...Бозжігіт ағам үй көлеңкесіндегі тілдей тақтай сәкіде отыр екен. Немересі картоп түптеп жүр. Жыл өтіп кетсе де амандасып жатып ол мені қолымнан таныды. Біраздан бері көзден айрылып қалған.
— Мына күшік не тындырды екен деп әдейі отырмын.
— Оның не тындырғанын қайдан білесіз?
— Мен кетпеннің дыбысынан-ақ сеземін ғой.
— Хал-ахуал қалай?
— Оның несін сұрайсың, сексенге дейінгі ғұмыр — өмір, одан кейінгісі түкке керегі жоқ бәлду-шәлду екен. Ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа тіршілікке еш қажетің жоқ. Ас ішіп, аяқ босатқан да тіршілік болып па, сол ішкен-жегеніңді төгіп тастау үшін де жетек керек. Масыл болғаныма да онжеті жыл, — деп кеудесін тіктеді де құдды көріп отырғандай Қырғидың сабалақ қарағайлы жотасына шөгіп бара жатқан күннің қызыл табағына қарап қойып оты қашқан ақселеу төбешіктей аламыш басын сипады. — Мынау қурап кеткен бес тал қылшықты сыпырып тастауға әлгі Сайлауханның қолы да тимей жүр-ау. — Дөңгелек-дөңгелек ойма жылтырда ойнақ салған қызғылт сағым басының аламышын молайтып, сирек шашының күмістей ақ қылшықтарын онан сайын тікірейтіп жіберді. Кетпеннің дыбысына құлақ түргендей құнжыңдап жүрген немересіне тесіліп үнсіз отырып қалды. Жанардың оты өшкен, жүзіндегі сұрғылт кіреуке болмаса ол маған баяғысындай көрінді. Баяғыда да ол дәп осылай бізді бағып, тесіліп отырып алатын еді. Кәзір баяғының да сексенін өмір деп, қалған онжетісін сызып тастап отыр. Тағы да тоқсанның жетісі... Біздің шалдарға тоқсанның жетісі табиғаттың маңдайға жазған жазасы ма, әлде қамсыз тыныш тірліктің мазасы ма? Бозағамның өмір екен деп отырған сексені қандай еді?..
...Бұл елдің үлкен-кішісіне тән таусылмайтын әзілі бар. Аштықта да, тоқтықта да, еріккенде де, еңбекте де, қуаныш үстінде де, тіпті мұң жамылып отырып та әзіл-оспаққа жүгіреді. Сол әзілдің астарында шындық та жоқ емес. Бұл да бір ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан, бабадан қалған мұра секілді.
Біздің Топқайыңға «Алты таздың ауылы» деп ат тағып кеткен жездеміз Садық еді. Апайымыз Нұрбаланы сөзден жыға алмағанда алты тазды санап беріп тоқтатады екен. Мойындамасақ та мұның да жөні бар секілді. Колхоз бастығы — ойма таз, оның орынбасары — айна таз, қой фермасының бастығы — қима таз, жылқы фермасының бастығы — желке таз, сиыр фермасының бастығы — қырма таз, ауыл рәйісі — қырсық таз. Бірде аудандық партия комитетінің бюросында жиналыс төрағасы:
— Немене, енді бюро мәжілісінде де бөрікпен отыратын болғанбыз ба? — деп қахарын төккен екен.
— Онда құйқасы бүтіндер осында қалсын да, қалғанымыз шығып кетелік, — деп осы Бөкем орнынан тұрып бас киімін шешіп тастапты. Қалған бесеуі де бөріктерін сыпырғанда күлкіден шаңырақ опырылып ортаға түсе жаздапты. Ел басқаратын құйқасы бүтін азамат таппайтынын білген аудан басшысы:
— Ендеше құйқасы бүтіндер де, бүтін еместер де бұдан былай баскиімдерін шешпейтін болсын, — деп құтылса керек.
Өз басының жетісіп тұрғаны шамалы болса да Садық жездеміз осыны әдемілеп елге жайған. Әлдекім өзіне мін таға қалса, мен бір ауылда жалғызбын ғой, менің басымды емге таппайсыңдар деп дәстердей болады екен. Мұның да жөні бар, ол кісі барын жасырмай, өз кемшілігін өзі күлкі қылып жүретін көңілді адам еді.
Тәйірі, көп ішінде алты таз деген де сөз болып па. Бірақ соғыс кезінде ауылда осы алтауынан басқа азамат та қалмапты. Жаппай мобилизация бас жаққа да қарамаған, тек жастары асып кеткен соң қару ұстауға жарамаған. Топқайыңнан жүзден астам жігіттер майданға аттанған екен. Бүгінде санап отырсақ, қайтып оралғаны төрт-бесеу-ақ. Кәзіргі көкбастардың бәрі де әке көрмей өскендер. Солардың көңіл түкпірінде баяғы жетімдіктің шер боп қатқан мұңы да бар шығар. Бір ғажабы, олар әке жасынан асып кетсе де әкелер туралы тәтті қиялмен, мөлдір сезіммен көкірек жылытып, солар туралы жақсы лепесті көңілде сақтап келе жатқандар. Арамтамақ боп алақан жаюдан кеткелі әкені көргендермен үзеңгі қағыстырып, қатар еңбек етіп, бір шекпенді бірге жамылып, солармен замандас болып бірге өскендер. Кәзір де әкені көргендердің аузынан ақыл күтіп, кәзір де әкені көргендердің қас-қабағын бағып отырады да солардың таусылып бара жатқанына баяғыдағы әкелерін соғысқа ұзатқандай қапаланып қалады.
Айғайшы көсемдердің көш басы осы Бөкем, былайынша айтқанда Бозжігіт ағамыз еді. Бір кезде ветсанитарлық курсты бітіріп, сонан «сенатар» атаныпты. Одан ауыл совет рәйісі болып «ысполком» деген лауазымға ие болған, кейіннен он жылдан астам колхоз басқарып «прседәтіл» деген титулды қосып алды. Оған осы атақтың бәрін берген ауылдың атқойғыш қатындары, оған себеп — қайнаға мен қайнының атын атаса еркектің қасиеті қашатындай «майыстыра» қоятын ескі әдет: біреудің сиыры туа алмай жатса, «сенатар қайнымды шақыра ғой», өлген сиырына акт керек болса, «депутат қайнағаға жүгір», туған жылын ұмытып қалған кемпір-сампырлар «әлгі ысполком қайным жыл қайырып берсін» дейтіндер бар. Қысқасы, әркім қажетіне қарай, әркімнің үйреншігіне орай Бөкемнің сан қызметін түптен қазып тауып ала қояды. Бөкем де торпақтың «тышқаншығын» үзіп, лақса кемпірлердің тісін санаудан қашқан емес. Мен ес жиғаннан бері қалқайған қарашаңырағы болмаса, көлденең артық шырпы жинамаған пенде. Рас, баяғыда ірі-қарадан соқтадай жалғыз тайынша айдаған екен, онысын отызыншы жылдардың басында әлдебір қаскөйлер үй-мүлкімен, қора-қопсысымен өртеп жіберіпті. Одан кейінгі, біз білетін қырқыншы жылдардың ішінде, председатель шағында балалардың ағы үшін ортадан бір жаз үш ешкі сауып еді, оны да қас қылғандай тапа-тал түсте қасқыр жарып кетті де, орнына торпақ өткізіп, колхоздан зорға құтылған. Зейнетке шыққанда аяқ артар жалғыз бие ұстаған, ол шіркінді де туайын деп тұрғанда есік көзінен ұрылар алып кетті. «Бөке, алысқа әкете қоймаған шығар, іздемейміз бе» деген інілеріне:
— Әуре болмаңдар, оны да біреулер керек болған соң әкеткен де, — деп қолды сілтей салыпты. Сонан қайтып ол мал-жан деп жан қинаған емес. Сонан қайтып оған тігерге тұяқ біткен емес. Бірақ күні кешеге дейін «сенатар» болып мал соңында жүрді, көптің малын күтіп жүрді...
...Жаз еді. Жаздың ми қайнатқан талмауыр ыстығы еді. Біз, Мұхтар, Қиюбай үшеуіміз сүдігір жыртып Сарыбұлақтағы қарасудың бойында жатқанбыз. Үлкеніміз Бекбаудың Мұхтары соқа ұстайды, онекі жасар Қиюбай борана сүйретеді, он жасар мен көлік айдаймын, «пөгөнәлшік» деген дардай атағым бар. Жеккеніміз кіл тентек құнажын, ортасында шолақ қара сиыр бар, қысыр да болса бір шайлық сүт береді, оны суалтпай жүрген Қиюбай. Күн қайта шалшықты қара судың маңын маса буады да түтін салуға тұра жүгіретін едік. Шөптен тіккен итарқа қосымыз бар. Үшеуіміздің басымыз зорға сияды. Ауыл Күлмес өзенінің арғы бетінде көрініп-ақ тұр, бірақ қайтуға рұхсат жоқ, бригадир Ақшамбай нәшәндік охран Сақиқожа жездемізге тапсырып қойған, ол кісі оқыранады да жүреді, үйі кіреберіс ауызда, төбемізді көрсе болды, оқыранып шыға келеді.
Қиюбай қара сиырды тал түбіне байлап қойып сауып отыр. Соқадан босаса байқұстың арқасын Мұхтар босатпайды, Қиюбай емшегін жібермейді. Қара сиыр да онан басқамызды шабына жолатпайды. Күні бойы жегіп бұрлықтырып тастаған аш жануардан не шықсын, шелек түбіне анда-санда шырп етпе бірдеме шашыраған болады, Қиюбай сонда да құр теріні созғылап, кенедей жабысып қояр емес. Мұхтар жаңа ғана «ұрлықтан» оралған. Көк бидайдың масағын жұлып әкеліп, соны үгітіп жатыр. Мен ағаш басына шығып алып қарақшыда отырмын, бір тұстан салаң етіп Сақиқожа жездеміз жетіп келсе Мұхтарға сыбыс бере қою менің міндетім болатын. Күні бүгінге дейін естен кетпес бір күлкілі жағдай: егін орағы кезінде жездеміз қара қосқа келіпті де бұта-қарағанның ішінен адамның тезегін тауып алып, ағашпен ақтарып қарапты, ішінен бітеу бидайды көре салып, «бидай ұрлап жеген кім?» деп зіркілдесе керек. Балдыздары соны қолма-қол әзілге айландырып:
«Қарасудың бойында топ қараған
Қарасудан өсек те көп тараған
Итке де есе бермес біздің жездей
Топ қараған түбінен боқ қараған» —
деп өлең шығара қойыпты. Зәбипа жеңгеміз атан жілікті, қарулы, әрі намысқой кісі еді: сүйекке таңба болдың-ау, енді жұрттың бетіне қалай қараймыз деп балдыздығын пайдаланып жездесін алып соғыпты да шалбарын түріп тастап, ащы қалақаймен ойбайлағанша сабап-сабап, енді қайтып бұл маңнан көрінбе деп қоя беріпті. Құйрығы ісіп кеткен Сахиқожа атқа отыра алмай бір жұма үйде жатыпты да жұрттың құлағы да, көзі де тыныш болған екен. Қара жер хабар бермесін деп мен де балдыздығымды пайдаланып сол әзілді жаңғыртып отырмын. Жиендерім қырғанда қырық серкешін даулар.
Тамақ шіркін бәрінен де жақын ғой, асау құнажындармен алысқан күндізгі азабымыз естен шығып, біріміз масаққа жүгініп, біріміз сүтке телміріп отырмыз. Ертеңгісін ушөтшік әкеліп тастайтын үш-төрт литр абраттың көксу айраны, арпаның жалғыз қадақ құрғақ талқаны өңештен әлде қашан өтіп кеткен, оның үстіне ащы айранды таздың басына құймасаң, ішуге онша көңіл де шаба бермейді-ау, арпаның қауызды талқанына қосылған соң көкірегіңнің басын тіліп түсіп, аузыңа қара суды лықсытады да тұрады, кәдімгі запран. Соның өзінде де күні бойы шаң жұтып, топырақ кешсек те бір литр айран мен жарты қадаққа жетпейтін қара талқанды өтей алмай үшеуіміз де колхозға дебитор болып жүрміз. Жалқаумыз ба, жоқ мешкейміз бе, әлде колхоздың айраны мен талқаны қымбат па, әйтеуір осы арасын түсінбей-ақ қойдық. Мұнысын да қойшы, жалғыз біз емес, дебиторлар толып жатыр, оның ішінде еңкейген қарт та, екінің біріне келмеген бала да бар. Бәрінен жаманы, соңыра көкек айының созылмалы ұзын сарысы келген шақта қысылғаннан дорбаңды қолтығыңа тығып колхоз кеңсесіне барасың, сонда бұғалтердің:
— Саған немді беремін, дебитор жолдас? Мойныңда пәлен литр айран, түген қадақ талқан бар, — деп тамам жұрттың көзінше мазақ қылатыны өтіп кетеді-ау. Босағадағы ыстық пешке құйрығыңды қақтап ары тұрасың, бері тұрасың, үстіңдегі тайтеріңнің артқы қапталы қаудырлап бырыса бастағанда дорбаңды көрсетпеген күйі көзің жасаурап, арыншыл тырақыдай артыңмен есікке жылыстайсың. Сонда ең алдымен көңіліңе оралатын нәрсе: «Ағаларым болса ғой, есікте телміріп тұрмаймын, соғыс болмаса ғой, бұл кеңсеге бас сұқпаймын, дебитор да болмаймын»... Бір жетімектің есіне майданда жүрген, иә хабарсыз кеткен әкесі, бір жетімектің есіне қан кешкен ағалары, ағайындары түседі. «Әттең соғыс бітсе ғой! Әттең фашистерді жеңсек қой!»... Ол кезде үлкеннің де, кішінің де көкірегінде осыдан басқа арман жоқ, осыдан басқа тілек те жоқ еді. Фашистер жеңілсе, бүкіл азаматын түгел санап қайтарып алатындай болатын, соғыс бітсе бар жұмақ бір күнде орнай салатындай көретін. Соғыс бітті, фашистерді жеңдік, бейбіт заман да келді, бірақ жұмақ та орнаған жоқ, ел ер-азаматтарын да түгел санап ала алмады, олардың орны толмады, олардың орны артындағы ұрпағының көңіл түкпірінде толмаған кетік боп қалды, ол кетікті мұңмен ғана толтырды. Бөкемнің жетімектерді жұбатып айтатын: «әкең де келер, көкең де келер» дейтін көп сөзі далаға кеткендей болды, ол балалары мен інілерінің көбіне өтірікші болды. Бірақ оған Бөкем кінәлі ме? Оған жетімсіреп, дорбасын қойнына тығып, есіктен жыламсырай шығып бара жатқан жетімекті тоқтатып, көңілін жұбатуы керек, оның ұсына қоятын кәмпиті де жоқ, оның кәмпиті төрт-бес қадақ арпа, әйтпесе оншақты қадақ сұлы. Дорбаңды қолтығыңа қысасың да тау қопарып тастағандай үйге келесің. Тағы да дебитор болғаның есіңде жоқ. Дорбадағы арпа ма, сұлы ма, оған да мән беріп жатпайсың. Әйтеуір кәмпит соратын кезімізде арпа мен сұлыны қанағат қылғанымыз рас... Бір жылы құрғақшылық болып егін мен картоп мәз өнім бермеді. Қыс сақылдаған сары аяз, әрі ұзаққа созылды да кейбір қораш отбасылар бір уақ қазанға талшық қылар дәнге зар болып қалды. Бөкем жұрттың ағына қарап отырған жалғыз сиыры пышаққа ілінбесін деп әскер семьяларына тұқымдық бидайдан ептеп қажақ-құжаққа астық босатты да екі жерден — мектеп пен колхоз қоймасынан асхана ашты. Қыста да сиыр саудырып көжеқатық қылып, балалар мектепте, үлкендер қойма басында бір мезгіл таңдай жібітетін болды. Сол-ақ екен, «ойбай, ауданнан пркорол келіпті, соғысқа сабатаж жасап, тұқымдық бидайды әдейі талан-таражға салдың деп Бозжігітті соттататын болып жатыр» деген әңгіме гу ете қалды. Біреулер: «прседәтілдікке таласып жүрген әлдекімдер қасақана көрсетіп, бркоролды айдап салыпты» десіп жүрді. Құдайға сенеді, құран да оқиды деп жазыпты. Бөкемнің ескіше едәуір сауаты бартұғын: батаға шешен, ол отырған жерде молдалар құран оқуға батпайтын. Жарты жыл бойы оны күн сайын ауданға сүйреп, күнде жауап алып, әуре-сарсаңға салғаны бар. «Әкелері қан майданда шеит кетіп жатқанда артында қалған шиеттей балаларын аштан өлтіре алмаймын» деген жауабынан танбапты дегенді естігенбіз.Пәледен қалай құтылғаны жайында Бөкем еш пендеге сыр шешіп айтқан емес. Жақын жұрағаттардың білетіні: мектеп директоры, Нұрзағила тәтемнің қайнысы Әбілжақып Қабанбаев колхоз парторгі еді, сол кісі Сталиннің атына хат жазып, жарты жыл өткенде Бөкеме партбилетін қайтарып берген...
... Қиюбай қара сиырдың емшегін созғылап-созғылап әйтеуір бақыр түбін аққа шылап алып келді. Тұманың тастай суына қамап қойған ертеңгі, түскі сауынға қосты да отқа қойды. Қысыр сиырдың сүті қою болады деп аздап су қосты, қою-сұйығын кім біліпті, көбейту үшін де істейтін болар. Мұқтар үккен масағын шала қуырып қара бақырдың бұрқ етуін аңдып отыр. Шіркін, сүттенген көк бидайдің бір уысын аузыңа тастап жіберіп, анда-санда ыстық сүттен ұрттап қойып отырсаң-ау!.. Бірақ Мұхтар мен Қиюбайдың тыраштанбайтын кезі бар ма, екеуі баптанып отырғанда аяқ-астынан Бөкем сап ете қалды.
Ол қанжығасынан кісен алды да атын тұсап отқа жіберді. Соған қарағанда әзірге кете қоятын түрі жоқ сияқты. Әдетінше алдымен біздің бас-аяғымызды шолып шықты.
— Мынау сиырларды неге қаңтарып қойғансыңдар? Жіберсеңдерші, шыбынға талатқанша оттасын да, — деді.
Құрыққа отыға қоймаған құнажындарды ерте жіберсең ұзап кетеді де ертеңгісін таба алмайсың, кеш жіберсең көкке қадалып осы маңнан ұзай қоймайды. Жалаңаяқ сидаңдап сиыр іздеу де біз үшін тағы бір азап. Құнажындардың бас жібін ағытқанша Бөкем от басына жайғасып та үлгеріпті, ызыңдаған сары масаны әредік-әредік қолымен жасқап қойып, кепешінің астынан басын қаси береді.
— Шыбын екеш шыбын да менің басымның ой-шұқырын тауып ала қояды, — деп жымиып күлді. Әлде неге ұрсып тастай ма деп қипақтаған біздер Бөкемнің түсі жылып, аузына әзіл түскен соң біртіндеп жерошақ қасына жақындай бастадық.
— Мұқтар, менің қанжығамды шешіп әкелші, — деді де қалтасынан бәкісін суырды.
Ол жалықпай ұзақ отырып қанжығадан таспа тілді. Бұрыш-бұрышын қырнап, әдемілеп баптап алды да шикі қайысқа үшкіріп-үшкіріп қойып, қомыттың үзілуге шақ қалған құлақбауын жамады. Ішкі жақтағы кержақтарда жалда жүргенде әртүрлі кәсіптің басын шалған екен. Сол кәсібін есіне алды ма, құлақбаудың іркісін жазып, таспаның тігісін сіңдіріп, аяғына салып тартып та көрді.
— Қомыт-саймандарыңды күн көзіне тастамаңдар, қайыс тозып құрымайды, күнге қурап үзіледі. Күнде мал сойып жатқан заман емес, қайысты қайдан табамыз? — деп, «саған айтып отырмын» дегендей Мұхтарға қарады.
Күн тау асып қонақтап қалды. Самал тұрды, желдің де тынысы кеңіп қалған тәрізді, салқын леп ошақтағы үлпек күлді қуалай оттың көзін ашып, төбемізде әндетіп жүрген ашқарақ масаның үйірін азайтып кетті. Саз жақтан тарғақтың дарқ-дарқ дауысы естілді, саз жақтан батпақ жасауылы — тырналар да қиқу сап қойды. Бөкем тырс-тырс секірген от ұшқынынан көз айырмай, қызыл жалынның бозғылт сары тілінен әлде нені іздегендей телміріп қапты. Тісіне бидайықтың бір тал сабағын қыстырған. Ол көптен бері темекі тартпайтын болған, көптен бері арақты да қойған, бір тал шөпті ерніне қыстырып, соны ары толғап, бері толғап отырғаны. Бірер жыл бұрын тыңқылдатып домбыра шертіп, қоңыр дауыспен ептеп ән салатын еді, соғыс басталғалы бері оны да қойып кеткен. Үйіміз иық тіресіп тұрады. Кешкілік шақырмаса да сонда барамыз, кешкілік шақырмасақ та ол бізге келеді. Бәйбішесі Нұрбала апамның жамағайын сіңлісі еді. Ісі бапты болғанмен жүрісі шабан. Ертеңгілік жұмысқа асыққан Бөкем оразасын біздің үйден аша салады да кеш қайтса апамның сары самауырын төңкермей тұрмайтын шайқор. Бір ауыз сөз жоқ, сары самауырдың сыңсыған уайымына құлақ түреді де отырады. Арақ демекші, бір рет мас болып жылағаны есімде қалыпты...
... Күз. Бұлттың реңі бұзылып, әне-міне қар бүркейін деп тұрған шақ. Ағаш мылтық асынып, мектеп ауласында әскер болып ойнайды да, оншақты күннен соң жігіттер лек-легімен майданға аттанып жатады. Бөкем жирен шолағын жеңіл ходокке жегіп, інілерін біраз жерге шығарып салатын әдеті еді. Сапар сайын кіл бала-шағаны ходогіне тиеп алып қайтатын, аламыш болса да ақ кірмеген басы жарты жылдың ішінде көкбурыл тартып шыға келді, сапар сайын бір талы оңса да сонау бір күзде ерте түскен Алтай биігінің көк мұздағындай аяқ-астынан самайы қырауланып қалды. Бірде жігіттерді Белқарағай аулына дейін әкеліп, әрқайсысымен құшақтасып қоштасты. Содан қасқа түстің әлетінде басталған қоштасу бесінге дейін созылған болар. Бөкемнің арбасына кіл жетімектерді тиеп беріп, қарға адым ұзамай кезек-кезек қайтып келеді де:
— Бөке, анау боқмұрынды өзіңе тапсырдым, жауды жеңіп келе қалсам өз қолыңнан табайын, — деп бірі кетсе:
— Бөке, — деп екіншісі келіп тұрады,-Анау боқмұрынды...
Бірі баласын тапсырады, бірі анасын тапсырады. Бәрінің қамын Бөкеме тапсырады. Қан майданның төрінде қаза тапқан сол бір боздақтардың бейнесі көз алдымыздан бұлың тарта бастағанмен «Бөке» деген дауыстары құлағымызда қалыпты.
Бөкем былай шыққан соң шөп төсеген арбаға етпетінен түсіп жатып алды да еңкілдеп жылады-ай келіп, содан ауылға жеткенше көз жасын тия алсашы. Біз дардай адамның көз жасын сонда көрген едік. Үлкен-кішінің көз жасы көлдей болған уахыт та. Шеру тартқан азаматтардың көбінің қайтып оралмасын сезген де. Қабырғаны қайыстырған қайғылы шер көз жасы боп төгіліпті ғой...
Бозамық аспанның шығыс белдеуіне секіріп-секіріп жетім жұлдыздар шыға келді. Тарғақтардың таңқылы да сирей бастаған. Қос басынан ұзай қоймаған жирен шолақ ішін тартты.
— Таң ата жаңбыр жауатын болды-ау ә, шолағым, — деді Бөкем аспанды шолып. — Әлгінде бір қуырған бидайдің, сүттің иісі шыққандай болып еді, әлде менің танауым алдады ма?
Мұхтар дүмбілез егінді жұлдың деп ұрсады-ау деген қауыппен қипақтап біраз тұрды да Бөкемнің жүзіне күлкі үйрілген соң ыржалақтап қосқа жүгірді. Ыстық сүт пен дүмбіл бидайды көргенде:
— Бәсе, Бекбау тұқымы екенің рас болса, ұрлықсыз жүрмесең керек еді, — деп Бөкем аспазымыздың қолының пысықтығын да қағыта кетті. — Қара қостан дәм татпай кетем бе деп қорқып едім. — Сосын бізбен қатар отырып бидайға қолын созды, темір күрешкеге құйып берген сүттен де тартынған жоқ. Жаратқан сопақша бетіне шақтап қана жапсырған қапталы қушықтау жарғақ мұрынның жотасына бөртпештеп шық жинала бастаған екен, дүмбіл бидай, ыстық сүт бастыққа да жағатын тәрізді. Бақыраштың түбі тықырлай бастаған кезде:
— Ал, тұрыңдар, — деді. -Мұхтар, сен сиырыңа мін, екеуің маған мінгесесіңдер, — деп бетін сипады.
Сенімсіздеу тұрдық. Өйткені, жалтарып кетеді деп ауылға көп жібере қоймайтын, ылғида қара қоста түнеп, иен далада емін-еркін жата беретінбіз.
Аспан бозғылт шұбар шыт көйлектің етегі тәрізді, жұлдыздар шақырайып жерге жақындай түскен. Батыс көкжиектегі болар-болмас сыздық қанталап тұр екен, ертеңгі жаңбырдың белгісі. Бөкемнің бізді неге ала кеткенін енді түсіндік те, «шошқаға да бір мейрам» дегенді есімізге алып іштей қуанып келеміз. Қара сиыр бақайы сыртылдап томпылдап жөнелді. Әншейінде сойылдасаң да бөксесі майысып жатып алатын қарыны кебежедей еріншек неме елге қарай елпілдегенде атқа жеткізер емес, Бөкемнің қамшысы да сауырына ыстықтау тисе керек, жирен атпен тақымдап кеп тартып-тартып жібергенде Мұқтардың селк-селк еткен төбесі көз ұшынан қалың ормандай боп көрінетін жол жиегіндегі биік ерменге сіңіп жоқ болып кетеді. Тынымсыз шырылдаған шілделіктің ысқырығынан бытқыл өзек желпініп аспанға көтеріліп бара жатқан секілді. Алтайдың түні салқын, күн батса болды, таудан ескен дымқыл самал тон жамылсаң да қалтыратады. Күс басып қақпыш боп кеткен аяғымызды жирен шолақтың жып-жылы жұқа шабына тығып жіберіп ара-тұра мөңкітіп қоямыз. Жирен шолақ бұл елдің жылқысынан тұқымы бөлек шамкөстеу ірі мал, қысы-жазы етін бермейтін, сауыры да, ер салар қапталы да жап-жалпақ, жайдақ міне қалсаң шатыңды айырып жібере жаздайды, айғырында пішілген жануар еді, өз үйіріне ие болмай, өзгенің байталына да тыныштық бермей бұзып шаба берген соң ат қылып жіберген, өзін әлі күнге айғырмын деп ойлай ма, алды-артына адам жуытпайтын шәлкөс мінезін тастамай-ақ келеді. Бөкем түк сезбегендей жирен шолақты тебінген болып, бізге «тыныш отырыңдар» дегендей үзеңгімен қыр жіліншіктен тықытып-тықытып жібереді де:
— Әй, Көк, сен қатын алайын деп жүр екенсің ғой, — деп Қиюбайды қажауға кіріседі.
— Оны кім айтты? — деп Қиюбай кәдімгідей шын көріп шамырқана бастайды.
— Кім айтушы еді? Әкең кеңсеге келіп бір қой, он литр қымызға нәрет алып кеткен.
— Өтірік айтасың.
— Мен бе, әлде әкең өтірікші ме?
— Алмаймын...
— Сен де жоқ жерден қатын аламын деп! Жұмыс болса күйіп тұр, бәрін тастап салпақтап ауылға келе жатқанымыз мынау. Апаң ала кел деп тапсырған соң... Бір есептен үйленгенің де дұрыс қой, әйтеуір түбі қатын керек болған соң...
— Алмаймын.
Бұл Көкті жылатудың бір әдісі. Қиюбайдың әкесі Кенжехан көкбурыл, шешектен қалған бетінің қожырына бола менің апам оған Көкшұбар деп ат қойған екен, содан бері Жарылғастың үлкен-кішісі шұбарын алып тастап Көке атап кеткен. Баланы әкеден адастырмалық деп Қиюбайға да Көк деген есімді жамап жібердік. Кенжехан ағамыз әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыздығынан коммунист бола алмай, бүгінгі бар жеткен даражасы — пом.охран, былайша айтқанда, Сахиқожа жездеміздің көмекшісі. Көмекші болса да қылышынан қан тамған нағыз қырғын. Күз бен жазғасалымда аңыздан масақ терген бала-шағаға дейін ат бауырына алып сабап, ауылға кіріп келе жатқан бейкүна жұрттың бірін құр жібермей қойны-қонышын ақтаратын ауруы бар. Осы мінезіне бола Бөкем оны көмекшіліктен алып тастап еді, «неимеш браба, мен жалуайтса қылам» деп аттан түспей, колхоздың пілдей бір керігін зорлықпен мініп далақтап жүр. Әсіресе күзде дән, көктемде тұқым тасыған көрінген арбаның соңынан тұра шауып, көрінгеннің балақ-жеңін ақтарып, тып-тыныш ауылды айқай-сүренге бөктіріп жатқаны. Отызжетінің «халық жауларына» жаппай шабуыл басталғанда есі дұрыс азаматтарға Жаңгүдей деген ағамыз екеуі қырғидай тиген екен, ақыры зерезеп болған ел екеуінің үстінен қасақана арыз түсіргенде чекистер Жаңгудейді құрбандыққа шалып, түбі керек болар деп Көкемді алып қалыпты. Он жылға кеткен Жаңгүдей Сібірге судай сіңіп, тастай батты да, Көкеміз керексіз болса да «керек» болып әлі жүріп жатыр. Кезінде жексұрын атанған соң жұрттың оның «көктігіне» шұбарын қоса телитіні де осыдан шығар. Сыртқы шұбарлығы қайтер дейсің, іштегі шұбарлығынан ел кәзір де қорқады.
Алтайдың пышақтай қырынан сүзіліп ай шықты. Жұлынған күлшедей бір шеті кетиіңкіреп, бетіне айғызданып ноқта түсіпті. Ағаш пен бұта-қарағанның көлеңкесі зорайып, жер беті ала-құла болып, ойлы-шұңқыры көбейіп кеткен тәрәзді. Ай туған соң аспан ақшағырмақтанып, жұлдыздар көк тұңғиығына қайта көтеріліп алыстап кеткен. Алтайдың ақбас шыңдары да дөңкиіп-дөңкиіп биіктеп барады. Таудан ескен сумақай самал тентек өзеннің сарылын мата жыртқандай дар еткізіп бірде құлағыңның түбіне ап келеді де, бірде алысқа қуалап, құмықтырып апарып тастайды. Шық түсіп, жаңғырық азая бастаған. Ауада ермен иісі ғана қалыпты.
— Кірлеп кеткен екенсіңдер, ертең монша жақтырып түсіңдер, — деді манадан үнсіз келе жатқан Бөкем. — Ана тентек құнажындардың бір-екеуін тапсырып, фермадан ағы бар қысыр сиыр ала кетіңдер, мен МТФ-ға ескертіп қоямын.
Ел басқарған адам көптің бәріне жаға бермейтінін де білемін. Оны жек көрген, жамандағандар да болған, үстінен арыз жазып, әуреге салғандар да баршылық еді. Пендешілік емес пе. Бөкем де сол пенденің бірі бола тұра менің көңілімде ол басқалардан төбесі биік қалпында жатталып қалыпты. Мүмкін менің кісі жамандай алмайтын мінезімнен бе, тіпті жамандарды көрсем де соның жамандығынан да жақсылықтың бір нышанын іздегім келетін табиғатымнан да шығар. Әйтеуір Бөкемнің бір пендеге қиянат жасапты дегенін естіген де, көрген де емеспін. Бірақ өз басымның кісі танитындай қабылетімнің бар екенін сеземін. Мен ылғида сол сезім қабілетіне сенетін әдетім, сезімнің алдамайтынына сенемін. Бөкемді қандай жағдайда көрсем де менің көңілімде жатталған баяғы сол бір Бөкем болып қала берді. Екеумізден басқа тірі жан сезбеген хикаяттар да болған. Одан бері де заман өтті. «Адамда сыр қалмайды айтылмайтын» демекші, енді оны жасырудың да қажеті жоқ шығар...
... Қара бидайға орақ түскен кез. Қаруы бар дегендер лобогрейкамен егін орып жүр де әйелдер бау байлайды. Ал сол Мұхтар, сол Қиюбай үшеуіміз молотилка басында соғылған сабанды үйеміз. Қиюбай екі басына арқан байлаған оқ ағашқа тоңқайып жатып алып сабан сиырады да мен соның көлігін айдаймын. Мұхтар сабанды маялап үйеді. Жеңіл деген жұмыстың түрі осы. Молотилканың жалмаңдаған өңешіне бау тастайтын екі-үш әйел, сосын комбайнер Н.дейтін келіншек бар.
Н-нің күйеуі ел ішінде кірме отырған жалқы азамат еді, соғыстың алғашқы сұрапыл кезінде-ақ одан қаралы қағаз келді де, жеңгеміз қарт ата-енесін тастап кете алмай отырып қалды. Ерінен мүлдем күдер үзгендей бар дүниеден бейхабар, алдындағы жұмысты ғана біліп, жұбанышты жұмыстан тапқандай қыс алыс жолға ат шанамен Зағи екеуі кіре айдап, көктемде соқа ұстайды, жұрт түсінбейтін молотилка мен соны танауынан белдікпен селкілдетіп тұратын доңғалақты арық трактордың тілін де осы кісі үйреніп алды.
Жеңгеміз асып кеткен әдемі де емес, орташа ғана кескінді: қызыл шырайлы, шашы көмірдей қап-қара әрі қайратты, қыр мұрынды, бет сүйегі шығыңқы бұла келіншек еді. Сонда да еркек атаулының көз жанарын суырып жейтін бір сиқыры бар-тұғын. Оның бар әдемілігі тығыншықтай мығым денесінде ме деп қаласың: бұғақты аппақ тамағы, көйлектің қос омырауын теуіп тұратын төңкерілген төс, анау-мынау әлжуаз жігітке біте бермейтін жұмыр білек, жүргенде ақ қайыңдай жалтылдап, бұлт-бұлт ойнайтын тоқ балтыр, биік бөксесіне сұлап түсіп жататын тоқпақтай ұзын бұрымда әлдебір көркемдіктің нышаны бар еді. Бүгінде келіншектер менсіне бермейтін арзан бөз оның иығына тигенде құлпырып шыға келетін, молотилканың барабанына діңкиген ауыр бауларды айырлап лақтырғанда сол арзан бөз тырсылдап қақырап түсетіндей көрінетін. Бұл көбінекей сол кездегі қазақ әйелдеріне біте бермеген әдемілік.
Молотилка мен арық трактордың (колесный трактор) кәкір-шүкір шаруасы да бітеді. Сосын сақардан жасалған бір-бір бұзаушық қара сабынды қолымызға қыстыра күні бойы мойнымыздан құйылған шаң-топырақты жеңілдету үшін үшеуіміз Шыбындыбұлаққа кетеміз. Жеңгеміз ылғида судың төменгі жағына шомылады да Қиюбай екеумізді жоғарыдағы тұныққа жібереді. Кейде:
— Әкеліңдерші, ащы терін сығып берейін, — деп екеуміздің жейде-шалбарымызды сыпырып алатын да әдеті бар.
Күннің батар алдындағы қызыл шапағы мен қызыл іңірдің арасында қанжылым суға құмардан шыға шомылғанға не жетсін. Мойныңды қылқитып бөгет иірімнен шығарып қойып, рахаттанып отырсаң, шіркін, ұзақ күнгі терге малшынтқан қапырық ыстық пен құм қаптырған кермек шаңнан кейін бойың бір жасап қалады-ау! Бірақ Қиюбай екеуміз суға бір-бір сүңгіп шығамыз да шала-пұла жуынып, талды тасалай жеңгеміз шомылып жатқан өзекке жүгіреміз. Жасырынып келіп оның қалай шомылғанын аңдимыз да отырамыз.
Ол әуелі суға бір түсіп шығады да сосын өзінің ішкиімдерін, біздің жейде-шалбарларымызды малшылап сығады, асықпай, алшаңдап барып соларды талға жайып сорғытады. Танауынан ыңылдаған әлдебір ән сазын естиміз. Аппақ сазандай меңсіз денесі күннің қызыл жалқын мұнартына шағылысып, қызыл мыстан жасалған әдемі тас мүсіндей қырық құбылып көрінеді. Шаруасын тындыра жүріп, әлдекім кеп қалған жоқ па дегендей жан-жағына жалтақтай қарап, тірі пенденің жоқтығына көзі жеткен соң ғана суға қайтадан түседі де белуарынан шөгіп отырып жуына бастайды. Бүгінде суретшілердің сәтті бір туындыларынан тән сұлулығының тамаша мүсіндерін көре қалсам сол бір жеңгемізді еске алатын кездерім де болады. Жеңгемнің қан бүлкілдеген ғажайып денесін қылқаламның полотноға түсірген әрбір сызатынан, әрбір сызығынан, әр бояуынан іздейтінім бар.
Жеңгеміз киіне бастағанда екеуміз қара қосқа жүгіре жөнелеміз. Ол келгенде ханнан қаперсіз, түк көрмегендей ұйқтауға ыңғайланамыз. Ол түйіп тастаған шашын тарқатып, ұзақ отырып тарайды. Өңірінде шашылып жатқан көмірдей қара шашына үңіліп анда-санда күрсініп қояды да саусағымен салалап өруге кіріседі. Не бір заманда орнынан тұрады, қыбырсыз, тырп етпей қатып қалған менің күпімнің іргесін қымтап, жерошақтағы отты қоламтамен көмеді де, содан кейін ғана төсегіне жетеді.
Оның ұйқтай алмай ұзақ жатқанын көрпесін бір есе серпіп тастап, бір есе қайта жамылғанынан сеземін. Бір жақсысы, Қиюбай ұйқышыл еді, басы жастыққа тисе қор ете қалады. Ұзақты күнге сабан айырлап сілесі қатқан Мұхтар суға бармастан-ақ ұйқының жағын айырып жатыр. Қиюбайдың танауының пысылын, Мұхтардың анда-санда жіберіп қоятын тізгінсіз тыңқылын, шілделіктің шиқылын тыңдап жеңешем екеуміз біразға дейін тым-тырыс жатамыз. Оның ұйқтамағанын мен де білемін, менің ұйқтамағанымды ол да біледі. Сонан көзім ілініп бара жатқанда әлдекім қарулы қолымен башпайымды қысып-қысып жібереді. Көзімді ашып алғанда Бөкемді көремін. Ол мені жирен шолаққа мінгізеді де:
— Айрылып қалма, алысырақ апарып оттатарсың. Мұнда келмей-ақ қой, өзім тауып аламын, — дейді сыбырлап.
Ай туады. Кейде ол шақшиып туады. Кейде қылтиып туады. Кейде ол күміс табақтай дөп-дөңгелек болады, кейде шалғының сынып түскен имек ұшындай кетиіп қалады. Кейде ол қарағайлардың ұшар биігіне қонақтап алып, ұзақ сығалап тұрады, кейде ол да Бөкемді асықтырғандай, немесе оның тез орала қоймағанына өкпелегендей төбесін қылт еткізіп көрсетеді де қырқаны асып кетіп қалады. Бірін бірі аңдығандай айдың тұуы мен батуының, Бөкемнің келуі мен кетуінің арасында сиқырлы бір сыр бар сияқты. Ай асықса Бөкем де аялдамай тез жетеді, егер ол тау-тауды адақтап көбірек қыдырып қалса, Бөкем де кешігіңкіреп келеді. Кейде жирен шолақ екеуміздің таң асатын сәттеріміз де болушы еді.
Жирен шолақ мені көп қинамайын дегендей біраз оттаған соң жусап тұрып алады. Кірпік қақпай, мөлдіреген қап-қара тұнық көздері маған қадалып кеп тұрғаны. Мен оның тұнық жанарынан қалықтап бара жатқан айды көрем, өзімнің қараңдаған тоқыр басымды да сол жанардың ішінен тауып аламын. Түнгі салқын самалда бетімізді желге беріп, кейде елегзіп, кейде қалғып, бірімізге біріміз телміріп кеп отырғанымыз.
Шық қалыңдайды, шөп сыз тартады, маса да құриды, безілдеген шілделіктің де жағы қарысады. Анда-санда жүгін көтере алмай жатқандай «әуп, әуп!» деген үкінің дауысы, біреу таяқтағандай баж-баж ете қалған ала қанат тоқылдақтың ойбайы естіліп қалады. Біраз биікке көтеріліп алған соң ай да такаббарсиды, енді маған қолыңды жеткізіп көр дегендей. Мен қыл шылбырдың ұшын жамбасыма басып шалғын үстіне қисаямын. Әлдебір сыбдыр білінсе, не Бөкем келе жатса жирен шолақтың өзі-ақ ішін тартып, танауымен түрткілеп оятып алады.
— Мұнда екенсіңдер ғой, таба алмай сандалғаным, — деп Бөкем ақталған болады. Сосын мүсіркеп арқамнан қаққан болады. Іштей үнсіз ұғысамыз да ол атына мініп ауылға тартады, мен шалғынды кешіп қосқа беттеймін. Таң бозындағы салқын самал, тізеңе дейін шапқан салқын шық тісіңді сақылдатады. Есесіне аяғыңның күсін қаймақ жаққандай қопсытып береді. Мен келгенде жеңгеміз әлі ояу жатады. Ақырын ғана сыбырлап:
— Тоңып қалдың-ау, кел, менің қасыма жата ғой, — дейді. Көп ойланбастан ағамыздың жылы орнына, жылы көрпенің астына сүңгіп кетемін. Ол мені бауырына қысып құшақтап алады. Тоңазып келген басым оның ыстық құшағына кіргенде ошаққа қыздырынғандай сезінем де өне бойым балқып, әп-сәтте ұйқтап кетем...
... Соғыс аяқталар жылы жеңгеміз толысып, құрсағы білініп қалды да біраз уақыт белін бөз белбеумен буып алып жүрді. Боқыраудың жаңбыр аралас көбік қарында ешкіммен қоштаспастан ішкі жақтағы бір адамға аяқ-астынан тұрмысқа шығып кетті... Мен оны қартайған шағында тағы бір көрдім. Ол да көзден айырылып зағиб боп қалған екен. Баяғы қызыл шырайлы бұладай келіншекті көңілімнен жоғалтқым келмей оның қаны қашқан қағаздай аппақ жүзіне қадалып қарай алмадым...
... Күн теріске айналып, көлеңке үй іргесінен қашып кеткен екен. Кетпеннің тырсылдаған дыбысы қашықтап, тыртиған арық қара бала бақшаның екінші басына жетіп қалыпты.
— Бүгіндікке осы да жетер, — деп Бөкем қолын көтерді. — Апаңның арпа көжесі ашып кетпей тұрғанда шөл басалық.
Немересінің күткені де осы екен. Кетпенін тастай салып бізге жүгірген.
— Кетпенді күн көзіне тастама, — деді Бөкем. — Сайман жұмыстан тозбайды, қаңсып құриды. — Баяғы сөзі. Тек Бөкем баяғы емес. Баяғы мен бүгінгі Бөкемнің арасында жарты ғасыр жатыр екен.
Мен Алматыға қайтарда ол тоқсанның жетісіне шыққан. Тоқсанның жетісінде ол маған: «менің жасыма жет» деп бата берген. Ол егіздің сыңары еді. Тетелес қарындасы қайтыс болды деп хабар естісімен ертеңінде дүние салыпты... Тоқсан жеті жасында...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі