Өлең, жыр, ақындар

Кавказ патшасының мұрагері

Асхат досымды басқа елден құйын көтеріп әкелген бе, жоқ па, ол жағы бізге қараңғы. Ал мына Шыңшаң Исабектің бізге шеттен келгені рас. "Тағдыр айдап келді мені осында" дейді ол Он бес, әлде жиырма жыл бұрын келген ол біздің ауылға. Үстінде белі қынаулы қара бешбеті бар, бешбетінің омырауындағы ұзын-ұзын бүрмелеріне саусақтай ақ таяқшалар қадалған, басында бұйра қаракөл елтіріден дөңгелек қара бөрік, аяғында өкшесіз қара етік. "Кім боласың, шырақ?" деп сұрағандарға: "Кавказ патшасының сорлы ұлымын мен" деп жауап беріпті. Жылай отырып, зарын айтыпты. Көзінен тамған жасы топырақты күйдіріпті. Өте аянышты, өте мүшкіл болыпты оның хәлі.

...Бір күні таң қараңғысында түрік патшасы Кавказ патшалығына тұтқиылдан тап беріп, сарайларын күл-талқан күйретіп, патшаны дарға асып, қырық әйелін қорлап, қырық қызын күңдікке өксітіп, қырық ұлын қырып тастапты. Қырық бірінші ұлы Исабек тұлпарына мініп, арқыраған асау өзендерден өтіп, түріктерден қара үзіп кетіпті. Ең соңғы дариядан қарғығанда тұлпары титықтап, құрдымға құлап, өзі қатты қарқынымен зулай ұшып, арғы жағаға түсіпті. Кавказ патшасының қырық бірінші мұрагері осылай аман құтылыпты.

Осы әңгімені есіткен кісілер сонда Исабекке қосыла жылапты. Кавказ патшалығының мұндай мүшкіл хәліне жыламауға бола ма? Біздің типтәрлар алғаш мейманды салт бойынша үйден үйге қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, басу айтып, қайғысына ортақтасады. Дәстүрлі қонақжайлық салты аяқталған соң: "Қандай өнерің бар?" деп сұрапты жұрт. "Шабандозбын. Темір соғамын, қаңылтыр қапсырамын, қорғасын құямын" депті патша баласы. "Шабандоздық өзіміздің қолымыздан келеді. Сен темір соқ, қаңылтыр қапсыр, қорғасын қүй, — депті біздің ауыл адамдары, — тамаша өнер".Тап содан бері темірші ұста ол. Шыңшаң ағай маған сырлы, қызықты, үрейлі көрінеді. Досым Асхат та осындай. Басқа дүниеден келген кісілер кілең осындай қобалжу туғызады.

Қаңылтыршы Исабек бізден бір көше әрірек тұрады. Өзінің саз балшықтан соққан үйінде ол күні бойы балғасын шың-шаң, шың-шаң соғып, шелек түптейді, шөміш саптайды, құманның тұтқасын қондырады. Сондықтан оған Шыңшаң деген қосалқы ат тағылған. Жұрт оның шын атын да айта бермейді. Шыңшаң дейді. Түрен салып, жер жыртпайды, пішен шаппайды, орақ ормайды. Бар білгені темір соғу. Тіпті Мұса молда жер жыртып, егін егеді, бүл екпейді. Шыңшаңның өзінен едәуір жас Әлифа атты жуан, салдыр-салақ әйелі бар. Әрі нағыз кержалқау. Тіпті үйінің түбіндегі картобын отамайды. Күз келуден: "Құт қашса, береке бола ма ... Картопекеш картопқа да жарымаймыз" деп зарлайды. Қашан көрсең, өзі босағадағы тас үстінде сағыз шайнап отырады. Әлде жамау жамаған болады сонда. Әлифа өзіміздің ауылдағы Ғафифа кемпірдің қызы. Екеуі бірде балдырған жинап жүргенде қайсымыз үлкенбіз деп таласып қалады. Шешесі: "Мен үлкенмін" депті. Қызы: "Мен ұзынмын" депті. Біздің ауыл адамдары айта беретін: "Шешем үлкен, мен ұзынмын" деген сөз осыдан шыққан көрінеді.

Әлифа екі сөздің бірінде: "Жас өмірім Кавказ патшасының ақ сақалды алба-жұлба баласымен босқа өтті! Он жыл ішінде бір жылауық қыз туғызғаннан басқа не бітірді бүл? Оны да мен таптым ғой" деп зарланады. Иса жоқта ғана ол осылай сайрайды. Күйеуінің алдында қыңқ етпейді. Күйеуін сыйлай біледі. Кейде тіпті: "Қаңылтырды қатырып билетеді менің ұстам..." деп жарамсақтанып та қояды. Ал мейрам күндерінде Исабек омырауындағы ұзын бүрмелеріне саусақтай ақ таяқшалар тағылған, белі қынаулы қара бешбетін, бұйра қаракөл елтірісінен тігілген дөңгелек қара бөркін, өкшесіз қара етігін киіп, үй алдына шыға келсе, Әлифа қайран қалады. "Па, шіркін, менің тау бүркітім! Патша әулеті емес пе? Басқа кімнің осындай күйеуі бар, кілең күпілдек, түкке тұрмайтын немелер? Сақалына да ақ түспеген, азырақ күміс жүгіртілген..." Мұны көршісі Сәлима есітсін деп жорта айқайлап айтады. Ащы тілді, сындарлы Сәлиманың күйеуі Шаһимұраттың бойы тапал. Әлифа соны тұспалдайды. Шынында да, мейрам үстінде Исабектен сәнді, сымбатты, көрікті еркек жоқ ауылда.

Иса мен Әлифаның Нәсима деген емізулі қызы бар. Оя ұдайы бесігінде жылап, не ұйқтап жатады. Уәлетдиндерден соңғы менің екінші баратын жерім Шыңшаңның үйі. Жаз шығудан күн сайын дерлік осында келіп, жебенің ұшын жасаймын. Қаңылтыр дайын, аспаптар бар. Исабек мені қатарындай керіп, сырын айтады. Қандай затын ұстасам да ренжімейді. Ал дүниенің мұнда есебі жоқ. Мыс дейсің бе, темір, жез, шойын, қорғасын дейсің бе, жаныңа керектің бәрі бар. Қалағаныңды жаса. Әлифа босағада сағыз шайнап отырғанда Нәсима оянып кетеді, мен оны тербете бастаймын. Ұстаның жұмысын тоқтатпаймын. Бұған ол риза. Кейде шырқырап жылаған Нәсиманы мен жұбата алмаймын. Сондайда шаруасын қойып, әткеншектің қасына Шыңшаң өзі келеді. Көкірегінің түбінен шыққан қоңыр дауыспен қызын жұбатады:

Әлди-әлди, Нәсима,
Балдай құрма берейін,
Тәтті жүзім терейін,
Нұрлы көзім Нәсима.
Бағың жанып, толарсың,
Дана патша боларсың.
Шаттанарсың, күлерсің,
Алтын таққа мінерсің.
Әлди-әлди, Нәсима,
Аппақ тоқаш асағаң,
Майлы ботқа, мә саған,
Айдан ару Нәсима.

Осылай жақсының бәрін тізе береді. Нәсима жемеген тағам, Нәсима ішпеген шәрбат, Нәсима кимеген киім қалмайды.Тіпті бұған менің аузымның суы құриды. Исабек тоқтамайды. Байлығының да, жомарттығының да шегі жоқ оның. Тек тоймайтын Нәсима, қанағатты білмейді. Жылайды да жатады.

Мен кенет қорқып кеттім. Егер құйттай қыз бесігінен секіріп тұрып, әкесі айтқан әлгі тәтті тағамдарды талап етсе қайтеміз? Тек біреуін сұраса да, құримыз ғой. Бүл үйде тамақ толып тұрмайтынын білемін. Әйтеуір, Нәсима жай жылайды, сөз айта алмайды. Басқа амалы қалмаған соң Исабек қатып қалған қара сұлы нанын шайнап, шүберекке түйіп, баланың аузына салады. Ол бір-екі рет өксіп алады да, тынады.

Әлифа баласын көтеріп, қыдырып кеткен кездерде біз сөйлесіп, сырласып, рақаттанамыз. Тек келген-кеткендер ғана сөзімізді бөледі. Міне біз қазір екеуміз оңаша қалдық. Жоқ, тағы біреулер келе жатыр. Ә, әлгі мүсәпір молда екен ғой! Әне, шапанының шалғайы шарбақтағы бұтаққа ілінді. Исабектің қақпасы жоқ. Қақпа орнына бұтақтардан құрастырған шарбақ. Оның үстінен аттап, не астынан бұғып өту керек. Молда өткен бейсенбіде мыс құман қалдырып кеткен-ді.

— Исабек! — деген ол, — Бір аптадан соң қайтып келемін. Осы құманды түптеп қойшы. Тастауға қолым бармайды. Әкем Есенғұл қажыдан қалған ескерткіш еді.

— Жарайды, молдеке, бітіремін, — деп алып қалды Исабек. Құманды темір-терсек үйіндісіне тастады да, қайтып қарамады.

— Исабек ағай! Әнеугі молда келе жатыр, — деп хабарладым мен.

— Қайсы молда?

— Мыс құманның иесі.

Шарбақ түбіндегі молда бұтақтан шалғайын жаздырып үлгірмеді. Исабек орнынан атып тұрып, бұрыштағы үйіндіден Есенғұл қажыдан қалған ескерткішті тауып алып, орнына отырды да, сиқырлы құралымен құманның түбін ә дегенше қағып тастады. Тап сол сәт тамағын қырынып, молда кіріп келді:

— Әссәләмәғәләйкүм, Исабек ұста!

— Уәғәләйкүмүссәләм, молдеке. Төрге шық. Көп мақтап жүреді екенсің. Міне, жаңа ғана сенің құманыңды қолға алғанмын. Мұрша келмей қойды, сірә.

— Солай екен ғой, — деді молда, төрге шықпады. — Қашан бітіресің енді?

— Асыл зат қой, асығыс жасауға болмайды. Әуелі түптеп, дәнекерлеп, жалтырату керек.

— Мүсәпір молда-тұрақты мекені жоқ, кезбе молда.

— Сонда, Исабек, көпке созыла ма?

— Ертең осы кезге дейін бітіріп қоямын. Жаңа құманға бергісіз етіп.

— Күте алмаймын. Ертең Шоқырақты ауылында үлкен жаназа. Ат жіберген арнайы.

— Ендеше, еркің білсін, молдеке. Мә, құманыңды алып кет.

— Ойының ба, шының ба бұл, кім... Иса... Исабек. Мен дардай атағыммен қалайша түпсіз құман көтеріп жүремін!

— Бұл да өз еркіңде, молдеке.

— Еркіңде... еркіңде... дейсің. Сұрқия, алаяқ! Жарайды, бүл жолы қарғамай-ақ қояйын десем, ей, қолы сыңғыр, аяғы тартылғыр неме! — деп молда бірден шаптықты, — Малғұн! Келімсек!

— Келімсек дегенің не, молдеке, сен сияқты мәхәлләсыз молда тентіреген қаңғыбас болып шығады енді. Шүкір, менің табан тірейтін өз табалдырығым, көсіліп жататын ақ төсегім бар.

— Тіфу, бәдбақ! — деп Есенғұл қажының жұрағаты Кавказ патшасының жұрағатына былш еткізіп түкіріп кетті.

— Түкірме, түкірме, түкірігің өз бетіңе шашырасын, шерменде молда! — деп айқалап қалды молданың артынан үй иесі. Асқан қызу қанды Исабек. Көтеріліп кетсе, Әлифаны түтіп жейді. Тек әйелі сөзге таласпайды. "Жә, жетер, шыж-быж" деп қоя салады. "Шыж-быж" дегені ыстық бізді суға басқанда быж ете қалады ғой. Оттай лапылдаған Исабек әйелінің салқын суына батып, быж етеді де басылады. Ал мына жылауық Нәсима қанша титығына тисе де ашуланбайды. Ашу қысқанда Шыңшаңның маңдай терісі тарта бастайды. Молда түкіргенде бір-екі рет тартып қойды. Шүкір, басылды. Әйтпесе жанжал ұзаққа созылуы ықтимал еді.

Әйтсе де Исабектің діндар кісімен қатты қақтығысына қобалжып қалдым. Егер ол қарғысқа ұшыраса ше? Қарғыс Исабекпен қоса маған да тисе ше? Ұзақ уақыт жым-жырт отырдық.

— Тақуа кісіге тіл тигізу күнә болмай ма? — дедім мен абыржып.

Шыңшаң қолындағы мыс құманды айналдыра қарап отыр еді.

— Жарайды, доңыздан түк тартсаң да пайда. Таза мыс екен-бір кәдеге жарар.

Мен күдігімді қайталай бердім:

— Қарғысы тисе, қайтеміз? Ол құдай жолында жүрген жан ғой.

— Ол сұмырай құдайдың жолын қайтсін! — деп мысқылдады Исабек. — Сол ат ұрысы Есенғұлдың қажылығы менің әкемнің патшалығымен бірдей...

Мәссаған! Бұған жүрегі қалай дауалайды? Осы кезде Исабек екеуміздің арамыз алшақтап кеткендей болды. Ақыл жетпейтін нәрсе! Бір сілтегенде Есенғұл қажыны да, мүсәпір молданы да, өзінің патша әкесін де сілейте соқты.

Мұнымен қоймай, әшкерелеуін жалғастыра берді:

— Мынаусы да Бұқарада салпаңдаған саудагер. Шапан киіп, сәлде орап, молда бола қалған дүмше.

Біздің әңгімеміздің берекесі қашты. Мен тістене отырып, жебенің ұшын соғуға кірістім. Исабек мыс құманды қайтадан бұрышқа лақтырып, қаңылтыр кесетін қайшысын егей бастады. Жұмыс өнбейді. Балғамен бір рет саусағымды да соғып алдым. Бір нәрсе ұдайы ойымнан кетпей қойды: ол неге патша болған әкесін ат ұрысына теңейді?

Шыңшаң жұмысын доғарды. Күрсініп қойды. Басын көтеріп, терезеден сонау алысқа қарап тұрды. Көкте жұқа ақша бұлттар жүзіп бара жатты. Исабек ақырын ғана ән салды. Ертеректе түн орталарында осыған ұқсас бір әуен есітілетін еді. Біз үй-ішімізбен бұл қандай ән, оны айтатын кім деп қайран қалатынбыз. Сол ән осы екен.

Түйдек-түйдек бұлттар қаптайды

Кавказ деген таудың асқарын,

Қайран туған елді қайтып көрсем,

құшып жылар едім тастарын...

Мәссаған Шыңшаң! Шырқайтын әнін қарашы. Оны аяп, жылап жібере жаздадым. Әйтсе де жағдайын түсінгім келіп:

— Кавказ патшалығын сағынып мұңаясың ба, Исабек ағай? — дедім.

Ол үндемеді. Мен оған басу айтқым келіп:

— Дарға асылған патша әкеңді, қорланған қырық патшайым шешелеріңді, күң етілген қырық патшайым апаларыңды, қырып тасталған қырық ханзада ағаларыңды мен де аяймын. Жайы жаннатта болсын! Амал қанша, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Әркімнің моласы басқа... Тірілер шыдауға тиіс... — деп мен бүкіл білгенімнің бәрін жайып салдым.

— Ай, кішкентай уағызшым-ай! — деп басымнан сипап қойды.

Исабек қайтадан менің жақын кісіме айналды. Оның жас толы

көзіне қарағанда, көзімнен мөлтілдеп жас сорғалады. Бір тамшысы зу етіп алдымдағы ақ қаңылтырдың бөлшегіне тамды. Бәлкім, зуламаған да шығар. Тек маған солай есітілді. Кавказ патшалығының қанды оқиғасын ойлап, екеуміз жылап отырмыз.

— Мен туралы басқалар қандай ертегі айтса, маған бәрібір. Тек сенің күнәсіз көзіңнен ұялам. Бұл көздерді алдауға болмайды.

Исабек қызық сөздер айта бастады. Мені "күнәсіз" дей ме? Шәйхаттармен карта соққанымды білсе екен...

— Патша баласы емеспін мен, қашқынмын! — деп кесіп айтты Исабек. Бұл сөздер менің құлағыма түрпідей тиді.

— Қашып құтылған соң қашқын болады, әрине, — деп түзетіңкіреп едім, ол бұған қарсы шықты.

— Қашқын! Салтты бұзып, руына қиянат жасаған мүртпін мен! Әділет, қайырымдылық, ізгілікті қолдаушымын мен! Жаным осылай екіге бөлінді. Өмір бойы екі жарты бірін-бірі қарғаумен болды. Бүл дүниеде де, о дүниеде де келісу, қауышу жоқ оларға. Өйткені олардың бірі балыққа, екіншісі құсқа айналды. Ал Кавказ патшалығы-тек қасіретті ғажайып түс. Сол түсті өзім емес, мен үшін басқа кісілер көрді өткен замандарда. Таңертең тұрып айтты да маған жорыды. Мен түстен бас тартпадым. Бірте-бірте тіпті өзім де сене бастадым. Содан жайылып кетті Кавказ патшалығы туралы үрейлі ертегі!..

Міне саған үш түйме!

Ішімнен осылай дей бергенде Нәсимасын бақыртып Әлифа қайтып келді. Әңгіме Исабектің жаны сияқты бөлініп қалды.

Үзілген сөз бес-алты жылдан кейін ғана жалғанды.

Ауылымыз ұжымшарға айналды. Зердесі мықтылардың бірі Исабектің жиырма, жиырма бес жыл бұрын айтқан "шабандозбын" деген сөзін есіне түсіріпті. Ұжымшар жылқысын түнде күзететін кісі керек болғанда әлгі зерделі кісі: "Жамағат! Өзіміздің Исабек шабандоз бар ғой! Адал, сенімді кісі. Осы шаруаны соған тапсырайық! Қолы тигенде күндіз өз шаруасымен айналысар. Елдің күнкөрісіне сол өнері де керек" депті. Жұрт бірден келісіпті. Жұрттан бұрын Исабектің өзі риза болыпты бұүған.

Сақал-мұрты ағарған шағында Кавказ шабандозы қайтадан атқа мінді. Алғашқы түні ол мініс атын үйіне жетектеп қайтты. Үйге кіріп, өзінің әлгі әсем киімін бастан-аяқ киіп шықты. Үзенгіге сол аяғын сұғып, ерге шапшаң мінді. Ұмытпаған екен. Барлық қимылы жарасып тұр. Күміс қынды ұзын қанжар ұстаған Әлифа да келді. Қанжар! Бұл Исабектің үйінде көрмеген дүниеміз еді. Тәйірі, біз көрмеген дүние аз ба?

— Әй, көкесі! Нәсиманың көкесі! — деп айқайлады Әлифа, Сәлималардың үйіне қарай. — Күміс қанжарыңды беліңе байлауды ұмытыпсың ғой!

— Әкел, қатын, қызық болсын...

Күміс қынды ұзын қанжарды шабандоз беліне байлап алды. Мұндай сәнді салт аттыны өмірде бұдан басқа жерде көре алмайсың, картинада ғана көру мүмкін. Исабек ат үстінде отыр, Олифа жерде тұрып рақаттанады, Нәсима босағадағы тас үстінде қолын шапалақтап түр. Осы бір сәтте Шыңшаңның ауласында шаттық шалқыды. Ат басындай алтын тапқандай. Өмір бойы иіліп темір соққан кісі бойын түзеп, тұлғаланып кетті. Бұған дейін Исабекке бір шекесінен, сәл мысқылдап, сәл аянышпен қараған көрші-қолаң сүқтанып, қайран қалды. "Міне, қандай кісі біздің көрші!" деп таңдай қаққандар да болды. Осы кезден бастап өмірінің аяғына дейін ол ерден түспеді.

Кейін екі жаз бойы мен Исабекке жылқы бағыстым. Дим тоғайында пішен жиналған кезде бұл өңір өзгеше құлпырып кетеді. Әлі кеш салқын емес. Ал шыбын-шіркей, маса-сона көп мазаламайды. Көк балауса алшын ат аузына өзі түсіп тұрады. Дим суының дәмі күзде бал татиды. Ішсең қанбайсың. Осы кезде біз жылқыны Барлыбай аралына, не Қақпалы алқабына айдап жібереміз де Дим жағасына от жағамыз. Мосыға шайнек асамыз, күлге картоп көмеміз. Кез келген жерде мосымыз әзір тұрады. Іңір түскенше Исабек тұс-тұсқа тараған аттарды қайта барлап, әрқайсысының хәл-жағдайын сұрап шығады. "Өзіңді бүгін шаршатқан-ау, сірә, жирен... Бурыл, сен айлакерсің, ешкімді маңыңа жолатпапсың. Кәрі Қасқа бүгін тыныққан екен..." дейді ол. Бүл аттарды күндіз жегіп жүрген адамдарды да мақтайды, не қорлайды. Құлыншақтарды мойындарынан құшақтап алады, жұмсақ жалдарынан сипап, әрқайсысына жылы сөз айтады. Қызу қанды Шыңшаңның осы екі ай ішінде бір жылқыға, бір құлыншаққа ашуланып, дауыс көтергенін есітпедім. Әдеттегі бақташы құралы шыбыртқыны ол қолына да алмады.

Әр кеш осылай жылқының хәл-жағдайын біліп алған соң үйірдің айғыры Дәрменнің қасына келіп, еркекше сөйлеседі. Не сөйлескені естілмейді, өте ақырын сөйлеседі. Кейін Дәрмен дән риза болып, бас изейді. Көп жайларды келісіп, ақылдасып алғандай. Бас жылқышы үйір басшысына түнгі күзет жөнінде ақылын айтты. Ол мақұл көрді.

Іңір түсті. Шай бұрқылдап қайнап жатыр. Картоп та пісіп қалды. Бас жылқышы сонда ғана ошақ басына келді.

Екі жаз бойы айтылмаған әңгіме, жырланбаған жыр қалмады. Отқа қараған сайын Исабекті өзгеше бір мұң басады. Бірақ ол түйдек-түйдек бұлт қаптаған Кавказ тауы туралы әнді де, Кавказ патшалығы туралы әңгімені де қайталамады. Мен сұрауға бата алмадым.

Бір түні ол сөне бастаған алауға қарап кенет күрсініп қойды:

— Мына ошақ басында сен екеуміз оңаша отырмыз деп ойлайтын шығарсың. Жоқ, екеуміз ғана емеспіз. Әне, оттың арғы жағында менің жігіттік шағым тұр, — деп түнек жақты ымдады, — Қасымызда ғана сияқты. Тек арамызда маздаған от. Арамызда өткен өмір...

Мен оның тосын сөзіне әбден үйренгенмін. Қыстырылуға асықпаймын Өзі ұшын шығарар.

— Пақыр жігіт шағым, батыр жігіт шағым... Иә, қару көтеру үшін ғана емес, көтерілген қаруды тоқтату үшін де батырлық керек.

Мен мұны мүлдем түсінбеймін. Сілтенген қылыш шабуға, кезелген мылтық атылуға тиіс. Мен жігіт қатарына қосылып келем. Батырлықтың не екенін түсінемін.

— Неге келген мұнда сенің жігіт шағың? — дедім мен Исабектің сөзіне ыңғайласып.

— Сенімен көрісуге, танысуға. Таныстырсам, қабылдайсың ба, әлде ашуға басып, қуып жібересің бе?

Мен не дерімді білмей, үнсіз қалдым.

— Әйтсе де таныстырайын...

... Он екі жасқа толғанымда құныкер екі ағамды өлтірді. Үйдегі еркек атаулының ең үлкені болып қалдым. Әкем түрік соғысында жоғалып кеткен. Кек алу міндеті менің мойныма түсті. Құныкердің туған жылы, айы, күні туған кезіме дәл келетін менімен түйдей құрдас ұлы бар. Аты Боташ. Он жеті жас толған күні мен оны өлтіріп, қарымта қайтаруым керек. Салт солай. Егер құныкердің көзін жойсаң, ол өліп құтылады, ал ұлсыз қалдырсаң, өмір бойы азап шегеді. Біздің азап шеккеніміздей.Сол кезде тау баурайын қаптаған өрік ағаштары аппақ гүл атады, тоғайларда сандуғаштар құйқылжыта сайрайды, көктемгі өзендер сыңғыр қағады, құдай жаратқан барлық жан-жануар тіршілігіне шүкір етіп, рақаттанады.Тап осы мезгілде қараңғы түнде менің қанжарым Боташтың жүрегіне қадалады. Ай сайын, күн сайын мен оған өшігіп, көкірегімде кек қайнады. Қыл қабатын мына қанжарымды бес қыс, бес жаз бойы қайрадым. Жүзіне шыбын қонса, тіліп түседі. Алғаш жылдарды, одан соң айларды, ақыры, күндерді санай бастадым. Әр күн Боташтың ажалын жақындата түсті. Тағдыр сағаты соққанда жанын аламын. Боташ жан береді. Құныкердің қаны жерге шашылады, орындалған кек маған қуат беріп, рухымды көтереді.

Боташ жүдеу бала еді. Әрі ақсақ. Кішкентай кезінде тамның төбесінен құлап, майырылған. Соған қарамастан жарқын жүзді, аңқылдаған ақ көңіл, жаны жайсаң. Жауыз, дарақы, ажарсыз болса екен! Әсте ондай емес. Ойнап жүргенде басқа балаларға қарағанда оның даусы көңілдірек шығады. Мен жақындай бастасам, ол кенет үнсіз қалады, өңі күлдей сұрланып кетеді. Ажалын сезеді. Ер жеткен соң ол алаңда шебер дабыл қағушы, ойын, ән бастаушы болып алды. Алаңға мен шықсам, ол қашқалақтап, кісі тасасына тығылып, одан шойнаңдап үйіне қарай зытады. Ажалын сезеді.

Боташтың әкесі, менің құныкерім, елік аулап жүргенде жардан құлап, опат болды. Оны кебенегіне орап, атқа көлденең өңгеріп, ауылға алып қайтты. Боташ атты жетектеп келе жатыр екен. Жолда мен кезіктім. Ол алдымен басын иді де, шетке тайсалып кетті. Мәйіт ат үстінде салаңдап барады, баласы тізгін ұстап, соқпақпен келе жатыр. Оның да жер басып жүруіне көп қалмады енді... Әйтсе де Боташ менен именген сайын көңілім босап, бойымдағы кегім суынады. Бірақ мен қайтпаймын. Әлсін-әлсін белімдегі қанжарымды сипап қоямын. Өш лап етіп қайта тұтанады.

Өрік гүл атты. Бес жыл бойы күткен күн келді. Қас қылғанда, түн ойлағанымдай қараңғы болмады. Жарқыраған айлы түн түсті. Күндіз Боташ Төменгі Бегімге базарға кеткен-ді. Әлі қайтқан жоқ. Мен ауылдан шығып, оның қайтар жолындағы тастың тасасына тығылдым. Айлы түн есімді алды. Бір сиқыры бар сияқты. Төңірек құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Әне, сонау тау кертпешіне еліктің құралайы шыға келді. Енесі көрінбейді. Бейшара түнде адасты ма екен? Жан-жағына елеңдейді, қасқырдан қорқады. Бәлкім, оны таяу маңда арлан бөрі аңдып жатқан болар. Бір атылса, қағып түсуі кәдік. Бүл дүниеде жаңа ғана елеңдеп тұрған сұлу құралай қас қағымда жоқ болады... Шүкір, құралай жыртқыштарға жолықпай, аман-есен еліне кетті. Бірақ арлан бөрі бір жерде тығылып жатыр ғой. Осы құралай көңіліме күдік салып кетті. Мен қайсысымын осылардың? Әлгі еліктің аңқау, ерке құралайымын ба, әлде соны аңдып жатқан қасқырмын ба? Осыған тезірек жауап беруім керек. Әйтпесе анау Боташтың сықырлаған арбасы бері өрлеп келеді. Жауап бергім келгендей, қанжарымның сабына қол создым. Қолым ырқыма көнбейді, тартынады. Арба сықыр-сықыр етіп, өгіздердің танаулары пысылдап, менің үстіме қарай өрлеп келеді. Боташ артқы жақтан арбасын итеріп, шаршаған өгіздерге көмектесті. Ақсақ ауыр шығар. Жолдың осы өрінде мен өзім де өгіздеріме осылай көмектесемін. Қазір тіпті арба соңындағы адам Боташ емес, өзім сияқты көріндім. Тыңмын, қайраттымын. Маған бұл түк те емес.

Басымда бәрі шатасты — аңқау құралай, арлан бөрі, өгіздер, ай, ақсақ Боташ, өзім... Арба ұдайы сықырлайды. Боташ өгіздерін "ок!" деп айдайды. Тау үстінде жарқырап тұрған дөңгелек жарық ай естен тандырды. Ай нұрында өрік гүлдері жайнап тұр. Жан алатын түн бе бүл? Жан беретін қасиетті мезгіл Марқұм ағайымның киелі қанына сиындым. Ішімнен: "Кек! Кек! Кек!" деп қайталаймын Руластарымның салтты бұзғаным үшін қарғайтыны көкейімнен кетпейді. Тағы қанжарыма жармасамын. Қолым бармайды. Әлгі тау кертпешінде баяғы еліктің құралайы тағы шыға келді. Сықыр-сықыр етіп Боташтың арбасы қасымнан өте шықты. Боташ өзі ентігіп қалған, әрең тыныс алады...

Құныкерім ауылға кіріп кетті, туған үйіме жолым байланды. Өйткені мен салтымызға кешірімсіз қиянат жасадым. Құрбанымды құртпай қайтып келсем, руым мені қабыл етпес еді. Лағынет айтып елден қуар еді. Мен өзімді-өзім қудым.

Ағамның қайтпаған кегіне намыстанып, талай заман ел кездім. Ата-баба кәсібі-қаңылтыр мен балға маған ризық болды. Жылдар бойы үйсіз-күйсіз қаңғырып, осы жерде тұрақ таптым. Үйім салқын, күйім жайсыз еді. Көріп тұрсың, қартайғанда зейнет көрдім, замана атқа мінгізді мені...

— Мінеки, інім, ошақтың арғы жағында тұрған жігіт сол еді, — деп Исабек қараңғы жаққа қарай ым қақты. Менің жауабымды күтті. Мен үндемедім. Оған не деймін?

Мен ауылдан кеткен соң да Исабек аттарын тастамады. Тіпті аудандық газетте де оның есімін тасқа басып шығарды. Ісімен бірге оның намысын мақтады. Майданда жүргенде ауылға хат жазған сайын көрші-қолаңға дұғай сәлем жолдағанда Исабекті де ұдайы ескеретінмін. Ол да сәлем қайтарып тұрды. Соғыс аяқталған көктемде көршімнің сәлемі орнына өлген хабары келді. Сол қаралы хатта: "Қалың қайғы үстіндеміз. Исабек көршіміз өз аяғымен о дүниеге жөнеді. Димде сең жүрген кезде Қақпалы ішінде жылқы бағып жүрген жерінде суға кетті. Жағада секіріп ойнаған бір құлыншақ суға құлағанда Исабек көршіміз соны құтқарам деп мұзға қойып кетіп, құлыншақты ұстаған, бірақ жағаға қайтып шыға алмаған. Құшақтаса мұз астына түсіп кеткен. Сол жерде иірімдер көп. Білмеген ғой, марқұм, жақсы кісі еді. Денесін таба алмадық. Өзінің орнына баяғы бешпетін, бөркін, етігін, қанжарын және мінген ер-тұрманын жерледік. Жаназаға есепсіз халық жиналды. Әлифа жер бауырлап, зар еңіреді..." деп жазылған екен.

... Исабек баяғыда ошақ басында өзінің жігіт шағымен мені кездестірер алдында: "Қабылдайсың ба, әлде ашуға басып, қуып жібересің бe?" деген. Оның айтқанын тыңдаған соң мен жауап қайтармағанмын. Біреудің өміріне араласуға менің қақым жоқ.

Қайтпаған кек... Соғыстың алғашқы жылдарында еліміз жан түршігерлік азап тартып жатқанда солдат киімін киген әрбір немісті боршалап өлтірсек деген кекке толы еді көңіліміз. Өлтіру керек! Мылтық атқан кезінде ме, ұйықтаған, тамақтанған, ғибадат жасаған жерінде ме-өлтіру керек! Ақ шашты қарт па, әлде мұрты шықпаған қаршадай бала ма-өлтіру керек! Қолға түскенін құрту керек! Бұл өшпенділікті біздің кеудемізге олардың өздері салды. Біз тумыстан қанқор емеспіз. Қанды қырғынды олар өздері бастады. Бүкіл үрім-бұтағы аяусыз қарымта қайтаруды күтсін! Біреуіне де мейірім жоқ.

Ал мына күн жаңа ғана шығып келе жатқан кезде өмірден мүлдем үмітін үзген екі жанар саған жәудірей қарап, жүгері жапырағына мөлдіреген көз жасы тамып тұрған жым-жырт дүниеде кісінің маңдайына мылтық кезеп, атып салуға бола ма? Болмайды екен. Маған тап осындай жағдай кездесті.

Яссы-Кишинев шайқастарында жау әскерлерін күл-талқан күйреттік. Соғыс жүріп жатқан күндері осы алаптарды ертеден кешке дейін шаң аралас түтін қаптап тұрды. Бірақ бір тәуліктен кейін соғыс бүл арадан үдере көшіп, Прут жағасына бет алды. Жолға шыққан ротаның командирі күн батар алдынан мені, майдан журналисін, кешегі шайқас алаңын көрсетуге ертіп келді.

— Шайқас жүріп жатқанда, ұрысты толық көруге болмайды, тек айқас аяқталған соң мұнда қандай қырғын болғанын түсінесің, — деді ол Иә, мұны мен өзім де білемін. Неміс қаруының жартысы осында қалып қойған. Күйреген танкілер, зеңбіректер, минометтер, автомашиналар, тракторлар... Есеп-саны жоқ. Алғашқы күні атты артиллерия дивизиясы да қиратылған-ды. Ерттеулі, қамытты аттар әлі жүгері алқабында жүр. Бізді көрген соң оқыранып, соңымыздан ере бастады. Тірі қалған фашист шерменделері де осы жүгері арасында жасырынып жатыр әлі. Тек әзірше бізге тимейді.

Біз шофердің өзін ғана қайтарып, аттарға мініп алдық. Маған көк ала бие тиді. Бізбен бірге ауылға бір үйір жылқы еріп келді. Ауыл шетіндегі бір үйдің алдында екі-үш солдат үлкен табаққа күрішкелерін батырып алып, шарап ішіп отыр екен. Солдаттардың қасына келгенімізде менің бием тұмсығымен әлгілерді жан-жаққа итеріп жіберіп, табақтағы шарапты сіміре бастады. Сонда ғана біз аттардың шөлдегенін түсіндік. Шөлдеген ат ештеңеден қайтпайды екен. Біз үйірді кішкентай өзен жағасына айдап бардық. Аттардың шелін қандырған соң осы жерде қоштастық. Мен өзіміздің редакцияны тезірек қуып жетуім керек еді. Оның Белград деген қалада тоқтайтынын білетінмін. Картаға қарадым. Егер үлкен жолға қайта айналып барсам, екі тәулікте де қуып жете алмаймын. Дереу ауылға қайтып, бір молдаван шалдан төте жол сұрадым. Қарттың айтқанын картамен салыстыра тексеріп алдым. Бәрі де тұп-тура келді.

— Бұл елсіз жерден өтетін оңаша жол Сақтан, — деп ескертті ол,-Бұйырса, ертең кешке жетіп қаларсың. Жол бойы атыңды тынықтырып ал

Іңір түсе өзімді тағдырға тапсырып, сапарға шықтым. Ұшан-теңіз қалың жүгері арасынан тар жол қылтиып жатыр. Ай туғанда бір құйттай оттардан өттім. Одан әрі яһуди ауылын артта қалдырдым. Қарт айтқан жолмен келемін. Дүние жым-жырт. Тыныштықтан қорқамын. Соғыс кезінде тыныштық үрей туғызады. Айдың жарығы да көңілді қажытады біртүрлі. Өмірімде алғаш рет күллі әлемде аймен бетпе-бет жалғыз қалуым. Оның сиқырына берілсең басыңнан айырыласың. Бүл жылдар ішінде шайқас алаңында асқан зорлықты да, қорлықты да, қорқынышты да бастан кештік. Бірақ бүгінгі жағдай мүлдем өзгеше. Тыныштықтан қорыққаннан тұла бойым қалтырап кетті. Әйтеуір мінген бием ақылды, сезімтал, әрі сабырлы болып шықты. Көрінген қарақшыдан үрікпейді. Ұрғашы мал табанды келеді ғой.

Таң алдында ұйқы баса берді. Талай жылдан бері үзенгі тимеген аяқтарым да ұйып, ауырлаған үстіне ауырлап барады. Балтырым талды, бұтыма ер батты. Бием, керісінше, жігерленіп кетті. Ара-тұра жортаққа да басады. Әлде Германиядан қайтып келеміз дейтін шығар? Мен ұйқымен арпалыстым. Біресе ол, біресе мен жеңемін. Айдың жарығы сейіле бастады, оны жаңа шыға бастаған күн шапағы қуып келеді. Айдың жарығы өз орынын тегін босатпайды. Тартысып жатыр. Екі жарық бірін-бірі жұтуға кірісті. Қайтадан алакеуім түсті...

Артқа жалт бұрылған атым кілт тоқтай қалды. Мен омақаса құлай жаздадым. Қарсы алдымда дөңгелек күн тұр. Сірә, соған соғылғанбыз-ау. Күн әрі дөңгелеп кетті. Жолдан бір-екі қадам жердегі жүгері ішінде мойыны қылқиған солдаттың сап-сары шашы үрпиіп тұр. Дереу алты атарымды суырып алып, борша-борша тер айғыздаған маңдайға кезедім. Сол сәт маңдай астындағы екі көк көзді көрдім. Бұл көздерден тіпті үрей де қашқан. Тек жалыныш қатып қалған. Міне, ол қазір тұтқынға түскен неміс солдаты айтатын: "Сталин хорош, Гитлер капут!" деген төрт сөзді қайталап, бәлкім, солай дер. Егер солай десе, оллаһи, шүріппені басамын. Жан сақтау үшін айтылған жалған тәубе ұдайы жеркеніш туғызады, ош өршітеді.

Бұл әлі үндемейді. Үкім күтеді. Ол-басқыншы, Мен-ел иесімін. Қандай үкім шығаруға қақым бар. Әрі әділ де болады. Үкім менің алтыатарымның ұңғысында.

— Мен он сегіздемін... — деді ол Дереу буыны қалтырап, теңселіп кетті, бірақ құламады.

... Кенет есіме бір оқиға сап ете түсті. Бұдан екі жыл бұрын ол он сегіз жасар жүргізуші-механикті қашқын деп айыптап, бүкіл бригада алдында атқан еді. Қашқындығы мынау: резервте тұрғанда түнде танкіге мініп, он километр жердегі ауылға шешесін көруге барған. Сол үшін өлім жазасына тартылды. Сол күні он сегіз жасар жігітке кезелген автоматтар біздің әр біріміздің ішімізде жатқан бейқамдықты, аңғалдықты, жауапсыздықты қоса атып өлтірді. Өз адамымызға деген қатал үкімді мен осылай түсіндім. Ақтамадым, түсіндім. Шынында, жүргізуші-механик түк зиян келтірмеді. Тек шешесін көріп келді. Қайтудан атылды.

Қарсы алдымда фашист әскерінің киімін киген, кеше ғана менің отандастарымды көздеп атқан дұшпан, менің қас дұшпаным тұр. Смоленск өңірінің ауылдарын жаппай өртеп, Донбасс шахталарында мыңдаған кісіні тірілей көмген, кездің жасын қол қылып, Украина қыздарын Германияға күңдікке айдаған, аналардың ақ шаштарын қорлаған, сәбилерді жалынға атқан осы жігіттің әкелері, ағалары ғой. Бұлардың кегін кімнен алу керек? Көк көз сары шайтан, естисің бе? Кімнен кек алу керек?

Менің ойларымды ол есітпейді. Әйтпесе, көзінен үміт қашар еді. Сол көздердегі үміт менің ашуымды басты. Жүгері жапырақтарынан мөлтілдеген жас тамшысы тамады. Жер беті жым-жырт, ашық, қайғысыз. Тап еткені жоқ, тек келешегі ғана бар. Мен толқып кеттім. Дүние біртүрлі ғажап жымың қаққандай болды.

Алтыатарымды дереу қабына салдым.

— Қане, былай шық! — деп жолды ымдадым. Ол ақсаңдап алға шықты. Мен оған басқа соз айтпадым, бетіне де қарамадым.

Даңғыл жолға шыққанша біз осылай келдік. Күн енді едәуір көтерілді. Жолда кездескендер бізге таңырқай қарап қояды. "Мықтылардың бірі болса керек. Бір өзін бір күзетші алып келеді..." дейтін шығар, бәлкім. Бір көпірдің қасында тұтқындар дүрмегіне кездестік. Ажан бастығы сержантқа тұтқынды тапсырдым. Тапсырарда: "Ақсақ деп жолда бірдеңе жасап жүрмеңдер" дедім.

Неге бұлай дегенімді білмеймін. Құтыла қалса, еліне қайтып жетсін десем керек, бәлкім. Бәлкім... Жоқ, оңай айтып жеткізетін нәрсе емес бұл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз