Өлең, жыр, ақындар

Көрнек өнерінің тараулары

Көрнек өнері бес тарау болады:

Бірінші — тастан, кірпіштен, ағаштан яки басқа заттан сәнін келтіріп, сәулетті сарайлар, мешіт, медресе, үй, там сияқты нәрселер салу өнері. Бұл сәулет өнері болады. (Европаша — архитектура).

Екінші — балшықтан я металдан құйып, тастан я ағаштан жонып, нәрсенің тұлғасын, тұрпатын, сын-сымбатын келтіріп сүгірет жасау өнері. Бұл сымбат өнері болады. (Европаша — скульптура).

Үшінші — түрлі бояумен нәрсенің ісін, түрін, түсін, кескін-келбетін келтіріп, сүгіреттеп көрсету өнері. Бұл кескін өнері болады. (Орысша — живопись.)

Төртінші — әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрамын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері. Бұл әуез өнері болады. (Европаша — музыка).

Бесінші — нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері. Бұл сөз өнері болады. (Қазақша — асыл сөз, арабша — әдебиет, Европаша — литература).

Өнердің ең алды — сөз өнері деп саналады. «Өнер алды — қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын — сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді. Сөзбен қандай сымбаттау я кескіндеуге болатындығын көрсету үшін бірнеше мысал келтіріп қарайық.

1. Абайдың әйелді сымбаттауы.

"Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы;

Аласыз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, ал қызыл бет тіл байлайды.

Көрінер аузын ашса кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.

Сөйлесе сөзі әдепті һәм мағыналы,

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.

Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны 6ap,

Тамағын үлбіреген кір шалмайды.

Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,

Екі алма кеудесінде қисаймайды.

Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.

Етіндей жас баланың білегі бар,

Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.

Шашы бар қолаң қара жібек талдай,

Торғындай толқындырып көз таңдайды.

2. Абайдың күзгі күнді сүгіреттеуі.

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан?

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Айрылған жапырағынан ағаш, қурай.

Біреу малма сапсиды салып иін,

Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.

Енесіне иіртіп шуда жібін,

Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.

Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,

Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.

Қай ауылды көрсең де жабырқаңқы,

Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.

Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,

Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.

Кемік сүйек сорпа-су тимеген соң,

Тышқан аулап, үйде ит жоқ қайда көрсең.

3. Мағжанның толқынды кескіндеуі.

Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады.

Толқын мен толқын жарысад,

Күңіренісіп кеңеспен,

Бітпейтін бір егеспен,

Жарысып жарға барысад.

* * *

Толқын мен толқын сырласып,

Сырларын еппен ұрласып,

Толқынға толқын еркелеп.

Меруерт көбікке оранып,

Жыландай жүзге бұралып,

Жарға жетер ентелеп.

* * *

Еркелеп бала былдырлап,

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Толқынды толқын қуады.

Күміс кәусар суымен,

Суының алтын буымен

Жарының бетін жуады.

* * *

Мөлдіретіп көз жасын,

Жасымен жуып жартасы,

Сүйтіп сылқ-сылқ күледі.

Жылағаны — күлгені,

Күлгені — оның өлгені,

Жылай — күле өледі.

* * *

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап,

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді,

Береді де өледі,

Өледі толқын, тынады.

4. Абайдың ән мен күйді сөзбен сипаттап танытуы.

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,

Адам ойы түрленіп ауған шақта.

Салған ән көлеңкесі сол көңілдің,

Тактісіне билесін ол құлаққа.

* * *

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,

Жүрек тербеп оятар баста миды.

Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

* * *

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы оятар.

* * *

Көбінесе ән басы келер ащы,

Кел тыңда деп өзгеге болар басшы.

Керім толғап тауысар, дүңгір-күңгір,

Сол жеріне ойыңмен араласшы.

* * *

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы-күйлі,

Тыңдағанда көңілдің өсері бар.


Пікірлер (1)

Дархан

Қазақша — асыл сөз, арабша — әдебиет екенін білмеппін

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз