ТУҒАН ҮЙГЕ ОРАЛУ
Жақында Бабайқорғанға тағы да жолым түсті. Арада қанша жыл өтсе де көп ештеңе өзгере қоймапты. Сол ескі ауыл... баяғы күйкі-күйбең тіршілік... Бәрі таныс. Үйлер мен олардың маңайындағы тал-теректерге дейін көзіме оттай басылды.
Осы ауылда балдәурен балалық шағым өтті. Ойыма қимас жандар мен қызықты оқиғалар оралып, көз алдымнан тізбектеліп көшіп жатты. Көңілім босады, жанарымның жиегіне жас іркілді.
Алпысыншы жылдардың басында әкем атамның, яғни әкесінің өтінішімен Хантағыдан Бабайқорғанға қоныс аударған. Мыңда тоғыз жүз алпыс бесінші жылы Бабайқорғанның Үлгілі бөлімшесіндегі қазіргі Мәулен Балақаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттадым. Сол уақытта ол төрт кластық қана білім ордасы болатын. Бала санының аздығынан ба екен, төрт кластың оқушыларын бір бөлмеге жинап, қатар-қатар отырғызып қоятын. Айдарбек мұғалім барлығымызға кезекпен сабақ өткізе беретін. Ортадағы жалғыз тақтаға әр кластың тапсырмасын кезегімен жазып, оны қайта-қайта өшіріп, жанын сала түсіндіруші еді.
Мынау біздің үй... Осы қарашаңырақта өсіп-жетіліп, қанатымды қатайтып, арман қуып Алматыға аттанып едім...
Ана бір тоқал там Жатқанның үйі... Тағдыр-талайы ерекше адам еді. Біз оның шын атын да білмейтінбіз. Екі аяғынан бірдей айырылған, селдір сақалды сары шал өз төсегінде кескен дөңбектей дөңбекшіп жататын. Бала болсақ та оған жанымыз ашитын. Мен оның саусақтары түгел емес алақандарына үрейлене қарайтынмын. Біздің ауылдың адамдары оны «Жатқан» дейтін. Арада қырық жыл өтсе де «Жатқанның үйі», «Жатқанның сиыры», «Жатқанның есегі» деген ауыл адамдарының сөзі әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұрғандай.
Жатқанды алғаш қашан көргенім есімде жоқ. Сырты қара лаймен сыланған жұпыны жатаған үйіндегі өз төсегінде көргенім анық. Күн ұзаққа ашық тұрған есік пен терезеден сыртқа телміріп жататындықтан болар, ары-бері өткендермен бір-екі ауыз тілдесіп қалуға ынтық-тын. Маған ол әлдекімді зарыға күтіп жатқандай әсер қалдыратын. Қаншама жылдар сырғып өтсе де, оны ұмыта алмадым. Төсектен тұра алмай, аурудың азабын тартып жатқан сол бір мүсәпір жанға аяушылық сезіммен қарағандығымнан болар, мұңлы жанары мен дерт меңдеген жүзі ауық-ауық көз алдыма елестей береді.
ЖАТҚАННЫҢ ЖАЗМЫШЫ
Жатқанға, үлкендерден гөрі, ауылдың қара сирақ балалары үйірсек еді. Себебі, ол көңілденсе қызықты әңгімелерді майын тамыза айтып, хисса-дастандарды жатқа соғатын. Кезек батырлар жырына келгенде дауысын мың құбылтып, көзін ойнақшытып, тыңдаушысын еріксіз ұйытып тастайтын. Содан болар балалар айналсоқтап маңайынан шықпайтын. Ондай сәттерде оның кемтар екені ұмытылып, өзі жырлап отырған ертегінің алып батырына ұқсап кететін. Кейде бізді айғайлап шақырып алып, күні бойы карта ойнайтын. Ермегіміз елдің бәрі білетін кәдімгі «алты карта», немесе «қара қатын». Оның оң қолында бас бармағы мен сұқ саусағы ғана бар-тын. Сол қолындағы шошайған үш саусағы әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Осы саусақтарымен-ақ картаны ақша санағандай зыпылдатып, өзіне ыңғайлап, қарсыласына көрсетпей, өте бір ептілікпен ұстайтын. Жүрілген әр картаны көзбен бақылып, оймен есептеп отыратын. Ойын соңындағы шешуші сәтте кімнің қолында қандай карта қалғанын анық білетін.
Жатқанмен карта ойнаған балалардың кез-келгені басқа жерлерде ешкімнен ұтыла қоймайды. Ысқаяқ карташы болып шығатын. Мен бұған бүгінде бәс тігуге дайынмын. Оның көз ілеспес жылдамдықпен жыпылдатып карта таратуы, екі саусақтың ұшымен іліп алуы, ойланып-толғануы, көзінің астымен ойыншылардың жүзіне сынай қарап, мұқият бақылап отыруы, тіпті әр қимыл-қозғалысына дейін әлі күнге көңілімде сайрап тұр.
Оң қолындағы қос саусақпен ұстаған карталардың жоғарғы жағынан оның ойын үстіндегі ойлы жүзіне ауық-ауық ұрлана көз тастаушы едім. Ал жанарымыз түйісе қалса, көзіндегі айықпас қайғы-қасіретті бірден байқайтынмын. Карта ойнап отырып та жиі күрсінетін. Бір күні қасымдағы бір бала Жатқаннан: «Аяқ-қолыңызға не болған?» - деп сұрап қалды. Оның жанары жасаурап, дауысы дірілдеп:
— Сұм соғыстың кесірі ғой! Балам, сендерге соғыс лаңын көрсетпесін, қайғы-қасірет шекпеңдер! Әлемде тыныштық, бейбітшілік болса екен! — деп тоқал тамның ашық тұрған есігінен сағым ойнаған далаға телміріп қарап, ойланып қалды.Осыдан басқа мардымды жауап ала алмадық. Үйге келген соң анамнан Жатқан туралы сұрадым:
— Оны қайтейін деп едің? — деп тиып тастады. Сөзімізді ұршық иіріп отырған нағашы әжем Өтебике естіп қалып:
— Е, сұм соғыс қой!.. — деп ауыр күрсінді. — Жатқан соғыстың алдында қол-аяғы зіңгіттей азамат еді. Көрмейсің бе, енді байғұстың қор болып жатқанын.Аналар жүр ғой, кісі болып... — деп біреулерді сөзімен түйреп өтті. Әжемнің аузынан шыққан әр сөзді аңдып отырғанмын:
— Әже, кімдерді айтып отырсыз? — деп сұрадым.
— Ой, әдіре қалғырлар, екі күннің бірінде беттері қызара бөртіп жүретіндерді айтамын да, — деп сөзінің аяғын жұтып қойды.
Шешемнің сиыр саууға шығып кеткенін пайдаланып, әжемнен не айтпақ болғанын қайта сұрадым.
— Е, балам-ай, онда біз Месте тұратынбыз. Өзің білесің, біздің ауыл таудың бөктерінде орналасқан. Соғыстан қашып келгендерге аяушылық танытып, үйге жасырғанбыз. Жүк тұратын іргеден төрт-бес адам еркін сиятындайұра қазып, сонда жасырып, бетін тақтаймен жауып, үстіне көрпе-жастық жинап қоятынбыз. Ас ішкен кезде атаң есікті жаптырып, іргені қымтатып тастайтын. Тамақты қолына алып, жүк аяқтың астына тақағанда қашқындар лып еткізіп ала қоятын. Сөйтіп бірнеше ай үйде паналаттық. Басымыздан осындай да қиын күндер өткен. Мұны ешкімге айтпа! — деп қатаң ескертті. — Қазір, әне солар, адам танымастай өзгерді, аяқтарын алшаң-алшаң басып жүр. Опасыздар, ешкімге опа бермейді екен ғой. Жатқан болса, сенің атаң сияқты қан майданның ортасында жүріп, Отанын абыроймен қорғады. Нағыз батырлар солар. Тек елеусіз, ескерусіз қалғандары болмаса... — деп әңгімесін кілт үзіп, сыртқа шығып кетті.
Жатқанның аяғын сылтып басатын Жәмиға есімді кемпірі болды. Тілі удай ащы, адамды қарғағанда, жаның түршігіп, төбе құйқаң шымырлайды. Егер қарғаудан дүниежүзілік байқау өтетін болса, Жәмиға сөзсіз бас жүлде алар еді. Бетін аулақ қылсын, осы жасыма дейін ондай қарғысты басқа ешкімнен естіген емеспін. Кітаптан да оқығаным жоқ, кинодан да көрмеппін! Жәмиға көбінесе асырап алған баласы Алданышты қарғап-сілейтін. «Көгермей көктей солғыр, жетпей желкең қиылғыр-ай, көріңде өкіргір, он екі кесектің астында қалғыр, иттің ғана баласы, қайда жоғалып кеттің? Ана шалдың томардай домаланып жатысы анау! Қаңғырып жүргенің мынау! Сені іздеймін деп-ақ, діңкем құритын болды. Ойының осылғыр, жүгірмек, қайда жүрсің, атың өшкір Алданыш?!» -деп басталатын қарғысы ауылдың әр тұсынан естіліп тұратын.
АЛДАНЫШ-АЙ, АЛДАНЫШ...
Алданыштың жасы сол уақытта он екіде екенін де өгей шешесі Жәмиғаның қарғысынан білгенбіз. Ол кезде ауыл балалары туған күнін атап өтпейтін, оған аса мән де бермейтін. «Анасы баласын неге сонша жек көреді» деп, оны іштей аяйтынмын. Ал басқамен шаруасы жоқ Жәмиға үй жағалай Алданышты іздеп, сөзінің арасында Құдайды да қарғап-сілеп, сылти басып бара жататын. Ондайда менің анам Жамал:
— Жеңеше-ау, не болды сонша қаршадай баланы қарғап, көп кешікпей қайтар, қайда барар дейсіз?! Сиырыңызды бұзауы еміп қойса ыдысыңызды әкеліңіз, ертеңге жететіндей сүт құйып берейін! — депсабырға шақыратын. Бірақ аузына «ақ ит кіріп, көк ит шығатын» Жәмиға ондай сөздерді құлағына да ілмейді. Шүйкедей қара кемпірдің дауысы оңайлықпен тыйылмайтын. Алданышты тапса тапты, таба алмай амалы құрыса, үйіне қайтып келіп:
— Жетпіс кесектің астында қалғыр, қу қақпас, осының бәрі сенің кесірің! — деп шарасыздық күйін кешіп жатқан бейшара шалын қарғыстың астына алып, удайтілімен шағып-шағып алатын. Одан арғысын есту, шыдау тіптен мүмкін емес...
Шынтуайтына келсек, мал жайғау, қора тазалау, шөп шабу, отын дайындау, оны үйге кіргізу, от жағу, күл шығару секілді сол үйдің бүкіл жұмысы бұғанасы қатпаған Алданыштың мойнында еді. Бірі бітсе, екіншісі алдынан андағайлап күтіп тұрады. Ауылдың кәдімгі бір бітпейтін тірлігі, күйбең тіршілігі.
Түкпірдегі алыс ауылдың тұрғындары негізінен қысы-жазы қолда ұстайтын ұсақ малмен күнелтеді. Судың тапшылығына қарамастан егін егеді. Жер тырмалап, несібесін теріп жеп, нәпақасын айырады. Халықтың қысы-жазғы күн көрісі негізінен осылай болатын. Мұндай ауыр жұмысты атқару оған оңай емес еді. Бала болған соң, кейде өзімен қатар жеткіншектермен ойнап кетіп, шешесінің кәріне жиі ұшырайтын.
Жасы бізден әлдеқайда үлкен көрінетін Алданыш бойы өспей қалған қортық, тапал, даудырай сөйлейтін, ақкөңіл бала еді. Ол сиырдың кепкен тезегін ұнтақтап, сарғайып кеткен газеттің қиындысына орап, ауыл балаларына шылым шегуді көрсететін. Бірде, Алданыш мені қасына шақырып алып, темекі тартуды үйретпекші болды.
— Әуелі түтінді ішіңе қатты сорып, сосын асықпай, үзіп-үзіп танауыңнан шығар, — деді түсіндіріп.
Оның айтуымен түтінді ішке қарай барынша сорып, қайта сыртқа шығармақ болған кезімде қақалып-шашалып, ауа жетпей тұншығып, өліп кете жаздадым. Қиналғаным соншалық, екі көзімнен ыстық жас ытқып шықты. Осыдан кейін темекіге жоламай кеттім. Шылым шекпейтінімнің басты себебі осы.
Темекі шегуді үйрене алмағанымды Алданыш ұнатпай қалды. Ертеңінде апам алып берген (ПВЗ) велосипедімді мініп алып, ары-бері ызғытып жүргенмін. Балалармен асық ойнап жатқан Алданыш мені ысқырып қасына шақырып алды. Көзі ойнақшып тұр:
— Міне, қара, мен қазір түтінді көзімнен, не құлағымнан бұрқ еткізіп шығарамын, — деді.
Оның айтқанына сене қоймадым:
— Көзіңнен шығара алмайсың, ал мұрның мен аузыңнан шығаруың мүмкін! — дедім.
Ол да бетбақтырмай:
— Шығара аламын, — деді. — Көзім мен құлағымнан көз айырмай қарап тұр! — деп түтінді құшырлана сорды.
Ойымда ештеңе жоқ, жүзіне тесіле қарап тұрғам, сол сәтте кіндік тұсым шым ете қалды. «Не болды?» деп еңкейе қарасам, судай жаңа көйлегім ойылып қалыпты. Күйген жердің жан-жағы қарақошқылданып түтіндеп тұр. Алданғанымды бірден білдім. Ол көзінен көз алмай аңқайып тұрған сәтімді пайдаланып, көйлегімді темекісімен күйдіріп тастапты. Балалар ду күлді. Алғаш киіп шыққан шыттай жаңа көйлегімнің бүлініп қалғанына ішім удай ашып, ашу-ызаға булығып, онымен төбелесе кеттім...
«НАСЫБАЙЫҢДЫ КЕСІП АЛАДЫ»
Алданышпен болған тағы бір қызық оқиға бізді сүндетке отырғызатын кезде болды. Күні бойы далада ойнап, үйге қайтып келе жатқанмын, алдымнан велосипед мінген Алданыш шыға келді. Мені көре салып:
— Ойбай, сен бүгін үйіңе жолама! — деді алақ-жұлақ етіп.
— Не болып қалды? — дедім түкке түсінбей.
— Бері жүрші, — деді.
Біздің үйдің дарбазасының саңылауынан сығалады да, мені саусағымен өзіне іліп алардай ымдап шақырды. «Көрдің бе?» деп, жүрелей отырған ақ сәлделі Жекен қожаны иегімен нұсқады.
— Қазір мына шал інің екеуіңді сүндетке отырғызады. Сендердің насыбайларыңның тең жартысын кесіп алады. Қолында әшауыңды жансыздандыратын дәрісі де жоқ. Қалай ауыратынын білесің бе?! Жаныңды көзіңе көрсетеді! Қансырап өліп кетуің де мүмкін, егер Құдай сақтап тірі қалсаң, ең кем дегенде бір жыл талтаңдап-қалтаңдап жүре алмай қаласың. Еркек адамның ең жанды жері не екенін білесің бе? — деп сынай қарады.
Мен оған «білмеймін» дегендей иығымды қиқаң еткізіп, басымды шайқадым. Ол өз сұрағына өзі жауап берді:
— Еркек адамның ең жанды жері насыбайы, ал соның жартысын кесіп алса, не қалады?! Атасына нәлет, біздікін сөйтті ғой. Шыбын жанымыз шырқырап, әрең аман қалдық. Маған сенбесең, үлкендерден сұра! — деді өңі қуарып.
Сол-ақ екен, ақ шапан киген шал көзіме әзірейілдей көрініп, зәре-құтым қалмады. Осыны байқап қалған Алданыш:
— Сен менің жан досымсың ғой, иә! — деді. Мен сасқанымнан:
— Иә, әрине, жан досымсың! — деп, екеуміз тар жерде қайта серттесе кеттік.
Талай серттесіп, талай төбелескеніміз жайына қалды. «Сүндетке отырғызады» деген сөз, «жаныңды алады» дегендей естіліп, ес-ақылым шығып кетті. Тура сол сәтте Алданышты қатты жақсы көрдім. Құдай қолдап аяқ-астынан құтқарушым табыла кеткеніне қуанып, не десе де басымды изей бердім. Ол мені велосипедтің алдына отырғызып алып, шаңы бұрқыраған қара жолмен Сертке қарай жүйтки жөнелді. Ызғытып келеміз, әп-сәтте-ақ ауыл сыртына шықтық. Кенет, артымыздан шапқан аттың дүбірі естілді. Дүбір біртіндеп жақындай берді. Алданыш артына жалт қарап:
— Ойбай келіп қалды, қаш! — деп велосипедті тастай сап, айдалағабезе жөнелді. Мен орнымнан қозғала алмай селтиіп тұрып қалдым. Бізді көкпарға шабатын күрең қасқасымен қуып жеткен әкемнің бөлесі Бәкен шабандоз екен. Ауыздығымен алысқан күрең қасқа иесінің әр қимылына бейімделген, біздің елде аңызға айналған тұлпар болатын. Алданышты әп-сәтте қуып жеткен Бәкен аттың тізгінін сәл тартып, жемтігіне шүйліккен қырандай еңкейе бере қамшысымен жон арқасынан тартып өтті.
Көзі алақ-жұлақ еткен Алданыш екпіндеп келіп қалған аттан қорқып, сүріне-қабына құлап, қол-аяғын жырып алыпты. Қан саулаған қолын сілкілеп:
— Әй, мен енді мал болмаймын-ау, әй, енді мал болуым қиын-ау! — деп, жер тепкілеп, даланы басына көтере өкіріп жатты. Бәкен оған миығынан күле қарап:
— Әй, ит-ай, ә! — деп атының басын маған қарай бұра берді.
Өнбойымды иектеп алған үрейден аяғымды басуға шамам келмей, дірдек қаққан мені жерден көкпар көтергендей желкемнен іліп әкетті. Қас-қағым сәтте оның алдына қалай қонжия қалғанымды өзім де аңғармайқалдым.
Алданыштың «Әй, мен енді мал болмаймын-ау!» деген сөзі бүкіл ауылға лезде тарап кетті. Біреу бір пәлеге ұшыраса: «Әй, осы сен енді мал болмайсың-ау!» десіп мазақ қылатынды шығарды.
Бәкен бөле:
— Әй, бөле, дәу жігіт болдың ғой, несіне қорқасың? Бір-ақ сәтте мұсылман болып шыға келесің! Сабыр інің құрлы жоқсың ба?! Ол қазір басына үкілі тақиясын киіп, елдің берген байғазысын алдына жайып, байдың баласындай төрде отыр. Тұра қашқаның не? Қайта байқап қалдым, әйтпесе шу ала құйрық жоғалып кетер түрің бар ғой! — деп, келекелеп келе жатты.
— Алданыш қой, қорқытқан! Әйтпесе, мен қорықпаймын ғой! — деп қоям өзімше сыр бермеген боп.
Шынында да үйге кірсем, жатын бөлменің оң жақ қапталына шымылдық тартылып, оның ішіне қалың етіп екі көрпеше қатар төселіпті. Жүрегім зырқ ете қалды. Басына үкісі желбіреген тақия киіп алған інімнің тоя жеген шокаладтан бет-аузы ағал-сағал болып қалыпты. Қалтасы, қойын-қонышытолған тиін-тебен мен әртүрлі кәмпиттер. Ойында ештеңе жоқ, екі құлағы екі езуінде, маған қарап ыржиды. Санамда «онша қорқынышты емес екен ғой» деген ой жылт етті. Ақ шапанды, ақ сәлделі Жекен қожа күлімсіреп:
— Бәрекелді, балам, сен өзің үлкен жігіт екенсің ғой! — деп жылы-жылы сөйлеп, қасыма келді.
Әп-cәтте сүндетке отырғызды. Апа-әжелерім басыма үкілі тақия кигізіп, қойныма тәттілер тықпыштап, қолыма ақша ұстатып, көңілімді аулап жатты. Сөйтіп, ініміз екеуіміз бірдей талтайдық та қалдық. Әйтеуір, бір-екі ай көлемінде ел қатарына қайтадан қосылдық-ау!
Осы жерде мына оқиға есіме түсіп тұр. Әке-шешем атамның кенже баласы әскерге кеткенде мені оларға бала ғып беріпті. Атам мен әжемнің үйінде тұрып жаттым. Бұл әжеміз марқұм атамның кейінгі кемпірі болатын. Әкемнің шешесі, өз әжеміз ерте дүниеден қайтқан. Біз ол кісіні көрген жоқпыз. Ал, мына әжеміздің шынайы мейірімін сезіне қоймадым.
Ол кездегі балаға үлкендермен бірге сәресінге тұру өте қызық еді. Барлық жылы-жұмсақ, дәмді ас соған сақталатын. Біз де ата-әжемізбен жағаласып оянып, сәресінді қатар отырып ішуші едік. Қайбір ішіп жарытам дейсің?! Аңдығанымыз дастарханға қойылар түрлі тәттілер ғой! Бір күні сол сәресіннің кезінде түн жарымында күбір-сыбырдан ұйқым ашылып кетті. Әжемнің дауысы құлағыма ақырын естілді. «Пәленшенің баласы оянып кетпесін» деп, ағамның үлкен баласын жаймен түрткілеп, сыбырлай сөйлеп жатыр екен. Атын атап, «Айналайын, тұр, тұра ғой! Бізбен бірге сәресін іш!» — деп қояды. Әжемнің сөзіне, ерке немерелерінің ояна қоймағанына атам кеңк-кеңк күледі. Қабырға жаққа қарап жатқам. Ұйқым шайдай ашылды. Ояу екенімді ешкімге сездірместен көзімді тарс жұмып жата бердім. Ешкім білген де жоқ. Сол күннен бастап ол үйге өзімнің қажетсіз, бөтен екенімді сезіндім. Кеудемді өксік қысып, күндіз-түні ойланып, мұңға батып отыратын әдет таптым. Тұнығым лайланғандай болды, көңіліме алаң кірді. Содан қаршадайымнан кітаптармен достастым, олар менің жанымның жұбанышына айналды. Әдеби кейіпкерлермен бірге шым-шытырық оқиғаларға ойша араласып кететін қияли балаға айналдым. Бойымдағы осындай өзгерістерді байқаған атам мені өз үйіме әкеп тастады.
Жаны жәннатта болғыр, қайран, өз шешем: «Сол жылы күн ыстық болды. Сенің жеті-сегіз жасар кезің. Азырақ көз шырымын алып алайыншы деп салқын бөлмеге жантая кеткенмін. Кенет, терезе қағылғандай болды. Сыртқа шықсам, Алданыш тұр. Ол есік алдындағы үлкен көк тастың үстінде кітапқа толы сөмкеңді құшақтап, қалғып-мүлгіп отырған сені иегімен көрсетті. Жүрегім сууу етіп, біртүрлі боп кеттім», — деп айтып отыратын. Содан жаныңа келіп: «Неғып отырсың?», «Қашан келдің?», «Қалай келдің» деген сұрақтарды жаудыра беріппін. Ыстықтан қатты терлеп-тепшіп кетіпсің. Киім-кешектерің, кітап, қағаз-қаламың салынған үлкен тор қоржын қасыңда жатыр. Біраз уақыт тіл қатпай үн-түнсіз бұртиып отырдың. Біраздан кейін:
— Атаммен келдім, — дедің.
— Атаң қайда?
— Кетіп қалды.
— Қайда кетіп қалды? — деген сұрағыма, «ана жаққа» деп қолыңды шошайттың. Сен нұсқаған жаққа көз салсам, атаң атымен қырдан асып бара жатыр екен. Артынан қарап тұрып ебіл-дебіл аңырап, солқылдап жыладым. Ой, шіркін-ай! Бір ауыз ескертіп, баламызды өзі неге тапсырып кетпейді. Далада жатқан бала жоқ қой!»-деп атамның бізге өзінің өгейлігін көрсеткен кемпірінің ықпалынан шыға алмағанына қатты налыды.
Осылайша әке-шешеммен қайта қауышып, өз үйіріме қосылдым. Сөйтіп Алданыш екеуіміздің жолымыз қайта түйісті. Көп ұзамай тағы бір оқыс оқиға болды.
ЕСЕКҚЫРҒАН
Біздің ауылда кейбір ерсі қылықтары ел арасына кең тарап кеткен Нұраш есімді әпербақан кісі болды. Сол кезде елуді алқымдап қалған еді, совхоздың егістігін күзететін. Ол осы қарауылдыққа тағайындалған күннен бастап біздің ауылдан тыныштық кетті. Жайылымдық жер азайып, мал өрісі тарыла бастағандықтан, айқай-шу да көбейді. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, ауыл малы совхоздың арнайы еккен жоңышқасына кіріп кететін.
Нұраш жоңышқалыққа қайта-қайта түсе берген малдарды қуып әбден титтықтаса керек, кейбірін ауылдан екі-үш шақырым жерде орналасқан совхоздың шөп қорасының іргесіндегі ескі сарайға қамап тастайтын болды. Малын іздеген ауыл адамдары алдымен Нұрашқа жолығуды әдетке айналдырды.
Алданыштардың екі есегі бар еді. Екеуіне де тыным жоқ. Біреуінің аяғы ақсақ болса да, арбаға тиелген көк шөпті күшене тартып, ілбіп-сілбіп бара жататын. Сол үйдің отын-суын, керек-жарағын Алданыш осы қос есекпен таситын. Біреуімен күндіз шөп артып әкелсе, екіншісімен түнде сабан ұрлауға шығатын.
Бірде қара қасқа әңгісі қазығынан босап, совхоздың егістігіне тартыпты. Жоңышқаны тұяғымен таптап, тезектерін әр жерге тастап, емін-еркін жайылады...
Нұраш бұл есекті үш рет Жатқанның үйіне айдап апарады. Бірінде Алданышқа, бірінде Жәмиға кемпірге:
— Мына, есектеріңе ие болыңдар. Әйтпесе, көзін құртамын! — деп қадап тапсырады.
Әрине, олар қазыққа байлап қойғандарын айтып ақталып, есектерінің енді егістік жаққа бармайтынына кепілдік беріп, шығарып салады.
Қазығын қағып, мықтап арқандап қояды ғой! Бірде күн ұзаққа арқандалып тұрған есек әрі-бері ырғай берген соң, қазық суырылып кетіп, босанған соң әбден дәндеп алған жоңышқалыққа қарай тағы да тарта жөнеледі.
Мұны кеш байқаған Алданыш Нұраштың қаһарынан қаймығып алдына жалғыз баруға жүрексініп, шыжыған ыстықта маған келді. Қақпамыздың алдында тұрып ысқырып шақырды. Сыртқа шықсам, екі иығынан дем алып, әлденеге қатты алаңдап, әбіржіп тұр екен:
— Сен менің досымсың ғой. Әлгі атаңа нәлет қу қара әңгі тағы да қазығын суырып кетіпті. Жоңышқалыққа тартқанын ішім сезіп тұр. Екеуміз Нұрашқа барып, есекті алып қайтайықшы. Әйтпесе, апам тағы жер-жебіріме жетеді ғой! — деп таусыла жалынды.
Ми қайнатар аптап ыстықта далаға аттап шыққым келмесе де, оныңәбіржіген түрін көріп аяп кеттім де, көңілін қимай, бірге баруға еріксіз келістім.
Екеуіміз екі велосипедпен шөп қораға қарай ызғыта жөнелдік. Бірақ, барылдақ дауысымен балағат сөздер айтып, қолындағы дырау қамшымен есекті сабап жүрген Нұрашты алыстан байқап, престеліп жиналған шөптің тасасына кеп жасырындық. Ашуға булығып, көзі қарауытқан қарауыл бізді байқамады.
Әр жерде теңкиіп өліп жатқан есектерді көріп зәреміз ұшты. Кенет Нұраш қамшысын жерге тастай салып, иығындағы қосауыз мылтығын алып, беліндегі қаздай тізілген сап-сары жез патрондарға қол салды. Сарт-сұрт еткен қосауыздың дыбысын естіп жаттық. Қорқыныштан бұрынғыдан бетер бұға түстік. Оның әр қимылы, әр сөзі таяқ тастам жердегі бізге анық естіліп тұрды: «Әй, атаңа нәлет, ақымақ есек, сенде мүлде ұят жоқ екен. Көздің қарашығындай қорғап отырған совхоздың жоңышқасында қай әкеңнің құны бар еді?! Бір емес, екі емес, үш емес, бақандай төртінші рет жайылдың. Обалың, анау, өзің секілді жарым ес, жарымжан, нақұрыс иелеріңе болсын! Көзге түспейтін тасалау жерге емес, маған ерегескендей қаражолдың бойына жайылатының не? Көкпеңбек жоңышқалықтың ортасында талтайып тұрып нәжісіңді төктің, әбден таптадың. Мына шыжыған ыстықта адамға тіпті маза бермедің ғой. Басқа жұмысым жоқ па? Тілім салпақтап, артыңнан көтерем атпен салпаңдап сені қашанғы қуып жүремін?! Бұдан былай жоңышқаны мүлде таптамайтын боласың! Кеңес өкіметінің атынан, өзімнің үкіміммен сені ату жазасына кестім. Сенің алдыңда да осылай үкім шығарып, ана теңкиіп жатқан есектерді сілейтіп атып тастағанымды өзің де көріп тұрсың! Осылардан сен әулиемісің?! Бұл үкім тап қазір орындалады», — деп Нұраш қара есекті жеті атасынан сыпыра сыбап, мылтығын кезене беріп, қақ маңдайдан тарс еткізіп атты да тастады. Бейшара, қара әңгі не болғанын түсінбей де қалды-ау, тұрған орнында қиралаң етіп құлап түсті. Артқы аяқтарын созып, дір-дір етіп, денесі жиырырыла о дүниеге аттанып кете барды. Осының бәрін сығалап өз көзімен көріп тұрған Алданыштың онысыз да шыжыған күнге күйген беті одан әрі қап-қара болып түтігіп кетті. Үнімізді шығармастан қыстыға жылап жібердік. Алданыш есегіне жаны ашып егілсе, мен оның өзін аяп, көңілім нілдей бұзылды.
Гүрс еткен мылтық дауысын естіген шөп қораның қарауылы Құрмаш ақсақал есік алдында жатқан қырық жамау ескі кебісін қоңылтаяқ кие салып, сүріне-қабына жетіп келді. Жайрап жатқан есекті көріп, Нұрашқа дүрсе қоя берді:
— Осы сенің есің дұрыс па өзі, біреудің жанын бағып отырған есегін тапа-тал түсте атып тастағаның не? Мына алдында атып өлтіргендеріңнің исіне тұншығып өлетін болдық.
— Ақсақал орынсыз килікпе, — деді Нұраш түк болмағандай. — Олардың обалы өз иелеріне!
Құрмаш ақсақал ашуға мінді:
— Киесі ұрады ғой! — деді.
Нұраш ақталған сыңай танытып:
— Есекте де кие бола ма? Мына Жатқанның қара әңгісін үйіне бақандай үш рет айдап апарып, иелеріне ескертудей-ақ ескерткенмін. Сол сияқты мына атып тастаған есектерімнің өз себеп-салдары бар. Қарамаған, ие болмаған өздерінен көрсін!
Құрмаш қолдары дірілдеп, қалтасынан шақшасын алып, алақанына шөкімдеп төгіп, насыбайын атты. Аз-кем үнсіздіктен соң, тілі күрмеліп:
— Шырағым, байқа, бұлай екпіндеме. Сенің мына істерің тіптен ақылға симайды. Обал-сауапты біл! Жетім-жесірді жылатпа, көз жасына қаласың! — деді.
Құрмаштың жөн сөзіне құлақ қояр Нұраш жоқ, үлкен шаруа тындырғандай:
— Құреке-ау, Жатқанның тағы бір есегі бар. Әнебір жарымес, ойының осылғыр Алданышы өзінен кішкентай балалармен ойнайды да жүреді. Ақсақ кемпір болса есегіне ие болудың орнына, ауылды шыр айналып үнемі баласын іздейді. Бұл істегенім басқаларға да сабақ болады! — деді де, кепкен шөпті күтірлетіп шайнап тұрған атына ырғып мініп, сауырынан қамшымен бір тартып, желдіріп кете барды.
Нұраш қарауыл ұзап кеткен соң, Алданыш екеуміз орнымыздан көтеріліп, Құрмаштың жанына келдік.
— Ассалаумағалайкүм, ата! — деп сәлем бердік.
— Уағалейкумассалам! Сендер қайдан сап ете қалдыңдар?Әй, Алданыш, сен екенсің ғой! — деді оның жүзіне бажайлай үңіле қарап, — Ана кеңкелес, әжеттеріңе жарап отырған есегіңді жайратып салды. Неге ие болмадың?! Нұраштың осындай есерсоқ екенін білесіңдер ғой! Мүгедек әкеңді аямайсың ба? Шешең байғұстызарлата бермесеңші. Соқталдай жігіт болдың ғой! — деді де, насыбайын жерге бір түкірді. — Құр босқа далақтай бермей, енді ана есегіңе ие бол! — Құрмаш ақсақал қолын бір сілтеп, күбірлей сөйлеп теріс бұрылды. Ашу қысып, кейіп бара жатқаны шайқалақтаған жүрісінен-ақ көрініп тұр.
Бұл оғаш оқиға сол күні-ақ ауыл ішінде желдей есті. Ерігіп жүргендер шөп қораға арнайы барып, өліп жатқан есектерді өз көздерімен көре бастады. Шынында да, оншақты есек әр жерде теңкиіп-теңкиіп жатыр. Алды шыбындап-құрттап, сасық иіс мүңкіп тұр. Барған адамдар аузы-мұрнын басып, лоқсып, көре сала ол жерден тұра қашады. Ақыры бұл келеңсіз жай совхоз директорының құлағына да жетті. «Бұл қалай болғаны?!» — депті ашуға булығып Нұрашты қарауылдыққа алдыру үшін жанын салған көлік жүргізушісі Иманға кіжініп:
— Әй, Иман сенің ана қарауылдыққа қоймай алдырған имансыз ағаңның дені сау ма, өзі?! Ауылдың жоңышқаға түскен есектерін түгел атып тастапты. Бәрі де өліп жатқан көрінеді. Өлекселердің жер-дүниені шарпыған сасық иісі ауылға жетіпті. Машинаны тез оталдыр, өз көзімізбен көріп келейік — деп оның жер-жебіріне жетеді.
Директордың келгенін көріп маңайда жүрген ауыл адамдары да жинала қалады. Әр жерде құрттап, сасып жатқан есектерді көріп қатты ашуланған директор тура сол арада Нұрашты қарауылдықтан қуады. Есектердің өлекселерін трактордың телешкісіне тиетіп, ауылдан алысқа апарып көмдіріп тастайды. Кейіннен көлік жүргізушісі Иманның елге айтуынша, совхоз директорының ашуы шөп қорадан қырық шақырымдай жердегі кеңсесіне жеткенше басылмаған көрінеді. Жол бойы оның жер-жебіріне жетіп, ұрсып-жекіп, сыбағасын жақсылап берген екен.
Алданыш көпке дейін қара қасқа әңгісін ұмыта алмай жүрді. Осы шулы оқиғадан соң Нұраш ел көзіне көрінбей үйінде жатып алды.
Бір күні үйде кітап оқып отырғанмын. Сырттан алқын-жұлқын інім кіріп келді. Бірдеңе болып қалған екен деп, бәріміз жалт қарастық. Шөліркеп қалған болуы керек, әй-шәй жоқ, үстелдің үстіндегі бір кесе айранды тұрған бойында сіміріп салды.
— Балам отырып ішсеңші! — деді аудандық газетті қарап отырған ағам.
— Туу, үстіңді әбден былғапсың ғой! Киіміңді ауыстыр! — деді жеңгем.
Киімін асығыс-үсігіс ауыстырып жатқан ініме жеңгей:
— Сенің әшуің неге ісініп кеткен? Көк бақа құсап азаннан кешке шейін судан шықпайсыңдар. Кәне, көрсетші, не болған өзі, ауырмай ма, айналайын-ау? — деп сұрақтың астына алып жатыр. — Өзің қатарлы балалардікін көрші. Мен бірдеңе білсем, ісініп тұр-ау!..
Шешесіне жәутеңдей қараған інім аспай-саспай:
— Жаңа ғана көрдім апа, ана Қорабайдікі менікінен де үлкен, — деді бұртиып.
Жеңгем баласының жауабына қысылып, қипақтап қалды. Ағам миығынан мырс етіп күлді. «Баласының есейгенін ана байғұс сезбей де қалады екен-ау!» деп ойладым. Олардың сөздерін естімегендей кейіп танытып кітабыма үңіле түстім. Дәл осы сәтте итіміз үріп қоя берді. Іле-шалаАлданыштың ысқырығы естілді. Мына ыңғайсыз жағдайдан қалай құтыларымды білмей әрең шыдап отыр едім, іздегенге сұраған дегендей, аяғыма тәңкеткемді сұға салып, сыртқа атып шықтым.
Алданыштың жанына жақындай бергенім сол еді, асыға-аптыға тіл қатып:
— Дәу әжемнің үйіне жаңа ғана Әбдісалан Нұрмаханов келді! — деді.
Мен оның сөзіне сене қоймай:
— Атақты боксер Әбдісалан Нұрмахановты айтып тұрсың ба? — деп нақтылай сұрадым. Ол айылын да жимастан:
— Иә, соның дәл өзі! — деді.
— Ол бұнда қайдан келсін, өтірік айтпашы!
— Әбдісалан дәу әжемнің туған інісі ғой. Сенбесең жүр, Махамбетәлі атамның үйіне барайық, — деді ол алып-ұшып.
Екеуіміз көп сөзге келмей жүгіре жөнелдік. Келе сала терезеден ішке үңілдік. Шынында да жуырда ғана теледидардан көрген атақты боксер Әбдісалан құс жастықты қолтығына қысқан күйі жамбастай жатыр. Оны көрген Алданыш:
— Әлі көресің, мен осы Әбдісаландай атақты боксер боламын! — деді. Мен оның бөспелігін жаратпай қалып:
— Түрің мынау, қалай боксер болмақсың? — дедім.
Алданыш та қайтар емес:
— Ертеңнен бастап жаттығуды бастаймын. Таңертең ерте тұрып, төрт-бес шақырым жүгіріп, суық суға жуынамын. Үлкен қанарға сабанды нығыздай толтырып, ұрғыштайтын қап жасап, екі ағаштың ортасына іліп қойып, сонымен күнде жаттығатын боламын. Қайтсем де Әбдісалан ағадай атақты боксер боламын! — деді көздері жайнап.
Оның айтқанына қатты қызықтым. Көз алдыма Әбдісалан ағаның күрзідей дәу жұдырығы елестеді. Менің де сондай атақты боксер болғым келді. Үйге келе салып үлкен қапқа сабанды нығыздай тыққыштап толтырдым. Содан екі ағаштың ортасына жуан таяқтан белдеу байлап, оған сабан толы қапты салбыратып іліп қойдым. Рингтегі кәнігі боксерлердей қапты жұдырықпен төпелеп ұрып көрдім. Бәрі ойымдағыдай сияқты. Осы кезде шешем шақырып алып, шөпке жұмсап жіберді.
Күні бойы өз ойыммен әлек болып армандап жүрдім. Кеш батып, жастыққа басым тисе де болашақта Әбдісалан Нұрмаханов сияқты атақты боксер болатыныма қатты сеніп, әрнені бір қиялдап жатып көзім ілініп кетіпті. Ереңгісін таң рауандап атып келе жатқан кезде ояндым. Орнымнан атып тұрып, сыртқа жүгіріп шықтым. Кешегі өзім ілген қаптың жанына келіп, ұйқымды аша алмай біраз тұрдым. Сол сәтте қорадағы сиыр мөңіреді, әтеш шақырды. Сәлден соң сиыр саууға апам тұрады. Үйдегілер оянбай тұрып жаттығуымды бастап кетейін деп ойладым. Осылай ұйқым ашылар-ашылмастан қапқа толтырылған сабанды ақырын соққылап, жаттығуды бастап кеттім. Бар күшіммен ұрып жатырмын, ұрғылап жатырмын... Денем жібсіді. Бірақ әлі ұйқым толық ашылған жоқ. Ащы тер саулап көзіме құйыла бастады. Рингте жүргендей артқа шегініп, алдыға ұмсынып, ары-бері лып-лып секіріп, қапты аямай төмпештеп жатырмын. Кенет, ұрғылап жатқан қабым жеңілдеу көрініп кетті. «Бұдан да ауырлау қылсам, қапты құммен толтырсам болады екен» деген ой санамда жылт етті. Алайда кеңірек ойлануға мұрша жоқ. Тар жер. Бір кезде жанталасып төпелеп соққылап жатқан қабым жоқ боп кетті. Көзім ащы терден ашылмай, ұйқылы-ояу күйде қолымды алға ұмсынып, қапты күтіп тұрмын. Кенет жон арқамнан ұрған қатты соққыдан етпетімнен жер сүзе құладым. Тістерім опырылып, мұрным бұзылғандайкүй кештім. Өкіріп жылап жібере жаздадым. Бірақ өзімнің болашақ атақты боксер екенім есіме түсіп, ернімді тістеп, жұдырығымды түйіп, орнымнан әрең көтерілдім. Тұла бойым сырқырап барады. Ту сыртымнан ұрып құлатқан адамның кім екенін білгім келіп, сазайын бермекке, жан-жағыма алақтай қарадым. Маңайымда тірі жан жоқ. Мені ұрып жығып, тығылып қалды ма деп қораны айналып шықтым. Кенет екі ағаштың ортасында ары-бері теңселіп тұрған қапқа көзім түсіп, сасып қалдым. Сонда ғана өзімнің қатты соққымнан серпілген сабан толы қаптың айналып кеп арқамнан қонжитқанын білдім. Жан терім шыға бар күшіммен ұрғылап жүргенде қаптың қай жаққа серпілгенін аңғара алмай қалсам керек. Не күлерімді, не жыларымды білмей, біреу-міреу көріп қоймады ма екен деп, жан-жағыма жалтақтай қарадым. Құдай оңдағанда маңайда ешкім жоқ екен. Сабан салған қаптан көңілімнің қалғаны сондай, оған қайтадан беттеуге жүрегім дауаламады. Осымен атақты боксер болу жайлы қиялымның күлі көкке ұшты. Спортпен осылайша мәңгіге қоштастым: «Қош бол, қазақ спорты. Мына бір қап сабан болмағанда, ол айналып келіп өзімді соқпағанда, сөзсіз атақты боксер болатын едім. Көрмейсіз бе, қазақ спорты бір мықты боксерден ойламаған жерде айырылып қалғанын!».
Атақты спортшы болудан біржолата күдер үзген соң, тапжылмай отырып кітап оқуды біртіндеп әдетіме айналдырғанымды өзім де сезбей қалдым. Оны әке-шешем қайдан білсін, әдепкіде мектептегі мұғалімдердің үйге берген тапсырмасын орындап отыр екен деп, көп жұмсай қоймайтын. Артынан сабаққа мүлде қатысы жоқ әдеби кітаптар оқитынымды кездейсоқ біліп қалды. Оған тағы да өзім кіналімін. Сол баяғы мақтаншақтығымның кесірі тиді. Менің ойнап кетпей, кітап оқып отырғанымды үйдегілердің бәрі білсін деген оймен қолымдағы Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романын бар дауысыммен дауыстап оқи бастадым. «Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам. Зытып келе жатқаным — қашып келемін, артыма қарай беретінім — қорқып келемін». Қатты әсерленгенім сонша, айналамдағыларды ұмыттым. Сәлден соң біреу басымнан нұқып қалды. Қарасам,үлкен әпкем екен:
— Кітапты бұлай дауыстап оқуға болмайды, ішіңнен оқы, — деді жекіп. Жақтырмаған кейіппен әпкеме ақия қарадым.
— Ішімнен оқысам, сендер менің кітап оқып отырғанымды қайдан білесіңдер? — дедім жыламсырап.
Әпкем миығынан мырс етті. Сосын жаныма отырып:
— Әдеби кітапты адам тек ішінен оқиды. Біреу өтініп сұрамаса, кітапты дауыстап оқу әдепсіздік болып есептеледі. Есіңде болсын, сонда ғана ол кітаптың тереңіне бойлап, білімді азаматқа айналасың. Қилы сезімдерді бастан кешесің. Рақаттанасың, ләззат аласың! Жан дүниең байып, ерекше күйге бөленесің! Ал дауыстап оқысаң, бірте-бірте не оқып отырғаныңды өзің де ұқпай қалуың мүмкін! — деді үлкендігін танытып.
Осыдан кейін әдеби кітаптарға деген қызығушылығым артып, құштарлығым оянды, ондағы сан түрлі кейіпкерлерді жаныма жақын тұта бастадым. Бірте-бірте кітап менің жан досыма, сырласыма айналды. Өзіме ұнаған кейіпкерлерге ұқсағым келді, қатты әсер еткен шығармалардай көркем дүниелер жазғым келді. Мен осылай кездейсоқ аққағазды шимайлап отыратын әдет таптым. Бірақ бұл әдетім өмір бойы жалғасатынынол кездебілген жоқпын.
Алданыш бастаған достарымнан біртіндеп алыстай бастадым. Өйткені, алдымда қазақтың, әлем классиктерінің сан түрлі оқиғаларға толы қызықты кітаптары мен мұндалап шақырып тұрған еді.
Тоқтаусыз оқи бердім, оқи бердім... Бастапқыда талғамай, қолыма түскенін оқыдым. Кейіннен таңдап оқуғакөштім. Біртіндеп кітап авторларын айыра алатынкүнге де жеттім. Сол қалың томдардың парақтарына жасырынған таңғажайып әлем мені асқақ армандарға жетеледі. Бойыма күш-қуат берді, ойымды ұштады, көңіл көкжиегімді кеңейтті.
Міне, осылай кітап менің қиялыма қанат бітіріп, ауылдан біржолата алып кетті...
ПРОЛОГ ОРНЫНА
Сәл ойланып қарасақ, өмірдің өзі алданыштардан тұрады екен ғой! Алдамшы өмірде адам әр нәрсеге алданып ғұмыр кешеді екен! Болашақтан үміт күтесің, бір жақсылық болатынына сенесің! Бұл да алданыш! Тіпті өткен өміріңді еске түсірудің өзі алданыш!
Арада жылжып жылдар өтті. Бұл күндері Жатқан, кемпірі Жәмиға, балалары Алданыш, баяғы бізді сүндетке отырғызатын Жекен қожа, Нұраш пен Құрмаш қарауылдар, аталарым, аяулы нағашы әжем Өтебике, өз ата-анам, аға-жеңгем, алғаш әдеби кітап оқуға баулыған әпекем фәни жалғаннан бақи дүниеге көшкен. Бір кездері бір аспанның астында бірге ғұмыр кешкен ардақтыларым мен ауылдастарым қазір ауыл шетіндегі бейітте қаз қатар жатыр. Өмір деген осы!
Өткен күндер көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатты. Сол сәтте сөзбен айтып жеткізе алмас мұңлы да сағынышты күйді басымнан кешірдім. Көмейіме өксік тығылды. Марқұмдардың бейнесі елестеді. Бұрын қалай байқамағам, уақыт мені олардан біржолата алшақтатып, қиыр-қиянға алып кетіпті. Тап қазір арамызды мәңгіліктің алтын көпірі бөліп тұр. Олар о дүниеде, мен жұмыр жердің бетіндемін.
Көңіл құрғыр тағы да сеңдей бұзыла бастады-ау!
Хош, туған ауыл!
Хош, алаңсыз асыр салған атамекен!
Мен тағы да өздеріңнен алысқа ұзап барамын...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі