I
Жексенбі күні ол тек қаланы шарлаумен болды.
Таңертең күн ашық болса ол үйінен кедамен шығатын, ал жаңбыр жауып тұрса резеңке етік киіп, түссіз винил қолшатыр ұстап, трамвай не автобуспен басы ауған жаққа кете баратын.
Өмірі тартып көрмесе де табак дүкенінен бір қорап темекі сатып алады, сосын төңіректе көп пәтерлі үй жоқ па екенін сұрайды. Егер бар болып шықса, онда оған қалай баруға болатынын біліп алады, ал үйді тапқаннан соңғы анықтайтын жайт:
— Осында Митобэ Миса есімді қыз тұрмай ма екен?
Есімін өзгертіп жіберген болса деген күдікпен түр-келбетін екі-үш сөзбен суреттеп жазып та алған, оған қоса мынаны айтады:
— Ол он сегіз жаста. Қара мысығы бар.
Шамасы он сегіз жасар қыздың көп пәтерлі үйде мысықпен ғана тұруы сирек болса керек, көп консьерждің көзі оның ұйпаланған қоңыр шашы мен жуудан тозған жүн жейдесіне түседі де, бірден үйлерінде ондай қыздың жоғын айтады. Кейбірі жауап бермес бұрын, жұқалап қана:
— Ал сіз кімсіз? — деп сұрайды.
— Айда Кохэй, — дейді бұл аты-жөнін бүркемелеп жатпастан, бірақ Мисаның кімі болатынын дұрыстап жеткізе алмай да қалады. — Біз бір ауылдан... — деп міңгірлейді, сосын көшеге шығып, ары қарай жүре береді.
Кейде өзіне не болғанын, неменеге тап жексенбі күні көше кезіп жүргенін өзі де түсінбейтін. Неге олай болды.
Ымырт үйірілгенше, ол қала кезіп жүргенде, қалтасы қажетсіз үш-төрт қорап темекімен толып қалатын. Оны үйге әкеліп, кәрі консьержге береді, ал ол болса патинкодан* ұтқаны шығар деп ойлап, жарамсақтана тіл қатады: «Сыйлығыңызға рахмет. Қолыңыз қатты ауырған шығар».
II
Қала кезіп кеткенге дейін Айда жексенбі сайын Фукагаваның бір көшесіндегі шағын бақта тынымсыз алтыбақан теуіп отыратын.
Жоқ, ол балалар секілді алтыбақан тақтайына аяқпен шығып алып, бар күшімен тербелмейтін. Он сегіз жасқа кеп қалған, қаласа биік көтеріле алар еді ғой дерсіз, шын мәнінде өйтуге шамасыз — оң қолының бас бармағы мен сұқ саусағы жоқ себепті жіптен қатты ұстауға қауқарсыз.
Ол балалар аяғымен тұратын тақтайға құйрық басып, жақтау жіптен ұстаған күйі ілгері-кейін ақырын тербеліп отырады. Сөйтіп отырып бұл қимылын өз ауылындағы мектепте мұғалімдер бөлмесінің қарсысына ілінген үлкен қабырға сағаттың тіліне ұқсататын. Ал кейде қарны ашып, тербелістен басы айналғанда, ол ауыл сыртындағы тоғанда қайықпен жүзген кездерін еске алады. Алтыбақанның тербелісі қалқыған қайыққа ұқсайтындай.
Аштықтан жүрегі көтерілген кезде бақ түкпіріндегі қураған гималай самырсынының түбіндегі ятайдан* одэн* жейді. Ол үнемі оң қолын қалтасына салып алып, сол қолымен жейтін, ал ятай қожайыны оң қолының екі саусағы жоғын біледі. Бірде Айдаға одэннің дәмді көрінгені сонша, ол өзін тоқтата алмады. Сөйтіп не заматта барып: «Бұл соңғысы» — деуге шамасы келді, шанышқыны айналдырып тұрып.
— Екі жүз қырық иен.
Ол еріксіз қолын қалтасынан шығарып күмәжнегін іздей бастады.
— Аптықпай жей беріңіз, ақшаңыз болса. Асықпаңыз. — деді қожайын жымиып. — Қолға обал. Қалай болып еді өзі?
Байқап қалған соң, баяндауға тура келді.
— Матрас нығыздау фабрикасында жұмыс істедім. Машина шауып түсірді, — деді жайдары кейіппен.
— Матрас нығыздау?
— Солай ғой. Матырас нығыздау. Шаш, жүн-жұрқа, нейлонның жаман-жұтық қалдығын алады да, сұйық резинамен араластырып былғайды, сосын қалың қылып жапырақтап жаймалап, механикалық арамен үлкен-үлкен қылып тіледі.
— Сол арамен кесіп алдың ғой?
— Ия. Алаңғасарлығымнан болды.
Рас, есін жиғанда фабрика қожайыны оған солай деген. Ал өзі шын мәнінде қалай болғанын сол қалпы білген жоқ. Тек ара қолын іліп кеткен сәтті ғана шамалайды.
— Ендігісінің бәрі бір, — деп тұнжырады ятай қожайыны. — Ең қажет саусақтар жоқ. Ыңғайсыз, әрине.
Әдетте Айда көп ыңғайсызданбайтын, бірақ болашақты ойлап қатты қамығушы еді. Қалай нан табуға болады, егер қарындаш ұстауға да жарамасаң? Кеңселік шаруа туралы ол о баста-ақ бас қатырмады, бірақ мұндай қолмен станокқа да тұра алмас, басқа жұмысқа да жарамсыз, әсіресе нәзік нәрселерге. Сосын тек лас, қара жұмыстар ғана қалған, бірақ оған да шама керек.
— Сонымен сіз қазір сол әлгі... матырас нығыздайсыз ба?
— Жоқ, мен баспаханада жұмыс істеймін. Жүк көлігінде.
— Жақсы жүргізетін шығарсыз?
— Жоқ, мен жүргізуші емеспін. Жүк артып, түсірісуге көмектесемін.
Қожайын түсінген кейіппен үнсіз бас изеді де оған өзінің оң қолын көрсетті. Онда аты жоқтың өзі де жоқ екен.
— Мұны ара кескен жоқ. Пулемет жұлып түскен.
Келесі күні ятай қожайыны:
— Жақын маңда тұрасыз ба? — деп сұрады.
— Мен? Кандада.
— Кандада? Со жақтан келіп жүрсіз бе?
— Ия. Автобуспен. Токионың оңтүстік жақ кіреберісіндегі он тоғызыншы нөмірлі станция арқылы метромен де.
— Солай ма? Ал мен сіз осы жақын жерді мекендейтін шығар десем.
Текке сұраған жоқ. Бұл әр жексенбі сайын таңертең осы араға келіп, күн батқанша алтыбақан теуіп отырады.
— Осы жақын жерде танысым тұрады, — деді бұл қожайынға қас қағып.
— Онда неге сіз үнемі жалғызсыз?
— А ол үйінде жоқ...
Ятай иесінің жүзінен түсінбеген кейіп аңғарылды: өзінен де бар, тұра тұрып келсе де болар еді ғой. Ол бірақ мұны айтқан жоқ. Бар болғаны:
— Ой, сендер, Тохокуліктер төзімдісіңдер-ау, — деді де қойды. Айда таң қалды, өйткені ятай қожайынына өзінің қайда туғаны туралы жақ ашпаған-ды.
— Сөйлеген сөзіңнен аңғарылып тұр. Мен әскерде Тохокулік балалармен бірге болғам... Бәрі де қаза тапты.
Айда үнсіз алтыбақанға оралды. Оған осы арадан қарсыдағы сиықсыз шолақ көше анық көрінеді. Шолақ көшенің аузындағы бір қабатты құрылыстың маңдайынан ар жағындағы әктелген үйдің екінші қабатындағы үш терезе қылтиып тұр. Ортаңғысы Мисаның бөлмесі. Ол бөлмесіне төсек қойып, Тама деген қара мысығымен бірге тұрып жатты.
Миса мысықты ауылдан әкелген, ал төсекті барда жұмыс істеп жүргенде сатып алды. Мұның ол төсекке алғаш отырып көргені есінде. Аяқтары өздігінен әуеге шығып, дарума қуыршағы секілді ілгері-кейін тербеліп кеткен.
Айда матрасы немен нығыздалған екен деп ойлаған? Төсек тап осындай жұмсақ болады деп ойламапты. Әуелі абыржыған, артынша тұнжырай қалды. Ал қазір міне ол жайт күні бұрын сезілген қайғының хабары екенін түсініп отыр.
III
— Бүгіннен бастап былай болады: егер терезеде қызыл орамал ілулі тұрса — мен ұйықтап жатырмын деген сөз, мазалаудың қажеті жоқ.
Миса бұны жаз соңында, бірде бұл таңертеңгі онда келіп есік қаққанда айтты.
— Егер ақ орамал — онда көтерілуіңе болады. Ал ешқандай да орамал көрмесең, мен үйде жоқпын.
Сол күні Миса есіктің ар жағында тұрып дауыстады:
— Бұл сенбісің, Ко-тян — Кохэйді қысқартып атағаны — сосын даусын бәсеңдетіп, — Бақта күт.
Содан бері ол көбелектің қанаты секілді желкілдеген түссіз бірдеңемен жүрсе де бұған есік ашатын да сұрайтын: «Мен әлі ұйқтап жатырмын. Кіресің бе?» — «Сыртта күтем», — бұл бас тартады, сосын Мисаның шолақ көшеге қараған терезесінің ашылғанын күтетін. Ал сол күні есік ашпауымен қоймай, бұған ұрысты да. Бұлар ауылдан кеткелі бері болмаған жайт.
«Мүмкін барда бірдеңе болған шығар, соған бола өзін жайсыз сезінді-ау» деп топшылады да, оның бұйыруымен бақты бетке алды. Аздан кейін Миса сарғылт түске бояған шашы желпілдей жүгіріп жетті де, ойланып жатпай сөйлеп кетті:
— Ендігәрі былай болады...
«Тағы не жайлы?» — деп ойлаған. Сөйтсе орамалдың әңгімесі екен.
— Әйтпесе мен ұйқым қанбағаннан мұрттай ұшам. Біз екеуміз екі әлемде өмір сүреміз. Әлбетте, әрқалай тынығамыз да. Сен мені түсінуге тиіссің.
Миса әлдеқашан меңгеріп үлгерген токиолық шапшаң сөйлеу мәнерімен көптен бері жанын жеген бар ойын ақтарып салды. Оның алдында осылай сөгіс естіп мелшиіп тұрам-ау деген ой бұрын соңды басына келмепті. Сондықтан бұл Мисаның далапсыз, бозарған ернінен көз алмаған күйі үнсіз тұра берді. Ал Миса сөзін аяқтаған кезде былай деді:
— Мен ұқтым. Сен қалай дедің, солай болсын. Тек біз екі бөлек әлемде өмір сүреміз дегенді айтпа. Миса үсті домбыққан ауыр кірпіктерін төмен түсіріп үнсіз тұрды. Сол сәтте бұл жағдайды жайдары қалыпқа келтіру үшін оң қолында қалған үш саусақтың бірінен соң бірін қымқырып, көңілдене сөзін жалғады:
— Демек, қызыл — тоқта, ақ — жүр, ал егер ешқандай да белгі берілмесе — алды-артыңа қарамай тайып тұр. Тұп-тура жол белгілері сияқты.
Миса тіпті жымимады да. Бұған көз салған да жоқ, айдалаға қарап тұрып самарқау тіл қатты:
— Ал сен не ойлап ең? Бұл саған ауылдың жолы емес.
Әңгімелері жараспаған соң, сол күні олар аз тұрып, өз-өз жөндерімен кеткен. Келер жексенбіде Мисаның терезесінен ешқандай орамал көрінбеді. Демек үйінде жоқ деген сөз. «Мүмкін ол орамалдың жайын ұмытып та кеткен шығар? — деп ойлады, шолақ көшенің аузында тұрып. — Егер уақсыз уақытта ұйқысынан оятсаң, кім де болсын ашуланады ғой. Сосын да көңілдегі бар ғайбатты ақтарып салды».
Оның есігін қақпай тыншымасын білді. Сөйтіп сатымен көтеріліп келе жатыр еді, жуынатын бөлменің есігі сықырлап, артынша Мисаның көршісі, мақталы кимоно киген, аузында тіс щөткесі бар Хаясида-сан пайда болды.
— Миса-тян бір жаққа кеткен, — деді ол. Демек, белгі беру жайын ұмытпаған. Тағзым етіп, кетіп қалғаннан басқа амал жоқ. Көшенің аузына жете бере бұрылып қараған — Мисаның терезесінде ештеңе ілінбепті. «Қайта бер, мен үйде жоқпын» деп тұрғандай. Бірақ ол көшені кесіп өтіп, бақты бетке алды. Ол жерде орындық жоқ екен де, ол алтыбақанға отырды. Осыннан көшенің қиылысы мен Мисаның терезесі көрініп тұр. Қайда барарын білмеді. Үйде қаңыраған бөлмедегі жұқа төсеніштен басқа күтіп тұрған ештеңе жоқ. «Одан да осы арада Мисаны күтейін» деп ойлады.
Миса кешке де оралмады. Келер екі жексенбіде де солай. Терезесінен ешқандай орамал көрінбеді, әрі ымырт үйірілгенде жарық та жанбаған. Әйтсе де бір аптадан соң ол үйден шығып тұп-тура бақты бетке алды. Жолда келе жатып бүгін де үйінде болмайды-ау деп ойлаған, бірақ өзін тоқтатып, кері қайтуға шамасыз. «Терезесіне қарап-ақ бар-жоғын біле салайын. Мүмкін үйінде шығар? Мүмкін терезесінде ақ орамал ілініп тұрған шығар?»
Сөйтіп «мүмкіннің» жетегімен ол баққа келіп, ымырт үйірілгенше отырды. Бұл әрі оның жексенбі сайынғы тұрақты жұмысына айналды. Түс әлетінде ол алтыбақан тебуден жалығатын, бірақ қапаланбайды. Ятай иесі төзімдісің дейді, бірақ мәселе басқада ғой. Токиоға келгелі бері барлық жексенбіні Мисамен бірге өткізген ол, басқа да қызық бар деп білмеді.
Ол сопиып текке жүрген жоқ, ол Мисаны күтті және бұл жанын жігерлендірді. Миса сол қалпы келмей кеткенде де бар уақытымды босқа өткіздім-ау деп ойлаған жоқ. Мисаның терезесі батып бара жатқан күннің шапағымен жарқыраған сәтте, ятай жақтан мұрнына көженің исі келді де, Айда өкініш құрсауында қалды. Қашан көзінен жас шыққанша сілекейін жұтып отыра тұруға тырысты. Сосын алтыбақаннан түсті. «Тез-тез үш табағын жұта салам да, қайтып келем», — деп ойлаған.
— Бүгін де текке күттің ғой, — деді ятай иесі.
Бұл сөзді тыңдаудың өзі ауыр еді.
Не болып кетті өзі, Миса қайда жүр? Не істеп жүр? Тіпті жексенбі күні де үйінде отырмайды.
IV
Бірде «Ал егер Миса бұл үйді мүлдем тастап кеткен болса қайтем?» деп ойлады. Ол ақырын басып сатымен көтерілген. Мисаның есігінің алдында қақпа күзеткен ит құсап Тама деген мысығы отыр екен. Егер Тама осында болса, онда Миса да үйінде болуы тиіс.
Күдік сейілді. Мысық басынан шерткенде де міз бақпады. Тек көзі жұмылып, баяу мияулаған.
Айда ауылда жүргенде мысық дегенді иттің етінен жек көретін. Ал мынауысын Миса үшін ғана жақсы көруге тырысқан. Бірақ бәрі бір түк шықпады. Керісінше бұрынғыдан бетер жек көре түсті.
Екеуі Токиоға келгенде бұл титтей, дауысы қарлыққан мәулен еді. Миса шағын себетке салып әкелген. Ол Таманы Миса үшін барлық бақытсыздық атаулының себепшісі санады. Ал Миса болса сол себепшіні өзімен бірге қалаға алып келді.
Ауылда жүргенде-ақ Миса нан зауытына жалданған-ды, бірақ үш айдан кейін шығып қалып, көшедегі дүңгіршекке жұмысқа тұрды. Арада тағы төрт ай өткен жоқ, ал ол болса дүңгіршекті тастап, асхана даяшысы болып үлгерді. Содан кейін шаштараз, кафе, көшеде тіске басар ұсынатын дүңгіршек, тағы бірдеңелерді өткеріп, енді хосутэсу* болды. Үш жылда жоқ дегенде он жерде жұмыс істеген шығар.
Миса осылай сарсаңға түсуінің бар себебі Тамада екенін айтқан. Соның кесірінен Миса үнемі жеккөрінішті болып, жұмыстан қуыла берді. Ол Мисаның жеңілтек екенін ойлағысы да келмейтін, сол үшін мысықты жек көрді. Шын мәнінде Миса Токиоға келе күрт өзгеріп, баяғы өзі танитын қызға мүлдем ұқсамай қалды. Бұл бірақ онысын елемеді де. Бар кінә Мисаның өзінде емес, мысықта деп ойлаудан танбады. Тама қожайынның мейірімділігін пайдаланып сиқырлап алып, енді міне қаланы шарлатып қойдыға жорыған.
Рас, өзінің де жұмыстан жолы болғаны шамалы. Әуелі суси ұсынатын көшпелі асханаға тұрды, бірақ о жерден дұрыс бірдеңе үйрену қайда, жұрттың күлкісіне қалғаннан басқа ештеңе тындырмады. Келгіншінің бетіне қарап «Мархабат!» деп саңқылдап тұруға дағдылана алмай-ақ қойды. Айда үнсіз тағзым ететін, ал одан кейін бірдеңе айтудың өзі қисынсыз. Ақыры өзінің ұялшақтығына бола кетіп тынды.
Одан кейін еуропалық кондитер, қытай мейрамханасы, қайсысында да кәсіп үйрене алған жоқ, зәбір көрумен болды. Ақыры саудайы мекемелерден аулақ кетіп, матрас фабрикасына жұмысқа тұрмақшы болған. Алайда жарты жыл өтпей о жерде оң қолының ең қажетті саусақтарынан айырылып тынды.
Егер Тама Миса үшін зұлым рух болса, онда одан құтылу мүмкін емес-ті, өйткені ол сонымен бірге тұрып жатыр деп ойлады.
Міне, сөйткен Тама қазір төрт жасар семіз сұғанақ мысық. Ол мысық құшақтап жұмсақ төсекте жатқан Мисаны көргенде қарадай тынышы кетеп: «Бұл шынымен де үш жыл бұрын менімен бірге ауылдан Токиоға келген қыз ба?» деп ойлайтын.
V
Қарашаның ортасында, жексенбі күні түс ауа ол бақтағы ятайдан суси жеп болып, сатушымен есептесіп тұрғанда қасынан конгасуриден* қысқа кимоно киген Хаясида-сан өтіп бара жатты. Шамасы моншадан қайтқан беті. Шашы су екен, қолында орамалы бар. Айда тағзым етті.
Хаясида-сан оған таңдана қарап, адымын баяулатты. Айда және бір рет тағзым етіп, әдетінше алтыбақанға қарай жүрген.
— Кешіріңіз... — деп дауыстады Хаясида-сан, оны қуып жетіп. Сөйтсе Миса үш күн бұрын басқа бір ауданға көшіп кетіпті. Айда не дерін білмей аңқиып тұрып қалды. Айтарға сөз жоқ еді.
— Мен сіз оны күтіп отырған шығар деп ойлап... — деді Хаясида-сан. — Ал ендеше сау болыңыз.
Хаясида-сан үйіне қарай бұрылған, алайда Айда оны тоқтатып алды.
— Қайда көшті?
— Білмеймін. Айтпады ғой. Үйдегілердің де ешқайсысы білмейді. Тіпті күзетші шалдың өзі. — Хаясида-сан Айданың жүзінен көзін тайдырып әкетті де, Миса екі апта бұрын үлкен үйге көшетін болдым деп қуанып жүрген еді дегінді айтты. — Ал ондай үйлер Токиода толып жатыр. Сізге ол ештеңе хабарлаған жоқ па?
Айда басын шайқап:
— Жо... — деді ауылбайшылап.
— Түк етпейді, кешікпей қайда барғанын хабарлап қалар. Күтуге тура келеді, басқа қайран жоқ. Ал мен жүрейін. Хаясида-сан тез-тез басып бақтан шыға жөнелді. Айда ізінен ілбіді. Сол сәтте ятай қожайынымен қоштасып қол бұлғау да ойына келмепті, бұл баққа енді келмеуі мүмкін ғой. Неге екені денесі мұздағандай болды да, жемпірінің жағасын көтеріп алды.
Ол аялдамадан өте шығып, Монмаэ Никаматиға келгенін білмей қалды. Автобусқа мінгісі келмеді. Қаңыраған бөлмеге қайтып барудың өзі қорқынышты еді. Сол себепті асыққан жоқ. Жаяу жүрген.
Энъебаси көпірінде өзеннен қатты жел соғып, өзін әне-міне аспанға ұшырып әкетердей көрінді. Ол белгісіз бір жаққа ұшып кетем-ау деп қорқып, темір таяныштың ығына тоқтады, шын мәнінде жібі үзілген қағаз батпырауық құсап ұшып кеткен бұл емес, Миса еді.
Ол Нихонбасиға дейін барды. Үйге қайтуға әлі ерте. Үлкен универмагтың алдындағы тротуарға адамдар үзіліссіз ағылып келіп үймелеп жатыр екен. Арасына ол да қойып кетті. Маңдайшаға «Жапон бонсайының* жауһарлары» деген жазу ілініпті.
«Бон» деген иероглифті көрген кезде көзі бұлдырап кетті. Ол жасын жемпірінің жеңімен сүртіп, маңдайшадағы жазуға қайта үңілді. Сондай таныс иероглиф! Бұның туған жерінде Бон* он үшінші тамызда, басқа өңірлерден бір ай кейін тойланатын. Ымырт үйіріле бәрі тау етегіндегі ғыбадатханалы қорымға барып, өз-өз туысқандарының моласының жанына қарағайдың тамырымен еске алу отын жағады. Ал әбден көз байланған шақта қорымды беткейде екі жүзден астам алау жыпылықтап тұратын да, ғибадатханаға алып баратын тас саты отты өзеннің үстіндегі көпірдей көрінетін.
Токиоға келгелі бері жаңа жылда да, Бон мейрамында да туған аулына бір рет бармапты. Жоқ, ол үйінен қашып шыққан жоқ. Тек о жаққа қайтып барғысы келмейтін. Әкесі өлген соң үнсіз шаруасын тындырып жүре беретін шешесінің қолына қаңғыбас саудагер кіріп алды да, туған үйі бөтен болып шыға келді. Сол себепті ол мектеп бітіре салып ауылдан кетуге асықты, тіпті енді қайтып орылмауға, мүлдем ұмытуға бел байлаған. Алайда мына «бон» деген иероглиф қорымдағы еске алу алауының түтінін еске түсірді. Маңдайшадағы «сай» деген иероглифтің мағынасын ұға алмады да, Жапонияның әр өңірінде өтетін Бон мерекесі кезінде пайдаланатын заттардың көрмесі туралы айтылып тұрған шығар деп топшылады. Мұндай көрмеге соқпай кету әсте мүмкін емес-ті.
Алайда залға экскалатормен көтеріліп келе жатып, ол миниатюралы ағаштар отырғызылған құмыраларды ғана көрді. Ақ мата жапқан төменгі сөрелерге тізіп қойыпты. Ол бұратыла майысқан тапал қарағайлардың алдында абыржып тұрған еді, біреу иығынан қақаты.
— Айда-кун?
Жалт қарады. Матрас фабрикасының күзетшісі Цуру-сан екен. «Оғаштау жердегі ерсілеу кездесу», — деп ойлады ол. Цуру-сан да таңданысты кейіпте секілді.
— Міне, қызық, сені осыннан көрем деп ойламаппын! — деп ол саңқ ете түсті. — Сен не, бонсайды тәуір көруші ме ең?
Айда құмыраға отырғызылған тапал ағаштың бонсай деп аталатынын сонда білді.
Олар келгіншілерге кедергі келтірмес үшін шетке шығып, әңгімеге көшті. Цуру-сан қолының қалай екенін сұрағанда, ол байқатпай қолын қалтасынан шығарып көрсетті. Фабрикада жүргенде-ақ Айда суыр өңді Цуру-санды іштартатын, тиісінше Цуру-сан да екі саусағынан бірдей айрылған бұны аяйтын.
Айда бонсай көрмесіне алғаш келіп тұрғаны себепті, Цуру-сан бірге тамашалауды ұсынып, олар құмыра тізілген сөрені жағалап кетті. Цуру-сан бұған дейін залды бірнеше рет айналып шыққан болатын, сондықтан Айдаға экспонаттардың ерекшелігі мен оны жасау кезіндегі қиындықтар туралы жіті түсіндірумен болды. Оның сөйлеген кездегі демі Айданың құлағын шарпумен болды да, бұл таңданысын жасыра алмады:
— Бәрін білетінің қандай жақсы!
— Мен бұл өнермен көп жылдан бері айналысам емес пе. Рас, осы жерге өз туындыларымды қоярлық дәрежеге жеткем жоқ әлі, бірақ жауһарлары менде де бар. Сенбесең жүр, көрсетейін, — деді Цуру-сан.
Айда бәрі бір діңі мен бұтақтарын әдейі ширатып, құбыжық өсімдікке айналдырғаннан, ағашты табиғи қалпында сақтаған жақсы деп ойлады. Бұтақтары ебедейсіз жайылған жапон шыршасы мен қасындағы үш хиноки* жақсы екен. Пейзаж көз тартарлық, құмырадағы әлденеше дарақтың кішкентай тоғай секілді өсіп тұрғаны ұнады. Құмыраның біріндегі кэйяктар* тоғайдың нақ өзі дерсің. Нағыз миниатюралы табиғат.
Сондықтан аралап болып, Цуру-сан қайсысының көбірек ұнағанын сұрағанда, Айда бірден:
— Пейзаждар — деген.
— Солай ма? Өзім де солай ойлап ем, — деп Цуру-сан қуанып қалды. — Мен де пейзаждық бонсайды ұнатам. Әрі нашар өсірмеймін де. Саған көрсеткім келіп тұр. Қалайда біздікіне бас сұқсаңшы. Менде пейзаж түріндегі бонсайдың неше атасы бар.
Цуру-сан блокнотынан бір парақ жыртып алып, станциядан үйіне қалай баруға болатынын сызып берді де:
— Келер жексенбіде мүмкіндігің бола ма? — деп сұрады.
Күтпеген ұсыныс еді, Айда әуелі абдырап қалып, артынша бұдан былай Фукагаваға барудың еш қажеті жоғы, өзінің мүлдем бос екені есіне түсті. Ол Цуру-санмен бірге бонсай тамашалап жүріп, өзін тастап кеткен Мисаның белгісіз бір жерге тығылып қалғанын да мүлдем ұмытыпты.
VI
Апта бойы тұяқ серіппеді. Миса Фукагавада тұрғанда уақыт шіркін өтпей-ақ қоятын. Енді міне күн артынан күн зырлап, әне-міне дегенше жексенбі де болды. Әдетінше үйден шыққанмен қайда барарын білмей аз бөгелді де, Цуру-сандікіне тартты.
Цуру-сан Аракава бөгетіндегі лас көшелердің бірінде тұрады екен. Айда үйді Цуру-санның өзі қалдырған жоба бойынша тауып келді. Үй бұл күткеннен де шағын екен, шолақ көшенің түкпірінде тұрды. Аулаға кіргені сол еді таңданыстан көзі бақырайып кетті — сөреде тырбиған тапал ағаштар отырғызылған құмыралар иін тіресіп тұр. Бұл Цуру-сан осыншама коллекцияның иесі деп әсте ойламаған.
Цуру-сан бұл үшін барлық пейзаждық бонсайларды арнайы бір сөреге тізіпті. Сол сәтенде-ақ көрсетті, онысын. Пейзаждардың бірі Айданы ерекше қайран қалдырды. Беті жалпақ келген сопақ құмыраға топырақты жатаған төбешік секілді етіп сеуіпті, бір жағы биік, бір жағы аласа. Төбешікті көмкерген мүк көк майсаны елестетеді, ал осы мүктің арасынан жиырма шақты тал сорайып тұр — тұп-тура мұның туған аулының түстігіндегі еменді тоғай дерсің. Бұл пейзажды көрген Айда таңданыстан сілейіп тұрды да қалды.
— Қалай? Ұнайтын бірдеңе бар сияқты ма?
Айда үнсіз ғана миниатюрадағы туған жерінің бір бөлшегін саусағымен нұсқады.
— А-а, емендер? — деді Цуру-сан. — Нашар дүние емес. Бірақ шыршалар да жаман емес қой ә?
Алайда Айданың еменді тоғайдан басқаға мойын бұрғысы жоқ-ты. Ол оның қасынан кете алмады да — өзінің туған еменді тоғайының түстік пұшпағынан аусашы.
Көзіне жас толып, туған жерін ойша кезіп кетті.
— Саған не болды? — деп Цуру-сан иығынан қаққанда барып Айда Токионың көшесіне қайта оралды. Цуру-сан оның жүзіне үңілген. Айда теріс айналып, көзін сүртті де ұялған кейіппен желкесін қасыды.
— Тура менің ауылымдағыдай. Біздің ауылда тура осы секілді тоғай бар. Біз үнемі сол жерде ойнайтынбыз.
— Егер соншама ұнап тұрса, ал. Біржола емес, әрине, уақытша. Негізі басымен бере салсам да болар еді, бірақ күтімі бір машақат. Құмарың қанғанша тамашалап, жалықтырған кезде әкеп тастарсың. Күніне екі рет суарасың. Шамаң келеді деп ойлаймын.
Айда бас изеді. Күтпеген жерден қымбат сыйлыққа кенелді. Таксимен үйге алып келді, негізі Миса жоқ кезде таксиге көп отырмайтын.
Сол күні кешке құмыраны төсектің бас жағына қойып, өзі етпеттеп жатқан күйі кішкентай пейзажға сүйсініп ұзақ қараған. Қалай қалғып кеткенін де білмей қалды. Содан бастап жұмыстан келе сала құмыраның жанына жантайып, түннің бір уағына дейін жас талдардан көз алмайтын болды.
Бонсай құдды туған жер туралы естеліктерді еске түсірген сопақ пішінді бастау секілді. Үңілген сайын естеліктер тап бұлақ суындай сылдырап жатады.
Кішкентай тоғайды көз алмай тамашалау оның сүйікті ісіне айналды.
Мүк төбешік баурайындағы көк майсадай елестеді, ал Айданың өзі кіп-кішкентай екен, көк майсада жатыр. Көзі жұмулы, алақанын жастанып алыпты, өзінің тұрқы шырпының сынығындай ғана. Еменді тоғай ұлғайып өсіп барады, міне енді мұны жұтып та қойды. Ағаштардың басы желмен сусылдап тұр, өзеннің гүрілі мен құстың үні естіледі. Алыстан астық басатын машинаның зырқылы мен ғибадатхананың қоңырауы талып естілді... Ол жаймен көзін ашып, көкке қарайды. Ашық көк аспанда еменнің ұшар басы жапырағы ұйысып, селдір тоқылған аудың көзіндей шырматылып тұр. Ол түрегеледі де сүрлеумен тоғайдың қалыңына сіңіп кетеді...
Бірде ол осылай көзін жұмып жатыр еді, кенет өзін айғайлап шақырған әйел дауысы естілді:
— Ко-тян!
Ол басын көтерген. Әріректегі ағаш арасынан албырай ентіккен Мисаның балғын жүзі үңіліп тұрды.
— Бұл сенбісің? Сен қайда тығылып қалдың? — деп таңдана тіл қатқан ол ұшып түрегелем дегенде оянып кетті.
«Мисаны іздеуім керек» деп ойлаған ол сонда. Хаясида-сан өзі біліп бір хабарын бергенше күту керек деген-ді, енді міне Хаясида-сан мұны тек жұбату үшін ғана айта салғаны анық болды. Миса егер жексенбі күні бір жаққа кетіп жатса бұған ешқашан ескертпейтін, ал енді еш белгі бермейтіні де екі бастан анық. Өзім іздеуім керек.
Ол Токиода көппәтерлі үлкен үйлердің аз-көбін, егер күніне екі-үшеуіне ғана барып үлгерер болса, бүткілін шарлап шығу үшін қанша жыл керегін білген жоқ. Бірақ сонда да іздеуден бас тарта алмады.
Жексенбі сайын өзінің бонсайын тастап, қала кезіп кететін болды, бірақ бәрі бос әуре еді.
VII
Желтоқсанның соңғы жексенбісінде, дәл жаңа жылдың алды болатын, ол күні бойғы жүрістен сілікпесі шығып кеш оралды да, жақындағы моншаға барды. Қолындағы ескі жарақаты қатты ауырды — шамасы көшеде суық тигізіп алған болуы керек. Ақыры үйге басы-көзін жуып, тап-таза болып сергіп қайтқан. Фанер есіктің сыртынан үй басқарушының дауысы естілді:
— Сіз ұйықтап қалдыңыз ба, Айда-сан?
— Жоқ әлі, — деді де шешіп жатқан жүн жейдесін қайта киіп, есік ашты.
Үй басқарушының қасында көздері жыпылық-жыпылық етіп үстінде мол пішілген сулығы бар орта жастағы бейтаныс әлжуаз еркек тұр екен. Үй басқарушы тергеуші деп таныстырды.
Айда еріксіз шегініп кетті. «Еш рұқсатсыз үй-үйді аралап Мисаға іздеу салғаным үшін жазалауға келіп тұр» деп ойлады.
— Айда Кохэйсіз, солай ма? — деп зілсіз тіл қатқан тергеуші табалдырық аттады. — Сіз Митобэ Миса есімді әйелді танисыз ба?
Айда «Тергеуші Мисаны қайдан біледі?» — деп таң қалды да, танитынын айтты. Ол кіміңіз еді деген сұраққа да қиналған жоқ, өйткені қаланы кезіп жүріп тап осы сұрақтың жауабына әбден дағдыланған.
— Соңғы күндері Мисамен кездесіп пе едіңіз? — деген тергеушіге оны қыркүйектен бері көрмегенін айтты.
Тергеушінің бас иезегеніне Айда тергеу осымен аяқталған шығар деп ойлаған, бірақ тергеуші жымиып тұрып кеше кешке қайда болғанын, не істегенін сұрады.
— Кешке? Осында болдым. — деп табанымен татамиды ақырын теуіп-теуіп қойды.
— Үнемі осы бөлмеде болдыңыз ба? — тергеушінің жүзі күлімдеп тұрғанмен, көзінде әл-әзіргі жылылықтың ізі де қалмаған. — Сонда немен айналыстыңыз?
— Немен? Пейзажға қараумен болдым.
— Не нәрсеге?
— Бонсайға.
— Хм! — деп жөткірінді де тергеуші бөлмені тінте қарады. — Ал ол қайда екен?
— Міне. Айда шыны есікті ашып, салдырлаған қақпақты жылжытты да тап аяқ астында дымқыл балконда тұрған бонсайды көрсетті. Тергеуші еңкейіп, екі қолын тізесіне тіреген күйі құмыраға үңілді.
— Пейзажыңыз осы ма?
— Иә...
— Бұл не ағаш?
— Емен.
— Емен? Тіпті бұлардың тамыры бар деп те ойламайды екенсің. Құдды шаншылған бұтақтар секілді.
Айда тіксініп қалды. Қалжыңдасатындай жағдай емес. Ол үнсіз жүрелеп отырды да, еменнің біреуін тартып көрді.
— Ал әлгі Митобэ Миса есімді қыз өліп қапты. Айда шошынған кейіппен еменнен қолын тартып алды.
— Газға уланып қалған. Мэгуро ауданындағы ескі үйде, — деді тергеуші.
Айда түрегелгісі келген, бірақ қорқыныш кернеп, неге екені, тапжылмай қалды.
— Өзіне қол салған ба?.. — деп сұрады, тізесін шеңгелдей ұстап, дымқыл балконның ар жағынан рабайсыз қалқайған бетон қабырғаға тесірейіп отырып.
— Хат қалдырмапты. Өзін өзі өлтіргенге ұқсамайды. Газ колонкасының резеңке түтігі шығып кетіпті — байқаймын, ұйықтап жатып қағып жіберген-ау. Шылқа мас екен. Кеше рождество болған жоқ па.
Тергеуші сол қалпы қолдарын тізесіне тіреп еңкейіп тұрған.
— Миса-тян жалғыз болып па?
— Жалғыз. Мысығы болған дейді. Бірақ жоғалып кеткен. Есік құлыпталмапты.
Айда мойын бұрған еді, тергеуші бойын тіктеп алды.
— Жаң жыл қарсаңында ауылға барсаң Миса-тянның ондағы ата-анасына жұбату айтарсың, — деді есікке беттеп бара жатып. — Мазалағаным үшін кешірім өтінем.
Сол күні кешке Айда Кохэй ғайып болды. Таңертең үй бақылаушы кемпір оның тым-тырыс бола қалғанын байқап, бөлмесіне бас сұққан. Төсегі салулы, өзі жоқ. Жарық жағулы, шыны есік пен терезе қақпағы да ашық екен. Кеше кешке ғана пәтершіге өзі қайырлы түн тілеп шыққандағыдай бөлмедегі бар мүкәмал өз-өз орынында. Тек құмырадағы кішкентай тоғайға жүрелей телміріп отыратын Кохэй жоқ.
Бөлмеден жүн жейде мен шұлық тапты. Аяқ киім сөресінде кедасы тұр. Демек Кохэй спорт жейдесі мен джинсиін киіп, жалаң аяқ бір жаққа кетті деген сөз. Жұмысына қоңырау шалған. Ондағылар Кохэйді көрмегендерін айтты. Кемпір сосын столдың суырмасын қарап көрді — хат тастамапты.
Ол келер күні де, одан кейін де үйге оралмады. Жаңажылдық демалыс қарсаңы болатын, кемпір оны аяқ астынан туған жеріне жүріп кеткен шығар деп ойлады. Ауылына телеграмма жолдаған. Бес күннен кейін жауап та келді: «Кохэй келген жоқ».
Арада он күн өтті, жиырма күн өтті — Кохэй хабарсыз.
Бонсай сол қалпы балконда тұрған. Су құятын ешкім болмай топырағы кеберсіп, мүгін шаң басып сарғая бастады. Кішкентай тоғай да қурап қалды.
Тозаңыт жел соққан сәт ағаштардың бірінің төменгі бұтағына асылған кішкентай көбелек баяу тербеліп тұрды.
Және оның тіптен көбелек емесін ешкім де аңғарған жоқ.
Асылып тұрған Кохэйдің өлі денесі болатын.
патинко — ойын автоматы
ятай — жылжымалы шағын асхана
одэн — суға қайнатып алып сүзбеге шылаған тәтті картоп, бамбук таяқшасын шаншып қояды
хосутэсу — бар келгіншілерін қабылдайтын қыз
конгасури — мақтадан тоқылған ақ бұршақты қаракөк кездеме
бонсай — жайпақ табақ не құмыраға отырғызылған тапал ағаштардың кішкентай бағы
бон — өлгендерді еске алу мерекесі
хиноки — жапон кипарисі
кэйяк — қарағаш тұқымдас қымбат ағаш
Аударған Нұрлан Қабдай
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі