(новелла)
I
Линстоудағы бітімгершілік сот залына адамдар лық толған. Таңқаларлық оқиға күнде бола бере ме, сондай-ақ күн сайын приходтық пасторларды ұрлық-қарлық үшін айыптай бермейтіні және белгілі. Біздің байырғы дініміздің өміршеңдігіне күмәнмен қарайтындар мынадай қызықты көре отырып, сан шапалақтауларына әбден болар еді. Өмірі өз фермаларының жанынан шықпайтын шаруалар да осы сотты қызықтау үшін үш миль жерден ерінбей-ақ жетіп келген. Сабын, ірімшік, сіріңке, бәтеңкенің бауы сияқты ұсақ-түйек сататын дүкеннің иесі — миссис Глойннің өзі фермер Радлендтің әйеліне таңдайын тақылдатып тұрып:
— Ойпырмай, ә! Қараңызшы, қаншама адам жиналған! — деп қояды.
— Тура жексенбі күні шіркеуге жиналғандай-ақ! — дейді оған жауап ретінде миссис Редленд.
Шындығында бұл жерге еркектерден гөрі әйелдер көбірек жиналған. Өйткені олар біріншіден, қай уақытта да ар тазалығын алдыңғы орынға қойса, екіншіден, бұлардың көпшілігі соңғы екі жылда картоп, май, тауықтың балапаны, тағы басқа да құдайдың берген ризығынан тапа-тал түсте айырылып қалып жүрген, себебі оларды пасторлар алып қоюшы еді. Сондықтан олардың бұл істі құлшына қызықтауы заңды да. Енді, міне, әрқайсысы пастордан қанша зиян шеккенін еске түсіріп қойып, сот залында тапжылмай отырған отырыстары мынау. Олар Линстоудан үш миль жердегі Троувер деревнясынан келген. Бұл өзі биік төбе басына жайыла орналасқан, реставрация кезінде баяғы қалпын жоғалтып алса да қоңырау мұнарасы жақсы сақталған шіркеуі бар, шағын деревня еді. Бұлардан басқа сот залында отырғандардың кейбіреуі тіпті сонау Атлантика жағалауынан — Троувердің арғы жағындағы жатаған жоталардың үстінен шіркеу мұнаралары мұнартып көрініп тұратын үлкен елді мекеннен де ат арытып жеткен-ді. Өз тұрғысында бұл сирек кездесетін оқиға еді, ал бұдан шығатын мәселенің өткірлігін екі шіркеу арасындағы бақталастық тіптен күшейте түскен. Троувердегі үстем шіркеу мен протестанттық қауымдастық арасында тым тіл табыстық бола бермейтін, сөйтіп өзінің садақасынан айырыла отырып, үстем шіркеудің діндарлары мәселе ушыға түсер болса, пастордың кедейшілігі протестанттарды мұқатуға жақсы себеп болар еді деп өздерін жұбатып та қойған (сот залында біраз протестанттар да отырған). Мәселе, әрине, пастордың кедейшілігін бетіне басу емес, бұның өзі бір жағынан надандық болар еді, өйткені қауесетке қарағанда, пастордың қаржы мәселесінде қатты күйзеліске түсуі — оның акцияға сеніп қалуынан секілді. Егер шынымен-ақ қолдарына қарға тышарына сенсе, приходтықтар өз жағдайларын сәл де болса жақсартып алулары үшін биржада да бақ сынауды әбес көрмес еді, бірақ әр жердегі сәтсіздіктің өзі пасторларды картоп, май, тауықтың балапаны сияқты ұсақ-түйектерге жүгіртіп қоюға мәжбүр еткен. Кез келген приходтағы сияқты мұнда да ешкім: "Сәттілік — табысқа жетудің басты жолы" дегенге дау айта алмас еді, сондай-ақ деревняда да әр адамның ауқатты тұруға деген ұмтылысын ешкім жоққа шығара алмайтыны анық.
Дегенмен өзінен бір нәрсе сұрауға хақың болса да, ол өзіңнен бірдеңе дәметіп тұратын адамнан жексұрын ешкім жоқ шығар. Міне, сондықтан да... туа салып оқтау жұтып алғандай қақайған тіп-тік, ұп-ұзын, әмсе қара киім киіп жүретін бұл пастордың арықтау түр-тұлғасы, оның сопақтау, қан-сөлсіз бозарған, жирен қасты бет-пішіні, бір өшіп, бір жанып тұратындай шүңірек көзі, жап-жасыл етіп уақыт әбден тоздырған, мыжырайған қалпағы астындағы селдірлеу жирен шашы, оның өткір, өтімді дауысы, үзік-үзік шығатын сүйкімсіз күлкісі — бәрі-бәрі де приходтықтардың жынын келтіретін. Оның: "Маған бір фунт май керек... ақшасын дүйсенбіде беремін!". "Маған картоп керек... алдағы уақытта төлеймін!" деген арсылдаған дауысы — оған азық-түлік беріп, қайтарымына тек діни уағыз ғана алып жүретін талайлардың құлағында жиі жаңғырығып тұратын. Кей сәтте бір имансыздар: "Қарай гөр! Мен оған айттым ғой, барлық майымды базарға өткізіп жібергем деп" немесе: "Бұл пасторда ұят жоқ, мен оған енді соқыр тауық та бермеймін", — дейтін. Бірақ қалай дегенмен пастор мен оның кәрі шешесі приходтықтардың кінәсінен аштан өлуге тиіс емес-ті — мұндай жағдай бола қалса, "қарсы жақ" қуанғандарынан бөріктерін аспанға лақтырар еді. Ал пастордан басқадай бір тәсілмен құтылуды приходтықтардың өздері де қаламайды, өйткені, басқасын былай қойғанда, оны қамсыздандыру үшін осыған дейін жұмсаған "дүниесі" де аз емес қой олардың.
Пастордың кәсіптік қызметінен қылаудай мін табу қиын еді, уағыздары ұзақ та ұтқыр болып келеді; ол неке қию, шоқындыру, хормен ән салдыру сияқты өзінің көптеген міндеттерін орындауға ылғи да дайын тұрады — оған көлденең түсетін жалғыз кіріс көзі де осы еді. Әйтпесе қызметіне төлейтін еңбекақысы оның шайлығынан да аспайтыны белгілі. Оның діндарларға деген адалдығы — үнемі қауіп үстінде жүретін әлдебір маңызды қоғам мүшелерінің адалдығын еске түсірер еді.
Пастордың отбасы қайыршылықтың аз-ақ алдында отыр деген өсектің де тарап кеткені бар. Еш уақытта гүлдемейтін лавр бұталары қоршаған қызыл кірпішті үйдің сыртқы әп-әдемі түрі іштегі жағдайды тәлкек етіп тұрғандай көрінеді. Жұрттың айтуынша, пастордың сексен жастағы кәрі шешесі осы қыста төсегінен мүлде тұрмаған, өйткені үйде көмір болмаған. Ол сөйтіп жатқанда, оның үш құсы үйде еркін ұшып жүріп, барлық жерді сатпақтап шығыпты, себебі олар тұратын тордың аузын не ол, не баласы жаппаған көрінеді... Үйдегі жалғыз қызметші әйелдің өзіне ешқашан қара тиын төлемеген сияқты. Саудагерлер де енді пасторды тегін "жарылқауды" қойса керек, одан ештеңе ала алмаса қашанғы қарыз бере берсін. Үй жиһаздарының көпшілігі сатылып кеткен, бар жерде шаңның жиналғаны сондай, одан қақалып өлгендейсің. Қайтесің, жұт — жеті ағайынды деген осы!
Пастор қолына кішкентай себетін ұстап алып, аптасына үш рет азық-түлік жинайды, кез келгенге айтары — "ақшасын дүйсенбіде төлеймін". Жексенбіні аузына алмайды, өйткені о күнін демалуға қалдырады. Оның ойында үнемі: "Менің акциямның құны таяуда көтеріліп қалар" деген есек дәме жүретін секілді; бұған қоса ол: "мен сияқты құдай деген адамға біреулерден көмек алып тұрудың еш әбестігі жоқ" деп есептейтіндей. Расында оның қолын бос қайтару өте қиын болатын. Пошта тасушы адам оның деревня түбіндегі теміржол үстінде мәңгіріп тұрғанын екі рет көріпті. "Түсінесіздер ме, — дейді ол, — пастор есі ауысқан адамдай қалпағын қолына алып, әншейін жолдың тура үстінде қақайып тұрды да қойды!.. Рельстің үстінде тұрған пастор туралы осы әңгіме сұмдық оқиғаларға аса құмар адамдарды бейжай қалдырмаған. "Ерте ме, кеш пе, оның осындай бір жағдайға душар болатынына мен ешқашан күмәнданбаймын" деп соғады олар бастарын шайқай отырып: "Әзірге шешесі тірі тұрғанда, ол өзіне ештеңе істемейді" деп жұртты сендірген болады. Ал дінге өте сенген кейбіреулер: "Ол қасиетті кітапта жазылған қағидаға ешқашан қарсы іс жасамайды және ондайға үлгі көрсетуі мүмкін де емес" дегенді айтады.
II
Сол күні таңертең бітімгершілік сотының залы шіркеуде өтіп жатқан біреудің тойына ұқсап кеткен, Троувердің тұрғындары салтанатты түрде киініп келіп, өз діни сенімдеріне сәйкес: "шіркеу" — оң жақтан, ал "қауым" — сол жақтан орын алған-ды. Олар біркелкі киім кигенмен әр түрлі типтегі үлкен бір топ болып көрінеді, әрбір сөзді соншама ұйып тыңдағандары сондай - бәрінің дерлік аузы ашылып, көздері соттарға кірпік қақпай қадалып, қатып қалған. Ал соттар үшеу: сквайр Плейделл — креслода, оның сол жағында — дәрігер Баккет, оң жағында — құрметті Келмеди. Бұл құрметті адам заң өкілі ретінде қалың көпшіліктің алдына алғаш рет шығып отыр. Мұндағы жұртты елең еткізген — тек сот процедурасының барысы ғана емес, қаладан шағымданушы-талапкер ретінде келген ұсақ бөлке сатушының сыртқы пішіні де еді. Бұл адамның қалың сақалды беті мен жап-жалтыр басы сот басталғанша барша көпшіліктің басты назарында тұрған. Көп өтпей-ақ пастордың өзі де келіп жетті. Ол өзінің қара пальтосымен жұртты қақ жарып, алға ұмтылып келе жатты да, кенет аздап абдырап қалғандай болып, аяғын тежей қойды. Сосын мыж-мыж бетін соттарға бұрып:
— Қайырлы таң! О-о! Қаншама адам! — деді қыр-қыр етіп. Оның арт жағында тұрған констебль:
— Алға өтіңіз, алға!.. Айыпталушының орындығына барып отырыңыз, — деді міңгірлеп.
Пастор ішінде айыпталушының орындығы тұрған ағаш қоршауға кірді.
— Уағыздаушының кафедрасынан аумай қалған екен, — деп, қарқ-қарқ күлді өзінің сүйкімсіз даусымен.
Зал іші сыбыр-күбірге толып кетті, барлығының көзі осы бір ұп-ұзын, инеліктей арық пішін мен бурыл шашты сопақ басқа тоқтаған. Шағымданушы-талапкер куәгердің орнында тұрып, мынадай жағдайды баян қыла бастады:
— Құзырларыңызға құлдық, өткен сейсенбіде күндіз өзімнің арбаммен Троувер арқылы анау жардың жоғары жағындағы үйлерді аралауыма тура келген; сонда кір жуушы миссис Ханидің үйіне кірдім, ал арбамды көшеге қалдырып кеткем, мен өзі ылғи да сөйтемін. Қойшы, сонымен ол әйелмен біраз әңгімелесіп отырып қалдым, ал сосын үйден шыққан соң... қарасам: мына джентльмен алдыма түсіп, менен озып бара жатыр екен. Мен арбама қараймын, қараймын да ойланамын. "Қызық! Мұнда тек екі-ақ бөлке... мүмкін, мен қателесіп тағы екі бөлкені үйде қалдырған шығармын?" Мен миссис Ханиге қайта кіріп: "Мен осы асығып жүріп саған бір бөлкенің орнына екеуін қалдырғам жоқ па?" деймін. "Жо-жоқ, — дейді ол азар-безер болып. — Тек біреуін ғана... міне ол!" "Мәселе мынада, — деймін оған, — мен саған кірер кезде төрт бөлкем болған, ал қазір екеуі ғана қалыпты. Қызық!" "Мүмкін сіз біреуін жолда түсіріп алған шығарсыз?" дейді ол "Жоқ, — деймін, — мен оларды санап отырғам", "Расында, қызық екен! — дейді ол — Мүмкін ит ала қашқан шығар?" "Мүмкін... — деймін, — жолда тірі пендеден көргенім — жалғыз анау ғана". Мен осыны айттым да, мына джентльменді нұсқадым. "Ой! — дейді миссис Хани, — бұл біздің пастор ғой"."Иә, — деймін, — Мен оны қалайша танымаймын, егер ол маған, мінеки, он сегіз айдан бері қарызымды бермей жүрсе. Жә, мен оны қуып жетіп алайын", — деймін. Міне, солай, арбамды даңғырлатып шаба жөнелдім де, мына джентльменді қуып жеттім-ау ақыры. Ол басын бұрып маған қарайды. "Қайырлы күн!" деп қояды өзі. "Қайырлы күн, сэр! — деймін мен де. — Сіз бір... әлдеқалай.. бөлке көрген жоқсыз ба?" Ол қалтасынан бөлке суырады. "Жерден тауып алдым, — дейді.
— Көрдіңіз бе, кірлеп қалған. Бірақ біздің үйдегі құстарға жарап жатыр. Ха-ха-ха!.."Қарай гөр, — деймін, — міне, қайда мәселе! Енді түсінікті болды!" Бірақ сабыр сақтай тұрып, ішімнен: "Сіздің тарапыңыздан бұл аздаған ақылсыздық болған. Сіз маған, мінеки, бір жарым жылдан бері бір фунт, сегіз шиллинг және екі пенс қарыздарсыз. Ол ақшаны енді алам деген үмітім де жоқ, байқаймын, бұл сізге әлі де аз көрінген екен. Өте жақсы, бұл әуселеңізді көріп алармын! Сіз пасторсыз ба, басқасыз ба маған бәрібір!" — деп түйдім. Мен оны бөлкемді ұрлап алғаны үшін айыптаймын.
Бөлкеші сөзін бітірді де, салтақ-салтақ кір орамалымен беті мен қалың қара мұртын сүрте бастады. Осы мезетте күтпеген жерде айыпталушының орындығында отырған пастордың даусы барқ ете қалды.
— Бір түйір кір нан... Құстарға жем үшін. Ха-ха! — Қас қағым сәтте залда өлі тыныштық орнай қалған.
Тек не заматта бөлкеші тағы да жайлап сөйлей бастап еді.
— Бірақ бұл да ештеңе емес, — деді ол — Мәселе мынада... нанды ол өзі жеп қойды. Бұны растайтын менің екі куәгерім бар.
Төрағалық етуші өзінің қаталдау салқын жүзін қолымен сипап қойып.
— Сіз бөлкенің бір жеріне жұғып қалған кірді көре алдыңыз ба? — деп сұрады. — Жауап бермес бұрын ойланып алыңыз.
Бөлкеші сенімді түрде:
— Иненің жасуындай дақ көрсем бұйырмасын, — деді. Бұдан кейінгі сөзді дәрігер Беккет алған. Бұл өзі сұйық сақалды, көзінен ылғи да мазасыздық білініп тұратын, өмірде талай бәле-батырды көрген, арықтау келген адам еді.
— Ал сіздің атыңыз өз орнында тұр ма екен?
— Ол қай уақытта да қойып кеткен жерде қаққан қазықтай қатып тұрады.
— Ха-ха-ха! — Пастордың қарқылдай шыққан күлкісі естілді.
— Жарайды. Сіз боссыз. Енді куәгерді шақырамыз.. Чарлз Содлер, балташы... Мархамат, айтыңызшы, бұл жайдан сізге не белгілі?
Алайда ол ауыз ашқанша пастор барынша айқай салсын.
— Күнәһар!
— Тынышталыңыз, сэр.
Бірақ бүкіл залдың іші абыр-дабыр, күбір-сыбырға толып кетті.
Қызыл шырайлы, бурыл шашты, ұзын мұртты, өткір көзді, төртбақтау келген куәгер адам жылдамдата сөйлей жөнелді.
— Құзырыңызға құлдық, сейсенбі күні, күндізгі сағат төрт шамасында, мен деревня ішімен кетіп бара жатып, пастордың өз үйінің қақпасы алдында қолына бөлке ұстап тұрғанын көріп қалғаным рас.
— Бізге көрсетіңізші, ол бөлкені қалай ұстап тұрды?
Куәгер мынадай түрде көрдім дегендей өзінің қара қалпағының төбесін сыртқа қаратып, бүйіріне қыса түсті.
— Бөлкеге кір бірдеңе жұққан ба, әлде таза болды ма? Куәгердің кішкентай көздеріне бір жұмбақ күлкі үйіріле берген.
— Меніңше... таза болды.
— Жалған!
Төрелік етуші қатаң ескерту жасап өтті.
— Сөзді бөлмеңіз, сэр. Куәгер, сіз бөлкені аударып көрдіңіз бе?
Куәгердің көзі жыпылық қаққан.
— Олай дей алмаймын.
— Пастор сізбен сөйлесті ме? — Куәгер жымиды.
— Пастор менен бес шақырым алыс жүрер еді. Өйткені мен салық жинаушымын ғой.
Пастордың қаңғыбас иттің үргеніндей арпылдай шыққан күлкісі залда қайта қоза бастаған абыр-дабыр, сыбыр-күбірді су сепкендей басып тастады да, тағы да тым-тырыс тыныштық орнады.
Артынша төрағалық етуші пасторға қарап:
— Сіздің куәгерге сұрағыңыз бар ма? — деді. Пастор төртпақ қараға қырылдай тіл қатқан.
— Сіз неге өтірік айтасыз?
— Өтірік екенін сіз қайдан көріп тұрсыз? — деп куәгер шап ете түсті.
— Бөлке таза дегенді айтып тұрған сіз емессіз бе?
— Таза десем, тазалығын көрген соң айттым.
— Шіркеуге барып тұрған адам болсаңыз, өтірік айтпас едіңіз.
— Шындықты шіркеуден гөрі басқа жерден оңайырақ табармын деп ойлаймын.
Төрағалық етуші үстелді тықылдатып қойды.
— Жетті, жетті! Сіз боссыз. Келесі куәгер... Элшли Бликер. Сіз кім боласыз? Пастордың үйінде күтуші? Өте жақсы. Бұл бөлке жөнінде сіз не білесіз?
Жалпақ бетті, қой көзді куәгер қыз:
— Ештеңе, сэр, — деді жасқана міңгірлеп.
— Тыныш! Сіз бөлкені көрдіңіз бе?
— Жо-оқ.
— Ендеше мұнда неге келдіңіз!
— Сол күні қожайын маған тәрелке мен пышақ әкелуді сұраған. Мен әкелдім. Ол кәрі шешесімен бірге отырып, оны жеді. Кейін мен тәрелкеге қарасам, онда бір түйір қоқым да жоқ екен.
— Егер сіз бөлкені көрмесеңіз, оны жегенін қайдан білесіз?
— Өйткені үйде жейтін басқадай ештеңе жоқ еді.
— Өте дұрыс айтасың, — деп, пастор арс ете қалды. Төрағалық етуші оған тесіле қарады.
— Сіздің оған сұрағыңыз бар ма? — Пастор басын изеді.
— Сізге еңбекақы төлей ме?
— Жо-оқ, төлемейді.
— Ал неге, төлемейтінін білесіз бе?
— Жо-оқ!
— Өте өкінішті. Өйткені сізге төлейтін менде ақша жоқ. Мәселе сонда!
Осымен шағымданушы мен куәгерлердің сотқа жауап беруі біткен де, бұдан соң үзіліс жарияланған. Бұл уақытта соттар кеңесіп жатқанда, пастор залда отырғандардың анасына бір, мынасына бір бас изеп, ыржалақтай беріп еді.
Бұдан соң төрағалық етуші пасторға назар аударып:
— Ал сіздің куәгерлеріңіз бар ма, сэр? — деді.
— Бар, — деді ол — Менің қоңырау соғушым куәлік етеді. Ол өте адал адам. Оған сенуіңізге әбден болады.
Қоңырау соғушы Сэмуэл Девис куәлік етушінің орнына барып тұрды. Ол қолы өмір бойы дірілдеп тұратын қартайған Вакхқа ұқсас адам еді. Оның айтқаны мынау:
Сейсенбі күні күндіз мен пастордың жанынан өтіп бара жатқан кезімде, ол мені шақырып алып: "Көрдің бе? — деген бөлкені көрсетіп. — Аздап кірлеп қалған нан, — дейді, — құстарыма берейін деп тұрмын". Осыны айтты да, ол кете берді.
— Бөлкенің кірлеп қалғанын сіз көрдіңіз бе?
— Иә. Кірлеген деп ойлаймын.
— Ойлаймын деген не сөз? Сізге бұл белгілі ме?
Иә, ол кірленген нан болатын.
— Қай жағы кірленген?
— Қай жағы? Байқауымша, астыңғы жағы.
— Сіз бұған сенімдісіз бе?
— Иә, астыңғы жағы кір болатын. Бұл анық.
— Жарайды. Сіз боссыз. Ал енді, сэр, осы мәселе бойынша өзіңіз не дер едіңіз?
Пастор шағымданушы мен залдың сол жағында отырғандарға сұқ саусағын безеп тұрып, зілдене сөйледі.
— Мыналар... осы отырған приходтықтардың бәрі... мені масқаралағылары келеді.
— Оны қоя тұрыңыз. Мәселеге тіке көшуіңізді өтінем, — деді төраға суық дауыспен.
— Құзырыңызға құлдық. Мен сол күні күндіз көшеге серуендеуге шыққам... Сонда, бөлкешінің арбасы жанынан өтіп бара жатып... жерге түсіп қалған бір бөлкені көрдім... көрдім де, көтеріп алдым... өзімнің үйдегі құстарым үшін...
— Қандай құстар?
— Бір сауысқан, екі қара торғай. Еркін ұшып жүреді, тордың аузын мен ешқашан жаппаймын. Жемін сырттан табады олар.
— Бөлкеші сізді бөлкемді арбадан алып қойды деп айыптап отыр ғой.
— Өтірік. Мен арба астындағы шаң-топырақтан тауып алғам.
— Күтуші қыз сіз оны жеп қойды дейді. Бұл шындық па?
— Иә. Құстар бәрін жеп тауыса алмады... Ал үйде дым жоқ... Шешеміз екеуміз аштан бұралып отыр едік.
— Аштан?
— Ақша жоқ. Жағдайымыз қиын... өте қиын! Жиі ашығып қаламыз. Ха-ха-ха!
Зал іші тағы да сыбыр-күбірге толып кетті. Үш соттың көзі пасторда. Сәлден соң мәртебелі Келмеди мырза:
— Сіз бөлкені арба астынан тауып алдым дейсіз. Ал сонда оны орнына қоя салуды ойламадыңыз ба? — деді. — Бөлкенің абайсызда арбадан түсіп қалғанын білуіңіз керек еді ғой? Әйтпесе, ол жерде қалай жатады?
Пастордың ұшқын атып тұрған көздері өлеусірей қалғандай болды.
— Көктен түскен... Нәпақа. — Залды көзімен шолып тұрып ол тағы да: — Аш адамға... құдайдың сүйген құлына — көктен түскен нәпақа! — деп қосып қойды. Сосын басын кекжең еткізіп, қарқ-қарқ күлсін. Жым-жырт залды басына көтерген жалғыз дауыс та осы еді.
Соттар сыбырласып кеңесе бастады. Пастор оларға қадала қарап, тастай қатып тұрды. Адамдар залда құдды театрдан қызық ойын көріп отырғандай. Артынша төрағалық етушінің өктем даусы естілді:
— Талапкер шағымы қанағаттандырылмайды.
— Рақмет сізге.
Осы қысқа ғана алғысын үздік-создық жеткізіп, пастор айыпталушының орындығын тастады да, өзінен көз алмай шығарып салып тұрған барлық сотқа қатысушылардың ортасын қақ жарып, залды бойлап жүре берді.
III
Приходтықтар сот шешімі жөнінде қызу пікір таластыра жүріп, өз бағыттарын бітімгершілік сот үйінен Троуверге бастайтын батпақты сүрлеуге бұрған. "Шіркеудің" жеткен "жеңісі" сол — өтеуіне қара бақыр да ала алмай бөлкеші бөлкесінен айырылып тынып еді. Ал бөлке дегенің — ақша ғой.
Шіркеу приходтықтарына өздерін "жеңімпаз" сезіну өте ауыр тиген, сондықтан да болар, ешқайсысы жақ кірісін ашқысы келер емес, жандарындағы қарсыластарына тек түксие қарай береді. Олар өз деревняларына неғұрлым жақындаған сайын сол қарсыластарына деген өшпенділіктері соғұрлым өрши түскені сезіледі. Осыны байқаған қоңырау соғушы кенет шабыттанып шыға келіп еді. Жанына үш көмекшіні ертіп алған ол қоңырау мұнарасына асыға жөнелген, ал арада бірнеше минут өткенде, мұнара жақтан... дүниені дүр сілкіндірген қоңырау үні күмбірлеп қоя берген. Мұндай тегеурінді үнді приходтықтар ешқашан естімеген болар.
Сырттан келген бір жолаушы қонақүйден атып шығып, көше жаққа таңдана қарай қалды — қаптаған қара киімді адамнан көз сүрінеді.
— Бұл не, той ма? — деп сұрады ол өзінің көшірінен.
— Жоқ, сэр, бұның бәрі де пастордың құрметіне дейді. Қызық, оны ұрлық істеді деп айыптамақ болған екен, бірақ сотта ақталып шығыпты.
Келесі сейсенбіде пастордың әбден қажып тозған мыж-мыж беті миссис Глойнның дүкені есігінен көрініп еді: ағаш кесіп жатқан араның дыбысындай қыр-қыр еткен дауысымен ол:
— Сіз маған бір фунт май қарызға бере алмас па екенсіз? Кейін төлеймін, — деді.
Енді не істесін ол? Құдайдың сүйген құлына да күн сайын аспаннан нәпақа түсе бере ме...
Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі