Өлең, жыр, ақындар

Өмірге ғашық болу — 2

Басы мына жерде

Оқиға былай болған. Виктор Франкл екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында Австрияда тұрып жатты. Фашистік Германия Австрияны басып алған соң ұлты еврей Франклдың жағдайы мүшкіл болады. Ол психолог ғалым болғандықтан АҚШ оған қашып шығуға виза береді. Бірақ Франкл қартайған ата-анасын жау қолына қалдырып кетуге дәті бармайды. Фашистер оны әке-шешесімен бірге түрмеге әкеп қамады. Лагерьде оның барлық туысы опат болды. Тұтқындарды мал секілді қорлайтын фашистер түрмедегі кез келген бейшараны әр түрлі сылтаумен өлтіре салатын. Концлагерьде көбі «денсаулығы темірдей жастар мен мығым денелі азаматтар ғана тірі шығатын шығар. Шау тартқандар мына азапқа бір апта да шыдамас» деп қайғырды. Алайда, оқиға басқаша өрбіді. Франкл: «Өзін- өзі өлтіру туралы ой біздің әр қайсымызды да мазалайтын. Айналаңда адамдар топырлап өліп, ажал қаупі әр күн, әр сағат сайын төбеңде төніп тұрған соң еріксіз өлу туралы ойланасың. Түрмеге түскен күні сымға барып асылмаймын деп серт бердім. Бұл фразаны тұтқындар жиі айтатын. Ит қорлыққа шыдай алмағандар тоғы бар сым тартылған қоршауға барып асылып қалатын. Ал мен қолға алған ісімді аяқтамай өмірден өтуге хақым жоқ деп іштей бекіндім» деп жазады.

Освенцумда денсаулығы мықты ірі азаматтардан гөрі кеудесінде үміті күшті, алда арманы бар ақжүректер өміршең боп шығады. Тамақтарын тығылып жеген, біреудің нанын ұрлаған, тапқан дәрілерін өзі ғана ішіп емделгендер, ауыр жұмыста өзінің ғана шаруасын тындырып, жолдасымен жұмысы болмаған жас жігіттердің түгелге жуығы түрмеде ажал құшқан. Тіпті фашистерге сатылып, капо қызметін атқарғандар да сүзектен өліп жатты. Қақаған аязда жолдасына соңғы киімін шешіп берген, сабындай қара нанды бөлісіп жеген альтруистер түрменің тозағынан тірі шығады. Осыған қарап ол: «Адам жаны сірі. Егер ол өлмеймін деп үлкен мақсатқа талпынатын болса азап тартып бұзылған, күйреген тәнін қалпына қайтадан келтіріп алады» деп түйеді.

Франкл түрмеде мынадай қызық құбылысты дәл байқаған. Ол: «түрменің іші адам шошитын жер болса да жанға қуат болар, бізді өмірден түңілдірмей ұстап тұратын қуанышты сәтті ол жерден де табуға болатын. Жұмыстан соң бізді асханаға жіберетін. Ол жерде Ф. есімді аспаз бар-тын. Оның басқалардан айрымашылығы сол — ешқашан тұтқындарға сорпа құйғанда тамыр-таныстыққа қарамайтын. Өзгелер танысы не туысы келе қалса қазанның түбін қопарып, сорпаның қоюын құйып беруге тырысатын. Ал Ф қазанды әбден қопара шайқап, сорпаның қоюының бәріне бірдей тең түскенін реттеп отыратын. Ф-тің осы титімдей ғана әділдігі кеудені қуанышқа толтырып, адам рухына әл беретін» деп жазады.

Лагерьде кімнің ажал құшатынын алдын ала білуші едік. Біреу болашақ өмірден үмітін үзсе, өмірі де қоса үзілетін. Ертеңінен түңілген жас жігіттер күнделікті ісінен жаңылатын. Таңертең жуынбай, қатарға қосылмай жатып алатын. Ұрып-соғып, қорқыту оларға әсер етпейтін. Бірнеше күн далаға да шықпастан үлкен, кіші дәретіне былғанып жата беретін. Ең соңғы шылымын алып шеккен күні оның сол күні өлетіні анық болады. Олар: «маған келешектен күтетін дым да қалған жоқ» деп жауап беретін.

Бір танысым қызық жағдайда жан тапсырды. Ол ажалынан бір ай бұрын ғажайып түс көреді. Түсінде бір тылсым дауыс «білгің келген нәрсе болса сұрай бер» деп сыбырлапты.

— Мына азап қашан бітеді?
— 30 -шы наурызда бітеді.

Бұл оқиға 1945 жылдың ақпан айында болды. Ол осы түсін айтқан күні өмірге ғашық еді. Кеудесі де үміт пен сенімге толып тұрды. Көрген түсін «құдайдан келген аян деп» шүбәсіз сенді. Зымырап бір ай өте шықты. 29-шы наурыз да болды. Ешқандай өзгеріс жоқ. Кешке оның ыстығы көтеріліп, ауыра бастады. Түрмеден босамасына көзі жеткен соң бірден құлазып, құлдырап, өзін — өзі тастап жіберді. Таңға жетпей дүниеден озды.

Адам жаны өзіне тірек болар сенім мен үміттен айрылғанда оның иммун жүйесі де жойылады. Досымның сенімі күйреп, үміті үзілгенде қанда қолайлы сәтті күтіп жатқан сүзектің бүкіл вирусы асқынып шыға келді. Ол бір күнде үмітсіздік құрбаны болды. Бірақ мистикалық дауыс оған дұрыс айтқан. Расында да оның азапты өмірі 30 наурыз күні тоқтады.

Лагерьде өзін өлтіргісі келіп, асылып жатқандардың арқанын кесіп, оларға көмектесуге тыйым салынған. Екі жолдасымды ажалдан алып қалудың сәті түсті. Олардың екеуі де: «бізде болашақ жоқ» деп асылуға іштей дайындалып жүрді. Мен олармен сырластым. Біреуінің туыстарына еріп, шетелге өтіп кеткен бір баласы әлі тірі екен. Мен оны: «қалайда сол балаға жолығып, ары қарай жаңа өмір бастауға мүмкіндік мол» деп сендірдім. Екіншісі ғалым еді. Ол соғысқа дейін бірнеше кітап шығарған. Бірақ кітаптың келесі томдары шығып үлгермеген. Мен оны: «қалай да тірі қалып, сол кітаптарды жазып бітіру керек» деп үгіттедім. Расында да сәлден соң оның кеудесінде үміт оты күшейіп, болашаққа ұмтылды. Екеуі де тірі қалды.

Босап шыққанда Франклдың түрінен адам шошитын. Арсиған сүйектері құр терімен қаптап қойғандай. Бұрынғы үйі, кабинеті, кітаптары, бомбаның астында қалды. Он бес жыл зерттеген докторлық дисертациясын фашистер өртеп жіберген. Франкл еш бүгілместін жаңа өмір бастайды. Ол адамдарға өмірдің мәні туралы мазмұнды әңгімелер айтып, сырқат кісілердің жаңа өмір бастауына жәрдем етеді. Бұл ғылымды «логотерапия» — яғни, «өмірдің шаттықа толы мән-мағынасын табу арқылы бақытты тағдырға қол жеткізетін ғылым» деп атайтын. Ол осы ілімді дамыту арқылы ең атақты ғалымға айналады. Көптеген қуатты елдердің президенттері, ғалымдары, философтары онымен жолығып, өмірдің мәні туралы сөйлескісі келетін. Өмірдің мағынасын іздеу деген ұмтылыс кез келген адамға туа бітетін мінез. Осы талпыныстың шынайылығы мен тұрақтылығы пенденің бүкіл өмірінің болашақта қай арнаға ауатынын анықтап тұрады. Уақытша қызыққа алданып, өмірінің мағынасын жоғалтып алған адам, бейне бір ауасыз бос кеңістікке шығып кетіп, қалқып жүргендей жағымсыз сезімге шырмалады. Бұл өмірде табан тірейтін тиянақты ештеңе таппаған ғаріп жандар бақытсыздыққа тап болады. Осы сезімді «экзистенциалды вакуум» деп атады. Осы «тіршілік вакуумы» адам тағдырын қиып түсетін күллі қасіреттің қайнар бұлағы деп санайды.

Бөтен адамды жақсы көріп, арланбай оның қызметін қылып, әжетіне риясыз жарағанда адамның өзі де тұлға ретінде қалыптасады. Неғұрлым ол қасындағы серігіне, жолдасына, әріптесіне көмектесіп, соның көңілін тауып шаруасына жегілсе — соғұрлым оның адамгершілік қасиеттері шыңдалып, ешкімге тәуелсіз тұлғаға айналады деп түйіндейді.

Концлагерьден тірі шыққан Виктор Франкл 1997 жылы 92 жасында дүниеден көшті. Франклдың «адамзатқа пайдам тисе» деген игі арманы оны өмірдің ең қиын белестерінен аман-есен алып өтіп, ақыл есі алжымаған айқын қалпында оның таза жанын о дүниеге салтанатпен шығарып салды.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — қартайып шау тартқанша адамдық борышың — адам ұрпағына қуаныш пен шаттық сыйлау. Кез келген адамға жаның ашып, оның нәсіліне, ұлтына, түріне, дініне, тіліне, жынысына қарамастан оларға адал қызмет етіп, еткен қызметіңе мақтау, бодау, ақы күтпестен шаттық сезімге шомылып жүру — өмірдің негізгі мәні болып табылмақ». Бұл — Франклдің өлер алдында берген ең соңғы жауабы.

… Логотерапия туралы лекциялар мектепте толқын туғызды. Оқушылар өмірлік армандары мен мақсаттарын айқындау үшін ізденіске түсті. Ақмарал апай өзге мектептегі коллегаларына осы оқиға жайлы мақтанып айтып қойыпты. Артынша, басқа мектептер шақырды. Енді оларды қамтып отыру біз үшін өмірдің мәніне айналды. Бұл әңгіме ГорОНО-ның басшысына дейін жетті. Басшы ханым кабинетіне шақырып: «бүкіл қаланы қамтыңыз» деді де, 72 мектептің тізімін бір-ақ берді. Енді өз сөзіңе өзің қарсы шығу қиын еді. «Ақы сұрамай, мақтау күтпей тек шаттық сезімге бөлену үшін ғана еңбектенеміз» деген өз кредомызға қарсы шыға алмадық. (Қасымда үйренуші екі жас жігіт болды) Логотерапияның теориясымен емес — енді практикасымен айналысуға тура келді. Күн сайын 4-5 мектепке барып лекция оқыдық. Шаршап кеп құлағанда естен танушы едік. Бұл оқиғаның жаңғырғы «Балалар құқығын қорғау комитеті» директорының құлағыны да жетіпті. Енді ол шақырды. Кабинетіне барсам, қасында тағы да Ақмарал апайым отыр. Қалай тапқаны бірден түсінікті болды. Директор: — Қала деген не тәйірі! Облыс суицидтен бірінші орынға шығып барады. Мынау емі жоқ апат болды. Cізге күллі облысты берем. Арнайы көлік алып жүреді. Барлық залдар оқушыларға толып, дайын отырады. Сіз тек тоқтамай аудандарды аралап, біздің кәсіби мамандарды өз әдісіңізбен таныстырып отырсаңыз болды,- деді. Бірақ бұл кез мамыр айының ортасы болатын. Олар жаңа оқу жылына жоспар құра бастады. Өкінішке орай, барлық жоспар күйреді. Мен маусым айында Алматыға көшуге мәжбүр болдым.

14-15 жас арасын таңдауға себеп болған — Лев Толстойдың бозбалаларға арнап жазған өсиеті еді. Мен алдыңғы айтылған кітапты ақтарып отырып, Толстойдың «Өздеріңе сеніңдер» деген жазбасына тап болдым.

Ол: «Балалықпен қоштасқан соң саналарыңдa «Мен кіммін? Мен бұл өмірде не істеп жүрмін? Мен нендей мақсатта жаралдым?-деген сұрақтар пайда болғанда олардың жауабын таба алатындарыңа сенімді болыңдар. Даналардың берген жауабы жақын туыстарыңның пікірлермен сәйкес келмесе одан шошымаңдар. Пікір қайшылығынан әсте де қорқуға болмайды. Пікір қайшылығының ұлғаюы, сенің Құдай сипаттас рухыңның ояна бастағанының айқын белгісі. Бір-біріне сәйкес келмейтін қайшы пікірдің астарында өмірдің шын мағынасы көміліп жатыр. 15 жасымда осы сұрақтар мені де мазалап бастағанда өз бетімше жауап іздеуге қаймыққам. Қасымдағы адамдардың қайталай беретін қате пікірін мен де еріксіз қабылдағам. Осы қателіктің азабы ұзаққа созылды. Аса құрметті өскелең ұрпақ, басқалардың өздері түсінбесе де сендерге таңып сөйлейтін пікірлеріне мән берместен, шынайы түрде өмірдің мәнін ашып, түсінуге тырысыңдар. «Сендердің бұл талпыныстарың жас адамның бойындағы жәй ғана орындалмайтын арман, құлшыныс қой» деп дәлелсіз сөйлейтіндерге құлақ аспаңдар. Жан дүниелеріңде алғаш рет Құдай сипаттас сезімдерің ояна бастағанда оның қаншалықты маңызды екенін барынша терең сезініп, осы ең Ұлы сезімнің әлсіз жалынын сөндіруге жол бермеңдер. Керісінше, жастық шақтың барлық күш-қуатын пайдаланып, бұл шоқтың өршеленіп жануына бар күш-жігерлеріңді салыңдар. Дәл осы рух сәулесінің күш алып, алаулап жануына барлық адамның ең ұлы қуанышы мен бақыты байланған» деп жазыпты.

Ой салатын өсиет еді. Расында да жасы 15-тен асқан соң бозбала гармондардың шабуылына ұшырайды. Оның тұла бойын құмарлық билеп әкетеді. Олар осы сәтте «өмірдің бар қызығы махабатта» деген сеніммен романтикалық әлемге өтіп үлгереді. Бұл қызық 25-ке жеткенше жібермей ұстап тұрады. Одан ары отбасының қызығы не болмаса карьера жасап, абырой жарыстыратын азарт заман басталады. Осы аралықта бала-шаға көбейіп, проблемалар бірінен бірі шашырай шығып, өмір шіркіннің алба-жұлбасын шығарады. Мәңгі-бақи шешілмейтіндей көрінетін баспана мәселесі өмірдің мәніне айналады. Яғни, көше беруден мезі болған азамат бейне бір бұл өмірге баспана мәселесін шешу үшін ғана келгендей күйге түседі. Қала берді, орта жастан асқан соң жас кезде білінбеген аурулар меңдейді. Кейбіреулер ішіп кетеді. Көбі түсініксіз хәлде көңілсіз өмірді сүріп шығуға амалсыз бекінеді.

Мен талай жерде кісілерден «Сені тіршілікке не байлап тұр? Не үшін өмір сүресің?» деп сұрадым. «Бала-шағаның қамы ғой» деген жауап бірінші берілетін. Енді біреулері: «Осыны ойласам қорқып кетем. Құрысыншы, айтпашы осы бәлені» деп, бірден жауып тастайтын. Данышпан Толстой рас айтады, ең қолайлы жас 13 -15-тің арасы. Бірінші рет «Не үшін өмір сүресің?» деген сұрақты осы жастағы балаларға қойдым және бірінші рет оның жауабын бірге табуға шынымен талпынатын табанды топқа тап болдым…

P.S. Оқиға мұнымен бітпеді. 2012 жылдың көктемінде басына ауыр іс түскен бір алыс туысым іздеп келді. Оған ұзақ жылға сотталу қаупі төніп тұрды. Оны құтқарып қалу мүмкін емес еді. Тағы да Франклдың ілімін қолдандым. Нәтижесі адам сенбейтін қызық оқиғаға ұласты. Ол жайлы енді жазылады. Бізден көз жазып қалмаңыз.

Авторы: Санжар Керімбай


Пікірлер (1)

Сара

Ойланатын нәрсе екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз