Дала... Ұлан дала. Қанша жүрсең таусылмайды-ау. Қанша жортсаң бітпейді-ау. Алдың жеткізбей, артың алыстамай ұзақ күн бойы қимылдағанда, көкжиекпен қойындасқан мидай жазықтың көз талдырар жер ортасында қалғандай шексіздік атты ұғымды еріксіз есіңе түсірерсің.
Дала кең. Дала — шалқар.
Сағымы сусыған қойнауынан көгілдір шымылдық көтеріп, дірілдеп қапталында қалып бара жатқан шоқ-шоқ сілемге назарыңды ұзақ қадайсың. Сол көгілдір перденің тасасынан үзік-үзік көрінетін мүлгіген орманын, мөлдіреген көлін ұшыратқанда кеудеңді туған жердің ұлылығы мен алыптығына деген мақтаныш кернейді.
Сол дала бірде қарағайлы тауларға шалқая иін артып, тынығып дамылдап кетсе, бірте талы мен шілігі, мойылы мен терегі, қайыңы мен қарағашы мол өзендерге құлап, шөл басып алады да, қайтадан көсіледі.
Дала. Жай дала емес, маң дала. Ұлан дала. Батысында жантая созылып, Ұлытау мен Арғанаты, Желадыр тауларының сілемдері ұштасып кетсе, содан шығысқа қарай Айғыржалға дейін жазық боп жайылып, орта тұстағы ұсақ шоқылы аймаққа аяқ басады. Оңтүстігінде Шұнақ, Желдітаулар серейсе, Ақтау алыстан мен мұндалайды. Тағылы, Бұғылыны қарауылға қойған Қызылтас пен Қызыларай таулары шығысын көмкеріп жатыр.
Осы таулардан бастау алатын өзендер көп. Сарыарқаның екі жағына, екі тұсына қатарласа жарысады. Олар — бүкіл облысты көктей өтетін Сарысу, Сарыкеңгір мен Қаракеңгір, Жыланды мен Жезді, Сарытоғай мен Терісаққан, Атасу мен Шажағай, Құланөтпес, Сарыбұлақ пен Мойынты, Жәмші мен Тоқырауындар.
Таулар осы байтақ даланың әр тұсынан тік шаншылып, қойнау-қолатына, адыр, беліне, сай-жырасына қонған елінің сақшысындай көрінсе, өзендер сол халықтың ырзық-несібесін танытып, жан-жақтан таспалана ағып, малына құт, жанына нәр беріп жатқан берекесі іспетті.
Тауы желден, өзені шөлден қорғаған бұл өңірдің ежелден негізгі ата кәсібі — малшылық болған ғой.
Жер ұйықты алыстан іздемей айналасынан тапқан ата-бабаларымыз төрт түлікті түгел өсіре білгенде, төбеде отырып төменге көз жіберіп, табиғатпен тілдесіп, көші-қон мерзімін анықтап, жайлау, күздеу, қыстауларын қамдаған. Көшпелі ел табиғатқа телміреді. Жыл маусымына тәуелді болады. Қыста қысылса, жазда жадырайды. Төлі тұяқтанады. Өрісі толады. Өрісі толса, ырысы еселенеді. Малы — қойы, түйесі, жылқысы, сиыры байлығы, бары. Жүнінен киім-бұйым тігеді, тоқиды. Киіз басып, сырмақ сырады. Терісінен: илеп —тон, ыстап былғары да дайындайды. Еті мен сүті — қорегі. Мүйізі мен сүйегінен ыдысы мен әшекейлік, зергерлік бұйымдарын жасайды. Мінсе — күлігі, жексе — көлігі.
Арқа өңірі малшы қауымды алдаған емес. Қойнауында шалғынды бұлағы мол, жазығында шабындығы мол. Қыста сайын паналатқан, жазда өзегін жағалатқан.
Бүгінгі Жезқазған облысы малшылық дәстүрді жаңаша жалғастырып келеді. Облыстың жер қоры орасан. Ауыл шаруашылығына қолайлы 25 миллион гектардан астам жердің жарты миллион гектарына астық егіледі. Оның біраз бөлігі суармалы. Осы жер қорының көпшілігі жайылым үшін пайдаланылып, облысты республиканың мал шаруашылығы өркендеген ірі ауданына айналдырып отыр.
Сарыарқа өңірінде егін шаруашылығы, ет пен сүт өнімін беретін мал шаруашылығы даму үстінде. Өндіріс ошақтары көбейіп, қала саны артқан сайын, сол өндіріс орталықтарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін қала төңірегіндегі ауыл шаруашылық орындары — колхоз, совхоз, подхоздар көбейді. Ауылды коллективтендіру кезеңінде Жезқазған облысының солтүстік-шығыс аудандарында техникамен жақсы жабдықталған егін шаруашылығы қалыптасты.
Облыс жеке өз алдына шаңырақ көтерген тоғызыншы бесжылдық кезінде ауылшаруашылығының барлық саласын өркендетуге жүз қырық миллион сом қаржы бөлінген еді. Өндірістік қор екі есе молайған болатын. Совхоздардың энергетикалық қуаты әлдеқайда артқан-ды. 1971-1975 жылдары шаруашылықтар екі мың сегіз жүз трактор, тоғыз жүз астық комбайнын, бір мың екі жүз автомашина және басқа да көптеген техникалар алып, минерал тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді.
Осының арқасында астықтың шығымы жақсарып, еңбек өнімділігі артты, тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысында ауылшаруашылық өнімдері сегізінші бесжылдықпен салыстырғанда отыз алты процентке асып түсті. Облыстың еңбеккерлері астық тапсырудың бес жылдық жоспарын үш жылдың ішінде орындап, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын, ет және жұмыртқа дайындауды мерзімінен бұрын бітірді.
Әсіресе қой шаруашылығы қауырт өсті. Зоотехникалық және ветеринарлық жұмыстар дұрыс жолға қойылып, мал тұқымы жақсартылды. Жемдеу мен семіртуді ұйымдастыру күшейтіліп, жас төлдің қосылуы көбейтілді.
Жақсыға ұмтылу, өнегені алу, тәжірибені қабылдау халқымыздың қанына сіңген қасиет емес пе, балам? Үйренем дегендерге, үлгі тұтарлық шаруашылықтар бұл өңірде көп-ақ.
Асыл тұқым өсіретін "Просторненский" заводындағы сойыс малдың сапасын жақсартуды үйрену қай шаруашылыққа көптік етер еді?
Немесе "Көктіңкөл" совхозындағы ірі қара малдың орташа тірідей салмағын төрт жүз елу-бес жүз килограмнан өткізетінін айтып мақтанбасқа болмас па?
Сүт бұлағын ағызған "Красная поляна" завод-совхозы әр сиырдан сауылатын сүт мөлшерін үш мың үш жүз килограммға жеткізгенін, "Қызыларай", "Қаракеңгір" совхоздары жыл сайын еділбай қойының әр жүз саулығынан жүзден астам қозы алатынын, XXII партсъезд атындағы совхоз бен "Қызыларай" совхозының жылқышылары әр биеден құлын алатынын, Балқаш құс фабрикасының әр тауықтан екі жүз жетпіс жұмыртқа алатынын неге айтып кетпеске?
"Просторненский" асыл тұқымды мал өсіретін завод — республикамыздағы ең алдыңғы қатардағы шаруашылықтардың бірі. КСРО және Қазақ ССР Ауылшаруашылығы жетістіктері көрмелерінің көптеген дипломдары мен медальдарін алған бұл заводтың малын Монғол Халық Республикасының шаруашылықтары сатып алады.
Мал шаруашылығын өндіруде облысымызда аты әйгілі малшылар да көп қой, балам.
Олар — шопандар, Социалистік Еңбек Ері Сатан Ысқақов, Орынбай Райымбаев, Үмітбек Сұлтанбеков, Мыңбай Берденов, Тұрмағанбет Әлжібеков, Қалдыбек Орынбаев, Мұрат Исин, Әбділдә Хасенов, сауыншылар Полина Юрочкина, Марина Черкашина, Анна Приступа, бақташылар Нығиман Жақсыбеков, Төкен Сүлейменов, жылқышылар Сәмет Имухаметов, Болатбек Мұқашев тағы басқалар.
Облыстық партия комитеті ауылшаруашылығын одан әрі өркендетуге үлкен көңіл бөліп, астық пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыруға үнемі қамқорлық жасап келеді.
Ол қамқорлық — ауылшаруашылығын техникамен жабдықтау.
Ол қамқорлық — семинар-кеңестерде іріленген комсомол-жастар шопан бригадаларының үлгілі тәжірибесін көпке тарату.
Ол қамқорлық — асыл тұқымды малды сұрыптау және ветеринарлық жұмысты алға шығару.
Ол қамқорлық — еңбек өнімділігін арттыру үшін малшылар жұмысындағы қиындықтарды азайтуға күш салу, малды бордақылау технологиясының прогрессивті әдісін табу.
Осының арқасында "Нұраталды", "Көктіңкөл", "Бидайық", "Шет", "Ұлытау" совхоздарында механикаландырылған сүт фермасы салынып, іске қосылды. "Кеншоқы" және "Қаракеңгір"' совхоздарында механикаландырылған қой комплексі, "Путь к коммунизму" совхозында сиыр бордақылау комплекстері салынып, жұмыс істеп жатыр.
Соңғы жылдары қой санын екі миллионға жеткізу үшін облыста елуден астам комсомол-жастар шопан бригадалары құрылды, олардың қарауына жүз отыз мың қой бағып, күтуге берілді.
***
— Тоқтаңызшы!
— Жайшылық па, Алмас?
— Тормоз майы қызған болу керек. Әне, қызыл шам жыпылықтап жанып, белгі беріп келеді.
— Рас, ей! Қалай байқамағам?
Машинаны тоқтатып, капотын шалқайта ашып тастап, үңіліп жатырмыз.
— Майы азайыпты. Қазір құйып жіберейін, — деп Алмас машинаның қобдишасынан кішірек құтыны алды. — Пәлі, мынау бос қой. Түк жоқ.
Екеуміз бір-бірімізге аңырая қарап қалыппыз.
Тежегіш майынсыз тәуекелге басуға болмайды. Айдалада май табу — көңілге сыймайтын нәрсе. Күн болса одан сайын ысып, күйдіріп барады.
— Не істейміз?
Алмасқа қарап, өзімше далбасалап жатқаным бұл. Әрине, кінә менен. Жол жүргенде ұсақ-түйек, керек-жарақты түгендеп алмасаң — машақат көруің аяқ астынан. Менің шоферлығымның "мықтылығы" осындай.
— Біреу-міреу кездесіп қалар, папа...
Дәл соны күтіп тұрғандай арт жағымыздағы айнала тұмсықтан қызыл "Жигули" шыға келді.
Қолдарымызды ербеңдете көтеріп, "дауыс беріп" тұрмыз.
Машина қатарласа бере жүрісін баяулатып, жол шетіне бұрыла тоқтады.
— Ассалаумағалейкум! — Орта бойлы, шымыр денелі жүзі күнге әбден тотыққан жігіт қолын ұсынды.
— Әлейкумсәлам. Ділгер боп тұрғанымыз...
— Ә-ә... Қай жері?
— Тежегіштің майы азайып...
— Оның жарасы жеңіл онда. — Жігіт машинаның багажнигінен бөтелкесін алып, біздің көлігімізге жақындады. Майды құйды. Моторға саусағын тигізіп көрді.
— Қызып кетіпті. Тасолдарыңыз да мөлшерінен біраз төмендепті. Алыс жолға сайланып шығу керек қой.
— Оныңыз рас... — Күмілжігеннен басқа амалым жоқ.
Бейтаныс "жарылқаушымыз" бөтелкені Алмасқа ұсынды.
— Құтыңа толтырып құйып ал, — деді де, асықпай адымдап барып, машинасынан он литрлік канистрді көтеріп оралды.
— Жезқазғаннан әрең тауып едім. Бүгінде тасол — қасқалдақтың қаны ғой, — деп ыржия күлді. — Алматыдан келе жатыр екенсіздер. Қонақ сыйлайтын дәстүрімізден жаңылмайын.
Машинамызға майды да, тасолды да құйып берген азамат қайтадан қол алып қоштасып, жүріп кетті. Әкелі-балалы екеуміз қызыл "жигулидің" соңынан үн-түнсіз қарап, ұзақ тұрып қалдық.
— Қандай жақсы кісі еді!
Баламның жүзіне көз тастадым. Ризалық тұнған көздерде адамның адамға деген ішкі еміренген пейілі жарқ етуі керек те. Өзімнің де елжірегіш бір жүрек қылымның күмбірлеп кеткенін сезінгендеймін. Туған жер қандай аяулы едің! Құдіретіңді ұлдарыңның көкірегіне құйып, азаматтың қасиетін әр мінезінен көрсетіп, әр әрекетінен танытып, осылай баулисың-ау. Жаңағы жігіттің адамгершілігін ұлым ұмытар ма. Өнегесін өзі де сабақтамас па.
— Қап! Атын да сұрамаппыз-ау.
Өкінгеннен не өнсін. Машинаны "суытыл", баптап алған соң тағы қозғалдық.
Ендігі беталысымыз — Жаңаарқа ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы совхоз.
Көшенің шетінде қарсы кездескен қарттың қасына тоқтап, амандасып, Нариман Ыбрахимовтың үйін сұрадық.
— Ә-ә. Нариман үйінде... Әлгінде ғана келген. Жолдарың болады екен. Әйтпесе, Нариманды табу қиын. Отырмайды ғой ол, отырмайды. Қашан көрсең, жұмыс деп жүргені.
Қария жөн сілтеді. Сілтеген бағытпен еңселі үйдің қасына келдік. Көзімізге қызыл "жигули" бірден шалынды.
— Әке, дәл жаңағы машина. Номерін байқап қалғам, — деп Алмас мәз.
Сол екі арада бейтаныс "жарылқаушымыз" да шыға келді. Көптен күткен туысын тосып алғандай жайраңдап тұр.
— Ә-ә, сіздер екенсіздер ғой! Үйге кіріңіздер.
Іздеген Нариман Ыбрахимовымыз осы жігіт екен.
Шөл басып, сәл дамылдаған соң сапарымыздың жөн-жосығымен таныстырдым. Нариман Алмасқа күлімдей қарады.
— Алмасжан, туған жерді аралап, еліңнің ой-қырын көзіңмен көрмек болған ниетің жақсы екен. Келешек ұрпақтың әкелер мен аталар дәстүрін іздеуі ғанибет қой. Ұрпақ пен ұрпақтың жалғасы, байланысы бірін-бірі түсінуден, ұғынудан туындайтыны ақиқат. Осы өңірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, даласын дәнге, өрісін малға толтырып жатқан да еңбек адамдары. Олар — анау малшы, анау диқан, анау механизаторлар. Бәрінің тілегі — ел ырысын еселеу, Отан байлығын арттыру, бейбіт өмірді көркейту.
...Өзім туралы не айтайын... Көптің бірімін. Жұмысшы семьясында туыппын. Содан да еңбекке ерте араластым. Сегіз класты бітірісімен "Алғабас" колхозында жұмыс істедім. Бірақ бір мамандықтың тұтқасын ұстаудың қажеттігін көп ойлаушы едім. Негізгі кәсібің болмағаны қиын. Ақыры Саран қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесіне түсіп, бітіріп шықтым. Содан соң Жаңаарқа машина-трактор станциясы мені "Алғабас" колхозына механизатор етіп жіберді.
Еңбек өтеуі — қажыр мен жігерде. Ынтаң мен пейіліңде. Не нәрсеге де құштарлық пен құлшыныс қажет. Механизатор бола жүре оқуымды жалғастырып, он жылдық білім алдым.
Нариман кідірді. Өзі туралы көп айтуды жаратпай ма, сұрақ қойып, қозғау салмасаңыз кібіртіктей береді.
— Аға, тәлімгер-механизатор көрінесіз. Жастарды баулу қиын ба? Олардың арасында да кейбір керенау тартатын жалқаулары кездеседі ғой, — деп Алмас әңгімені ұштай түсті.
— Әрине, ондайлар да бірен-саран кездесіп қалады. Дегенмен, біздің механизаторлар өз міндеттемелерін асыра орындаумен келеді. Еңбекке баулу деп мен өз тәжірибеңмен жігерлендіруді айтар едім. Жастар әсіресе алдыңғы ағалар әрекетін арқа тұтқыш. Солардың өмір тәжірибесіндегі жетістіктерін пайдаланып, өздері де еңбектегі көрсеткіштерін үнемі өсіріп отыруға тырысады. Кейде озып түсіп жататын кездері де бар. Өйтпесе болар ма, Алмасжан. "Ат тұяғын тай басар" дейміз. Ендігі сүйенеріміз де, сүйінеріміз де сенің құрбыларыңның арасынан шығары рас. Ауыл тұтқасы — жастар. Болашақ солардікі. Сондықтан жастарға деген сеніміміз зор.
— Өзіңіз, Нариман аға, Жезқазған облыстық партия конференциясына үш мәрте делегат болып қатысыпсыз. 1973 жылдан 1978 жылға дейін облыстық партия комитетіне мүше болыпсыз. Қоғамдық жұмыстарға уақытты қалай табасыз?
— Өзің мен туралы бәрін біліп алыпсың-ау, Алмасжан. Иә, облыстық конференцияларға да, аудандық конференцияларға да үзбей қатысып тұрам. Аудан, облыс көлеміндегі істер мен мәселелерді бірігіп, кеңесіп шешуге азды-көпті септігім тиер болса, оған марқаюыма хақым бар ғой. Уақыт таппайтындар — уақытын босқа сарп ететіндер ғана. Қоғамдық жұмыстар-коммунисті шыңдау мектебі. Өзіңнің еліңе, халқыңа керек екеніңді жаныңмен түсініп, сол ел мүддесі үшін еңбек ететініңді ұғынсаң — тау қопарардай құлшынатының анық. Өйткені рухани байлық, рухани қазына — адамдармен, бүкіл бейбітшілік сүйгіш азаматтармен бірлігіңде, тұтастығында. Сонда ғана үнемі ілгері адымдап, болашақ күндердің жарқын нұр шуағы үшін аянбай қызмет етесің.
Нариман Алмастың иығына қолын салды.
— Көп сөйлеп кеттік білем. Алмасжан, жүр. Машинаңды екеуміз бір қарап, тексеріп өтейік. Май ағуына қарағанда, манжеті жыртылған болар.
— Онда не істейміз?
— Е-е, механизатор емеспін бе мен? Манжетін ауыстырамыз. Саған да тәлімгерлік жасайын...
Ленин орденді атақты механизатор жастардың тәлімгер-ұстазы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Нариман Ыбрахимов екеуімізбен тағы да қол ұстасып қоштасты.
Еңбекте шыныққан алақанды әкелі-балалы біздер сүйсіне қыстық.
Күн талма түс. Машинамыздың іші ысып кетті.
— Папа, алдымызда көпір көрінеді. Өзен бар шығар. Сәл аялдап, суға бір сүңгіп шықсақ қайтеді?— деп Алмас тер жуған бетін алақан сыртымен сүртіп тастады.
Үндегем жоқ. Көпірді өзім де көріп келе жатырмын. Бірақ сол көпір астынан су табарымызға күмәндімін. Татай көпірдің үстінен өтіп, талай өзеннің ескі арнасын қиып кетсек те, жылтыраған нәр кездеспеп еді. Тағы да кездеспейтініне сенімдімін.
Жайлап, жол шетіне бұрыла тоқтадық. Алмас машинадан шыққан бойда жүгіре жөнелген, көпірге жетер-жетпесте кілт бұрылды. Ұнжырғасы түсіп, ренжіп оралды.
— Папа,бұл өзендерге не болған?! Балама не деп жауап берерімді білмеймін.
Иә, өзендер неге тартылып кеткен? Сай сайын ағатын бұлақ қайда? Ши түбін түртіп қалсаң, сырғанай жөнелетін кез қайда?
"Суды жер тартып кетеді" дегенді ертеректе үлкендерден естуші ем. Шынымен жер тартып кеткені ме?
Отыз жылдай бұрын осы өзендер мол сулы болатын деп көз көргендер айтады. Өзім де талайын көргем. Талай өзенге шомылғам. Ал бүгінде торғай ішерлік суы болмай, табанының құмы тақырланып кеуіп, кеберсіп жатқаны.
Ғалымдар осынау жаппай құрғап бара жатқан өзен-көлдердің мүсәпір халіне қандай себеп айтар екен? Ғалымдар сол мүсәпір өзендердің мүшкіл халіне көмектесудің, суын көбейтіп, нуын көгертудің қандай жолдары бар екенін қашан көрсетер екен?
Жезқазған облысында ескі арна көп-ақ. Кейбір ғалымдардың есептеуіне қарағанда бұл облысты үш мыңнан астам өзен мен өзен сағалары бар екен. Ал үлкенді-кішілі көлдерінің саны да 2-3 мыңға жетіп жығылатын көрінеді. Оны біз құрғақ арнадан, сорланған көл табандарынан көріп те келеміз. Бірақ су жоқ.
Қайран су!..
"Су!... Су..." деп тұрған даланың тақыры тілім-тілім. Сорының тұзы бетіне теуіп, бетпақтанып жатыр. Бір кездегі ат бауырын сипайтын шалғыны, түйе жасыратын көк шиі, қой жасыратын қарағаны таусылып-ақ біткен.
Бұл өңірде тұщы сулы айдын аз. Жер асты сулары минерал тұзға бай. Әлгі тарау-тарау өзен сағалары көктемде ғана қар суымен бір толып қалады да, бей-берекет тасып, қос жағасын кеміре жұлқылап-жұлқылап барып, айналасы бір-ақ айдың ішінде жуасып, жіңішкеріп сала береді. Осы өзендердің 70-80 процентке дейінгі қоры қар суымен жиналады екен де, жазғы ыстық басталысымен буға айналып, жерге сіңіп, жым-жылас жоғалады екен. Тіпті облыстағы ең үлкен өзен Сарысу да әр жерде бір мөлдірейтін дөңгеленген қарасуларға айналып, үзіліп-үзіліп қалады. Бір-біріне жапақ-жапақ көз сүзген егіз баладай әлгі қарасулар анда-санда жауатын жаңбырда жылап көріссе, Мойынты, Тоқырауын, Жәмші өзендерінің халі тіпті мүшкіл. Торғай жалдап өтердей тарылып, тартылып таспалана жіңішкереді.
Су!.. Ол малға да керек, жанға да қажет. Әсіресе өркендеп бара жатқан өндіріс орындарына қажет. Су болса, әлі күнге дейін пайдаланылмай жатқан Арқаның жайылымы мен шабындығы кәдеге асар еді. Ақтылы қой, алалы жылқы мыңғырып өсіп, байлықты еселер еді. Азық-түлік программасын жүзеге асыруда мол мүмкіншілік туғызар еді.
Су!.. Ол — өмір нәрі, тірлік сөлі.
Су қорын көбейту үшін облыс көлемінде қаншама әрекеттер жасалмады. Қаншама тоғандар байланып, бөгендер салынбады. Қаншама су қоймалары жасалмады. Артезиан құдықтары қазылып, шыңыраулар шегенделмеді. Бәрібір су проблемасы толық шешіле қоймады.
Су!.. Осы суылдаған үн жел суылынан естілгендей. Сиреп бара жатқан ши шуылынан естілгендей. Ін аузында қылтиған саршұнақ пен суырдың ысқырығынан жететіндей. Сары адырдың қайқаңынан сары бауырын, жез сауырын жалтыратып, жылт-жылт көрініп, жарқ-жұрқ секірген киіктердің сарсыла жүйткіген аласапыран тірлігінен сезілетіндей.
Су!. Таңдайымыз кеуіп, тіліміз аузымызға сыймай, жортқан жолаушының аянышты халін кешіп келе жатқанымызда алдымыздан көл айдыны көз тұндырды. "Су! Су!"— деп ұлым екеуміз қосыла айқайлап жіберіскенімізді де байқамаппыз.
Басе! Су болмаушы ма еді! Су жарықтық қандай әсерлі еді! Машинадан түсе қалып, салқын суға бас қойдық. Бетімізді жуып-шайындық.
— Жезқазған жеріне су келе жатыр, — деп сәлден соң ұлыма әңгіме бастадым. — Кәрі Ертістің қасиетті суы енді Ертіс — Қарағанды каналынан бері қарай жаңа арна таппақ. Ендігі канал аты — Қарағанды — Жезқазған. Бұл су жолының ұзындығы сегіз жүз жетпіс километрден астам болмақ. Канал салынып біткен кезде секундына жүз текшеметр су береді екен. Ал ол үшін елу миллион текшеметр топырақты тысқа шығарып, жүз жетпіс бір миллион текшеметр бетон мен темірбетон қалап, жүз жетпіс бес мың тонна құбыр салу қажет.
Қазір Ақтасты су қоймасы салынып жатыр. Бұл қоймада жетпіс жеті миллион текшеметр су қоры жиналмақ. Ақтасты су қоймасы айдынының аумағы он алты шаршы километр жерді алып, аққу-қазы төсінде қалқитын күн таяу.
Арқадағы алып құрылыстың жағдайы осындай. Бұл да бүгінгі құдіретті дәуірдің жемісі ғой, балам.
Алыпты алып туғызғанына көзіміз жеткені сондай, мына кең алқапта орнайтын ондаған көкөніс пен сүт өндіретін жаңа совхоздарының келешегін қызыға ойлап, әрі қарай аттанып кеттік.
— Әрине, Қарағанды — Жезқазған каналы облыстағы суармалы жердің көлемін екі еседей өсіргенімен, шексіз, шетсіз ұлы даланы жарылқай алмайды. Облыстық су құрылысы тресі басқа ресурстарды да кеңінен қарастырып жатқаны белгілі. Соңғы жылдарға шейін облыс көлемінде тұщы су аз деген жорамал көп айтылып келген еді. Бірақ гидрогеологтардың жанқиярлық еңбегі арқасында бұл пікірдің жаңсақтығы анықталып, әлденеше артезиан құдығы қазылып, жер асты тұщы суының мол бассейндері табылды. Осы суларды дұрыс пайдалана білсек — ондаған миллиард текшеметр су қоры балансқа кіреді екен.
Сарысу, Мойынты, Жәмші, Тоқырауын, Талды сияқты өзендердің сағасындағы тұнба суларды болашақта кәдеге асыруға мүмкіндік мол. Сондай-ақ зерттеулердің нәтижесінде Бетпақдаладағы Жайылымдық жерлер мен Торғай ойпатының оңтүстік-шығысы жер асты суына бай екен. Қазақ КСР Ғылым академиясының мәліметтері бойынша облыстағы жер асты суының жалпы қоры — жүз миллиард текшеметр де, артезиан суының қоры — жүз отыз миллиард текшеметр.
Байқап отырсың ба, осы суды ел мүддесіне дұрыстап жарата білсек, шөлге гүл өсіп, шөлейтке бақ орнап, құм нуға айналып сала бермей ме?!
***
— Папа, қайда бұрылдық?
— Қазір дала профессорымен кездесеміз.
— Профессор деймісіз?
— Иә, балам. Бүкіл ғұмырын ел ырысын көбейтуге жұмсаған, даланың ой-шұқырын бес саусағындай біліп, табиғатпен тіл табысқан адам бар алдымызда. Ол — шопан Сатан Ысқақов. Профессорымыз — сол кісі.
Тарам-тарам күре тамырдай жамыраған дала жолының бірінен біріне ауысып төтелей тартып келе жатқан машинамыз бір кез шоқырақтап жолсызбен тіке салды. Сәлден кейін сағыммен мұнарлана көтеріліп, ақ шаңқан киіз үйдің күмбезі дірілдеп көзге шалынды.
Сусап кеп салқын қымызға мейір қандырған соң, тысқа шықтық. Отарын науаға жауып тастап, қойларды балаларына табыстаған Сатан аға бізбен шүйіркелесе амандасты.
Үшеуміз әңгімелесіп отырмыз. Қол басындай бозторғай көкке шаншылып алып, әлдебір таусылмас әнін ұзақ сайрады. Содан кейін лақтырған кесектей кілт құлдилап, шек-шек шырылдаған құмның бозына жасырынды.
Сатан жазық даланың аспан мен жердің бірөңкей сарғылт бояуымен ұштасқан көкжиегіне қадалып, сөйлеп отыр.
— Мен өткенді орағытып тірілтіп, келешекті төндіріп әкеп сәуегейлік білдіруден аулақпын. "Жұлдыз" беттерінде ақын аға Әбділда "Есімдегілер" деген естелігін берді ғой. Менің де айтарым: есімде қалғандар. Шопандық еңбегімде азды-көпті тәжірибем мен көргендерім. Біреуге: "Әй, шіркін, сен де сондай екенсің-ау!" — деп тікірейген жерім жоқ. Біреудің маған: "Сені де көрерміз!" деп көңілі қалып налығанын естімей келем. Ақыл-кеңесім болса аянбадым. Өзімде жетпегенді елден алдым. "Ел іші — алтын бесік" дейді. Сол рас. Үйретеді, өсіреді. Түзетеді, адам, азамат қатарына қосады. Еңбегің сіңсе, еркелетпес ел де, қадірлемес халық та болмайды. Құдіретін танып, қадірін ақтай білсең, абыройың да аспандай береді екен. Алмас балам, мына әкеңе айтып отырған әңгімеме сен де құлақ сап. Артық етпейді, қарағым...
1928 жылы туыппын. Аласапыран кез ғой. Кәмпескенің онды-солды балта сілтеп, жаңа тірліктің пәрменді ене бастаған дәуірі.
Әке-шешем енді-енді есе тиген шаққа жеткенде бірінің артынан бірі дүние салды. Мені нағашы апам Қалима тәрбиеледі. Сол кісінің қолында жүріп соғысқа дейін жетінші класты бітірдім.
Біздің жерді Түгіскен деп атайды. Туған жерден ыстық, туған жерден қадірлі де қасиетті еш нәрсе жоқ. Украин үшін — терек, орыс үшін — ақ қайың, қазақ үшін — дала туған жер деген ұғыммен бір болар. Далада туып, далада өскен маған Түгіскеннен артық жер жоқ. Түгіскен мекенінен ыстық мекен жоқ.
Соғыс басталды. Халыққа ауыр салмақ түсті. Ауыртпалықты әркім әр түрлі көтерді. Біреу қиналды, біреу қажырланды.
Майдан Түгіскенге жеткен жоқ. Бірақ Түгіскеннен майданға кеткендер көп еді. Туған ағам Алматыда институт бітіріп, елге оралған болатын. Соғыстың алғашқы күндерінде — ақмайданға аттанды. Сталинград шайқасында хабарсыз кетті. Есімде елесі қалды. Мейірлі күлкісі қалды. Кетерде маңдайымнан сүйген ернінің жылы табы қалды.
Ерді ел өсіреді. Қиындық шыңдайды. Соғыс басталысымен мені ФЗУ-ға — фабрика-завод училищесіне шақырды. Сөйтіп Жезқазған қаласындағы он төртінші ФЗУ-ды бітіріп, шахтаға жұмысқа кірдім. Кәсібім — бұрғышы.
Қазір қарап отырсақ, ол кезде соғыспаған жан болмапты. Солдаттар майданда соғысса, елдегі бала-шаға, қатын-қалаш, жас өспірімдер тылда қажырлы еңбек етті. Ыстықты да, суықты да көрдік. Төздік. Халық бәріне төзді. Жеңісті де халық қажыры тездетті...
Москва түбіндегі жеңіс.
Сталинградтағы жеңіс...
Азат етілген адамдар...
Қалалар...
Осы хабарлар қуантатын бізді.
Мұндай хабарларға сол кезде елең ете құлақ түрмейтін ешкім болмаса керек. Ел тілегі жеңіс үстінде шырылдаған кезді ана сүтімен біздер де сіміріп өстік қой. Содан да болар, ес біліп, етек жаппаған шағымыздың сол бір желпініске толы үміт аулаған күндері дәл өз басымнан өткендей сезініп, іштей толғандым мен аға әңгімесін тыңдап отырып.
— 1943 жылы елге оралып, колхозда жұмыс істей бастадым. Бірақ еңбек майданында жұмыскер жетіспей, Қарағандыға шақырылып, шахтада навалоотбойщик болып істеп жүріп, жеңіс күнін қарсы алдым.
Солдаттар қайта бастады.
Қайтпағандар қаншама...
Мен де елге оралдым.
"Коммунар" колхозында әр түрлі жұмысты атқарып жүрдім.
Соғыс біткенмен, зардабы бірден арылып, кете қоймады. Ауылда астық тапшы, тұқым аз. Колхоз басшылары біраз адамды Нұра ауданынан тұқым тасуға жөнелтті.
Қыс қатты. Үскірік бет-аузыңды жалап, түкірігіңді жерге түскенше мұзға айналдырады. Ол кезде шаруашылық қайбір жетісіп тұр еді. Ер-азамат майданда болып, жүдеу халге ұшыраған колхоздың ат-шанасы да жоқ. Тұқымды түйемен тасимыз. Жануар босаса бүгіндері босады ғой. Қазір машина да, трактор да жеткілікті. Ал ол кездің бар көлігі —түйе.
Түйеге астықты теңдеп, кері қайттық. Ұбап-шұбап келеміз. Шапан жыртық, етіктің жұлық, өкшесі тесік. Ұйтқыған қар қойын-қонышымызға кіріп соқталанып жатады. Қысқы жол қандай ұзақ. Бір боран, бір үскірік...
Соның бәрі көрген түстей өте шығыпты-ау. Қар сынып, көз қарығып, өзек талып өзің араласпаған соң, осынау ардагер ағалардың бастан кешкен қиындығын қайта екшеп, сәл-сәл ауырлағандай боласың да, бүгінгі шадыман тірліктің дүрмегінде лезде ұмытып шыға келесің. Өздері де ұмытты ма екен?
Ойымды оқып білгендей Сатан ағай сөзін менің әлгі іштей ғана бүлк еткізген сауалыма жауап қайтара сабақтап әкетті.
— Жоқ! Біз ұмыта қойған жоқпыз. Ұзақ түндерде шойырылған белдер мен сыздаған балтыр ұмыттырмайды. Біздің солай еңбек еткенімізді кейінгі жеткіншек інілерім мен балаларым білсе екен деймін.
Біреулер ерлік деп айтар. Бірақ ел істегенді мен де істеппін. Ерекшеленбесем, ерінбесем, басқадан артықпын деп қалай мақтанайын. Адамның күні адаммен. Адамгершілікті де содан үйрендім. Азаматтықты да солардан алдым. Ажалдан да адамдар аман алып қалды...
Басымды көтеріп қасымдағы серігіме алғаш рет бажайлай қарадым. Ат жақты қоңырқай жүздің сәл қанын ішіне тартып, сұрлана беріп, қайта сабасына түскенін шалып қалдым. Көкжиекке үнсіз телмірген енжарлау жанардың кірпіктері бір-бір изеңдесіп алды да, кең маңдайдағы жалғыз сызықты тереңдетіп жіберді. Ол ойланып қалды. Әлдебір қым-қуыт шақты қайта тірілтіп, біраз үндемей отырды. Еңкейіп бір тал жусанды үзіп алып, әлденеге көзін тосты.
— Ол бір еш уақытта есімнен кетпейтін оқиға. Арқаның қысы қатты болады. Колхоз басшылары қарулы жас жігіт деп мені жылқы бағуға қосты.
Сол жылдары қасқыр көп еді. Тіпті маза бермейтін. Бір күні ертемен қостан шығып, жылқыны түгендеуге аттандым. Келсем, бір байталды қасқыр жеп кетіпті. Астымдағы ат жарамды. Табыннан тағы бір тың айғырды ұстап, жетегіме алып, қасқырдың ізіне түстім. Cap желдіртіп келем. Бір құм төбеден асып түсе беріп, қасқырдың қарасын көріп қалдым. Айқай сап тура қудым. Үстімде шолақ жыртық қара тон. Басымда тері құлақшын. Қолғапсыз жалаңаш қолмен сойылды қыса ұстап, қос атқа кезек ауысып мініп, қуып келем. Әлде жастық, әлде жыртқышқа деген өшпенділік бойды буды ма, әйтеуір, шығандай беріппін. Қасқырдан қалмаппын.
Күн ұясына еңкейе қасқырды соғып алдым. Кек қайтты. Сонда барып аңғардым: терлеген соң шолақ тонды бір жерге, құлақшынды бір жерге шешіп тастап кетіппін ғой.
Аяз буып барады. Тер қатып, бойымды суық қысты. Ол аз болса, самайыма сауыстанып мұз қатып қалды. Ойпырым-ай, сондағы жанталасқаным-ай! Екі шекеме қыл бұрау салып сығымдап жатқандай.
Күн ұясына қонып барады. Күп-күрең. "Жылуың қайда, жылуың?!" Солай ойласам керек.
Адамның ең осал жері — белі. Оны суық алды дегенше, тұла-бойыңдағы бүкіл сүйек-сүйегің сырқырайды.
Қайдан келіп, қайда тұрғанымды да білмеймін. Мидай меңіреу дала. Кешкі ымыртпен кішірейіп, тоқымдай боп бүрісіп барады ол да.
Жан дәрмен бет-ауызды, құлақшекемді уқалаймын. Бірде сырқырап ауырса, бірде тызылдап ашиды.
Бет алды жүріп келем.
Мүмкін өмір туралы ойлаған шығармын. Қыршын жас өмірді оңайлықпен қияр ма?
Мүмкін өлім туралы ойлаған шығармын. Ештеңе тындыра алмағаныма өкіндім бе екен.
Астымдағы ат оқыранды бір кезде. Қарайған көрінді. Жылқышы Мақажан екен. Мені адасып далада үсіп өлер деп іздеп шығыпты. Расында да, Мақажан болмаса, менің сол түннен аман қалуым екіталай еді. Бар киімді бөліп киіп, далада түнедік.
Әне, ажалдан осылай аман қалдым.
Мақажан марқұмды әрдайым қимастықпен еске аламын. Сол жолы ол менен кем тоңып, менен кем қиналмап еді. Өзін-өзі өлімге тігіп, біреуді медиен даладан іздеп шығу нағыз адамгершілік қой.
Жақсылық ұмытылмайды.
Жаттанды тіркестей жалпылама ести берген соң мән бермейді екенсің. Өмір тәжірибесінен талай рет кездестіріп барып "мидың мың градустық домнасында" қорытып шығарып, сол ып-ыстық, сап-салмақты қалпында құлағыңа құя салғанда, еріксіз бас шұлғисың. Ендеше, жақсылық ұмытылмайды. Жақсылық жақсылыққа бастайды.
Ал жамандық ше?.. Оның да қарымта қайырар ұрымталын аңдып жүретін кезі болмаушы ма еді? Жамандықты қалай қабылдады екен?
Тағы да ой үстінен дөп түскендей Сатан аға бетіме жалт қарады. Көзі күлімдеп тұр екен.
— Жамандық... Жоқ, өз басым ешкімнен жамандық көрмедім. Барлап отырсам, өмір жолымда ізгі жандар көп кездесіпті. Солардың бірі — Ысқақ ақсақал. Мен ол кісіге 1948 жылдан бастап көмекші шопан болдым. Ешкім іштен туа шебер болмайды. Жүре үйренеді. Оның өзі баулығыш ұстазға да байланысты.
Ысқақ ақсақал қой бағудың сан алуан сырын үйретті. 1950-1956 жылдары Арқадан Шуға қой айдағанда үнемі сол кісіге көмекші болдым.
Қой бақтым. Күзеттім. Қырықтым, емдедім. Күйекке салдым. Төлдеттім.
Көмекшіліктен әрі аспадым.
Колхоз іріленген кезде тағы да әртүрлі жұмыспен айналыстым. Шөп шаптым. Қора жөндедім. Үй салдым.
Әр жерде бір істегенім баз біреуге ұнамады. "Еріншек, ұшқалақ" дегендер де болды.
Өзіме де ұнамады. Әр жұмысты істеп, әр мамандықты игергеніме баз біреулер риза болды... ". Сатан — нағыз жігіт. Бесаспап. Қолынан бәрі келеді", — дейтіндер де табылды.
Үйренгеніме өзім де ықыластымын.
Кейіннен колхозымыз совхоз болды. Шаруашылығымыз ірі, абыройлы. Жезқазған облысының Жаңаарқа ауданындағы "Жеңіс" совхозы шынында да тамаша жеңістердің ордасы.
Бірнеше фактілерге жүгінейік.
Совхоз 1966 жылы сегізінші бесжылдықтың бірінші жылын табысты аяқтағаны үшін Қазақстан Компартиясы, Қазақ КСР Министрлер Советінің, Қазақ республикалық кәсіподақтар советінің, Қазақстан ЛKCM Орталық Комитетінің Ескерткіш туы мен ақшалай сыйлығын алды.
Колхоз 1967 жылы да, 1968 жылы да КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды.
Совхозымыз 1969 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Министрлер Советінің, Қазақ республикалық кәсіподақтар Советінің, Қазақ республикалық кәсіподақтар Советінің, Қазақстан ЛКCM Орталық комитетінің Ескерткіш туын иелік етіп, Еңбек қызыл Ту орденімен наградталды.
Совхоз құрылған кезде біразға дейін көмекші шопан боп жүрдім. Әлі де үйреніп, тәжірибе жинайын дегендік еді оным. Бір күні сол кездегі совхоз директоры Ыдырыс Жұмабеков өз алдыма жеке отар алуым керектігін айтты. Бұл пікірді бөлімше бастығы Төлбай Ашықбаев да құптады.
Олай ойлап, бұлай ойлап — келістім. 750 ұрғашы тоқтыға жеке өзім ие болдым. Бұл 1966 жылдың күзі болатын. Жарғақ құлағым жастыққа тиген жоқ. Қайтер екем, қыстан аман алып шыға алам ба деген күдік те бар. Әйтеуір, бел шешіп, жайланып ұйықтаған күнім аз.
Көктемде тұсақ қоздатқанда, жүзінен 115-тен қозы алдым. Тұсақ қоздаған қазақы қойдан мұншама төл алу рекорд болады екен. Маған рекорды керек емес, малымның шығынсыз, аман болуы керек. Әркім мақтай бастады. Дәріптей бастады. Әлі де тоса тұралық, келесі жылы қандай болар екен деушілер табылды. Meн де соны күтемін. Сонымен 1968 жылы жүзіне 119-дан қозы алдым.
Сенім күшейіп, алғыс молайды...
Басымды изей берем. Адам ғұмыр бойы өз көңілінен кен іздеген геолог сияқты. "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан" деген ақын ойы өмірдегі өз орныңды алданбай, тура тап деп мегзеген ғой. Әркімнің талабы мен таланты дөп келсе, қандай абзал. Сондайда өз орнын тапқанға не жетсін! Талай қайнар көзі ашылмай, талай бастау күн нұрына шағылыспай кеткенде, сонау сәтіне сай келер сағатын қапы жібергенінен емес пе екен?
Жауапкершілік артты.
Мүддеден шығу. Міндет. Парыз. Үміт. Бәр-бәрі қат-қабат. Іштей ширығып, іштей түлегендей болам.
Бұрын күдіктене қарайтындар енді күлімдей қарайтын болды. Ақыл-кеңес беретін тәжірибелі үлкендер де көбейді.
Қай жұмыс, қай мамандықтың болса да басты тірегі — еңбек. Жалқаулық жағаңа жармасса, енжарлық етегіңнен алады. Оларды жұлып тастап қағып кететін құдірет — еңбек, тек қана еңбек. "Еңбегі бардың өнбегі бар", — дейді халық. Соны анық ұғындым. Ұғындым да тыншымадым.
1968-1969 жылдың қысы бүкіл республика үшін ауыр жыл болды. Несін жасырайық, отарын жұтатып, ақ таяғын ұстап қалған шопандар да болды. Ал дәл осы қатаң қысты артқа тастап, 1969 жылдың көктемінде мен отарымды шығынсыз аман алып шығып, саулықтың әр жүзінен 122-ден төл алдым. Сегізінші бесжылдықтың қорытындылаушы жылы. 1970 жылы жүзіне 140-тан айналдырып, осы көрсеткіштерім үшін Ленин орденімен наградталдым...
Награда. Құрмет.
Еңбегің еленсе — құрметте сол, награда да сол. Басқадан артық тұрайын, оқшау, ерекше көрінейін деген тілекпен ешкім мұратқа жетпейді. Жетпек емес. Әркімнің өз жұмысы, өз тірлігі оңдалып, қисыны келіп, бабы табылса, қанат бітіреді. Бағын жандырады. Ол үшін соған құлай берілуі керек. Ол үшін оған атақ, даңққа бола емес, жүрегіңнің қалауымен еңбек етуің керек.
Награда. Құрмет. Құрмет қадірін еңбек адамы жақсы түсінеді. Өйткені ол өз еңбегінің ыстығына күйіп, суығына тоңып қолынан келгенше қоғамдық қазынаның молая беруіне барынша ат салысады.
Награда — еңбегіңнің жемісі, болашақ жұмысыңа міндет те жүктеуші. Осы талаптан төмендемесе, үдеден ұдайы шыға береріне көңіл тоқ.
Шекшек шырылдайды. Боз жусаннан атылып аспандап кеткен бозторғай дірілдеген үнмен тынымсыз сайрайды.
— Тоғызыншы бесжылдықты мерзімінен бұрын орындауға Бүкілодақтық социалистік жарысқа қатысып, міндеттеме қабылдадым. Соған орай бесжылдық жоспарды мерзімінен бұрын 3 жыл 8 ай ішінде орындап шығып, республика озат шопандарының алдыңғы легінен көріндім.
Мен 1970 жылы қайтадан бір отар тоқтыға ие болғанмын.
1971 жылы отардағы қойдың әр жүзінен 115-тен қозы, 1972 жылы —120-дан, 1973 жылы —140-тан, Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесі құрметіне 150-ден қозы алдым.
Жалаң цифрларды айтып кеттім білем. Бірақ табыс нақты санмен өлшенбей ме? Ендеше тоғызыншы бесжылдықта келтірген пайдамды да айтайын. Отарымнан 3 мың 853 қозы аман өсіп, мемлекетке 53 мың 222 килограмм қой еті, 9 мың 680 килограмм жүн тапсырылды.
Жеткен үстіне жете берейін, табысты еселей берейін деген жігер болады екен. Ол —қожырауға да, масайрауға да ерік бермейтін серігің. Соны ойлағанда бүгінің ертеңнің басы боп, бүгінгі биігің келешек асудың етегі боп елестейді де, еріксіз ілгері сүйрейді. Ертіп кете береді.
"Сатан-ау, осынша нәтижеге қалай жеттің? Сенің осы қандай сиқырың бар?" — деп сұраушылар кездеседі.
Менің оларға айтар жауабым біреу-ақ. Ол — еңбек! Еңбегім жансын десең, ерінбе. Ерте тұр, кеш жат. Еңбекті қадірлесең, елің сені қадірлейді.
Менің қыстауымды Аралқұм деп атайды. Жайлауым — Тереңкөл. Осы екі атау мен үшін күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайды десем, бір өтірік емес. Аралқұм да, Тереңкөл де құмды жер. Жазық жер. Құмда алабота, боз, шағыр, изен, жусан мол. Мұның бәрі — қой малы сүйсініп жейтін шөптер. Қандай қуаңшылық жыл болмасын, құмның шөбі үзілмейді. Тырбиып жусан өсіп, алабота, шағыр шығады. Ал енді осы шағыр август айында қойды жақсы семіртеді. Қой өсіру оңай емес. Ыстығына күйіп, суығына тоңып, қиынына көнбесең, өсімі аз, шығыны көп.
Басымнан кешкен бір жайды айтайын.
Мешін жылы қыс қатты болып, көктем шыға жауын құйды да тұрды. Бір толастаған емес. Ол кезде Тереңкөлден үш шақырымдай жерде — Тоғжан моласы басындамын. Жұмысшы қолы жетпей көмекшімді алып кеткен.
Күндіз-түні жалғыз өзім. Көмекшімнің жоқтығы жаныма қатты батты. Майдың 20-сынан июньнің 5-не дейін күні-түні жауған жаңбырдың астында отармен бірге болдым. Жерге қақ тұрды. Әйтеуір, бір абыройы оты мол. Түнде қойдың қасында болып, күндіз екі мезгіл үйге кеп, ыстық шай ішіп жүрдім.
Ол да ұмытылды...
Есіме металлург боп істеген кезім оралды. От-жалынның арасында тұлабойды шып-шып жуған қара терді кеудеңді қайта-қайта желдеткіштің алдына тосып, үгіп алып, тұзды суды шелек-шелек сіміргенде, жаның дәл мұрныңның ұшына келгендей көрінуші еді. Байқап отырсам, оным шалалық екен. Өйткені қалжыраған түрімді көріп қап, сменалық достар әредік көмекке келіп, тыныс алдыртатын. Ал қасыңда көлеңкеңнен басқа көмекшің болмай, тыныс алдыртатын сменалық достарың да жоқ кең далада жалғыз өзің сыр білдірмей, қажырлылық белбеуін қатайта буып ап, төзімділік көрсету, меніңше, нағыз ерлік. Басқа балама іздегім келмейді.
— Жоқ! Ұмытылған жоқ. Үйретті. Шыңдады. Төзімді етті. Бағуын білсе, күйін тапса, қой семіргіш. Аяқты мал өрістеп жайылғанды ұнатады. Ыстық күнде суық су қоң байлайды. Өзім қолдан қазып алған құдықтарымның суы мол.
Тастай суға мейірімі қанған мал жақсы оттайды. Күніне үш мезгіл суарам. Бұл — машықты дағдым. Қол тимейді, бап келмейді деп тартынып қалған күнім жоқ. Ертемен, азанда, түсте сағат 2-де, кешке 10-11-де науаға жауып, әбден қандырам.
Қойда ауру көп болады. Әсіресе жиі кездесетіні — өкпе ауруы. Құрғақшылық жылы шаң көп болады да қойдың өкпесі кетеді.
Өкпе ауруын болдырмау үшін мен қозыларды жеке бағам. Осында көп шопандар қойдан төлді бөлуге ерініп бірге бағады. Төлді қой алысқа ұзай алмайды. Еріксіз шаң қабады. Шаң жұтқан қой боз өкпе болады.
Meн төлді азаннан бөлем. Әйтпесе қой оттан қалып қояды. Таң қылаң бере үй-ішімен оянамыз. Тездетіп қозыларды айырамыз. Содан да қойларым да, қозыларым да семіз болады.
Аз нәрсеге ерініп, көп нәрседен құр қалуға болмайды. Жаңа айттым ғой, азаннан тұрып төл бөлудің машақатын. Ал енді осы қой, қозы күйлі болса, қыстан шығынсыз аман шығады. Еңбек өтеуі — сол.
Кейбіреулер қыстауының маңайындағы жердің шөбін сақтауға аса мән бермейді. Жердің шөбін соны сақтау — үйіп қойған маяңнан артық. Қазақ "Ер қолынан құс тоймас" дейді. Аяқты малды қамап қойып, шөп шашумен семірту қиын. Өз басым үйдің қасындағы соны жерді алтындай сақтаймын. Қар түсіп бекігенше, қойды тебінге салам. Бұның екі жақты пайдасы бар. Біріншіден, қой жақсы тойынады. Екіншіден, аяқты мал жайылып оттаса, семіреді.
Бұл әдеттен жаңылып көрген емеспін. Тіпті боранды, жауын-шашынды күндері де толас-толаста қорадан шығарып, желге қарсы айдап жайып, тойындырамын.
Бір-ақ рет түске дейін шығара алмадым.
"Келісіп пішкен тон келте болмас" Ақылдасып-кеңесіп отыратын достарым бар. Мәселен, Әбділда Xaсенов шопан. Кезінде менде көмекшілік міндет атқарған Оразбаев Бектұрсын, Мұқанов Алдаш, Қабаров Балакелер де бүгінде белгілі мамандар. Мұқанов Алдаш Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің грамотасын алып, елеулі еңбек етіп жүр.
Өтірік, өсекке қыбым жоқ. Өтірікке бармаймын, өсекке иланбаймын. Ағынан жарылғанға ақ көңіліммен ашылам. Қолымнан келгенше көңілінен табылам. Көмек сұрағанға жәрдемім, кеңесім дайын. Осы біздің совхозда екі комсомол-жастар бригадасы құрылды. Оларға да ақылымды айтып, тәжірибемді үйретіп жүрем. Кейде үйренем де. Әр күннің өз сабағы, өз салмағы, өз сыбағасы бар. Тоқып, біліп алып, көтеріп кету керек. Әйтпесе тоқырап қалу оп-оңай.
Өмір үйрену, іздену мектебі. Қанша жасасаң, сонша үйрен дейді. Дүниеде ең жарасымсыз қылық — енжарлық. "Өз ақылым ақыл-ақ, кісі ақылы — шоқырақ" дейтіндер құлшынып қырға шыға алмай, тебініп төбеге көтеріле алмай жол шеті, жар жиегінде күңіреніп, бықсып қала беретінін біле алмайды-ау.
Шекшек шырылдайды. Бозторғай сайрайды. Дала еңбек күйін шертеді.
— Адамға қанат беретін — қамқорлық. Партиямыз бен үкіметіміздің маған көрсеткен сый-құрметі де көп.
Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің төрт медалін алдым. Осы көрме маған "Москвич" машинасын сыйға тартты.
Тағы да бір қуанышты жағдай болды. Малдан келсем, жұбайым Несіпбала гүл-гүл жайнайды. Қолыма бір газетті ұстата берді. Тоғызыншы бесжылдықтағы жоспарымды мерзімінен бұрын орындауыма байланысты Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Советінің хаты екен.
Еңбегің жанғаны осы емес пе?
"...Өзіңіздің семьяңыз бен еңбектес жолдастарыңыз сау-саламат, зор бақытты болып, 1975 жыл мен алдағы оныншы бесжылдықта жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге тілектестік білдіреміз!" — делінген.
...Тілектестік білдіреміз.
Еңбегіңнің нәтижесіне мол сеніммен қарап, бүкіл елің, үкіметің тілектестік білдірсе, одан артық бақыт бар ма?!
Семьяңызға бақыт тілейміз...
Рақмет! Зор бақыт!
Іштей қосылам. Іштей қайталаймын. Алғыс деп соққан жүректің толқыны әр кеудеде аунаса керек. Ол — ғаламат. Әр тамшысына күн сәулесі ойнаған кемпірқосақтың жеті түрлі бояуынан басқа, қуаныш, сүйініш, мейірім, ықылас, сенім тәрізді марқайған мезгілдің нәзік сезімдерін сіңірген алғыс толқыны шынында да ғаламат.
Қойлардың алды көтеріліп, өріске бет алған екен. Сатан тұрып барып балаларының бірін атқа қондырды. Қайта-қайта қай жаққа жаярын қадағалап айтып, пысықтап жатыр. Шалғайына жармасқан кішкенесін құшақтап маңдайынан сүйді де үйіне жіберіп, қасымызға оралды.
Әке жанарында мейірім мол. Тақырлатып шашын алдырған төбесін жайлап сипап қойып және сөйлеп кетті.
— Мен семьяда да аса бақытты жанмын. Жұбайым Несіпбала екеуміз он төрт бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Несіпбала "Ардақты ана" орденін алды.
Тұңғыш балам Жезқазғанда институтта оқыған. Алты бала мектеп қабырғасында жүр. Қалғандары жас.
Балалы үй — базар. Осылар көмекшілерім де, көз қуанышым да, қолғанатым да.
Біздің "Жеңіс" совхозында жүз мың қой бар. Жеріміз Бетпакдаламен пұшпақтасып жатыр. Әттең, су тапшы. Осы жерді суландыратын болса, нағыз қой өсіретін-ақ жер. Суы мол болса, шөп те жетер еді. Сондықтан да суландыру мәселесі — бірден-бір басты мәселе.
Совхозымыздың басшы мамандары — іскер жігіттер. Совхоз директоры да, партком секретары да тындырымды, білімдар басшылар. Олар совхоз еңбекшілерінің мәдени демалысы мен тұрмыс жағдайына айрықша көңіл бөледі.
Совхозымызда клуб үйі, кітапхана, жаңа жобамен салынған он жылдық мектеп, мен еңбек ететін бөлімшеде сегіз жылдық мектеп бар. Орталық мекен көгалдандырылып, су құбыры тартылған. Грейдерлі жол салынды.
Өз басымның жетістіктері де, мерейлері де көп. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указы бойынша 1975 жылы 10 февральда маған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Еңбек Ері... Шексіз құрмет. Жаңа міндет.
Халық білді, елің білді. Ендеше еңбегіңді еселей түс. Міндеттемеңді асыра түс. Ерлік биіктен көріне бер, соған лайық бола біл деген сөз.
Артымды шолсам — ұзақ жол жүріппін. Ұзақ еңбек жолынан өтіппін. Бір тәуірі, жалтақтап, жалтарып қалған жерім жоқ екен. Қиынды жеңіп, қызық та көріппін. Еңбек ете жүріп, зейнетін де тауыппын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына лайық көрген халқым бұдан былай да үнемі зор талап қоя берер. Талап көбейсе, міндет артады, табыс өседі. Жігер ұшталады.
Екі көзін алысқа қадаған қарсы алдымдағы адамға қызыға қараймын. Еңбек десе жанып түсетін шын қайраткер осындай болса керек-ау. Сатан аға әңгімесін жалғады.
— Құрмет тегін берілмейді. Берілген құрметті әманда ақтап отыруға тырыспасаң және босаңсып кетесің. Соны мен мықтап түсіндім. Намыс — жан қайраты. Жанып отырмасаң намыс та мұқалмақ. Бәрінен де бұрын азаматтық парыз кеудеңде шырақ орнатуы қажет. Шырағын өшірсең-ақ, адасуың оңай. Намыс пен парызды қабат жегіп оныншы бесжылдықтағы міндеттемемді орындауға барымды салдым.
Нәтижем төмендеген жоқ. Бесжылдықтың әр жылында орта есеппен әр жүз саулықтан 134 қозы алып, жоспардағы 3175 қозы орнына 4528 қозыны аман сақтап өсірдім. Әр қойдан 4 килограммнан жүн қырқып, бесжылдық жоспардағы 10210 килограмм орнына, 14400 килограмм жүнді мемлекетке өткізіп, парыз уәдесінен шыққаныма қуандым. Отарымнан жоспардағы 137,4 мың сомның орнына 191,5 мың сомның өнімі алынды. Осы еңбектерім үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атандым.
Он бірінші бесжылдықтың алғашқы жылында 916 қозы алдым. Бұл — жоспардағыдан 313 қозы артық. 1982 жылы жүз саулықтан 145 қозы шықты. Намыстың жанғаны осы емес пе?!
Түгіскен топырағын жалаң аяқ басқан бала едім. Ер жеттім. Марқайдым. Бүгіндері қай жақта болмайын туған жер — Түгіскенге сағынып оралам. Өйткені еңбекпен ер атын шығарған әркімнің өз елі, өз мекені, өз жері бар. Менің алтын бесігім — Түгіскен. Бұл арадан қазыналы Жәйремге таяқ тастам ғана. Бұл арадан Жезқазған мен Қарсақпай да алыс емес. Бұл арадан Байқоңырдан ғарышқа аттанған батырлардың ракеталарының жарығы көрініп тұрады. Иә, бұл арадан ұлан-байтақ Отанның бейбіт өмірлі барлық түкпір-түкпірі көрініп тұр.
Бәр-бәріңе сәлем! Түгіскеннен сәлем де.
Ендеше Сатан ағаңның сәлемін жеткізгеніміз осы болсын. Жас достар, аға үлгісін жадыңа тұт.
Жүрейік деп тұрмыз. Естелік болсын деп атақты шопанның үй-ішімен бірге суретке түстік. Сатан ағайдың омырауында қос Ленин ордені мен Алтын Жұлдыз жарқырайды. Жүзінде жарқын күлкі табы бар. Дәл осы қалпында жұмыр жердің ізгі ниетті бар азаматына Түгіскеннен сәлем жолдап, Осы Түгіскен топырағында қайыра қауышуды аңсап тұрғандай көрінді.
Шегірткелер шырылдап, бозторғай әніне басты. Дарқан даланың еңбек күйін тоқтаусыз шертіп жатқандай сезілді.
Дала отының тағы бір алаулаған жалыны артта қалып барады.
***
Тал-шілігі әлі де сақталған, ойдым-ойдым шоқ орманы қойнау куалаған ұзын аққан кең сайды өрлеп келеміз. "Шіркін, су мол болса, мына сала бұдан да гөрі құлпырып кетер еді-ау!"—деген құштарлықпен жан-жағымызға жалтақ-жалтақ көз тастаймыз. "Ертеде анау төстабанда әр тұста бір мөлдірейтін өзен сағасы тұщы суға мөлдектеп жатқанда,бұл араның шалғыны белден кеп, тоғайы тұнып тұрды-ау. Нағыз жер жаннаты болған ғой" дейтін қиялды тамсана жұтып, аздан соң қабырғасының жобасы ғана қалған ескі қыстаудың қасына тоқтадық.
— Неге тоқтадық? Мынау әбден тозған қыстау ғой, папа!
— Бұл қыстау — Сәкен Сейфуллиннің дүниеге шыр етіп келіп, болашақ ғұмыр жолының сан қилы соқпағын бастатқызған кіндік кескен жері. Атақты ардагер ақын, көрнекті қайраткер, қажырлы большевик, кемеңгер жазушы Сәкеннің өмір қақпасын ашқан мекен-жайы осы Қарашілік.
Алмас енді елегзи қалып, қыстаудың тасын алақанымен сипалады. Бірақ көңілінде құлазу мол. Көңілімде құлазу бар.
Барымызды бағалай алмай жүрген қырсыздығымызға деген өкініш әлде осынау сұлу өлкенің сұрқын алардай тастан қашаған қабырғаның әбден жүдеуленген тұрпатына деген өкпе ме, балам екеуміз тіл қатпаймыз.
Елім деп еңіреген Ерін елі ұмытуға болар ма? Мына ұмытылмас жерді жаңғыртып, белгі қойып, жұрт жадында қайта тірілтер естелік "Сәкен Сейфуллин біздің ауылда туған", "Жоқ, біздің ауданның территориясында туған", — деп әлі күнге дейін таласып жүрген Жаңаарқа мен Ақадыр аудандарының басшыларына жетер ме? Жетпесе, құлаққағысымыз осы болсын. Революция солдаты, Ақмола совдепін құрушылардың бірі, атаман Анненковтың азап вагонын бастап кешкен, Омбы түрмесінен қашып шығып, Бетпақ арқылы Түркістан асқан қазақтың аяулы ұлы, аса көрнекті ақыны, республика Халық Комиссарлар Советінің председателі болған Сәкен Сейфулиннің қазіргі Ақадыр ауданының территориясында жатқан, дүниеге келген, кіндік қаны тамған қыстауын жөндеп, басына белгі қоятын мезгіл баяғыда жеткен еді ғой...
— Сәкен — ақын еді, балам... .Сәкен — азамат еді. Ол ақындықты елінің болашағына арнады. Күрес жолында ту ғып ұстады. Ақындықты өз дәуірін халыққа түсіндіру үшін таптырмас серік етті. Ақын азаматты қалай дәріптеуге де сыяды.
— Мұқатай Жәнібеков ше, папа? Ол да осы өлкенің азаматы ғой.
— Иә. Ақынды да, батырды да, жалынды революционерді де туғызған өлкең осы, балам. Мұқатай туралы еске жақсы түсірдің.
— О л кісіні Угар деп те атайды ғой.
— Жауына қатал, дұшпанына қырғидай тигендіктен достары солай атап кеткен. "Угар" яғни ұлы газдай, түтіндей қаһарлы болған ғой. Мұқатай Жәнібековтың жасынан көрмеген құқайы аз емес екен. Он жасында-ақ байдың жалшысы болса, арман қуған асқақ тілегі Омбыға жетелеп апарған. Темір жолда істеткен. Он сегіз жасында 1905 жылы Чита маңындағы Замятин шахтасында істеп жүріп жұмысшылар ереуіліне қатысқан. Шахтадан қуылған соң Лена кеніне жұмысқа орналасқан Мұқатай 1912 жылғы атақты жұмысшы қозғалысы — "Лена қырғынына" араласқаны үшін он екі жылға жер аударылған. 1917 жылы босанып шығысымен Жәнібеков Омбыдағы совдеп жұмысына белсене араласып, азаттық таңын туған жерге тезірек атқызуға күш-жігерін аямай жұмсаған. Қазақ жігіттерін Қызыл гвардияға кіруге қызу үгіттеген жас коммунист Омбы маңында ақ бандылармен болған шайқаста тұтқынға алынып, ату жазасына кесілген. Қамаудан қашып шығып, Ақмола облысындағы астыртын большевиктік ұйымның басшыларының бірі болған Мұқатай Жәнібеков өмірінің соңғы жылдарына шейін милиция бөлімдерінде қызмет еткен.
— Өмірі ерлік пен күреске толы қандай аяулы азамат болған, папа!
— Иә! Азаматын ардақтауды, асылын құрметтеуді халық ескеріп отырған ғой. Сәкен Сейфуллин де Мұқатай Жәнібековты қатты қадірлеп, оның өмірін жас ұрпаққа үлгі қылып айтып та, жазып та кеткен. Ал Сәкен Қазақстандағы саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, жауапты қызметкерлердің көбіне адамгершілік, мінез-құлық жағынан қатты ықпал жасаған қоғам қайраткері еді.
Сәкеннің өмір жолы — әдебиетіміздің жолы ғана емес, республикамыздың өсу, өрлеу, кемелдену кезеңдері. Сәкеннің өлеңдерін қайталап оқып отырғанда жаның тебіренеді. Ол мүмкін оның романтикалық поэзиясының әсерінен де шығар. Сол жырларындағы заңғар таудың шыңында ғана сақтар сыр сандығының баршаға тегіс ашылған өзектес құпиясында шығар. Сәкеннің "Тар жол, тайғақ кешуін" оқығанда, Қазақстанның алғашқы жылдарындағы мәдени және қоғамдық өмірі жақындап келіп, құлағыңа тіл қатып тұрғандай сезінесің. Мүмкін ол ұлы жазушының жүрек қылымен жүрек қанын сия етіп жазған өсиеті мен өнегесінің жүректерде қалтқысыз сақталуынан болар.
Сәкенді көргендер әлі де көп. Көрмегендер ол туралы қаншама аңыз-естеліктерден біледі. Бірақ көрмегендердің өкінішін, көргендердің ынтығуын ескеру қажет қой.
Ауылының ғана емес аймағының ардақтысы еді. Ол үнемі көш басында жүрді. Жаңаға жол салу оңай болмайтын. Үкімет басшысы, газет редакторы, жаңа ашылған жас журналдың да тұңғыш бас редакторы болған жалынды қаламгерді ел есінде мәңгі жаттату — баршамызға борыш. Осындайда, Алмасжан, ақын атындағы совхоздың республика Жазушылар одағына айта-айта әбден жалыққан бір тілегі ойға оралады. Ол тілек — Сәкен Сейфуллин атындағы әдебиет сыйлығын совхоздың өзі тағайындап, жыл сайын соған лайықты лауреаттарды өздері белгілеп отыру. Осындай ізгі тілектер оң қабақ кездестіретін болса, онда Сәкен сынды әдебиет алыбының кіндік қаны тамған туған жерінде де, Алматыда да, ескерткіштер қойыларына еш шүбәланбас едік. Жезқазған өңірі әнші мен күйшіге, ақын мен жыршыға ешқашанда кенде болмаған. Ол — жыр кені, күй кені, ән кені.
Ақын Тайжанды бүгінде ел біледі. Жырынан сусындайды. Ақын, әнші Шашубайды халқы ардақтайды. Әнін аспандата салады. Ал Сәкен — жазба әдебиетіміздегі шыңымыз. Қазақ совет әдебиетінің ірге тасын қалаушылардың бірі.
Шашубай, Тайжан — көмекейі бүлкілдеген, шашасына шаң жуытпас жүйріктер.
Сәкеннің "Тау ішіндегісін" тау ішінде келе жатып үзілте, үздіктіре созғанында өзіңнің ішкі жан сарайың кеңіп, дүние асқарланып сала бермей ме? Әрине, сазына сөзі, сөзіне сазы сай әнге қалай елжіремессің?
Алдыңнан ақ қайың жасыл желегін бүркеніп сылаңдап шыға келеді сондайда. Шашубайдың "Ақ қайыңын" қалай ыңылдап кеткеніңді білмей қаласың. Қамығасың, мұңаясың. Өткен өмір жолына зердеңмен көз жібересің. Қайтадан ширығасың. Қажырлана түсіп, қайсарлық жалына жармасасың.
Ән — құдірет.
Туған жыр туған жердің жебеушісі екен-ау. Ол уайым төкпеген, қайрат сепкен, қажыр еккен. Олар — Сәкеннің әні мен жырында, Шашубай мен Тайжанның толғауларында.
Жыр — көңіл күйдің лықсып, түйдек-түйдек төгілген ыстық шарпуы. Өмір тәжірибесін түйіндеп, өшпенділік пен кекті, сүйіспеншілік пен әрекетті жүрек қанында балқытып, кесек-кесек маржанын халқының кеудесіне құяды.
Ескі өлеңде жаңа мазмұн бар. Ескі әуенде жаңаша үн бар. Оларды ел ұлдары туғызған. Олар қара түнектен жылтыратып шырақ жаққандай көңіл күмбезіне әні мен жырынан жарық түсіреді.
Ән — өмір серігі, жан іңкәрі. Жылқышы құрығына сүйеніп айлы түнде ән салғанда белес-белестің астындағы ауылдың ақ боз үйінде тыпыршыған бойжеткеннен ұйқы қашатын. Қой күзеткен қойшының қоңыр әуенінде үміт пен күдік арпалысы шарпысып, талайдың жанына елегізу енгізетін.
Ән мен жыр — арманшыл халықтың қос қанаты. Талықсып жер түбінен жеткен әнді жеті қараңғы түнде кірпік қақпай тыңдаған талай мұңлықтар өтпеп пе еді. Бірақ оларды да тыншытқан, құмар сусынынан қандырған ән әуені ғой.
Халықтың арманынан туған ән көп. Еріннің еміренуінен басталған әуен көп. Ол аспанға тік шаншылып, еркіндік аңсаған. Қазақ әндерінің ә дегеннен биік шырқауға басатыны содан. Тәкаппарлық — теңдіктің, бостандықтың ағайыны. Сондықтан шу асудай аспанға шапшитын ән-әуендерімізде азаттықтың бұлқынысы басым.
Сағыныш саздары да бөлек бітіммен өмірге келеді. Сәкеннің көп әуені сол сағыныш сезімнің мөлдірінен жаралған. Онда аңсау мол, зарығу бар. Бірақ бәрінен бұрын намыс шарпысы алаулайды. Күйректікті емес, жігерді ұштау көп. Жастықты емес, жарғыласуды уағыздайды. Содан да болар, ол әндерді айтқанда еріксіз шамырқанасың, еріксіз тебіренесің. Өйткені туған жерге деген махаббаттан ерлік туындайды. Ерлік әрекетке бастайды. Азаматтығыңды шыңдайды.
Ән — әділет. Күй — құдірет. Екі ішекте әлем үні тоғысқан. Боздаған, бебеулеген, уілдеген, уһілеген, ашынған, шамырқанған, елжіреген, емінткен, дірілдеткен, қалтылдатқан, құрсатқан, қалшылдатқан құдірет қос желідей қатар сұлаған қос ішекте.
Тыңдай білген, сезе білген, түсіне білген жанға домбыра қасиеті керемет. Ол — қу қарағай емес, халық тілі, шежіресі, тарихы. Домбыра шанағында ғасырлар тылсымын бауырына басқан құпия қойма бар. Тиегін дұрыс қойып, пернелерін орнына орналастырып, он саусақты жүйткіте білген адам әлгі тылсым қоймаға сүңгіп кетеді. Құпиясын ашады. Қазынасына енеді. Шежіресін ұғады, тарихын таниды. Әр күй сол сырдың кілті екен. Ақтарылып кетер шешен тілі екен.
Күй — күндер елесі, жылдар жазбасы, ғасырлар куәсі. Жазу-сызуы болмаған халқымыз өткен ғұмырлық баянын әні мен күйіне сыйғызған. Күйді тыңдағанда күңіренген елдің күрсінуін естуіңіз де сондықтан. Күйді тыңдағанда сапырылысқан елдің атойлаған айбатын ұғынуыңыз да сондықтан.
Күйді күйші туғызған. Күйшіні ел күйі туғызған.
Әр адам әр түрлі шамырқанады. Әр түрлі сес қылады. Біреу күйрейтін жерде біреу құдіреттенеді. Құдіреттенген көңілден шабыт еседі. Шарқ ұрып көкке ұшады, кеудеде шарпысады. Содан он саусаққа оралып, қос ішектен намыс боп, кек боп, арман боп, қиял боп, үміт қуалап төгіледі. Жігер егіп, жұртының алыс болашағына тілек көзін қадалтады.
Жезқазған өңірінде сондай ұлы күйшілер көп болған. Ол — атақты Тоқа күйші. Олар —қызық үшін емес, қыздыру үшін, құлшыну үшін күй шалған Қыздарбек пен Әбдилер.
Тоқаның төрт "Қосбасарын" Мұхамеджан Тілеуханов шерткенде, өмір иірімдерінің қат-қабатына жаныңмен, жүрегіңмен қалай араласып, қалай елжіреп, қалай ширығып, қалай қамығып, қайтадан қалай буырқанып шыға келгеніңді білмей де қаласың. Тәттімбет мектебі — шертпе күй десек, сезім қылында ойнайтын жүйрік саусақтар, Тоқа саусақтары арқылы көңіліңнің нәзік пернелерін түрткілеп, шымырлатып жатпай ма!
Мұхамеджан Тілеуханов — Жаңаарқа ауданының экономисі атақты Тоқаның өзі боп, көзі боп сергек "Қосбасарлармен", ақыл мен сезім түйсіктерін қос-қосымен майда сипай басып, елжіреген жаныңды көз ұшында дірілдеген жаспен әлдебір ұшпаққа шығарып бара жатпай ма!
Әне, күй — құдірет дегенде мен осындай әсерлерге жүгінем. Тоқаның "Қосбасарларына" бас ием. Тілеухановтың домбырашылығына тізе бүгем. Маған әншілік пен күйшілік, жалпы әсемдік шыңы — серілік облыстың Жаңаарқа ауданына тұрақтап, мекендеп қалғандай жарқын ой қалдырады. Өйткені осы ауданның қай совхоз, қай ауылын араламаңыз — әні мен күйі, жыры мен жыршылығы алдыңыздан тосады да отырады. Тандайынан бал тамған Шабал Бейсекова мен көмейінде қоңырау сылдыратқан Қайрат Байбосыновтардың осы ауданнан шыққаны сөзімізге дәлел. Әншілік дәстүр жаңаарқалыктардың басқалардан гөрі басымырақ еншілеген сыбағасы сияқты көрінеді де тұрады. Содан ба Игілік Омаровтың ән шырқау мәнері қазақтың дербес өнерін сақтап қалған ерекшелігімен маған қатты ұнайды.
Қыздарбек, Әбди.
Бұлар — Тәттімбет шәкірттері. Шертпе күй сарбаздары. Бүлкілдеп жорғалаған нәзік үн қиялыңа қанат байлап, өмір — тірліктің қай-қай қиырына жетектемейді. Қыздарбек пен Әбди күйлері сондай. Кеш естіп, кеш ұғып, кеш іздеп, кенжелеп жүргеніміз болмаса, Әбди мен Қыздарбектерден алатын қазына қаншама. Жезқазған өңірінің асты тұнба қазына болса, халқы, халқының ұлдары сондай өнер қазынасының, өнер кенінің дариясы ғой.
Ауылда ән айтылмаса — сәні қашады.
Әні шырқалса — сәні, салтанаты оралады.
"Ауылдың алты ауызы" мен "қонақкәделері" өнерпаз елдің өнерін шындаған дәстүрі.
Ол — ана әлдиінен басталады.
Жел суылы ана әлдиінің қайырмасын көтермелеп әкетеді. Ши шуылы, боран ызыңы, қамыс-құрақ сыңсуы ән-әуенге ұласады. Дала мен қырдың табиғатының өзі-ақ тұнып тұрған саз. Үйрене білу қажет, ұғына білу ләзім.
Майталман күйші Әбікен Хасенов Ақадыр ауданынан шыққан. Әбікеннің күйші, домбырашылығына Сәкен Сейфуллин аса тәнті болған.
Ал Сәкеннің талғампаздығына шүбә келтіру артық шығар.
Ән мен күй ылғи да әсем. Әсемдікке еліткен көңіл әманда сыршыл. Сыршыл Сәкен Әбікенді түсінген. Сырбаз күйлеріне ұйыған. Сырлы жүрегіне табынған. Он саусағына елжірей телміргенде, өз көңілінен де өміршең жырлары ақтарылған. Үміт пен сенімнің тілі — күй. Ол— рух пен жанның елшісі. "Күймен ауызданған сәби құрыққа ұмтылмас" деп әкем айтатын. Құрық дегенде мал ұстап, қауға тартатын шыбықты емес, шеңгелдеп қысып, шеке жаратын сойылды ескертетін. Ән шығарғанның жаны нәзік болатынына еш күмәнім де жоқ.
Бүгінде еркін елдің әнін тауымыз бен даламыз қосылып айтады. Бүгінде азат халықтың қуанышты күйін көліміз бен беліміз қосылып шертеді.
Өйткені шаттанған жүректен өтер шабытты жүрек болмайды. Ән — өкініш пен қуаныштың перзенті. Күй — күйік пен шаттықтың сығындысы.
Бұрын ән жас төккізетін. Күй күрсініс беретін. Ал бүгін әнде күлкі көп, бүгін күйде серпін мол. Ол бүгінгі жасампаз тірлігіміздің әсерінен.
Өлеңді бүкіл ел түсінсе ғой, барлық жұрт, бүтін әлем халқы түсінсе ғой. Сонда "Елім-ай" айтылған кезде жоңғар шапқыншылары тоқтар еді-ау. Қырғын-сүргін басылып,туысқандық сезім орнар еді-ау.
Амал не, қанжар қақтығысы найзағайдай от шағылыстырып, найза шыңылы жүректегі әнді қорлаған кездер көп болған. Талай қылыш талай басты қиып түсіп, алыстан үміт күткен талай аяулы арманды үзіп кеткен. Көкірекке кірш етіп қадалған сесті көк сүңгі талай кеудеден құйылар тәтті әуенді бұзып кеткен. Соғыс қатыгездігі де сол.
Бірақ жүректі жүрек ұғынады екен. Жүрек үні — жүрек әнін ән жатырқамайды екен. Октябрьде туған революция әуендері қазақ даласына кең тарады. Еркіндік аңсаған қуатымен, азаттық көксеген серпінімен қанат жайды.
Сол өршіл әуендердің көшбасында "Интернационал" тұр.
"Бұл болар ең ақырғы,
Ең күшті зор майдан", —
деп әкем қоңыр даусымен айтатын.
"Интернационал" шын мәніндегі интернационалды қазақ даласына жеткізді.
Өнердің нұры шұғыла шашты. Сол нұрдың сәулесі көп жүректерді жаңаша сайратты.
Сол жаңаша сайрағандардың бірі — әнші Манарбек Ержанов. Сол жаңаша сайрағандардың дүрі — балқаштық Күләш Байсейітова. Көкше теңіздің маңында туған жас бүлдіршін жаңа заманның тәрбиесінен өтті. Жаңа дәуір Күләшті бүкілодақтық сахнаға шығарды. Жиырма төрт жасында КСРО халық артисі атағын алған Күләшті — шығыс бұлбұлы деп ұлы Отанымыз аялап алақанына көтерді.
Әнді ән ұғады екен. Әншіні әнші түсінеді екен.
Атақты орыс әншісі Барсова Күләштің даусына ғашық еді. Қызығуын, құрметтеуін, алғыс сезімін жасырмай, ашық жазып отырған. Бұл шын таланттың бірін-бірі қолдауы, көтермелеуі, дем беруі. Қызғаныш жүрген жерде күйкілік қосарлана ілесетінін сезінген үлкен жүректің риясыз мерейленуі.
Күләш қырда туып, түзде талпынып, Алатауда қанаттанып, әлем көгіне көтерілген қазақтың тамаша дарынды қызы.
Жезқазған облысында Күләштің ізбасарлары көп. Халық — қайнар көзі. Буын-буын ұрпақ өкілдері толқын-толқын көтерілетін таланттарын туғызып та жатыр. Әлі де туғыза бермек.
Облыс құрылысымен-ақ облыстық филармония шаңырағын көтерді. Халық творчествосы үйі мен облсофпрофтың көркемөнерпаздар үйі жұмыс істей бастады. Облыстық кітапхана, екі тарихи өлкетану музейі ашылды. Бүгінгі Жезқазған облысында үш жүзден астам клуб пен мәдениет сарайлары, 420 кітапхана, 50 автоклуб, 190-ға тарта киноқондырғы бар.
Жезқазған өнерінің жаңа отауы — облыстық қазақ драма театры ұйымдастырылып, өз спектакльдерін жұрт назарына ұсына бастамақ.
Өнер шаңырақтары... Тағы да дерекке жүгінейік. 1906 жылғы "Вестник просвещения" журналының сарғайған беттерін парақтағанымызда әлгі журналдан мынандай сәуегейлікті оқып, таң қалғанбыз: " ... При таких темпах образования общая грамотность в России будет достигнута к 2186 году, а в Туркестанском крае — к 4600 году"...
Таң қалғанбыз. Әрине, бүгінгі дәуірдің, социалистік құрылыстың қарышты қадамымен өлшесек, таң қалмасқа шарамыз да жоқ. Ал осы ғасырдың алғашқы жылдарында патшалық Россияның түнек қойнында қыбырсыз жатқанын ескерсек, онда Россияда жаппай сауаттылықтың патша заманында 2186 жылы, ал Түркістан өлкесінде, ягни бүгінгі Орта Азия республикалары мен Қазақстанда 4600 жылдары орнайтынына дауымыз жоқ.
Жаңғырған өміріміздің құдіретінің ықпалды көрінісі де осы мысалдан анық ашылмай ма.
Біздің жаппай сауаттылықты місе тұтпай, өнер мен мәдениеттің жаппай дәуірлеуіне құлшына кірісіп жатқанымызды бүкіл әлем біледі.
— Атақты ғалымдар, ақын-жазушылар, белгілі спортшылар, артистер Жезқазған облысынан көп шыққан ғой, папа, — деп Алмас намысқа қызды.
— Иә. Ғылым шыңына көтерілген бұл өңірдің азаматтары жеткілікті. Олар Қазақ КСР Ғылым академиясының академиктері — Өмірхан Байқоңыров пен Орынбек Жәутіков, КСРО Педагогикалық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Серік Қирабаев, филология ғылымдарының докторы Әсет Болғанбаев, белгілі жазушылар Ісләм Жарылғапов, Камал Смайылов, Жеңіс Қашқынов, Ақселеу Сейдімбековтер...
Спорттан да облыс түлектері ел аузына жиі ілініп жүр. Мұнда, әсіресе Жаңаарқа ауданындағы "Жас сұңқар" спорт мектебінің үлесі ерекше. Самбо мен қазақша күрестен бірнеше КСРО спорт шеберін даярлаған жаттықтырушы Диқанбай Биткөзев пен мектеп директоры Ғазымбек Жарылғаповтың еңбектерін ерекше атап өту керек.
— Папа, Киікте туған Берік Нұрмағанбетов ше?
— Иә, есіме жақсы салдың! Ініміз Берік Нұрмағанбетов — еліміздің абыройын талай шетелде қорғаған үздік боксшылардың бірі. Киік аты тағы аталған соң қазақтың халық әнін домбырамен аса мәнерлеп, құлпыртып айтатын Ләззат Сүйіндікова апайымызды ұмытуға болар ма? Ол кісі де Киік топырағының, Жезқазған облысының перзенті. Көрдің бе, Алмас, білім мен өнер шарықтаған жерде азаматтарының даңқы қалай қалықтайтынын.
Мұндай табыстарымызға қастарымыз күйінеді, достарымыз қуанады. Сол қуанышты еселейтін жезқазғандық өнерпаздар арасынан әсіресе үгіт бригадалары мен автоклуб жұмыстарын ерекше атап өтер едім. Облыс құрылғаннан бергі уақытта клубтарда 500-ге тарта көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс істейді екен. Бұларда жеті мыңнан астам өнер әуесқойлары бар. 1972 жыл мен салыстырғанда ауылдық, селолық өндірістік талапкер артистердің саны төрт есе өсіпті. Он шақты өнерпаздар коллективіне халықтық деген құрметті атақ берілген. Музыкалық-хореографиялық "Ұлытау" ансамблі және Ақтоғай ауданының "Тоқырауын толқыны" атты ән-күй ансамблі алғаш рет Жеңістің 30 жылдығына арналған республикалық байқауда лауреат атанған болатын.
Осындай мақтаулы ансамбльдер: "Балхашские зори", "Жезді жұлдыздары" (Жезді ауданы) "Ақсу-Аюлы" (Шет ауданы), "Арқа самалы" (Ақадыр ауданы), "Жаңаарқа" (Жаңаарқа ауданы) және қазақ хоры "Тay гүлі" көптің ықыласына бөленген.
Әсіресе "Ұлытау" ансамблін ерекше атап өтуді ләзім көрем. Халықтың дәл ортасынан шыққан нағыз дарындарды ұйымдастыра, ұйыстыра білсе, шын өнер құдіреті құлпырып сала береді. "Ұлытау" — сондай ансамбль. Асыл матадан ескі үлгімен олпы-солпы киім тігуге болады. Етегің шұбатылып, жеңің тізеңді соғып, жағаң жайлауға кетіп, ұсқыныңды қашырмай ма ондайда? Асыл матадан жаңа үлгімен тігіліп, денеңе құйып койғандай қонымды әрі лайықты, белі бүрілген, етегі сырылған, зері жүргізілген әсем бешпент, шапан қандай жарасар еді!? Ескі ән жырдың жаңаша мазмұнын тауып, мағынасын кеңейтіп, ұлттық әрін тың нақышпен жеткізгенде халық әуені қалай құлпырмас екен! Өйткені ән мен жыр — халықтың жаны мен сезімі. Жанын жайып салып, жүрек сезімін ән-жырымен, көңіл-күйімен жеткізіп жатқан халықты бүкіл әлем түсінсе керек.
"Ұлытау" ансамблі осындай шеберлікке жете білген. Жүрек тілін қыл ішектер мен клавиштерде ойнатқан. Жан сезімін жаңа ішектер арқылы жаңаша лүпілдеткен. Ендігі әуендерінде мұң жоқ. Мұңсыз тірліктің лепірген қуанышы ғана бар. Ол — көңіл қоздырар тамаша биінде. Еңбек мерекесін жырлаған шабытты әнінде. Он саусақтың сезімді ұшынан төгілген сергек күйінде.
"Ұлытау" ансамблінің артистері — қарапайым еңбек адамдары — малшы, егінші, тігінші, есепші, мұғалім, дәрігер — әуесқой өнерпаздар. Бірақ "Ұлытау" ансамблінің әр мүшесі шын мәніндегі жанымен артист жандар. Себебі Ұлы Ұлытау өңірінің атын тағы да алдымен республикаға, содан кейін Отанымызға, тіпті шетелдерге танытқан да осы "Ұлытау" ансамблі.
Ұлылықты ұғына білген жан ұлылық туғыза алады. "Ұлытаулықтар" — ұлы өлкесінің бай тарихын, жомарт мінезін, кең құшағын, қазыналы қойнын, ырысты өңірін түсінген жандар. Өйткені бірі астығын, бірі малын, бірі кенін өндіріп жүрсе, кейбірі тарихын зерттеп, өнегесін ұрпақтардың зердесіне құйып жүрген азаматтар. Қуанышына ортақтаса алмаса, қуанышқа толы сазды сала алар ма еді?! Табысына тасымаса, тасқынды күйді құйқылжыта алар ма еді?! "Ұлытау" ансамблінің ауызға ілінуінің ең басты себебі де туған жердің қасиетті қадіріне исініп, сол туған жердің қасиетін шарықтатқан ән мен күйді жүрегімен жеткізе білуінде.
"Ұлытау" ансамблін алғаш рет Алматыда Қазақстан комсомолы XIII съезінің делегаттары тыңдаған. Тыңдаған да, шеберліктеріне аса тәнті болған. Құлшына қол соққан.
Бір ғана жағдайға ой жіберейікші.
Жас ансамбль. Жастар, комсомолдар. Бірі — орындаушылар. Бірі — тыңдаушылар.
Өмірдегі сәйкестік дейсің бе? Сәттілік дейсің бе? Әйтеуір, жас ансамбльдің жұлдызы жануға соншама дөп келген аудиторияны байқайсың ғой.
Жастық әуен жас кеуделерге шымырлап құйылып, өнерге талпынған жас шеберлердің қуанышына ортақтастырған. Мақсаттарына жігерлендірген.
Әрине, "Ұлытау" ансамблін басқа аудитория тыңдаса да дәл сондай ықыласқа бөленер еді. Дегенмен жас ансамбльдің тұсаукесерін жасаған жас құрбы-құрдастардың кездескенін өз басым жақсы ырымға балаймын.
— "Қанат қаққан сайын қатаяды" демей ме, папа?
— Иә! бұл нақылды қанша қайталасақ та артық емес. Алматыдан әсерленіп қайтқан ансамбльге көп ұзамай сүйініш хабар жетеді. Өнерпаздардың шеберлігін байқаған республикамыз енді жас ансамбльді Москваға жібермек болыпты.
"Ұлытау" ансамблі астана жұртшылығына творчестволық есеп беруі тиіс екен. Бұдан артық сенім болмас. Ұлытау шындарында жаңғырған ән Москва сахнасынан қайта самғамақ.
"Ұлытау" ансамблі москвалықтарға да қатты ұнады. Асқақ әнімен Сарыарқа көшіп келгендей болып еді сонда. Ән құдіреті талғампаз астаналық көрермендерді сүйінтіп еді сонда. Кұйқылжыған күй көп домбыраның күмбірлеген ішектерінен үйлесе шығып, үндесе төгілгенде, жаңарған өлкенің жасампаз тамыры тулай соғып тұрғандай болып еді сонда.
"Жезкиік" арман әр кеудеде бұлықсыған-ды. «Жезкиік» жылдамдық өміршеңдікті алға ұстаған.
Өрнегі мол, иірімі көп халық билері ұлттар достығының символын мадақтаған. Достық пен туысқандықтың құдіретін пайымдатқан.
Ұлытаулықтар сонда бүгінгі күннің асыл шуағына бөленген жүректерінің лүпілін ән-жыры арқылы москвалықтарға сыйлаған. Халқының жомарт жанының кемдігін, кереметтігін жеткізген.
Москвалық жұртшылық жас ансамбльді жылы қабылдап, тебірене ризашылық білдірген-ді.
Сол сапарда "Ұлытау" ансамблі жұлдызды қалашықта космонавтар алдында концерт беріп, үлкен ілтипатқа бөленген-ді. Ұлытаулық — космонавтар ұлытаулық жерлестеріне шын көңілден алғыс айтып, жаңа творчестволық табыс тілеген еді.
Ғарышқа жол салған космонавтар өнер өріне талпынған шын мәніндегі жерлестерін солай қуана қарсы алған. Солай тілектес боп қалған. Тілектес, дос тілегінен өтер демеу болған ба?! "Ұлытау" ансамблі Герман Демократиялық Республикасының 25 жылдық тойына қатынасып, қазақ әні мен күйін неміс жерінде шалқытқан. Сонда әнпаз Арқаның мәні мен сәнін неміс халқы әбден түсінген. Күй боп күмбірлеген кең даланың лебізін ансамбль арқылы ұғынған.
Халықтар бірін-бірі түсіну үшін де жыр тілімен табысуы керек екен.
Ұлы Отан атынан сайраған "Ұлытауды" ұлы елдің ұл-қыздары құшақтарына қысып, төсіне басқан. Өнерімен сүйсінтіп, өнегелі ісін абыроймен аяқтаған.
Ауылдан шыққан "Тоқырауын толқындары" ансамблінің де жеткен жолы ұзақ, алған биігі ауқымды.
Тоқырауын суындай сыңғырлаған әсем әнін, Қызыларай шапағындай асқарда дамылдайтын шырқау сазын, буырқанған күйін, мың бұралған биін бірінен-бірін асыра орындайтын бұл ансамбльдің мүшелері сайдың тасындай іріктелген майталман өнерпаздар.
Ұлы жеңістің 30 жылдығын тойлау кезінде творчестволық есеппен Москва жұртшылығына концерт қойған, Исландияға еліміздегі ансамбльдер ішінен екінші боп барған "Тоқырауын толқыны" ансамблінің келешегі мол.
Арқа елі — ән мен жыр елі. Ән мен жыр бұл өңірді еліне танытты. Әлемге атын шығарып, әр елден туыс, дос тапқызды.
Ұлытау мен Қызыларай шыңдарында бүгінгі шаттық өмірдің екпінді қайырмасы жаңғырады.
Көкше теңіз — Балқаштың толқыны күй ырғағымен толқиды.
Кенді Қоңыраттың, кенішті Жезқазғанның, жомарт Жәйремнің, кішкентай Киіктің қыры мен қырқасы, төбесі мен белесі жыр боп кеудеге құйылады.
"Арқа өңірінің мәңгі аяқталмас ән мен күйінің күмбірін жүректеріңіздің дүрсіліне қосып алыңыздар, ағайын! Арманға жеткізер әуен аз ба еді!"— дер едім мен бар даусыммен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі