2008-2009 жылдары Шымкентте тұрып жаттым. Үлкен ұл сонда орта мектепте оқитын. Мектептегі ата-аналар жиналысына жиі шақыратын. Балалардың тәрбиесіне жауапты, жасы 50-лер шамасындағы Ақмарал есімді маман болды. Жиналыста біраз проблеманы бірге талқылап, жиі көрісіп тұрдық. Бір күні сол мектепте бір оқушы суицидтен қайтыс болды. ГорОНО дүр сілкінді. Ақмарал апай мені мектепке шақырып: Бізді жан-жақтан қысып жатыр. Суицидпен күресуге көмектессеңіз. Меніңше, сіз осы салада біраз нәрсе білетін сияқтысыз. Бір баланың өмірін болса да құтқарып қалуға көмектесіңіз,- деді.
Мен келістім. Расында да сол кезде Виктор Франклдың кітаптарын оқып жүргем. Бұл-Ұлы Мәнге ұмтылу арқылы, адам өміріне рухани мағына беріп, тіршілікке деген құмарлықты оятатын ғажап ілім еді.
— Жақсы мен лекция оқып берейін. Бірақ шартым бар.
— Айтыңыз.
— Лекцияға 14 -15 жас аралығындағы оқушыларды ғана жинайсыз. Үлкен сыныптың оқушыларын қоя тұрасыз.
— Неге?
— Кейін айтам. Мен әзірше осы лекциялардың қаншалықты жемісті боларын тексеріп көргім келеді.
— Қалауыңыз болсын. Бірақ, болашақта жоғарғы сыныптарды да бір қамтып өтсеңіз.
— Келістік.
Келіскен күні мектепке келдім. Залға сегізінші сыныптың төртеуін бір-ақ қамады. У-шу. 14-15 арасында ойнақшып тұрған жасөспірімдер. Мені ертіп жүрген мұғaлім де лекцияның сәтті боларына күмәнданып, балаларға бұйыра сөйлеп, тыныштандырып жатты. (Шыны керек — көбіне лекцияға кедергі жасайтын оқушылар емес, бақырауық ұстаздар еді.) Oл: бұларға сіздің тақырып ауыр емес пе? Бұлар әлі тым бала ғой? - деп алаңдап тұрды. Балалар тар жерге тығылып, көбейіп алған соң бізді басынып, қалай болса солай сөйлеп, шулап жатты. Балалардың назарын бірден аудару үшін мен: «1939 жылы Австрияның Вена қаласында мынадай қызық оқиға болады» деп зор дауыспен бастап кеттім. Залдың жартысы бірден елең ете қалды. Ары қарай әңгімені қыздыра түсіп, Виктор Франклдың Освенцум түрмесіне қалай түсіп, концлагердің тозағынан қалай аман шыққанын барынша шынайы бейнелеп айта бердім. Ол түрмеде жатып, өмірден әбден түңілген, ертеңгі күнге деген иненің жасауындай да үміті қалмаған адамдарды суицидке жібермей алып қалған сәттерін ерекше ықыласпен айттым. 10 минуттан соң-ақ зал сілтедей тынды. Олар фашистер кезіндегі концлагердегі сұмдық оқиғаларды құмарта тыңдағанымен сөздің түйіні қай жаққа қарай бара жатқанын аңдай алмай отырды.
Мен концлагер тозағын аяқтамай жатып, Франклдың ең көп қоятын сұрағын оларға қойдым:
— Балалар, сендер не үшін өмір сүресіңдер?
Олар үнсіз отырып қалды. Біреуі: - Қалай не үшін? Өзіміз үшін, — деді. Мен сұрақты жеңілдетіп:
- Сендерді ертеңге өмірге құмар етіп, еліктіріп тұратын не зат? Кеш батқанда ертеңгі таңның атуын не үшін аңсап жатасың?-дедім.
— Онша ұқпадық,- деді біреуі.
«Мысалы былай: Адамды өмірге ғашық ететін заттың тұрақсыз екенін бірінші рет 9 жасымда байқадым. Ол кезде оған мән беріп, тереңіне бойлағам жоқ. Себебі, келесі қызық мені ілестіріп ала жөнелді. Алты жасымда асыққа сұмдық құмар болдым. Сақаны шиіріп атқанда 5-6 метр жердегі асықтар «шарт» етіп ұшып түсетін. Сол кезде менің өмірге ғашық болғаным-ай! Сақаның «сарт» етіп соғысатын сәтін қайталау үшін бүкіл күшімді сарқа жұмсаушы едім. Барлық сақаға адамша ат қойылды. Қос қалтаны асыққа толтырып, арғы ауылдың балаларымен «омпы» ойнау- өз алдына бөлек әңгіме. Ұтқан асығыңды қайда тығарыңды білмей әбігерге түсесің. Сол кезде менің ең жек көретін сәтім — күннің бататын кезі еді. Көз байланып, асықтар көрінбей бастағанда көңіл-күйім жер болатын. Амал жоқ, үйіңе қайтасың. Шаршап кеп құлаған соң, көзім ілінгенше ертеңгі таңды атыра алмай жатам. Егер менен сол кезде біреу: «Балақай, сен не үшін өмір сүресің? Өмірдің мәні не?» деп сұраса, мен ол сұраққа ойланбай жауап берер едім.
«Қалай не үшін? Сондай да сұрақ бола ма? Асық үшін! Өмірдің қызығы асықта. Біз асық ойнау үшін жаралғанбыз» дер едім. Мен төртінші сыныпқа өткенде қызық сезімді бастан кештім. Мені өмірге ынтық қылған асықтар үйде шашылып жатты. Жүректі өртеп тұратын баяғы сақа да сүйкімсіз сүйектей көрінді. Алып ойнауға биттей де құлқым болмады. Іштей өзіме өзім таңқалдым. Бірақ, әрине өмірден түңіліп, өзіме қол салғам жоқ. Оның орнын футбол басты. Онымен ауырмаған бала жоқ шығар. Сабақта қоңырау соғылса далаға атып шығып, допты бір-екі рет теуіп барып, сабаққа қайта кірмесек өмір тоқтап қалатындай сезілетін. Ол кезде де менің ең жек көретін сәтім-күн бататын кез болды. Әбден қараңғы батып, доп көрінбей қалғанша далақтап жүгіре беруші едік. Төсекеке құлай сала бірінші ойлайтының: «Қашан таң атады? Ертең қашан болады? Ертең күшті гол соғам». Сөйтіп жатып ұйықтап кетесің.
1986 жылғы Мексикадағы әлем чемпионатын біткенше түнімен ұйықтамай көріп шықтым. СССР сол жылы Бельгиядан 3-4 боп ұтылғанда қайғырғаным-ай! Өмірден мән кетіп, ештеңеге көңілім соқпай төсек тартып жатып та қалдым. Бельгияға болысқан Фредриксон деген судьяның атын жаттап алып, әбден қарғадым. Ол кезде де мен «Өмірдің мәні не? Не үшін өмірге ғашықсың?» десе жауабын ойланбай беруге дайын едім. «Біз футбол ойнау үшін бұл дүниеге келдік». (Сонда футболды қатырып та ойнамаймын!)
Амал нешік, табиғаттың қалауы болды. Жас 15-тен асқан соң біз физиологиялық тұрғыда пісіп жетіле бастадық. Футболдан да мән кетті. Әлбетте, өмірден ешкім түңілген жоқ. Кластағы жігіттер бастары қосылса қыздар жайлы ғана айтатын заман басталды. Бұрындары ақша жинап, жарыс ұйымдастыратын лидерлер, енді отырыс пен туған күн ұйымдастыратын болды. Светті өшіріп, қыздармен вальс билеу өмірдің мәніне айналды. Барлық жігіттер сол сәтті бастан кешу үшін ертеңгі өмірге сұмдық ғашық еді. Ауылдың бұл қызығы да артта қалып, студенттік шақ басталды. Шын ғашықты іздейтін кезең енді келді. Кезікті де. Есі-дертің — сол қыз. Сол үшін ғана өмір сүресің. Көрінген жерге соның атын ғана ойып жазғың кеп, өзіңді- өзің билей алмай жүргенің. Өмірдің ең соңғы мәні осы деп ойладым. «Арман бар ма жігітте, сүйгенді алған» деп өлеңдетіп те қоясың. Күн сайын ұйықтау- азап. Ертеңгі күнді болдыра алмай шыдамың таусылып өле жаздайсың. Бұл жаста да біреу «Өмірдің мәні не? Не үшін өмір сүргің келеді? Неге ертеңді болдыра алмай жатырсың?» деп сұраса жауабын ойланбастан берер едім. Ғашық кезіңде өлім туралы ой миға кіріп те шықпайды. Себебі, өмірге ынтық етіп тұрған адамың бар. Соған қолың жеткенше бір сәтке де босаңсуға болмайды. Ақыры, бұл қуанышқа да қол жетті. Бала-шаға да көп күттірмеді. Қысқасы, жасым 32-ге жетпей менде атақ та, үй де, көлік те, абырой да, жұмыс та-бәрі болды. Бірақ өмір сүруге деген құмарлық керісінше солғын тартты. Бірінші рет 9 жасымда асықтан суыған сәтім еске түсті. Сол кезде де тап осындай күй кешіп едім. Сырттан қараған адамға қызығатындай-ақ тіршілігім бар. Бірақ, ары қарай не үшін жанымды салып, мұрнымнан қан кеткенше еңбектену керектігін түсінбедім. Осыған дейін өмірге ғашық еткен факторлардың бәрі үйреншікті нәрсеге айналды. Жұмыстан шаршап кеп, төсекке құлайсың. Бірақ баяғыдай «қашан таң атады?» деген дегбір жоқ. Керісінше, «ертеңгі күн болмаса екен. Күн барынша кешігіп шықса екен. Түн кетпей тұрып алсай ғой» деп тілейсің. Бірінші рет кешті сағынатын күй кештім. Бүгінгі күн бітті-ау ақыры! Жұмыстың біткені рас па өтірік пе? — дейсің таусылып. Тіршілік тоқтап қалғандай, өмір бар қызығын сарқып тауысқандай сезіліп тұрады. Мұндай сұрықсыз, мән-мағынасыз тіршілікпен 70-80 жасқа бару деген азап боп көрінді. Бірінші рет өлім туралы ойлар позитивке айналды. «Мен өліп қалсам не болады?» деп ойлайсың. «Ештеңе де болмайды. Тірі қалғандар жанталасып тіршілігін қиындықпен болсын жалғап кете береді» деген жауап аласың. Айта кетейін- «Бала шағаң үшін өмір сүр. Оларды өсіріп қызығын көресің. Әлі немере бағасың. Немере баладан да тәтті болады» деген сыңайдағы кең тараған көзқарас маған шабыт берген жоқ. Онсыз да мен ондай қызықтың ортасында армансыз жүріп жаттым. Той-томалақ, барыс-келіс, аралас-бәрі де болды. Бәрібір, олар уақытша еді. Ондай қызықтар «лап» етеді де, артынша қайта басылады. Көп ұзамай естен шығып кетеді. Өсе келе ұлдың ұяға, қыздың қияға кететіні де көрініп тұрды. Карл Густав Юнгтің тілімен айтқанда жан шіркін «Ғарыштық мағынасы бар» бір затты аңсады да тұрды.
Рухани ізденіс отыздан асқан соң ерекше үдеді. Дүкеннен «Духовный мир человека» деген кітап сатып алдым. Асықпай парақтап отырып: «Человек в поисках смысла» деген бөлімді көзім шалды. Көктен іздегенім жерден табылды. Виктор Франкл мен оның қалыптастырған «Логотерапия» ғылымы туралы тұңғыш рет таныстым. Ертесіне оның бір кітабын интернеттен тауып алып, бас алмай оқып шықтым. Жағдай жақсарып, бәрі де орнына келе бастады. Әлбеттe, періште боп кеткен жоқпын. Пендешілік қателіктерді жасап, әртүрлі жағымсыз жанжалдарға килігіп жүрдім. Бірақ ондай оқиғаларды өмірдің заңды бөлігі деп қабылдадым. Есесіне есті тез жинап, еңсені тез тіктеп алатын шеберлік пайда болды. Бірінші рет ертеңгі күнді асыға күтетін хәлімді ақыры таптым. Енді Құдай 100 жыл ғұмыр берсе де қорықпаймын деп ойладым».
Осы кезде залдағы балалар: «- Ағай айтыңыз. Ол не нәрсе? Біз де тапқымыз келеді Ұлы Мәнді. Өлгенше өмірге ғашық қылатын қандай зат? Франклдың берген жауабын айтсаңызшы»,- деп шулай жөнелді. Қасымдағы бақылаушы мұғалім таң қалды. 14 жасар балалардың «Өмірдің мәні» деген ауыр тақырыпты түсінгені былай тұрсын, МӘНді табуға деген талпынысы оны есінен тандырды. Лекция біткен соң да жап-жас балалар мені қоршап алып, сұрақтарды жаудырып жатты.
Бұл лекция оқушыларға емес — жасы үлкен мұғалімдерге арналғандай әсер қалдырды. Ол ұстаздар бөлмесіне жеткенше: — Біздің өмірде не мағына бар? Алатының елу мың айлық. Оны да анаған-мынаған жинап, ырың-жырың қылады. Өзімізше ұлымыз бен қызымызға ақыл айтып ұрсамыз. Бізді тыңдайтын бала да көрінбейді. Әйтеуір, «жоқтан жақсы ғой» деп мектепке салпылдап келіп, сүйретіліп қайтамыз» деп өзімен өзі сөйлесіп келе жатты.
Авторы: Санжар Керімбай
Сара
Қызық екен