Өлең, жыр, ақындар

Туған жердің топырағы

Бейне бір кеудесін керіп тұратын адамдарды елестететін бұл биік ағаштардың арасындағы көлеңкеде өсе алмай қалған нәзік қайыңды көргенімде марқұм атам есіме түседі. Ол кездерде мен бала болғандықтан, атам айтқан сөздердің мағынасына мән бере қаймаппын. Оның сөздерінің астарында не жатқанын енді ғана түсініп келемін.

Атамның өмірінің соңғы жылдары еді. Балалығыма қара­май, ­оның ойшыл көздерінен мұң көруші едім. Бетіндегі әжімде­рі те­реңдеп, жұрттың тамсана қарайтын кең иықтары қусырып ­ба­ра жатқанын байқайтынмын. Иә, кейінгі кездерде оның мінезі де өзгере бастады. Ілгеріде мені еркелетіп, қызық ертегілерді, аңыз әңгімелерді айтып беретін. Соңғы кездері ертегі айтып беруін сұрасам, «ертең, арғы күні» деп кейінге сілтеп, қашқақтайты­нын сеземін. Екеуміз мал бағуға шығып, сол нәзік қайыңның түбінде отырғанымызда, атамның терең қиялға беріліп кететінін сеземін. Кей кездерде қайыңның нәзік шыбығын сипап, өзінше ішінен ­бір нәрселерді айтатын. Бірақ мен оның сырын түсіне қоймаған едім. Әдеттегідей мал бағып жүрген күндеріміздің бірінде малдарды қайтарып, сол бір қайыңның жанына келсем, атам ой тұңғиығына батып отыр екен. Көзінен аққан жас бетін жуып кетіпті. Мен одан ­ не үшін осы жерге келгенінде көңілі босайтынын сұрағанымда, атам мені құшағына тартып, басымды сипап, жүрек сырын ақ­тарды.

— Балам, қарашы мына ағаштарды, қандай биік болып өскен, ә? ­ Ал, мына қайыңды қарашы! Бұның да бой таластыра өсіп, көкке жеткісі келеді. Бірақ, еш амалы жоқ, себебі айналасындағы үлкен ағаштар оның өсуіне жол бермейді. Бұл дүние деген солай екен, халықтар да осыларға ұқсап бақытты және бақытсыздықты басынан өткереді екен. Мен өз халқымның тағдырын мүшкіл халге түсіп қалған осы қайыңға ұқсатамын, — деп терең тыныс алып, тағы да ойға шомды. Екеуміз де үнсіз ұзақ отырдық. Оның көзінен еріксіз ағып жатқан жас сақалынан тұрақ таба алмай, менің мойныма тамып жатты.

— Ата, саған не болды, неге жылап отырсыз? — деп сұрадым арадағы тыныштықты бұзып. Ол көз жасын сүртіп, әдеттегідей маңдайымнан сүйді де сөзін жалғастырды:

— Қозым менің, сен енді ғана ашылайын деп жатқан бәй­ше­шек­­сің. Мен саған қанша айтсам да балалық түсінігіңмен қабылдай алмайсың. Кейін ер жетіп, өмірдің ыстық-суығын басыңнан өт­кергенде менің айтқандарымның сырына қанығасың. Сен — дү­ниедегі ұлы қаһарман халықтың перзентісің. Әзірге бақытың бай­­лаулы. Бірақ біздің ел де тәуелсіздік алатын күн туады. Сенің за­­ман­дастарыңның ондай күнді көретіндеріне сенімім мол. Себебі, та­рихқа әмір жүрмейді. Балам, демек зұлымдықтың да шегі болып, бақытты күндер тумай қоймайды. Су аққан арықта бір күндері қайтадан су ағатын болады. Сол кезде бүгінде өз жерінде азап шегіп жатқан халқымыз басын көтеріп, ата-бабалары мұраға қалдырған білім, ғылым, мәдениетті одан әрі дамытып, азат өмір сүретін болады. Ұлым, мына кішкентай қайың ағашын көрдің бе? Бұл да өз уақыты келгенде көкке бой соза өсетін болады. Бұл — табиғаттың заңы.

Атам әңгімесін аяқтады да тағы егіле жылады.

— Ата, босқа жыламашы? «Ер жігіт жыламайды» деп өзіңіз айтпап па едіңіз?

Мен оның көз жасын кішкене алақандарыммен сүрте бастадым. Атам немересінің алдында жылағанына ыңғайсызданды білем, терең тыныс алып, тынышталды.

Сол оқиғадан кейін бір ай өтпей-ақ, атам сырқаттанып, төсек тартып жатып қалды. Өзі ормандағы нәзік қайың тәрізді әлсізденіп кеткен еді. Атамның сырқаты меңдеп, нашарлаған кезде туған-туысқандарымыз келіп, оның басында отырды. Ол ақырғы демі үзіліп бара жатқанда бәрімізді қасына шақыртып:

— Балаларым,туғандарым,менен кейін де осылай тату-тәтті тұ­рыңдар, — деді де мамама қарап, — қызым, сандықтың... дорбаша.., — деген сөзді әрең айтты. Мамам дереу көне сандықты ашып, ішінен топырақ салынған дорбашаны шығарып, атама берді. Атам аузы ашылған дорбашадағы топырақты емірене иіскеді.

— Туған жердің топырағы қандай қымбат және жағымды, бұл қасиетті топырақ! Сендерге айтатын өсиетім, менің қабірімнің үстіне топырақты тегіс себіңдер. Сол кезде рухым қайтпай, тыныш жататын боламын. Аһ, бізді зар еткен,Отан!

Атам көзін жұмды да, мәңгілік сапарға аттанды.

— Ата, Ата, көзіңді ашшы?! Мені тастап кетпеші?!

Өзімді ұстай алмай, еңіреп, боздап жыладым. Ертесіне бесін намазынан кейін атамды жер қойнына бердік. Дорбашадағы топырақтың бір бөлігін қабірінің үстіне септім...

Жылдар жылжып өте берді. Мен ер жетіп, кәмелет жасына келсем де, әлгі қайың ағашы сол қалпында. Ол әлі де көкке таласады. Бірақ айнала өскен сансыз ағаштар оған мүмкіндік бермей келеді. Бұл қайың — мен үшін атамнан қалған қасиетті ескерткіш.

... Бүгін мен сол қайыңға жалғыз емес, бес жасар ұлыммен келдім. Бір кездерде мен де ұлым сияқты бала едім. Ойында ештеңе жоқ ол, көбелек қуып кетті. Ал, мен болсам, атама ұқсап қайың түбінде қиял теңізінде жүзіп жүрмін. Сана саңылауында — халқымның бүгінгі тағдыры, келешегі. Мың бір шүкіршілік, халқым қазір оянып келеді. Оның үстіне, қазақ, өзбек, қырғыз тәрізді бауырларының тәуелсіздігі оған үлкен үміт артады. Атамның армандаған күндері де алыс еместей көрінеді. Азаттыққа ие болсақ, атамның рухы бір аунап түсер еді. Туған Жер, Отан — Ана, қайғырма! Азаттық таңы ататын күн алыс емес. Сонда да алаңдатар оқиғалар жоқ емес. Атам дорбашада сақтап келген туған жердің топырағын ұлым менің қабіріме сеуіп жүрмесе еді...

Бір мезетте қайың сабағынан бір тамшы шырын жерге ағып түсті. Бұл көрініс мені қайран қалдырды. Себебі мен ілгеріде «өсім­діктер адамдардың ой-пікірін сезеді» дегенге сенбеуші едім. Бұл сөзде қандайда бір ақиқат бар көрінеді. Мүмкін ол марқұм атамды еске алған болар. Яки, өзінің ауыр тағдырына налып жылап жатқан шығар? Осы кезде біреудің жақын маңнан «Сенің халқың осы қайың ағашы сияқты бейшара, езіліп жатқан халық» деген дауысын естігендей болдым. Ол дауысқа мен «Өсе алмай қалған ағаш­тың бір бұтағы мен болам» деген жауап қайтардым. Сол кезде қайың екеуміз үнсіз жыладық. Бір кезде жаңбыр ақырын жауа бас­таға­нын да сезбей қалыппын. Ұлымның: «Әке, жаңбыр жауа бастады, үйге қайтайық» деген үні менің ойымды тарыдай шашып жіберді.

— Ұлым, жаңбырдың жауғаны жақсы. Біраз су болсақ, түк ет­пейді. Кел, осы қайыңды ашық алаңға шығарып отырғызайық. Жаң­бырдың суында тез жерсініп кететін болады, — дедім мен оған.

Екеуміз күн көрінбейтін салқын көлеңке ішінен қайың ағашын қазып, оны ашық жерге орналастырдық. Осы жерде қайың жапы­рақтарының реңі бірден қою түске еніп, ерекше жасарғандай кө­рінді маған. Ұлым екеуміз үйге қарай бет алдық. Мен сәл аялдап, қайыңға қарадым. Ол болса: «Рақмет саған, адам баласы, сенің осындай қамқорлық көрсететініңді білген едім. Мені қа­раңғылықтан құтқардың. Мені ұмытпай жүр. Себебі мен атаңнан қалған естелікпін» дегендей болды. Мен оған «Әр нәрсенің шегі бар. Міне, сен де азаттыққа шықтың. Сен сияқты менің халқым да міндетті түрде еркіндікке, тәуелсіздікке қол жеткізеді. Өсіп, гүлденетін шақтарымыз әлі де алда» дедім. Жаңбыр үдей түсті.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер