқ деші.

— Неге?

— Мен онымен ойнағым келмейді

— Мен өтірік айтпаймын.

— Сен де пионерсің бе?

— Жоқ, мен октябрятпын.

Ақмарал бұртиып асханада шай ішіп отырған әжесіне барды.

— Әже, — деді еркелей асылып. — Дина келсе, мені жоқ деші.

— Неге, боташым-ау?

— Мен онымен ойнағым келмейді. Ол жаман, үйіңнен конфет әкелмесең, ойнатпаймын деді.

— Ойнатпаса ойнама, — деді Айымкүл әжей, — жоқ жоқ деп өтірік айтудың қажеті қанша?

— Сен де пионерсің бе, әже?

— Жоға...

— Сен неге өтірік айта алмайсың?

— Үлкен басыммен өтірік айтып не көрініпті маған?

— Мен көзімді жұмып жатайын, әже... Сен мені ұйықтап қалды дейсің бе? — деді амалы таусылған Ақмарал.

Немересінің қылығына мәз болған Айымкүл әжей:

— Айтайын... Айтайын, — дей берді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз