Сенімге ие болу өмірді мәнді етеді.
Ілияс Есенберлин
— Қашайық! Қашайық! — Айжанардың алдында топтанып келе жатқан балалар кенет шу етіп, тапырақтап жүгіре жөнелді. Ештеңенің байыбына бармаса да, Айжанар олармен қосамжарланып жүгірді. Қарсы алдындағы арыққа көлденең қойылған кішкентай көпірді байқамай, арғы бетке біз өкше туфлимен бірақ ырғыды. Өкшесі құрғыры бұлт етіп, шоңқайып отыра кетті.
— Аяғым! Аяғым! — деп дауыстады мұғалима.
— Ұстаз, диуана сізге қарап тұр.
— Енді сізді қалай құтқарамыз? — деп балалар үрпиісіп қалды. Аяғын басып жүруге тырысқан Айжанар шалқалақтап құлай бергенде, бір әлуетті қол ұстап қалды. Жиналған оқушылары азан-қазан. Араларында шыңғырып жіберген қыздар да бар. Айжанар оларға «тынышталыңдар» деген белгі беріп, сұқ саусағын шошайтты. Балалар алды-арттарына қарамай зыта жөнелді. Тек Төрежан інісі ғана мұны күтіп, аялдап тұр. Айжанар тағы да жүрмекке әрекеттеніп еді, туфлиі сыпырылып түсті де қалды. Әлгі ұзынтұра жігіт қайырылған биік өкшені түзеді де, бұған ұсынды.
— Аяғым сау екен ғой. Дүрмекке ілесемін деп, өкшем қайырылыпты ғой, — деді қыз сасқалақтап. Жігіт үндемеді. Сүлесоқ күйі сәл тұрды да, арықтан аттап өтіп, ауылдың батыс жағына қарай аяңдап кете барды. Төрежан қалшиып тұрған жерінен жүгіріп келіп, әпкесін тергей жөнелді.
— Диуана сізге не деді? Қолыңыздан ұстағанда ауыртты ма? Ол жаман адам ғой.
— Төрежан, шу-шұрқаннан есім шығып кетті ғой. Кімнен, не үшін қаштық, тіпті түсіне алар емеспін. Ақсаңдай басқан әпкесі інісін ертіп, үйлеріне қарай апаратын көшеге түсті.
— Әпке, сіз біздің ауылдың құпиясын білмейсіз ғой. . Апамнан сұрасаңыз, ол бәрін айтып береді. Жаңағы сақалды диуана өте нашар адам. Ол қыздарды жылататын жексұрын. Төрежан бастауыш сыныпты енді ғана тәмамдаса да, ауылдың «аласапырандарынан» хабары мол екенін аңғартып қалды.
— Төреш, адамның сыртынан ғайбат айту жігіттікке жатпайды. Әрі ат қою да жақсы қасиет емес. Ол кісінің өзінің есімі бар емес пе? Айжанар қатып қалған ұстаздық ұстанымдарымен бауырын түземек болды.
— Бәрі оны диуана дейді. Бүкіл ауыл оның жаман екенін айтады. Төрежан жігіттікке тән емес қылық көрсеткеніне ақталғандай болды.
Екеуі сөмкелерін арқалап, ақсай басып қақпадан кіргенде, Гүлжайнада ес қалмады.
— Не болды? Біреу ұрды ма? Біз ауылда емес, қарақшылардың ортасында тұрамыз. Ойбай!!!
— Гүл жеңгем, бізге ештеңе болған жоқ. Айжанар жеңгесін тыныштандырмақ еді, онысынан түк те шықпады. Жеңгесінің ойбайынан көрші-қолаң жинала қалды.
— Апа, біз мектептен шығып келе жатқанда, диуана қарсы алдымыздан ұшырасты. Сосын әпкемді. . .
— Ойбай, ойбай! Не дейді? Көзі қызарған жексұрын неме тағы да құрбандық аңсап жүр екен ғой! Гүлжайнаның сөзін көршілері қостай кетті.
— Қыз көрсе есі кететін тексіз ит қой ол!
— Ауылдан аластау керек ондай арсыздарды!
— Түрмеде шіріту керек! Айжанар аң-таң. Бұларға не көрінген? Тапа-тал түсте ауылда біреуді-біреу ұрып-соғушы ма еді? Бұл ауыл емес пе? Ауыл!
— Жеңге, неге сонша байбалам салып тұрсыз? Маған ешкім ештеңе істеген жоқ. Арықтан секіргенде, өкшемді қайырып алдым. Ол мені құлауға шақ қалғанда ұстап қалды. Бар болғаны сол. — Айжанар қаттырақ дауыстап, үйге еніп кетті. Жолай Төрежанға ашулы көзімен бір қарады.
— Диуанамен қол ұстасқан екенсің. Бір күні сен де ел кезіп кетіп жүрме, — деп жеңгесі мұның соңынан зілдене айғайлады.
Бөлмесіне келіп, айна алдында сәл тұрған Айжанар шашының ебіл-дебіл болып кеткенін енді байқады. Жеңгесі аһ ұрса ұрғандай-ақ бар екен. Таң атпай тұрып, әрең түйген шашы әр жерден бір сойдиып, сәнін кетіріп-ақ түр.
— Күнбағысқа ұқсайсың, — деді Айжанар айнадағы өзінің келбетіне күле қарап. Бірақ ол диуанаға ұқсамайды. Диуана десе көз алдына шапаны жер сызған, белі еңкіш тартқан, сақалы қауғадай, асай-мүсей асынған шал елестейді. Мұның көргені шал емес, жас жігіт еді. Рас, киімі олпы-солпы. Арыққа құлауға таяған мұның қолынан бас салғанда байқағаны, саусақтары салалы екен. Шашы уда-дуда, оған сақалы қосылғанда, бет-жүзін анық көре алмады. Сақалына бола диуана атанып жүр ме?
— Құбыжықтан қорқуға болады. Кісі жегіштер де қауіпті. Ал диуана қанды езу жамандықтың құлы емес, — деп айнадағы өз бейнесіне қарап жымиды.
— Әй, Жанар, шайың суып қалатын болды, — деп дауыстады жеңгесі ас бөлмеден. Бұл үсті-басын реттеп, тездетіп жетіп барды. Төрежан дәмді мен тәттіге шүйлігіп алыпты.
— Кел, дастарханға жайғас. Қайын сіңлің мұғалім болса, осылай шай құйып алдында қызмет етіп жүреді екенсің, - деп жеңгесі қағытып та қойды.
— Гүл жеңгем-ау, өзіңіз білесіз. Аудан орталығында тұрсам да, ондағы мектептер маңайлатпады. Ақыры алыс та болса осы ауылға мұғалім болып келдім. Айлығы да жақсы. Ұжым да ұйымшыл, қазақы.
— Ұжым демекші, Сағымбайдың ұлы мұғалім болып келіпті деседі. Ра па? Өзі физик пе, физург па, сондай бірдеме көрінеді.
— Жеңге, менің ойымды бөліп жібердіңіз. Мен ұжым туралы емес, сізге қолғабыс етуге әлі талай үлгеремін деп айтпақшы едім, — деп биязы жымиды Айжанар.
— Апа, Қуат ағайды айтасыз ба? Ол физик емес, дене шынықтырудан бізге сабақ береді, — деп Төрежан да білгенін қосып қойды.
— Гүл жеңге, мен осы ауылды бұрыннан танитындай кімнің баласы не істейтінін менен сұрадыңыз ғой, — деп Айжанар тағы күлімсіреді. Сосын Төрежанға барлай бір қарады.
— Е-е, аты Қуат па? Елдің бәрі соны мақтайды. «Түбі әкім болады, қап түбін жарып шығатын алмас қылыш,» — деп ауыздарының суы құриды. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған. » — Жеңгесінің ау-жайын енді түсінген Айжанар күліп жіберді.
— Қамқорым жеңгем, алтын жеңгем, Қуаттың несімен қуатты екенін білмеймін, Бірақ менің алдағы бірер жылда тұрмыс құру ойымда жоқ.
— Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады, — деп шайын сораптады Гүлжайна.
Үй шаруасын тасқаяқтай қағыстыратын жеңгесінің жанында жүріп, Айжанар сиыр саумаққа ниет етті. Сиырдың бауырына жеңгесі тәрізденіп кіріп кетпей, анадайдан сақтана отырып, желінге қол созды. Гүлжайна ту сыртында күрпілдетіп сиыр сауып отыр. Тіпті шелек шүпілдеп толуға айналған сияқты. Ал бұл құнажынның емшегін жеңгесі үйреткендей-ақ тартқыласа да, бір тамшы сүт шықпады. Жеңгесінің не сиқыры бар?
— Қыз-ау, ана сояудай тырнағыңды алып таста! Менің Қазантайым содан сескеніп тұр, — деп Гүлжайна мұны ығыстырып, өзі саууға кірісті. Қазантайы оның келуін күтіп тұрғандай-ақ сүтін меймілдете бере бастады.
— Қазантай деп неге атадыңыз? — деді Айжанар тырнағына қарап. Диюдың өзі қорыққандай ұзын тырнағы бары рас. Оны аялап, мәпелеп жүріп әрең өсірді емес пе? Қалай қимақшы енді?
— Қазан айында туған соң солай атадым, — деп жеңгесі сиырларына ат қою тарихын түсіндіре жөнелді. Аудан орталығында тұрып, қаладан оқуын тәмамдап келген Айжанарға жеңгесінің әңгімесі тым қызық.
— Әй, Жанар, сен енді қалалық емессің. Ауылдың шаруаға икемді аруы болғың келсе, тырнағыңды құрт! — Жеңгесінің сөзін мақұлдаған Айжанар ұзын тырнағына соңғы рет қарады.
Осы кез көше жақтан шыққан трактордың гүрілі үйге қарай таяй берді. Ит біткен тегіс соның соңынан үріп келе жатқандай ұлардай шуласты.
— Мына иттерге не көрінді? Олар да диуанадан қорқып жүр ме? — жеңгесі алжапқышын жөндеп, қолын көлегейлеп, көше жаққа қарады.
— Ағам келе жатыр. Тіркемеде Ақтөс отыр. Иттер соған үріп жатқан болу керек. Бәрін неге диуанаға жаба бересіз? — Айжанар сұңғақ бойлылығын білдіріп, тапал жеңгесінен бұрын қақпа сыртындағы шудың мәнін біліп үлгерді.
— Апа, әкем Ақтөсті тіркемеге отырғызып алыпты. Ақтөс соңынан үрген иттерге жоғарыдан қарап отыр. Апа, жүрші, көрші қызықты, — деп Төрежан анасын жүр-жүрледі.
Трактордан секіріп түскен ағасы жалғыз емес екен. Үрлеген қарындай домаланған біреу тырбыңдап, аяғын жерге зорға іліндірді. Тіркемеден атып түскен Ақтөс Төрежанға еркелеп, Айжанарды да жанай өтті. «Туыстықты ит пен бала сезеді деген рас қой. » - деп ойлады Айжанар.
— Бәрің мені күтіп, құрметтеп шашбауымды көтеруге аулаға жиналдыңдар ма? — деп салған бойда қалжыңдай кірген Сәкен емен-жарқын амандасты.
— Сенен басқа күтетін кімім бар еді, о нес, — деп күйеуіне еркелеген раймен Гүлжайна сүт толы шелекті алып, ас бөлмеге беттеді.
— Аға, бүгін келетініңізді білмедім. — деп Айжанар ерекше жылы шыраймен амандасты. Қасындағы бөгде адамға да ілтипат білдірді.
— Келетінімді білсең, түсіңде көрмей-ақ қоятын ба едің? — Ағасының әзіліне екеуі де күлді.
— Әке, әке, бүгін диуана әпкем екеумізді. . . — Төрежан да өз жаңалығын айтпақ еді, әкесі кілт үзді.
— Ол жігіттің аты — Аманай. Әкесінің даусынан тыйым райын байқаған Төрежан жер шұқып қалды.
— Аманың жаман болса да, әкесінің ақшасының арқасында қылмысының жазасын алмай, бостандықта сайран салып жүр, — деді үрген қарын.
— Кім біліпті ол кеште шынымен не болғанын. Сыртынан кесіп-пішіп айтып, текке күнәлі болмайық, Бәке, — деген ағасы қонағын үйге бастап әкетті.
Аманай! Әдемі есім. Тіпті қызға арналғандай. «Амандықта ай нұрында жолығайық» деген ниетпен ата-анасы арманмен астарлап қойды ма екен? Әлде «айлардың амандығын берсін, жасы ұзақ болсын» деп тілек етті ме екен? Бәлкім, «айлардан аман өтіп, айдай аруына жолықсын» деген ырыммен қойған болар. Айжанар бүкіл ел «диуана» деп дүрліккен жігіттің шын есімін білгеніне таңданбаса да, оның атының мағынасын «зерттей жөнелген» өзінің тосын қалыбына аңтарылып қалды.
— Әпке, не деп күбірледіңіз? — деп саққұлақ Төрежан үңіле қалды.
— Құпиямды саған айтайын деп бір оқталдым да, сенің сыр жасыра алмайтының есіме түсіп, ол ойымнан бас тарттым, — деді Айжанар салмақты дауыспен.
— Ол нендей құпия? Ешкімге айтпаймын. Айтыңызшы маған, — деп жік-жапар болған бауырына қарамай, жеңгесіне көмектеспекке ішке кірді.
Қыркүйек айы енді басталса да, шығыс кеші салқындап кеткен. Айжанар Төрежанмен аулада біраз жүрді де, сабағын жазбаққа бөлмесіне кірді. Сабақ жазып отырса да, ойы құпия жігітте. Жаңа ғасырдың диуанасы да ерекше бола ма? Кісіге көз тоқтатып қарамайды. Ләм-мим деп жақ ашпайды.
Ауылдың батысына асығыс жүріп кетті. Есіне түсті. Ауылдың күнбатыс жақ шетінде үлкен қорым бар. Мүмкін, өлілерден медет сұрайтын болар? Жазуын аяқтап, бойын тіктеген қыз айна алдына келді. Өз-өзіне сөйлейтін әдетімен айнадағы келбетіне кекесін тіл қатты:
— Сен бала кезіңде оқыған «Құдықтан шыққан күйеу жігіт», «Құбыжық-ханзада» деген ертегілерді әлі ұмыта алмаған ақымақсың. Дию ең ақырында сұлу ханзадаға айналып, қызды бақытты ететіні тек ертегіде ғана кездеседі. Ал сенің диуананы сонша ойлағаныңа жол болсын!
— Мен тек кептің неде екенін білгім келді. Жұрт тегіс шошынып, оны қарғап-сілейтіндей ол соншама не жазды? Әлде өрге басқан өтіріктің құрбаны болды ма екен? — Айнадағы бейне де жауапсыз қалмады.
— Солай ма, сылқымым? Сен мына ауылға мұғалімдік етуге емес, ауылдағы шиеленісті шындық жағдайын анықтауға келдім деші, — Айжанар өз бейнесіне өзі күле қарады.
Сырттан Төрежанның даусы естілді. Өзі әлденеге әбігер. Үйдегілер де қопарыла тысқа шықты. Айжанар да аял қылып тұрмады. Атып шықты.
— Мен Есілдің күшігін көруге барғанмын. Сонда диуананы Асылбек аға мен бөле інісі тепкілеп жатты. Мен шошып қашып кеттім, — деп ентікті бала.
— Қай тұста? Нақты айтшы! — деді Сәкен сабырсызданып. Нұсқаған жаққа құстай ұшқан Сәкен әйелінің «нең бар, араласпа» деген айғайына да қарамады. Домаланған қонағы қаздай мамырлап соңында қалды. Тез-ақ жеткен Сәкен мына көрініске таң-тамаша тұрып қалды. Асылбек аузынан түкірігі шашырап, Аманайды оңтайына келген жерінен тепкілеп, жұдырықтап жүр. Ол жазғанда үн жоқ. Асылбектің бөлесі де ара-тұра жұдырық жұмсайды. Аманай құдды қара тастай қатқан да қалған. «Неге қорғанбайды? Шыбынға да жан керек. Ал бұл адам емес пе?» — деп санаулы секунд таңданып тұрған Сәкен ортаға қойып кетті. Асылбек құтырған иттей көзі қанталап, қанша тепкілесе де кегі қайтар емес. Оның даусына жиналған бірлі-жарым үлкендер тоқтау салуға жарамай, оқшау тұр.
— Дұрыс, — деді топ ішінен бірі, — жазасын заң бермесе де, Асылбек өзі тындырсын.
— Қара күнде қарындасы қырық рет зарласа, Асылбек қалай төзсін? Диуананы ұрып-соқса, көңілі тыншитын болса, еркіне қоя берейік, — деді тағы бірі.
— Оу, доғарыңдар, — деді Сәкен жете бере Асылбекке ұмтылды.
— Өлтіретін болдың ғой.
Осы сәт екі жігіт қос бүйірден қатар ұрғанда, Аманай қопарыла құлады. Бойынан жаны шыққандай гүрс ете қалды. Ұзын адамның құлағаны де ебедейсіз екен. Сұлап жатқан жігітке тістеніп ұмтылған Асылбек пен Сәкен жағаласа кетті.
— Өлтіресің бе? Тоқтат енді!
— Араласпаңыз! — деп арс еткен жас жігітті Сәкен шапалақпен ұрып жіберді. Мұнысы «есін жисын, ақыл айдынына оралсын» дегені еді. Ойлағанындай болды. Асылбек аз-кем үнсіз тұрды да, мұны көріп, ауласына беттеді. Тыныш кетпей, Аманайды балағаттап барады. Бөлесі кетіп бара жатып, бұрылып келіп, Аманайды бір тепті.
— Аман, тұр. Жарақаттан амансың ба? — деп сілейіп жатқан жігіттің басын көтерді. Мұрнынан, езуінен аққан қаны бет-аузына жағылып, оған май топырақтың шаңы қосылын, жігіттің түрі көрден шыққан аруақтай көрінді. «Әкесінің төрінде жатқандай сұлап жатуын!» — деп іштей кейіген Сәкен оны тұрғызбақ еді, ауыр денеге шамасы жетер емес.
— Аманай, — деді сосын мейлінше жылы сөйлеп, — тұра ғой.
Үш айдан бері тірі жаннан қорлық пен мазақтан басқа жылы сөз естімеген жігітке мына лебіз ақ батадай әсер етті. Жарасын ауырсынса да, орнынан көтерілді. Теңселіп сәл тұрды да, Сәкеннің иығына сүйенді.
— Біздің үйге жүр. Беті-қолыңды жу! — деген Сәкенге жігіт үнсіз ілсе берді.
— Сәкен, жыланды бауырыңа басып қайтесің? Түбі өзіңді шағып жүрмесін, — деп тарап бара жатқандардың бірі мұны әжуалады. Оған жауап берген Сәкен болмады. Аманайды сүйемелдеп, үйіне дейін әкелді.
— Ішке кір. Беті-қолыңды жу, — деді қамқор үнмен. Жігіт басын шайқады. Езуінен сыздықтап аққан қанын сүрткен де жоқ. Бет-аузын жапқан шашынан көзі көрінбейді. Сәкен жігіттің дудыраған қалың шашын алақанымен жиыстырды да, көзіне үңілді. Мың сұрағына бір жауап тапқысы келгендей, жігіттің көзіне тесілді. Үш айдан бері тірі адамға тіктеп қарамаған Аманайдың кіртиген жанарынан Сәкен көп жайды ұққандай еді. Тіршіліктен баз кешу, жарық нұрдан көңілі қайту, белгісіз сағыныш — осының бәрі қос жанарда өлеусіреп тұрды. Қираған рухының әлсіз сәулесіндей болып жігіттің көзінде бір ұшқын жылт етті де, қайта сөнді.
— Асылбектің үйіне неге бардың? Оның қалай қарсы алатыны белгілі еді ғой, — деп Сәкен Аманайдың үсті-басын қақты. Жігіт бұл жолы басын шайқамады. Үш айдан бері тұңғыш рет тіл қатты. Онда да жақынына емес, қаймана қазаққа.
— Мен әбден сағындым. Асылбек екеуміздің арамыздан қыл өтпейтін достығымызды сағындым. Аманайдың бұл сөзіне Сәкен «өзі расымен диуана емес пе?» деп ойланып қалды.
— Жан жарасына тұз себу үшін бардың ба? — деді Сәкен даусын қатайтып. Сөзі жауапсыз қалды. Аманай қисалаңдай басып, қорым жақты бетке алып кетіп барады.
— Кеш салқын. Жаурап қаласың, — деді оны қуып жеткен Сәкен әкелік қамқор үнмен.
— Анамның жанында жаурамаймын, — деді Аманай сыбырға жақын үнмен.
— Түнде қорым қорқынышты болады, кейін қайт, — деп Сәкен оны тіпті жібергісі келмеді.
— Өлілерден қорқудың қажеті жоқ. Олар тірілер сияқты жамандық жасамайды, — деген Аманай қорымға қарай жөнелді.
Үйіне келсе де, Сәкеннің құлағында Аманайдың соңғы сөзі жаңғырып тұрып алды. Гүлжайна Төрежанның жанына қисайыпты. Қонақ бөлмеде теледидар көріп отырған Айжанардың қасына келіп, қасіреті бардай ауыр күрсінді.
— Аға, — деді қарындасы мейірімге толы жылы үнмен, — Неге сонша алаңдаулысыз?
— Бір адам қиналса, өзгелері сыртынан қызықтап қарап тұратын тағы болып барамыз. Мен бармасам, Асылбек пен бөлесі Аманайды өлтіретін түрлері бар.
— Жеңгем айтады, «диуана-қылмыскер, сол қылмысы үшін жазасын алып жатыр,» — дейді. Айжанар сыр суыртпақтап, қашан да әділ ағасынан шындықты білуге ынтықты.
— Пенденің жазасын пенде бермейді. Заң бар, Алла бар, — ағасы кәдімгідей қызуланып сөйледі.
— Е-е, ол Аллаң жазалауға асықпаған соң, пенделер жазаға тартты ғой оны. Көшеде тұрып, көп әңгіме естіп келдім, — деп Бәкесі диванға дүмін басты. Ағасына түн тыныштығын тілеген Айжанар бөлмесіне кіріп кетті.
Күзгі таң. Күн-ана жер бетін жылы нұрымен жылыта алмаса да, асыл шуағымен қарық қылып тұр. Сәкен шөп басына ерте қамданды. Күздің бүрсеңдетер суығына қалмай, фермадағы малының жем-шөбін жайғап үлгеруі керек. Айжанар Төрежанды ертіп, мектепке келе жатыр. Төрежан «мен білемге» салынып, төте жолмен бастап келеді. Айжанар ауылға енді ғана үйренісе бастаған. Мұндай қалтарыс-бұлтарыс жолдарды біле бермейтін.
— Төреш, саған сыр айтуыма, сенім білдіруіме бола ма? Қандай шешімге келдің? — деп Айжанар кешегі әңгімені жалғастырды.
— Иә, әпке, мен түнде көзім ілінгенше ойландым. Сіз менің досымсыз, әпкемсіз. Сіздің айтқан құпияларыңызды ешқашан ешкімге жария етпеймін. Бұл — менің жігіттік сөзім, — деп Төрежан мақтанышпен «жігіттік шешімін» паш етті.
— Міне, азамат! — деп Айжанар оның басынан сипай беріп, еді, ол ойламаған жерден секіріп түсті.
— Ә-әп-ке, — деді даусы тұншығып. Ол қолымен меңзеген жаққа қараған Айжанар бұрыштан басын салбыратып шыққан кешегі жігітті көрді. Ол қапыда жоғалтқан бақытын жерден іздегендей көзін төменнен алар емес. Қарама-қарсы келген оған Айжанар байыппен қарады. Төрежан әпкесінің баурына тығылып тұр. Жігіттің үсті-басы шаң-тозаң. Түрін адам аярдай, сиқы қашқан. Жұқа киімінен әбден тоңғаны көрініп-ақ тұр. Қатарласа берген оған Айжанар бір жылы сөз айтқысы келді. Бірақ не деп сөз жұптарын білмеді. Ақыры амалы құрып:
— Сәлеметсіз бе, Аманай? — деді. Сол-ақ екен, жігіт жалт бұрылып, көзіне түскен қалың шашын серпіп тастап бұған бар ынтасымен қарады. Тіпті сәл жымиғандай болды. Анасынан мейірлі сөз естіп, мәз-мейрам болған баланың қалпы көрінді. Жақынынан езілген еңсесін көтеруге жарайтындай жұбаныш естіп, көңілі нығайған жанның күйі байқалды. Оның көзіне көзі түскен Айжанардың тіл ұшына «оты сөнген жан» деген Мұқағалидың тіркесі оралды. «Ойланбастан кел-дағы от ал менен» деп айтуға шамасы келмей, бұдан ары аялдауды артық санап, Айжанар жылжи берді. Төрежан аң-таң. Елдің бәрі құбыжыққа теңейтін диуанаға ер жүрек әпкесі амандасты.
— Аманайға сәлемдескенімді де апаңа айтасың ба? — деп Айжанар бауырына сынай көз тастады.
— Жоқ, ешкімге айтпаймын. Диуана сізге қарап, езу тартқандай болды ғой. Менің әпкем диюлардың өзін мәз қылатын құдіретті ғой!
— Мәссаған, сен осылай деп елге сырымды жаяр болсаң, дос болмай кетемін. — Айжанар Төрежанды иығынан құшақтап, еркелетіп қойды. «Балаға сеніммен қарай білу керек. Сонда ол сенімді ақтауға тырысады,» — деп ойлаған Айжанар інісін ертіп, мектепке кіре берді.
— Қайырлы таң, Айжанар. Мен сияқты жұмысқа ерте келуді ұнатасың-ау, — деп қарсы алдынан Қуат жолықты.
— Қайырлы таң. Кешігуді жаным сүймейтін нағыз қазақпын, — деген Айжанар кабинетіне қарай бет алды. Мектепке емес, тойға келгендей түрлене киініп, шашын жылмитқан жігітке таңданып кетіп барады. Қуат қыздың соңынан қарап сәл тұрды да, өзіне сенімді раймен төменгі қабатқа түсіп кетті. Бұл ауылда Қуат қаласа, құрығына түспеген қыз бар ма? Жоқ! Ендеше, Айжанар да солардай мұның жыландай арбауына өзі келіп түсер.
. . .
Тағдырының нәубеті мен күннің салқынынан қатар тоңған Аманай кібіртіктеп үйіне кірді. Бұрын үйі оған әлемдегі ең жылы мекендей көрінетін. Қазір ол жылудың бәрі мақұрым болған. Құшақ жаяр әкесі бүгінде ызғарлы қабақпен ғана қарайды. Өгей шешесі мұны мүлде адамға санамайды. Сонда бұл үй несімен тартсын Аманайды? Амалсыз ас ішіп, лажсыздан кірпік айқастырып, өмір сүргенсіп жүр. Тірілерден гөрі өлілердің арасында көбірек отырады. Бойында жаны барларға айта алмаған ақиқатын өлілерге ағыл-тегіл ақтарады. Олар тек тыңдауды біледі. Ас бөлмеге қарай аттай беріп еді, Күлзипа мен әкесінің әңгімесін естіп, бөгеліп қалды.
— Ұлыңды қалаға апарып емдет. Қыздар өсіп келеді. Бір күні оларға шауып жүрмесіне көзің жете ме? — атойлаған Күлзипа мұның тағдырын шешіп те қойған тәрізді. Аманай әкесінің жауабына құлақ салды. Қорған бола ма қайран әкесі?
— Жүйке ауруларын емдейтін ауруханада Аманай несін жоғалтыпты? Ол жынды емес. Соны біліп қой. Әрі қос қызыма ұлымнан төнер қауіп жоқ. Аманайдың іші сәл жылып қалды. Әкесі сол бір сұмдық оқиғадан бері тұңғыш рет мұның сойылын соқты-ау, әйтеуір. Қазір өліп кетсе де арманы болмас мына Аманайдың.
— Қарындасындай болған Баршынға не істегенін білесің! Біле тұра «қос қызыма одан қауіп жоқ» деп соқыр сеніммен сөйлеп тұрсың ба? Біз үнемі жұмыстамыз. Мен шығып кетсем, Балжан қорқып бөлмесіне тығылады.
— Көреміз. Менің жұмысқа кетуім керек. Ауданда инвесторлардың жиналысы бар, — деп әкесі бұл жолы арындап сөйлемеді. Аманайдың әкесіне деген оң қабағы қайтадан суып шыға келді. Қонақ бөлменің есігін айқара ашып, тәлтіректеп кіріп барды.
— Сен қашан келдің? — деп ажырайды Сейіт. Аманайда үн жоқ. Жуған шүберектей бозарып біраз тұрды да, басын шайқады.
— Тағы да молаға бардың ба? Қай бетіңмен анаңның басына барып жүрсің? Қара бет болсаң да, ата-әжеңнің аруағын мазалауды бір қоймадың! — әкесі дүлей ашумен тықсырып, ұлын жаншып жіберердей қалшылдады. Төмен қарап сұлқ тұрған ұлының иегін көтеріп, өзіне қаратқан Сейіт шошып кетті. Аманайдың жанарында іркілген бір тамшы жас ол қалың кірпігін айқастырғанда, қанмен айғыздалған бетімен сырғанай жөнелді. Ұлына деген сенімі мен сезімдері тапталған тозақ кештен бері Аманайдың жүзіне назар салғаны бүгін бірінші рет еді. Жалғыз тамшы жас ісіп, дүрдиіп кеткен еріннің тұсынан өтіп барып, үзіліп түсті.
— Айт! Кіммен төбелестің? Тағы неге шатылдың? — Сейіт жұлқылап, Күлзипа ащы айғайға салса да, Аманайдан үн шықпады. Меңдуана жегендей мең-зең қалыпта тұра берді.
— Бұл-жынды. Кәдімгі пері. Ел-жұрт мұны диуана деп тегін атап жүрген жоқ. — Күлзипа бұған жиіркене қарап, айызы қанып тұр. Сейітпен бас қосқан алғашқы күннен бастап осы ұлды суқаны сүймейтін. Сейіттің алдында Аманайға қамқор ананың кейпіне енетін. Сейіт ұзап кетсе, қаһарлы құбыжыққа айналатын. Күлзипаның бір таңқалатыны-қанша жәбір көрсе де, Аманай әкесіне шағымдануға мүлде жоқ. Үш ай бұрынғы оқиға Күлзипаның оңтайына келіп, енді орайын тауып, өгей ұлдан мәңгіге құтылмақ. Сонда екі қызына күлім келешек есігіні айқара ашатынына әйел бек сенімді.
— Күлзипа, ел не десе о десін. Аман-менің жалғыз ұлым. Әулетімнің дара жалғасы. Оны жындыханаға апарып қамайтындай мен безбүйрек әке емеспін. Тоқтат енді айғайыңды! — Сейіт сұрланып, зілдене бұйырғанада, Күлзипаның үні өшті. Десе де алған бетінен қайтуды ойламады. Сейіт сүйрелеп жүріп, Аманның бет-аузын жуып берді. Жылы қымтап, төсегіне жатқызды. Сәлден соң ыстық ботқа әкеліп, жанына қойды. Мұрнын дәмді тамақтың иісі жарып бара жатса да, Аманай жатқан жерінен қозғалмады. Өр тұлғалы Сейіт оған да қарамай, теріс қарап сілейген оны орнынан оп-оңай суырып алды. Сөйтті де, қолына исі бұрқыраған күріш ботқаны ұстатты.
— Же, — деді ызғарлы үнмен әмір етіп. — Енді мола басына барушы болма! Мен тыйым саламын!
Аманай қолы дірілдеп, қасыққа қондырғанын төгіп ала берді. Әкесі қабағын сәл жібітсе, шемен болған шер нөсерін төгіп, боздап қоя беретін түрі бар. Бірақ Сейіттің жүзі жылымады. Асығыс аудан орталығына аттанып кетті. Көзіне әбден үйреншікті болып қалған жолмен көлік тізгіндеп келе жатып, өзі бір сәтке де ұмыта алмаған сол бір сұрғылт кештің сұрқия елесін еріксіз елестете берді. . .
. . . Маусымының мөлдіреген кеші еді. Мөлдіреп тұрып, ашық күні төбесінен жай түсірген де сол кеш болатын. Аманайды жанына алып, асыл тұқымды жылқы фермаларын аралады. Ұлының шаруашылықты бірден шырқ үйіретіндей қабілеті барын байқады. Байқады да, тоқ көңілмен Аманайды арқаға қақты. Тынымсыз тірлікпен жүріп, кеш батарға таяғанда, ауылға келген. Өзі ашып, «Аманай» деп ат қойған қос қабатты дүкеннің тұсында Күлзипаны жолықтырған. Үшеулеп үйге жеткенмен, әйелі артынып-тартынып әлденеге қақпа сыртында айналсоқтай берді. Аманай асығыс үйге енген. Кешке досы Асылбекпен уәде бойынша балық аулауға бармақ еді. «Дүкенде дәрімді ұмыттым» деген Күлзипаның әуресімен қайта көлікке отырды. Ал қайтып келгенде, көңілінің көктемін ешқашан қайтара алмастай етіп тонатып алды. Сүт пісірім уақыт ішінде ұлына деген сүйіспеншілік, сенім, мақтан тұту тәрізді барлық ыстық сезімдерінен ада болды. Күтуші әйел Кәмила қызы Баршынды құшақтап, зар илеп отыр. Өзінің даусы мұндай ащы болар ма? Төбе-құйқасы шымырлап, дағдарып біраз тұрды да, қимылсыз меңіреу күйде қалған ұлына дүрсе қоя берді. Баршынның шашы жайылып, үсті-басы жыртылған, есінен ауысқандай селк-селк етіп, өз шашын өзі жұлып, қалшылдап жерде жатыр.
— Не болып жатыр? — деді Сейіт сұмдық көріністі көзі көрсе де, көңілі сенбей.
— Қызым сорлады, сорлады. Жетімек бейшарамның түбіне сенің ұлың жетті! — деп Кәмила зарлай түрегелді. Сейіттің құлағы тұнып кетті. Кеудесі жалаңаш, мойнына орамалын асып, түсі қашқан ұлына бір-ақ аттап жетіп барды.
— Сен не істедің? — деді арыстандай ақырып. Ұлы әкесінің ашудан түк көрмей қалған көзіне көзін қадап, сәл тұрды да, жанарын тайдырып әкетті.
— Мына масқараны сен жасадың ба? Баршынды сен. . . — Сөзін аяқтауға Сейіттің дәті жетпеді. Бірақ осы сәт ұлынан естіген сөзі оны есінен тандырып, өзінің жүрегінің нұры санап келген әкелік бақытынан айырып әкетті.
— Иә, мен зорладым! Аяусыз зорладым! — деп Аманай саңқ етті. Сөйтті де, шалқалап тұрып күлді. Аузын арандай ашып, ащы үнге басып, ата жауының алдында атой салғандай қарқылдай берді. Қорқынышты күлкіні Сейіттің өзі үзді. Ол ұлын қалың, қайратты шашынан уыстап ұстап, ішінен теуіп құлатты. Көзі қанға толып, ұлы есінен танғанша тепкілей берді. Оның шүйдесінен аққан қанды көргенде барып бір-ақ тоқтады. Аманай қимылсыз жатыр. Залым күлкісі жұзінде жатталып қалғандай, езуі бір жағына қисайып қалыпты. Сейіт Аманайын құша, өкіре құлады. Ол ауруханада есін жиғанмен, қайтып бұл дүниеге ғашық көзбен қарамады. Тіпті адам баласының жүзіне қарауды қойды. Бейіт басына жиі қонып, ақыры ел арасында диуана атанды. Дұшпанның табасы мен достың күлкісіне қалды. Ауылда ендігі айтылар әңгіменің сірағасы да, өрекпіген өсектің тың ағысы да «диуана» деп басталатын болған.
— Қашан аяқталады бүл күңіреу күндер? Сол маусымға қалай, қайтіп ораламын? — деп күңірене күбірледі қиналған әке. Екпіндеген күйі аудан әкімдігіне жетіп тоқтады. Сырттан келіп, «қарық етемін» дейтін инвесторлардың арық етіп кету хикаялары жиілеп кетті. Содан да бұл ауылында салынар жаңа мектепке өзі инвестор болуға нық бекінді. Жиналыста отырса да, қасіреті маза берер емес. Ұлы «аяусыз зорладым» деген сол Баршын қазір жүкті. Оның ағасы Асылбек Аманайдың бүгінде қас дұшпаны. Кәмила зорлық оқиғасына байланысты мұның өтінішімен арызданбаса да, тепсініп, аптасына неше рет келіп кетеді. Әр келгенінде мұны жеті атасымен қосып сыбап, қайтарында уысын ақшаға толтырады. Түрлі қажеттіліктер үшін сұрай береді, бұл беруден танған емес. Күлзипа үйдің үлкендігін айтып, күтуші іздегенде, Аманай тонның ішікі бауындай болған досы Асылбектің анасын жұмысқа алуды өтінген еді. Кәмила өз ісіне аса ұқыпты болатын. Кейде қол ұшын берсін деп, қызы Баршынды да шақырып алатын. Асылбек пен Аманайдың жұптары бір жазылмайтын, тіпті егіздердей болып кеткен соңғы жылдары. Ал анау сұмдық оқиға қалай ойласа да, миына сыяр емес, ақылына қонар емес. «Жыртқыштық» деді жүрегі қарс айрылып. «Тексіздік» деді іштей тепсініп. «Менің қателігім,» — деді тағдырына мойынсұнғандай бір сәт босаңсып. «Тым еркін өсірдім. Анасы қайтыс болған соң, бетінен қақпадым. Ақыры қылмыскер атанып, қанша тағдырды күл-парша етті. Бұл — менің жазам. » Өз ойының шырмауында тұтылып отырып, жиналыстың соңғы сөзі оқылғанын әрең аңғарды. Әкім қаралар ауыл мектебінің инвесторы етіп мұны таңдап алысты. Құжаттарын реттеп, аулына қарай зымырап келе жатыр. Қыркүйек кеші тұралатқан тақсіретінен айықтырып, баяғы бақытты шағына қауыштыратындай, елегізіп үйіне де жетті. Айжан қалада оқуда, бірақ алдынан Балжан шығуы керек еді ғой еркелеп. Соңғы кезде ол суынып бара ма, әлде анау оқиғадан кейін қорқыныш пайда болды ма, бұған көп жуи бермейтін болыпты. Жаралы жүрегінің жалғыз жұбанышына айналған Балжаны да алдынан жүгіріп шықпай, құлазыған көңілін күзбен серік етті. Үйге кірсе, қонақ бөлмеде әлдекімдер күлкіге кенеліп, әңгіме айтып отыр. Табиғатынан сөз тыңдауға жоқ Сейіт екпіндеп кіріп барса, Күлзипа мен Кәмила ағыл-тегіл дастарханды жайып тастап, әңгіме-дүкен құрып отыр. Қызының қасіретін айтып еңірегенде етегі жасқа толатын Кәмила емес, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ өзге біреу. Күлзипа қимас құрбысы келгендей, тізе түйістіріп, шайды өзі құйып беріп отыр.
— Баршынның мазасы болмай. . . — деп Кәмила дастарханнан тұруға айналды.
— Тұрмыс құрмаған қыздың зорлық көріп, жүкті болып, елдің өсегіне қалғаны өте қиын. — Күлзипа айлакер түлкідей сумаңдап, Кәмиланың орашолақ сөзінің тігісін жатқызды.
— Баршынның жағдайы қиындаса, екеуің осылай шай ішіп, шүйіркелесіп отырсаңдар, халі жақсара ма сонда? — Ашық мысқылдаған Сейітке Кәмила көкбеттене жауап берді.
— Сенің беріп жүрген ақшаң ары төгілген қызымды жұбата ма? Одан да ана арсыз ұлыңды қызыма үйлендір. Сонымен бұл іс бітсін!
Кәмиланың шәңкілдей айғайлаған бұл сөзін бөлмесінде бұғып жатқан Аманай естімей қалмады. Ести сала бүйі тигендей атып тұрды. Жан сауға сұрар жақыны жоқ. Есіне қорым түсті. Жалғыз қамқорына барып, жанында қалып, мына тозақ өмірмен қош айтысқысы келді. Кәмила аждаһадай ысқырынып жатыр, әкесі әлдене деп күңгірледі. Аманай бұл жолы әкесінен жанына демеу болар сүйеніш сөз күтпеді. Иығына күртешесін іле сала, «қорым, қайдасың?» деп тартып отырды. Шығып бара жатып, әкесінің соғым соятын, қылпып тұрған қанжарын ас үйден алып шықты. Қысқа көшелермен бой тасалай жүрсе де, бірді-екілі тұрғындардың көзіне түсіп қалды.
— Әй, сүмеңдеп қайда барасың? Тағы кімнің бақытына балта шабуға асығып аттандың? — деді әлгі әйел мұны тарпа бас салардай. Үндемей құтылып, қараңғы көшеге түсті. Осыдан асса, ар жағы қорымға апаратын жалғыз аяқ соқпақ. Ол жақта кім ұшырасса да, не деп айыптаса да, бұған бәрібір емес пе? Иә, бәрібір!Қараңғы, қысқа көшеде біреулер күбір-күбір сөйлесіп барады. Мына дауыс таныс естілді.
— Жұмысқа ерте барып, кеш қайтуды ұстаздық парызым десем, тағы да күлкі қыласың ба, Қуат? — деп сыңғырлаған үн таңертең өзіне ерекше ілтипатпен амандасқан қыздың даусы. Жай сөйлегенде даусы күмбірлеп тұр, ән айтқанда тіптен құлақ құрышын қандыратын шығар.
— Онда мен сені күнде шығарып салып тұруды өзімнің азаматтық парызым деп білемін, — деп мәнерлеп сөйлеуге тырысса да, «ң» дыбысын айту бақыты бұйырмаған Қуаттың даусын анық естіді. Жылдамдата жандарынан өтіп кетпек еді, Қуат сөзбен килікті.
— Дию ма, диуана ма, жанымыздан бір үрейлі қара өте шықты. Біссімілла деші, Айжанар, — деді ашық кекетіп.
— Мұның дұрыс болмады. Барлық адамдардың құқығы тең. Аманайға ат қойып, айдар таққаннан жаның кіріп қалды ма? — Өзін ежелгі танысындай, жоқ сыралғы досындай жақтай сөйлеген қызға Аманай бүкіл денесімен бұрылды. Өз өмірінде көрген соңғы жақсы жанға көзінің құмары қанғанша бір қарағысы келді. Анасына әлемде жақсы адамдар барын да айтса, апатайы бір қуанып қалмай ма?
— Айжанар, сен гуманиссің бе, жоқ әлде коммуниссің бе? — Қуат қыздың көзінше бұған қоқиланып, оны өз тасасына жасырмақ еді. Қыз оның ту сыртынан өтіп келіп, Аманайдың қарсы алдына тұра қалды.
— Таңертең де көрдім сені, кешке де тап болдым саған. Бұл өзі қызық болды. Атыңа сырттай қанықпын,-дей беріп еді, ожар Қуат сөзін аяқтатпады.
— Қарақшы атыңа қанықпын деп дұрыстап айтпайсың ба, Айжанар?Үш айдан бері шаштараздың бетін көрмеген кеңкелес екеніңді де білем де. — Қуат шиқылдай күліп, қолындағы телефонның жарығын мұның жүзіне бұрды. Қатты жарықтан көзі қарыққан жігіт қолымен бетін көлегейледі.
— Қуат, сен менің аузыма сөз салғанды қой. Кімге қалай сөйлеуді өзіме қалдыр! — деді мұғалима адуынды үнмен. Ел-жұрттың мақтауын жиі естіп, кеудесіне нан піскен Қуат бұл бұйрық райына төзе алмады.
— Мен кеттім. Диуанамен оңаша қал, — деп барқ етті де қараңғылыққа сүңгіп кетті.
— Қазір, — деді қыз сөмкесінен әлдебір затын іздеп, — міне, таптым. — Қалта телефонын алып шығып, жарығын қосты.
— Міне, енді бізде де жарық бар. — Қуаттың кеткеніне қыңқ еткен қыз көрінбейді. Өлім теңізінде малтығуға асығып бара жатқан Аманай қызға қарап қайран қалып тұр. Бұл өзі көктен түскен періште ме? Әлде ақиқаттың аулынан келген ақылды ару ма?Мүмкін, бұның қарақшы атын естімеген қарапайым жан болар.
— Сен туралы көп естігенмін. Ауылға келгеніме көп болмаса да, сен жайлы «аңыздарға» құлағым үйренген. — Қыз мұның ойын оқып қойғандай. Өзі көріпкел ме, яки көреген бе?Аманай жақ ашпады. Ілби басып, қызбен қатарласып келе жатыр.
— Мен бұл тұйық көшемен таңертең бір рет қана жүргенмін. Үйге апарар төте жолды білмей тұрмын. Сәкен ағаны танисың ба?
— Иә, білем ғой, — деді Аманай даусы естілер-естілмес. Мына бәлекей қыз ойын тағы да жазбай танып қоя ма деп, ой өрбітуге сескеніп қалды.
— Білсең, мені сол үйге дейін жеткізіп салшы. Мына қараңғы көше адамның құтын қашырады екен, — деді қыз жайбарақат дауыспен. Мұның сабалақ шашы да, сапсиғат сақалы да оған үйреншікті жағдай тәрізді.
— Адамды сырт пішініне қарап бағаласаң, қатты қателесесің. Бір әрекетінен де асығыс қорытынды шығаруға болмайды. Жалпы, адамды тану деген өте күрделі үрдіс. Ұлылар солай дейді, — деді мұғалима тағы да жігіттің ойын тап басып. «Көріпкел» деп ойлады Аманай іштей таңдайын қағып.
— Айтпақшы, атым — Айжанар. Аудан орталығынан осында мұғалім болып келдім.
— Аман, — деді жігіт толқығанын қобалжи шыққан даусынан аңғартып.
— Есіміңе «айды» қосып айтсаң, әдемі естіледі, әрі менің атымда да «ай» бар. — Қыздың бұл сөзіне жігіт тамсанып қалды. Өзі тек бұған ғана жылы сөйлей ме, жоқ әлде елдің бәріне осылай елжіреп тұра ма?
— Үндемейсің. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген қағиданың иесісің бе? — Бұл жолы ойын дөп баса алмаған қызға Аманай жауап қайтарды.
— Басыма таудай пәле тап болған. Үйдей пәле келе қоймас, — деді ақырын ғана.
— «Ер жігітке сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл», — деді Айжанар байсалды үнмен. Өзі «тамұқ» деп атаған мына өмірінің азабын Айжанардың жұмсартып, «сергеңдең» дегеніне жігіт бар жүрегімен қуанып кетті. Қуанышы тасқындай тулап келіп, өмірге деген махаббатын оятты. Иә, тозақ емес, бұл жай сергелдең. Қойныма тығып қанжарды, аңсап, сірә, ажалды,қате жолмен мен келгем. Арудың сөзі салмақты,байқаса, өмір-нұр іргесін аулақ салмапты. «Өмір сүрем» деді жігіт іштей құлшынып. «Сергелдеңге шыдас бермей, құлап түссем опырылып, қалайша ер жігіт атанып, әділдік құрмақпын?!» Арының алдында ант еткен жігіт томаға-тұйық күйде келе жатыр. Ой желісін Айжанардың даусы бұзды.
— Қателеспесем, осы сұр қақпаның жанынан солға бұрылатын сияқты едім, — деп топшылады қыз.
— Біз төмен қарай ұзап кетіппіз. Кейін қайтайық, — деді Аманай қуанышын жасыруға тырысып.
— Жарайды, жеңгем уайымдап қалмасын. Тезірек үйге жетейін, — деді қыз қолындағы жарығын олай-бұлай бұлғап. Қыздың үйінің жанында тұрып, Аманай ішке құлақ салды. Тың тыңдаған қалпы бар.
— Асыл тұқымды төбеттің күшігін әкелгенін білетін едім. Қазір өсіп қалса, неге дымы шықпайды? — деді Аманай қалыпты өмірге қалай араласып кеткенін өзі де байқамай.
— Ол ағаммен бірге шөп басында. Әйтпесе қақпадан шығып, көшенің иттерін бір шулатар еді. Жақсы, мен кетейін, — деді Айжанар сыбыр етіп. — Жылы киініп жүр. Қыркүйек жаз емес.
— Сергелдең бар бізде, сейіл де аз емес, — деп өлеңдетті Аманай.
— Ауыл қазағына қалай өлеңдетсе де жарасады. Тек мына теке сақал мен будыраған ұзын шаш жараспас, — деп әзілдеді Айжанар. Аманай саусақ батпайтын қалың, ұзын шашын қолымен тарақтап тұрғанда, Айжанар зып етіп, ауласына еніп кетті. Өзі кетсе де, жігіттің жүрегіне қондырған әдемі күй тербеліп қалып қойды. «Өзгерем» деді өзгеше раймен көңілі өрге ұмтылып. «Күресем!» деді күйікті жүрек бұлқынып. Тау жығардай екпінімен үйіне келді. Қойнындағы қанжарды байқатпай орнына қойды. Бөлмесіне кіріп, иесіз, күтімсіз қалған заттарын реттеді. Неше айдан бері үннен айрылған қалта телефонын да тірілтті. Айна алдына келіп, өз түрінен өзі қорқып кетті. Езуі жыртылған, мұрны қолағаштай болып ісіп кеткен, дүрдиген ерні көрер көзге тым ерсі. Оң жақ беті көгеріп қалған. «Бұл мен бе?» — деді жаны түршігіп. «Расымен диуанаға айналғанмын ба?Адам болмысыма оралуым қиын болмай ма? Жоқ, қиын емес! Мұғалім қыз айтқандай, бұл жай сергелдең. Түбі бұл күресте мен жеңем!Өйткені өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Мен, Шындық, қысқа өтірікті бір-ақ жұтам!»Өзі үшін әлі бейтаныс бикештің бір ауыз нұрлы лебізінен бойына жойқын күш еніп, өз ақиқатына өзі сеніп, айна алдында тұрған жігіт дүр сілкінді Шашылған рухының сынықтарын жинаудың оңайға түспесін іші сезсе де, алған бетінен қайтпады, тайынбады, тайсалмады.
Бұл түні қыркүйек қазанға орын берді. Денені тоңазытар салқын суық райға кезек берді. Шығыс күзі ақырындап күшіне енді. Табиғаттағы әдемі сары рең сұрқай түске айналды. Қазан шығыс қысының әмірін ертерек жүргізуге сайланды. Аманай күрес дәуірін дәл осы таңнан бастады. Кәрі текенің сақалындай селдіреп өскен сақалын алды. Бастырылмай бетімен кеткен мысық мұртының да көзін жойды. Ұзын шашын құрта алмасы анық. Шаштаразға бару керек, әлбетте. Ауылда шаштараз атымен жоқ. Бұрын Мирас тиіп-қашып елдің шашын алатын. Қазір бұл жетіп барса, не қатты сасар, не амалын тауып қашар. Одан да аудан орталығына барсын. Оған ақша қажет. Ақша тек әкесінде ғана бар. Күлзипада да бар, одан сұрағанша шаш алғызуды ұмыта салғаны артық.
Ұлының таң алакеуімнен кіріп-шығып, мазасы қашқанын сезген Сейіт те бөлмесінен шықты. Ас бөлмеде жалғыз өзі қыбырлаған ұлын байқап, баспалап сығалап көрді. Ұлының жүрісі ширақ. Бұрынғыдай ұзын бойы еңкіштеніп, еңсесі түспейді. Аттаған әр қадамы сенімді көрінді. Ол бері бұрылғанда, Сейіт таңданғаннан ысқырып жібере жаздады. Тосын дыбыстан селк еткен Аманай қолынан сүт толы шараны түсіріп алуға аз қалды. Сейіттің бойын белгісіз қуаныш биледі. Бұл-өзінің ашық қабақ, ақ жарқын ұлы ғой. Аманайы оралды! Қашан, қалай оралды, ол жағын білмейді, білгісі де келмеді. Тек ұлының бәз-баяғы қалыпта бой көрсеткеніне жүрегі жарылардай қуанды. Алдында тұрған ұлы сақал-мұрттан ада болыпты. Ұзын шашын әдемілеп қарсы тараған. Онысы да өзіне жарасатындай. Көзі, мойылдай көзі ұшқын атады. Апырау, түсі болып жүрмесінші! Түсінде Аманайының бұрынғы бақытты шағын ғана көретін. Диуана қалпы түсіне еш кірмеген. Қарсы алдындағы сымбатты бейне қозғалды, яғни, бұл түс емес.
— Аманай, — деді әкесі дірілдеген үнмен. — Сенбісің?
— Иә, менмін, — деді ұлы сонша сағындырған сырлы үнімен.
— Мені шер шекпеніне орап тастап, өзің қайғы диуанасы болуды жөн көріп едің. Енді олай етпеші, балам. Сен қандай болсаң да, мына ақымақ әкең сені жақсы көреді, — деп Сейіт кемсеңдеп келіп, ұлын құшағына алды.
— Ақымақ әкем, — деді Аманай оның сөзін қайталап. Құшақтары айқасқан әкелі-балалы екеуі де жылап тұрды. Екеуінің де көкейінде тікенек сұрақтар қадалып тұрды, сөйлесе, запыран құсып жіберетіндей, үндемеуді артық көрді. Сәлден соң құшағын жазған әке ұлының шашынан сипады.
— Анаңның шашы да қайратты еді, көзі жұмылғанша сол ұзын шашына қайшы тигізбей кетті ғой, — деп ұлына қарап, сүйікті жарын есіне алатынын байқатып қалды.
— Ұзын шаш жараспас.
— Иә, аудан орталығына барайық.
Әкелі-балалы екеу таңғы астарын тездете ішіп, көлікке отырып, аудан орталығына тартып отырды. Темір тұлпарды тізгіндеген Сейіт үш ай Аманай жанында болмағандай, шаруашылықтың жаңалықтарын жіпке тізді. Жорға Ақтанаудың бас білгенін, жылқышылардың көзінің сұғы қадалған әдемі кер құнанның ферманың шетіндегі шұңқырға түсіп кетіп, аяғын сындырғанын айтты. Жүріске жарамаған соң, күзде амалсыз сойғызып,етін жылқышыларға таратып бергенін де әңгіме етті. Ауылда жаңа мектептің құрылысы басталатынын, оған өзінің бас болғанын да баян қылды. Аманай бас шұлғып, тек тыңдаумен отыр. Әкесінің әр сөзін қас-қабағымен мақұлдайды. Әңгімемен жүріп, ауданға да жетті. Алдымен шаштаразға кірді. Етжеңді әйел жігіттің шашын мұнша неге өсіргенін сұрап, мазасын алды.
— Ана бір жылдары кәріс телехикаялары қаптап кеткенде, жас жігіттер осылай ұзын шаш қоятын. Оның алдында «титаник» дейтін бір шашқойыс сән болды. Ал сенің шаш үлгің ешбір сәнге жатпайды екен, — деп таңданып қояр емес.
— Бұл — менің өз стилім, — деді ақыры Аманай амалы құрып.
— Стилің бар болсын, шашыңа қайшы бойламай жатыр, — деп күлді шаштараз. Күжірейген желке жүнін сыпырып тастаған арыстандай болып, шаштараздан шықты. Әкесімен бірге дәмханаға барды. Бәрі де бұрынғыдай еді, тек сол бір азалы күн жайлы жақ ашуға екеуінің де дәрмендері болмады. Қазіргі сүттей ұйыған тәтті шақтың шырқын бұзып алуға қорқып, Сейіт те үндемеді. Әкеден сенім болмаған соң, бұл күресте жалғыз екенін сезген Аманай да теріс тақырыпты қозғамады. Түс қайта әке мен ұлы қайтуға қамданды. Базардың жанына барып кідіріп, Аманай бірер зат алмақ болды. Сейіт көліктің жанында қалып, Аманайды күтіп тұрған. Ту сыртынан Сәкен келіп амандасты.
— О, Секе, не тұрыс? Кімді тосып бөгелдің?
— Аманай керек-жарағын аламын деп, базарға кіріп еді. — Сейіт ауылдасынан қуанышын жасыра алмай, жүзі нұрлана жауап берді.
— Мен саған Аманай туралы бірдеңе айтайын деп едім. — Мына сөзге Сейіт шарт ете қалды.
— Осы сендерге менің ұлымнан өзге әңгіме жоқ па?
— Сейіт, өткенде Асылбектер Аманды соққыға жықты. Сонда мен арашалап алған едім. Соңынан біраз, тым аз сөйлестік. Аманның бір сөзі ойымнан шығар емес.
— Асылбектер соққыға жықты дейсің бе? Мен өзі біреумен төбелескен бе десем. — Естіген жаңалығынан Сейіттің есі шығып кетті.
— Сондағы менің таң қалып, әрі қорыққаным — олар тепкілеп жатса да, Аман еш қарсыласпады. Өмірден үміт үзген жандай қорғанбады. Араларына мен түсіп, үйіме дейін сүйемелдеп алып келдім. Үйге кірмей, қорымға қарай кетті. Сол кезде айтқан сөзі. . .
— Созбақтамай айтшы енді, — деп шыдамсызданды Сейіт.
— «Өлілерден қорқудың қажеті жоқ. Олар тірілер сияқты жамандық жасамайды,» — деді.
— Сәкен аға, амансыз ба? — деді қолында буыншағы бар Аманай келіп.
— Аман, халің жақсы ма?Өзгеріпсің ғой, жарасып тұр, — деді Сәкен жадырай күліп. Ол Аманайды бұрыннан жақсы көруші еді. «Өзі бір мың болғыр бала,» — деп үнемі мақтап отыратын. Сол мақтаған жігіті жаманатқа ілінгенде, көңілі сене алмады. Ақ құба реңі сүйкімді, тұңғиық жанары күлімдеп тұратын жігіттен ондай қылмыс шықты дегенге құрғыр көңілі иланбай қойып еді. Ала жаздай қорымда түнеп, ел арасына диуана аты жайылған Аманай қасқайып қарсы алдында тұр. Қалай қуанбасын? Кімнің ықпалынан өзгерсе де, құптайды ғой бұл ағасы.
— Өз көлігіңізбен жүрген боларсыз. Әйтпесе бізбен бірге қайтыңыз, — деп қиылды Аманай. Тура бұрынғыдай кең маңдайын бір сипап, көзі мөлдіреп тұр. Бірер күнде қалай өзгерген?
— Бүгін күн жексенбі ғой. Бәріміз керек заттарымызды түгендеп алайық дедік. Гүлжайна мен Айжанарға ере берсем, табанымнан таусылармын деп, көлікте қалғанмын. Төрежан да сауда жасағанды ұнатады, апасымен бірге жүр. — Сәкен Айжанардың аты аталғанда, Аманайдың жүзінде бір толқу пайда болғанын анық аңғарды. Айжанар оған өмір шуағы болып елес берген бе? Әлде ұстаз қарындасы турасын айтып, «өмір сүр» деп кеңес берген бе?
— Әне, өздері де келе жатыр, — деді Сейіт қырағы көзімен алыстан аңдап. Төрежанды жетектеген Айжанар, оның соңында буыншақ-түйіншектерін көтерген Гүлжайна.
— Қыздардың жүгін жеңілдетейік, — деп жымиды Сәкен. Оған Сейіт қосылып, Гүлжайнаның алдынан шықты. Бұл ілтипатқа марқайып қалған Гүлжайна Аманайды көріп, таңданысында шек болмады. Кеше ғана шашы көзін жауып, жанынна бүктетіліп өтетін диуана Аман сымға тартқан күмістей болып сымбатын түзеп алыпты. Адам өзгерем десе, оңай екен ғой. Төрежан жүгіріп барып, Аманайға қолын беріп амандасты. Диуанаға сәлемдескен батыр әпкесінің бауыры емес пе? Өзара бас изесіп, ерін ұшы емеурінмен ғана амандасқан Айжанар мен Аманайдың таныс екенін үлкендерден Сәкен ғана байқап қалды. Сұңғыла жігіт ағасы Аманайға қарап, басын изеген қарындасының көзіндегі бұрын өзі көрмеген ерекше шырайды сезіп үлгерді.
— Жиен қарындасым Айжанар, біздің мектепте мұғалім, — деді Сәкен Айжанарды Сейітке таныстырып.
— Марқұм анаңнан аумай қалған екен. Нағима апаның өзін көргендей боддым, — деген Сейіт ашық таңырқады.
— Жігіттің жақсы болмағы нағашысынан. Қыздың сұлу болмағы да нағашысынан, — деп әзілдеді Сәкен.
Әңгіменің құйрығы үзіліп, екі отбасы қос көлікке отырып, ауылға қайтар жолға түсті. Маусымда мәңгүрт күйге түсіп, міскін болып қалған Аманай жаз-дәуреннің қалай дөңгелегенін білмеп еді. Енді айналасына қараса, күз-шебердің кестелеген кереметтеріне көз қуанады екен. Тоғай жапырақтары тоналса да, кең даладан жазғы түрлі-түсті рең жоғалса да, төңірек тамаша сезілді «Ауаның өзі қандай ғажап!» деп кеудесін кере тыныс алды жан азабы бір мысқал болса да жеңілдеген жас жігіт. «Қазір көліктен түсіп, желмен жарыссам, озып кетемін,» — деп көңілі шаттанды. «Анау ақ бұлтқа қол созсам, оны да аламын,» — деп аптықты көңілі. Ағындаған бойы ауылға кірді. Көңілі судай тасып жетіп келгенде, аулада өгей шешесі өңменнен өтер суық көзін қадап тұрды. Жанында көзін жалған жаспен жуған Кәмила, оның оң жағында жұдырығын түйіп, тісін қайраған Асылбек.
— Қарақшы, сен сайрандап жүрсің? Ал Баршын өзіне қол жұмсамақ болды. — Кәмиланың мына сөзі Сейіттің ұлына деген елжіреген әкелік махаббатына тұсау салғандай болды. Сейіт тек өз баласының ғана әкесі емес еді, ол адамгершіліктен аттап өте алмайтын азамат болатын.
— Мұның өтеуі болу керек, — деп Асылбек кіжініп Аманайға ұмтылды. Өткен жолғыдай еш қиындықсыз сілкілеп аларына сенімді еді. Бірақ күткеніндей болмады. Аман жуан жұдырыққа шойын жұдырықпен жауап берді. Тұтқиыл соққыға төтеп бере алмаған Асылбек бір тізерлеп отырып қалды. Көзінің астымен бұрынғы жан аяспас досына, қазіргі ата жауына қарады.
— Бұл — менің жан серігім Аманай ғой, — деді жүрегі.
— Жоқ, бұл Баршынымды қасіретке душар еткен қарақшы диуана, — деп ақыл үні ақырып қалды. Асылбек атып тұрып, қайта төпелей жөнелмек еді. Аманайға көтерілген бұның қолын Сейіт ұстай алды. Бұған дейін әділдік, адамгершілік деп қана келген Сейіттің бұл түрін көріп, Асылбек күйіп кетті.
— Сен тек өз ұлыңның әкесісің. Сен әділдіктің, шындықтың ұлы емессің! — Асылбектің жан даусы шықты. Оған Кәмиланың барқыраған даусы қосылды. Айғай шықса, жетіп келетін көршілер бұл жолы да тез топтана қалды. Бірі келіп Кәмиланы жұбатса, еркектер жағы Асылбекті ортаға алды. Алапес ауру көргендей бәрі Аманайдан теріс айналды.
— Қылмысыңның жазасын өзім берем! — деп айғайлады Асылбек көптің ортасынан.
Күлзипа зымиян күлкісін ішіне сақтап, айғайдан үрейленген қызы Балжанды баурына алып, үйіне кірді. Көршілерін шығарып, Сейіт қақпасын тарс жапты. Әке жүрегінің қақпасы да қылмыскер ұлына тарс жабылды. «Жалғанмен жалғыз айқасым! Өтірікпен өзім шайқасам! Күл-талқанын шығарып жеңем!» — деді жүрегіне мың батпан жүк жинаған Аманай. Ауылда, ағайынның арасында отырса да, бір ақылшыға, шын қамқоршыға зар болды-ау!Тұнжыр көктен болмашы сәулесі сығараңдап, ай көрінді. «Менің де көңілімнің төрінен ай көрініп еді. Иә, оның сәулесі мол болатын. » Есіне кешегі күні түсті. Сағатына қараса, тура сол уақыт. Салып ұрып, қараңғы көшеге бармақ еді. Жексенбі екені есіне түсіп, тоқтап қалды. Ертеңгі кешті күтуден басқа амалы жоқ.
Кешкі асты Күлзипа бұларға бұйыртпады. Бұрынғыдай оқшауланбай, дастарханға отырған Аманайды көріп, Балжан бақырып жылап, жұбату бермей селкілдеді. Күні бойы шешесінің құлағына құйып тастаған аярлығы баланың ойында жатталып қалған, әрі бет-аузы көнектей ағасын көріп, сол естігендері есін алды. Ақыры Аманай дастарханнан кетіп тынды. Сейіт өз-өзінен булығып, қонақ бөлмеге тығылды. Берекесі қашқан, албасты басқан үйде таң да зарықтырып атпай қойды. Өң мен түстің арасындай бір сәтте Сейіт шым-шытырық елестердің шырмауында қалды. Табан астынан қара түнек сейіліп, нұрға шомған кеңістіктен үшеу көрінді. Үш сұлба орындарынан мызғымады. Бұл жанталасып, әлі жүгіріп келеді. Теріс қарап, арқасын берген үшеу әкесі мен шешесі, оның соңын ала он бес жыл бұрын дүние салаған асыл жары Толқын екенін іші сезіп, қара терге малшынса да жүгіргенін қоймады. Жеткен бойда құшақтарына құламақ еді, мұң-зарының заһарын төкпек еді. Жетті-ау әупірімдеп. Осы сәт үшеуі бұрылды-ау ақыры. Он бес жылдан бері сағындырған, зарықтырған қимастарына құшақ жая ұмтылды. Әкесі созған қолын қағып жіберді. Анасы үнсіз томсарып тұр. Толқынның қолында кішкентай Аманай. Тәп-тәтті ұлын шөпілдетіп сүйген Толқынына жақындап еді, ол да мұны өзекке тепті.
— Сендерге өкпем өшкенше жүгіріп келдім. Жаныма азық болар шапағаттарыңа шөлдеп келдім. Неге мені жатсынасыңдар? — деп бұл деміге айғайлады.
— Сен жалғыз немереме қамқор бллмадың!
— Сен Аманайыма зар шектірдің, жазықсыз қанын төктірдің!
— Сен жалғыз балапанымды масқараға жығып бердің. Оны жаладан қорғамадың!Балапаным әбден тоңып қалыпты. Жүре ғой. Ата-әжеңнің жанында, менің қасымда ешқашан тоңбайсың!
— Алақай! Алақай! — деп кішкентай Аманай анасының құшағында шаттанып тұр.
— Иә, алып ктеейік. Жүре ғой, жалғызым, — деп үшеуі Аманайды ортаға алып жөнеле берді. Қозғалуға қауқарсыз қалған мұның созған қолы қара тасқа айналып бара жатты.
— А-ма-а-ан! — деп ышқына шыққан өз даусынан өзі шошып оянды. Жастықтың астында қалған оң қолы ұйып қалыпты. Дем жетпей ентігіп біраз отырды да, атып тұрды.
— Бұл — жай түс. Аманай ешқайда да кетпейді. — Ұлының амандығына көз жеткізу үшін, түртінектеп оның бөлмесіне барды. Төсегін де салмастан, бүрісіп ұйықтап жатыр екен. Терең демалған Сейіт ұлының үстіне күртешесін жапты да, мысықша аңдап басып, орнына келді. «Бұл бар болғаны жай түс,» — деп өзін-өзі тыныштандырмақ болды.
Арман болған ақ таңы сұрлана атты. Қазан суық жаңбырын төкті. Көлденеңнің көзіне шұқыған зәрлі сөздері сүйегінен өтті. Сейіт ауыл арасынан басын көтеріп жүре алмастай халге жетті. Тығырықтан шығар саңылау таппай, көп қиналды. «Өлем» деген Баршынның өзімен сөйлеспек болып, Кәмиланың үйіне келді. Қоңторғай тірлік кешетін жесір әйелдің жұпыны үйі. Іштен Баршынның даусы жарқын-жарқын шығады. Бұл есік қақса да, естіген жан болмады. Амалсыз кіріп баруына тура келді.
— Неге келдің? — деп ысқырынды Кәмила бұны көрген бойда.
— Баршын қызымды көрейін деп едім.
— Сенің көргеніңнен не өзгереді? Тайып тұр! — Кәмила қолына көсеуін алып, ұрып жіберердей оңтайланып тұр. Баршын отырған орнынан атып тұрып, түкпір бөлмеге кіріп кетті. Артына бір рет жалт бұрылды да, есігін сарт еткізіп жауып алды. Қыз орнынан тұрғанда, Сейіттің байқағаны-іші кәдімгідей домаланып білініп қалыпты. «Немерем» деген жалғыз ой жүрегін елжіреттті. «Ата боламын» деген ой жанын тебірентті.
— Шық үйімнен!Қайтып келуші болма! — деп Кәмила кеңірдегін жырта айғайға басты.
— Баршынға. . .
— Немене? Баршынға әкелген ақшаң бар ма? Денсаулығы сыр беріп, жүйкесі титықтап жүр. Алдағы аптада дәрігерге апарамын. Ақшаң болса, жететіндей ғып тастап кет! — Шаңқылдаған әйелге не дерін білмеген Сейіт қалтасынан ақша алып, санамастан әйелге ұстатты. Осы сәт үйге Асылбек кірді. Оның аяқ дыбысын күшейген жауынның сартылы естірпеп еді.
— Сен мұнда не жоғалттың? Қайқай! — деді жас жігіт ызбарланып. Сейіт Кәмиланың ақшаны дереу қалтасына сүңгітіп үлгергенін байқап қалды.
— Дөрекіленудің қажеті жоқ. Онсыз да кетіп барамын. Айтпақшы, Аманайды соққыға жыққаныңды білемін. Енді оған қолыңның ұшын тигізуші болма! — Байсалды сөйлеген Сейітке Асылбек мысқылмен жауап берді.
— Жалғызыңа енді жар болғың келіп жүр ме? Қылмысының жазасы, әлбетте, болады ғой, — деп тіс арасынан сыздықтата сөйледі кекті жігіт. Сейіт үндемеді. Баласындай адамға не десін?! Әрі ақталып айтары бар ма еді?Қатты жауған жаңбырдан әудем жер көрінебй, жер-дүние тұманданып кетті. Сейіт жолы ең жақсы саналатын мектептің көшесіне түсті. Жаңбырдан қорғалаған бірнеше адамды көрді де, тоқтай қалды.
— Отырыңдар, ауыл іші ғой, апарып салайын, — деді жиналғандарға. Айжанар бастаған төрт-бес оқушы екен. Бәрі жылы мәшинеге жайғасты. Оқушыларды үйді-үйлеріне жеткізген Сейіт Төрежанды әңгімеге тартты.
— Төреш, осы сені мықты жігіт деп естідім. Сол рас па?
— Иә, рас. Мен нағыз жігітпін.
— Оған қалай сенемін?
— Әпкемнің сырларын ешкімге айтпаймын. Өсек тасымаймын. Әрі адамға сену үшін дәлел іздемеймін. Әпкем солай деп үйреткен. — Төрежанның ұтқыр жауабына Айжанар сүйсіне күлді.
— Жігіттің төресі екенсің ғой өзің. Бәрекелді! — Сәкеннің үйінің тұсына келген Сейіт көлігін тоқтатты. Төрежан секіріп түсті де, әпкесін күтпестен, үйіне жүгірді. Айжанар әлденеге бүгежектеп сәл отырды да, кқалың кітапты бұған ұсынды.
— Аға, айып етпеңіз. Мына кітапты өткенде Аманай сұраған еді. Тікелей өзіне тапсыруыңызды өтінемін, — деді қиылып. Кітапты қолына алған Сейіт таң-тамаша. Мектеп бітіргелі бері ұлының кітап оқығанын көрген емес. Әлде бұған көрсетпей оқи ма екен?Таңданған күйі үйіне келді. Кіре сала Аманайды іздеді. Ол өз бөлмесінде тысқа қарап тұр екен. Жүзінде уайым табы бар.
— Аман, саған сәлемдеме әкелдім. — Әкесінің сөзіне селт етпеді.
— Мына кітапты Айжанар беріп жіберді. Сен оқимын деп сұратыпсың ғой. — Ұлы осы сәтте ғана әкесіне бұрылды. Кітап атаулыны өмірінде бірінші рет көргендей, ежіктеп оқып шықты.
— «Махаббат, қызық мол жылдар».
— Бұл кітапты апаң жақсы көретін. Үйде де бар ғой. Насіне Айжанардан сұратып жүрсің? — Сұрағына жауап болмаған соң, Сейіт бөлмеден шығып кетті.
Аманайдың жүрегінде қуаныштың гүлі шешек атып, шаттықтың бұлбұлы сайрап жатты. «Айдан Айға естелік» деген қолтаңбасын оқып, риза бола жымиды. Өзінің оқып жүрген кітабын бұған ойланбастан сыйға тартқан бұл мұғалима расында да таңғажайып бикеш болды. Тездетіп кітапты оқуға кірісті. Әр парағын ашқан сайын, Айжанар сырын ақтарып отырғандай құныға түсті. Ешқашан кітапты бұлай жастанып, ас-судан бас тартып оқып көрмеп еді.
Ертеңіне жауын да сап тыйылды. Аманай тұра сала, бірнеше айдан бері ұмыт қалдырған көлігін шығарып, әбігерге түсті. Ұлы жиырма беске толғанда, әкесі сыйға тартқан көлік еді бұл. Көп сайрандап та үлгермеді, жаланың отына күйді де кетті. Аманай жылқы фермасына баруға ыңғайланды. Бас білген Ақтанауға мініп, абақтыдан бетер болған мына тас үйден аулаққа қашқысы келді. Көлік тізгіндеп келе жатып, жолдағы адамдар өзіне саусақ шошайтып тұрғандай сезінді. Ақтанауға мініп, аяңдап ұзақ жүрді. Ауылға қайтқысы келмесе де, өзі көруге асыққан бір жан үшін лажсыз оралды. Қайтып келген бетте, әдейі мектеп орналасқан көшемен өтті. Айжанарды ұшыратам ба деген үміті сөнуге айналғанда, ауыр сөмкесін біріесе иығына асып, біресе арқасына салған Төрежанды көріп қалды. Төрежанды көргеніне бұрын-соңды бұлай қуанып көрмеген шығар.
— Төреш, — деді баланың тура жанына келіп тоқтап. — Үйіңе жеткізіп салайын ба?
— Иә, аға, кешегі жауыннан соң көшелер лай батпақ. Жүру қиын, — деп шағымданды бала.
— Кейін әкім болғанда, осы көшелерді өзің дұрыстап жөндеп аласың. Ал қазір көлікке мін, — деді Аманай қуаныштан жүзі жайнап. Баланы үйіне жеткізіп салып тұрып, оған тілдей хат ұсынды.
— Саған сенуіме бола ма? — деді алдымен балаға барлай қарап.
— Әрине, әпкемнің ең алғаш сізге амандасқанын әлі күнге тірі жанға айтпадым. Мұны да айтпаймын, — деді Төрежан кеудесін керіп жауапты іс тындыруға жарағанына шаттанып.
— Айжанардың өзіне бер, бөгде біреудің қолына түсіп жүрмесін, — деді Аманай хатты ұстатып тұрып. Үшбу хатын тапсырып, көңілі бір орныққан соң, жылдамдықты арттырып, сәл әріде қоныс тепкен Асылбектің үйінің тұсынан ағызып өте шықты. Мұны көргендер түрліше жорыды. «Асылбекті ашық айқасқа шақырған түрі ғой,» — десті біреулер. «Диуанаң қайтадан пері болыпты,» — деп күйінгендер де табылды. Ал Аманайдың мақсаты — Баршынға өзінің тірі екенін, бар екенін, күресуге қауқарлы екенін көрсету болатын.
Айжанар тілхатты тікелей өзі алды. Төрежан уәдесінде тұрып, әпксесін мектептен келгенше күтіп отырып, оңашада хатты ұсынды. Айжанар бар сырына қанық бауырын мақтап, алғысқа көміп тастады. Тілхатта «Жанарына ай нұры ұялаған бикеш, батпасын десең мендік кеш, қоңырау шалшы болмай кеш,» — деп үздіккен сөздер тайға таңба басқандай етіп жазылыпты. Көрсетілген телефон нөмірін тез-ақ терсе де, бірден қоңырау шалуға батылы бармады. Бұл кезде Аманай қалта телефонына телміріп, сүйінші хабарды сол бір айнадан күтіп отыр еді. Көгершін хат түнге таяу жетті. «Қыркүйек таныстықты тарту етті. Қазан айы жүздесуді бұйыртты. Қараша айы не берер екен?» — деп астарлап жазылған хаттан Аманай көп жайды ұғынды. Ұғынды да, өмірден өзіне пана таппай жылаған жүрегі жұбанды.
Қараша айында екеуара құпия хаттар легі жиілей түсті. Бейсенбінің кешінде Айжанар мектептегі іс-шарадан шығар уақытын айтып, хат жазды. Аманай уәделі уақытта айтылған жерде күтті. Ал қыздан жауап жоқ. Бірер рет қоңырау шалған мұны қайтарып тастады. Көшенің бұрылысында тұрып, бұл үміттене күтті. Мектеп тұсқа бұрыла беріп, шалқасынан түсе жаздады. Айжанар Қуатпен қолтықтасып келе жатыр. Мұнысы қалай?«Сонда мен кіммін?» — деді жігіт іштей налып. «Сен диуанасың!» деді ішкі даусы. Аяғына қара тас байлап алғандай орнынан жылжи алмай қалды. Екеуі қатарласып, айдында дара жүзген қос аққудай сырғи басып, қараңғы көшеге сіңіп кетті. Соңдарынан баруды көңілі қаламаса да, бір күш еріксіз тартты. Аязды кеште кім жүрсін? Көше тып-тыныш. Әлгі екеуін заматта жер жұтты ма?Басына тағы қара бұлт төніп, ашық күні найғазай ойнап, жүрегі қырыққа тілімденіп кетті. Анасына мұң шақпаса, көзінен төгілмеген жасы жүрегін қарс айырарын білді де, қорымға қарай бағыт алды. Ауылдың «Қотыр» аталатын осы шетіндегі құлаған үйлердің тұсынан өте беріп, булыққан бір болар-болмас үнді құлағы шалып қалды. Демін ішіне тартып тұра қалды. Өз жүрегінің тулай соққан дүрсілінен басқа ештеңені естір емес. Алға қарай аттай беріп еді, қыздың әлсіз даусы анық естілді. Тіпті тура бүйір тұстан. Телефонының жарығын қосты да, дауыс шыққан жаққа бет алды. Сүрініп-қабынып, бұрыш-бұрышты тінткіоледі. Біреудің бұлқынғанын, апыр-топыр дыбысты нысанаға алып, жетіп барды. Қираған ескі үйдің бұрышында мінгескен екі дене жатыр.
— Бәлсініп діңкемді құрттың. Маған көнбейтіндей сен кім едің? — деп қырылдаған Қуат қыздың үнін шығармады. Аяқасты түскен жарықтан жасқанып, оқыған азамат атып тұрды. Жерде жатқан Айжанарды көріп, Аманай Қуаттың не сұмдықты ойға алғанын енді түсінді. Түсінді де мақтаулы азаматтың атын жамылған арсызға тап берді. Қараңғыда екеуі ұмар-жұмар алыса кетті. Қаһарланса, бір бойына бес адамның күші жиналатын Аманай Қуатты лақша бақыртты. Айжанар Аманайдың қолынан түскен телефонды алып, жарығын қайта қосты. Қуаттың үстіне қонып алып, қабырғаға басын ұрғылап жатқан Аманайды тоқтатпақ болды. Өзі зәресі зәр түбіне кетсе де, Аманайдың қапыда кісі өлтіруіне жол бергісі келмеді. Құлындағы даусы құраққа шыққан қыздың жанайғайын кешкі тымық ауа ауылға таратып әкетті. Естігендері шаруаларын тастай сала, осылай қарай жосылды.
— Аман, тоқтат енді, өлтіресің ғой, — деп безілдеді қыз. Аманай қызға бұрылып, оған әлдене деуге ыңғайланғанда, Қуат жер тырналай орнынан көтеріліп, кірпіштің сынығымен жігітті көк желкеден ұрды. Теңселіп тұрған Аманайды көріп, Айжанар шыңғырып жіберді. Ауыл тұрғындарынан бірнеше кісі топтанып, жарықтарын жарқылдатып жеткенде, үсті-бастары алқам-салқамы шыққан үшеуі үш жерде состиып тұрды. Қыздың пальтосының түймелері үзілген. Бас киімі қайда қалғаны белгісіз. Қуаттың бет-аузы қан. Аманай басынан алған соққыдан есеңгіреп тұр. Келгендер Аманайды түтіп жеп қоя жаздады.
— Әй, тексіз, тағы да қарақшылық шабуылыңды бастадың ба?
— Түбі сен кісі өлтірерсің. Мықты болсаң, қыздарға тиіспей, жігіттермен есеп айырыс!
— Келші бері өзің! — деп бірі оны бас салды.
— Мен қыздың көмекке шақырған даусын естіп келмесем, арам ойын іске асырады екен. Дер кезінде келдім, — деді Қуат қабағын тыржитып. Мына аярлықтан Айжанар не болғанын білмей кетті. Аманайды жұлқылағандардың жанына барып, бар даусымен айғай салды.
— Мені зорламақ болған қаанішре бұл емес, ана Қуат!
— Қатты қорқып қалған ғой. Мән-жайды түсініп тұрған жоқ. — Қуат бұған қамқорсып, жердегі сөмкесін әперді. Аманайды қаумалаған еркектер оны тепкілеп тастауға дайын тұр. Көз алдында өтіріктің шындықты жеңіп, кердең қаққанын көрген қыз енді Аманайға ұмтылды.
— Тимеңдер Аманайға! Ол қылмыскер емес. Нағыз қылмыскер Қуат! Осыған сеніңдер! — деп шырылдады. Оған иланбақ түгіл, сөзіне мән берген жан табыдлмады.
— Аманай, айтсаңшы, мен кінәлі емеспін де! «Күресем» дегенің осы ма? Өзіңді қорғап бір сөз айта алмадың! — Қыз Аманайдың баурына кіріп, егіліп жылап жіберді. Бірақ жігіттен жауап болмады. Аманайдың көз алдынан сол сұрқия маусым кеші көлбеңдеп өтіп жатты. Баршынның ойда жоқта шап бергені, жуынып, әлі толық киініп үлгермеген бұған жата кеп жабысқаны, Кәмиланың аттандап үйге кіргені, тас кенеше жабысқан Баршынды өзінің шапалақпен ұрып құлатқаны, соңын ала әкесі кіріп, мұнан жауап алғаны, ең соңында басынан тиген тепкіден миының солқылдап барып есінен танғаны, осының барлығы қаны тамшылаған күйде елестеп өтіп жатты.
— Полиция шақырайық, — деді көмекке келгендердің бірі.
— Қайтеміз оларды шақырып. Қыз дұрыс түсінік беретін халде емес. Өзімізді
айыптап пәле салар. Одан да үйімізге қайтайық, — деді жылпос Қуат. Бәрі оның айтқанына көніп, айдағанына жүре қалды.
— Сендер неге сонша көр соқырсыңдар? Қылмыскер. . . — Қыз сөзін аяқтай алмай, жерге жығыла кетті. Жиналғандар тергеуден қорқып, тәртіп сақшыларын шақырмаса да, Сейіт пен Сәкенді құлақтандырып үлгерген еді. Тез-ақ жеткен екеуі көргендеріне сеніп, өтірікті шындықпен шатастырып алды. Аманайдың аяғының астында жер бауырлап еңіреген қарындасын көрген Сәкен бірден тұлан тұтып шықты. Аманайға деген түзу көзқарасын лезде қара түнек басты.
— Сенің адамдығыңа сеніп, қатты қателесіппін, — деп жігітті қақ маңдайдан салып қалды. Қолына жармасқан Айжанарды тіпті тыңдаған да жоқ. Сөзі ағасына жетпеген соң, Айжанар Сейітті сендіруге тырысты.
— Сіз неге Аманайға сенбейсіз? Ол тіпті Баршынды зорлаған да жоқ. Маған тиіскен де Аманай емес!Өз ұлыңыздың қолынан не келетінін білмейсіз бе? Сіз өзі қандай әкесіз? — деп бебеу қақты.
— Қатты қорыққаннан, есі шығып кетті. Кімнің кім екенін шатастырып алды. — Қуат көпшілікті сөзіне алдандырып тастады.
— Полиция шақырамын. Кімнің кім екенін анықтар, — деп зілденді Сейіт.
— О не дегеніңіз? Бүкіл ауыл масқара болады. Қанша мұғалімнің аты аталмақ? Сабыр етіңіз! Ұлыңызға жеке шара қолданарсыз. Бірақ полиция шақыра көрмеңіз, — деп Қуат тұрған орнында секіре жөнелді. Ол ары-бері тыпыршып тұрғанда, қойнынан әлдене түсіп кетті.
— Бұл — менің телефоным, — деп жерге еңкейген Айжанар өз затын танып алды. Мектептен шығарда аяқ астынан жоғалған телефоны Қуаттың қойын қалтасынан қалай түсті?
— Міне, енді сенесіңдер ме? Қуат-арамза, барып тұпған қаныпезер! — Қыздың бұл сөзіне Қуат байсалды жауап берді.
— Үстелде сен ұмытқан соң, қалтама сала салғанмын. Содан қалған ғой қойнымда. Телефонның менен шыққаны ештеңені дәлелдемейді! — деп бетпақтанды. Айжанар амалы таусылып, бүкшиіп отыра кетті. Осы кезде Аманайға жан бітті. Кесірлі көріністер елесінен ес жиып, маңайында не болып жатқанын енді түсінді. Күрес рухы қайта оянды.
— Әке, полицияны шақырыңыз! Істің ақ-қарасын тергесін. Баршынның зорлану хикаясынан бастап тергесін! — Өзіне әмір ете сөйлеген ұлын көріп, Сейіттің зығырданы қайнап, оған жұдырық ала жүгірді. Ұлы әдеттегідей қорғаныссыз тұра бермеді. Бірден жұдырыққа тосқауыл қойды.
— Байдың баласы сотты ақшамен сатып аларына сеніп тұр ғой, басқа не дейсің, — деп жиналғандар тарауға айналды.
— Қуат, көлікке отыр. Жолшыбай жеткізіп салайын, — деді Сәкен қарындасының «құтқарушысына. »
— Жоқ, аға, ол азғынмен бір көлікте отырғанша, қаңғып кетейін! — деп Айжанар топ ортасынан сытылып шығып, айдалаға жүгіре жөнелді.
— Айжанар, тоқташы, сені өзім жеткізіп саламын, — деген Аманайдың даусына кілт тоқтады. Өзіне адымдай жеткен жігіттің құшағына тығылды да қалды. Ағасы келіп жұлқыласа да айрылар емес.
— Шындық жеңетін күн таяу! — деп шыңғырды қыз жанын сала. Сәкен оны көлігіне отырғызды да, үйіне ала жөнелді. Аманай әкесінің көлігіне отырмай, жаяу кетті. Жүнін жұлған тырнадай болған Қуатты Сейіт Сағымбайдың қолына тапсырды.
Аманай бір қуаныш пен бір қайғыдан ілбіп басып келе жатыр. Қуанышы-Айжанар шындық үшін күресте өзімен бірге. Бұған ешбір айғақсыз да сенеді. Қайғысы-өзге жұртты қойшы, әкесі бұған иланар түрі жоқ. Бір жүректі қарама-қайшы қос сезім таразыға тартып, көкпар етті. Үйіне жақындап қалғанда, жерден шыққандай бес-алты жігіт алдын тосты.
— Тағы бір қызды жылатпақ болдың!Ойың іске аспай, құса болып келесің бе? — деп Асылбек мұны қылмыс үстінен ұстап алғандай өктем үн қатты.
— Сен естіген өсегіңе сенетін сүмелексің, — деді Аманай қаннен-қаперсіз күйде.
— Баршынның кебін өзге қыздар кимес үшін, мына залымның жазасын осы жерде берейік, — деген Асылбектің ұранын өзгелер қостап әкетті.
— Иә, қылмыстың өтеуі-жаза.
— Жазасы ауыр болсын!
— Сүйегін уатып тастайық!
Қорғана берген жазықсыз жігіт басына сойыл кеп тигенде, бір жұдырық жұмсауға да шамасы келмей, сұлап түсті. Өне-бойына жауып кеткен соққыдан есінен танып бара жатып, Айжанарды елестетті. «Маған қалтқысыз сеніп едің, бикешім! Ақиқатымды дәлелдей алмай, өліп барамын. Кешір!»Әкесінің суық жүзі көз алдына келді. «Әттең, әкетай! Маған сенгеніңде ғой, шіркін!» Аласапыран елестер арасынан Баршын көлбеңдеді. «Неге маған күйе жақтың? Неге маған қылмыскер деген ат тақтың?» Ауыр соққы мен зіл сұрақтарға төтеп бере алмаған жігіт қимылсыз күйде жатып қалды. Даурықпай-ақ тып-тыныш ойға алғанын тындырғандар үйлеріне жылыстай жөнелді. Нағыз шындықты көрмей, өтіріктің өрген торына шырмалып адасқандардың аяусыз әрекетін жасырғысы келгендей қар қылаулай бастады. Аппақ қар ессіз қалған жігітті оятқысы келіп, оның бетіне құйылды. Ол сонда да селт етпеді. Түнгі суықтан берекесі қашқан бір ит Аманайдың жанынан безілдеп өтіп бара жатып, кенеттен тоқтады. Қан исін сезген ит екеш ит те оның адамдікі екенін біліп, зұлымдықтың ойран салғанына тәңіріне шағым айтқандай, көкке қарап ұлып жіберді. Оған төңіректегі иттер қосылып, ауыл үстін шуға толтырды.
Айжанар үйіне келсе де, сол бір сөзінен танбады. Жеңгесі оны жындыға балады. Төрежан әпкесінен естігендерін құпияға санады. Сәкен аудан орталығындағы күйеу баласы мен қарындасына қоңырау шалып, ауылға келулерін өтінді. Айжанар «Амаанай айыпты емес!» деп құдайдың зарын қылса да, ағасы құлақ салмады. Шындықтың үнін өтірік басып тастағанын Айжанар қасірет тұтып, ұзағынан жылады.
Сейіт үйінде ұлын күтті. Ұзақ күтті. Жарығы өшкен бөлмесінде тұрып, терезеден тысқа қарады да түрды. Аманы әне-міне келіп қалардай. Айжанардың «сіз қандай әкесіз?» деген шырыл үні құлағына келді. Тура сол қарғыс атқан маусымның кешіндегідей селтиіп тұрып қалған ұлы да елестеп өтті. Кенет түнде көрген түсі есіне түсіп, от басып алғандай ыршып түсті. «Жоқ, әкетпейсіңдер! Ұлымды ала алмайсыңдар!» деп есікке ұмтылды. Қақпадан жүгіріп шығып, тап-таза қарда ешқандай із жоғын көрді. Демек, Аманы келмеген. Жан дәрмен маңайдың бәрін шолып шықты. Жер айрылып, астына түсіп кеткендей. Көлігіне отырып, қорымға барды. Ол жақтан да ұлының ізін көре алмады. Ақыры ауылдың бүкіл көшелерін жүріп өтті. Үйіне жете берер тұстағы көшенің қиылысында теректей болып сұлап жатқан әлденені байқады. Көліктен секіріп түсіп, жанына таяп келді. Үстін қар басып, етбетінен қыбырсыз жатқан өз ұлы!
— А-ма-а-ан! — Түнгі тымық ауаны әкенің қасіретке толы ащы үні тіліп өтті.
. . .
Ауыл шетіндегі үлкен қорым. Жас-кәрісіне қарамай, қадірлі-қадірсіз деп талғамай жұта беретін Ажалдың сүйікті ордасы. Сұм Ажал құрбандығын қомағайлана қылғытып салса, қара Жер құшағын ашып, пендесіне мәңгілік мекенін бұйыртады. Қармен ұйытқи соққан ызғарлы желге қасқарып, жалғыз кісі мола шетінде шоқиып отыр. Әлдекімге жалбарынған түрі бар. Жыласа кетпес көңілінің кірі бар. Құранын оқып, бетін сипаса да, кетер түрі көрінбеді. Бұл марқұм ата-анасы мен әйелінің аруағына жалбарынып отырған Сейіт еді.
— Көп болды келмей кетті деп сөкпеңдер. Жалғыз ұлға қамқор болмадың деп қаһар төкпеңдер. Алла үйіне барып, жаратушымнан жалғыз тілек тіледім. Аманайдың бойында шыбын жаны қалсыншы! Осы тілекпен сендерге де келіп отырмын. Мені қолдай көріңдер. Келесі келгенімде Аманаймен бірге ат басын бұруды бұйырта көріңдер! — Сөзінің соңы өксікке ұласып, екі иығы дірілдеп отырып қалды. Желтоқсанның желөкпе желі көбік қарды билетіп әкеліп, Сейіттің бетіне шашты. Жаны жаураған әке қардың суығын елең де қылмады. Орнынан көтеріліп, қатар жатқан үш бейітке қарап сәл тұрды.
— Мен тағы келемін. Аманайды желеп-жебеп жүріңдер, — деді де омбы қарды кешіп, жол жиегіне тоқтатқан көлігіне барды. Бар жылдамдығымен қорымның жанынан жұлдыздай ағып өте шықты. Ол аудан орталығындағы ауруханада ес-түссіз жатқан ұлын көруге асыққан еді. Сейіттің жоғары жылдамдықпен кетіп бара жатқанын көрген ауылдастары түрліше жорыды.
— Е, бишара, арсыз ұлының кесірінен не көрмеді. Сақал-шашы өсіп, өзі де диуанаға ұқсап кетіпті, — деп мүсіркеді біреу.
— Сол түні Аман ауданнан келген мұғалім қызды Қуаттың зорлығынна құтқарып қалған дейді ғой. Артынша өзі белгісіз біреулерден таяқ жеп, енді, міне, есін жимай жатқанына жарты айға жақындапты.
— Керісінше диуана әдетінше қызға шабуыл жасағанда, Қуат құтқарып қалыпты. Сабазды диюың оңдырмай сабапты. Сонда да қызды қорлыққа бермеген. Жігіттің төресі ғой Қуат! — деп бірі мұғалім жігітті аспандатты.
— Не болса да, Алла аясын Сейітті. — Сыртынан тон пішіп, ақыл айту тәрізді ең оңай іске шебер ауылдастар алып-қашпа әңгімені өршітіп жіберді.
Сейіт аудан орталығына зымырандай зулап жетті. Ауруханаға алқына кіріп, дәрігерін іздеді. Ауданға жақсы аты мәшһүр хирург Башаев оның он бес күннен бері сенім артар жалғызына айналған. Жан сақтау бөлімінде тіршілік белгісінсіз жатқан ұлын көруге енді жүзі шыдамады. Күтпеген жерден коридорды бойлап, жүгіріп келе жатқан әлдекімді байқады. Айжанар екен. Ол қаралы хабар айтуға келе жатқандай, Сейіт жерге шөгіп отыра кетті. Үмітінің соңғы талы үзіліп, тынысы бітіп бара жатты.
— Аға, сүйінші! Сүйінші! Аманай көзін ашты! — деп саңқылдады Айжанар. Сөз ұғудан қалып бара жатқан Сейіт қыздың қуаныш атойлаған жүзін байқап барып, еңсесін тіктеді.
— Дәрігерлер тексеріп жатыр. Аманай есін жиды. Алла тілегімді қабіл етті! — Айжанар Сейітті құшақтай алды. Ал әке осы уақытқа дейін шыдас беріп, енді көз жасын көлдетіп тұрды. Айжанар Сейітті жетектеп ала жөнелді. Әкесі дәрігерлер ортаға алған ұлының үстіне төне түсті. Аманай көзін кең ашпай, жан-жағына таңырқай қарады.
— Ұлым, жалғызым! — деп оған үйірілген әкені Башаев құттықтады.
— Бағыңыз бар екен. Сіз мықты ұлдың әкесісіз. — Өз баласы оңалғандай, дәрігер мәз болып тұр.
— Бірінші Алла, сосын сіздер ұлымды маған қайтардыңыздар! Ғұмыр жастарыңыз ұзақ болсын! — деп шектен тыс елпілдеген Сейіт дәрігерді құшақтай алды.
Жалпы палатаға ауыстырылған Аманай бірден сөйлеп кетпеді. Палатаға ыстық тамақ алып, Айжанар кіргенде, тұңғыш рет тіл қатты.
— Анашым, — деді үзіле қарап. Үні талмаусырып барып тынды. Есік көзінде тұрып қалған Айжанар Аманайға жүгіре жетті. Жетті де, жігіттің дәкемен таңулы маңдайын сипады, қаны қашқан бетінен өпті.
— Осы даусың маған жарты ай арман болған жоқ па? — Қыздың ыстық жасы жігіттің бетіне тамды. Ол енді төбесінен телміріп тұрған әкесіне қарады.
— Әке, — деді сосын бала кезіндегідей даусын құбылтып, — әкетай!
Сейіт мең-зең. Құдайдан «жаны қалсыншы» деп тілегенде, Алласы сол тілегін ғана берген бе? Ұлының шыбын жаны шықпағанмен, есі кіресілі-шығасылы сияқты. Сейіт бірден дәрігердің кабинетіне бет алды.
— -Аманай, ештеңе есіңде жоқ па? — Айжанар бәрібір қуанышын ұрлатқысы жоқ.
— Есімде, — деді кенет Аманай төтеннен тілге келіп. — Қуаттың тексіздігі, сенің қанша адамды менің қарақшы емес екеніме сендіре алмағаның, үйіме қайтып келе жатқаным, желкеме тиген сойылдан сұлағаным, басыма келіп бір иттің ұлып жылағаны-бәрі есімде.
— Ал менің атым жадыңнан өшіп қалмады ма? — Айжанар шаттық жасын тамшылатты.
— Сен кіріп келгенде, анамды көргендей сезімге бөлендім. Содан да сені анашым дедім. Сол сөзді ауызма алмағаныма қанша болды?!
— Менің есімімді есіңнен шығарсаң да, еш ренжімеймін. Тек аман болшы! — Қыздың қамқор, мейірлі үніне жігіт баяу езу тартты.
— Сен — мен диуана болып жүргенде, сайтандай сиықсыз түрімнен тіксінбей-ақ мені адамға балаған тұңғыш жансың. Сен менің дию емес, адам екеніме сенген, өзіме сенуді үйреткен сұлу бикешсің. Мұздаған жрегімді, сыздаған көңілімді жылытқан Айжанарсың. — Аманайдың асықпай-саспай баптап айтқан сөзі Айжанарға бақыт есігін ашты.
Сейіт дәрігерден қуана шықты. Уақыт өте келе, Аманай толық сауығады екен. Көп күтім жасау қажет. Жас балаша мәпелейді енді ұлын. Қорғамады, қанатының астына алмады бұрын. Сол қатесін, тіпті күнәсін түзетеді бүгін. Жылы-жұмсақты баласының аузына тосты. Өзі тамақ ішуге жараса да, әлі күнге қолынан тамақтандырып жүр. Су сұраса, шай беріп, шай сұраса, бал береді. Жалғыз тұяғынан аяйтын несі бар?
Сары шұнақ аязын сүйрелеп қаңтар жетті. Желтоқсанда қатқан қара жерді тоң етті. Сыртта қыс аяздан әшекейленген қылышын сермесе, Аманайдың жүрегін Айжанар деп аталатын бақыт сазы кернеді. Күн құрғатпай келетін Айжанар бүгін тәтті-дәмдісін құшақтап тағы келді. Жалғыз емес, ата-анасымен бірге ажарланып кіріп келгенде, Аманай орнынан тұруға тырысып бақты.
— Жата бер, балам, — деді жылы жүзді Құралай.
— Сендей жігітке жатып амандасу да жарасады, — леп өзімсіне әзілдеді Батырбек.
— Айжанар бізді сенің ақиқатыңа сендірді. Өтірікті өлтіруге біз де өз үлесімізді қоссақ дейміз.
Мына кереметті қара!«Екеулеп уақытша жеңісіне есірген өтірікті жеңеміз,» — деуші еді, енді күрес жолында төртеу болды. Қуанғанынан не дерін білмей, сасқалақтап отырғанда, Айжанар тың жаңалықтармен таныстырды.
— Сейіт аға перзентханаға кетті. Баршын босанып, ұлды болыпты. Әкең «немерелі болдым» деп қуанғанын жасыра алмады. Тек сен алаң болмасын деп, бұл жаңалықты әзірге жасырын ұстап отыр.
— Менің көмегім-баланың шала туғанын не толып туғанын анықтау. Аудан орталығында жиырма жыл тұрып, елге сөзіміз өтетін шығар. Перзентханаға барып, дәрігермен жолығып қайтайын.
— Әкелікті анықтайтын сараптама жасату керек пе? — деп Батырбек ойлы жүзбен сөзі таусылып қалған жігітке қарады.
— Батыр, оның не керегі бар? Егре бала қыздың шешесі айтқандай, шала тумай, мерзіміне жетіп туса, ондай сараптама жасату артық болады.
— Әй, әйелдерден қулық артылған ба? Онда перзентхана жағалап көрейік. Шындықтың бұрымын ептеп өрейік. — Батырбектің сөзіне өзгелері риза бола күлісті.
— Ал мен ақиқат үшін айқасты бастап кеттім. Ертең ауылға қайтамын. Жұмысыма кірісемін. Сонда мектептегі сыпсықайларға сенің жадыңнан айрылғаныңды, барлық «жарқын» сәттеріңді ұмытып қалғаныңды айтып, өсектің майын тамызайын.
— Мен білетін Айжанар өсек пен өтіріктен аулақ еді ғой. Мұндағы мақсатың не? — Айлалы анасынан қызы асып түсетін тәрізді-ау.
— Өйткені Кәмила «қызымды Аманай зорлап жатқанда, үстінен түстім» деп елді шулатпады ма? Сол күннен екі ай өтер-өтпесте қызын жүкті деп жарияламады ма? Енді «немерең шала туған» деп әкеңді шақыртып отырған жоқ па? Сонша өтірікке менің бір өтірігім жауап та болмас. Бірақ мақсатымызға жетерге көмек болары анық. — Айжанардың нәзік қолынан ұстап үнсіз қалған жігіт сәлден соң сөйлеп кетті.
— Сендей адал дос бұйырғаны үшін де бақыттымын. Өмірім мәнін жоғалтып, ел кезіп кеткенімде, сенің бір ауыз сөзің мені өмірге қайтарды. Сенен өзіме сенуді үйрендім. Шындықты шырылдатып қарап тұрмай, ол үшін күресуді үйрендім. Ең соңында кітап оқуды да сенен үйрендім. — Айжанар сықылықтап күліп жіберді.
— Қазақ атам айтыпты «Үйрен де жирен» деп. — Айжанардың бұл сөзіне Аманай күлмеді. Салмақты сөзін жалғап әкетті.
— Жүрегімдегі бардан айрылдым деп, қанатымнан қайрылдым деп, зар шеңгелінде бүріскен кезім еді. Сен маған тарту еткен сенім деген ұлы күш мені мықтыға айналдырды. Алдымен өзіме сенімсіздікті жойдым. Өзімді әлсізге санауды қойдым.
— Жоқ, — деді Айжанар айрықша шаттанып, — сен табиғаты мығым жансың. Өтірік қабырғаңды сөккенмен, күйрете алмады. Жалған ақиқатыңнан айырғанмен, біржолата уысында сүйрете алмады.
— Жан досым, — деді жігіттің қолын қысқан Айжанар іштей.
— Ғашығым, — деді Аманай жүрегімен.
Қаңтарда ұядан шығатын қыранның балапанындай кәріне мінген қыста қайратын жиып, Аманай ауруханадан шықты. Ол ауылға келген соң, алып-қашпа сөз тіптен өрекпіп кетті. Айжанар да ауылға келіп, жұмысын бастады. Өзі бір ай болмағанда, Қуат әбден қаһарман атанып еді. Айжанар келіп, ооның құр сүлдері қалды. Әр сөзі айқын, әрекеті жоспарлы қылықты қыздан ол енді өзі аулақ жүруге тырысты. Шынымен де Айжанар өз жалынымен оны да өртеп жіберуге бар еді.
Бұл күндері Күлзипаның қабағы қату болғанмен, Кәмиланың көңілі жай. Күлзипа қатуланбай қайтсін, Аманайды қалаға бездіріп, әкесінен суытып жіберемін деп, жасамаған айла-шарғысы жоқ. Енді ол кетпек түгіл, бұл өзі жасап берген жалған әйелі мен өтірік баласын қосып, мұның басына бәле болайын деп отыр. Бұрын бір өгей ұлдан құтылуды ойласа, енді ол жүгі үш есеге артты. Ал Кәмила жиенін Сейіт келіп, «немерем» деп баурына басқанда, міз бақпастан қарап тұрды. Сейіт Асылбектің түнгі шабуылын білсе де, сотқа шағымдана алмады. Кәмила Аманайдың үстінен домалақ арыз бұрқырататынын айтып, долданып отырып алған. Енді жағдай тек қана Кәмиланың пайдасына шешіліп келеді. Тек шындықты Асылбек біліп қоймаса болғаны.
— Баршын-ау, қалыңдық көйлегін таңдауға қашан барасың? Ана ошақ қасынан аттап шығып көрмеген жеңгеңді ертіп бармақсың ба? Одан не қайыр?
— Апа, мен қорқамын. Той үстінде өтірігіміз әшкере болса, басқа емес, ағам бізді өлтіреді. — Баршынның жүзінде уайым бар.
— Сен өз сөзіңе абай болсаң, әр аттаған қадамыңды жіті ойластырсаң, өтірік мәңгі өмір сүреді. Оның үстіне қазір Аман жарымес болып қалған жоқ па?Айтқанын демде ұмытады дейді. Бұрынғысын да бұлдыр біледі екен. Өз-өзінен ұйқысы келіп, бір бұрышта елеусіз отырады деседі. Ондай қолжаулық күйеуді дүниенің төрт бұрышын кезсең де, таппайсың. Байлықта, молшылықта өмір сүресің. — Кәмила қызының жанына отырып алып, оған «бақытты болашақ» жайлы уағызын айта жөнелді.
— Бәрібір көңілім тыныш емес. Әрі Аман диуана болып қаңғып кеткенде, менің оған жаным ашыған. Ал қазір ағамның тепкісінен. . .
— Өзгені аяп қайтесің? Одан да өз жоғыңды түгенде. Сенде бай жоқ, бала бар. Байлық жоқ, бірақ қол созсаң алар қазына бар.
— Ал Күлзипа тырнағын көрсетсе не істейміз?
— Оның үндеуге мұршасын келтірмеймін. Аманға қатысты жасаған барлық қулық-сұмдықтары менің алақанымда.
Осы сәт қызыл шақа нәресте өтіріктің уыыа шыдамағандай шыр ете қалды.
Ақпанда қытымыр қыс бас білген асаудай аздап жуасып қалды. Ауылдағы
өсек өрті бір басылмады. Басылмақ былай тұрсын, күніне еселеніп, тұтана берді.
— Диуана Баршынға өз еркімен үйленетін болыпты.
— Сейіт тойханаға ұлының тойын, ертеңіне немересінің қырқынан шыққанын тойлмаақ екен.
— Ақыры жесір Кәмилаға Алла оң көзімен қараған екен.
— Асылбектің соққысы арсыз Аманға ес жидырған екен. Дұрыс! Дұрыс!
Ел іші гулеп жатқанда, Сейіт тойға дайындалды. Өзі өмір бойы аңсаған жалғыз ұлының тойына осылай күпті көңілмен әзірленетінін білмепті ғой. Немерелі болдым деп қуана да алмады. Ұлы тойдың тез арада өткенін қалайтыны айтқанда, бұл аң-таң болды. Өзі таяққа сүйеніп, әрең қимылдайды. Қайдан шыққан асығыстық?
— Күнәмді тездетіп жуғым келеді, әрі ұлымды жаныма алуға асыққаным қалыпты жағдай емес пе? — деп ол өз уәжін айтты. Амандығын Алласынан үш рет сұрап алған жалғыз тұяғынан аянары бар ма Сейіттің? Бүгін ұлының айтқаны тіптен есінен адастыра жаздады. Сәбиді көру үшін, Баршынды шешесімен қонаққа шақырғысы келеді екен. Ауруханадан шыққалы бері расында да тым аңғал, өте елгезек болып кетіпті.
Кәмила жеңімпаз раймен кеуде кере кісіней кірді. Баршын тұқырып алған. Тіке қараса, әлдебір құпиясынан сыр берердей бүгежектеп отыр. Есесіне Кәмила тым еркін. Күлзипаға да ара-тұра бұйырып қояды. Дастархан басында әрнені бір сөз етісіп отырғанда, сәби жылады. Баршын түрегеліп еді, Аманай да қоса тұрды.
— Әкелік парызымды өтеуді бүгіннен бастайын, — деп жымиды.
— Алдымен тілалғыш күйеу болуды ойла, — деп Кәмила жырқылдап күліп жіберді. Сейіт әйелдерді оңаша қалдырып, сыртқа шығып кетті.
Оңаша бөлмеде Аманай мен Баршын. Алғаш рет осылай оңаша қалулары.
— Баршын, — деді Аманай жұмсақ сөйлеп. — Атын ұмыта беремін. Есіме түсіріп жіберші.
— Нұртас. Өмірі нұрлы болсын, өзі тастай болсын деп апам қойған, — деді Баршын баласының жөргегін ауыстырып отырып.
— Берші, ұлымды құшақтайын. — Аманай баланы еппен көтеріп алып, бетіне үңілді. Бір уыс қызыл ет. Қабағы тартылып, мұрны тәмпиіп жатыр. Аманай баланы көтерген бойы, орнынан түрегелуге ыңғайланып, аһылап қайта отыра кетті.
— Ойбай, аяғым, аяғым!Жаным шығып барады. Баршын, көмектес.
— Баланы әкел!
— Баршын, бір жақсылық жасашы, Бөлмемде ауруды басатын дәрі бар. Әкеліп берші. Қорықпа, ұлымызды құлатпаймын.
Баршын ойланып отырмай, шыға жөнелді. Аманай өзі алдын-ала дайындаған кішкентай қайшымен баланың желке тұсынан үрпиген шашын білінбестей етіп қиып алды. Сосын қалта телефонының камерасын қосып, шкафтың жоғары жеріне жасырды. Баршын айтылған дәріні таппай, дәрумен алып келіпті. Аманай оны ішкен соң барып, жан шақырғандай болды. Өзі Баршынға тақалып отырып, сиқырсып сөз бастады.
— Толып кеткенсің бе? Бұрын топмақ едің, қазір ту биенің жаясындай төңкеріліп тұрсың.
— Тоғыз ай бала көтеру оңай деймісің? Баладан толып кеттім, әйтпесе. . .
— Осы қалпыңда да ұнайсың маған. Бұрын да ұнайтынсың. Тек Асылбектің қарындасы болған соң, ештеңе айта алмадым. — Аманайдың сөзі құлағына майдай жаққан Баршын балқып бара жатқандай еді, тұтқиылдан есіне анау мұғалім қыз түсті.
— Айжанарды қайда қоясың?Мектептің алдында тұрып, оны күтетінің қайда?
— Диуана кезімде кімнен болса да бір мейірім күттім. Ол жай ғана шуақ күткен бір қыз. Басқа ешкім де емес. Әрі мектептің жанында оны күткенім есімде жоқ. — Баршын енді жайылып түсті. Өзін бақытты отбасылық өмір күтіп тұрғанына күмәні қалмады.
— Әй, қыз, қайда жоғалып кеттің? — Бөлмеге Кәмила атып кірді.
— Ұлымызды қызықтап отырмыз, — деді Аманай жорта жымиып.
— Сен шыға тұр, — деді Кәмила суық раймен. Аманай таяғына сүйеніп, баяу басып шығып кеткенде, қызын жерден алып, жерге салды.
— Құшағында отырсың қызара бөртіп. Диуана емес пе, сөйтіп отырып-ақ кетпесін сені құртып. Жүр, жинал, үйге кеттік.
— Апа, диуана демеші. Аманай ұлына жақын болғысы келеді. — Баршының мына сөзіне Кәмила ысқырық ашуын ойнатты.
— Әй, қашаннан бері Аманның ұлын туып едің? Қуатпен ауыз жаласам деп, буаз болдың. Елге масқара болмасын деп, әрі Сейіттің байлығының бір шетін ұстайық деп, Аманды жаманатты қылдым. Енді келіп Аманның ұлы дейді ғой. Аузыңды жап та жөнел үйге. Баланы маған бер! — Ызғарлы сыбыр бөлме ішін жайлап кетті. Болашақ енесі мен жарына құрмет көрсетіп, есікке дейін шығарып салған Аманай үш аяқтап қонақбөлмеге келді де, қалта телефонын тексерді. Абырой болғанда, бәрі анық жазылыпты. Бейнежазбаны ақиқат күресінің алғы шебінде жүрген Айжанарға жолдады да, өзі терең тыныстады. Кешке Сәкен келіп, Аманайдың аманатын алып кетті. Одан күдіктенген Күлзипа болмады. Сәкен Сейітке әлденеге наразы, қабағы қатулы көрінді. Қарындасына Аман шабуылдағанын текке қоятын түрі жоқ-ау деп шамалады Күлзипа.
Тойдың белгіленген күнін екі мәрте шегеруге тура келді. Аманай төсектен басын көтере алмай, сүйегі қақсап, ауырып қалды. Мұны естіген Кәмиладан маза қашты. Үйіне барып, көтерем қойдай болып бозарып жатқан Аманайды көріп, көңілі орнына түсті. Кәмиланы алдайтын Аманда шама бар ма? Сөйтіп жүріп наурызға да иек іліндірді. Долы қыс кету кезегін ойламаса да, көктемнің әлсіз исі сезіліп тұрды.
— Бүгін тойым болады, — деді Баршын төсегінен тұра сала.
— Бүгін шындықтың жеңетін күні, — деді Аманай терезеден далаға үңіліп.
— Бұл күн адасқан ақиқат-патшаның тағына отыратын таңғажайып күні, — деді Айжанар айнаға қарап. Түс ауа уәделерінде тұрып, әке-шешесі де бауырларын алып келіп жетті. Тек тойдың кешін күту ғана қалды.
Жаздан бері үлкен той көрмеген ауыл тұрғындарын Сейіт бір кісідей-ақ шақырды. Ешкімді елеусіз қалдырмады. Пенделер құрап берген шырайсыз шаттығын тойлауда шақырыпмаған жан қалмаса екен деді. Ауданға аты мәлім, қаламақысы да әжептәуір қымбат, өзіне Қыран деп ат қойған Мұрат асабаны арнайы алдыртты.
Тойхананың төріне жас жұбайлар жайғасты. Ұзын бойлы, кең иықты Аманайдың жанында майдан дөңгеленген Баршын сұңқардың қасына қарғаның балапанын ерткендей көрінді. Неке қиятын сәт келді. Жеңгесінің жанында көп ешкіммен кеңеспей, бөлектеніп отырған Айжанардың іші ұлып қоя берді. Егер бір білместік кетіп, Аманай Баршынның жарына айналса, онда не болады? Айтшы, жүрегім? «Шындық жылап қалады,» — деді ақыл үні. «Ақылым, сен араласпа! Мен өрекпіген жайымның төрелігін жүрегімнен сұрап оытрмын. »Жүрек лүпілдеп, дүрсілдеп тұрып, маңғаз сөз бастады. «Некесі қиылса Аманның, болғаны онда жаманның. Сыңарымнан айрылып, зарланып мен қаламын. Диуанаға дос болдым, ал Аманайға ғашықпын. » Жүрегінен щырғалаңға салмас шынайы жауап естіген Айжанар орнынан көтерілді. Назар салып еді, неке қызметкері күйеу жігітке сұрақ қойыпты:
— Сіз, Сейітұлы Аманай, Терлікқызы Баршынды әйелдікке алуға келісесіз бе?
Зал тына қалды. Сабыры таусылған Баршын Аманайды жеңінен жұлқып қалды.
— Жоқ, — деп Аманай саңқ етті. Айжанардың жүрегінде күн жарқ етті.
— Не дейді мына қу жазған? — Кәмила Аманайды сыбай атып тұрды.
— Тағы да сүйегіңді уатып тастасын деп тұрсың ба?Сынған аяғың өзіңе олжа болып еді. Осы жолы мүлде аяқсыз қалдырамын, — деп Асылбек жас жұбайлардың үстеліне ұмтылды. Зал іші ырду-дырду болып кетті.
— Қайталап сұраймын, — деп сызылды неке қызметкері.
— Қырық қайталасаңыз да, айтар жауабым осы! — Аманайға Сейіт келіп, қабағын түйді. Бұрынғыдай ұлын шапалақпен тартып жібермесе де, көзімен атып жіберді.
— Тыныштық сұраймын, — деді қыз даусы залды кернеген шудан асып. Дүрліккен жұрт әрең саябырсыды. Ортада Айжанар тұр. Қолында құжат, телефон. Бес қаруын сайлап, ұрысқа аттанған жауынгер тәрізді.
— Жоқ деуінің себебі мынада. Көз салыңыздар! Тек тыныштық сұраймын!Алдымен мына бейнежазбаны көріңіздер! Асаба мырза, үлкен экранға жалғай аласыз ба?
— Мына шөпжелке не дейді? — Кәмила шапшып барып, Айжанарды ұстамақ еді, Сәкен маңайлатпады. Экрандағы бейнежазбаны төрт көз түгел көрді.
— Бала шала тумаған. Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде жетіліп туған дені сау бала, — деп дәрігер ақиқатты ақтарып салып отыр.
— Жалған! — деді Асылбек атып тұрып. — Бұлар ақшасына мастанған иттер. Дәрігерді сатып алған ғой!
— Онда мына бейнежазбаға қара! Мұнда ешкім сатылмаған! — Айжанар сыбызғы үнімен тағы да залда тыныштық орнатты. Бейнежазбада «аңғал» Аманай мен бөксесі төңкеріліп Баршын көрінді.
— Толып кетіпсің. — Бұл Аманайдың сөзі.
— Тоғыз ай бала көтеру оңай ма? Баладан соң толып кеттім. — Бұл — майысып отырған Баршынның сөзі.
— Міне, Баршынның сөзі де баланың шала тумағанын дәлелдеп отыр. — Айжанар қырағы тергеушіден бетер тақылдап, ортадан кетер емес. Зал шулап барып басылды. Кәмила айласы таусылып, демігіп барып құлап еді, экраннан көз айырмай отырғандардың бірі де оған назар аудармады. Ары қарай Кәмила мен Баршынның сұрқия сыбыры басталды. Сыбыр болса да, дыбыс күшейткіштен анық естілді.
— Тағы қандай дәлел керек? — деп ышқынды Айжанар. — Міне, кеше қалаға ата-анам арнайы барып, әкелікті растайтын сараптаманың қорытындысын алып келді. Бұл балаға Аманайдың әкелік үлесі нөлге тең. — Толқығаннан, әрі бүкіл ауылдың алдында сөйлегеннен Айжанар кеудесі қысып, жүзі нарттай жанды.
— Иә, бұл той менің, Айжанардың, Сәкен ағаның, Айжанардың ата-анасының ақиқат үшін жасаған соңғы әзірлігіміз болатын. Дүйім жұрттың алдында диуана деген аттан құтылып, адам екенімді дәлелдегім келді. Бұл жолы өтірік жер қауып, қайта тұра алмастай омақаса құлады. Барлықтарыңыздың көздеріңіз жетті, мен ешкімді қорлаған да, зорлаған да жоқпын. Ақиқатым осы!
Аманайдың сөзінің соңын ызы-қиқы шу басып кетті. Кәмила ентігіп жерде жатыр. Баршын буынын билей алмай, қалыңдық көйлегінің етегін басып шоңқайып отыр. Құдды бір семіз қаз айдында ұша алмай жатқандай күлкілі көрініс. Бетін қолымен көлегейлеп, тізерлеп қалған Асылбек кенет барыстай атылып тұрды. Жас жұбайларға арналып сәнделен үстелге мысықша секіріп шықты да, Аманайдың аяғына құлай кетті.
— Мені соттат! Құрт мен пақырдың көзін! Туғандарымның сөзіне сеніп, шоқ бастым! Сені дұшпан тұтып адастым! Мені итжеккенге айдат!
— Сені соттату ойымда болған емес. Саған титтей де ренішім жоқ. Туған әкем маған сенбегенде, сенің өз қарындасыңның шындығына сеніп, мені жауға балағаның ештеңе емес. — Аманай теңселіп кетіп, Асылбектің үстіне құлай жаздады. Жер бауырлаған оның тұратын түрі көрінбейді.
— Менің ешкімім қалмады. Отбасым да, досым да, бұрынғы беделім де жоқ. Ауылдың ендігі диуанасы мен боламын. Қаңғып кетем! — Ол өз шашын өзі жұлып, өгіздей өкірді. Бұрынғы досын аяп кетіп, оны тұрғызбаққа иіле беріп еді, бір мығым қол тоқтатты. Әкесі екен. Бұның аяғына жығылмақ ниеті бардай көрінді. Сейіт еңкейе бергенде, Аманай демеп қалды.
— Әке, Асылбекті тұрғыза алмай жатқанымда, енді сіз жығылмақсыз ба? Менің денсаулық жағдайымды ескеріңіз! — Мына сөзге тосылып қалған әкесіне Аманай тағы сөйлей жөнелді.
— «Құлынға енесінің тепкені батпас». Маусымның кешінде өзіңізден жеген таяқ та ұмытылар. Маған сенбей, суық қараған сұрғылт күндер. . .
— Балам, мені кешір!Қара Ертіс кері ақса да, көзімді ашу жапса да, көзіңнен сыр оқып, саған сенем. Сенімімді ешкімге ұрлатпаймын. — Әкелі-балалы екеуі айқара құшақтасты. Күтпеген жерден есік жақтағы ел шу ете қалды. Асылбек Қуатты сырттан ұстап алып келіпті.
— Мен қызды зорламадым. Жай көңіл көтерігім келіп. . . — Қуаттың сөзін Асылбектің жұдырығы аяқтады.
— Бір тісім Аманда кетіп еді, — деп қан түкірді Қуат. Мұны естіп қалғандар «Айжанарды анау кеште зорламақ болған Қуат екен ғой. Пәлені Аманға жауып, өзі сытылып кетіпті. Біз бұған баламызды оқытып-шоқытуға беріп, мәз болып жүрміз,» — деп даурығысып кетті. Қуат жаралы түлкідей қаша жөнелді. Соңынан әке-шешесі де андыздай шықты.
— Құрметті қонақтар, қалыңдық қашты. Енеден ес кетті. Тойды ары қарай жалғаудың мәнісі қалды ма? — деп Қыран асаба кетуге рұқсат сұрады.
— Жоқ, кетпеңіз, нағыз той енді басталады! — деп Сейіт ортаға шықты. Мектеп директоры Жүсіп микрофон сұратты. «Бір сағат сөйлемесе жарар еді,» — деп Аманай тықыршыды.
— Айналайын ауылдастар, мен мына Аманайды он бес жыл оқытып едім. Анау қауесетті естігенде, бас шайқап, сене салғаныма қазір ұялып тұрмын. Ұстаз ретінде мен сені тануым керек еді. Ұстаздарыңның атынан кешірім сұраймын! — жұрт дуылдата қол соқты.
— Кешрім сұрағандар оң жаққа, кешірім сұраймын дегендер сол жаққа тұрсын, — деп асаба елді қыран-топан күлдірді.
— Ағайындар, ауылда енді диуана болмасын. Балаларымызды үлкендердің сенімі қорғасын! Асылбекке кешірім етіп, жаза басқан Кәмила мен Баршынды да түзейік. — Сейіттің сөзін Қыран іліп әкетті.
— Бүгінгі той рақымшылық тойы болмақ!
— Бұл той достықтың тойы! — деді Сәкен жүзі алаулап.
— Бұл той-шындықтың тойы! — деді Батырбек алға озыңқырап.
— Ақиқатқа ажар берген сенім ғой. Ендеше, сенімнің тойы болсын, — деді Құралай көзі шоқтанып.
— Ең бастысын айтуды маған қалдырдыңыздар-ау. Иә, мен сөздің мәйегін айтайын. Бұл-махаббат тойы. Бұл бұрынғы диуананың айдан түскен бикешпен қол ұстасқан тойы! — Асабаның сөзіне жұрт дүркірете шапалақ ұрды. Қатар тұрған Айжанар мен Аманай бір-біріне көз астымен ұрлана сыр жолдады.
— Айдан келіп, жолықтың сен бағыма,
Диуана бол ел кезген сол шағымда.
— Диуанамен дос болуға асықтым,
Ал, Аманай, мен өзіңе ғашықпын!
Қос жанарда мөлдіреген аппақ сезім ұшқындары айналаны алуан түске көміп жіберді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі