Өлең, жыр, ақындар

Еріккеннің ермегі

— Енді Салих та темекіге салынды, Мұртазаның тартқаны аз болғандай... — деп күңкілдеді Үлкен шешем кешке қарай. — Үйде шырпы тұрмайды.

Сол шырпының қайда кеткенін бір мен ғана білем. Әрі Шәйхаттар біледі. Олардың моншасында карта ойнап, мен күніне екі, тіпті үш қорап шырпы ұттырам. Қолым жүрмейді. Әбден таусылдым. Бірақ үміт үзбеймін. Ұтыс бірде болмаса, бірде шығардағы. Ұта қалсам, Шәйхаттарға ұттырған дүниелерімнің бәрін қайтарып алғым келеді. Жеті тиын қара бақыр, торт патрон, екі түйреуіш, Мұхтар жездем берген сүйек сапты бәкі, есепсіз шырпы қорабы Шәйхаттардың қомағай қалтасында тұншығып жатыр. Адал қазынамды құтқарып қоймай, оның өзін сымпита ұтып, кеңірдегінен борышқа батырсам деймін! Біздің қақпаға да самұрық қонар әлі. Тұра тұр. Түсіме де кірді, картаға салатын ештеңесі болмаған соң Шәйхаттар басындағы шашын біріндеп жұлып, маған ұттырды. Жұлынған әр тал шаш алтын жіпке айналып барады-ұстай ал да арқан ес. Оның жалтыр басы торғай жұмыртқасы секілді шұбар-шұбар екен.Тақыр басын сипап алды да Шәйхаттар жылап жіберді: "Шашымды қайтарып бер! Ендігәрі мүлдем қараулық жасамаймын. Сенбесең, мына тасты шайнап ант етейін" деді де моншаның тасын қаршылдатып шайнай бастады. Коп жеді, тауыса жаздады, тым ірілері ғана қалды. Мен де аңқ ете қалатын ақымақ емеспін. "Жарайды өңімізде сөйлесерміз..." дей салдым. Ол да азырақ азап тартсын дегенім.

Бұл түсті мен кеше түнде көргенмін, бүгін ол үш түймемді, екі қармағымды, шырпымның ең соңғы қорабын ұтып алды. Бар дүниемнен айырылып, үйге жетсем, Үлкен шешем ақ иттің күнәсін қара итке жауып жатыр екен.

— Салих ағам темекі тартпайды, Үлкен апа, — деп араша түстім. Өз айыбымды қалайша өзгеге аудара салайын?

— Күн сайын соншама шырпы қайда құриды?

— Қайдам... Қазір шырпыны өте жаман шығаратын болды ғой. Үш талын шақсаң, біреуі тұтанады. Содан да берекеті жоқ, — деп мен кісіден есіткен сөзді айта салдым. Үлкен шешем жымия күлді:

— Сен ажалға да себеп табарсың, жаным... Бар, қараңғы түскенше дүкенге барып қайт.

Қатты ерінсем де Үлкен шешемнің сөзін жығуға болмайды. Мен оның ең түп таянышымын. Әкем мен Кіші шешем майда балалардың бәрін тиеп алып, Сайран ауылындағы Ғайникамал апамның үйіне қонаққа кетті. Ағаларым әлі орманда-отын шабудан қайтпаған. Үйде қалған тек екеуміз.

— Қоңыр сиыр туғалы түр. Түнде бұзаулай қалса, шам жағатын шырпы да жоқ. Суық қақап тұрғаны мынау... Бұзауды үсітіп алмайық, әйтеуір... — Мұны Үлкен шешем маған айту арқылы атқарғалы тұрған жұмысымның аса маңызды екенін аңғартты. Қоңыр сиыр дегені біздің қорадағы менің ең жақсы көретін малым. Жұп-жуас. Көнбіс, елгезек. Топтан бөлініп, қорадан кетіп, адаспайды. Екі көзі мөлдіреп бір қараса, елжіреп кетесің. Саған бір ақылды сөз айтатын сияқты. Кейде мен оны Үлкен шешеме ұқсатамын. "Тек тілі жоқ" деймін.

Үлкен шешем алақаныма үш тиындық қара бақыр салды.

— Қолғаптың ішінде қысып ұста. Тек әлгі Сағидұлла сияқты болма, — деді.

Дүкен біздің үйден алыс. Кооператив деп те атайды оны. Қала көшесі мен Үшәтеш көшесінің торабында. Оған барғанда Сәлмей сайынан өту керек. Ертеректе бұл жерден сескенетінмін, қазір елең етпеймін. Бұл дүкенде Күркетауық Мәулетбай мен Әтеш Сафуан ағайлар сауда жасайды. Қосалқы аттары өздеріне сай. Екеуі де күпінуге, кісіні мазақтауға құмар.

Бақыр теңгені уыстап жүгіре бердім. Әлгі Сағидұлланың қылығын ойлап, ішімнен күліп барам. "Өй, әңгүдік..." деймін. Төмен жақтағы көршіміз Сағидұлланың сол қылығы кісі күлерлік. Көшенің жоғарғы басында тұратын Зылиха жеңгей Сағидұллаға күпі тіккен екен. Шешесі оның алақанына үш түйме салып:

— Мә, тез жеңешеңе апарып бер, күпіңе тақсын, — депті.

Сағидұлла алақанын жұмып, жұмсаған жаққа тұра жүгіреді. Жол-жөнекей балалармен доп ойнайды, Ғариф тауында шанамен сырғанайды, одан соң ит таластырғанды қызықтап, Зылиха жеңгейге тек кешке таман жетеді. Келуден жеңгейге алақаны ашық қолын ұсынып:

— Жеңеше! Міне, саған үш түйме! — дейді.

Сөйтсе, алақанында бір түйме де жоқ.

Сағидұлла қазір дырдай жігіт. Оның бала кезіндегі сол аңғырттығын біздің ауыл әлі ұмытпайды. Шаруа күткендегідей шықпаса, әлде тапсырған жұмыс ойдағыдай орындалмаса: "Міне, саған үш түйме!" дейді жұрт.

Бұрын дүкенге ықыласпен баратынмын. Әнеугіден бері беттемеймін. Оның іргесіндегі үйіндіде қаңғыбас Микәй әлі құсып жатқан сияқты... Бәрі де бәстесудің кесірі. Біздің типтәрлар бәстесуді өлердей ұнатады. Кәрі-жасы, бала-шағасы, қатын-қалашы, тіпті келін-кепшігі бәстесу дегенде қаптап кетеді. Жирен мұрт құдамыз Хисматұлланы айтудың қажеті жоқ. Оны кейінірек айтармын. Бізден төрт үй әріректе Ғайша мен Гүлшира деген екі келіншек тұрады. Өткен аптада солар бәстескен. Бір тауыққа. Гүлшира: "Меңіреу Меңзифа кемпірдің дамбалын шештірейін бе?" — депті. Ғайша оны: "Шештіре алмайсың!" деп өшіктіріпті. Анау: "Шештіремін!" — дейді. Мынау одан сайын: "Шештіре алмайсың! Шештіре алмайсың! Шештіре алмайсың!" деп өршеленіпті. Екеуі де бір-бір тауықты ұстап, аяғын байлап тастайды.

Меңзифа кемпір дегені құйттай лашықта тұратын жалғыз басты қария. Өзі кедей, өзі асқан жомарт. Гүлшира кемпірге келіп:

— Шешей, бар үмітім өзіңсің! Ағайларым Қара Жақыптан қонаққа шақырып, қос ат жіберіпті. Кісі алдына киіп баратындай дамбалым қалмаған. Тәуірірек бір дамбалыңды бере тұршы, — депті (Ғайша терезеден қарап тұрған).

Меңзифа кемпір дереу сандығын ақтара бастайды. Тек Гүлшираға бірі ұнамайды, бірі жарамайды. Кемпір сасқанынан:

— Ендеше, келінжан, мына бұтымдағы дамбал жарамас па екен? Кеше ғана кигенмін Айтарлықтай жамауы да жоқ, — деп аңқ етеді.

Гүлшира, әрине, мұны ұнатады. Қуанып кеткен кемпір дамбалын көйлегімен қоса шешіп береді.

Гүлшираны жұрт "жылан аяғын кескен" Деп атауы тегін емес. Қудың әккісі, айлакер.

Ал мына Микәй мүлдем аңқау кісі. Оның қайдан келіп, қайда кеткенін ешкім білмейді. Ел кезіп жүреді. Біздің ауылға ол базар күні ғана келеді. Бергенді жейді, қуса-кетеді. Зияны да, пайдасы да жоқ. "Неге бір жерде тұрақтап жұмыс істемейсің, Микәй?" десең, ол: "Жұмыс істеп көргенмін. Маған жұмыс құтаймайды" дейді. Тәйтік Ғаббасты мазақтаған сияқты Микәйді бала-шаға ажуаламайды, артынан тас атпайды. Кейде оны қоршап алып, аузымен күй тарттырамыз. Еріндерін дірілдетіп, күй тартқанда сырнайшы Мәрәһимің жолда қалады. Күйі біздіңше емес, мариша, әлде кірәшіндерше . Әйтсе де мұңды. Өзек өртейді. Микәйдің өзі де адасып жүрген жат ән секілді. Мұң-зары ұқсас та, әуені өзге.

Өткен базар күні Кіші шешем мені сабын әкелуге жұмсады. Дүкенде халық көп екен. Қарды сықырлата басып Микәй келді. Қатты тоңған. Селдір мұртына мұз қатқан.

— Ә, Микәй! Жол беріңдер Микәйға! — деп күркілдеді Күркетауық Мәулетбай. — Тауар керек пе, бай ағай?

— Өй-й, Мәулетбай, намысың төрде, ұятың көрде болғыр. Қыт-қыт-қыт, — деп қырқылдап қойды Микәй.

— Неге бұлай күлесің, Микәй? — деді Әтеш Сафуан.

— Өзіме күлемін. Менен қызық адам бар ма? Аласы тауарым алынған, сарайларым салынған, көріп тұрсың, өзім-кірәшін, ішкенім кірәсін.

Микәй тағы бірдеңелер қоспақшы еді Мәуленбай шап ете түсті:

— Ау, сен, Микәй, шынында да жермай іше аласың ба?

— Мен бе? Жермай ма? Қайдам...

Осы кезде дүкендегілер шу ете қалды. Дабыра көтерілді:

— Іше алмайды ол!

— Әлі келмейді!

— Неге әлі келмесін, еркек емес пе?

— Өзі қораш болса да, іші толы қайрат оның!

— Қойыңдар бос сөзді! Микәйдің шамасы жететін шаруа емес бұл!

— Ішетін болса, жиырма тиын күміс тігемін! — деп Мәулетбай теңгені қақпақылдап, қағып алды.

— Менен де жиырма тиын! — деп Сафуан күміс ақшасын саусағының ұшымен қысып ұстап, аударып көрсетті.

Бұларға басқалар да қосылды:

— Менен он тиын!

— Бес тиын!

— Үш тиын!

Жұртқа еріп мен де: "Екі тиын!" деп айқайлай жаздадым. Өзімді әрең ұстап қалдым. Әйтпесе сабынның бір шеті едәуір кесілетін еді.

Мәңгүрт болғанымен Микей ақшаның не екенін біледі, әйтеуір. Коп ақша түскелі тұр. Ол сәл күдіктенетіндей, қайталап сұрады:

— Мен бе? Жермай ма? Көп ішу керек пе оны?

— Жамағат! Жинақ ақшаны мынаған салыңыздар. — деп біреу құлақшынын ұсынды.Танымаймыз, басқа ауылдың адамы сияқты. — Батырдың олжасы осы құлақшынға жиналсын!

— Тәуекел етсем бе екен? — деді Микәй өзіне-өзі. — Көп ішу керек пе?

— Мына бір күрішкі жетеді, — деді Күркетауық Мәулетбай. Бөшке үстінде түр сол қаңылтыр күрішкі. Ішіне бір бөтелке жермай сыятындай.

Сол сәт әлгі құлақшынға күміс теңгелері аралас қара бақыр сауылдап жауа бастады. Қорқып кеттім. Сол теңгелер сылдырамай, Микәйдің басына мыс табақпен даңғырлата соғып жатқандай. Жермайдың бір тамшысын жұту өлімге соқтыратынын мен білем. Біз оңаша қалғанда аузымызға жермай ұрттаймыз да, оны жанған шырпыға бүркіп, жалын шығарып ойнаймыз. Сонда абайсыз жұтып жіберсең, ішің ақтарылғандай болады...

Құлақшынның иесі құлақшынды сілкілеп, ақшаны сылдыратты. Басқа сылдырайтын ештеңе жоқ. Тек теңгелер ғана сылдырайды...

— Қатты қыстаған соң не тұрыс бар... Ақша үшін емес, сөздеріңді сындырмау үшін ғана құдайға сиынамын. Жаным шығып кете қоймас. Шықса, шыға берсін... Құйыңдар!

Құйды. Микәй көзін жұмды да бір күрішкі жермайды ішіп тауысты. Неге көзін жұмды екен? Осы егестің несі ермек екенін мен сол кезде де, одан соң да түсінбедім. Тек есер Микәйдің неге көзін жұмғанын кейінірек аңғардым. Ол, бәлкім, ақылды кісілердің ақымақтанған жүзін, сұрқия кескінін көргісі келмеген. Әйтеуір, қалай да солардың арасында өмір сүруге тура келеді ғой. Міне осындай арзан, мағынасыз ойынды уақ ақшаға сатып алып, рақатқа батқандарды бүл дүниеде көп көруге тура келді. Ал ешкім де (менің өзім де!): "Тоқтаңдар!" деп ақырып айқай салмады ғой. Айқайламайды. Ақша төлеген...

— Жарайсың, Микәй, қазынаны күреп алдың, — деп әлгі ағай құлақшын түбіндегі ақшаны қарманып, алақанына жинады да Микәйға ұсынды. Ол басын шайқады. Ешкімге назар аудармай, дүкеннен шығып кетті.

— Апыр-ай, ақшаға қызықпайтын адам да болады екен, — деп таңырқады Күркетауық Мәулетбай. — Ойпыр-ай...

— Қарыны қалпына түссе, кейін келіп алар. Мә, Сафуан, сенде тұра тұрсын. — Басқа ауылдың адамы жиналған ақшаны сатушыға тапсырды. Құлақшынын қағып киді басына. Көріңдер, соқыр тиын да алмадым дегені.

Мен дүкенде көп айналып қалдым. Кезек жетпей қойды. Шаруамды бітіріп, көшеге шыққанда, Микәй үйінді қасындағы қар үстінде құлап жатыр еді. Өксіп жылап, әлде құсып жатқан сияқты. Мен қасында ұзақ тұрдым. "Микәй, Микәй ағай!" деп шақырып көрдім жылардай болып. Ол үндемеді. Еріндері дірілдеп күй тартқан еді-ау ол! Қазір етпетінен түсіп жатыр. Құсып, әлде өксіп жылайтындай. Қырық жамау шекпені арқасына жиырылып қалған. Дамбалының ауы былжыр. Сірә, әлгі жермайдан іші өтіп кетсе керек.

— Түуһ, кәпір, кеңірдегіне келгенше тойыпты! Тіпу! — деп бір кемпір түкіріп өтті. — Дүниені бүлдірген, шайтанның құлдары!.. Ау, саған не керек?! — деп маған да жекіріп алды. — Иттің құсығын иіскеп тұрсың. Бар, үйіңе қайт!

Микейдің тартқан азабынан жаным түршікті. Бүл өткен базар күні болған оқиға. Бүгін тағы да сол дүкенге кетіп барам. Сәлмей сайына жеткенде іңір түсе бастаған. Кенет үрейленіп кеттім. Сескенетін жөні бар. Анау көпір астында жын-перілер бықып жатыр. Тек әлі жуас. Ешкімге де тимеген

Мен дүкенге келіп жеткенде Күркетауық Мәулетбай мен Әтеш Сафуан есікке құлып салып жатыр екен. Қатты састым. Құрыған жерім осы шығар...

— Ағайлар! — деп жалындым мен. — Өтінемін, жаппаңыздаршы! Үлкен шешем шырпы алып қайтуды тапсырған еді... Ағайлар...

— Жауып қойдық енді. Мінеки, көріп тұрсың ба? — Әтеш Сафуан әйдік құлыпты көрсетті.

— Көріп тұрмын... Шырпы өте қажет еді. Үлкен шешем тапсырған. Тас қараңғыда қалдық мүлдем, — деп соқтым. Қоңыр сиырды да қосып жібере жаздап, әрең басылдым. Мазақтауы мүмкін. Бұл екеуінде иман шамалы.

— Сен кімнің баласысың осы? — деді жорта танымаған болып.

— Білесің ғой... Нұрсафаның ұлымын. Үлкен шешемнің баласымын...

— Сірә, Сафуан, мына жігітке шырпы беретін шығармыз, құнын жақсы төлесе?

— Төлеймін. Жақсы төлеймін. Мінеки, ақша! — деп биялайымды сілкіп қойдым.

— Ақша төлеу өз алдына, өнер көрсету керек.

— Қандай өнер?

Бір сиқырлы өнер бар... Анау бөшкенің үстіне шығып, қолыңды сермеп, үш рет: "Тырау! Тырау! Тырау!" деп айқайласаң, дүкеннің есігі өзінен-өзі ашылып кетеді, — деп күркілдеді қызыл жемсау Күркетауық. Оның иегі маған жемсау болып керінді.

Кенет тынысым тарылды. Менің Кіндік, Рукавказ деген қосалқы аттарыма қоса Тырна деген рулық атым да бар. Мәулетбай соны тұспалдап тұр. Кіндікті айтса, шекеме балғамен соққандай, Тырна десе-елімнен де жаман. Біріншісін айтқанда, өзімді ғана қорлады, екіншісін айтқаны-бүкіл руымды масқаралағаны.

— Жоқ! Айтпаймын! Өлтірсең де айтпаймын.

— Ендеше, шырпы да жоқ! Отыра бер тас қараңғы үйіңде.

Тап осы кезде қоңыр сиырдың тұңғиық көздері елес берді маған.

"Бүгін таң алдында туамын, — дегендей ол, — бұзауды үсітіп алсақ, қайтеміз?"

— Ағайлар! — дедім бірден райдан қайтып, — Менің өз қосалқы атым бар Кіндік деген. Соны айтайыншы... Қаласаңыздар, төрт рет...

Мәулетбай маңайлатпады.

— Кіндік деген ат бола ма екен! — деп ұятсыз неме тіпті менің қосалқы атымды қорлады, — Сен бізге шын атыңды, әкеңнің азан шақырып қойған атын айт!

Мен көне бастадым. Қоңыр сиыр қазір маған мұңайып қарау түгіл, жалына мөңірейтін сияқты. Дауысы іші-бауырымды елжіретті. Оның былтырғы бұзауы өзінен айнымайтын, сүйріктей сұлу, алдыңғы аяқтары аппақ еді. Тек өмірі қысқа болды. Шытыр жеп, жарылып өлді. Қоңыр сиыр сол қасіретінен әлі айыға алмай жүр. Осы бұзауы, бәлкім, жұбаныш болар деп отырмыз, аман туса.

— Немене, шырпы керек болмай қалды ма?

— Керек. — Мен тік тұрған үлкен бөшкенің қасына келдім. Өзім міне алмаймын. "Биік көтеріп міңгізіңдер!" деп бұйырдым, Әтеш Сафуан мені бөшке үстіне шығарды. Міне, қазір сол жерден екі қолымды сермеп, біресе Мәулетбайға, біресе Сафуанға қарап: "Тырау-тырау, қи-қу-қуқ! Тырау-тырау, қи-қу-қуқ! Тырау-тырау, қи-қу-қуқ!" деп жүз рет, жоқ, мың рет қиқу салуым керек. Бір сәт тілімнің ұшына да үйіріліп қалды. Тежелдім. Жан-жаққа қарап алдым. Өткен-кеткен көрінбейді. Я, құдай! Қандай күйге түстім мен! Алдымен қанаттарымды қағып тұрдым. Өте ұзақ қақтым. Содан соң созыңқырап, ашық дауыспен: "Тырау! Тырау! Тырау!" деп қиқуладым. Тырнаға ұқсатып, әбден келістіріп тырауладым. Үш рет емес, бес рет, он рет, жиырма рет қайталадым. Өзіме өшігіп қайталадым, әрі әлгілерге өшігіп қайталадым. Қайталаған сайын ызам келіп, ашу қысты. Қатты долдандым. Енді өзімді тежей алмай: "Тырр-рау! Тырр-рау! Тырр-рау!" деп зар қағып: "Мә! Үндерің өшкір!" деп қарғадым ішімнен.

— Жә, жетер енді, жетер. Осы да жетер, түс, — деді Мәулетбай әлдеқалай жұмсарып. Мен әуеге едәуір мойынымды созып, қанаттарымды кең жайып, жерге секірдім. Тырна болған соң аяғына дейін тырна болып қалу, қорлық көрген соң өмір бойы ұмытылмайтындай болуы керек...

Сафуан есікті ашты. Ішке кірген соң Мәуленбай шам жақты.

— Қанша керек? — деп сұрады Күркетауық.

— Үш тиынға. Бәріне. Мінекей... — Мен биялайымнан қолымды шығардым. Ештеңе ілікпеді. Екінші биялайымды да шештім. Жоқ. Биялайларымды сілкіп көрдім. Жоқ. Жалғыз шалбарымның қалтасын айналдырып қарадым. Жоқ. Әлгінде ғана алақанымда еді. Үш тиын қара бақыр...

— Міне, саған үш түйме, — деп қырқылдады Әтеш Сафуан. Мәулетбай оның күлкісіне қосылмады, тіпті мені жұбатқандай болды.

— Бөшкенің артына түскен шығар, ертең тауып алармыз. Міне, үш тиындық шырпы, — деді де, маған бірнеше қорап ұсынды. Мен санап тұрмадым. Шалбарымның қалтасын толтырдым.Бірақ ішімді бірдеңе кернеп барады. Жарыла жаздадым. Есікке жете алмай, ышқына жылап жібердім.

— Жылама, ақымақ, жоғалған сенікі емес, біздікі ғой, — деді Мәулетбай.

Шыға жүгірдім. "Ай, сорлылар! Сендердің аңсағандарың ақша, мені намыс қинайды. Үш тиындық шырпыға бола ата-бабамның, әкемнің-бүкіл руымның. ар-ожданын саттым. Намысты қажетке айырбастадым. Сөйтіп, абыройдан жұрдай, түкке тұрмайтын бірдеңе болып шықтым. Соған жылап тұрмын мен..."

Қайтарда жол-жөнекей осы қорлыққа ұшырауымның себептерін жеке-жеке сарапқа салдым. Ең алдымен, әрине, Күркетауық Мәулетбай мен Әтеш Сафуанға кезіктім. Сұрқия немелер! Одан соң Шәйхаттардың қараулығын еске алдым. Қараулықпен ұтады ол Әрі қоңыр сиырды айыптадым-бүгін бұзауламаса қайтеді?.. Үлкен шешем де қызық. Ертеңге дейін көршілерден бір қорап шырпыны қарызға ала тұрмай ма! Түн ішінде жұмсап... Берген үш тиындық қара бақыры қойған жерде тұрмайтынын айтсаңшы. Егер алтын болса, қайтер еді?!

Бәрін ар таразыға тарттым. Тек бар пәленің басы мен аяғы болған өзімді айыптау сол тұста басыма келмепті. Қазір өзіме: "Сен өзің қайттің?" деймін.

Міндет атқарушылар кейде намыс, әдеп дегендерді баса-көктеп, зорлық жасаса да, бәлкім, өздерін айыпты санамайтын болса керек. Сол күні мен де тапсырма орындадым ғой...

Әйтеуір, бізді тек мазақ қылды ғой. Айлакер Гүлшира жасы жетпістен асқан Меңзифа кемпірді ажуалап, оп-оңай дамбалын шештірді. Базар күні мүсәпір Микәйді жұрт ермек үшін өлгенше азапқа салды. Менің мұқтажымды пайдаланып, күлкі үшін ғана жанымды қинады. Ойының осылғырлар. Бәлкім, менікі бұрыс шығар, ойын көтермейтін тентек шығармын, сірә. Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ бәрібір адамды ойын үстінде осылай қорламау керек.

... Көп жылдар өткен соң шығыс елдерінің бірінде мен ежелгі цирк тамашасын көрдім. Әртістердің ойындары қызық шықты. Бірақ бір нәрсе жүрегіме ұмытылмас қаяу салды. Аяқ-қолы топыр, мойыны сорайған бір кәріп кісі аренада ит болып ойнады: секірді, аунады, үрді, үлкен сүйекті тістеп жүгірді, ырылдады, бағананың түбіне бұтын көтере сарыды, тағы бірдеңелер жасады. Ит қимылын айнытпай жасағанда, шын ит жолда қалады. Болмашы ақша төлеп, тамаша көруге келген кісілер мұны қызықтап, дуылдаса қол соғып, ысқырып, банан, апельсин, кәмпит лақтырып жатты. Мен аса көңілшек емеспін. Әйтсе де цирк аренасында ит орнына үріп жүрген кәріп жанды бауырымдай көріп, қатты тебірендім. Ол да адам баласы ғой...

Қиырдағы шығыс елі әлі тым алыс еді. Мен тоң шабаталарыммен қарды сықырлата басып, үйге қайтып келем. Жан-жағымда ештеңе көрмеймін, ештеңе есітпеймін.Тек аяғымның астында сықырлаған қар ыңырсығандай. Неге ыңырсисың қар? Мен шаруамды тындырып, қайтып келем ғой...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз