Шеңгел (Стальник пашенный, лат. Ononis arvensis) — биіктігі 50 сантиметрге дейін жететін, бұталы өсімдік. Сабақтары қызыл қоңыр түсті, түзу әрі тік өседі, бұтақтары көп. Жапырақтары кезектесіп орналасқан, сағақтары ұзын, төменгі жағындағы және орта шетіндегі жапырақтары үш-үштен қосақталып тұрады. Гүлдері — ірі, ашық қызыл түсті, гүл сабақтары қысқа, гүлдері масақ тәрізденіп бұтақтарының ұш жағындағы жапырақтарының қуысында екі-екіден жиналып тұрады. Гүл тәжі бес гүл жапырақшаларынан кұралған. Гүл жапырақшалары гүл тостағаншасының қалақшаларынан ұзынырақ. Оңай ашылатын буылтық кауашақта екі тұқым бар. Шеңгел маусым-тамыз айларында гүлдейді. Ол өзендердің жағаларында, далалы аймақтарда, шабындықтарда, бұталардың арасында өседі.
Дәрілік мақсат үшін шеңгелдің тамырын күзде қазып алады. Құрамында ононин, ононид деген гликозидтер, оноцерал, огоколь, илік заттар, эфир майлары бар. Шеңгел тамырының тер шығаратын, іш жүргізетін, несеп айдайтын қасиеттері бар. Осыған байланысты халық медицинасында шеңгел тамырымен шеменді, сарыпты (подаграны), ревматизмді емдейді. Сонымен қатар бүйрекке және қуыққа тас байланғанда да оның тамырын дәрі ретінде пайдаланады. Іш жүргізетін қасиетін геморройды емдегенде пайдаланады. Мұндайда аурудың іші дұрыс жүріп, жағдайы жақсарады, дәріні ішкен соң 1 аптадан кейін геморрой түйіндерінен қан кетуі тоқтадады.
Ұнтақталған өсімдік тамырының 30 грамын 1 литр суға салады да, жарты литрі қалғанша қайнатады. Даяр болған дәріні сүзіп алып, 1 стаканнан күніне 3 мезгіл ішеді. Несеп айдайтын дәрі ретінде ұнтақталған өсімдіктің 30 грамын қайнап тұрған 1 стакан суға жарты сағат тұндырады да, 1 ас қасықтан күніне 4-6 рет ішеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі