Ырғай (бузина черная) — бамбуктер тұқымдасына жатады, биіктігі 3 метрден 10 метрге дейін жететін, көп жылдық, ағаш тектес өсімдік. Бұталарының өзегі ақ әрі жұмсақ. Жапырақтарының ұзындығы 30 сантиметрдей, қауырсын тәрізді, қарама-қарсы орналасқан. Жалпы ортақ сағақтағы жапырақтарының саны 5-тен 7-ге дейін жетеді. Гүлдері — майда, ақшыл сары түсті, тұтаса шоғырланып тұрады. Гүл сабақтары ұзын. Гүлдері иіліп төмен қарай салбыраған. Жемісі — қара көк түсті, саны 2-ден 4-ке дейін жететін сопақша келген кішкене сүйекті дәнектерден тұрады. Мамыр-маусым айларында гүлдейді, жемісі шілде-тамыз айларында піседі.
Ырғай көбінесе балқарағайлы ормандардың арасында қалың болып өседі. Кейде мәдени өсімдік ретінде бақтарға, парктерге отырғызылады. Бірақ лезде жабайыланып, ауыл айналасындағы ашық жерлерге, жолдардың жиегіне, елді мекендерге тарала өсетін қасиеті бар.
Дәрілік мақсат үшін өсімдіктің гүлін, жемісін, кейде жапырағы мен қабығын, тамырын жинайды. Гүлдерінің құрамында қоймалжың заттар, сірке және валериан, алма қышқылдары, қатты түрдегі эфир майлары, тер шығаратын гликозидтер, рутин, жемісінде илік заттар, глюкоза, фруктоза бар.
Гүлдерінен жасалған дәрілер бронх қабынғанда, подагра және ревматизм ауруларына қарсы, буындар сырқырағанда, бүйрекке тас байланғанда пайдаланылады. Кейде грипп ауруына қарсы және өт қалтасы қабынғанда өт айдайтын дәрі ретінде де қолданылады. Ауыз уылғанда, тамақ бездері қабынғанда ауыз бен тамақты шаю үшін және компресс жасау үшін пайдаланылады.
Ырғайдың жас жапырақтарын сүтке қайнатып алып күйікті, іріңдеген жараларды, ұзақ уақыт төсек тартып жатқан аурулардың ойылған жерлерін сыртынан таңып, емдеуге қолданады. Жемісінен жасалған дәрілермен дизентерияны, шеменді, қуықтың қабынуын емдейді.
Гүлдерінің 1 ас қасығын қайнап тұрған 1 стакан суға салып 15-20 минут тұндырады да, сүзіп алып, әр ішкенде 1/4 стаканнан күніне 3-4 мезгіл тамақтан 15-20 минут бұрын ішеді. Жемісін кисель, шай түрінде ішіп, повидло, варенье түрінде де қолдана беруге болады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Нурлан
Саламатсызба. Кант диабетине ишуге болама, Оны калай дайындау керек?