Шындықтың шілдейі де, пілдейі де болады, тек екеуінің қайсысы шынында шындық екені оны айтушыларының талантына тәуелді. Мұны өзі бұл дүниеге келер-келмесінде-ақ білген қайран қазекем ол айтқыштардың бірін: «Ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етеді» десе, екіншісін: «Ат басындай алтын берсең де, ақиқатын сатпайды» деген. Ал біздің Мырзыр осы екеуінің қай сортынан? Тоқтай қалыңыз, жауабыңызды аузыңызға қамай тұрыңыз. Әуелі сіздің жеті атаңыздан да арыдағы қазекемнің не дегенін тыңдайық. Ол жарықтық: «Ит білсін» депті. О! Қал-л-л-лай?!. Кәне, сол қазекеңнен асып туғаныңызды анық біліп жүрсеңіз, біздің Мырзырдың сортын айтып бере қойыңызшы! А?.. Әрине, әрине, сізді өтпес пышақша қинамаймын, «өтпес пышақ қол кесерді» білемін, құдай сақтасын!.. А?.. Қазір, қазір. А?.. Әрине! Мырзырдың сорты нешінші екенін оның бір ауыз сөзінен білетініңізге шүбә келтірмейін де, оның қапшық-қапшық сөзінің бірнешеуін ғана айтып берейін. Ол үшін мынадай жалғыз шартым бар: қандай іс, нендей оқиға болсын, бәрі де кіріспеден басталады, яғни сіз де менің алғысөзімді тыңдап алыңыз. Тыңдатуға заң бойынша хақым бар! Менің де хақыларым заңмен бекітілген! Ал бізде заң қатаң, өте қатаң! Иә, парламентіміз қабылдаған заң дейтіндердің бәрі өте қатаң болған соң олардың ешқайсысын ешкім орындамай жүр.
Сонымен сөйтіп, біреу-міреу ұмыттырмай тұрғанда, хақымды толық пайдаланып үлгірейін.
Бүгінде бізде президент сайлауына дайындықтың ақ тер, қара тер жағдайда жүргізіліп жатқанын құрсақтағы бөбекшеден бастап, алжуға айналған шал-шауқанға дейін түгел біледі. Бітпейтін кезекті мерзімдерінің келесісінің бітуіне әлі бір жылы болса да, баяғыдан бергі президентіміздің қайда, неге асыққанын иии... кім білсін, әйтеуір, мерзімінен бір жыл бұрын қайта сайлануы қажеттігін етікке қайың шеге қаққандай етіп айтты. Ол кісінің бетіне жазда жаңбырдың тамшысын, қыста қардың түйірін тигізбейтін жалбақай жұрты: «Ләппәй, тақсыр, ләппәй!» — десіп, жабыла жұмылып кетті, яғни шекарасы белгіленіп, мемлекеті жасақталғанына жиырма жыл биыл толатын Қазақстанда қайнаған еңбек.
Осындай тарихи оқиғаға тамсанып жүрген сәттерімнің бірінде есіме мына бір қағидалар түсті:
Ленин: — Мемлекетті халық басқарса болады, — депті.
Сталин: — Мемлекетті білгілі бір адам ғана басқара алады, — депті.
Хрущев: — Мемлекетті кім көрінген басқара алады, — депті.
Брежнев: — Мемлекетті басқармаса да болады, — депті.
Міне, осыдан қорытынды жасай білген біздің белсенді жұртшылықтан: мал айдаушы да, май айдушы да, мәшине айдаушы да, ештеңе айдамаушы да президенттіке кандидат болып таласа-тармаса тіркеліп жатыр. Ал біздің шағын ауданнан күзетші Шайбас шақырайып шықты, соноу заманда қазақ жеріне азуы ырсия жұлқынып жеткен жоңғарша. Азуы ғана емес, отыз тісі бірдей сойдиып көрінсе де, оны президент қылуымыз керек! Өйтпей болмайды, себебі ауданымыздан ышқыры берік боп ышқынып түрегелген жападан-жалғыз кандидатымыз ол! Ендеше, оны аяғын аспаннан... тфу!.. аяғын да, қолын да аспанға шығара насихаттауымыз керек! Анау Мырзырша!
О-о-о!.. Мырзырдың өздерінің кандидаты Нөлбасты қалай сипаттап жазғанын оқысаң ғой! «Сенің батыр болған әкеңнен, би болған бергі атаңнан, әулие болған арғы атаңнан айналайын! Сенің әнші болған шешеңнен, биші болған бергі әжеңнен, күйші болған арғы әжеңнен айналайын! Сенің әке жағыңның да, шеше жағыңның да асыл тұқымдылар болғанына таң қалып жүрмін! Соларға 100 пайыз тартқан сенің сілекейіңнен садаға кетейін!» депті. Екі көзіне ие бола алмай егіліп отырып жазса керек, тіпті менің жүрегім айнып кетті, өйткен себебі Нөлбасының түп-тұқиянын өз ағайындарының, ауылдастарының айтуынан мен де біраз білуші едім: Нөлбастың әкесі — бақташы, бергі атасы — етікші, арғы атасы — отыншы, ал шешесі — сауыншы, бергі әжесі — тігінші, арғы әжесі — жарапазаншы болыпты. Нөлбастың өзін маңайласақ, ол бастауыш мектептің үш сыныбын бітірген соң екі жыл дем алып, орталау мектептің алты сыныбын бітірген соң бір жыл дем алып, әбден әлденіп, одан соң фабрик-зауыт оқуына барып, оның жартысын тастап, ауылда бұзау бағып, шошқа жайып, домбыраның оқуына түсіп, концертшілер көшіне ілігіп, сампылдап кете барған. Сонымен сөйтіп, ол ата-бабасы естімеген Алмалы деген қаладан сопаң етіп бір-ақ шыққан.
Істің орнын сөз басқан қаланы бір жаз шаңдатып жүріп, қыс келе комсомолдың үйіне кіріп алды. Кімнің үйіне башпайы іліксе де, аяғын кесіп алсаң шықпайтынның дәп өзі Нөлбас одан соң партияның кеңсесін қоныс етіп, ары қарай Алмалыны жаз жайлап, қыс қыстады. Қаланың қатпар-қатпар саудасын сыпылдатып отырған бастық қазір. Ол кандидат болмағанда ше?!. Мырзырдың қырық бірдеңе қабырғасына қоса отыз бірдеңе омыртқасын шылқыта майлап-матап қойған шығар, онысы оны шашбауламағанда, не, қайыс борбай қатынын шашбауласын ба?!
Ал біздің Шайбас екінің біріне шақырайғаннан басқа, шіркін-ау, бірдеңе тындырсашы! Дүкеннің күзетшісі болып жүргеніне жиырма-отыз жыл болды, шіркін-ай, не өссеші, не өшшеші! Жоқ, табанын жерден көтермейді. Бірдеңе десең: «Шын еркек табанды болуы керек!» деп шақырайып, шақ-шақ етеді. Бірақ, бүкіл ауданымыздың жалғыз кандидаты ғой, қайтеміз енді? «Ей, Шаке, қоя-ақ қойшы, кандидат болуға ақшаны қайдан табасың, ертең өтпей қалсаң... ойбай, мақұл, өттің дейік, сонда елді қалай басқармақсың? Аздап ойланшы!» деп едім, алдыңғы күні, ол: «Әй, басқарып отырғандардың менен несі артық?! Кәне, айтшы, неменесі артық?!» деп, ауыл қайда, ауданды шағып тастардай шаңқылдады. Ә, мейлі, дауысымызды берейік! Қойтас ауданынан базаршы Күбіғали Шөңкебаев деген, Көксу ауданынан зейнеткер кемпір Шағикүл Асықова деген, Қарға ауданынан шопыр Тоқпаққұл Кәубеков деген, тағы сондай белсенділер кандидат болыпты. Яғни, кандидаттың бәрі – кандидат! Намысымызды тастүйін етіп, Шайбасымызды тіліміздің жеткенінше тірідей насихаттайық!
04. 03. 2011 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі