БЕС ПЕРДЕЛІ КОМЕДИЯ
Аударған Мұхтар Әуезов
ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР:
Прологта қатысушылар: Лорд
Кристофер Слай, жез ұстасы.
Трактир ұстайтын әйел.
Паж, әртістер, аңшылар мен малайлар.
Кіріспеге қатысушылар: Баптиста — Падуяның бай ақсүйегі. Винченцио — Пизаның кәрі ақсүйегі. Петручио — Винченционың баласы, Бьянкаға ғашық. Люченцио — Веронаның ақсүйегі. Катаринаның күйеуі.
— Бьянкаға ынтық адамдар.
— Гремио
— Гортензио
— Люченционың қызметшілері
— Транио
— Бъонделло
— Петручионың қызметшілері.
— Грумио
— Кертис
— Нетеньел
— Джозеф
— Никлас
— Филипп
— Питер
— Педант
— Баптистаның қыздары.
Катарина асау
Бьянка Жесір қатын.
Тігінші, саудагер, Баптиста мен Петручионың қызметшілері. Оқиға Падуяда және Петручионың қала сыртындағы үйінде болады.
КІРІСПЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Елсіз жердегі трактирдің алдында.
Трактирші әйел мен Слай келеді.
Слай. Бәлем, сойып салам, шын айтам.
Трактирші әйел. Кісендер ме еді мұндай сұмдарды!
Слай. Ой, жемтік! Слай тұқымы сұм болған емес. Шежіреге қара. Біз Ричард' жаһангердің өзімен бірге келгенбіз. Сөйтіп paucas palaвris тарта берсін дүние өз жолымен sessa!
Трактирші әйел.
Сындырған стақандар үшін төлемейсіз ғой?
Слай. Жоқ. Тесік тиын да бермеймін. Жөнел Иеронимо
Суық төсегіңе жат та жылына бер.
Трактирші әйел. Мен табамын сені жөнге саларды.
Барып приставты шақырам.
Кетеді.
Слай. Бір стап па, бес стап па, заңмен жауап бере алам.
Мен, жігітім, тапжылмаймын. Келе берсін,
Тілеуің берсін (Жатып ұйықтайды).
Керней үні. Аңшыларын, малайларын ертіп лорд шығады.
Лорд. (1-аңшыға). Жақсы қара иттерді,
Тазы сорлы қан сорпа,
Резвыйды анау даңғойға қос.
Күмісті айтсаңшы, қалтарыста
Қалай ілді, қаңғып кеткен жоқ па еді.
Сатпас-ақпын жиырма фунт берсе де.
1- аңшы. Батыл айтам, Звонар да кем емес.
Үрмеді ме айрылса да ізінен.
Екі рет тапқан өзі ғой,
Иланыңыз, ең жақсы ит.
Лорд. Ақымақ! Эхода шабыс бола алса
Ондай иттің оныңа өзі татыр ед.
Астарын бер, бақыла,
Ертең тағы аң қуамыз.
1- аңшы. Бұлжытпаймын.
Лорд. Мынау не? Mac па? Өлік пе? Демі бар ма?
2 -аңшы. Демі бар, бірақ араң жылытпаса,
Бұл төсекте қатып қалса керек ед.
Лорд. Ұсқынсыз айуан! Шошқадай боп жатысын!
Сұмпай ажал, байқауыңның жаманы-ай!
Ал осыған бір ойын етсе қайтер ед:
Ақырын ғана төсекке жайлап жатқызса,
Үсті таза, қолда жүзік,
Тәтті тамақ төсегіне кеп тұрса.
Түрегелсе — ливрей киген малай әзір...
Бәлки сонда, таныр ма екен өз-өзін?
1-аңшы. Милорд, не дерін де біле де алмас ол мүлде.
2-а ң ш ы.
Оянуы сұмдық болар.
Лорд.
Түс деп санар, бос қиял дер.
Кірісіңдер, шебер ойын жасаңдар.
Апарыңдар ең бір жақсы бөлмеге,
Айналаға нелер қызық сурет ілсін,
Басына иісмай себіңдер,
Хош иіс тұрсын бөлмесінде.
Оянғанда, музыканттар тосып тұрсын,
Балбыраған күйін тартсын.
Ләм десе бір бәрің дағы тағзым ет,
Бүгіліп тұрып бас иіңдер,
«Құрметтіміз, не қажет» деп тұрыңдар,
Гүл ораған шылапшынмен
Біреу жылы су апарсын.
Бірі күмән, бірі орамал тосып тұрсын.
«Беті-қолын жуа ма екен, лорд?» десін
Тағы біреу жақсы костюм әкеліп,
Не киюді тілейді екен деп тұрсын.
Біреу ит пен аттың жайын сөз қылсын,
Әйелінің әр сырқатын, уайым еткен жайын айтып
Талмаурайтын науқасыңыз бар деңдер.
Кім екенін есіне алса — сандырақ деп ұқтырыңдар.
Өзің анық, асыл лордсың деңдер,
Ойдағыдай орындаңдар, мырзалар.
Тамаша бір ермек болад,
Шектен аспай іс етіңдер.
1-аңшы.
Милорд, бізге сеніңіз, рольді сондай ойнаймыз.
Кім етеміз десек те
Сол болғанға, сендіреміз біз оны.
Лорд.
Ақырын ғана көтеріп апарыңдар төсекке,
Оянғанда барлық ісі әзір тұрсын.
Слайды алып кетіседі. Керней үні естіледі.
Керней ме бұл? Барып келші, немене?
Малайдың бірі кетеді.
Ақсүйек пе әлде бір,
Қонбақ болған жолаушы ма?
Малай келеді.
Ал, немене екен?
Малай.
Былай екен, мархабаттым,
Әртістер екен, сізге қызмет көрсетпек.
Лорд.
Е, несі бар, ертіп кел.
Әртістер кіреді.
Хош келіпсіз.
1-әртіс.
Тағзым еттік.
Лорд.
Қонбақсыз ба біздерге?
2-әртіс.
Онда сізге қызмет етсек не етер ед?
Лорд.
Маған ұнайд.
А, мынау менің есімде.
Бір жас шаруаны ойнап еді-ау,
Ақсүйек қызын соншалық бір торып еді.
Ұмытыппын атыңызды, бірақ рөлің
Лайық-ақ боп шығып ед.
1-әртіс.
Сото ма екен айтқаныңыз?
Лорд.
Я, я. Сен тамаша болып ең.
Дәл кезінде маған кепсіз,
Әсіресе, бір ойынды ойлап едім,
Соған сіздің өнеріңіз сай болад.
Сіздер осында бір лорд алдында ойнайсыз,
Бірақ ойдағыдай шығарасыз ба,
Көре тұра оның етер мінезін?
Ол өмірде театрды көрмеген,
Сіздер күліп жүрмейсіз бе?
Онда ренжіп қалады. Есте болсын,
Күлкі болса кек тұтады.
1-әртіс.
Қорықпаңыз, сударь. Шыдаймыз біз
Қандай қызық лорд болса да.
Лорд (малайға).
Осы қазір апарыңдар буфетке,
Барды беріп қонақ етсін
Түк мұқтажы болмасын.
Малай мен әртіс кетеді.
(Басқа малайға).
Шақырыңдар Бартоломьо пажымды.
Әйел қылып киіндіріп
Әлгі мастың бөлмесіне кіргізіңдер.
Ханым деп бәрің құрмет ет,
Тапсырыңдар маған жағам дер болса,
Өзін байсал ұстасын.
Өзі көрген анық бекзат ханым болсын,
Дәл солардың еріне етер мінез етсін.
Анау маспен дәл сондай боп,
Сөз, мінез де нәзік болсын.
Айтар сөзі: «Не бұйырар екенсіз,
Көнгіш жарың бар бейілмен
Қарызы мен махаббатын ақтамақшы» деп тұрсын.
Сөйтіп құшып, сүйіп тұрып,
Кеудесіне басын исін.
Қуанышты жасын төгіп
Күйеуінің жазылғанын шүкір етсін.
Жеті жылдай ессіз болып,
Кедеймін деп жүрдің десін.
Егер әйел мінезіне сала алмай,
Бала жылай біле алмаса,
Сарымсақ та ем болады.
Орамалға түйіп алсын —
Еріксіз-ақ жас төгеді.
Орындашы осыны тез.
Қалған жағын кейін айтам.
Малай кетеді.
Білем, бала оп-оңай
Әйел даусын, жүрісін де келтіред.
Тыңдар ма еді ерім деген кездерін
Малайлардың күлкіден өлер болғанын,
Қарапайым тұрпайыға көнгенін.
Ақыл айтам. Өзім барсам
Қылжақтарын азайтам
Болмаса, шекті білмей кетісер.
Кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Лорд үйіндегі жатын үй.
Жоғарыдан Слай, малайлар келеді. Біреу киім, біреу шылапшын, құман ұстаған. Малайша киініп лорд та келеді.
Слай.
Құдай үшін бір саптыаяқ жеңіл сыра!
1 - Малай.
Бұйырасыз ба, құрметтім? Мынау херес.
2- Малай.
Бұйырасыз ба, Құрметтім? Мынау компот.
3- Малай.
Қандай костюм әкелуге бұйырасыз?
Слай. Мен Кристофер Слаймын. Мені Құрметтім деп те, мархабаттым деп те атамаңдар. Хересіңді тумысында ішкен емен, ал компот берем десеңдер, сиыр етінен жасаған компот беріңдер. Және қандай костюм киесің деп сұрамаңдар. Менің арқам қанша болса, кемзалым да сонша, балтырым нешеу болса, шұлығым да сонша, аяғым қанша болса, башмағым да соншалық, сонда да кейде башмағымнан аяғым саны артық боп жүретіні бар, немесе кей башмақтан саусақтарым сорайып жүреді.
Лорд.
Шатас ойдан бой тартыңыз,
Қасиетті асыл зат.
Дәулет, құрмет иесі,
Былғаныш бір ой ойлар ма!
Слай. Не дейд? Мені жынды етпексіз бе? Мен тегі, Бертон - Хиттағы Слай шалдың баласы Кристофер Слай емеспін ғой? Мен,тегі, тумысымда жүкші, тәрбиемде жүн түткіш, басыма түскенде аю жетектегіш, бүгінгі кәсібім жез ұстасы емеспін ғой? Уинкоттағы трактир ұстаған жуан қатын Мерьен Хеккеттен сұраңыз мен туралы. Сол, мен ішкен ақшыл сыра үшін он төрт пенс аласым жоқ деп танса, онда мені бүкіл насраный қауымындағы ең асқан суайт деңдер. Қалайша? Мен есалаң емеспін: міне...
1- Малай.
Міне, осыдан ғой ханымның қайғысы.
2- Малай.
Міне осыдан ғой малайлардың жүдеуі.
Лорд.
Міне осыдан ғой туысқанның безгені.
Қашырған сіздің шалығыңыз.
О, есіне ал, мырза, асыл тегіңді,
Өшкен ойды қайта ойла,
Қу масқара түсіңді.
Көрші міне: құлдарың тосад әміріңді,
Тек белгі ет — қызметіне әзір тұр.
Музыка ма тілерің? Чу! Аполлон ойнайды.
Музыка.
Жиырма бұлбұл торда сайрайд.
Ұйықтаймысың, төсек әзір,
Хор қызының мекеніндей
Жар төсегің жаюлы тұр.
Сейіл керек пе? Жолыңа гүл төгеміз.
Атқа мінесің бе? Аттар әзір;
Алтын тұрман жалтырап тұр.
Құс саласың ба? Сұңқар ұшад,
Боз торғайдай. Ит керек пе?
Үрген даусы аспан құшып,
Жаңғырығы жартаста жүр.
1 - Малай.
Аң қуасың ба? Тазы иттерің жосығанда
Бұғы, марал алдын орайд.
2 - Малай.
Сүйетінің сурет пе? Міне, сурет,
Жағада тұрған Адонис
Цитерея тығылыпты қамысқа,
Демімен қамыс майысып
Жел ескендей жапырылған.
Лорд.
Әлде сізге Ио қызын көрсетсек пе,
Аңдаусызда қысылғаннан
Тірі жандай дәл шығыпты.
3 - Малай.
Әлде Дафна көресіз бе, қалың жыңғыл
Аяғынан қан ағызған,
Аполлон көріп қайғы шеккен,
Қан мен көз жас сондай шыққан.
Лорд.
Сен лордсың, сол ғана болмақсың,
Әйелің бар жаннан асқан,
Біздің азған заманда теңдесі жоқ.
1 - Малай.
Сен деп төккен көздің жасы
Сел қылмаса асыл жүзін,
Әлемдегі ең сұлудың өзі еді,
Қазірде де пар келер жоқ.
Слай.
Мен — лорд, менің қатыным бар ма?
Түсім бе осы, әлде бұрын түс көріп пе ем?
Ұйқыда емен! Естіп, көріп, сөйлеймін;
Мынау иіс, мынау нәзік нәрселер,
Ах, сайтан, мен шынында лордпын-ды.
Жез ұстасы Кристофер Слай-дағы мен емес.
Әй, әпкеліңдер көз алдыма қатынды
Үстеуіне бір саптыаяқ сыра келсін.
Малайлар қол жууға шылапшын мен құман, орамал ұсынады.
2 - Малай.
Мархабат қып қолды жуар ма екенсіз?
Есіңіздің түзелгені соншалық бір қуаныш.
Бұрын қандай болғаныңыз, ойыңызға түсті ғой.
Ұйқы үстінде он бес жылдай болдыңыз,
Қараңғыда жүрген жандай едіңіз.
Слай.
Он бес жыл? Я, мейлінше ұйқы қандырыппын.
Сөйтіп, түк сөз айтпаппын ба?
1 - Малай.
Мүмкін бе екен, сударь?
Айттыңыз бірақ бос сөздер.
Осы сәнді үйде жатып
Өзіңізді қуады деп сөйлейсіз,
Сырахана қатындарын ұрсасыз,
Сотқа тартам деп қоясыз,
Сыраны аз құяд дейсіз,
Бірде айқайлап Сайсли Хеккет шақырасыз.
Слай.
Е, рас. Ол сол үйдің қызы ғой.
3 - Малай.
Жоқ, сіз трактир мен қызын-дағы көрген жоқсыз,
Бізге атаған көп кісіңіз
Стивен Слай мен кәрі Джон Непс-Сало,
Питер Терф, Хенри Пимпернель, бірін-дағы көрген жоқсыз,
Тағы талай жанды атайсыз,
Бірақ олар, бұл дүниеде болмағандар.
Слай.
Ал ендеше жазылғанға, тәңіріме шүкір еттім.
Бәрі.
Әмин
Слай.
Рахмет, саған да теріс болмас-ты.
Малайларды ертіп. әйелше киінген паж кіреді.
Паж.
Ал, саулығыңыз қандайлық?
Слай.
Тамаша тамақ мұнда көл-көсір, Жә, қатын қайда?
Паж.
Мұндамын, лорд бекзадам, әміріңе әзірмін.
Слай.
Сіз бе қатын, байым деп неге айтпайсың?
Малайларға лордпын мен, сіз үшін байың емес пе ем.
Паж.
Сіз байымсыз, лордымсыз. Лордсыз және ерімсіз.
Мен болсам кішік, жарыңызбын.
Слай.
Бәсе, солай, ал аты кім мұның?
Лорд.
Мадам.
Слай.
Елес пе, жоқ Джен Мадам ба?
Лорд.
Бар бекзаттар салтынша мадам ғана атанад.
Слай.
Мадам қатын! Мыналар мені Ұйықтадың дейд,
Он бес жылдай түс көрдің дейд.
Паж.
Маған отыз жылдай көрініп ед
Жар төсегінен түңілгелі.
Слай.
Түу, не деген өрескел! Малайлар, бар шығыңдар.
Мадам, шешін дағы қасыма жат.
Паж.
О, бекзат лорд, кешірім ет,
Бір-екі түн еркіме қой.
Ең болмаса күн батсын да.
Дәрігерлердің бұйрығы еді,
Сізді қайта жаңылар деп есінен,
Қасына жатпа деп еді.
Жайыңызды ойлауыңыз керек қой.
Слай. Менің жайым ұзақ күтсем ауырлайды. Бірақ бұрынғы сандыраққа енді қайтып барғым келмейді. Сөйтіп қан тамырым қайнағанмен, тоспай болмас.
Малай келеді.
Малай.
Сізді тәуір дегенді естіп
Әртістер қай комедия ойнамақ ед.
Докторлар да тапсырған ғой
Сауық көрсін — ойдан қаны қойылып,
Іші пысса есі ауад деп,
Сондықтан да сәтіменен
Көңіліңізді көтермек ек.
Шерді қуып өміріңізді ұзартад ол.
Слай.
Жарар, мен көндім ойнай берсін. Немене өзі
Оразаның ермегі ме, жоқ әлде бір фокус пе?
Паж.
Жоқ, аса қызық зат болады.
Слай.
Ненің заты? Көйлек тігер пұл заты ма?
Паж.
Бұл бір шежіре тәрізді.
Слай.
Жақсы, жақсы! Көрейік! Мадам қатын, қасыма отыр.
Болсын, не болса да. Тірлікте жастық біреу-ақ.
Отырады, керней үндері.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Падуя. Қаланың алаңы.
Люченцио мен қызметші Транио шығады.
Люченцио.
Мақсат еткем жетсем деп
Ғылым бағы Падуяны көрмек боп,
Жайнаған Ломбардия, жеттім саған,
Италия ғажап бағы екенсің.
Әкем ерік берген еді,
Сені ертуге көнген еді
Сыналған берік қызметшім ең.
Тұрып мұнда сәтті күнде
Қиын ғылым оқуды да бастаймын.
Инабатты адамы көп қасиетті Пизаның
Сонда тұрдым, әкем сонда
Жаһан білген саудагер
Винченцио, Бентиволио тегінен.
Соның ұлы, Флоренция баласы,
Ақтау керек әке үмітін
Байлығына қасиетті тәж етейін.
Сондықтан зер салғаным
Философия бір саласы.
Көксейтұғын зор санасы
Бақ тірегі қасиет дейтін.
Қалай дейсің? Пизадан мен кеткенде,
Падуяға келгенде,
Саяздан терең талғаумен
Ғана жұтпақ мақсұт қуа келмедім бе?
Транио.
Кешіріңіз, қымбат мырзам,
Барлық жайға өзіңізше қараймын,
Қуанамын, талмағанға талабыңыз
Тәтті ғылым нәрін көксеп тұрғанға.
Өкінерім жалғыз-ақ, қадірлей тұра
Стоиктер ұлы өсиетін
Дана болмай дара болып қалмаңыз,
Аристотель тыйғанынан тыйылып
Жүрсеңіз де, Овидийден жиренбеңіз.
Логиканы достарменен сөз етіңіз,
Риторика қысыр кеңес боп қалсын.
Ермек болсын поэзия, музыка,
Ал метафизика сіміріңіз
Сыйғаныңша қарынға.
Сүйкімсізден пайда да жоқ,
Тек сүйген затқа беріліңіз.
Люченцио.
Тамаша айттың, Транио,
Бьонделло Мұнда болса,
Орналасқан болар ек.
Жайымыз боп шақырар ек,
Падуяда тың достарды.
Анаң қара, бұ неткен топ?
Транио.
Әлде бізді қарсы алар ма?
Баптиста, Катарина, Бьянка, Гремио, Гортензио шығады.
Люченцио, Транио шеттей береді.
Баптиста.
Қажамаңдар енді мені, синьорлар!
Білдіңдер ғой байлауының берігін.
Үлкен қызға күйеу таппай
Кіші қызым мен күйеуге бермеймін.
Егер біреу ғашық болса Катарина қызыма,
Білгендіктен сіздерді, тыймас едім мынадан да
Қарамай-ақ қояр ем.
Гремио (шетке). Қасарып қалсын ол қызың! Қасарман ғой!
(Қатты) Гортензио зауқың бар ма? Байқасаңшы.
Катарина (Баптистаға).
Неменеңіз осы мен!
Шырға қылып шабақтарға осындай!
Гортензио.
Не дейд? Шабақ? Сіздей шортан тілемейміз,
Сыпайырақ болыңыз.
Катарина.
Шошымаңыз, сіз, мырзам,
Сізге әуелі пысқыратын кісі жоқ.
Есіне алса тек қана
Орындықпен басыңызға берер ед,
Бетіңізді жексұрындай бояр ед.
Гортензио.
Сақта, құдай, сайтаныңнан мынадай!
Гремио.
Сақта құдай!
Транио.
Мырза, қимылы дәл бірінші сорт,
Жынды ма өзі, ызалы ма, неткен өрт!
Дюченцио.
Ал сіңлісінің үнсіздікте көріктісі-ай!
Сыпайылық тәрбиесін танытады. Т-с-с-с, Транио!
Транио.
Оныңыз рас. Сіз де үндемей көз салыңыз.
Баптиста.
Іске асырам айтқанымды
Қазір-ақ... Бар, Бьянка, үйіңе.
Қынжылма қымбат, Бьянкам:
Бұрынғымнан кем сүймеймін әлі де!
Катарина.
Қойдай момын бишара!
Сылтауы жоқ болса да, ағызыпты сорасын.
Бьянка.
Менің сорым, бағың болсын, бауырым.
(Баптистаға).
Еркіңізге бағынамын, сударь.
Музыка мен кітап менің досым болсын,
Жалғыздықта берілейін соларға.
Люченцио.
Қалай дейсің, Транио? Минерваның өзі ғой.
Гортензио.
Синьор Баптиста, неге керек бүйткеніңіз,
Өкініш қой, сүйеміз деп Бьянкаға
Еткеніміз залалды.
Гремио.
Сайтан үшін қамайсыз ба оны, синьор Баптиста,,
Топастығы біреуінің, біреуіне жаза ма!
Баптиста.
Тынышталыңдар, мырзалар. Байлауым сол,
Бар, Бьянка!
Бьянка кетеді.
Жақсы білем сүйетінін
Поэзия, музыканы.
Оқытушы шақырамын үйіме,
Жас күнінде оқып алсын. Гортензио,
Гремио, білсеңіздер оқытады
Жіберіңдер үйіме, білгір адам
Мұнда құрмет, сый көреді.
Тек баламды жетілдірсін,
Қош, Катарина, сіз қалыңыз,
Бьянкамен сөзім бар.
Кетеді.
Катарина
Не дейді? Еркі жоқ жан болам ба?
Не дейді? Қыбыр етпес болам ба? Тіпті сонша
Не қылуды білмейтұғын мен бе екем?
Кетеді.
Гремио. Маған десе марғау кетіңіз. Керектігің соншалық. Мұнда бір жан бөгейін деп ойламас. Берекелері аз екен, Гортензио, тегі екеуміз де ораза боп тұра тұрамыз. Бұл алманың сіз жағы да, біз жағы да піспей тұр ғой әзірше. Қош болыңыз. Сүйікті Бьянкаға ынтығым үшін, тілегенін үйретерлік кісі тапсам, әкесіне бөгеместен жіберемін.
Гортензио. Мен де сөйтем, синьор Гремио. Тек жалғыз-ақ екі ауыз сөз. Бұрынғы талас екеумізге Ақыл қостырмас болғанмен, бір мәслихат айтайын, екеуіміздің жайымыз. Ынтық жанға жақындап, Бьянканың оң шырайы үшін таласқан бәсекеміз келісті боп өту үшін, екеуміз бірігіп әрекет етуіміз керек.
Гремио. О, немене?
Гортензио. Мәлім ғой, сударь, апасына бай табуымыз керек.
Гремио. Бай емес оған сайтан сай.
Гортензио. Бай деңіз, бай!
Гремио. Сайтан деймін, сайтан. Әкесінің байлығы үшін, осындай сайтанды алатын есалаң бар деймісің шынымен, Гортензио?
Гортензио. Қой, Гремио. Оның айқайы мен ашуын біз көтере алмағанмен қазынасына қызығып, кемшілігін түгел көтеріп
алатын мейірімді жігіт жоқ деме, тек табу керек сондайды.
Гремио. Әй, білмеймін! Бұл, жасау үшін күн сайын базард адүре жеуге көнгенмен тең ғой.
Гортензио: Әрине, рас шірік алма арасында таңдау аз. Бірақ енді бөгет бізді дос еткен соң мықтап сүйенісейік. Баптистаның үлкен қызына күйеу тауып, кіші қызына жол ашайық. Сонда екеуміз қайтадан шекісерміз. Айналайын, Бьянка, сен тиер жан бақытты ғой: кім көмбеге бұрын жетсе, бәйге сонікі. Не дейсіз, синьор Гремио?
Гремио. Айтқаныңыз бәрі рас. Сол апасына қызығып, айттырып, қатын етіп қасына жатар, сорды арылтар ер шықса, соған Падуяның маңдай алды бәйгесін сыйлар ем. Жүріңіз.
Екеуі кетеді.
Транио.
Мүмкін бе екен, айтыңызшы, шынымен-ақ,
Асықтық сізді жеңгені ме?
Люченцио.
Өз басымнан атқармасам,
Сенбес едім өзім де.
Селқос қарап жүргенімде маңайға
Сол селқостан махаббат туып қалыпты.
Енді ашамын бар шынымды,
Саған ашам, басың маған қымбат еді,
Ертеде асық айтқан сырдай
Өртенемін Транио, өлем, өшем
Осы қызды алмасам. Ақылын тап,
Транио сен есебін
Табасың. Жәрдемің бер — сен жетекке аласың.
Транио.
Мезгіл емес, сударь, сізді сөгерлік,
Ұрысқанмен жүрек отын жеңбейді.
Асық болсаң жалғыз ғана айла бар,
«Сор тұтқыннан аз ақымен азат бол».
Люченцио.
Рахмет. Айтшы және. Құлағыма жағады.
Мәслихатым көмекшім.
Транио.
Қызға сонша телміріп қап
Істің жөнін аңғармапсыз.
Люченцио.
Тек шұғыласын тамаша еттім,
Сұлулығы қызыңдай бар Агенордың
Тізе бүгіп Криттің бір жағасына,
Юпитердің ұйымап па ед тал бойы.
Транио.
Сол ғана ма сезгеніңіз? Ал апасы,
Қандай жанжал салғанын,
Қалай талқан болғанын білдіңіз бе?
Люченцио.
Қыбырлап ед нарттай қызыл еріні
Демінен әсем ше аңқып ед,
Бар ғажайып бір өзінде тұрғандай.
Транио.
Қой, ауған есті жыяйық.
Ояныңыз, сударь! Сүйген болсаң,
Жетпек керек сол қызға. Дұрыс па?
Үлкен қызы албасты екен,
Соны әкесі ұзатқанша,
Сіздің сұлу отырардай түрі бар.
Сол себепті әкесі оны аулақ етпек
Мазасыз көп күйеулерден.
Люченцио.
Ах, Транио, неткен қатал әкесі!
Байқадың ба, жалғыз-ақ бір арманы
Тәрбиеші табуда екен. Транио.
Байқадым, сударь. Айланы да тапқандаймын.
Люченцио.
Мен бе!
Транио.
Болды. Қолыңызды, сударь,
Тегі ойымыз табысқан-ды.
Люченцио.
Айтшы сен әуелі.
Транио.
Тілейсіз сіз
Оқытушы болсам ба деп сол қызға,
Осы еді ғой ойыңыз!
Люченцио.
Қалай дейсің, мүмкін бе?
Транио.
Жоқ. Кім ойнайды сіздің рөлді
Винченцио ұлы болад кім Мұнда?
Үйге ие боп кім оқиды,
Таныстарды шақырып, кім жүреді қонақта?
Люченцио.
Жә, basta! Тоқта, таптым,
Бізді әлі ешкім көрген жоқ.
Өңімізден танылмайды
Мырза қайсы, малай кім. Мен боламын Транио.
Ие болып орнымды бас.
Малайлар мен шаруаға ие бол.
Мен Пизаның бір кедейі боламын.
Не Неаполь, не Флоренция адамымын.
Айтылды да болды сол. Шешін.
Қалпағым мен плащымды ал,
Бьонделло қызметкерің,
Оның тілін қазір табам.
Транио.
Еркіңіз білсін.
Екеуі киім ауысады.
Әлбетте, сударь, сізге жақсын,
Бағыну менің қарызым Жүрерде бай тапсырып ед,
«Айтқанын ет баламның» деп, солай деп ед,
Болмаса да дәл мынадай ойында.
Қуанып-ақ Люченцио боламын,
Оны шын сүйгеннен.
Люченцио.
Люченцио өзі де солай сүйгеннен,
Құл боламын жету үшін
Көзім тартқан сол сұлудай арманыма.
Ал, міне біздің бұзық та!
Бьонделло кіреді. Қайда қаңғып кеттіңіз?
Бьонделло. Мен қаңғыдым ба? О нес! Өздерің қайда қаңғыдың? Жә, мырза, менің досым Транио сізді тонаған ба, жоқ, сіз оны ма? Әлде кезек тонас па? Айтсаңыз нетті. Бұ не тамаша?
Люченцио.
Кел, сандалма, әзіл арзан,
Жағдайға үйлес одан да.
Сенің досың мені ажалдан құтқаруға
Киімім мен атымды алды.
Құтылсам деп мен ол болдым.
Түсе сала кемеден, төбелесте
Кісі өлтіріп, сескенемін сотынан.
Қызметші бол мынаған
Сақтық ойлап, жол шегемін мен бұдан.
Ұқтың ба? Бьонделло.
Жо, сударь? Жоқ!
Люченцио.
Транио атын ұмыт ендеше
Ол мүлде Люченцио болып тұр.
Бьонделло.
Олжалы екен. Мен өзім де болар ем.
Транио.
Ал, шырағым, менің енді мұратым не?
Баптистаның кіші қызын алу ма?
Тек өзіме емес, мырзама
Кісі барда тағзым ет.
Оңашада Транио баяғы.
Бөтен барда — мен мырзаңыз
Люченцио.
Ал жүрейік, Транио,
Сен істейтін тағы да бір іс бар екен.
Сен де мына ынтықтардың бірі бол.
Неге дейсің ғой? Оған мықты себеп бар.
Кетіседі. Жоғарыда әртістер сөйлеседі.
1-қызметші.
Милорд, қалғисыз ба? Пьесамен Жұмыс жоқ.
Слай.
Жоқ, жоқ. Ана атымен ант еттім.
Сұмдық жақсы. Әлі ұзақ па?
Паж.
Жаңа ғана басталды ғой, Милорд?
Слай..
Аса бір тамаша. Мадам қатын, тек тез бітсе екен.
Отырып қарай бастайды.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Падуя. Гортензио үйінің алды. Петручио мен қызметшісі Грумио шығады.
Петручио.
Веронаға мен әзірше қош айттым,
Падуяда достарымды көрмекпін.
Әсіресе, берік досым, Гортензио.
Мынау соның үйі ғой,
Әй, бұзық Грумио, соқ деймін!
Грумио. Соғам ба, сударь? Не деп соғам? Сіздің жақсылығыңызды қайтіп қиямын!
Петручио. Надан! Соқ деймін мен, нығытып.
Грумио. Сізді соғам ба, сударь? Сударь, сізді ұратын кім едім мен?
Петручио.
Надан! Соқ деймін есікті,
Болмаса, басың татар нәсіпті.
Грумио.
Сіз ғой — жанжалқой? Мен ұрсам ба,
Бұл басымды құртам да. Петручио.
Естимісің бұйрығымды? Болмаса жанжал салармын.
Құлағыңның бар сайтанын қағармын. (Құлағын бұрайды.)
Грумио.
Аттан! Жынданыпты, мырзам!
Петручио.
Тыңдайсың ба, бұзық найсап?
Гортензио шығады.
Гортензио. Бұл не? Немене? Ескі досым Грумио, ескі досым Петручио! Не боп жатыр Веронада?
Петручио.
Гортензио, арашаға келдіңіз бе?
Көргеніме қуанамын өзіңізді!
Гортензио.
Қош келіпсіз құрметті синьор, Петручио.
Тұр, Грумио — керіс арты келісетін.
Грумио. Мұндай іске бөтен тілдің емі жоқ, сударь. Қызметінен босауға анық сылтау емес пе? Білесіз бе, сударь, бұ кісі өзін қатты соқ дейді. Отыз жерден отыртса да мырзасын малай ұрса не болмақ?
Әттең бірақ соқсам етті,
Басым аман шықсам нетті.
Петручио.
Мисыз меңіреу! Гортензио,
Есік қақ деп бұйырған ем бұзыққа,
Айтқанымды өткізе алмай тұрғаным.
Грумио.
Есік қақ деп! Ой, тоба, ап-анық қып айтпап па
Едіңіз «оңбаған, соқ мені, соқ мені жақсылап
Соқ мені нығыта» деп,
Енді келіп есік қақ дегені несі.
Петручио.
Ақым сол — тай да былай, ауыз жап!
Гортензио.
Тимеңіз, мен кепілмін.
Бір жансақтық болған ғой
Екеуіңіздің араңызда.
Не қандай жақсы желдер есіп
Веронадан сіз досымды келтірген?
Петручио.
Жасты қуар жел қаны
Бақ іздеуге қиырдан,
Орайсыздан. Қыл қысқасы,
Синьор Гортензио, жайым сол
Әкем өлді Антонио.
Мен бытқылға батыл кірдім.
Ебін тауып, бақыт тауып үйленбекпін.
Қалтада крон, үйде мүлік,
Кезбек болдым жаһанды.
Гортензио.
Егер сөзді шұбатпастан
Атасам қайтед бір асауды,
Алған үшін зарлағандай?
Кепіл болам байлығына,
Бай қалыңдық. Әй, досымсың,
Жалғыз-ақ теңің емес.
Петручио.
Гортензио, біз достармыз,
Келісеміз сөзсіз-ақ. Көзі жетсе
Байлығының сайлығына,
Ақша менің әнім сәні
Сұмпай болған қатыныңдай флоренттің
Мыстаннан да кәрі болсын, долы болсын.
Ксантиппа, қатынынан Сократтың, оңбаса да,
Байлауымды бұза алмайды.
Айнымаймын — туласа да,
Асау теңіз толқынындай.
Бай қалыңдық байы болам.
Бак иесі боламын.
Грумио. Көрдіңіз бе, сударь, ойын ірікпей айтып тұр. Алтынын мол берсеңіз — қуыршақ тіпті істік темір болсын, үйленеді бәрібір. Аузында бір тісі жоқ басқа болсын, тап өлу — көтеремнің дерті болсын бір басында, пысқырмайды бәрібір, тек пұлы болсын.
Гортензио.
Біз екеуміз лағып кеттік,
Бұл әзілді шын айтайын,
Петручио, айттырайын мен саған.
Өзі сұлу бай қызын
Аксүйекше тәрбие алған.
Бар айыбы, зор айыбы
Мінезі бар пәледей,
Асаулық пен қыңырлығы соншалық.
Мысалы: менің басыма апат жетсе де,
Алмас едім алтын өзен төксе де.
Петручио.
Үндеме, алтын күшін білмейсің,
Әкесі кім — болды маған.
Қарсы бастым — қаптай берсін
Күзгі соққан дауылдай.
Гортензио.
Әкесі оның Баптиста Минола,
Инабатты ақсүйек. Қызы болса
Катарина Минола
Зәрдей тілі елге аян.
Петручио.
Әкесін білем, өзі емес,
Марқұм атам айтушы еді.
Қызын көрмей ұйқы көрмен.
Кешіріңіз кінәмді,
Қазір кетем қасыңыздан
Бірге жүрмес болсаңыз.
Грумио. Өтінейін, сударь, бара берсін бетімен. Осы сөзім ұмытпаңыз, ол қыз мұны мен білгендей білсе, бұған ұрыс дарымасын тез таныр. Маған десе жүз қайтара оңбаған де, селт етпейді. Ал өзі ұрысты бастаса, құлдилата құлатад. Иланыңыз, сударь, мұнымен байланысты ма, сондай әлем тақсын да, сондай ұрыс бастасын кеп, ол қыздың ажарынан түк қалмас та, жарық дүниеге жаңа туған күшіктей боп мәңгіре қарар. Сіз мұны білмейсіз сударь.
Гортензио.
Тоқта, Петручио, мен де барам,
Менің де қазынам сол жерде.
Жан жарығым қамауда,
Кіші қызы нұр Бьянка
Жасырулы менен де,
Бар жастан да таласқан.
Қиындығын білген соң,
Жаңағы айтқан айыбы бар
Үлкен қызын ұзатудың,
Сондай тәртіп орнатыпты
Бьянкаға жан жуытпай,
Ұзатпақшы Катарина қуарғанды.
Грумио.
Катарина қуарғанды,
Иә, қызға бұдан сұм ат болмас.
Гортензио.
Сен, досым, бір еңбек етсең,
Мен жұпыны киінейін, Баптистаға
Зор күйші деп апар мені,
Бьянкаға молдалыққа.
Мүмкіншілік сонда табам
Еркімменен айналдырып
Оңашада қолға алам.
Грумио. Бұл осалдық емес пе? Үлкенді қалай алдамақ, жастар қалай жымдасады?!
Гремио мен кітап ұстап бөтен киім киген Люченцио шығады.
Мырза, мырза, бері қараңыз. Мыналар кім, ә?
Гортензио.
Ақырын, Грумио, бұл менің бақталасым.
Петручио, кетейік.
Грумио.
Иә, махаббатқа дәл өзі екен? (Олар шетке кетеді).
Гремио.
Болды бәрі. Бар тізімді қарадым.
Тыңдаңыз тек, түптетіп тұрып беріңіз,
Оқытыңыз тек ашықтық кітабын
Басқа оқуға алданбасын.
Ұқтыңыз ба осыны?
Баптистаның төлейтұғын
Ақысының үстіне
Мен де сыйды аямаспын. Барлық мына кітапты
Иіс майлаңыз шетінен
Бұған тиер саусақтың
Теңі жоқ. Нені оқисыз әуелі?
Люченцио.
Көздейтінім пайдаңыз,
Сеніңіз маған әміршім.
Сізді өзімдей ойлармын
Мүмкін сезім әсері
Артық болар сіздің шала білімнен.
Гремио.
Білім — ғажап іссің-ау!
Грумио (шетке).
Жұдырық, сен тамаша күшсің-ау!
Петручио.
Үн қатпа!
Гортензио.
Тсс! Грумио! Сәлем, синьор Гремио!
Гремио.
Құп келіпсіз, синьор Гортензио,
Мәлім болсын, Минолаға барғаным.
Уәде қып ем таппаққа
Нұр сипатты Бьянкаға молданы.
Сәті келіп табылып тұр, мінеки,
Сыпайы да ғалым жас.
Тілегендей: бек білгені поэзия,
Өзге жақсы кітаптар да біледі.
Гортензио.
Маған да бір танысым
Жақсы музыкант таппақ еді,
Сол сұлуды оқытқандай
Мен де қарап қалғаным жоқ,
Құрметіне Бьянканың өзім сүйген.
Гремио.
Өзім сүйген — ісім баян етеді.
Грумио (шетке).
Қалтаң баян етеді.
Гортензио.
Мезгіл емес махаббатпен мақтанар.
Айтайын мен тыңдасаңыз,
Екеумізге зор жаңалық:
Тауып тұрмыз ақсүйекті
Бізге пайда келтіретін еркімен
Айттыратын Катарина долыны
Байлық тисе — үйленетін.
Гремио.
Тамаша ғой, етер болса дегенің,
Айттыңыз ба қыз мінін?
Петручио.
Ұрысқағын, долысын да білемін,
Бұйым емес, сол-ақ болса айыбы.
Гремио.
Солай ма? Тамаша. Қай жерліксіз?
Петручио.
Веронадан, әкем аты — Антонио.
Ол өлген. Мұрагермін, ортақ жоқ:
Жасамақпын шексіз көп!
Гремио.
Мүмкін бе екен дәл мынадай қатынмен.
Тісіңіз батса — жолды оңғарсын.
Көмекшіге мен барынша әзірмін,
Сөйтіп аласыз ғой қатерді? Петручио.
Алатыным тіршілік.
Грумио (шетке).
Алады оны — қыздың соры!
Петручио.
Тек келдім бе мен мұнда?
Шаң-шұңға мен сескенбен.
Естімеп пе ем арыстанның бақырғанын.
Құтырған толқын көрмеп пе ем.
Көбік атып ұмтылатын қабандай?
Қан майданда көрмеппін бе атысты?
Аспан атқан зеңбірегін білмеп пе ем?
Демін тартып тыңдамап па ем мен талай
Кетер қайнап, керней ойнап, кісінеген аттарды?
Айтқандарың айқайы ма қатынның?
Ол қазанда тырсылдаған бұршақ қой
От қызғанда шытырлайтын.
Құбыжық деп үркітіңдер баланы.
Грумио.
Қорқақ кісі бұл емес.
Гремио.
Байқадың ба, Гортензио!
Дер кезінде келіпті.
Өзінің де біздің тағы бағымыз.
Гортензио.
Мен шығынға ортақпын,
Тойдың қамын біз алайық.
Гремио.
Мен де ризамын, тек үйленсін.
Грумио (шетке):
Мен сенемін, ас сай босын.
Жақсы киінген Транио шығады, қасында Бьонделло.
Транио.
Қайырлы сәт, мырзалар. Өтінейін сіздерден:
Болмаса айып айтыңызшы
Үйі қайсы Баптистаның?
Бьонделло.
Әлгі екі сұлу қызы бар ма? Сол ғой ойдағыңыз?
Транио.
Дәл сол, Бьонделло.
Гремио.
Қай қызы екен ойдағыңыз?
Транио.
Қызы ма әлде өзі ме, сізге тимес соққанымыз?
Петручио.
Долысына тимеңіз — шартым сол.
Транио.
Долысына зауқым жоқ — сырым сол.
Люченцио (шетке).
Жаман емес, Транио.
Гортензио.
Ниет қалай:
Келесіз бе, сіз де қызды жағалай?
Транио.
Қайтушы еді, солай болса?
Гортензио.
Түк етпейді, табаныңыз таяр болса.
Транио.
Көше бойы кен емес пе:
Сізге де бір, маған да.
Гортензио.
Рас, тек, ол түсінбейді егеске.
Транио.
Ол қалайша айтыңыз?
Гремио.
Мен айтайын мәнісін,
Көңіл етед ол қыздан, синьор Гремио.
Гортензио.
Оны және таңдаған синьор Гортензио.
Транио.
Сабыр, мырзалар! Сіздер бекзатсыздар ғой,
Тыңдаңыздар дәлелімді менің де,
Баптиста шын ақсүйек.
Әкемменен таныс еді ескіден,
Қызы тіпті мұнан дағы сұлу болсын,
Қызыққандар талай болсын,
ортасында мен болмақпын,
Еленаға мыңдар ынтық болғандай,
Мың бір жігіт қызықса да Бьянкаға
Люченцио туын жықпас,
Парис келіп таласса да тайқып шықпас.
Гремио.
Мынау біздің бәрімізді түрмесін!
Люченцио.
Ерік берсең әлі талай есіп берер.
Петручио.
Осы сөздің не мәні бар, Гортензио?
Гортензио (Траниоға).
Жөн сұрайын сізден, мырза: Көрдіңіз бе сол қызды?
Транио.
Жоқ. Бірақ екеу деп есіттім
Бірі шайпау тілді дейді.
Екіншісі сыпайы да сұлу дейд.
Петручио.
Алғашқыға тимеңіз — ол менікі.
Гремио.
Ол қайратты Геркулеске қояйық,
Мың пәледен сол қиын.
Петручио.
Менің сөзім ұқсаңдаршы, мырзалар.
Сіздер Мұнда қидаласқан сұлуға
Әке бүгін жолатпайды жігітті,
Атамайды біреуіңе,
Ұзатқанша апасын,
Кіші қызға кезек жоқ.
Транио.
Ендеше сіз болсаңыз
Бәрімізге, маған дағы көмекші,
Мұзды жармақ міндет алған болсаңыз
Алыңызшы апасын, кіші қызға
Жол ашып. Кім алса да соңғысын
Қарыздар болсын бір сізге.
Гортензио.
Көңіл жақсы, сөз де жақсы;
Бірақ сіз де күйеу бопсыз
Ендеше сый етіңіз
Бұл мырзаның еңбегі үшін.
Транио.
Жалтармаймын. — Соның үшін
Кешке бізге келіңіздер.
Сүйіктінің саулығы үшін ішейік,
Сотта ұрсатын адвокаттар
Шарапта дос болысқандай.
Грумио.
Ұсынысы тамаша. Ал, жүрейік.
Гортензио.
Тойлау үшін сәт минөтте, Петручио, сіз болыңыз сәт benvenuto.
Кетіседі.
Шымылдық.
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Падуя.
Баптистаның үйінде. Катарина, Бьянка шығады.
Бьянка.
Апатай-ау, жер қылмашы өзіңізді,
Тең қылмашы мені күңге.
Қиналамын. Қиын болса, Босатыңыз қолымды, берейін мен Лыпа қоймай өзіме, бар киімім берейін.
Әміріңіздің барлығына көнейін,
Үлкендерге бағынуды білемін.
Катарина.
Олай болса айт маған: күйеулердің қайсысы
Саған ыстығырақ? Тек, құбылма.
Бьянка.
Иланыңыз, апатай, бәріне де Қызықпастан қараймын
Таңдағаным жоқ еді.
Катарина.
Алдайсың сен, сүмелек. Гортензио ма әлде?
Бьянка.
Сізге ұнай ма ол? Тырысайын ендеше,
Сіздікі болсын, апатай.
Катарина.
А, сізді байлық тарта ма?
Гремио ойда ма, тұрмақсыз ғой бай болып?
Бьянка.
Қызғанасыз ба, соны да?
Енді ғана түсіндім: қылжақ қой.
Ылғи қылжақ еткеніңіз менмін ғой,
Бірақ, Кет, өтінемін, босатыңыз қолымды.
Катарина.
Ах, қылжақ па екен?
Ендеше мынау да қылжақ па?
Ұрады. Баптиста кіреді.
Баптиста.
Бұ нең? Қайдан бүйтіп құтырдың?
Былай тұр, Бьянка. Жылатып қойған!
Ісіңді тік. Байланыспа мұнымен,
Ал сен сайтанның тұқымы, ұялсаңшы,
Бұдан қашан жәбір көрдің?
Бір ауыз сөз қарсы айта ма?
Катарина.
Ол мені үндеместен күйдіреді. (Бъянкаға ұмтылады)
Баптиста.
Мен барда ма? Бар, Бьянка!
Бьянка кетеді.
Катарина.
Сүймесіңіз менмін ғой. Білемін.
Ол болса қазынаң. Бай керек оған.
Мен ғой — жалаңаяқ билейін оның тойында
Кәрі қыз боп маймыл ертіп жүрейін.
Уа, қойыңыз. Отыра қалып осыдан
Сізден барлық өш алғанша жылайын.
Кетеді.
Баптиста.
Менен де сорлы болды ма екен?
Мыналары кім екен?
Гремио, Люченцио, Петручио шығады. Музыкант боп Гортензио келеді. Транио, Бьонделло кітап, керней ұстап келеді..
Гремио. Сәт болсын, көрші Баптиста!
Баптиста. Сәт болсын, көрші Гремио. Есенсіз бе, мырзалар.
Петручио. Өзіңіз ше, синьор? Сізде сұлу қыз бар ма Катарина дейтұғын?
Баптиста. Қызым бар, синьор, Катарина дейтұғын.
Гремио. Шұғыл кеттіңіз. Рет керек қой.
Петручио.
Керек емес, Гремио, бөгетің. Қойыңыз.
Веронадан боламын, ақсүйекпін.
Қанық едім сұлулық пен ақылына
Биязылық, сыпайылық барына,
Нұр сипатты, момын дейді,
Ойда жоқтан келгенім сол
Өзім танып білейін деп
Жетіп жатқан көп лақапты.
Таныстықтың басы болсын,
Малайымды танытайын. (Гортензионы таныстырады.)
Музыка мен есептің бұл маманы
Қызыңызды жат көрмеймін сол өнерге
Жетілтеді бұл адам.
Алмасаңыз — ренжір едім,
Мантуандық аты Личио.
Баптиста.
Көргеніме қуанамын, өзіңіз бен мұны да.
Ал, Катарина, меніңше,
Айтпасыма болмайды, сізге қол емес.
Петручио.
Байқауымша айрылуға қимайсыз,
Әлде мен ұнамай тұрмын ба?
Баптиста.
Жоқ, жоқ. Ойдағымды айтқаным ғой,
Кім едіңіз, синьор? Атыңыз кім?
Петручио.
Атым Петручио, Антонио ұлымын,
Әкем мәлім Италияда.
Баптиста.
Маған да мәлім. Ұлына — менің құрметім.
Гремио.
Петручио, берсеңізші бізге де бір
Тілектестік үн қатуға.
Оңбайын, сіз асығып барасыз.
Петручио.
Кешіңіз, дос Гремио, біткені еп қой!
Гремио. Бірақ сізге бөгет көп қой. (Баптистаға.) Көрші, нық сенемін, мынау сізге жайлы сый. Ілтипатыңызға көп қарыздар мен едім, соған орай құрмет тұтып, Реймсте көп оқыған мынау жас білімпазды ұсынбақпын. (Люченционы таныстырады.) Грек, латын тіліне жетіктігі, ана кісінің музыка мен есепке жетіктігіндей. Аты Камбио, өтінемін, қабыл алыңыз қызметін.
Баптиста. Зор рахмет, синьор Гремио. Хош келдіңіз, жақсы Камбио. (Траниоға) Ал, сіз құрметті синьор, тегі жолаушысыз ғой. Рұқсат болса, сапарыңыздың мақсаты не?
Транио.
Батылдығым кешіріңіз, синьор,
Жолаушы боп жүрсем де,
Сізге келдім күйеу болмақ ниетпен
Қасиеті асқан нақ сұлу Бьянкаға.
Маған мәлім байлауыңыз
Үлкен қызды ерге ұзатпақ болыпсыз
Жалғыз ғана өтінерім
Туысымды біліп қанып
Өзгелердің қатарына қоссаңыз,
Назарыңыз, бейіліңіз берсеңіз.
Қыздарыңыз тағлымы үшін
Мынау аспап ұсынамын,
Және грек, латын кітаптары.
Алсаңыз — құны асқаны.
Баптиста.
Атыңыз Люченцио ғой? Қай жерденсіз?
Транио.
Пизаданмын, синьорым. Винченцио ұлымын.
Баптиста.
Пизада ол ұлы адам.
Естуім бар,
Білемін. Хош келіпсіз. (Гортензиоға)
Алыңыз сырнайды. (,Люченциоға)
Сіз кітапты алыңыз. Көрерсіздер шәкірттерді
Әй, кім бар анда?
Қызметші келеді
Мырзаларды ертіп бар
Бөгеместен қыздарыма. Екеуіне айт.
Оқытушы, күтіп алсын.
Қызметші кетеді, артынан Люченцио, Гортензио, Бьонделло кетеді.
Бір азырақ баққа шығып
Содан кейін ас ішейік. Қуанамын сіздерге
Шәк қылмаңыз көңіліме.
Петручио.
Синьор, шұбалаңға ісім тығыз.
Құдалыққа күнде келер жайым жоқ..
Әкем мәлім, одан міне өзім де,
Мұрагері жалғызымын ғой,
Өсірмесем кеміткем жоқ бар мүлкін.
Қызыңызбен мен үйлессем,
Жасауына не бермексіз?
Баптиста.
Мен өлген соң — жерімнің қақ жартысы мен
Қазір жиырма мың крон алады.
Петручио.
Менің уәдем, жесір қалса
Одан бұрын мен өліп,
Бар мүлкіме ие етемін.
Тек түгендеп хатқа тізсек,
Берік болса бұзылмастай.
Баптиста.
Ең әуелі сіздің қам,
Ол ұнатсын өзіңізді: барлық түйін осында.
Петручио.
Е, ол түк емес, иланыңыз,
Қыз қыңыр ма, мен шымырмын.
Екі от келіп тоқайласса,
Жанарын тауысып басылатын.
Әлсіз лептен жалын өрбид,
Қатты желден өшетұғын.
Солмын мен: үстем болам мен одан —
Бала емес — ер боп айттырам.
Баптиста.
Айттыруда жолын болсын,
Бірақ талай ұрыс естисің.
Петручио.
Шыдай білем. Тұр ғой таулар
Қатты желдер соқса-дағы айықпай.
Басы жарылған Гортензио келеді.
Баптиста.
Сізге не болды? Өң жоқ қой?
Гортензио.
Шошынғаннан өңім қашты.
Баптиста.
Қызым қалай? Музыкаға бейім бе екен?
Гортензио.
Мен танысам, бейім жағы соғыс болар.
Сырнай емес, найза берсе дәл екен.
Баптиста.
Жоймадың ба сырнай сүймес көңілін?
Гортензио.
Қайдан! Сырнайдың өзін жойды мені ұрып.
Тілін дәл бас деп едім.
Саусағын ұстап көрсетіп ем,
Сол-ақ екен, перідей боп
Ақырып кеп: «Тіл ме? Сол ма тіл?» деп
Басыма кеп періп еді сырнаймен,
Жарылған сырнай, киілді де қала берді басыма
Есім ауып тұрып қаппын,
Масқара боп бажырайып.
Сүмелек деп ұрса келіп жөнеліп ед,
Мисыз музыкант деп сыбап
Талай сұмдық сөздер айтты.
Петручио.
Ә, неткен сайтан! Қызың, қатын!
Маған тіпті жағып барад.
Көріспекке қатты ынтықпын.
Баптиста.
Жә, жарайды, кейімеңіз.
Кіші қызды оқытып көр.
Ол үғымтал және әдепті,
Синьор Петручио, жүріңіз.
Әлде сізге, қызым Кетті жіберсем бе?
Петручио.
Құп болады — мен тосайын.
Баптиста, Гремио, Транио, Гортензио кетеді.
Келсін, мен бір қыр бастайын.
Ұрсады ғой — тура айтайын
Үнің бұлбұл үніндей деп,
Қабақ түйсе — көзің майда
Майысатын гүлден дейін.
Үндемесе, томсырайса,
Ділмарлығың хош тұттым деп
Шешендікке шатпын дейін,
Айдап шықса — алғыс айтып
Сый еткендей болайын.
Тимес болса — неке тойдың
Күнін ата деп тұрайын.
Ал өзі — әні. Петручио, іске бас!
Катарина кіреді.
Қайырлы сәт, Кэт! Солай естіп пе ем атыңызды
Катарина.
Естіпсіз, бірақ құлақ мүкіс екен. Айтар атым Катарина.
Петручио.
Бекер. Сіздің ат сол Кэт,
Кейде майда, кейде асау Кэт.
Сөйтіп жаһанның Кэт жақсысы,
Тәттінің Кэт тәттісі,
Кэт деген көркем аттысы,
Жұбанышы жанымның — айтарым сол:
Атағыңды көп естім ем,
Момын деген, сұлу деген,
Даңқыңнан өзің артықсың
Жар болам деп соқтығыппын.
Катарина.
Соқтығып? Сәті болсын! Ендеше сол алғаш соққан
Қайта соғып айдап шықсын.
Көрініп тұр: қақтықпа екенсіз.
Петручио.
Қақтықпаң қалай?
Катарина.
Қаңбақтай дейін.
Петручио
Тамаша айттың. Кел, маған мін.
Катарина.
Мінгенге көнбіс есек еді — сіз сол ғой.
Петручио.
Жүкке көнбіс қатын еді — сіз сол ғой.
Катарина.
Көтерерім Мұндай шірік жүк болмас.
Петручио.
Саған салмақ салмақшы емен,
Білем, жассың, жеңілсің ғой.
Катарина.
Рас жеңілмін, сендей жынға ұстатпаймын,
Салмағым сай болса да.
Петручио.
Сен арадан да жеңілсің.
Катарина.
Сен байғыздан да ақымақсың.
Петручио.
Әй, байқа, көгершінді ол да ілетін.
Катарина.
Көгершін де оны ұратын.
Петручио.
Жә, жетті, сонадай тым-ақ долы екенсіз.
Катарина.
Сона болсам, шаққанымнан сақтаныңыз,
Петручио.
Қайтып уытын жұлып алайын ба?
Катарина.
Сендей ақымақ, онысын да таба алмас.
Петручио.
Қайда екенін кім білмейді оның уытын.
Құйрығында.
Катарина.
Жоқ, тілінде. Петручио.
Кімнің тілінде?
Катарина.
Сенін тіліңде, құйрық деп сандалған. Қош.
Петручио.
Не дейді, менің тілімде сенің құйрығың ба?
Қой, байқа. Шырақ, Кэт, мен ақсүйекпін.
Катарина.
Байқайықшы, қанеки. (Ұрады.)
Петручио.
Оңбайын, төбелесе бастасаң — қағып жіберем.
Катарина.
Абыройдан айрыларсың:
Мені ұрам деп, ақсүйек атты жоярсың,
Оны жойсаң абырой да жоқ.
Петручио.
Абыройлылар тізіміне мені дағы қоссаңшы.
Катарина.
Телпегіңде немене! Айдары ма қораздың?
Петручио.
Сен тауық бол, мен айдарсыз болайын.
Катарина.
Жоқ, маған жай қораз жоқ. Үнің жайсыз.
Петручио.
Жә, жетті, Кэт, жиренген несі?
Катарина.
Жидіген көрсем сөйтуші ем.
Петручио.
Мұнда шірік дәнеңе жоқ, сылтау ғана.
Катарина.
Жоқ емес, бар, бар.
Петручио.
О қайда?
Катарина.
Амал бар ма, айна жоқ.
Петручио.
Мен дейсіз бе?
Катарина.
Жас та болсаң тапқырсың.
Петручио.
Ант етейін, сіз үшін мен, тіпті жаспын.
Катарина.
Көнелеусіз.
Петручио.
Жұмыстан ғой.
Катарина.
Онда менің Жұмысым жоқ.
Петручио.
Кетпеңіз, Кэт, мына күйде кетпеңіз.
Катарина.
Ыза қылам, кетейін де.
Петручио.
Атамаңыз. Сізді сондай тәтті көрдім.
Маған сізді тасыр деп ед ұрысқақ —
Бақсам бәрі жалған екен,
Сен қызықсың, сыпайысың,
Сөзің баяу, бірақ гүлдей нәзік екен:
Түйілген мен бұртиғанды білмейсің.
Кей долыдай ерніңді де тістемейсің.
Қияс сөзге зауқың жоқ,
Күйеулерге сыпайысың,
Тәрбиелі тағзымменен қабылдайсың.
Оттаған несі әлі маған Кэт ақсақ деп?
Бос былшыл! Кэт теректей сымбатты,
Түзулігі бұтақтай! Қаралығы жаңғақтай,
Бірақ дәні одан да артық.
Жүрші былай, көрейін. Сылтымайсың ғой?
Катарина.
Ақымақ, бұйрығыңды құлыңа айт.
Петручио.
Көрік бермес Диана да тоғайға,
Мынау жайға Кэт жүрісі бергендей,
Дианасы сен боп, Кэт болса Диана,
Кэт ләззат, Диана тентек болар ед.
Катарина.
Осы шешендікті қайдан үйренгенсіз?
Петручио.
Ойдан шығад: ақылым шешеме тартқан.
Катарина.
Данышпан екен. Ұлын есуас етіпті.
Петручио.
Немене, ақылсызбын ба?
Катарина.
Қыздыра түссін ақылыңыз.
Петручио.
Шын қыздырар төсегің ғой өзіңнің
Одан да доғарайық былшылды.
Тура айтайын. Әкең көнді.
Бермек болды, жасауға да келістік.
Не қылсаң да мендіксің.
Ал мен бе, Кэт, өзіңе сай бай болам,
Шүкірлік етем сені көрген сәтіме,
Дидарыңа ынтық болдым,
Менен өзге ешкімге де тимейсің,
Мен туғанмын асау Кэтті
Үйретпекке жуас Кэт қып.
Қолбала Кэт боласың,
Әне әкеңіз. Мөңкімеңіз,
Катарина, қатын етпей қоймаймын.
Баптиста, Гремио. Транио келеді.
Баптиста.
Жә, қалай, Петручио, келіс қалай қызыммен?
Петручио.
Қоюшы ма ек келіспей? Текке асықты дейсіз бе?
Баптиста:
Жә, қызым, Катарина, сіз ренжисіз бе?
Катарина.
Қызым дейсіз және шындап,
Әке болып қам ойлаумен,
Есуасқа айттырыпсыз,
Баскесер бір есер ғой
Адыраңдап жеңем дейтін!
Петручио.
Әке былай: бәрлеріңіз
Бұл жайында тек жатыпсыз,
Қыңырлығы дұшпан көзі,
Шынға келсе, момындығы көгершіндей,
Қызу емес, таңдай салқын,
Шыдамы десең Гризельде,
Тазалығы Лукреция барабар.
Ақыры біз табыстық та,
Жексенбіге тойды ұйғардық.
Катарина.
Жетпей желкен үзілгір.
Гремио.
Петручио, ұқтың ба: желкең деп тұр.
Транио.
Солай ма еді! Оңбадық қой тағы да!
Петручио.
Сабыр, сабыр, мырзалар.
Байлауымнан қайту жоқ.
Ақың бар ма, ырзалассақ екеуміз?
Екеуміз бір байлау еттік,
Кісі барда бұрынғыша болмақшы.
Тек сеніңдер бір ғажапқа:
Маған сондай ашық болды. О, рақат
Құшағын артып мойныма, тынбай
Сүйед, сертін беред —
Лезде өзімді елтітті,
Баласыңдар, білгейсіңдер,
Сайтан қызды сәтте ұйытад,
Оңаша барса бар жігіт!
қолыңды бер, Кэт, Венецияға жүремін,
Тойға киер киім сатып аламын.
Әкей, қонақ жайын сіз ойлаңыз,
Сенімім зор, елден асқан Кэт болад.
Баптиста.
Айтарым жоқ. Қолдарыңды беріңдер
Тәңір ісін! Іс бітті! Транио,
Гремио.
Әмин! Біз куәміз.
Петручио.
Ал, әке, қатын, синьорлар, қош,
Венеция барамын. Уақыт тығыз.
Жүзік, сырға, әшекейлер аламын
Жә, Кэт! Сүй бетімнен.
Жексенбі күні тойың ғой!
Катарина, Петручио екі жаққа кетіседі.
Гремио.
Қолды қалай тез соғысты.
Баптиста.
Мен саудагер болдым-ау,
Асығып сатар пұл малын.
Транио.
Өтпей тозған пұл бар ед,
Енді оңдаса пайда аласыз.
Баптиста.
Ойдағыдай тынса болды — пайда сол
Гремио.
Соған беттеп келеді ғой,
Ал, кіші қыз қалай, Баптиста?
Сарғая күткен біздің де күн туды ғой.
Көршіңізбін, мен күйеудің алдымын.
Транио.
Бьянкаға менің етер құрметіме Сөз жетпестей, ой олақтай.
Гремио.
Шикі жассың, нәзік сезім білмейсің.
Транио.
Қартайғанда мұздайтұғын бар сезім.
Гремио.
Өртейтұғын сендейлер. Жоғал, желқуар!
Шалға тисе тоқ болад.
Транио.
Жо, жасқа тисе шат болад.
Баптиста.
Тоқтаңыздар, синьорлар: мен төрелік айтайын
Іске қарай сый болад. Бьянкаға жесір қалса,
Кімін артық қазына атайсың —
Соған берем қызымды.
Жә, не бермексіз, Гремио?
Гремио.
Үй қазынам сізге мәлім:
Алтын, күміс, жиһаз толы.
Әсем қолда гүл жанатын
Үйім толы тир кілемі,
Ақша толған сүйек сандық,
Бұйым толы көп сандықтар,
Киім, кесте, шымылдықтар,
Меруерт шеккен түрік жастық,
Венеция кестесі мен шілтері,
Бәрі де мыс — ас қазаным,
Бапты шаруа. Отарымда
Жүздей саулы сиырым бар,
Жүз жиырма өгізім тұр,
Қалғандары тағы олқы емес.
Жасырмаймын жасым мосқал.
Ертең өлсем — бәрі соған,
Тек тіріде жарым болсын.
Транио.
Тетік сонда. Сөз менікі.
Мен әкемнің жалғызымын.
Қызыңызды сіз берсеңіз,
Меншігіне төрт үй берем,
Бай Пизада — әрбір үйі
Артық түсед Гремио үйінен
Және жылда екі мың Кіріс алад жер түсімі.
Ал, Гремио, көктеп өткен жоқпын ба?
Гремио.
Екі мың кіріс жыл сайын,
Жоқ менің жерім одан сараң.
Бірақ қоса кеме берем,
Портында тұр Марсельдің,
Ал, кескем жоқ па кемемен?
Транио.
Білесің бе, Гремио, әкемде
Үш кеме, екі галер барын,
Тағы дюжина баласы бар. Бәрін берем.
Нені атасаң екі есе артық соны айтам.
Гремио.
Барым бердім. Қалғаным жоқ.
Жоқты берер мұршам жоқ.
Лайық болсам және барым соған.
Транио.
Жо, қыз менікі елге аян ғой,
Уәдеңіз бар. Гремио жеңілді.
Баптиста.
Рас. Атағанда сіздікі көп,
Тек әкеңіз кепіл болса.
Сізге берем; болмаса — ғапу етіңіз.
Ерте өлсеңіз қызым не алмақ?
Гранио.
Сылтау ғой. Мынау кәрі, мен жаспын.
Гремио.
Е, өлмеуші ме ед жас болса?
Баптиста.
Ал, синьорлар, байлауым сол:
Жетсін алда жексенбі
Катарина байға тисін,
Содан әрі бір жұмада Бьянканы
Сізге берем, Люченцио, кепіл болса әкеңіз.
Ол болмаса — Гремио, сіз аласыз.
Алғыс айтам екеуіңе.
Қош болыңдар.
Гремио.
Қош, көршім.
Баптиста кетеді.
Сескенбеймін сенен мен,
Ақымақ бала! Әкең естен айырылған жоқ,
Барын беріп қартайғанда
Телміретін саған келіп. Масқара ғой!
Кәрі түлкі алдататын жас бала ғой!
Кетеді.
Транио.
Ома қапқыр, көк тұқыл!
Бар көзірім берсем дағы
Мен мырзама болыса алам.
Люченцио жалған болса,
Винченцио жалған болмас несі бар.
Міне қызық! Бала әкеден
Туар болса әдетте, мен екеуді тудырам.
Жігіт жолын қудырам.
Кетеді
Шымылдық.
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Падуя. Баптистаның үйі.
Люченцио, Гортензио, Бьянка шығады.
Люченцио.
Жетті, күйші, шек білгейсің
Ұмыттың ба алған сыйды,
Катарина қолынан?
Гортензио.
Байқа бейбас дүмше би
Күй тәңірісі Мұнда тұр.
Өзі мені таңдап тұр.
Біз бір сағат күй тартамыз
Келер сағат сізбен кітап оқиды.
Люченцио.
Есек әмсе қияс тартад!
Білмеймісің күйдің қашан керегін!
Еңбек бейнет еткеннен соң
Ойға тыныс бермек үшін тартпай ма?
Ғылымға әуел жол беріңіз,
Күйді кейін тербетіңіз.
Гортензио.
Мен көнбеймін бұл зорлыққа.
Бьянка.
Ренжітесіз сіздер мені,
Ұрыс салып мен билейтін жай үшін.
Шыбық соғар бала емен мен,
Ұзақ күнге сарылатын
Тілегімше оқымақпын.
Дау бітсін біз отырайық
Сіз бізге бір күй тартыңыз.
Біз оқуды бітіргенше, сіз күйлеп те болмайсыз.
Гортензио.
Мен болғанда, қоясыз ба оқуды?
Люченцио.
Дәмесін өзінің. Бұрай бер — бар!
Бьянка.
Біз қай жерге келіп ек?
Люченцио.
Мына жерге «һіс ibat Simvis; his est Sigeia tellus; hie steterat Priami reqia celsa senis»s.
Бьянка. Аударыңызшы.
Люченцио: «His ibat» — мен сізге айттым ғой сізге: SiMois мен Люченциомын, «his est» — Винченционың баласымын. Пизаданмын; siqeia tellus — сіздің махаббатыңызға жетсем деп киім ауыстырып киіп келдім; «his steterat — ал анау сізді айттырам деп жүрген Люченцио болса, «Priami» — ол менің малайым Транио; «reqia» — мен болып жүр, «celsa senis» — кәрі әкеңді алдау үшін сөйтіп жүрміз.
Гортензио. Мен сырнайды күйлеп болдым.
Бьянка. Тыңдайық! Үсті келмепті.
Люченцио. Алақаныңа түкір де тағы кіріс.
Бьянка. Мен аудара алар ма екем, байқайыншы. «His ibat Simois — Мен сізді білмеймін; «His est Siqeia tellus — мен сізге сенбеймін; his steterat Priami — сақ болыңыз, сөзімізді естіп қоймасын; «reqia» — асқақ болмаңыз; celsa Senis» — күдер үзбеңіз.
Гортензио. Енді күйленді.
Лючеицио. Тек асты келмепті.
Гортензио.
Асты, асты! Астыртын қу өзің келмепсің; (Шетке).
Сүмелек, өзі сондай асқақ, тасыр!
Құдай ақы айналдырмақ ойы бар
Молда сүрей, көз айырмай бағармын.
Бьянка.
Кейін болса білмеймін, ал әзірше сенбеймін.
Люченцио.
Иланыңыз сөзіме. Шын Эакид дегені
Бір Аяке емес пе ед: атасы мен аталған.
Бьянка.
Ұстазына сенді де,
Болмаса, шәк қылар ем.
Ал, жетті сізге Личио, мен әзірмін.
Өтінемін, сөкпеңіздер, мырзалар,
Екеуіңізге ойнап айтқан әзілге.
Гортензио (Люченциоға).
Біз қалып, сіз кетсеңіз де болады,
Үш дауыспен оқымаймыз.
Люченцио.
О, не қылған қаталдық!
(Шетке) Кетпеймін,
Әдейі байқаймын. Мен білсем
Бұл музыкантсымақ қызға ынтық.
Гортензио.
Қолға аспапты алмас бұрын
Саусағыңыз басар жерін білдірмекке,
Өнер алдын танытайын,
Гаммаларды тез үйрену әдісін
Анық, Дұрыс жайлысын
Өз жолыммен үйретем.
Жазғанымша: мына қағаз бойынша.
Бьянка.
Бірақ гамманы мен әлдеқашан білем ғой!
Гортензио.
Жо, оныңыздан Гортензио басқа үйретеді.
Бьянка (оқиды).
«Мен гамма, жердегі күйдің түбірімін»,
A,— Гортензиомен бірге қапалымын.
B,— О, Бьянка, маған тиші.
C,— Сізге ынтықпын.
Д, — Екі нота бір кілті.
Е, — Рақым ет те жар қылшы.
Осыны да гамма дейсіз бе? Сандырақ!
Бұрынғы жақсы есуас емен,
Түзулікті бұрмалауға салғандай.
Малай кіреді.
Малай.
Әкеңіз оқу қойсын дейді,
Апаңызбен үйді бірге жайғас дейді,
Білесіз ғой, ертең той ғой.
Бьянка.
Сүйікті оқытушылар, қош болыңдар.
Бьянка, малай кетеді.
Люченцио.
Сіз кеткенде, менің де қалар жайым жоқ.
Кетеді.
Гортензио.
Ал менің сізді бағатұғын жайым бар;
Өзі шын-ақ ашық жанға ұқсайды.
Бірақ, егер Бьянка, ойың сенің осал болып
Болымсызға бой ұрса,
Тапқаныңды ала ғой. Сен айнысаң — сол үшін
Гортензио сақтай алмас бұл пішін.
Кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Падуя. Баптиста үйінің алды.
Баптиста, Гремио, Транио, Катарина, Бьянка, Люченцио, малайлар шығады.
Баптиста (Траниоға).
Атаған күн жетті міне, синьор,
Катарина, Петручио тойы да
Күйеуден бірақ түк хабар жоқ,
Не дейді жұрт? Масқара ғой —
Жігіт жоқ боп келсе де
Неке қияр әзір болып тұрса да!
Қалай дейсіз бұл сұмдықты?
Катарина.
Масқара болған жалғыз мен. Зорлық етіп
Еркімді алып қостыңыз.
Жабайы бір қу немеге.
Айттыруға асықса да, асықпайды алуға,
Айтпап па едім — жынды деп.
Ыржақтаумен сөзді елемейд,
Қызық жігіт атанбақ боп,
Жүз айттырып, күн атап,
Барыңызды жиып бітім қып,
Үйленуді ойға да алмайд.
Енді мені жұрттың бәрі табалап:
«Петручио қатыны еді,
Алмай кетті мұны» десін.
Транио.
Баптиста, Катарина, шыдаңыздар.
Олда, алдамайд Петручио,
Жолда бөгет киліккен ғой.
Болғанменен қылжақбас, ол салмақты,
Болғанменен күлдіргі, адал адам.
Катарина.
Көрсем етті мен оны.
Жылап жөнеледі, артынан Бьянка мен басқалар да кетеді.
Баптиста.
Бар, Көз жасыңа ұрыспаймын,
Сендей қияс жан түгілі
Әулие болса сабыр тозар.
Бьонделло келеді.
Бьонделло. Мырза, мырза, сүйінші. Тамаша сүйінші, Мұндай сүйіншіні естіп те көрген емеспіз.
Баптиста.
Тамаша сүйінші — бұл қалай?
Бьонделло.
Е, Петручио келе жатса, сүйінші емей немене?
Баптиста.
Келді ме өзі?
Бьонделло.
Жоқ, сударь.
Баптиста.
Қайда жүр?
Бьонделло.
Жолда келеді.
Баптиста.
Мұнда қашан жетеді?
Бьонделло.
Осы жерге менің орныма кеп тұрғанда жетеді.
Гремио.
Ал сенің тамаша сүйіншің қайсы?
Бьонделло. Жаңа қалпақ, ескі кемзал киген Петручио келеді. Бұтында үш рет жамап киген шалбары бар. Етігінің бірі жамау, бірі құрау. Қоймадан алған тот басқан ескі сапысы бар, онысының сабы сынған, қабы жоқ, бауы да жоқ. Астындағы аты ақсақ, ер-тоқымы ескі, күйе жеген, екі үзеңгі екі түрлі. Атының өзі маңқа, арқасы жауыр, үсті қотыр, қарны қабақтай, аяғы таяқтай, өзі сүріншек, қысқасы ит кемірген қу асықтай. Жүгенінде ауыздық жоқ, тізгіні таспа және үзік-үзік. Айылы алты жерден жамалған, құйысқаны барқыт, қатын ер-тоқымынікі екі жерде қарпы бар, жоғалмасын деп жіппен шандып қойған.
Баптиста. Қасында кім бар?
Бьонделло. О, сударь, малайының сәні атынан бетер: бір аяқта шабата, біреуінде киіз байпақ, бірін қызыл, бірін көк суыртпақпен шандыған. Қалпағы ескі, оған құс қанаты орнына қырық құрау әлем байлаған. Құбыжық, тура құбыжық дерсің! Дені Дұрыс қызметшіге де, не мырзаның малайына да ұқсайтын бір нұсқа жоқ.
Транио.
Әншейін бір қыры шығар,
Болмаса киім бар еді ғой.
Баптиста.
Қай пішінде келсе де жеткеніне қуандым.
Бьонделло.
Ол Мұнда жетпейді, сударь.
Баптиста.
Е, келе жатыр деген жоқ па ең?
Бьонделло.
Кім? Петручио ма?
Баптиста.
Е, Петручио демеп пе ең?
Бьонделло. Жоқ, сударь. Келе жатқан оның аты, ал өзі тапжылған жоқ, сол аттың ғана үстінде отыр.
Баптиста. Е, оның бәрібір.
Бьонделло.
Куәсі сен Джеми,
Қоямын бір пенни,
Аты мен иесі
Болса да бірден көп
Екіден шын кемі.
Петручио, Грумио кіреді.
Петручио.
Жә, қайда әлгі біреулер? Үйде кім бар?
Баптиста.
Хош келіпсіз!
Петручио.
Несі хош болсын!
Баптиста.
Сіз ақсайсыз ба, қалай?
Транио.
Әлде киім ойдағыдай емес пе?
Петручио.
Жақсы киім тұрса да, киетінім осынау,
Ал қайда, қайда менің, асыл жарым?
Немене, әке, а? Қонақтарың көңілсіз бе?
Неғып маған қадалдыңыз?
Ғажап сұлу ескерткішті көргендей,
Әлде жұлдыз елесі көріне ме?
Баптиста.
Бүгін, сударь тойыңыз ғой,
Келмей ме деп қамығып ек —
Қазір мынау түріңізге онан сайын күптіміз.
Тастаңызшы, масқара ғой.
Жақсы күнде көз ұялтад.
Транио.
Айтыңызшы, қандай себеп
Қалыңдықтан сізді ұзаққа айырған,
Және неге мұнша түріңіз жат?
Петручио.
Ішім пысад айтуға, сіздерге де есту азап.
Сертте тұрып жеткенім де болады,
Кешіксем де аз ғана.
Оңашада ақталармын,
Әбден ырза боларсыздар.
Жә, Кэт қайда? Көрмегелі көп болды?
Жүрейік те шіркеуге. Жер тығыз ғой.
Транио.
Қалыңдыққа мына ажармен бармаңыз,
Бізге жүріп киіміңізді киіңіз.
Петручио.
Жоқ, атамаңыз. Қазір оған барамыз
Баптиста.
Мына түрмен бармайсыз ғой шіркеуге?
Петручио.
Дәл осымен барамын. Сөз қысқа.
Киімге емес, маған тиед.
Ол тоздырар қуатымды
Бұл киімдей жаңғырта алсам
Кэт пен маған құп болар ед.
Жә, не деп тұрмын мен оттап,
Жарға барып, сүйіп алып
Танытсамшы еркімді.
Петручио, Грумио кетеді.
Транио.
Сұм киім де себеп болар,
Тілге келсе қойдырайын,
Ауыстырсын той алдында.
Баптиста.
Қайтер екен мен көрейін.
Баптиста, Гремио, малайлар кетеді.
Транио.
Сударь, қыз көңілі болғанмен де,
Әкесінің бейілі керек.
Айтқанымдай өзіңізге
Кісі керек — кім екені
Қажет емес, тек қана ол
Пизадағы Винченцио болмақшы.
Падуяда сізге кепіл
Болып үлкен сома атасын
Сіз үміттің жемісін жеп
Бьянкаға ойдағыдай үйленесіз.
Люченцио.
Қасымдағы оқытушы
Бьянканы аңдымаса,
Мен жасырып үйленер ем.
Жұрт не десе ол күнде
Дегенімді сақтар едім.
Транио.
Соның бәрін орындаймыз,
Ойдағыны аламыз
Отырталық Гремио лақса менен
Қырағы әке Минолды да,
Личио күйші сұмды да —
Бәрін де біз үшін, менің мырзам Люченцио.
Гремио келеді.
Синьор Гремио, шіркеуден келдіңіз бе?
Гремио.
Бала күнде мектептен өстіп қашушы ем.
Транио.
Ерлі-зайыпты қайтты ма екен үйіне?
Гремио.
Ер дейсіз бе! Ерсі деңіз.
Кім алғанын енді білер қыз бақыр!
Транио.
Өзінен де долы ма? Болмас олай!
Гремио.
Нағыз сайтан, басқасы жоқ.
Транио.
Қыз да сайтан, кем бе еді.
Гремио.
Ол қозыдай, көгершіндей мынау жігіт қасында -,
Тыңда, синьор: поп келіп
Аласыз ба жүктілікке дегенде
«Е, әрине» деп қарқ етіп, бақыра
Дұға оқып ед, поп қолынан кітап ұшты
Соны алам деп еңкейгенде,
Күйеу келіп теуіп еді,
Поп сонадай ұшып түсті,
Жігіт жұртқа «жарылған жоқ басы күшті» деді ғой.
Транио.
Қалыңдық қайтты сол кезде?
Гремио.
Қалтырап тұр, ері ақырып
Зекігенде попқа ұмтылып,
Неке қияр біткен соң,
Шарап сұрап алғызып
«Саулыққа!» деп ақырғаны
Кемеде қызып ішкендей.
Содан мускат ала сала
Қоңыраушыға шашып қалды
Бар сылтауы бұл ішкенде
Сілкінтеді сақалын
Қайыршыға ұқсағаны.
Содан қызды мойнынан ап
Шарт еткізіп сүйіп еді,
Шіркеу іші күңіренді,
Ұялғаннан қашып кеттім,
Жұрт та солай қашқан шығар.
Мұндай топас той көргем жоқ —
Ал, музыка ойнады ғой.
Музыка. Петручио, Катарина, Бьянка, Баптиста, Гортензио, қонақтар келеді.
Петручио.
Алғыс айтам, қамдарыңа, достарым,
Асқа отырмақ ойда бар ғой
Тойға істеген тамақ та көп
Бірақ менің ісім тығыз
Ортаңыздан кетпесіме амал жоқ.
Баптиста.
Япыр-ау, түнге қарсы жүресіз бе?
Петручио.
Түн болмастан жүруім шарт,
Таңданбаңыз. Жұмысымды білсеңіз,
Тоқтатпастан асықтырар едіңіз.
Алғыс айтам жақсы топқа.
Көрдіңіздер еркім бердім
Сабырлы сұлу жарыма.
Үйде қалып саушылыққа ішіңіз,
Мен бөгелмей кетемін. Қош болыңыз.
Транио.
Өтінеміз, ас ішіңіз.
Петручио.
Мүмкін емес.
Гремио.
Қатты өтінем мен сізден.
Петручио.
Мұршам жоқ.
Катарина.
Мен де сізден өтінем.
Петручио.
Зор шатпын.
Катарина.
Шатсыз ба Мұнда қалмаққа?
Петручио.
Шатпын сіздің тілекке: Бірақ, өтінгенмен қалмаймын.
Катарина.
Сүйген үшін қалыңыз.
Петручио.
Аттарды тарт!
Грумио.
Әзір, сударь! Аттың бәрін сұлы жеп қойды.
Катарина.
Ал, мейлің!
Не десең мен жүрмеймін
Ертең де сол, еркімше.
Есік ашық жолың болсын,
Жорт етігің тозғанша.
Мен қаламын асықпаймын.
Таныттыңыз, сіз ойыншы екенсіз,
Әуелден-ақ аштыңыз.
Петручио.
Абайла, Кэт! Тілеуің берсін долданба
Катарина.
Долданам сол! Не қылған іс? Әке, ол жүрмейді, әрине!
Гремио.
Ал синьор, енді бұлар іс бастайды.
Катарина.
Синьор, рақым етіп отырыңдар үстелге.
Әйелді Ақымақ ету оңай,
Қарсыласар күш болмаса.
Петручио.
Олар сені тыңдайды, Кэт!
Келінге ықлас беріңдер.
Қызықтап, тойлап өсіңдер,
Ішіңдер мұның жастығы үшін.
Шаттаныңдар! Арам болар!
Ал, Кэт болса, бұл менімен кетеді.
Әй, бұртима, түксиме!
Өз мүлкіме өзім ие
Бұл өзімнің үйім-жайым,
Шаруа мүлкім, үй-аспабым,
Өгізім, атым, есегімдей.
Тұр ғой міне — тиіп көрші біреуің —
Пәле жабам, жақындап көр,
Бөгеп көрші жолымды. Әй, Грумио,
Суыр сапыны! Жау қамайды.
Еркек болсаң, бәйбішеңді қорғап ал. —
Қорықпа, Кэт, тие алмайды.
Қалқаның мен, мың болса да бөтендер!
Петручио, Катарина, Грумио кетеді.
Баптиста.
Кете берсін! Момын жандар!
Гремио.
Енді қалса — өлер едім күлкіден.
Транио.
Мұндай сойқан көрген емен.
Люченцио.
Апаңыз жайлы сіз не ойлайсыз?
Бьянка.
Сойқанға сойқан қосылған соң қайтерсің.
Гремио.
Петручио Катаринамен ғой.
Баптиста.
Көрші достар, болмаса да
Тойымызда үйленгендер,
Тәтті тамақ толық еді.
Люченцио күйеу үшін сіз болыңыз.
Апасының орнына отырсын бүгін Бьянка.
Транио.
Үйренсін бе қалыңдықтың халіне?
Баптиста.
Иә, иә, Люченцио. Мырзалар, үстелге.
Кетіседі.
Шымылдық.
ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Петручионың қала сыртындағы үйі.
Грумио кіреді.
Грумио. Ома қапсын болдырған ат, бұзақы бай, батпақ жолдар! Осыншалық дүре жеген, осыншалық арып-талған дәл мендей жан болды ма екен? Мені алдынан от жаға бер деп жіберді, олар келіп жылынбақ. Тез қызатын қол-құман болмасам әлдеқашан еріндерім тісіме жабысып, жүрегім қарныма жабысып қап, отқа қақтап жібітер ем. Енді міне отты үргенде жылынып келем. Мынау аязда мен түгіл, менен денелі кісі де тоңар. Әй, Кертис!
Кертис кіреді.
Кертис. Аяздаған дауыспен мені шақырған кім екен?
Грумио. Кесек мұз ғой шақырған. Күдігің болса иығымнан өкшеме шейін сырғанақ теп. Секірер жерің желкем болсын. От жақ, жақсы Кертис!
Кертис. Мырзам мен қатыны келе ме, Грумио?
Грумио. Я, Кертис. Сөйтіп, от, от жақ. Тек су құйма.
Кертис. Қатыны қалай, шын тентек пе жұрт айтқандай?
Грумио. Осы аязға дейін сондай еді, Кертис. Бірақ өзің білесің ғой, қыс ер мен әйелді де, айуанды да жасытады. Біздің кәрі мырза мен жас бәйбішені де, мені де жуасытты, досым Кертис.
Кертис. Жоғал, ақымақ мыртесе. Мен бе екен саған айуан?!?
Грумио. Ә, мен мыртесе ме екенмін? Рас, сенің мүйізің бір құлаш, мен де оныңнан қысқа емеспін. Ал, жағасың ба отынды? Әйтпесе мен бәйбішеге айтам. Ол қазір мырзаның уысында болғанмен, сен оның қолынан ыстық қызметіңе салқын сыйлар аларсың.
Кертис. Жөндеп айтшы, жақсы Грумио, дүниеде не боп жатыр?
Грумио. Дүниеде суық соғып тұр, өзіңнен өзге жерде жылу жоқ. Сондықтан — от жақ! Қажетіңді істе де, қажетіңді ал, мырза мен қатыны өлімші боп жаурап келеді.
Кертис. От жанады қазір-ақ одан да жаңалық айтшы, Грумио.
Грумио. Ал, «Кіші Джек, кішкентай» жаңалық деген тіпті көп.
Кертис. Жарайды, қойшы, алдамшысың сен сондай.
Грумио. Ал жақ отыңды, жаман тоңдым. Қазаншы қайда? Ас әзір ме, үй таза ма, жерге қамыс төселді ме, қоқсық жоқ па, қызметшілер таза киім киді ме, ақ шұлық киіп тойға әзір тұр ма? Стақан мен ыдыстардың іші-сырты таза ма? Дастарқан жайылды ма, бәрі ретті ме?
Кертис. Бәрі ретті. Ал енді жаңалық айт.
Грумио. Ең әуелі мәлім етейін, менің атым болдырып, мырза мен әйелі жалп етісті.
Кертис. Біріне бірі ме?
Грумио. Жоқ, батпаққа, содан үлкен малағам болды.
Кертис. Созбасаңшы, жақсы Грумио!
Грумио. Құлағың созшы.
Кертис. Мә, мінеки.
Грумио (салып қалып). Мә, мінеки.
Кертис. Бұл малағамды есту емес, сезіну ғой.
Грумио. Е, сондықтан да ол сезгіш малағам аталады. Ал жаңағы шапалақ сенің құлағыңа ескерту — тыңда дегенім. Енді бастаймын, біз батпақ төбеден асып келе жатыр ек, мырза бәйбішенің арт жағында отырған болатын.
Кертис. Екеуі бір атта ма еді?
Грумио. Онда сенің не Ақың бар?
Кертис. Ақым жоқ, атты айтам.
Грумио. Е, айтсаң әңгімені де сен айта ғой. Сөзімді бөлмеген болсаң бәйбішенің аты жығылғанын, оның ат астында қалғанын естір ең. Батпаққа былғанып ол жатқанда, мырзамның ат астында жатқан қатынға қарамай, оның аты сүрінгені үшін мені сабай бастағанын естір ең. Әйелдің батпақ кешіп мені арашалағанын, мырзаның боқтық астына алғанын және бұрын кісіге жалынып көрмеген әйелдің байына жалынғанын естір ең. Менің бақырғанымды, аттардың қашқанын, мырзаның тізгіні үзілгенін, менің айылымды жоғалтқанымды — тағы сондай қызықтарды естіместен қаласың. Ол жаңалықтың бәрі ұмытылады, ал сен надан күйіңде көрге кіресің.
Кертис. Қисынына қарағанда мырза анадан да тентек десеңші!
Грумио. Иә, иә, сені мен өзіңдей бейбас досың бәрін де ол келген соң татасың. Әй, осымен неғып әңгімеде тұрмын? Шақыр шапшаң Нетеньел, Джозеф, Никлас, Филипп, Уолтер, Сластен бар, барлығын. Тегіс шаштарын жылмита тарасын, киімдерін тазартып ықшам болсын. Қарсы алғанда сол тізесін бүксін және, әсіресе, мырзаның қолынан сүйген соң ғана атының құйрығына қол тигізетін болсын. Бәрі әзір ме?
Кертис. Бәрі әзір.
Грумио. Мұнда шақыр бәрін де.
Кертис. Әй, қайдасыңдар, естимісің? Сендер мырзаны қарсы алғанда бәйбішеге ой салатын боласыңдар.
Грумио. Онысы өзінде де бар.
Кертис. Е, оны кім білмейді!
Грумио. Сен білмейсің, халық жиып ой салам деп тұрған.
Кертис. Мен жиғанда қарыз ада қылмақпын.
Грумио. Ол Мұнда қарыз сұрай келмейді.
Төрт-бес малай кіреді.
Нетеньел. Хош келіпсің, Грумио.
Филипп. Халің қалай, Грумио?
Джозеф. Ал, қалай, Грумио?
Никлас. А, дос Грумио?
Грумио. Өзіңіз хош келіпсіз. Халіңіз қалай? Сіз қалай? Сіз ше, дос? Ал, осы жетті карсы алуға! Қалай, ноян жолдастар, бәрі әзір ме? Барлық бұйым ретті ме?
Нетеньел. Бар нәрсе әзір. Жақында ма мырзамыз?
Грумио. Созған қолың жетеді, аттан түскен болар. Ал сондықтан... Арам болар! Ақырын! Үні келед!
Петручио мен Катарина кіреді.
Петручио.
Қайда бұл шайтандар? Жан жоқ тыста.
Түсіретін, ат ұстайтын!
Қайда Грегори, Нетеньел, Филипп?
Малайлар. Мен Мұнда. Мен Мұнда. Мен Мұнда. Мен Мұнда
Петручио.
Мен Мұнда, мен Мұнда, мен Мұнда!
Міне, топас найсаптар!
Бұ не? Ықылас жоқ, бейіл жоқ па?
Мана кеткен ақымақ қайда?
Грумио.
Мен Мұнда. Кеткендегі ақымақ қалпым!
Петручио.
Сіз жабайы, топас нас! Тоғайда тос демеп пе едім.
Мына сұмның бәрін алып?
Грумио.
Нетеньел кемзалы жоқ,
Гебриэлдің жыртығы көп,
Қалпағы жоқ Питердің,
Уолтерде қылыш қынсыз.
Әзір екен Грегори, Адам мен Релф,
Өзгелерді қайыршыдай,
Бірақ бәрі Мұнда тосты.
Петручио.
Ал, сұмпайылар, ас әзірле!
Малайлар кетеді.
(Әндетіп).
«Бұрын кешкен дәурен қайда,
Әлгі қайда...» Отыршы, Кэт, бәйбіше бол.
Уф, уф, уф, уф!
Малайлар тамақ әкеледі.
Ал, тез бе? Әй, келіңдер, Кэт!
Тарт етікті! Шапшаң, иттер! (Әндетеді.)
«Болыпты бір сорлы сопы
Кезуменен өткен осы...»
Оңбаған, сындырдың ғой аяғымды!
Екіншісін сындырмасқа, мә саған! (Ұрады).
Кэт, көңілдей! Су әпкел! Әй!
Итім Троил қалай? Бірің барып
Шақырыңдар Фердинандты!
Сіз танысыңыз онымен, Кэт, бетінен сүйіңіз.
Туфли қайда? Ал суды қашан бересіңдер?
Малай құман мен шылапшынын әкеледі.
Жуыныңыз, Кэт, рақым ет,
Малай құманды түсіріп алады.
Әй, сен найсап! Түсірмек пе ең! (Ұрады).
Катарина.
Байқамады, кейімеңіз.
Петручио.
Салпаң құлақ айуан! Ақымақ!
Отырыңыз, Кэт! Білем, сіз ашсыз.
Қай сынымыз дұға оқимыз!
Қой еті ме?
1 - Малай.
Иә!
Петручио.
Кім әкелді?
Питер.
Мен.
Петручио.
Кеуіп қапты. Тіпті бар тамағың күйген ғой.
Қандай төбеттер? Қайда қуарған қазаншы?
Қай бетімен мұны берген
Өстіп қызмет қылмақ па?
Әпкет табақ, аяқтарды.
Тамақтарды сахнаға лақтырып, шашады.
Дүлей, меңіреу сұмырайлар!
Я! Ашу ма? Үйретермін бәріңді!
Катарина.
Жаным, ерім, күйзелмеңіз,
Мін тақпаңыз — ас дәмді.
Петручио.
Жоқ, Кэт, бәрі күйіп, бәрі кеуіп қалған,
Оны жеуге қоспаған-ды.
От төгіліп, ашу туад,
Ораза болдық одан да,
Онсыз да біз ашулымыз,
Күйген, кепкен ет жемей-ақ.
Сабырлы бол. Есесі ертең,
Түнде екеуміз ашығамыз,
Жүр төсекке жеткізейін.
Екеуі кетеді. Бірнеше малай кіреді.
Нетеньел.
Питер, көргенің бар ма Мұндайды?
Питер.
Қыз мінезін ем етіп жүр өзіне!
Кертис қайта келеді.
Грумио.
Қазір қайда?
Кертис.
Төсегіне апарып, қанағат жайын үгіттеп тұр.
Ұрсып жатыр, анау байғұс,
Не дерін де білмейді.
Ұйқыдан жаңа тұрғандай.
Жүр кетейік. Тағы келед.
Кетіседі. Петручио қайта шығады.
Петручио.
Қожалықты оң бастадым,
Жақсы аяқтар үмітім бар.
Сұңқарым аш, қылпып тұр.
Жемсау толса, көнбес еді,
Шақырғанға келмес еді.
Баулып алам келетін ғып
Шақырғанда сонадайдан.
Басылғанша асаулығы,
Сұңқарға ұйқы бермес болар.
Бүгін аш қой, ертең де сол,
Кеше түнде ұйықтаған жоқ,
Бүгін де ұйқы болмасын.
Астан айып тапқандай
Төсекті де сылтау етем.
Лақтырамын жастықтарды
Құс төсек пен көрпелерді!
Сол әбігер барлығын да
Бір өзінің құрметі деп
Ұйқысынан айырам.
Қалғып кетсе байбай салып,
Тұрғызамын үркітіп.
Я, бұл достықпен өлтіру де оп-оңай,
Асауды сөйтіп тұсаймын.
Үйретудің басқа білсе артығын
Ашып салсын, өнегеге өзгеге.
Кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Падуя. Баптиста үйінің алды. Транио, Гортензио шығады.
Транио.
Мүмкін бе екен, дос Личио, Бьянканың
Люченциодан өзге жанды сүюі?
Мені оңдырмай алдады ғой.
Гортензио.
Айтқаныма айғағым бар. Оқытқан түрін естіңіз.
Шетке кетіседі. Бьянка мен Люченцио шығады.
Люченцио:
Пайда бар ма сабағымнан?
Бьянка.
Сабағыңыз қайсы екен?
Люченцио.
Бар білгенім — асықтықтың сабағы.
Бьянка.
Сол ғылымға кәмілсіз бе?
Люченцио.
Я, жүрегіме өзің кәміл болғандай.
Сахнаның төріне кетеді.
Гортензио.
Жеңіп барад! Мәні қалай?
Ант ішіп ең Бьянканың
Шын таңдары Люченцио деп.
Транио.
Айнығыш әйел сиқырлы ғой
Ғажап сол ғой, Личио!
Гортензио.
Адаспаңыз. Мен Личио емеспін.
Күйші де емен, алдағамын.
Түсті бояу жирентеді,
Ақсүйекті ол сатқан соң.
Құрмет тұтып қаңғыманы.
Мәлім болсын, менің атым Гортензио.
Транио.
Синьор Гортензио, көп естіп ем
Сіз ынтық деп Бьянкаға,
Енді көріп айығыппын,
Сіз көнсеңіз мен де бірге
Бьянканың қасиетінен бас тартам.
Гортензио.
Көресіз бе, еркелеуін, сүюін!
Қолым міне, ендігәрі
Жабыспасқа серт берем.
Татымайды сүйгеніме Бьянка
Ақылсыз боп албыртқаным тек екен.
Транио.
Мен де ант етем барынша,
Тілдесе де алмасыма.
Фу, айуанша жанасуы-ай!
Гортензио.
Тегіс бездік. Сол-ақ алсын
Мен сертімді орындауға
Өзі жесір, бай қатынды аламын.
Мынау жайын Сұңқарды мен сүйгенде
Ол айнымай сүюші еді өзімді!
Солай, синьор Люченцио, хош тұрыңыз, —
Ажарлы емес, ақылды әйел,
Сүюіме сай болад. Хош тұрыңыз.
Дегеніме тұрамын.
Транио (Бъянкаға келіп).
Синьора, сізді тәңір сақтасын.
Әмсе сүйсін сіздің жар!
Сырыңызды көрдік те,
Гортензио екеуіміз тайқып шықтың өзіңізден.
Бьянка.
Қойыңызшы, солай ма? Екеуіңіз де бірден бе?
Транио.
О, солай!
Люченцио.
Ендеше сіз Личиодан босапсыз.
Транио.
Ол да бір жесір жас қатынға
Кідірместен үйленбекші.
Бьянка.
Бақыт берсін екеуіне.
Транио.
Үйретеді бұл оны.
Бьянка.
Сөйтем дей ме?
Транио.
Өзі үйреткіш мектебіне түсті ғой.
Бьянка.
Бізде сондай мектеп бар ма еді?
Транио.
Бар, ұстазы ғой Петручио,
Оқытары асау қыздың,
Тілін тиып, жөнге салу.
Бьонделло келеді.
Бьонделло.
Мырза, шаршағаным иттен бетер —
Сонша тосып, ақыр таптым
Қолға түскен — кәрі әулие,
Тілегенің дәл өзі.
Транио.
Кім екен, Бьонделло?
Бьонделло.
Саудагер ме, молда ма,
Білмедім, бірақ бейнесі
Киімі мен жүрісі — дәл әкеңіз.
Люченцио.
Сен не дейсің, Транио?
Транио.
Көнгіш болып, ертегіме иланса,
Винченцио болам десін.
Көңілім болсын ата алдында.
Дәл Винченцио өзіңдей,
Ал, әзірше жарыңызбен кетіңіз.
Бьянка, Люченцио кетеді. Педант кіреді.
Педант.
Қайырлы сәт.
Транио.
Өзіңізге әм болсын.
Педант.
Осы жер еді аз күнге
Бұдан Римге және арырақ
Тірі болсам Триполи жетпекпін.
Транио.
Туысыңыз қай жерлік?
Педант.
Мантуялық.
Транио.
Мантуялық? Сақта құдай?
Падуяда тірлігіңіз қатер ғой?
Педант.
Тірлігім? Неге? Не қатер?
Транио.
Қырғын бар ғой мантуялық
Келгеніне Падуяға. Білмейсіз бе?
Сіздің барлық кемелерді, Венеция ұстап отыр,
Бегіңізбен дож жауласып
Өмір берген, жұртқа мәлім.
Таң қаламын. Жаңа келген болсаңыз да,
Қалай мұны білмегенсіз.
Педант.
Ойбай синьор! Өлгенім ғой ендеше.
Флоренциядан вексель алып
Бұдан ақша алмақ ем ғой!
Транио.
Болыссам ба екен мен сізге,
Жә, бір ақыл айтайын.
Айтыңызшы: сіз Пизада боп па едіңіз?
Педант.
Иә, Пизада мен талай болғам,
Асыл жандар көп шығып ед.
Транио.
Білесіз бе Винченцио дегенді?
Педант.
Таныс емен, бірақ сырттан қанықпын
Байлығына тең жоқ деп ед.
Транио.
Ендеше, сол менің әкем, және айтайын
Екеуіңіздің түстеріңіз қатты ұқсас.
Бьонделло (шетке).
Иә, алмаға бақа ұқсағандай.
Транио.
Оны сүйіп, сізді ажалдан құтқармаққа,
Бір қызмет істемекпін:
Байқауымша жақсы боп тұр
Әкемменен ұқсасыңыз.
Сол атанып құрмет көріп
Біздің үйге жайғасыңыз,
Рөліңізді жақсы ойнаңыз.
Ұқтыңыз ба? Сөйтіп Мұнда
Іс біткенше тұрасыз Мұным жақсы, қабылдаңыз.
Педант.
Қабылдаймын, синьор.
Мәңгі сізді. Қарыздарым деп кетермін.
Транио.
Ендеше, бірге кірістік,
Айтпақшы, бірақ, есте болсын,
Бүгін-ертең әкем келмек.
Той хатына қол қоймаққа
Мен Баптиста қызын алам,
Барлық жайын кейін айтам.
Енді жүріп басқа киім киіңіз.
Кетіседі.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Петручио үйінің бөлмесі. Катарина, Грумио кіреді.
Грумио.
Жоқ, сірә, жоқ. Бата алмаймын.
Катарина.
Маған батқан сайын ол қатал!
Аш қатырып өлтірмекке алған ба?
Есікке келген тіленші де
Үйден қайыр алмаушы ма ед,
Кім де болса бермеуші ме ед.
Мен кісіден сұрап па екем
Сұрайтындай ділгер боп па ем.
Сүлдерім тұр, енді ашпын да, ұйқы да жоқ.
Айқайымен ұйқыны, ашумен асты қуды.
Бәрінен де бататыны, соның бәрін
Сүйгендіктен етем дейді.
Ас жеп, ұйқы Ұйықтасам
Өле қалмақ па екемін.
Жолың болсын, әкеле гөр,
Аз да болса дәм татайын.
Грумио.
Жер ме едіңіз бұзау етін?
Катарина.
Тамаша, тек шапшаң.
Грумио.
Бірақ сіздің өтіңізге залал ғой.
Қуырған етке қалайсыз?
Катарина.
Әбден болад! Грумио, әкел шапшаң!
Грумио.
Әй, білмеймін өтіңізге жайлы болмас
Горчица мен сиыр етін не дейсіз?
Катарина.
Оны тіпті жақсы көрем.
Грумио.
Ой, горчица жақпайды ғой!
Катарина.
Етін әкел ендеше!
Грумио.
Горчицасыз ет берем бе мен сізге?
Өзге берсін ондайды — атамаңыз!
Катарина.
Не бірге, не жеке болсын, тек берші.
Грумио.
Онда етсіз құр горчица бола ма?
Катарина.
Жоғал шапшаң! Қу, суайт! (Ұрады).
Атауменен тойғызбақ па ең?
Атың өшсін, өңшең бұзық,
Менің қайғым мазақ қой!
Жоғал шапшаң!
Тамақ алып Петручио, Гортензио кіреді.
Петручио.
Қалайсың, Кэт? Неге бұлай жадаусың?
Гортензио.
Синьора, хал қалай?
Катарина.
Бұдан жаман хал болмас.
Петручио.
Қой түйілмей! Күле қара!
Көресің бе, күйеуіңнің қамқорын,
Асыңды өзім пісірдім.
Бұл алғысқа татыр-ақ!
Үн жоқ па? Жақпады ғой бұл ас та?
Тырысқаным бос екен! (Малайларға).
Әкетіңдер табақты.
Катарина.
Өтінемін, тимеңіз.
Петручио.
Әр қызметке алғыс бар,
Соны айтпасаң татпайсың.
Катарина.
Рахмет сізге! Гортензио,
Синьор, Петручио, ұят қайда.
Синьора Кэт, мен табақтас болайын!
Петручио (ақырын Гортензиоға).
Тілеуің берсін, Гортензио, көбірек же!
(Катаринаға).
Ал, барынша жеші енді!
Кэт, же шапшаң. Қымбаттым, бүгін
Төркініңе барамыз да,
Ойдағыдай сайрандаймыз.
Онда жібек, барқыт, жүзіктер,
Ішік, көйлек мамықтай
Ленті шілтер қос-қостан,
Білезік, алқа жалғасқан
Жеп те болдың ба?
Тігінші де тосып тұр,
Сыбдыр толқып сені орауға есіп тұр.
Тігінші кіреді.
Ал, асылың көрсете бер,
Жаз былай!
Ұсақ пұлдың саудагері кіреді.
Сіздің пұлың қандайлық?
Саудагер.
Мынау бөрік сіз тапсырған.
Петручио.
Мына үлгіні алғанбысың астаудан?
Айнымаған тегене! Түу, сұм екен!
Бұ не, ешкі май ма, қабыршақ па,
Ойыншық па, қылжақ па, әлде бала бөркі ме?
Долой! Бар, кеңірек етіп әкел
Катарина.
Керек емес кеңірегі. Осы моды —
Жақсы әйелдің бәрінде осы.
Петручио.
Жақсы болсаң — сен де аласың,
Қазір емес.
Гортензио (шетке).
Ол тез болмас.
Катарина.
Еркім бар ғой менің дағы сөйлейтін!
Сөйлеймін мен — бала емеспін!
Сізден артық, кісілер де тыңдайтын,
Жақтырмасаң құлағыңа мақта тық.
Ішке жиған бар шерімді айтамын.
Сақтай берсем — жарыламын
Айтып тынам еркімменен,
Тілегенді тегіс айтам.
Петручио.
Әбден рас осының — сұмпай бөрік,
Жібектен тіккен мәнтідей ме, сорақы!
Жақтырмайсың, мұның маған жағады.
Катарина.
Маған ұнайд, жақпаса да, жақса да,
Өзгесі емес, осыны алам.
Саудагер кетеді.
Петручио.
Көйлекті ме? Ал, тігінші, көрсетші?
Сақта құдай, бұл не қылған маскарад!
Мынауы не, жеңі ме? Зеңбірек пе деп едім!
Айқыш-ұйқыш, қым-қуыт,
Ойық-қиық, шұрқ та шұрқ
Айнымаған шаштаразы қорқоры.
Жә, бұ немене былығың?
Гортензио (шетке),
Бөрігі де, көйлегі де тимес болды.
Тігінші.
Өзіңіз ғой жақсы тік деп тапсырған.
Моды болсын дедіңіз ғой.
Петручио.
Дедім. Бірақ сонда айтпап па едім,
Модымен тік, тек модымен, бұзба деп.
Бар, шығыңыз! Марш үйіңе!
Басқаға тік, сударь,
Мұндай маған қажет емес! Жақсы тік.
Катарина.
Өмірімде мұндай жақсы көрмеп ем:
Модысы мен сұлулықта міні жоқ.
Әлде мені безейсіз бе қуыршақтай.
Петручио.
Дәл, дәл! Сені безейд қуыршақтай.
Тігінші.
Сізді айтты ғой безейсіз деп қуыршақтай.
Петручио.
Ах, қу сұмырай!
Айтпа өтірік, ине, оймақ,
Көз, шерік, әшмөңке,
Бит, қырық аяқ, қу бүрге.
Өз үйінде жіп қарсылық айта ма.
Шық, шүберек! Жоғал шапшаң, қу қиқым.
Болмаса көзбен көздермін де,
Өмір бойға оттағаның тыярмын,
Бұздың деймін көйлекті.
Тігінші.
Бекзадам, сіз жаңыласыз — көйлек
Сіздің бұйрықпенен,
Грумио айтуынша тігілген.
Грумио.
Мен бұл бергем, бұйрық емес.
Тігінші.
Қалай тігу нұсқасын да айтқансыз.
Грумио.
Қалай тігу? Әрине жіппен тік дегем.
Тігінші.
Айтпап па ең қалай пішуді?
Грумио.
Сен пішіпсің.
Тігінші.
Піштім.
Грумио. Мені пішпе жалғыз-ақ. Сен көп кісіге сән бердің, бірақ мен өзімді ондай кесіп-пішкенді сүймеймін. Мен сенің қожайыныңа көйлектің қиығы болсын дегем, қырық құрау турамшыла дегем жоқ. Ендеше, сен өтірік айтасың.
Тігінші. Міне фасон турасындағы қағаз, менің сөзіме осы куә.
Петручио. Оқы.
Грумио. Сонда мен айтты деген сөз болса, ол қағаздың өз соры.
Тігінші (оқиды). «Белін қынап келтірген Көйлек».
Грумио. Мырза, егер сірә де: «Белін қынап келтірген Көйлек» деген болсам, мені сол көйлектің етегіне орап тігіңіз де, қоңыр жіптің ұшымен өлімші қып сабаңыз. Бар айтқаным «Көйлек» дегем.
Петручио. Ілгері оқы.
Тігінші (оқиды). «Кішкене дөңгелек пелеринамен».
Грумио. Пелерина? Иә, оны айтқам.
Тігінші (оқиды). «Жеңі тар».
Грумио. Екі жең бе? Болсын дегем.
Тігінші (оқиды). «Жеңінің ойығы молырақ болсын».
Петручио. Міне бұл — былық.
Грумио. Қағаздың қатесі, синьор, қағаздың қатесі. Менің тапсырғаным жеңін піш те, тік дегем, мұнымен қайда барсаң да мойныңа салам, е, маған десе шынтағыңа он оймақ ки.
Тігінші. Мен шынды айтам. Бәлем, басқа жерде кездессең, танытар ем мен саған.
Грумио. Әй, мен қазір-ақ әзірмін. Қағазыңды өзің ап, анау көзіңді маған ұстат та сабай бер, аяма!
Гортензио. Тәңір оңғарсын, Грумио! Шетін екен бұл майданың.
Петручио. Ал, қысқасы Көйлек маған қонбайды!
Грумио. Әбден рас, әйел көйлегі ғой.
Петручио. Мә, көтер, мастер өзі қызықтасын.
Грумио. Әй, жолама, оңбаған! Бәйбішенің көйлегін көтеріп, мастер қызықтамақ па?
Петручио. Ой, мұның мәнісі қалай?
Грумио. О, синьор, мұның мәнісі, сіздің ойдан терең жатыр! Бәйбішенің көйлегін көтеріп мастер қызықтасын ба! Түу, түу!
Петручио (ақырын Гортензиоға). Гортензио, айтсаңшы, ақысын төлейміз. (Тігіншіге). Жөнел деймін! Сауда бітті!
Гортензио (Тігіншіге).
Тігінші, ақыңды ертең мен төлеймін,
Қатты сөзге ашуланба,
Үйіңе қайт. Қожайынға сәлем айт.
Тігінші кетеді.
Петручио.
Ал, жарайды, Кэт, төркініңе
Өзіміздің күндегі адал киім киіп барамыз.
Киім жаман болса да — қалта мығым,
Дене деген ақылменен бай болар.
Бұлттан өтіп, күн жеткендей
Қасиетті жаман киім бөгемес.
Бозторғайдан сауысқан
Артық па ед ала қанат болғанмен.
Угорь кем бе жыланнан
Жылан түсі сыпайырақ болғанмен?
Сен ешқашан, Кэт, кем болмайсың,
Қандай жаман киінсең де.
Ұялар болсаң — маған жап.
Кәні күлші — той тойлаймыз
Төркініңе барып aп.
Жұртты шақыр, жүру керек,
Тоғайға тартсын аттарды,
Соған шейін жаяу барып мінеміз.
Шамасы қазір жеті болар —
Түстікке шейін жетерміз.
Катарина.
Иланыңыз, қазір екі болып қалды,
Біз кешкі асқа әрең жетеміз.
Петручио.
Дәл жетіде біз мінеміз
Көрші міне не деп, нені етсем де, —
Дайым қиғаш келесің. (Малайларына)
Бар, тараңдар.
Жүрмеймін әзір.
Өзім айтқан
Сағат соқпай жүрмеймін.
Гортензио.
Міне жігіт! Мынау ма, айға да әмір жүргізер.
Кетіседі.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Падуя. Баптиста үйінің алды. Винченцио боп киінген Педант пен Транио шығады.
Транио.
Үй мынау, синьор. Бұйырасыз ба қағуға?
Педант.
Әрине! Қателескен болмасам
Мен есіңде болармын.
Генуяда жиырма жыл ілгері
«Пегас» атты қонақ үйде тұрғамыз.
Транио.
Бек жақсы — рөліңізді жақсы ұстап
Әкеге лайық болыңыз.
Педант.
Қысылмаңыз. Әне қызметші де келіпті.
Бьонделло келеді.
Ұқтыру керек бұған да.
Транио.
Қорғанбаңыз бұл үшін. Байқа, Бьонделло,
Абайлап жүр, жаңылма.
Мынаны Винченцио өзіңдей көр.
Бьонделло.
Қысылмаңдар.
Транио.
Баптистаға тапсырғанды айттың ба?
Бьонделло.
Айттым сіздің әкеңіз Венецияға келіпті деп,
Падуяға осы күндер жетед деп.
Транио.
Сен пысықсың. Ішуіңе мынаны ал.
А, әне Баптиста. Күйіңізден жаңылмаңыз.
Баптиста, Люченцио келеді.
Синьор Баптиста, кездескенге шаттанамын. (Педантқа)
Осы, синьор, сізге айтқаным,
Өтінемін жақсы әкем боп
Бьянканы әперіңіз жүлдеме.
Педант (Траниоға).
Тоқта, балам! (Баптистаға)
Кешіріңіз, синьор, Падуяға келгенім,
Аласымның жөні еді. Бірақ Люченциодан
Үлкен жұмыс жөнін білдім.
Мұныменен сіздің бала жарасыпты,
Сөйтіп, сіздің атақ сай болғаннан,
Сөйтіп сіздің қызды бұл сүйгеннен,
Құмарлықпен қинамасқа бұларды
Қабыл көрдім қосылуын, мейірлі әке болдым да,
Егер сізде дәл осындай Көңіл болса, келісімде
Көнгішімді көрерсіз.
Тойдың шартын қуанышпен жасаймыз.
Тартыспаймын сізбенен мен
Жақсы атыңыз маған мәлім.
Баптиста.
Кешіріңіз сөзімді,
Ашық мінез ұнатамын.
Рас, балаңыз Люченцио
Және қызым жарасыпты,
Жалған болмас бұлары.
Енді байлау өзіңізде
Әкесіз ғой, менің қызым
Жақсы мүлік иесі.
Сіз көнсеңіз іс бітеді,
Мен қызымды беремін.
Транио.
Алғыс айтам, сударь.
Қандай жерде
Құдалықты байласып,
Байласақ екен бар шартты!
Баптиста.
Біздің үйде болмайды. Білесіз ғой
Тыңшы болад, дуалда малайлар көп —
Аңдумен жүр Гремио кәрі де.
Бөгеу болу оп-оңай.
Транио.
Олай болса, біздің үйде
Әкемнің де мекені ғой,
Бүгін түнде бар Жұмысты жайғайық.
Қызыңызға қызметшіні жұмсаңыз,
Нотариусты мен шақыртам.
Жалғыз айып — уақыт тығыз,
Астың тарпы аз болар.
Баптиста.
Аса жақсы — Камбио, жүгіріңіз,
Бьянка тез киім кисін.
Иә, іс жайында айтарсыз,
Падуяға, Люченционың әкесі кеп жетті де,
Енді қызым ерге тиед. Бьонделло.
Бар тәңірден тілерім, солай болсын!
Транио.
Тәңірлерді тыныш қой да — жүгір шапшаң!
Бьонделло кетеді.
Жол бастауға рұқсат болсын, синьор,
Бір-ақ түрлі тамақ тартам,
Оқа емес тек, есесі қайтад Пизада.
Баптиста.
Ердім сізге.
Транио, Педант, Баптиста кетеді. Бьонделло келеді.
Бьонделло. Камбио!
Люченцио. Не айтасың, Бьонделло?
Бьонделло. Қожайынның ым қаққанын көрдіңіз бе?
Люченцио. Несі бар ед, Бьонделло?
Бьонделло. Тек әшейін. Бірақ мені Мұнда қалдырғанда осы ым-жымның мәнін ұқтыр деп еді.
Люченцио. Айт ендеше.
Бьонделло. Былай болды. Баптистаны тайғыздық. Ол жалған ұлдың жалған Әкесімен болады.
Люченцио. Ал сөйтіп?
Бьонделло. А сіз оның қызын асқа апарасыз.
Люченцио. Ал?
Бьонделло. Әулие Лука шіркеуінің кәрі попы тілеген сәтте еркіңізде болады.
Люченцио. Ал, болса қайтеді?
Бьонделло. Болғаны сол, аналар жалған шартты жасап жатқанда сіз cum privibeqio sodum solum9 қызды меншіктенесіз. Жөнеліңіз шіркеуге, тек қасыңызға поп пен серігін және бір топ жарамды, таза куәлар ертіп ала барыңыз.
Бұл жақпаса көңіліңізге не дермін,
Бьянканы алдырмайды кедергің.
Люченцио. Бьонделло білдің бе?
Бьонделло. Бөгелуге мұршам жоқ. Мен білген бір әйел, жайбарақат бір күні огородқа қымыздық алам, үй қоянына берем деп бара жатып күйеуге тиген. Сіз де сөйте аласыз, сударь. Қожайынның бұйырғаны, Лука әулиенің шіркеуіндегі поп сізден бұрын әзір болып, сіз бен қосымшаңызды күтіп тұрсын деп.
Кетеді.
Люченцио.
Мен тілеймін, мырза болса.
Ал, ырза болмас несі бар?
Жә не де болса!
Камбио да кетті ғой
Тек жалғыз өзім қайтпаймын.
Кетеді.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Жол үсті.
Петручио, Катарина, Гортензио, малайлар шығады.
Петручио.
Айдаңдар, барарымыз қиын ғой,
Ах, тәңір-ай, ай қалай жарық еді!
Катарина. Айың не? Күн, күн ғой!
Петручио.
Мен саған ай жарық деп тұрмын ғой.
Катарина.
Мен білем, бұл жарқыраған күн.
Петручио.
Оңбайын, шешемнің ұлымен — өз атыммен
Ант етейін, осы ай болғанша
Айтқанымдай болғанша — мен әкеңе бармаймын.
Әй, бүр кейін! Қайтамыз үйге!
Бұған тек дау керек! Ылғи дау!
Гортензио.
Болсыншы дегені, жете алмаймыз әйтпесе.
Катарина.
Алға, азғантай-ақ қалды ғой.
Ай ма, күн бе — тілегенің бәрі болсын
Шылапшын де маған десе.
Оңбайын, сіз не десеңіз сол дейін,
Петручио.
Мен айттым ғой ай деп.
Катарина.
Е, білемін, ай.
Петручио.
Жоқ, өтірік айтасыз, ол мейірімді күн.
Катарина.
Я, рақым алла, мейірімді күн!
Ал күн емес десеңіз — емес дейін.
Ойыңыздай айнығыш ай десеңіз, ол дейін.
Не десеңіз сол болады,
Катарина мәңгі солай болады.
Гортензио.
Ал жол болсын, Петручио, майдан ері өзіңсің!
Петручио.
Міне осылай алға қарай! Доң ылдиға
Домалайды, өрге емес.
Тоқта! Мына біреу неткен жан? (Винченцио келеді, соған)
Қайда асықтың, сұлу бикеш?
Шыныңды айтшы, Кэт маған,
Осындай сұлу қыз көрдің бе?
Гүл жүзінде алқызылы қандайлық!
Жұлдыздай жарық аспанда,
Көздерің-ай нұр дидарда!
Тағы сәлем, сұлу бикеш,
Кэт, сүйші сұлу жүзінен.
Гортензио.
Жынды қылар әйел етіп сөйлесіп.
Катарина.
О, сіңлім, гүл атқан,
Сапар қалай, үйің қайда?
Аман ба екен, ата-анаң?
Кімнің ғана бағы үшін
Кімнің жары боларсың!
Петручио.
Әй, мұның не, Кэт, жындымысың?
Шал емес пе құрысқан,
Сен айтқандай қыз ба екен!
Катарина.
Кешір, ата, байқамаппын,
Күннен көзім ұялған ғой,
Бұлдырап тұр айналам.
Енді көрдім, қарт екенсің,
Өтінейін, кінәмді кеш.
Петручио.
Кеш, қария, жөніңді айт,
Барыс қайда, егер бір болса,
Жолқосшыңыз болайық.
Винченцио.
Синьор және синьора, әзілкеш,
Таң қылдыңыз әуелде,
Атым Винченцио, жерім Пиза,
Іздеп келем Падуяға
Көп болғалы көріспеген ұлымды.
Петручио.
Аты кім ед? Винченцио.
Люченцио, синьор. Петручио.
Сәт болсын бұл кездесу, әсіресе балаңа,
Жасыңыз емес, жол бойынша
Атамсыз деп айта аламын.
Мынау менің әйелімнің сіңлісін
Алып отыр сенің балаң. Таңданба да
Кейіме — бірінші сорт келінің.
Байлығымен, туысымен
Қасиеті анық сай.
Қай ақсүйек алам десе.
Ұлыңа бірге барамыз,
Келгеніңе мәз болар.
Винченцио.
Шының ба осы? Әлде әзіл ме,
Жүргіншінің әзілқойы
Жолаушыға айтатын?
Гортензио.
Жоқ, әке, иланыңыз.
Петручио.
Жүре ғой — өзің көресің,
Баста ойнап ек — сенбеймісің біржола?
Кетіседі. Гортензио қалады.
Гортензио.
Бек жақсы. Петручио қайрат берді,
Енді тартты жесір қатын жанына. Тентек болса —
Тыртысам кеп мен текедей, еркек болам!
Кетеді.
Шымылдық.
БЕСІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Падуя. Люченцио үйінің алды.
Гремио көрінеді. Одан ары Бьонделло, Люченцио, Бьянка.
Бьонделло. Ақырын, сударь, тезірек: поп тосып тұр.
Люченцио. Ұштым, Бьонделло. Ал, сен үйге керек боларсың, жүре бер.
Бьонделло. Жоқ, мен сіздің артыңыздан шіркеу есігінің жабылғанын көрмекпін, содан кейін үйге қарай ұмтылам.
Люченцио, Бьянка, Бьонделло кетеді.
Гремио.
Қайран қалам: Камбио қалай кешікті.
Петручио, Катарина, Винченцио, Грумио, малайлар келеді.
Петручио.
Есігі осы, Люченцио үйінің,
Атасының үйі ілгері.
Енді менің Жұмысым бар, кетемін.
Винченцио.
Әуелі сіз ішпек керек менімен,
Осы жерде әбден қонақ ете алам,
Жейтін ас та табылар.
Есік қағады.
Гремио.
Олар бос емес, қаттырақ қағыңыз.
Терезеден Педант басын шығарады.
Педант.
Бұл кім өзі, есікті сындырайын деп пе едің!
Винченцио.
Үйде ме синьор Люченцио, сударь?
Педант. Үйде, сударь, бірақ қабыл етпейді.
Винченцио. Егер оның ойын-сауығына арнап бір-екі жүз фунт ақша әкелген кісі болса қайтер еді.
Педант. Ол сомаңызды өзіңізге қалдырыңыз, мен тіріде оның мұқтажы болмайды.
Петручио. Көрдіңіз бе, айтып ем ғой, сіздің балаңызды Падуяда жақсы көріседі. Тыңдаңыз, сударь, қылжақты қойыңыз да синьор Люченциоға айтыңыз, Пизадан әкесі келіп, есік алдында тұр, сөйлеспек деңіз.
Педант. Сен өтірік айтасың! Оның әкесі Пизадан келіп, қазір міне терезеден қарап тұр.
Винченцио. Сөйтіп сен оның әкесі боламысың?
Педант. Я, сударь, жалған айтқан болмаса, шешесінің айтуы солай.
Петручио (Вииченциоға). Жә, сіз не дейсіз, қария? Бүйтіп кісі атын иемдену барып тұрған бұзықтық емес пе?
Педант. Байлаңдар мынау найсапты! Менің атымды жамылып қалада біреуді отыртайын деп жүрген неме ғой.
Бьонделло келеді.
Бьонделло. Екеуі де шіркеуде тұр. Сапарлары сәт болсын! Жә, мынау не? Менің кәрі қожайыным Винченцио ғой! Қап, біржола пәле болды, бітті-ау бәрі!
Винченцио (Бьонделлоны, көріп). Бері келші ай, жанкешті!
Бьонделло. Қалай кешу, менің өзі еркім болса керек.
Винченцио. Кел бері, найсап! Немене! Сен мені ұмытқан-бысың?
Бьонделло. Ұмытқан? Жоқ, сударь! Өмірімде сізді бірде-бір көрген емен, сондықтан ұмытты деу сөз емес.
Винченцио. Не дейсің, алаяқ қу! Мырзаңның әкесі Винченционы сен бе өмірде көрмеген?
Бьонделло. Не дейді? Менің қадірлі кәрі қожайынымды ма!? Әрине, көргем. Ол әне терезеден қарап тұр.
Винченцио. Ах, солай ма еді! Шының ба? (Ұрады).
Бьонделло. Құтқар, құтқар! Мына жынды мені өлтірмек!
Кетеді.
Педант. Жүгір, балам! Жүгір, синьор, Баптиста!
Жоғары кетеді,
Петручио. Тыңдашы, Кэт, былайырақ барып, мына малағамның немен тынарын көрейік.
Шетке кетіседі. Төменге Педант. Транио.
Баптиста, малайлар келеді.
Транио. Сударь, менің малайларымды ұрарлық сіз кім едіңіз?
Винченцио. Мен кім дейсіз бе, сударь? Жоқ, сіз кім едіңіз, сударь? Мәңгі-бақи жасаған! Ал антұрған! Жібек кемзал, барқыт шалбар, қызыл плащ, үшкір қалпақ! О, мен құрыппын, мен құрыппын! Тіс-тірнектеп пұл жисам, оны балам мен малайы университетте желге шашады.
Транио. Не дейді! Немене өзі?
Баптиста. Бұл неткен адам — жынды ма?
Транио. Сударь, түріңіз байсалды қарт мырза тәрізді, ал сөзіңіз тап жындыдай. Менің алтын мен меруерт таққанымда сіздің қандай Ақыңыз бар? Осылайша киінуіме қаражат берген қайырымды әкеме ғана қарыздармын.
Винченцио. Әкең бе сенің? Ах, найсап?! Сенің әкең Бергамода желкен жамап отыр.
Баптиста. Сіз жаңыласыз, сударь, жаңыласыз, сударь. Жолыңыз болсын, айтыңызшы, сіздің ойыңызша аты кім мұның?
Винченцио. Аты кім? Атын білмейтін мен ғой? Бұны үш жасында тәрбиеме алған өзімді, аты Транио!
Педант. Жоғал, жоғал, құтырған есек! Мұның аты Люченцио, ол менің, синьор Винченционың жалғыз ұлым, маған тиісті барлық жердің мұрагері.
Винченцио. Люченцио! О, бұл өлтірген ғой мырзасын! Байлаңдар мұны бұйырамын герцог атынан! О, балам менің, балам! Айт, найсап, қайда менің ұлым Люченцио?
Транио. Шақырыңдар Мұнда приставты!
Малай приставты ертіп келеді.
Мынау жындыны абақтыға әкетіңіз. Әке, Баптиста, жолыңыз болсын, екеуін бақылаңызшы.
Винченцио. Абақтыға мені әкете ме?
Гремио. Тоқта, пристав! Ол бармайды абақтыға!
Баптиста. Таласпаңыз, синьор Гремио, мен айтсам сізге, ол барады абақтыға.
Гремио. Сақ болыңыз, синьор Баптиста, қатыспаңыз бұл былық жанжалға. Осының анық Винченцио екеніне мен ант беруге әзірмін.
Педант. Батылың барса бере ғой.
Гремио. Жоқ, мен бермеймін.
Транио. Әлде сен мені Люченцио емес дерсің?
Гремио. Жоқ, мен білем, сен синьор Люченциосың.
Баптиста. Әкетіңдер оттағышты! Апар абақтыға!
Винченцио. Шет адамға мұнда қандай қысым еді. Ах, жауыз! Ах, жауыз!
Люченцио, Бьянканы ертіп Бьонделло келеді.
Бьонделло. О, біз құрыдық, міне өзі. Танымаңыз, жат болыңыз, болмаса бәрі құрыды.
Люченцио. Кешіріңіз, әке, бізді! (Тізерлеп тұрады)
Винченцио. Сен тірі ме ең, ұлым жаным?
Бьонделло, Транио, Педант зыта береді.
Бьянка.
Кешіріңіз, әке, маған!
Баптиста.
He дейді, не үшін?
Қайда әлгі Люченцио?
Люченцио.
Уа, мен ғой Люченцио —
Шын ұлы мен, шын Винченционың.
Қызыңызбен некелесіп қойыппыз,
Жалғандармен сіз сөйлесіп жатқанда.
Гремио.
Бұл айламен бәрімізді алдапты!
Винченцио.
Қайда кетті әлгі Транио?
Көзбе-көз мені мазақтаған?
Баптиста.
Айтшы осы сен Камбио емес пе ең?
Бьянка.
Камбиодан Люченцио боп тұр ғой.
Люченцио.
Махаббаттың мұғжизасы. Бьянка үшін
Транио екеуміз, ат айырбас етіп ек,
Шаһарда ол мен боп жүрді,
Ал мен сәтімен жетіп тұрмын
Арман еткен бар мұратқа.
Барлық ісі менің әмірім болатын.
Кешір, әке, мен үшін.
Винченцио. Тұмсығын бұзсам деп ем ол сұмның, мені абақтыға жаппақ еді ғой.
Баптиста (Люченциоға). Айтыңызшы, сударь, сіз менің қызыма рұқсатымсыз қалай үйлендіңіз?
Винченцио. Қорықпаңыз, Баптиста, ырзалаймыз біз сізді. Тек кек алам оңбағаннан.
Кетеді.
Баптиста.
Мен болсам сол оңбағандықтың сырын білем.
Кетеді.
Люченцио (Бъянкаға). Қайрат жый, ол ашуын қояды.
Люченцио, Бьянка кетеді.
Гремио.
Бұйырмаса таңдайға қалайда
Сыбаға алам бұл тойда.
Кетеді.
Петручио мен Катарина кіреді.
Катарина.
Аңғаршы, досым, бұл қойыртпақ немен бітер.
Петручио.
Бек жақсы, бірақ әуелі бетімнен сүйші, Кэт.
Катарина.
Қалай? Көше ортасында ма?
Петручио.
Несі бар, менен ұяласың ба?
Катарина.
Жоқ, құдай сақтасын, сүйісуге ұялам.
Петручио.
Ендеше қазір қайтамыз. Әй, тарт үйге.
Катарина.
Ал сүйейін. Қоя тұршы, тұра тұр.
Петручио.
Ал несі бар, жаман ба? Солай жаным, Кэт
Ерте болса жақсы болад.
Жақсылықсыз жамандық жоқ.
Кетіседі.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Падуя. Люченцио үйі. Баптиста, Винченцио, Гремио. Педант, Люченцио, Бьянка, Петручио, Катарина, Гортензио, жесір қатын, Бьонделло, Грумиа шығады. Транио мен малайлар десерт тасып жүр.
Люченцио.
Міне ақыры ұғысыппыз, мырзалар,
Керіс біткен шағында
Өткен шерге күлуге де болады,
Ал, Бьянка, сен әкеме құрмет ет,
Сенің әкең менен құрмет көргендей.
Петручио, бауырым, туысқаным Катарина,
Гортензио өзі сүйген жарымен,
Асқа рақым етіңіздер, өтінем
Десертпенен аяқтасын
Ауыр астар. Алыңыздар,
Жей отыра сөйлесерміз.
Бәрі үстелге отырады.
Петручио.
Отыру да отыру, жеу де жеу!
Баптиста.
Падуяда Құрмет етісед!
Петручио.
Иә, Падуяда жалғыз құрғақ Құрмет етісед.
Гортензио.
Біз екеуміз соны көрсек.
Петручио.
Оңбайын, Гортензио қатыны үшін қорқады.
Жесір қатын.
Жоқ, байқаңыз, мен ондайлық мылжың емен.
Петручио.
Ұғымыңыз бар екен, бірақ теріс ұқпаңыз
Гортензио сізден қорқад демек ем.
Жесір қатын.
Қисыққа дүние қисық көрінер.
Петручио.
Қисық емес айтқаныңыз
Катарина (жесір қатынға)
Ол немене болғаны?
Жесір қатын.
Біз жайғастық онымен.
Петручио.
Жайғастық, менімен! Гортензио, не дейсің?
Гортензио.
Жайғастық дейд сөз жөнінде.
Петручио.
Е, ебін таптың. (Жесір қатынға)
Бетінен сүйші.
Катарина.
«Қисыққа дүние қисық көрінер».
Айтыңызшы, мәні қалай бұ сөздің?
Жесір қатын.
Күйеуіңіз сізді алып қисық бопты,
Соны менің еріме де жол депті.
Осы еді ойым, мен айтқан.
Катарина.
Иә, дәл қаптесер тышқан ойы екен.
Жесір қатын.
Ол ой сізге сай болғаны ғой.
Катарина.
Рас, сіздің қасыңызда мен тышқандаймын, әрине.
Петручио.
Ал, кәніки, Кэт!
Гортензио.
Ал, кәне, қатын!
Петручио.
Жүз марка бәс қоям: Кэт бұны бүктейді.
Гортензио.
Қой, бүктеу біздің қарекет қой.
Петручио.
Ә, сен сондай қарекетші екенсің-ау!
Кел ендеше саулығыңа! (Екеуі ішеді)
Баптиста.
Қалай, Гремио, жақсы айқасты-ау!
Гремио.
О, рас, синьор, тамаша сүзіседі.
Бьянка.
Сүзіседі! Мүйіз болса маңдайда,
Іздеңіз әуел өзіңізден.
Винченцио.
Ә, сіз де оянған ба едіңіз?
Бьянка.
Оянғам жоқ шомғаннан,
Тағы қайта ұйықтай алам.
Петручио.
Ұйықтатпаймыз. Тілге келген екенсіз,
Сізге ататын екі оқ бар.
Бьянка.
Немене, мен құс па екен. Болсам тоғай арасына
Барармын. Нысанаға ілдірмеспін — қош болыңыз.
Бьянка, Катарина, жесір қатын кетеді.
Петручио.
Қашты менен. — Ал сонымен, Транио,
Құс атам деп теріс атқан сізсіз ғой?
Көздегені тимеген үшін мен ішем!
Транио.
Синьор, мен аңшының иті болдым.
Жүгіргенмен ұшырған құсы жаттікі.
Петручио.
Теңегенің ит болса да өткір болды.
Транио.
Сізді айтсаңшы: өзіңіз үшін жүгіргенсіз,
Бірақ сіздің өзіңізді аң қауыпты.
Баптиста.
О-о, Петручио, дөп тиді-ау мынау!
Люченцио.
Асыл Транио, асығыс айтам дәл оныңа.
Гортензио.
Тиген жоқ па? Мойындаңыз! Мойындаңыз!
Петручио.
Шынды айтайын жанап өтті,
Бірақ менен тайқып барып
Екеуіңнен қабат өтті.
Баптиста.
Иә, қалжың емес, ұлым
Петручио, Ең сұлу жар саған тиді.
Петручио.
Бәлі, бекер. Көздеріңді жеткіземін.
Шақырайық қатындарды бәріміз —
Кім қатыны тіл алғыш,
Елгезек боп айтқанды етед,
Бар бәйгені сол алсын.
Гортензио.
Мақұл, қанша қоямыз?
Люченцио.
Жиырма крон!
Петручио.
Қалай жиырма крон!
Қаршыға мен итке қояд ол бәсті,
Қатын үшін жиырма есе артық керек.
Люченцио.
Ал, жүз ендеше.
Гортензио.
Мақұл.
Петручио.
Қол соқтық.
Гортензио.
Ал, кім бастайд?
Люченцио.
Мен-ақ бастайын.
Бьонделло, шақыршы Мұнда қатынды.
Бьонделло.
Құп! (Кетеді.)
Баптиста (Люченциоға)
Ұлым, Бьянка үшін жарым бәсті мен қойдым.
Люченцио.
Керек емес, өзім қоям бәрін де.
Бьонделло қайтып келеді.
Не айтасың?
Бьонделло.
Әмір етті, жеткіз деп,
Бос емеспін, бармаймын дейді.
Петручио.
Не дейді! «Бос емеспін, бармаймын!»
Неткен жауап.
Гремио.
Иә, әлі бұл сыпайы ғой!
Өзіңізге бұдан жаман тимесін!
Петручио.
Мен жақсырақ жауап күтем.
Гортензио.
Бьонделло, айтып көрші қатыныма, Мұнда келсін.
Бьонделло кетеді.
Петручио.
А-а! «Айтып көрші» болды ма
Сонда келер дейсің ғой!
Гортензио.
Қорқам, сударь,
Сіздікіне жалынсақ та ем болмас.
Бьонделло келеді.
Ал, қатын қайда?
Бьонделло.
Ойнамасын, бармаймын дейд,
Өзіңізге келсін дейді.
Петручио.
Сор үстіне сор болсын. «Бармаймын дейді»?
Неткен ұят, сорақы!
Ал, Грумио, бәйбішеге бар дағы
Мен бұйырды келсін деп айт.
Грумио кетеді.
Гремио.
Жауап мәлім.
Петручио.
Қандай?
Гортензио.
«Барғым келмейді» дейтін де.
Петручио.
Десе менің сорым да — сол-ақ та!
Баптиста.
Сақта, құдай! Өзі келе жатыр ғой.
Катарина келеді.
Катарина.
Немене айтпақ едіңіз? Шақыртыпсыз ғой мені сіз.
Петручио.
А, сіңлің мен Гортензио жары қайда?
Катарина.
Залда камин жанында әңгімемен отыр ғой.
Петручио.
Мұнда жібер соларды. Келмес болса,
Қамшылап әкел байларына.
Бар, келтір бәрін осында.
Катарина кетеді.
Люченцио.
Сиқыр бары шын болса — осы дерсің.
Гортензио.
Ал бұл сиқырдың арты не?
Петручио.
Арты тыныштық, махаббат,
Әмірші күшті Құрметтеу,
Қысқасы — барлық бақыт дерміз.
Баптиста.
Бақытты бол, Петручио, қымбаттым!
Бәйгені алдың, енді менің қосарым
Жиырма мың крон болсын,
Қызым оңған — жасау да оңсын, ол бүгінде — басқа болған біржола.
Петручио.
Бәйгені анық алғым келед
Тіл алғыштық үлгісімен,
Оның жаңа қасиетімен,
Әне қияс қатындарды
Ол тұтқын қып тізіп келед.
Катарина, Бьянка, жесір қатын келеді.
Мынау бөрік саған тіпті жараспайды,
Ал да жерге тасташы, Кэт!
Катарина бөркін алып жерге тастайды.
Жесір қатын.
Я, тәңір, мені де сол күнге жеткіз,
Дәл осындай Ақымақ болар.
Бьянка.
Осындай да есуастықты,
Тілалғыштық дейсіз бе?
Люченцио.
Осындай есуас болғаныңды тілер ем!
Болмаса, ақылыңнан, Бьянка,
Жүз кронды ұтқызумен отырмын.
Бьянка.
Босқа Ақымақ болыпсыз,
Бағынудан үміт қып.
Петручио.
Кэт, ұқтыр мына қиястарға
Бай алдында міндетін.
Жесір қатын.
Қылжақтайсыз ба? Бізге сабақ керек емес.
Петручио.
Ал, Кэт, шапшаң! Өзінен баста осының.
Жесір қатын.
Бастамайды.
Петручио.
Көрерсіз. Өзінен баста осының.
Катарина.
Жадырат кейіс қабақты,
Күйеуіңе түйілме,
Жаралама әміршіңді, иеңді.
Қасиетін ұшырады, дауыл қуған жапырақтай.
Ашу құртад сұлулықты, көгалды қар құртқандай
Қызығы жоқ титтей де,
Долы қатын жүрегі — лай бастау тәрізді.
Былық, малма, жиреніш,
Шөліркеген жан болса да,
Ондай судан татпайды.
Байың — иең, сүйенішің, тірлігің,
Басшың да сол әміршің. Ойлағаны
Сенің қамың, рақатың,
Бейнет кешер суда, шөлде.
Ұйқы көрмес суық желде,
Сен жылыда, жатқаныңда тыныштықта.
Сенен жалғыз тілегі бар —
Махаббат, бейіл, тіл алғыштың.
Ұлы еңбекке аз төлеу.
Бек алдында міндетіндей нөкердің,
Ер алдында міндеті бар қатынның.
Болар болса қияс мінез, баялар,
Тыңдамаса жақсы ақылды,
Болған жоқ па азғандай,
Әміршіге op қазғандай?
Ұяламын сендердің есуастық мінезіңнен,
Алыспақпысың? Тілесеңдерші бітімді!
Билемек пе, төстемек пе ойларың?
Махаббат пен тілалғыш боп бойың сұн!
Текке тәнің әлсіз бе,
Ауыр іске кемсінбе,
Жүрек денең бірлесіп,
Бағына білсін дегенде!
Ах, түйсіксіз жер құрты!
Дәл сендердей тәкаппар ем мен дағы,
Бәріңнен де асқак ем,
Сөз асырмай, шанышқанды — шаншушы ем,
Енді бақсам құралымыз
Салам екен, бос екеміз,
Күш дегенім түс екен.
Тәкаппарлық тыйыңдар —
Одан түсер олжа жоқ —
Аяғына ерлердің, бастарыңды иіңдер.
Тілалғыштық көрсетуге әзірмін,
Тілек етсе оны менің қадірлім.
Петручио.
Кэт, сүйші мені, сен жігітсің!
Люченцио.
Иә, кәрі сайқал, бақыттысың, жеңіпсің!
Винченцио.
Рақат қой, балалар Мұндай гүл болғанда.
Люченцио.
Сор ғой қатындар долы болғанда.
Петручио.
Ал, Кет, төсекке де мезгіл жетті,
Үшеу едік үйленген. Екеулері тосса нетті.
Бәйгені алған мен болдым, ақшылын сіз Алсаңыз да (Люченциоға),
Қайырлы түн қалсаңыз да.
Петручио, Катарина кетеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі