Өлең, жыр, ақындар

Шарын шатқалы

Шарын шатқалы… Алып аңғарлар. Қызғылт қамалдар. Мыстан сайлар. Жалмауыз кемпір өзегі… Осы бір айрықша орын туралы айтылатын аңыз көп. Ақиқатын ешкім аршып ала алмасы тағы белгілі. Өйткені Шарын каньоны мына жер бетіне пенде баласының табаны тимей тұрып, миллион жылдар бұрын пайда болған. Өйткені кер даланың төсінен адам баласы мың жылдап кертісе де, дәл осындай ғажапқа толы әлемді жасаулары мүмкін емес, оған тек бөлекше күш, миллиондаған жыл уақыт қажет. Шарынға барып, өз көзімен көрген жан оның кереметін анық түсінеді, ертегілер елінде, яки бір ерте заманда қираған алып қағанаттың орнында тұрғандай күй кешетіні рас. Неге дейсіз ғой…

Жеті иірімді суы бар әйгілі Жетісудың орта бөлігінде мыңжылдықтар жұмбағын ішіне бүгіп даңқы алысты шарлаған Шарын жатыр. Алматыдан 200 шақырымдық жерде, Нарынқол мен Кегеннің етегін басып, Шығысқа бет түзеген керуен жолдардан сәл қиыс шетте орналасқан бұл өзгеше өрнекті мекен туралы адам баласының білгеніне көп бола қойған жоқ. Жоқ, қателесіп тұрмыз, өзгелер бұл сұлу мекенді көрмегенімен, біздің бабаларымыз сан алапат ғасырлардан бері осы таулардың қойнауында өмір сүріп, тылсымы көп мекенге таңырқаумен келеді. Әуел десеңіз, сонау қола дәуірінен бұрын-ақ осындағы құздардың басына, тастардың, уақыт мүжіп бітірген, тотықтырған қызғылт керіш топырақтардың бетіне – ежелгі адамдар, бәлкім, прототүркілер, бағзы көшпенділер шығар, түрлі-түсті суреттер сызғанын көрер болсаңыз, ойыңыздың он саққа кетері сөзсіз. Баһадүр бабаларымыз не жазды екен? Не сызды екен? Қызықсаңыз, солай тартыңыз!

"Тұран" университетінің 3 курс студенті Елриза Бауыржанқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз