I
Жазушы ой басты адам. Ой баспаса қаңбақ тәрізді — ұшарын жел, қонарын сай білер еді. Ойлансам, бір кезде тамаша дегенім келе-келе тамаша болмай қалыпты. Бір кездегі биік арман қол жеткен соң аласарып қалыпты. Өмір өзгерісі кейде тіпті шапшаң, қадағалап отырмасаң озық ойың да артта қалады. Сондықтан, ойды өмірмен салыстырғалы жолға шықтым.
Поезбен жүрмегелі талай жылдар өткен. Қазір поезда келеміз, зымырап келеміз. Сонда да алдақашан артта қалған өмір елесі алдымды орай береді. Қанша ұзап кетсем де өткен өмірдің кейбір шақтары тасқа басқан таңбадай, көңілде қалып қойыпты. Міне соның бірі.
...Ауылда онда көлікпен шыққанбыз. Арада он күн жүріп, Қызылжар қаласына жеттік. Темір жол станциясын сонда көрдім. Ың-жың көпшілік екен. Бақырған поезд, шулаған, ерсілі-қарсылы жан ұшыра жүгірген адам. Бір жерде су алуға жиналған топ қызыл кеңірдек болып жатыр. Әр вагонның алдында есікке ұмтылған топ бірін бірі кимелей, әлі жеткені бұзып-жара бұрын еніп жатыр. Басы маса тайғандай тап-тақыр, жұдырықтай ғана бір қазақ кимелеуге қауқары болмаған соң көптің үстіне шығып алыпты. Жорғалай-жорғалай есікке жетті. Оны ешкім лақтырып тастамады. Тіпті елемеді. Бәрінің көңілі, күші есікке қарай ауған. Енді бір есік алдындағы топтан «Алып кетті! Ұста-ұста!..» деген дауыстар естіледі. Оған да алаңдаған жан жоқ. Мақсат тек поездан қалмау. Сығылыса, шуласа вагонға еніп жатыр жұрт. Поезд қозғалды. Билетсіздер былай тұрсын, билеттілердің талайы қалып қойды. Вагон лық толды. Жату түгілі жантаю арман. Қапшығын, корзинкасын, бумасын қоярға жер таппай, ұстай отырған әркім бір күндік немесе бірнеше күндік сапарға осы күйде шыдауға көнген. Шыдай алмай қалжыраса, қалғып кетсе қасқырша торыған бір залым қайсысын қақсатарын кім білсін...
Ал, қазіргі поезда осының бірі кездеспеді. Тап-таза, тып-тыныш, жеке-жеке бөлме, төсек салулы, электр шамы жағулы, радио сөйлеп тұр. Сұрасаң су түгілі шай дайын. Тамақты барып ішуге де, алдырып ішуге де болады.
— Анау жылдары поездың рахатынан мехнаты басым еді. Енді тек рахат қой мынау! — дедім сүйсініп. Қасымдағы екі жас қостамады. Мін табады поездан:
— Вагоны ескі.
— Шайды сүтсіз береді бұлар.
Самолетпен бір-ақ сағаттық жол. Енді он сағатта азар жетеміз.
— Иә, поезд іш пыстырады.
Бір бөлмеде үш жолаушымыз, жолымыз бір, пікіріміз міне екі ұдай. Өйткені, мен көрген ескі өмірді екі жас көрген жоқ. Көрсе олар да жаңа өмірге шүкірлік етер еді. Қазір тек алға қарап келеді, дәмдіден-дәмді, жақсыдан-жақсы іздегісі келеді. Кінәлауға болмайды. Бұл барлық адамға тән мінез. Бір тілекке жетсең тағы біреуі туады. Туа береді, қуа бересің, бәріне бірдей жете алмай жатасың бір күні. Кейінгілер қуып жете барады...
Осы ойлармен отырғанда біздің вагонымызды Жарық станциясына тастап, поезд кетіп қалды. Жаңбыр құйып тұр. Екінші поезд келгенше он екі сағат күту керек. Тамыр-таныс, баратын жер жоқ. Уақытты қалай еткізуді білмей отырғанда сәлем беріп бір жігіт енді. «Таныс пассыздар» деп таныстырып өтті өзін. «Бурма» совхозының «Мұхтар» атты бөлімшесіне қонаққа шақыра келіпті. Партком секретары болып істейтін жігіт екен. Машинасына мінгізіп бізді алып жүрді. Біз Алматыдан шыққанда ешкімге де хабарламаған, өз бетімізбен ел аралауға шыға қалған адамдармыз. Күтпеген жерден күтуші табылғанына қайран қалып:
— Қалай білдің, қалай таптың!? — дегенімде.
— Ел құлағы елу ғой — деді парторг. — Естідік. Естіген соң шыдамадық. Жазушы ағамызды көруге асық едік.
Совхоз бөлімшесі тақау болды, тез жеттік. Сары қымыз сапырылулы, қазы-қарта, бағлан еті жасаулы, сығылысып түрлі-түрлі тағамдар тұр. Қасымыздағы екі жігіттің ішпей-жемей жатып, көздері күлімдеп кетті. Келген үйіміз бөлімше бастығы Аманкелді Уәлиевтікі. Үйінде бұрынғы ауыл-тұрмысынан нышан жоқ. Қалпымен қалаша. Еденде, қабырғада кілем, телефон, телевизор, тіпті қала тұрғындарының қолына түсе бермейтін қымбат мебельдер де бар. Салтанатты тұрмыс.
Аманкелді әзілқой, ақжарқын жігіт көрінеді. Оның үстіне биыл егін, шөп, мал есімі жақсы, тіпті көңілді отыр.
— Сонда да маған өзіміздің малшы, егіншілер жеткізер емес, — дейді күлімдеп.
— Бұрынғы ауылда қойшыдан кем адам жоқ-ты. Бүгінгі ауылда қойшыдан озық адам жоқ.
— Соны мынау жұбайым түсінбейді. Жет осыларға, жет деп қинайды. Қойшылармен бәсеке.
— Бәсеке дегенің социалистік жарыс қой. Жарыс қазір — дәстүр ғой.
— Сіздің жақты қайдам, біздің жаңа әйел өктемділігі де дәстүрге айналды.
Аманкелдінің жұбайы ондай өктем әйелге ұқсамайды. Еңбекке икемді, жүріс-тұрысы сыпайы, әдепті, мәдениетті жас. Сөйлесе сөзден де қалыспас, бірақ аузын бағып үндемейді. Мен осы жас жұбайды қолдадым.
— Әйел жуас болса, еркек иықтап алады қашанда.
— Ойбас, жуас емес! Қонақтың көзінше ғана момақан. қонақ кеткен соң нықыртып-нықыртып жібереді.
— Қонақ келгенде ерке бала шектен шығатын, қонақ кеткен соң сазайын тартатын.
Осылайша әзіл аралас әңгімемен отырғанда есіктен қоңырқай жас әйел енді. Бәрі сырылып төрден орын берді. Аудандық партия комитетінің секретары — Шәкен Майасарова екен. Келе сөзге араласты. Кәдімгі халық ақыны Майасаровтың немересі көрінеді. Аудан жайындағы әңгімені бітірмей тағы да екі-үш жігіт енді. Бұлар көршілес отырған «Шет» совхозының басшылары — директор Қапасов Балтабай, партия ұйымдастырушысы — Бекенов Тұрымтай болып шықты. «Ұзынқұлақ» қазекеңнің ұрпақтары бірінен-бірі естіп жинала берді. «Шет» совхозының жігіттері де дәмге шақырады. Бармасақ өкпелейді. Өкпелетпедік, енді «Шетке» аттандық.
Жолшыбай өзіммен-өзім. Әңгіме тоқталды, ойлаудан, көруден жалығар емеспін. Бұл жерлерден ертеде бір өткенім есімде. Сонда осы жалаңаш далада көз тосар бір бұта жоқ-ты. Қазір ойдым-ойдым қолдан жасалған ормандар, су тоқтатқан тоғандар көрінеді. Бос лаң қалмаған сияқты, бәрін жыртып, егіп тастаған. Жаңбырлы жаз алуан түсті өсімдіктермен жер бетін жайқалтып тұр. Бұрынғы арба жолы, батпақты, өзекті, сулы өткелдер жойылған. Машина жолымен — асфальт немесе құмқайрақ жолымен келеміз. Қанша қарастырсам да егізге жеткен арба, түйеге артқан жүк, салт аттылар көрінбейді. Тек машинамен жүрген, жұмысты машинаға істеткен жаңа халық көрінеді. Анау жылдары «Америкада алты адамға бір автомобиль» — дегенде таңданатынбыз. Қазір біздің елде машина көп пе, адам көп пе білмеймін, әйтеуір молшылық. Сол молшылықтан шығар, әлде кәдімгі салақтық, ұқыпсыздық па, машина тозықтары, темір заттары далада шашылып жатыр. Осы шашылған дүниеге кезінде қаншама еңбек, уақыт, ақша қанша жұмсалғаны еске түскенде ішің ашиды. Жаным-ау жинап алып заводқа неге өткізбейді?! Ұстараның ескі пышағын да, шынының сынығын да іске жаратса. Бізде қыруар байлықты неге тот жеп жатады? Айтсам қасымдағылар «Қол тимейді» — дейді. Қолы тимейді емес-ау, мойын жар бермейді ғой.
II
Күні бойы екі совхозда болып, кешке вагонымызға қайттық. Таңертең Жезқазған қаласына жеттік. Жезқазған жас қала. Бұрын оның орнында, осынау қуаң, тастақ далада жер астынан мыс тасын шығарып жатқан азын-аулақ шахталар болатын. Енді әдемі қала орнапты. Қала су жаңа, ырымға ескінің бір белгісі табылмас. Тастақ жерге де зәулім ағаштар, түрлі-түрлі гүлдер өскен. Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендерінен қаланы қоршай шалқар көл жасалған. Көл бетінде сайрандаған жұрт. Сүреңсіз жердің бұрын тек мысына қызықсақ енді қаласы да қызықты. Елімізге әйгілі бұл мыс алыбы өте айдынды. Аспанмен тілдескен асқақ трубалары аузынан от боратып тұрған тәрізді. Талай-талай зеинетті, айдынды қалаларды көре-көре көзіміз үйренсе де Жезқазған көңілге өз әсерін қалдырды. Әсіресе, адамдары. Алыстан, жуықтан, Совет әлемінің жан-жағынан келіп, осында бас қосқан мың-мың адамдардың қилы-қилы өнері, мамандығы бар. Бәрінің ойы, еңбегі, ғылым-білімі Отанымыздың мойымас мыс қазынасын жасау мақсатына бағынған. Машина заманында мыс ең керектердің бірі. Жер қопарып, тас қорытып, мыс алу үшін өнер, білімге қоса алып машиналарды жүргізетін алып күштер керек. Біз осы алып машина, алып күштерді тамашалай жүріп, шаршағанымызды білмеппіз. Көре берсек көріне беретін түрі бар.
— Техника кереметтері таусылар емес. Енді мыстың өзін көрейікші, — дедім бастаушыларға.
Ысылдаған ыстық кең сарайға ендік. Конвертор — қара дүрсін тілмен айтқанда, мыс қазаны біз келісімен аузын ашты. Қып-қызыл от боп құйыла бастады мыс. Қалыптар өзі келіп, бірінен соң бірі тосып алады да, суға тоғытады. Судан қызыл түсті күреңіте шығып, текше-текше мыс табақтары тосып тұрған вагонеткелерге тиеледі де кете барады. Адам қолы тиместен бәрі өзінен өзі істеле береді.
Бала кезімде Спасскі заводында мыс қорытқанын да көргенмін, көзіме сол елестеп кетті. Еңгезердей жас жігіт, басында кигіз омырауша, аяғына ағаш таға байлаған, қолында ұзындығы сойылдай темір шөміш, шөмішпен бұрқылдаған мысты кесіп алып мықшия көтергенде маңдайынан тер сорғалап тұрады. Апарып қатарлап қойған қалыптарға құяды. Бір шөміш мыс көтергенде бір шөміш тер төгілетін шығар. Оған тер шақ келе ме? Келген жігіттер тұрақтамай кете береді. Біреу өлі кетеді, біреулердің құр сүлдерлері кетеді. Өндірісті ағылшындар билеп тұрған кезде мыс құюшының халі сондай болғанда қазіргі мыс құюшы Салқауов, Секемановтардың маңдайы жіпсімейді де. Машинаға істетеді. Жүздеген, мыңдаған аттың күші бар машиналарды, жүздеген, мыңдаған градус ыстығы бар дозақы оттарды бағындырып істету үшін білім керек. Біздің мыс құюшылар білімді, өз ісінің маманы. Адамның еңбексіз тіршілігі жоқ. Еңбегі жанса рахат, жанбаса азап. Салқауов пен Секемановтардың ата-бабалары еңбектің ылғи азабын шегіп кеткен, ұрпақтары рахатын көріп отыр. Салқауов тек өндіріс озаты емес, мемлекет басқару ісіне де араласады. Ең жоғарғы Совет Үкіметінің мүшесі.
— Салқауов сияқтылар бізде аз емес, — деп Қабыжан Күсенов өндіріс озаттарының атын атай бастады. Сөзін бөлмесек, шұбырта беретін. Әрқайсысына мінездеме айтады, мынау техника тылсымдарының сырын ашып беріп келеді. Қайдан бәрін біле береді?! — десем, инженер екен. Жүздеген коммунисі, мыңдаған жұмысшысы бар Сәтбаев атындағы комбинатта партком секретары екен. Осындай ірі әрі қиын өндірісте комбинаттың бас инженері Ешпанов Долабай көрінеді. Социалистік өнеркәсібі алғашқы жылдарда қызыл мамандарға зарықса, енді міне әр істің өз маманы дайын. Соларды көргенде, әсіресе өз ұлтымнан, кешегі көшпелі малшы қазақтан шыққан мамандарды көргенде мақтаныш енеді көңілге. Мыс заводынан қайтқанда кеудемді сол мақтаныш кернеп қайттым.
Кешке мәдениет сарайында қала халқымен кездестік. Сарай лық толды, көпшілігі қазақ. Жиналысты қалалық партия комитетінің бірінші секретары Асылбеков Ошақбай ашты. Сөзіне қарағанда өз білімімен әдебиет зерттеушілерге ұқсайды. Менің шығармаларыма жап-жақсы талдау жасады. Кейбір басшылар әдебиеттің ішіне ене алмай, сырттан топшылайтын. Бұл жігіт ішке енді. Мұғалім Дәулетова мен студент Кенбаева Асылбековтен де әрі кетті. Орысша түсінікті, таза, әдемі сөйлейді. Совет жеріндегі аз ұлттарға орыс тілі қазір екінші ана тілі болуға айналған. Орыс тілі арқылы аз ұлттар дүние жүзіндегі өнер-білімге жетіп келеді. Орыс тілін жетік білу де, үлкен өнердің бірі.
Жиналысты көркемөнершілер аяқтады. Өнершілер болғанда мандаты бар артистер емес, жасөспірімдер, талапкерлер. Талдырмаш бір қыз шықты сахнаға. Шырқалған әні жаңа әрі әдемі. Қапелімде Роза Рымбаева ма деп қалдым. Сөйтсем Дина Әшкенова екен. Телевизорларда ылғи талант іздеп жүреді, соларға тез кездескей-ақ, Әшкенова. Енді бір құртымдай қыз шықты. Бастауыш мектептің шәкірті болар. Дихан Әбілевтың өлеңін оқыды. Егер Дихан өзі осында болса өлеңінің құрметіне аса қуанар еді. Мына бала оқығанда көпшілік құлаққа ұрған танадай отырды. Бізде оқу өнері кенже туған, маңдымай келе жатқан өнерлердің бірі. Басқа былай тұрсын, табаны күректей артистеріміздің талайы осы өнерді әлі күнге баураған жоқ. Жақсы оқушы шығармаға жан бітіреді, жаман оқушы сәнін кетіреді. Қазіргідей әдебиет өршіген шақта оқымпаздар керек-ақ. Жаңағы қаршадай қыз тәрбиесі келіссе болып тұр.
Жиналыс тарағанда басымдағы әрқилы ойлар да тарады. Біреуі бірақ қалып қойды. Халық әдебиетке құмар. Оны жасаушы жазушыны құрметтейді. Жақсы шығарма жазушыға бақыт. Бабын тапасаң бақыт құсы басыңа бір саңғиды да ұшып кетеді. Бабы қайтсе табылады? — деген сұрақ басымнан шықпай қойды.
III
Асфальт жол батыстан солтүстікке бейімделе бет түзеді. Қыраттан ойпатқа түсіп, ойпаттан қыратқа көтеріліп, біресе мидай жазықта ақ «волгалар» самғап келеді. Ұзыны мың, көлденеңі бес жүз километрге созылған, Жезқазған, Балқаш сияқты өндіріс алыптары бар облыс жері машина қанша зырлағанымен жуырда бітпеді. Жезқазғаннан ұзап кеттік. Сонда да оның әсері әлі көңілімде. Осыншама жер байлығын тауып, халық игілігіне жаратқан адамдардың ішінде марқұм Қаныш Сәтбаевтың тұлғасы көзіме ерекше елестейді. Жапан далада, тар, жартылай жер кепе үйде отырып, Москвадағы Главкамен Қаныштың, айтысқанын архивтен білемін. Онда қазақтың Ғылым Академиясы құрылмаған. Қаныштың кен іздеп дала кезген жігіт шағы. Ақыры Главканы көндіріп, Жезқазғанды жасауға кірісті. Ұлы адамдар көзден таса болғанымен көңілден таса болмайды. Бізден алыстаған сайын атағы арта берді. Сәтбаев атындағы мыс комбинаты, музей, Қазақ Академиясының тарихы осыны дәлелдеп тұр-ау, деген ойымды алдымызда көлденең жатқан көктау бөлді. Бұл белгілі Ұлытау. Аты зор болғанымен өзі онша үлкен емес. Тастары тұтас, сом, құйып жасағандай үш биік бірі мен бірі жалғас. Бір биіктің етегіне аудан орталығы орнапты, енді біріне атақты Едігенің атын қойып, өткен халықтар аңыз қалдырыпты. Кең даладағы өзендердің бірнешеуін Торғайға, бірнешеуін Жезқазғанға қарай бұл тау бөліп жіберген. Тауды «Ұлы» дегізген бір заманда оның бауырында өткен оқиғалар болар. Үш жүзге бөлінген қазақты ру басылар, хандар билеп берекесін кетірген күндерде қазақ атаулы бірігейік, деген ұран көтеріледі. Кім көтергенін қайдам, әйтеуір ертеде Ұлытау бауырында қазақтың бір ұлы жиыны болғаны анық. Сол жиында әр жүз, әр ру өз таңбаларын тасқа басып, ынтымаққа келген деседі. Мен осы тас документпен танысуға құмар едім. Құмарлық қиядағы Ұлытауға әкелді бүгін. Іздестірдім, таңбалы тас табылмады. Сұрастырдым, әркім әр жаққа сілтеп бас қатырды. Жазуы жоқ елдің шежіресі құйма құлақ қарттар ғой, ондай қарттар кездеспеді. «Шалдары қайда?» — десем «сұйылды ғой» дейді қасымдағылар. Атам заманғы таңбалы тасты іздеп жүріп, өзім құралпы шалдардың кетіп қалғанын жаңа білдім. Жастардың ортасында жалғыз шал жалғызсырайды екен. Енді бурыл шаштыларды қарастырдым. Ел жаңарған, жер жаңарған. Елді өңкей жас — отыз бен қырық әрі кетсе қырық пен елу арасындағы егде жігіттер басқарады. Шетінен сауатты, ең кемі орта дәрежелі білімді. Жұмыс көлігі, мінгіш тек машина. Тілін білмегенге машина кілтін ұстатпайды. Жер беті ертеде болмаған егістерге толы. Егіс тілін білмегендерге егіс тұқымын ұстатпайды. Тәртіп те, дәстүр де жаңа. Бұрын пәленше кем, түгенше кем ауылы дейтін ауылдардың өзі түгілі аты қалмаған. Әрбір колхоз, совхоз өз атымен аталады. Әйтеуір, тарихи мұралардың аты сақталыпты. Кеңгір өзенінің бойындағы бірнеше мұраларды: Алаша хан, Шыңғыстың бел баласы Жошы хан, Домбауыл батыр, Ердендердің зиратын барып көрдік. Жүздеген жылдар етсе де қызыл кірпіштен салынған зираттар әлі тұр. Біздің заманның қызыл кірпіші неге сондай мықты емес? — десем қасымдағы облыс, аудан басшылары жауап бере алмайды. Өнер қанша алға кетсе де өткен өмірден алатынымыз әлі бар екен. Бұл араға бізден бұрын талай зерттеушілер, Қазақ Академиясының ғалымдары келген дейді. Алаша, Жошы хандардың қабырына дейін ақтарған дейді. Бірақ, дейдіден басқа қалдырғаны көрінбейді. Бабаларымыз сауатсыз бола тұра тасқа таңба басып қалдырғанда.
Зираттар кімдікі, қайсысы қашан жасалған? — Дерек жоқ. Өрнектері жойылып, тозып барады. Тозып бітпей тұрғанда бұрынғы қалпына келтіретін шаралар керек-ақ.
Көз сыртты көрсетеді, іс ішті көрсетеді. «Аманкелді», «Сарыкеңгір» совхоздарының ісіне қарап, адамдарының ішін көрмей де білуге болады. Істері тіпті оңды. Іштері де сондай-ау деп келем. Ұлытау айналасындағы осынау саумал иісті сары даланы мекендеген қазақ ауылдарында бас қосып отырған бес үй сирек кездесетін. Жердің отын, суын, панасын сағалап қоныстанған екі-үш үй де ауыл деп атала беретін. Ал, мына совхоздарда жүздеген үй бас қосып, мәдениетті тұрмыс жасайды.
— Бұларға енді қала мәдениеті таңсық емес, тек соларға теңелуге асық, — дейді аудандық партия комитетінің бірінші секретарь! Абақанов Мейрам жолдас. Мінезі жеріне сай кең, байсалды жігіт көрінеді. Елін бізге көрсете жүріп, сүйсіне сөйлеп кетеді, — Ауданымызда жеті орта мектеп, сегіз клуб, он бала бақша, озық техникамен қаруланған жеті совхоз, «Таугүлі» дейтін ойын-сауығымен елге мәлім өнерпаздар коллективі бар. Совхоздарымызда үш жүз мың қой, он мыңға жуық қара мал, алты мың жылқы бар...
Бардың бәрін айта берсе бітер емес, «Аманкелдіге» жеткенде секретарьдың сөзі бөлінді. Дес тимей келеді екен. Сөзді енді Әліпбек ала жөнелді. Әліпбек осы «Аманкелді» совхозының директоры. Жайдары жігіт, отыз сегіз мың қойы бар, көп қойдың буы бұрқырап тұр сөзінен. Малшыларың фермаларын бірінен бірін асыра мақтайды. Тоқпанова жүз саулықтан жүз жиырма бір қозы алыпты, Сайдалин сүт жоспарын жүз алпыс екі, ет жоспарын жүз алпыс алты процент орындапты...
— Басқаларға да сөз қалдыр, — деп секретарь бір қағып қойып еді:
— Сөзуар емеспін-ау, көмейіме келіп тығылып тұрған соң шығып кете берді, — дейді Әліпбек. Өзін мақтаса әбес қой, адамдарын мақтағаны жарасып тұр. «Жұмыскерді мініскер жұмсайды» Әліпбек сірә мініскер басшы. Көптің қыбын тауып істесе білу, басшының бойындағы ең қымбат қасиет.
Рахмет айтып бұл совхоздан да аттандық. Елді бірсыпыра араладық. Енді көргендерімді қорытып келемін. Осынау кең дүниеде топ-тобымен ұшып жүретін құстар, орғып жүретін бөкендер, жортып жүретін қасқыр, түлкілер көрінбейді. Аңшылар аңды құртып тынған ба? Әлде ұрпақтарын өрбітер кез бе бұл? Қайда барсаң шашылып жатқан машина тозығы, темір жұрнақтары. Рас, темірге біз баймыз. Бай болғанда шаша бере ме? Ұқыптылық қайда? «Миллионерді» жазғанда сауатты, іскер колхоз бастығын қиялмен жасағанмын. Енді міне, қиялда емес, олар ауылда толып жүр. «Шығанақты» жазарда оқымаған, тоқыған, құймақұлақ шарқ ұрған қарт Шығанақты таптым. Бұл жолы қанша қарастырсам да Шығанақтай дана қарт табылмады. Жігіт шағымда халық ақыны Иманжан мен Жантөбетті ертіп жүріп ел аралағам. Ылау кезегі келген бір колхозшы меншікті жирен биесін шанаға жегіп, бізді алып жүрді. Бие терлеген сайын иесі қинала түседі. Өрде ақын шалдарды жаяу жүргізеді, ылдида шанаға мінгізеді. Бір өрде бізді жаяу тастап жөнеле береді. Мен қуып жетіп, ат иесін шанадан аударып тастадым да шалдарымды мінгізіп алдым. Жалынған соң ылаушыны да тастамадық. Осы ылаушы әлі тірі, Жезқазғанда тұрады екен. Қартайыпты, бізді қонаққа шақырды, бара алмадым. Қазір халық қабағы мейлінше көтеріңкі, көңілі дарқан. Әдебиетке, әдебиетшілерге көзқарас мүлдем өзгерген, жаңағы бізді далаға тастап кетпек болған ылаушыға дейін аузындағы асын жырып, астындағы атын түсіп беруге дайын. Халықтың бұл ықыласын ақтауға жазушы да дайын.
Алматыға осындай ойлармен қайттым. Ой іште жата берсе өледі, сыртқа шықса тіріледі, тірілсін деп жазып тастадым.
Сентябрь, 1978
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі