Әр кезеңнің өз ұрпағы, әр ұрпақтың өз таным-түсінігі, көзқарасы бар. Әр заманның заңы басқа демекші, сол заманға үйренген ұрпақтың да мінез-құлқы бөлек болады. Ендеше Z-ұрпақтың алдағы тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрпы қалай болмақ әрі олардың еңбек нарығына жаңа тренд әкелгені рас па, соларды қарастырып көрейік.
1990-жылдардың басында АҚШ социологы Уильям Штраус пен Нил Хоуви екеуі әлеуметтану саласына жаңаша түсінік әкелді. Y-ұрпақ, Z-ұрпақ, Альфа-ұрпақ деген ұғымдарды негіздемек болды. Жаңа ұрпақ келе жатыр деп адамзат буынын латын қарпімен белгіледі.
Шындап келгенде, әлеуметтанушы мамандарының көбі ұрпақ буынын бұлай бөлуді қаламайды. Ғылыми негізі мен дәлелдеме дерегі жоқ дегенді алға тартады. Бірақ бұл ұғым ғылыми ортадан бөлек салада жиі қолданылып кетті. Әсіресе, маркетинг пен саясат, білім мен басқа әлеуметтік салада қолдануға жеңіл ұғымға айналды.
Аталған бейресми теорияға сенсек, дәуір табалдырығын аттағалы тұрған ұрпақ — Z-ұрпақ екен. Оны "зумер", "зед" деп атайды қысқаша. Бұған 1990 жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында туған жеткіншектер жатады. Қазір бұлардың алды жоғары оқу орнын бітіріп жатса, соңы мектепте жүр.
Зед-ұрпақты кейде "сандық ұрпақ", "цифр-адам" деп те атайды. Бұл ұрпақ көбіне балалық шағын компьютердің алдында, ойыншықтың орнына сандық гаджет ұстап өскен ұрпақ. Олар өзінің алдындағы ұрпақ сияқты материалдық құндылықты жоғары қоймайды. Креативті идея мен эмоцияға берілгіш келеді. Әрдайым мотивация қажет.
Бұл ұрпақтың өкілдері табиғатынан креативті, шығармашыл, идея тудырғыш, амбициясы жоғары келеді. Жаңа ортаға оңай бейімделеді. Жаңашылдықты тез қабылдайды. Орта, жер мен ел ауыстырудан қорықпайды. Барынша еркін жүргенді қалайды.
Бір қызығы, бұл ұрпақтың мінез-құлқы өзінен бұрынғы ұрпаққа тура қарама-қарсы. Егер Y-ұрпақ тұрақтылықты ұнатса, бұлар тұрақтылықты жақсы көре қоймайды.
Z-ұрпақ жұмыс таңдауға келгенде біршама кірпияз. Алдыңғы ұрпақ сияқты табыс тапсам болды, кез келген жұмысты істей беремін немесе карьера қуып, жетістікке жетемін дегеннен аулақ. Егер бұрынғы ұрпақ "бос жүрмеу керек, әйтеуір жұмыс істеу керек, табыс табу керек" десе, Z-ұрпақ үшін жұмыс істеу, жұмыс табу аса маңызды емес.
Егер бұрынғы ұрпаққа жұмыссыз жүру ұят болса, бұларға ондай ұғым жат. Бірінші кезекте жұмыс емес, "ол жұмыс маған не береді?" деген ой. Бос жұмысқа уақыт құртқысы келмейді, үйренері бар, мотивация берерлік жұмыстарды қош көреді.
Егер бұрынғы ұрпақ бәрін төменнен бастап, карьера баспалдағынан өтіп барып, еңбекақысын өсірсе, бұл ұрпақ ондай емес. Бірден жалақысы жоғары жұмысқа орналасқысы келеді.
Жас ұрпақты ең алдымен компанияның құндылығы, маңыздылығы толғандырады. Ірі компанияның жетістікке жетуіне көмектескісі, сол ірі ұйымның бір кірпіші боп қаланғанды құп көреді.
Қазір еңбек нарығына жастар, яғни, Z-ұрпақтың өкілдері келе бастады. Соған орай, еңбек нарығының да біртіндеп өзгергенін байқауға болады. Қазір еңбек нарығында келесідей тренд басымдық алды.
Біріншіден, жұмыс берушілер қызметкерді уақытша немесе белгілі бір уақытқа ғана қабылдайтынын түсінді. Бұрынғыдай бір қызметкер бір мекемеде өмір бойы жұмыс істейді деген түсінік жоқ. Жастар жұмыс ауыстыруға, жаңа орта табуға бейім келеді. Зумер-ұрпаққа бір жерде 10-15 жыл істеген тиімсіз. Байқасаңыз, жастар жағы үнемі жұмыс іздеумен жүреді.
Екіншіден, қашықтан жұмыс жасау белең алды. Гибридті жұмыс графигіне ауысып жатқандар көп. Зерттеушілердің айтуынша, алдағы уақытта жастардың 41 пайызы қашықтан жұмыс істеуге ниетті болмақ.
Жұмыс берушілерге де қашықтан жұмыс істеген тиімді. Кеңсеге шығын кетпейді.
Z-ұрпақтың өкілдері икемді. Бірнеше жылдан кейін еңбек нарығының 40 пайызы зумер-ұрпақ құраған сәтте, жұмыс уақыты икемді графикке көшпек.Үшіншіден, компаниялық мәдениет қалыптаса бастады. Яғни, компания басшылығы әлеуметтік бастамаларға қолдау білдіруші институтқа айналуды шындап қолға алды. Z-ұрпақ волонтерлікке бейім. Сондықтан түрлі экологиялық, әлеуметтік бастамаларға қатысқанды ұнатады. Соған орай, компаниялар да волонтерлікке ақырыңдап ойыса бастағаны байқалады.
Қалай десек те, ұрпақ алмасуы — қалыпты, заңды жайт. Бір ұрпақтың орнына бір ұрпақ келеді.
Бұл — табиғаттың, эволюцияның заңы. Келер ұрпақ өзінің таным-түсінігі мен мінез-құлқына сай әлеуметтік әдет қалыптастырмақ. Ол жақсы ма әлде жаман ба — уақыт көрсетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі