Өлең, жыр, ақындар

Халқыма, партияма ризамын

Жолдастар, жақын-жараң тілектестер!

Менің жетпіске келгеніме осынша қуанып, құрмет көрсеткендеріңіз үшін көптен-көп рахмет, көптен-көп алғыс айтамын. Бұл құрметтеріңіз әдебиет құрметі. ЖазуЖолдастар, жақын-жараң тілектестер! Шыға әдебиеттен ардақты ештеңе жоқ. Әдебиет еңбек атаулының ішінде ең қиындарының, ең ұзақ жасайтындарының, адам жанына керекті қоректердің бірі.

Миллиондаған қолдар, мыңдаған ақыл-ойлар жасап жатқан осынау еңбек дүниесін жазушы жалғыз отырып әдебиетте қайта жасап шығады. Сол миллиондар жасаған дүние өмір ағынымен әмен өзгереді. біз көргеннің талайын келешек қауым бұл қалпында көре алмайды, көруге, білуге ынтығады. Міне сонда әдебиет өз заманының сыр, сипатын келешек заманының адамдарына айтып беретін ақиқат шежіре, көрсетіп беретін түзу айна.

Бұл күндерде ғылым-өнер шарықтаған шақ. Бұрын мыңның істегенін қазір жүз істейді. Әдетте ғылым, техника жаңалықтары таңдандыра келеді, бойға сіңген соң таңданбайсың, жай ғана тіршілік құралдарының біріне айналады. Ал, әдебиет жаңалығы олай емес, бойға сіңген сайын таңдандыра, сүйсіндіре түседі. Мысалы: Абайды әкеміз оқыды, өзіміз оқыдық, баламыз оқыды, оның баласы оқымақ, оқыған сайын сүйсіне бермек. Абай тұсымен салыстырғанда біздің қазіргі әдебиетіміз ұшан-теңіз. Алатаудай биік тұр. Сонда да Абайдың орнын бірде-біріміз баса алған жоқпыз. Сайып келгенде айтайын дегенім, жақсы әдебиет ескірмейді, жылдап емес, ғасырлап өмір сүреді. Ол адам сыры, адам әрекеті, әрі ғылым, әрі өнер. Сондықтан да оны жасаушының даңқы ұрпақтан-ұрпаққа кете береді.

Совет жазушылары осындай әдебиет жасау жолында талай-талай табыс тұғырларына көтерілді. Солардың ішінде ең ақырында аты аталған жазушы да бақытты. Жазушы деген билеті бар, тіпті әлденеше кітабы бар жазушының өзі бұл бақытқа жете бермейді. Талант, талмай іздену ғана жеткізеді. Бұл екеуінің арымас керегі — биік мақсат. Бізде биік мақсат біреу ғана. Оның аты — коммунизм. Бүгін сіздер тойлап отырған менің шағын еңбегім қалпымен осы мақсатқа арналған. Арнағанымды мақтан ете алмаймын. Бір ағамыздың, он атқанда бір оғы нысанаға дарымайды, сонда да мылтық ұстауын қоймайды. Осыған ұқсас жазушылар арасынан да табылады. Мен жазуға отырған сайын тәңірім тек соларға ұқсата көрме деп санаймын.

Өмір қызықты. Жазушы еңбегі де қызықты. Жаза бергің келеді. Бірақ тілектен өзгенің бәрі өлшеулі. Мұны ескермеске болмайды.

Сіздер міне ойдан, қырдан жиналып, үлкен той құрдыңыздар, бір адамның еңбегін әр қайсыңыз өз еңбектеріңіздей көріп тойлап отырсыздар. Еңбек дәрежесі мұнша биікке көтерілгенін кәрі тарих білмейді, тек біздің заманымызда — совет заманында ғана көтерілді, еңбек мерекесі халықтық дәстүрге айналды. Жаңа дәстүр жасау бәрінен қиын, бәрінен қымбат. Сол қымбатты, қиынды жасауға бастаған данышпан Лениннің құдіретіне, оның партиясына әрдайым алғыс айталық. Ұлы партияның қатарында болуды мақтан етелік.

Жақсы сөз — жан азығы депті қазақ. Ақын аялауды ұнатады, — депті Маркс. Екеуін де данышпан десеңізші. Сіздер маған риза болсаңыздар мен сіздерге одан да әрі ризамын. Жазушы мен халық арасындағы осы ризалық өмір бойы жасай берсін!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз