Кешегі болған өрттің шоқтары əлі сөне қоймаған. Өңірдегі күйген жерлер менмұндалап көзге ұрады. Темір қораның жанынан түнімен от өшіруге күшін салып үсті-басына түтін иісі сіңіп, беттері қара қожалақ болған бір топ жұмыскерлер өтіп бара жатып, өлген жануарлардың көздерін қолымен жұмып жүрген тақырға қарап іштей аяса да, осыған дейінгі иелерінің əмірін орындап.
— Ей, тақыр! Сені Байекең шақырып жатыр! — деп əрі қарай адым тастай алмай жан-жағына қарап, бір мезет тоқтап тұрып, кейіннен "бұл жерді желкеміздің шұқыры көрсін" дегендей шапшаң басты. Сөздерін естіген тақыр көң түстес тістерін көрсетіп жымиып, қожайынына асықты.
Оны адам ретінде қарастыру қолдан келмегендіктен оның есімін кіші əріптермен жазылатын. Денесі алпамса болса да, иесін көргенде иттей бұралақтап қалатын. Бұтында жамаудан сау жері қалмаған ескі шалбар, денесінде де сол, басы аласа жəне биік пирамиданың қосындысы тəріздес, таз төбесіндегі шашы айға тігілген ту сыңды, көзі шүңірейген болса да, бетінің жартысына билік еткен мұрынның ұшын ілетін.
Балалары мен əйелін жер қойынына тапсырып, жаны езіліп тұрған қожайын аяғына келіп оратылды. Байекең ызасы мен қайғысына себепкер жанды көргендей баяғы əдетінше сабалап, тепкілей жөнелді. Көздегі жас өксік шақырып сөздері үзік-үзік естіледі.
— ... отбасыммен бірге .... бермедің? .... құтқарып...? Мен.... бе? .... баласы!
Үйренген тəнге тепкі сипағанмен тең. Байекеңнің әрекетіне ол көң түстес тістерін көрсетеді. Түрін көргеннен ашуы мен қайғысы еселей түседі.
Атырапқа қаны шашырап өліп бара жатқан күн жан-жағына мұңмен қарап соңғы демін алуда. Өртке оранған мал иесінің аяқ астында тақыр жатыр.
— тақыр, енді сен түгілі өзімді де асырай алмаймын. Өзгелер сыңды өрттен аман қалған заттарыңды жиып, өз бетіңмен өмір сүр, мені тастап кет! -деген сөздерді мақұл көрген кедей кеткендей еді, бірақ көп ұзамай дала қоянын көтеріп əкеліп, Байекеңнің қолына табыстады.
Қожайынның көзінен қуаныш аралас жас шығып, күлкі лебі сезілді. Байекеңе қарап ол да көң түстес тістерін көрсетті. Мырза оның ризалығынан соң қолындағы жаны үшін қорқыныш сезіміне бағынып, дірілге бой алдырған жануарды еркіндікке жіберді. Артынан тақыр қумақшы болған, бірақ иесі тоқтатты.
— Тоқта! Мен саған айту керегімді айтайын. — деп, ауыр күрсініп сөзін сабақтады. тақыр түсінгендей Байекеңнің аяқтарының астына орналасты.
— Құдай мəңгі əділ, құдай бізді кешірмейді. Аталарымыз алған қарғыс жазасы енді менің мойынымда. Түнгі уақиға оған куə! — деп сөзін аяқтап, біраз үнсіздікке жол берді. Осы айтылғандардың біріне тақыр түсінбесе де құран сөзіндей көріп мұқият тыңдап, көң түстес тістерін көрсетті — ертегі айтып берейін бе? — деген иесінің ұсынысына адал ит ыржиған қалпын бұзбай басын изеді.
— Олай болса тыңда! Өткен бір заманда Тоңбай деген дəулетті зұлым өмір сүріпті. Зұлымдығының себебі оның бақытсыз ғұмырында. Мысалы кімге үйленсе сол адамдар қашып кетеді, өздеріне қол жұмсайды немесе дүниеге тек қыз бала ғана əкелетін. Өзінің сəтсіздігі үшін өзгелерді көре алмай, сол жандардың шаңырақтарын құлатпағанша тыныш тапайды екен. Сөйтіп жүргенде қол астындағы бақташының əйелінің көзі жарып дүниеге ұл туып, үйлеріне нұр кіргенін байқап қалады. Оған көзінің қыры түсіп, ішінде қыл айналмай жатса-тұрса ойы ауып айлаға басады. "Егер менің əйелім болуға келісіміңді бермесең, киеуің мен күшігіңді иттей қаңғыртып, сүйектерін көмусіз қалдырам" — деп, шошытып оның рұқсатымен өз шаңырағын көтереді. Бар гəптан хабары жоқ бишара жарының əрекетін сатқындық көріп, оған деген сезімі кері айналды. Шыдамы жетпей баласын алып қашып кетпек болады, бірақ Тоңбай оны да жіпсіз байлайды. Солайша күндер мен айлар өтеді байдың күңінен өмірге Байсұлтан деген ұл келеді.
Осы мезетте тақыр көң түстес тістерін көрсетіп, саусағымен қожайынын нұсқап, кейін бірден шошынып қолын тартты.
— Иə, ол мен, құлдың баласы сенің əкең. Анамыз бізді бір құрсақта көтерсе де əкеңді менен артық көретін. Ағама деген қызғаныш өсе келе жек көруге ауысты. Сөйтіп жүргенде ол үйленді, өмірге сен келдің. Мен əкем тағдырын қайталадым. Тоңбай жасаған тірліктің бəрін айнытпай жасадым, бірақ бір нəрсе өзгешелеу болды. Ол сенің анаңның мінезі. Ағам мен сені құтқару үшін өз тəнін емес, жанын құрбандыққа шалды. Қайғыға шыдай алмаған ағам көп ұзамай ізінен кетті.
Тақырдың көзі өзгеріп балалықпен ризашылық жоғалып, орынына "кек" атты қан құйылып жатқандай. Ол иесінің аяғы астынан көтеріліп қасына отырды. Байекең назар аударған да жоқ
— үйленіп жан саны өсті, қазір өшті — деп күбірлеп жаңа қабірдің топырағын уысына толтырып, кейін жерге төгіп — біздің тағдырлар қайта келмесі үшін жалғыз қалған жетімекті өлтірмек болдым. Бірақ не істесем де періште маңдайынан сипаған жан екенсің! Аш иттерге талаттым, аш-жалаңаш далаға қудым, қасқыр шапса жарып кетер деген оймен қойлардың арасында қалдырдым, соңында басыңа түйе терісін жауып ақылыңды шайдым, жалаңаш аязда қалдырдым, бірақ бар əрекет зая кетті, өлмейтұғын батыр ұрпағы көрінесің. Сенен құтылу қолымнан келмеген соң, сені талаған иттерше тəрбие бердім.
Тақыр тағы жымиды бірақ көң түстес тістерін көрсеткен жоқ.
— Бір күнде бəрінен айрылдым. Байлықсыз да өмір сүруге болады ғой, бірақ отбасымның қайғысы мені өлтіреді — деп, жанары жасқа толып — қарғыс атқан ұрпақтың тағдыры тəлкек! Түсінесің бе? — деп аяқ астына қарады, бірақ Тақыр ол жерде жоқ. Қасында отырғанын көргенде айналып түсе жаздады. Көздеріне қарап бұрыңғы итті тани алмай біраз отырды да, мойынына жармасып алыса бастады
— Неге мені отбасыммен бірге өлуге бермедің? Неге мені ғана құтқарып қалдың? Мен саған құтқар дедім бе? Шақырдым ба? — деп үстіне шығып соққылап жатыр, ал иттің тəрбиесін алған Тақырдың адалдығына беріктігі иесіне қарсы қол көтерткізбей, жай ғана қорғануға жарады. Байекең шаршап орынына тұрып, қарсыласының шабуылын күтті, бірақ болжамы бола қойған жоқ.
— Өмір менен теріс айналғанда сен неге қалдың? Бар сен де кет! — десе де, Тақыр үнсіз — Кет дегенде ит те кетеді — деп ашумен жүзіне назар аударғанда адал құлы "Сенің қайғыңды көру қуанышынан айырма" дегендей көң түстес тістерін көрсетіп жымиды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі