Өлең, жыр, ақындар

Заманауи мұғалімнің сұранысына сай әдістер

Сарбиева Жанаргүл Калибековна
Степногорск қаласы Қаныш Сәтпаев атындағы №9 ЖОББМ–нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Мектептердегі оқу мен оқыту жайы біздің заманымыздағы өзекті мәселеге айналғалы біршама уақыт өтті. Жаңарған, жаһанданған елдің білімді, тәрбиелі тұлғасын қалыптастыру - білім ошақтарының басты міндеті. Білім берудің жаңартылған мазмұнды бағдарламасы, жаңа оқулықтар, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары – осының бәрі бір мақсатқа жұмылдырылған. Ол – сапалы білім беру.

Сапалы білімге жету үшін оқытушыдан шеберлік, оқушыдан талап пен ниет керек. Қазіргі қарқынды ақпарат заманында мұғалімге оқушының зейінін оқып үйренуге аудару жеңіл болып тұрған жоқ. Ғаламтор жаулаған әлем мен мұғалімнің арасында оқушы үшін күрес жүріп жатқандай. Білім саласында қызмет етіп келе жатқан жылдарда түйгенім: оқушылармен ынтымақтастықта бірлесе жұмыс істесеңіз жетістікке жетесіз. Оқушыға дауыс көтеру, ақыл айту, жазалау – әлсіздік. Сіздің қаруыңыз – біліміңіз,біліктілігіңіз, шеберлігіңіз. Ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннің: «Педагогикалық жұмыстардағы шешуші нәрсе – ең жақсы оқыту әдістерін таба білуде» деген пікірінің құндылығын әр мұғалім жете түсінгені жақсы.

2013 жылы «Өрлеудің » педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы бойынша курсқа барғанымда Асхат Әлімовтің «Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері» деген оқу құралы қолыма түсті. Күні бүгінге дейін өз сабақтарымда автор ұсынған әдіс – тәсілдерді қолданып келемін. Интербелсенді әдістер – қарым-қатынасқа жағдай жасайтын сабақта қолданылатын жаңа әдістер. Интербелсенді әдістер оқушының білімді дайын күйінде қабылдамай, оны өздігімен құрастыруына ықпал етеді. Зерттеулер бойынша өздігінен құрастырған білім оқушының есінде жақсы сақталады. «Қайталау емес, өздігімен білім алу қажет бұл күнде. Ал бұл мақсатқа әр сабақта интербелсенді әдістемені қолдану арқылы ғана жетуге болады» [1. 9-бет]

Өз сабақтарымда «Кластер», «Галлереяны шарлау», «Серпілген сауалдар», «Төрт сөйлем», «Үштік оқу», «Жигсо», «Интервью», «Дауыстап ойлау» т.б.әдістерді қолданамын. Бұл әдістердің нәтижесінде оқушылар: • қалай оқу керектігін түсінді • өз білімдеріне өзі жауапты екенін ұғынды • белсенділік өсті • пәнге қызығушылығы артты • өз пікірлерін айтуға жасқанбауды үйренді Әр мұғалім интербелсенді әдістерді тиімді пайдалануды оқу мақсатына, тапсырмаға қарай шешетіні белгілі. Оқушылардың қызығушылығы мен ынтасы оқыту/оқудың белсенді тәсілдерін қолданғанда анағұрлым жоғары болады. Ескеретін нәрсе: тым асыра орынсыз қолдана бермеу. Бірінші кезекте оқу мақсатына жету, бұдан соң ғана әдістерді оқушылардың қызығушылығын, деңгейін саралап барып қолданған жөн. Заманауи мұғалім сабағын тиімді ойластырудың жолын үнемі қарастырып жүретіні белгілі. Бұл ретте интербелсенді әдіс-тәсілдердің көмегі зор болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әлімов А. «Оқытудағы интербелсенді әдістер» - Астана , 2014. – 9-б.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз