Өлең, жыр, ақындар

Мысық тышқан аулауды қойғанда

Жануарлар әлемінде ғаламшар көлемінде болмаған өзгеріс жүзеге асты. Патшалық үй мысығының қолына көшті. Сол екен, көп уақыт өтпей өз-өзін Құдай көрді. Билігін асыра пайдалануды үйренді. Өзінің есуастығымен патшалық аспанындағы күнді бүркеді.  Барлығы шошитын әмірлерінің бірі ит атаулыны жою еді.

Жендеттер үкім орындамай қояды ма, шетінен бәрін қырғынға ұшыратты. Соңғы ит қалғанда үкім шығарушы өз көзімен көруге келеді. Алдыңғы қатарға қас дұшпандары үстінен жеңіске жеткеніне массаттана, шірене жайғасты.  Үкім жүзеге асырылатын сәтте, қарқылдап күлген айуанның ауызына иттің қаны шашырап кетті.

Сол күннен ұры-қарылар көбейді. Көшеден шұбырған мас мысықтар түннің мазасын қашырды. Кейбір жануарлар бір попуяция өлген күніне лағынет айтса, кейбірі қуанды. Себебі, сол күннен бері басшыларын ешкім көрмеді. Ол, сарайдағы бөлмесінен аттап шыққан жоқ. Қызметкерлері оның қыңсылаған дауысын ғана есітіп жүрді.

«Ауруға шалдығып қалған шығар» - деген оймен сарай дәрігері есігін үрке ашты. Тілге де келе алмай дірілдеп ит жатыр. Жүрегі артқа тартып, «Ана жолғы... соңғы емес екен»- деуге зорға тілі келді. Со замат жендеттер қаптап, төсек үстіндегін жануарды ұстап түрмеге жапты. Күллі патшалықтың түкпір-түкпіріне шейін іздеу басталды. Нәтиже берген жоқ. Шешім шығаратын басшысыз ол сол жерде жан тапсырды.

Ел арасында «Әмірші итке айналыпты», «Оны түрме ішіне көму керек еді», «Өзіне де сол керек» деген сыңды қауесет әңгімелер толқын айдаған көбіктей көпіре берді.

Патшалық тағына арыстан отырды. Тәж кигізу рәсімінде аспандағы бұлттар кетіп, патшалық аспанына күн шықты. Ал, мысықтар тышқан аулаға кірісті.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер