Өлең, жыр, ақындар

Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин

Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин (1892, Желтау маңы, қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, — 26.2.1938, Алматы қаласының маңы) — режиссер, драматург, актер, қазақтың ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам және театр қайраткері, ҚазАКСР-інің халық артисі (1931). Кедей шаруа отбасында туған. Алғашында ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таныды. Жас кезінен өмір теперішін көп көрсе де Шанин ұлттық ойын-сауықтар мен ән-күйлерге ынтық болып өсті. Туған нағашысы Алтыбайдан ән салып, домбыра тартуды үйренді. Әсіресе Қоянды жәрмеңкесіне барып, халық сауыққойларының думанын тамашалау — оның ой-қиялын қозғап, өнерге деген ынта-ықыласын арттырды, 1913 жылы Омбы қаласына келіп, күн көріс қамымен біраз уақыт заводта жұмыс істеді. Мұнда С. Сейфуллинмен, Н. Нұрмақовпен және Б. Серкебаевпен танысады, әрі өз бетінше оқып білімін жетілдіреді.

1915-1916 жылы бухгалтер курсында оқыды. Мұны бітіргеннен кейін заводта бухгалтердің көмекшісі болып қызмет етеді. Осы жылдары алғаш рет қалалық театр спектакльдерін көреді. Бірақ көп ұзамай-ақ, патша үкіметінің жарлығымен Шанин майдан жұмысына тартылады; одан туған ауылына 1917 жылы оралды. Сол жылдан бастап Қарқаралыда, Павлодарда (1921-22), Зайсанда (1922) және Семейде (1923) және ҚазАКСР ОАК мүшесі болып, т.б. қоғамдық жауапты орындарда қызмет етті. Саяси-әлеуметтік және қоғамдық істерге белсене қатысу Шаниннің ой-өрісін кенейтіп, кейінгі режиссерлік әрі жазушылық қызметіне игі ықпал жасады.

1920 жылдары Семей қаласында "Ес аймақ" труппасын басқарды. Режиссерлік өнер жолын осы труппадан бастаған Шанин халық жыры негізінде жазылған өзінің "Арқалық батыры" мен Сейфуллиннің "Қызыл сұңқарларын" (1922) қойды; сонымен қатар өзі осы аталмыш спектакльдерде Арқалық батырдың және Еркебұланның рөлін орындады. Бір бөлімді "Торсықбай" комедиясы 1925 жылы Семейдің "Таң" журналында жарияланды. Бұдан кейін ол қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының директоры (1926) болумен қатар оның көркемдік жағын басқарды, Шанин Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастыруда, сондай-ақ профессионалдық тұрғыда қалыптастырып, сахналық-шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірді. Алғашқы шығармашылық-ұйымдастырушылық қызметінен бастап Шанин актерлер мәдениетін көтеруге, театр жұмысын белгілі бір жоспар бойынша жүргізуге, репертуардан тәрбиелік һәм идеялық-көркемдік сапасы жоғары драмалық шығармалардың орын алуына ерекше көңіл бөлді. Бұл мәселелер "Қазақтың мемлекеттік театры", "Мемлекет театрының артистері" (1927), "Қазақстан мемлекет театры" (1928), "Театр тарихынан" (1931), "Сахна техникасын меңгерейік", "Сахнада шындықты таңу" (1935) атты әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларында жан-жақты қарастырылып қамтылды.

1926-32 жылдары қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында ұлттық драматургиядан Сейфуллиннің "Қызыл сұңқарларын" С.Т. Аблановтың "Күндеспейтін қатындары" мен "1916 жылын", А.Т. Шаниннің "Болатын", І. Жансүгіровтің "Кегі" мен "Түркісібін", Б.Ж. Майлиннің "Майданын", М.О. Әуезовтің "Октябрь үшін" және классикалық туындылардан А.С. Пушкиннің "Тас мейманы" мен "Сараң серісін", У. Шекспирдің "Гамлетін", сонымен бірге өзі жазған "Торсықбай", "Арқалық батыр" (екі кешке арналған 2 бөлімді), "Айдарбек", "Баян батыр", "Өлімнен үмітке" ("Шахта") т. б. шығармаларды қойды. Ұлттық төл туындыларды қоюда ән-күйлер мен тұрмыс-салттық, этнографиялық бояуды мол қолданды. Драмалық шығармадағы белгілі бір дәуір тынысы мен тарихи оқиға орнын, оған қатысатын кейіпкерлердің мінез табиғатын айқындап ашуда пайдаланатын әр түрлі сахналық реквизитке (зат-бұйымдарға), декорация мен костюмге (киім-кешектерге) ерекше ден қойды.

1927 жылы бір топ өнер шеберлерін бастап, Москва қаласында өткен этнографиялық концертке қатысады, 1932-33 жылдары қазіргі Қырғыздың мемлекеттік академиялық драма театрының (Бішкек қаласы) бас режиссері болды. 1934 жылы ашылған музықалық театрды (қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры) ұйымдастыруға қатысып, Қ. Жандарбековпен бірге Е.Г. Брусиловскийдің "Жалбыр", "Қыз Жібек" пен "Ер Тарғынын" қойды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар