Өлең, жыр, ақындар

Бунге киікоты, райхан

Бунге киікоты, райхан (зизифора Бунге, лат. Ziziphora bungeana) биіктігі 40 сантиметрге дейін жететін, көп жылдық, жартылай бұталы өсімдік. Бұтақтарып сұр түсті, төмен салбыраған қысқа, бірақ қалың түк басқан. Жапырақтары жіңішке, ұштары сүйір. Гүлдері майда, қос ерінді, ашық қызыл түсті, кейде көкшілдеу болып келеді. Гүл сабақтары қысқа, гүлдері өсімдіктің жоғарғы жағында шоғырлана орналасқан. Маусым-шілде айларында гүлдейді, тұқымы шілде-қыркүйек айларында піседі. Ол таулы жерлерде, тастақты беткейлерде, далалы аймақтардағы төбелердің етектерінде кездеседі. Дәрі үшін гүлімен қоса жоғарғы жағын да пайдаланады. Оның құрамында алкалоидтер, гликозидтер, органикалық қышқылдар, эфир майлары, С витамині және басқа да заттар бар.

Қазақтың халық медицинасы бұл өсімдікті ерте кездеп-ақ жүрек ауруларын, атеросклерозды, асқазан ауруларын емдеу үшін қолданып келді. Орта ғасырдың белгілі ғалымы Авиценна бунге киікотының (райханның) шипалық қасиетін жоғары бағалап, оның жапырақтарын іріңді жараларды емдеуге пайдаланған.

Ф.М.Жұмағалиева бастаған бір топ қызметкерлері бунге киікотының (райханның) емдік қасиеттерін, құрамын толық зерттеп шықты. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде бұл өсімдіктен жасалған дәрілердің қан қысымын төмендететін, несеп жүргізетін, жүрек тұсының ауырғанын басатын, ұйқыны реттейтін қасиеттері бар екендігі анықталды. Осыған байланысты соңғы кездерде инфаркты, атеросклерозды, гипертонияны және асқазан ауруларын осы өсімдікпен емдеу арқылы өте жақсы нәтижелерге жетуге болатыны белгілі болады.

Бунге киікотын немесе райханды дәрі үшін дайындап, былай пайдаланады. Өсімдіктің кептірілген 1 ас қасығын 1 стакан қайнап тұрған суға 1 сағат тұндырып, 1 ас қасықтан күніне үш рет ішеді. Емдеу мерзімі 5 аптаға дейін созылады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер