Сыпатай батыр (1782-1867) — Қоқан басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан батыр, ерлігі мен шешендігі, әділдігі мен ақылдылығы жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі. Шыққан тегі — Дулат тайпасының Ботпай руынан. Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына аты атынлған адам екен. Бірақ балалары — Андас та, Сыпатай да намысқой, өр кеуделі жігіт болып өседі.
Көз көрген қарттардан естігені бойынша Сыпатай батыр кескінін Кенен Әзірбаев: «зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты», — деп суреттейді. Тарихтан ХІХ ғасырдың басынан ортасына дейін Оңтүстік Қазақстан аумағының біраз жерін қоқандықтардың басып алғаны белгілі. Басқыншылардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай Қоқан хандығынан елін азат етуді өз өмірінің басты мұраты етеді. Атқа мініп, қол жинап, елге қырғидай тиіп, салық жинап жүрген Қоқан ханының жасауылдарын айдап шығады. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді.
Арқадан ығысқан Кенесары хан oңтүстікке келіп, Қоқан Хиуа хандығының бекіністеріне шабуыл жасағанын естіп, содан рухтанып атқа қонған ел азаматтарын бастап, Сыпатай да көтеріліске шығады. Кейін Кенесарыға барып қосылады, оның сенімді батырларының біріне айналады. Бірақ Кенесары қырғыздарға соғыс жасағанда, Сыпатай одан бөлініп, өз әскерін бастап кетіп қалады. Оның өзіндік себебі де бар еді. Жиырмадан жаңа аса берген албырт кездерінде өз елінің жуандары ағайынды екі батырды — Андас пен Сыпатайды сыйғызбай қуып жібергенде, олар көрші қырғыздарға барып паналаған болатын. Қырғыз ағайындар елін Қоқан басшыларынан қорғасқан екі батырға риза болып, өз ұлдарындай көріп, алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, қоныстығына жер береді. Қалың малын төлеп қыз әпереді. Қырғыздың солто тайпасының манабы Қанай Сыпатайдың екінші әкесіндей болып, үлкен қамқорлық көрсетеді. Өзін баласындай етіп өсірген елге Кенесары шабуыл жасамақ болғанда, не істерін білмеген ол қатты қиналады. Ақыры өздеріне адамгершілікпен соншалық жақсылық жасап, екінші отанына айналған елге шабуыл жасауға ұжданы жібермейді, әрі ата жұртының ежелгі көршісі бауырлас елмен қарым қатынасты бұзғысы келмейді. Кенесары көтерілісі жеңілгеннен кейін, Қоқан езгісінен елді құтқарудың жалғыз жолы — Ресей қарамағына өз еркімен ену деп түсінген ол орыстың патшасы Александр ІІ-ге хат жазады.
Орта Азияны жаулап алу құлқының тесіп отырған патша өкіметі кідірмей, 1863 жылы Верный қаласындағы полковник Черняевқа Қоқан хандығына қарсы жорыққа дайындалуға бұйрық береді. Бұл жорыққа Сыпатайдың балалары қатысады. Орыс патшасы Сыпатайдың еңбегін жоғары бағалап, шен және бағалы сыйлықтар береді. Сыпатай - сексен бес жыл жасаған өмірінің саналы алпыс жылын күрес-тартыспен өткізіп, шапқыншылықты күнде ерлігін, бейбіт күнде мәмілегер әділдігін танытып, халқына қалтқысыз қызмет еткен ерлердің бірі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Мағжан Жұмабаев
- Мағжан Жұмабаев
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі