Менің қарт атам бар еді. Мен ол кісінің жалғыз ұлымын. Сондықтан да мен ауырып, сырқаттансам, атамның дегбірі кете бастайтын. Ол кісі ыстықтан өте қорқатын еді. Ыстық шілдеде аяғына шұлғау, мәсі киіп, оның сыртынан байпақты етік киетін. Үстінде үлкен күпі, күпінің сыртында ұзын шекпені болатын.
Шілденің ыстық күнінде осы киімдерімен жүріп сиыр бағады. Сорлы қамқоршы ата менің ауырып-сырқамағаныма сондай тілектес, сондағы маған істейтін жәрдемі: ыстықтан қалай сақтану керек жөнінде, маған да өзінін ыстық күнде киетін қалың киімдерін кигізетін.
Мен де ыстық күнде күпі, басыма бөрік киіп, белімді буынып алып жүруге әбден үйреніп алдым. Өй, өте ауыр - ақ болады. Ыстыққа самайымнан быршып тер сай - сай болып ағады да тұрады. Әбден пысынаймын, бірақ күн өтпейтін сияқты. Расында, күннің ыстығынан күпінің ыстығы қиын, бірақ көңілге медеу.
Сөйтіп жүріп сөлекет - ақпын, еш нәрсеге ыңғайым жоқ. Және қорқақпын. Бір баламен байқаусызда керісіп қалсам да, бір балаға байқаусызда бір қаттырақ сөз айтсам да, апыр-ай, осының аяғы неге соғар екен, не болып қалар екен деп өз-өзімнен сескеніп, жүрегім тітірейтін де тұратын.
Өтеубай екеуміз құрдас болдық. Расында, ол менің жақсы жолдасым еді.
Оны жақсы көретін едім, маған балалардың бәрі шілденің күнінде күпі киесің деп күлгенде, ол күлмейтін еді, қайта мені қорғайтын.
Оның сирағы тілім-тілім болатын, табанының дүңкиіп іспеген жері, тікен кірмеген жері болмайтын. Өтеубайдың қол-аяғының күсі бір елі болатын да, ал мұрнын сіңбірудің орнына, қорқ еткізіп көйлегінің жеңімен бір сипап қалатын, сондықтан да оның жеңі қақ-қақ боп қысқы күнгі мұз астаудың маңындай жылтырап тұратын еді.
Ол ит таластыруды, түнде қорадағы қойды үркітуді, ептеп реті келсе жақсы жеңгейлердің айран, қаймақтарын ұрлауды да онша жек көрмейтін.
Сол Өтеубай бір күні таң сәріден қыстаудан асық әкелейік, менің қоймада асығым бар деп мені ертіп шықты.
Күн сондай ыстық. Ауыл мен қыстаудың арасы 15 шақырымдай. Менің үстімде қоржиған күпім, басымда бөркім бар, киімім қалың, екеуміз араламаған қыстауымыз жоқ, бір асық та таба алмадық. Екеуміз де әбден шаршадық. Ауылға қайтып, жарым ортаға келгенде мен жүре алмай қалдым. Аңдасам, ол өтірік айтыпты.
Жолда келе жатып мен Өтеубайға ренжідім.
Бірақ Өтеубайға ренжіп қатты сөздер айтқаным да құрсын, тынышым сонша кете бастады. Тіпті, расын айтқанда, осының түбінен бірдеңе шығып кете ме деген ойлар өзімді быж-тыж етті. Жүрегім дір-дір етеді. Қорқыныштың құшағына ендім.
Міне, осы сияқты менің сылбыр мінездерім, қорқақтығым, батылым бармайтындық күн санап ұлғая берді.
Мен бері келген соң оқуға түстім. Әжептәуір білім алып, кітапханалармен ептеп байланыс жасай бастадым. Оқып жүргенде де дара жүру менің басымда болды. Дегенмен көркем әдебиет оқуды жаным сүйеді.
Сөйтіп кітапханадан «Құндақтағы адам» деген бір әңгімені оқыдым. Оқып отырып біраз кейідім. Бірақ бас алмай бір рет оқып шығып, тағы бір рет оқыдым. Тағы оқыдым. Мен әңгімеге аң-таң болдым, менің нағыз мінездерімді біреу жазыпты да қойыпты. Тіпті менің күпі киетінім сияқты қабат-қабат пальто киеді дейді. Оны қойшы, менің қорқақтық мінездерімді; апырай осының аяғы неге соғар екен деп тітірейтініме дейін жазған. Тек менің образымды берген де қойған. Тіпті менің жүрегімді, қолқамды аралап шыққан адам сияқты.
Мұндай ұялмаспын! Есімнен әлі қалмайды. Ұялғанымнан әңгіменің авторын іздедім.
Апырай, қандай инженер екен осыны жазып жүрген дедім.
Аңдасам Антон Павлович Чеховтың әңгімесі екен. Мен үшін үлкен сабақ болды. Алдыңда айна тұрғанда бетіңе жұққан күйе болса, айнадан көріп, сүртіп тастамайсың ба? Сол сияқты бұл әңгіме кісінің мінез-құлқы көрінетін кеуденің айнасы екен. Мен өзімді өзім көріп ұялдым. Сөйтіп, менің мінезіме тіл жетпестей жаңалық пайда болды.
Назар аудар:
Баубектің хаттарына байланысты берілген түсініктемелер
Сапердің дзотты тапсыру кезінде жаяу әскерге жолдаған хаты
Баубек қайта тіріліп, хат жазғандай болды...
Дәмір
Өтеубай дегені кім болды екен?