Өлең, жыр, ақындар

Шыныдан туған қошақан

(2 актылы пьеса)

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Б а б а қ — бригадир. 55 жаста.

З a ғ и п а — оның әйелі. 50 жаста.

Күлегеш Күлән — қозышы. 22 жаста

Әли — 25 жаста.

БIРІНШI АКТ

Қойшылардың киіз үйі. Үйде ешкім жоқ. Сыртта Күлегеш Күлән ән салып жүр. Ән «Қараторғай». Әлден уақытта Зағипа мен Күлән үйге енеді.

3 а ғ и п а. Осы екеуі құдалық сөйлесіп отыр ма осынша?

Күлән. Бабаңды көндіре алмай отыр да. Көне ме ол кісі бір қисайса.

3 а ғ и п а. Саулықтың бәріне жасамақ па өздері?

К ү л ә н. Білмеймін. (Сыртта керіскен дауыс. Үйдегілер тыңдай қалады... Бір уақытта ашулы Бабақ сөйлей кіреді үйге.)

Б а б а қ. Малдың қусырына жолығармыз! Жасатқан ел жасата берсін. Басымды кесіп тастаса да көнбеймін. Е, тәйірі, Иманбектің ұлын курске жібереміз деп қалған екенбіз ғой пәлеге!..

3 а ғ и п а. Мен осыған түсінбей қойдым.

Б а б а қ. Миың су боп кетті ме, несі бар түсінбейтін.

3 а ғ и п а. Жоспарды он екі мыңға жеткізу болса, жетті ғой. Ендігі не керкіл осы?

Б а б а қ. Былтыр қарға неше тұяқ салып едік?

3 а ғ и п а. Он мың тұяқ салғанбыз.

Б а б а қ. Биыл қанша салғалы отырмыз?

3 а ғ и п а. Биыл да он мың.

Б а б а қ. Өсім қайда сонда? Міне, керкіл осы.

3 а ғ и п а. Ойбай-ау, енді қазынаға бергенді есептемеуші ме едіңдер?

Б а б а қ. Көк соққан, әлі түсінген жоқ. Бетімен лағып отыр.

3 a ғ и п а. Неге түсінбейін, әбден түсіндім. Қысыр тоқты қалмасын, деді. Қалмады. Қасқырға жегізбе, ұрыға алғызба, деді, жегізбедік, алғызбадық. Шығын шығармай бақ, деді, шығармадық. Туған төліңмен ұзын саны он екі мыңға жетсін, деді. Жетті. Кемісе қазынаға бергеннен кеміп отыр. Осыған бола түс шайысатын не бар.

Б а б а қ. Жап аузыңды! Жылма-жыл қосылып шыққанның орны толып отырмаса, қаншаға барады бұл мал.

3 а ғ и п а. Онда салғыза бер әлгі шынысын. (Күлән күліп жібереді.)

Б а б а қ. Аулақ әкет, аулақ! Көрсетпе көзіме.

Зағипа. Босқа шошымай қоя тұршы. Көргенің бар ма, қалай екен өзі!

Б а б а қ. Көрмек түгіл естігім де келмейді. Қатырмай отыр басымды.

3 а ғ и п а. Сен айтшы, Күлән, не білесің?

К ү л ә н (күле береді). Қызық өзі...

3 а ғ и п а. Айтсайшы бар болғыр, күле бермей.

К ү л ә н. Айта алмаймын, апай, тірі қызық, әйтеуір....

Б а б а қ. Бұл не жырқыл! Не күлкісі бар оның. Айуан да болса аяу керек.

3 а ғ и п а. Сондай-ақ аянышты ма өзі?

К ү л ә н. Жо-қ! Көрерсіз өзіңіз. Әйтеуір, тірі қызық.

3 а ғ и п а. Енді айтпайсың ба, соны?

Күлән. Айта алмаймын!.. Шегім - ау... Кетпесем болмас қастарыңыздан. Ха-ха-ха! Ал кеттім...

Зағипа (тамсанып). Желіккен екен, мына келіншек. Айтпастан кетті.

Б а б а қ. Ол желікпей кім желігеді. Күн жаз болса, баққаны қой болса, жатқаны жайлау, жегені ет, ішкені қымыз, өзі тағы келіншек болса, ол желікпей мен желігем бе? Күлегеш Күлән қызық көреді шыны салғанды.

3 а ғ и п а. Бұл арада ешкім жоқ, неге сонша зыр қағасың? Адам шошырлық па өзі?

Б а б а қ. Қатырма дедім ғой саған мен, басымды! Бар, ана келіншектен сұра. Малыңа бар, (Зағипа кетеді. Пауза. Сыртта Күлән ән салып жүр. Ән «Айнам көз». деп кіреді, қолында жәшігі бар.)

Ә л и. Баба, сонымен не айтасыз маған?

Б а б а қ. Басқа айтарым жоқ.

Ә л и. Өзіңіз білесіз. Қойдың оған ештеңесі де кетпейді, бірақ.

Б а б а қ. Үрпіңе ши жүгіртіп байқа, білесің сонда.

Ә л и. Япыр-ау, Баба, ол ши емес қой. Көрсетейінші сізге. (Жәшігін аша бастайды.)

Б а б а қ. Көрмеймін. Көрсетпе, (Пауза.) Биыл міне, қырық жыл қой баққаныма. Он бес жасымнан бақтым. Қошқар көрмей қойдың күйектен шыққанын көрген емен, естіген де емен. Жан-жануардың бәрі бір. Ол да адам сияқты. Ойлашы өзің.

Ә л и. А, сіз күйектен шықпай қалады дейсіз бе? Жүріңіз ендеше, көзіңізді жеткізейін. Қоздаған қойларды да, қозыны да көрсетейін.

Б а б а қ (мүдіріп қалады). Бәрібір ол қойлар қатып - сеніп кетеді. Қозы беруден қалады, малдың тұқымы азады.

Ә л и. Бұған да көзіңізді жеткізейін, кәне жүріңізші?

Б а б а қ. Малды тастап ешқайда кете алмаймын. Қазір басқа отарларға барғалы отырмын.

Ә л и. А онда былтырғы он мыңмен түспексіз бе қарға?

Б а б а қ. Қойдың саны артуына мен сенен әрі құмармын. Ал, тәңірі берместі қалай тартып аласың!.. Ендігі ойым сапа жағына күш салу. Қазына бұттап алады, тұяқтап алмайды. Колхозға да еті, майы, жүні есеп.

Ә л и. Сапасын сіз арттыра беріңіз. Санын мен он екі мыңға жеткізіп берейін, жә деңізші осыған.

Б а б а қ. Бала, қажай берме. Бабақ екі айтпайды. Салғызған жұрт салғыза берсін. Мен бүлдіртпеймін малымды.

Ә л и. Мынаған қол қойыңыз!

Б а б а қ. Мұның не?

Әли. Басқарманың қаулысына да, бастықтың әміріне де бағынбаймын, жасатпаймын, деп қол қоясыз.

Б а б а қ. Әй, қорқытқаның осы ма? Итжеккенге жіберсең де төрт мың қойға бірден жасатпаймын. Бар! Шаптырып ал мені!..

Ә л и. Ал, сонда қаншаға жасатар едіңіз?

Бабақ (мүдіріп). Биылша бірер мыңға жасасаң жаса. Осы не көрсетер екен байқайық. Бірақ, сен де он екі мыңға қой саны толады деп подписка бересің қолыңнан, білдің бе? Жасасаң да басыңды байлап беріп жасайсың бәлем. Осыдан бір қойым бүлінсін, не көрер екенсің!

Ә л и. Жарайды, берейін подписка... Мә, алыңыз. Енді жасай берелік пе?

Бабақ (дауыстап). Зағипа, Күлән! Бері келіңдер! (Келеді.)

3 а ғ и п а. Ал келдік. Келістіңдер ме?

Б а б а қ. Таңдап - таңдап салғызыңдар. Бар! (Күлән күле жөнеледі.) Бұл не пәлем, жырқыл жаным - ау.

Ә л и. Бір шелек ыстық су әкеліңіз, шешей. (Зағипа су әкеліп беріп, аспаптарды тамашалап қарап тұр. Бабақ қарамайды. Қырын отыр. Күлән келеді.)

Күлән. Станок дайын, Әли!

3 а ғ и п а. Қойларды ірікте, балам.

Әли. Мен де болдым ендеше. Кәне, Баба, басы-қасында болмайсыз ба?

3 а ғ и п а. Я, көрелік, қарағым.

Б а б а қ. Тәйт әрі, желікпей! Жасай берсін өзі. (Әли шығып кетеді. Сыртта қойшылардың сөйлеген даусы. Іште Күлән сығалап қарап тұр.)

Күлән. Көк қошқарды әкелді... Пәле, қарамайды. Онысы несі?

Б а б а қ. Жануар мал да болса сезіп тұрғаны. Әйтпесе, ол бөгелетін бе еді.

Күлән. Ойбай!.. (Бетін басып, теріс қарап күледі.)

Б а б а қ. Неғып жатыр? Айтсаңшы бол! Бол енді...

К ү л ә н. Тоса қойды. (Күле береді.)

Б а б а қ. Не дейді? Не деп тұр осы?! Нені тоса қойды?

3 а ғ и п а. Осы бар болғырдың күлкісі қай жерден шыға береді, жаным - ау?

К ү л ә н. Өздеріңіз неге қарамайсыздар?

3 а ғ и п а. Жүрші, көрейік!

Б а б а қ. Отыр, желпілдемей.

3 а ғ и п а. Не жасап жатыр, айта ғой, қарағым, айта ғой.

Б а б а қ. Көк қошқар мекіренді ме, соны айтшы?

К ү л ә н. Мекіренді. Тоса қойды. Әне әкеле жатыр. (Әли кіреді, қолында шыны, шыныда көк қошқардан алған тұқым.) Әне, көріңіздер.

Ә л и. Кәне, мақтаулы қошқарды көрелік, не айтар екен. (Тұқымнан шыныға тамызып, микроскоппен қарап тұр.) Әлсіздеу екен... қартайған ба? Көк қошқарды бұдан былай үйірге жібермеңіздер.

Б а б а қ. Біледі - ақ екенсің! Қыстай оқығанда алып келгенің осы болса, кенеліпті колхоз.

Әли. Сіз бұған да сенбей отырсыз ба?

Б а б а қ. Есектің миын жеппін бе мен сонша? Неге сенемін. Көк қошқардың бауырынан бір тоқты қысыр қалған емес бұған дейін. Осындағы жас қошқардың бәрі сонан өрбіген. «Үйірге жібермеңдер» дейді! Ой, шіркіннің білгішін - ай!

Ә л и. Қалай намыстансаңыз да көк қошқар жарамайды. Үйірге жібертпеймін мен.

Б а б а қ. Әй, көк қошқар жарамады бар ма, тіпті қошқар атаулы жарамайды мұныңа. Әуре қылмай босат малды, отынан қалмасын.

Ә л и. Бері келіп қараңызшы, мынаған.

Б а б а қ. Қарамаймын.

Ә л и. Күлән, сен қарашы.

К ү л ә н. Несі бар, қараса? (Келіп қарап қалып.) Ойбай!.. Қыбырлайды! (Күледі.)

Б а б а қ. Бұл не күлкі! Осы мен неге күлмеймін!

К ү л ә н. Көріңізші өзіңіз, еріксіз күлесіз.

Б а б а қ. Тарт әрі!

К ү л ә н. Апа, сіз көріңізші, тірі қызық.

3 а ғ и п а. Кәне.

Б а б а қ. Отыр жайыңа!

Әли. Ол қыбырламау керек, қайнап жату керек. Жүр, басқасын зерттейміз. (Күлән екеуі шығып кетеді. Зағипа ептеп басып микроскоптың қасына келеді, түсіне алмай таңданады. Қолымен шұқылап байқайды.)

3 а ғ и п а (микроскопқа қарап). Ойбай! (Қайта үңіліп.) О, сұбықан алла, осылай болатын ба еді! Шал, беpi кел! Келші деймін, кел! Бол, келіп қалады жаңағылар.

Б а б а қ. Көк соққанның ермек қылмасты ермек қылуын. Несі бар екен, ал, кәне! (Келіп қарап тұрады, таңырқайды. Келе жатқан Әли мен Күләннің тықырын естіп, екеуі де орындарына барып отыра қалады.)

Әли. Кәне, бұл не айтар екен, көрелік. (Микроскопқа салып қарап тұрып.) Міне, нағыз тұқым!.. Оһо!.. Секіріп жүр, тіпті. Күлән көрші.

К ү л ә н. Ойбай!.. Қайнап жатыр, апа.

3 а ғ и п а. Не дейді шіркін, қайнағаны несі?

К ү л ә н. Көріңізші. Өңкей қара бас. Быж-быж етеді. Ойбай, секірді әне біреуі...

Б а б а қ. Рақаттануын.

Әли. Кеттік, Күлән! Шағылыстырамыз енді! (Екеуі шығып кетеді. Бабақ баспалап келіп микроскопты қарайды.)

Б а б а қ. Қатын, бері кел. Мынау, шыныңда өңкей бір пысық неме екен. Бүргеше секіре ме қайтеді, өзі?

3 а ғ и п а. Сұбыхан алла?! Адам да осылай ма екен?

Б а б а қ. Жан-жануардың бәрі осы да!.. (Микроскопты қарап тұрып.) Былай, жай көзбен қарасаң қақырық тәрізді бірдеме...

3 а ғ и п а. Ілімге дауа жоқ екен ғой, тіпті.

Б а б а қ. Қоя тұр. Қозы боп шыққанын көргенше мен сенбеймін. Шыныдан шиш пайғамбар ғана туыпты деген сөз бар. Онда да жалғыздың құдіретімен. Басқаны естіген емен.

3 а ғ и п а. Егер мұнысы іс боп кетсе, екі қоздағаннан қой ештеме ете қоймас, шал, ә? Бірен-саран арамза болатын еді ғой баяғыдан - ақ. Ешкі құрлы шыдайды, қой жарықтық.

Б а б а қ. Бәрі бірдей көтермейді. Қатып - сеніп кетеді. Іріктеп - іріктеп жасатамын. (Күләннің даусы естіледі. «Масқара» үйге кіре күлкіден жығылып жатады.) Не болып қалды тағы?

К ү л ә н. Сұрамаңыздар, сұрамаңыздар! (Есікке қарай нұсқай береді.) Қарасаңыздаршы есіктен.

Бабақ (есіктен қарап тұрып). Бері кел қатын! (Зағипа келеді.) Көрдің бе? Көріп қойып зорлықпен қашырып жатыр! Бұл жануар қандай шыдамды. Басын кесіп жатқанда да мыңқ етпейді ғой. Амалсыз шыдап тұр да. Жүрші көрмей-ақ қояйық, құйқа тамырым шымырлады. (Орындарына келіп отырады.)

Әли (есіктен). Бұл отардан неше қойға жасаймыз, Баба?

Б а б а қ. Елу қойға жаса, өзгесін басқа отардан беремін.

Әли. Күлән, бол, тез бітіріп кету керек маған. (Күлән кетеді.)

Б а б а қ (ойланып отырып). Екі мың қойдан ең құрығанда екі мың қозы қосылсын. Сонда он екі мың тұяқ салады екенбіз қарға. Бұл болмайды ғой... Күйектен шыға ма, жоқ па? Шыққан күнде қандай боп туар әлі?.. Енесі қай күйде болар, бәрінен соны айтсаңшы. Менің қойымдай бұл өңірде қой жоқ еді. Өңкей сары аяқ жануар, тұқымы азып кете ме кім біледі... Әйтеуір бір іс боп қалды, қайдан білейін...

3 а ғ и п а. Бұл тәуекел енді. Болар іс болды. Қайтесің уайымдап.

Б а б а қ. Егер осы бос әуре болды бар ма, Иманбектің баласымен болсын ісім. Бәрін қозғап жүрген осы, бірдемені шатты-бұтты оқып келіп. Куә бол сен, еріксіз көндірді ғой.

3 а ғ и п а. Соттаспақсың ба, сонда?

Б а б а қ. Кіршіктей таза малымды бүлдіріп - бүлдіріп аман кетпек пе? Мына қағазға мықтап байлағанмын басын. (Расписканы қабаттап орап ішкі қалтасына тығады.)

3 а ғ и п а. Ұяттағы, қойға шыны салды деп соттасып жатқан!

Б а б а қ. Малға жаның ашымайды сенің, өзің қайтер едің, сөйтсе, ә? Қайтер едің деймін... (Зағипа үндемейді.) Жаңа түсінді көк соққан! (Әли мен Күлән кіреді.)

Ә л и. Болдық, Баба. Енді қай отарға апарасыз, жүріңіз. (Екеуі де жиыла бастайды.)

Б а б а қ. Сен аяңдай бер алтыншы отарға қарай. Мен қуып жетем.

Әли. Жарайды. Кешіге көрмеңіз. (Шығып кетеді.)

Б а б а қ. Жаңағы шыны салған саулықтарға қошқар жібере қойыңдар. Мен оның күмәнін, қазір-ақ ашып берейін сендерге. (Зағипа мен Күлән шығып кетеді. Бабақ есіктен қарап тұрады.)

3 а ғ и п а. Қарамайды ғой жануар...

Бабақ (үйде тұрып). Жаны жануар, жанышы! Жанып жібер жаны, кәне. (Күлән ішек-сілесі қатып күліп жатыр.) Қоя тұр күлкіні, мал именеді дауыстан. Жаны жануар, жаны ғой, жаны ғой... Тоқтат деймін күлкіні! Жаны, жаны... Япыр-ай, күйектен шыға қалғаны ма жаңағының арасында? Жануар, әлде шыны салғанды біліп тұр ма екен? Қарамайды ғой тіпті!

ЕКІНШІ АКТ

Сахнада өзгеріс жоқ. Бірінші актідегі көрініс. Күлегеш - Күлән томсарып отыр. Далада Зағипаның біреумен сөйлескен даусы естіледі.

Зағипа. Неше литр шықты кешегі апарған сүтің?

Д а у ы с. Екі жүз елу литр.

Зағипа. Енді қанша қалды екен?

Д а у ы с. Осымен толады жоспар.

3 а ғ и п а. Тез қайт. Бүгін қоныс аударайық, бір жерге. Түйеңнің арқасын байқа... (Пауза. Түйеге артып сүт апара жатқан қойшының тау ішіндегі әні, музыка.)

Күлән (күрсініп). Бір қозым елді, мынау тағы елес күлкім де келмес. (Есіктен қарап қойып.) Күйсемейді. Еңсесі түсіп кетіпті... Күләннің қолынан қозы шетінеген емес еді, абыройымды ала кетпесе не қылсын осы екі қозы!.. Өзімнен де болды. Жылан шаққан бір сәрі. Буынып жатқан қозыға көзім неғып бір түспеді екен. Рас, күн жауын, ай қараңғы еді. Әйтсе де, құнсыздық, ұқыпсыздық... Әлде Әлидің кесірі ме? (Екі шелек сүт көтеріп Зағипа келеді).

3 а ғ и п а. Мен де болдым сауып. Екі шелек сүт сауыттарға симай артып қалды. Жоспар осы жолы толады екен, толса да бере берелік. Көп болмас қазынаға. (Қолын жуып жатып.) Сен неғып томсара қалдың?

К ү л ә н. Мына қозы тағы өлгелі жатыр.

3 а ғ и п а. Ештеме етпес өлсе. Мал іші бірен-саран өлімсіз болған ба? Біздің бақпағандығымыздан, қақпағандығымыздан, өлгелі жатқан жоқ. Жылан шаққанға не шара. Ажал - дағы.

К ү л ә н. Жоспардан екі қозы кем берді, дейді ғой.

3 а ғ и п а. Кемімейді. Ең азы жоспардан екі мың қозы артық береміз биыл. Қарға он екі мың тұяқ салармыз құдай қаласа.

К ү л ә н (қуанып). Егіздетсе игі еді. Сонда, мына екі қозының да орны толып кетер еді, апа, ә?

3 а ғ и п а. Шал оған қарсы боп жүрсе де, ерте бастан ойласа керек. Осы шыны салған саулықтардың көбі бұрынғы егіз табатын саулықтар көрінеді. Тек, дені дұрыс тусын де, нақұрыс болмай.

К ү л ә н. Әли өтірік айта ма, ешбір кемдігі болмайды дейді ғой.

3 а ғ и п а. Әлиге сеніп алған екенсің әбден. Ол кешегі өзіміздің Әли емес пе? Курске барғанда бәрін біліп келді деймісің, шырағым-ау. (Бабақ кіреді. Аттан түскен беті.) Мал аман ба екен, басқа отардағы?

Б а б а қ. Аман. Шабақтадыңдар ма мына қозыны? Дәрі септіңдер ме?

К ү л ә н. Бәрін де істедік. Сәті түспей тұр.

Б а б а қ. Мал болмас, түрі жаман екен. Жас неме көтере алмаған ғой уды. Қатын - ай, мен бір көз шырымын алайын. Шыны салған қойларды үйдің қасына әкеп иірдім. Жатсын, қозғамаңдар. Кешікпей туа бастар алды. Үрпін шаншып тұрғандары бар. Көзден таса қыла көрме. Туа бастаса дереу оят мені.

3 а ғ и п а. Онда біраз шыдап, көріп жатсаң болмай ма, біржолата.

Б а б а қ. Көремін деп үш күннен бері көз жұмғаным жоқ жөнді. Енді маған өл дейсің бе, қалжырап отырмын.

3 а ғ и п а. Тұра тұр. Қатық ішіп жат. (Үлкен шарамен қатық береді. Бабақ басына бір-ақ көтереді де жантая кетеді. Лезде көзі ілінеді, қорылдайды. Далада қой мекіренсе басын көтеріп алып, тұра ұмтылады. Қайта келіп жатады, тағы ілінеді көзі, тағы ұмтылады. Күлән күлкіден қысылып өліп отыр.)

К ү л ә н. Апа - ау, айтыңызшы, осы да ұйқы ма? (Қой боп мекіреніп қойып, қатты күліп жібергенде, Бабақ басын көтеріп алады.)

Б а б а қ. Туды ма!? Дені cay ма?! (Есіктен қарап келіп қайта жатады.)

3 а ғ и п а. Алаңдамай ұйықтасаңшы. Біз айтамыз ғой.

К ү л ә н. Бабаңның ұйқысындай болса ұйқының бәрі. Әрі ұйықтайды, әрі қой күзетеді. (Күледі.)

3 а ғ и п а. Ақырын, оянып кетер. Көңіл бөлінгендік қой бәрі. Осы шыны салғаннан бері уайымнан бір көз ашпай қойды. «Не туар екен?.. Дұрыс туса он екі мыңға жетті!..» дейді де жүреді. Саған көріне ме қойлар, есіктен қарай отыр.

Күлән. Қарап отырмын. Мынау көк саулықтікі толғақ - ау деймін. Жатып тұра береді.

3 а ғ и п а. Кәне... Толғақ екен!

Б а б а қ (басын көтеріп алып). Ә, не дейсіңдер! Кәне!... Толғақ па... Толғақ қой. Толғақ. Қоздағалы тұр. Кешікпей қоздайды...

3 а ғ и п а. Ұйқыдан қалжырап отырсың ғой. Жата берсеңші, туған соң-ақ көрмейсің бе?

Б а б а қ. Жатпаймын, шыныдан туған қозыны өз көзіммен көремін. (Пауза. Әли келеді.)

Әли. Ассалаумағалайкум, Баба.

Б а б а қ. Әликсәлем! О, Әлимісің, қайдан жүрсің?

Ә л и. Мына «Киров» колхозының малшыларына келіп едім, қайтып барам.

Б а б а қ. Олардың шыны салған қойлары қоздап па?

Әли. Қоздап жатыр. Бүгін бесеуі бірден туыпты.

Б а б а қ. Е, қалай көрінеді?

Әли. Не қалайы бар? Кәдімгі қозы да.

Б а б а қ. Кәдімгі қозы да?

Әли. Егер осы шыныдан қозы туса, Әлиді қой сойып жеке шақырамын деген екенсіз. Сол қойды жегелі келдім әдейі.

Сойыңыз, кәне.

Б а б а қ. Айтқаным рас. Өз көзіммен көрейін әуелі.

Әли (ішек-сілесі қатып). Япыр-ау, әлі нанбайды. Не айтарсың бұған!

Б а б а қ. Неге күлесің, жаман неме!? Қарашы, айнымаған Күләннің күлкісі. «Ақыл ауыс, ырыс жұғыс» деген осы да. О, тоба!.

К ү л ә н. Жоқ, мен олай күлмеймін ғой, Баба. Былай күлем. (Күледі.)

Б а б а қ. Теке – теке - теке! Қай озғаның менікі. Теке – теке - теке!..

3 а ғ и п а. Мінезің күлсе күлгендей екен ғой, тіпті. (Күліп жібереді.)

Б а б а к. Кеңкілде кәрі саулық! Кеңкілде сен де, кеңкілдеп қал. (Үшеуі үш жерде күліп жатыр. Бабақтың екі көзі есік алдындағы қойларда...)

Б а б а қ. Шығып келе ме жаным - ау! Шығып келеді ғой!.. Шығып келеді.

Б ә р і. Кәне, кәне! Қоздағалы жатыр ғой, жүріңдер қоздатайық. (Бәрі далада. Қойдың күшенген, ыңыранған даусы естіледі.)

Б а б а қ. Тұмсығы шықты, дұрыс!.. Кәдімгі тұмсық... Шым-шым... шым... жануар... Басы да, алдыңғы екі аяғы да дұрыс болды. Я сәт, бере гөр. Шым-шым... шым-шым... Кеуде жағы дұрысталды. Енді арт жағынан бір шатақ шықпаса болғаны. Шым-шым... шым-шым... Тарт!

Суыршы өзің, не болса да тарт! (Қой мекіренеді.) О, сұбықан алла, нағыз қозының өзі! (Күлкі.)

Әли. Қане, сой енді қойыңды, сой!

Б а б а қ. Тіпті, бір мүлтігі болсайшы! Шыныдан туған жануарым.

Шыныдан туған қошақан. Шыныдан туған қошақан... (Қозыны Бабақ отағасы қойнына тығып алған. Екі езуі екі құлағына жетіпті. «Шыныдан туған қошақан» деп ерсілі-қарсылы жүгіре береді.)

Ә л и. Соясың ба айтқан қойыңды, жоқ па, Баба?

Б а б а қ. Құтылшы, Күлән, мынадан! Бар, жылан шаққан қозыны екеулеп жайлаңдар. Басын мойнымен кесіп таста, аппақ май шығар өзі. (Күлән мен Әли кетеді.) Шыныдан туған қошақан!.. Шыныдан туған қошақан!.. Қатын! Қой он екі мыңға жетті енді!... (Қарқ-қарқ күліп жібереді.)

Шымылдық.

1940 ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз