Юнь Нань Дали деген жерінде, атақты Цаң тауының он тоғыз шыңы бар, Юй Джүй шыңы — солардың бірі. Әр жылғы қақаған аязда, Юй Джүй шыңында ақ ұлпа бұлт пайда болады. Бұл бұлттың бейнесі өте кербез, сылқым, сұлу қыз тәріздес. Юй Джүй шыңына шығып, Эрхайға қарасаң, жаның жадырап сергіп қаласың. Бұл бұлттар пайда болғанда, Далиде дауыл соғады, тып-тыныш Эрхайда алай-дүлей толқын тұрады. Эрхайдың түбіндегі үлкен тас толқыннан судың бетіне көтеріледі. Байзу халқы бұл ерекше құбылысты: «Ваң Фу Юнь» деп атайды.
Өте ертеде Далидың Наньчжау императорының өте сұлу қызы болады, ол қыз он тоғыз жасқа келгенде көптеген ақсүйектер қызға құда түсіп келеді. Қыз болса бұларды ұнатпайды. Ол өзіне ерекше жігіт іздейді.
Сол бір жылы Рао Сань Лиң мерекесі кезінде, ханшайым бір әдемі аңшы жігітпен танысады.Ол жігіт жастайынан жетім қалып, Юй Джүй шоқысындағы үңгірде аңшылықпен өмір сүреді екен. Ханшайым оны бір көргеннен ғашық болып қалады, біраз әңгімелескен екеуі, қимай-қимай қош айтысады.
Бір күні ханшайым ғашығын ойлап отырған кезде, әкесі кіріп келіп: «Сені қол астымдағы бір шенеунікке айттырып қойдым, той күнін белгілеңдер», — дейді. Бұл жаналық қыздың төбесіне жай түскендей болады. Ханшайым түні бойы жылап, не істерін білмейді. Екінші күні таңертең ол терезенің жақтауында отырған сауысқанды көреді де: «Сауысқан, менің ішкі жан-дүниемнің қаншалықты жаралы екенін білесің бе?» — деп сұрайды. Құс басын изейді.
Ханшайым аң-таң болып, асыға: «Сауысқан, өтінем, аңшыға мені құтқарсын деп айтшы», — дейді.
Құс аңшыға келіп ханшайымды басқа адамға бергелі жатқанын айтып, «Тез құтқар», — дейді.
Аңшы лезде садағын алып таудан түседі. Жолда оған бір шал кездеседі, ол арқасында жүгі бар, ақсаңдап келеді екен.
Жігіт:
— Ата, қайда барасыз? — деп сұрайды.
Қарт:
— Таудан дәрі шөп теремін деп, абайсыздан аяғымды ауыртып алдым. Енді үйіме қалай жететінімді білмей келемін,— дейді.
— Ата, алаңдамаңыз, мен сізді арқалап жеткіземін,— деп арқалап алады.
— Балам, өзің қайда барасың? — деп сұрайды шал.
— Ханшайымымды құтқарамын!
— Ханшайым? Оның күзетшілері мықты ғой. Қалай құтқарасың? Мені тыңда, балам, Фең Ян Дүң үңгіріндегі жартасқа шыққан шабдалыны жесең, ханшайымды құтқаратын күш пайда болады саған, — дейді.
Осылай қарт көзден ғайып болады. Жартасқа келіп, төмен қараса, түбі көрінбейді. Ол ағаш жартастың қырында өсіп тұр еді, жасыл жапырағы көз қызықтырады. Шабдалыны үзіп, алайын десе, өте қатерлі, құлап кетуі мүмкін. Бірақ ханшайымды құтқару үшін аңшы ешнәрседен тайынбайды. Әйтеуір жеміске қолы жетеді, ең үлкен, ең қызылын үзіп жейді. Шабдалы асқазанына түсісімен, денесіне ерекше күш қосылғанын сезеді. Ақырындап қолын созса, ұша жөнеледі.Аңшы аспанда қырандай самғап, ай жарығымен, ханшайымды құтқарып алып кетеді.
Аңшы мен ханшайым Юй Джүй шыңындағы үңгірде ерлі-зайыпты болып өмір сүреді. Күндіз бірге аң аулайды. Олар тұрып жатқан үңгірдің төңірегіне әртүрлі гүл өсіп шығады, лоң нуй гүлі күле алады, жасминдер билейді, азалиялар оттай, шанча аппақ қардай... Екі жас осындай саябақта бақытты өмір сүріп жатқан еді.
Наньчжоу патша қызы жоғалғаннан кейін, ашуға булығып, Луомоны тауып алып келеді. Луомо — сиқыршы, бірақ арамдығы бар. Қолына сиқырлы шамын алып, аңшы мен ханшайымның бейнесін көрсетеді.
Патша көре сала, әкесін тыңдамай басқа біреумен тұрмыс құрған қызына ашуланады да : «Тез арада жаза қолдан»,— дейді.
Луомо бір ыдысты алып: «Бұл — боран мен қар ыдысы. Мұны қолдансам, бірден қатты жел болып, қар жауады, күн суытады. Сол кезде ханшайым өзі де бас тартады» — дейді. Боран соғып, қалың қар жауады. Көктемгі Юй Джүй мұз тауға айналады.
Ханшайым аңшыға:
— Бұл — Луомоның жасағаны. Бізді айырылыстырғысы келеді. Бірақ мен бәрібір сенің әйелің боламын. Өлсек те бірге боламыз. Ешқашан ажырамаймыз,— дейді.
Ханшайым жаурағаннан дірілдей бастайды, аңшы жаны ашып:
— Луомода буддалық риза бар, соны кисең, қыста жылы, жазда салқын боласың,— дейді.
Ханшайым уайымдап:
— Сен киімді ұрлауға барғанда, торға түсіп қалмайсың ба? — дейді.
Аңшы жұбатып:
— Мен міндетті түрде абай боламын,— дейді де, кетіп қалады.
Луомо храмына жетеді, енді киімді қолына алғанда Луомо біліп қояды да, қарқ-қарқ күліп:
— Таудың қарлы боранына төзе алмадың ба? -дейді.
Аңшы ызаланып, Луомоға :
— Сен оңбағансың, неге жамандық істейсің біздің бақытымызды, от басымызды бұзып! — деп оған тұра ұмтылады.
Луомоның сиқыры өте күшті еді, оған шыдамаған аңшы Эрхайдың жағалауына құлап түседі. Осы сәтте Луомоның сиқырымен аңшының басы айналып, Эрхай көлінің ішіне кетеді де, бір тасқа айналады.
Ханшайым аңшыны күтіп отырғанда, бір қарға келіп: «Аңшы көл түбіндегі тасқа айналды, ешқашан оралмайды» — дейді.
Ханшайым қайғырып, күндіз-түні жылайды. Бірнеше күннен кейін қайтыс болады. Өлген соң, шың басында бір ақ бұлт пайда болады, артынша қатты дауыл тұрады. Ақ бұлт пайда болған күні аңшылар да, теңіздегілер де шықпайды. Егер теңізге шықса, қайықтары суға батып кетеді. Су астындағы тас көрінгенде ғана, дауыл тоқтайды. Ваң Фу Юнь дегеніміз міне осы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі