Өзі болған жігітке қайда барса орын бар. Бола алмаған жігітке ен далада орын тар. Болғанға да, бола алмағанға да кіндік кесіп туған жер, қаздай қалқып өскен ел сенен ыстық бар ма екен!
«Кері ала атты» сауырлай салған күрең жолмен қайқаңның қыр жотасына шыға келгенде көне жер көзге оттай басылды. Бәрі таныс. Бәрі жылы шыраймен қарайды. Ағаш ат, тал садақ, асық ойнаған тақыршақ, қыз ұзатқан, келіншек түскен, көкпар шауып, балуан күрескен жер — ана, сонау бала шақты еске түсіріп күлімдегендей болады...
Осы қайқаңға шығып, төңірекке көз жібермегелі дәл он бес жыл өтті. Бұрын ондаған жылдар өзгерілгенін білдірмеген дала, танып алғысыз түрге еніпті. Қарсы алдымызда қарауытып қара Нұра жатыр. Ботақара көз ұшында мұнартады. Жауыр тау міне. Нұра жағасындағы бұл екі тұрғының арасы мықты атқа күндік жер болатын. Нұра — теңіз, күндік жер, көз тұнар ел боп кетіпті. Бұл қай ел, қай теңіз? деп қапелімде көз бір тосырқады.
Балекең ақырын ғана ыңылдайды. Үш бес жылдықты осы аумақта көзімен өткізген қарт кеннің ғана инженері емес, ұлы өзгерістің де шежіресі сияқты. Ол әңгімені әріден қозғайды.
— Көмірекеңнің кереметі ғой, шырақ.. — деп бастады бір кезде...
Біз шыққан жонның жотасынан төңірек тегіс көрінеді. Қарағанды арт жақта: ертеде, байтақ жонның бетінде, ауыл аймағындай ғана қара қоқырдың ортасында шошайған жалғыз тұрба бұл күнде өрбіп кеткен. Қара жартас, көк мұнар, қайнаған қала батысқа қарай бел асып кете барады. Ескі Қарағандының маңындағы Бұқпа, Қызыл құдық, Аққұдық, Қампан поселкелері қаламен тұтасып кеткен. Советтік Қарағанды қазір қара Нұраны жастана, аяғы Шерубай Нұраны тірей жатыр. Екі Нұраның арасы қысқа күнде күндік жер, ертеде Алтай руының мекені. «Арғын болсаң Алтай бол» деген мәтел Қарағандының дәл осы бейнесіне қарай айтылған тәрізді. Жалшы, жылқышы Алтай бала жаһанды кезіп келіп, мойымас қара алтынды жастана жатыпты.
— Біз Қарағандылықпыз. Қарағанды біздің жер, — деген сөз ел мақтаны болып кеткен. Туған жердің толықсыған бейнесіне қарап тұрып, оңашада ішімнен мен де бір мақтандым.
— Қарағандының сусыны, жүрегі ғой мынау, — деп Балекең көк теңізге қарай иегін көтеріп тұр. Ұзындығы жиырма бес - отыз көлденеңі төрт-бес километр көк жойқынның ортасында «Кіндік төбенің» төбесі ғана қылтияды. Бек, Оразбек ауылдарының маңындағы қыстаулары, Қожыр поселкесі судың астында қалған. Қожыр тауының өзін су үш жағынан қоршап алыпты. Нұра — Нұра болғалы талай шалқып тасыған болар, суатынан талай мың иектеп жүзіп қалқыған болар. Бірақ, еш уақытта мұндай теңіз болған емес, арнасын бұзып өрге қарай аққан емес. Алып Қарағанды әлдеқайда биік жонның бетінде, шөлде жатыр. Көлкіген Нұраны қос түтікпен күндіз-түні сорып жатыр. Бір түтік жер астында, су тартады. Бүкіл Қарағандының жан-жануарын суарып тұр. Екінші түтік аспанда, тоқ тартады, Қарағандының барлық механизмін жүргізіп тұр. Екі түтіктің кіндігі Қарағандының электр станциясы — КарГРЭС.
* * *
КарГРЭС — жаратылыс асуын ноқталап мінудің айқын бір бейнесі. Өмір бойы ырық бермеген асау Нұраны терең сағадан қылғындыра буыпты да, буынып бара жатса босатып, тыныстата қоятын бес темір қақпа жасапты. Бесеуінде бес өзеннің күші бар. Жазғы тұрғы тасқында буынған Нұра буырқана соқса да, қолдан жасаған бес тиекті тебіренте алмай, жағадағы жартасқа, былш-былш ұра береді. Ертеден шөккен нән жартасты долы толқын жеңбей тынар емес, арашаға тек адам түсіп, дүлей күшті жөнге салыпты.
Батысқа қарай көлденең тартқан «темір астау» терең арна толқындарды түйдегімен жұтып жатыр. Осы арна бірнеше километрге созылады. Екі жағы суармалы огород, сонау Сырғабай төбешігіне дейінгі кең алқап көкпеңбек, өнімі ішіне симай лық-лық етеді. Арнасынан асқан Нұра алып Қарағандыны ғана емес, ен даланың да түгін түлетіп, түрін құлпыртып жіберген...
Батысы — сол құлпырған дала, шығысы — тау баурында тулаған Нұра, аралықтан әдемі қала өскен. Қаланың көп қабатты, алуан түсті, заңғар үйлері бар. Үй маңы өрбіп келе жатқан бәйтеректер. Дәл ортада үлкен бақ...
Сәулетті қаланың шапшаң өскендігі сонша, тұрған халық ат қойып та үлгірмеген. Біреулер «КарГРЭС», «Қазметалзавод» десе, біреулер «Самарканд» деп жүреді. Бір қаланы үш түрлі атауда мән бар. Соғыс үстінде Нұраны теңіз, Қарағандыны жойқын күш еткен КарГРЭС осы қалада. Оны жасаушылар қаланы өз өндірісінің атымен атайды. Қазақстанда қара металлургияның алыбы «мен» деп тұрған жас ноян да осы қалада. Оны жасаушылар да қаланы өз өндірісінің атымен атайды. «Самарканд» — ертеде осы қаланың орнында болған кішкентай поселке, ауызға ол әдет бойынша әшейін ілініп жүр. Дұрысында, бәрінің сағалағаны Нұра. Қаланың аты Нұра болса бәрі де ырза болар еді.
* * *
Судан бу алып, будың күшімен электр қуатын өндіріп тұрған КарГРЭС-тің іші толып жатқан шытырман. Техниканың алуан тетіктерін сөзбен ұғындырудың қиыншылығы сонша, ең ақыры кочегар жолдас та өзгеріп кетіпті. Омырауындағы Еңбек Қызыл Ту ордені бар қазақ жігіті бір әсем сарайда бір өзі отыр. Алдында жарқыраған тақта, тақтаның беті жыпырлаған кнопка, өлшеуіш құралдар... Сарайдың іші — тым зейнетті ғылыми-зерттеу лабораториясына, жігіт — ғалымға ұқсайды. Директор Михайленко жолдас, сонда да, «кочегар» деп таныстырды осы жігітті. Кочегар дегеннің қолында сойылдай темір көсеу, көзінде томаға көзілдірігі болатын еді. Ол ысылдаған дәу қазан, лапылдаған отпен қара тер болып алысып жататын еді. Ал, мына кочегар кабинетте отырған директор Михайленконың өзінен салтанаттырақ.
— Жаңа техникаға ескі тіл ере алмай қалған екен, — дестік.
— Кочегар дегенше, машинист деу керек, - деп комбинат бастығы Рачев жолдас түзеген болады. Оған қанша түзелгенін қайдам, әйтеуір, техника өзгерісі — тілдің де өзгерісі екенін, электр қуаты — барлық істің, мәдениеттіліктің кілті екенін бір кочегардың өзі-ақ дәлелдеп тұр. Осы әдемі сарайдағы жалғыз жігіт бүкіл станцияның механизмдерін жүргізеді. Ал, станцияның өзі Қарағанды мен Қарағанды металл заводын, тағы бір алып құрылысты жүргізеді. Осыншама күрделі механизмді бір кісі басқарып отырғанына қарамастан Рачев жолдас жұмысшы күші жетпейді деп зарлайды. Соғыс бітті, майдандағылар келіп жатыр. Келісімен-ақ өндіріске кіріп жатыр. Бірақ, келешегі қазіргісінен де күшті электр коммунизмге жетпей жай табар ма!
— Республикамыздың жиырма бес жылдығына дейін еңбек өнімділігін тағы да он процент арттырдық!.. — деген ұран қабырғаларда жазулы, жұмысшылардың аузында. Июнь айында стахановшылар мен екпінділер жиылысы болып, мереке алдындағы жарысты бір шолып өткен екен:
«...Екі жүз жетпіс тонна көмір үнемделді. Бір авария болған жоқ. Жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын, «жақсы» деген бағамен бітті. Екінші агрегатты орнату жұмысы графиктен озық келеді. Еңбек өнімі он бір процент артты...» деген қорытынды шығарыпты.
Стахановшылар бұл жүгін әбден салмақтап, жаңадан он бір түрлі міндеттеме алыпты. Соның бірі — екінші нөмірлі қазан мен екінші нөмірлі турбогенераторды орнату көрінеді. Бұл станция қуатын еселеп күшейту шарасы. Өзгесі, бар күшті баптап, дұрыс пайдалану қамы. Мерекеге осы алған міндеттемелерін орындап келсе, олардан кім озар! Әзіргі жүрісінде айып жоқ. Әйтсе де, Рачев жолдас:
— Қара жарыста оза береді. Ұлы жарыста озғанды айт, — деп Ықышев пен Асылбековті қалжыңмен қайрап тұр.
Ұстарадай қылпылдаған, қысық көз қара жігіт:
— Қара жарыста оза берсе, түбі сол тегін емес, — деп күлімдейді, — станциямен бірге өскен, қара жұмысшыдан монтаж цехының бастығы болуға дейін көтеріліп, жақсы еңбегі үшін жаңада ғана орден алған Ықышов Алтынбек осы. Электр цехының бастығы Алтынбеков те төменнен өрлеп, орденге жеткендердің бірі. Өскен техника адамды да өсірген. Бірақ, техника да, адам да өздігінен өсе бере ме? Көп өсіруде ғой. Михайленко, Рачев жолдастар станцияның өсу тарихын ұзақ хикая қылса да, оны жасасқан көп қазақтардың ішінен үш-төрт-ақ жігіттің атын атауға жарады. Бұл өздеріне де олқы көрінді, дереу кадр мәселесінен тайып шығып, басқа әңгімеге көшті!..
Қалаға ерекше көрік, тыныс беріп тұрған үлкен бақты нұсқап:
— Тәжиев жолдас жасатып кетіп еді, — дейді жұмысшылар. Сол бақтан шығысқа қарай, станцияны қоршай жиырма мың түп ағаш егілген. Жұмысшылар тұратын көркем үйлердің арасына тротуарлар салынған. Енді бірер жылда, қалың ағаштың ішінде, тау баурында, тулаған өзен жағасында демалыс — саяхат орны боп көрінгелі тұр КарГРЭС.
Шіркін Нұра, жер шұрайы сенен өтер ме! Көмір, темір, электр, егін — бәрі сенен өрбіп тұр.
1945 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі