Мукушева Асем Наурызбаевна
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Бар ғылымның бастауы – мектеп, сондықтан біздің басты мақсатымыз –келешек ұрпақтың функционалдық сауаттылығын жақсарту.
Н.Ә.Назарбаев
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – білім беру процесінің негізгі бөлігі болып табылады. Қазіргі білім мен ғылымның дамыған заманда білім беру жүйесінде «Функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру ең өзекті мәселеге айналып отыр.
«Функционалды сауаттылық» оқушының мектептегі алған орта білімінің күнделікті өмірінде және болашақтағы көп қырлы қызметінде кездесетін тұрмыстық қоғамдық, әлеуметтік экономикалық проблемаларды шешуде табысты қолдана алуын қамтамасыз етеді.
Функционалдық сауаттылық дегеніміз адамдардың сыртқы ортамен, әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, қарым-қатынасқа кіру қабілеттілігі, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, ілесіп отыруы, өз білімін үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Тұлғаның оқу, ұғыну, қысқа мәтіндерді жасау және жеңіл арифметикалық амалдарды орындаудағы қарапайым сауаттылығына қарағанда, жеке тұлғалық сауаттылықтың айырмашылығы тұлғаның нақты мәдени ортада тіршілік ету үшін біліктілік, икемділік пен дағдылар, яғни функционалдық сауаттылық болып табылады. Функционалдық сауаттылықтың негізгі міндеті – мұғалім баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін, шығармашылық тұрғыда ойлауын қалыптастырып және баланың өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
Қазақ тілін оқытуда оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың теориялық негіздері оқушылардың қазақ тілін меңгеруі барысында жүйелі ойлауын дамытып, мектепте алған білімінің өмірдің қай саласында да тірек болуын қамтамасыз ететін тиімді əдістемелік жүйе жасауға жəне қолдануға мүмкіндік береді.
Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту — олардың психологиялық қырынан даму мəселесін де қарастыруды қажет етеді. Оқушының дамуы дегеніміз — оның өмірлік күш-қуаты мүмкіндіктерінің жүзеге асырылуы. Сондықтан сол дамытатын қабілеттерді жəне олардың оқу-танымдық процестегі қызметі ерекше қажет. Ал оқушыны белгілі бір психикалық алғышарттарға ие болып келетін, танып-білу мүмкіншіліктері мол жеке тұлға деп қарастыру — теориялық ұғым жасаушы субъектінің болмысын анықтау болып табылады.
Оқушылар тілдің грамматикалық ережелерін есте сақтап, жатқа қайталап айта алады. Осы тілдік құбылыстар туралы білімін коммуникативтік мақсатта еркін пайдалану қабілеті болмайды, кейбір кездері тілдің грамматикасын игермеген оқушы сабақтан тыс кездерде сол тілде жақсы сөйлей алуы мүмкін.
Қазақ тілін оқыту сабақтарында тілді жылдам жəне сапалы игеру үшін міндетті шынайы түрдегі қарым-қатынастар жағдаяттары ұйымдастырылуы керек. Мұндай сөйлеу тілдік жағдаяттары арқылы оқушылар қазақ тілін саналы түрде меңгере алады.
Тілдің саналы түрде игерілуі баланың танымдық қабілеті мен таным күштерінің бірігуі арқылы іске асып отырады. Баланың дамуға бейім таным күштерін байқаған мұғалім арнайы жұмыс арқылы оны ұштай түсуі тиіс. Мұғалім оқушының қазақ тілінде төселе сөйлеуін, сауатты жазуын қамтамасыз ету барысында міндетті түрде оның танымдық қабілеттерінің де дамуын да ескеріп отырғаны жөн.
Əрине, даму барысы оның физиологиялық даму мүмкіндіктерімен үйлесе келуін де қажет етеді. Мұғалім оқу-танымдық процестің жетекшісі мен ұйымдастырушысы ретінде оқушының биологиялық жəне əлеуметтік дамуын үйлестіріп отыруды баса назарда ұстайды. Жасөспірім кезінде баланың танымдық қызметі ерекше белсенділікпен өтеді [1].
Абайдың 7-қара сөзінде айтылған танымдық қызығушылық енді мектепте жəне орта сыныптарда түрлі салаларды меңгере бастауымен арта түседі. Осы ретте оқушының қазақ тіліндегі коммуникативтік құзыреттілігінің оны белгілі бір шынайы ситуацияларға түсіре отырып, төселдірілуіндегі даму процесі туралы айтып өту керек [2].
Оқушы тиісті оқу нысандарынан білімдік ақпарат алғанда, көп мағлұматтардың ішінен өзіне керек хабарды іріктеп алады. Адамның басында осындай іріктегіш, селективтік аспап бар. Егер оқушы рецепторларына жеткен мағлұматтарды іріктеп алмай, оған не əсер етсе, соны түгел қабылдаса, мақсатына жете алмас еді. Ол көп хабардың ішінен ненің қажет, ненің қажет емес екендігін ажырата алмай, оқи алмас еді. Сондықтан көп мағлұматтардың ішінен өзіне керегін ғана іріктеп таңдап алу — оқу тапсырмасын орындаудың негізгі шартының бірі.
М.Мұқанов таным үдерісінің элементтерін мыналар деп көрсетеді: қабылдау; зейін; ес пен жады. М.Мұқанов жеткіншектердің таным үдерістерін былайша сипаттайды. Күнделікте оқу материалын ұғыну қабылдаудан басталады. Қабылдау тек бірдеме қарау, не соны тыңдау ғана емес, баста бар бейнелермен объектілерді салыстырып түсіну [3].
Қазақ тілінен оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың педагогикалық негіздері дегенде, ең алдымен, оқушылар меңгеруі тиіс деп танылған қазақ тілінен берілетін білім мазмұны, қазақ тілін ана тілі ретінде оқуы арқылы оқушылардың тілдің кумулятивтік қызметін меңгеруі арқылы өзін-өзі тануы, тілдік санасы жетіліп, тілдік тұлға ретінде қалыптасуына игі ықпал ететін педагогикалық заңдылықтар қарастырылады.
Қазақ тілін функционалдық сауаттылықты дамыту бағытында оқытуда педагогиканың, дидактиканың жаңашыл идеяларын қолдану керек. Бұл ретте оқу бағдарламасы, оқулық, оқу құралдары мен оқыту формалары, оқушының білімін тексеру мен бағалаудың жаңа формалары, жаңа оқыту технологиялары, білім мазмұнын сұрыптаудағы жаңашыл əдістер т.б. мəселелер аса өзекті болып табылады.
Қазақ тілін функционалдық бағытта оқытуда дəстүрлі дидактикалық жəне қазақ тілін оқыту ұстанымдарының жүйесі қатарында мынадай педагогикалық ұстанымдар басшылыққа алынғаны дұрыс деп санаймын: когнитивтік ұстаным, креативтік ұстаным, рефлексивтік ұстаным. Көрсетілген ұстанымдардың оқушының ой операцияларының логикалық-сабақтастық желісін құрап, ауызекі сөйлеу мен жазу сауаттылығын қалыптастырып, дамытуда орны ерекше екендігін соңғы жылдардағы көптеген педагогикалық зерттеулер мен еңбектерде дəлелденіп келеді.
Қазақ тілін оқытуда оқушылардың сауаттылығын қалыптастыра отырып, тіл үйрену белсенділігін арттыру үшін интернет-технологияны қазақ тілін оқыту əдістемесінің орнықты бір компонентіне айналдыру керек. Мұндай істің бүгін үшін де, болашақ үшін де маңызы зор. Интернет-технологияны енгізудің қаншалықты маңызды екендігін соңғы 5–7 жылда барлық білім алушылар да, білім берушілер де анық түсінді деп айтуға болады.
Интернет-технологияның қазіргі кездегі даму барысын қадағалай отырып, онда əлеуметтік сервистер мен қызметтердің кең тарап келе жатқанын көре аламыз. Олар: блог, уики, покаст, твиттер, ютюб, қыстырма т.б. Оларды кең арналы жүйеде қолдануға қазақ тілін оқытудың кейс-стади, квест- сабақтар, электрондық-виртуалдық сабақтар, қашықтан оқыту т.б. сияқты заманауи жүйелерді қолдану əдістемелері арнайы зерттелуі керек [4, 5].
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда қазақ тілінің функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан меңгертілуі басты орында болуы керек. Қазақ тілін функционалдық-коммуникативтік бағдарда оқытуда «тілден — тілдік форма мен тілдің функциясына» жəне «тілдің функциясынан тілге» қарай жүру логикасы ұсталынады. Тіл жүйесіндегі тіл бірліктерінің қызметі — өзінен жоғары тұрған тіл бірлігін құруға қатысуы, сөйтіп адам сөйлеуінде барлық тіл бірліктерінің қызметінің көрініс табуы тілдің функционалдық ерекшелігі болып табылады.
Бұл ретте қазақ тілін қазақ мектебінде оқытудағы жəне қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудағы құзыреттердің басым орны танылады. Қазақ тілін оқытудың басты мақсаты — қазақ тілінің төменде көрсетілген басты қызметтерін теориялық жəне практикалық тұрғыдан меңгерту, өмірлік жағдаяттарда еркін əрі сауатты қолдануға дағдыландыру.
Қазақ тілі сабақтарының «Қызықты грамматика əлемінде», «Квест-сабақтар», «Жоба сабақтар»,«Ойын сабақтар» сияқты оқу іс-əрекеттері белсенді өтетін түрлермен көбірек ұйымдастырылуы арқылы оқушылардың өз бетімен қазақ тілі меңгеру дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік мол болады. Осы айтылғандармен қатар, қазақ тілі сабақтарында оқушылардың «рефлексиялық жаттығулар» орындауына, білімін тексерудің тестілік түрін қолдануына, жаңа ақпараттық технологияларды мұғаліммен жəне өз бетімен қолдануына, жоба жұмыстарын түрлі формада қорғауына, өзара пікірталастар мен семинар-сабақтар ұйымдастыруына жағдайлар жасап, белсенділігін арттыру жолдары көзделеді.
Қорыта келгенде, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Педагогтің сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін абырой, яғни үмітінің ақталғаны, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені. Мұғалімнің сабағының өн бойындағы негізгі мақсаты, оның негізгі мәнін естен шығармай, әрбір сәтті тиімді пайдаланғанда өз мақсатына жетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі