Ла-Манштағы, Виктор Гюго айдауда болатын, Джерсей аралында, оған ескерткіш орнатылған.
Ескерткіш мұхиттың жарлауыт қабағына қойылған. Ескерткіштің тастұғыры аласа, бар болғаны жиырма не отыз сантиметр.
Оны шөп басып кеткен. Сол себепті де Гюго тура жерде тұрғандай болып көрінеді.
Гюго қатты аңырай соққан желге қарсы келе жатқандай болып бейнеленген. Ол еңкейе түскен, үстіндегі плащы желпілдеп келеді, қалпағын жел ұшырып кетпес үшін, Гюго оны ұстап алыпты. Ол мұхит дауылының пәрменімен қасарыса күресіп келеді.
Ескерткіш кұлазыған құба түзге орнатылған, сол арадан "Теңіз бейнеткештеріндегі" матрос Жиллиаттың қаза табатын жартасы көрініп тұрады.
Айналадағы көз жетер жердің бәрінде мазасыз мұхит гүрілдеп жатыр, ал ауыр толқындарымен жартастардың етегін жалап, теңіздің шөп-бұталарын жоғары көтеріп, шайқалтып, тербетіп жатады, ал су астыңдағы үңгірлерге ол ауыр салмақпен өкіріп барып, лақылдап кіріп кетеді.
Бұлдырап тұман басқан кездері алыс маяктар сирендерінің қамығып боздаған үндері естіле бастайды. Ал түнемелікте көкжиектегі маяк оттары мұхиттың бетінде жатқандай болып көрінеді. Олар жиі-жиі суға сүңгіп шығып жатады. Аралды тек осы белгілеріне ғана қарап, мұхиттің, маяктар оттарының көзін шалғандай етіп, Джерсейдің жағалауына қандай биік толқындарды айдап әкелетінін байқауға болады.
Виктор Гюгоның қайтыс болуының жылдығына Джерсейдің тұрғындары ескерткіш жанына омеланың бірнеше бұтағын апарып қояды. Гюгоның аяғының астына омеланы қоюға аралдағы ең сұлу қызды таңдап алады дейді.
Омеланың жапырағы сүйірлеу де қалың, күміс түстес болып келеді. Жергілікті жұрттың сенім-нанымына Қарағанда, омела тірілерге бақыт әкелсе, өлгендерге ел есінде ұзақ сақталатыңдай қасиет сыйлайтын көрінеді.
Елдің сенімі рас екен. Гюгоның бүлікшіл рухы, ол өлгеннен кейін де, Францияны әлі күнге дейін кезіп жүреді екен.
Ол қажымайтын, дауылды да жалынды адам болады. Ол өмірде көргені мен жазғанының бәрін де ұлғайтып көрсететін болған. Оның жанары дәп солай жаралған деседі. Ол үшін өмір, зор салтанатпен лепірте сөйлейтін, ұлы құмарлықтан құрылып тұрған ғой.
Ол тек бірыңғай үрлеуіш асбаптардан тұратын сөз оркестрінің дирижері болған. Мыс кернейдің шырқай шығатын шадыман даусы, литавраның гүрсілі, сыбызғының әрі ащы, әрі жан жабықтыратын ысқырығы, гобойлардың күңгірлеген үні. Оның музыкалық әлемі осындай болатын.
Мұхит дауылдарының күркіріндей, оның кітаптарының музыкасы да құдіретті. Содан жер дірілдейді. Және одан әлсіз адамдар жүрегі де тітіркенеді екен.
Бірақ Гюго оларды аямаған. Ол ұдайы езінің ашу-ызасының, шадыман-шаттығы мен шулы махаббатының "дертін" күллі адамзатқа жұқтырғысы келді
Ол тек азаттықтың серісі ғана болған жоқ. Ол оның жаршысы да, хабаршысы да, трубадуры да болды. Ол жер бетіндегі барша жол тоғысатын белеске шығып: "Қаруланыңдар, азаматтар!" — деп айқайлап тұрғандай болып көрінеді.
Ол классикалық және кісіні зеріктіретін жадау ғасырға жаңбырдың тасқынын, жұлынған жапырақтарды, қара бұлттарды, гүлдердің күлте-бүрлерін, оқ-дәрі түтіні мен қалпақтардың үзілген көкардаларын үйрілте айдап, қара дауылдай, құйындай болып, сатырлап кіріп келді.
Бұл жол Романтика деп аталды.
Ол Еуропаның тұрыңқырап қалған тымырсық ауасын аласапыран етіп, айдап шығып, оны өршіл асқақ арман тынысымен толықтырды.
Мен оның "Аласталғандарын" бала кезімде қатарынан бес рет оқып шыққаннан кейін, осынау қажымас та талмас жазушының қайрат-дарынына тәнті болып, тіпті есеңгіреп қалған кезім де болған. Мен сол романды бітірісімен, сол күні оны қайтадан оқи бастайтынмын.
Мен Париждің картасын тауып алып, со картаға романның іс-қимылы өтетін жерлердің бәрін белгілеп отырдым. Мен тіпті өзім де соған қатысушы болған едім, содан ба, қалай, әйтеуір осы күнге дейін, жанымның бір түкпірінде Жан-Вальжан, Козетта мен Гаврошты балалық шақтағы достарым деп есептеймін.
Париж содан бері қарай Виктор Гюго кейіпкерлерінің отаны ғана емес, менің де отаныма айналды. Мен оны ешқашан көрмесем де жақсы көріп кеттім. Жыл өткен сайын бұл сезімім күшейе түсті.
Виктор Гюгоның Парижіне енді Бальзактің, Мопассанның, Дюманың, Флобердің, Золяның, Валлестің, Анатоль Франстың, Ролланның, Доденің Парижі, сосын Вийон мен Рембоның, Мериме мен Стендальдің, Барбюс пен Беранженің Парижі келіп қосылды.
Мен Париж туралы өлеңдерді жинап, оларды бір бөлек дәптерге жазып алатын болдым. Бір өкінішті жері оны жоғалтып алдым, бірақ сол өлеңдердің көптеген жолдарын жатқа біледі екенмін. Олардың тым әшекейлі де, қарапайым да жолдары бар.
Сіз ертектегі қаланы көресіз
Жұрт ғасырлар бойы оған табынған,
Жаның кінәраттарды ұмытады
Шаршаған қолың дірілдеп тыншиды.
Люксембург бауында, фонтанды жанай
Сіз алыс шекпен өтесіз
Шынарлардың қалың жапырағы астымен,
Мюрже романының Мимиі тәрізденіп...
Гюго біздің көпшілігіміздің көкірегімізге осынау тұмса махаббатты дарытып кеткен ғой, сол үшін біз оған алғыс айтамыз, әсіресе со бір ұлы қаланы өз көзімен көру бақытынан мақұрым қалғандар үшін де.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі