— Папа, ауылға қашан барамыз?
— Барамыз. Асықпа, ұлым...
Әкелі-балалы екеуміздің әңгімеміз үнемі осылай басталатын.
Ол кезде ұлым Алмас алтыда болса, Жезқазған облысы жаңа ғана құрылған-ды.
Әрине, ақыл тоқтатпаған баланың "ауыл" дейтін ұғымына бүкіл облыс көлемі түгел сыя қоймайтын. "Асықпа" деуімде өсе, есейе түссін дейтін ынтызар тілек төркіні жататын.
— ...Папа, биыл ауылға барамыз ғой...
— Иә, барамыз. Сәл шыда.
Бұл кезде Алмас он бірге, облыс бес жасқа толған еді.
Бірақ ауылға ат ізін құрғатпай, жиі барып тұрғанымыз да рас. Ұлымның ендігі "ауыл" ұғымының кеңейе түскеніне де күмәнім жоқ. Сонда да облыс деп аталатын адамдар ғұмырнамасы мен ерлік, еңбек шежіресінің құдіретін толық пайымдайтын халге жетуін мен де асыға күтіп, үлкен "ауылға" ауқымды ауылға аттанар сапарды тосумен жүрдім.
Арада тағы төрт жыл өтті.
Каникулға шығысымен Алмас жолдорбасын қамдап, жиналуға кірісті. Қимылы ширақ, жіті дайындығында маған бұрын онша байқала бермейтін еркіндік, ересектік бар.
— Қайда жиналдың, балам? — деп ендігі сұрақты өзім беруге мәжбүр болдым.
— Ауылға. Облысқа. Туған жердің ой-қырын саяхаттап, аралап көріп, облыстың тарихымен таныспақ ойым бар. Ата-баба туған мекен маған да ыстық. Менің де туған жерім ғой. Туған жердің келбетімен кездеспей, тауы мен даласын аралап көрмей, сыртынан құр сүйсінгеннен не шығады? Жезқазған облысы кенді облыс. Кені металы ғана емес, адамдары екен. Ғарышқа ерлерін ұшырып жатқан Байқоңырдың бір өзі неге тұрады, папа?! Ендеше, енді бөгелуімнің реті жоқ.
— Сонда қалай, жалғыз бармақсың ба?
— Жоқ. Саяхатшылар тобымен.
— Оның дұрыс екен, балам. Қашан жүрмексіңдер?
Алмас күрсінді.
— Саяхатшылардың жиналуына байланысты ол. Мүмкін бір апта... он күннен кейін жүрерміз.
— Онда, Алмас, былай жасайық. Мен ертеңнен бастап бір айлық демалыстамын. Екеуміз машинамен тартып кетсек, не дер едің?
Алмас көңілдене жымиды.
Қатып кетеді онда.
— Ендеше, дайындала бер. Кітаптарыңды, картаңды ұмытпа.
— Неге ұмытайын. Мына "Қазақстанмен танысыңыз" деген жол көрсеткішті көрдіңіз бе? Бүгін сатып алдым.
— Дұрыс. Мен осы күнді сенен де гөрі асыға күткем, ұлым. Облыстың мен бармаған ауданы, мен баспаған тауы мен тасы аз шығар. Талай рет аралап, талай рет мектеп оқушыларымен кездескен кездерімде Балқаш туралы да, Жезқазған мен Ұлытау жайында да оқыған-білгенімді, көрген-түйгенімді әңгімелеп бергем. Енді сол жаққа екеуміз аттанып, тағы бір аралап қайтатын болдық.
— Байқоңырдың аты естілсе, көз алдыма Гагариннің бейнесі елестейді. Өздері ұшырмаса да, космонавтарын аялап қондырып алатын ғарышқа көз тіккен жер ғой ол.
Елең ете қалдым.
— Жақсы айттың-ау, Алмас. Ғарышқа көз тіккен жер бүкіл Отанымыз. Соның ішінде, ең алдымен Жезқазған облысы. Байқоңыр өңірі. Барамыз, бәрін де көзімізбен көреміз... Мынауың не?
— Қойын дәптер ғой. Естіген-көргенімді түртіп отыруға жақсы. Кейін достарыма, құрбыларыма ұмытпай айтып беруге оңай болады.
Балама қатты риза болдым. Ынтығуын, елігуін іштей құптап, іштей келістім. Білгісі, көргісі келеді екен. Көрген-білгенін достарына жеткізуге құмартады екен. Шынында да енді бөгелуіміздің жөні жоқ. Ауылын, ауданын, аймағын, ардагер азаматтарын көріп, танып, құрыш қолды жұмысшы мен күн қағып тотыққан малшы, диқан жүздерінен жанына нұр құйып қайтқысы келген ұлымды бұдан әрі тоқтата беруге болмайтынына көзім жеткенде, дереу мен де дайындалдым.
Бұл жолы әкелі-балалы екеумізді туған жердің өзі шақырғандай болып көрінді маған.
Туған жер...
Әркімнің кіндік қаны тамған ауылы болады. Ең алғаш сол сәт ауылдың ауасын жұтады. Азаматтарын таниды. Бұлағынан нәр алады.
Сәби іңгәсі не жұпыны отауда, не үлкен қара шаңырақта естіледі. Бірақ қай жерде шыр етпесін, өмір жылуын өз ошағынан көреді. Ошақтағы от ауыл түтінімен араласады. Табалдырықтан аттаған бала ауылының төбесіне шығады. Айналасына көз жібереді. Басқа ауылдарды көреді. Сонда барып дүниенің кеңдігін, әлемнің шексіздігін алғаш сезеді.
Ошақтағы от басынан Отаны басталады. Ол анау жатағандау өз үйінде. Анау шағын ауылда. Мынау іші үңірейіп, мұрты кетілген ескі рудниктің орны болған "Жүндітөбеде". Сонау көк мұнарда дірілдеген көгілдір таулардың тасасындағы Көкше теңіз бен Балқаш қаласында.
Туған жер...
Ол қай қала, қай жерде жүрме, іңкәр сағынышыңды үнемі шертіп тұратын құдірет. Кеудеңе тамырын жайған алып ағаштай сайраған құстарымен, сапырылысқан сағымымен, ауылдастарыңның сансыз сәлемімен жүрек қоңырауыңды жапырағымен желпіп, бұтақтарымен тынымсыз түртіп жатады.
Туған жер...
Ол мен үшін бүкіл Жезқазған облысы.
Әкем Қарқаралыда туған. Балам Алматыда туған. Бірақ үш ұрпақты тоғыстырған жер Жезқазған облысы.
Облыс.
Ауыз толтырып, кеуде керіп айтуға қандай жақсы.
Жезқазған облысы 1973 жылы 20 мартта құрылған.
Қазақстанның орталық бөлігінде орналасқан бұл облыстың жер көлемі 313,4 мың шаршы километр. Ол солтүстік-батыс пен солтүстігінде Торғай, Целиноград, Қарағанды облысымен, шығысында Семей облысымен, оңтүстігінде Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарымен шектесіп жатыр. Жер бедері әрқилы. Өзен аңғарлары да, ойпаң, жазықтары да, аласа таулары мен шоқылары да көп. Осылардың ішінен Ұлытау (абсолюттік биіктігі 1134 м.), Бұғылы (1187 м.), Қызыларай (1565 м.) таулары ерекшеленіп бой көрсетеді. Климаты тым континенттік. Қысы әрі ұзақ, әрі суық болса, жазы тым ыстық. Жауын-шашыны сирек. Бірақ бұл облыс кенге бай. Халқы қонақжай.
Бар болғаны бір мүшелі жастағы облыстың өткенін ойға елестетіп, бүгінгі көркін тамашалап, ертеңін ұғып қайту үшін, сөйтіп міне, ұлым екеуміз Алматыдан жолға шықтық.
Туған жерге жетіп, топырағына бір аунап тұрғанға не жетсін!
Тауыңның басына шығып, туған далаңа қыдырта көз жіберуден артық қуаныш болар ма!
Бізге серік болыңдар, жас достар!
***
Жусанды даланы қақ бөліп, қара таспа қайыстай тік тартқан оқтай түзу, кең тас жол кең-байтақ өлкенің бұрынғы іш пыстырар мешеулігін адыра қалдырғандай, жеңіл машинаны асықтыра ұшыртып келеді. Оң қапталдан Тауқұм өңірінен ескен аңызақ аз болғандай, бірер сағаттан соң Мойынқұмның әр жерде бір сексеуілі шоғырланған етегі басталды. Құрғақшолақ, Ботабөрім өзендерінің қуаң тартып кепкен арналарын артқа тастап, Ақсүйек тұсынан өткен соң терістік-батысқа қасқайып қарсы атылған қара асфальт көлігімізді одан сайын қайқаңдата жөнелді.
Алыстан, көкшіл мұнары көгілжім пердедей дірілдеген сағым арасынан дөңгеленіп аппақ аумақ көзге шалынды.
Алмас тыпыршып қалды.
— Папа! Қар! Қар! Үңіліп отырған қалпы маңдайдан жіпсіген терін саусақ қырымен сипап тастады да: "Осындай аптапта қар қайдан жатсын", деп ойласа керек, қайта түзеді.
— Көл! Көл! Балқаш басталды....
— Балқаш басталды десе де болады. Бірақ анау көрінген көл де емес, қар да емес, сор.
— Сор?!
— Иә. Балқаш көлі бұрын сонау сорға дейін созылып, шалқып, толқындап жатады екен. Кол суы азайған соң, теңіз деңгейі біраз төмендеп, жағалау алыстап, көл шегініп кеткен ғой. "Нәрінен айрылған жер жетім" дегендей, қаңсып қалған көл табаны тұзын бетіне теуіп, сорланып жатыр.
Әне-міне дегенше-ақ машинамыз сорға жақындап қалды. Көлемі әжептәуір қомақты, теп-тегіс сор кәдімгі мұз айдынындай. Көк шыңылтырына қылауланған қар ұшқыны жабысқан Медеу айдыны кейде осылай ақтаңдақтанып көрінетін.
Бірнеше шақырымға ұзап кеткен көл тұсына әрі мейірлене, әрі елжірей, әрі ынтыға, әрі әлдебір аяныш толы қараспен ұзақ тесілген ұлым бір кез маған қарай бұрылды.
— Папа, Балқаш көлін ертеректе Көкше теңіз деп атаған ғой. Соған қарағанда түсі көкшіл болғаны ма?
— Бала күнімде сары тіс ақсақалдан осы көл туралы бір аңыз естіп едім. Жол қысқарсын, айтып берейін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі