— Жәйрем... Жәйрем? Мағынасын түсіндіріңізші, папа?
— Бұл атаудың қайдан, қалай шыққаны туралы айтыс-талас та көп. Қиял, болжам да көп балам. Біреулер "Жайраң" деген сөзден туған дейді. Біреулер "жайылымнан" таратады. Енді бірде "киік" тектес "джейран" — "жайраннан"да бастау алғысы келеді. Түптеп келгенде "Жәйремге" құлақ үйреніп, көз қанып, машықтанып қалғанымызды әбден сезінеміз. Жәйремнің кезінде мыңғырған малға жайылым болғаны да рас. Мал баққан қазақтың ырысын айырған өлке бүгінде берекесінің жайылымына айналғаны да рас.
Жәйремнің джейран боп ұзақ жылдар бойы асылын ұстатпай, қазынасын көрсетпей ізіне түскен геологтарды біраз шаршатқаны да ақиқат. Бірақ Жәйрем жайраң мінезін танытып бір-ақ күн, бір-ақ сәтте пердесін серпіп жіберіп, қазынасын жарқ еткізгені ақиқат.
Жәйремді бір сағат, бір сәтте туды деу, әрине, айтуға ғана оңай. Жәйрем туралы болжамдар осы ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ геологтар арасында жиі айтылған.
Жәйрем туралы Қаныш Сәтбаев та көп қиялдапты.
"Ер егіз туады. Алып алыпқа арқа сүйейді. Оқшаулық табиғатқа жараспайды. Жезқазған сынды қыруар қазынаның жалғассыз, жүйесіз кілт үзіліп қалуы мүмкін емес. Арқа өңірінің сайы мен жырасы, қырқасы мен төбесі тұнған байлық. Іздей білу керек. Үшқатын, Бестөбе, Жомарт маңайын ғана шарлай бермей, Жәйрем, Батыс Жәйремге жылжу қажет" –деген екен ол.
Соғыстан соңғы жылдарда Орталық Қазақстанның индустриясы күрт өрледі. Теміртауда Қазақстан Магниткасы салынды. Бұл заводқа қажетті темір кенін Қаражал бере бастады. Бірақ Қаражал кені аздық ететін болғандықтан елуінші, алпысыншы жылдары Жәйрем төңірегінен темір рудасын іздеген геологтар Бестөбе, Жомарт, Солтүстік Қылыш маңын шарлай беріпті...
Жалпы Жәйрем қазынасы да бірден ел игілігіне асырыла қоймаған. Осыған дәлел ретінде бірер деректі әңгіме айтып берейінші саған.
1959 жылдың күзі. Қаражал геология-барлау экспедициясының бастығы Евгений Семенович Меерсон қолындағы бір жапырақ қағаз — телеграммаға сенер емес. Қайта-қайта үңіліп оқиды.
"Қаражал. Меерсонға. Қаржы жоқ. Участоктың келешегі жоқтығына байланысты Жомарттағы жұмысты тоқтатуды ұйғардық. ЦКТГУ (Қазақстан геология басқармасының орталық тресі) Фишман".
Меерсон ертелетіп Жомарттағы геологтар партиясының жапырайған үйіне жетіп келді.
— О, бастық келіп қалыпты, — деп аға геолог Анатолий Александрович Рожнов орнынан күлімсірей тұрды.
— Мә, оқы.
Меерсон Рожновқа телеграмманы ұсынды.
— Бәрі дұрыс. Жомартта біз істейтін ештеңе қалған жоқ, — деп Рожнов телеграмманы қайтарып берді.
— Ал аналарды қайтпексің? — деп Меерсон терезеден көрінген шағын поселкаға иек қақты. — Адамдардың тағдырын ойладың ба?
— Біз — геологпыз. Жұмыссыз қалмаспыз.
Бұлардың үстіне Строителева кірді. Алматыдан келіпті. Меерсон енді телеграмманы Строителеваға көрсетті.
— Антонина Васильевна, сіздің дегеніңіз болды. Жомартты жаппақ.
— Дұрыс істеген. Әлгінде ғана керндерді көрдім. Бұл арадан ешнәрсе таппайсыз.
Әрине, А.В.Строителеваға да бұл хабар оңай тиген жоқ еді. Әрең-әрең қалыптастырған коллективтен айырылып қалу оп-оңай. Шетінен әбден ысылған мамандар. Таратып жіберуге болмайды.
— Евгений Семенович, менің бір белгілеп жүрген нүктем бар еді. Қане, бері жақындаңыздар, — деп Строителева аудан картасының екі сызық түйіскен тұсына сұқ саусағын қадады. — Міне, мына жер — Жәйрем!
Жәйрем!...
Антонина Васильевна үшін Жәйремнің маңызы зор. 1950 жылы көктемде Атасу геофизикалық экспедициясының бірінші партиясы Жыңғылдыкөлдің жағасына шатырларын тіккен-ді. Ол кезде А.В.Строителева Атасу экспедициясының бас инженері еді. Ал партия басшысы Таңсұлу Қаймирасова болатын. Көз тірелер тауы жоқ, көлеңке көлбетер төбесі жоқ мидай жазық дала көкжиекпен астасып, "шексіздік деген мен болам" деп қыбырсыз көсіліп жататын.
Жаз бойы үздіксіз жер шұқылаған геологтар ақыры темір аномалиясын тапқан. Оны өздері Жәйрем деп атаған.
Енді, міне, Жомарттан отыз шақырымдай жерге Строителеваның өзі бастап келіп, қолымен бір дөңесті көрсетті.
— Осы араны бұрғылаңдар. Қаймисарова екеуміздің сеніміміз алдамаса, осы жерден темір табылады.
— Қаржыны қайдан аламыз?
— Сіз, Меерсон, экспедиция бастығысыз. Жә, жарайды, ренжімеңіз. Алматыға барысымен қарастырып көрермін.
Көп кешікпей Рожнов Жомарттағы бір бұрғылау станогын Жәйремге көшірді. Ашық аспан астында қыбырсыз мелшиген далаға жалғыз барак орнап, бұрғышылар жұмысын бастап та кетті.
1959 жылдың соңғы күндері. Уілдеген боран апталап соғып, айдаладағы бұрғышыларды былайғы өмірден бөліп тастады.
Жұмысшылар аязға да төзді — шыдады. Бұрғышылар шөлге де төтеп берді — қарды ерітіп, су алды — шыдады. Азық-түлік тапшылығына да мойымады. Жұмыс қарқынын жүрек бүлкіліндей дүңк-дүңк ұрғылаған станок бұрғысымен тоқайластырып алды да, тапсырылған істі тоқтатпай жүргізе берді. Станок маңайы жер астынан шыққан керндерге — тау жынысына толып кетті.
Бұрғылау тереңдігі елу метрге жетті. Әлі де түк жоқ. Бос жыныс.
Бұрғы жүз метрлік деңгейге жетті. Керндерден металл сыбысы білінбейді.
Жүз елу... екі жүз метр бойлаған бұрғы әлі де көңіл демдетер емес.
Екі жүз елу... Үш жүз метр тереңдеген скважинадан руда табыла қоймады.
"Сонда шынымен-ақ Орталық Қазақстан территориялық геология басқармасы мамандарының бұл аймақта кен жоқ деген қорытындысы рас болып шыққаны ма?" дейтін қауіпті ой Рожновты құрсай бастады. "Строителева мен Қаймирасовалар жүргізген зерттеулер батыс және шығыс участоктерінің бұрғылау қажеттігін көрсетіп бермеп пе еді?! 1951 жылы Атасу экспедициясының аға геологы Ю.Анашин басқарған бұрғылау отряды өндірістік қуаты бар полиметалл кенін тапқаны қайда?! Бірақ сол аға геологтың жасаған актісіне Шығыс Жәйремнің көрсетілмей қалуы тегін болмаса игі еді. Строителеваның барлау партиясы жүргізген кені мол деген батыс Жәйремнің бес скважинасынан ештеңе табылмауы Жәйремге деген ықыласты суытып тастамады ма екен?"
1958 жылы бұл өңірді зерттеу қайтадан қолға алынды. Мына жалғыз бұрғылау станогы қыстың қақаған аязына қарамастан, дамылсыз жер дүңкілдетіп жатыр. Ал бірақ әлі ешқандай нәтиже жоқ.
Қыс көктемге қарай аунап түсті. Аспаннан жайма шуақтанған күн көзі көбірек көріне бастады.
Рожнов бұрғышылар отрядына келді. Жұмысшылар скважинадан керн көтеріп жатыр екен.
— Тереңдік қанша? — деді Рожнов.
— Үш жүз жетпіс метр.
— Қане, кернді көрелік.
Рожнов өз көзіне сенер-сенбес. Шайқалып қалып, түзелді. Геологтың кәнігі көзі алдамаса керек еді.
"Темір! Нағыз темір!"
Ертеңінде Қаражалдан экспедиция бастығы Меерсон да асығыс жетті. Кернді көрісімен ол да темірді бірден байқады. Көңілі көншігендей болған Меерсон Алматыға, геология министрлігіне бірден тартып кетті. Көп ұзамай тағы төрт скважина бұрғылауға қаржы босатқан телеграмма келді.
Бұрғышылар жұмысын тоқтатқан жоқ. Темір қабаты 12 метрге дейін барды да, кілт үзілді. Тағы жүз елу метр тереңдеген скважинадан темірдің әлсіз белгілері ғана білініп, кернге бос тау жыныстары іліне берді.
Рожнов енді бұрғыны басқа жерлерден конверт төсілімен салуды ұйғарды. "Төрт скважинаға рұқсат бергенде, бесіншісін де бөгеп қалмас" деген сенімі мол.
Енді Жәйремде алты бұрғышылар бригадасы істейтін болғандықтан сатып алған жиырма бес құрастырмалы үйден жәйремдіктер қырық үй тұрғызып, Жомарттағы бала-шағаларын көшіріп әкелді.
Елсіз далаға болашақ үлкен Жәйремнің алғашқы көшесі орнады.
***
Аға бұрышы — мастер Кәмал Мусин сменасын тапсырып жатып, аға бұрышы Иван Иванович Злобинге кішірек цилиндр тектес кернді көрсетті.
— Қарашы, көкшіл түс анық байқалмай ма?
Злобин қабағын түйе, бас бармақтың тырнағымен кернді тырнап өтті. Тырнақ ізі жолақтанып түсті.
— Иә-ә, темірге онша ұқсай қоймайды. Мүмкін, балшық шығар, — деді де, станокты іске қосты.
Алғашқы керн бәрін абыржытып тастады. Не темірге, не бос жынысқа ұқсамайды.
Злобин күлімдеп кеп, кернді қолына алды.
— Қорғасын! Қорғасынның өзі!
Сол бетте геолог Валерий Яковлевич Середаға келді. Серадада күдік қалған жоқ. Қаражалға кернді ала жөнелді.
Көп кешікпей рудада өте көп құрамы бар қорғасын табылғаны туралы Қарағандыдан лаборатория анализі жетті.
Жәйремдегі полиметалл кенінің хабары тұс-тұсқа тарап жатты. Бірақ сенгендерден сенбегендер көп еді. Жәйремге бөлінетін қаржы да бұрынғы көлемінен өскен жоқ.
Анатолий Александрович Рожнов алған бетінен қайтпады. Өз ойын дәлелдеп, өз пікірін жеткізіп қаншама кеңестерде Жәйремнің үлкен болашағы туралы қызына сөйлемеп еді ол. Ақыры сегіз жыл бойы талмай еңбектенген жәйремдіктер осы төңіректегі мол байлықтың шексіз мөлшерін анықтап та, дәлелдеп те берді.
— Геолог. Папа, геолог жақсы мамандық, ә...
— Геолог... Ол қала тұрғызбайды. Кен де қорытпайды. Бірақ геолог жүріп өткен жерде үлкен қалалар орнайды. Алып заводтар салынып, металдар қорытылады. Жер қойнындағы қазына ел игілігіне айналады.
Геолог — үміт пен күдіктің ағайыны. Оның күдігінен үміті көп. Үміті ілгері сүйрейді. Алға жетелейді. Іздеу, жалықпай талмай іздеу — геологтың күнделікті жұмысы. Табу, ашу –ғұмырлық мақсаты. Жер қойнындағы көмбені көре білу, сезе білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін табандылық, қайсарлық, қажырлылық қажет.
Геолог...
Ол туралы ән де көп. "Жаңбыр мен желдің бауыры — геолог" сол төпелеген жаңбыр мен құтырынған желдің өтінде қаншама шақырымды жаяу жүріп өтті дейсің?! Қаншама тасты кішкене балғасымен уатып, қаншама тасты жол қапшығымен үйшігіне тасыған?!
Геолог — үміттің ғана жолдасы. Сенімнің ғана серігі. Үміті мен сенімін жоғалтса, геолог деген атаудан жұрдай болады. Сондықтан да геологтарға деген ел құрметі ғаламат. Күнделікті ісімен геологтар келешектің жарқын күндерін жақындатып жатады. Келешекті иығымен көтеріп әкеле жатады. Ал оның жүріп өткен жерлерінде Отан картасында бесбұрыш болып жарқырайтын екпінді алып құрылыстар самсап бой түзейді. Геолог еңбегінің жеңісін айғақтайды.
Ойымызды дәлелдеу үшін тағы да сарғайған документтің құрғақ жолдарына үңілейік, балам. Оқы.
"Қазақстан геофизикалық тресі
комиссиясының мәжіліс хатынан
көшірме ".
7 июль 1971 жыл.
...Жәйрем барит-полиметалл кен орнын бірінші ашушылар:
1. Антонина Васельевна Строителева — Казгео-физтрестің Атасу геофизикалық экспедициясының бұрынғы бас инженері;
2. Таңсұлу Гемаловна Қаймирасова — бұрынғы Атасу геофизикалық экспедициясының барлау партиясының бастығы;
3. Анатолий Александрович Рожнов — Жәйрем геофизикалық-барлау экспедициясының бас геологы;
4. Д.Евлампий Игнатьевич Бузмаков — Жәйрем геологиялық-барлау экспедициясының аға геологы;
5. Мағауия Биғалиев — Жәйрем геологиялық-барлау экспедициясының аға геологы;
6. Валерий Яковлевич Середа — Жәйрем геологиялық-барлау экспедициясының аға геологы; деп саналу туралы мәжіліс қаулы етеді.
Осы аталғандарды кен орнын ашып, өрістетуге ат салысқандары үшін мемлекеттік наградаға ұсыну қажет..."
— Көріп отырсың ба, Алмас, еткен еңбек еленбей қалған емес. Ел құрметіне бөленген ерлер мерейі нұрын тек Жәйремге ғана емес, бүкіл Отанымызға таратып тұрған жоқ па? Кешегі геолог АА.Рожнов — бүгін Социалистік Еңбек Ері. Оның жүріп өткен ізінде бүгін жастық қаласы — Жәйрем оттары жарқырайды.
— Бүгінгі Жәйрем — Отан игілігіне жөнелтіп жатқан руда. Заводтарда Жәйрем кенінен қорғасын мен мырыш, молибден мен темір қорытылып жатса да, Жәйрем төңірегіндегі айтыс-тартыс әлі күнге дейін толастай қойған жоқ.
— Неге толастамайды. Кенді алып та, пайдаланып та жатыр ғой.
— Ендігі таластың мәні өзгеше, балам.
Жәйрем кен орнының қуатына ешкім шек келтірмейді. Ол анықталған аксиома. Бүгінгі талас Жәйрем кенінің түзілуі туралы. Талас тудыратын ыңғайы да бар.
Жәйремнің үстіңгі темір қабатының дәл астында құйрық-бауырдай араласа орналасқан барит, қорғасын, цинктер қалай пайда болған? Оның үстіне Шығыс Жәйремдегі кен тереңде жатса, батыс Жәйремдегі руда жер бетіне тым жақын болуы неліктен? Мүмкін, Шығыс участоктегі кендер шөккен тау жыныстарынан құралса, батыс бөлігіндегі руда вулкандар арқылы туындаған шығар.
Геологтар осы соңғы болжамға тоқтапты. Соның арқасында Жәйрем қазынасының кілтін де тауыпты.
1971 жылы Жәйремге алғашқы құрылысшылар отряды келіп, кен байыту комбинатының құрылысын бастап та кетті.
Жеңіс станциясынан Жәйремге бет алған машиналар тізбегі алғашқы алты шатырды құрып бола бергенде, болашақ рудниктің директоры Иван Петрович Бабанин де түнделетіп жеткен еді.
— Ал, жігіттер, уақытты созбайық. Карьерді ашу, аршу жұмысы жоспарға кіріп те кетті. Неше экскаваторшы бар?
— Үшеу. Геннадий Мальцев, Довголенко Анатолий және Строкин Николай.
— Ал шоферлер ше?
— Олар да үшеу — Ветлугаев, Князев, Жуган.
— Бір смена құрастыруға жетеді екен. Шатырда көп тұра қоймаспыз. Осыдан он шақырым жерде құрылысшылар орналасып жатыр. Ұзамай үйлер де бітер. Тек, бәрін бірінші боп өзіміз бастайтынымызды ұмытпаңдар. Ал мына жамбасымыздың дәл астында жатқан байлыққа біз бірінші боп жететінімізді ескерсеңдер — одан артық бақыттың түрін білмеймін, достарым! Осы алапта орнаған қаланың көшелерінде, бәлкім, аттарың да қалар.
Ертеңіне Бабанин, прораб Бобров және парторг Ветлугаевтар болашақ карьердің орнына келгенде, осы арадағы барлық техника жиналған екен.
Ат байлар қазықтай кішкене ағаш сына ақ селеудің арасынан көрінер-көрінбес қылтияды. Сол ағаш сына — алғашқы шөміш түсетін белгі. Кеншілердің кіндігімен жалғасқан ат байлар еңбек қазығы.
Директор қолын сермеп қалды.
Іле мотор дауысы гүрілдеп қосылып, экскаватор шөміші әлгі ағаш сына тұрған тұсты түп орнымен қопара көтеріп тастады. Уралаған дауыс даланы жаңғырықтырып жіберді.
Бұл Жәйрем даңқының алғашқы екпіні еді. Бұл алғашқы шөміш — рудаға жетер жолдың бірінші баспалдағы еді.
Жәйремдіктер талай қиындықтарды да көрді.
Карьерді жер асты суы басып кеткен. БелАЗдар тоқтап, экскаваторлар су ортасында да қалған. Бұл кезде рудник директоры болып Садық Қасымович Асатов тағайындалған еді. Жаңа директор ең алдымен барлық күшті карьерге баратын жолды жөндеуге салды. Содан соңғы әрекет карьерді судан тазартуға жұмсалды. Өйтіп-бүйтіп жүріп оны да жеңген болды.
Отанға Жәйрем рудасын беретін күн де алыс емес еді. Карьер шұңқыры дөңгеленіп, ауқымы кеңейіп, көлемі көз тартып тереңдеп барады. Бірақ кен қабатына жету оңайға түспеді. Өйткені кен қабатын алып тасбақадай бауырына басып жатып алған қалыңдығы он бес метрге жететін тас сауытын тек қана қопарылыс жасап бөлшектеуге болатын еді.
Асатов бұрын өзі істеген Солтүстік руднигіне барып, Барышников пен Деев тәрізді аса тәжірибелі екі бұрғышы-мастерді уақытша сұрап алды. Кеңесші ретінде қопарғышшы Василий Иванович Петряевты және босатқанда Садықтың төбесі көкке жеткендей қуанды.
Карьерге бұрғылау станогын орналастырып, екі жүзге тарта скважина тескізді.
Қопарылыс Ұлы Октябрьдің 58-жылдығы қарсаңында өтетін боп ұйғарылды.
1975 жылдың 7 ноябрі. Қопарылыс жасайтын қопарғышшылар күндізгі сағат үште барлық дайындықты бітірді. Сол сәтте рудниктің бас инженері Ержанов қауіпті аймақтан жұрттың тез кетуіне бұйрық берді.
Сағат төрттен жиырма минут өткенде жер сілкіндірген күшті дүмпу білінді де, лезде құлақ тұндырар қопарылыстың дауысы естілді. Аспандап кеткен шаң-тозаң басылмастан-ақ асыға күтіп тұрған халық БелАЗ-дарға жармасып, карьерге лап қойды. Қуаныштарында шек жоқ еді.
Сол күнгі бейбіт қопарылыс отыз үш мың текшеметр жартасты ұсақтап, ұнтақтап, Жәйрем кеніне шабуыл жасаған алып экскаваторларға жол ашып берген болатын.
1975 жылы Жәйрем руднигі кен байыту комбинаты боп құрылды.
Ендігі жұмыс көлемі де, жауапкершілік те күрт өсті.
Жаңа құрылысқа деген партия мен үкіметіміздің қамқорлығы күшейді. Күрделі қаржы бұрынғысынан мол бөлініп, болашақ үлкен кен орнының тезірек іске қосылуына қажетті көмек-жәрдемді барынша тез жеткізуге тырысты.
***
Су...
Өмір бастауының екі көзі болса, ұлым біреуі — су, бірі — от. От бар жерде өмір бар. Су бар жерде тірлік бар. Ата-бабаларымыз от — құдіретке табынған. Су — құдіретке жалынған. От пен су ошағын жылу мен жарыққа бөлеген. Нәрі мен қорегін айыртқан. "Сусыз жер –нусыз".
Қазақстанның шөлейтті аймағы үшін судың құны алтыннан да қымбат. Суды тандыры кеуіп, тақыры тілімденген дала сұрайды. Суды жазығын құм басқан, жусанын шаң қапқан сағымды сахара сұрайды. Тамып түсер тамшысы жоқ бедеу аспанның мелшиген ақ сұр шаңырағына арса-арса бұтағын арбита созған сексеуілді құм жоталары сұрайды.
Су... Қасқалдақтың қанындай зәру ол.
Кеуіп, қаталап жарылған еріннің талай ғасыр күбірлей қайталаған ынтығы да "су" болған.
Суды анасындай қадірлеген халық. Баласындай аялап мәпелеген. Тіміскілеп іздеп жүріп, ши түбі мен саздауыттардан құдық қазған. Өзен табынан жырмалап бұрып, арық тартып, атпа салған. Ирелеңдетіп өрге сүйреген. Құлдилатып ойпатқа жамыратқан. Өйткені су нәрі еді, жаны еді. Ыстық күнде денесін салқындатар, терін үгер салқын су арабтың "зәмзәм" суынан артық көрінетін.
Мөлтілдеп, мөлдіреп, елжіреп, шымырлап шығар көздерге ат қоюда да қазақ алдына жан салмаған ғой. Мысалы, бұлақ деп те атаған. Тұма деп те ат қойған. Қайнар деп те азан шақырған. Бәрі-бәрі су қасиетін жүрегімен ұғынған көңілдің ықыласы. Бұлағын өзен қылуға әрекет жасаған. Тұмасын тұман жұтпасын деп жанталасқан. Қайнарын айдынға ұластыруға ұмтылған.
Бірақ жігерді құм, талапты тұл қылған қол қысқалығы еріксіз бармақ тістетумен ғана келген. Үмітін үзбеп еді. Ақыры арман орындалар уақытқа да жетті. Ол заман — бүгінгі социалистік дәуіріміз екен.
Жәйремдіктерді де су мәселесі көп қинады. Қала тұрғызу үшін де, қала тұрғындары үшін де, комбинатқа да тұщы су аса қажет болған. Жер асты суы минерал тұзы көп, әжетке жарағысыз болған соң, гидро-геологтар Жәйрем төңірегінен тұс-тұсқа бұрғы салып, су іздей бастады.
Ақыры тапты да.
Селеулі даланың дәл ортасында тостағанға құйған тосаптай Тұзкөл тұнжырап жататын. Түзкөлдің жыртылып-айырылып ұшып-қонатын құсы аз. Тұзкөлдің дөңгеленген жағалауын шиырлаған аңның ізі сирек.
Тұзкөлдің суы ащы.
Тұзкөл — тұзды көл болатын.
Бірақ Тұзкөл — құнды көл екен. Төбесіне тұзы мол суын төңкеріп ұстап, төменіне тұщы суын жасырып келген ғой. Мүмкін, тұщы суым буға айналып құрыр, тұманға айналып сейілер деген малсақ жанның артына тықпалағыш мінезіне сайған шығар. Әйтеуір, бауырына басқан базарлысын балаларына берер күн туды.
Тұзкөлдің астында тағы да тұщы сулы көл бар екен. Қарағандының "Союзшахтаосушение" басқармасының бұрғышылары әр тұстан 26 скважина бұрғылап, оларға қуатты насостар орнатып, құрылысшыларға мол су көзін тауып берді.
Ендігі істі Казмедьстройдың номері алтыншы жылжымалы механикалық колоннасы қолға алды. Мақсат — Жәйремге қажет гидрокомплексті тездетіп бітіру. Ол үшін артезиан скважиналарынан шапшыған өмір нәрі — суды құбыр арқылы қалаға тарту қажет.
Табиғат құрылысшылардың жоспар-жобасымен санаспайды. Ол бірде аязын құтырындырады — түкірігің жерге түскенше мұзға айналады. Мұрныңды бір уқалап қойып, күйбең-күйбең қимылдай бер — үскірігін үдетпесе, азайтпайды.
Ол бірде аңызағын молайтып, аптабын күшейтеді — таңдайыңа жабысқан тіліңді аузыңа сыйғыза алмай түкірігіңді тамағыңа жұтып — бәрбір илікпейді.
Бірақ табиғатқа табынған талайынан айырылады. Жылжымалы механикаландырылған колонна жұмысшылары Жәйремнің аязы мен аптабына қарамай су құбырын қалаға жеткізді. Өмір нәрі өзектерге жүгірді. "Су" дейтін арман, ғасырлар арманы крандар арқылы әр ошаққа кірді, түтіктерде жүгірді, қазандарда буға айналды, жұмысшы боп жегілді.
Трассаны салған жұмысшыларды атап кетуді парыз санаймын, балам. Бұл есімдер сенің де есінде қалсын. Олар — М.Яковишин басқарған балташылар бригадасы. Олар — Н.Савинов басқарған монтажшылар бригадасы. Олар — құбыр салушылар В.Чередниченко мен А.Мұсаевтар, тас қалаушылар Л.Серкова мен И.Матачунас, жұмысшылар В.Савченко, А.Кармышев, Л.Русан, Сәбит Нұрғалиев т.б.
Көріп отырсың, Алмас, әр ұлттың, әр халықтың өкілдері тағы да бас қосқан. Тағы да тізе қоса жұмыла жұмыс істеп, абырой тапқан. Ел игілігін еселеген. Бұл да өскелең социалистік заманымыздың құдіреті. Халықтар достығының мызғымас қасиетінің айшықты куәсі...
Жәйремнің ең биік тұсына шығып алып, асықпай отырып жан-жағыма бажайлап көз жіберіп, тамаша бір көріністерді көріп, еріксіз көмейіме тығылған қуаныш жасын –марқаю, масаттану жасын қылғына жұтындым...
Тұс-тұстан тарау-тарау өмір тамырларындай Жәйремге тік тартып, ат басын бір-ақ тірейтін темір жол ол. Автотрасса ол. Электр торабы ол. Тұзкөл су жолы ол.
Баған бастарына желілеп сымын тартқан электр торабымен қала мен комбинатқа қуатты жоғары кернеулі ток келіп, күндіз-түні тынбай жұмыс істеп жатыр. Әр үйден, әр терезеден өмір шырағы боп жарқырап, кешке қарай жас қаланың отауларынан күлкі мен ән жамыратып, шаңырақ оттары тұтанады.
— Мен бір кезде Киік руднигіндегі "Жүндітөбеден" жан-жағыма ұзақ үңіле қарайтынмын, балам. Сағымды төбелердің тасасынан Балқашты іздейтінмін. Қиялыммен бүкіл Отанды көретінмін. Енді, міне, мынау биік тұстан айналама қарап отырып, сол ұлан-байтақ Отанның бір арнаға тоғысып жатқан құдіретіне куә боп тұрмын. Мен ол кезде кішкене төбеден арман-үмітімді туған жердің өзім көрмеген түкпір-түкпіріне ұзатқан жолаушы едім. Ал бүгін сол ұлы Отанның тең жартысын шарлаған маған Жәйремнің жаңа, өскелең көрінісі ерекше әсер қалдырып тұр. Қалай еміренбессің! Қайтіп толғанбассың!
Анау алып БелАЗ-дар — белорус туысқандардың, КАМАЗ-дар татар бауырлардың, экскаваторлар орыс ағайынның жібергендері.
Бізде "Асар" деп аталатын жақсы дәстүр бар. Асарда бір отаудың шаңырағын бір ауыл бір-ақ күнде жиналып келіп, қауымдасып көтеріп береді.
Бірақ ендігі "асарымыздың" мәні де, мағынасы да ғаламат боп өзгерген. Қазіргі асарға бүкіл Отан қатысады. Жүзден астам ұлттың өкілдері БАМ-ды салып жатыр. Ондаған халықтың ұлы мен қызы шөлейт даладағы жастық қаласы Жәйремнің шаңырағын көтеріп, уығын қадады. Анау темір жолмен –Жәйремге арнайы тартылған өмір жолымен енді Отанымыздың түкпір-түкпіріне ел қазынасы — полиметалл ауыр состав болып шеру тартты. Ол — кешегі түйе керуені емес, бүгінгі жүйткіген поезд. Қарқынды заманның қарышты қадамы — жылдамдық, молдық, береке.
Берекелі Жәйремнің мерекесі көбейе берсін деп тілейік, балам.
Облыстың негізгі байлығы — мыс. Жезқазған облысы аталған кезде көз алдына мыс елестемейтін советтік азамат болмаса керек. Жезқазғанның мыс қоры одағымыздағы алдыңғы орындардың бірін алатынын қайталай беру де артық. Оған Қоңырат пен Саяқты қоссақ — кеудеңде мыс теңізі толқығандай бір әсерлі күйге бөленесің. Ол — елің мен жеріңе деген перзенттік мақтаныштың шарпуы. Ал осы кендердің байытуға өте қолайлы сульфидті болатынын тағы ескертсек және бұл мыс рудасында қорғасын мен мырыш, темір мен алтын, күкірт пен рений, индий мен вольфрам сияқты металдардың қапталдаса жүретінін және естеріңізге салсақ — облыстағы кен орындарының қаншалықты құндылығын өзің де пайымдай білерсің, балам...
***
— Машинамыздың ендігі бағыты Атасу — Қаражал, — деп әңгімені әрі жалғастырдым. — Бұл өңірді ғылыми кітаптарда Өспен кенді аймағы — кенді белбеуі деп атайды. Халық шаруашылығы үшін бұл Өспен кенді аймағының маңызы ересен. Ол Қаражал руднигінен басталып Қарқаралы тауларына дейін созылып, жүздеген километр жерді алып, бауырына байлық біткенді басып жатыр.
Жәйрем комбинаты да, осы облыстағы Ақжал кен байыту комбинаты да іске қосылды.
Бұл екеуі республикада алдыңғы орындарға шықты.
Ал Атасу темір және марганец кен орындарын атамай кетуге болар ма? Ұйқыда жатқан болашақ алыпты елемеу қиянат қой. Аяқ-қолын жинап, бауырын көтеріп дүр сілкінгенде, бұл өңірде ғажайып өндіріс ошағы қыз-қыз қайнайтын күн де алыс емес. Әсіресе Батыс Қаражал төңірегіндегі кен орындарының орны бөлек. Олардағы магнит-гепатит кендері 50-55 процентке жететін темірімен, 25 процентке дейін жететін марганецімен байытусыз-ақ қорыту пештеріне сұранып тұр. Экскаваторыңды әкел де, поезыңа тиеп, жөнелте бер дейтіндей.
Молибденді соғыс қажетіне кезінде артығымен берген Шығыс Қоңырат руднигі әлі де қарқынын тежей қойған жоқ. Оған Ақшатау молибденін қоссақ — облыстың құдіреті асқан үстіне аса түспек.
Молибденнің қасиетін білесің, балам. Жезқазған облысынан тағы бір молибден кен орны ашылды. Ол — Көктіңкөл. Көктіңкөл молибденінің бағасын көтеретін артықшылығы — бұл кенде молибденмен бірге аса құнды металдар — мыс, висмут және вольфрам бар. Көп ұзамай Арқаның төсінде жаңа қаланың жұлдызы жарқырайтыны ақиқат. Ол қала –Көктіңкөл қаласы болмақ. Көктіңкөл молибдені Отан кәдесіне асуға сұранып-ақ жатыр.
Жезқазған облысы — тұнып тұрған кен орындары. Ендігі мақсат — кен базарларының өркендеуі мен шикізатты дайындаудың арасындағы кереғарлықты азайту. Кен байыту фабрикаларын жолға қою. Сонда ғана мол байлығы кезек күтіп жатқан Алайғыр, Қарағайлы, Ұзынжал кен орындарын пайдалану мүмкіндіктері туады. Сонда ғана күні кеше желі азынап, құмы бораған, құйыны ұйтқыған сары даланың әр тұсынан Балқаш пен Жезқазғандай зәулім қалалар бой көтереді.
Сонда ғана бүгінгі Киік сияқты кішірек поселкалардағы қолы бос жастар экскаватор мен алып самосвалдардың құлағында ойнап, Отан байлығын еселейді. Сонда ғана үлкен Жезқазғанның ұлы жұлдызы барынша жарқырайды. Сонда ғана еліміздің мыс магниткасы атанған Жезқазған облысы одан сайын кемелденіп, күш-қуаты толып, қазіргі шар тарапқа кетіп жатқан атағына атақ қосады. Бүгінгі Балқаш пен Жезқазған мысы Польша станоктарында, чех автомобильдерінде, алыстағы Куба мен бауырлас Вьетнам, Болгария, Венгрия заводтарында қолданылып жатыр. Балқаш пен Жезқазған мысын капиталист елдер — Англия мен Франция, Бельгия мен Голландия т.б. елдер аяқ-қолын жерге тигізбей сатып алып жатыр. Бұл — бүгінгі социалистік өзгерістің жемісі, облыс еңбекшілерінің ақыл-ойы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жерлестерімнің табысы — менің мерейім, сенің мерейің! Менің мақтанышым, сенің мақтанышың, балам!
Жерлестерім — балқаштықтар, киіктіктер ғана емес екен, бүгін бүкіл жезқазғандықтар туысыма айналды. Сатылап өскен биіктен алыс аймақ кеңейіп көрінеді. Ауылда туған азамат айналасын кеңейтуге тырысады.
Ол елімен бірге өседі, елімен бірге қанат жаяды. Елінің даңқымен мәртебесін өсіреді. Бір кезде Киікте тудым деп марқайсам, Балқашта өстім деп қуандым. Жезқазғандықпын деп кеуде керсем, қазақстандықпен деп мәртебелендім. Шетелге шықсам Совет Одағынанмын, совет азаматымын деп бүкіл Ұлы Отанды, алып елімді арқа қыламын. Ол — бүгінгі қол жеткен мерейім. Заманымның жақсылығы. Отан-анасына еміренген әр азаматтың құлшына айтар, қайталап отырар дұғасы, алғысы. Совет Одағында туғаныма бүкіл ар-ұжданыммен мақтанам!
Менен біреу:
— Отаныңның түсі қандай? — деп сұраса.
— Отанымның түсі қызыл! — деп тақ ете қалар едім.
— Неге? — десе,
— Туым — қызыл! Баламның мойнындағы галстугы — қызыл. Кремльдің жұлдыздары –қызыл. Армиямыз да — Қызыл Армия. Алаңымыз да — Қызыл алаң. Республиканың алғашқы астанасы да — Қызылорда. Қызыл түс — қанымызда. Ол туған жердің ойы мен қырына, тауы мен төбесіне сауылдап құйылған. Қызыл түс — мартендегі алаулаған металл түсі. Паспортымның сырты да aл күрең қызыл. Қызыл шұғылалы таң сәулесі Отанымды үнемі көмкеріп тұрады. Қызыл түс — Алматының апортында. Алаулаған шәкірттер жүзінде. Сондықтан Отанымның түсі қызыл! — деп тақ етіп жауап берем.
Тағы да менен біреу:
— Қай жерде тудың? — десе,
— Киікте тудым, Балқашта өстім, Қарағандыдан ұштым, Қазақстанда қанаттандым, Москвада оқыдым, КСРО-ның азаматымын, — дер едім.
Себебі, алғашқы ізіңнен жолың басталады. Сол жолды қайда тарттың, қалай тарттың — ол азаматтығыңа байланысты. Сол жолыңда көңіл қуанышыңды бөлісер, өз қуанышыңа ортақтастырар туған еліңнің қапалары мен ауылдары бар. Селолары мен деревнялары бар. Бәрі тілеулес. Бәр-бәрі тілектес.
Бірақ әсіресе үнемі көзін қадап, жолыңа сарыла қарап, тосып отыратын анаңның орны ерекше. Сол анаңдай көрінетін туған жер — және ыстық. Мен Киікке сондай сағынышпен оралам. Мен Жезқазғанға сондай аңсаумен жетем. Енді Жәйремім бар. Атасу, Қаражалым бар. Арқам бар.
Арқаның атырабы — байлықтың отаны, балам. Қойны-қонышын ақтара білсе, аша салар қазынасынан көз тұнады. Сол байлықты ашып жатқан геологтарға тәнтімін. Кенді өндіріп жатқан кеншілерге разымын. Кенінен металл қорытып ел ырысын еселеп жатқан металлургтерге қарыздармын. Еңбектерін жырлай алсам деймін. Еліне, халқына жеткізе алсам деймін. Балаларыма, ұлдарыма, ұрпақтарға үлгісін таратып, ұғындыра берсем деймін. Сол үшін тағы да екеуміз сапарымызды әрі қарай жалғастыра түсейік, балам.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі